Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JEREMIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 13
Jere Kaz 13:1  Жаратқан Ие маған: «Бар да, бәтес белбеу сатып алып, беліңе байлап ал! Бірақ оны суға малма», — деп тапсырды.
Jere Kaz 13:2  Мен Жаратқан Ие айтқандай белбеу сатып алып, беліме байлап алдым.
Jere Kaz 13:3  Жаратқан Ие маған екінші рет сөзін арнап:
Jere Kaz 13:4  «Сатып әкеліп, беліңе байлап алған белбеуіңді алып, Евфратқа бар да, оны сондағы бір жартастың жарығына тығып қой!» — деді.
Jere Kaz 13:5  Мен Жаратқан Иенің айтқанындай барып, белбеуді Евфратқа жақын бір жерге тығып қойдым.
Jere Kaz 13:6  Көп күннен кейін Жаратқан Ие маған: «Евфратқа қайтып бар да, сонда Өзім саған тығып қой деген жерден белбеуді қайтып әкел!» — деді.
Jere Kaz 13:7  Мен сол жерге қайта оралып, белбеуді тыққан жерімнен қазып алдым. Бірақ белбеу шіріп, түкке жарамай қалыпты.
Jere Kaz 13:8  Сонда Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 13:9  «Жаратқан Ие мынаны айтады: Дәл осылайша Мен Яһуданың тәкаппарлығын да, Иерусалимнің асқан өркөкіректігін де шірітіп құртамын!
Jere Kaz 13:10  Мына зұлым халық Менің айтқандарыма құлақ асудан бас тартады. Олар қасарысқан жүректерінің қалауларымен жүріп, бөгде тәңірлерге құлшылық етіп, соларға иіліп табынуда. Сондықтан олар осы белбеуге ұқсап түкке тұрғысыз болып қалады.
Jere Kaz 13:11  Өйткені белбеудің адам денесіне жабысып тұратынындай, Мен де Исраил мен Яһуданың бүкіл үрім-бұтағын Өзіме жақын тұрсын деп жаратқан едім. Олар атақ-даңқымды асырып, Өзім мақтан ететін таңдаулы халқым болсын дедім. Бірақ олар Мені мүлдем тыңдамай қойды.
Jere Kaz 13:12  Оларға мына сөздерді жеткізіп, былай де: Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Кез келген құмыраны сусынмен толтырады. Ал егер олар: «Әрбір құмыраның сусынмен толтырылатынын өзіміз де білеміз» десе,
Jere Kaz 13:13  оларға былай де: Жаратқан Иенің сендерге осымен айтпақ болғаны мынау: Біліп алыңдар, Мен елдің барлық тұрғындарын, Дәуіттің тағында отырған патшаларды да, діни қызметкерлер мен пайғамбарларды да, Иерусалимде тұрып жатқан күллі халықты да ішкен адамдай масайтамын.
Jere Kaz 13:14  Олардың әкесін де, баласын да бір-бірімен соқтығыстырып, ешқандай мейірім танытпаймын. Оларды есіркеп-мүсіркемеймін, көздерін құртуға аямаймын, — деп ескертеді Жаратқан Ие».
Jere Kaz 13:15  Құлақ түріп тыңдаңдар! Таңданып, кеуде көтермеңдер! Өйткені Жаратқан Ие сөйлеп тұр.
Jere Kaz 13:16  Тым кеш болмай тұрғанда Құдайларың Жаратқан Иенің алдында күнәларыңды мойындап, Оған құрмет көрсетіңдер! Әйтпесе Ол қыраттарды қараңғылыққа батырып, сендер жол жүргенде сүрініп жығыласыңдар. Сендер жарықты күткенде Ол оны көр іспетті қара түнекке айналдырады.
Jere Kaz 13:17  Сендер тыңдамасаңдар, мен тәкаппарлықтарыңа бола оңашада жылайтын боламын. Көз жасым көл болып ағады, себебі Жаратқан Иенің халқы тұтқындалып, айдалып кетеді.
Jere Kaz 13:18  Патша мен оның шешесіне мынаны жеткізіңдер: Тақтарыңнан түсіңдер, өйткені салтанатты тәждерің бастарыңнан құлап түсті.
Jere Kaz 13:19  Оңтүстіктегі Негев аймағының қалалары жабылып, қақпаларын ашатын ешкім болмайды. Себебі Яһуда халқы түгелдей басқа жаққа әкетіліп, бәрі де жер аударылатын болады.
Jere Kaz 13:20  Қамқорлығыңа тапсырылған отарың — сен мақтан тұтатын Яһуда халқы қайда, ей, Иерусалим?Көз салып, солтүстіктен келе жатқан жауларыңа қараңдаршы!
Jere Kaz 13:21  Сен өзіңе одақтас болуға машықтандырған оларды Жаратқан Ие үстіңнен билеуші етіп қояды. Сонда сен не айтасың? Уа, Иерусалим, толғатып жатқан әйелдей қиналмас па едің?
Jere Kaz 13:22  Осының бәрі менің басыма неліктен түсті деп іштей толғансаң, біліп қой: Жасаған ауыр күнәларыңның кесірінен жауыңның сені зорлап, абыройыңды төгуіне жол берілді.
Jere Kaz 13:23  Құштық адам терісінің қара түсін өзгерте ала ма? Қабылан үстіндегі дақтарын кетіре ала ма? Дәл солай жамандыққа әбден құныққан сендер жақсылық істей алмайсыңдар.
Jere Kaz 13:24  Уа, Иерусалим, құла түзден соққан желдің кебекті ұшырып әкететініндей, Мен де сенің тұрғындарыңды жан-жаққа шашыратып жіберемін.
Jere Kaz 13:25  Бұл сенің несібең, Мен өзіңе белгілеген үлесің. Өйткені Мені есіңнен шығарып, жалған тәңірлерге сенім арттың, — дейді Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 13:26  Сондықтан да абыройыңның төгілуіне Өзім түрткі боламын.
Jere Kaz 13:27  (Менімен жасаған Келісіміңе) опасыз жеңіл жүрісіңді, нәпсіқұмарлығың мен арам жезөкшелігіңді анық көріп келемін. Төбе бастарында әрі далада жалған тәңірлерге табынып, жексұрындық жасағаныңды да көріп жүрдім. Уа, Иерусалим, сен қасіретке қаласың! Қашанғы осы арам күйіңде болып, тазармайсың?