Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
LUKE
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 14
Luke Kaz 14:1  Иса бір діни демалыс күні парызшылдар қауымының қайсыбір бастығының үйіне дәм татуға келгенде, бәрі Оны бақылап отырды.
Luke Kaz 14:2  Кенеттен Оның алдына шемен ауруына ұшыраған біреу келді.
Luke Kaz 14:3  Сонда Иса Таурат заңын үйретуші ғұламалар мен парызшылдарға мына сұрақты қойды:— Демалыс күні ауруды сауықтыруға бола ма?
Luke Kaz 14:4  Олар үндемегенде Иса әлгі адамға қолын тигізіп, оны сауықтырды да, өз жөніне жіберді.
Luke Kaz 14:5  Мұнан кейін жиналғандарға:— Егер біреуіңнің есегің немесе өгізің құдыққа түсіп кетсе, оны демалыс күні болса да, дереу шығарып алмас па едіңдер?! — деген сауал қойды.
Luke Kaz 14:6  Олар бұған қарсы ештеңе айта алмады.
Luke Kaz 14:7  Қонақтардың төрдегі құрметті орындарды таңдап алып жатқанын байқаған Иса соны мысалға алып, мынадай тәлім берді:
Luke Kaz 14:8  — Біреу сені тойға шақырғанда, төрдегі құрметті орынға жантая кетпе! Шақырылғандардың ішінде жолы сенен де үлкен біреу болуы мүмкін.
Luke Kaz 14:9  Онда екеуіңді шақырған үй иесі келіп, саған: «Мына кісіге орныңды бер», — дейді, ал сен ұялып, амалсыздан ең төменгі орынға барып отырасың.
Luke Kaz 14:10  Сондықтан қонаққа барғанда ең төменгі орынға отыр. Сонда үй иесі қасыңа келіп: «Досым, жоғары шық», — демек. Осылай дастарқандас болғандардың алдында мәртебең өсіп қалады.
Luke Kaz 14:11  Өйткені өзін-өзі жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен ұстаған жоғарылатылады.
Luke Kaz 14:12  Содан кейін Иса Өзін шақырған үй иесіне қарап былай деді:— Түскі немесе кешкі қонақасы бергенде дос, бауыр, туысқандарыңды, я болмаса бай көршілеріңді шақырма. Себебі олай етсең, олар да сені қонаққа шақырып, есесін қайтармақ.
Luke Kaz 14:13  Керісінше, той жасағанда дастарқаныңа жарлы-жақыбайларды, кемтар, ақсақ, соқырларды шақыр!
Luke Kaz 14:14  Олар саған есесін қайтара алмайтындықтан бақытты боласың. Әділдер қайта тірілетін қиямет күні саған соның есесі қайтарылатын болады, — деді.
Luke Kaz 14:15  Исамен бірге дастарқандас болғандардың бірі осыны естігенде Оған: «Құдайдың Патшалығындағы тойға қатысатындар бақытты!» — деді.
Luke Kaz 14:16  Иса оған астарлап былай деді: «Біреу үлкен қонақасын дайындап, көп адам шақырады.
Luke Kaz 14:17  Тамақ ішетін уақыт болғанда, шақырғандарына қызметшісін жіберіп былай дегізеді:— Келіңдер, барлығы дайын тұр!
Luke Kaz 14:18  Бірақ бәрі бірдей кешірім сұрап, біреуі:— Егіндік жер сатып алдым, соны барып көруім керек. Өтінемін, маған кешірім ете гөр! — десе,
Luke Kaz 14:19  келесі біреуі:— Бес пар өгіз сатып алып едім, соларды сынап жегіп көруге бара жатырмын. Өтінемін, мені кешір! — дейді.
Luke Kaz 14:20  Ал тағы біреуі:— Мен жаңа ғана үйленген едім, сондықтан бара алмаймын, — дейді.
Luke Kaz 14:21  Қызметшісі қайта оралып, мұны қожайынына айтып береді. Үй иесі қаһарланып, қызметшісіне:— Тез барып, қаланың үлкенді-кішілі көшелерін аралап, жарлы-жақыбайларды, кемтар, ақсақ, соқырларды алып кел! — деп бұйырады.
Luke Kaz 14:22  Кейінірек қызметшісі:— Мырза, бұйрығыңызды орындадым, бірақ әлі де бос орын бар, — дейді.
Luke Kaz 14:23  Ал қожайыны былай деп тапсырады:— Қаладан шығып, үлкен жолдарда әрі үйлердің айналасында жүргендерді шақырып, келуге көндір! Осылайша үйім толсын.
Luke Kaz 14:24  Сендерге шындығын айтамын: алдымен шақырылғандардың ешқайсысы да қонақасымнан ауыз тимейді!» (Неге десеңдер, шақырылғандар көп, ал таңдап алынғандар аз.)
Luke Kaz 14:25  Жолшыбай қарақұрым халық еріп келе жатқанда, Иса оларға бұрылып, былай деді:
Luke Kaz 14:26  — Кім Маған келіп, Мені әке-шешесінен, әйелі мен балаларынан, бауырларынан және өз өмірінен артық көрмесе, сол Менің шәкіртім бола алмайды.
Luke Kaz 14:27  Кім айқышын арқалаған кісідей өз мүддесінен бас тартып, тіпті азапты өлімге дайын болып Менің соңымнан еріп жүрмесе, сол Менің шәкіртім бола алмайды.
Luke Kaz 14:28  Сендердің біреуің бір мұнара салғысы келеді дейік. Сонда ол құрылысты аяқтауға қаражатының жетер-жетпесін білу үшін алдымен отыра қалып, кететін шығынды есептеп алады.
Luke Kaz 14:29  Ол солай етпесе, іргетасын қалағаннан кейін бастаған ісін аяқтай алмас еді. Мұны көргендердің бәрі:
Luke Kaz 14:30  «Мынаның құрылысты бастағанымен аяқтауына шамасы жетпеді, ә?!» — деп оны мазақтар еді.
Luke Kaz 14:31  Немесе бір патша басқа бір патшамен соғысатын болса, келе жатқан қарсыласының жиырма мың жасақшысына өзінің он мыңымен төтеп бере ала ма, жоқ па — алдымен отыра қалып, соны ақылға салмас па еді?
Luke Kaz 14:32  Шамасы келмейтін болса, ана патша әлі де алыста келе жатқан кезде оған елшілерін жіберіп, бітім шартын сұрар еді.
Luke Kaz 14:33  Сол сияқты, сендердің ешқайсың да бар нәрсеңнен бас тартпай Менің шәкіртім бола алмайсыңдар.
Luke Kaz 14:34  (Тағамды бұзылудан сақтау үшін) тұз пайдалы. Ал егер тұз өз күшінен айырылған болса, онысын қалай қалпына келтіруге болады?
Luke Kaz 14:35  Ол тіпті жер өңдеуге не қиға қосуға жарамсыз болып шыққандықтан, жұрт оны лақтырып тастайды.Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!