Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
AMOS
Up
1 2 3 4 5 6 7 8 9
Chapter 1
Amos Kaz 1:1  Мұнда Яһуданың Текоя қалашығындағы шопандармен жүрген Амос пайғамбардың айтқан сөздері берілген. Ол соларды Яһуда еліне Ұзиях, ал Солтүстік Исраилге Жоғас ұлы Еробоғам патшалық құрған заманда аян көргенде Құдайдан қабылдаған еді. Бұл жер сілкіністен екі жыл бұрын болды.
Amos Kaz 1:2  Амос пайғамбар былай деді:«Жаратқан Ие Сион тауынан ақырады,Ол Иерусалимнен дауысын шығарады.Сонда малшылардың жайылымдары солады,Қармил тауының төбесі де кеуіп қалады!»
Amos Kaz 1:3  Жаратқан Ие мынаны айтады: «Дамаскінің халқы көптеген зұлым істер істеп келді. Сондықтан Мен оларға шығарған үкімімді жоймаймын. Олар (Исраилдің) Ғилақад аймағын темір астық бастырғышпен таптағандай аяусыз талқандады.
Amos Kaz 1:4  Сол үшін Мен (Дамаск патшасы) Хазаилдің сарайына от жіберемін. Сол от (оның ұлы) Бен-Хададтың қорғандарын да жалмап қояды.
Amos Kaz 1:5  Мен Дамаскінің қақпа ысырмаларын сындырып, Ауен аңғарының тағында отырғанды елінен аластатып қуып, Бет-Еденге билік жүргізушіні құртамын. Сонда Арама халқы тұтқындалып, (Бабыл еліндегі) Кир аймағына айдалып кететін болады». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Amos Kaz 1:6  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Газа қаласының халқы көптеген зұлым істер істеп келеді. Сондықтан Мен оларға шығарған үкімімді жоймаймын. Газалықтар (Яһудадағы) елді мекендердің бүкіл халқын тұтқынға алып, Едомға сатып жіберді.
Amos Kaz 1:7  Сол үшін Мен Газа қаласының қабырғаларына от жіберемін. Сол от оның сарайларын жалмап қояды.
Amos Kaz 1:8  Мен Азоттың тағында отыратынды және Ашқалонның билеушісін жайратамын, Әкронға да қарсы құдіретті қолымды созамын. Сонда філістірлердің тірі қалғандары да құриды», — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие.
Amos Kaz 1:9  Жаратқан Ие мынаны да айтады: «Тир қаласының халқы көптеген зұлым істер істеп келеді. Сондықтан Мен оларға шығарған үкімімді жоймаймын. Тирліктер (Исраилдегі) елді мекендердің бүкіл халқын тұтқындап, Едом еліне сатып жіберді. Сонда олар Исраилмен жасаған өзара бауырластық келісімдерін тіпті естеріне де алмады.
Amos Kaz 1:10  Сол үшін Мен Тирдің қамал қабырғаларына от жіберемін. Сол от оның бекіністі сарайларын жалмап қояды».
Amos Kaz 1:11  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Едом халқы көптеген зұлым істер істеп келеді. Сондықтан Мен оларға шығарған үкімімді жоймаймын. Едомдықтар өздерімен бауырлас халықты қолдарына семсер алып қуып, өздеріндегі аяушылық сезімін басып таптап, ешқандай мейірімділік танытпады. Олар бауырластарына деген ашуынан қайтпай, соларды ызалана паршалап өлтірді.
Amos Kaz 1:12  Сол үшін Мен Теман аймағына от жіберемін. Сол от Босора қаласының сарайларын жалмап қояды».
Amos Kaz 1:13  Жаратқан Ие мынаны да айтады: «Аммон халқы көптеген зұлым істер істеп келеді. Сондықтан Мен оларға шығарған үкімімді жоймаймын. Аммондықтар өз жерлерін кеңейту үшін Ғилақад аймағына бас салып, сондағы жүкті әйелдерді қарындарын жарып өлтірді.
Amos Kaz 1:14  Сол үшін мен Рабба қаласының қабырғаларына от жіберемін. Сол от оның сарайларын жалмап қояды. Дауылды күннің құйынындай бір әскердің шабуылдап атой салғаны естілетін болады.
Amos Kaz 1:15  Сонда Амонның патшасы өзінің әміршілерімен бірге басқа жаққа айдалып кетеді», — деп нық айтады Жаратқан Ие.
Chapter 2
Amos Kaz 2:1  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Моаб халқы көптеген зұлым істер істеп келеді. Сондықтан Мен оларға шығарған үкімімді жоймаймын. Моабтықтар Едом патшасының сүйегін әк іспетті күйдіріп қор қылды.
Amos Kaz 2:2  Сол үшін Мен Моабқа от жіберемін. Сол от Кериоттың сарайларын жалмап қояды. Сонда Моаб айқай-шудың әрі әскердің шабуылдап атой салып, керней тартқан дауыстарының астында күйрейді.
Amos Kaz 2:3  Мен Моабты басқарып жүрген биді елден аластатып, онымен бірге барлық әміршілерін де өлтіремін», — деп ескертеді Жаратқан Ие.
Amos Kaz 2:4  Жаратқан Ие мынаны да айтады: «Яһуданың халқы көптеген зұлым істер істеп келеді. Сондықтан Мен оларға шығарған үкімімді жоймаймын. Яһудалықтар Мен, Жаратқан Ие, тапсырған Таурат заңын менсінбей, ережелерімді орындамай кетті. Бұрын ата-бабалары құлшылық еткен жалған тәңірлердің жолына енді бұлар да түсіп, адасты.
Amos Kaz 2:5  Сол үшін Мен Яһудаға от жіберемін. Сол от Иерусалимнің сарайларын жалмап қояды».
Amos Kaz 2:6  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Солтүстік Исраилдің халқы көптеген зұлым істер істеп келеді. Сондықтан Мен оларға шығарған үкімімді жоймаймын. Исраилдіктер әділ жанды күміске, кедейді бір жұп аяқкиімге айырбастай салады.
Amos Kaz 2:7  Олар кедейдің басын жердің топырағына таптап, бейшараны жолынан итеріп баса көктейді. Әкесі мен баласы екеуі бірдей бір жас әйелге барып, Менің киелі есімімді қор қылады.
Amos Kaz 2:8  Олар өздеріне қарыздар адамнан кепілдікке алынған жамылғыны құрбандық үстелінің қасына төсеп жатады. Жұртқа айып төлетіп алған шарапты өздері табынған тәңірсымағының ғибадатханасында ішеді.
Amos Kaz 2:9  Ал Мен ежелде халқымның көз алдында самырсындай биік, емендей мықты Амор халқын күйреткенмін. Сонда Мен оның төбесіндегі жемісі мен түбіндегі тамырын да біржола құртқан болатынмын.
Amos Kaz 2:10  Сендердің аморлықтардың жерін иемденіп алуларың үшін Мен сендерді Мысыр елінен алып шығып, қырық жыл бойы айдалада ертіп жүрген едім.
Amos Kaz 2:11  Ұлдарыңның кейбіреулерін пайғамбар, жас жігіттеріңнің бірнешеуін Құдайға бағышталған назир еттім. Солай емес пе, уа, Исраилдің үрім-бұтағы? — деп ескертеді Жаратқан Ие. —
Amos Kaz 2:12  Алайда сендер Өзіме бағышталған назирлерге шарап ішкізіп күнә жасатып, пайғамбарларға: «Пайғамбарлық сөз айтпа!» деп тыйым салып жүрдіңдер.
Amos Kaz 2:13  Біліп қойыңдар, егін баулары мол артылған арбаның жерге қарай шөгетіні сияқты, енді Мен де сендерге ауыртпалықты молынан түсіремін!
Amos Kaz 2:14  Сонда жылдамдарыңның жүгіруге шамасы болмай қалады, мықтыларың да өз қуаттарынан айырылады, тіпті батырларың да өз жандарын құтқара алмайды.
Amos Kaz 2:15  Сонда мерген тойтарыс бере алмайды, желаяқ та, салт атты да өз жандарын құтқарып қала алмайды.
Amos Kaz 2:16  Ержүрек батыл деген жасақшылар да қару-жарағын тастап бас сауғалап қашатын болады», — деп ескертеді Жаратқан Ие.
Chapter 3
Amos Kaz 3:1  Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, Жаратқан Иенің сендерге қарсы айтқан сөзін тыңдаңдар! Ол ежелде Мысыр елінен Өзі алып шыққан бүкіл халыққа қарсы мына сөзін айтады:
Amos Kaz 3:2  «Жер бетіндегі барлық халықтардың ішінен Мен тек сендерді ғана таңдап алғанмын. Сондықтан Мен сендердің істеген барлық опасыз істеріңе назар аударып, жазалаймын!»
Amos Kaz 3:3  Бағыт жайлы келісіп алмаса, екі адам бірге жүре ала ма?
Amos Kaz 3:4  Алдында жатқан олжасы болмаса, ормандағы арыстан ақыра ма? Ұстап алған ештеңесі болмаса, жас арыстан інінен даусын шығара ма?
Amos Kaz 3:5  Егер тұзақта жем болмаса, құс оған түсе ме? Еш нәрсе түспесе, тұзақ жоғары ырши ма?
Amos Kaz 3:6  Қалада кернейдің даусы шықса, халық үрейленбей ме? Жаратқан Ие жібермесе, қала апатқа ұшырай ма?
Amos Kaz 3:7  Шынында Жаратушы Тәңір Ие Өзіне қызмет ететін пайғамбарларға алдын ала білдірмей ештеңе істемейді.
Amos Kaz 3:8  Ал енді «Арыстан» ақырды! Содан кім үрейленбейді? Жаратушы Тәңір Ие тіл қатты, Оның хабарын басқаларға кім жеткізбейді?
Amos Kaz 3:9  Азот қаласы мен Мысыр елінің сарайларына: «Самарияның тауларына жиналыңдар! Елдегі болып жатқан ғаламат ретсіздік пен қанаушылыққа көз салыңдар!» — деп жариялаңдар!
Amos Kaz 3:10  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Олар дұрыс істеуді білмейді де, өз сарайларында зұлымдықпен, зорлықпен иемденіп алған байлық жинайды.
Amos Kaz 3:11  Сол себепті Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Елді жау қоршап, сені қуатыңнан жұрдай етіп, сарайларыңды талан-таражға түсіреді».
Amos Kaz 3:12  Жаратқан Ие мынаны да айтады: «Шопан қойына тап берген арыстанның аранынан оның қос сирағын немесе құлағының бір жапырағын ғана шығарып ала алады. Сол сияқты Самарияда тұратын исраилдіктер де тек төсектің бір шетімен және жұқа жабынымен ғана құтқарылады.
Amos Kaz 3:13  Мынаны тыңдап алып, Жақыптан тараған Исраил халқына қарсы куәлік етіңдер! — деп бұйырады Жаратушы Тәңір Ие, Әлемнің Әміршісі Құдай. —
Amos Kaz 3:14  Мен Исраилдің жасаған зұлым істеріне назарымды аударып, оларды жазалайтын боламын. Сол күні Бетелдегі құрбандық үстелдерін де қиратамын. Осы құрбандық үстелдеріндегі мүйіздер кесіліп, жерге түсіп қалады.
Amos Kaz 3:15  Мен байлардың қысқы және жазғы үйлерін де жермен-жексен етіп қиратамын. Сонда олардың піл сүйегімен әшекейленген үйлері және басқа да сарайлары күйреп жоқ болады». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Chapter 4
Amos Kaz 4:1  Әй, Башан сиырларындай семіз әйелдер! Самарияның тауында тұратын сендер, мына сөзді тыңдаңдар! Сендер кедейлерге зорлық жасап, мұқтаждарды езгіге ұшыратып келесіңдер, әрі күйеулеріңе: «Әкел бері, ішейік!» — дейсіңдер.
Amos Kaz 4:2  Жаратушы Тәңір Ие Өзінің киелі атымен былай деп ант етті: «Сендерді ілмекпен тартатын, ал қалғандарыңды қармақпен сүйрететін күн бастарыңа туады!
Amos Kaz 4:3  Сендер қала қабырғасының үйіндісінің үстімен айдалып, тіп-тіке шығатын боласыңдар, ыңғайлы сарайларыңнан далаға лақтырылып тасталасыңдар!» — деп ескертеді Жаратқан Ие.
Amos Kaz 4:4  «Мейлі, Бетелге барып, күнәға батыңдар, Ғылғалға да барып, қылмыстарыңды одан бетер көбейтіңдер. Таң атқан сайын сонда құрбандықтарыңды шалып ұсынып, өнімдеріңнің он бөлігінің бірін әр үш жыл сайын апарып отырыңдар.
Amos Kaz 4:5  Мейлі, шүкіршілік тартуы ретінде ашытқымен пісірілген нанды өртеп ұсыныңдар, ерікті тартулар жасап, оларыңды жұртқа жариялап мақтаныңдар! Өйткені осыны істеуді сондай жақсы көресіңдер, уа, исраилдіктер! — дейді Жаратушы Тәңір Ие. —
Amos Kaz 4:6  Сондықтан да Мен сендердің барлық қалаларыңдағы адамдардың тістерін (арасында тамақтың бірде-бір түйірін қалдырмай) таза қылдым. Барлық жерлеріңде де сендерді нанға зар етіп қойдым. Сонда да сендер Маған қайтып келмедіңдер!» — деп әшкерелейді Жаратқан Ие.
Amos Kaz 4:7  «Егіннің суға ең мұқтаж, енді көктеп шығып келе жатқан кезінде Мен сендерге жаңбырды жаудырмай қойдым. Бір қалаға жаңбырды жіберсем, екіншісіне жіберген жоқпын. Бір егіс алқабына жаңбыр жауса, екіншісіне жаумады. Ал жаңбыр жаумағаны қурап қалды.
Amos Kaz 4:8  Сондықтан екі-үш қаланың халқы су ішу үшін бір қалаға жиналсаңдар да, шөлдеріңді баса алмадыңдар. Бірақ сендер сонда да Маған қайтып келмедіңдер!» — деп әшкерелейді Жаратқан Ие.
Amos Kaz 4:9  «Сендердің егістіктеріңе, бау-бақшаларың мен жүзімдіктеріңе шіру және көгеру індеттерін жіберіп, оларды құрттым. Інжір мен зәйтүн ағаштарыңды шегіртке жалмап жойды. Бірақ сендер сонда да Маған қайтып келмедіңдер!» — деп әшкерелейді Жаратқан Ие.
Amos Kaz 4:10  «Араларыңа Мысырдағыдай індет жібердім, жас жігіттеріңді семсермен қырып, жылқыларыңды тартып алып кеттім. Орналасқан жерлеріңдегі өліктердің сасық иісі мұрын жаратындай болды. Бірақ сендер сонда да Маған қайтып келмедіңдер!» — деп әшкерелейді Жаратқан Ие.
Amos Kaz 4:11  «Ежелде Мен, Құдай, Содом мен Ғомораны қиратқанмын. Енді сендердің кейбір қалаларыңды да қираттым. Сендер шала жанып, от ішінен құтқарылып алынған отындық ағаш сияқты болдыңдар. Бірақ сонда да Маған қайтып келмедіңдер!» — деп әшкерелейді Жаратқан Ие.
Amos Kaz 4:12  «Сол себепті Мен сенің басыңа осы апаттарды түсіремін, ей, Исраил! Саған еш шүбәсіз осылай істейтін боламын. Сондықтан өз Құдайыңның алдынан шығуға дайындал, ей, Исраил халқы!» —
Amos Kaz 4:13  Өйткені Жаратқан Ие тауларды қалыптастырып, желді соқтырады. Ол өз ой-ниеттерін адам баласына ашып білдіреді. Құдай таңғы арайды қара түнекке айналдырып, әлемнің биік жерлерін де аяғымен басады. Оның Есімі — Жаратқан Ие, Әлемнің Әміршісі Құдай.
Chapter 5
Amos Kaz 5:1  Уа, Исраил халқы, өздерің туралы айтатын мына қайғылы жырымды тыңдаңдар:
Amos Kaz 5:2  «Құлады, енді қайтып тұрмайдыБұрын пәк қыздай болған Исраил халқы.Өз жерінде оған назар аудармайды,Ешкім де оны қайтып тұрғызбайды.
Amos Kaz 5:3  Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады:Мың жасақшысын аттандырған қалағаҚайта оралады тек жүзі ғана,Ал жүз адамын жіберген қалағаҚайта оралады тек оны ғана!»
Amos Kaz 5:4  Енді Жаратқан Ие Исраилдің халқына мынаны айтады: «Маған бет бұрып сиыныңдар, сонда тірі қаласыңдар!
Amos Kaz 5:5  Бетелдегі жалған тәңірден көмек іздемеңдер, Ғылғалға да бармаңдар, Бер-Шебаға қарай да өтпеңдер! Өйткені жау Ғылғалдың халқын еш шүбәсіз тұтқынға айдап әкетеді, Бетелдің басына да апат түспек».
Amos Kaz 5:6  Жаратқан Иеге бет бұрып Оған сиыныңдар, сонда тірі қаласыңдар! Әйтпесе Ол Жүсіптің үрім-бұтағына қарсы от іспетті лап етіп, сол от Бетелді де жалмап қояды. Ал оны сөндіретін ешкім де болмайды.
Amos Kaz 5:7  Әй, сендер әділетті бұрмалап, (бейшаралар үшін) ащы бір нәрсеге айналдырасыңдар, әділдікті менсінбей, жерге таптайсыңдар!
Amos Kaz 5:8  Үркер мен Көгалдай мерген сияқты шоқжұлдыздарды кім жаратты? Қара түнекті таңғы арайға, күнді қараңғы түнге айналдыратын, әрі теңіздің суын жоғары көтеріп, оны жер бетіне жаудыратын кім? Оның есімі — Жаратқан Ие!
Amos Kaz 5:9  Ол мықтыларды найзағай түскендей лезде күйретіп, бекіністерін талқандап қиратады.
Amos Kaz 5:10  Ал сендер қала алаңында сот жүргізушілерді жек көріп, шындықты жасырмай айтушыдан жиренесіңдер.
Amos Kaz 5:11  Сендер кедейлерді басып-жаншып, олардан алым ретінде мол астық жинайсыңдар. Сондықтан қашалып өңделген тастан үйлер салсаңдар да, оларда тұрмайсыңдар! Жүзімдіктер отырғызсаңдар да, солардың өнімдерінің рақатын көрмейсіңдер!
Amos Kaz 5:12  Өйткені сендердің бас көтеріп, Маған қарсы шыққан жайттарыңның қаншалықты көп әрі күнәларыңның қандай ауыр екенін білемін: сендер пара алып, әділ жанға қысым жасайсыңдар және сотта бейшараны жолдан былай итермелеп, құқығынан айырасыңдар.
Amos Kaz 5:13  Сондықтан зерделі жан осындай жағдайда үндемей қалады, өйткені бұл — зұлым уақыт!
Amos Kaz 5:14  Зұлымдыққа емес, жақсылыққа ұмтылыңдар! Сонда тірі қаласыңдар және өздерің жиі айтатындай, Жаратқан Ие, Әлемнің Әміршісі Құдай, сендерге жар болады.
Amos Kaz 5:15  Зұлымдықты жек көріп, жақсылық жасауды ұнатыңдар! Қала алаңында сот жүргізгенде әділдікті орнатыңдар! Сонда Жаратқан Ие, Әлемнің Әміршісі Құдай, Жүсіптің үрім-бұтағының тірі қалғандарына рақымды болатын шығар.
Amos Kaz 5:16  Сондықтан Жаратқан Ие, Әлемнің Әміршісі Құдай Ие, мынаны айтады: «Барлық алаңдарда жұрт жылап-сықтап, ал көшелерде ойбауырымдап қайғыратын болады. Сонда диқандарды да зар жылауға, жоқтау айтуды шебер білетіндерді де жоқтау айтуға шақыратын болады.
Amos Kaz 5:17  Күллі жүзімдіктеріңде де қайғыланып жылап-сықтайтын боласыңдар. Себебі Мен сендерді жазалау үшін араларыңнан өтемін!» — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Amos Kaz 5:18  Уа, «Жаратқан Иенің соты күні келсе екен!» деп аңсайтындар, сендер қасіретке қаласыңдар! Жаратқан Иенің күні сендерге не үшін керек? Оның алып келетіні нұр емес, қара түнек қой!
Amos Kaz 5:19  Сол күн арыстаннан қашып, аюмен кездескен немесе үйге кіріп, қабырғаға қолмен сүйеніп тұрғанда жыланның шағып алғаны сияқты қорқынышты болады.
Amos Kaz 5:20  Жаратқан Иенің соты күні сендер үшін жарық емес, қараңғы болады емес пе?! Сол күн қара түнек, нұрдан құр болады емес пе?!
Amos Kaz 5:21  «Мен мейрамдарыңды жек көремін, салтанатты жиналыстарыңның иісі Маған жиренішті.
Amos Kaz 5:22  Сонда Маған арнап толығымен өртелетін құрбандық, астық және сұйық тартуларын ұсынсаңдар да, оларды қабылдамаймын! Бордақыланған малды ризашылық құрбандығына шалып ұсынсаңдар да, соларыңа да назар аудармаймын.
Amos Kaz 5:23  Өлеңдеріңді шуламай, Менен аулақ айтыңдар! Ішекті аспаптарыңның дыбысын тыңдағым да келмейді!
Amos Kaz 5:24  Одан да елдеріңе әділет тасқын судай, әрі әділдік еш таусылмайтын жылғадай ағып келе берсін!
Amos Kaz 5:25  Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, сендер қырық жыл бойы айдаланы кезіп жүрген ежелгі уақыттарыңда құрбандыққа мал шалып, басқа да сый-тартулар ұсынғанда соларыңды Маған бағыштадыңдар ма?
Amos Kaz 5:26  Жоқ, сендер өздерің жасап алған бейнелерді: жалған тәңір Молохтың мүсіні орналасқан шатырды және тәңірсымақтарың Ремфан жұлдызының бейнесін бірге алып жүрдіңдер. Бұларды (құлшылық етіп табынуларың үшін) өздерің жасап алған едіңдер.
Amos Kaz 5:27  Сондықтан Мен сендерді жер аударып жіберемін, тіпті Дамаскіден де әрі!» — деп нық айтады Жаратқан Ие. Ол Әлемнің Әміршісі Құдай деп те аталады.
Chapter 6
Amos Kaz 6:1  Әй, Сион тауында бейқам тұрып жатқан және өздерін Самария тауында қауіпсіз сезінетіндер, сендер қасіретке қаласыңдар! Ең озат халықтың маңдай алды адамдары деп аталатын сендерге Исраилдің үрім-бұтағы келіп, ақыл-кеңес пен көмек сұрайды.
Amos Kaz 6:2  Қална қаласына барып, қараңдар! Сол жерден үлкен Хамат қаласына, содан філістір еліндегі Ғатқа да барыңдар! Өз патшалықтарың олардан артық па? Әлде олардың жерлері сендердікінен кең-байтақ болды ма? (Әрине, жоқ. Әйтсе де, жау оларды талқандады.)
Amos Kaz 6:3  Дегенмен, сендер «апат болатын күн алыс» деп ойлап, аяусыз сотталатын күнді өздерің жақындатасыңдар.
Amos Kaz 6:4  Сендер піл сүйегімен әшекейленген төсек-орындарыңда жатасыңдар, төсектеріңде жатып шіренесіңдер. Жейтіндерің — отардың тоқтылары мен бордақы таналардың семіз еті.
Amos Kaz 6:5  Жетігеннің сүйемелдеуімен ән айтасыңдар, Дәуіт патшаға еліктеп, күй аспаптарыңда ойнауға әуен-күйлер ойлап табасыңдар.
Amos Kaz 6:6  Шарапты тостағандап ішіп, үстеріңе жұпар иісті май жағасыңдар. Ал Жүсіптің үрім-бұтағының басына төніп тұрған жойылу жайлы қайғырмайсыңдар!
Amos Kaz 6:7  Сондықтан қолға түсіп, басқа жерге аударылатын алғашқылардың арасында сендер боласыңдар! Сендердің үлде мен бүлдеге оранған, сауық-сайран құрған өмірлерің осылай бітпек!
Amos Kaz 6:8  Жаратушы Тәңір Ие Өзінің киелі атымен ант етті. Ол — Жаратқан Ие, Әлемнің Әміршісі Құдай, мынаны айтады: «Мен Жақыптың үрім-бұтағының асқақтығынан жиренемін, олардың бекіністі сарайларын да жек көремін. Сондықтан да Мен осы қаланы және онда тұратындардың бәрін жауларының қолына тапсырамын».
Amos Kaz 6:9  Бір үйде он адам қалған болса, солардың барлығы да өледі.
Amos Kaz 6:10  Қайтыс болғандардың мәйіттерін өз туысқаны жерлеуге алып шығып, үйдің ішіндегі адамнан: «Қасыңда тағы біреу бар ма?» — деп сұрап, сол: «Жоқ,..» — деп жауап бере бастағанда, әлгі туысқан: «Тыныш! Жаратқан Иенің есімін бекерге атай көрме! — деп шошитын болады.
Amos Kaz 6:11  — Өйткені біліп қой: Жаратқан Ие бұйрық берсе, үлкенді-кішілі үйлердің барлығы қиратылып талқандалады!»
Amos Kaz 6:12  Жылқы жартаста ойнақтай ала ма? Теңізді соқамен жыртуға бола ма? (Әрине, болмайды.) Ал сендер әділдік пен шыншылдықты ащы уға айналдырдыңдар!
Amos Kaz 6:13  Сендер Лодыбар (яғни «ештеңе») қаласын иемденгендеріңе шаттанып, «Қарнайым (яғни «қос мүйіз») қаласын өз күшімізбен басып алдық» деп те мақтанасыңдар.
Amos Kaz 6:14  Бірақ Жаратқан Ие, Әлемнің Әміршісі Құдай, мынаны айтады: «Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, сендерге қарсы Мен бір халықты көтеремін. Олар сендерге солтүстіктегі Лебо-Хаматтан бастап, оңтүстіктегі Араба аңғарына дейінгі бүкіл елдеріңде зорлық-зомбылық көрсететін болады!»
Chapter 7
Amos Kaz 7:1  Жаратушы Тәңір Ие маған мына көріністі көрсетті: Ол шегіртке үйірлерін жасап шығарды. Бұл патшаның өнімі жиналып болып, одан кейінгі өнім көктеп шыға бастаған кезде болды.
Amos Kaz 7:2  Шегірткелер бүкіл елдегі көкті жеп қойғанда мен:— Уа, Жаратушы Тәңір Ие, бізді кешіре гөр! Жақыптың үрім-бұтағы бұған қалайша шыдасын? Біз сондай кішкентай ғана елміз ғой! — деп жалбарындым.
Amos Kaz 7:3  Сонда Жаратқан Ие райынан қайтып:— Жарайды, бұлай істемеймін! — деп шешті.
Amos Kaz 7:4  Содан соң Жаратушы Тәңір Ие маған мына көріністі көрсетті: Тәңір Ие елді жазалау үшін от лаулатты. Сол от үлкен де терең теңізді және елдегі егістіктерді жалмап қойды.
Amos Kaz 7:5  Сонда мен:— Уа, Жаратушы Тәңір Ие, тоқтата көрші! Жақыптың үрім-бұтағы бұған қалайша шыдасын? Біз сондай кішкентай ғана елміз ғой! — деп жалбарындым.
Amos Kaz 7:6  Сонда Жаратқан Ие райынан қайтты.— Жарайды, бұлай да істемеймін! — деп шешті Жаратушы Тәңір Ие.
Amos Kaz 7:7  Ол маған тағы мына көріністі көрсетті: Жасаған Ие бір тік қабырғаның жанында тұр екен. Қолында тік бағытты көрсететін, ұшына бір кесек қорғасын байланған тіктеуіш жіп бар еді.
Amos Kaz 7:8  Жаратқан Ие менен:— Не көріп тұрсың, Амос? — деп сұрады. Мен:— Тіктеуіш жіпті, — дедім. Сонда Жасаған Ие маған тіл қатып былай деді:— Мен тіктеуіш жіпті өз халқым Исраилдің ортасына орнатамын. Бұдан былай Мен олардың күнәларына шыдамдылық көрсетпеймін!
Amos Kaz 7:9  Ысқақтың үрім-бұтағының биіктеу жерлердегі табыну орындары қаңырап бос қалады, Исраил елінің киелі табыну орындары ойрандалады! Сонда Мен семсермен Еробоғам патшаның әулетіне қарсы шығамын!
Amos Kaz 7:10  Ал Бетелдегі табыну орнының діни қызметкері Амасиях Солтүстік Исраилдің патшасы Еробоғамға мынадай хабар жіберді:— Амос Солтүстік Исраил халқының дәл ортасында сізге қарсы үгіт жүргізіп жатыр! Біздің еліміз оның айтқан барлық сөздеріне төзе алмайды.
Amos Kaz 7:11  Өйткені Амос: «Еробоғам семсерден қаза тауып, Исраил халқы еш шүбәсіз өз елінен жер аударылады!» деп жүр.
Amos Kaz 7:12  Мұнан кейін Амасиях Амосқа былай деді:— Ей, көріпкел, бар! Яһуда еліне қашып кет! Наныңды сонда тауып же, пайғамбарлық сөзіңді сол жерде айт!
Amos Kaz 7:13  Ендігәрі Бетелде пайғамбарлық сөз айтушы болма! Бетел — патшаның сиынатын киелі жері әрі бүкіл патшалықтың құлшылық ететін үйі! —
Amos Kaz 7:14  Бірақ Амос Амасияхқа былай деп жауап берді:— Мен жай пайғамбар емеспін, пайғамбардың шәкірті де болған емеспін. Мен мал бағып, тұт ағаштарын өсіріп, жемістерін жинаумен айналысатынмын.
Amos Kaz 7:15  Ал Жаратқан Ие мені отардың соңынан шақырып алып, «Барып, халқым Исраилге Менің хабарымды жеткіз!» деп тапсырма берді.
Amos Kaz 7:16  Ал енді, Жаратқан Иенің сөзін тыңда! Сен Маған: «Солтүстік Исраилге қарсы пайғамбарлық сөз айтпа! Ысқақтың үрім-бұтағына қарсы сөйлеме!» дейсің.
Amos Kaz 7:17  Сол үшін Жаратқан Ие саған мынаны айтады: «Сенің әйелің қалада жезөкше болып, ұл-қыздарың семсерден қаза табады. Жеріңді басқалар өлшеуіш жіппен өлшеп бөлісіп алады. Ал сен өзің болсаң, жат жерде өлесің. Солтүстік Исраилдің бүкіл халқы өз елінен жер аударылып кетеді!»
Chapter 8
Amos Kaz 8:1  Жаратушы Тәңір Ие маған тағы бір көріністі көрсетті. Сонда мен піскен жемістер салынған себетті көрдім.
Amos Kaz 8:2  Ол менен:— Не көріп тұрсың, Амос? — деп сұрады.— Піскен жеміс салынған себетті, — деп жауап бердім. Сонда Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді:— Өз халқым Исраилдің де пісіп, жиналып, сотталатын уақыты жетті. Бұдан былай Мен олардың күнәларына шыдамдылық көрсетпеймін!
Amos Kaz 8:3  Сол күні ғибадатханадағы қуанышты ән-жырлар зарлаумен алмасады. Адам өлігі көп болып, оларды әр жерден жинап, қаладан шығарып тастайды. Бәрі де үн-түнсіз болмақ! Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыны нық айтамын.
Amos Kaz 8:4  Әй, мұқтаждарды аяқасты қылатын, елдің жарлыларын құртатын сендер, мынаны тыңдаңдар:
Amos Kaz 8:5  Сендер іштей былай дейсіңдер: «Айдың алғашқы күні қашан өтер екен? Сонда бидай сатамыз. Демалыс күні қашан бітер екен? Сонда астықты базарға шығарамыз! Бидай өлшеп салатын ыдысымызды кішірек, күміс өлшейтін кір тастарымызды ауырырақ қылып, таразыдан да жейміз.
Amos Kaz 8:6  Кедейлерді күміске, мұқтаждарды бір жұп аяқкиімге сатып аламыз. Салмағын ауырлату үшін астықты кебегімен қоса сатамыз!»
Amos Kaz 8:7  Ал Жаратқан Ие «Жақып мақтан тұтқан (Құдай)» деген Өзінің атымен былай деп ант береді: «Мен сол істерінің бірін де есімнен шығармаймын!
Amos Kaz 8:8  Осыларың үшін бүкіл ел шайқалып, оның тұрғындары қайғыға батпай ма? Расында жер Мысырдың Ніл өзеніндей көтеріліп әрі тасып, сосын қайтадан басылып, төмендейтін болады».
Amos Kaz 8:9  Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Сол кезде Мен күнді тал түсте бататын қылып, жерді күндіз қараңғылыққа бөлеймін!
Amos Kaz 8:10  Көңілді мейрамдарыңды қайғыру уақытымен, әрі қуанышты әндеріңді жоқтаумен алмастырамын. Сендерге азалы киім киіндіріп, қайғыдан шаштарыңды тақырлап алып тастатамын. Бұл жалғыз ұлдың өліміне жоқтау айтқанға ұқсайды. Иә, оның ақыры өте ащы болады!»
Amos Kaz 8:11  Жаратушы Тәңір Ие мынаны да айтады: «Біліп қойыңдар! Мен не нанды аңсайтын аштықты, не суды аңсайтын шөлді де емес, Менің, Жаратқан Иенің, сөзін естуге деген аштық пен шөлді жіберетін уақытым келе жатыр!
Amos Kaz 8:12  Сонда адамдар теңізден теңізге әрі солтүстіктен шығысқа қарай шарлап кезіп, Жаратқан Иенің сөзін сарсыла іздейтін болады. Бірақ оны таба алмайды.
Amos Kaz 8:13  Сол кезде көрікті бойжеткендер мен мықты жігіттер шөлден әлсірейтін болады.
Amos Kaz 8:14  Самарияның масқара тәңірсымағымен ант ішіп, «Сенің тәңіріңмен ант етемін, уа, Дан!» немесе «Сенің тәңіріңмен ант етемін, уа, Бер-Шеба!» дейтіндер құлап, енді қайтып тұра алмайды».
Chapter 9
Amos Kaz 9:1  Мен құрбандық үстелінің жанында тұрған Жасаған Иенің берген аянын көрдім. Ол маған тіл қатып былай деді: «Бағаналардың бастарын ұр, босағалары күйресін! Оларды халықтың үстіне құлат! Аман қалғандарын Өзім семсермен қырамын. Ешқайсысы қашып та кетпейді, ешқайсысы құтыла да алмайды.
Amos Kaz 9:2  Олар тіпті жер астына түсіп, көміліп қалса да, Мен оларды қолыма түсірер едім. Аспанға шығып кетсе де, оларды төменге түсіремін.
Amos Kaz 9:3  Олар Қармил тауының төбесіне тығылып қалса да, сол жерден де тауып, ұстап алар едім! Менен теңіздің түбіне барып жасырынса, Мен улы жыланға оларды шағуға бұйырар едім.
Amos Kaz 9:4  Жаулары оларды тұтқындап, басқа елге айдап әкетсе, сол жерде де семсерге оларды жалмауға әмір етер едім. Мен оларға назарымды тігіп, игілік емес, қасірет жіберемін».
Amos Kaz 9:5  Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие қолын жерге тигізсе, ол балқи бастайды да, онда тұратындар қайғырады. Бүкіл жер Мысырдағы Ніл өзені сияқты көтеріліп әрі тасып, сосын қайтадан төмендейтін болады.
Amos Kaz 9:6  Ол Өзінің зәулім сарайын көкте салып, соның негізін жердің бетінде қалайды. Ол теңіздің суын жоғары көтеріп, оны жердің бетіне төгеді. Оның есімі — Жаратқан Ие.
Amos Kaz 9:7  «Ей, исраилдіктер, сендерді қалай көрсем, құштықтарды да солай көремін! — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Әрине, ежелде Мен сендерді Мысырдан азат етіп алып шықтым. Бірақ Мен філістір халқын да Крит аралынан, әрі арамалықтарды (Бабыл еліндегі) Кир аймағынан алып шыққанмын. —
Amos Kaz 9:8  Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: — Біліп қойыңдар, Менің назарым күнәға батқан Солтүстік Исраил патшалығына бағытталған. Оны жердің бетінен құртамын. Алайда Мен Жақыптың үрім-бұтағын толығымен жойып жібермеймін, — деп нық айтады Жаратқан Ие. —
Amos Kaz 9:9  Мен әмір бергенде, Солтүстік Исраилдің халқы бидай іспетті шайқатылып електен өткізіледі. Олар барлық халықтардың арасына шашырап тарап кетеді, әрі електің ішіндегі бірде-бір ұсақ тас (бидаймен бірге) өтіп, жерге түспейді.
Amos Kaz 9:10  Сонда Менің халқымның арасындағы «Біздің басымызға қасірет түспейді!» деп көкитін күнәкарлардың барлығы семсерден құриды».
Amos Kaz 9:11  «Сол күні Мен Дәуіттің құлап қалған үйін қайтадан тұрғызамын; оның жарылған жерлерін жөндеп, қираған қабырғаларын қаластырып, оны бұрынғы замандағыдай қалпына келтіремін.
Amos Kaz 9:12  Сонда олар Едом халқының тірі қалғандарына және Өзім меншігім болуға тағайындаған барлық басқа ұлттарға ие болады. — Осыны айтқан Мен, Жаратқан Ие, оны іске асырамын.
Amos Kaz 9:13  Сол кезде (өнімдеріңнің мол болатыны сонша,) астықты келесі жер жыртқан уақытқа дейін жинап, қамбаға құйып бітіре алмайтын боласыңдар. Әр жыл сайын жүзімдерің тез пісіп, артылып та қалатын болады. Жүзім шырыны таулардың беткейлерінен ағып, қыраттардан тамшылап түспек.
Amos Kaz 9:14  Мен халқым Исраилді тұтқыннан қайтарып, игілікке кенелтемін. Олар қаңырап қалған қалаларды қайта тұрғызып, сонда қоныстанатын болады, жүзімдіктер мен бау-бақшалар отырғызып, солардың шырынын ішіп, жемісін жейтін болады.
Amos Kaz 9:15  Осылай Мен халқымның тамырларын өз елінде терең жайдырамын. Олар Өзім табыстаған елден енді қайтып жұлынып тасталмайды. Мұны Мен, Құдайың Жаратқан Ие, уәде етемін».