Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOB
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 34
Job Kaz 34:1  Еліху сөзін әрі қарай сабақтап былай деді:
Job Kaz 34:2  — Уа, парасатты ағалар, сөздерімді тыңдаңыздар. Түсінігі терең сіздер, маған құлақ ассаңыздар екен.
Job Kaz 34:3  Өйткені тілдің тамақтың дәмін ажырататыны сияқты, адамның құлағы да сөздерді тексеріп ажыратады.
Job Kaz 34:4  Осылайша бір дұрыс шешімге келейік, ненің игі екенін арамызда анықтап алайық.
Job Kaz 34:5  Себебі Әйүп аға: «Мен жазықсызбын, ал Құдай мені өзіме тиісті құқығымнан айырды.
Job Kaz 34:6  Менікі дұрыс болса да, өтірікшідей болып көрініп отырмын. Еш жазығым болмаса да, Оның жебесі тиіп, жазылмайтын жара салуда!» деп шағымданып отыр.
Job Kaz 34:7  Алайда Әйүп аға сияқты келекелеуге әбден бейім тағы басқа адам бар ма екен, сірә?
Job Kaz 34:8  Ол қылмыс істеушілермен серіктес болып, зұлымдармен бірге жүретін.
Job Kaz 34:9  Өйткені ол: «Адамның Құдайды риза қылуынан ешқандай пайда жоқ!» деді ғой!
Job Kaz 34:10  Сондықтан тыңдаңыздаршы, уа, зор парасат иелері! Зұлымдық атаулы Құдайдан тым алшақ, әділетсіздік атаулы құдіреті шексіз Тәңірден әбден аулақ!
Job Kaz 34:11  Себебі Тәңір Ие пендеге істеген іс-әрекетіне сай қарымтасын қайтарады, әрі жүрген жолдарына сәйкес оған есесін қайырады.
Job Kaz 34:12  Иә, шынымен Құдай ешқандай зұлымдық істемейді, құдіреті шексіз Тәңір ақиқатты бұрмаламайды!
Job Kaz 34:13  Кім Оны барлық әлемнің үстінен тағайындаған? Бүкіл дүниенің үстінен билікті Оған кім берді? (Ешкім де!)
Job Kaz 34:14  Егер Ол өз рухын Өзіне қайтарып, тіршілік лебін қайтып алуды шешсе,
Job Kaz 34:15  онда бар адамзат бірден құрып, пенде атаулы топыраққа қайта айналар еді.
Job Kaz 34:16  Ақылыңыз болса, мынаны тыңдап, айтар сөздеріме құлақ түрсеңіз екен:
Job Kaz 34:17  Егер Құдай әділдікті жек көрсе, билік жүргізе алар ма еді?! Әділ де құдіретті Құдайды айыпты дей аласыз ба?!
Job Kaz 34:18  Керісінше, патшаларға: «Сен түкке тұрмайтын күнәкарсың!» әрі әміршілерге: «Сендер зұлымсыңдар!» деп үкім шығаратын Соның Өзі емес пе?!
Job Kaz 34:19  Ол билеушілердің бет-жүзіне қарамайды. Байды кедейден артық көрмейді, себебі екеуін де Өзі жаратқан.
Job Kaz 34:20  Олар аяқ астынан өліп, түн ортасында қайтыс болады. Адамдар шайқалып, құрып кетеді. Құдай мықтыларды да ешбір адамға қол жұмсатқызбастан-ақ ғайып қылады.
Job Kaz 34:21  Тәңір әрқашан да пенденің істеріне назар аударады. Оның басқан әрбір қадамын Ол көріп отырады.
Job Kaz 34:22  Зұлымдық істеушілер бас сауғалап құтыла алатындай қараңғылық та, қара түнек те болмайды.
Job Kaz 34:23  Өзінің Құдай алдына барып, сотталатын уақытын пенде белгілемейді.
Job Kaz 34:24  Қайта, Құдай мықты күнәкарларды ешкіммен ақылдаспай-ақ құртып, орындарына басқаларды қоя салады.
Job Kaz 34:25  Шынында Ол солардың істерін біледі. Оларды бір түнде-ақ астан-кестен қылып, талқандайды.
Job Kaz 34:26  Құдай сондайларды зұлымдықтары үшін бәрінің көзінше жазалайды.
Job Kaz 34:27  Өйткені олар Оның тура жолынан бұрылып кетіп, Оның еркіне мүлдем көңіл бөлмеді.
Job Kaz 34:28  Олардан қорлық көрген жарлылар жалбарына көмек сұрап, Құдай сол қаналғандардың айқайларына құлақ асты.
Job Kaz 34:29  Бірақ егер Құдай үнсіз қала беретін болса, Оны кім айыптай алады? Егер Ол өз жүзін жасырса, кім Оны көре алады? Ол жеке адам мен біртұтас ұлттың екеуінен де жоғары.
Job Kaz 34:30  Құдай арсыз адамның билік жүргізіп, бүкіл халықты бақытсыздыққа ұшыратуын тоқтатады.
Job Kaz 34:31  Адамның Құдайға: «Мен күнә жасап келемін. Бірақ бұдан былай олай етпеймін» деп мойындауы керек.
Job Kaz 34:32  Оның: «Өзімнің неліктен айыпты болғанымды білмей жатырмын, соны көрсете гөр! Егер де әділетсіздік істеген болсам, енді қайтып оны істемеймін!» дегені де игі.
Job Kaz 34:33  Уа, Әйүп аға, Құдай Өзінің талаптарын сіздің ойыңыз бойынша өзгертуге тиіс пе?! Шешімді мен емес, өзіңіз қабылдаңыз! Сондықтан нені білсеңіз, соны айта беріңіз.
Job Kaz 34:34  Парасатты адамдар және мені тыңдап отырған данышпандар маған:
Job Kaz 34:35  «Әйүп өзі білмейтін нәрсе жайлы айтып отыр, оның сөздерінің жаны жоқ!» дер еді.
Job Kaz 34:36  Зұлым адам сияқты сөйлегені үшін Әйүп толықтай тексеріліп сыналса ғой!
Job Kaz 34:37  Өйткені ол жасаған күнәсіне тағы бағынбаушылықты да қосты. Сондай-ақ, біздің арамызда өз-өзін мақтап қолын шапалақтап, Құдайға қарсы сөздерін көбейтіп отыр.