Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
PHILIPPIANS
Up
1 2 3 4
Chapter 1
Phil Kaz 1:1  Філіпі қаласында тұратын, Иса Мәсіхпен тығыз байланыстағы қауым басқарушылары мен қызметшілеріне қоса Құдайдың барлық адамдарына Иса Мәсіхтің қызметшілері Пауыл мен Тімотеден дұғай сәлем:
Phil Kaz 1:2  сендерге Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсін!
Phil Kaz 1:3  Сендерді еске алған сайын Құдайға ризашылық білдіріп,
Phil Kaz 1:4  бәрің үшін әрдайым қуана-қуана тілек тілеп сиынудамын.
Phil Kaz 1:5  Себебі сендерге Ізгі хабар жеткен алғашқы күннен бастап оны таратуға бізбен ортақтасып келе жатырсыңдар.
Phil Kaz 1:6  Өмірлеріңде игі ісін бастаған Құдайдың оны жалғастыра беріп, Мәсіх қайта оралар күнге дейін толықтай аяқтайтынына кәміл сенемін.
Phil Kaz 1:7  Барлығың туралы осындай жақсы пікірде болуым дұрыс, себебі менің жүрегімнен берік орын алдыңдар. Қазір мен тұтқында отырғанда да, Ізгі хабардың шындығын қорғап, нығайтқанда да Құдайдың маған мейірімділікпен тапсырған қызметіне ортақтасып келесіңдер.
Phil Kaz 1:8  Бәріңді Иса Мәсіх дарытқан сүйіспеншілікпен сағынып жүргеніме Құдай куә.
Phil Kaz 1:9  Мен Оған сиынып, былай деп тілеп отырмын: сендердің сүйіспеншіліктеріңмен қатар жан-жақты рухани білімдерің мен көрегендіктерің бұдан да арта берсін.
Phil Kaz 1:10  Соның нәтижесінде әр жағдайда ненің ізгілікті екенін ажырата білсеңдер екен деймін. Осылай сендер Мәсіх қайта оралар күні мінсіз пәк болып,
Phil Kaz 1:11  Иса Мәсіхтің көмегімен молынан әділ іс-әрекеттер жасап келген боласыңдар. Содан Құдайдың ұлылығы көрініп, мадақталмақ.
Phil Kaz 1:12  Бауырластарым, мен басымдағы жағдайымның Ізгі хабарды бөгемей, керісінше, оның кең таралуына үлес қосып жатқанын сендерге білдіргім келеді.
Phil Kaz 1:13  Патшаның бүкіл күзетші жасағына және мұндағы барлық басқаларға да менің Мәсіхке қызмет еткенім үшін бұғауда отырғаным мәлім болды.
Phil Kaz 1:14  Сонымен қатар, тұтқындалуым бауырластардың басым көпшілігінің Иемізге деген сенімдерін нығайта түсті. Олар Құдай сөзін бұрынғыдан бетер қорықпай уағыздауға батылданды.
Phil Kaz 1:15  Рас, кейбіреулері Мәсіхті қызғаныш пен күншілдіктен, ал басқалары ақниеттен уағыздап жүр.
Phil Kaz 1:16  Бірқатарлары Мәсіхті ақпейілден емес, өз абырой-атақтары үшін уағыздайды: олар бұғаудағы маған одан да көп қасірет тартқызбақшы.
Phil Kaz 1:17  Ал өзгелері Құдайдың мені Ізгі хабарды қорғауға тағайындағанын ұғып, оны сүйіспеншілікпен таратуда.
Phil Kaz 1:18  Бірақ мұнда тұрған не бар? Мейлі, жалған не адал ниетпен, болсын, әйтеуір Мәсіх уағыздалса болғаны, мен соған қуанамын.Оған бұдан былай да қуанамын.
Phil Kaz 1:19  Өйткені сендер сиынып, Иса Мәсіхтің Киелі Рухы көмек көрсеткендіктен, осы жағдайымның мен үшін жақсылықпен аяқталатынын білемін.
Phil Kaz 1:20  Себебі мен ешбір ұятқа қалмайтыныма, қайта, батылдыққа кенеліп тірі жүремін бе, не өлемін бе, әрдайым болғандай, қазір де өз бойымда Иса Мәсіхтің дәріптелетініне үміт артып, соған нық сенемін.
Phil Kaz 1:21  Себебі Мәсіх — менің өмірім, ал өлім мен үшін ұтыспен тең.
Phil Kaz 1:22  Егер тәнім сау болса, өнімді еңбек ете аламын. Енді нені таңдауды білмей,
Phil Kaz 1:23  екеуіне де құштармын: бұ дүниеден кетіп, Мәсіхпен бірге болғым келеді, бұл бәрінен де анағұрлым жақсы,
Phil Kaz 1:24  ал тәнімнің аман қалғаны сендер үшін қажеттірек.
Phil Kaz 1:25  Бұған көзім жеткендіктен менің тірі жүріп, қастарыңда болатынымды білемін. Сонда сенімдерің арта түсіп, қуанышқа кенелесіңдер.
Phil Kaz 1:26  Сендерге тағы да келгенімде мені құтқарғаны үшін Иса Мәсіхке ұлан-ғайыр мақтау айтатын боласыңдар.
Phil Kaz 1:27  Қандай жағдай болмасын, тек Мәсіх жайлы Ізгі хабарға сай өмір сүріңдер! Мен келіп, сендерді көремін бе, я болмаса алыста жүремін бе, бәрібір — сендер туралы «бірдей ниетпен табанды тұрады, Ізгі хабарға деген сенімдері үшін бір кісідей жұмылып, жан аямай күреседі,
Phil Kaz 1:28  қарсыластарынан еш қорықпайды» дегенді естігім келеді. Сендердің тайсалмас жігерлерің қарсыластарыңның мәңгі жойылып кететінін, ал өздеріңнің құтқарылатындарыңды алдын ала білдіреді. Мұны іске асырушы — Құдай.
Phil Kaz 1:29  Ол сендерге рақым етіп, Мәсіхке сенуді ғана емес, Ол үшін азап шегуді де белгіледі.
Phil Kaz 1:30  Осылайша сендер бұрын менен көріп, қазір де айналысып жатқанымды естіген рухани күреске өздерің де араласудасыңдар.
Chapter 2
Phil Kaz 2:1  Мәсіхпен байланыстарың сендерді жігерлендіріп, Оның сүйіспеншілігі көңілдеріңді жұбатқандықтан және өздерің Киелі Рухпен қатынаста жүріп, қайырымды да жанашыр болғандықтан,
Phil Kaz 2:2  пікірлес, бір-біріңді тең сүйетін, ынтымақтас әрі ниеттес болыңдар. Осылай мені қуанышқа кенелтсеңдер екен.
Phil Kaz 2:3  Жеке басының абырой-атағын ойлайтын менмен емес, кішіпейіл болып, басқаларды өздеріңнен жоғары қойыңдар!
Phil Kaz 2:4  Әрқайсың өз мүдделеріңді ғана емес, басқалардікін де ойлап жүріңдер!
Phil Kaz 2:5  Иса Мәсіхтің мінез-құлқы сендердікі де болсын:
Phil Kaz 2:6  Мәсіхтің құдайлық болмысы бола тұра,Ол Онысына жармасқан жоқ,
Phil Kaz 2:7  қайта,Өз құдіреті мен салтанатты ұлылығынанБас тартып, қабылдады құлдың сиқын:Ол адам секілді бұ дүниеге келді,Әрі кәдімгі адамға ұқсап көрінді.
Phil Kaz 2:8  Өзін төмен тұтып, Құдайға мойынсұнды,Өлімге, тіпті айқыштағы өлімге бойсұнды.
Phil Kaz 2:9  Сондықтан да Құдай Оны көкке көтерді,Оның мәртебесін бәрінен де биіктетті,Оған бар есімнен жоғары Атақты сыйлап берді:
Phil Kaz 2:10  Енді естігенде Исаның АтағынКөктегі, жердегі, жер астындағылардыңБәрі де тізе бүкпек Оның алдында
Phil Kaz 2:11  Және Иса Мәсіхті тіл атаулы барлығы даЖаратқан Ие деп ашық мойындауғаТиіс һәм Құдай Әкенің даңқын арттыруға.
Phil Kaz 2:12  Сонымен, сүйікті бауырларым, сендермен бірге болғанымда әрдайым Құдайға мойынсұндыңдар, ал қазір мен қастарыңда жоқ кезде де солай істей берулерің әлдеқайда маңыздырақ болмақ: құтқарылуларыңа сай іс-әрекет жасап, соны толығымен жүзеге асыруға ұмтылыңдар, әрі Құдайды терең қастерлеп, Оған ұнамайтын нәрселерден қатты жиіркеніңдер!
Phil Kaz 2:13  Себебі Өзіне ұнайтын істерді қалап, жүзеге асыруларыңа түрткі болушы — Құдай.
Phil Kaz 2:14  Бәрін де наразылықсыз, шүбәланбай істеңдер!
Phil Kaz 2:15  Осылай қазіргі азғын да алдамшы ұрпақтың арасында еш кінәсіз таза, Құдайдың мінсіз рухани балалары болыңдар: қараңғы дүниеде жарық жұлдыздай жарқырап,
Phil Kaz 2:16  адамдарға шынайы өмірді жеткізетін Құдай сөзін ұсыныңдар. Сонда мен араларыңда жан сала істеп жүрген еңбегімнің босқа кетпегеніне Мәсіхтің қайта оралған күні риза болып, қатты қуанатын боламын.
Phil Kaz 2:17  Сендердің Құдайға сеніп, өмірлеріңді бағыштауларың Оған арналған құрбандық іспетті. Ал мен, мүмкін, шейіт болып, қаным «сол құрбандықтың үстіне» төгілетін де шығар. Сонда мен қуанып, осы қуанышымды бәріңмен бөліспекпін.
Phil Kaz 2:18  Сол сияқты, сендер де қуанып, бірге шаттаныңдар!
Phil Kaz 2:19  Иеміз Иса қаласа, жақын арада сендерге Тімотені жіберетін ойым бар. Осылайша сендер жігерленіп, оның сендерден алып келетін хабары маған да жігер берер деп сенемін.
Phil Kaz 2:20  Ол сияқты менімен ниеттес, шын көңілден қамдарыңды ойлайтын басқа адамым жоқ.
Phil Kaz 2:21  Өзгелердің бәрі Иса Мәсіхтің ісін емес, өз қара бастарының қамын ойлайды.
Phil Kaz 2:22  Ал Тімотенің сенімді екенін өздерің білесіңдер: ол маған Ізгі хабарды уағыздауда ұлының әкесіне көмектесетініндей қолғабыс етіп келеді.
Phil Kaz 2:23  Сот ісімнің немен аяқталатынын біле сала, оны сендерге жібермекпін.
Phil Kaz 2:24  Иеміз маған жақын арада өзім де сендерге барамын деген сенім сыйлады.
Phil Kaz 2:25  Қызметтес әрі күрестес серігім — сендер маған қамқор болсын деп жіберген бауырымыз Епафродитті шұғыл түрде өздеріңе қайтаруды қажет деп таптым.
Phil Kaz 2:26  Ол өзінің ауырып қалғаны туралы сендерге хабар жеткенін қатты уайымдап, өздеріңді көруге құштар болып жүр.
Phil Kaz 2:27  Шынында да ол қатты ауырып, хал үстінде жатты. Бірақ Құдай оған рақымшылық жасады, оған ғана емес, қасіретке қасірет қоспау үшін маған да рақым көрсетті.
Phil Kaz 2:28  Сондықтан Епафродитті жібермек болып, одан бетер асығып отырмын. Оны көріп қуанған сендерді ойлап мен де қайғырмайтын боламын.
Phil Kaz 2:29  Епафродитті Иемізбен жүрген бауырларың ретінде қуана қарсы алыңдар. Мұндайларды жалпы құрметтеңдер.
Phil Kaz 2:30  Себебі ол Мәсіхтің ісі үшін өлімге таяп келді. Маған сендер бере алмаған көмекті ол өз басын өлімге тіге отыра көрсетті.
Chapter 3
Phil Kaz 3:1  Ал енді, бауырластарым, Иемізге шаттанып қуаныңдар! Мұны қайталап жаза беру мен үшін әуре емес, ал сендерді ол нығайтады.
Phil Kaz 3:2  Қауымды иттей шарлап, қауып жүрген зұлым қызметкерлерден, сүндеттеуді күнәдан ақталу жолы ретінде уағыздаушылардан сақтаныңдар!
Phil Kaz 3:3  Біз — Құдайдың «рухани сүндеттелген» халқымыз! Құдайға Киелі Рухының көмегімен қызмет етіп, Мәсіх Исаны мақтан етеміз, әрі өз болмысымызға сүйенбейміз.
Phil Kaz 3:4  Ал менің өзіме сүйенуге себептерім жеткілікті болар еді ғой. Егер біреу өзіне сенерлік дәлелім бар десе, менікі онікінен де артық:
Phil Kaz 3:5  туғаннан кейін сегізінші күні сүндеттелдім. Исраил халқының Бунямин руына жататын, таза еврей тұқымынан шыққан евреймін. Тәлімім бойынша Тауратты қатаң ұстанатын парызшыл болып,
Phil Kaz 3:6  Мәсіхке сенушілердің қауымын бар ынтаммен қудалайтынмын. Осылайша Таурат заңына сай әділеттілігім мінсіз еді.
Phil Kaz 3:7  Алайда осы «артықшылықтарымды» Мәсіхке бола залал деп санай бастадым.
Phil Kaz 3:8  Иә, мен бәрін де залал деп санаймын, өйткені Ием Иса Мәсіхті жақыннан танып білу өзге нәрселерден әлдеқайда жоғары. Иеме бола бұлардың бәрінен айырылдым, оларды түкке тұрғысыз сыпырынды деп санаймын да. Осылайша қабылдайтын сыйым — Мәсіхтің Өзі.
Phil Kaz 3:9  Онымен тығыз байланыста тұруым үшін Таурат заңын орындауға негізделген жеке басымның ақталуына сүйенбеймін, қайта, Мәсіхке деген сенім арқылы Құдайдан ақталған адам болғым келеді.
Phil Kaz 3:10  Сөйтіп, Мәсіхтің Өзін де, Оны қайта тірілткен құдіретті де жақыннан танып білуге құштармын. Мәсіхтің азаптарына ортақтасып, Оның өз жанын Мен үшін өлімге қиғанындай, мен де Ол үшін өмірімді қиғым келеді.
Phil Kaz 3:11  Осылайша, қайтсе де, өлімнен қайта тірілуге қол жеткіземін.
Phil Kaz 3:12  Бұған әлі жете қойған жоқпын, өзімді Құдайдың көздегеніндей жетілдім деп те есептемеймін. Бірақ соның ізіне түсіп, иемденуге тырысудамын. Дәл осыған бола Мәсіх Исаның Өзі мені иемденіп алды ғой.
Phil Kaz 3:13  Бауырластарым, мен бұл мақсатқа жеттім деп санамаймын. Істеп жүргенім бір-ақ нәрсе: өткен нәрселерді ескермей, алдымдағы бәйгеге қарай жан сала жүгіріп келемін.
Phil Kaz 3:14  Құдайдың сыйына — Оның Мәсіх Иса арқылы шақырған көктегі өміріне ие болу үшін көздеген мақсатты қуып жүрмін.
Phil Kaz 3:15  Арамызда кім жетілген болса, осылай ойласын. Егер бір нәрсе жайында басқа пікірде болсаңдар, Құдай сендерге мұны да білдіреді.
Phil Kaz 3:16  Тек қол жеткізген түсінігімізге сай ойлап, өмір сүруге тиіспіз.
Phil Kaz 3:17  Қымбатты бауырластар, менің өмірімді үлгі етіңдер, әрі біздің өнегемізге сай жүргендерге назар аударыңдар!
Phil Kaz 3:18  Себебі сендерге бұрын да айтқанмын, қазір де көз жасымды төгіп айтып отырмын: көп адамдар Мәсіхтің айқыштағы құрбандығына қас болып жүр.
Phil Kaz 3:19  Бұлардың ақыры — тозаққа түсу, құдайлары — өз құлқыны, ал мақтаныштары — ұятсыз әдеттері. Олар осы күнәлі дүниенің нәрселерін ғана ойлайды.
Phil Kaz 3:20  Алайда біздің отанымыз көкте, содан Құтқарушымызды — Иеміз Иса Мәсіхті сағына күтеміз.
Phil Kaz 3:21  Ол әлемдегі күллі нәрселерді де жеңіп бағындыру үшін қолданатын құдіретті күшімен біздің өткінші тәнімізді Өзінікі сияқты салтанатты денеге айналдырады.
Chapter 4
Phil Kaz 4:1  Сонымен, сүйікті бауырластарым, Иемізбен байланыста берік тұрыңдар! Сендерді жақсы көремін, сағынып та жүрмін. Менің қуанышым, «бәйгелік тәжім» сендерсіңдер ғой.
Phil Kaz 4:2  Еуодия мен Сүнтүхе екеуін де Иемізбен жүргендер ретінде өзара татуласуға шақырамын.
Phil Kaz 4:3  Иә, адал серігім, сенен де сұраймын: осы екі әйелге көмек көрсетші. Олар Ізгі хабарды таратудағы күресіме ортақтасып, Кілемент пен өзге қызметтестеріммен де бірге істесті. Солардың есімдері көктегі Мәңгілік өмір кітабына жазылып қойылған.
Phil Kaz 4:4  Әрдайым Иемізбен байланыстарыңа қуаныңдар! Тағы да айтамын: қуаныңдар!
Phil Kaz 4:5  Сендердің кішіпейіл екендеріңді елдің бәрі көре алсын. Иеміз қастарыңда ғой.
Phil Kaz 4:6  Еш нәрсені уайымдамай, барлық жағдайда өтініштеріңді Құдайға сиынып тілекпен және шүкірлікпен білдіріңдер!
Phil Kaz 4:7  Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан керемет тыныштығы сендердің жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Исада сақтайды.
Phil Kaz 4:8  Сонымен, бауырластарым, күллі шынайы да қастерлі, әділ де таза, ұнамды да тартымды нәрселер, яғни қандай да адамгершілік және мақтауға тұрарлық қасиет болмасын, солар туралы ойлана беріңдер!
Phil Kaz 4:9  Менен үйреніп, қабылдаған тәлімді әрі өмірімнен көріп, естігендеріңді іске асыра беріңдер! Сонда тыныштықтың қайнар көзі — Құдай сендерге жар болады.
Phil Kaz 4:10  Сендердің тағы да қамымды ойлай бастағандарыңа Иемізге шүкірлік етіп қатты қуанамын. Әрине, мені бұл жағынан естен шығарған жоқсыңдар, алайда оған жағдайларың мүмкіндік бермеген еді.
Phil Kaz 4:11  Мұны бір нәрсе қажет болғандықтан айтып тұрған жоқпын. Мен қандай жағдай болмасын, қолдағы барды қанағат етуді үйрендім.
Phil Kaz 4:12  Жоқшылықта да, молшылықта да өмір сүре аламын. Мен не тоя тамақ жейін, не аш жүрейін, молшылықта немесе мұқтаждықта болайын, қай жағдайда да қанағат етудің құпиясымен жақсы танысып алдым.
Phil Kaz 4:13  Себебі маған күш-қуат беретін Мәсіхпен бірге болсам, бәріне де төзе аламын.
Phil Kaz 4:14  Дегенмен, қиын-қыстау жағдайыма ортақтасқандарың бір ғанибет болды.
Phil Kaz 4:15  Қымбатты філіпіліктер, өздерің де білесіңдер: мен алғаш рет Ізгі хабарды сендерге жеткізіп, содан кейін Македония өлкесінен кеткенімде, маған басқа бір қауым емес, сендер ғана игіліктер жіберіп, Құдайдың жарылқауын қабылдауда ортақтастыңдар.
Phil Kaz 4:16  Әлі Салониқада жүргенімде де сендер маған бірнеше рет қажетімді жеткізіп тұрдыңдар.
Phil Kaz 4:17  Сендерден сәлем-сауқат дәметпеймін, менің үміттенетінім — осылар үшін өздеріңе қайтатын жарылқау мен сауап.
Phil Kaz 4:18  Сендер жібергендердің бәрін де алдым, енді артығымен жетіп жатыр. Епафродит сәлемдемелеріңді әкеліп бергелі қажетті нәрселерім ағыл-тегіл. Олар — Құдай ұнатып қабылдайтын хош иісті тартулар мен құрбандық іспетті.
Phil Kaz 4:19  Ал Иса Мәсіхпен жүрген сендердің барлық қажеттеріңді де менің Құдайым Өзінің керемет байлығы бойынша қамтамасыз ететін болады.
Phil Kaz 4:20  Құдай Әкеміздің ұлылығы мәңгілік мадақтала берсін! Аумин.
Phil Kaz 4:21  Мәсіх Исаның арқасында Құдайдікі болғандардың бәріне сәлемімізді жеткізіңдер. Қасымыздағы бауырластар да сәлем айтуда.
Phil Kaz 4:22  Сендерге Құдайдың мұндағы адамдары түгелдей, әсіресе патша сарайындағылар, сәлем айтады!
Phil Kaz 4:23  Лайым жан дүниелерің Иеміз Иса Мәсіхтің рақымына кенеле берсін! Аумин.