Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
PROVERBS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 20
Prov Kaz 20:1  Шарап — қорлағыш, сыра — даурықтырғыш,Ішімдікке салынған әркім ақылсыз.
Prov Kaz 20:2  Патшаның қаһары — ақырған арыстан,Ашуын тұтатқан — басына пәле шақырған.
Prov Kaz 20:3  Жанжалға бармау адамға абырой болар,Ал ақымақ болса, жанжалға асығар.
Prov Kaz 20:4  Жалқау мезгілінде жерін жыртпас,Орақ кезі жеткенде өнім таппас.
Prov Kaz 20:5  Адамның ой-ниеті тұңғиық судай болар,Ақылды адам олардан сарқып алар.
Prov Kaz 20:6  Өз мейірімін көп адам мақтан тұтар,Ал шынымен адал жанды кім табар?
Prov Kaz 20:7  Әділ жан мінсіз өмір сүрер,Балалары жарылқауды иемденер.
Prov Kaz 20:8  Сот тағында отырған патшаларБар қылмысты көзбен сұрыптап шығарар.
Prov Kaz 20:9  Жүрегімді таза ұстап, күнәсіз жүрдімДеп тайсалмай айта алар еді кім?
Prov Kaz 20:10  Тең емес таразы, тең емес өлшем —Екеуін де жек көрер Тәңір Ием.
Prov Kaz 20:11  Істерін байқасаң баланың,Білесің мінезінің таза, дұрысын.
Prov Kaz 20:12  Еститін құлақ пен көретін көздіңЕкеуін де жаратты Тәңір Иең.
Prov Kaz 20:13  Ұйқышыл болма, тапшылыққа ұшырарсың,Қырағы болғын, тамаққа тойынарсың.
Prov Kaz 20:14  Сатып алушы затты «тым нашар» деп сынар,Ал былай шығып, арзанға алғанына мақтанар.
Prov Kaz 20:15  Алтын да бар, маржан да мол,Зерделі тіл — нағыз қазына сол.
Prov Kaz 20:16  Бөгдеге біреу кепіл болса,Шапанын шешіп алыңдар сонда,Кепілдік болсын бөгденің қарызына.
Prov Kaz 20:17  Адамның алдап тапқан наны тәтті,Ал кейін аузы құмға толы іспетті.
Prov Kaz 20:18  Ақылдасқан іс берік тұр,Соғысар алдында кеңес құр.
Prov Kaz 20:19  Өсек тасыған сырыңды ашар,Серігің болмасын сөзқұмар!
Prov Kaz 20:20  Әке-шешесін қарғағанныңЖанары қара түнекте сөнер.
Prov Kaz 20:21  Тым ерте иемденген мұралы еншіңСоңынан болмас шынайы берекең.
Prov Kaz 20:22  Зұлымдықтың кегін қайтарам деме,Тәңір Иеге тапсыр, Ол қолдайды сені.
Prov Kaz 20:23  Жаратқанға мүлдем ұнамсызы —Дәл емес өлшем тастары,Өте жаман да — жалған таразы.
Prov Kaz 20:24  Адамның қадамдарын Тәңір Ие белгілер,Онсыз адам жүрер жолын қайдан білер?
Prov Kaz 20:25  Тәңірге асыға өз меншігін бағыштау,Ал берген антына соңынан өкіну,Бұл — өзіне-өзі тұзақ құру.
Prov Kaz 20:26  Ақылды патша қылмыскерлерді анықтар,Кейін соларды талқандап жазалар.
Prov Kaz 20:27  Адамның рухы — Жаратқанның шырағы,Жүрек түкпірлерін зерттейді ол қырағы.
Prov Kaz 20:28  Мархабат пен ақиқат патшаны қорғайды,Мызғымас мейірімі оның тағын қолдайды.
Prov Kaz 20:29  Жастардың мақтанары — күш-қуаты,Қарттардың қадірі — ағарған шашы.
Prov Kaz 20:30  Соққының ізі адамды зұлымдықтан арылтар,Әділ жазасы жан дүниесін тазартар.