Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ACTS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 8
Acts Kaz 8:1  Саул да Степанды өлтіруді қоштаған еді. Сол күннен бастап Иерусалимдегі сенушілер қауымын қатты қудалау басталды. Елшілерден басқалардың бәрі Яһудея мен Самария аймақтарына бытырап кетті.
Acts Kaz 8:2  Ал Құдайды қастерлейтін бірнеше кісі Степанды қабірге қойып, қатты аза тұтып жоқтады.
Acts Kaz 8:3  Саул болса, қауымға қырғидай тиді; үй-үйді аралап, әйелдер мен еркектерді сүйреп шығарып, түрмеге жапқызды.
Acts Kaz 8:4  Бытырап кеткен сенушілер ел аралап, Ізгі хабарды таратып жүрді.
Acts Kaz 8:5  Қауым қызметшісі Філіп Самарияның астанасына келіп, оның тұрғындарына Мәсіх туралы Ізгі хабарды жариялады.
Acts Kaz 8:6  Көптеп жиналған халық Філіптің уағыздарын естіп, оның Құдайдың құдіретін көрсеткен кереметтерін көргенде, барлығы бірдей Філіптің айтқандарына зейін қойды.
Acts Kaz 8:7  Өйткені көп кісілердің буып жүрген жындары қатты айқайлап бойларынан шығып кетті, әрі көптеген сал, мүгедек болғандар сауықтырылды.
Acts Kaz 8:8  Содан қала халқы зор қуанышқа кенелді.
Acts Kaz 8:9  Осы қалада бұрыннан сиқырлықпен айналысып келген Шимон есімді кісі тұрушы еді. Ол ұлы адаммын деп мақтанып, Самария халқын таңырқататын.
Acts Kaz 8:10  Қатардағылардан бастап атақтыларға дейін бәрі оны жоғары санап: «Мына кісіде Ұлы күш деген тәңірдің құдіреті бар!» дейтін.
Acts Kaz 8:11  Шимон оларды едәуір уақыт бойы сиқырлық өнерімен баурап алғандықтан, халық оны пір тұтты.
Acts Kaz 8:12  Ал енді Філіп Құдайдың Патшалығы және Исаның Мәсіх екендігі туралы Ізгі хабарды жариялағанда, олар соған сенді. Көптеген ер адамдар мен әйелдер (Мәсіхтің жолына түсіп) шомылдыру рәсімінен өтті.
Acts Kaz 8:13  Шимонның өзі де сеніп, осы рәсімнен өтіп, Філіптен бір елі қалмай қойды. Ол Құдайдың құдіретін танытатын ұлы кереметтерді байқағанда қайран қалып жүрді.
Acts Kaz 8:14  Иерусалимдегі елшілер «Самарияның халқы Құдайдың Ізгі хабарын қабыл алды» дегенді естігенде, оларға Петір мен Жоханды жіберді.
Acts Kaz 8:15  Екеуі келген соң, Киелі Рухты қабылдасын деп солар үшін сиынып мінажат етті.
Acts Kaz 8:16  Себебі Киелі Рух әлі олардың ешқайсысына қонбаған еді. Олар тек Иеміз Исаның атынан шомылдыру рәсімінен өткен болатын.
Acts Kaz 8:17  Екі елші олардың үстеріне қолдарын қойғанда, самариялық сенушілер де Киелі Рухты қабылдады.
Acts Kaz 8:18  Шимон елшілердің алақан тигізуі арқылы адамдарға Киелі Рух берілгенін байқағанда оларға ақша ұсынып:
Acts Kaz 8:19  — Маған да осындай билік беріңдерші, үстіне қолымды қойған әркім Киелі Рухты қабылдап жүрсін, — деді.
Acts Kaz 8:20  Петір оған былай деп жауап берді:— Құдайдың беретін дарынын ақшаға сатып аламын дегенің үшін, ақшаң өзіңмен бірге құрысын.
Acts Kaz 8:21  Осы қызметті атқаруға сенің қақың жоқ, себебі Құдайдың алдында жүрегің таза емес.
Acts Kaz 8:22  Сондықтан осы жаман қылығыңа өкініп, Құдай Иеге сиынып жалбарын! Мүмкін, Ол жүрегіңдегі қара ниетіңді кешірер.
Acts Kaz 8:23  Жаман қызғаныш пен әділетсіздікпен шырмалғандығыңды байқап тұрмын. —
Acts Kaz 8:24  Ал Шимон олардан:— Айтқандарыңның бірі де басыма келмесін деп сендер мен үшін Құдай Иеге жалына көріңдерші! — деп өтінді.
Acts Kaz 8:25  Екі елші халық алдында Иеміз туралы Ізгі хабарға куәлік келтіріп, уағызын аяқтағаннан кейін, Иерусалимге қайта оралып, жол-жөнекей Ізгі хабарды Самарияның көптеген ауылдарында уағыздай жүрді.
Acts Kaz 8:26  Бір күні Жаратқан Иенің періштесі Філіпке: «Жиналып, оңтүстікке қарай Иерусалимнен Газаға баратын елсіз жолға шық!» — деп тапсырды.
Acts Kaz 8:27  Содан Філіп дайындалып, жүріп кетті. Жол бойында оған бір эфиопиялық адам кез болды. Бұл Эфиопияның патшайымы Қандақидың барлық қазынасын басқаратын уәзірі екен. Ол Иерусалимге Құдайға ғибадат етуге келіп,
Acts Kaz 8:28  енді еліне қайтып бара жатты. Уәзір күймесінде Ишая пайғамбардың жазбасын оқып отыр екен.
Acts Kaz 8:29  Киелі Рух Філіпке: «Күймеге жақындап, қатарласып жүр!» — деді.
Acts Kaz 8:30  Філіп күймеге жүгіріп барғанда, сол кісінің Ишая пайғамбардың жазбасын оқып отырғанын естіді. Оған:— Оқығаныңыз түсінікті ме? — деген сұрақ қойды.
Acts Kaz 8:31  Уәзір:— Біреу түсіндірмесе, қайдан түсінейін? Күймеге мініп, қасыма отырыңызшы, — деп Філіптен өтінді.
Acts Kaz 8:32  Жазбадан оқып отырған жері мынау еді: Оны қой сияқты сойылатын жерге алып барды. Ол қырқылып жатқанда үні шықпайтын тоқты секілді тіс жармады.
Acts Kaz 8:33  Ол жәбірленіп, әділ сотталу құқығынан айырылды. Оның ұрпақтары туралы кім айтып бере алады? Өйткені Оның жаны бұ дүниеден аластатылды.
Acts Kaz 8:34  Уәзір Філіптен:— Өтінемін, айтыңызшы: пайғамбар осы сөздерді өзі туралы айтып тұр ма, әлде басқа біреу туралы ма? — деп сұрады.
Acts Kaz 8:35  Сонда Філіп Киелі жазбаның осы жерінен бастап, Иса туралы Ізгі хабарды айтып берді.
Acts Kaz 8:36  Жолда осылай келе жатып, олар бір суға тап болды. Уәзір сонда:— Мынау су ғой, менің шомылдыру рәсімінен өтуіме болмай ма? — деп өтінді.
Acts Kaz 8:37  (Філіп:— Шын жүректен сенсеңіз, болады, — деп жауап берді. Бұған ол:— Мен Исаның Құдайдың рухани Ұлы екеніне сенемін, — деді.)
Acts Kaz 8:38  Уәзір күймені тоқтатуға бұйырды. Екеуі суға түсіп, Філіп уәзірді суға шомылдыру рәсімінен өткізді.
Acts Kaz 8:39  Олар судан шыққанда, Жаратқан Иенің Рухы Філіпті білдірмей алып кетті. Содан қайтып уәзір оны көрген жоқ. Солай болса да, ол қуанышқа кенеліп, өз жөніне кетті.
Acts Kaz 8:40  Бұдан кейін жұрт Філіпті Азоттан көрді. Ол сол жерден ел аралап, Кесарияға жеткенше Ізгі хабарды барлық қалаларға таратып жүрді.