Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOHN
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 6
John Kaz 6:1  Біраз уақыт өткеннен кейін Иса Ғалилея көлінің шығыс бетіне жөнелді. Сол көл Тіберия көлі деп те аталады.
John Kaz 6:2  Исаның ауруларға жасаған кереметтерін көргендіктен көп халық Оған ерді.
John Kaz 6:3  Ол тауға шығып, сол жерде шәкірттерімен отырды.
John Kaz 6:4  Бұл яһуди халқының Құтқарылу мейрамының қарсаңы болатын.
John Kaz 6:5  Иса басын көтеріп қарағанда, қарақұрым халықтың Өзіне қарай ағылып келе жатқанын көрді. Содан Иса Філіпке:— Бұларды тамақтандыратын нанды қайдан сатып аламыз? — деді.
John Kaz 6:6  Иса осы сөзін оны сынау үшін айтты, себебі не істемекші болғанын Өзі біліп тұрды.
John Kaz 6:7  Філіп Оған:— Бізде тіптен екі жүз күндік жалақыға келетін нан болып, әркім бір жапырақтан ғана жегеннің өзінде бәріне бірдей жетпес еді, — деп жауап берді.
John Kaz 6:8  Сонда басқа бір шәкірті, Шимон Петірдің інісі Әндір, Исаға былай деді:
John Kaz 6:9  — Осында бір бала жүр, оның бес күлше арпа наны мен екі кепкен балығы бар. Бірақ олар осынша көп кісіге не болады? —
John Kaz 6:10  Ал Иса:— Адамдарды жайғастырып отырғыза беріңдер! — деп тапсырды. Сол жерде шөп қалың болып, бес мыңдай ер адам жайғаса алды.
John Kaz 6:11  Иса күлшелерді алып, шүкірлік етті де, жайғасқандарға үлестірді; кепкен балықтардан да жұртқа қалағандарынша берді.
John Kaz 6:12  Бәрі жеп тойған соң, Иса шәкірттеріне: «Босқа ысырап болмас үшін нанның қалдықтарын жинап алыңдар», — деді.
John Kaz 6:13  Олар жұрт жеген бес күлше арпа нанының қалдықтарын жинап, он екі себетті толтырды.
John Kaz 6:14  Адамдар Иса жасаған осы кереметті көргенде:— Дүниеге келуге тиіс Пайғамбар — шынымен Осы! — десті.
John Kaz 6:15  Иса олардың Өзін патша ету үшін келіп, кенеттен ұстап алмақшы болғанын білді. Содан Ол тағы да жалғыз Өзі қыратты жерге қарай кетіп қалды.
John Kaz 6:16  Кешке Исаның шәкірттері көл жағасына ылдилап барды.
John Kaz 6:17  Сол жерде бір қайыққа мініп, көлдің батыс жағындағы Қапарнаумға қарай бет алды. Қараңғы түскен кез еді, ал Иса оларға әлі келген жоқ болатын.
John Kaz 6:18  Сонда қатты жел соғып, көлдің астан-кестені шығып, толқи бастады.
John Kaz 6:19  Шәкірттер бес-алты шақырымдай қайықпен жүргеннен кейін, кенеттен көл бетімен жаяу жүріп қайыққа таяп қалған Исаны көрді. Олар қорқып кетті,
John Kaz 6:20  ал Иса: «Қорықпаңдар, келе жатқан Менмін ғой!» — деп көңілдерін орнықтырды.
John Kaz 6:21  Сонда шәкірттері Оны қайыққа мінгізіп алғылары келді. Сол сәтте-ақ қайық олар бет алған жағаға жетіп қалды.
John Kaz 6:22  Келесі күні көлдің шығыс бетінде қалған халық Исаның шәкірттері мінген жалғыз қайықтан басқа ешбір қайықтың болмағанын естеріне түсірді. Олар Исаның шәкірттерімен бірге қайыққа мінбей, тек шәкірттерінің өздерінің ғана кетіп қалғанын жақсы білетін.
John Kaz 6:23  Ал Иеміз шүкірлік еткеннен кейін халық нан жеп тойған кешегі жерге басқа да қайықтар Тіберия қаласынан жақындап келіп жатты.
John Kaz 6:24  Иса мен шәкірттерінің бұл жерде жоқ екеніне көздері жеткен жұрт сол себептен әлгі қайықтарға мініп, Исаны іздеп Қапарнаумға беттеді.
John Kaz 6:25  Олар Оны көлдің батыс бетінен тапқанда:— Ұстаз, бұл жерге қашан келдіңіз? — деп сұрады.
John Kaz 6:26  Иса былай деп жауап берді:— Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Құдайдың өздеріңе кереметтер арқылы не білдіргенін түсінгілерің келмейді. Тек нан жеп тойып алғандықтан ғана Мені іздеп жүрсіңдер.
John Kaz 6:27  Өткінші тамаққа емес, мәңгілік өмір беретін рухани нәрге ұмтылыңдар! Оны сендерге көктен келген Мен ғана бере аламын, өйткені Құдай Әке Маған билігін берді. —
John Kaz 6:28  Сонда олар:— Құдайдың еркін іске асыру үшін не істеуіміз керек? — деп сұрады.
John Kaz 6:29  Иса:— Ол Жібергенге сеніңдер, Құдайдың еркі сол, — деп жауап берді.
John Kaz 6:30  Олар:— Өзіңізді Құдай жібергеніне көзімізді жеткізіп, сенуіміз үшін қандай керемет көрсетесіз, не істейсіз?
John Kaz 6:31  «Оларға жейтін нанды аспаннан жіберді» деп (Забурда) жазылғандай, ата-бабаларымыз айдалада тәтті нан жеп жүрді, — деді.
John Kaz 6:32  Иса:— Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: сол заманда көктен нан берген — Мұса пайғамбар емес, Менің Әкем. Қазір де Әкем сендерге көктен шынайы «нанды» ұсынып тұр.
John Kaz 6:33  Себебі көктен түсіп, адамзатқа өмір Беруші — «Құдайдың наны», — деп жауап қайтарды.
John Kaz 6:34  Олар:— Мырза, бізге әрқашан осындай нан беріп тұрыңызшы! — деп өтінді.
John Kaz 6:35  Сонда Иса оларға былай деді:— Шынайы өмір сыйлайтын «нан» Менмін. Маған келгендер рухани нәрден тарықпайды, Маған сенгендер ешқашан шөлдемейді!
John Kaz 6:36  Бірақ Мен сендерге: «Мені көрдіңдер, алайда сенбейсіңдер» дегенмін.
John Kaz 6:37  Әкем қарамағыма берген адамдардың барлығы Маған келеді, ал Мен Өзіме келгендерді ешқашан қуып жібермеймін.
John Kaz 6:38  Себебі өз еркімді емес, Мені жіберген Әкемнің еркін орындау үшін көктен келдім.
John Kaz 6:39  Ал Әкемнің еркі — Оның қарамағыма берген адамдарының бірде-біреуін тозаққа түсірмей, бәрін де ақырғы күні қайта тірілтуім.
John Kaz 6:40  Себебі Әкемнің еркі мынау: Өзінің рухани Ұлына назар аударып, сенім артқан барлық адамдарға мәңгілік өмір сыйлау. Мен соларды ақырғы күні қайта тірілтіп аламын.
John Kaz 6:41  Сонда Исаның көктен түскен «нан» Менмін дегеніне діндар яһудилер күңкілдеп наразылық білдірді:
John Kaz 6:42  — Мынау біз әке-шешесін білетін Жүсіп ұлы Иса емес пе? Онда Ол қалайша «Мен көктен түстім» дейді? —
John Kaz 6:43  Иса оларға былай деп жауап берді:— Өзара күңкілдеспеңдер!
John Kaz 6:44  Мені жіберген Әкем Өзіме жақындатып тартса ғана, адамдар Маған келе алады; ал Мен оларды ақырғы күні қайта тірілтіп аламын.
John Kaz 6:45  Пайғамбарлар жазбаларында «Бәрі де Құдайдан тәлім алмақ» делінген. Әкемді тыңдап, Одан тәлім алған әркім Маған келеді.
John Kaz 6:46  Әрине, Құдайдан Келгеннен басқа ешкім Әкені көрген емес, Әкені көрген — тек Сол ғана.
John Kaz 6:47  Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: кім Маған сенім артса, сол мәңгілік өмірге ие.
John Kaz 6:48  Шынайы өмір сыйлайтын «нан» Менмін.
John Kaz 6:49  Ата-бабаларың айдалада тәтті нанды жесе де, ақырында өлді.
John Kaz 6:50  Бірақ қазір көктен түскен «нан» мынадай: одан «жеген» адам рухани өлімге душар болмайды.
John Kaz 6:51  Көктен түскен «тірі нан» Менмін. Одан «жеген» әркім мәңгілік өмірге ие болады. Бұл «нан» — Менің денем, оны адамзат шынайы өмірге ие болсын деп құрбан етемін.
John Kaz 6:52  Сонда яһудилер өзара:— Бұл Адам қалайша біздің «жеуіміз» үшін өз денесін қиып бере алады? — деп айтыса бастады.
John Kaz 6:53  Иса оларға былай деді:— Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: егер көктен келген Билеушінің денесінен «жеп», қанынан «ішпесеңдер», сендерде шынайы өмір болмайды.
John Kaz 6:54  Кімде-кім Менің денемнен «жеп», қанымнан «ішсе», ол мәңгілік өмірге ие болады, Мен оны ақырғы күні қайта тірілтіп аламын.
John Kaz 6:55  Себебі денем — шынайы рухани «нәр», ал қаным — шынайы рухани «сусын».
John Kaz 6:56  Денемнен «жеп», қанымнан «ішкен» әркім Менімен тығыз байланыста тұрады, Мен де онымен сондай байланыста тұрамын.
John Kaz 6:57  Мәңгі тірі Әкем Мені жіберді және Мен Ол арқылы өмір сүремін; сол сияқты денемнен «нәр алған» кісі де Мен арқылы шынайы өмір сүреді.
John Kaz 6:58  Ендеше, көктен түскен «нан», міне, осындай; ол ата-бабаларымыз жеген тәтті нан сияқты емес: олар ақырында өлген; бірақ осы «рухани наннан нәр алған» әркім мәңгі өмір сүреді. —
John Kaz 6:59  Иса мұны Қапарнаумдағы мәжілісханада тәлім бергенде айтты.
John Kaz 6:60  Осыны естіген шәкірттерінің көбі:— Мынау жанға батар сөз екен, оны кім тыңдай алады? — десті.
John Kaz 6:61  Бұл туралы наразылықты байқап қалған Иса оларға былай деді:— Бұл сендердің шымбайларыңа батып тұр ма?
John Kaz 6:62  Ал Билеуші ретінде көктен келген Менің бұрын болған сол жеріме көтерілгенімді көрген кездеріңде не айтпақсыңдар?
John Kaz 6:63  Шынайы өмір Беруші — Киелі Рух, ал тән бұған еш жарамайды. Сендерге айтқан сөздерім арқылы рухани өмірге ие бола аласыңдар.
John Kaz 6:64  Бірақ іштеріңдегі кейбіреулерің сенбейсіңдер. — Себебі Иса сенбейтіндердің кім екенін және Өзіне кімнің опасыздық жасайтынын әуел бастан-ақ білген еді.
John Kaz 6:65  Сол себепті Ол былай деді:— «Әкем қабілет бермесе, ешкім Маған келе алмайды» деп Мен сендерге сондықтан да айттым.
John Kaz 6:66  Сол күннен бастап, шәкірттерінің көбі Исадан бас тартып, бұдан былай Оған ермейтін болды.
John Kaz 6:67  Сонда Иса он екі елшісінен:— Сендердің де кеткілерің келе ме? — деп сұрады.
John Kaz 6:68  Бұған Шимон Петір:— Жоқ, Ием, Сізден кетсек, кімге бармақпыз? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер Сізде.
John Kaz 6:69  Біз Сіздің Құдайдың Киелісі екеніңізге сеніп, соған көзіміз жетті. —
John Kaz 6:70  Иса оларға:— Осы он екіңді Мен таңдап алған едім. Сонда да іштеріңдегі біреуің әзәзіл шайтанның жетегінде, — деді.
John Kaz 6:71  Иса Шимон Исқариоттың ұлы Яһуда туралы айтқан еді. Ол сол он екінің біреуі болғанмен, кейін Исаны ұстап берді.