Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOEL
Up
1 2 3
Chapter 1
Joel Kaz 1:1  Мұнда Жаратқан Иенің Петуел ұлы Жоелге арнаған сөзі берілген.
Joel Kaz 1:2  Тыңдаңдар мынаны, уа, ақсақалдар, құлақ салыңдар, уа, елдің күллі тұрғындары! Өз бастарыңнан өткен күндерде не ата-бабаларыңның заманында мұндай нәрсе болып па еді?
Joel Kaz 1:3  Бұл туралы хабарды балаларыңа айтыңдар, балаларың немерелеріңе, ал немерелерің шөберелеріңе жеткізсін!
Joel Kaz 1:4  Шегірткенің құрттарынан қалғанды шегірткелер жеді, шегірткелерден қалғанды басқа құрттар жеді, ал одан қалғанды қоңыздар жеп тауысты.
Joel Kaz 1:5  Ояныңдар, уа, маскүнемдер, еңіреп жылаңдар! Ей, шарап ішетіндердің бәрі де, тәтті шарапты жоқтап зарлаңдар, өйткені енді содан құр қалдыңдар!
Joel Kaz 1:6  Себебі Менің еліме бір «халық» басып кірді, олар күшті әрі қисапсыз көп, ал тістері — арыстанның тістеріндей, тырнақтары — ұрғашы арыстанның тырнақтарындай күшті де өткір.
Joel Kaz 1:7  Сол «халық» Менің жүзім бұталарымды ойрандады, інжір ағаштарымның бұтақтарын сындырып, жемістерін жұлып тастап, бұтақтары ағарып қалды.
Joel Kaz 1:8  Атастырылған күйеуін жоқтап, азалы киім киіп тұрған қыздай зарлап жылаңдар!
Joel Kaz 1:9  Жаратқан Иенің киелі үйінде жұрт астық әрі сұйық тартуларын ұсынбайтын болды. Соған Жаратқан Иеге ғибадат етуші діни қызметкерлер қайғыруда.
Joel Kaz 1:10  Егіндіктер ойрандалған, қара жер қайғырып жатыр, өйткені қуаңшылықтан егін құрып, жүзімдер суалып, зәйтүн жемістері піспей солып қалды.
Joel Kaz 1:11  Күдерлеріңді үзіңдер, уа, егіншілер, зарлаңдар, уа, жүзімшілер! Өйткені далада жинайтын өнім қалмады.
Joel Kaz 1:12  Жүзім бұталары қурап, інжір ағаштары солып қалды, анар, құрма, алма, даладағы барлық ағаштар да қурап қалды. Содан адамдар да қуаныштан ада болды.
Joel Kaz 1:13  Уа, діни қызметкерлер, азалы киім киіп жылаңдар! Құрбандық үстелінің алдында қызмет етуші сендер, зарлаңдар! Азалы киімдеріңді түнде де шешпей ұйықтаңдар, уа, Құдайымның қызметкерлері! Өйткені сендердің Құдайыңның үйінде енді астық әрі сұйық тартулары ұсынылмайтын болды!
Joel Kaz 1:14  Құдайға арнап ораза ұстайтын уақытты белгілеңдер! Салтанатты жиналыс жариялап, елдің ақсақалдары мен басқа да тұрғындарын Құдайларың Жаратқан Иенің киелі үйіне жинап алыңдар! Иемізді көмектесуге жалбарына шақырыңдар!
Joel Kaz 1:15  Жаратқан Иенің күні таяп қалды. Бұл қандай қасіретті күн болмақ! Сол күні құдіреті шексіз Құдай елді талқандамақ.
Joel Kaz 1:16  Біздің көз алдымыздан азық-түлік алшақтап кетіп, Құдайымыздың киелі үйінен қуаныш пен шат-шадыман әндер ғайып болады емес пе?
Joel Kaz 1:17  Себілген тұқым топырақ кесектерінің астында құрғап қалды. Содан егін шықпай, қамбалар бос тұр, астық қоймалары бұзылған.
Joel Kaz 1:18  Малдың ыңырсуын-ай! Ірі қара жайылым болмай айналаны кезіп адасып жүр, ұсақ мал да қиналуда.
Joel Kaz 1:19  Уа, Жаратқан Ие, Саған жалбарынамын! От иен даладағы жайылымдарды жалмап, жалындары жеміс ағаштарын құртып жіберді!
Joel Kaz 1:20  Даладағы жабайы аңдар да Саған жалбарынуда, өйткені бұлақтардың арналары кеуіп, елсіз даладағы жайылымдарды өрт жалмады.
Chapter 2
Joel Kaz 2:1  Сионда керней тартыңдар, киелі тауымда дабыл қағыңдар! Бүкіл елдің халқы қорқып қалтырасын, өйткені Жаратқан Иенің күні келеді, міне, ол таяп та қалды!
Joel Kaz 2:2  Сол күн — қараңғылық пен қара түнектің, бұлттар мен қою тұманның күні! Таң ата жарықтың тау бастарына біртіндеп жайылатынындай, бір үлкен де қуатты әскер елді қаптап келе жатыр. Ол сияқты ежелде ештеңе болмаған, келер замандарда да болмайды.
Joel Kaz 2:3  Әскердің алдында — бәрін жалмайтын от, артында — лаулаған жалын! Алдындағы жер Едемдегі пейіш бағы сияқты болып тұрады, ал әскер өткеннен кейін қаңыраған қу дала болып шыға келеді. Олардан ештеңе де құтыла алмайды.
Joel Kaz 2:4  Бұл жаулардың түрі аттардың түріндей, ал алға ұмтылулары — атты әскердің шабысындай.
Joel Kaz 2:5  Олардың даусы тау бастарында гүрілдеген соғыс күймелеріндей, сабанды сатырлатып жалмайтын оттай, әрі шайқасқа дайындалып сап құрған қуатты әскердей естіледі.
Joel Kaz 2:6  Бұларды көргенде халықтар қорқып қалтырап, барлық адамның өңдері қуаңқы тартады.
Joel Kaz 2:7  Сол әскер батырдай алға басады, жауынгердей қабырғаға өрмелейді! Барлығы бірдей алға басып, алған бағыттарынан таймайды.
Joel Kaz 2:8  Бір-бірімен қақтығыспай, әрқайсысы өз жолымен жүреді. Жау қаруының арасын жарып өткенде де, оларды ештеңе тоқтата алмайды.
Joel Kaz 2:9  Олар қалаға бас салып, оның қабырғасының үстінде жүгіреді, үйлеріне өрмелеп, ұры сияқты терезе арқылы кіреді.
Joel Kaz 2:10  Олардың алдында жер сілкініп, аспан шайқалады, күн мен ай қараңғыланып, жұлдыздар да сөніп қалады.
Joel Kaz 2:11  Жаратқан Ие сол әскерінің алдында дауысын шығарады. Оның жинаған қолы қандай орасан зор! Оның әмірін орындайтындар өте көп. Шын мәнінде Жаратқан Иенің соты күні ұлы да қатты қорқынышты! Оған кім шыдай алады?
Joel Kaz 2:12  Тіпті қазірдің өзінде Жаратқан Ие мынаны нық айтады: «Шын жүректен Маған қайтыңдар, ораза ұстап, жылап қайғырыңдар!»
Joel Kaz 2:13  Қайғыларыңды білдіру үшін тек киімдеріңнің өңірін жыртып қана қоймаңдар, істегендеріңе шын жүректен өкініңдер! Құдайларың Жаратқан Иеге қайтып келіңдер! Өйткені Ол рақымды да қайырымды, тез қаһарланбайды, берік мейірімі мол, әрі жазалаймын деген райынан қайтуға дайын.
Joel Kaz 2:14  Кім біледі, мүмкін, Ол ашуы басылып, сендерді мүсіркейтін шығар? Сонда Құдайларың Жаратқан Ие сендердің Өзіне арнап астық әрі сұйық тартулар ұсынуларыңа жететіндей мол жарылқауын жаудырар.
Joel Kaz 2:15  Сионда керней тартыңдар! Ораза ұстайтын уақытты белгілеп, салтанатты жиналыс жариялаңдар!
Joel Kaz 2:16  Халықты жинаңдар, әрқайсысы тазару рәсімінен өтіп келсін! Бұған ақсақалдар мен балаларды да, тіпті емшектегі нәрестелерді де жинап әкеліңдер! Күйеу мен келін де отауларынан шығып, жиналысқа келсін!
Joel Kaz 2:17  Жаратқан Иеге ғибадат етуші діни қызметкерлер киелі үйдің кіреберісі мен құрбандық үстелінің арасындағы жерде қайғырып жылап, былай деп жалынсын:— Уа, Жаратқан Ие, өз халқыңды аяй гөр, меншікті халқыңның масқаралануына жол бере көрме! Басқа халықтардың «Олардың сиынған Құдайы қайда екен?» деген мазағына қалдырмашы!
Joel Kaz 2:18  Сонда Жаратқан Ие Өзінің елін жан сала қорғап, өз халқын аяйтын болады.
Joel Kaz 2:19  Иә, Иеміз оларға жауап қатып былай дейді:— Мен сендерге астық, жүзім шырынын және зәйтүн майын жіберемін, сендер соларға тойынасыңдар. Бұдан былай Мен сендерді басқа халықтарға мазақтатып қоймаймын!
Joel Kaz 2:20  Солтүстіктен баса-көктеп келген әскерді сендерден аластатамын. Оны басы шығыстағы Өлі теңізден басталып, аяғы батыстағы Жерорта теңізімен аяқталатын қылып, қуаңшылық басқан, қаңыраған бос елге жіберемін. Сол жерде шіріп сасып, олардан жағымсыз сасық иіс тарайтын болады. Себебі олардың істегендері ғаламат жауыздық болатын!
Joel Kaz 2:21  Уа, елім, қорықпа, қуан да шаттан, өйткені Жаратқан Ие ұлы істер істеді!
Joel Kaz 2:22  Ей, жабайы аңдар, қорықпаңдар! Иен даланың жайылымдары жасыл, ағаштар жемісін уақытында береді, інжір ағашы мен жүзім бұтасы да молынан өнім береді.
Joel Kaz 2:23  Сендер де, уа, Сион халқы, Құдайларың Жаратқан Иеге қуанып, шат-шадыман болыңдар! Өйткені Ол сендерді ақтағанының белгісі ретінде күзгі жаңбырды жаудырды. Бұдан былай Ол бұрынғысынша күзгі және көктемгі жаңбырларды уақытында жіберетін болады.
Joel Kaz 2:24  Қырмандар астыққа толып, сыққыштарыңнан алынатын жүзім шырыны мен зәйтүн майы мол болады.
Joel Kaz 2:25  Сол жылдары шегіртке, құрт, қоңыз және шегіртке құрттарының, яғни Өзім араларыңа жіберген ғаламат «әскерімнің», жегендерінің орнын сендер үшін толтырамын.
Joel Kaz 2:26  Осылай жейтін тамақтарың мол болып тойынасыңдар. Маған, Құдайларың Жаратқан Иеге, шүкірлік айтасыңдар, себебі өздерің үшін істейтіндерім сондай ғажап болмақ! Осылай Менің халқым бұдан былай масқараға қалмайды.
Joel Kaz 2:27  Сонда сендер Менің Исраилдің арасында тұратынымды және өздеріңнің Құдайларың Жаратқан Ие екенімді, әрі Менен басқа ешқандай Құдайдың жоқ екенін білетін боласыңдар.
Joel Kaz 2:28  Осылардан кейін Мен өз Рухымды бүкіл адамзаттың үстіне құямын. Ұл-қыздарың пайғамбарлық сөз айтады, қарттарың түс, жас жігіттерің аян көреді.
Joel Kaz 2:29  Сол күндері Мен тіпті құл-күңдердің үстіне де Рухымды төгемін.
Joel Kaz 2:30  Мен аспан мен жерде керемет істер істеймін: қан, от және бұрқыраған түтін пайда болады.
Joel Kaz 2:31  Жаратқан Иенің ұлы да қорқынышты (соты) күні келердің алдында күн — қара түнек, ай — қан қызыл болады.
Joel Kaz 2:32  Ал Иеміздің атын атап Оған сиынған әркім құтқарылады. Жаратқан Иенің айтқанындай, құтқарылғандар Иерусалимдегі Сион тауында тұратын болады. Олар Жаратқан Иенің шақырып алып, аман қалдырғандарының арасында болады.
Chapter 3
Joel Kaz 3:1  «Біліп алыңдар, Мен сол оқиғалар болатын заманда Яһуда елі мен Иерусалимнің тұтқында жүрген халқын қайтарып, игілікке кенелтемін.
Joel Kaz 3:2  Сонда Мен халықтардың барлығын жинап, «Жаратқан Иенің Соттау аңғарына» алып барамын. Сол жерде Мен осы халықтарды Өзімнің меншікті халқым Исраилді басқа елдердің арасына шашыратып жібергендері үшін соттап жазалаймын. Олар Менің елімді өзара бөлісті,
Joel Kaz 3:3  халқымды да жеребе тастап бөлісіп алды: ұл балаларды жезөкшенің ақысына айырбастап, бойжеткендерді шарапқа сатып, ішіп қойып жүрді».
Joel Kaz 3:4  «Ал сендер, уа, Тир мен Сидон және філістір елінің аймақтары, Маған не істейін деп жатырсыңдар? Сендер Менен кек алғыларың келе ме? Егер солай ететін болсаңдар, Мен істегендеріңді өз бастарыңа лезде-ақ қайтарамын.
Joel Kaz 3:5  Өйткені сендер Менің алтын-күмісім мен қымбат бағалы бұйымдарымды тартып алып, өз ғибадатханаларыңа апарып қойдыңдар.
Joel Kaz 3:6  Сонымен қатар өз елдерінен аластатып, басқа жаққа жіберу үшін Яһуда мен Иерусалимнің адамдарын гректерге саттыңдар.
Joel Kaz 3:7  Біліп қойыңдар, Мен оларды өздерің сатып жіберген елдерден жетелеп алып келемін. Ал оларға істегендеріңді өз бастарыңа түсіремін.
Joel Kaz 3:8  Өздеріңнің ұл-қыздарыңды Яһуданың адамдарына сатамын, олар соларды алыста тұратын Сәба халқына сатып жібереді». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Joel Kaz 3:9  Халықтардың арасында мынаны жариялаңдар: «Соғысқа дайындалып, батырларыңды шақырыңдар! Барлық жасақшыларың аттанып, осында өрлеп келсін!
Joel Kaz 3:10  Соқаларыңнан семсер, орақтарыңнан найза жасаңдар! Әлсіздерің «Мен мықтымын!» дейтін болсын.
Joel Kaz 3:11  Барлық халықтар, тездетіп жан-жақтан келіңдер, бәрің де сол жерге жиналыңдар!»— Уа, Жаратқан Ие, өз батырларыңды алып келе гөр!
Joel Kaz 3:12  — Халықтар тұрып, Жаратқан Иенің Соттау аңғарына өрлеп келсін! Мен сонда отырып, айналадағы барлық халықтарды соттайтын боламын.
Joel Kaz 3:13  Орақтарыңмен орыңдар, өйткені өнім дайын. Келіп, жүзімді басып сығыңдар, өйткені сыққыш өнімге толып тұр, енді күбілер шырынға толмақ. Себебі сол адамдардың зұлымдығы шектен асып кетті.
Joel Kaz 3:14  Соттау аңғарында сан мыңдаған адамдар күтіп тұр! Себебі жуырда Жаратқан Иенің күні Соттау аңғарында айқын көрінеді.
Joel Kaz 3:15  Күн мен ай қараңғыланып, жұлдыздар да сөніп қалады.
Joel Kaz 3:16  Сонда Жаратқан Ие Сионнан ақырып, Иерусалимнен дауысын шығарады. Сол кезде аспан мен жер шайқалады. Бірақ Жаратқан Ие — өз халқының бас сауғалайтын панасы, Исраилдің үрім-бұтағының қамал іспетті берік қорғаушысы!
Joel Kaz 3:17  «Сол кезде сендер Менің, өз Құдайларың Жаратқан Иенің, киелі тауым Сионда тұратынымды білетін боласыңдар. Иерусалим қаласы Өзіме бағышталып қасиетті болады. Енді оны ешбір жат жұрттық басып ала алмайды.
Joel Kaz 3:18  Сол күні таулардан тәтті шырын тамшылап, төбелерден сүт ағатын болады, Яһуданың барлық жылғаларында су ағады. Жаратқан Иенің киелі үйінен басталған бұлақ Аққараған аңғарын суға кенелтеді.
Joel Kaz 3:19  Яһуданың халқына жасаған қиянаттары үшін және өз жерінде отырған халықтың жазықсыз қанын төккендері үшін Мысыр елі қаңырап бос қалып, Едом елі де қу медиенге айналады.
Joel Kaz 3:20  Ал Яһуда бұдан былай бос қалмайды. Иерусалимді де ұрпақтан ұрпаққа мекендейтін болады.
Joel Kaz 3:21  Мен олардың әлі кешірілмеген, қан төгіп жасаған күнәларын кешіремін».Сонымен Жаратқан Ие Сионда тұратын болады.