Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
LEVITICUS
Prev Up Next
Chapter 25
Levi Kaz 25:1  Жаратқан Ие Синай тауында Мұсаға тіл қатып былай деді:
Levi Kaz 25:2  — Исраил халқына мынаны айт: Мен сендерге бергелі тұрған елге еніп, иемденгеннен кейін оның жері де Жаратқан Иенің тағайындаған демалысын ұстанып әрбір жетінші жылы тынығуы керек.
Levi Kaz 25:3  Алты жыл бойы егістігіңе егін егіп, жүзімдігіңнің сабақтарын кесіп, өнімін жинаңдар.
Levi Kaz 25:4  Бірақ жетінші жылы жер тынықсын, ол — Жаратқан Иеге арналған тынығу жылы. Сол жылы егістіктеріңе еш нәрсе егуші болмаңдар, жүзімдіктеріңнің сабақтарын кеспеңдер.
Levi Kaz 25:5  Өздігінен өсіп шыққан өнімді қоймаларыңа жинамаңдар, сабақтары кесілмеген жүзімдіктеріңнің жүзім шоқтарын да жинаушы болмаңдар! Бұл жердің тынығатын жылы болсын.
Levi Kaz 25:6  Тынығу жылы өздігінен өсіп шыққан жер өнімі бәрің үшін — өздерің, қызметшілерің, жалшыларың және араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтар үшін де тамақ болады.
Levi Kaz 25:7  Малдарың да, елдегі жабайы аңдар да одан жей алады. Жерден өсіп шыққанның бәрі де азық болады.
Levi Kaz 25:8  Жеті рет жеті жылдан, яғни, жеті тынығу жылын санап шығыңдар, сонда жалпы саны қырық тоғыз жыл болады.
Levi Kaz 25:9  Сол қырық тоғызыншы жылдың жетінші айының оныншы күні керней тартыңдар. Осы күні, демек, халықты күнәларының арамдығынан тазарылу күні, бүкіл ел көлемінде керней тартыңдар!
Levi Kaz 25:10  Елуінші жылды Құдайға ерекше бағышталған деп қастерлеңдер! Сонда елдің барлық тұрғындарына бостандық жариялаңдар! Бұл жыл — сендерге арналған Мереке жылы. Әрқайсыларың өз руларыңа, ата-бабаларыңнан қалған мұралық жерлеріңе қайтып келіп, оны иемденіңдер.
Levi Kaz 25:11  Елуінші жыл сендерге арналған Мереке жылы болады. Сендер екпеңдер де, өздігінен өсіп шыққан өнімді қоймаларыңа жинамаңдар да, сабақтары кесілмеген жүзімдіктеріңнің жүзім шоқтарын да жинамаңдар.
Levi Kaz 25:12  Себебі бұл — Мереке жылы, сендер оны Жаратқан Иеге ерекше бағышталған деп қастерлеңдер. Тек егістіктен өздігінен өсіп шыққан өніммен ғана тамақтаныңдар.
Levi Kaz 25:13  Осындай Мереке жылында әрқайсыларың, ата-бабаларыңнан қалған мұралық жерлеріңе қайтып келіп оны иемденіңдер.
Levi Kaz 25:14  Егер жеріңді бір ұлттасыңа сататын немесе одан сатып алатын болсаң, қулық-сұмдық жасаушы болма.
Levi Kaz 25:15  Жерді сатып алғанда оның құнын соңғы Мереке жылынан бері өткен жылдардың санына сай белгілеңдер. Сатушы келесі Мереке жылына дейін қалған өнім жинайтын жылдардың санына сәйкес бағасын анықтасын.
Levi Kaz 25:16  Егер келесі Мереке жылына дейін әлі көп жыл қалған болса, жердің бағасы қымбаттау болсын, ал егер азғана жыл қалған болса, бағасы арзандау болсын. Себебі сатылып жатқан — жердің өзі емес, тек одан белгілі жылдар бойы жиналатын өнім ғана.
Levi Kaz 25:17  Бір-біріңе қулық-сұмдық жасаушы болмаңдар, Құдайларыңды терең қастерлеңдер! Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 25:18  Менің ережелерім мен шешімдерімді сақтап орындаңдар, сонда елде аман-есен тұратын боласыңдар.
Levi Kaz 25:19  Жер өнімін беріп, сендер тамақты тоя жеп, аман-есен тұрмыс кешесіңдер.
Levi Kaz 25:20  Ал сендер: «Жетінші жылы егін егуге де, жинауға да болмағанда күнімізді қалай көреміз?» деп сұрарсыңдар.
Levi Kaz 25:21  Онда айтарым мынау: алтыншы жылы егіндіктеріңді молынан жарылқаймын, сонда сол жылы шыққан өнімнің өзі үш жылға жететіндей ағыл-тегіл болады.
Levi Kaz 25:22  Сегізінші жылы егін еге бастаған кездеріңде әлі де алтыншы жылдың өнімімен күн көріп, тоғызыншы жылдың өнімі жиналып жатқан кезге дейін соны тамақ ететін боласыңдар.
Levi Kaz 25:23  (Естеріңнен шығармаңдар:) Жерді мүлдем қайтарылмайтындай етіп біржола сатып жіберуге болмайды, себебі елдің жері Менікі, ал өздерің Менің қасымда қоныстанушы жат жұрттық кірме іспеттісіңдер.
Levi Kaz 25:24  Өздеріңе тиген бүкіл ел бойынша сатылып кеткен жерлерді қайта сатып алуға жағдай жасауларың керек.
Levi Kaz 25:25  Егер ұлттастарыңның бірі кедейленіп, өз жерінің бір бөлігін сатып жіберсе, сол кісінің ең жақын туысқаны сатылған жерді қайта сатып алуы керек.
Levi Kaz 25:26  Ал егер адамның мұндай туысқаны болмаса, бірақ өз әл-ауқаты көтеріліп, сол жерді өзі сатып алуға жеткілікті қаржы тапса,
Levi Kaz 25:27  онда сол жердің сатылып кеткен кезінен бері өткен жылдарды санап, жердің қалған құнын анықтасын. Бұрынғы иесі жерін сатып алған адамға оның қалған құнын төлеп бергеннен кейін ғана өзінің жерін қайтадан иемдене алады.
Levi Kaz 25:28  Ал егер ол жерін қайтарып алуға қаражат таба алмаса, сатып жіберген жері жаңа иесінің қарамағында келесі Мереке жылына дейін қала береді. Сол жыл жеткенде, сатылған жердің бұрынғы иесі оған қайтып келіп иемденеді.
Levi Kaz 25:29  Ал егер біреу бекітілген қала ішіндегі үйін сатса, оны содан кейінгі жылдың аяғына дейін қайта сатып алуына болады. Сол мерзімнің ішінде ол сатып жіберген үйінің құнын өтеп оны қайтарып алуға құқықты.
Levi Kaz 25:30  Ал егер ол сатып жіберген үйін содан кейінгі толық бір жылдың ішінде қайта сатып алмаса, онда үй жаңа иесінің және оның ұрпақтарының тұрақты меншігіне біржола ауысады. Мереке жылы да ол үй бұрынғы иесіне қайтарылмайды.
Levi Kaz 25:31  Ал бекініссіз ауылдық жердегі үйлерге егістік жер іспетті қарау керек. Соларды қайта сатып алу құқығы сақталады. Келесі Мереке жылында сол үй алғашқы иесіне қайтарылады.
Levi Kaz 25:32  Ал леуіліктерге келсек, олар өздеріне бөлінген қалалардағы үйлерін қайта сатып алуға әрқашан құқықты болады.
Levi Kaz 25:33  Сонымен, егер леуіліктердің біреуі өздеріне тиісті қалалардың біріндегі үйін сатып жіберсе, оны өзінің немесе басқа бір леуіліктің қайтарып алуына болады. Әйтпесе үйі Мереке жылында қайтарылуы керек. Себебі леуіліктердің қалаларындағы үйлері — өзге исраилдіктердің арасындағы олардың мұралық меншіктері.
Levi Kaz 25:34  Ал леуіліктерге бөлінген қалалардың маңындағы жайылым жерлерді сатуға мүлдем болмайды. Бұлар — олардың мәңгілік иеліктері.
Levi Kaz 25:35  Егер қасыңдағы исраилдік бауырласыңның біреуі кедейленіп, өздігінен күнін көре алмай қалса, оның бұдан кейін де араларыңда бірге тұра беруі үшін, жат жұрттық пен келімсекке көмектескеніңдей, оған да көмектес.
Levi Kaz 25:36  Одан (орынсыз) пайда тауып, өсім алушы да болма, қайта, Құдайды қастерлеп бауырласыңның бұдан былай да араларыңда тұра беруіне жағдай жаса.
Levi Kaz 25:37  Оған қарыз бергенде өсім талап етпе, азық-түлікті пайда табу үшін қымбатқа сатпа!
Levi Kaz 25:38  Мен сендерге Қанахан елін сыйлап, өз Құдайларың болу үшін сендерді Мысыр елінен алып шыққан Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 25:39  Егер исраилдік бауырластарыңның бірі кедейленіп, өзін саған басыбайлы қызметшің болуға сатса, оған құл іспетті ауыр жұмыс істетпе.
Levi Kaz 25:40  Оған жалдамалы жұмысшыға немесе еліңде тұрып жатқан жат жұрттыққа қарағандай жақсы қара. Ол саған келесі Мереке жылына дейін қызмет етеді.
Levi Kaz 25:41  Сол жыл келгенде, оның өзіне және бала-шағасына бас бостандығын бер. Ол өз руына, ата-бабаларына бөлінген мұралық жерге қайтып барады.
Levi Kaz 25:42  Исраилдіктер Өзімнің Мысыр елінен алып шыққан қызметшілерім. Оларды құл сияқты сатуға болмайды.
Levi Kaz 25:43  Қызметшілеріңе аяусыз, қатал билік жүргізбе, қайта, Құдайыңды терең қастерле!
Levi Kaz 25:44  Құл-күңдерің айналаларыңдағы өзге халықтардан болсын. Құлдарыңды солардың арасынан сатып ал.
Levi Kaz 25:45  Сондай-ақ, құлдарды елдеріңде уақытша тұрып жатқан жат жұрттықтардан және олардың елдеріңде туған ұрпақтарынан сатып алыңдар. Олар сендердің басыбайлы құлдарыңа айналады.
Levi Kaz 25:46  Оларды өмір бойы құл етіп, өзіңнен кейінгі бала-шағаңа мұра етіп қалдыруларыңа да болады. Бірақ бауырлас исраилдіктерге аяусыз, қатал билік жүргізбеңдер!
Levi Kaz 25:47  Егер өте кедейленген бір исраилдік бауырласың өзін еліңде тұрып байып алған жат жұрттыққа не соның әулетінің бір ұрпағына басыбайлы қызметші болуға сатса,
Levi Kaz 25:48  осы исраилдіктің де құнын төлеп, оны босату құқығы сақталып қала береді. Исраилдік қызметшінің туысқандарының бірі:
Levi Kaz 25:49  ағасы, ағасының баласы немесе кез келген жақын туысқаны оның құнын төлеп азат етуге құқықты. Не болмаса, егер жағдайы түзелсе, бұл исраилдіктің өзі де құнын төлеп азат бола алады.
Levi Kaz 25:50  Ол өзін сатып алған адаммен бірге өзінің қызметші болған кезінен бастап келесі Мереке жылына дейінгі қалған жылдарды санасын. Осы жылдар ішінде бір жалдамалы қызметшіге төленетін жалақы осы исраилдіктің босатылуының құны болады. Оның азат болуы үшін осы құн төленсін.
Levi Kaz 25:51  Егер Мереке жылына дейін әлі көп жыл қалған болса, оның сатылғандағы құнының басым бөлігі төленсін.
Levi Kaz 25:52  Ал егер оған дейін азғана жыл қалған болса, онда сол жылдардың санына сай құны да аз төленсін.
Levi Kaz 25:53  Жат жұрттық қожайыны ондай адамға қызмет еткен жылдарының бәрінде жалшыға қарағандай қарасын. Оның сендердің көз алдарыңда исраилдік қызметшісіне аяусыз, қатал билік жүргізуіне жол бермеңдер!
Levi Kaz 25:54  Егер исраилдік басыбайлы қызметші осы жолмен құнын төлеу арқылы азат етілмесе, Мереке жылында оның өзі де, бала-шағасы да бас бостандығына ие болады.
Levi Kaz 25:55  Себебі исраилдіктер Маған қызмет етеді. Олар Өзімнің Мысыр елінен алып шыққан қызметшілерім. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.