Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
I CORINTHIANS
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 15
I Co Kaz 15:1  Ал енді, бауырластар, мен сендерге уағыздаған Ізгі хабарды тағы да естеріңе салғым келеді. Сендер оны қабылдап, сенімдерің нығайып келді.
I Co Kaz 15:2  Егер оны дәл мен уағыздағандай берік ұстансаңдар, осы Ізгі хабар арқылы құтқарыласыңдар; әйтпесе оған бекерге сенгендерің.
I Co Kaz 15:3  Менің қабылдап алып, сендерге жеткізген ең басты хабарым мынау болды: Киелі жазбаларда алдын ала айтылғандай, Мәсіх біздің күнәларымыздың құнын өтеу үшін жанын құрбан етті.
I Co Kaz 15:4  Осы жазбалардың тағы алдын ала айтып кеткеніндей, Мәсіх қабірге қойылып, үшінші күні қайта тірілді.
I Co Kaz 15:5  Ол Кефаға (яғни Петірге), содан кейін он екі елшінің бәріне көрінді.
I Co Kaz 15:6  Мұнан соң Оны бес жүзден аса бауырластарымыз да бір мезгілде өз көздерімен көрді: олардың көпшілігі әлі тірі, біразы ғана қайтыс болды.
I Co Kaz 15:7  Содан кейін Мәсіх Жақыпқа, сондай-ақ барлық елшілеріне көрінді.
I Co Kaz 15:8  Бәрінен кейін, дер кезінде жаңа өмірге дайын болмаған мен де Мәсіхті өз көзіммен көрдім.
I Co Kaz 15:9  Елшілердің ішіндегі ең лайықсызымын, елші деп аталуға да тұрмаймын, себебі мен Құдайдың қауымын қуғындадым.
I Co Kaz 15:10  Бірақ та Құдайдың рақымымен қазір қандай болсам, сондай болдым. Оның рақымы бойымда бекер болған да емес. Қайта, басқалардың барлығынан көп еңбек еттім, ал шын мәнісінде мен өзім емес, маған жар болған Құдайдың рақымы еңбектенді.
I Co Kaz 15:11  Мен бе, әлде өзгелер ме, бәрібір, біз жариялаған, сендер сенген Ізгі хабар — осы.
I Co Kaz 15:12  Осылай Мәсіхтің өліп, қайта тірілгені жарияланып жатқанда, қайсыбіреулерің қалайша «өлгендердің қайта тірілуі жоқ» дей аласыңдар?
I Co Kaz 15:13  Егер өлгендердің қайта тірілуі жоқ болса, онда Мәсіх те қайта тіріле алмас еді.
I Co Kaz 15:14  Ал егер Мәсіх қайта тірілмеген болса, онда біздің жариялауымыз да, сендердің сенімдерің де бекер болғаны.
I Co Kaz 15:15  Бұған қоса біздер Құдай туралы «Ол Мәсіхті тірілтіп алды» деп жалған куәлік келтіргендер ретінде әшкереленген болар едік! Себебі өлгендер шынымен тірілмейтін болса, Құдайдың Мәсіхті де қайта тірілтпегені:
I Co Kaz 15:16  ешқандай қайта тірілу болмағанда Мәсіх те қайта тірілмес еді ғой.
I Co Kaz 15:17  Ал егер Мәсіх тірілмеген болса, сенімдеріңнен еш пайда болмай, күнәларың әлі де мойындарыңда қала берер еді.
I Co Kaz 15:18  Сондай-ақ, Мәсіхке сеніп қайтыс болғандар тозаққа түсер еді.
I Co Kaz 15:19  Егер де Мәсіхке тек бұ дүниедегі өмір үшін ғана үміт артсақ, онда біз барлық адамдардың ішіндегі ең байғұс-бейшаралары болар едік.
I Co Kaz 15:20  Алайда өлгендердің алғашқысы ретінде Мәсіх өлімнен біржола қайта тірілді!
I Co Kaz 15:21  Бір адам арқылы өлім дүниеге келді, сол сияқты бір Адам арқылы өлгендер қайта тіріледі:
I Co Kaz 15:22  яғни Адам атамен байланыстағылардың бәрі өлуге тиіс болғанындай, Мәсіхпен байланыстағылардың бәрі де тіріледі.
I Co Kaz 15:23  Барлығы өз кезегімен: алғашқысы ретінде Мәсіх тірілді. Ал кейін, Ол қайтып келгенде, Оның қарамағындағы адамдар да тіріледі.
I Co Kaz 15:24  Мұнан соң бәрінің ақыры болады: Мәсіх қарсы тұратын күллі билік пен күш атаулыны жойып жіберіп, өз Патшалығын Құдай Әкесіне тапсырады.
I Co Kaz 15:25  Құдай «барлық жауларын Оның табанының астына салып бергенше», Мәсіх билік жүргізуге тиіс.
I Co Kaz 15:26  Жойылатын соңғы жау — өлім.
I Co Kaz 15:27  Себебі Тәңір Иеміз «бәрін де Оған бағындырып берді». Ал осы «бәрі» дегеніміз Құдай Әкені қамтымайды, бұл анық. Бәрін Мәсіхке бағындырып берген Оның Өзі ғой.
I Co Kaz 15:28  Сол кезде Құдайдың рухани Ұлы да әлемді Өзіне бағындырып берген Әкесіне мойынсұнады. Осылай Құдай бүкіл әлемге толықтай билік жүргізетін болады.
I Co Kaz 15:29  Әйтпесе, егер де өлімнен қайта тірілу болмаса, өлгендердің орнын басып шомылдыру рәсімінен өткендер не істемек? Егер өлгендер мүлдем тірілмесе, кісілер неге орындарын басып сол рәсімнен өтеді?
I Co Kaz 15:30  Біз де неге сағат сайын басымызды қауіп-қатерге тігеміз?
I Co Kaz 15:31  Мен күн сайын өліммен бетпе-бет келемін. Бұл — нағыз шындық, бауырластарым, Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыстағы өмірлеріңді мақтан тұтатын мен осыны айтамын.
I Co Kaz 15:32  Егер де Ефес қаласында жабайы аңдармен тек пенделік ниетпен ғана күрескен болсам, одан маған қандай пайда түсер еді? Егер шынымен өлімнен қайта тірілу жоқ болса, онда «ішіп-жеп тойып алайық, ертең бәрібір өліп қалармыз».
I Co Kaz 15:33  Мұндайды айтқандарға алданып қалмаңдар! (Былай делінген ғой:)«Араммен араласып жүрген жанАйырылар адал салтынан».
I Co Kaz 15:34  Дұрыстап ақылға келіңдер: күнә жасауды доғарыңдар! Кейбіреулерің Құдайды әлі де танымайсыңдар. Мұны сендер ұялсын деп айтып отырмын.
I Co Kaz 15:35  Әлдебіреуің: «Өлгендер қалайша қайта тіріледі, тірілген денелері қандай болмақ?» — дерсіңдер.
I Co Kaz 15:36  Не деген түйсіксіздік! Жерге еккен дәнің көктеп, жаңа өмір шығарғанда өзі жойылады.
I Co Kaz 15:37  Сенің еккенің — кейін өсіп шығатын тұтас өсімдік емес, жай ғана тұқым, мысалы, бидайдың не басқа дақылдың дәні.
I Co Kaz 15:38  Ал Құдай өз қалауынша әрбір тұқымды түріне қарай өзіндік денемен қамтамасыз етеді.
I Co Kaz 15:39  Денелердің бәрі бірдей емес: адамның, малдың, құстың, балықтың денелері бір-бірінен өзгеше.
I Co Kaz 15:40  Жердегіден басқа аспандағылардың да денелері бар, бұлардың сұлулығы мен салтанаты жердегілердікінен өзгеше.
I Co Kaz 15:41  Күннің, айдың, жұлдыздардың өзіндік сұлулығы мен салтанаты бар, тіпті жұлдыздар сәуле мен салтанат жағынан бір-бірінен өзгеше.
I Co Kaz 15:42  Өлгендердің қайта тірілуі де осындай болады: топыраққа көмілген дене шіріп кетеді, ал қайта тірілгені мәңгі шірімейді.
I Co Kaz 15:43  Жерленіп, дене қор болады, ал кейін салтанатпен тіріледі. Әлсіз тән жерленеді, күшті болып қайта тіріледі.
I Co Kaz 15:44  Жерленгені — табиғи, тәндік дене болса, тірілгені — табиғаттан тыс, «рухани» дене. Тәндік дененің бар екендігі сияқты, «рухани» дене де болуға тиіс.
I Co Kaz 15:45  Тауратта осылай деп жазылған: Алғашқы адам — Адам ата «осылай тірі жан болып шыға келді», ал «Соңғы Адам» (Мәсіх) — мәңгілік өмір беретін Рух.
I Co Kaz 15:46  Алдымен рухани емес, тәндік дене болды, «рухани» дене кейінірек пайда болады.
I Co Kaz 15:47  Топырақтан жаратылған алғашқы адам бұ дүниеден, ал «Екінші Адам» (Мәсіх) көктен келді.
I Co Kaz 15:48  Бұ дүниелік адамдар топырақтан жаратылған Адам атаға ұқсас, ал көктен жаңа өмір алғандар көктен келген Мәсіхке ұқсас.
I Co Kaz 15:49  Демек, қазір біз топырақтан жаратылғанның кейпінде болғанымыздай, сол кезде көктен келген Мәсіхтің кейпіне ие боламыз.
I Co Kaz 15:50  Менің айтпағым мынау, бауырластар: ет пен қаннан тұратын тәндік дене Құдайдың мәңгілік Патшалығына кіре алмайды: шіріп кететін тәндеріміз мәңгі өмір сүре алмайды.
I Co Kaz 15:51  Сендерге мына құпияны айтайын: бәріміз бірдей өлмейміз, бірақ бәріміз түгелдей өзгереміз.
I Co Kaz 15:52  Бұл кенеттен, қас қағым сәтте, соңғы керней тартылған шақта іске асады. Сонда кернейдің үні естіліп, өлгендеріміз қайта тіріліп, біз де түгелдей өзгереміз.
I Co Kaz 15:53  Өйткені қазіргі құрып шіритін тәндеріміз ешқашан жойылмайтын денелермен алмасуға тиіс.
I Co Kaz 15:54  Бұл жүзеге асып, құритын нәрселер мәңгілік нәрселермен алмасқан шақта Пайғамбарлар жазбаларындағы мынадай уәделер орындалады: Өлім жеңіліп, біржола жоқ болады.
I Co Kaz 15:55  Өлім, қайда сенің жеңісің? О дүние, қайда улы тісің?
I Co Kaz 15:56  Өлім тудыратын «улы тіс» — күнә, ал күнә өз күшін заңнан алады.
I Co Kaz 15:57  Құдайға шүкірлік етейік! Ол бізге Иеміз Иса Мәсіх арқылы жеңісті сыйлайды.
I Co Kaz 15:58  Сонымен, сүйікті бауырластарым, табанды болып, сенімдеріңнен айнымай, Иеміздің ісін әрдайым молынан істей беріңдер! Өйткені Иемізбен жүріп атқарған еңбектеріңнің бекер еместігін біліп алдыңдар.