Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
PSALMS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 9
Psal Kaz 9:1  (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Ұлдың қазасы» әуенімен айтылатын Дәуіттің жыры.)
Psal Kaz 9:2  Уа, Жаратқан, шын жүректен Сені мадақтаймын,Жасаған кереметтеріңнің бәрін жариялаймын.
Psal Kaz 9:3  Ұдайы Саған қуанып шаттық ән шырқаймын,Уа, Хақ Тағала, есіміңді Сенің жырлаймын.
Psal Kaz 9:4  Жауларым шегініп, кері қарай бұрылады,Алдыңда сүрініп құлап, ойран да болады.
Psal Kaz 9:5  Себебі дауымда Сен мүддемді қорғадың,Тағыңда отырып әділ шешім шығардың.
Psal Kaz 9:6  Халықтарды сөгіп, зұлымдарды жоқ қылдың,Есімдерін мәңгілікке өшіріп тастадың.
Psal Kaz 9:7  Жау қару-жарағынан ада қалып, жойылды,Сен қиратқан қалалары із-түзсіз жоғалды.
Psal Kaz 9:8  Рас, Жаратқан Ие мәңгі билік жүргізеді,Ол өз тағын орнатып, төрелік етеді.
Psal Kaz 9:9  Иеміз адамзатқа әділ үкім айтады,Халықтарға ақиқат шешім шығарады.
Psal Kaz 9:10  Қаналғандарға Жаратқан пана болады,Қиын жағдайда зәулім қорған боп тұрады,
Psal Kaz 9:11  Сені шын білетіндер Саған сенім артады,Ием, тастап кетпейсің Өзіңе сиынғанды.
Psal Kaz 9:12  Сионда тұратын Жаратқанға ән шырқаңдар,Оның ғажап істерін бар ұлттарға айтыңдар!
Psal Kaz 9:13  Төгілген қанды ұмытпайтын Ол ескереді,Жәбір шеккеннің айқайына құлағын түреді.
Psal Kaz 9:14  Уа, Жаратқан Ие, маған рақым таныта гөр,Жек көрген жаулардан қиналғанымды байқай гөр,Ажалдың аранынан мені арашалай гөр.
Psal Kaz 9:15  Сонда қақпаларында Сион шаһарыныңӨз ұлылығыңды ұдайы марапаттаймын,Мені құтқарғаныңа қуана ән шырқаймын.
Psal Kaz 9:16  Басқа ұлттар қазған өз орларына құлады,Құрған қақпандарына өздері ұсталды.
Psal Kaz 9:17  Ием әділ үкім айтып, Өзін ашық танытты,Зұлымдар айлалы істерінің кесірін тартты.
Psal Kaz 9:18  Жамандық жасаушылар ажалға душар болады,Құдайды менсінбеген ұлттар соған тап болады.
Psal Kaz 9:19  Ал мұқтаж жан біржола ұмытылып кетпейді,Бейшараның үміті мүлдем зая кетпейді.
Psal Kaz 9:20  Уа, Ием, көтерілші, пенде жеңіп шықпасын,Халықтарға көз алдыңда үкім шығарылсын!
Psal Kaz 9:21  Жай пенде екендерін халықтар ұғып алсын,Оларды дірілдетіп қорқытсаң, о, Жаратқан!
Psal Kaz 9:22  Уа, Жаратқан Ие, неге менен алыстасың?Басыма күн туғанда неге жасырынасың?
Psal Kaz 9:23  Жарлыларды паңдана қудалайды зұлымдар,Өз айлалы істерінен ұсталсын сондайлар!
Psal Kaz 9:24  Арсыз жан құмарлығын тіпті мақтан етеді,Ашкөз де дандайсып Жаратқанды менсінбейді,
Psal Kaz 9:25  Зұлым тәкаппарланып, Тәңірге бет бұрмайды,Күллі ой-пікірінде «Құдай жоқ!» деп санайды.
Psal Kaz 9:26  Ұдайы іс-әрекеттері табыс келтіреді,Сенің сотың тым биікте, алыс боп көрінеді.Зұлым барлық дұшпанын келекелей береді.
Psal Kaz 9:27  «Шайқалта алмас мені еш нәрсе, — деп ойлайды, —Күллі ұрпақтарыма да пәле жоламайды».
Psal Kaz 9:28  Аузынан шыққандар: қарғыс, өтірік, жалғандық,Айтқандары түгелдей зорлық пен зұлымдық.
Psal Kaz 9:29  Аула артында тасада аңдып отырады,Бас салып тұтқиылдан, жазықсызды құртады.Қорғансыз жанға көз сүзіп, отырады қарап,
Psal Kaz 9:30  Тасадағы арыстандай тосады тығылып,Бейшара жарлыны ұстауға жатады аңдып,Байғұсқа бас салып, түсіреді торына тартып.
Psal Kaz 9:31  Шарасыз бейбақ жеңіліп, жерге құлап түседі,Жауының мықты тырнақтарына ілігеді.
Psal Kaz 9:32  Зұлым жан: «Құдай ұмытып кетті, — деп ойлайды, —Ол көзін жұмып, ешқашан назар аудармайды».
Psal Kaz 9:33  Уа, Жаратқан Ие, орныңнан көтеріле гөр,Құдайым, қол созып, қаналғанды ескере гөр!
Psal Kaz 9:34  Зұлымдар неліктен Құдайды қорлай алады?!«Жауапқа тартпайды» деп неге ойлай алады?!
Psal Kaz 9:35  Ал көрсеткен жәбірлерін Сен байқап келесің,Зорлықтарын бақылап, жазаларын бересің.Кедей Саған сенеді, жетімге де тірексің.
Psal Kaz 9:36  Сол сұрқия зұлымдардың қолдарын сындыршы,Сұмдық істерін тексеріп, із-түзсіз жоқ қылшы!
Psal Kaz 9:37  Жаратқан Ие мәңгі бақи Патша болады,Бойсұнбайтын ұлттар Оның елінен жоғалады.
Psal Kaz 9:38  Назар аударасың күшсіздердің аңсауына,Уа, Ием, құлақ салып, жігер бересің оларға,
Psal Kaz 9:39  Жетім мен қиналған жанның мүддесін қорғауға,Сұм пенденің оларды қайтып қорқытпауына!