Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JAMES
Up
1 2 3 4 5
Chapter 1
Jame Kaz 1:1  Құдайдың және Иеміз Иса Мәсіхтің басыбайлы қызметшісі Жақыптан дүние жүзіне тарап кеткен Исраилдің он екі руына дұғай сәлем!
Jame Kaz 1:2  Бауырластарым менің, сендер алуан түрлі қиын сынақтарға ұшырағанда, бұл жайтты зор қуанышпен қабылдаңдар.
Jame Kaz 1:3  Себебі сенімдеріңнің сыналып, берік те шынайы екендігінің дәлелденуі төзімділік тудыратынын білесіңдер.
Jame Kaz 1:4  Тек төзімділіктерің іс жүзінде соңына дейін жетуге тиіс, сонда сендер рухани жағынан жетіліп те кемелденіп, ешбір кемшіліктерің қалмайды.
Jame Kaz 1:5  Ал егер кейбіреулерің даналыққа мұқтаж болсаңдар, Құдайдан сұраңдар, Ол береді. Тәңір Иеміз еш жазғырмай-ақ бәріне жомарттықпен бере салады.
Jame Kaz 1:6  Тек шүбәланбай, сеніммен Құдайдан сұрауларың керек. Себебі күмәнданған адам жел айдап, соқтығысқан теңіз толқынына ұқсас.
Jame Kaz 1:7  Мұндай кісі Жаратқан Иеден бір нәрсе аламын деп күтпесін:
Jame Kaz 1:8  ол — екіойлы, барлық іс-әрекетінде тұрақсыз адам.
Jame Kaz 1:9  Қарапайым бауырластарың Құдай алдындағы жоғары дәрежесімен,
Jame Kaz 1:10  ал бай адам қарапайым дәрежесімен мақтансын. Өйткені пенде шөп арасындағы жабайы гүл іспетті бірден құрып кетпек.
Jame Kaz 1:11  Күн шығып, аптап ыстық басқанда шөп қурап, гүл де солып, бар сұлулығынан айырылады. Дәл солай, бай адам да бұ дүниедегі іс-әрекетімен шұғылданып жүргенде-ақ қалжырап, құрып кетпек.
Jame Kaz 1:12  Қиын сынақты төзімділікпен басынан өткізіп жатқан әркім бақытты! Содан өтіп, сенімді екендігі дәлелденгеннен кейін, ол бәйге жүлдесіндей «шынайы өмірдің тәжін» иемденбек. Мұны Жаратқан Ие Өзін сүйгендерге сыйлауға уәде етті.
Jame Kaz 1:13  Күнәға еліккен ешқайсың да: «Құдай мені еліктіреді» деп айтпаңдар! Құдай күнәға еш елікпейді де, ешкімді еліктірмейді де.
Jame Kaz 1:14  Қайта, адамды өзінің құмарлықтары еліктіріп, ол солардың жетегінде кеткенде сынақтан өтеді.
Jame Kaz 1:15  Сонда құмарлыққа берілсе, сол күнәні тудырады, ал күнә жасау рухани өлімге ұшыратады.
Jame Kaz 1:16  Сүйікті бауырластарым, алданып қалмаңдар:
Jame Kaz 1:17  көктегі Әкеміз берген қай нәрсе де игі. Нұр шашқан аспан денелерін жаратқан Ол бізге Өзінің мүлтіксіз жарылқауын жаудырады. Аспан денелерінің көлеңкелері қозғала бергенмен, Құдайда ешқандай тұрақсыздық жоқ.
Jame Kaz 1:18  Ол шынайы хабары арқылы бізге мәңгілік өмір сыйлап, Өзінің жаңа жаратылысындағы тұңғыш рухани балалары болуымызды қалады.
Jame Kaz 1:19  Ал енді, сүйікті бауырластарым, мынаны ескеріңдер: «Әркім тыңдауға жүйрік, ал сөйлеуге шабан, ашулануға баяу болсын».
Jame Kaz 1:20  Ашу-ызаның жетегіндегі адам Құдайға ұнайтын әділ істерді жасай алмайды.
Jame Kaz 1:21  Ендеше, өздеріңде қалған барлық арамдық пен жамандық атаулыны тастаңдар, жүректеріңе себіліп жатқан Ізгі хабарды кішіпейілділікпен қабылдаңдар! Ол сендерді күнәнің құлдығынан құтқара алады.
Jame Kaz 1:22  Құдайдың айтқандарын құр естуші ғана болмай, оларды іске асырушы болыңдар! Әйтпесе өздеріңді-өздерің алдайсыңдар.
Jame Kaz 1:23  Өйткені Тәңір Иенің хабарын естігенмен, оны іске асырмайтын адам айнаға қарап, бет әлпетін көрген біреуге ұқсайды:
Jame Kaz 1:24  ол өзіне байыппен қарайды, бірақ былай шыға бере-ақ өз түрін ұмытып қалады.
Jame Kaz 1:25  Ал кім кемелді тәлімге, яғни күнәнің құрсауынан азат ететін Ізгі хабарға, ұқыпты ден қойып, онысын ұдайы жалғастыра берсе, сол ұмытшақ тыңдаушы емес. Қайта, ол естігендерін жүзеге асырушы болып, іс-әрекетінде жарылқанбақ.
Jame Kaz 1:26  Өзін діншілмін деп санағанмен, тіліне ие бола алмайтын әркім өзін-өзі алдап жүр. Оның діншілдігі еш пайдасыз.
Jame Kaz 1:27  Құдай Әкеміздің алдындағы таза да мінсіз діншілдік мынау: мұқтаждық көрген жетім-жесірлердің қамын ойлау және өзін осы дүниелік арамдықтардан кіршіксіз пәк ұстау.
Chapter 2
Jame Kaz 2:1  Бауырластарым менің, сендер салтанатты ұлылыққа бөленген Иеміз Иса Мәсіхке сенгендіктен, адамдарды сыртына қарап алаламаңдар!
Jame Kaz 2:2  Айталық, қауым жиналыстарыңа алтын жүзік тағып, жалтыраған сәнді киім киген кісі, сондай-ақ, жұпыны киінген кедей де келді дейік.
Jame Kaz 2:3  Сонда сендер жүзік таққан байға: «Төрге шығып, жайғасыңыз» деп, ерекше назар аударасыңдар. Ал мүсәпірге: «Ана жерге тұр» немесе «Мұнда, аяқ жағыма отыр» дейсіңдер.
Jame Kaz 2:4  Осылайша адамдарды алалап, жаман пиғылды төрешілерге айналасыңдар, солай емес пе?
Jame Kaz 2:5  Сүйікті бауырластарым, ден қойып тыңдаңдаршы! Құдай осы дүниелік тұрғыдан кедейлерді сенімдері арқылы рухани бай болуға, әрі өз Патшалығына кіріп, үлес алуға таңдаған жоқ па еді? Осы Патшалығын Ол Өзін сүйетіндерге аманаттауға уәде етті ғой.
Jame Kaz 2:6  Ал сендер кедейлерді кемсітіп келесіңдер! Өздеріңді жәбірлеп, сотқа тартатындар сол байлар емес пе?!
Jame Kaz 2:7  Сендерге берілген ізгі есімді масқаралайтын да солар ғой.
Jame Kaz 2:8  Киелі жазбада берілген «асыл заң» мынау: «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы кісіні де солай сүй!» Осыны іс жүзінде орындасаңдар, дұрыс істегендерің.
Jame Kaz 2:9  Егер адамдарды сыртына қарап алаласаңдар, күнә жасап Құдайдың заңын бұзушы болып әшкереленесіңдер.
Jame Kaz 2:10  Тіпті бүкіл Таурат заңын орындай тұра, бір жерінде сүрінген адам оны түгел бұзғандай айыпты.
Jame Kaz 2:11  Тауратта «Неке адалдығын бұзба!» деп бұйырған Тәңір Иеміз «Кісі өлтірме!» деп те айтты. Егер де неке адалдығын бұзбай, кісі өлтірсең, бәрібір Құдайдың заңын бұзушы болып табыласың.
Jame Kaz 2:12  Мәсіх сендерге рухани азаттық әкелген өз тәлімі бойынша төрелік ететін болады. Сөздерің мен іс-әрекеттерің соған сай болсын!
Jame Kaz 2:13  Мейірім көрсетпеген адамға сот та мейірімсіз болмақ. Мейірім соттаудан үстем!
Jame Kaz 2:14  Бауырластарым менің, біреу сенемін дей тұра, игі істер жасамаса, онысынан не пайда?! Сондай сенімі оны Тәңір Иенің қаһарынан құтқара ала ма?
Jame Kaz 2:15  Айталық, сендердің сенуші бауырластарың, не еркек, не әйел заты болсын, киер киім мен ішер тамаққа зәру жүр дейік.
Jame Kaz 2:16  Араларыңдағы біреуің оларға: «Аман-сау болыңдар! Тоңбай, қарындарың ашпай өмір сүріңдер» деп тілек білдіріп, солардың тәндік қажеттерін қамтамасыз етпесе, оның тілегінен не пайда?!
Jame Kaz 2:17  Ендеше, сенім игі іс-әрекет тудырмаса, ол — өлі сенім.
Jame Kaz 2:18  Мүмкін кейбіреу: «Сенің сенімің бар, ал мен игі істер жасаймын» дер. Игі істер тудырмайтын сеніміңнің шынайылығына көзімді жеткізші, ал мен жасаған игі істерім арқылы сенімімді дәлелдеймін.
Jame Kaz 2:19  Сен «жалғыз Құдай бар» деп сенесің. Мұның дұрыс, алайда жындар да соған сеніп, Оның қаһарынан қорқып дірілдейді.
Jame Kaz 2:20  Қандай ақымақтық! Ей, пенде, игі іс-әрекетсіз сенімнің пайдасыз екенін ұқпайсың ба?
Jame Kaz 2:21  Түп атамыз Ыбырайым баласы Ысқақты құрбандыққа ұсынғанда сол ісі арқылы Құдай алдында ақталды емес пе?
Jame Kaz 2:22  Байқайсың ба: Ыбырайым Құдайға сенді, сондай-ақ Оның айтқаны бойынша әрекет етті де. Осылайша сол істегендері арқылы Ыбырайымның сенімі кемеліне жетті.
Jame Kaz 2:23  Сонда Киелі жазбадағы мына сөздер жүзеге асты: «Ыбырайым Құдайға сенді, сондықтан Оның алдында ақталды». Содан Ыбырайым тіпті «Құдайдың досы» деген атаққа да ие болды.
Jame Kaz 2:24  Өздерің көріп отырғандай, Тәңір Иенің алдында адамды тек оның сенімі ғана емес, істегендері де ақтайды.
Jame Kaz 2:25  Сол секілді, бұрын жеңіл жүрісті әйел болған Рахаб та (Құдайға сеніп) барлаушыларды үйіне түсіріп, басқа жолмен қашып құтылуларына жағдай жасады. Рахаб осы ісі арқылы ақталды емес пе?
Jame Kaz 2:26  Демек, жансыз тәннің өлі екеніндей, әрекетсіз сенім де өлі.
Chapter 3
Jame Kaz 3:1  Бауырластарым менің, бәрің бірдей тәлім беруші болуға ұмтылмаңдар! Иеміздің бізге, тәлім беретіндерге, басқалардан гөрі қатаңырақ төрелік айтатынын білесіңдер.
Jame Kaz 3:2  Бәріміз де көп қате жібереміз. Ал кім сөзінде қате жібермесе, сол — денесін тұтастай меңгере алатын жетілген адам.
Jame Kaz 3:3  Мініс атын өз еркімізге көндіру үшін жай ғана ауыздық салып, бүкіл денесін бағындырып, бағыттаймыз.
Jame Kaz 3:4  Немесе мысалға теңіз кемесін алайық. Ол қаншама үлкен болса да, күшті желмен ыққанда өте кішкентай тұтқасымен басқарылып, оны ұстап тұрған кісінің қалаған бағытына жүреді.
Jame Kaz 3:5  Сол сияқты, тіл де дененің кішігірім мүшесі бола тұра, ғаламат нәрселермен мақтанады.От ұшқыны қаншама майда болса да, қалың орманды өртеп жібере алады!
Jame Kaz 3:6  Тіл де от іспетті, әділетсіздік тудырғыш. Дене мүшелерінің арасында орналасқан ол бүкіл денемізді арамдап, өзі тозақ отынан тұтанып, бар өмірімізді де өртеп, құрта алады.
Jame Kaz 3:7  Әр түрлі аңдар мен құстарды, бауырымен жорғалаушылар мен теңіз жануарларын адам өз еркіне бағындырып келді және бағындыруда.
Jame Kaz 3:8  Алайда адамдардың ешқайсысы да өз тілін бағындыра алмайды! Тіл — бағынуға көнбейтін жаман нәрсе, кісі өлтіретін уға толы.
Jame Kaz 3:9  Біз тілімізбен Жаратқан Ие — Құдай Әкеге алғыс айтып, Оны дәріптейміз. Алайда Құдай рухани жағынан Өзіне ұқсас етіп жаратқан адамдарды сол тілімізбен қарғаймыз да!
Jame Kaz 3:10  Осылайша алғыс та, қарғыс та бір ауыздан шығады.Бауырластарым менің, бұлай болмасын!
Jame Kaz 3:11  Бұлақ көзінен бір мезгілде тұщы да, ащы да судың шығуы мүмкін бе?
Jame Kaz 3:12  Бауырластарым, ойлаңдаршы: өрік ағашы зәйтүн жемісін немесе жүзім бұтасы өрік жемісін бере ала ма? Әрине, бермейді. Дәл сол сияқты, ащы су шыққан бұлақтан тұщы су да шықпайды.
Jame Kaz 3:13  Араларыңдағы қайсың парасатты да саналысың? Сондай адам онысын үлгілі мінез-құлқымен, парасатты инабаттылығымен көрсетсін.
Jame Kaz 3:14  Ал егер жүректерің удай қызғанышқа толып, қара бастарыңның абыройын ойласаңдар, онда даналықтарыңа мақтанбаңдар, әйтпесе шындықты бұрмалайсыңдар.
Jame Kaz 3:15  Мұндай жалған «даналық» көктен келмейді. Керісінше, ол осы күнәкар дүниеге, өз бетімен жүрген ескі болмысымызға және жын-перілерге тән.
Jame Kaz 3:16  Қай жерде қызғаныш пен қара бастың абыройын ойлау болса, тәртіпсіздік пен зұлымдық атаулы да сол жерде.
Jame Kaz 3:17  Көктен келген даналық адамды ең алдымен пәк таза қылады, содан кейін оны ынтымақшыл, төзімді, ымырашыл, қайырым мен игі істер жасағыш, ешкімді алаламайтын әділ қылып, екіжүзділіктен арылтады.
Jame Kaz 3:18  Татуластырушылар «тыныштық тұқымын» себушілер іспетті. Бұл «тұқымның» жемісі болып әділ мінез-құлық орнығады.
Chapter 4
Jame Kaz 4:1  Ендеше, араларыңдағы қастастық пен дау-жанжал қайдан шығады? Бойларыңдағы соғысып жатқан арам құмарлықтарыңнан туады емес пе?
Jame Kaz 4:2  Сендер бір нәрсені аңсап, иемдене алмайсыңдар; сонда кісі өлтіретіндей жек көріп, қызғанасыңдар, алайда аңсаған нәрселеріңе қол жеткізе алмайсыңдар. Жанжалдасып, төбелесесіңдер, бәрібір иемденбейсіңдер, өйткені оны Құдайдан сұрамайсыңдар.
Jame Kaz 4:3  Сұрасаңдар да, ие бола алмайсыңдар, себебі ізгі ниетпен емес, арам құмарлықтарыңды қанағаттандыру үшін сұрайсыңдар.
Jame Kaz 4:4  Әй, опасыздар! Осы күнәкар дүниемен достасу Құдайға қастық екенін білмейтін бе едіңдер? Осы дүниемен дос болғысы келген әркім Құдайдың жауына айналады.
Jame Kaz 4:5  Киелі жазбадағы мынадай сөздер бекер айтылды деп санайсыңдар ма: Өмірімізден орын алған Құдайдың Рухы жалғыз Құдайды ғана сүйіп, Оған түгелдей бағышталуымызды аңсайды.
Jame Kaz 4:6  Ал Тәңір Ие бізге (арам құмарлықтарға қарсы тұруға) рақымын молынан сыйлайды. Сол себептен де Киелі жазбаларда мынадай сөздер бар: Құдай тәкаппарларға қарсылық жасайды, «ал езілген кішіпейілдерге рақымын сыйлайды».
Jame Kaz 4:7  Сонымен, Құдайға мойынсұныңдар!Әзәзіл шайтанға қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден қашып кетеді.
Jame Kaz 4:8  Құдайға жақындаңдар, сонда Ол да сендерге жақындайды. Ей, күнәкарлар, қолдарыңды жамандық атаулыдан жуып тазартыңдар! Ей, екіойлы табансыздар, жүректеріңді орнықтырыңдар!
Jame Kaz 4:9  Өкініп, зар еңіреп жылаңдар, күлкілерің қайғыға, қуаныштарың қасіретке айналсын!
Jame Kaz 4:10  Жаратқан Иенің алдында бой ұсыныңдар, сонда Ол сендерді жоғарылатпақ.
Jame Kaz 4:11  Қымбатты бауырластар, бір-біріңді жамандап қорлауды доғарыңдар! Бауырластарыңды жамандағандарың не үкімдегендерің — (Иеміздің сүйіспеншілік туралы) өсиетін қорлап үкімдегендерің. Ал өсиетті үкімдегенде оны орындаушы емес, соттаушы болып шығасыңдар.
Jame Kaz 4:12  Өсиеттерді шығарушы да, соттаушы да — Біреу-ақ. Ол құтқара да, құрта да алады. Маңайыңдағыларды үкімдейтін соншама сен кімсің?
Jame Kaz 4:13  «Біз бүгін-ертең пәлен қалаға барып, сонда бір жыл тұрып, сауда жасап, олжаға батамыз» дейтіндерің құлақ түріңдер:
Jame Kaz 4:14  сендер тіпті күні ертең не болатынын білмейсіңдер! Өмірлерің неге ұқсас? Ол әншейін аз уақытқа көрініп, кейін ғайып болатын бу іспетті емес пе?
Jame Kaz 4:15  Оның орнына «Иеміз бұйыртса, аман болсақ, біз мынаны істейміз, не ананы істейміз» дегендерің дұрыс.
Jame Kaz 4:16  Ал сендер паңданып мақтанасыңдар. Мұндай даңққұмарлық атаулы жаман.
Jame Kaz 4:17  Кім жасауға тиісті жақсылықты біле тұра жасамаса, сол күнәлі.
Chapter 5
Jame Kaz 5:1  Сонымен, байлар, құлақ түріп тыңдаңдар! Бастарыңа төніп тұрған қасіреттеріңе бола зар еңіреп жылаңдар!
Jame Kaz 5:2  Дүние-мүліктерің шіріп, киімдерің күйеге жем болды,
Jame Kaz 5:3  алтын мен күмістеріңді тот басты. Солардың тоты сендерге қарсы айғақ болып, тәндеріңді оттай жалмайды. Осы заманның ақыры жақын болса да, өздеріңе қазына жинап келесіңдер!
Jame Kaz 5:4  Міне, сендер егіндеріңді жинаған жұмысшыларға төлемеген тиесілі жалақылар өздеріңе қарсы айғақ болып шағынып тұр! Орақшылардың айқайлаған дауыстары Әлемнің Иесінің құлағына жетті.
Jame Kaz 5:5  Сендер бұ дүниеде молшылыққа белшеден батып, рақат кешіп келесіңдер. Құритын күндерің жетсе де, бордақыланған малдай семірудесіңдер.
Jame Kaz 5:6  Тіпті өздеріңе қарсы шықпаған әділдерді соттап, өлтірдіңдер!
Jame Kaz 5:7  Ендеше, бауырластарым, Иеміз қайтып келетін кезге дейін шыдаңдар. Диқанға қараңдаршы: ол егіндік жерінен алатын құнды өнімін тосып, оны күзгі және көктемгі жаңбырдың суғаруын төзімділікпен күтеді.
Jame Kaz 5:8  Сендер де сабырмен күтіп, жүректерің мызғымас табанды болсын. Өйткені Иеміз жуырда қайтып келмек.
Jame Kaz 5:9  Сотталмауларың үшін, бауырластарым, бір-біріңнің үстеріңнен шағым айтпаңдар. Үкім шығаратын Иеміздің жуырда қайта оралатынын білесіңдер ғой. Ол есік алдына келіп қалғандай жақын.
Jame Kaz 5:10  Бауырластарым менің, азап шегіп, төзе білуде Жаратқан Иенің атынан сөйлеген пайғамбарлардан үлгі алыңдар.
Jame Kaz 5:11  Сол төзімді адамдарды бақытты деп санаймыз. Әйүп пайғамбардың шыдамдылығы туралы естігенсіңдер, Жаратқан Иенің ақыр аяғында оны қалай жарылқағанын да білесіңдер. Иеміздің жанашырлығы мен қайырымдылығы қандай зор!
Jame Kaz 5:12  Ең бастысы, бауырластарым, ант етуші болмаңдар! Көк пен жердің немесе басқа да нәрселердің атымен ант етпеңдер. Қайта, сендер «иә» дегенде шынымен иә, «жоқ» дегенде шынымен жоқ болуға тиісті. Әйтпесе Тәңір Ие сендерді жауапқа тартпақ.
Jame Kaz 5:13  Кейбіреулерің азап шеккенде, Құдайға сиынсын, көңілді болғанда, мадақтау жырлары мен әндерін айтсын.
Jame Kaz 5:14  Қайсыбіреуің ауырып қалса, қауым жетекшілерін шақыртсын. Олар соның маңдайына Жаратқан Иенің атынан май жағып, оның үстіне қолдарын жайып сиынсын.
Jame Kaz 5:15  Сеніммен сиынғандарыңа бола Иеміз науқастың денсаулығын қайтадан қалпына келтіріп, сауықтырмақ. Егер ол күнә жасаған болса, кешірілмек.
Jame Kaz 5:16  Сондықтан сауығып кету үшін, жасаған күнәларыңды бір-біріңе айтып мойындап, бір-бірің үшін сиыныңдар! Әділ адамдардың Құдайға сиынуларының күші орасан зор.
Jame Kaz 5:17  Ілияс пайғамбар да біз сияқты пенде болатын. Алайда ол жаңбыр жаумасын деп шын жүректен сиынғанда, үш жарым жыл бойы жерге жаңбыр тамбады.
Jame Kaz 5:18  Ол қайтадан жауын болсын деп сиынғанда, аспаннан жаңбыр құйылып, жер тағы да өнімін берді.
Jame Kaz 5:19  Бауырластарым, қайсыбіреуің ақиқат жолынан тайса, басқа біреуің оны кері қайтарсын!
Jame Kaz 5:20  Естеріңде болсын: кім күнәкарды теріс жолдан қайтарса, сол оның жанын рухани өлімнен құтқарып, көптеген күнәларының кешірілуіне себепші болады.