Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
LUKE
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 17
Luke Kaz 17:1  Иса шәкірттеріне тағы былай деді:— Адамдарды теріс жолға азғыратын жағдайлардың болатыны сөзсіз. Алайда олар кімнің кесірінен пайда болса, сол қасіретке қалады!
Luke Kaz 17:2  Оның мына жай кісілердің біреуін азғырып, теріс жолға түсіргенінше, мойнына дәу диірменнің тасы байланып, теңізге лақтырылғаны оған жақсырақ болар еді-ау!
Luke Kaz 17:3  Сондықтан сақтаныңдар!Егер бауырласың күнә жасаса, оған ескерт. Егер де өкініп, теріс жолдан қайтса, кешірім ет!
Luke Kaz 17:4  Ол тіпті күніне жеті рет саған қарсы күнә жасап, жеті рет келіп, «өкініп, теріс жолдан қайттым» десе, кешірім ет!
Luke Kaz 17:5  Сонда елшілері Иеміз Исадан:— Сенімімізді арттыра көріңіз, — деп өтінді.
Luke Kaz 17:6  Иеміздің жауабы мынау болды:— Сендердің тарының түйіріндей ғана сенімдерің болса, мына тұт ағашына: «Жерден тамырыңмен қопарылып, теңізге отырғызыл!» десеңдер, ол айтқандарыңды орындар еді.
Luke Kaz 17:7  Араларыңдағы біреудің жер жыртып не мал бағып жүрген малайы бар дейік. Малай даладан қайтып келгенде, қожайыны оған: «Тез келіп, дастарқанға отыра ғой!» дей ме?
Luke Kaz 17:8  Керісінше: «Кешкі тамағымды дайында! Мен ішіп-жеп болғанша, алжапқышыңды байлап алып, маған қызмет ет, содан кейін өзің ішіп-жерсің!» деп бұйырмай ма?
Luke Kaz 17:9  Ал бұйрықтарын орындағаны үшін қожайын малайына алғыс айта ма?
Luke Kaz 17:10  Сендер де солай, Құдайдың өздеріңе бұйырғандарының бәрін орындағаннан кейін: «Біз небәрі түкке тұрғысыз малаймыз, жай міндетімізді ғана атқардық» деңдер!
Luke Kaz 17:11  Иса Иерусалим қаласына сапар шегіп бара жатқанда Самария мен Ғалилея аймақтары арқылы жүрді.
Luke Kaz 17:12  Бір ауылға келгенде, Оған денесін алапес басқан он кісі кездесті. Олар алыстан тұрып,
Luke Kaz 17:13  қатты дауыстап:— Иса, Ұстаз, бізге қайырым қыла көріңіз! — деп жалынды.
Luke Kaz 17:14  Иса оларға назар аударып:— Діни қызметкерлерге барып, қаралыңдар! — деді. Олар сол жаққа бара жатқанда-ақ алапестен құлантаза сауығып кетті.
Luke Kaz 17:15  Солардың біреуі өзінің сауығып кеткенін көрген соң, қатты дауыстап Құдайға мақтау айтып қайтып келді де,
Luke Kaz 17:16  Исаның аяғына жығылып, Оған алғысын жаудырды. Ал бұл кісі самариялық болатын!
Luke Kaz 17:17  Иса сонда:— Сауыққандар он кісі емес пе еді, тоғызы қайда?
Luke Kaz 17:18  Құдайға мақтау айту үшін мына шетелдіктен басқа ешкім қайтып келмеді ме? — деп,
Luke Kaz 17:19  самариялыққа қарап: — Тұр да, жөніңе жүре бер. Сен сенімің арқылы құтқарылдың! — деді.
Luke Kaz 17:20  Парызшылдар Құдайдың Патшалығының қашан орнайтынын сұрағанда, Иса оларға былай деп жауап берді:— Құдайдың Патшалығының қашан орнайтынын адамдар алдын ала білмейді.
Luke Kaz 17:21  Сондай-ақ оны «Міне, мұнда!» не «Әне, анда!» деуге болмайды. Себебі Құдайдың Патшалығы сендердің жан дүниелеріңде, — деді.
Luke Kaz 17:22  Кейін Иса шәкірттеріне арнап былай деді:— Көктен келген Мені бір күн болса да көрсек деп аңсайтын уақыттарың келеді, бірақ сол кезде Мені көрмейсіңдер.
Luke Kaz 17:23  Кісілер сендерге: «Міне, Ол мұнда!», я «Әне, Ол анда!» дейтін болады. Оларға бармаңдар да, арттарынан ермеңдер де!
Luke Kaz 17:24  Өйткені найзағайдың жарқ етіп, аспанды о шетінен бұ шетіне дейін жарқыратып жіберетініндей, уақыты болғанда Менің Билеуші ретінде көктен қайтып келуім де (аяқ астынан және ап-айқын) болады.
Luke Kaz 17:25  Бірақ алдымен Өзімнің көп азап шегуім әрі қазіргі ұрпақтың Менен бас тартуы қажет.
Luke Kaz 17:26  Нұх пайғамбардың заманында жағдай қалай болған болса, Менің Билеуші ретінде көктен қайтып келетін кезімде де солай болады:
Luke Kaz 17:27  Нұх кемеге мінген күнге дейін адамдар (Құдайға мойынсұнбай) ішіп-жеп, әйел алып, күйеуге шығып өмір сүруде еді. Ал Нұх кемеге мінген соң, топан су басып, сол адамдардың бәрін де қырып салды.
Luke Kaz 17:28  Луттың заманында да солай болған: адамдар (Құдайға мойынсұнбай) ішіп-жеп, сауда-саттық жасап, егін егіп, үй салып өмір кешуде еді.
Luke Kaz 17:29  Бірақ Лут Содом қаласынан шыққан күні көктен от пен күкірт жауып, бәрін де қырып салды.
Luke Kaz 17:30  Мен Билеуші ретінде көктен келіп, ашық түрде көрінетін күні де тап солай болады!
Luke Kaz 17:31  Сол күні біреу үйінің жалпақ төбесінде отырып, заттары іште болса, ол үйге кіріп, соларын алып шықпастан, сыртқы сатымен төмен түсіп, дереу қашып құтылсын! Сондай-ақ, кім далада болса, үйіне қайтып бармастан, бірден қашып кетсін!
Luke Kaz 17:32  Луттың әйелімен болған жайтты естеріңе түсіріңдер!
Luke Kaz 17:33  Өмірін өзі үшін сақтауға тырысқан әркім одан айырылады, ал өмірін Құдай үшін қиған әркім оны мәңгі аман сақтап қалады.
Luke Kaz 17:34  Сендерге шын айтамын: сол заманда түнде төсекте жатқан екеудің біреуін періштелер қабыл алып, екіншісін қалдырып кетеді.
Luke Kaz 17:35  Олар бірге қол диірмен тартып отырған екі әйелдің де біреуін қабыл алып, екіншісін тастап кетеді.
Luke Kaz 17:36  (Сондай-ақ, олар егіндікте жүрген екеудің де біреуін қабыл алып, екіншісін қалдырып кетеді.)
Luke Kaz 17:37  Шәкірттері:— Мырза, бұл қай жерде болады? — деп сұрағанда, Иса астарлап мына жауапты берді:— «Жемтік қайда болса, күшігендер сонда жиылар». — (Сол сияқты, осы оқиғалардың қай жерде болғаны сол заманда бәріне айқын болады.)