Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
MARK
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 3
Mark Kaz 3:1  Иса тағы бір сенбі күні мәжілісханаға барғанда, сол жерде қолы семіп қалған бір адам да болды.
Mark Kaz 3:2  Діншілдер Исаны айыптайтын сылтау іздеп, Ол әлгі кісіні демалыс күні болса да сауықтырар ма екен деп аңдыды.
Mark Kaz 3:3  Ал Иса қолы семген адамды: «Ортаға шықшы», — деп шақырды.
Mark Kaz 3:4  Сол діншілдерге Ол: «Демалыс күні қайсысын істеуге болады: жақсылықты ма әлде жамандықты ма; құтқаруды ма әлде құртуды ма?» — деген сұрақ қойды. Бірақ олар үндемеді.
Mark Kaz 3:5  Сонда Иса айналасындағыларға ашулана қарап, жүректерінің қасарысқандығына қайғырды. Әлгі кісіге: «Қолыңды созшы!» — деді. Сол адам семіп қалған қолын созғанда, ол бұрынғы сап-сау қалпына келді.
Mark Kaz 3:6  Ал парызшылдар болса сыртқа шығып, тездетіп Ирод әулетінің жақтастарымен бірге кеңес құрып, Исаның көзін құрту туралы ақылдасты.
Mark Kaz 3:7  Иса шәкірттерімен бірге көл жағасына кетіп қалды. Оның соңынан Ғалилея, Яһудея,
Mark Kaz 3:8  Иерусалим және Идумеядан, Иордан өзенінің арғы бетінен әрі Тир мен Сидон қалаларының маңайларынан көп халық ілесті. Исаның істегендері жайында естіген осы адамдар Оған ағылып келіп жатты.
Mark Kaz 3:9  Қаптап келген халықтың Өзін қысып, сығыстырмауы үшін, Иса шәкірттеріне бір қайықты дайындатып қойды.
Mark Kaz 3:10  Себебі Ол көп кісілерді сауықтырып жібергендіктен, әр түрлі дертке ұшырап қиналғандар Оған қолдарын тигізуге тырысып, жақындай түсті.
Mark Kaz 3:11  Жын соққандар Оны көргенде, аяғына жығылып: «Сен Құдайдың рухани Ұлысың!» — деп айқайлады.
Mark Kaz 3:12  Алайда Иса оларға Өзінің кім екенін жариялауға қатаң тыйым салды.
Mark Kaz 3:13  Бұдан кейін Иса бір тауға көтеріліп, қалаған адамдарын Өзінің қасына шақырды. Олар таяп келгеннен кейін,
Mark Kaz 3:14  араларынан он екісін Өзімен бірге болуға тағайындап, «елшілер» деп атады. Оларды уағыз айтуға жіберді,
Mark Kaz 3:15  әрі оларға (ауруларды сауықтырып) жындарды қуып шығару билігін де тапсырды.
Mark Kaz 3:16  Исаның тағайындаған он екі елшісі мыналар еді: Өзі Петір деген қосымша ат қойған Шимон;
Mark Kaz 3:17  Зебедей ұлдары Жақып пен Жохан, бұл екеуіне Иса «Боанергес», яғни «Жауар күндей күркіреген жігіттер» деген қосымша ат берді;
Mark Kaz 3:18  сондай-ақ Әндір, Філіп, Барталмай, Матай, Тома, Әлпей ұлы Жақып, Тадей, Діншіл Шимон
Mark Kaz 3:19  және кейін Исаға опасыздық жасаған Яһуда Исқариот.
Mark Kaz 3:20  Мұнан соң Иса елшілерін ертіп бір үйге барды. Халық қайтадан олардың қастарына көптеп жиналғандықтан, тіпті тамақ ішуге де мұршалары болмады.
Mark Kaz 3:21  Исаның туыстары бұны естіп: «Ақылынан адасқан шығар», — деп ойлап, Оны ұстап алуға шықты.
Mark Kaz 3:22  Иерусалимнен келген кейбір дін мұғалімдері де Исаға:— Оның бойында жындардың әміршісі белзебүл бар! Жындарды соның күшімен қуып шығарады, — деп жала жапты.
Mark Kaz 3:23  Ал Иса сол дін мұғалімдерін қасына шақырып алып, оларға астарлап былай деді:— Шайтан шайтанды қалайша қуып шығара алады?
Mark Kaz 3:24  Егер бір патшалық жікке бөлініп, өзара соғысып жатса, ол берік тұра алмай, жойылып кетеді.
Mark Kaz 3:25  Өзара ұрысып-керісіп жатқан әр үйдің шаңырағы ортасына түсіп күйрейді.
Mark Kaz 3:26  Сол сияқты, егер шайтан өзіне қарсы көтеріліп, соғысса, оның да берік тұра алмай, жойылатын кезінің келгені.
Mark Kaz 3:27  Қайта, ешкім күштінің үйіне кіріп, алдымен соның өзін байлап тастамай, дүние-мүлкін тонай алмайды. Тек күштіні жеңіп, байлап-матап тастағаннан кейін ғана оның үйін тонай алады.
Mark Kaz 3:28  Сендерге маңызды шындықты айтайын: адам баласының жасаған барлық күнәлары мен Құдайды қорлауларының қайсысына да кешірім беруге болады.
Mark Kaz 3:29  Бірақ Құдайдың Киелі Рухын қорлайтынға ешқашан кешірім болмайды, сол күнәсі оның мойнында мәңгі қалады.
Mark Kaz 3:30  Иса мұны әлгілердің «Оның бойында жын бар» дегендері үшін айтты.
Mark Kaz 3:31  Исаның шешесі мен туған бауырлары келіп, сыртта тұрып, Оған кісі жіберіп шақыртты.
Mark Kaz 3:32  Сол кезде Исаны айналдыра көп халық отырған еді. Біреу Оған:— Сыртта шешеңіз, бауырларыңыз және қарындастарыңыз келіп, Сізді шақырып тұр, — деді.
Mark Kaz 3:33  Алайда Иса:— Менің шешем мен бауырларымның кім екенін айтайын ба? — деп,
Mark Kaz 3:34  айналасында отырғандарға қарап тұрып:— Міне, Менің «шешем» мен «бауырларым»!
Mark Kaz 3:35  Себебі Құдайдың еркін орындайтындар Маған бауыр, қарындас, шеше іспетті жақын! — деп жауап берді.