Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
PROVERBS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 4
Prov Kaz 4:1  Балалар, әке өсиетіне құлақ түріңдер,Парасатқа ықылас бөліп, меңгеріп алыңдар,
Prov Kaz 4:2  Өйткені мен сендерге игі тәлім беремін,Бас тартып кетпеңдер үйреткен өсиетімнен!
Prov Kaz 4:3  Өзім де әкемнің қасындағы ұлы болдым,Көзінің қарасы, шешемнің жалғызы едім.
Prov Kaz 4:4  Әрдайым былай деп әкем маған үйрететін:Жүрегіңе сөздерімді берік тоқып алғын,Өсиеттерімді орындап өмір сүргін.
Prov Kaz 4:5  Парасатқа ие болып, даналыққа кенелгін,Сөздерімді ұмытып, бас тартып жүрмегін.
Prov Kaz 4:6  Даналықтан безбе, сонда ол сені қорғайды,Ұдайы оны сүйсең, сені аман сақтайды.
Prov Kaz 4:7  Ең бастысы — даналық, даналыққа кенелгін,Қолыңдағы барыңмен парасатқа ие болғын.
Prov Kaz 4:8  Жоғары оны бағала, дәрежеңді көтерер,Айырылма одан, абыройыңды асырар.
Prov Kaz 4:9  Даналық басыңа шір таққандай көрік берер,Тәж орнатқан секілді құрмет-даңққа кенелтер.
Prov Kaz 4:10  Балам, зейін қойып сөзімді қабыл ал,Сонда сенің ғұмырың ұзақ болар.
Prov Kaz 4:11  Мен саған даналық жолын көрсетемін,Ұдайы сені тура жолмен жетелеймін.
Prov Kaz 4:12  Сол жолмен бөгелмей еркін жүресің,Жүгірсең де ешқашан сүрінбейсің.
Prov Kaz 4:13  Тәлімімнен мықтап ұстан, айырылып қалма,Шын өмірге жеткізеді, соны есіңде сақта.
Prov Kaz 4:14  Қылмыскерлер жолына аяғыңды салма,Зұлымдардың соқпағымен жүретін болма!
Prov Kaz 4:15  Бас тартып одан, әрқашан айналып өт,Бойыңды аулақ ұстап, бұрылып кет.
Prov Kaz 4:16  Зұлымдық істемей олар ұйықтай алмас,Біреуді құлатпай еш тыным таппас.
Prov Kaz 4:17  Оларға зорлық пен әділетсіздіктіІстеу тамақ ішкендей үйреншікті.
Prov Kaz 4:18  Әділдің жолы таң шапағы іспеттіТал түс болғанша жарқырай түседі.
Prov Kaz 4:19  Ал қылмыстының жолы түнекке ұқсайды,Ол неден сүрініп, құлағанын ұқпайды.
Prov Kaz 4:20  Балам, сөзімді жүрегіңе тоқып ал,Айтқандарыма мұқият құлақ сал.
Prov Kaz 4:21  Сөзімді назарыңнан тыс қалдырмай,Жүрегіңнің түкпіріне сақтап қой.
Prov Kaz 4:22  Шын өмір сыйлайды ол мәнісін тапқанға,Денсаулық береді оның тұла бойына.
Prov Kaz 4:23  Ең бастысы, таза сақта жүрегіңді,Өйткені ол — өміріңнің қайнар көзі.
Prov Kaz 4:24  Лайым аузыңнан өтірік шықпасын,Тілің жалғандықтан қашықтасын!
Prov Kaz 4:25  Алға қарай көзің тура қарасын,Алған бағыттан назарың таймасын,
Prov Kaz 4:26  Көңіл бөл жүретін жолыңа өзіңнің,Лайым берік болсын жолдарың сенің.
Prov Kaz 4:27  Алға басып, оңға-солға бұрылма,Аяғыңды жамандықтан аулақ ұста.