Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
MARK
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 15
Mark Kaz 15:1  Таң атысымен-ақ басты діни қызметкерлер, рубасылар және дін мұғалімдері, яғни бүкіл Жоғарғы кеңес, ақылдасып, шешім қабылдады. Олар Исаны байлатып, римдік әмірші Пилатқа алып барып, табыс етті.
Mark Kaz 15:2  Пилат Исаға:— Сен «Яһудилердің Патшасысың» ба? — деген сұрақ қойды. Иса:— Өзіңіз айтып тұрсыз, — деп жауап берді.
Mark Kaz 15:3  Басты діни қызметкерлер Исаға көптеген айып тақты.
Mark Kaz 15:4  Пилат Оған тағы сауал қойып:— Ешбір жауап бермейсің бе? Қарашы, Саған қаншама көп айып тағып тұр! — деді.
Mark Kaz 15:5  Бірақ Иса бұған да еш жауап қайтармады, сондықтан Пилат қайран қалды.
Mark Kaz 15:6  Әмірші әдетте мейрамның құрметіне яһудилер сұраған бір тұтқынды оларға босатып беретін.
Mark Kaz 15:7  Сол тұста Барабба есімді біреу өзінің сыбайлас көтерілісшілерімен бірге түрмеде отырған еді. Олар бүлік кезінде кісі өлтірген болатын.
Mark Kaz 15:8  Енді халық алға қарай ұмтылып, Пилаттан әдеттегідей бір тұтқынды босатуын дауыстап сұрай бастады.
Mark Kaz 15:9  Пилат оларға жауап беріп:— Сендерге «Яһудилердің Патшасын» босатып беруімді қалайсыздар ма? — деген сұрақ қойды.
Mark Kaz 15:10  Ол басты діни қызметкерлердің Исаны күншілдіктен ұстап бергендігін жақсы түсінді.
Mark Kaz 15:11  Бірақ басты діни қызметкерлер халық тобырын әміршіден: «Оның орнына Бараббаны босатып беріңіз!» деп талап етуге арандатты.
Mark Kaz 15:12  Пилат оларға:— Ендеше, сендер «Яһудилердің Патшасы» деп атаған Адамға не істеуімді қалайсыңдар? — деген сауал қойды.
Mark Kaz 15:13  Олар қайтадан айқай салып:— Айқышқа шегеленсін! — деп жауап қатты.
Mark Kaz 15:14  Пилат:— Сонда Ол қандай қылмыс жасады? — деп сұрады. Бірақ олар:— Айқышқа шегеленсін! — деп бұрынғыдан бетер шулап кетті.
Mark Kaz 15:15  Сонда Пилат халықтың көңілінен шыққысы келіп, оларға Бараббаны босатып берді. Ал Исаны қамшымен соқтырғаннан кейін, айқышқа шегелеп іліп өлтіруге жасақшылардың қолдарына тапсырды.
Mark Kaz 15:16  Жасақшылар Исаны әміршінің ордасы болған сарайдың ішкі ауласына алып барып, сонда бүкіл әскер бөлімін шақырып жинап алды.
Mark Kaz 15:17  Олар Исаға бір қызыл шапанды жауып, тікенді бұтақшалардан «тәж» өріп, Оның басына кигізді.
Mark Kaz 15:18  Мұнан кейін олар: «Яһудилердің Патшасы жасасын!» — деп Оған сәлем бере бастады.
Mark Kaz 15:19  Исаның басын таяқпен ұрғылап, бетіне түкіріп, алдына тізе бүгіп тағзым еткенсіді.
Mark Kaz 15:20  Мазақтап болғаннан кейін Оның үстіндегі қызыл шапанды шешіп алып, өз киімін кигізді.Содан соң жасақшылар Исаны айқыш ағашқа шегелеп іліп қою үшін қала сыртына қарай алып кетті.
Mark Kaz 15:21  Жолшыбай олар даладан қарсы келе жатқан Шимон есімді күренелік ер адамға тап болды. Оны Исаның айқыш ағашын арқалап алып жүруге мәжбүр етті. Сол Шимон Ескендір мен Руфтың әкесі болатын.
Mark Kaz 15:22  Осылай жасақшылар Исаны Ғолғота, яғни «Маңдайтөбе», деген жерге алып барды.
Mark Kaz 15:23  Оған ішуге мүр шөбі қосылған сірке суын ұсынды, бірақ Ол ішпеді.
Mark Kaz 15:24  Жасақшылар Исаны айқыш ағашқа керіп шегелеп тастап, тік көтеріп қойды. Бұдан кейін әрқайсысы өз үлесін алу үшін Оның киімдерін жеребе тастап бөлісті.
Mark Kaz 15:25  Исаны айқышқа шегелегенде сағат тоғыз болатын.
Mark Kaz 15:26  Оған тағылған айып «Яһудилердің Патшасы» деп бір тақтайшаға жазылған еді.
Mark Kaz 15:27  Жасақшылар Исамен бірге екі қарақшыны да, біреуін оң, екіншісін сол жағындағы айқыш ағаштарға керіп шегелеп тастап, тік көтеріп қойды.
Mark Kaz 15:28  (Киелі жазбада: «Ол қылмыскерлердің қатарында саналды» деп алдын ала айтылған сөз осылай іске асты.)
Mark Kaz 15:29  Қасынан өтіп бара жатқандар Исаға тіл тигізді. Олар бастарын шайқап: «Әй, киелі үйді бұзып, үш күнде қайта тұрғызушы!
Mark Kaz 15:30  Айқыштан түсіп, Өзіңді құтқарып ал!» — деп Оны келеке етті.
Mark Kaz 15:31  Сол секілді, басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері де Оны мазақтап бір-біріне: «Мынау басқаларды құтқарыпты, бірақ Өзін құтқара алмайды екен!
Mark Kaz 15:32  «Исраилдің Патшасы Мәсіх» қазір-ақ айқыштан түссін! Көзімізбен көрейік, сонда Оған сенеміз», — десті. Жанындағы айқыштарға шегеленген қылмыскерлер де Исаны балағаттап тілдеді.
Mark Kaz 15:33  Ал тал түсте бүкіл жерді қараңғылық басып, ол үш сағатқа созылды.
Mark Kaz 15:34  Сағат үште Иса қатты дауыспен айқайлап: «Ілои, Ілои! Лама сабахтани?» — деді. Өз тілінде бұл «О, Құдайым, Құдайым! Неліктен Мені жалғыз қалдырдың?» дегенді білдіреді.
Mark Kaz 15:35  Сол жерде тұрғандардың кейбіреулері мұны естігенде: «Қараңдар, Ол Ілиясты шақырып жатыр», — десті.
Mark Kaz 15:36  Біреуі жүгіріп барып, бір сорғышты сірке суына батырып алды. Оны таяқтың ұшына қадап, Исаға ішуге ұсынды да: «Күте тұрайық, Ілияс келіп, Оны түсіріп алар ма екен көрейік!» — деп кекетті.
Mark Kaz 15:37  Ал Иса қатты дауыстап жіберіп, жан тәсілім етті.
Mark Kaz 15:38  Сол сәтте киелі үйдегі шымылдық жоғарыдан төменге дейін қақ айырылып, екіге бөлінді.
Mark Kaz 15:39  Исаның қарсы алдында тұрған жүзбасы Исаның осылай жан тәсілім еткенін көргенде: «Бұл Адам шынымен Құдайдың рухани Ұлы екен!» — деп мойындады.
Mark Kaz 15:40  Сол жерде алысырақтан қарап тұрған әйелдер де болды. Араларында мағдалалық Мәриям, кіші Жақып пен Жүсіптің шешесі Мәриям және Салома бар еді.
Mark Kaz 15:41  Олар Иса Ғалилеяда болған кезінде Оған еріп, қызмет етіп жүретін. Сондай-ақ Онымен бірге Иерусалимге келген басқа да көптеген әйелдер сол жерде тұрды.
Mark Kaz 15:42  Бұл күн діни демалыс күнінің алдындағы әзірлік күні — жұма болатын. Сондықтан кеш түспес бұрын
Mark Kaz 15:43  ариматеялық Жүсіп батылдықпен Пилатқа барып, одан Исаның мәйітін қабірге қоюға рұқсат сұрады. Жоғарғы кеңестің беделді мүшесі болған Жүсіп Құдайдың Патшалығының жер бетінде орнауын аңсап күтіп жүрген жан еді.
Mark Kaz 15:44  Пилат Исаның сонша тез өліп қалғанына таңданды; жүзбасыны шақырып алып, одан: «Ол өлгелі көп болды ма?» — деп сұрады.
Mark Kaz 15:45  Жүзбасынан солай екенін біліп алған соң, Пилат мәйітті Жүсіпке бергізді.
Mark Kaz 15:46  Жүсіп бәтес кебін сатып алып келіп, Исаның мәйітін айқыштан түсіріп, кебінге орады. Содан оны жартастан үңгіп жасалған бір қабірге апарып қойды. Мұнан кейін қақпақ тасын домалатып әкеліп, қабірдің кіреберіс аузын сонымен жауып тастады.
Mark Kaz 15:47  Мағдалалық Мәриям мен Жүсіптің шешесі Мәриям мәйіттің қайда қойылғанына қарап тұрды.