Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JEREMIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 30
Jere Kaz 30:1  Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 30:2  — Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Өзіңе айтқан сөздерімнің бәрін шиыршық кітапқа жазып қой!
Jere Kaz 30:3  Өйткені былай деп уәде беремін: Мен өз халқым (Солтүстік) Исраил мен Яһуданы жер аударылудан қайтарып алып келемін. Сонда Өзім ата-бабаларына мұралық меншікке тапсырған елді олардың иемденетін уақыты жетеді. —
Jere Kaz 30:4  Мынау Жаратқан Иенің Солтүстік Исраил мен Яһуда туралы тағы да айтқан сөздері: —
Jere Kaz 30:5  Жаратқан Ие мынаны айтады: Қорқынышты айқай естіледі! Айналдыра үрей, еш тыныштық жоқ!
Jere Kaz 30:6  Сұрастырып көріңдерші, ойлаңдаршы: ер адам бала туа алатын ба еді? Тумаса, неліктен әрбір еркек толғатып жатқан әйелдей ішін екі қолымен ұстап алған? Неге өңдері құп-қу болып кеткен?
Jere Kaz 30:7  Ойпырмай, сол күн қандай ауыр болады десеңші! Ешбір күн дәл сол күнге ұқсамайды. Сол кез Жақыптың ұрпақтары үшін қиын-қыстау кезең болады! Бірақ ең соңында олар содан құтқарылады.
Jere Kaz 30:8  Сол кезде Мен олардың киген мойынтұрықтарын сындырып алып тастап, бұғауларын талқандап лақтырамын. Бөтен халықтар бұдан былай оларды құлдыққа түсірмейтін болады, — деп уәде береді Әлемнің Иесі. —
Jere Kaz 30:9  Енді олар өз Құдайлары Жаратқан Иеге және Дәуіттің әулетінен шыққан өз патшаларына мойынсұнып қызмет ететін болады. Мен сол үшін оларға Дәуіттің ұрпағын патша болуға қайтадан тағайындап беремін.
Jere Kaz 30:10  Сондықтан қорықпа, уа, қызметшім Жақып, үрейленбе, уа, Исраил халқы! — дейді Жаратқан Ие. — Біліп ал: Мен сені жүрген алыс жерлеріңнен құтқарамын, ұрпақтарыңды да тұтқында жүрген елдерінен құтқарып алып келемін. Сол жерде Жақыптың үрім-бұтағы елге қайта оралып, аман-есен өмір сүреді. Ешкім де оларды қорқытпайды.
Jere Kaz 30:11  Мен саған жар болып, сені құтқарамын, — деп уәде береді Жаратқан Ие. — Сені араларына шашыратып жіберген халықтарды құртып жоқ қыламын, бірақ өзіңді құртып жоқ қылмаймын. Алайда сені мүлдем жазасыз қалдырмай, әділдікпен жазалаймын.
Jere Kaz 30:12  Өйткені Жаратқан Ие мынаны нық айтады: — Сенің жараңа ешқандай ем жоқ, жарақатың тым ауыр!
Jere Kaz 30:13  Мүддеңді қорғайтын қамқоршың, жарақатыңа ем, өзіңе шипа болатын дәрі-дәрмек жоқ.
Jere Kaz 30:14  Көңілдес одақтастарыңның бәрі сені ұмытып, естеріне еш алмайды. Кінәң тым ауыр, күнәларың тым көп болғандықтан, Мен сені жау соққы бергендей соғып, қатыгез адамның жазалағанындай жазаладым.
Jere Kaz 30:15  Өзіңнің жарақатыңнан, шипасы жоқ ауруыңнан несіне айқайлайсың? Кінәң тым ауыр, күнәларың тым көп болғандықтан саған сондай жаза тартқыздым.
Jere Kaz 30:16  Бірақ сені жалмағандардың бәрі өздері жалманады, дұшпандарың біреуі қалмай тұтқынға түседі. Сені тонағандардың өздері тоналып, талан-таражға салғандар соны өз бастарынан өткізеді.
Jere Kaz 30:17  Сен «аластатылған, еш қамқоршысы жоқ Сион» деп аталғандықтан, Мен сені қайтадан сауықтырып, жарақаттарыңды жазамын.
Jere Kaz 30:18  Жаратқан Ие тағы мынаны да айтады: Біліп қойыңдар, Мен Жақыптың ұрпақтарына рақым көрсетіп, жер аударылған жағынан қайтарамын. Қирап, үйінді болған қала қайта тұрғызылып, қорғаны да өзінің бұрынғы орнында тұратын болады.
Jere Kaz 30:19  Олардан шүкірлік ән-жырлары мен қуанғандардың үндері шығатын болады. Мен олардың сандарын азайтпай, өсіріп-өндіріп көбейтемін. Абыройға бөлеймін, олар енді масқара болмайды.
Jere Kaz 30:20  Бұрынғыдай үбірлі-шүбірлі болып, қауымы Менің алдымда нығаяды. Мен оларға қысым көрсеткендердің бәрін жазалаймын.
Jere Kaz 30:21  Олардың билеушісі халықтың ішінен, өз араларынан шығады. Оны Өзіме жақындатамын, ол Менің алдыма келе береді. Өйткені Мен шақырмасам, өздігінен Менің алдыма келуге кімнің дәті барады? — деп нық айтады Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 30:22  Осылай сендер Менің халқым, ал Мен сендердің Құдайларың боламын.
Jere Kaz 30:23  Қара да тұр, Жаратқан Иенің қаһары дауылдай буырқанып, құйын сияқты зұлымдардың басына шүйілейін деп жатыр!
Jere Kaz 30:24  Жаратқан Ие жүрегіндегі ой-ниеттерін толығымен орындап болмайынша, Өзінің лаулаған қаһарынан қайтпайды. Алдағы уақытта сендер мұны түсінесіңдер.