Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
MATTHEW
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 13
Matt Kaz 13:1  Сол күні кейінірек Иса үйден шығып, көл жағасына барып отырды.
Matt Kaz 13:2  Қасына жиналған халықтың көп болғаны сонша, Иса қайыққа мініп, соған жайғасты. Ал барша халық жағалауда тұрды.
Matt Kaz 13:3  Иса оларға мынау сияқты астарлы әңгімелермен көп тәлім беріп былай деді: «Бір диқан тұқым себуге шығыпты.
Matt Kaz 13:4  Ол сеуіп жүргенде дәндердің кейбіреулері жол бойына түсіп қалады. Құстар ұшып келіп, шоқып жеп қояды.
Matt Kaz 13:5  Біраз тұқым топырағы аз тастақ жерге түседі. Топырақ жұқа болғандықтан, тұқым тез көктеп шығады.
Matt Kaz 13:6  Алайда күн шыққан соң күйіп, тамыр жая алмағандықтан қурап қалады.
Matt Kaz 13:7  Тағы басқа дәндер тікен арасына түседі. Тікендер қаулап, оларды тұншықтырып, өсірмей тастайды.
Matt Kaz 13:8  Ал өзге тұқымдар құнарлы топыраққа түседі. Бұлардың біразы жүз, басқалары алпыс, бірқатары отыз еседен өнім береді.
Matt Kaz 13:9  Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!»
Matt Kaz 13:10  Шәкірттері Исаның қасына келіп:— Халыққа сөзіңізді арнағанда неге астарлы әңгімелер айтасыз? — деп сұрағанда,
Matt Kaz 13:11  Оның жауабы мынадай болды:— Құдай өз Патшалығы туралы сырларды білуді оларға емес, сендерге ғана бұйырған.
Matt Kaz 13:12  Өйткені кімде (біраз түсінік) бар болса, соған тағы да беріліп, онікі асып-тасып кетеді. Ал кімде жоқ болса, оның өзімде бар дегені де одан алынып қойылады.
Matt Kaz 13:13  Мен бұларға астарлап айтамын, өйткені олар көріп тұрса да, шынымен көрмейді, естіп тұрса да, шынымен естімейді де, түсінбейді де.
Matt Kaz 13:14  Осылайша Ишая пайғамбардың алдын ала айтқан мына тәрізді сөздері олардың өмірінде жүзеге асады: Естисіңдер, бәрібір түсінбейсіңдер, көресіңдер, бәрібір аңғармайсыңдар!
Matt Kaz 13:15  Өйткені бұл халықтың жүректері қасарысқан сезімсіз, құлақтары керең, көздері жұмылған. Әйтпесе олар көздерімен көріп, құлақтарымен естіп, жүректерімен түсініп, теріс жолдарынан қайтар еді. Сонда Мен оларды рухани дертінен сауықтырар едім!
Matt Kaz 13:16  Ал сендер бақыттысыңдар: көздерің көреді, құлақтарың естиді.
Matt Kaz 13:17  Сендерге шындығын айтайын: көптеген пайғамбарлар да, өзге әділ адамдар да сендер көріп жүрген нәрселерді көргілері келді, бірақ көре алмады, сендер естіп жүрген сөздерді естігілері келді, бірақ ести алмады.
Matt Kaz 13:18  Енді тұқым сепкен диқан туралы әңгіменің мағынасын тыңдаңдар:
Matt Kaz 13:19  біреу Патшалық туралы Ізгі хабарды естіп, түсінбесе, лезде әзәзіл шайтан келіп, сол адамның жүрегіне себілген бұл сөздерді ұрлап алып кетеді. Жол бойына түскен тұқым — осы.
Matt Kaz 13:20  Ал тастақ жерге себілгені мынаны көрсетеді: адам Ізгі хабарды естіген бойда оны қуанышпен қабылдайды,
Matt Kaz 13:21  бірақ тамыр жаймағандықтан берік болмайды. Ізгі хабарға бола басына азап не қуғын түскенде, дереу сенімінен безіп кетеді.
Matt Kaz 13:22  Тікен арасына себілген дәндер болса, мынаны білдіреді: біреу Ізгі хабарды естиді. Алайда бұ дүниелік тұрмыс қамын ойлап абыржып, байлыққа алданады. Осылайша Ізгі хабар ескерусіз қалып, өнім бермейді.
Matt Kaz 13:23  Ал құнарлы топыраққа себілген тұқым болса, мынаны бейнелейді: адам Ізгі хабарды тыңдап, түсініп, өнімді болады. Ол жүз, алпыс немесе отыз еседен өнім береді.
Matt Kaz 13:24  Иса халыққа тағы басқа бір астарлы әңгімені айтып берді: «Құдай Патшалығының орнауы мынаған ұқсайды. Бір адам егіндігіне жақсы тұқым себеді.
Matt Kaz 13:25  Жұрт ұйықтап жатқанда дұшпаны келіп, бидай арасына бидайықтың тұқымын шашып кетеді.
Matt Kaz 13:26  Бидай көктеп шығып, дән жинай бастағанда, әлгі арам шөп те өсіп шығады.
Matt Kaz 13:27  Сонда қызметшілері егіндіктің иесіне келіп:— Мырза, жеріңізге сепкеніңіз жақсы тұқым емес пе еді? Онда бидайық қайдан шыққан? — деп сұрайды.
Matt Kaz 13:28  Ол:— Мұны істеген дұшпан кісі, — деп түсіндіреді.— Ендеше біздің сонда барып, отап тастауымызды қалайсыз ба?
Matt Kaz 13:29  — Жоқ, — деп жауап береді қожайын, — сендер бидайықты отаймыз деп, бидайды бірге жұлып тастарсыңдар.
Matt Kaz 13:30  Орылғанша бірге өсе берсін. Ал орақ кезінде егін жинаушыларға: Өртеп жіберу үшін алдымен арам шөптерді баулап, жиып алыңдар, ал бидайды жинап, қамбама құйыңдар! — деп бұйырамын».
Matt Kaz 13:31  Иса халыққа тағы мына астарлы әңгімені де айтып берді: «Құдай Патшалығы бір адамның егістігіне еккен қыша дәніне ұқсас:
Matt Kaz 13:32  қыша дәні басқа тұқымдардан гөрі майда болса да, өскенде барлық дәнді дақылдардан биік болып шығып, бұтаға айналады. Сонда бұтақтарына құстар ұшып келіп, паналайды».
Matt Kaz 13:33  Иса оларға астарлап келесі бір әңгімені де айтып берді: «Құдай Патшалығын ашытқымен де салыстыруға болады: әйелдер үш астау ұнға аздаған ашытқы қосып, араластырған соң, ол барлық қамырды ашытып, көтереді».
Matt Kaz 13:34  Мұның бәрін Иса халыққа астарлы әңгімелермен айтты. Оларға еш нәрсені де астарсыз уағыздамады.
Matt Kaz 13:35  Осылай Құдайдың пайғамбар арқылы айтқан мына тәрізді сөздері жүзеге асты: «Астарлы әңгімелерді айтамын, Әлем жаратылғаннан бері бар құпияларды ашамын».
Matt Kaz 13:36  Бұдан кейін Иса халықты таратып, үйге кірді. Қасына келген шәкірттері: «Егіндіктегі арам шөп туралы астарлы әңгімені түсіндіріңізші», — деп өтінген соң,
Matt Kaz 13:37  Иса оларға былай деді: «Жақсы тұқым сепкен — көктен келген Билеуші.
Matt Kaz 13:38  Егіндік — осы дүние, жақсы тұқым — Құдай Патшалығының адамдары, ал бидайық — әзәзілдің адамдары.
Matt Kaz 13:39  Сол арам шөптің тұқымын шашқан дұшпан — әзәзіл шайтан, орақ кезі — ақырзаман, ал орушылар — періштелер.
Matt Kaz 13:40  Жұрттың арам шөптерді жинап, өртеп жіберетіні сияқты, ақырзаманда да солай болады:
Matt Kaz 13:41  көктен келген Билеуші Өзінің періштелерін жібереді. Олар азғындық пен заңсыздық жасайтын адамдардың бәрін Оның Патшалығынан жинап алып,
Matt Kaz 13:42  жанып тұрған ошақ іспетті тозақ отына лақтырмақ. Сонда олар зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады-ау!
Matt Kaz 13:43  Ал әділдер көктегі Әкелерінің Патшалығында күн сәулесіндей жарқырайтын болады. Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!»
Matt Kaz 13:44  «Құдай Патшалығын егіндік жерге көмілген қазынаға да ұқсатуға болады. Соны тауып алған адам қазынаны қайтадан көміп тастап, қуанғанынан өзіндегі барды түгел сатып жіберіп, егіндікті сатып алады.
Matt Kaz 13:45  Құдай Патшалығы мынаған да ұқсайды: бір саудагер асыл інжу-маржан іздеп жүріп,
Matt Kaz 13:46  аса құнды біреуін тауып алады. Сонда ол өзінде бардың бәрін түгел сатып, сол асыл інжуге ие болады.
Matt Kaz 13:47  Құдай Патшалығын көлге тасталғанда әр түрлі балықтар түсетін аумен де салыстыруға болады.
Matt Kaz 13:48  Ау толғанда оны жағаға шығарып, отыра қалып, балықтың жақсыларын ыдысқа жинап алып, нашарларын лақтырып тастайды.
Matt Kaz 13:49  Ақырзаманда да осылай болмақ: періштелер келіп, жамандарды әділдерден ажыратып,
Matt Kaz 13:50  жанып тұрған ошақ іспетті тозақ отына лақтырады. Сонда олар зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады», — деп сөзін аяқтаған
Matt Kaz 13:51  Иса:— Мұның бәрін түсіндіңдер ме? — деп сұрады. Шәкірттері:— Иә, түсіндік, — деп жауап берді.
Matt Kaz 13:52  Иса:— Сонымен Құдай Патшалығы туралы тәлім алып, Киелі жазбаларды оқытушы әрбір ғұлама өз қазынасынан жаңасын да, көнесін де шығарып отырған үй иесіне ұқсайды, — деп тұжырымдады.
Matt Kaz 13:53  Иса осы астарлы әңгімелерді айтып болғаннан кейін сол жерден кетіп қалды.
Matt Kaz 13:54  Өзінің өскен жеріне келіп, ондағы мәжілісханада жамағатқа тәлім берді. Олар Оған қатты таңданып, өзара былай десті:— Бұған мұндай даналық пен құдірет қайдан біткен?
Matt Kaz 13:55  Өзі ағаш ұстасының Баласы емес пе? Шешесінің аты — Мәриям, ал інілері — Жақып, Жүсіп, Шимон, Яһуда.
Matt Kaz 13:56  Қарындастарының бәрі де арамызда тұрады ғой. Сонда мұның бәрі Бұған қайдан біткен, ә?
Matt Kaz 13:57  Олар қызғаныштан Исаны көре алмай, ашуланды. Ал Иса оларға қарап:— Өз ел-жұрты мен үй ішінен өзге жерде пайғамбар қадірсіз болмас, — деді.
Matt Kaz 13:58  Олардың сенбеушілігіне бола Иса сол маңайда көп кереметтер жасаған жоқ.