Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
COLOSSIANS
Up
1 2 3 4
Chapter 1
Colo Kaz 1:1  Құдайдың еркімен Мәсіх Исаның елшісі болған Пауылдан және бауырласымыз Тімотеден
Colo Kaz 1:2  Құдайдың халқы болып Мәсіхпен тығыз байланыста жүрген, Қолос қаласында тұратын сенімді бауырластарымызға дұғай сәлем.
Colo Kaz 1:3  Сендерге Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсін!Біз сендер үшін Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі Құдайға сиынған сайын шүкірлік етеміз.
Colo Kaz 1:4  Сендердің Мәсіх Исаға сеніп, Құдайдың барлық адамдарын сүйетіндерің туралы естідік.
Colo Kaz 1:5  Ал осы сенімдерің мен сүйіспеншіліктерің өздеріңе көкте дайындалған игіліктерді иемденеміз деген үміттеріңе негізделген. Бұл туралы сендер алдымен Құдайдың шынайы хабары — Ізгі хабар өздеріңе жеткенде естідіңдер.
Colo Kaz 1:6  Осы хабар дүние жүзінде кеңінен жайылғандай, сендерге де жетті. Ол барлық жерде адамдарды жақсылық жасауға жетелеп, көптеген кісілер оны қабылдауда. Сендер Ізгі хабар туралы естіп, Құдайдың рақымын шынымен таныған күннен бастап, осылай рухани өсіп-өніп келесіңдер.
Colo Kaz 1:7  Құдайдың рақымы жөнінде біздің сүйікті қызметтесіміз Епафрастан осы тәлімді алдыңдар. Ол — сендер үшін еңбектеніп жүрген Мәсіхтің сенімді қызметшісі.
Colo Kaz 1:8  Епафрас бізге жүректеріңе Киелі Рух дарытқан сүйіспеншілік туралы айтып берді.
Colo Kaz 1:9  Сол себептен де біз мұны естіген кезден бері сендер үшін ұдайы Құдайға сиынып келеміз. Сендердің Оның еркін толықтай біліп, өте парасатты да рухани көреген болуларыңды Құдайдан өтінудеміз.
Colo Kaz 1:10  Осылайша Иеміздің халқына лайық, Оны риза қылатындай өмір сүрулеріңді, әр түрлі игі істер істеп, өсіп-өне беріп, Құдайды неғұрлым жақынырақ тануларыңды тілеп келеміз.
Colo Kaz 1:11  Сендер Оның ұлы құдіретінен мол қуат алып, әрдайым төзімділік пен ұстамдылық таныта алсын әрі қуанышқа кенеліп,
Colo Kaz 1:12  Құдай Әкеге шүкірлік ете берсін деп мінажат етудеміз. Өйткені Ол бәрімізді Өзінің халқы иемденетін нұрлы Патшалығынан үлес алуға шақырып, лайықтады.
Colo Kaz 1:13  Құдай бізді қара түнектің билігінен құтқарып, сүйікті рухани Ұлы Иса Мәсіхтің Патшалығына енгізді.
Colo Kaz 1:14  Оның құрбандық өлімі арқылы күнәларымыздың құны өтеліп, кешірімге ие болдық.
Colo Kaz 1:15  Көзге көрінбейтін Құдайдың қандай екенін рухани Ұлы көрсетеді. Ол — жаратылыс атаулының бәрінен жоғары.
Colo Kaz 1:16  Өйткені көктегі әрі жердегі, көзге көрінетін және көрінбейтін нәрселердің бәрін Құдай Өзінің рухани Ұлы арқылы жаратты: тақтар мен үстемдік иелері, билеушілер мен әміршілер бәрі де Мәсіх арқылы және Мәсіх үшін жаратылған.
Colo Kaz 1:17  Бүкіл әлем жаратылмай тұрғанда-ақ Ол бар болатын, бәрін аман сақтайтын да — Сол.
Colo Kaz 1:18  Мәсіх — сенушілер қауымының, яғни Өзінің рухани денесінің, Басы әрі оның өмірінің Бастауы. Ол — өлімнен қайта тірілгендердің ең Бастысы да. Сондықтан барлық жағынан да Оның жолы үлкен.
Colo Kaz 1:19  Құдай Өзінің бүкіл болмысының рухани Ұлында тұрғанын ұнатты.
Colo Kaz 1:20  Ол арқылы Құдай жер мен көктегі барлық нәрсені Өзімен татуластыруды қалады, яғни Оның айқышта қанын төгіп, құрбан болғандығының арқасында татулық орнатуды жөн көрді.
Colo Kaz 1:21  Ал сендер бұрын жаман ой-пікірлерге салынып, зұлым іс-әрекет жасап, Құдайға жат әрі қас болдыңдар.
Colo Kaz 1:22  Алайда Ол сендерді Мәсіхтің тәндік өлімі арқылы Өзімен татуластырды. Бұны сендерді алдына әкелген кезде Өзіне бағышталған кінәратсыз, айып тақпайтындай таза болуларың үшін жасады.
Colo Kaz 1:23  Егер Ізгі хабар туралы естігендеріңе күмәнданбай, берік сеніп, Оған деген үміттеріңнен таймасаңдар, бұл солай болады. Осы Ізгі хабар аспан астындағы барлық адамзатқа дерлік жарияланып келеді. Мен — Пауыл да оның таратушысына айналдым.
Colo Kaz 1:24  Қазір мен сендер үшін тәнімде бейнет шегіп отырғаныма қуанамын. Мәсіхтің өз рухани денесінің, яғни бүкіл қауымның, игілігі үшін басымнан өтсін деп белгілеген азаптарын кешіп жүрмін, осылайша соларды толықтыра түсудемін.
Colo Kaz 1:25  Құдайдың хабарын сендерге толықтай жеткізесің деген Оның тапсыруымен қауымның қызметшісі болдым.
Colo Kaz 1:26  Бұл хабар ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жасырын болып келді; ал енді оның сыры Құдайдың адамдарына ашылды.
Colo Kaz 1:27  Құдай оларға осы құпия хабарда басқа ұлттар үшін қаншама мол жарылқау бар екенін білдірмек болып шешті: Мәсіх жүректеріңнен орын алды, сол себептен болашақ ұлылықтан үміттісіңдер.
Colo Kaz 1:28  Мәсіх туралы хабарды біз барлық адамдарға жеткізіп, бәріне де ескертіп, барынша даналықпен тәлім беріп келеміз. Осылай әрбір жанды Мәсіхпен тығыз байланыста, толық кемелденген түрде Құдай алдына әкелуге талаптанудамыз.
Colo Kaz 1:29  Осы үшін жан сала еңбек етіп жүрмін. Бұған мені бойыма дарып келе жатқан Мәсіхтің құдіреті қуаттандыруда.
Chapter 2
Colo Kaz 2:1  Сендер мен лаудікиліктер үшін және менімен әлі де жүздеспегендердің бәрі үшін қаншалықты күресіп жүргенімді білдіргім келеді.
Colo Kaz 2:2  Күресімнің мақсаты — сендердің жүректеріңнің жігерленіп, сүйіспеншілікпен рухани бірлесулерің, сөйтіп Құдай Әкеміздің Мәсіх туралы құпия хабары жөнінде терең де бай түсінік алып, оны түгел тануларың.
Colo Kaz 2:3  Ал Мәсіхте Құдайдың даналығы мен білімінің бүкіл қазынасы жатыр.
Colo Kaz 2:4  Мен мұны ешкім сендерді ақылға қонымды болып көрінген сөздерімен алдап кетпесін деп айтып отырмын.
Colo Kaz 2:5  Тәніммен қастарыңда болмасам да, рухыммен орталарыңда тұрып, сендердегі ынтымақты, Мәсіхке деген берік сенімдеріңді көріп, қатты қуанамын.
Colo Kaz 2:6  Сендер Иеміз Мәсіх Исаны қалай қабылдаған болсаңдар, солай Онымен тығыз байланыста жүріңдер!
Colo Kaz 2:7  Негіздерің Мәсіхте болып, терең тамыр жайып, өсе беріңдер; өздеріңе үйреткен сенімді мықтап ұстанып, Құдайға шексіз алғыс айтатын болыңдар!
Colo Kaz 2:8  Қайдағы біреу пәлсапасымен, пайдасыз ілімімен сендерді өзіне баурап алмасын, байқаңдар! Адамдар ойлап шығарған аңызға негізделген ондай ілім Мәсіх туралы емес, әлемдегі тұрпайы рухани күштер туралы үйретеді.
Colo Kaz 2:9  Ал Құдайдың бүкіл болмысы Мәсіхтің бойында тұрады!
Colo Kaz 2:10  Сендер Мәсіхпен тығыз байланысып, рухани игіліктерге толықтай ие болдыңдар. Ол күллі билік пен өктемдікке басшылық етеді.
Colo Kaz 2:11  Мәсіхпен тығыз байланысқандықтан сендер «рухани сүндеттелдіңдер» де. Бұл — қолмен істелген тәннің сүндеттелуі емес, Мәсіхтің «рухани сүндеттеуі», яғни Оның ескі күнәкар болмыстарыңды түгелдей алып тастауы.
Colo Kaz 2:12  Сендер Мәсіхпен бірге рухани тұрғыдан «жерлендіңдер» әрі Мәсіхпен бірге «қайта тірілдіңдер». Бұл Құдайдың Мәсіхті Өзінің құдіретімен өлімнен қайта тірілткеніне деген сенімдерің арқылы болды. Шомылдыру рәсімінен өткендерің соны білдіреді.
Colo Kaz 2:13  Бұрын сендер Құдайдың бұйрықтарын бұзып, «рухани сүндеттелмеген», яғни күнәкар болмыстарыңа тәуелді болып, рухани тұрғыдан өлі едіңдер. Алайда Құдай сендерді Мәсіхпен бірге қайта тірілтіп алды. Ол күллі күнәларымызды кешірді:
Colo Kaz 2:14  бізге айып тағып, үкім белгілейтін «құжатты» Мәсіх құрбан болған айқышқа «шегелеп іліп қойып», күшін жойды.
Colo Kaz 2:15  Осылайша Құдай рухани билеушілер мен әміршілердің күш-қуатын талқандап, оларды бүкіл әлем алдында әшкерелеп, Мәсіхтің істегендері арқылы жеңіп шықты.
Colo Kaz 2:16  Сондықтан ешкім сендерді белгілі тағамдар мен сусындарды ішкендерің, немесе бір мерекені, айдың басын не діни демалыс күнін сақтамағандарың үшін айыптамасын!
Colo Kaz 2:17  Өйткені осындай ережелер — келуге тиісті нәрсенің әлсіз нұсқасы ғана: шынайы жарылқауды Мәсіхтің Өзі алып келді.
Colo Kaz 2:18  Орынсыз кішіпейілділік танытып періштелерге табынуларыңды талап ететіндер сендерді кінәламасын! Осындайлардың ақыл-ойларын өз күнәкар болмыстары билейді, ал беделдері өздері ешқашан көрмеген нәрселерге негізделген. Олар ешбір себепсіз кеуделерін көтеріп,
Colo Kaz 2:19  қауымның Басы — Иеміз Мәсіх туралы ілімді ұстанбайды. Ал өзара буындармен, сіңірлермен нығайып, тұтасқан тәндік дененің өсуін бастың басқаратыны сияқты, бүкіл қауымның Құдайдың қалағанындай рухани өсуін де Мәсіх басқарады.
Colo Kaz 2:20  Өлі денеге ешқандай бұйрық жүрмейтіні секілді, сендер Мәсіхпен бірге рухани өлгендіктен осы дүниедегі бастапқы ілімдерге бағынбауға тиістісіңдер. Ендеше сендер әлі де осы күнәкар дүниеге жататындай, неліктен мынадай ережелерге бағынасыңдар:
Colo Kaz 2:21  «Сол нәрселерді қолға ұстама, ана тағамдарды ішіп-жеме, ол заттарға қол тигізбе!»
Colo Kaz 2:22  Бұлардың бәрі түбі қолдану барысында жоқ болатындар ғой. Ондай парыздар мен ілімдер адам ойынан шыққан.
Colo Kaz 2:23  Олар кісінің өз бетімен құлшылық етіп, кішіпейілділік танытып, тәнін қатаң тәртіппен ұстауын талап етулеріне бола дана болып көрінеді. Алайда олар адамды ізгілікке жетелемей, оның күнәкар болмысының құмарлықтарын қанағаттандыруына жол береді.
Chapter 3
Colo Kaz 3:1  Сонымен, Мәсіх өлімнен қайта тірілгенде сендер Онымен бірге рухани тірілдіңдер. Сондықтан көкке лайықты қасиеттерді иемденуге ұмтылыңдар! Өйткені Мәсіх көкте, Құдайдың оң жағында отыр.
Colo Kaz 3:2  Ойларыңды күнәкар дүниедегіге емес, көктегіге аударыңдар!
Colo Kaz 3:3  Себебі сендер рухани өлдіңдер, енді өлген кісідей бұрынғы күнәлі іс-әрекеттеріңе жоқсыңдар. Ал Мәсіхпен бірлесіп сүрген жаңа өмірлерің ел көзінен таса, Құдайдың алдында.
Colo Kaz 3:4  Өмірлеріңнің бірден-бір бастауы мен мақсаты — Мәсіх. Ол жер бетінде қайтадан көрінген кезде сендер де Онымен бірге салтанатты ұлылықпен көрінесіңдер.
Colo Kaz 3:5  Ал енді, күнәкар дүниеге жататын қылықтарыңды біржола тоқтатыңдар: неке адалдығын бұзу, әр қилы азғындық, нәпсіқұмарлық және арам пиғылдан аулақ жүріңдер; ашкөздікке де салынбаңдар, ол жалған тәңірлерге табынумен бірдей!
Colo Kaz 3:6  Құдайға мойынсұнбайтындарға осындай күнәлары үшін Оның қаһарлы соты төніп тұр.
Colo Kaz 3:7  Бір кезде сендер де оларды жасайтындармен бірге дәл солай әрекет етіп жүрдіңдер.
Colo Kaz 3:8  Ал мына қылықтарды енді тастаңдар: ашу-ыза, кек сақтау, қаралау, бейпіл ауыздық;
Colo Kaz 3:9  бір-біріңе өтірік те айтпаңдар! Себебі сендер ескі күнәкар болмыстарыңның іс-әрекетін тастап,
Colo Kaz 3:10  жаңа ізгі болмысқа ие болдыңдар. Оны жаратып берген Иеміз Өзін жақынырақ тануларың үшін сендердің рухани жағынан Өзіне ұқсас болуларыңды көздеп соған ұмтылуда.
Colo Kaz 3:11  Бұл жерде яһуди не басқа ұлттық, сүндеттелген не сүндеттелмеген, шетелдік не көшпенді скиф, құл не ерікті жоқ, қайта, Мәсіх барлық сенушілердің өмірлерінде басты орында.
Colo Kaz 3:12  Ал енді, Құдай сендерді сүйіп, өз халқым деп таңдап алғандықтан, ұдайы жанашыр, мейірімді, кішіпейіл, ілтипатты, сабырлы болып, осы қасиеттерге бөленіңдер!
Colo Kaz 3:13  Өзара төзімді болыңдар. Егер біреуге реніш сақтап, тағатын кінәларың болса, кешірімді болыңдар: сендерді Иеміз Мәсіх қалай кешірсе, сендер де солай етіңдер!
Colo Kaz 3:14  Барлық қасиеттердің бастысы ретінде сүйіспеншілікке бөленіңдер, ол бәріңді толықтай біріктіреді.
Colo Kaz 3:15  Иеміз Мәсіх сыйлаған тыныштық сендерге билігін жүргізсін! Ол сендерді біртұтас рухани дененің құрамдас мүшелері ретінде татулықта тұруға шақырды. Сонымен қатар ризашылықтарыңды білдіріңдер!
Colo Kaz 3:16  Мәсіх туралы Ізгі хабарға көңілдеріңнен мол орын беріңдер: Забур жырлары, мадақтау өлеңдері және Киелі Рух дарытқан басқа да әндер арқылы бір-біріңе зор парасатпен тәлім-тәрбие және бағыт-бағдар беріңдер. Жүректерің ризашылыққа кенеліп, Иемізге арнап ән айтып отырыңдар!
Colo Kaz 3:17  Не айтып, не істесеңдер де, бәрін Иеміз Исаның атымен жасап, Иеміз арқылы Құдай Әкемізге шүкірлік етіңдер!
Colo Kaz 3:18  Әйелдер, күйеулеріңе мойынсұныңдар! Иемізбен байланыстағы сендердің осылай істегендерің жөн.
Colo Kaz 3:19  Күйеулер, әйелдеріңді сүйіп, оларға қатаң болмаңдар!
Colo Kaz 3:20  Балалар, барлық жағдайда да ата-аналарыңның тілін алыңдар, өйткені Иемізге осы ұнайды!
Colo Kaz 3:21  Ата-аналар, балаларыңның ынжық болмауы үшін оларға шектен тыс ұрыспаңдар!
Colo Kaz 3:22  Басыбайлы қызметшілер, барлық жағдайда да бұл дүниелік қожайындарыңның тілін алыңдар! Көңілдерінен шығу үшін тек олар бақылап тұрғанда ғана емес, ұдайы шын жүректен мойынсұныңдар! Осылай Құдай Иемізді терең қастерлеңдер!
Colo Kaz 3:23  Қандай жұмыс болса да, оны адам баласы үшін ғана емес, Иеміз үшін істеп жүргендей жан-тәндеріңмен атқарыңдар!
Colo Kaz 3:24  Себебі осының ақысы ретінде сендер Иемізден Оның уәде еткен игіліктерін қабылдайтындарыңды білесіңдер. Қызмет ететін Қожайындарың — Мәсіхтің Өзі ғой.
Colo Kaz 3:25  Ал жамандық жасайтын әркім соның лайықты жазасын тартады. Мәсіх ешкімнің бет-жүзіне қарамай әділ үкім шығармақ.
Chapter 4
Colo Kaz 4:1  Қожайындар, қызметшілеріңді тиісті нәрселермен қамтамасыз етіп, әділ болыңдар! Өйткені көкте сендердің де Қожайындарыңның бар екенін білесіңдер.
Colo Kaz 4:2  Әрдайым Құдайға сиынып, рухани сергек те шыдамды болып, шүкірлік ете беріңдер!
Colo Kaz 4:3  Біз үшін де мінажат етіңдер: Құдай өз хабарын уағыздауымызға жол аша көрсін, осылай Мәсіх туралы құпияны жариялай алайық. Сол үшін де бұғауда отырмын.
Colo Kaz 4:4  Менің тиісті түрде бұл хабарды ашық айта алуым үшін де Құдайға сиыныңдар.
Colo Kaz 4:5  Қауымнан тыс адамдармен парасатты қарым-қатынас жасап, тиімді сәттерді пайдаланыңдар!
Colo Kaz 4:6  Сөйлескенде ұдайы ниеттерің игі, сөздерің дәмді болсын, әрқайсысына қалай жауап беру керек екенін біліңдер.
Colo Kaz 4:7  Адал көмекшім әрі Иемізге бірге қызмет етуші, сүйікті бауырласымыз Түхік сендерге мен туралы бәрін хабарламақ.
Colo Kaz 4:8  Оны сол мақсатпен жіберіп отырмын, ол жағдайларыңның қалай екенін көріп, жүректеріңді жігерлендірмек.
Colo Kaz 4:9  Онымен бірге сүйікті де адал бауырласымыз әрі сендердің жерлестерің — Онисым да барады. Бұл жердегі болып жатқан жағдайды Түхік екеуі сендерге толық айтып береді.
Colo Kaz 4:10  Менімен бірге тұтқында отырған Арыстарқ, сондай-ақ Барнабаның жиен інісі Марқа сендерге сәлем жолдайды. Марқа жайлы ерекше нұсқау алдыңдар: ол сендерге барса, жылы қабылдаңдар!
Colo Kaz 4:11  Иуст деп аталатын Иса да сәлем айтады. Яһудилердің ішіндегі осы үшеуі ғана Құдай Патшалығы үшін қызметтестерім болып жүр; бұлар маған нағыз жұбаныш.
Colo Kaz 4:12  Мәсіх Исаның қызметшісі әрі сендердің жерлестерің — Епафрас та сәлем айтып отыр. Ол сендердің рухани жағынан жетіліп, берік сеніммен Құдайдың бүкіл еркін орындауларың үшін үздіксіз мінажат етіп күресуде.
Colo Kaz 4:13  Оның сендерді және Лаудіки мен Иераполдағы бауырластарды қатты уайымдап жүргеніне куәмін.
Colo Kaz 4:14  Сүйікті дәрігер Лұқа да, Димас та сәлем жолдайды.
Colo Kaz 4:15  Лаудікидегі бауырластарымызға, әсіресе Нүмфан мен оның үйінде жиналатын қауымға, сәлем айтыңдар.
Colo Kaz 4:16  Сендер осы хатты оқып болған соң, оны әрі қарай Лаудікидегі қауымға беріңдер, оларға жазған хатымды да оқыңдар.
Colo Kaz 4:17  Арқыпқа: «Иеміз саған міндеттеген қызметіңді адал атқаруға ықылас сал!» деген сәлемімізді жеткізіңдер.
Colo Kaz 4:18  Енді мен, Пауыл, сендерге өз қолыммен сәлем жазып отырмын. Бұғауда екенімді естеріңде ұстаңдар! Лайым Құдай сендерге жар болып, рақымын жаудыра көрсін! (Аумин.)