Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
LUKE
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 22
Luke Kaz 22:1  Бұл кезде Ашымаған нан мейрамы жақындап қалған еді. Ол Құтқарылу мейрамы деп те аталатын.
Luke Kaz 22:2  Басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері Исаның көзін құртудың жолын қарастырды, себебі олар халықтан қорықты.
Luke Kaz 22:3  Сонда он екі елшінің біреуі — Яһуда Исқариоттың бойына әзәзіл шайтан кіріп алды.
Luke Kaz 22:4  Яһуда (Исаның қасынан) кетіп, басты діни қызметкерлермен және ғибадатхананың бас сақшыларымен кездесіп, Исаны оларға қалай ұстап беру туралы ақылдасты.
Luke Kaz 22:5  Олар қатты қуанып, Яһудаға күміс ақша беруге уәде етті.
Luke Kaz 22:6  Ол бұған келісіп, Исаны жұрт көзінен таса жерде ұстап берудің қолайлы сәтін аңдыды.
Luke Kaz 22:7  Осылай Ашымаған нан мейрамының бірінші күні де жетті. Сол күні әр отбасы ата-бабаларын Құдайдың құтқарғанын еске түсіріп, бір тоқтыны құрбандыққа шалуы қажет болатын.
Luke Kaz 22:8  Сондықтан Иса Петір мен Жоханды жұмсап:— Барып, бізге мейрам асын әзірлеңдер, — деді. Олар:
Luke Kaz 22:9  — Асты қай жерде әзірлеуімізді қалайсыз? — деп сұрады.
Luke Kaz 22:10  Иса оларға былай деп тапсырды:— Тыңдап алыңдар: қалаға кіргендеріңде сендерге құмырамен су алып бара жатқан бір адам кездеседі. Соның артынан еріп, ол кірген үйге сендер де кіріңдер.
Luke Kaz 22:11  Үйдің иесіне: «Ұстазымыз сізге сәлем айтып, Маған шәкірттеріммен бірге отырып, мейрам асын ішуге болатын қонақ бөлмеңіз қайда екен деп сұрап жатыр» деңдер.
Luke Kaz 22:12  Үй иесі сендерге жоғарғы қабатта орналасқан, еденіне төсеніштер төселген кең қонақ бөлмені көрсетеді. Асты сол жерге дайындаңдар! —
Luke Kaz 22:13  Екі шәкірт барғанда, бәрі де Исаның айтқанындай болды. Олар мейрам асын сонда даярлады.
Luke Kaz 22:14  Тамақ ішетін уақыт болғанда, Иса елшілерімен бірге дастарқан басына жайғасып,
Luke Kaz 22:15  оларға былай деді:— Мен азап шегер алдында мына Құтқарылу мейрамының асын сендермен бірге жеуді қатты аңсап едім.
Luke Kaz 22:16  Сендерге шындығын айтайын: Құдайдың Патшалығында құтқарылу толықтай жүзеге асқанша, Мен осы асты бұдан былай жемеймін, — деді.
Luke Kaz 22:17  Мұнан кейін Иса қолына тостағанды алды да, шүкірлік етіп, оларға:— Мұны алып, өзара бөлісіңдер.
Luke Kaz 22:18  Сендерге айтамын: Құдайдың Патшалығы орнағанша, Мен енді қайтып жүзім шырынынан еш татпаймын, — деді.
Luke Kaz 22:19  Содан кейін Иса қолына нан алып, шүкірлік етті. Нанды үзіп, оларға беріп жатып:— Бұл — сендер үшін құрбандыққа берілмек денем. Мені естеріңе түсіру үшін осылай істеңдер! — деді.
Luke Kaz 22:20  Сондай-ақ, кешкі астан кейін тостағанды да алып:— Мына тостаған — сендер үшін төгілмек қаныммен бекітілген Жаңа Келісім, — деді.
Luke Kaz 22:21  — Тыңдап алыңдар: Мені өз қолымен ұстап беретін опасыз адам Менімен бірге дастарқан басында отыр!
Luke Kaz 22:22  Көктен келген Мен алдын ала белгіленген жолмен жүремін. Алайда Мені ұстап беретін кісі қасіретке қалады! — деді Иса.
Luke Kaz 22:23  Шәкірттері:— Мұны істейтін қайсымыз? — деп бір-бірінен сұрай бастады.
Luke Kaz 22:24  Сол кезде шәкірттерінің арасында қайсымыздың жолымыз үлкен болуға лайық деген айтыс туған еді.
Luke Kaz 22:25  Ал Иса оларға былай деді:— Патшалар қол астындағы елдерді билеп-төстейді, әрі халықтардың үстінен қатаң әмір жүргізушілер тіпті «жақсылық жасаушылар» деп те аталады.
Luke Kaz 22:26  Бірақ сендерде ондай болмасын! Керісінше, ең ұлыларың ең кішілеріңдей, басшылық ететіндерің қызмет көрсетушілеріңдей болсын!
Luke Kaz 22:27  Қалай ойлайсыңдар, қайсысының жолы үлкен: дастарқан басында отырғанның ба, әлде оған қызмет етушінің бе? Әрине, дастарқан басында отырғанның. Ал Мен араларыңда қызмет етуші іспеттімін.
Luke Kaz 22:28  Қиындыққа ұшыраған кездерімде Менімен бірге болған сендерсіңдер.
Luke Kaz 22:29  Сондықтан Әкемнің Мені Патша болуға тағайындағаны сияқты, Мен де сендерді билік жүргізуге тағайындаймын:
Luke Kaz 22:30  Менің Патшалығымда дастарқанымнан ішіп-жеп, тақтарыңа отырып, Исраилдің он екі руына билік жүргізетін боласыңдар.
Luke Kaz 22:31  Иеміз Иса Шимон Петірге:— Шимон, Шимон, сақ бол! Жұрттың бидайды қауызынан ажырататыны сияқты, әзәзіл шайтанға да сендерді сынақтан өткізуге жол берілді.
Luke Kaz 22:32  Бірақ Мен сенімің таусылмасын деп сен үшін мінажат еттім. Сен Құдай жолына қайтқаннан кейін бауырластарыңның сенімін нығайтатын бол, — деп ескертті. Ал Петір:
Luke Kaz 22:33  — Мырза, мен Сізбен бірге түрмеге де, өлімге де баруға дайынмын! — деді.
Luke Kaz 22:34  Бірақ Иса:— Петір, саған шындығын айтайын: осы түні-ақ әтеш шақырғанша, сен «Оны танымаймын» деп Менен үш рет танасың, — деп жауап берді.
Luke Kaz 22:35  Содан кейін Иса шәкірттеріне:— Мен сендерді жолға ақша салатын қалта да, жолдорба да, артық аяқкиім де алғызбай жұмсап жібергенімде, бір нәрседен мұқтаждық көрдіңдер ме? — деген сұрақ қойды. Олар:— Жоқ, еш нәрседен мұқтаждық көрген жоқпыз, — деп жауап қайтарды.
Luke Kaz 22:36  Сонда Иса оларға былай деді:— Ал енді, кімнің ақша қалтасы болса, соны да, жолдорбасын да алып жүрсін. Кімнің семсері жоқ болса, ол шапанын сатып, семсер алсын.
Luke Kaz 22:37  Өйткені сендерге айтамын: пайғамбардың: «Ол қылмыскерлердің қатарында саналды» деп алдын ала айтқан сөзі Менің өмірімде іске асуға тиіс. Мен туралы алдын ала жазылғанның бәрі де орындалады. —
Luke Kaz 22:38  Шәкірттері:— Мырза, қараңыз, мұнда екі семсер бар! — дегенде, Иса:— Жетер енді! — деп жауап қайырды.
Luke Kaz 22:39  Сол кезде Иса қаладан шығып, дағдылы әдеті бойынша Зәйтүн тауына қарай беттеп бара жатты. Шәкірттері де Оның артынан ілесті.
Luke Kaz 22:40  Сол жерге жеткеннен кейін Иса оларға: «Азғырылмау үшін сиынып мінажат етіңдер!» — деп тапсырды.
Luke Kaz 22:41  Өзі олардан тас лақтырымдай жерге аулағырақ барып, тізерлеп отырды да, мінажат етіп былай деді:
Luke Kaz 22:42  «О, Әкем, егер Сен қаласаң, (қаһарыңа толы) осы «тостағанды» Маған жолатпай алып кете гөр. Бірақ Менің емес, Сенің еркің болсын!»
Luke Kaz 22:43  Сонда көктен бір періште келіп, Исаға күш берді.
Luke Kaz 22:44  Рухани күресіп қатты қиналған Иса одан бетер сиынып мінажат етті. Оның тері қан тамшыларына ұқсап жерге тамып жатты.
Luke Kaz 22:45  Иса сиынуын аяқтаған соң, орнынан тұрды. Шәкірттерінің қасына қайтып келіп, олардың қайғыдан шаршап, ұйықтап қалғандарын көрді.
Luke Kaz 22:46  Сонда оларға: «Неге ұйықтап жатырсыңдар? Азғырылмау үшін орындарыңнан тұрып, сиынып мінажат етіңдер!» — деді.
Luke Kaz 22:47  Иса әлі де осыны айтып тұрғанда, бір топ адам көрінді. Оларды Яһуда (Исқариот) есімді он екі елшінің біреуі бастап алып келді. Ол Исаға жақындап, Оны сүймекші болды. (Себебі Яһуда қасындағылармен «Кімнің бетінен сүйсем, Ол — Соның Өзі» деп келіскен еді.)
Luke Kaz 22:48  Ал Иса оған: «Яһуда! Сен көктен келген Маған бетімнен сүйіп тұрып та опасыздық жасайсың ба?» — деді.
Luke Kaz 22:49  Исаның қасындағылар енді не болатынын сезіп:— Мырза, семсермен құртып салайық па? — деп сұрады.
Luke Kaz 22:50  Олардың біреуі семсерін бас діни қызметкердің малайына қарай сілтеп қалып, оның оң құлағын шауып түсірді.
Luke Kaz 22:51  Бірақ Иса:— Тоқтатыңдар, жетер енді! — деп бұйырып, малайдың құлағына қолын тигізіп, оны сауықтырып жіберді.
Luke Kaz 22:52  Иса Өзін ұстауға келген басты діни қызметкерлерге, ғибадатхананың бас сақшыларына және рубасыларға: «Мені тұтқындауға қарақшыға қарсы аттанғандай семсер мен сойыл алып шыққандарыңыз қалай?
Luke Kaz 22:53  Күн сайын сіздермен бірге ғибадатханада болғанымда, Маған қарсы қол көтерген жоқсыздар. Ал қазір күндеріңіз туып, қара түнектің күші билігін жүргізіп тұр», — деді.
Luke Kaz 22:54  Олар Исаны тұтқынға алып, бас діни қызметкердің сарайына апарды. Петір соларға алыстан ілесіп отырды.
Luke Kaz 22:55  Сақшылар сарайдағы ішкі ауланың ортасына от жағып, айналдыра жайғасқанда, Петір де араларына барып отырды.
Luke Kaz 22:56  Бір қызметші қыз оның оттың жарығында отырғанын көрді. Оған қадала қарап:— Мынау да Онымен бірге жүретін! — деді.
Luke Kaz 22:57  Ал Петір қызға:— Жоқ, Оны білмеймін! — деп мойындамады.
Luke Kaz 22:58  Біраздан кейін тағы біреу оны көріп:— Сен де солардың біреуісің! — деді. Бірақ Петір оған:— Жоқ, олай емеспін! — деп жауап қатты.
Luke Kaz 22:59  Бір сағаттай уақыт өткен соң тағы бір адам:— Шынымен бұл да Оның қасында жүретін, өзі ғалилеялық қой! — деп нықтап айтты.
Luke Kaz 22:60  Алайда Петір сол кісіге:— Не деп тұрғаныңды білмеймін! — деп жауап қайтарды. Ол осыны айтып тұрған сәтте-ақ әтеш шақырды.
Luke Kaz 22:61  Сонда Иеміз бұрылып, Петірге қарады. Петірдің есіне Иеміздің «Осы түні-ақ әтеш шақырғанша, сен Менен үш рет танасың» деген сөзі түсті.
Luke Kaz 22:62  Содан Петір сыртқа шығып, қатты жылады.
Luke Kaz 22:63  Исаны ұстап тұрған адамдар Оны мазақтап, соққылады.
Luke Kaz 22:64  Оның бетін бүркеп, ұрып-соғып: «Әй, пайғамбар болсаң, Сені кім ұрды, бізге айтып берші!» — деп келекелей сұрады.
Luke Kaz 22:65  Оны тағы басқа көптеген жаман сөздермен де қорлады.
Luke Kaz 22:66  Таң атқанда рубасылар, басты діни қызметкерлер және дін мұғалімдері Жоғарғы кеңеске жиналды. Исаны кеңестің алдына әкелдіріп,
Luke Kaz 22:67  Оған:— Сен Мәсіхсің бе? Бізге айтып бер! — деген сауал қойды. Иса оларға:— Мен айтсам да, бәрібір сенбейсіздер,
Luke Kaz 22:68  сіздерге сұрақ қойсам да, бәрібір жауап бермейсіздер.
Luke Kaz 22:69  Ал қазірден бастап Мен Билеуші ретінде Құдіретті Құдайдың оң жағында отыратын боламын! — деп жауап қайтарды.
Luke Kaz 22:70  Олардың бәрі:— Сонда Сен Құдайдың рухани Ұлысың ба? — деген сұрақ қойды. Иса:— Менің Сол екенімді өздеріңіз айтып тұрсыздар, — деп жауап берді.
Luke Kaz 22:71  Олар:— Бізге тағы қандай куәлік қажет? Мұны Оның өз аузынан естідік қой, — десті.