Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
MARK
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 5
Mark Kaz 5:1  Бұдан кейін Иса мен шәкірттері көлдің арғы бетіндегі Ғадара өңіріне жетті.
Mark Kaz 5:2  Иса қайықтан түсісімен-ақ, Оған зират арасынан шыға келген, жын соққан бір кісі кездесе кетті.
Mark Kaz 5:3  Сол адам қабірге арналған үңгірлерде тұратын. Ешкім оны тіпті шынжырлармен де бұғаулап қоя алмайтын.
Mark Kaz 5:4  Талай рет оның аяқ-қолын шынжырлармен және кісендермен бұғаулап тастаған еді, бірақ ол шынжырларды сындырып, кісендерді үзіп, қашып кететін. Оны бағындыруға ешкімнің де күші жетпеді.
Mark Kaz 5:5  Сол кісі күні-түні қабірлердің арасында және тау-төбелерде айқай салып, өзін-өзі таспен ұрғылайтын.
Mark Kaz 5:6  Әлгі адам Исаны алыстан көргенде, жүгіріп келіп, аяғына бас ұрып тағзым етті.
Mark Kaz 5:7  Содан соң ол қатты дауыспен:— Құдай Тағаланың рухани Ұлы Иса, менде нең бар? Құдай үшін жалынамын: мені азаптай көрме! — деп айқай салды.
Mark Kaz 5:8  Себебі Иса:— Жын, шық бұл кісіден! — деп бұйырған еді.
Mark Kaz 5:9  Бұдан кейін Иса:— Атың кім? — деп сұрағанда, ол:— Атым — «Үлкен топ», себебі біз көппіз, — деп жауап берді.
Mark Kaz 5:10  Адам Исадан оларды сол төңіректен қуып шығармауын қадала өтінді.
Mark Kaz 5:11  Сол маңдағы төбе беткейінде үлкен бір топ шошқа жайылып жүрген болатын.
Mark Kaz 5:12  Жындар: «Бізді шошқаларға жібере гөр, соларға енейік», — деп сұрады.
Mark Kaz 5:13  Иса жол берген соң, жындар сол кісіден шығып, әлгі екі мыңдай хайуанға енді. Сонда олар тік жардан көлге қарғып, суға батып, қырылып қалды.
Mark Kaz 5:14  Бақташылары қашып кетіп, болған оқиғаны қала мен ауылдарда айтып берді. Халық соны көруге жолға шығып,
Mark Kaz 5:15  Исаға келді. Олар бұрын үлкен жындар тобы буған кісінің ақыл-есі кіріп, киініп, сол жерде отырғанын көргенде қорқып кетті.
Mark Kaz 5:16  Болған оқиғаны өз көздерімен көргендер оларға жын қинаған адаммен не болғанын әңгімелеп, шошқалар туралы да айтып берді.
Mark Kaz 5:17  Сонда халық Исадан: «Біздің жерімізден кетіңіз», — деп өтінді.
Mark Kaz 5:18  Иса қайыққа мінгенде, жындарынан арылған кісі Одан: «Сізбен бірге болайыншы», — деп сұрады.
Mark Kaz 5:19  Бірақ Иса оған рұқсат бермей:— Үйіңе қайтып, туысқандарың мен дос-жарандарыңа Жаратқан Иенің өзіңе не істегенін, қалай рақым еткенін айтып бер! — деп тапсырды.
Mark Kaz 5:20  Әлгі адам барып, Исаның өзіне не істегенін Онқала аймағында жариялай бастады. Естігендердің бәрі таңданып, қайран қалысты.
Mark Kaz 5:21  Иса қайыққа мініп, көлдің батыс жағына қайта оралды. Содан көлдің жағасында көп халық Оның қасына жиналды.
Mark Kaz 5:22  Жайыр есімді бір мәжілісхана жетекшісі де сонда келді. Жайыр Исаны көргенде, Оның аяғына жығылып:
Mark Kaz 5:23  «Жас қызым өлім аузында жатыр. Сауығып, тірі қалуы үшін барып, оған қолыңызды тигізе көріңізші!» — деп жалына өтінді.
Mark Kaz 5:24  Иса онымен бірге жүрді. Көптеп ілескен халық Оны жан-жақтан қыспақтады.
Mark Kaz 5:25  Халықтың арасында он екі жыл бойы қан кетіп ауырып келген бір әйел де бар еді.
Mark Kaz 5:26  Сол әйел көп дәрігерлерге емделіп талай азап шегіп, бар мал-мүлкін жұмсаған еді. Алайда одан еш шипа болмай, керісінше, халі бұрынғысынан бетер нашарлай түскен болатын.
Mark Kaz 5:27  Иса туралы хабарды естіген әйел халықтың ішінде Исаның арт жағынан жақындап келіп, Оның шапанына қолын тигізді.
Mark Kaz 5:28  Себебі ол өзіне-өзі: «Тек Оның шапанына қолымды тигізсем болғаны, сонда сауығып кетер едім», — деген болатын.
Mark Kaz 5:29  Сол сәтте-ақ қаны тоқтап, әйел өзін қинап келген дертінен сауыққанын сезінді.
Mark Kaz 5:30  Ал Иса дереу Өзінен біраз сауықтыру құдіретінің шыққанын сезіп, жұртқа бұрылып:— Шапаныма қолын тигізген кім? — деп сұрады.
Mark Kaz 5:31  Шәкірттері Оған:— Соншама халықтың Өзіңізді қаумалап, қыспақтап тұрғанын көре тұра, «Маған қолын тигізген кім» деп қалай сұрайсыз? — деді.
Mark Kaz 5:32  Бірақ Иса мұны істеген адамды көру үшін айналасына көз жүгіртті.
Mark Kaz 5:33  Өзіне не болғанын білген әйел қорыққаннан дірілдеп, Исаның алдына келді. Оның аяғына жығылып, шындығын түгелдей айтып берді.
Mark Kaz 5:34  Иса оған:— Қарындас, сенімің арқылы құтқарылдың. Аман-есен қайта бер, қиналған дертіңнен айықтың! — деді.
Mark Kaz 5:35  Иса осыны айтып тұрғанда, мәжілісхана жетекшісінің үйінен кісілер келіп: «Қызыңыздан айырылып қалдық. Енді Ұстазды әурелемей-ақ қойыңыз», — деп хабарлады.
Mark Kaz 5:36  Алайда Иса сол айтқандарын естіп, жетекшіге: «Қорықпа, тек сенімің болсын!» — деді.
Mark Kaz 5:37  Содан Ол Петір, Жақып және оның інісі Жоханнан өзге ешкімді ертпей,
Mark Kaz 5:38  мәжілісхана жетекшісінің үйіне барды. Сол жерден абыржығандар мен зар жылап жоқтау айтқандарды көрді.
Mark Kaz 5:39  Иса үйге кіріп, оларға: «Неге осылайша абыржып, жылайсыңдар? Қыз өлген жоқ, ұйықтап жатыр», — деді.
Mark Kaz 5:40  Олар Оның айтқанына күлді. Бірақ Иса барлығын сыртқа шығарып жіберіп, тек қыздың әке-шешесін және Өзінің қасында жүргендерді ғана ертіп, қыз жатқан бөлмеге кірді.
Mark Kaz 5:41  Қыздың қолынан ұстап тұрып, оған: «Талифа куми!» — деді. Бұның мағынасы: Қызым, саған айтамын, тұра ғой!
Mark Kaz 5:42  Он екі жасар қыз бала сол сәтте-ақ орнынан тұрып, жүре бастады! Мұны көргендер үрейлері ұшып, қайран қалысты.
Mark Kaz 5:43  Ал Иса оларға бұл туралы ешкімге тіс жармауды қатты ескертті де, «Оған тамақ беріңдер!» — деп бұйырды.