Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ZEPHANIAH
Up
1 2 3
Chapter 1
Zeph Kaz 1:1  Яһудаға Амон ұлы Жосияның патшалық құрған кезінде Жаратқан Ие Софонияға сөзін арнады. Ол Хусидің ұлы, Ғодалияхтың немересі, Амарияхтың шөбересі, Езекияның шөпшегі еді.
Zeph Kaz 1:2  «Мен бәрін де жер бетінен құртып жібермекпін! — деп ескертеді Жаратқан Ие. —
Zeph Kaz 1:3  Сонда адам мен хайуанды да, аспандағы құс пен теңіздегі балықты да, азғырушы мүсін мен зұлымдық жасаушыны да жаппай жоқ қыламын. Жер бетінен адам баласының көзін құртамын!» — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Zeph Kaz 1:4  «Яһуда мен Иерусалимнің күллі тұрғындарына қарсы қолымды созып, оларды жазалаймын. Бұл жерден Бағалға табынушылықты із-түзсіз құртып, абыздардың және Өзімнен бас тартқан діни қызметкерлердің есімдерін жоямын.
Zeph Kaz 1:5  Жалпақ үй төбелеріне шығып, аспан денелеріне иіліп табынатындарды, әрі Жаратқан Иеге де, жалған тәңір Молохқа да бірдей құлшылық етіп, адал болуға ант ететіндерді жоқ қыламын.
Zeph Kaz 1:6  Олар Маған, Жаратқан Иеге құлақ салудан бас тартып, енді Өзіме бет бұрып сиынбайды да, Менен не ақыл, не жарылқау сұрамайды да. Мен солардың барлығын да қырып-жоямын!»
Zeph Kaz 1:7  (Уа, Яһуда халқы,) Жаратушы Тәңір Иенің алдында үнсіз болыңдар! Себебі Жаратқан Иенің соты күні таяп қалды! Жаратқан Ие Яһуда халқын құрбандық болуға дайындады. Өзі асқа шақырған Яһуданың жауларын сол рәсімге арнап тазартқандай даярлады.
Zeph Kaz 1:8  «Мен, Жаратқан Ие, құрбандық шалған сол күні әміршілер мен патшазадаларды, шетелдік киім киіп бөгде әдет-ғұрыптарға бой ұрған солардың барлығын да жазалаймын!
Zeph Kaz 1:9  Сол күні Мен соқыр сенімге салынып табалдырыққа аяқ басудан шошынатындардың барлығын және қожайындарының үйлерін зорлықпен әрі алдамшылықпен иемденген байлыққа толтырғандардың бәрін жазалаймын».
Zeph Kaz 1:10  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Сол күні қаланың Балық қақпасынан айқай, Екінші ауданынан жылап-сықтау, қыраттардан зор күйреудің даусы шығатын болады.
Zeph Kaz 1:11  Жылаңдар, Төменгі ауданның тұрғындары! Араларыңдағы күллі саудагерлер құрып, күміспен сауда-саттық жасайтындардың барлығы аластатылады.
Zeph Kaz 1:12  Сол кезде Мен Иерусалим қаласын шырақтармен шарлап, тінту жүргіземін. Сонда бейқам күнәкарларды жазалаймын. Олар іштей былай дейді: «Жаратқан Ие не жаман, не жақсы ештеңе де істемейді».
Zeph Kaz 1:13  Ал шынында олардың бар дәулеті тоналып, үйлері қирап, қаңырап бос қалмақ. Олар үй салып, онда тұра алмайтын, жүзімдік отырғызып, оның шырынын іше алмайтын болады».
Zeph Kaz 1:14  Жаратқан Иенің ұлы күні таяп, жақындап қалды, ол тез келе жатыр! Жаратқан Иенің сол күні қатты дауыс шықпақ, сонда мықты жасақшылар да ащы зармен айқайлайтын болады.
Zeph Kaz 1:15  Сол күн — Тәңір Иенің қаһары төгілетін күн, адамның қайғырып, азап шегетін күні, елдің қирап қаңырап қалатын күні, қараңғылық пен қара түнектің күні, қалың бұлттар мен қара мұнардың күні,
Zeph Kaz 1:16  кернейдің даусы мен шайқастың айқай-шуының күні болады! Сонда бекіністі қалалар мен зәулім мұнараларға қарсы шабуыл жасалады.
Zeph Kaz 1:17  «Мен халықтың басына қиын-қыстау кез тудырамын. Олар Маған, Жаратқан Иеге, қарсы күнә жасағандықтан, енді соқыр адам іспетті сипалап жүретін болады. Олардың қаны жердегі шаң-тозаңдай төгіліп, ішек-қарындары қи-қоқыс сияқты лақтырылып тасталады». —
Zeph Kaz 1:18  Жаратқан Иенің қаһары төгілетін сол күні алтын-күмістері оларды құтқаруға дәрменсіз болады. Оның ашу-ызасының отында бүкіл жер беті жанып кетеді, себебі Ол жер бетінде тұратындардың барлығын да аяқ астынан толықтай құртатын болады.
Chapter 2
Zeph Kaz 2:1  Масақ іспетті жиналып, байланыңдар, уа, арсыз халық!
Zeph Kaz 2:2  Әйтпесе алдын ала белгіленген шешім орындалып, теріс жолдарыңнан қайту мүмкіндіктерің жел ұшырған қабықтай ғайып болады! Сонда Жаратқан Иенің лаулаған қаһары сендерге лап етіп, Оның қаһары ашылатын күн бастарыңа туады.
Zeph Kaz 2:3  Жиналып, Жаратқан Иеге бет бұрып сиыныңдар, уа, елдегі кішіпейіл әрі Оның еркін орындаушы жандар! Оған мойынсұнып әділдік үшін ұмтылыңдар! Мүмкін, сол күні Жаратқан Иенің қаһарынан аман сақталып қаларсыңдар.
Zeph Kaz 2:4  (Філістір еліндегі) Газа қаласы қаңырап бос қалып, Ашқалон да қирап үйіндіге айналады; Азоттың тұрғындары тал түсте айдалып әкетіліп, Әкронның халқы да түп-тамырымен жұлынып тасталады.
Zeph Kaz 2:5  Уа, теңіз жағасында тұратын кереттік халық, сендер де қасіретке қаласыңдар, Жаратқан Ие сендерге үкімін шығарады, уа, філістірлер мекендеген Қанахан елі: «Мен сені құртамын, бірде-бір тұрғының да аман қалмайды!» —
Zeph Kaz 2:6  Содан теңіз жағасындағы жерлерің шопандардың баспаналары мен мал қоралары орналасқан жайылымға айналады.
Zeph Kaz 2:7  Сол кезде теңіз жағалауы Яһуда халқының аман қалғандарына өтеді. Олар сонда малдарын бағып, Ашқалонның үйлерінде түнейтін болады. Себебі өздерінің Құдайы Жаратқан Ие аман қалған яһудалықтарды назарында ұстап, қайтадан игілікке кенелтеді.
Zeph Kaz 2:8  «Менің халқымды ренжітіп, олардың еліне қоқан-лоқы жасаған моабтықтардың келемеждеген сөздері де, аммондықтардың мазағы да құлағыма жетті. —
Zeph Kaz 2:9  Сондықтан Әлемнің мәңгі тірі Иесі, Исраилдің Құдайы, өз атымен ант етіп былай дейді: — Моаб елі Содом іспетті, аммондықтар елі Ғоморра сияқты болады. Сонда олар қалақай шөбі қаптаған, тұзды шұңқырларға толған, мәңгілікке қаңыраған елсіз далаға айналады. Халқым Яһудадан аман қалғандары оларды тонап, елдерін иемденіп алады». —
Zeph Kaz 2:10  Олардың менменсіп, Әлемнің Иесінің халқына тіл тигізіп, мазақ еткендерінің қарымтасы осы болады.
Zeph Kaz 2:11  Жаратқан Ие оларға айбат көрсетіп, сол елдегі бүкіл тәңірсымақтарды әлсіретіп құртады. Сонда теңіз жағалауындағы барлық халықтар Оған өз жерлерінде ғибадат ететін болады.
Zeph Kaz 2:12  «Сендер де, ей, құштықтар, Менің семсерімнен қырыласыңдар»!
Zeph Kaz 2:13  Жаратқан Ие Өзінің қолын тағы солтүстікке қарай созып, Ассур елін қиратып, Ниневи қаласын да шөл даладай қуратып, қаңыратып бос қалдырады.
Zeph Kaz 2:14  Қаланың ортасында отар-табындар мен әр түрлі аңдар жайылып, дамылдайтын болады. Бірқазан мен батпақ жапалағы қираған сарайлардың бағаналарының бастарын паналап, дауыстары терезелерден жаңғырады. Есіктерді үйінділер бөгеп, самырсын тақталары сыртқа шығып жатады.
Zeph Kaz 2:15  Біліп қойыңдар, бұрын масайрап, бейқам жатқан қаланың сиқы осындай болады. Сол кезде ол мақтанып: «Мен өзім бар болушымын, маған тең келер еш нәрсе жоқ!» — дейтін. Ал енді ол қирап үйінді болып, жабайы аңдардың мекеніне айналды! Оның жанынан өткен-кеткеннің барлығы ысқырып, қолдарын сілтеп, оны мазақтайды.
Chapter 3
Zeph Kaz 3:1  Қанаушылардың мойынсұнбас, қыңыр әрі арамданған қаласы қасіретке қалады!
Zeph Kaz 3:2  Ол ешкімді тыңдамай, ешкімнен ескерту қабылдамайды. Қала Жаратқан Иеге сенім артпайды, өз Құдайына жақындамайды!
Zeph Kaz 3:3  Оның әміршілері ақырған арыстандай, төрешілері аш қасқырдай. Олар кешке жортуылға шығып, таң атқанша жемтігінің ештеңесін де қалдырмайды.
Zeph Kaz 3:4  Қаланың пайғамбарлары менмен де сатқын жандар. Діни қызметкерлері киелі орынды арамдап, Таурат заңын бұзып аяққа басады.
Zeph Kaz 3:5  Иерусалимді мекендейтін Жаратқан Ие әділ, Ол әділетсіз еш нәрсе істемейді. Таң атқан сайын Ол әділдікті жүзеге асырып, әрбір жаңа күн сайын сонысын тоқтатпайды. Бірақ әділетсіздер ұят дегенді білмейді.
Zeph Kaz 3:6  (Жаратқан Ие тағы мынаны айтады:) «Мен халықтарды қырдым, олардың бекіністі қалаларын бұздым. Көшелерін қаңыраттым, олармен жүретін ешкім де қалмады. Қалалары қираған, адамдары жоқ, тіпті бірде-бір тұрғыны қалмаған.
Zeph Kaz 3:7  Мен қалаға былай дегенмін: Сен Мені сөзсіз қастерлеп, ескертуімді қабылдайтын боласың. Солай істеген болса, ол қирамай, Менің бірде-бір жазама ұшырамаған болар еді. Бірақ олар бәрібір баяғы зұлым істерін бұрынғысынан бетер жалғастыра беруге әуестенді.
Zeph Kaz 3:8  Сондықтан Менің орнымнан тұрып, осы халықты айыптайтын күнімді күтіңдер! — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Мен халықтар мен патшалықтарды жинап, оларға ашу-ызамды төгіп, лаулаған қаһарымды лап еткізуді шештім. Сол кезде бүкіл дүние Менің қаһарымның отына шалынып, жанып кетеді».
Zeph Kaz 3:9  «Сонда Мен адамдардың еріндерін тазартып, олардың бәрі Жаратқан Иенің атын атап сиынып, Оған бірге ғибадат ететін болады.
Zeph Kaz 3:10  Құш еліндегі өзендердің арғы жағынан Маған сиынып ғибадат ететіндер — Менің шашырап кеткен халқым сый-тартулар әкелетін болады.
Zeph Kaz 3:11  Сол күні сен (Иерусалим) Маған қарсы бас көтеріп жасаған бүкіл опасыз істерің үшін тағы да масқараға ұшырамайсың. Себебі Мен қаланың ішінен өркөкірек паңдардың барлығын аластатамын. Енді қайтып Менің киелі тауымда кеуде көтермейсің.
Zeph Kaz 3:12  Қайта, сендердің араларыңда Жаратқан Иенің есіміне сенім артқан қарапайым да кішіпейіл халықты қалдырамын.
Zeph Kaz 3:13  Исраил халқынан аман қалғандар бұдан былай жамандық істемейді, өтірік те айтпайды. Олардың ауыздарынан жалғандық шықпайтын болады. Олар ішіп-жеп, алаңсыз тынығады, өйткені қорқытатын жаулары болмайды».
Zeph Kaz 3:14  Уа, Сион халқы, ән-жырыңды айта берші! Қуана айқайлашы, уа, Исраил! Шын жүректен қуанып-шаттан, Иерусалим халқы!
Zeph Kaz 3:15  Жаратқан Ие сенің үкіміңнің күшін жойып, жауыңды кері қайтарды. Исраилдің Патшасы Жаратқан Ие араңда тұр, Ол саған жар! Енді қайтып пәледен қорықпайсың.
Zeph Kaz 3:16  Сол күні Иерусалимге былай деп жарияланатын болады: «Қорықпа, Сион, қолыңнан күш таймасын!
Zeph Kaz 3:17  Құдайың Жаратқан Ие араңда тұр! Ол — батыр іспетті құдіретті Құтқарушы саған қатты шаттанады, сүйіспеншілігімен сені тыншытып, саған қуанып мерекелейді».
Zeph Kaz 3:18  «Тағайындалған мейрамдарға өздері қатыса алмағандары үшін қайғыланған адамдарды енді жинаймын. Сенікі болған олар бір кезде жаудың олжасына айналып, сен масқараға ұшыраған едің.
Zeph Kaz 3:19  Болашақ кезде Мен саған қысым көрсеткендерді де қолға алып, барлығын жазалаймын. Ақсақ адамдарыңды құтқарып, шашырап кеткендеріңді жинап аламын. Масқара болған елдерінде енді оларға даңқ пен мадақ сыйлаймын.
Zeph Kaz 3:20  Мен сендерді жинағанда ата мекендеріңе бастап алып келемін. Өз көз алдарыңда сендерді тағы да игілікке кенелтіп, жер бетіндегі барлық халықтардың алдында атақ-даңққа бөлеймін». — Жаратқан Ие осыны уәде етеді.