Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
RUTH
Up
1 2 3 4
Chapter 1
Ruth Kaz 1:1  Исраилді билер басқарып тұрған заманда бірде елді аштық жайлады. Сонда Яһуда руының Бетлехем қаласынан бір ер адам әйелі мен екі ұлын ертіп, Исраилден көшіп кетті. Олар жат жұрттықтар ретінде Моаб елінде уақытша тұра тұрмақ болды.
Ruth Kaz 1:2  Сол адамның аты Елімәлік, әйелінікі Нағима, ал екі ұлы Махлон мен Хилион еді. Олар ефраталықтар, Яһуда жеріндегі Бетлехем қаласының тұрғындары болатын. Осылай бұл отбасы Моаб еліне барып, сонда тұрып жатты.
Ruth Kaz 1:3  Алайда күйеуі Елімәлік қайтыс болып, Нағима екі баласымен жесір қалды.
Ruth Kaz 1:4  Ұлдары моабтық қыздарға үйленді, келіндерінің біреуінің аты Орпа, екіншісінікі Рут еді. Отбасы Моаб елінде он жылдай тұрғаннан кейін
Ruth Kaz 1:5  Нағиманың ұлдары Махлон мен Хилион да қайтыс болды. Сонымен әйел күйеуі мен ұлдарынан айырылып, жалғыз қалды.
Ruth Kaz 1:6  Моаб елінде жүрген Нағима Жаратқан Ие Өзінің таңдап алған халқы Исраилді жарылқап, елде астықтың бітік шыққаны туралы естіді. Содан Нағима екі келінін ертіп Моаб жерінен өз еліне кері қайтуға жиналды.
Ruth Kaz 1:7  Сонымен олар уақытша тұрған мекенжайын тастап, Яһуданың жеріне қарай сапарға шықты.
Ruth Kaz 1:8  Жолшыбай Нағима келіндеріне:— Ал енді, сендер әке-шешелеріңнің үйлеріне қайтыңдар. Менің өзіме, марқұм ұлдарыма адал да мейірімді болып келдіңдер. Лайым сендерге сол үшін Жаратқан Ие рақымын түсіре көрсін!
Ruth Kaz 1:9  Ием сендерге жақсы күйеу мен жайлы баспана сыйлай көрсін! — деп батасын беріп, беттерінен сүйді.Бірақ олар зар еңіреп жылап:
Ruth Kaz 1:10  — Сізбен бірге біз де ел-жұртыңызға барайықшы, — деп өтінді.
Ruth Kaz 1:11  Алайда Нағима:— Қыздарым, үйлеріңе қайтсаңдаршы! Маған несіне ересіңдер? Сендерге үйлене алатын басқа ұлдарым жоқ қой.
Ruth Kaz 1:12  Кері қайтыңдар, қарақтарым! Өзім енді күйеуге шығуға кәрімін. Тіптен бүгін күйеуге шығып, ұлды болармын деген үмітім болған күнде де,
Ruth Kaz 1:13  олар ер жеткенше күте алар ма едіңдер? Соларға бола күйеуге шықпай жүре берер ме едіңдер? Жоқ, қыздарым, Жаратқан Иенің маған жіберген қайғысын бірге бөлісіңдер деп сендерді ұстауым дұрыс болмас, — деп жауап берді.
Ruth Kaz 1:14  Екеуі бұрынғыдан бетер зар еңіреп жылады. Соңында Орпа енесінің бетінен сүйіп қоштасты, ал Рут одан айырылмай қалып қойды.
Ruth Kaz 1:15  Нағима Рутқа:— Көрдің ғой, абысының ел-жұртына және сиынатын тәңірлеріне қайта оралды. Сен де оның ізімен кері қайтсаңшы, — деді.
Ruth Kaz 1:16  Алайда Рут:— Сізді тастап, қайта оралуға мені қинай көрмеңіз. Сіз қайда барсаңыз, мен де сонда барамын. Қайда тұрсаңыз, мен де сонда тұрамын. Сіздің халқыңыз менің халқым, сіздің Құдайыңыз менің Құдайым болады!
Ruth Kaz 1:17  Қайда өлсеңіз, мен де сонда өліп, жерленемін. Егер мен бұ дүниеден кеткенше сізден ажырассам, мені Жаратқан Ие жазалаған үстіне жазалай түссін! — деп тұрып алды.
Ruth Kaz 1:18  Руттың өзімен бірге жүруге белді бекем буғанына көзі жеткен соң, Нағима оны әрі қарай үгіттеуін доғарды.
Ruth Kaz 1:19  Сонымен екеуі Бетлехемді бетке алып, жүріп кетті. Оған жеткенде, қала халқы толқып:— Ойбай-ау, мынау Нағима ғой?! — десті.
Ruth Kaz 1:20  Сонда ол:— Мені Нағима («Бақытты») емес, Мара («Қайғылы») деп атаңдар, — деді. — Себебі құдіреті шексіз Құдай маған қайғылы өмір бұйырды.
Ruth Kaz 1:21  Бұл жерден үй ішіміз түгел аттанған едік, ал енді Жаратқан Ие менің жалғыз қара басымды ғана қайтарып отыр. Сендер мені несіне «Бақытты» деп атайсыңдар? Жаратқан Ие маған қарсы шығып, құдіреті шексіз Құдай басыма бақытсыздық түсірді ғой.
Ruth Kaz 1:22  Осылай Нағима моабтық келіні Рутпен бірге Моаб елінен қайта оралған еді. Олар Бетлехем қаласына келгенде арпаны жаңа жинай бастаған кез болатын.
Chapter 2
Ruth Kaz 2:1  Нағиманың марқұм күйеуі Елімәліктің Боғоз есімді аталас туысы бар еді. Боғоз абыройлы да ауқатты кісі болатын.
Ruth Kaz 2:2  Бір күні моабтық Рут Нағимаға:— Мен егіндікке барайын. Қайырымды біреу кездесіп қалар, соның артынан жүріп, масақ терейін, — деді.— Жақсы, қызым, бара ғой, — деп енесі келісті.
Ruth Kaz 2:3  Рут егістікке барып, орақшылардың соңынан жүріп, жинағанда қалып қойған масақтарды тере бастады. Бұл жер танабы Елімәліктің туысы Боғоздың меншігі болып шықты.
Ruth Kaz 2:4  Сол кезде Бетлехемнен Боғоз да келіп, орақшыларымен:— Ассалаумағалайкүм! — деп амандасып, олар:— Уағалайкүмассалам! — деп жауап қайырды.
Ruth Kaz 2:5  Боғоз олардың басқарушысынан:— Мынау кімнің қызы? — деп сұрағанда,
Ruth Kaz 2:6  ол:— Бұл — Моаб елінен Нағимаға еріп келген моабтық жас келіншек.
Ruth Kaz 2:7  Ол орақшылардың артынан жүріп, баулардың арасынан түсіп қалған масақтарды теруге рұқсат сұрады. Таң атқаннан бері еңбектеніп жүр, күркеде аз-ақ демалды, — деп жауап берді.
Ruth Kaz 2:8  Содан Боғоз Рутқа тіл қатып:— Қызым, сөзіме құлақ сал. Басқаның егістігіне масақ теруге бармай-ақ қой. Осында менің қызметші қыздарымның қасында жүріп, тере бер.
Ruth Kaz 2:9  Қай жақта орып жатқандарын байқап жүріп, қыздардың соңынан ер. Мен қызметші жігіттеріме саған тиіспеуге бұйырдым. Шөлдегенде барып, олар толтырып қойған құмыралардан су іше бер, — деді.
Ruth Kaz 2:10  Таңғалған Рут:— Қалайша сіз жат жерлік маған сондай қайырымдылықпен қарайсыз? — деп, Боғозға иіліп тағзым етті.
Ruth Kaz 2:11  — Сенің күйеуің өлгеннен кейін енеңе қалай көмектескеніңді, әке-шешеңді, еліңді тастап, бұрын білмеген халық арасына көшіп келіп, бірге тұрып жатқаныңды мен түгелдей естіп білдім.
Ruth Kaz 2:12  Осы істеген жақсылықтарың Жаратқан Иеден қайтсын! Сен Исраил сиынатын Құдай — Жаратқан Иенің қанаты астынан пана іздеп келдің. Ол сені молынан жарылқасын! —
Ruth Kaz 2:13  Сонда Рут:— Мырзам, маған әрдайым оң көзіңізбен қарасаңыз екен. Сіз жылы сөзіңізбен жүрегіме жігер құйдыңыз. Ал мен ең болмағанда күңдеріңіздің бірі де емеспін, — деді.
Ruth Kaz 2:14  Түскі тамақ кезінде Боғоз:— Мұнда кел. Нанымыздан ауыз тиіп, сусынымызға батырып же, — деп Рутты шақырды. Ол орақшылардың қасына отырғанда, Боғоз оған қуырылған арпадан берді. Рут тойғанша жеп, артылып та қалды.
Ruth Kaz 2:15  Содан кейін тұрып, жұмысына оралды.Ал Боғоз қызметшілеріне былай деп айтып қойған еді:— Рут жаңа орылған масақтардың арасынан да тере берсін, оны ренжітпеңдер!
Ruth Kaz 2:16  Қайта, жинап алсын деп, байлайтын масақтарыңнан әдейі тастап та кетіңдер. Қалай болғанда да оған ұрыспаңдар!
Ruth Kaz 2:17  Рут осылай кешке дейін масақ терді. Соңында ол жинағанын бастырып, желге ұшырып қауызынан тазартқанда, бір үлкен себетке сыярдай арпа шықты.
Ruth Kaz 2:18  Келіні арпаны қалаға алып барып, енесіне көрсетті. Оған түскі астан артылып қалған тамағын да алып келді.
Ruth Kaz 2:19  — Өй, бүгін қайдан масақ тердің? Қайда жұмыс істедің? Саған оң көзімен қараған адамды Құдай жарылқасын! — деп енесі таңғалды. Рут оған:— Бүгін Боғоз деген адамның егістігінде жұмыс істедім, — деп білдіргенде,
Ruth Kaz 2:20  енесі:— Тірілер мен өлгендерге қайырымын аямаған сол адамды Жаратқан Ие жарылқасын! — деді. Содан соң: — Боғоз — жақын қайындарымыздың біреуі. Ол бізге (Таурат заңына сәйкес) туысқан қамқоршы бола алады, — деп қосты.
Ruth Kaz 2:21  — Әлгі кісі маған егіні орылып біткенше қызметшілерінің соңынан жүріп, теруіме де рұқсат етті, — деді Рут.
Ruth Kaz 2:22  Сонда Нағима:— Қызым, сол адамның қызметші қыздарымен бірге жүргенің жақсы болады. Бөтен егісте саған біреулердің тиісуі де мүмкін, — деп келісті.
Ruth Kaz 2:23  Сонымен Рут енесінің қолында тұрып, арпа мен бидайдың ору мерзімі біткенше Боғоздың қызметші қыздарының қасында жүріп, масақ тере берді.
Chapter 3
Ruth Kaz 3:1  Бір күні Нағима:— Қызым, саған жақсы болу үшін жайлы баспана тауып берсем, қалай болар еді? — деп құлақ қағыс етті.
Ruth Kaz 3:2  — Сен қызметші қыздарымен бірге жүрген Боғоз — біздің ет жақын қайнымыз ғой. Ол бүгін кеште қырманда арпасын ұшырып, тазартып жатыр екен.
Ruth Kaz 3:3  Кәне, жуынып-шайынып, иісмай жақ та, әдемі киініп алып, қырманға бар. Бірақ Боғоз кешкі асын ішіп-жеп болмайынша көзіне түспе.
Ruth Kaz 3:4  Ол ұйқыға кіріскенде жатқан жерін біліп ал. Кейін сонда барып, жамылғысының етегін аздап көтеріп, аяқ жағына жата кет. (Осылай сен Боғоздың өзіңе қамқоршы болуын сұраған тілегіңді білдіресің.) Әрі қарай заңды түрде не істеу керек екенін оның өзі айтар.
Ruth Kaz 3:5  — Айтқаныңыздың бәрін істеймін, — деп жауап берді келіні.
Ruth Kaz 3:6  Содан қырман басына барып, енесінің тапсырғандарын орындады.
Ruth Kaz 3:7  Ішіп-жеп, көңілі көтерілген Боғоз үйілген астықтың шет жағына жатып, ұйықтап қалғаннан кейін, Рут білдіртпей жамылғысын аздап көтеріп, аяқ жағына жата кетті.
Ruth Kaz 3:8  Түн ортасында Боғоз орнынан аударылып, шошып оянды. Аяқ жағында бір әйел жатыр екен! Ол абыржып:
Ruth Kaz 3:9  — Өй, сен кімсің? — деп сұрады.— Мен Рутпын ғой, мырза. Мені қанатыңыздың астына ала көріңіз, әмеңгерім бола алатын қайнағам емессіз бе? — деп жауап берді ол.
Ruth Kaz 3:10  Сонда Боғоз былай деді:— Қалқам, Жаратқан Ие сені жарылқасын! Мына игі ісің бүгінге дейін енеңе жасап келген жақсылығыңнан да асып түсті! Сенің бай болсын, кедей болсын жас жігіттердің артынан жүгірмегенің жөн болды.
Ruth Kaz 3:11  Енді уайымдамай-ақ қой, қарағым. Мен өтінішіңді түгелдей орындаймын. Қала халқының бәрі сенің үлгілі әйел екеніңді біледі.
Ruth Kaz 3:12  Менің саған әмеңгер бола алатын қайнағаң екенім рас. Бірақ менен де жақын қайның бар.
Ruth Kaz 3:13  Бүгін осында түнеп шық. Ертең сол адам саған әмеңгер болуға келіссе, онда жақсы, солай болсын. Ал егер ол бас тартса, мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдындағы адал сөзім: онда мен саған әмеңгерің болып үйленемін. Ал әзірше таңға дейін осы жерде ұйықтай бер.
Ruth Kaz 3:14  Осылай Рут сол жерде таң атқанша ұйықтап, адамдар әлі бір-бірінің бет-жүзін ажырата алмайтын қараңғы кезде тұрды. Боғоз (өсек тарап кетпеу үшін): «Әйелдің қырманға келгенін ешкім білмесін», — деген еді.
Ruth Kaz 3:15  Рут қайтып кетпес бұрын Боғоз: «Жамылғыңды жайып ұстай ғой», — деп, соған алты себеттей арпа құйып, буып-түйіп, Рутқа арқалатып жіберді. Өзі де қала жаққа жөнелді.
Ruth Kaz 3:16  Рут енесіне келгенде Нағима:— Қалай болды, қызым? — деп сұрады. Келіні оған сол адамның не істеп, не қойғанын түгелдей айтып беріп:
Ruth Kaz 3:17  — Ол маған «Енеңе құр қол қайтпа» деп, мына алты себеттей арпаны беріп жіберді! — деп қосты. Сонда енесі:
Ruth Kaz 3:18  — Соңы немен бітерін білгенше тоса тұр, қызым. Бұл кісі бүгін осы істі аяқтамай тыным таппайды, — деп түйді.
Chapter 4
Ruth Kaz 4:1  Боғоз қала қақпасының қасындағы алаңға барып отырды. Қараса, өзі Рутқа айтқан туысқаны қасынан өтіп бара жатыр екен. Боғоз оған: «Туысқан, мұнда келіп, отыра тұр», — деді. Ол қасына келіп, жайғасқаннан кейін
Ruth Kaz 4:2  Боғоз қаланың он ақсақалын шақырып алып: «Қасымызға отырсаңыздар екен», — деп өтінді. Содан ақсақалдар да жайғасып отырды.
Ruth Kaz 4:3  Боғоз жаңағы туысқанына қарап былай деп сөз бастады:— Моаб елінен қайтып келген Нағима ағайынымыз Елімәлікке тиісті мұралық жер үлесін сатпақшы.
Ruth Kaz 4:4  Соны сенің құлағыңа салғым келеді. Халқымның ақсақалдарының және мына отырған жұрттың алдында саған ұсыныс жасаймын: соны сен сатып ал. Егер сол отбасының қамқоршысы болғың келсе, бола бер. Ал бас тартсаң, ашығын айт, мен білейін. Себебі қамқоршы бола алатын ең жақын туысқан сенсің, сенен кейінгі кезек менікі. — Туысы:— Жарайды, құнын төлеп, сатып алайын, — деді.
Ruth Kaz 4:5  Сонда Боғоз:— Егер сен Нағимадан жерді сатып алсаң, онда марқұмның моабтық жесір келіні Руттың әмеңгері болып соған үйленесің. Рут ұлды болғанда тұңғыш ұлы марқұмның ұрпағы деп есептелініп, мұралық жер үлесін сол иемденбек, — деді.
Ruth Kaz 4:6  Бұған туысы:— Олай болса, жерді сатып ала алмаймын. Бұл өзімнің мұралық үлесіме нұқсан келтірмек. Одан да сенің қамқоршы болып, жерді сатып алғаның жөн. Ал менің қолымнан келмейді, — деп жауап берді.
Ruth Kaz 4:7  Ежелгі заманда Исраилде мынадай дәстүр бар болатын: егер біреу туысқан қамқоршы ретіндегі борышын басқа біреуге аударса, онда ол бұл істі растау үшін бір аяқкиімін шешіп алып, сол адамға беруге тиісті еді.
Ruth Kaz 4:8  Сондықтан туысқаны «Жерді өзің сатып ал» дегеннен кейін Боғозға аяқкиімін шешіп берді.
Ruth Kaz 4:9  Сонымен Боғоз айналасындағы ақсақалдар мен барлық жұртқа қарап былай деді:— Бүгін сіздер менің Нағимадан Елімәліктің, Хилионның және Махлонның бүкіл меншігін сатып алғандығыма куәсіздер.
Ruth Kaz 4:10  Мен, сондай-ақ, марқұмның ұрпағын жалғастырып, соған барлық мұрасын қалдыру үшін Махлонның жесірі моабтық Рутты әйелдікке аламын. Осылай марқұмның аты өз әулеті мен қала шежіресінен өшуден аман сақталмақ. Сіздер бүгін соған куәсіздер.
Ruth Kaz 4:11  Ақсақалдар және қақпа алдындағы алаңда жиналған барлық адамдар:— Иә, куәміз, — деп растады. Олар Боғозды құттықтап: — Жаратқан Ие сенің үйіңе кіретін бұл әйелді Исраилдің үрім-бұтағын таратқан Рахила мен Лиядай ұрпақты ете көрсін! Сен Ефрата аймағында күшті болып, атың Бетлехемде жасасын!
Ruth Kaz 4:12  Тамар ата-тегіміз Яһудаға Тамар Паресті туып беріп, үлкен әулетті таратқандай, Жаратқан Ие осы жас әйелден сыйлайтын ұрпақтарың арқылы сені де үбірлі-шүбірлі қыла көрсін! — деп баталарын берді.
Ruth Kaz 4:13  Осылай Боғоз той жасап Рутқа үйленді. Жаратқан Иенің жарылқауымен Руттың аяғы ауырлап, ұл туды.
Ruth Kaz 4:14  Әйелдер Нағиманы құттықтап: «Жаратқан Ие мадақталсын! Енді Ол сені қамқорлайтын мұрагермен қамтамасыз етті. Баланың атағы Исраилге жайылсын!
Ruth Kaz 4:15  Ол өміріңді қуанышқа кенелтіп, қартайған шағыңда сүйенішің болады. Себебі оны туған — өзіңді жақсы көріп, соншама адал болып келген келінің. Осы келінің саған жеті ұлдан да артық!» — деді.
Ruth Kaz 4:16  Нағима нәрестені қолына алып, бауырына басып, бағып-қақты.
Ruth Kaz 4:17  Көрші әйелдер: «Бұл — Нағима үшін туылған ұл», — деп, оған Ғабит деген есім берді. Ғабит Есейдің әкесі, Дәуіттің атасы болды.
Ruth Kaz 4:18  Парес әулетінің тарау тегі мынау: Парестен Хесрон,
Ruth Kaz 4:19  Хесроннан Рам, Рамнан Әминадап,
Ruth Kaz 4:20  Әминадаптан Нағасон, Нағасоннан Салмон,
Ruth Kaz 4:21  Салмоннан Боғоз, Боғоздан Ғабит,
Ruth Kaz 4:22  Ғабиттен Есей, ал Есейден Дәуіт туды.