Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ACTS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 20
Acts Kaz 20:1  Бүлік басылғаннан кейін Пауыл Иеміздің шәкірттерін шақырып алды. Оларды жігерлендіре сөйлеп, қоштасып, Македонияға бет алды.
Acts Kaz 20:2  Пауыл өзінің жүрген жолындағы аймақтардан өтіп шығып, сонда тұратын сенушілерге зор жігер берген уағыздар айтып берді. Содан ол оңтүстік Грекияға барып,
Acts Kaz 20:3  сонда үш ай болды. Пауыл кемемен Сирияға кетер алдында өзіне яһудилер қастандық жасамақ деген хабар алды. Сондықтан ол (құрлықпен) Македония арқылы қайтуға шешім қабылдады.
Acts Kaz 20:4  Оған Азия аймағына дейін береялық Пирдің ұлы Сопатер, сондай-ақ салониқалық Арыстарқ пен Секунд, дербелік Гай мен Тімоте және азиялық Түхік пен Трофим еріп жүрді.
Acts Kaz 20:5  Бұлар алға озып кетіп, бізді Троададан тосып алды.
Acts Kaz 20:6  Ашымаған нан мейрамынан кейін Філіпіден кемемен шығып, бес күнде Троададағы соларға жеттік. Осы қалада жеті күн аялдадық.
Acts Kaz 20:7  Жексенбі күні біз жергілікті сенушілермен бірге нан үзу рәсімін орындауға жиналдық. Пауыл олармен сөйлесіп, уағыз айта бастады. Келесі күні жол жүретіндіктен, оның уағызы түн жарымына дейін созылды.
Acts Kaz 20:8  Біз отырған жоғарғы бөлмеде көп шам жанып тұрды.
Acts Kaz 20:9  Ашық терезенің алдында Еутіх есімді жас жігіт отырған еді. Пауылдың сөзі ұзаққа созылып кеткен соң, Еутіх қатты ұйықтап кетіп, үшінші қабаттан құлап түсті. Оны жерден көтеріп алғанда, денесінде жан жоқ екен.
Acts Kaz 20:10  Пауыл төмен түсіп, жігіттің үстіне жата қалып, құшақтап: «Уайымдамаңдар, ол тірі!» — деді.
Acts Kaz 20:11  Бұдан кейін Пауыл қайта көтеріліп, қауыммен бірге нан үзу рәсімін орындап, тамақ ішті. Таң атқанша солармен әңгімелесіп отырды да, қоштасып, сапарға шығып кетті.
Acts Kaz 20:12  Ал жас жігітті бұған дейін үйіне аман-есен алып кеткен еді. Бұл сенушілерге үлкен дем берді.
Acts Kaz 20:13  Ал біз болсақ, алға кетіп, кемемен Асқа жеттік. Осы қаладан Пауылды мінгізіп алуымыз керек еді. Өзі Асқа дейін жаяу жүргісі келгендіктен, осылай болсын деген болатын.
Acts Kaz 20:14  Аста оны кездестіріп, кемеге мінгізіп, Мітілин қаласына аттандық.
Acts Kaz 20:15  Келесі күні одан шығып, Хиос аралының маңына бардық. Бір күн өткен соң Самос аралына, тағы бір күннен кейін Мілит қаласына жеттік.
Acts Kaz 20:16  Азия аймағына барып келуге уақытты өткізіп алмау үшін, Пауыл Ефес қаласына соқпайын деп шешкен еді. Себебі ол мүмкіндігінше Алғашқы өнім мейрамын Иерусалимде қарсы алуға асықты.
Acts Kaz 20:17  Сондықтан ол Мілиттен Ефеске кісі жіберіп, сол қаладағы қауымның жетекшілерін Мілитке шақыртты.
Acts Kaz 20:18  Бұлар қасына келген соң, Пауыл оларға былай деп сөз сөйледі:— Мен Азияға алғаш келген күннен бастап, араларыңда қалай тұрғанымды өздерің білесіңдер.
Acts Kaz 20:19  Еш мансап қумай, кішіпейілдікпен, көз жасымды төгіп, яһудилердің қастандықтарының кесірінен болған ауыр азапқа қарамастан, Иемізге қызмет етіп келдім.
Acts Kaz 20:20  Ел алдында және жеке үйлерде уағыз айтып, тәлім беріп жүргенде сендерге пайда болатын еш нәрсені қалдырмай, бәрін түгел айттым.
Acts Kaz 20:21  Яһудилер мен гректерге: «Күнәларыңа өкініп, Құдайға бет бұрып, Иеміз Иса Мәсіхке сеніңдер!» деп ескерттім.
Acts Kaz 20:22  Қазір Киелі Рухтың жетелеуімен Иерусалимге бара жатырмын, онда неге душар болатынымды білмеймін.
Acts Kaz 20:23  Тек әрбір қалада Киелі Рух мені түрме мен азаптардың күтіп тұрғанын білдіреді.
Acts Kaz 20:24  Бірақ мен өз жанымды ойламай, тиісті өмір жолыммен жүре отырып, Иеміз Исаның маған тапсырған ісін аяқтасам, Құдайдың рақымы туралы Ізгі хабарды уағыздап жеткізсем болғаны.
Acts Kaz 20:25  Менің білетінім мынау: өзім араласып жүріп, Құдайдың Патшалығы туралы уағыз айтқан сендердің бәрің мені енді көрмейсіңдер.
Acts Kaz 20:26  Сондықтан бүгін сендерге салтанатты түрде ешкімнің қанын мойныма жүктемеймін деп мәлімдеймін.
Acts Kaz 20:27  Себебі мен уағыз айтқанда ештеңені жасырмай, Құдайдың еркін түгел жарияладым.
Acts Kaz 20:28  Енді өздеріңе де, Киелі Рух басқарушы етіп қойған барлық қауымға да қараңдар! Шопан қойын қалай бақса, сендер де Құдай Иеміздің өз қанын төгіп, иемденген қауымына солай қамқор болыңдар!
Acts Kaz 20:29  Мен кеткен соң, жауыз қасқырлар келіп, қойларды аямайтынын білемін.
Acts Kaz 20:30  Тіпті өз араларыңнан да жалған ілімдерді уағыздап, Иеміздің шәкірттерін теріс жолға азғырушылар шықпақ.
Acts Kaz 20:31  Сондықтан сақ болыңдар! Күн-түн демей, үш жыл бойы үзбестен әрқайсыңа нұсқау беріп, көз жасымды төккенім естеріңде болсын.
Acts Kaz 20:32  Ал енді сендерді Құдайға және Оның рақымын білдіретін сөзіне аманаттаймын. Өздеріңді нығайтып, Өзіне бағышталған барлық адамдарымен бірге сендерге де уәде еткен жарылқауларын қиямет күні беруге Оның құдіреті жетеді.
Acts Kaz 20:33  Мен ешкімнен алтын-күміс, киім-кешек дәметкен емеспін.
Acts Kaz 20:34  Өзімді және көмекшілерімді осы екі қолыммен жұмыс істеп, асырағанымды білесіңдер.
Acts Kaz 20:35  Сендерге ауыр еңбек ете жүріп, «Алғаннан гөрі берген бақытты» деген Иеміз Исаның сөзін есте ұстап, мүсәпірлерге жәрдемдесу керек екенін ұдайы үлгі етіп көрсеттім.
Acts Kaz 20:36  Пауыл осылай дегеннен кейін жиналғандардың бәрімен бірге тізе бүгіп, мінажат етті.
Acts Kaz 20:37  Барлығы да қатты жылап, оны құшақтап бетінен сүйді.
Acts Kaz 20:38  Оларға айрықша ауыр тигені оның «мені енді көрмейсіңдер» дегені болды. Содан кейін олар Пауылды кемеге шығарып салды.