Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
HEBREWS
Up
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13
Chapter 1
Hebr Kaz 1:1  Өткен заманда Құдай әлденеше рет түрлі жолдармен өз хабарын ата-бабаларымызға пайғамбарлар арқылы жеткізіп отырған.
Hebr Kaz 1:2  Ал осы соңғы заманда Ол бізге хабарын Өзінің рухани Ұлын жіберіп жеткізді. Құдай Сол арқылы әлемді жаратып, Оны барлығының иесі етіп тағайындады.
Hebr Kaz 1:3  Одан Құдайдың салтанатты ұлылығы жарқырап көрінеді: Ол — Құдайдың болмысының дәлме-дәл сипаты. Ұл бүкіл әлемді құдіретті сөзімен қолдап ұстап тұр. Өзінің құрбандық өлімі арқылы күнәдан тазару жолын ашып бергеннен кейін, Ол көктегі Ұлылық Иесіне (яғни Құдай Әкеге) барып, Оның оң жағындағы ең құрметті орынға жайғасты.
Hebr Kaz 1:4  Сонымен, рухани Ұлдың иемденген Атағы періштелердікінен қаншама жоғары болса, Оның жолы да олардікінен соншама үлкен.
Hebr Kaz 1:5  Себебі Құдай періштелердің ешқайсысына да былай деп айтқан емес: «Рухани Ұлымсың, Мен бүгінгі күн Әке болдым Саған». Және: «Мен Оған Әке боламын, ал Ол Менің рухани Ұлым болады».
Hebr Kaz 1:6  Құдай осы дүниеге жолы бәрінен де үлкен рухани Ұлын жібергенде, Ол туралы мынадай сөздер айтты: «Жаратқан Иенің бар періштелері де Оған тағзым етсін!» —
Hebr Kaz 1:7  Періштелер жайлы (Забурда) мына тәрізді сөздер айтылған: Ол желдей етеді періштелерін, от жалынындай да өз нөкерлерін.
Hebr Kaz 1:8  Ал Ұл туралы былай делінген:«Сенің тағың, о, Құдай, сақталады мәңгілік,Патшалығыңа жүргізесің әділ билік.
Hebr Kaz 1:9  Заңсыздықты жек көріп, әділдікті сүйесің,Сондықтан да Құдай, өз Құдайың Сенің,Өзіңді тағайындап, сыйлады СағанСеріктеріңнен гөрі шаттықты молынан».
Hebr Kaz 1:10  Ол туралы тағы мынадай сөздер де айтылған:Ием, жердің негізін салғансың әуел баста,Құдіретіңмен жараттың аспанды да.
Hebr Kaz 1:11  Олар құриды, Сен боласың әр уақытта,Киімдей тозады олардың барлығы да,
Hebr Kaz 1:12  Сен соларды көйлектей ауыстырасың,Шапандай бүктеп алып та қоясың.Ал Өзің өзгермей қалатын боласың,Еш таусылмайды Сенің жасар жылдарың.
Hebr Kaz 1:13  Ал енді, Құдай қай кезде қай періштеге: «Мен жауларыңды табаныңның астына салып бергенімше отыр оң жағымда!» — деп айтқан еді?
Hebr Kaz 1:14  Періште атаулы — қызмет көрсететін рухтар ғана, солай емес пе? Жаратқан Ие оларды мәңгілік құтқарылуға ие болатын адамдарға қызмет етуге жібереді.
Chapter 2
Hebr Kaz 2:1  Сол себепті біз беттеген бағытымыздан ауытқып кетпеуіміз үшін Мәсіх туралы естігендерімізге мықтап ден қоюымыз керек.
Hebr Kaz 2:2  Құдайдың періштелер арқылы (Мұсаға) жеткізген Таурат заңын халықтың бәрі берік ұстануға міндетті болды. Кім оның ережелерін бұзып, бағынбаса, сол әділ жазасын тартты. Бұл осылай болған күнде,
Hebr Kaz 2:3  егер біз сондай керемет құтқарылуды елемесек, онда жазадан қалайша құтылмақпыз? Осы құтқарылуды алғашқыда Иеміздің Өзі паш еткен еді. Оны өз құлақтарымен естіген куәгерлер кейін соған біздің де көзімізді жеткізді.
Hebr Kaz 2:4  Құдай Өзінің құдіретін көрсетіп, түрлі таңғаларлық кереметтер мен ғажайып істер жасау арқылы және Киелі Рухтың өз еркіне сай әркімге үлестіріп берген түрлі рухани дарындары арқылы да осы Ізгі хабарды растады.
Hebr Kaz 2:5  Біз айтып отырған болашақ әлемді Құдай періштелердің қол астына тапсырған емес.
Hebr Kaz 2:6  Қайта, Киелі жазбалардың бір жерінде осы туралы біреу мынаны байыппен айтқан ғой:«Өзің ескеретіндей адам сонша кім?Сен қамқорлайтындай адам баласы кім?
Hebr Kaz 2:7  Оны періштелерден сәл төмен қойдың,Құрмет, салтанатты оған тәждей сыйладың,
Hebr Kaz 2:8  Бәрін де оған бағындырып бердің».Құдай адам баласына бәрін де бағындырып берген кезде оған бағындырмаған еш нәрсені қалдырған жоқ. Алайда біз бәрінің де адам баласына бағынғандығын қазір көре алмаймыз.
Hebr Kaz 2:9  Бірақ Исаның азапты өлім шеккені үшін Патша ретінде ғаламат салтанат пен құрметке бөленгенін көреміз. Ол біраз уақыт періштелерден төмен болып, Құдайдың рақымының арқасында күллі адамзат үшін жанын қиды.
Hebr Kaz 2:10  Тәңір Ие көптеген адамдарды күнәдан құтқарып, Өзінің рухани балалары етіп құрметке бөледі; ал оларға құтқарылу жолын салған Мәсіхті азап шегуі арқылы кемелді Бастаушы етті. Бүкіл әлемді Өзі үшін жаратқан Құдайға осы лайық еді.
Hebr Kaz 2:11  Адамдарды Оған бағыштаған Мәсіх те, сол адамдар да бір Әкеден тарайды. Сондықтан да Мәсіх оларды бауырларым деп атаудан ұялмайды.
Hebr Kaz 2:12  Ол алдын ала былай деген: «Атыңды бауырларыма білдіремін, қауым жиынында Сені дәріптеймін». — Ол тағы мынадай сөздер де айтқан:
Hebr Kaz 2:13  «Мен Оған сенімімді арта беремін» және «Міне, Мен және Жаратқан Ие Маған сыйлаған (рухани) балалар мұндамыз!»
Hebr Kaz 2:14  Тәңір Иенің рухани балалары ет пен сүйектен жаралғандықтан, Иса да ет пен сүйектен тұратын тәнді қабылдады. Осылайша Ол Өзінің құрбандық өлімі арқылы өлімнің әміршісін, яғни әзәзіл шайтанды, жеңіп шықты,
Hebr Kaz 2:15  әрі өмір бойы өлімнен қорқып, шайтанның құлы болып жүрген адамдарды азат етті.
Hebr Kaz 2:16  Себебі Мәсіх періштелердің емес, Ыбырайымның ұрпақтарының қамын ойлайды.
Hebr Kaz 2:17  Сондықтан Ол барлық жағынан бауырластарына ұқсас болуға тиіс еді. Осылай Мәсіх Құдайға қызмет ететін қайырымды да адал Бас діни қызметкер болып, өз жанын халқының күнәларының құнын өтеу үшін құрбандыққа қиды.
Hebr Kaz 2:18  Өзі азап шегіп ауыр сынаққа төзген Ол сынақтан өтіп жатқан бізге де көмектесе алады.
Chapter 3
Hebr Kaz 3:1  Бұл солай болғандықтан, қымбатты бауырластарым, әрі көктегі Құдай сендерді Өзіне бағыштап, қасиетті болуға басқалармен бірге шақырғандықтан, Мәсіх Исаға берік ден қойыңдар: Ол — Құдайдың Елшісі және Бас діни қызметкері. Оған сенім артқанымызды ашық мойындаймыз.
Hebr Kaz 3:2  Мұса пайғамбар Құдайдың бүкіл үйіндегі қызметін адал атқарғанындай, Иса да Өзін тағайындаған Құдайға адал болды.
Hebr Kaz 3:3  Ал салынған үйден гөрі үй салушы көбірек құрметке лайық, сол сияқты Иса да Мұсаға қарағанда әлдеқайда зор құрметке ие.
Hebr Kaz 3:4  Әрбір үйдің салушысы бар, ал бәрінің де Жаратушысы — Құдай. (Сондықтан да Оның рухани Ұлы Мәсіх Мұсадан анағұрлым мәртебелі!)
Hebr Kaz 3:5  Мұса Құдайдың бүкіл үйінде адал қызметшісі болып, Оның кейін жариялайтын хабарына меңзеп, ол туралы алдын ала айтып кетті.
Hebr Kaz 3:6  Ал Мәсіх Құдайдың рухани Ұлы ретінде Оның үйін (яғни Құдайдың халқын) адал басқарады. Егер (Мәсіхке деген) нық сенімімізді және мақтан тұтып келген үмітімізді берік ұстансақ, біз Соның рухани үйіміз.
Hebr Kaz 3:7  Сондықтан Киелі Рухтың мынадай айтқандарына мән беріңдер:Бүгін сендер Оның даусын естігенде,
Hebr Kaz 3:8  Ежелде айдалада сыналған кездеБас көтергендердің істегендері секілдіҚасарыстырмаңдар енді жүректеріңді!
Hebr Kaz 3:9  (Тәңір Ие олар туралы былай деген еді:)Қырық жыл ата-бабаларың сол жердеКөріп жүрсе де керемет істерімді,Еркінсіп сынай берді төзімімді.
Hebr Kaz 3:10  Бұл ұрпаққа сол себепті ашуландым,Сонымен былай деп қорыттым:Жүрек қалаулары теріс бағыттағыОлар тағылымымды қабылдамады!
Hebr Kaz 3:11  Қаһарланып ант еттім Мен сондықтан:Тыныштық сыйлау үшін Мен дайындағанЕлге кірмейді олар енді ешқашан!
Hebr Kaz 3:12  Бауырластар, сақ болыңдар: ешқайсың жүректеріңді қасарыстырып сенбейтін болмаңдар, мәңгі тірі Құдайдан безіп кетіп жүрмеңдер!
Hebr Kaz 3:13  Қайта, бірде-біреуің күнәнің кесірінен алданып, қасарысып кетпеу үшін, әлі де «бүгін» деген мерзім бітпей тұрғанда, күн сайын өзара дем берісіп отырыңдар!
Hebr Kaz 3:14  Алғашқы сенімімізді аяғына дейін берік ұстанғанда ғана Мәсіхпен тығыз байланыста болып, бірге қызмет етеміз.
Hebr Kaz 3:15  Жоғарыда айтылғандай, «Бүгін сендер Оның даусын естігенде, бас көтергендердің істегендері секілді қасарыстырмаңдар енді жүректеріңді!»
Hebr Kaz 3:16  Жаратқан Иенің даусын естісе де, Оған қарсы бас көтергендер кімдер? Олар Мұса пайғамбардың соңынан еріп Мысыр елінен көшіп шыққандардың бәрі емес пе еді?
Hebr Kaz 3:17  Ал Құдай қырық жыл бойы кімдерге ашуланды? Олар күнә жасағандықтан айдалада жүргенде өліп, жерленген ата-бабаларымыз емес пе еді?
Hebr Kaz 3:18  Құдай кімдер туралы «Тыныштық сыйлау үшін Мен дайындаған елге кірмейді олар енді ешқашан!» деп ант еткен болатын? Оған мойынсұнбаған ата-бабаларымыз туралы емес пе еді?
Hebr Kaz 3:19  Сонымен олардың Тәңір Иеге сенбегендіктеріне бола сол елге кіре алмағанын көреміз.
Chapter 4
Hebr Kaz 4:1  Құдайдың шынайы тыныштық сыйлайтын елге кіргізу жайлы уәдесі әлі де күшінде. Сол себепті бірде-біреуіңнің осы мүмкіндікті жіберіп алмауларың үшін сақ болайық!
Hebr Kaz 4:2  Ата-бабаларымыз сияқты біз де Құдайдың сыйлайтын тыныштығы туралы уәдесін естідік. Олар бұл хабарды сеніммен қабылдамай, тек естіп қана қоя салғандықтан, оның пайдасын көрмеді.
Hebr Kaz 4:3  Ал сенімімізді Мәсіхке артқан біздер уәде етілген тыныштықты иемденеміз.Рас, Тәңір Ие былай деген болатын: «Қаһарланып ант еттім сондықтан: Тыныштық сыйлау үшін Мен дайындаған елге кірмейді олар енді ешқашан!» Ал Тәңір Иенің өз жұмысы әлемді жаратып болған кезде-ақ тамамдалған еді ғой.
Hebr Kaz 4:4  Киелі жазбалардың бір жерінде жаратылыстың жетінші күні туралы былай делінген: «Құдай жүргізген жарату жұмысының бәрін жетінші күні аяқтап, демалды».
Hebr Kaz 4:5  Алайда Құдай (жоғарыда келтірілген аяттарда) былай деген: «Тыныштық сыйлау үшін Мен дайындаған елге кірмейді олар енді ешқашан!»
Hebr Kaz 4:6  Демек, ежелде Ізгі хабарды естіген ата-бабаларымыз Құдайға бағынбағандықтан сол тыныштыққа кіре алмады. Ал өзге кейбіреулер үшін кіру мүмкіндігі әлі де сақтаулы.
Hebr Kaz 4:7  Сол себепті Құдай кейін басқа бір күнді белгіледі, ол күн — «бүгін». Көп уақыт өткен соң Ол бұл туралы Дәуіт пайғамбар арқылы былай деді: «Бүгін сендер Оның даусын естігенде, қасарыстырмаңдар енді жүректеріңді!»
Hebr Kaz 4:8  Егер кезінде Ешуа пайғамбар халықты Құдай дайындап қойған шынайы тыныштыққа жеткізген болса, онда кейінірек тыныштық сыйланатын басқа бір күн туралы сөз болмас та еді.
Hebr Kaz 4:9  Мұның бәрі осылай болғандықтан, Құдайдың Өзі жетінші күні демалып тыныққаны сияқты, Оның халқы үшін де шынайы тыныштыққа жету мүмкіндігі әлі де бар.
Hebr Kaz 4:10  Құдайдың жарату жұмысын тамамдаған соң тынығып демалғанындай, Оның дайындап қойған шынайы тыныштығына ие болған әркім де өз бетімен еңбектенуін доғарып, тынығады.
Hebr Kaz 4:11  Сондықтан ешқайсымыз ата-бабаларымыз сияқты бағынбаушылыққа бола сол тыныштықтан құр қалмау үшін оны иемденуге жан сала ұмтылайық!
Hebr Kaz 4:12  Себебі Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті. Ол екі жүзді семсердің қайсысынан да өткір! Құдайдың сөзі бойымызға терең еніп, жан мен рухты айырып, буын мен жұлынға жеткен іспетті, жүрегіміздің түкпіріндегі ой-ниетімізді де әшкерелеп, бағалайды.
Hebr Kaz 4:13  Құдайдан жасырын жатқан ешбір жан иесі жоқ, Оның көз алдында барлығы ашық та айқын көрініп тұр. Біз Құдайдың алдында есеп беруге тиіспіз.
Hebr Kaz 4:14  Сонымен сенімімізді берік ұстанып, оны тапжылмастан мойындайық. Көкке көтеріліп кеткен зор мәртебелі Бас діни қызметкеріміз — Құдайдың рухани Ұлы Иса бар.
Hebr Kaz 4:15  Ол бізге жаны ашымайтын, осал жақтарымызды түсінбейтін діни қызметкер емес, қайта, өзіміз сияқты әр түрлі сынақтан өтіп көрді, бірақ ешқашан күнә жасаған жоқ.
Hebr Kaz 4:16  Ендеше рақымы мол Құдайдың тағына нық сеніммен жақындап, өтініштерімізді білдірейік. Осылай көмекке мұқтаж кездерімізде Оның мейірімділігі мен рақымына ие боламыз.
Chapter 5
Hebr Kaz 5:1  Әдетте әрбір бас діни қызметкер пенделер арасынан таңдалып, олар үшін Құдайға қызмет етуге тағайындалады: Оған арнап сый-тартулар ұсынып, адамдардың күнәларының құнын өтеу үшін құрбандықтар шалады.
Hebr Kaz 5:2  Бас діни қызметкер өзінің де пенделік кемшіліктері бар болғандықтан, білмей тура жолдан адасып кеткендерге мейірімділік көрсете алады.
Hebr Kaz 5:3  Сол себептен ол халық үшін де, өзі үшін де күнәнің құнын өтейтін құрбандықтар шалуға міндетті.
Hebr Kaz 5:4  Бас діни қызметкер болу құрметін ешкім өз бетімен иемденбейді, оны Құдай белгілейді. Һарон да қызметіне осылай тағайындалған еді.
Hebr Kaz 5:5  Сондай-ақ Мәсіх те Бас діни қызметкер болу құрметін өз бетімен иемденген жоқ. Қайта, Құдай Оған: «Рухани Ұлымсың, Мен бүгінгі күн Әке болдым Саған» деген.
Hebr Kaz 5:6  Киелі жазбалардың тағы бір жерінде былай да делінген: «Сен Мәліксадықтай діни қызметкерсің, мәңгі сондай болып қала да бересің!»
Hebr Kaz 5:7  Сонымен қатар Мәсіх жер бетінде жүргенде Өзін өлімнен құтқаруға құдіреті жететін Әкесіне қатты дауыстап сиынып, көз жасын төгіп жалбарынды. Мәсіх Әкесін терең қастерлегендіктен мінажаты қабыл болды.
Hebr Kaz 5:8  Құдайдың рухани Ұлы бола тұра, Мәсіх ауыр азаптар шеккен кезінде де Әкесіне мойынсұнуға үйренді.
Hebr Kaz 5:9  Жүктелген тапсырмасын толық орындап шыққан Ол Өзіне мойынсұнғандардың барлығы үшін мәңгілік құтқарылуға жол ашты.
Hebr Kaz 5:10  Құдайдың Өзі Мәліксадықты тағайындағанындай, Мәсіхті де Бас діни қызметкер болуға белгіледі.
Hebr Kaz 5:11  Бұл тақырып туралы тағы бірталай нәрселерді айтқанымыз жөн болар еді. Бірақ оларды түсіндіру қиын, өйткені сендер зейін қойып тыңдамайтын болдыңдар.
Hebr Kaz 5:12  (Мәсіхтің тура жолына түскеннен бергі) кездеріңді ескерсек, өзгелерге тәлім берулерің орынды болар еді. Керісінше, сендер әлі де Құдайдың хабарындағы ең бастапқы қарапайым тәлімді басқа біреуден үйренуге мұқтажсыңдар. Өздеріңе «қатты тағамның» орнына әлі де жай «сүт» керек!
Hebr Kaz 5:13  «Сүтпен» тамақтанатындар Құдай алдында ақталу туралы Ізгі хабарды әлі де не ұқпайды, не дұрыс қолдана да алмайды. Олар — рухани сәбилер.
Hebr Kaz 5:14  Тек рухани кемеліне келгендер ғана «қатты тағамдарды» жей алады. Байыппен ойлауға дағдыланғандықтан да, олар жақсы мен жаманды айыра біледі.
Chapter 6
Hebr Kaz 6:1  Сол себепті Мәсіхтің Ізгі хабарының ең бастапқы тәлімін былай қойып, одан бетер жетілу үшін алға басайық. Тағы да ең негізгі тақырыптарға: бізді рухани өлімге бастап әкететін қылықтардан бас тартып, Құдайға сенім арту жайында,
Hebr Kaz 6:2  шомылдыру рәсімі мен қол тигізіп бата беру жөнінде немесе өлгендердің қайта тірілуі және мәңгілік үкімделуі туралы тәлімдерге тоқталғымыз келмейді.
Hebr Kaz 6:3  Құдай қаласа, енді әрі қарай жылжымақпыз.
Hebr Kaz 6:4  Себебі кейбір адамдарды істегендеріне өкіндіріп, қайтадан Құдай жолына түсіру мүмкін емес: бір кезде жан дүниелері Тәңір Иенің нұрынан ағарған еді. Олар Оның көктен жіберген сыйының дәмін татып, Киелі Рухтан үлестерін алды.
Hebr Kaz 6:5  Сондай-ақ, Құдай сөзінің игілігінің де, болашақ заманның құдіретінің де дәмін татып көрген болатын.
Hebr Kaz 6:6  Алайда кейінірек олар тура жолдан безіп кетті! Мұндай адамдар өз еріктерімен Құдайдың рухани Ұлын тағы да айқышқа шегелеп тастағандай, жұрттың мазағына айналдырып жүр. Мұндай жағдайда оларды Құдай жолына қайтару мүмкін емес.
Hebr Kaz 6:7  Егіндік жер жиі жауған жаңбырмен шөлін қандырып, өзін өңдеп, баптаған егіншінің игілігі үшін өнімін бергенде, Құдай оны жарылқайды.
Hebr Kaz 6:8  Ал тікен мен ошаған шығаратын жер пайдасыз. Көп ұзамай егінші мұндай жерді үкімдеп, ақыры өртейді.
Hebr Kaz 6:9  Ал, сүйікті бауырластарым, осыларды айтқанмен, сендердің бұдан жақсырақ жағдайда екендіктеріңе, яғни құтқарылуларыңды берік ұстанғандарыңа, көзіміз жетті.
Hebr Kaz 6:10  Құдай әділетсіз емес қой: Ол жасаған игі істеріңді, өз адамдарына берген, әлі де беріп жатқан көмектерің арқылы Өзіне де көрсеткен сүйіспеншіліктеріңді ешқашан есінен шығармайды.
Hebr Kaz 6:11  Әрқайсыларыңның үміттеріңді соңына дейін берік ұстануларың үшін де осындай ынта-жігер танытқандарыңды аңсап тілейміз.
Hebr Kaz 6:12  Сонда сендер жігерсіз болмайсыңдар. Керісінше, сенім мен шыдамдылық көрсетіп, уәде етілген игіліктерді иемденгендерден үлгі аласыңдар.
Hebr Kaz 6:13  Мысалы, Құдай Ыбырайымға уәде берді. Өзінен жоғары ешкім тұрмағандықтан, Құдай Өзінің атымен ант етіп
Hebr Kaz 6:14  былай деді: «Саған ақ батамды шүбәсіз үйіп-төгіп бере отырып, сенің ұрпақтарыңды сансыз көбейтемін».
Hebr Kaz 6:15  Осылай Ыбырайым шыдамдылықпен күтіп, Құдайдың уәде еткендеріне ие болды.
Hebr Kaz 6:16  Адамдар өздерінен жоғарының атымен ант береді. Сол арқылы айтқандарын бекітіп, күллі дау-дамайларын доғартады.
Hebr Kaz 6:17  Сондықтан Құдай да Өзінің уәдесін иемденетіндерге алға қойған мақсатының мызғымас екенін өте айқын көрсеткісі келгенде, айтқандарын антпен бекітті.
Hebr Kaz 6:18  Осылайша біз бұл екі мызғымас негізге (Құдайдың уәдесі мен антына) сүйеніп, олардан зор күш-жігер аламыз. Себебі Құдайдың өтірік айтуы еш мүмкін емес қой. Бізге ұсынылған осы үміттен күдер үзбей, Одан пана таптық.
Hebr Kaz 6:19  Бұл үмітіміз — берік зәкір сияқты жанымыздың сенімді сүйеніші; ол көктегі киелі үйдің ішіндегі «шымылдықтың арт жағында» Құдайдың Өзімен бекітілген.
Hebr Kaz 6:20  Сол жерге Исаның Өзі кіріп, осы арқылы бізге де сонда кіруге жол ашты. Себебі Иса — Мәліксадық сияқты тағайындалған мәңгілік Бас діни қызметкеріміз.
Chapter 7
Hebr Kaz 7:1  Сол Мәліксадық Салим қаласының патшасы және Алла Тағаланың діни қызметкері болатын. Ыбырайым бірнеше патшаны жеңіп, шайқастан қайтып келе жатқанда, Мәліксадық оған жолығып, батасын берді.
Hebr Kaz 7:2  Сонда Ыбырайым қолындағы бар мал-мүліктің оннан бір бөлігін (құдайы сый-тарту етіп) оған қалдырып кетті. Мәліксадық есімінің мәнісі «Әділдік патшасы» болса, «Салимнің патшасы» — «Амандық пен тыныштық патшасы» дегенді білдіреді.
Hebr Kaz 7:3  Мәліксадықтың әке-шешесі, шыққан тегі және өмір сүрген уақытының бас-аяғы туралы ешбір мәлімет берілмеген. Сол жағынан ол мәңгі бақи діни қызметкер болып қалатын Құдайдың рухани Ұлына ұқсайды.
Hebr Kaz 7:4  Мәліксадықтың мәртебесінің қандай жоғары екенін ойлап көріңдер: тіптен түп атамыз Ыбырайым түскен олжасының оннан бір бөлігін оған берді.
Hebr Kaz 7:5  (Ыбырайымның шөбересі) Леуінің тұқымынан шыққан діни қызметкерлер Құдайдың өсиетіне сай өз ағайындары — Исраил халқының жалпы түсімінің оннан бір бөлігін алып отырады. Бұлардың да Ыбырайымнан тарағандықтарына қарамастан, леуіліктер олардан әлгі бөлікті жинайды.
Hebr Kaz 7:6  Ал Мәліксадық Леуі руынан шықпаса да, Құдайдың уәдесін алған Ыбырайымның түсімінің оннан бір бөлігін иемденіп, оған батасын берді.
Hebr Kaz 7:7  Бата алғаннан бата бергеннің дәрежесі, сөзсіз, жоғары.
Hebr Kaz 7:8  Оннан бір бөлігін жинайтын леуілік діни қызметкерлер күндердің күнінде өлетін пенделер ғана, ал Мәліксадықтың тірі екендігі туралы мәлімет берілген.
Hebr Kaz 7:9  Ыбырайымның Мәліксадыққа қолындағысының оннан бір бөлігін беруі арқылы кейінірек халықтан түсімінің оннан бір бөлігін жинайтын Леуі руы туралы да: «олар Мәліксадыққа сол құдайы сый-тартуды берді» деп айтуға болады.
Hebr Kaz 7:10  Себебі Леуі руы Мәліксадықпен кездескен атасы Ыбырайымнан тарағандықтан, соның істегендерінің нәтижесі бұларға да қонды. (Сондықтан да Мәліксадықтың діни қызметкер ретіндегі дәрежесі Леуі руынан шыққандардан әлдеқайда жоғары.)
Hebr Kaz 7:11  Таурат заңы Исраил халқына леуіліктердің діни қызметінің негізінде тапсырылды. Егер осылардың қызметі көзделген мақсатқа қол жеткізген болса, онда Мәліксадық іспетті басқа діни қызметкердің тағайындалуының қажеті болмай, (Леуінің ұрпағы) Һароннан тараған діни қызметкерлер де жетіп жатқан болар еді. Алайда олардың қызметі жеткіліксіз болды.
Hebr Kaz 7:12  Ал діни қызметте өзгерістер болса, онда Таурат заңының да өзгертілуі керек.
Hebr Kaz 7:13  Сол секілді, осы айтылғандарға қатысы бар Мәсіхтің Өзі бірде-бір діни қызметкер шықпаған басқа рудан еді:
Hebr Kaz 7:14  Иеміздің Яһуда руынан шыққандығы белгілі. Сол рудың діни қызметі туралы Мұса пайғамбар еш нәрсе айтпаған болатын.
Hebr Kaz 7:15  (Ал леуіліктердің діни қызметі адамдарды рухани мақсатына жеткізе алмай келді.) Бұл жайт Мәліксадық іспетті басқа бір Діни қызметкердің тағайындалуы арқылы бұрынғыдан бетер анық болып тұр.
Hebr Kaz 7:16  Ол — адам ретінде Таурат заңында жазылған шығу тегіне қатысты ережеге сай болғандықтан емес, бойында сарқылмас құдіретті өмір болғандықтан Діни қызметкер.
Hebr Kaz 7:17  Себебі Забурда Ол туралы «Сен Мәліксадықтай діни қызметкерсің, мәңгі сондай болып қала да бересің!» деген куәлік берілген.
Hebr Kaz 7:18  Сонымен бұрынғы заң күшсіз, пайдасыз болғандықтан, оның ережелері істен шықты.
Hebr Kaz 7:19  Мұса арқылы берілген сол заң еш нәрсені де кемелділікке жеткізе алған жоқ. Ал қазір бұрынғыдан гөрі жақсы үмітіміз бар: сол бойынша біз шынымен Құдай алдына барып, Оған сиына аламыз!
Hebr Kaz 7:20  Сонымен қатар, Құдай Мәсіхтің діни қызметкерлігін тіпті антпен бекітті.
Hebr Kaz 7:21  Леуілік діни қызметкерлерге Ол ант берген жоқ, ал Мәсіх діни қызметкер болып тағайындалғанда Құдай Оған ант берді. Бұл туралы былай делінген: «Жаратқан Ие былай деп ант берген еді, Онысын ешқашан да өзгертпейді: Сен діни қызметкерсің, мәңгі сондай болып қала да бересің!»
Hebr Kaz 7:22  Құдай осы антты бергендіктен, Иса — бұрынғыдан гөрі жақсы Жаңа Келісімнің кепілі.
Hebr Kaz 7:23  Тағы бір айырмашылық бар: Көне Келісімнің тұсында бір-бірінің орнын басқан көптеген діни қызметкерлер болды. Барлығы да ажалы жеткенде қызметінде қала алмады.
Hebr Kaz 7:24  Ал Иса мәңгі бақи жасайтындықтан, Оның діни қызметі де өткінші емес.
Hebr Kaz 7:25  Сол себептен Ол Өзі арқылы Құдайға сиынғандардың бәрін толықтай құтқара алады. Иса мәңгі өмір сүріп, олар үшін өтініш жасайды.
Hebr Kaz 7:26  Бізге дәл сондай Бас діни қызметкер қажет: қасиетті де кінәратсыз, кіршіксіз таза Ол, күнәкарлардан аластатылып, аспаннан да жоғары, Құдайдың қасына, көтерілді.
Hebr Kaz 7:27  Иса бұрынғы бас діни қызметкерлер сияқты күнде алдымен өз күнәларының құнын өтеу үшін, сонан соң халықтың күнәлары үшін құрбандық шалуға тиісті емес. Ол айқышта өлгенде Өзін біржола құрбан етіп күнәлардың құнын өтеді.
Hebr Kaz 7:28  Таурат заңы бойынша пенделік кемшіліктері бар адамдар бас діни қызметке тағайындалады. Ал сол заңнан кейін Құдайдың өз антымен бекітілген сөзі бас діни қызметке Өзінің рухани Ұлын тағайындады. Ол мәңгілік еш кемшіліксіз кемелді болады.
Chapter 8
Hebr Kaz 8:1  Айтып жатқандарымыздың ең бастысы мынау: көкте біздің Бас діни қызметкеріміз бар; Ол тағына жайғасқан Ұлылық Иесінің оң жағындағы құрметті орнында отыр.
Hebr Kaz 8:2  Сол жерде Ол адам баласы емес, Жаратқан Иенің Өзі көкте тұрғызған шынайы киелі үйде қызметін атқарып жүр.
Hebr Kaz 8:3  Әрбір бас діни қызметкер Құдайға сый-тарту мен құрбандық жасау үшін тағайындалады. Сол сияқты біздің Бас діни қызметкеріміздің де Құдайға ұсынатын құрбандығы болуға тиіс еді.
Hebr Kaz 8:4  Егер Ол жер бетінде қалса, діни қызметкер бола алмас та еді. Себебі Таурат заңы бойынша ғибадатханада құрбандық жасайтын арнайы діни қызметкерлер бар.
Hebr Kaz 8:5  Бұлардың құлшылық етуі көктегі рухани қызметке ұқсағанмен, онымен бірдей емес. Мұса киелі шатырды дайындауға кіріскенде Құдай оған: «Байқа, барлығын саған осы тау басында көрсетілген үлгіге сай жасайтын бол!» — деп ескертті ғой.
Hebr Kaz 8:6  Ал Исаға жер бетіндегі діни қызметкерлердің міндетінен анағұрлым жоғары қызмет тапсырылды. Сол сияқты Ол Құдай мен адамдардың арасындағы бұрынғысынан гөрі жақсы Келісімге жол ашты. Бұл Құдайдың ерекше игілікті уәделеріне негізделген.
Hebr Kaz 8:7  Егер бұрынғы Келісім ешбір кемшіліксіз болған болса, онда өзгесін жасаудың керегі болмас та еді.
Hebr Kaz 8:8  Алайда (Еремия пайғамбар) халқының айыбын әшкерелегенде былай деген:«Жаратқан Ие мынаны айтады: Біліп алыңдар, Мен Исраилдің және Яһуданың үрім-бұтақтарымен Жаңа Келісім жасайтын уақыт келеді.
Hebr Kaz 8:9  Бұл Келісім Мен олардың ата-бабаларын қолдарынан жетелеп Мысырдан алып шыққанда солармен жасаған Келісіміммен бірдей болмайды. Өйткені олар сол Келісіміме адал болмағандықтан ықыласымнан айырылды, — дейді Жаратқан Ие. —
Hebr Kaz 8:10  Қайта, Менің кейінгі заманда Исраил халқымен жасайтын Келісімім мынадай болады: Мен өз тәлімімді олардың ақыл-саналарына дарытамын әрі жүректеріне «жазып» та қоямын. Мен олардың Құдайы, ал олар Менің халқым болады, — дейді Жаратқан Ие.
Hebr Kaz 8:11  Сонда ешкімге замандасы мен ағайынына: «Жаратқан Иені жақыннан танып біл!» деп үйретудің қажеті болмайды. Өйткені үлкенді-кішілі барлығы да Мені жақыннан танып білетін болады.
Hebr Kaz 8:12  Себебі Мен олардың әділетсіз істерін рақымшылықпен кешіріп, жасаған күнәларын бұдан былай есіме алмаймын».
Hebr Kaz 8:13  Осылай Құдай «Жаңа Келісім» дегенде бұрынғысының ескіргендігін білдірді. Ал ескіріп, көнерген нәрсе көп ұзамай күшінен айырылып, жойылмақ.
Chapter 9
Hebr Kaz 9:1  Бұрынғы Келісімге сай Құдайға құлшылық ету үшін арнайы ережелер және жер бетіндегі қасиетті ғибадат орны болды.
Hebr Kaz 9:2  Киелі шатыр тігіліп, оның «қасиетті бөлме» деп аталған алдыңғы бөлімінде шам қойғыш, үстел және соның үстінде сый-тарту ретінде ұсынылған нан тұратын.
Hebr Kaz 9:3  Ал шатыр ішіндегі шымылдықтың арт жағында «ең қасиетті бөлме» деп аталған киелі орын болатын.
Hebr Kaz 9:4  Сол жерде алтын жалатқан түтету үстелі және жан-жағынан алтынмен қапталған Келісім сандығы орналасқан еді. Сол үстелдің үстінде Құдайға арнап хош иісті заттар өртеліп түтетілетін.Сандықтың ішінде Келісімнің куәліктері: манна деген керемет тағам салынған алтын құмыра, Һаронның бүр жарған таяғы және он өсиет жазылған екі тас тақташа сақталатын.
Hebr Kaz 9:5  Құдайдың салтанатты ұлылығы қонатын сол сандықтың үстінде керуб атты екі періштенің мүсіндері тұратын. Олардың жайылған қанаттары сандық қақпағын жауып тұрды. Сол қақпаққа халықтың күнәсінің құнын өтеу үшін жыл сайын шалынған құрбандықтың қаны бүркілетін. Алайда мұны қазір егжей-тегжейлі айтып жатудың қажеті жоқ.
Hebr Kaz 9:6  Осылай жабдықталған киелі үйдің алдыңғы бөлмесіне діни қызметкерлер күн сайын кіріп, Құдайға құлшылық етеді.
Hebr Kaz 9:7  Ал екінші, ең қасиетті бөлмесіне тек бас діни қызметкерге ғана жылына бір-ақ рет енуге болады. Сол кезде ол өзінің және халықтың білмей жасаған күнәларының құнын өтеу үшін шалынған құрбандықтың қанын ала кіруге тиісті.
Hebr Kaz 9:8  Киелі Рух осы арқылы бізге мынаны білдіреді: киелі үйдің алдыңғы бөлімі әлі де бар болып тұрғанда, ең қасиетті бөлімге (яғни Құдайдың алдына) апаратын жол ашық емес.
Hebr Kaz 9:9  Бұл — осы замандағы жайттың бейнесі! Құдайға ұсынылатын сый-тартулар мен құрбандықтар Оған сиынатын адамдардың ар-ұжданын өздерінің жасаған күнәларынан түпкілікті арылта алмайды.
Hebr Kaz 9:10  Сол ескі ғибадат ету жолының ережелері тек ішіп-жеу және түрлі тазару рәсімдері сияқты сыртқы дәстүрлерге байланысты. Олар Жаңа Келісім енгізілген кезге дейін ғана күшінде болды.
Hebr Kaz 9:11  Енді міне, Бас діни қызметкеріміз Мәсіх бізге соншама рухани игіліктер алып келді! Сонда Ол жер бетіндегі ғибадат орнынан гөрі әлдеқайда ұлы да кемелді көктегі киелі үйге кірді. Бұл адам қолынан шыққан, осы жаратылыстың бір бөлігі емес.
Hebr Kaz 9:12  Мәсіх, сондай-ақ, құрбандыққа шалынған қошқарлар мен бұзаулардың қанын емес, Өзінің құрбан болған кезінде төгілген қанын осы киелі үйдің ең қасиетті бөліміне біржола алып кірді. Осылайша Ол бізді күнәмізден арылтып, мәңгілік азат етті.
Hebr Kaz 9:13  Таураттың ережелеріне сай арам деп есептелген адамдарға құрбандыққа шалынған қошқардың не бұзаудың қаны, немесе шалынып, өртелген жас сиырдың күлі бүркіліп себілетін. Сол арқылы олар сырттай тазартылатын.
Hebr Kaz 9:14  Олай болса, мәңгілік Киелі Рухқа кенелген, Өзін мүлдем кемшіліксіз құрбандық ретінде Құдайға ұсынған Мәсіхтің өз қаны рухани өлімге бастап әкететін қылықтардан ар-ұжданымызды одан бетер арылтып тазартпақ! Соның нәтижесінде біз мәңгі тірі Құдайға шынымен ғибадат ете аламыз.
Hebr Kaz 9:15  Сол себептен де Мәсіх Жаңа Келісімнің негізін салушы! Ол адамдардың Көне Келісімнің тұсында жасаған күнәларының құнын төлеп оларды азат ету үшін өз жанын өлімге қиды. Сондықтан енді Құдай шақырғандар Оның уәде еткен мәңгілік жарылқауына ие болады.
Hebr Kaz 9:16  Құдай бекіткен Келісімді өсиетнамамен салыстыруға болады: өсиетнаманы қалдырған кісінің өлгендігі анықталған соң ғана оны ашып оқуға болады.
Hebr Kaz 9:17  Өсиетнама адам тірі жүргенде емес, қайтыс болғаннан кейін ғана күшіне енеді.
Hebr Kaz 9:18  Сол сияқты, бұрынғы Келісім де қанмен бекітіліп, күшіне енді.
Hebr Kaz 9:19  Алдымен Мұса пайғамбар бүкіл Исраил халқына Таурат заңының барлық өсиеттері мен ережелерін жариялаған еді. Содан кейін құрбандыққа шалынған бұзаулар мен қошқарлардың қанын алып, су қосты да, сайсағыз бұтақшалары мен аздаған ал қызыл түсті жүнді соған малып алып, Келісім кітабына және бүкіл халыққа бүркіп тұрып:
Hebr Kaz 9:20  Бұл — Құдайдың өздеріңмен жасаған Келісімін бекітетін қан, — деді.
Hebr Kaz 9:21  Дәл солай Мұса киелі шатырға да, Құдайға қызмет жасағанда қолданылатын барлық бұйымдарға да қан бүркіп септі.
Hebr Kaz 9:22  Таурат заңы бойынша бәрі дерлік қанмен тазартылады. Қан төгілмей, Құдай күнәні кешірмейді.
Hebr Kaz 9:23  Сонымен, көктегі киелі үйдің көшірмесі болған жердегі ғибадат орны құрбандыққа шалынған малдың қаны арқылы тазартылуға тиіс болды. Алайда көктегі киелі үй үшін бұдан әлдеқайда құнды құрбандық жасау қажет еді.
Hebr Kaz 9:24  Себебі Мәсіх адам қолымен жасалған ғибадат орнына кірмеді. Сол ғибадат орны шынайы киелі үйдің көшірмесі ғана болатын. Қайта, Мәсіх көктің өзіне енді. Ол қазір сонда Құдайдың алдында тұрып, бізді қолдап сөйлейді.
Hebr Kaz 9:25  Көне Келісімге сай бас діни қызметкер шалынған құрбандықтың қанын киелі үйдің ең қасиетті бөліміне жылма-жыл алып кіреді. Ал көкке енген Мәсіхке өз жанын қайта-қайта құрбан етудің қажеті жоқ.
Hebr Kaz 9:26  Әйтпесе Ол әлем жаратылғаннан бері әлденеше рет азап шегіп өлуге мәжбүр болған болар еді. Керісінше, Мәсіх қазір, дүниенің ақырғы заманында, бір-ақ рет жер бетіне келіп, адамдарды күнәларынан біржола арылту үшін Өзін құрбандыққа қиды.
Hebr Kaz 9:27  Құдай адамның бір рет өліп, содан соң қиямет сотының алдында тұратынын белгілеген.
Hebr Kaz 9:28  Сол секілді Мәсіх бір рет көптеген адамдардың күнәларын өз мойнына алып құрбан болды. Ол дүниеге қайта оралған кезде тағы да күнәнің құнын өтеу үшін емес, Өзін аңсап күтіп жүргендерді түгелдей құтқару үшін келеді.
Chapter 10
Hebr Kaz 10:1  Таурат заңына негізделген ескі құлшылық ету жолы Құдайдың адамдарға дайындап қойған игілігінің өзі емес, оның күңгірт жобасы ғана. Сол заң бойынша жыл сайын қайталап жасала беретін бірдей құрбандықтар Құдай алдына баратын адамдарды еш уақытта түпкілікті тазартып, мүлтіксіз ете алмайды.
Hebr Kaz 10:2  Егер адамдар құрбандық жасаулары арқылы біржола тазартылса, онда олар өз күнәкарлықтарын сезінуден қалып, құрбандық жасауларын доғарған болар еді.
Hebr Kaz 10:3  Ал шын мәнісінде жылма-жыл ұсынылатын құрбандықтар адамдардың жасаған күнәларын естеріне түсіріп қана отырады.
Hebr Kaz 10:4  Өйткені құрбанға шалынған бұқалар мен қошқарлардың қаны адамның күнәсін толығымен алып тастай алмайды.
Hebr Kaz 10:5  Сол себепті Мәсіх бұл дүниеге келгенде, Өзін құрбандыққа қиятыны туралы (Құдай Әкеге) мынадай сөздер айтқан:Құрбандықтар мен сый-тартуларды қаламадың,Бірақ Маған тәндік денемді дайындадың.
Hebr Kaz 10:6  Шалып, өртелетін не күнәнің құнынӨтейтін құрбандықтарды жақтырмадың.
Hebr Kaz 10:7  Сонда Мен былай дедім: «Міне, келе жатырмын,Уа, Құдай, Сенің еркіңді орындау үшін.Шиыршық кітапта Мен туралы жазылған».
Hebr Kaz 10:8  Сол құрбандықтардың Таурат заңына сай ұсынылатынына қарамастан, Ол алдымен былай деді: «Құрбандықтар мен сый-тартуларды қаламадың, шалып, өртелетін не күнәнің құнын өтейтін құрбандықтарды жақтырмадың».
Hebr Kaz 10:9  Содан кейін Ол: «Келе жатырмын, уа, Құдай, Сенің еркіңді орындау үшін» деп қосты. Осылайша Тәңір Ие бұрынғы құрбандық рәсімдерін доғартып, олардың орнына Мәсіхтің құрбандығын енгізді.
Hebr Kaz 10:10  Иса Мәсіхтің өз денесін біржола құрбан етіп, Құдайдың еркін орындауы арқылы біз Оның қасиетті адамдарына айналдық.
Hebr Kaz 10:11  Әрбір діни қызметкер күн сайын міндетін атқарып, әрдайым бірдей құрбандықтарды ұсынады. Бірақ шын мәнісінде солар ешқашан күнәларды толығымен алып тастай алмайды.
Hebr Kaz 10:12  Ал біздің Бас діни қызметкеріміз — Мәсіх сенушілердің күллі күнәларының құнын өтеп, тазарту үшін бір ғана құрбандық ұсынған соң, Құдайдың оң жағындағы құрметті орнына мәңгілікке жайғасты.
Hebr Kaz 10:13  Енді Ол барлық жауларының Өзінің табанының астына салынып берілуін күтіп отыр.
Hebr Kaz 10:14  Сонымен Мәсіх Құдайға бағышталғандарды жалғыз-ақ құрбандығымен мәңгілік кінәратсыз таза қылды.
Hebr Kaz 10:15  Киелі Рух та бізге осыны растайды. Алдымен Ол былай деді емес пе:
Hebr Kaz 10:16  «Жаратқан Ие мынаны айтады: Менің кейінгі заманда Исраил халқымен жасайтын Келісімім мынадай болады: Мен өз тәлімімді жүректеріне дарытамын әрі ақыл-саналарына «жазып» та қоямын».
Hebr Kaz 10:17  Бұған Ол мына тәрізді сөздерді қосты: «Мен олардың күнәлары мен әділетсіз істерін бұдан былай есіме алмайтын боламын».
Hebr Kaz 10:18  Ал күнәлар кешірілген жерде енді қайтып оларды алып тастайтын құрбандықтың қажеті де жоқ.
Hebr Kaz 10:19  Сонымен, бауырластар, Исаның өз қанын төккенінің арқасында енді нық сеніммен ең қасиетті орынға кіре аламыз.
Hebr Kaz 10:20  Өйткені Құдай алдына баруымызға бөгет болған «шымылдықты» Иса өз денесін құрбан етуімен қақ айырып, біз үшін мәңгілік өмірге жаңа жол ашты.
Hebr Kaz 10:21  Ол, сондай-ақ, ұлы Діни қызметкеріміз ретінде бүкіл Құдай үйінің үстінен қарайды.
Hebr Kaz 10:22  Сондықтан да адал жүрекпен, нық сеніммен Құдай алдына барып, Оған сиынайық. (Мәсіхтің төгілген қаны) жүректерімізге «бүркіліп», ар-ұжданымыз күнә атаулыдан арылған әрі денеміз таза сумен жуылған болсын.
Hebr Kaz 10:23  Мойындаған үмітімізді үзбей, берік ұстанайық, себебі уәде берген Құдай сөзіне адал.
Hebr Kaz 10:24  Өзара сүйіспеншілік көрсетіп, игілік істеуге қозғау салудың қамын ойлайық.
Hebr Kaz 10:25  Кейбіреулер сенушілердің жиналыстарына бармай қалуды дағдыға айналдырып алған сияқты. Ал біздер солай істемей, бір-бірімізді одан бетер жігерлендірейік. Иеміздің қайтып келетін күнінің таяп қалғанын білесіңдер ғой.
Hebr Kaz 10:26  Ал егер шынайы хабарды естіп-білгеннен кейін де әдейі күнә жасай берсек, онда бізді күнәмізден арылта алатын ешқандай құрбандық жоқ.
Hebr Kaz 10:27  Қайта, қиямет сотын және Иемізге қарсы шыққандарды жалмайтын тозақ отын үрейленіп күтуден басқа бізге түк те қалмайды.
Hebr Kaz 10:28  Егер біреу Мұсаға берілген Таурат заңынан бас тартып, онысын екі-үш куә дәлелдесе, сол адам аяусыз өлімге кесіледі.
Hebr Kaz 10:29  Ендеше Құдайдың рухани Ұлын аяқпен таптағандай менсінбеген әркім бұдан бетер қаншама ауыр жазаға лайық деп ойлайсыңдар!Сондайлар Тәңір Ие Жаңа Келісімін бекіткен Исаның қаны арқылы күнәларынан арылғанмен, енді Оның қанына немкетті қарайды, әрі өздеріне Құдайдың рақымын жеткізген Киелі Рухты қорлайды.
Hebr Kaz 10:30  «Жазалау — Менің ісім, тиісті жазаларын тартқызамын~Өзім!» дегеннің Кім екенін білеміз ғой. «Жаратқан Ие сотта тергейді өз халқын» деп те (Тауратта) жазылған.
Hebr Kaz 10:31  Мәңгі тірі Құдайдың қолына түсіп, сотталу қандай қорқынышты!
Hebr Kaz 10:32  Бұрынғы уақытты еске алыңдаршы: Құдайдың нұры жүректеріңді ағартқаннан кейін, сендер азапқа толы күреске тап болып, соған төтеп бердіңдер.
Hebr Kaz 10:33  Кейбіреулерің масқараға, зорлық-зомбылыққа ұшырап, жұрт қызықтап қарайтын тамашаға айналдыңдар. Ал өзгелерің осылай күйзеліп жүрген бауырластарыңның қасіретін бөлісіп,
Hebr Kaz 10:34  тұтқынға түскендерге жандарың ашып, жәрдем бердіңдер. Мал-мүліктеріңді талан-таражға салғанда, бұны тіпті қуана қабылдадыңдар! Себебі көкте өздеріңе арналған, одан әлдеқайда құнды, мәңгілік дәулеттің бар екенін білдіңдер.
Hebr Kaz 10:35  Ендеше жігер берген нық сенімдеріңнен күдер үзбеңдер! Сол үшін берілетін зор сый алдарыңда күтіп тұр.
Hebr Kaz 10:36  Құдайдың еркін орындап, Оның уәде еткенін иемдену үшін төзімді болуларың қажет.
Hebr Kaz 10:37  Себебі келуге тиісті Ол сәлден кейін келіп, еш кешікпейді.
Hebr Kaz 10:38  Әділ адамым сенімі арқылы шынайы өмір сүреді. Ал кім қаймығып, бағытынан кері қайтса, Мен оған риза болмаймын.
Hebr Kaz 10:39  Бірақ біз алған бағытынан кері қайтып, тозаққа түсетіндердің қатарынан емеспіз. Қайта, Құдайға нық сеніп, мәңгі құтқарылмақпыз.
Chapter 11
Hebr Kaz 11:1  Ал сенім дегеніміз — үміттенгеннің жүзеге асатынына күмәнданбау, әлі де көрінбей тұрған уәденің орындалуына шүбәсіз илану.
Hebr Kaz 11:2  Тәңір Иеге осындай сенім артқандары үшін ата-бабаларымыз Оның ризашылығына ие болды.
Hebr Kaz 11:3  Құдайдың әлемді айтқан сөзімен жаратып, ретке келтіргенін, яғни көз алдымыздағы жаратылысты көзге көрінетін заттан емес, ғайыптан жасап шығарғанын сенімімізбен ұғынамыз.
Hebr Kaz 11:4  Құдайға сенгендіктен Әбіл Оған арнап Қабылдікінен гөрі тиімді құрбандық жасады. Сенімі арқылы Әбіл ақталды, өйткені Құдай оның ұсынған сый-тартуларын ұнатып қабылдады. Әбіл өлтірілген болса да, оның сеніммен істегені әлі де үлгі болып келеді.
Hebr Kaz 11:5  Енох Құдайға сенгені үшін ажалға жолықтырылмай бұ дүниеден әкетілді. «Ол жер бетінен ғайып болды, себебі Құдай оны Өзіне алып кеткен еді». Енохтың бұған дейінгі өмірінің Құдайға ұнамды болғаны туралы да Тауратта куәлік берілген.
Hebr Kaz 11:6  Ал сенім артпай Құдайға ұнау мүмкін емес. Құдайға келген әркім Оның бар екеніне сенуге және Өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді Құдайдың жарылқайтынына илануға тиіс.
Hebr Kaz 11:7  Нұх пайғамбар әлі де көзге көрінбеген топан су туралы ескертілгенде, Құдайға сеніп, Оны терең қастерледі, сондықтан отбасын құтқару үшін кемесін жасап дайындады. Осы сенімімен Нұх дүниенің қиқарлығын әшкереледі, әрі сенім арқылы болатын ақталуға қолы жетті.
Hebr Kaz 11:8  Ыбырайым пайғамбар да Құдай өзін шақырып алып, кейін тұрақты меншігіне беруге уәде еткен елге барып тұруға бұйырғанда, Оған сеніп, мойынсұнды. Ыбырайым қайда бара жатқанын білмесе де, жолға шықты.
Hebr Kaz 11:9  Уәде етілген елде ол жат жұрттық келімсек болып, Тәңір Иеге сеніп өмір сүрді. Сондай уәдені алған Ысқақ пен Жақып та Ыбырайым сияқты көшіп-қонып, шатырларда тұрып жатты.
Hebr Kaz 11:10  Себебі Ыбырайым сәулетшісі де, құрылысшысы да Құдайдың Өзі болған, негізі берік қаланған мәңгілік қаланың пайда болуын күтіп жүрді.
Hebr Kaz 11:11  Сенімі арқылы Ыбырайым жасы ұлғайған шағында әйелі Сарадан бала сүю үшін Құдайдың құдіретін қабылдады. Ол Сараның бедеулігіне қарамастан, ұлды етуге уәде берген Тәңір Иені сөзінде тұрады деп санады.
Hebr Kaz 11:12  Сондықтан төрінен көрі жуық қарт адамнан аспандағы жұлдыздар мен теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай сансыз көп ұрпақ тарады.
Hebr Kaz 11:13  Ыбырайым, Ысқақ, Жақып үшеуі де сенімдерін ұстанған күйі дүние салды. Тәңір Ие өздеріне уәде еткен игіліктерді иемденбестен соларды тек алыстан ғана көріп, қуанды. Олар өздерінің жер бетінде тек жат жұрттық келімсек ретінде тұрғандарын мойындады.
Hebr Kaz 11:14  Осылай айтқандар өздерінің шынайы отандарын көздеп жүргендерін білдіреді.
Hebr Kaz 11:15  Өздері тастап кеткен елдерін естеріне түсіріп отырса, соған қайта оралудың орайы да болар еді.
Hebr Kaz 11:16  Ал олар одан гөрі жақсы елді, яғни көктегі отандарын, аңсап күтті. Сол себептен де Құдай олардың Құдайы деп аталудан бас тартпайды, соларға арнап Ол көкте мәңгілік қаланы дайындап та қойды.
Hebr Kaz 11:17  Ыбырайым сенімі сыналғанда Құдайға нық сенгендіктен Ысқақты құрбандыққа ұсынды. Ол туралы «сенің ұрпағың Ысқақтан тарайтын болады» деген уәде алғанымен, Ыбырайым жалғыз ұлын құрбан етуге дайын болды.
Hebr Kaz 11:18  Ыбырайым сенімі сыналғанда Құдайға нық сенгендіктен Ысқақты құрбандыққа ұсынды. Ол туралы «сенің ұрпағың Ысқақтан тарайтын болады» деген уәде алғанымен, Ыбырайым жалғыз ұлын құрбан етуге дайын болды.
Hebr Kaz 11:19  Ыбырайым Құдай баламды өлімнен қайта тірілтуге де құдіретті деп есептеді; астарлап айтқанда, ол баласын өлімнен қайтарып алды да.
Hebr Kaz 11:20  Ысқақ та Құдайға сенім артып, ұлдары Жақып пен Есауға олардың болашағы жайында көреген батасын берді.
Hebr Kaz 11:21  Жақып өлер алдында сеніміне бола Жүсіптің екі ұлына батасын беріп, таяғының басына сүйеніп тұрып Құдайға ғибадат етті.
Hebr Kaz 11:22  Жүсіп Құдайға сенгендіктен, бұ дүниеден аттанарда Исраил ұрпақтарының келешекте Мысырдан көшіп шығатындары жайлы ескертіп, өзінің сүйегін бірге алып кетулерін өсиеттеді.
Hebr Kaz 11:23  Мұса пайғамбардың әке-шешесі Құдайға сенгендіктен, жаңа туған нәрестесін үш ай бойы жасырып қойды. Оның ерекше сәби екенін көрген олар Мысыр патшасы перғауынның жарлығынан қаймықпады.
Hebr Kaz 11:24  Сеніміне бола Мұса жасы кәмелетке келгенде перғауынның қызының баласы деп аталудан бас тартты.
Hebr Kaz 11:25  Ол күнәкар өмірдің өткінші рақатынан гөрі Құдай халқымен бірге жәбірленуді таңдады.
Hebr Kaz 11:26  Осылай Мұса (Құдай уәде еткен) Мәсіх үшін масқара болуды Мысырдың қазыналарынан артық байлыққа санады. Себебі ол болашақтағы зор сыйды көздеді.
Hebr Kaz 11:27  Мұса Тәңір Иеге сенгендіктен, патшаның қаһарынан қаймықпай, Мысырды тастап кетті. Ол көзге көрінбейтін Жаратқан Иеге көріп тұрғандай иланып, Оның тапсырғандарына берік болды.
Hebr Kaz 11:28  Мұса сеніміне бола Құтқарылу мейрамында исраилдіктерге құрбандыққа тоқты шалып, соның қанын босағаларына жағу рәсімін орындатты. Осылай мысырлықтардың тұңғыштарын өлтіруші (періште) оларға жоламады.
Hebr Kaz 11:29  Исраил халқы Құдайға сенгендіктен, Қызыл теңізден құрғақ жермен жүргендей өте шықты. Мысырлықтар да солай істемекші болғанда суға батып қырылды.
Hebr Kaz 11:30  Исраилдіктер Тәңір Иеге сеніп Иерихон қаласын жеті күн бойы айналып жүргеннен кейін оны қоршаған қамалдары құлап түсті.
Hebr Kaz 11:31  Бұрын жеңіл жүрісті болған Рахаб Құдайға сенім артқандықтан, исраилдік барлаушыларды үйіне түсіріп, аман-есен сақтап қалды. Сол себепті ол Құдайға мойынсұнбаған жерлестерімен бірге өлтірілген жоқ.
Hebr Kaz 11:32  Тағы не айтайын? Гедеон, Барақ, Самсон, Ефтах, Дәуіт, Самуил және басқа пайғамбарлар туралы әңгімелеуге уақытым жетпес те еді.
Hebr Kaz 11:33  Олар Құдайға сенгендіктен патшаларды жеңіп шығып, әділдік орнатып, уәде етілгенге ие болды. Кейбіреулері арыстандардың аузын жауып,
Hebr Kaz 11:34  жалын шашқан өртті сөндіріп, семсер жүзінен аман қалды. Олар әлсірегенде Құдайдан күш алып, ұрыс-шайқаста нығайып, жау жасақтарын қуып шықты.
Hebr Kaz 11:35  Кейбір әйелдер өлгендері қайта тіріліп, олармен қайтадан қауышты.Ал қиналып өлтірілген басқалар да болды. Олар сатқындықпен бостандық алудан бас тартып, өздерінің әлдеқайда жақсы өмірге қайта тірілулерін көздеді.
Hebr Kaz 11:36  Өзге кейбіреулері мазаққа ұшырап, соққыға жығылып, шынжырмен құрсауланып, түрмеге жабылды.
Hebr Kaz 11:37  Біреулері таспен атқыланып, арамен кесіліп, семсермен шабылып өлтірілді. Басқалары қой-ешкінің терісін жамылып, жоқшылық көріп, азапталып жәбірленді.
Hebr Kaz 11:38  Күнәкар дүние сондай ержүрек адамдарға лайықсыз еді! Олар айдалада таулы-тасты жерлерде қаңғып жүріп, үңгірлер мен апандарда жасырынып өмір сүрді.
Hebr Kaz 11:39  Бұлардың барлығы сенімдерінің арқасында Тәңір Иенің ризашылығына ие болды. Дегенмен Оның уәде еткенін иемдене алмады.
Hebr Kaz 11:40  Себебі Құдай біз үшін одан да жақсы жоспар ойлап қойған болатын: Ол осы адамдарды бізбен бірге ғана кемелді етіп, мәңгілік мақсатына жеткізуді қалады.
Chapter 12
Hebr Kaz 12:1  Осылай өз сенімдерін айқын паш еткен қалың көпшілік бізді жарыстағы жанкүйерлердей қоршап тұр. Сондықтан да бізге бөгет болатынның барлығынан, әсіресе, тез шырмап алатын әрбір күнәдан арылып, алдымыздағы «жарысты» қажырлылықпен аяқтайық!
Hebr Kaz 12:2  Басқа жаққа мойын бұрмай, бар назарымызды Исаға аударайық! Бастапқыда сенім жолын салған Ол бізді сеніміміз арқылы Құдай белгілеген мақсатымызға жеткізеді де. Иса Өзін күтіп тұрған зор қуаныш үшін айқышқа шегеленудің қорлығын елемей, соған төзді. Бұдан кейін Ол Құдайдың тағының оң жағындағы құрметті орнына жайғасып отырды.
Hebr Kaz 12:3  Исаның күнәкарлардың қаншама жауыздықтарына шыдағанын ескеріңдер! Осылай сендер де қажымаңдар, жігерлеріңді жасытпаңдар!
Hebr Kaz 12:4  Күнәға қарсы тойтарыс берген күрестеріңде сендер әлі де қандарыңды төгіп, жандарыңды пида еткен жоқсыңдар.
Hebr Kaz 12:5  Расында Құдайдың сендерді Өзінің рухани балалары деп атаған мынадай ескертпесін ұмыттыңдар ма:«Балам, Тәңір сені тәрбиелегендеОнысын ешқашан менсінбей жүрме,Ол сені жөнге келтіргенде,Лайым еңсең түсіп жүнжіме!
Hebr Kaz 12:6  Иеміз Өзі сүйетін әркімдіТүзетеді әрі тәрбиелейді,Бауырына басқан әр баласын даЖазалайды қажет болғанда».
Hebr Kaz 12:7  Көріп жатқан азаптарыңа тәрбие ретінде шыдаңдар. Құдай сендерге рухани баласына қарағандай қарайды. Әкесі түзетпейтін бала бола ма?
Hebr Kaz 12:8  Барлық сенушілер де соны бастарынан өткізеді. Егер сендер осылай тәрбиеленбесеңдер, онда Оның шынайы рухани балалары болмағандарың.
Hebr Kaz 12:9  Туған әке-шешелеріміз бізді тәрбиеледі, біз оларды қастерлеп, сыйлап келеміз. Ендеше шынайы өмірге ие болу үшін көктегі рухани Әкемізге одан бетер мойынсұнуымыз керек емес пе?
Hebr Kaz 12:10  Әке-шешелеріміз өз пайымдауларынша шектеулі уақыт аралығында жазалап та тәрбиелесе, Құдай бізді нағыз игілігіміз үшін басымызға қиыншылықтар туғызып тәрбиелейді. Осылайша Өзінің қасиетті болғанындай бізді де қасиетті етуді көздейді.
Hebr Kaz 12:11  Кезінде әрбір жаза қуаныш емес, реніш туғызады. Ал соны басынан өткізіп тәрбиеленгенге ол кейінірек әділдік пен тыныштықтың игілікті жемісін береді.
Hebr Kaz 12:12  Сонымен салдырап, дәрменсіз қалған аяқ-қолдарыңның буындарын бекітіп, еңселеріңді көтеріңдер!
Hebr Kaz 12:13  Рухани жағынан әлсіреген бауырластарыңның адаспай, қайта, сауығып кетулері үшін түзу жолмен аяқтарыңды нық басып жүріңдер!
Hebr Kaz 12:14  Барлық адамдармен тату болып, Құдайға бағышталған қасиетті өмір сүруге ұмтылыңдар! Мұнсыз ешкім Жаратқан Иені көре алмайды.
Hebr Kaz 12:15  Абай болыңдар, ешқайсың Құдайдың рақымынан құр қалып жүрмеңдер! Әйтпесе улы жеміс беретін тамырды қазып алып тастамаса, оның қайтадан көктеп, қаулап өсіп кететіні сияқты, мұндай адамдарың өздерінің жаман көзқарастарына көптеген басқаларды да еліктіріп, арамдап, зор зиян тигізетін болады.
Hebr Kaz 12:16  Ешқайсыларың да опасыз болып, азғын өмір сүрмеңдер! Яки Есау сияқты қасиетті атаулыға немқұрайды қарамаңдар! Ол бір ішер тамаққа бола өзінің тұңғыштық жолын сата салды ғой.
Hebr Kaz 12:17  Кейінірек ол әкесінің ерекше батасын алғысы келгенмен, өтініші қабылданбады. Есау жылап тұрып жалбарынса да, өзінің істеп қойғанын өзгерте алмады.
Hebr Kaz 12:18  Сендер ата-бабаларымыз іспетті көріп-естуге болатын мынадай жайтты бастарыңнан өткізбедіңдер: олар от болып лаулап жанып жатқан Синай тауына жақындады. Айнала қара түнек болып, сұрапыл дауыл соғып,
Hebr Kaz 12:19  кернейдің қатты даусы шығып, сөздер айтылды. Соны естіген халық мұндай сөздерді енді қайтып естімесек екен деп жалбарынды.
Hebr Kaz 12:20  Олар «Тауға аяқ-қолдарын тигізген әркімді, тіпті мал тұяғы тисе де, оны таспен атқылап өлтіру керек» деген бұйрықтан қорықты.
Hebr Kaz 12:21  Осы көріністің әсерінің үрей туғызатындай болғаны сонша, Мұса пайғамбардың өзі: «Мен қорқып, үрейленіп тұрмын», — деді.
Hebr Kaz 12:22  Ал сендер рухани Сион тауына, яғни мәңгі тірі Құдайдың көктегі Иерусалим қаласына, әрі ондағы сан-мыңдаған періштелерге келдіңдер.
Hebr Kaz 12:23  Сондай-ақ, сенушілердің мерекелік жиыны мен қауымына қосылдыңдар. Сендер де, біз де Тәңір Иеге әке мен тұңғыш баласындай жақынбыз, есімдеріміз Оның көктегі кітабына жазылған. Барлық адамдарға үкім шығаратын Құдайдың алдына, әрі өткен кезеңдерде сенімдері арқылы ақталып, мақсаттарына жеткендерге
Hebr Kaz 12:24  және Жаңа Келісімнің негізін салған Исаға да келдіңдер. Оның төгілген қаны Әбілдікінен гөрі игілікті хабарға меңзейді.
Hebr Kaz 12:25  Абай болыңдар, өздеріңе сөйлеп тұрған Тәңір Иені тыңдаңдар! Ежелде Оның тапсырмасымен жер бетінде сөйлеген Мұса пайғамбарды тыңдамай қойған Исраил халқы жазадан құтылмады. Ендеше бізге көктен сөйлеп тұрған Құдайдың Өзінен бас тартсақ, онда алатын жазамыздан одан бетер құтыла алмаймыз!
Hebr Kaz 12:26  Сол кезде Тәңір Иенің зор даусы жерді шайқалтты. Ал қазіргі заман туралы Құдай пайғамбары арқылы мынадай уәде берді: Мен тағы да жер түгіл, аспанды да шайқалтамын!
Hebr Kaz 12:27  «Тағы да» деген сөздер мынаны білдіреді: Құдай Өзі жаратқанның барлығын шайқалтып, орнынан алып тастамақ. Сонда тек шайқалтуға болмайтындар ғана қалады.
Hebr Kaz 12:28  Сонымен, өзіміз шаңырағы ешқашан шайқалмайтын Патшалықтан үлес алғандықтан, біз сол үшін Құдайға шын жүректен шүкірлік айтайық! Оны риза қылатындай қызмет етіп, терең қастерлеп, Оған ұнамсызды істеуден шошынатын болайық!
Hebr Kaz 12:29  Біздің сиынатын Құдайымыз жалмап қоятын от іспетті!
Chapter 13
Hebr Kaz 13:1  Бір-біріңді бауырластар ретінде ұдайы жақсы көріңдер!
Hebr Kaz 13:2  Қонақжайлылық танытуды ұмытпаңдар. Солай еткен кейбіреулер білместен тіпті Тәңір Иенің періштелерін қонақ қылды.
Hebr Kaz 13:3  Тұтқынға түскендеріңнің қамын ойлап, солармен бірге құрсауда отырғандай сезініңдер. Жәбір көріп жүргендерді өздерің де тәндік азап шеккендей естеріңнен шығармай, қолдау көрсетіңдер!
Hebr Kaz 13:4  Некеге барлығың да құрметпен қарап, жар төсегін былғамаңдар! Азғындар және неке адалдығын бұзғандар Құдайдың сотына түспек.
Hebr Kaz 13:5  Ақшақұмар болмай өмір сүріп, қолдағы барды қанағат тұтыңдар! Құдай: «Мен сені ешқашан тастап та кетпеймін, жалғыз да қалдырмаймын», — деген ғой.
Hebr Kaz 13:6  Сондықтан да біз: «Ием маған жар, мен қорықпаймын ешбір жайттан, не істей алады адам баласы маған?» деп нық сеніммен айтамыз.
Hebr Kaz 13:7  Өздеріңе Құдайдың хабарын айтқан жетекшілеріңді ұмытпаңдар. Олардың қалай өмір сүріп, қалай бұ дүниеден кеткендерін естеріңде ұстап, сенімдерін үлгі-өнеге етіңдер!
Hebr Kaz 13:8  Иса Мәсіх өткенде, қазір және болашақта мәңгілік Өзі болып қала береді.
Hebr Kaz 13:9  Түрлі бөтен ілімдерге ілесіп кетпеңдер! Жан дүниеміздің Құдайдың рақымымен нығаюы игі. Бұған ішіп-жеуге болатын тағамдар туралы діни ережелердің қатысы жоқ. Мұндайларды ұстанғандар олардан еш пайда таппайды.
Hebr Kaz 13:10  Мәсіх біз үшін өмірін құрбан етті. Ал ғибадатханада ескі рәсімдерге сай құлшылық етіп жүргендерге Мәсіхтің құрбандық өлімінен келер пайда жоқ.
Hebr Kaz 13:11  Сол рәсімдер бойынша бас діни қызметкер күнәнің құнын өтеу үшін құрбандыққа шалынған малдардың қанын (жылына бір рет) киелі үйдің ең қасиетті бөліміне алып барады. Ал құрбандықтардың өздері ел қонысының сыртына шығарылып, өртеледі.
Hebr Kaz 13:12  Сол сияқты Иса да, адамдарды Өзінің қаны арқылы Құдайға бағыштап қасиетті ету үшін қала қақпасының сыртында азапталып, құрбан болды.
Hebr Kaz 13:13  Сондықтан біз ескі құлшылық ету рәсімдерінен аулақ шығып, Мәсіхке еріп, Оның көрген қорлығын бөлісейік.
Hebr Kaz 13:14  Осы күнәкар дүниеде біз тұратын мәңгілік қала жоқ, қайта, көктегі келешек қаланы аңсап күтудеміз.
Hebr Kaz 13:15  Сонымен Мәсіх арқылы Құдайды үнемі мадақтап сый-тартуымызды ұсынайық: Оның «Жаратқан Ие» деген атағын ауызбен де мойындап, дәріптеуіміз біздің Тәңір Иеге арнаған құрбандығымыз болады.
Hebr Kaz 13:16  Сондай-ақ, қолдағы игіліктеріңмен өзара бөлісіп жақсылық жасауды ұмытпаңдар! Мұндай құрбандықтарға да Құдай риза.
Hebr Kaz 13:17  Жетекшілеріңе мойынсұнып, айтқандарын тыңдаңдар. Олар ұдайы рухани өмірлеріңнің қамын жеп, сол қызметтері туралы Мәсіх алдында есеп беруге тиісті. Мұны қинала емес, қуана атқарулары үшін оларға мойынсұныңдар. Олай етпесеңдер, өздерің зиян көресіңдер.
Hebr Kaz 13:18  Біз үшін Құдайға сиыныңдар. Ар-ұжданымыздың таза екеніне сенімдіміз, барлық жағдайда да адал жүруге ұмтыламыз.
Hebr Kaz 13:19  Маған тезірек өздеріңе қайтып баруға жол ашсын деп Тәңір Иемізден тілеулеріңді ерекше өтінемін.
Hebr Kaz 13:20  Татулық пен тыныштық орнатқан Құдай біздің Иеміз Исаны өлімнен тірілтіп алды. Иеміз өз қанын төгіп құрбан болуымен мәңгілік Жаңа Келісімді бекіткендіктен, сенушілер қауымының Ұлы Бағушысы болды.
Hebr Kaz 13:21  Лайым Құдай Өзінің айтқандарын орындауларың үшін сендерге қажетті барлық жақсылықты дарыта көрсін, әрі Өзіне ұнайтын игі істерді Иса Мәсіхтің қолдауымен сендерге жасата берсін. Мәсіхтің ұлылығы мәңгілік мадақтала берсін! Аумин.
Hebr Kaz 13:22  Қымбатты бауырластар, өтінемін, сендерге арнаған ескертпелерімді қабыл алыңдар; қысқа ғана жаздым емес пе?
Hebr Kaz 13:23  Бауырласымыз Тімотенің тұтқыннан босатылғанынан хабардар болыңдар. Егер ол мұнда тезірек келсе, онымен бірге өздеріңді көретін ойым бар.
Hebr Kaz 13:24  Барлық жетекшілеріңе және Құдайдың бүкіл халқына сәлемімді жеткізіңдер. Италиялық бауырластарымыз да сендерге сәлем жолдауда.
Hebr Kaz 13:25  Лайым бәріңе Құдай жар болып, рақымын жаудыра көрсін! (Аумин.)