Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
HOSEA
Up
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14
Chapter 1
Hose Kaz 1:1  Мұнда Яһуда еліне Ұзиях, Жотам, Ахаз және Езекия, әрі Солтүстік Исраилге Жоғас ұлы Еробоғам патшалық құрған кезеңдерде Жаратқан Иенің Бегери ұлы Ошияға арнаған сөздері берілген.
Hose Kaz 1:2  Жаратқан Ие хабарларын халыққа Ошия арқылы жеткізе бастағанда оған былай деді: «Барып, жеңіл жүрісті бір әйелді алып, оның жезөкшеліктен туған балаларын бауырыңа бас! Өйткені осы ел Жаратқан Иеге опасыздық жасап, азғындыққа салынып кетті!»
Hose Kaz 1:3  Содан Ошия Диблаим қызы Гомерді әйелдікке алды. Ол жүкті болып, Ошияға бір ұл туып берді.
Hose Kaz 1:4  Сонда Жаратқан Ие Ошияға тіл қатып былай деді: «Ұлыңның есімін Ізрел деп қой. Себебі тағы азғана уақыттан соң Мен Ехудің Ізрелде төккен қанына бола оның әулетіне назарымды аударып, оны жазалаймын және Солтүстік Исраилдің патшалығын құртып жоқ қыламын.
Hose Kaz 1:5  Сол кезде Ізрел аңғарында Солтүстік Исраилдің әскери күшін сындырылған садақ іспетті жоямын!»
Hose Kaz 1:6  Гомер қайтадан жүкті болып, қыз туды. Сонда Жаратқан Ие Ошияға тіл қатып былай деді: «Оның есімін Рақым-көрмеген» деп қой! Себебі бұдан былай Мен Солтүстік Исраилге рақым көрсетіп, оны кешіруімді доғарамын!
Hose Kaz 1:7  Бірақ Яһуда еліне рақым көрсетіп, оны құтқарып қаламын. Алайда оларды құтқаратын шайқастағы садақ, семсер, атты әскер емес, Өзім — олардың Құдайлары Жаратқан Ие боламын.
Hose Kaz 1:8  Қызы Рақым-көрмеген емшектен шығарылғаннан кейін Гомер тағы бір ұл туды.
Hose Kaz 1:9  Сонда Жаратқан Ие Ошияға былай деді: «Соның есімін Халқым-емес деп қой! Себебі енді сендер халқым емессіңдер, Мен де сендердің Құдайларың емеспін!»
Hose Kaz 1:10  Бірақ болашақта Исраил халқының саны теңіз жағалауындағы санаса сан жетпейтін құм түйіршіктеріндей қисапсыз көп болады. Оларға «халқым емессіңдер» делінген жердің өзінде олар енді «Мәңгі тірі Құдайдың рухани балалары» деп аталады.
Hose Kaz 1:11  Яһуданың және Исраилдің адамдары тағы да бірігіп, өздеріне бір басшыны тағайындап алады. Олар (жер аударылған) елден қайтып келеді. Себебі (халық өз елін қайтадан қоныстанатын) «Ізрел күні» ұлы күн болады!
Chapter 2
Hose Kaz 2:1  Сол кезде аға-інілеріңді «Өз-халқым», апа-қарындастарыңды «Рақым-көрген» деп атайсыңдар.
Hose Kaz 2:2  «Шешелеріңнің кінәсін әшкерелеп, оған ескертіңдер! Себебі ол енді Менің әйелім емес, Мен де оның күйеуі емеспін. Ол жеңіл жүрістінің бояуын бетінен сүртіп тастап, кеуделерін ашық көрсететін киімдерін шешіп, әдепті киінсін.
Hose Kaz 2:3  Әйтпесе Мен оны анадан жаңа туғандай етіп шешіндіремін де, иен даладай, қураған жердей қылып, шөлден қаталатып өлтіремін.
Hose Kaz 2:4  Оның жеңіл жүрістен туған балаларына да рақым көрсетпеймін.
Hose Kaz 2:5  Өйткені оларды туған шешелері неке адалдығын бұзып өте ұят қылық жасады. Ол: «Наным мен суымды, жүнім мен зығырымды, зәйтүн майым мен сусынымды беретін — өзімнің ашыналарым. Солардың соңынан жүрейінші!» дейтін еді.
Hose Kaz 2:6  Сондықтан Мен оның жүретін соқпақтарын тікенді бұталармен жауып бөгеймін. Жүретін жол таба алмасын деп оған қарсы дуал да тұрғызамын.
Hose Kaz 2:7  Ол ашыналарының соңына түсіп қуса да, жете алмайды, оларды іздесе де, таба алмайды. Сонда ол: «Мен бұрынғы Күйеуіме қайта оралайын. Сол кезде маған қазіргіден жақсы болған еді ғой!» деп ұйғарады.
Hose Kaz 2:8  Ал оған бидай, жүзім шырыны мен зәйтүн майын беріп, мол саф алтын мен күмісті жаудырған Мен екенімді мойындамады. Қайта, өзі соларды жалған тәңір Бағалға сый-тарту етті.
Hose Kaz 2:9  Сол себепті Мен мерзімінде пісетін өнімім мен мезгілінде дайын болатын жүзім шырынымды, әрі оның жалаңаш тәнін жабатын жүнім мен зығырымды сол опасыздан алып қоямын.
Hose Kaz 2:10  Сонда оны ашыналарының дәл көз алдында жалаңаштап абыройын төгемін, Менің қолымнан оны ешкім құтқарып ала алмайды.
Hose Kaz 2:11  Осылайша халықтың сауық-сайрандарын, жылдық мейрамдарын, айдың бірінші күнгі мейрамдарын және демалыс күндерін, яғни оның жиналып бас қосатын барлық мерекелерін доғарамын.
Hose Kaz 2:12  Халықтың: «Мынау менің ашыналарым берген сыйлықтар» дейтін жүзім бұталары мен інжір ағаштарын құртып, қалың тоғайға айналдырамын. Сонда жабайы аңдар олардың жемістерін жеп қояды.
Hose Kaz 2:13  Оның Бағалдың мүсіндеріне арнап хош иісті зат түтеткен, сырғалары мен алқаларын тағып жасанып, ашыналарына ерген, ал Өзімді ұмытқан күндеріне бола енді осы халыққа назар аударып, оны жазалаймын». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Hose Kaz 2:14  «Ал енді Мен оны еліктіріп, айдалаға алып шығып, жүрегіне жылы сөз айтамын.
Hose Kaz 2:15  Мен оған жүзімдіктерін қайтарып беремін. «Ахор (яғни Пәле) аңғары» ол үшін «Үмітке апаратын қақпа» іспетті болады. Сол жерде ол жастық шағындағыдай, Мысырдан шыққан кезіндегідей, ән-жыр шырқайтын болады».
Hose Kaz 2:16  Жаратқан Ие тағы былай дейді: «Сол күні сен Мені «Бағалым менің» деп емес, «Күйеуім менің» деп атайтын боласың.
Hose Kaz 2:17  Мен Бағал есімді жалған тәңірлердің аттарын халықтың аузынан алып тастап, олар соларды енді қайтып естеріне алмайтын болады.
Hose Kaz 2:18  Сол күні Мен даладағы жабайы аңдармен, әуедегі құстармен және жерде жорғалайтын хайуандармен халқыма нұқсан келтірмеулері жайлы келісім жасаймын. Мен соғыс, садақ, семсер атаулыны елден аластатып, жоқ қыламын. Сонда халқым ұйқыға алаңсыз жататын болады.
Hose Kaz 2:19  (Уа, халқым,) Мен сені Өзіме мәңгілікке атастырамын. Мен әділдік пен әділет, берік сүйіспеншілік пен рақымдылық танытып, сені Өзіме айттырамын.
Hose Kaz 2:20  Иә, сені Өзіме сенімділікпен әйелім етемін. Сонда сен Мені, Жаратқан Иені, мойындайтын боласың.
Hose Kaz 2:21  Сол күні Мен мінажаттарыңа жауап беремін, — деп уәде береді Жаратқан Ие. — Мен аспанға жауап беремін (де, бұлттар жіберемін), әрі аспан жерге жауап береді (де, жаңбыр жаудырады).
Hose Kaz 2:22  Жер бидай, жүзім бұтасы және зәйтүн ағаштарына жауап береді де, шөлдерін қандырады, ал олар «Ізрел!» («Құдай сеуіп отырғызады») деп жауап береді.
Hose Kaz 2:23  Сол кезде Мен халықты Өзім үшін елге сеуіп отырғызып, «Рақым-көрмегенге» рақым көрсетіп, «Халқым-еместі» енді «Өз-халқым» деп атаймын. Ал халық Маған: «Менің Құдайымсың!» дейтін болады!»
Chapter 3
Hose Kaz 3:1  Бұдан кейін Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді: «Бар, ашынасы бар, неке адалдығын бұзып келген әйеліңе қайтадан сүйіспеншілік көрсет. Дәл солай исраилдіктер бөтен тәңірлерге табынып, оларға мейіз бумаларын ұсынуды жақсы көрсе де, Мен, Жаратқан Ие, Исраил халқын әлі де сүйемін».
Hose Kaz 3:2  Сонда Мен он бес мысқал күміс пен бір жарым қап арпа төлеп, әйелімді Өзіме қайтарып алдым.
Hose Kaz 3:3  Оған былай дедім: «Сен ұзақ уақыт тек менімен бірге тұрасың. Енді ешкіммен ашыналық жасап, ешбір еркекпен жақындаспайсың. Мен де сенімен жақындаспаймын».
Hose Kaz 3:4  Бұл мына жайтты білдіреді: исраилдіктер ұзақ уақыт бойы өз патшасы мен әміршісінен ада болып, құрбандықсыз, бөтен тәңірге бағышталған тас бағанасыз, діни қызметкер киетін жеңсіз сырт киімсіз және жалған тәңірлердің бейнелерінсіз тұратын болады.
Hose Kaz 3:5  Содан соң исраилдіктер қайта оралып, өз Құдайлары Жаратқан Иеге және өз патшалары — Дәуіттің ұрпағына бет бұрып мойынсұнатын болады. Олар сол кейінгі заманда Жаратқан Иені дірілдеп терең қастерлеп алдына келіп, Оның өздеріне сыйлайтын игіліктерін қабылдайтын болады.
Chapter 4
Hose Kaz 4:1  Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар, уа, Исраил халқы! Ол осы елдің тұрғындарына қарсы дау көтермек: «Елде адалдық пен мейірімділік әрі Құдайды жақыннан тануға деген ниет жоқ.
Hose Kaz 4:2  Сендер қарғанып ант бергенмен алдайсыңдар, әрі кісі өлтіріп, ұрлап неке адалдығын бұзасыңдар. Халық адамгершіліктің шегінен асып кеткен, қан төгу қан төгумен ұдайы ұласқан.
Hose Kaz 4:3  Сол себепті бүкіл елді қайғы басып, барлық тұрғындары әлсіреп қалды. Тіпті даладағы аң, құс, балық атаулы да қырылып жатыр».
Hose Kaz 4:4  «Бірақ ешкім басқа біреуді айыптап, оған ұрыспасын, ей, діни қызметкерлер! Мен сендерге наразымын!
Hose Kaz 4:5  Сендер күндіз құлайсыңдар, қастарыңдағы жалған пайғамбарлармен бірге түнде де құлайсыңдар. Сондықтан Мен шешелеріңді (Исраил халқын) құртпақпын.
Hose Kaz 4:6  Осылай Менің халқым Өзімді шынайы білмегендіктен құриды. Сендер осы білімді қажетсіз деп санағандықтан, Мен де енді сендерді діни қызметкерлерім болуға қажетсіз деп санаймын. Өздерің Құдайларыңның Таурат заңын естеріңнен шығарғандарың үшін Мен де енді сендердің балаларыңды жарылқауды есімнен шығарамын.
Hose Kaz 4:7  Діни қызметкерлер көбейген сайын олар Маған қарсы күнә жасауларын да көбейте түседі. Мен олардың салтанаттарын масқарамен алмастырамын.
Hose Kaz 4:8  Халқым күнәларының құнын өтеу үшін құрбандықтар шалып, Маған ұсынғанда діни қызметкерлер соларды жеп қояды. Олар тіпті халықтың зұлымдық жасағандарынан ләззат табады!
Hose Kaz 4:9  Сонда халықпен қалай болса, діни қызметкерлермен де солай болады. Мен олардың екеуін де жүрген жолдарына бола жазалап, істеп келген істерінің есесін қайтарамын».
Hose Kaz 4:10  «Халық тамақ жесе де, тоймайды, (жалған тәңірлердің табыну орындарында) азғындық жасаса да, балалы болмайды. Себебі олар Жаратқан Иеден бас тартты.
Hose Kaz 4:11  Енді азғындық, шарап пен басқа да ішімдіктер олардың ақыл-санасын құртады.
Hose Kaz 4:12  Менің халқым ағаш дөңбектен жасалған жалған тәңірге жүгінеді, сәуегейлікке қолданылатын сол ағаш оларға «жауабын береді» екен! Жүгенсіздіктің рухы оларды адастырып, олар өздерінің Құдайынан бас тартып, азғындыққа салынды.
Hose Kaz 4:13  Халқым тау-төбелердің бастарында малдарын құрбандыққа шалып, саясы ыңғайлы деп емен, терек, пісте ағаштарының түбінде жалған тәңірлерге арнап хош иісті заттарды түтетеді. Сол себепті қыздарың жезөкшелікке салынып, келіншектерің неке адалдығын бұзады!
Hose Kaz 4:14  Ал Мен қыздарың мен келіншектеріңді сол үшін жазаламаймын. Өйткені еркектердің өздері жай жезөкшелерге де, жалған тәңірлерге бағышталған табыну орындарындағы жезөкшелерге де барады. Осылай жақсы мен жаманды айыра білгісі келмейтін халық құриды.
Hose Kaz 4:15  Уа, Солтүстік Исраил, сен өзің азғындыққа салынғанмен, Яһуда халқы да сондай күнә жасамасын! Не Ғылғалға, не Бет-Әбенге барып, жалған тәңірлерге табынбаңдар, Мәңгі тірі Жаратқан Иенің атымен ант та етпеңдер!
Hose Kaz 4:16  Исраил иесіне көнбейтін қыңыр сиыр сияқты болып келеді. Жуырда Жаратқан Ие халықты тоқтылар іспетті кең-байтақ далада жайылуға еркіне жібере ме?
Hose Kaz 4:17  Ефрем халқы жалған тәңірлерге үйір болып кетті, енді оны жайына қалдырыңдар!
Hose Kaz 4:18  Ішімдіктері бітсе де, олар азғындықтарын жалғастыра береді. Елдің билеушілері осындай масқара істерді қатты сүйеді.
Hose Kaz 4:19  Оларды құйын көтеріп алып кетпек. Сонда олар жалған тәңірлерге құрбандық шалып, ұсынғандарына ұялатын болады».
Chapter 5
Hose Kaz 5:1  «Мынаны тыңдаңдар, уа, діни қызметкерлер! Құлақ салыңдар, уа, Исраилдің билеушілері, мұқият тыңдаңдар, патшаның әулеті! Сендерге үкім шығарылады. Өйткені Миспа мен Табордағы табыну орындарында халықты тұзақ пен торға түсірдіңдер.
Hose Kaz 5:2  Бұл опасыздар азғындыққа әбден батты, енді Мен олардың бәріне тәлім беріп, жазаларын тартқызамын.
Hose Kaz 5:3  Ефрем руын білемін, бүкіл Исраил халқы да Менен жасырын емес. Себебі сен, Ефрем, азғындыққа салынып кеттің, содан Исраилдің бәрі арамданды.
Hose Kaz 5:4  Халықтың жасап жүрген зұлым істері өздерінің Құдайына қайтып келулеріне жол бермейді. Себебі оларды азғындықтың рухы билеп алды, әрі олар Жаратқан Иені мойындаған жоқ.
Hose Kaz 5:5  Исраилдің асқақтығы оның өзіне қарсы куәлік етеді. Исраилдіктер, соның ішінде Ефрем руы, өз зұлым істерінен сүрініп құлайды. Яһуда халқы да олармен бірге сүрініп құлайды.
Hose Kaz 5:6  Ұсақ және ірі қара малдарын айдап әкеліп, құрбандыққа шалып, Жаратқан Иеге қаншама дұға етсе де, Оны таба алмайды. Себебі Ол солардан алшақтап кетті.
Hose Kaz 5:7  Олар некесіз балалар туғызып, Жаратқан Иеге опасыздық жасады. Енді әр айдың алғашқы күні орындайтын діни рәсімдері олардың өздерін жер үлестерімен қоса жалмап жеп қояды.
Hose Kaz 5:8  Гибеяда керней тартып, Рамақта да дабыл қағыңдар! Бет-Әбенде: «Уа, Бунямин руы, саған ереміз!» деп атой салыңдар!
Hose Kaz 5:9  Жазаланатын күні Ефремнің жері қаңырап бос қалады! Мен болашақта ешбір шүбәсіз болатын жайттарды Исраил руларының арасында жариялап отырмын.
Hose Kaz 5:10  Яһуда билеушілерінің іс-әрекеттері жер үлестерінің межелерін құпия өзгерту сияқты сұмдық болып кетті. Сондықтан оларға қаһарымды тасқын судай жаудырамын.
Hose Kaz 5:11  Ефремнің халқы түкке тұрмайтын «тәңірсымақтың» жолын қууды қалағандықтан сотталып, қатты қысым көріп күйзелуде.
Hose Kaz 5:12  Сол себепті Мен Ефрем елін күйе сияқты, Яһуда елін көгертіп шіріткен зең сияқты құртамын.
Hose Kaz 5:13  Ефрем өз ауруын, Яһуда да өз жарасын байқап қалғанда, Ефрем Ассур еліне бет бұрып, оның ұлы патшасына елшілерін жіберді. Бірақ ол сендерді сауықтырып, жараларыңды жаза алмайды.
Hose Kaz 5:14  Себебі Мен Ефрем халқы үшін арыстан іспетті, Яһуда халқы үшін жас арыстан сияқты мейірімсіз боламын. Мен Өзім оларды паршалап жарып тастаймын да, орындарынан алып кетемін. Сонда оларды құтқаратын ешкімі болмайды.
Hose Kaz 5:15  Олар ауыр кінәларын мойындап, алдыма келіп еркімді сұрамайынша, Мен көктегі орныма қайтып кетемін».
Chapter 6
Hose Kaz 6:1  Азапталған күйлерінде олар Маған бет бұрып, өзара былай десетін болады: «Келіңдер, Жаратқан Иеге қайтадан мойынсұнайық! Ол бізді жарып, жарақаттап еді, енді жарамызды жазады. Ол бізді соққан еді, енді сол жерімізді таңады.
Hose Kaz 6:2  Екі күннен кейін Ол бізге жан бітіріп, үшінші күні қайта тұрғызады. Сонда біз Оның көз алдында өмір сүретін боламыз.
Hose Kaz 6:3  Ендеше Жаратқан Иені мойындап, Оны жақыннан танып білуге жан сала ұмтылайық! Ертеңгісін таң атпай қоймайтынындай, Жаратқан Иенің келуі де сондай шүбәсіз. Ол бізге игілікті нөсердей, жерді суға қандыратын көктемгі жаңбырдай сөзсіз келетін болады».
Hose Kaz 6:4  «Уа, Ефрем халқы, саған не істесем екен? Ал саған ше, Яһуда елі? Сендердің сенімді болуларың әрі кеткенде таңғы бұлт іспетті. Я болмаса, таң ата салысымен буға айналып кететін шық сияқты.
Hose Kaz 6:5  Сондықтан өз пайғамбарларым арқылы сендерді кескіленуге бұйырып, аузымнан шыққан сөздеріммен өлтірілуге соттадым. Шығарған үкімім атқан таңдай айқын болады.
Hose Kaz 6:6  Мен өздеріңнен құрбандық шалғандарыңнан гөрі берік мейірімділік көрсеткендеріңді қалаймын, құрбандықтардың етін өртеп ұсынғандарыңнан гөрі Мені, Құдайды, жақыннан танып сүйгендеріңді ұнатамын.
Hose Kaz 6:7  Бірақ сендер Адам (ата) сияқты Келісімімді бұзып, сөйтіп Маған опасыздық жасадыңдар.
Hose Kaz 6:8  Ғилақад та зұлымдық жасаушылардың қанға боялған қаласы!
Hose Kaz 6:9  Жолаушы адамды аңдып жататын қарақшылар сияқты, діни қызметкерлер бір тобыр болып Сихемге баратын жолда кісі өлтіріп, жексұрын қиянат жасады.
Hose Kaz 6:10  Исраил елінде жан түршіктіретін сұмдықты көрдім: Ефремнің халқы азғындыққа салынып, Исраил елі арамданып кеткен екен!
Hose Kaz 6:11  Уа, Яһуда елі, Мен саған да орақ маусымы іспетті жазаланатын мезгіліңді белгілеп қойдым!Мен халқым Исраилді тұтқында жүрген жерінен қайтарып әкелгім келеді.
Chapter 7
Hose Kaz 7:1  Бірақ оны осылай ауруынан сауықтырмақ болған кезімде Ефремнің күнәлары әшкереленеді, әрі Самарияның қылмыстары жария болады. Халықтың айналысатыны — алдамшылық, ұрылары үйлерге бұзып кіріп, қарақшылары көшеде адам тонайды.
Hose Kaz 7:2  Бірақ олардың істеген барлық зұлым іс-әрекеттерін есімде сақтайтынымды өздері ойламайды. Жаман қылықтары халықты қоршап алған, солары Менің көз алдымда.
Hose Kaz 7:3  Халық зұлымдық істеп патшаларын, жалғандық жасап әміршілерін мәз қылады.
Hose Kaz 7:4  Олардың барлығы да неке адалдығын бұзушылар! Қамырды илеген кезден бастап нан жабуға дайын болғанға дейін өшпей жанып тұратын тандыр сияқты, солардың барлығы да құмарлықтың отына күйіп-жануда.
Hose Kaz 7:5  «Патшамыздың құрметіне жасалған той!» деп әміршілер шараптың қызуына елігіп кеткенде, патша өркөкірек мазақтаушыларды қолдайды.
Hose Kaz 7:6  Олардың жан дүниелері пештей лаулайды, ойлағандары — қулық-сұмдық. Түні бойы ашу-ызалары сөнбей бықсып, таңертең жалындай лап ете қалады.
Hose Kaz 7:7  Бәрі де пеш сияқты өз билеушілерін жалмай береді. Патшаларының барлығы зорлықпен өлтірілді. Ал олардың ешқайсысы Менен көмек сұрамады.
Hose Kaz 7:8  Ефремнің халқы бөтен халықтармен араласып кетті. Ол төңкерілмеген, сондықтан бір жағы күйіп, екінші жағы шикі піскен нан сияқты болып қалды.
Hose Kaz 7:9  Бөгде адамдар оның қуатын жалмауда, бірақ ол соны білмейді. Оның басын ақ қырау шалған, бірақ ол соны да байқамайды.
Hose Kaz 7:10  Исраил өз асқақтығымен өзін әшкерелейді, бірақ олар бәрібір өздерінің Құдайы Жаратқан Иеге қайтпайды да, Оның еркін сұрамайды да.
Hose Kaz 7:11  Сондықтан Ефрем халқы көгершін сияқты аңғал да санасыз болып қалды. Олар біресе Мысырды шақырып, біресе Ассурға барып, қолдау сұрайды.
Hose Kaz 7:12  Ал Мен олар барған кезде үстеріне торымды тастаймын. Оларды аспанда ұшып жүретін құстар сияқты жерге түсіріп, жиындарында сөз болған қылықтарына сәйкес жазалап түзетемін.
Hose Kaz 7:13  Халық Менен адасып кеткендіктен қасіретке қалады! Олар Маған қарсы бас көтергендіктен енді апатқа душар болады! Оларды құтқарар да едім, бірақ олар Мен туралы өтірік айтып келеді.
Hose Kaz 7:14  Халық Маған шын жүректен жалбарынбайды. Оның орнына олар төсектерінде жатып еңіреп жылайды. Расында олар Менен алшақтап кетіп, жиындарында бидай мен жүзім мол болсын деп жалған тәңірден сиынып сұрайды.
Hose Kaz 7:15  Халыққа тәлім-тәрбие беріп, күшейткен Өзім едім, бірақ олар Маған қарсы зұлымдық ойластырады.
Hose Kaz 7:16  Халық Маған, Алла Тағалаға, емес, Бағалға бет бұрады. Содан да олар қисық садақ сияқты пайдаға аспайды. Елдің әміршілері тілдерінен шыққан ашулы сөздердің кесірінен семсерден өледі. Сол үшін олар Мысыр елінде жұрттың күлкісіне қалады».
Chapter 8
Hose Kaz 8:1  «Керней тартып дабыл қағуға дайындал! Жау бүркіт сияқты Жаратқан Иенің елінің үстінде ұшып жүр. Себебі олар Менің өздерімен жасаған Келісімімнен айнып, Таурат заңымды бұзып келеді.
Hose Kaz 8:2  Сонда да Солтүстік Исраил Мені шақырып: «Сен біздің Құдайымызсың, Сені мойындаймыз, (көмектесе гөр)!» — деп жалбарынады.
Hose Kaz 8:3  Ал Солтүстік Исраил ізгі нәрседен бас тартты, енді жау оны қуатын болады.
Hose Kaz 8:4  Халық өзіне патшаларын тағайындады, бірақ олары Менің еркіме сай емес. Олар билеушілерін де қойды, бірақ Мен бұларын құптаған жоқпын. Өздерінің алтын-күмісінен халық жалған тәңір мүсіндерін жасап алды, әйтсе де олар құрып кетеді.
Hose Kaz 8:5  Жас бұқа кейпінде жасалған жалған тәңірің әбден жек көрінішті, уа, Самария елі! Мен осы халыққа қатты қаһарланып отырмын. Қашан ғана олар зұлымдықтан арылып тазарар екен?
Hose Kaz 8:6  Сол тәңірсымақты Исраилдің өзі бір қолөнершіге жасатып алды. Сондықтан ол Құдай емес! Иә, Самарияның жас бұқа кейпіндегі жалған тәңірі күл-парша болып сындырылады!
Hose Kaz 8:7  Халықтың еккені жел еді, енді жинағандары құйын болады. Шыққан егіндерінің бастары — құр қауыз. Дән бола қалған күнде де бөтен елдіктер оны жалмап кетеді.
Hose Kaz 8:8  Солтүстік Исраилдің елін жау жалмап кетеді. Оның халқы басқа халықтардың арасында ұнамсыз ыдыс сияқты болып қалды.
Hose Kaz 8:9  Себебі олар жалғыз дара қаңғырып жүретін жабайы есек сияқты Ассурға барды. Ефрем елі өзіне «ашыналарды» (яғни арқа сүйейтін одақтастарды) жалдады.
Hose Kaz 8:10  Олар алым-салықтарымен жат халықтарды жалдап алған болса да, Мен Ефремнің халқын бәрібір бір жерге жинап, соттаймын. Олар қуатты патшаның езгісіне түсіп, азап шеге бастайды.
Hose Kaz 8:11  Ефрем халқы күнәнің құнын өтейтін құрбандықтар ұсынылатын үстелдерді көптеп орнатты, бірақ олары, керісінше, нағыз күнә жасайтын орындар болып кетті!
Hose Kaz 8:12  Мен халыққа Таурат заңымдағы ережелерді егжей-тегжейлі жазып бергенмен, олар соларды бір жат нәрсе деп санайды.
Hose Kaz 8:13  Халық Маған арнап малдарын құрбандыққа шалып, етін жесе де, Мен, Жаратқан Ие, соларына риза емеспін. Қайта, Мен халқымның істеген зұлымдықтарын есіме алып, оларды күнәлары үшін жазалаймын: халқым өздері бұрын құл болған Мысырға қайта оралатын болады!
Hose Kaz 8:14  Солтүстік Исраил өз Жаратушысын ұмытып, үлкен ғимараттар салды. Яһуда елі көптеген қалаларын қамалмен бекітті. Бірақ Мен олардың қалаларына от жіберемін. От солардағы қорғандарын өртеп жалмап қояды».
Chapter 9
Hose Kaz 9:1  Уа, Исраил, қуанба, басқа халықтардай шаттанба! Сен өз Құдайыңнан бас тартып, жалған тәңірлерге табынып азғындыққа салынып келесің. Астық бастыратын қырмандардың әрбірінде жезөкшелік жасап, соның ақысын жақсы көресің.
Hose Kaz 9:2  Бұдан былай астық қырмандары мен жүзім сыққыштары халықты асырамайтын болады. Олардың аламыз деген жүзім шырыны да болмай қалады.
Hose Kaz 9:3  Халық Жаратқан Иенің осы елінде қалмайды. Жоқ, Ефрем Мысырға қайта оралып, Ассур елінде де арам тамақты жейтін болады.
Hose Kaz 9:4  Халық енді Жаратқан Иеге сұйық тартуларын құйып ұсынбайды, Ол солардың құрбандықтарына да риза болмайды. Себебі бұл құрбандықтары адамы қайтыс болған үйдің тамағы сияқты арам болып саналады. Сол тамақты олар тек қарындарын тойдыру үшін ғана жейді, оның ешбір бөлігі Жаратқан Иенің киелі үйіне апарылмайды.
Hose Kaz 9:5  Сендерге белгіленген мейрам күндері не істейтін боласыңдар? Жаратқан Иенің (алдына баруларың керек) діни мереке күндерін қалайша атап өтпексіңдер?
Hose Kaz 9:6  Ассурдың талқандауынан бас сауғалап қашсаңдар да, сендерді Мысыр патшалығы жинап алып, құртады. Мәйіттерің сондағы Мемфис қаласында жерленбек. Күмістен жасалған бағалы заттарыңды арам шөп басып, шатырларыңда тікенек қаулап өсіп кететін болады.
Hose Kaz 9:7  Құдайдың жазалап, қарымтасын қайыратын күндері келіп қалды! Әй, Исраил халқы, осыны біліп қойыңдар! Күнәларыңның көп болғаны сонша, әрі өштесуіңнің де күшті болғаны сонша, сендер пайғамбарды ақымақ, Рухқа бөленген адамды жынды деп есептейсіңдер!
Hose Kaz 9:8  Пайғамбар Құдайдың Ефремге қойған күзетшісі болған еді. Ал пайғамбар қай жерге барса да, оның алдында құс аулаушынікіндей тұзақ құрылған. Тіпті өз Құдайының киелі үйіндегілер де оған қастық танытуда.
Hose Kaz 9:9  Исраил халқы Гибеяның кезіндегідей азғындыққа терең батып кетті. Құдай кінәларын есінен шығармай, оларды күнәлары үшін жазалайтын болады.
Hose Kaz 9:10  «Менің Исраилді тапқаным иен далада өсіп тұрған тәтті жүзімді табумен бірдей болды. Мен ата-бабаларыңа інжір ағашының алғашқы маусымында ерте піскен жемісіндей қарап, қатты ұнаттым. Бірақ олар Бағал-Пеғорға келгенде өздерін сондағы масқара тәңір мүсініне бағыштап, содан өздері жақсы көрген сол мүсін сияқты жиренішті болып кетті.
Hose Kaz 9:11  Ефрем елінің салтанаты құс сияқты пыр етіп ұшып кетеді! Себебі сендерде енді қайтып бала туылмайды, ешбір келіншек құрсақ көтеріп аяғы ауырламайды.
Hose Kaz 9:12  Ал егер асырайтын бала-шағасы бола қалса, Мен сендерді соларыңнан да айырамын, бірде-біреуін тірі қалдырмаймын. Мен Ефремнен түбегейлі бас тартқан кезімде халық нағыз қасіретке қалады!
Hose Kaz 9:13  Ефрем халқы Тир елі іспетті құнарлы көгалда өсіп тұр екен, соны көрдім. Бірақ болашақта ол өз балаларын оларды өлтіретін жаудың алдына шығаруға мәжбүр болады».
Hose Kaz 9:14  Уа, Жаратқан Ие, өз халқыңа нені беруіңді тілейін? Олардың әйелдерін бала туа алмайтын, бала туа қалса, сүті болмай, емізе алмайтын қыла гөр!
Hose Kaz 9:15  «Олардың зұлым істерінің барлығы Ғылғалда басталған, сол жерде Мен оларды жек көре бастадым. Істеген іс-әрекеттерінің сұмдық болғаны сонша, оларды өз үйімнен қуып шығамын. Мен халықты енді сүймеймін! Олардың әміршілерінің бәрі де — тура жолдан адасқан қыңырлар.
Hose Kaz 9:16  Ефрем халқы қатты соққы жеді. Тамырлары қурап қалған, олар енді жеміс бермейді. Бала туа қалған күнде де, Мен олардың құрсақтан шыққан қымбат нәрестелерін өлтіремін».
Hose Kaz 9:17  Олар Құдайыма мойынсұнбағандықтан, Ол халықты Өзінен аластатып тастайды. Содан олар басқа халықтардың арасында кезбе болып кетеді.
Chapter 10
Hose Kaz 10:1  Исраил жемісін беретін жайқалған жүзім бұтасына ұқсайды. Ал жемісі көбейген сайын халық құрбандық үстелдерін көптеп салады. Ел өркендеген сайын, халық жалған тәңірлерге арналған киелі бағаналарды өрнектеп әшекейлеп отыр.
Hose Kaz 10:2  Бұлардың кінәсі — екіжүзділігі. Жаратқан Ие олардың құрбандық үстелдерін қиратып, киелі бағаналарын талқандамақ.
Hose Kaz 10:3  Содан соң Исраил халқы: «Біз Жаратқан Иені құрметтемеген едік, содан біздің патшамыз жоқ. Бірақ патшамыз болған күнде де, ол біз үшін не істей алар еді?» — дейтін болады.
Hose Kaz 10:4  Ал олардың айтатыны жай сөздер ғана, келісім жасағанда беретін анттары құр өтірік. Сондықтан оларға тағылатын айып өңделіп жыртылған жерде қаулап өсетін арам шөп сияқты болмақ.
Hose Kaz 10:5  Самарияның тұрғындары Бет-Әбенде орналасқан жас бұқа мүсіні туралы уайымдайтын болады. Бүкіл халық оны жоқтап қайғырып, осы жалған тәңірдің діни қызметкерлері оның бұрынғы салтанатын ойлап еңіреп жылайтын болады. Себебі сол мүсін де жау еліне әкетіледі.
Hose Kaz 10:6  Мүсін Ассурдың ұлы патшасына арналған алым-салық ретінде оның еліне жіберіледі. Ефрем халқы масқара болып, бүкіл Исраил елі өзінің ағаш тәңірлері үшін ұялатын болады.
Hose Kaz 10:7  Самария жойылады, оның патшасы су бетінде жүзіп жүрген бұтақша іспетті ғайып болады.
Hose Kaz 10:8  Исраилдің күнәға батқан жері — Бет-Әбендегі табыну орындары қиратылмақ. Осы биіктеу жерлердегі құрбандық үстелдерінде тікенді бұта мен ошаған қаулап өсетін болады. Сол кезде адамдар тауларға: «Бізді басып, жасырып тастаңдар!» әрі төбелерге: «Үстімізге құлап түсіңдер!» — деп жалынатын болады.
Hose Kaz 10:9  «Уа, Исраил! Сен Гибеяда азғындыққа батқан кезіңнен бастап күнә жасап келесің! Қазір де дәл сол қалыптасың. Гибеяда зұлымдық жасаған сол адамдарды соғыс баудай түсірді емес пе?
Hose Kaz 10:10  Мен қалаған кезімде осы халықты жазалаймын. Халық көптеп жасаған ауыр күнәлары үшін шынжырлармен байланып жер аударылады. Сонда барша халықтар оларға қарсы жиналатын болады.
Hose Kaz 10:11  Ефрем — астық басуға үйретілген, сол жұмысты ұнататын жас сиыр сияқты. Ал енді Мен Ефремнің күшті мойнына мойынтұрық салып, оны жер айдауға жұмсаймын. Яһуда да жер жыртатын болады, Жақыптың күллі ұрпақтары бұдан кейін егістікті малалайды.
Hose Kaz 10:12  Өз өмірлеріңдегі «тың жерлеріңді жыртыңдар, әділдіктің дәнін себіңдер»! Солай берік мейірімнің «жемісін» жинап аласыңдар. Себебі осы кез — Маған, Жаратқан Иелеріңе, бет бұрып, мойынсұнатын уақыт! Сонда Мен сендерге келіп, кешірім беріп, ақталуды жаңбырдай жаудырамын.
Hose Kaz 10:13  Ал сендер зұлымдықты «септіңдер», одан «шыққан өнім» — әділетсіздік, ал «жеген жемістерің» — өтіріктеріңнің нәтижесі болды. Өз күш-қуаттарыңа, әскери күштеріңнің молдығына сенім арттыңдар.
Hose Kaz 10:14  Сол себепті халқыңа бір зор апат төніп, барлық қамалдарың қиратылады. Бұл, Салман Бет-Арбелді қиратқан шайқас күніндей болады. Сонда аналар балаларымен бірге ұрылып өлтірілген еді.
Hose Kaz 10:15  Орасан зор зұлымдығың үшін саған да дәл осы нәрсе істелінеді, уа, Бетел қаласы!
Chapter 11
Hose Kaz 11:1  Исраилдің патшасы сол күнгі таңда мүлдем құриды!»«Исраил әлі де жас болғанда оны сүйетін едім, Мен рухани ұлымды Мысырдан шақырып алдым.
Hose Kaz 11:2  Бірақ Мен халықты Өзіме неғұрлым шақырған сайын олар соғұрлым қасымнан алшақтай берді. Олар Бағалдың бейнелеріне арнап құрбандық шалып ұсынып, сол мүсіндердің құрметіне хош иісті заттарды түтетіп жүрді.
Hose Kaz 11:3  Ал Ефремді қолынан жетелеп, аяғын тәй-тәй басып жүруді үйреткен Өзім болатынмын. Өздерін сауықтырған да Мен екенімді халық мойындағылары келмеді.
Hose Kaz 11:4  Мен оларды ыңғайлы ноқтамен, сүйіспеншіліктің арқанымен жетелеп жүрдім. Мойынтұрықтарын мойындарынан шешіп алып тастап, оларды тамақтандыру үшін еңкейетін де едім.
Hose Kaz 11:5  Маған қайта оралудан бас тартқан соң, халық енді Мысыр еліне қайта оралмай ма? Ассур оларға патшалық құрмай ма?
Hose Kaz 11:6  Сол кезде олардың қалаларында семсерлер жарқылдап, қақпаларының ысырмаларын сындырады. Зұлым ой-ниеттері үшін оларды жалмап құртады.
Hose Kaz 11:7  Өз халқым Менен теріс бұрылуға бейім. Олар (Бағалға) биіктеу жерлерде қаншама сиынғанмен, ол соларды (мүшкіл жағдайларынан) еш шығармайды».
Hose Kaz 11:8  «Мен сені қалайша тастап кетемін, уа, Ефрем? Сені қалайша ұстап беремін, уа, Исраил? Мен сені қалайша Адмадай тастап, Себоимдей ойрандаймын? Жүрегімде ниетім өзгеріп, аяушылығым арта түсті.
Hose Kaz 11:9  Сонда Мен лаулаған қаһарымды жүзеге асырмаймын, Ефремді қайтадан құртпаймын. Себебі Мен пенде емес, Құдаймын. Араларыңда тұратын Киелі Құдаймын. Сол кезде сендерге ашу-ызамен келмеймін.
Hose Kaz 11:10  Халық Менің соңымнан еріп, Мен, Жаратқан Ие, арыстандай ақыратын боламын. Мен ақырғанда, балаларым батыс жақтан дірілдеп қайтып келеді.
Hose Kaz 11:11  Олар Мысыр елінен құстай болып, Ассур елінен де көгершіндей болып дірілдеп қайтып келеді. Мен халқымды үйлеріне қайтадан орналастырамын!» — деп уәде береді Жаратқан Ие.
Hose Kaz 11:12  Ефрем халқы мені жалған сөздермен қоршап, Исраил халқы өтірікпен қамап жатыр. Яһуда халқы әлі де Құдайдан, Киелі Жасаған Иеден, тайып өз бетімен жүр.
Chapter 12
Hose Kaz 12:1  Ефрем халқы желмен тамақтанатын сияқты. Олар күні бойы шығыстан соғатын желді қуып, өтірік пен зорлықты көбейтеді. Олар Ассур патшалығымен одақтасып, Мысырдан да қолдау көру үшін сол елге зәйтүн майын тасып апарады.
Hose Kaz 12:2  Жаратқан Ие Яһуданы да айыптамақ. Ол Жақыптың үрім-бұтағын жүрген жолдары үшін жазалап, істеген істерінің есесін қайтармақ.
Hose Kaz 12:3  Түп атасы Жақып ана құрсағында жатқанда-ақ егіз сыңарының өкшесінен ұстап алып, оны алдап соқты. Ер жеткенде ол Құдаймен күресті.
Hose Kaz 12:4  Сол кезде Жақып Құдайдың періштесімен күресіп, үстем болды, әрі періштеден ақ бата беруін жылап өтінді. Осылайша ол Бетелде Құдаймен кездесіп, тілдесті,
Hose Kaz 12:5  Жаратқан Иемен, Әлемнің Әміршісі Құдаймен! Оның «Жаратқан Ие» деген аты әлемге кең танымал.
Hose Kaz 12:6  Өзің де Құдайға қайта оралып, берік сүйіспеншілік пен әділдікті сақта! Әрқашан өз Құдайыңа үмітіңді арт!
Hose Kaz 12:7  Ал саудагерлердің таразылары дұрыс емес, олар алдамшылықты ұнатады.
Hose Kaz 12:8  Ефрем: «Мен байыдым, барлығын да өзім таптым! Істегенімнің бәрінен ешкім күнә дейтіндей бірде-бір бұрыс іс таба алмайды!» — деп мақтанып жүр.
Hose Kaz 12:9  «Бірақ Мен өзіңді Мысыр елінен шығарған Құдайың Жаратқан Иемін. Бұрын айдалада Менімен кездескен кезіңдегідей, Мен сені қайтадан шатырларға қоныстандырамын.
Hose Kaz 12:10  Мен пайғамбарларға тіл қатып, көп рет аян бердім, әрі олар арқылы астарлы сөздерімді айтып халқыма ескерттім».
Hose Kaz 12:11  Ғилақадтың халқы зұлымдық жасаса, олар құрып кетеді. Ғылғалда да халық құрбандыққа мүйізді ірі қара мал шалып келеді. Расында олардың құрбандық үстелдері өңделіп жыртылған егістіктің шетіндегі тас үйінділері сияқты тізіліп тұр.
Hose Kaz 12:12  Ежелде Жақып Солтүстік Месопотамия еліне қашып барған болатын. Исраил деп те аталған Жақып сол жерде әйелі үшін қызмет етіп, мал бақты.
Hose Kaz 12:13  Кейін Жаратқан Ие Исраилдің үрім-бұтағын бір пайғамбары арқылы Мысырдан алып шығып, сол пайғамбары арқылы аман сақтап жүрді.
Hose Kaz 12:14  Бірақ Ефрем Жаратқан Иені қатты ашуландырды, сол себепті Ол Ефремді қылмыстары үшін жазалап, істеген барлық масқара қылықтарының қарымтасын қайтарады.
Chapter 13
Hose Kaz 13:1  Өткен замандарда Ефрем тіл қатқанда адамдар қалтырап оның айбатынан сескенетін. Исраилде осы рудың мерейі үстем болатын. Бірақ кейін ол жалған тәңір Бағалға табынып кінәлі болды, мұның соңы өлімге апарып соқты.
Hose Kaz 13:2  Ал енді олар күнәға бұрынғыдан бетер батып, өздеріне жалған тәңір мүсінін жасатып алды. Бұл мүсіндерді қолөнершілер шеберлікпен күмістен құйды. Осы жас бұқа мүсіндеріне арнап құрбандық шалғандарға: «Оларды өбіп сүйіңдер!» — дейді.
Hose Kaz 13:3  Сондықтан олар тез сейілетін таңғы тұман не тез кебетін шық сияқты, әрі қырманнан жел айдап ұшыратын кебек не үйдің мұржасынан шығатын түтін сияқты лезде ғайып болады.
Hose Kaz 13:4  Бірақ Мен сендерді Мысыр елінен алып шыққан Құдайларың Жаратқан Иемін. Өзімнен басқа ештеңені Құдай деп танымаңдар! Менен өзге ешбір құтқарушы жоқ.
Hose Kaz 13:5  Мен сендерге иен далада, қуаңшылық жайлаған елде қамқорлық жасадым.
Hose Kaz 13:6  Халық жақсы жайылымға қоныстанғанда қарындары тоқ болды. Қарны тойынған кезде олар асқақтап, Мені естерінен шығарды.
Hose Kaz 13:7  Сондықтан Мен оларға арыстан сияқты тап беріп, қабылан сияқты жүрер жолын аңдып, шабуыл жасаймын.
Hose Kaz 13:8  Оларға қонжықтарынан айырылған ұрғашы аюдай бас саламын да, кеуделерін жарып тастаймын. Оларды арыстандай жалмап, жыртқыш аңдай жыртамын.
Hose Kaz 13:9  «Өзіңді-өзің құрттың, уа, Исраил! Сен өзіңе көмек беретін Маған қарсысың!
Hose Kaz 13:10  Сенің патшаң қайда екен? Ол сені күллі қалаларыңда құтқарып алсын! «Маған патша мен әміршілер бер!» деген едің. Енді сол билеушілерің қайда жүр?
Hose Kaz 13:11  Сол себепті Мен ашуланып тұрып, сендерге бір патшаны тағайындадым. Ал кейін қаһарланып, оны сендерден алып тастадым.
Hose Kaz 13:12  Ефрем халқының зұлым істері жинаулы тұр, олардың күнәларының бәрі де жазулы.
Hose Kaz 13:13  Халық анасы толғақ азабын тарта бастаса да, құрсақтан шыққысы келмейтін түйсіксіз сәбиге ұқсайды.
Hose Kaz 13:14  Мен оларды о дүниенің билігінен босатып, өлімнен құтқарып аламын ба? (Жоқ, солай істемеймін.) Өлім, қайда улы тісің? О дүние, қайда сенің жеңісің? Мен еш аяушылық көрсетпеймін».
Hose Kaz 13:15  Ефрем бауырлас руларының арасында жайқалып өсіп-өнетін. Ал енді Жаратқан Ие шөл даладан шығыстың аптап желін жібереді. Сонда Ефремнің бұлағы құрғап, су көзі тартылып қалады. Ефрем қазына қоймасындағы құнды заттарының барлығынан айырылады.
Chapter 14
Hose Kaz 14:1  Құдайына мойынсұнбай қарсы шыққандары үшін Самарияның халқы кінәларының кесірінен жазаланатын болады. Олар семсерден өледі. Жас балаларын жау жерге соғып өлтіріп, жүкті әйелдерінің іштерін жарады.
Hose Kaz 14:2  Уа, Исраил халқы, өз Құдайың Жаратқан Иеге қайта орал! Осылай күйрегеніңе өз күнәларың себепші болды.
Hose Kaz 14:3  Кінәларыңды мойындайтын сөздер айтып, Жаратқан Иеге қайтып келіңдер! Оған былай деңдер:— Барлық күнәларымызды кешіріп, бізді рақыммен қабылдай гөр! Саған аузымызбен мадақтау айтып, соны сый-тарту ретінде ұсынбақпыз.
Hose Kaz 14:4  Ассур бізді құтқара алмайды, біз атқа мініп, өз күшімізге де сенім артпаймыз. Бұдан былай өз қолымызбен жасаған бұйымға: «Біздің тәңіріміз!» деп табынбаймыз. Сенен ғана, уа, Жаратқан Ие, жетімдер рақым табады.
Hose Kaz 14:5  — Мен оларды опасыз мінездерінен сауықтырып, өз мейіріміме сәйкес жақсы көремін. Себебі оларға деген қаһарым қайтты.
Hose Kaz 14:6  Мен Исраилді жерге түскен шықтай сергітетін боламын. Сонда Исраил лалагүлдей жайнайды, әрі Ливан тауындағы самырсын ағаштарындай тамырларын тереңге жібереді.
Hose Kaz 14:7  Исраилдің жас өркендері кең жайылып өседі. Ол зәйтүн ағашындай көрікті, ал хош иісі Ливан самырсынының жұпарындай болады.
Hose Kaz 14:8  Халқым қайтып келіп, саямда тыныстап, дәнді дақылдай бітік өсіп, жүзім бұтасындай гүлдейді. Сонда атағы жайылып, Ливан шарабындай кең танымал болады.
Hose Kaz 14:9  Ефрем сонда:— Қойшы сол жалған тәңірлерді! — деп айтпақ. (Ал Мен мынадай жауап беремін:)— Мен сені естіп, назарымда ұстаймын.— Мен жайқалған арша ағашы сияқтымын.— Сенің жеміс беруің Менің жарылқауыммен.
Hose Kaz 14:10  Кім бұларды ұғынатындай дана болады? Кімнің түсінігі бар болса, соларға көз жеткізеді. Жаратқан Иенің көрсеткен жолдары түзу, әділдер олармен жүретін болады, ал Иемізге қарсы бас көтергендер соларда сүрініп құлайды.