Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
LEVITICUS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 23
Levi Kaz 23:1  Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
Levi Kaz 23:2  — Исраил халқына мынаны айт: Менің тағайындаған мейрамдарым төмендегідей. Оларды Маған, Жаратқан Иеге, бағышталған жиналыс күндері деп жариялаңдар!
Levi Kaz 23:3  Аптаның алты күнінде еңбектеніп жұмыс істеулеріңе болады, ал жетінші күн — тынығатын демалыс және киелі жиналыс күні. Сол күні ешқандай жұмыс жасамаңдар! Барлық мекендеріңде бұл күн — Жаратқан Иеге бағышталған демалыс күні.
Levi Kaz 23:4  Ал (демалыс күнінен басқа) Жаратқан Иенің жиналуға тағайындаған киелі мейрамдары мыналар, оларды жыл сайын белгіленген уақытында өздерің жариялаңдар!
Levi Kaz 23:5  Жаратқан Иеге бағышталған Құтқарылу мейрамын бірінші айдың он төртінші күнінің кеш батқан кезінен бастаңдар.
Levi Kaz 23:6  Осы айдың он бесінші күні Жаратқан Иенің Ашымаған нан мейрамы басталады. Сол күннен бастап жеті күн бойы тек ашытқысыз пісірілген нан жеңдер!
Levi Kaz 23:7  Мейрамның бірінші күні Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Еңбектеніп жұмыс жасамаңдар!
Levi Kaz 23:8  Жеті күн бойы Жаратқан Иеге құрбандық-тартулар әкеліп, өртеп ұсыныңдар. Ал жетінші күні Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Еңбектеніп жұмыс жасамаңдар!
Levi Kaz 23:9  Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деді:
Levi Kaz 23:10  Исраил халқына мынаны тапсыр: Мен өздеріңе табыстағалы отырған осы елге еніп, егін өнімін жинайтын кездеріңде жинаған алғашқы егіннің бірінші бауын діни қызметкерге алып келіңдер.
Levi Kaz 23:11  Жаратқан Ие оны мақұлдап қабылдау үшін діни қызметкер сол бауды Оның алдында демалыс күнінен кейінгі күні әрі-бері тербеп ұсынсын.
Levi Kaz 23:12  Бауды әрі-бері тербеп ұсынған күні мінсіз бір жасар тоқтыны түгелдей өртелетін құрбандық ретінде Жаратқан Иеге арнап құрбандыққа шалып, өртеп жіберіңдер.
Levi Kaz 23:13  Соған тиісті астық тартуы ретінде зәйтүн майымен араластырылған бір пұттың оннан екі бөлігіндей мөлшердегі таңдаулы бидай ұнын Жаратқан Иеге арналған хош иісті де ұнамды тарту ретінде өртеп жіберіңдер. Сұйық тарту ретінде бір шағын құмыра шарап ұсыныңдар.
Levi Kaz 23:14  Осы тартуларды Құдайыңның алдына алып келген күнге дейін (алғашқы өнімнен пісірілген) ешқандай нан, ешбір қуырылған не жаңадан піскен арпа жемеңдер! Бұл барлық мекендеріңде келер ұрпақтарыңа да тапсырылған тұрақты ереже болады.
Levi Kaz 23:15  — Сендер егіннің бірінші бауын әрі-бері тербеп ұсынған Құтқарылу мейрамынан бастап жеті апта мен бір күнді (яғни елу күнді) санап шығыңдар.
Levi Kaz 23:16  Осылай жетінші демалыс күні өтіп, елуінші күн басталғанда Жаратқан Иеге жаңа өнімнен астық тартуын алып келіңдер.
Levi Kaz 23:17  Тұрған мекендеріңнен алғашқы өнімнің әрі-бері тербеп ұсынылатын тартуы ретінде пұттың оннан екісіндей мөлшердегі таңдаулы бидай ұнынан ашытқы қосылып пісірілген екі бөлке нанды алып, Жаратқан Иеге ұсыныңдар.
Levi Kaz 23:18  Осы екі нанға қоса сендер (жамағат болып бірігіп) бір жасар, ешбір мінсіз жеті еркек тоқтыны, бір жас бұқаны және екі қошқарды алып келіңдер! Осының бәрі астық әрі сұйық тартуларымен қоса Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін құрбандық болады. Оның хош иісі Жаратқан Иеге ұнамды сый-тарту болады.
Levi Kaz 23:19  Содан соң күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде бір текені және Жаратқан Иемен қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандық ретінде бір жасар екі тоқтыны құрбандыққа шалыңдар.
Levi Kaz 23:20  Діни қызметкер сол екі тоқтыны алғашқы өнімнен дайындалған нанмен бірге Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсынсын. Жаратқан Иеге бағышталған осы киелі тарту — діни қызметкерге тиесілі үлес.
Levi Kaz 23:21  Сендер халыққа дәл сол күнді Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс күні деп жариялап, еңбектеніп жұмыс істемеңдер! Бұл — барлық мекендеріңде өздеріңе және келер ұрпақтарыңа берілген тұрақты ереже.
Levi Kaz 23:22  Егістік жеріңнің өнімін жинаған кезде оның шет жағын ормай қалдыра сал, әрі жерге түскен масақтарды қайтып келіп жинамай-ақ қой. Оларды жарлылар мен жат жұрттықтарға қалдыр. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 23:23  Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп бұйырды:
Levi Kaz 23:24  — Исраил халқына мынаны жеткіз: жетінші айдың бірінші күні демалып, Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Мейрамның басталуын керней тартып жариялаңдар.
Levi Kaz 23:25  Сол күні еңбектеніп жұмыс істемеңдер, Жаратқан Иеге өртеу арқылы тарту ұсыныңдар.
Levi Kaz 23:26  Жаратқан Ие Мұсаға тағы тіл қатып былай деді:
Levi Kaz 23:27  — Жетінші айдың оныншы күні — халықты және кездесу шатырын күнәнің арамдығынан тазарту рәсімі жасалатын күн. Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер; Оған ерекше бойсұнып ораза ұстаңдар әрі өртеу арқылы тарту ұсыныңдар.
Levi Kaz 23:28  Сол күні еңбектеніп жұмыс істемеңдер! Себебі ол күн — күнәнің арамдығынан тазартылу күні. Сонда сендер Құдайларың — Жаратқан Иенің алдында күнәнің арамдығынан тазартыласыңдар.
Levi Kaz 23:29  Сол күні Құдайға ерекше бойсұнып ораза ұстамаған әрбір адам халқының арасынан аластатылсын.
Levi Kaz 23:30  Жаратқан Ие — Мен сол күні жұмыс істеген әркімді халқының арасынан құртамын.
Levi Kaz 23:31  Сонымен сол күні ешқандай жұмысты істемеңдер! Бұл барлық мекендеріңде өздеріңе және болашақ ұрпақтарыңа арналған тұрақты ереже болады.
Levi Kaz 23:32  Осы күн — өздерің толықтай тынығатын демалыс күні, онда Құдайға ерекше бойсұнып ораза ұстауларың керек. Жетінші айдың тоғызыншы күнінің кешінен бастап келесі күннің кешіне дейін осы демалыс күнін ұстануларың қажет.
Levi Kaz 23:33  Жаратқан Ие тағы да Мұсаға тіл қатып былай деді:
Levi Kaz 23:34  — Исраил халқына мынаны айт: жетінші айдың он бесінші күні Жаратқан Иеге арналған Күркелер мейрамы басталады; ол жеті күнге созылады.
Levi Kaz 23:35  Мейрамның бірінші күні — Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Сол күні еңбектеніп ешқандай жұмыс істеулеріңе болмайды.
Levi Kaz 23:36  Жеті күн бойы Жаратқан Иеге өртеу арқылы тартулар ұсынып, сегізінші күні де соны істеп, Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Сол күні еңбектеніп жұмыс істемеңдер!
Levi Kaz 23:37  Жаратқан Ие белгілеген мейрамдар осылар. Сол кездерде сендер бағышталған жиналыстар жариялаңдар және Оған арнап мына сый-тартуларды өртеу арқылы ұсыныңдар: шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар мен астық тартуларын, басқа құрбандықтар мен сұйық тартуларды. Бұлардың әрқайсысын белгіленген әр күні Жаратқан Иеге ұсынуларың қажет.
Levi Kaz 23:38  Осы мейрамдарды Жаратқан Ие белгілеген демалыс күндерінен басқа қосымша сақтауға тиіссіңдер. Сондай-ақ, бұл тартулар — сендер Жаратқан Иеге ұсынатын өзге де сый-тартулардан, әрі Оған ант еткен және өз еріктеріңмен беретін тартуларыңнан басқа, қосымша ұсынатын құрбандықтарың мен тартуларың.
Levi Kaz 23:39  Осылайша сендер елдің өнімін жинап болған соң, жетінші айдың он бесінші күнінен бастап жеті күн бойы Жаратқан Иеге арналған Күркелер мейрамын өткізіңдер. Оның бірінші күні мен сегізінші күні толықтай тынығатын демалыс күндері болсын.
Levi Kaz 23:40  Бірінші күні таңдаулы ағаштардың жемістерін, пальма бұтақшаларын әрі жапырағы мол өзге ағаштардың және өзен жағасындағы талдардың бұтақшаларын жинап, күркелер жасап алыңдар. Құдай Иелеріңнің алдында жеті күн бойы шаттана тойлаңдар.
Levi Kaz 23:41  Осы мейрамды Жаратқан Иенің құрметіне арнап жыл сайын жеті күн бойы өткізіңдер. Бұл — өздеріңе және келер ұрпақтарыңа берілген тұрақты ереже: мейрамды жетінші айда тойлауларың керек!
Levi Kaz 23:42  Жеті күн бойы бұтақшадан жасалған күркелерде тұрыңдар. Исраилдік болып туған әркім осыны істеуге тиіс.
Levi Kaz 23:43  Сонда сендердің келер ұрпақтарың да Менің Исраил халқын Мысырдан бастап алып шыққанда оларды күркелерде тұрғызғанымды білетін болады. Мен сендердің Құдайларың — Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 23:44  Осылайша Мұса исраилдіктерге Жаратқан Иенің тағайындаған мейрамдарын жариялап айтып берді.