Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
PROVERBS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 1
Prov Kaz 1:1  Бұл жазбада Исраилдің патшасы Дәуіт ұлы Сүлейменнің нақыл сөздері берілген.
Prov Kaz 1:2  Нақыл сөздердің мақсаты мынау:Даналық пен тағылымды білдіріп,Парасатты сөздерді ұғындыру,
Prov Kaz 1:3  Әділдік, дұрыс іс, ақ ниетке бағыттап,Тәрбиелі, саналы өмірді иеленту,
Prov Kaz 1:4  Ақылы толмағанға ақыл беріп,Жастарға білім, саналылық сыйлау.
Prov Kaz 1:5  Саналы жан тыңдап, ақыл-кеңес табады,Дана жан біліміне білім қосады,
Prov Kaz 1:6  Осылай нақыл да астарлы сөздерді,Данышпан адамдар айтып кеткендердіҺәм олардың жұмбақтарын түсінеді.
Prov Kaz 1:7  Білімнің бастауы — Жаратқан ИеніТерең қастерлеп, Оған мойынсұну.Ал Құдайдан безген надандар болса,Елемейді даналық пен тәрбиені.
Prov Kaz 1:8  Балам, әкеңнің тәрбиесін тыңда,Шешең берген тәлімнен де бас тартпа!
Prov Kaz 1:9  Олар басыңдағы тәждей тамаша,Мойныңдағы моншақтай ұнамды да.
Prov Kaz 1:10  Балам, күнәкарлар еліктіргендеАйтқандарына сен ешқашан көнбе,
Prov Kaz 1:11  Олар сені шақырып былай десе:«Кәнеки, кеттік, біреуді аңдиық!Сол бір айыпсыздың жолын ториық,Аңдаусызда бас салып, қанын төгейік!
Prov Kaz 1:12  Сондайларды тып-типыл тонайық,Көрге түсіргендей түгел бітірейік.
Prov Kaz 1:13  Алуан асыл заттарға ие боламыз,Үйлерімізді олжаға толтырамыз.
Prov Kaz 1:14  Тәуекелге бізбен бірге бел байла,Бар байлығымыз ортақ болады сонда!»
Prov Kaz 1:15  Балам, мұндайлармен бірге жолға шықпа,Олардың жолдарына мүлдем жолама!
Prov Kaz 1:16  Қылмыс жасауға олар құлшынады,Қан төгуге асыға құмартады.
Prov Kaz 1:17  Ал тор құру құстардың көз алдындаҚұр бекер, пайдасыз іс болмай ма?
Prov Kaz 1:18  Сол адамдар өз жандарын аңдиды,Өздеріне тор құрып, соңында құриды!
Prov Kaz 1:19  Арам табысқа құмардың тағдыры сол:Дүниеқор иесін жалмайды ол.
Prov Kaz 1:20  Даналық көшелерде шақырады,Алаңдарда дауыстап жар салады,
Prov Kaz 1:21  Жұрт жиналған жерлерде даусы шығады,Қала қақпасы алдында уағыз айтады:
Prov Kaz 1:22  «Аңғалдар, қашанғы аңғалдықты сүйесіңдер,Мазақшылдар, қашанғы мазақтай бересіңдер,Ақымақтар, қашанғы білімді жек көресіңдер?
Prov Kaz 1:23  Кәне, менің тәрбиеме құлақ түріңдер!Сонда сендерге рухымды молынан төгемін,Айтатын сөздерімді түгел білдіремін.
Prov Kaz 1:24  Бірақ шақырсам да, тыңдаудан бас тарттыңдар,Құшағымды жайсам да, назар аудармадыңдар,
Prov Kaz 1:25  Ақыл-кеңесіме мүлдем ден қоймадыңдар,Ескертулерімді де қабылдамадыңдар!
Prov Kaz 1:26  Сол үшін қиналған кездеріңде күлемін,Үрейлерің ұшқанда келеке етемін.
Prov Kaz 1:27  Қорқыныш сұрапыл дауылдай соққанда,Зобалаң бастарыңа құйындай туғанда,Қайғыға ұшырап сендер тарыққанда.
Prov Kaz 1:28  Сонда естімеймін мұндайлар шақырғанмен,Мені таппайды шарқ ұрып іздегенмен,
Prov Kaz 1:29  Өйткені олар білімді жек көрген,Жаратқанды қастерлегілері келмеген,
Prov Kaz 1:30  Ақыл-кеңесімнен менің безіп кеткен,Бар ескертулерімді менсінбей жүрген.
Prov Kaz 1:31  Сондықтан олар істерінің жемісін жейді,Өз қулық-сұмдықтарына «кенеледі».
Prov Kaz 1:32  Аңғырттың қыңырлығы өзін күйретеді,Аңғалдың бейқамдығы өз түбіне жетеді.
Prov Kaz 1:33  Ал мені тыңдаған қауіпсіз тұрады,Еш пәледен қорықпай, алаңсыз болады».