Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ESTHER
Up
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10
Chapter 1
Esth Kaz 1:1  Бұл оқиға Ахасуер патшаның заманында болды. Ол Үндістаннан бастап Құш еліне дейін ұласқан жүз жиырма жеті аймаққа патшалық құрды.
Esth Kaz 1:2  Сол кездері Ахасуер Сузы қорғанындағы сарайының тағында отырып билік жүргізді.
Esth Kaz 1:3  Патшалық құрған үшінші жылы Ахасуер қарамағындағы барлық әміршілері мен қызметкерлеріне арнап той жасады. Тойға Персия мен Мидияның әскербасылары әрі аймақтардың ақсүйектері мен әміршілері жиналды.
Esth Kaz 1:4  Патша ұзақ уақыт — толық жүз сексен күн бойы патшалығының ағыл-тегіл байлығын әрі өзінің салтанатты ұлылығының қаншалықты тамаша екендігін көрсетумен болды.
Esth Kaz 1:5  Осы күндер өткен соң, патша енді Сузы қорғанындағы жасы бар, кәрісі бар бүкіл халыққа да арнап жеті күндік той жасады. Той патша сарайының саябағындағы аулада өтті.
Esth Kaz 1:6  Сол орын ақ және көк түсті бәтестен тігілген перделермен безендірілген болатын. Олар мәрмәр бағаналарға тағылған күміс шығыршықтарға ақ бәтес және қырмызы түсті жіптермен байланған еді.
Esth Kaz 1:7  Қызыл және ақ мәрмәр, маржан әрі түрлі-түсті асыл тастардан төселген еденге алтын, күміс түсті қамқамен қапталған жастықтар қойылған болатын.
Esth Kaz 1:8  Патшаның жомарттығына сай молынан әкелінген шарап алуан түрлі үлгідегі алтын ыдыстарға құйылып беріліп отырды. Патшаның әмірімен әр қонақ еш мәжбүрленбей, қалай ішкісі келсе, солай іше алды. Себебі патша шарап тасушыларға әркімге қалағанын алып келуді бұйырған болатын.
Esth Kaz 1:9  Астин патшайым да әйелдерге арнап Ахасуердің патшалық сарайында той жасады.
Esth Kaz 1:10  Жетінші күні шарапқа қызыңқырап алған патша қасындағы жеті сарай қызметкерін өзіне шақырып алды. Олардың есімдері Меһуман, Бизта, Харбона, Биқта, Абақта, Зетар, Қарқас болатын. Патша оларға:
Esth Kaz 1:11  «Астин патшайымды басына тәжін кигізіп алдыма алып келіңдер!» — деп бұйырды. Патша халыққа және лауазымды адамдарға патшайымның сұлулығын көрсетпек болды. Өйткені ол аса көрікті әйел болатын.
Esth Kaz 1:12  Алайда Астин патшайым патшаның сарай қызметкерлері арқылы жіберген бұйрығын орындаудан бас тартты.
Esth Kaz 1:13  Бұған патша қатты ашуланып, бойында қаһары лаулады.Содан патша елдің тарихынан хабардар данышпан кеңесшілерімен ақылдасты. Өйткені оның заңдар мен әділетті білетін күллі адамдарымен ақылдасатын әдеті бар еді.
Esth Kaz 1:14  Сол кезде патшаға парсы және мидиялық мына жеті қызметкері жақын жүретін: Қаршена, Шетар, Адмата, Тарсис, Мерес, Марсена, Мемухан. Олар патшаның алдына келе алатын. Бүкіл патшалықта сол жетеудің мәртебесі жоғары болды.
Esth Kaz 1:15  Патша оларға мына сауалды қойды:— Заң бойынша Астин патшайымға қандай шара қолданған жөн? Өйткені ол патшаның сарай қызметкерлері арқылы жіберген бұйрығын орындаған жоқ.
Esth Kaz 1:16  Сонда Мемухан патша мен әміршілердің алдына шығып былай деді:— Астин патшайым патша ағзамға да, өзіңізге қарайтын барша аймақтардағы күллі әміршілер мен бүкіл халықтарға да зұлымдық жасады.
Esth Kaz 1:17  Себебі патшайымның осы қылығы жайлы басқа барлық әйелдердің құлақтарына жетпек. Сонда олар: «Ахасуер патша Астин патшайымды өз алдына әкелуді бұйырғанда ол келмей қойды!» деп, өз қожайындарын менсінбей кететін болады.
Esth Kaz 1:18  Бүгін-ақ Персия мен Мидиядағы текті әйелдер патшайымның осы істегені туралы естіп, патшаның күллі әміршілеріне де дәл солай демек. Содан менсінбеу мен қаһарлану кең етек жаймақ.
Esth Kaz 1:19  Патша ағзам мақұл көрсе, патшалық жарлық шығарылсын. Жарлық парсылар мен мидиялықтардың өзгертуге болмайтын заңдарына тіркеліп қосылсын. Онда Астиннің бұдан былай Ахасуер патшаның алдына келуіне болмайды деп жазылсын. Ал патша одан гөрі лайықты басқа бір патшайымды таңдап алсын.
Esth Kaz 1:20  Сонымен патша ағзамның осы жарлығы оның бүкіл ұлан-ғайыр патшалығы бойынша жарияланғанда, әйелдердің барлығы жоғарғысынан бастап төменгісіне дейін өз қожайындарына құрмет көрсететін болады.
Esth Kaz 1:21  Осы ұсынысты патша да, әміршілер де жөн көрді. Патша Мемуханның ұсынғаны бойынша істеп,
Esth Kaz 1:22  патшалықтың барлық аймақтарына, әр аймаққа өз әліпбиі мен өз тілінде мына жарлықты жібертті: «Әрбір ер адам өз үйінде билік жүргізіп, өз халқының ана тілінде сөйлейтін болсын!»
Chapter 2
Esth Kaz 2:1  Кейінірек ашуы басылғанда Ахасуер патша Астинді, оның не істегенін және оған қарсы шығарылған жарлықты есіне алды.
Esth Kaz 2:2  Сонда патшаның жеке қызметкерлері мынадай ұсыныс жасады: «Патша ағзамға арнап сұлу да пәк қыздарға іздеу салынсын.
Esth Kaz 2:3  Патша ағзам барлық аймақтарда арнаулы басқарушыларын тағайындап, бекіте көрсін. Олар сол сұлу да пәк қыздарды Сузы қорғанына әкелсін. Қыздар патшаның әйелдердің үстінен қарайтын сарай қызметкері Хегайдың қарамағындағы харемге жиналсын. Қыздар әрленуге арналған заттардың барлығымен қамтамасыз етілсін.
Esth Kaz 2:4  Сосын арулардың ішінен патшаға ұнаған қыз Астиннің орнына патшайым болсын!»Патша бұл ұсынысты мақұл көріп, жүзеге асыртты.
Esth Kaz 2:5  Сузы қорғанында Мардохай есімді яһуди ер адам тұратын. Мардохай Бунямин руынан шыққан Жайырдың ұлы, Шимейдің әрі Қиштың ұрпағы болатын.
Esth Kaz 2:6  Кезінде Бабыл патшасы Набуходоносор Иерусалимді жаулап алып, Яһуда патшасы Ехонияхпен бірге жер аударып әкеткен халықтың арасында Мардохайдың отбасы да бар болған еді.
Esth Kaz 2:7  Мардохайдың қолында оның бір ағасының Хадаса есімді қызы болды. Хадаса Естер («Жұлдыз») деп те аталатын. Қыздың дене бітімі сымбатты, бет-әлпеті өте сұлу еді. Әке-шешесі қайтыс болғаннан кейін, Мардохай оны өз қызындай тәрбиелеп өсірді.
Esth Kaz 2:8  Патшаның әмірі жарияланғанда, Естер де көптеген басқа қыздармен бірге Сузы қорғанындағы патша сарайына әкелініп, харемнің бастығы Хегайдың қарамағына тапсырылды.
Esth Kaz 2:9  Естер Хегайға ұнап, оның мейіріміне бөленді. Хегай қызды әрленуге арналған иісмайлармен және арнайы тағамдармен дереу қамтамасыз етті. Ол, сондай-ақ, Естерге патша сарайынан таңдалған жеті қызметші қызды қосып беріп, оларды патшаның хареміндегі ең жақсы орынға көшіріп орналастырды.
Esth Kaz 2:10  Естер өз ұлты мен ата-тегі жайлы ешкімге тіс жармады. Себебі Мардохай оған солай істеуге тыйым салған еді.
Esth Kaz 2:11  Мардохай Естердің хал-жағдайын және оған не болып жатқанын білу үшін күн сайын харемнің ауласының маңайында әрлі-берлі жүретін.
Esth Kaz 2:12  Әрбір қыз Ахасуер патшаның алдына бару кезегі келмес бұрын әйелдерге арналған он екі айлық әрлену мерзімінен өтетін. Сол мерзім алты ай бойы мүр майымен сылану, келесі алты ай бойы иіссулар мен әрлендіретін иісмайларды жағу кезеңдерінен тұратын.
Esth Kaz 2:13  Қыздың патшаның алдына баратын уақыты келгенде, харемнен патша сарайына алып кеткісі келген нәрселерінің бәрі де оған берілетін.
Esth Kaz 2:14  Қыз патшаға кешке келетін де, таңертең екінші харемге апарылатын. Сол жерде ол патшаның кәнизактарының үстінен қарайтын сарай қызметкері Шағашқаздың қарамағында болатын. Патша оны ұнатып, атын атап өзіне қайта шақырмаса, ол бұдан былай патшаға қайтып әкелінбейтін.
Esth Kaz 2:15  Естер Мардохайдың ағасы Әбихаилдің қызы еді. Мардохай оны асырап алған болатын. Енді Естердің патшаның алдына баратын кезегі келгенде, ол патша харемінің үстінен қарайтын сарай қызметкері Хегайдың ақыл-кеңесіне мойынсұнды. Осылай Естер өзімен бірге алып кетуге оның ұсынған нәрселерінен басқа ештеңені сұраған жоқ. Ал Естерді көргеннің бәрі оған риза болды.
Esth Kaz 2:16  Естер Ахасуер патша билік құрған жетінші жылдың оныншы (яғни тебет) айында патша сарайына апарылды.
Esth Kaz 2:17  Патша басқа барлық қыздардан гөрі Естерді қатты ұнатты. Оған өзгелерге қарағанда көбірек риза болып, сүйсінгені сонша, басына патшалық тәж кигізіп, оны Астиннің орнына патшайым етті.
Esth Kaz 2:18  Содан патша барлық әміршілері мен қызметкерлеріне арнап үлкен қонақасы беріп, Естердің тойын жасады. Ол, сондай-ақ, аймақтарға демалыс күнін жариялатып, патшалық жомарттықпен сыйлықтар үлестірді.
Esth Kaz 2:19  Қыздар екінші харемге әкелініп жиналған кезде, Мардохай патша сарайының қақпасында қызмет ететін болды.
Esth Kaz 2:20  Естер өзінің ата-тегі мен ұлтын Мардохайдың ескертуімен бұдан былай да ешкімге ашпады. Ол бұрын Мардохайдың қолында тұрған кезінде де оның айтқанын екі етпейтін.
Esth Kaz 2:21  Мардохай патша қақпасында қызмет етіп жүрген сол күндердің бірінде кіреберісті күзететін екі сарай қызметкері бірдеңеге патшаға өкпелеп ашуланып қалды. Олардың есімдері Бигтана және Тәреш болатын. Содан екеуі Ахасуер патшаның көзін құртуды ойластырды.
Esth Kaz 2:22  Осы туралы Мардохай біліп қойып, оны Естер патшайымға хабарлады. Ал Естер бұл жайтты Мардохайдың атынан патшаның өзіне жеткізді.
Esth Kaz 2:23  Істің мән-жайы тексерілгенде расталып, екі қылмыскер дарға асылды. Бүкіл оқиға туралы баяндама патшаның көз алдында ресми жылнама кітабына жазылып енгізілді.
Chapter 3
Esth Kaz 3:1  Осы оқиғалардан кейін Ахасуер патша Агагтың ұрпағы Амадат ұлы Хаманды көтеріп, дәрежесін өсірді. Патша Хаманның лауазымын өзінің қасындағы күллі әміршілерден де жоғарылатты.
Esth Kaz 3:2  Патшаның сарай қақпасындағы қызметкерлерінің барлығы Хаманға жерге дейін иіліп сәлем беретін. Себебі патша солай әмір еткен болатын. Бірақ Мардохай Хаманға иіліп сәлем берген жоқ.
Esth Kaz 3:3  Патшаның сарай қақпасындағы қызметкерлері Мардохайға: «Патшаның бұйрығын неге бұзасың?» — деген сұрақ қойды.
Esth Kaz 3:4  Олар бұны күн сайын ескерте берсе де, ол тыңдаған жоқ. Қызметкерлер Мардохай өзінің айтқан сөзінен бас тартар ма екен деп оны сынамақ болып, бұл туралы Хаманға хабар жеткізді. Ал Мардохай өзінің яһуди екенін оларға білдірген болатын.
Esth Kaz 3:5  Хаман Мардохайдың өзіне иіліп сәлем беруден бас тартқанын естігенде, ашуға булықты.
Esth Kaz 3:6  Бірақ Мардохайдың өзін ғана құрту оған аз болып көрінді. Өйткені оның қай ұлтқа жататынын біліп алған соң, Хаман Мардохайдың ұлттастары — яһудилердің бәрін де Ахасуердің бүкіл патшалығы бойынша жаппай жойып жіберуді ойластырды.
Esth Kaz 3:7  Осылайша Ахасуер патшаның билік еткен он екінші жылының бірінші (яғни нисан) айында мұны іске асырудың тиімді күні мен айын анықтау үшін Хаманның алдында «пур», демек, жеребе тасталды. Жеребе он екінші айдың (яғни адар айының) он үшінші күніне түсті.
Esth Kaz 3:8  Содан Хаман Ахасуер патшаға былай деп ұсыныс жасады:— Сіздің патшалығыңыздың күллі аймақтарындағы өзге халықтардың арасына шашырап кеткен, бірақ солармен араласпайтын бір ұлт бар. Бұл ұлттың әдет-ғұрыптары барлық басқалардікінен өзгеше. Олар патшаның заңдарын да орындамайды! Оларды осылай қалдыра беру патша ағзамның мүддесіне қарсы.
Esth Kaz 3:9  Егер патша ағзам мақұл көрсе, оларды құрту жайлы жарлық шығарылсын. Сонда мен басқарушы уәзірлердің қолдарына патшаның қазынасына салу үшін он мың ат басындай күмісті өлшеп табыстаймын.
Esth Kaz 3:10  Патша саусағындағы мөр басатын жүзігін шешіп алып, оны Амадат ұлы Хаманға берді. Хаман амалектік Агагтың ұрпағы әрі яһудилердің қас жауы болатын.
Esth Kaz 3:11  Патша Хаманға:— Сол күмісті де, сол ұлтты да қолыңа тапсырамын. Оларға өзің мақұл көргеніңді істе! — деді.
Esth Kaz 3:12  Осылайша бірінші айдың он үшінші күні патшаның хатшылары шақырылды. Олар Хаманның айтқан жарлығын патшаның өлке әміршілеріне, барша аймақтардың үстінен қарайтын әкімдерге және әрбір халықтың басшыларына арнап өздерінің әліпбилерімен әрі ұлттық тілдерінде аударып жазып берді. Жарлықтың көшірмелері Ахасуер патшаның атынан жазылып, оның жүзік мөрімен бекітілді.
Esth Kaz 3:13  Сол хаттар шабармандар арқылы патшалықтың күллі аймақтарына жіберілді. Онда он екінші айдың (демек адар айының) он үшінші күні, сол бір күннің ішінде, барлық яһудилерді: жасы мен кәрісін, әйелі мен бала-шағасын құртып жоқ қылуға, ал қалған мал-мүлкін олжалауға бұйрық берілді.
Esth Kaz 3:14  Жарлықтың көшірмелері әрбір аймақта заң ретінде шығарылып, күллі ұлттардың адамдарына сол күнге дайын болсын деп паш етілуге тиіс болды.
Esth Kaz 3:15  Шабармандар патшаның бұйрығымен тез аттанып кетті. Жарлық Сузы қорғанында да жарияланды. Патша мен Хаман шарап ішуге отырды, ал Сузы қаласының халқы не болғанын түсінбей абыржыды.
Chapter 4
Esth Kaz 4:1  Мардохай болған оқиға туралы толық білгенде, қатты қайғырып киімдерінің өңірін айыра жыртты. Содан ол азалы киім киіп, басына күл шашып, дауыстап жылап қаланың ортасына барды.
Esth Kaz 4:2  Мардохай патша сарайының қақпасының алдына дейін ғана келе алды. Өйткені азалы киім киіп сарай қақпасына кіруге тыйым салынған болатын.
Esth Kaz 4:3  Патшаның шығарған жарлығы жеткен аймақтардың барлығындағы яһудилер де ораза ұстап, еңіреп жылаумен болды. Олардың көбі азалы киім киіп, күл үстінде отырды.
Esth Kaz 4:4  Естерге өзінің қызметші қыздары мен сарай қызметкерлері келіп, Мардохай туралы айтып бергенде, ол да қатты алаңдап қорықты. Естер Мардохайға азалы киімін шешіп, ауыстырып киюге жай киімдер жіберді. Бірақ Мардохай оларды қабылдамады.
Esth Kaz 4:5  Сонда Естер Хатахты шақырып алып, Мардохайдан не болғанын сұрап біліп келуге жіберді. Хатах патшаның Естерге қызмет етуге тағайындаған сарай қызметкерлерінің бірі еді.
Esth Kaz 4:6  Хатах патша қақпасынан шығып, оның алдындағы ашық алаңдағы Мардохайға барды.
Esth Kaz 4:7  Мардохай Хатахқа өзімен болған бүкіл жайтты, әрі Хаманның яһудилерді құрту үшін патшаның қазынасына төлеймін деген күмісінің дәл мөлшерін де айтып берді.
Esth Kaz 4:8  Мардохай, сондай-ақ, яһудилерді құрту жайлы Сузыда шығарылған жарлықтың бір көшірмесін Хатахқа беріп, одан соны Естерге көрсетіп, түсіндіруін сұрады. Естер патшаның алдына барып, өз халқы үшін мейірім сұрауы керек деп те тапсырды.
Esth Kaz 4:9  Қызметкер Хатах қайта оралып, Мардохайдың айтқанының бәрін Естерге жеткізді.
Esth Kaz 4:10  Сонда Естер Хатахтан Мардохайға былай деген жауабын жіберді:
Esth Kaz 4:11  — Патшаның барлық қызметкерлері және оның аймақтарының халқы мынаны біледі: Егер кімде-кім, әйел болсын, ер адам болсын, патшаның шақыруынсыз ішкі аулаға кіріп келетін болса, оған бір-ақ заң қолданылады: сол кісі өлтіріледі! Егер патша алтын асатаяғын сол адамға қарай созса ғана, ол тірі қалады. Ал өзімнің патшаның қасына шақырылмағаныма отыз күн болды.
Esth Kaz 4:12  Естердің осы айтқаны Мардохайға жеткенде,
Esth Kaz 4:13  ол Естерге былай деп жауап қайтарды:— Патшаның сарайында тұрып яһудилердің арасынан жеке басым аман қалармын деп ойлама!
Esth Kaz 4:14  Себебі егер осы уақытта үндемей қалатын болсаң, яһудилерге көмек пен құтқарылу басқа жақтан келмек. Ал сенің өзің мен әкеңнің әулеті құрисыңдар. Мүмкін, патшайым болу құрметіне дәл осындай уақыт үшін де қол жеткізген шығарсың, соны кім біледі?
Esth Kaz 4:15  Естер Мардохайға мына жауабын жолдады:
Esth Kaz 4:16  — Онда Сузыдағы барлық яһудилерді жинап, мен үшін ораза ұстаңыздар. Үш күн, үш түн бойы ішіп-жемеңіздер. Мен де қызметші қыздарыммен бірге сіздер сияқты ораза ұстаймын. Содан соң мұным заңсыз болса да, патшаның алдына барамын. Егер өлуге тиіс болсам, өлейін!
Esth Kaz 4:17  Мардохай барып, бәрін Естердің тапсырғанындай істеді.
Chapter 5
Esth Kaz 5:1  Үшінші күні Естер патшалық киімін киіп, патша сарайының ішкі ауласына, патша отыратын кең бөлменің алдына келіп тұрды. Патша сондағы өз тағында, кіреберіске қарама-қарсы төрде отырған еді. Аулада тұрған Естер патшайымды көре салысымен, патша оның келгеніне риза болып,
Esth Kaz 5:2  қолындағы алтын асатаяғын оған қарай созды. Естер патшаға жақындап келді де, асатаяқтың ұшына қолын тигізді.
Esth Kaz 5:3  Патша оған тіл қатып былай деді:— Саған не керек, Естер патшайым? Қандай өтінішің бар? Патшалықтың жартысы болса да, саған беріледі! —
Esth Kaz 5:4  Естер:— Егер патша ағзам мақұл көрсе, бүгін Хаманды ертіп өзіне арналып дайындалған қонақасына келсе екен, — деп жауап берді.
Esth Kaz 5:5  Патша:— Естердің өтінішін орындау үшін, Хаманды дереу осында жеткізіңдер! — деп бұйырды. Содан патша мен Хаман Естердің дайындаған қонақасына барды.
Esth Kaz 5:6  Олар шарап ішіп отырғанда, патша Естерге сауал қойып:— Тілегің қандай? Ол орындалады. Қандай өтінішің бар? Патшалықтың жартысы болса да, саған беріледі! — деді.
Esth Kaz 5:7  Естер былай деп жауап берді:— Менің тілегім мен өтінішім мынау:
Esth Kaz 5:8  Егер маған патша ағзамның мейірімі түсіп, тілегімді беріп, өтінішімді орындауды мақұл көрсе, патшам Хаманды ертіп мен ертең оларға дайындайтын қонақасына келсе екен. Патша ағзамның қойған сұрағына жауабымды сонда беремін.
Esth Kaz 5:9  Хаман сол күні қонақасынан мәз болып, көтеріңкі көңілмен шықты. Алайда патша сарайының қақпасында Мардохайдың не орнынан тұрып құрмет көрсетпегенін, не қорқыныш та танытпағанын байқағанда, Хаманды қаһар кернеді.
Esth Kaz 5:10  Әйтсе де Хаман өзін-өзі ұстап, үйіне барды. Сонда достары мен әйелі Зерешті шақырып алып,
Esth Kaz 5:11  оларға өзінің байлығының қандай ауқымды әрі ұлдарының сонша көп екенін айтып бөсті. Хаман, сондай-ақ, өзінің дәрежесін өсірген патшаның бүкіл әрекеттерін де, өзін басқа әміршілер мен қызметкерлерден қалай жоғарылатқанын да атап мақтанды.
Esth Kaz 5:12  Мұнан кейін Хаман:— Тіпті Естер патшайым да өзі дайындаған қонақасына патшамен бірге жалғыз мені шақырды. Ертеңгі қонақасына да ол патшамен бірге тек мені ғана шақырды!
Esth Kaz 5:13  Алайда мен яһуди Мардохайдың сарай қақпасының маңында отырғанын әлі де көргенде, соның бәріне көңілім толмайды, — деп жүрек сырын ақтарды.
Esth Kaz 5:14  Әйелі Зереш пен барлық достары Хаманға:— Онда биіктігі елу шынтақ дар ағашын құрғызыңыз. Таңертең патшадан Мардохайды дарға асуды сұраңыз. Содан соң қуана патшамен бірге тойға бара бересіз, — деп ұсынды. Бұл ұсыныс Хаманға ұнап, ол дар ағашын дайындатқызып қойды.
Chapter 6
Esth Kaz 6:1  Сол түні патшадан ұйқы қашты. Сондықтан ол болған оқиғалар баяндалып сақталатын жылнама кітабын әкелуді бұйырды. Хатшы патшаға сол кітаптан оқып берді.
Esth Kaz 6:2  Сонда кіреберісті күзеткен Бигтана мен Тәреш есімді екі сарай қызметкерінің қаскүнемдігін Мардохайдың әшкерелегені туралы жазылған баяндама табылды. Сол екеуі Ахасуер патшаның көзін құртуды ойластырған болатын.
Esth Kaz 6:3  Соңында патша:— Сол Мардохайға осы үшін қандай сый-құрмет көрсетілді? — деп сұрады. Патшаның қасында қызмет көрсететін жас малайлары:— Оған ештеңе де істелген жоқ, — деп жауап берді.
Esth Kaz 6:4  Патша:— Аулада кім бар? — деген сауал қойды. Сол кезде Хаман енді ғана патша сарайының сыртқы ауласына кіріп келген болатын. Ол Мардохайды өзі құрғызып қойған дарға асу туралы патшамен сөйлеспек еді.
Esth Kaz 6:5  Жас малайлары патшаға:— Хаман аулада тұр, — деп мәлімдеді. Патша:— Кірсін! — деп бұйырды.
Esth Kaz 6:6  Осылай Хаман кірді. Патша оған мына сұрақты қойды:— Патша құрмет көрсетпек болған адамға не істелуі керек? — Хаман ішінен: «Патша менен басқа кімге құрмет көрсетуді қалар еді?» — деп ойлады.
Esth Kaz 6:7  Сондықтан ол былай деп жауап берді:— Патша құрмет көрсетпек болған адамға арнап
Esth Kaz 6:8  патшаның өзі киген арнайы шапаны, патшаның өзі мінген, басына патшалық әшекей орнатылған тұлпары әкелінсін.
Esth Kaz 6:9  Сол шапан мен ат патшаның ең жоғары лауазымды әміршілерінің біріне табыс етілсін. Әмірші патша құрмет көрсетпек болған адамды киіндіріп, тұлпарға мінгізіп, қаланың алаңымен жетелеп алып жүрсін. Сондай-ақ, оның алдында жүріп: «Патша құрмет көрсетпек болған адамға осылай істеледі!» деп жар салатын болсын. —
Esth Kaz 6:10  Патша Хаманға:— Сен дереу өзің айтқандай шапан мен тұлпарды ал да, патша сарайының қақпасында қызмет ететін Мардохай есімді яһудиге осылардың бәрін істе! Барлық айтқандарыңның бірде-біреуін ұмыт қалдырма! — деп тапсырды.
Esth Kaz 6:11  Сонда Хаман шапан мен тұлпарды алып, Мардохайды киіндіріп, атқа мінгізіп, қаланың алаңымен жетелеп алып жүрді. Оның алдында жүріп: «Патша құрмет көрсетпек болған адамға осылай істеледі!» — деп жар салды.
Esth Kaz 6:12  Бұдан соң Мардохай патша сарайының қақпасына қайтты. Ал Хаман қатты түңіліп бетін бүркеп алып үйіне асығып барды да,
Esth Kaz 6:13  әйелі Зереш пен күллі достарына болған істі айтып берді. Сонда оның данышпан кеңесшілері мен әйелі Зереш былай деді: «Сен оның алдында төмендетіле бастаған сол Мардохай шынымен яһуди тұқымынан болса, оны жеңе алмайсың. Қайта, өзің оның алдында құлайсың!»
Esth Kaz 6:14  Олар әлі сөйлесіп тұрғанда, патшаның сарай қызметкерлері келіп, Хаманды Естер дайындаған қонақасына асықтырып алып кетті.
Chapter 7
Esth Kaz 7:1  Осылайша патша мен Хаман Естер патшайымға тағы да қонақасына келді.
Esth Kaz 7:2  Олар сол екінші күні тамақ ішіп отырған кезде патша қайтадан Естерге сауал қойып:— Тілегің қандай, Естер патшайым? Ол орындалады. Қандай өтінішің бар? Патшалықтың жартысы болса да, саған беріледі! — деді.
Esth Kaz 7:3  Сонда Естер патшайым былай деп жауап берді:— Уа, патшам, егер маған мейіріміңіз түссе, әрі патша ағзам мақұл көрсе, маған өмірім аман қалдырылса екен! Тілегім — осы. Халқымның өмірі де аман сақталса екен! Өтінішім — осы.
Esth Kaz 7:4  Өйткені өзім де, халқым да құртылып, өлтірілуге, әбден жойылуға сатылдық! Егер бізді құл-күң қылуға сатса, мен үндемес те едім. Себебі осындай ауыртпалық патшаның мазасын алатындай мәселе болмас еді.
Esth Kaz 7:5  — Ахасуер патша Естер патшайымнан:— Ол кім өзі? Мұндайды істеуге батылы барған кісі қайда? — деп сұрады.
Esth Kaz 7:6  Естер:— Сол қас жау — мына отырған зұлым Хаман! — деп жауап қатты. Сонда Хаманның патша мен патшайымның алдында зәресі қалмады.
Esth Kaz 7:7  Патша қаһарланып орнынан ұшып тұрды да, шарабын қалдырып, сарайдың саябағына шығып кетті. Ал Хаман патшаның өзін құртуға шешім қабылдағанын көріп, Естер патшайымнан өмірін сақтап қалуын сұрап жалбарыну үшін, сол жерде қалып қойды.
Esth Kaz 7:8  Содан Хаман Естердің жантайып жатқан төсегіне құлай кетті. Дәл сол кезде патша саябақтан қонақасы бөлмесіне қайта кіріп келе жатты. Патша: «Ол тіпті сарайда менің қасымда болып патшайымды зорламақшы ма?!» — деп айқайлап жіберді.Патшаның аузынан осы сөз шыға салысымен-ақ күзетшілер Хаманның бетін бүркеп тастады.
Esth Kaz 7:9  Патшаның қасында жүрген Харбона есімді сарай қызметкері былай деді:— Хаманның үйінің қасында биіктігі елу шынтақ дар ағашы тұр! Хаман соны патшаның игілігі үшін сөз сөйлеген Мардохайға арнап құрғызып қойған болатын. — Патша:— Сол дарға оның өзін асыңдар! — деп бұйырды.
Esth Kaz 7:10  Сонымен жендеттер Хаман Мардохайға арнап дайындатқызған дарға оның өзін асып қойды. Осыдан кейін патшаның қаһары басылды.
Chapter 8
Esth Kaz 8:1  Сол күні Ахасуер патша яһудилердің жауы Хаманның сарайын Естер патшайымға сыйлады. Естер Мардохайдың өзіне кім болып келетінін айтып, Мардохай патшаның алдына әкелінді.
Esth Kaz 8:2  Патша Хаманнан қайтарып алған мөрлі жүзігін шешіп алып, Мардохайға тапсырды. Сонымен қатар Естер Мардохайды Хаманның сарайы мен мал-мүлкінің үстінен қараушы етіп тағайындады.
Esth Kaz 8:3  Естер қайтадан патшаның алдына барып, оның аяғына жығылып еңіреп жылады. Патшадан Агагтың ұрпағы Хаманның яһудилерге қарсы жасаған зұлым жоспарының бетін қайыруын өтінді.
Esth Kaz 8:4  Патша оған қарай өзінің алтын асатаяғын созды. Естер көтеріліп, патшаның алдында тұрды да,
Esth Kaz 8:5  оған былай деді:— Егер патша ағзам мақұл көріп, маған мейірімі түссе, әрі патша бұл істі дұрыс деп бағалап, маған оң көзімен қараса, онда бір жарлық шығарылса екен. Сол жарлық Агагтың ұрпағы Амадат ұлы Хаманның патшаның аймақтарына яһудилердің көзін құрту мақсатымен жолдаған хаттарының күшін жоятын болса екен.
Esth Kaz 8:6  Халқым апатқа ұшырайын деп жатқанда мен қалайша қарап отыра аламын? Өз әулетім құрып кетейін деп жатқанда мен қалайша жайбарақат отыра аламын? —
Esth Kaz 8:7  Ахасуер патша Естер патшайым мен яһуди Мардохайға мынадай жауап берді:— Мен яһудилерді құртқысы келгені үшін Хаманның үй-жайын Естерге бергенмін, ал оның өзі дарға асылды.
Esth Kaz 8:8  Енді сендер патшаның атынан яһудилер туралы өздерің мақұл көргендеріңді жазып, соны патшаның мөрлі жүзігімен бекітіңдер! Өйткені патшаның атынан жазылып, патшаның мөрлі жүзігімен бекітілген ешбір жарлықтың күшін жоюға болмайды.
Esth Kaz 8:9  Осылайша үшінші айдың (демек сиван айының) жиырма үшінші күні патшаның хатшылары шақырылды. Олар Мардохайдың бұйырғандарының бәрі бойынша жаңа жарлықты патшалықтың Үндістаннан Құш еліне дейін ұласқан барлық жүз жиырма жеті аймағындағы яһудилерге, өлке әміршілері мен аймақ әкімдеріне және өзге де басшыларға арнап жазып берді. Жарлық әр аймаққа өзінің әліпбиімен және әр халыққа арнап өзінің тілінде, соның ішінде яһуди халқына арнап та өз тіліне аударылып, өз әліпбиімен жазылды.
Esth Kaz 8:10  Мардохай осы хаттарды Ахасуер патшаның атынан жазғызып, патшаның мөрлі жүзігімен бекітті. Содан хаттарды патшаның ат қорасынан шыққан жүйрік сайгүліктерге мінген шабармандар арқылы жан-жаққа жіберді.
Esth Kaz 8:11  Жаңа жарлыққа сай, әрбір қаладағы яһудилерге бас қосып, өздерін қорғауға патшаның рұқсат бергені мәлім болды. Яһудилер кез келген халықтың не аймақтың өздеріне және әйелдері мен бала-шағаларына шабуыл жасаған жасақшыларын жойып, оларды жоқ қылуға әрі солардың мал-мүлкін олжалауға құқықты болды.
Esth Kaz 8:12  Осының бәрін жүзеге асыруға Ахасуер патшаның қарамағындағы барлық аймақтар бойынша яһудилерге бір күн белгіленді. Бұл күн — он екінші айдың (демек адар айының) он үшінші күні еді.
Esth Kaz 8:13  Яһудилер өз жауларын жазалауға дайын болып отыра алулары үшін осы жарлықтың көшірмесі әрбір аймақта заң ретінде жарияланып, әр ұлттың адамдары сонымен танысуға міндетті болды.
Esth Kaz 8:14  Шабармандар патшаның ат қорасынан шыққан жүйрік аттарға мініп, патшаның бұйрығымен тездетіп жан-жаққа аттанып кетті. Жарлық Сузы қорғанында да жарияланды.
Esth Kaz 8:15  Мардохай үстіне патша киетін көк және ақ түсті киімдер, басына үлкен алтын тәж киіп, қырмызы бәтес шапан жамылып патшаның алдынан шықты. Сузы қаласының халқы шаттана айқайлап тойлады.
Esth Kaz 8:16  Қуанышқа кенелген яһудилер көздері жайнап, құрметке бөленді.
Esth Kaz 8:17  Патшаның бұйырған жарлығы жеткен әрбір аймақ, қала және елді мекенде яһудилер мәз-мейрам болып мерекеледі. Елдегі халықтардың көптеген адамдары яһудилерден қорқып, оларды терең қастерлеп, ұлттастарына айналды.
Chapter 9
Esth Kaz 9:1  Он екінші айдың (яғни адар айының) он үшінші күні патша шығарған жарлық іске асуға тиіс болды. Осы күні яһудилердің жаулары оларға күш көрсетуге үміттенген болатын. Алайда бәрі де керісінше болып, яһудилер жауларына үстемдік құрып, оларды жеңіп шықты.
Esth Kaz 9:2  Яһудилер Ахасуер патшаның барша аймақтарында жиналып, өздеріне зұлымдық жасамақшы болғандардың бәріне шабуыл жасауға дайын тұрды. Бірақ яһудилерге қарсы тұра алатын ешкім болмады. Себебі халықтардың барлығы яһудилерден қорқып, оларды терең қастерледі.
Esth Kaz 9:3  Аймақтардағы күллі басшылар, өлке әміршілері, әкімдер және патшаның тағайындаған өзге де басшылары Мардохайдан қорқып, яһудилерді қолдап жүрді.
Esth Kaz 9:4  Өйткені патша сарайында Мардохайдың мәртебесі жоғары болатын. Оның билігі күшейген сайын, атақ-даңқы барша аймақтарға жайыла түсті.
Esth Kaz 9:5  Осылайша яһудилер белгіленген күні күллі жауларын шауып өлтіріп, өздерін жек көргендерге қалағандарын істеді.
Esth Kaz 9:6  Сузы қорғанында яһудилер бес жүз адамның көзін құртып,
Esth Kaz 9:7  сондай-ақ Паршандата, Далфон, Асфата,
Esth Kaz 9:9  Пармашта, Арисай, Аридай, Уаизата есімді он адамды да өлтірді.
Esth Kaz 9:10  Бұлар яһудилердің қас жауы Хаманның ұлдары болатын. Бірақ та яһудилер дұшпандарының мал-мүліктеріне тиген жоқ.
Esth Kaz 9:11  Сол күні Сузы қорғанында өлтірілгендердің саны туралы мәлімет патшаға жетті.
Esth Kaz 9:12  Ол Естер патшайымға былай деді:— Яһудилер Сузы қорғанында бес жүз адамды және Хаманның он ұлын өлтірді. Патшалықтың басқа аймақтарында олар не істеді екен? Ал енді, тілегің қандай? Ол орындалады. Тағы қандай өтінішің бар? Ол да саған беріледі. —
Esth Kaz 9:13  Естердің жауабы мынау болды:— Егер патша ағзам мақұл көрсе, Сузыдағы яһудилерге ертең де бүгінгі жарлыққа сәйкес әрекет етуге хұқық берілсе екен. Ал Хаманның он ұлының өлі денелері дарға асылып қойылғаны жөн болар еді.
Esth Kaz 9:14  Патша солай етуге бұйырды. Сузыда жарлық шығарылып, Хаманның он ұлының денелері дарға асылып қойылды.
Esth Kaz 9:15  Содан Сузыдағы яһудилер адар айының он төртінші күні де бас қосып, қаладағы үш жүз жауының көзін құртты. Бірақ солардың мал-мүліктеріне тиген жоқ.
Esth Kaz 9:16  Патшаның басқа аймақтарындағы яһудилер де өз өмірлерін қорғауға жиналған болатын. Олар жауларынан құтқарылып, өздерін жек көретін жетпіс бес мың дұшпанының көзін жойды. Алайда солардың мал-мүліктеріне тиген жоқ.
Esth Kaz 9:17  Бұл адар айының он үшінші күні болды. Аймақтардағы яһудилер он төртінші күні демалып, сол күнді қуанышпен тойлауға арнады.
Esth Kaz 9:18  Сузыдағы яһудилер болса, он екінші айдың он үшінші және он төртінші күндері дұшпандарына қарсы шығуға бас қосып, он бесінші күні демалды. Сондықтан олар айдың он бесінші күнін қуанышпен тойлайтын мереке етіп белгіледі.
Esth Kaz 9:19  Ал аймақтардағы шағын қалалар мен елді мекендерде тұратын яһудилер адар айының он төртінші күнін шаттана мейрамдайды. Сол мейрамды бір-біріне сыйлық жіберіп атап өтеді.
Esth Kaz 9:20  Мардохай осы болған оқиғаларды жазып қойып, Ахасуер патшаның бүкіл алыс-жақын аймақтарындағы яһудилердің бәріне хат жолдады.
Esth Kaz 9:21  Оларды жыл сайын адар айының он төртінші және он бесінші күндерін мейрамдауға шақырды.
Esth Kaz 9:22  Себебі осы күндері яһудилер жауларынан құтқарылды. Сол айда уайымдары қуанышқа, қайғылары тойға айналған еді. Мардохай: «Осы күндер шаттана тойлап, бір-біріне сыйлық жіберіп, кедейлерге тартулар беретін күндер болсын!» — деп белгіледі.
Esth Kaz 9:23  Сондықтан яһудилер өздері істей бастағандарын және Мардохайдың оларға жазғанын дәстүр етіп алды.
Esth Kaz 9:24  Барлық яһудилердің қас жауы — Агагтың ұрпағы Амадат ұлы Хаман оларды құртуға жоспар жасаған еді. Оларды жойып, көздерін құрту үшін «пур», яғни жеребе, тастаған болатын.
Esth Kaz 9:25  Бірақ алдына Естер келген кезде патша: «Хаманның яһудилерге қарсы жасаған зұлым жоспары оның өз басына түссін және өзі ұлдарымен қоса дарға асылсын!» — деп жазбаша жарлық шығарған еді.
Esth Kaz 9:26  Жоғарыдағы «пур» сөзінен осы мейрам «Пурим» деп аталып келеді. Мардохайдың хатында жазғанына сәйкес және өздерінің көздерімен көріп, бастарынан өткендері бойынша,
Esth Kaz 9:27  яһудилер осы екі күнді мейрам етуге шешім қабылдады. Олар мұны дәл нұсқауға сай әрі белгіленген уақытта жыл сайын міндетті түрде іске асыруға келісті. Оны өздеріне, кейінгі ұрпақтарына және Яһуда халқына қосылғандардың бәріне де тұрақты дәстүр етіп бекітті.
Esth Kaz 9:28  Күллі келер ұрпақ осы күндерді әрбір отбасында, әрбір аймақта, әрбір елді мекенде естен шығармай, мейрамдауы қажет. Яһудилер Пурим мейрамынан ешқашан бас тартпаулары керек. Олардың үрім-бұтақтары да сол күндерді мерекелеп өткізуді ұмыт қалдырмауға міндетті.
Esth Kaz 9:29  Әбихаил қызы Естер патшайым және яһуди (бас уәзір) Мардохай Пурим мейрамы туралы осы екінші хатты жаздырып, оны өздерінің бар биліктерімен бекітті.
Esth Kaz 9:30  Мардохай Ахасуер патшаның барлық жүз жиырма жеті аймағындағы яһудилерге тыныштық пен аман-есендік тілеген сәлемхаттарын жіберді.
Esth Kaz 9:31  Сол хаттарда Пурим мерекесін белгілі бір уақытта өткізу керектігі яһуди (бас уәзір) Мардохай мен патшайым Естердің нұсқаулары бойынша нық бекітілді. Яһуда халқы, сондай-ақ, өздері мен келер ұрпақтары үшін мейрамның алдында ораза ұстап қайғыру жайлы дәстүрді де орындауға шешім қабылдады.
Esth Kaz 9:32  Осылайша Естер патшайымның бұйрығымен Пурим мейрамы туралы ережелер белгіленіп, кітапқа жазылып, сақталып қойылды.
Chapter 10
Esth Kaz 10:1  Ахасуер патша құрлықта және теңіз аралдарында орналасқан бүкіл патшалығына салық салды.
Esth Kaz 10:2  Оның ұлы да құдіретті іс-әрекеттерінің бәрі және өзі жоғарылатқан Мардохайдың биік дәрежесі туралы «Мидия мен Персия патшаларының жылнамалары» кітабында жазылған.
Esth Kaz 10:3  Яһуди Мардохайдың мәртебесі тек қана Ахасуер патшадан кейінгі екінші орында болды. Яһудилердің арасында оның абыройы өте жоғары еді. Мардохай өз халқының қамын ойлап, бүкіл келер ұрпақтың да игілігі үшін сөз сөйлеген болатын. Сол үшін ол ұлттастарының ризашылығына бөленді.