Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
MARK
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 12
Mark Kaz 12:1  Сонда Иса оларға астарлы әңгімелер айта бастап былай деді:— Бір кісі жүзім бағын отырғызады. Оны дуалмен қоршап қояды, әрі жүзім шырынын сығып алуға арналған шұңқыр қазып, күзет мұнарасын да салады. Кейін бағын жүзімшілерге жалға тапсырып, өзі басқа жаққа сапарға аттанады.
Mark Kaz 12:2  Мерзімі жеткенде бақтың иесі оның өнімінен өзіне тиісті үлесін алу үшін жүзімшілерге бір қызметшісін жұмсайды.
Mark Kaz 12:3  Бірақ олар қызметшіні ұстап алып, ұрып-соғып, құрқол қайтарып жібереді.
Mark Kaz 12:4  Бақтың иесі өзге бір қызметшісін жұмсайды. Олар оның басын таспен ұрып жарақаттап, намысына тиіп қорлап, қуып жібереді.
Mark Kaz 12:5  Қожайын тағы басқа біреуді жұмсаса, әлгілер оны өлтіріп тастайды. Содан кейін қожайын өзге де көптеген қызметшілерін жібереді, ал олар кейбіреулерін ұрып-соғып, басқаларын өлтіріп тастайды.
Mark Kaz 12:6  Бақ иесінің жұмсайтын тағы бір адамы — өзінің сүйікті ұлы қалады. Ақыр соңында қожайын: «Менің ұлымнан қаймығар» — деп ойлап, оны да жұмсайды.
Mark Kaz 12:7  Бірақ жүзімшілер өзара: «Бұл — мұрагер ғой! Кәне, жүріңдер, оны өлтірейік, сонда мұрасы біздікі болады!» — деседі.
Mark Kaz 12:8  Олар ұлды ұстап алып, өлтіріп, бақ сыртына лақтырып тастайды.
Mark Kaz 12:9  Енді жүзімдіктің иесі не істемек? Ол келіп, жүзімшілерді өлтіріп, бағын басқаларға тапсырмақ!
Mark Kaz 12:10  Киелі жазбалардан мынаны оқымап па едіңіздер: «Құрылысшылар менсінбеген Тас енді үйдің басты іргетасына айналды!
Mark Kaz 12:11  Жаратқанның Өзі соны істеді, көз алдымызда бұл керемет болды!»
Mark Kaz 12:12  Исаның өздері туралы астарлап айтқанын ұққан дінбасылар Оны тұтқындамақ болды. Алайда олар халықтан қорыққандықтан Исаны тастап, жөндеріне кетті.
Mark Kaz 12:13  Кейінірек басшылар Исаға бірнеше парызшылдарды және Иродтың жақтастарын жіберді. Бұлар қитұрқы сұрақ қойып, Исаны өз сөзінен ұстауға тырысты.
Mark Kaz 12:14  Осылай олар Исаға келіп, былай деді:— Ұстаз, Сіздің әділ екеніңізді білеміз. Біреуге жағыну ниетінен аулақ болып, ешкімнің бет-жүзіне қарамай, жұртты шынымен Құдайдың жолына үйретесіз. Ал енді, Рим патшасына алым-салық төлеуіміз дұрыс па, әлде бұрыс па? Соларды өтеуіміз қажет пе, жоқ па?
Mark Kaz 12:15  Бірақ бұлардың екіжүзділігін біле қойған Иса:— Мені азғырып, сынамақсыңдар, ә? Бір күміс теңгені алып келіңдерші, көрейін, — деді.
Mark Kaz 12:16  Олар біреуін әкеліп берді. Иса:— Мына сурет пен жазу кімдікі? — деп сұрады. Олар:— Рим патшасынікі, — деп жауап берді.
Mark Kaz 12:17  Сонда Иса:— Олай болса, патшаға тиістісін патшаға, ал Құдайға тиістісін Құдайға беріңдер! — деп тұжырымдады. Әлгілер Исаға таңданып қайран қалды.
Mark Kaz 12:18  Саддукейлер өлімнен қайта тірілу жоқ дейтін. Сондықтан саддукейлер ұйымының кейбір мүшелері Исаға келіп, мына сұрақты қойды:
Mark Kaz 12:19  — Ұстаз, Мұса пайғамбар бізге мынадай бұйрық жазып қалдырған: Егер біреудің үйленген бауыры артынан бала қалдырмай өлсе, онда сол адам оның жесіріне үйленіп, марқұм бауырына ұрпақ қалдырсын!
Mark Kaz 12:20  Бірде ағайынды жеті жігіт бар еді. Солардың тұңғышы үйленіп, артынан бала қалдырмай өлді.
Mark Kaz 12:21  Жесіріне екіншісі үйленіп, ол да артынан бала қалдырмай бұ дүниеден өтті. Үшіншісімен де солай болды.
Mark Kaz 12:22  Сол әйелге жетеуі де үйленіп, бала қалдырмай өлді. Ақыры бәрінің соңынан әйелдің өзі де көз жұмды.
Mark Kaz 12:23  Ендеше, қиямет күні қайта тірілгенде әйел қайсысынікі болады? Ол жетеуінің де әйелі болған еді ғой!
Mark Kaz 12:24  Иса оларға былай деп жауап қайырды:— Киелі жазбаларды және Құдайдың құдіретін ұқпағандықтан жаңылып жүрсіңдер, солай емес пе?
Mark Kaz 12:25  Себебі өлімнен қайта тірілгеннен кейін адамдар әйел алмайды, күйеуге де шықпайды. (Сол жағынан) олар көктегі періштелер іспетті болады.
Mark Kaz 12:26  Ал өлгендердің тірілуі жайында Мұса пайғамбардың қалдырып кеткен Таурат кітабындағы тікенді бұта туралы бөлімді оқымап па едіңдер? (Ыбырайым, Ысқақ және Жақып дүние салғаннан көп жыл өткен соң) Құдай Мұсаға былай деді: «Мен Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын».
Mark Kaz 12:27  Ол — өлілердің емес, тірілердің Құдайы! Демек, мүлдем жаңылып тұрсыңдар!
Mark Kaz 12:28  Бір дін мұғалімі жақындап келіп, олардың айтысып жатқандарын тыңдап тұрған еді. Исаның жақсы жауап бергеніне көзі жетіп, Оған:— (Таураттағы) өсиеттердің ең бастысы қайсысы? — деген сұрақ қойды.
Mark Kaz 12:29  Иса оған былай деп жауап берді:— Бәрінің ең бастысы мынау: «Тыңда, Исраил: Құдайымыз Жаратқан Ие — жалғыз Иеміз!
Mark Kaz 12:30  Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен, бар күш-қуатыңмен сүй!» Бұл — басты өсиет.
Mark Kaz 12:31  Ал екіншісі (де сол сияқты): «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!» Бұлардан жоғары өсиет жоқ. —
Mark Kaz 12:32  Сонда дін мұғалімі Исаға былай деді:— Сіздікі дұрыс, Ұстаз! «Құдай жалғыз, Одан басқа құдай жоқ» деп шындығын айттыңыз.
Mark Kaz 12:33  Оны шын жүректен, барлық ақыл-оймен, бүкіл жан дүниесімен, бар күш-қуатпен сүю әрі маңайындағы адамды өзіндей сүю Құдайға арналған құрбандықтар мен басқа да сый-тартулардың бәрінен де жоғары. —
Mark Kaz 12:34  Иса сол дін мұғалімінің парасатты жауап бергенін көргенде оған:— Құдайдың Патшалығынан алыс емес екенсің, — деді.Бұдан кейін Исаға сұрақ қоюға ешкімнің батылы бармады.
Mark Kaz 12:35  Иса ғибадатханада тәлімін жалғастырғанда сондағы адамдарға былай деп сұрақ қойды:— Дін мұғалімдерінің Мәсіхті «Дәуіттің Ұрпағы» деулері қалай?
Mark Kaz 12:36  Дәуіттің өзі Киелі Рухтың жетелеуімен: «Жаратқан Ие менің Иеме былай деп айтқан: Мен жауларыңды табаныңның астына салып бергенімше отыр оң жағымда», — деген ғой.
Mark Kaz 12:37  Сонымен, Дәуіттің өзі Мәсіхті «Ием» деп атаған соң, қалайша Мәсіх Дәуіттің Ұрпағы ғана болады?Жиналған көпшілік Исаны сүйсіне тыңдады.
Mark Kaz 12:38  Ол соларға тағы былай деп тәлім берді:— Дін мұғалімдерінен сақтаныңдар! Олар ұзын шапан киіп, базарларда жұрттың өздеріне сәлем беріп құрмет көрсетуін жақсы көреді.
Mark Kaz 12:39  Олар, сондай-ақ, мәжілісханаларда сыйлы орында отыруды әрі қонақасыларда төрге жайғасуды ұнатады.
Mark Kaz 12:40  Сонымен қатар олар жесір әйелдердің үй-жайын ішіп-жеп тауысып, әдейі көзге түсу үшін ұзақ сиынып мінажат етеді. Бұлар бәрінен бетер қатаң жазаланатын болады-ау!
Mark Kaz 12:41  Содан кейін Иса құдайы сыйлықтарға арналған сандықтардың қарсы бетіне отырып, жұрттың оған қалай ақша салғанын бақылады. Көптеген байлар молынан салды.
Mark Kaz 12:42  Ал келген бір бейшара жесір әйел жалпы құны төрт тиындық екі бақырды салды.
Mark Kaz 12:43  Сонда Иса шәкірттерін қасына шақырып алып: «Сендерге шындығын айтамын: ақша салғандардың барлығынан да мына бейшара жесір көп салды!
Mark Kaz 12:44  Себебі басқалардың бәрі өздерінен артылғанын ғана садақа етсе, бұл әйел өзі бейшара бола тұра, күнелтетін нәрсесінің бәрін аямастан берді», — деді.