Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
DEUTERONOMY
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 2
Deut Kaz 2:1  Бұдан кейін біз Жаратқан Иенің маған берген нұсқауы бойынша Қамысты теңіздің бағытында иен далаға қарай бет алдық, әрі Сейір атты таулы аймақты айналдыра ұзақ уақыт бойы көшіп-қонып жүре бердік.
Deut Kaz 2:2  Содан соң Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді:
Deut Kaz 2:3  «Осы таулы жерді айналдыра шарлағандарың жетер. Енді солтүстікке қарай бет алыңдар!
Deut Kaz 2:4  Халыққа мына бұйрығымды жеткіз: Сендер өз ағайындарың — Есаудың үрім-бұтағы мекендеген Сейір аймағынан өткелі тұрсыңдар. Олар сендерден қорқатын болады, ал өздерің де өте сақ болып,
Deut Kaz 2:5  еш тиіспеңдер. Сендерге олардың елінен тіпті бір табан жер де бермеймін. Себебі Мен осы таулы Сейір аймағын Есаудың меншігіне беріп қойғанмын.
Deut Kaz 2:6  Жейтін тамақ пен ішетін суды олардан күміс төлеп сатып алыңдар!»
Deut Kaz 2:7  Өйткені Құдайларың Жаратқан Ие қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді жарылқап келеді. Осы қырық жыл бойы мына кең-байтақ далада жүргенде Құдай Ие сендерді қорғап жүрді. Оның Өзі бірге жүріп сендерге жар болғандықтан, еш нәрседен таршылық көрген жоқсыңдар.
Deut Kaz 2:8  Сонда біз таулы Сейір аймағында тұрып жатқан ағайындарымыз — Есаудың ұрпақтарының жанынан өтіп, Араба деген елсіз алқаптағы жолдан бұрылып, Елат пен Есион-Гәбер қалаларына жақындамай, Моаб еліндегі құла түзге қарай бағыт алдық.
Deut Kaz 2:9  Жаратқан Ие маған былай деп нұсқау берді: «Моабтықтарға тиісіп, олармен соғыс бастаушы болмаңдар! Мен олардың жерінен сендерге ешқандай үлес бермеймін. Мен Ар қаласын Луттың ұрпақтарының меншігіне беріп қойғанмын».
Deut Kaz 2:10  Моаб халқынан бұрын сонда емдіктер тұрған еді. Емдіктер Анақтың ұрпақтарындай зор денелі, саны көп, ұлы халық болатын.
Deut Kaz 2:11  Анақтықтар сияқты олар да рафалықтарға жататын, ал моабтықтар оларды емдіктер деп атайтын.
Deut Kaz 2:12  Сейір аймағында ежелде хорлықтар да тұратын еді. Алайда Есаудың ұрпақтары оларды елден қуып шығып, орындарына өздері қоныстанып алған болатын. Кейінірек исраилдіктер де Жаратқан Ие өздерінің меншігіне табыстаған елге солай қоныстанатын болды.
Deut Kaz 2:13  Жаратқан Ие: «Ал енді, жиналып, Зәред аңғарынан өтіңдер!» — деп бұйырды. Сонда біз Зәред аңғарынан өттік.
Deut Kaz 2:14  Қадеш-Барниден шығып, Зәред аңғарынан өткенге дейінгі аралықта отыз сегіз жыл өткен болатын. Жаратқан Иенің оларға антпен алдын ала білдіргеніндей, Исраил қонысындағы соғысқа жарамды ер адамдардың барлығы сол отыз сегіз жыл ішінде қайтыс болып бітті.
Deut Kaz 2:15  Олар халқымыздың арасынан түгелдей құрып біткенге дейін Жаратқан Иенің қолы оларға қарсы көтеріліп тұрды.
Deut Kaz 2:16  Сол жауынгерлердің барлығы қайтыс болғаннан кейін
Deut Kaz 2:17  Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді:
Deut Kaz 2:18  «Бүгін Ар қаласының маңында Моабтың шекарасынан өтіп,
Deut Kaz 2:19  Аммон еліне жақындап барыңдар. Оларға тиісіп, соғыс бастаушы болмаңдар! Мен сендерге аммондықтардың жерінен ешқандай үлес бермеймін, оны Луттың ұрпақтарының меншігіне беріп қойғанмын».
Deut Kaz 2:20  Осы өлке рафалықтардың жері деп те саналатын, себебі оны ежелде рафалықтар мекендеген еді. Аммондықтардың өздері рафалықтарды замзумдықтар деп атайтын.
Deut Kaz 2:21  Сол рафалықтар да Анақтың ұрпақтарындай зор денелі, саны көп, ұлы халық болатын. Бірақ Жаратқан Ие оларды аммондықтардың алдынан құртқан еді. Бұлар рафалықтарды елдерінен қуып шығып, сонда қоныс тепті.
Deut Kaz 2:22  Жаратқан Ие Сейір аймағындағы хорлықтарды да құртқан болатын. Едомдықтар хорлықтарды елдерінен қуып шығып, сонда қоныстанып алып, қазірге дейін тұрып жатыр.
Deut Kaz 2:23  Ал бұрын Газа қаласына дейінгі елді мекендерде тұрған ауилықтарға келсек, Крит аралынан көшіп келген криттіктер оларды қырып-жойып, жерлеріне өздері қоныстанып алды.
Deut Kaz 2:24  Жаратқан Ие Мұсаға арнаған сөзін жалғастырып тағы былай деді: «Ал енді, жолға шығып Арнон аңғарынан өтіңдер! Біліп алыңдар, Мен Хешебон патшасы — аморлық Сихонды және оның елін қолдарыңа беріп отырмын. Онымен соғысып, жерін иемденуге ұмтылыңдар!
Deut Kaz 2:25  Бүгіннен бастап Мен аспан астындағы күллі халықтарды сендерден үрейленіп қорқатын қыламын. Олар өздерің туралы естігенде қалтырап абыржитын болады».
Deut Kaz 2:26  Мұнан кейін мен Кедемот атты иен даладан елшілерім арқылы Хешебон патшасы Сихонға мына сәлемімді жіберіп, бейбітшілік туралы ұсыныс жасадым:
Deut Kaz 2:27  «Жеріңізден өтуімізге рұқсат етсеңіз екен. Сонда оңға да, солға да бұрылмай, тек басты жолмен еліңізден өтіп шығамыз.
Deut Kaz 2:28  Жейтін тамағымыз бен ішетін суымызды сіздерден күміске сатып аламыз. Тек жеріңіз арқылы жаяу жүріп өте шығуға рұқсат етсеңіз екен.
Deut Kaz 2:29  Есаудың Сейір елінде тұратын ұрпақтары мен Арда тұратын моабтықтар да бізге рұқсат берген болатын. Осылай біз Иордан өзенінен өтіп, Құдайымыз Жаратқан Иенің бізге бергелі отырған еліне енетін боламыз».
Deut Kaz 2:30  Бірақ Хешебон патшасы Сихон бізге өз жері арқылы жүріп өтуге рұқсат бермеді. Себебі Құдай Иеміз оның ой-санасы мен жүрегін қасарыстырып қойды. Ондағы мақсаты Сихонды сендердің қолдарыңа түсіру еді. Бұл солай болды да.
Deut Kaz 2:31  Сонда Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді: «Міне, Мен Сихонды және оның елін сенің қолыңа тапсыра бастадым. Енді елін басып алып, иемденуге ұмтыл!»
Deut Kaz 2:32  Сихон өзінің бүкіл жасағымен бізге қарсы шайқасуға Яхасқа аттанды.
Deut Kaz 2:33  Бірақ Құдай Иеміз оны қолымызға табыстап, біз оны ұлдарымен және күллі жасақшыларымен бірге ойсырата жеңдік.
Deut Kaz 2:34  Сол кезде оның барлық қалаларын қолға түсіріп, олардың күллі тұрғындарын Жаратқан Иеге бағыштап жойып, бірде-бір еркек, әйел, бала-шағасын тірі қалдырмадық.
Deut Kaz 2:35  Тек малдары мен қолға түскен қалаларындағы дүние-мүлкін ғана олжалап алдық.
Deut Kaz 2:36  Арнон аңғарының үстіндегі қырда орналасқан Арогерден және аңғардың өзіндегі қаладан бастап (солтүстіктегі) Ғилақадқа дейінгі аралықта біз басып ала алмаған бірде-бір бекіністі қала қалмады. Солардың барлығын Құдайымыз Жаратқан Ие біздің қолымызға тапсырды.
Deut Kaz 2:37  Тек Құдай Иеміздің бұйрығына сай, аммондықтардың ешбір жеріне: Ябок өзенінің бүкіл бойына және таулы жердегі қалаларға басып кірген жоқпыз.