Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOB
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 16
Job Kaz 16:1  Әйүп оған былай деп жауап берді:
Job Kaz 16:2  — Мен мұндайды бұрын да көп естігенмін. Сендер не қылған жаман жұбатушысыңдар!
Job Kaz 16:3  Бос сөздеріңді қашан доғарасыңдар? Бұндайды айтуға сендерді не итермелеп тұр?
Job Kaz 16:4  Мен де өздерің сияқты сөз құрастырып ақыл айта алар едім. Егер менің орнымда болсаңдар, сендерге де сұқ саусағыммен шұқып көрсете алар едім.
Job Kaz 16:5  Қайта, мен өздеріңе сөзбен демеу болар едім. Көріп отырған азаптарыңды айтар сөздеріммен жеңілдетер едім.
Job Kaz 16:6  Ал қазір сөйлесем де, азабым жеңілдемейді, сөйлемесем де, ол басылмайды.
Job Kaz 16:7  Уа, Құдай, мені титықтатып, бүкіл отбасымды қаңыратып бос қалдырдың.
Job Kaz 16:8  Сен кінәмді әшкерелемек болғандай, мені жүдетіп жібердің. Құр сүлдерім қалып, азып-тозғаным маған қарсы айғақ болып, кінәмді бетіме басып тұрғандай.
Job Kaz 16:9  Құдайдың қаһары маған тап беріп, паршалап тастайды. Ол мені дұшпандай қауып алып, маған көздерімен атып жатқан жауым іспетті қадала қарайды.
Job Kaz 16:10  Жұрт маған тістерін ақситып, келеке қылады. Шекемнен ұрып, басынады да. Олар маған қарсы тобыр құрып жиналады.
Job Kaz 16:11  Құдай мені әділетсіздерге қалдырды, нағыз зұлымдардың қолына түсірді.
Job Kaz 16:12  Алаңсыз едім, Ол мені екіге бөлді. Мені мойнымнан қармап ұстап, кесек-кесек қылып сындырды. Мені Өзіне нысана қылып алды.
Job Kaz 16:13  Садақшылары мені қоршап алды. Жебелерімен еш аямай бүйрегімді жарып, бауырымнан шыққан өтті жерге төгуде.
Job Kaz 16:14  Ол маған қайта-қайта тап беріп, жасақшыдай бас салуда.
Job Kaz 16:15  Мен тәніме азалы киім киіп, бетімді топыраққа бастым.
Job Kaz 16:16  Бет-әлпетім жылағаннан қып-қызыл, көзімнің айналасы қара тартқан.
Job Kaz 16:17  Қолыммен еш зорлық жасаған жоқпын, еткен мінәжаттарым да пәк таза. Дегенмен осының бәрі басыма түсіп отыр.
Job Kaz 16:18  Ей, жер, қанымды жасыра көрме! Жалынған үнім де еш тынбасын.
Job Kaz 16:19  Тіпті қазірдің өзінде мен үшін де куәлік беретін Қорғаушым көкте. Сөзімді сөйлейтін Қолдаушым заңғар биікте.
Job Kaz 16:20  Бірақ мына достарым мені келеке қылып отыр. Көзімнен жас ағып, Құдайдан көмек сұраймын.
Job Kaz 16:21  Беу, досына арашашы болғандай біреу мен үшін Құдай алдында өтініш жасаса ғой!
Job Kaz 16:22  Себебі өмірімнің соңы таяп қалды, жуырда қайтпас сапарға аттанамын.