Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
NUMBERS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 11
Numb Kaz 11:1  Ал халық Жаратқан Иенің алдында ауыртпалықтарға шағымдана берді. Мұны естіген Жаратқан Иенің қаһары лаулап, Оның қасынан от лап етіп шықты. От халықтың арасына түсіп, ел қонысының шетін жалмап өртеп жіберді.
Numb Kaz 11:2  Сонда халық Мұсаға айқайлап жалбарынды. Мұса Жаратқан Иеге сиынып мінажат еткенде от басылды.
Numb Kaz 11:3  Жаратқан Иенің оты халықтың арасында жанып өртегендіктен, сол жер Табера (демек, Өрт) деп аталып кетті.
Numb Kaz 11:4  Исраил халқының арасындағы жат жұрттық тобыр өзге тағамдарға құмарлық танытты. Исраилдіктердің өздері де қайтадан күңкілдей жыланып: «Біреу бізге ет жегізсе ғой, шіркін!
Numb Kaz 11:5  Мысырдағы тегін балықты айтсаңшы! Қияр мен қарбыз, жуа, пияз әрі сарымсақ дегендерді айтсаңшы!
Numb Kaz 11:6  Ал енді, көзіміз мына маннадан басқа ештеңені көрмейді. Оны жей-жей тәбетіміз таусылып, өзегіміз талды ғой!» — деп шағымданды.
Numb Kaz 11:7  Ал манна болса, көжекөк өсімдігінің дәндеріндей, түсі ақшыл сары шайыр сияқты болды.
Numb Kaz 11:8  Адамдар далаға барып, маннаны жинап алатын, содан кейін оны қол диірменге тартып не келіде түйіп ұнтақтайтын. Содан олар оны қазанда пісіретін немесе одан күлше нан жасайтын. Маннаның дәмі май жағылған тәтті нанның дәміндей болатын.
Numb Kaz 11:9  Түнде қонысқа шық түскенде онымен бірге манна да түсетін.
Numb Kaz 11:10  Осылай Мұса халық әулеттерінің бәрі қостарының кіреберісінде шағымданып зарлап жатқандарын естіді. Жаратқан Ие оларға қатты қаһарланып, Мұса да соларына наразыланды.
Numb Kaz 11:11  Ол Жаратқан Иеге мінажат етіп:— Неге мендей қызметшіңнің басына осы ауыртпалықты түсіріп тұрсың? Неге маған рақыммен қарамайсың? Мына күллі халықтың ауыртпалығын маған жүктеп, Өзің жек көретіндей мен не істедім?
Numb Kaz 11:12  Осы халыққа мен жүкті болдым ба? Оны дүниеге келтірген мен бе едім? Сенімді бала күтушінің сәбиді бауырына алып көтеріп жүретініндей, маған мына халықты ата-бабаларына сыйлауға уәде еткен елге көтеріп алып баруға сол себепті бұйырасың ба?
Numb Kaz 11:13  Бізге ет бер, ет жегіміз келеді деп жылап жүрген халыққа мен етті қайдан тауып беремін?
Numb Kaz 11:14  Осы халықтың ауыр жүгін мен жалғыз өзім көтеріп алып жүре алмаймын, бұл мен үшін тым қиын!
Numb Kaz 11:15  Егер Сен шынымен маған осылай етпекші болсаң, онда мейірімді болып мені қазір-ақ өлтіре сал. Басыма түскен осы пәлені көргеннен бұл әлдеқайда артық! — деді.
Numb Kaz 11:16  Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп жауап берді:— Исраилдің жетпіс ақсақалын жинап ал! Өзің оларды халықтың қамын ойлайтын басқарушылары ретінде жақсы танып білуің керек. Сол адамдарды кездесу шатырының алдына алып кел. Осы жерде күтіп тұрыңдар.
Numb Kaz 11:17  Мен сол жерге түсіп, өзіңмен тілдесемін. Сендегі Рухтан алып, олардың әрқайсысына үлестіріп қондырамын. Сонда осы халықты басқарудың ауыр жүгін сен жалғыз өзің көтермейсің, олар да сенімен бірге көтерісетін болады.
Numb Kaz 11:18  Ал халыққа мынаны жеткіз: Жаратқан Иеге бағышталып тазару рәсімінен өтіп ертеңгі күнге дайындалыңдар! Ет жейтін боласыңдар. «Біреу бізге ет жегізсе ғой, шіркін! Мысырда жүрген кездеріміз жақсырақ болатын еді!» деген шағымдарың Жаратқан Иенің құлағына жетті. Енді Ол сендерге ет береді, соны жейсіңдер!
Numb Kaz 11:19  Сендер сол етті тек бір күн не екі күн емес, бес, он, жиырма күн емес,
Numb Kaz 11:20  тұтас бір ай бойы мұрындарыңнан шығып, өздерің ет атаулыдан жиренгендеріңе дейін жейтін боласыңдар. Өйткені сендер Жаратқан Иеден бас тарттыңдар, ал Ол сендердің араларыңда. Сендер: «Неге ғана біз Мысырдан көшіп шықтық екен?!» деп Оның көз алдында шағымдана зарладыңдар.
Numb Kaz 11:21  Сонда Мұса Жаратқан Иеге былай деді:— Міне, алты жүз мың жаяу жасақшысы бар халықтың арасында тұрмын. Ал Сен «Мен оларға тұтас бір ай бойы жейтін ет беремін» дейсің.
Numb Kaz 11:22  Отар-отар қой-ешкі мен табын-табын ірі қара сойып бергенде де бұл оларға жетер ме екен? Тіпті теңіздің бүкіл балығын аулап бергенде де бұл оларға жеткілікті болар ма екен? —
Numb Kaz 11:23  Жаратқан Ие Мұсаға жауап қатып:— Немене, бұлай істеу Жаратқан Иенің қолынан келмейді деп ойлайсың ба? Айтқан сөзімнің іске асып-аспайтынын қазір көретін боласың, — деді.
Numb Kaz 11:24  Мұса шықты да, Жаратқан Иенің сөздерін халыққа жеткізді. Содан соң ол халықтың ақсақалдарынан жетпіс адамды жинап алып, оларды кездесу шатырын айналдыра тұрғызды.
Numb Kaz 11:25  Сонда Жаратқан Ие бұлт ішімен төмен түсіп, Мұсамен сөйлесті; Мұсаға қонған Рухтан алып, Оны сол жетпіс ақсақалға үлестіріп қондырды. Өздеріне Рух қона салысымен олар пайғамбар ретінде Құдайдың хабарын жеткізе бастады. Ал кейін олар бұларын тоқтатты.
Numb Kaz 11:26  Ақсақалдар ретінде Елдад пен Модад деген екі адам да тізімге енгізілген болатын. Бірақ олар басқалармен бірге кездесу шатырына кірмей, қоныста қалып қойған еді. Алайда Рух оларға да қонып, екеуі қоныста пайғамбар ретінде Құдайдың сөзін жеткізді.
Numb Kaz 11:27  Бұны көріп қалған бір жас жігіт Мұсаға жүгіріп барып: «Елдад пен Модад қоныста пайғамбар ретінде Құдайдың хабарын жеткізіп жатыр!» — деді.
Numb Kaz 11:28  Сонда жастайынан Мұсаға қызмет етіп келген Нұн ұлы Ешуа:— Мырзам, Мұсеке, оларды тоқтата көріңіз! — деді.
Numb Kaz 11:29  Ал Мұса оған:— Сен менің қамымды жейсің бе? Жаратқан Ие өз халқының бәріне де Өзінің Рухын қондырып, олардың барлығының да пайғамбар болып кетуін тілеймін, — деп жауап қайырды.
Numb Kaz 11:30  Бұдан кейін Мұса ақсақалдармен бірге ел қонысына қайтып оралды.
Numb Kaz 11:31  Ал Жаратқан Ие бір жел жіберіп, сол жел теңіз жақтан бөденелерді ел қонысына ұшырып алып келді. Құстар ел қонысын айналдыра екі бағытта бір күндік жол қашықтықта екі шынтақ биіктікке төмендеп түсті.
Numb Kaz 11:32  Халық шығып, сол күні және ертеңіне күні бойы бөдене жинап жүрді. Олардың әрқайсысы ең аз дегенде он үлкен қапқа сыярлық мөлшерде бөдене жинап алып, (бауыздады да, кептіру үшін) қоныстың айналасында жайды.
Numb Kaz 11:33  Алайда олар шайнап жеп жатқан еттерін әлі жұтып үлгірмей жатып-ақ, Жаратқан Ие оларға қаһарланып, сұрапыл апат жіберді.
Numb Kaz 11:34  Осы себепті сол жер Қиброт-Хатауа (демек, Құмарту қабірлері) деп аталып кетті. Өйткені ет жеуді аңсап құмартқандар сол жерде қабірге қойылды.
Numb Kaz 11:35  Қиброт-Хатауадан халық жолға шығып, Хасиротқа жетіп, сонда тұрақтады.