Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
NEHEMIAH
Up
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13
Chapter 1
Nehe Kaz 1:1  Бұл — Ахалиях ұлы Нехемияның басынан кешкендерін баяндаған сөздері.(Артақсерікс патшалық құрған) жиырмасыншы жылдың тоғызыншы айында мен бекіністі астана Сузыда тұрып жаттым.
Nehe Kaz 1:2  Сол кезде ағайындарымның бірі — Ханани бірнеше адаммен бірге Яһуда аймағынан сапарлап келіп, маған соқты. Мен олардан (Бабылға) жер аударылудан елге қайтқан яһудилердің күй-жайын және Иерусалим қаласының хал-жағдайын сұрадым.
Nehe Kaz 1:3  Олар маған: «Жер аударылудан аман қалып, сол аймаққа қайта оралғандардың күй-жайы мүшкіл, көргендері қорлық! Иерусалимді қоршаған қабырғалар қиратылған, қақпалары да өртелген», — деп баяндады.
Nehe Kaz 1:4  Мұны естігенде мен отыра қалып, бірнеше күн бойы қайғырып жылап, ораза ұстап, көктегі Құдайға мінажат еттім.
Nehe Kaz 1:5  Былай деп сиындым: «Уа, Жаратқан Ие, көктегі Құдай! Сен Өзіңді сүйіп, өсиеттеріңді ұстанатындарға Келісіміңнің уәделерін орындап, берік мейіріміңді көрсететін ұлы да айбынды Құдайсың.
Nehe Kaz 1:6  Қызметшілерің — Исраилдің үрім-бұтағы үшін күні-түні Өзіңе сиынып отырған мендей құлыңның дұғаларына құлағыңды түріп, назарыңды аудара гөр! Исраилдің үрім-бұтағы — біздер Саған қарсы жасаған күнәларымызды мойындаймыз. Менің өзім де, шыққан әулетім де күнә жасадық.
Nehe Kaz 1:7  Өзіңе қарсы зұлым істер істедік. Өз қызметшің Мұса арқылы бұйырған өсиеттерің, ережелерің және шешімдеріңді ұстанған жоқпыз.
Nehe Kaz 1:8  Сен қызметшің Мұсаға тапсырған мына сөзіңді есіңе ала гөр: «Егер Маған опасыздық жасасаңдар, сендерді басқа халықтардың арасына таратып жіберемін.
Nehe Kaz 1:9  Бірақ егер Маған қайта оралып, өсиеттерімді ұстанып орындайтын болсаңдар, онда тіпті жердің қиыр шеттеріне дейін айдалып тасталған болсаңдар да, Мен сендерді сол жақтан жинаймын, әрі өз есімімді орнатуға таңдап алған жерге қайтарып әкелемін!»
Nehe Kaz 1:10  Исраил халқы — Сенің құдіретті қолыңды алға созып ерен күш-қуатыңмен құтқарып алған қызметшілерің әрі халқың ғой.
Nehe Kaz 1:11  О, Жасаған Ие, Саған бойсұнған менің және есіміңді сүйсіне қастерлейтін басқа да қызметшілеріңнің дұғаларымызға құлақ аса гөр! Енді патшаны маған оң көзімен қаратып, ісімді табысты қыла гөр!»Себебі сол кезде мен патшаның сусындарын басқарып, дайындайтын уәзірі болатынмын.
Chapter 2
Nehe Kaz 2:1  Артақсерікс патшалық құрған жиырмасыншы жылдың сәуір айының бір күні патшаның шарап ішетін кезі келгенде мен шарапты тостағанға құйып, патшаға ұсындым. Бұған дейін мен ешқашан да патшаның алдында көңілсіз болған емес едім.
Nehe Kaz 2:2  Патша маған:— Ауырып тұрғанға ұқсамайсың, неге соншама көңілсізсің? Жан дүниең бір нәрсеге қатты қайғырып тұр ғой! — деген сұрақ қойды. Мен қатты қорқып кеттім.
Nehe Kaz 2:3  Патшаға жауап беріп:— Патша ағзам көп жасасын! Ата-бабаларымның қабірлері орналасқан қала қирап бос жатыр, әрі қақпалары өртеліпті! Солай болғанда бет-жүзімнің қалайша көңілсіз болмауы мүмкін? — дедім.
Nehe Kaz 2:4  Патша маған:— Онда қандай өтінішің бар? — деген сауал қойды. Мен көктегі Құдайға іштей сиынып алып,
Nehe Kaz 2:5  патшаға былай деп жауап қаттым:— Егер патша ағзам мақұл көріп, алдындағы қызметшісіне ризашылықпен қараса, онда мені ата-бабаларымның қабірлері жатқан қаланы қайтадан тұрғызуға Яһуда аймағына жібере көрсе екен. —
Nehe Kaz 2:6  Патша менен:— Сонда баруға саған қанша уақыт керек болады? Қашан қайтып келесің? — деп сұрады. Мен оған қанша уақыт кететінін айтқанымда, патша мені жіберуді жөн көрді. Оның жанында патшайым да отырды.
Nehe Kaz 2:7  Мен патшаға тағы мына тілегімді де білдірдім:— Уа, патшам, егер мақұл көрсеңіз, маған Батыс Евфрат өлкесі арқылы өтіп, Яһудаға жету үшін сол өлкедегі әміршілерге арнап рұқсат хаттарын жаздырып берсеңіз игі болар еді.
Nehe Kaz 2:8  Сондай-ақ, ғибадатхананың қасындағы қорғанның қақпаларын, қаланың қабырғасын және өзіме үй салдыру үшін бөренелер берсін деп патшаның орманын басқарушы Асафқа арналған бір хатты да жаздырып берсеңіз екен.Құдайдың шапағатты мейірімімен патша осы сұрағандарымның бәрін де берді.
Nehe Kaz 2:9  Осылай мен жолға шығып, Батыс Евфрат өлкесіндегі әкімдерге келіп, оларға патшаның хаттарын тапсырдым. Патша, сондай-ақ, қолбасшылар мен бірқатар атты әскерді де маған ертіп жіберген болатын.
Nehe Kaz 2:10  Бірақ хоронайымдық Санбаллат және аммондық қызметкер Тобиях менің келе жатқаным туралы естігенде, екеуі біреудің исраилдіктерге жақсылық жасамақ болып келгеніне қатты наразыланды.
Nehe Kaz 2:11  Осылай мен Иерусалимге жеттім. Қалада үш күн болғаннан кейін
Nehe Kaz 2:12  өзіме еріп келген біраз адаммен бірге түнде тұрдым. Құдайымның менің жүрегіме Иерусалим үшін не істейтінім туралы салған ойларын ешкімге айтқан жоқ едім. Астымдағы көлік малдан басқа ешқандай көлік алған жоқпыз.
Nehe Kaz 2:13  Сонымен түнде Аңғар қақпасынан шығып, Шибөрі қайнарының маңынан өтіп, Күл қақпасына жеттім. Сөйтіп Иерусалимнің қираған қамал қабырғалары мен өртеніп кеткен қақпаларын тексеріп қарап шықтым.
Nehe Kaz 2:14  Содан соң Қайнар қақпасы мен Патша тоғанына қарай бет алдым. Алайда астымдағы көлік малдың сол жаққа өтуіне орын болмады.
Nehe Kaz 2:15  Сондықтан түн ішінде Қидрон сайы арқылы өрлеп шықтым да, сол жақтағы қабырғаларды тексердім. Сосын кері бұрылып, Аңғар қақпасы арқылы қалаға қайтып келдім.
Nehe Kaz 2:16  Менің қайда барып, не істегенімді қаланың билік басындағылары білген жоқ. Себебі мен әлі де яһуди басшыларымен: діни қызметкерлер, жетекшілер, қызметкерлер және әкімшілікте істейтін басқалармен сөйлескен жоқ едім.
Nehe Kaz 2:17  Енді мен оларға тіл қатып былай дедім: «Біздің қандай қиын жағдайда жүргенімізді өздеріңіз көріп отырсыздар. Иерусалим қиратылып, оның қақпалары өртеніп кеткен. Қаланың қамал қабырғасын қайта тұрғызайық та, бұдан былай сондай масқараға қалмайық!»
Nehe Kaz 2:18  Сонымен қатар оларға Құдайдың мені шапағатты мейірімімен жарылқағаны және патшаның қолдаған сөздері туралы да айтып бердім. Сонда олар: «Мақұл, қабырғаны тұрғызайық!» — деп, осы игілікті іске білек сыбана кіріспекші болды.
Nehe Kaz 2:19  Бірақ хоронайымдық Санбаллат, аммондық қызметкер Тобиях және арабиялық Гешем осы туралы естігенде, бізді келекелеп:— Әй, бұл істеп жатқандарың не? Патшаға қарсы шығайын деп жатырсыңдар ма? — деп мазақтады.
Nehe Kaz 2:20  Мен оларға жауап қайырып:— Бізге табыс сыйлайтын — көктегі Құдай! Сондықтан да біз, Оның қызметшілері, құрылысты бастаймыз. Ал өздеріңіздің Иерусалимнен не үлестеріңіз, не құқықтарыңыз, не талап ететіндей негіздеріңіз жоқ! — дедім.
Chapter 3
Nehe Kaz 3:1  Осылай бас діни қызметкер Елияшип өз ағайындары — діни қызметкерлермен бірге жұмысқа кірісіп кетті. Олар Қой қақпасын тұрғызып, есіктерін орнатты; содан соң Қой қақпасына әрі қала қабырғасының Жүздік және Хананел мұнараларына дейінгі аралығына Жаратқан Иеге бағышталу рәсімін жасады.
Nehe Kaz 3:2  Бас діни қызметкердің жанында Иерихонның адамдары, ал солардың қасында Имри ұлы Зақур қала қабырғасының келесі бөліктерін салды.
Nehe Kaz 3:3  Сенуаның ұлдары Балық қақпасын тұрғызды. Олар соның бөренелерін қиюластырып, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін орнатты.
Nehe Kaz 3:4  Олардың жанында Хақостың немересі Ұрия ұлы Меремот келесі бөлікті жөндеп бекітті. Оның жанында Мешизабелдің немересі Барақиях ұлы Мешулам, ал соның қасында Бағана ұлы Садық қабырға бөліктерін жөндеп нығайтты.
Nehe Kaz 3:5  Бұлардан кейінгі бөлікті текоялықтар бекітіп қалпына келтірді. Бірақ олардың ауқаттылары басқарушыларының тапсырмаларына сай жұмысқа мойынсұнғылары келмеді.
Nehe Kaz 3:6  Пасеах ұлы Жояда мен Бесодиях ұлы Мешулам Көне қақпаны жөндеп нығайтты. Олар қақпаның бөренелерін қиюластырып, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін орнатты.
Nehe Kaz 3:7  Олардың қасындағы жөндеу жұмыстарын гибеондық және миспалық адамдар, гибеондық Мелатиах пен мероноттық Ядон әрі Батыс Евфрат өлкесінің әміршісіне қарайтын жерлерден келгендер атқарды.
Nehe Kaz 3:8  Солардың жанында зергерлердің біреуі — Харқаях ұлы Ұзиел, ал оның қасында хош иісті зат дайындаушылардың біреуі — Хананиях қабырғаның бір бөлігін жөндеп нығайтты. Бұлар Иерусалимді Кең қабырғаға дейін бекітіп қалпына келтірді.
Nehe Kaz 3:9  Солардың жанында Иерусалимнің жарты ауданын басқаратын Һұр ұлы Рефаях қабырғаның келесі бөлігін жөндеп бекітті.
Nehe Kaz 3:10  Олардың қасында Харумаф ұлы Едаях қабырғаның өз үйінің қарсысындағы бөлігін, ал оның жанында Хашабнея ұлы Хатуш келесі бөлікті қалпына келтіріп нығайтты.
Nehe Kaz 3:11  Харым ұлы Малқиях пен Пахат-моаб ұлы Хашуб қабырғаның қосалқы бөлігін және Тандыр мұнарасын жөндеп бекітті.
Nehe Kaz 3:12  Содан кейінгі жерді Иерусалимнің жарты ауданының әкімі Халохеш ұлы Шаллум өз қыздарымен бірге қалпына келтіріп нығайтты.
Nehe Kaz 3:13  Анон және Заноах қаласының тұрғындары Аңғар қақпасын нық етіп тұрғызды да, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін орнатты. Олар тағы да Күл қақпасына дейінгі қала қабырғасының бір мың шынтақ бөлігін жөндеп бекітті.
Nehe Kaz 3:14  Беткәрем ауданының әкімі Рехап ұлы Малқиях Күл қақпасын жөндеп бекітіп, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін қайтадан орнатты.
Nehe Kaz 3:15  Миспа ауданының әкімі Қолхозе ұлы Шаллум Қайнар қақпасын тұрғызып бекітті де, төбесін жауып, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін орнатты. Шаллум, сондай-ақ, қабырғаның Патша бағының қасындағы Силоғам тоғанының тұсындағы бөлігін Дәуіттің шаһарынан төмен түсіп жатқан баспалдақтарға дейін жөндеп нығайтты.
Nehe Kaz 3:16  Шаллумнан кейін Бет-Сұрдың жарты ауданының әкімі — Азбұқ ұлы Нехемия қабырғаның Дәуіт әулетінің қабірлеріне қарама-қарсы жатқан жерінен бастап, қолдан жасалған тоған мен Батырлар тұрағына дейінгі аралығын жөндеп бекітті.
Nehe Kaz 3:17  Одан кейін леуіліктер Бани ұлы Рехумның басшылығымен қабырғаны жөндеп нығайту жұмыстарын атқарды. Олармен көршілес бөлікті Кеилдің жарты ауданының әкімі — Хашабиях сол жарты ауданның атынан жөндеп бекітті.
Nehe Kaz 3:18  Хашабияхтан кейін оның ағайындары Кеилдің келесі жарты ауданының әкімі — Хенадад ұлы Бинуйдің басшылығымен жөндеп нығайту жұмыстарын жүргізді.
Nehe Kaz 3:19  Бинуйдің қасында Миспаның әкімі — Ешуа ұлы Езер қабырға бұрышындағы қару-жарақ қоймасына апаратын асудан басталатын қосалқы бөлікті жөндеп бекітті.
Nehe Kaz 3:20  Езердің жанында Забай ұлы Барух бұрыштан бастап, бас діни қызметкер Елияшиптің сарайының кіреберісіне дейінгі қосалқы бөлікті құлшына жөндеп нығайтты.
Nehe Kaz 3:21  Барухтан кейін Хақостың немересі Ұрия ұлы Меремот Елияшиптің сарайының кіреберісінен сарайдың шетіне дейінгі қосалқы бөлікті қалпына келтіріп нығайтты.
Nehe Kaz 3:22  Меремоттан кейінгі бөлікті төңіректегі жерлерден жиналған діни қызметкерлер жөндеп бекітті.
Nehe Kaz 3:23  Діни қызметкерлердің қасында Бунямин мен Хашуб өз үйлерінің тұсындағы бөлікті жөндеп нығайтты. Олардан кейін Ананиях немересі Мағасиях ұлы Азариях өз үйінің маңындағы бөлікті бекітіп қалпына келтірді.
Nehe Kaz 3:24  Одан кейін Хенадад ұлы Бинуй Азарияхтың үйінен бастап, қабырғаның ішке қарай кіре түскен жеріне және оның бұрышына дейінгі екі аралықтағы қосалқы бөлікті жөндеп нығайтты.
Nehe Kaz 3:25  Ұзай ұлы Палал қабырғаның ішке қарай кіре түскен бөлігін және Қарауылдар ауласының жанындағы патшаның Жоғарғы сарайынан шығатын мұнараның қарсысындағы бөлікті жөндеп бекітті. Палалдан кейін Парош ұлы Педаях
Nehe Kaz 3:26  және Опел төбесінде тұратын ғибадатхана қызметшілері қабырғаның шығыс жақтағы Су қақпасының қарсысы мен Шығыңқы мұнараның маңына дейінгі аралығын қалпына келтірді.
Nehe Kaz 3:27  Бұлардың жанында текоялықтар Үлкен шығыңқы мұнараның қарсысынан бастап, Опел төбесіндегі қабырғаға дейін созылған қосалқы бөлікті жөндеп нығайтты.
Nehe Kaz 3:28  Жылқы қақпасынан жоғарырақ жерде діни қызметкерлер әрқайсысы қабырғаның өз үйінің тұсындағы бөлігін жөндеп нығайтты.
Nehe Kaz 3:29  Олардың қасында Имер ұлы Садық қабырғаның өз үйінің тұсындағы бөлігін мықтап жөндеді, ал Садықтың жанында Шығыс қақпасының басқарушысы Шеханиях ұлы Шемаях қабырғаның бір бөлігін қалпына келтіріп бекітті.
Nehe Kaz 3:30  Шемаяхтың қасында Шелемиях ұлы Хананиях пен Салафтың алтыншы ұлы Анон қабырғаның қосалқы бөлігін бекітіп жөндеді. Бұлардың жанында Барақиях ұлы Мешулам өзі тұратын бөлмесінің маңындағы қабырға бөлігін жөндеп нығайтты.
Nehe Kaz 3:31  Мешуламның жанында зергерлердің бірі Малқиях Сап алаңы қақпасының қарсысындағы ғибадатхана қызметшілері мен саудагерлердің тұратын үйлеріне дейінгі бөлікті және қабырғаның бұрышын жоғарғы бөлмеге дейін бекітіп жөндеді.
Nehe Kaz 3:32  Ал қабырғаның бұрышындағы жоғарғы бөлме мен Қой қақпасының арасындағы жөндеп нығайту жұмыстарын зергерлер мен саудагерлер жүргізді.
Chapter 4
Nehe Kaz 4:1  Санбаллат біздің қала қабырғасын тұрғызып жатқанымызды білгенде, зығырданы қайнап қатты ашуланды. Ол біздерді, яһудилерді, келекелеп,
Nehe Kaz 4:2  өзінің ағайын-достары мен Самария әскерінің алдында: «Мына бейшара яһудилер не істеп жүр? Олар шынымен-ақ біраз малдарын құрбандыққа шалып, бір-ақ күннің ішінде қабырғаны қалпына келтіре қоймақ па? Әлде күл-қоқыс үйінділерінен тастарды шығарып алып, қайта жандандыра ала ма? Олар өртеніп, әбден сынғыш болған ғой, ха-ха!» — деп мысқылдады.
Nehe Kaz 4:3  Оның жанында тұрған аммондық Тобиях та: «Өй, сол тұрғызып жатқандарына бір-ақ түлкі шыға қалса, тас қабырға деп жүргендерін опырып қиратып тастар!» — деп мазақтады.
Nehe Kaz 4:4  «Уа, Құдайымыз, қандай масқараға қалып тұрмыз, бізге құлақ сала гөр! Олардың мазағын өз бастарына келтіре гөр! Өздерін бөтен елде тұтқынға түсіп, тоналатын ете гөр!
Nehe Kaz 4:5  Кінәларын жазасыз қалдырмай, жасаған күнәларын көз алдыңнан өшіріп тастай көрме! Себебі олар құрылысшылардың алдында Сенің қаһарыңды өршітті ғой».
Nehe Kaz 4:6  Халық жұмысты бар ықыласымен істегендіктен, біз бүкіл қаланы қоршаған қабырғаны бұрынғы биіктігінің жартысына дейін тұрғызып тастадық.
Nehe Kaz 4:7  Бірақ Санбаллат, Тобиях, арабиялықтар, аммондықтар және азоттықтар: «Иерусалимнің қабырғаларын жөндеу жұмыстары алға жылжып, оның құлаған жерлері бітелуде» дегенді естігенде, олар бұған қатты ашуланды.
Nehe Kaz 4:8  Барлығы бірге ақылдасып: «Иерусалимге қарсы тап беріп, онда аласапыран жасаймыз!» деп сөз байласты.
Nehe Kaz 4:9  Сол себепті біз Құдайымызға сиынып, олардан қорғану үшін күні-түні қабырғаға қарауыл қойдық.
Nehe Kaz 4:10  Сол кезде Яһуданың адамдары: «Жүк тасушылар титықтап шаршап қалды! Күл-қоқыс тым көп! Өз күшімізбен қабырғаны тұрғыза алмаймыз!» — деп түңіле бастады.
Nehe Kaz 4:11  Бұның үстіне дұшпандарымыз: «Олар не болып жатқанын көріп, білгенге дейін-ақ, біз келіп, оларды өлтіріп, жұмыстарын тоқтатып тастаймыз!» — деп қоқан-лоқы көрсетіп те жүрді.
Nehe Kaz 4:12  Солардың қастарында тұратын яһудилер он рет келіп, бізге: «Олар жан-жақтан аттанып, бізге тап бермек!» — деп айта берді.
Nehe Kaz 4:13  Сондықтан мен халықты семсер, найза және садақпен қаруландырып, қабырғаның ең аласа, ашық жерлерінің арғы жағына әулеттері бойынша қарауылға тұрғыздым.
Nehe Kaz 4:14  Сосын бәрін тексеріп қарап шыққаннан кейін биіктеу жерге тұрдым да, жетекшілер мен қызметкерлерге және бүкіл халыққа сөз сөйлеп былай дедім: «Олардан қорықпаңдар! Ұлы да айбынды Жасаған Иені естеріңнен шығармаңдар! Өз ағайындарың, ұл-қыздарың мен әйелдерің әрі үй-жайларың үшін шайқасыңдар!»
Nehe Kaz 4:15  Осылай дұшпандарымыз өздері құрған жоспарларының бізге белгілі болып қалып, бұларын Құдайдың Өзі бұзғанын естіп білді. Сонымен бәріміз қабырға құрылысына қайта оралып, әрқайсымыз өз ісімізге кірістік.
Nehe Kaz 4:16  Сол күннен бастап, өз қызметшілерімнің жартысы құрылыс жұмыстарына қатысып, екінші жартысы найза, қалқан, садақтарын асынып, сауыттарын киіп тұрды. Қолбасшылар
Nehe Kaz 4:17  қабырғаны салып жатқан яһудалықтардың арт жағында тұрды. Жүк таситындар бір қолдарымен жүк тасып, екінші қолдарымен қару ұстап жүрді.
Nehe Kaz 4:18  Әрбір құрылысшы беліне семсерін тағып алып жұмыс істеді. Дабыл қағатын кернейші әрқашан қасымда жүрді.
Nehe Kaz 4:19  Мен жетекшілер мен қызметкерлерге және бүкіл халыққа сөз сөйлеп былай дедім: «Жұмыс өте көп және кең көлемде жасалуы керек. Ал біз қабырғаның бойына тарап, бір-бірімізден едәуір алшақтап жүреміз.
Nehe Kaz 4:20  Кернейдің даусын ести салысымен-ақ, керней тартылған біздің қасымызға лезде жиналып келіңдер! Сонда Құдайымыз біз үшін шайқасатын болады!»
Nehe Kaz 4:21  Осылайша біз таң атқаннан жұлдыздар жымыңдай бастағанға дейін жұмысымызды істей бердік. Ал ер адамдардың жартысы найзаларын ұстап тұрды.
Nehe Kaz 4:22  Сол кезде мен халыққа тағы да тіл қатып: «Әрбір адам өз қызметшісімен бірге Иерусалимнің ішінде түнеп шықсын! Сонда олар қаланы түнде қорғауға, күндіз жұмысын істеуге дайын болады!» — дедім.
Nehe Kaz 4:23  Содан өзім мен ағайындарым да, қызметшілерім әрі қасымда еріп жүретін күзетшілерім де ешқайсымыз үстіміздегі киімімізді шешпей әрдайым дайын жүрдік. Әркім өз қаруын тіпті су алуға барған кезде де тастаған жоқ.
Chapter 5
Nehe Kaz 5:1  Сол кездері халықтың көп адамдары әйелдерімен бірге ауқатты яһуди ұлттастарының үстінен шағымданып айқай салды.
Nehe Kaz 5:2  Кейбіреулері:— Ұл-қыздарымыз бар біздер көп адамбыз. Аштан өлмей тірі қалуымыз үшін бізге астық алу қажет! — десе,
Nehe Kaz 5:3  тағы біреулері:— Ашаршылық кезінде біз нанымызды тауып жеу үшін өз егістіктеріміз бен жүзімдіктерімізді және үй-жайларымызды кепілдікке беруге мәжбүр болдық! — деп наразылық білдірді. —
Nehe Kaz 5:4  Патшаның алым-салығын төлеу үшін де егістіктер мен жүзімдіктерімізді несие берушілерге кепілдікке табыстауға мәжбүр болдық.
Nehe Kaz 5:5  Ата-тегіміз солардікі сияқты біз де яһудилерміз, балаларымыз да олардікінен еш кем емес! Әйтсе де біз ұл-қыздарымызды оларға басыбайлы қызметшілікке сатуға мәжбүрміз. Кейбір қыздарымыз қазірдің өзінде солардың уысында! Бірақ істейтін шарамыз жоқ, өйткені егістіктеріміз бен жүзімдіктеріміз басқалардың иелігінде!
Nehe Kaz 5:6  Олардың осылай шағымданып айқайлағандарын естігенде қатты ашуландым.
Nehe Kaz 5:7  Мен сол туралы біраз ойланып-толғанғаннан кейін жетекшілер мен қызметкерлерді сөгіп, оларға:— Сендер берген қарыздарыңнан өсім талап етіп, әрқайсыларың тіпті исраилдік бауырластарыңа солай істейді екенсіңдер! — деп наразылық білдірдім. Содан соң мен осы мәселе жайлы жұртты үлкен жиналысқа шақырдым.
Nehe Kaz 5:8  Жиналыста ауқаттыларға былай дедім:— Біз қолымыздан келгенше, бөтен халықтарға құлдыққа сатылып кеткен яһуди ағайындарымызды құндарын төлеп босатып алып жүрміз. Бірақ сендер, керісінше, өз ағайындарыңды құлдыққа сатып жүрсіңдер! Сонда біздің оларды қайтадан құндарын төлеп босатуымыз керек дейсіңдер ме?!Олар бұған қарсы айтатын сөз таба алмай, үнсіз қалды.
Nehe Kaz 5:9  Мен оларға тағы былай да дедім:— Бұлай істейтіндерің еш дұрыс емес! Дұшпандарымыз — сол бөтен халықтардың мазағына ілінбеуіміз үшін сендердің Құдайды терең қастерлеп, соған сай іс-әрекет жасауларың қажет емес пе?
Nehe Kaz 5:10  Мен өзім де, ағайындарым мен қызметшілерім де оларға қарызға күміс және астық беріп келеміз. Бұдан былай өсім алу дегенді қояйық!
Nehe Kaz 5:11  Сонымен қатар сендер қазір, бүгін-ақ, оларға егістіктері мен жүзімдіктерін, зәйтүн бақтары мен үй-жайларын қайтарып беріңдер! Сондай-ақ, қарызға берген күмістеріңнен, астық, жүзім шырыны және зәйтүн майларыңнан өсім ретінде алған жүзден бір бөлікті де өздеріне қайтарып беріңдер! —
Nehe Kaz 5:12  Олар:— Бәрін де өздеріне қайтарып береміз, енді ештеңе талап етпейміз. Сіз қалай айтсаңыз, солай істейміз! — деп уәде етті.Сонда мен діни қызметкерлерді шақырып алып, солардың алдында жетекшілер мен қызметкерлерге уәделерінде тұратыны туралы ант бергіздім.
Nehe Kaz 5:13  Мен шапанымның өңірін олардың көзінше қағып: «Өзінің уәдесінде тұрмайтын адамды Құдай да осылай өз үй-жайынан қақсын! Иә, сондай адам дәл осылай қағылып, түгі қалмасын!» — деп нық айттым. Бұған бүкіл жиналған жамағат: «Аумин!» — деп келісіп, Жаратқан Иені мадақтады. Бұдан былай халық берген сөзіне сәйкес әрекет ететін болды.
Nehe Kaz 5:14  Яһуда елінің әкімі болып тағайындалған уақытымнан, яғни Артақсерікс патшаның билік құрған жиырмасыншы жылынан бастап, отыз екінші жылына дейінгі он екі жыл бойы, менің өзім де, ағайындарым да әміршіге халықтан тиесілі азық-түлікпен тамақтанған жоқпыз.
Nehe Kaz 5:15  Менен бұрын болған аймақ әміршілері халыққа алым-салықтың ауыр жүгін артқан еді. Олардан қырық мысқал күміс болатын салықтың үстіне тағы астық пен шарап талап ететін. Олардың қызметкерлері де халыққа үстемдік жасап, қанаушылықпен айналысты. Бірақ мен Құдайды терең қастерлейтіндіктен бұндай іс-әрекетпен шұғылданбадым.
Nehe Kaz 5:16  Қайта, мен қала қабырғасын салуды қолдадым. Өзіме ешбір егістік жер сатып алмадым. Барлық қызметші жігіттерім қабырға басында жиналып, жұмысқа қатысты.
Nehe Kaz 5:17  Айналамыздағы халықтардан келген қонақтарды санамағанда, мен жүз елу яһуди елдестерім мен қызметкерлерді өз дастарқанымнан тамақтандырып жүрдім.
Nehe Kaz 5:18  Бір күннің тамағына бір өгіз бен таңдаулы алты қой-ешкі әрі бірнеше құс сойылып, дайындалатын. Он күнде бір рет әр түрлі ашытылған сусындардан да тұрағыма молынан әкелінетін. Осының бәріне қарамастан мен аймақ әміршісі ретінде маған тиесілі азық-түлікті елдің халқынан талап етпедім. Өйткені олардың мойнындағы жүк онсыз да ауыр болатын.
Nehe Kaz 5:19  «Уа, Құдайым, осы халыққа жасаған қызметімді менің игілігіме ескере гөр!»
Chapter 6
Nehe Kaz 6:1  Санбаллат, Тобиях, арабиялық Гешем және қалған дұшпандарымыз да менің қабырға құрылысын бітіріп, оның бірде-бір құлаған жерінің қалып қоймағаны туралы хабар алды. Ал қақпалардағы есіктерді мен әлі де орнатып болмаған едім.
Nehe Kaz 6:2  Сондықтан Санбаллат пен Гешем маған кісі жіберіп:— Оно алқабындағы елді мекендердің бірінде кездесейік! — деп шақырды. Олар маған қастандық жасауға ниеттеніп жүрген болатын.
Nehe Kaz 6:3  Мен оларға хабаршыларымды жіберіп:— Мен мұнда зор іспен айналысып жатырмын. Сондықтан сол жерге төмен түсіп бара алмаймын. Не үшін жұмысты тоқтатып, сіздерге ылдилап баруым керек? — деп жауап бердім.
Nehe Kaz 6:4  Олар маған дәл солай төрт рет кісілерін жіберіп, мен де оларға сол жауабымды соншама рет қайтардым.
Nehe Kaz 6:5  Санбаллат маған осылайша бесінші рет қызметшісін жібергенде соның қолында мөрленбеген ашық хаты болды.
Nehe Kaz 6:6  Хатта былай деп жазылған екен: «Айналадағы халықтардың арасында қауесет тарап жатыр. Гешем де соны айтуда. Өзіңіз бен басқа яһудилер көтеріліс жасауды ниеттеніп жатыр екенсіздер. Қала қабырғасын да сол себептен тұрғызып жатқан көрінесіздер. Осы хабарлар бойынша өзіңіз солардың патшасы болмақшы екенсіз.
Nehe Kaz 6:7  Мұнан басқа сіз өзіңіз жайлы «Яһуданың өз патшасы бар!» деп жариялауға Иерусалимде пайғамбарларды да тағайындап қойыпсыз. Ал енді, бұл сөздер (Артақсерікс) патшаның құлағына жетпей қоймайды. Сондықтан келіңіз, осы мәселе туралы бірге ақылдасайық!»
Nehe Kaz 6:8  Ал мен оған: «Сіздің айтқандарыңыздың ешқайсысы да істелініп жатқан жоқ! Оларды ойлап шығарған — өзіңіз!» — деген жауап жібердім.
Nehe Kaz 6:9  Сол адамдар бізді қорқытуға тырысып: «Олардың қолдары әлсіреп, жұмысты тоқтатып қоятын болады», — десті. Бірақ мен: «Қолдап, қайрат-жігер бере гөр!» — деп мінажат еттім.
Nehe Kaz 6:10  Кейінірек мен Мехетабелдің немересі Делаях ұлы Шемаяхқа соқтым. Сол адам үйін ішінен бекітіп алған екен. Шемаях мені:— Құдайдың киелі үйінде, ғибадатхананың ортасында кездесіп, есікті іштен тас бекітіп алайық! Өйткені сізді өлтіруге адамдар келейін деп жатыр. Олар түнде келіп, жаныңызды алмақшы! — деп сақтандырды.
Nehe Kaz 6:11  Бірақ мен оған:— Мендей адам бас сауғалап қаша ма? Және мендей адам ғибадатхананың ішіне кіріп, тірі қала ала ма? Жоқ, бармаймын! — дедім.
Nehe Kaz 6:12  Шемаяхты жіберген Құдай емес екенін мен жақсы ұққан едім. Керісінше, Тобиях пен Санбаллат пара беріп жалдап алғандықтан, Шемаях мен туралы осындай жалған пайғамбарлық сөз айтты.
Nehe Kaz 6:13  Ондағы мақсаттары мені қорқытып, маған күнә жасату болды. Егер де солай істесем, дұшпандарым мені жамандап, кінәлауға сылтау тапқан болар еді.
Nehe Kaz 6:14  «Уа, Құдайым, Тобиях пен Санбаллаттың істеген осы іс-әрекеттерін есіңнен шығара көрме! Сондай-ақ, пайғамбар әйел Ноғадияның және мені үрейлендірмек болған тағы басқа пайғамбарлардың да істегендерін есіңде сақтай гөр!»
Nehe Kaz 6:15  Осылайша қабырғаны нығайтып қалпына келтіру жұмыстары елул айының жиырма бесінде, елу екі-ақ күннің ішінде аяқталды.
Nehe Kaz 6:16  Күллі дұшпандарымыз бұл туралы естіп, айналамыздағы халықтардың бәрі қорқып, түңілді. Бұл істің толықтай жүзеге асқанына Құдайымыздың Өзінің себепші болғанына олардың көздері жетті.
Nehe Kaz 6:17  Сол күндері Яһуданың жетекшілері Тобияхқа көптеп хат жолдап, оның хаттары да бұларға келіп жатты.
Nehe Kaz 6:18  Яһудадағы көптеген адам оған ант беріп сөз байласқан еді. Өзі Арах ұлы Шеханияхтың күйеу баласы болып, ал ұлы Жоханан Барақиях ұлы Мешуламның қызына үйленген еді.
Nehe Kaz 6:19  Сол яһудилер Тобияхты менің алдымда мақтап, айтқандарымды оған жеткізіп жүрді. Ал Тобиях мені қорқыту үшін маған хаттарын жіберіп отырды.
Chapter 7
Nehe Kaz 7:1  Қала қабырғасы салынып біткен кезде мен қақпалардың есіктерін орнаттырып қойдым. Содан қақпа күзетшілері, ғибадатхана әншілері және леуілік ғибадатхана қызметшілері міндеттеріне тағайындалды.
Nehe Kaz 7:2  Мен ағайыным Хананиға және қорғанның бастығы Хананияхқа Иерусалимнің үстінен билік жүргізуді тапсырдым. Өйткені Хананиях сенімді адам болатын және Құдайды басқалардан гөрі артық қастерлейтін еді.
Nehe Kaz 7:3  Екеуіне мынадай нұсқау бердім: «Күн ысып, қақпа күзетшілері өз орындарында тұрмайынша Иерусалимнің қақпалары ашылмай, есіктері жабылып, кесе-көлденең бөренелермен бекітіліп тұрсын! Иерусалимнің тұрғындарының арасынан сақшыларды тағайындаңдар. Олар қала қабырғасын бойлай және өз үйлерінің қарсысында қарауылда тұратын болсын».
Nehe Kaz 7:4  Сол кезде қала кең-байтақ, ал ішіндегі халқы аз болатын. Қаладағы үйлер әлі де қайта салынбаған еді.
Nehe Kaz 7:5  Содан Құдай маған жетекшілер мен қызметкерлерді және жай халықты жинап, әрқайсысын шығу тектері бойынша тіркеп жазып алу жайлы ой салды. Мен ең бірінші болып елге қайтып келген оралмандардың шежіре жазбасын тауып алып, сонда жазылған төмендегі сөздерді оқыдым:
Nehe Kaz 7:6  Бабыл патшасы Набуходоносор өз еліне жер аударып әкеткен тұтқындардан Яһуда аймағына қайтып келгендер мыналар. Олар Иерусалим мен Яһудаға, кезінде өз ата-бабалары мекендеген сондағы қалаларына қайта оралды.
Nehe Kaz 7:7  Олардың жетекшілері: Зоробабел, Ешуа, Нехемия, Азариях, Рағамиях, Нахамани, Мардохай, Билшан, Мисперет, Бигуай, Нехум, Бағанах.Қайта оралған исраилдіктердің жалпы саны:
Nehe Kaz 7:8  Пароштың ұрпақтары: екі мың бір жүз жетпіс екі адам.
Nehe Kaz 7:9  Шафатияхтың ұрпақтары: үш жүз жетпіс екі адам.
Nehe Kaz 7:10  Арахтың ұрпақтары: алты жүз елу екі адам.
Nehe Kaz 7:11  Пахат-Моабтың Ешуа мен Жоғаб есімді екі ұлынан өрбіген ұрпақтары: екі мың сегіз жүз он сегіз адам.
Nehe Kaz 7:12  Еламның ұрпақтары: бір мың екі жүз елу төрт адам.
Nehe Kaz 7:13  Заттудың ұрпақтары: сегіз жүз қырық бес адам.
Nehe Kaz 7:14  Заққайдың ұрпақтары: жеті жүз алпыс адам.
Nehe Kaz 7:15  Бинуйдің ұрпақтары: алты жүз қырық сегіз адам.
Nehe Kaz 7:16  Бебайдың ұрпақтары: алты жүз жиырма сегіз адам.
Nehe Kaz 7:17  Азғадтың ұрпақтары: екі мың үш жүз жиырма екі адам.
Nehe Kaz 7:18  Адониқамның ұрпақтары: алты жүз алпыс жеті адам.
Nehe Kaz 7:19  Бигуайдың ұрпақтары: екі мың алпыс жеті адам.
Nehe Kaz 7:20  Адиннің ұрпақтары: алты жүз елу бес адам.
Nehe Kaz 7:21  Атердің Езекияның тұқымынан шыққан ұрпақтары: тоқсан сегіз адам.
Nehe Kaz 7:22  Хашумның ұрпақтары: үш жүз жиырма сегіз адам.
Nehe Kaz 7:23  Бесайдың ұрпақтары: үш жүз жиырма төрт адам.
Nehe Kaz 7:24  Харифтің ұрпақтары: жүз он екі адам.
Nehe Kaz 7:25  Гибеонның ұрпақтары: тоқсан бес адам.
Nehe Kaz 7:26  Бетлехем мен Нетопаттың адамдары: жүз сексен сегіз.
Nehe Kaz 7:27  Анатоттың адамдары: жүз жиырма сегіз.
Nehe Kaz 7:28  Бет-Азмауеттің адамдары: қырық екі.
Nehe Kaz 7:29  Кирият-Иғарым, Кефира, Бегероттың адамдары: жеті жүз қырық үш.
Nehe Kaz 7:30  Рамақ пен Гебаның адамдары: алты жүз жиырма бір.
Nehe Kaz 7:31  Миқмастың адамдары: жүз жиырма екі.
Nehe Kaz 7:32  Бетел мен Айдың адамдары: жүз жиырма үш.
Nehe Kaz 7:33  Басқа Небоның адамдары: елу екі.
Nehe Kaz 7:34  Басқа Еламның адамдары: бір мың екі жүз елу төрт.
Nehe Kaz 7:35  Харымның адамдары: үш жүз жиырма.
Nehe Kaz 7:36  Иерихонның адамдары: үш жүз қырық бес.
Nehe Kaz 7:37  Лод, Хадид, Ононың адамдары: жеті жүз жиырма бір.
Nehe Kaz 7:38  Сенаяхтың адамдары: үш мың тоғыз жүз отыз.
Nehe Kaz 7:39  Діни қызметкерлер:Едаяхтың Ешуадан тараған ұрпақтары: тоғыз жүз жетпіс үш адам.
Nehe Kaz 7:40  Имердің ұрпақтары: бір мың елу екі адам.
Nehe Kaz 7:41  Пашхурдың ұрпақтары: бір мың екі жүз қырық жеті адам.
Nehe Kaz 7:42  Харымның ұрпақтары: бір мың он жеті адам.
Nehe Kaz 7:43  Леуіліктер:Ешуаның және Қадмиелдің Ходеуа арқылы тараған ұрпақтары: жетпіс төрт адам.
Nehe Kaz 7:44  Әншілер:Асафтың ұрпақтары: жүз қырық сегіз адам.
Nehe Kaz 7:45  Қақпа күзетшілері:Шаллум, Атер, Талмон, Ақуб, Хатита, Шобай есімді аталардың ұрпақтарының жалпы саны: жүз отыз сегіз адам.
Nehe Kaz 7:46  Ғибадатхана қызметшілері:Сиха, Хасуфа, Таббаот,
Nehe Kaz 7:48  Лебанах, Хагабах, Шалмай,
Nehe Kaz 7:56  Несиях, Хатифа есімді аталардың ұрпақтары.
Nehe Kaz 7:57  Сүлейменнің қызметшілері:Сотай, Соферет, Перида,
Nehe Kaz 7:59  Шафатиях, Хатил, Похерет-Хасебаим, Амон есімді аталардың ұрпақтары.
Nehe Kaz 7:60  Ғибадатхана қызметшілері әрі Сүлейменнің қызметшілерінің ұрпақтарының жалпы саны: үш жүз тоқсан екі адам.
Nehe Kaz 7:61  Мыналар Тел-Мелах, Тел-Харша, Керуб, Аддан, Имер деген жерлерден көшіп келген еді, бірақ олар өздерінің қай әулеттен екенін, тіпті Исраил халқына жататындықтарын да дәлелдей алмады:
Nehe Kaz 7:62  Делаях, Тобиях, Некода есімді аталардың ұрпақтары. Олардың жалпы саны: алты жүз қырық екі адам.
Nehe Kaz 7:63  Діни қызметкерлердің Хобаях, Хақос, Барзилай есімді аталарының ұрпақтары да көшіп келген еді. Соңғы әулеттің арғы аталарының бірі ғилақадтық Барзилайдың бір қызына үйленіп, қайын атасының атымен аталған болатын.
Nehe Kaz 7:64  Осы оралмандар шежіре жазбаларынан өз ата-тектерін іздеп көрді, бірақ таба алмады. Сол себепті олар діни қызмет атқарудан шеттетілді.
Nehe Kaz 7:65  Яһуда аймағының әкімі олар жөнінде былай деп шешті: «Нұр және Кемелділік атты қасиетті жеребелер арқылы осы мәселе жайлы Құдайдың еркін біліп алатын діни қызметкер пайда болмайынша, олардың ғибадатханадағы ерекше киелі тартулардан жеулеріне болмайды».
Nehe Kaz 7:66  Бүкіл қауымның жалпы саны қырық екі мың үш жүз алпыс адам болды.
Nehe Kaz 7:67  Бұған қоса олардың жеті мың үш жүз отыз жеті еркек, әйел басыбайлы қызметшілері және екі жүз қырық бес еркек, әйел әншілері болды.
Nehe Kaz 7:68  Сондай-ақ, олардың жеті жүз отыз алты жылқысы, екі жүз қырық бес қашыры,
Nehe Kaz 7:69  төрт жүз отыз бес түйесі, алты мың жеті жүз жиырма есегі де бар еді.
Nehe Kaz 7:70  Бірқатар әулет басшылары құрылыс жұмысына өз үлестерін қосты. Аймақтың әкімі қазынаға бір мың алтын теңге, елу алтын тостаған және діни қызметкерлерге арнап бес жүз отыз көйлек тарту етті.
Nehe Kaz 7:71  Өзге әулет басшыларының бірнешеуі жұмыс қорына арнап жиырма мың алтын теңге және екі мың екі жүз қадақ күміс берді.
Nehe Kaz 7:72  Ал халықтың қалған бөлігінің тарту еткені жиырма мың алтын теңге, екі мың қадақ күміс және діни қызметкерлерге арналған алпыс жеті көйлек болды.
Nehe Kaz 7:73  Сонымен діни қызметкерлер, леуіліктер, қақпа күзетшілері, әншілер, жалпы халықтың біразы және ғибадатхана қызметшілері өздерінің (Иерусалимнің маңайындағы) елді мекендеріне қоныстанды. Қалған Исраил халқы (бүкіл елдегі) өз қалаларына қайтып, сонда тұрып жатты.
Chapter 8
Nehe Kaz 8:1  Күздің басы — жетінші ай басталғанда бүкіл халық бір адамдай Су қақпасының алдындағы алаңға жиналып келді. Олар дін мұғалімі Езрадан Жаратқан Иенің Мұса арқылы Исраилге табыстаған Таурат заңының шиыршық кітабын әкелуін өтінді.
Nehe Kaz 8:2  Сонда діни қызметкер Езра Таурат заңын бүкіл жамағаттың алдына алып шықты. Жиналғандар еркектер мен әйелдер және тыңдап, оқылғанды түсіне алатын балалар болды. Бұл жетінші айдың бірінші күні болатын.
Nehe Kaz 8:3  Езра Су қақпасының алдындағы алаңда жиналған бүкіл жамағатқа Таурат кітабын күн шыққан кезден бастап, түске дейін дауыстап оқып берді. Халықтың бәрі Таураттың сөздерін құлақ түріп тыңдап тұрды.
Nehe Kaz 8:4  Дін мұғалімі Езра осы оқиғаға орай жасалған биік ағаш мінбенің үстіне шығып тұрған еді. Оның оң жағында Маттатия, Шема, Анаях, Ұрия, Хелкия, Мағасиях, сол жағында Педаях, Мишайл, Малқиях, Хашум, Хаш-Бадана, Зәкәрия, Мешулам болды.
Nehe Kaz 8:5  Биік мінбеде тұрған Езра шиыршық кітабын бүкіл халықтың көз алдында ашқан кезде жұрттың бәрі орындарынан түрегелді.
Nehe Kaz 8:6  Езра Жаратқан Иені, ұлы Құдайды, дәріптеп мадақтады. Бүкіл халық қолдарын жоғары қарай көтеріп: «Аумин! Аумин!» — деп жауап берді. Содан олар бастарын жерге дейін тигізе иіліп Жаратқан Иеге тағзым етті.
Nehe Kaz 8:7  Бұдан кейін Ешуа, Бани, Шеребиях, Ямин, Ақуб, Шабтай, Ходия, Мағасиях, Келита, Азариях, Жозабад, Ханан және Пелаях есімді леуіліктер сол жерде тұрған халыққа Таурат заңын түсіндіріп берді.
Nehe Kaz 8:8  Олар Құдайдың Таурат кітабынан дауыстап анық оқып, соған түсіндірмелерін қосты. Осылайша халық оқылғандарды жақсы ұғып алды.
Nehe Kaz 8:9  Халық Таурат заңының сөздерін тыңдап тұрғанда еңіреп жылай берді. Ал аймақ әкімі Нехемия, діни қызметкер әрі дін мұғалімі Езра және халыққа тәлім беріп жатқан леуіліктер оларға: «Бұл күн — Құдайларың Жаратқан Иеге бағышталған қасиетті күн. Бүгін қайғырып жыламаңдар!» — деп ескертті.
Nehe Kaz 8:10  Нехемия: «Осымен барыңдар, дәмді тамақ жеп, тәтті сусын ішіңдер! Мерекелік ас дайындамағандарға үлестерін беріп жіберіңдер! Өйткені бүгінгі күн — Иемізге бағышталған қасиетті күн. Сонымен қайғырмаңдар! Себебі Жаратқан Иеге деген қуаныштарың сендерге күш-қуат беріп, паналарың болады!» — деп қосты.
Nehe Kaz 8:11  Леуіліктер де: «Тыныш болып, жыламаңдар! Өйткені бүгінгі күн — қасиетті күн», — деп халықты тыныштандырды.
Nehe Kaz 8:12  Содан бүкіл халық тарап кетті. Олар ішіп-жеп, мұқтаждарға сый тамақ жіберіп, зор қуанышқа бөленді. Себебі олар өздеріне түсіндірілген сөздерді енді жақсылап ұғып алды.
Nehe Kaz 8:13  Мейрамның екінші күні бүкіл халықтың әулет басылары діни қызметкерлермен, леуіліктермен бірге Таурат заңында жазылғандарды тереңірек ұғынбақ болып, дін мұғалімі Езраның қасына жиналды.
Nehe Kaz 8:14  Олар Жаратқан Иенің халыққа Мұса арқылы тапсырған Таурат заңында жетінші айдағы (Күркелер) мейрамы кезінде исраилдіктердің күркелерде тұруы керектігі туралы жазылғанын тапты.
Nehe Kaz 8:15  Сондықтан олар тұрып жатқан барлық қалаларында және Иерусалимде: «Қыраттарға шығып, сол жақтан зәйтүн, жабайы зәйтүн, мирта, құрма және басқа да жапырақты ағаштардың бұтақшаларын жинап алып келіңдер! Солардан Тауратта жазылған ережеге сай күрке жасаңдар!» — деген жарлықты жариялады.
Nehe Kaz 8:16  Сонда халық далаға шығып кетті де, бұтақшалар әкеліп, өз үйлерінің жалпақ төбесінде не ауласында, Құдайдың киелі үйінің аулаларында және Су қақпасы мен Ефрем қақпасының маңындағы алаңдарда күркелер жасады.
Nehe Kaz 8:17  Жер аударылудан қайтып келгендердің бүкіл қауымы күркелер жасап, соларда тұрды. Нұн ұлы Ешуаның заманынан бері исраилдіктер осы мейрамды бұлайша өткізбеген еді. Сондықтан халық зор қуанышқа кенелді.
Nehe Kaz 8:18  Мейрамның бірінші күнінен бастап соңғы күніне дейін Езра күн сайын Құдайдың Таурат кітабында жазылғандарды халыққа дауыстап оқып беріп отырды. Олар жеті күн бойы мейрамдады, ал сегізінші күні ережеге сай салтанатты жиналыс болды.
Chapter 9
Nehe Kaz 9:1  Сол айдың жиырма төртінші күні исраилдіктер қайтадан жиналды. Олар ораза ұстап, азалы киім киіп, бастарына күл-топырақ сеуіп қатты қайғырды.
Nehe Kaz 9:2  Сол кезде Исраилдің үрім-бұтағы барлық жат жұрттықтардан бөлініп шықты. Исраилдіктер (Жаратқан Иенің алдында) тұрып, өз күнәлары мен ата-бабаларының теріс қылықтарын мойындады.
Nehe Kaz 9:3  Олар үш сағат бойы сол жерде тұрып, Құдайлары Жаратқан Ие тапсырған Таурат заңының кітабын оқумен болды. Бұдан кейін олар тағы үш сағат бойы Құдай Иенің алдында күнәларын мойындап, бастарын иіп Оны дәріптеді.
Nehe Kaz 9:4  Леуіліктердің мінбесінде тұрған Ешуа, Бани, Қадмиел, Шебаниях, Буни, Шеребиях, Бани және Хенани қатты дауыспен Құдайлары Жаратқан Иеге сиынды.
Nehe Kaz 9:5  Мұнан кейін Ешуа, Қадмиел, Бани, Хашабнея, Шеребиях, Ходия, Шебаниях және Петахиях есімді леуіліктер жамағатқа тіл қатып былай деді: «Орындарыңнан тұрып, Құдайларың Жаратқан Иені мадақтаңдар! Ол мәңгілік болып келген әрі мәңгілік бола береді!» (Содан олар былай деп мінажат етті:)«Сенің есімің мадақтала берсін, ол барлық мадақ пен даңқ атаулыдан жоғары!
Nehe Kaz 9:6  Жалғыз Сен ғана Жаратқан Иесің! Ұлан-ғайыр аспанды әрі күллі аспан денелерін, жер мен теңізді және ондағы барлық нәрселерді жаратқан Сенсің! Олардың бәріне өмір беретін де Өзіңсің. Көктегі періштелердің бүкіл тобы Сенің алдыңда иіліп тұрады.
Nehe Kaz 9:7  Ыбырамды таңдап алып, оны халдейлердің Ур қаласынан көшіріп шығарған және оған Ыбырайым деген жаңа ат берген Сенсің, уа, Құдай Жаратқан Ие!
Nehe Kaz 9:8  Ыбырайымның Өзіңе сенімді екеніне көз жеткізіп, онымен Келісім жасадың. Оған қанахандықтар, хеттіктер, аморлықтар, перездіктер, ебустіктер және гергестіктер қоныстанған жерлерді ұрпақтарыңа табыстаймын деп уәде еттің. Және Сен әділ болғандықтан, сол уәдеңді орындадың да.
Nehe Kaz 9:9  Сен ата-бабаларымыздың Мысырдағы мүшкіл халіне назар аудардың. Қамысты теңіздің жағасында олардың дауыстап жалынған айқайына құлақ түрдің.
Nehe Kaz 9:10  Менменсіп ата-бабаларымызға жәбір көрсеткендері үшін Сен перғауынға, оның қызметкерлері және елінің бүкіл халқына қарсы кереметтер мен ғажап істер жасадың. Соған бола күні бүгінге дейін Сенің даңқың жер бетіне жайылып келеді.
Nehe Kaz 9:11  Өз халқыңның алдында теңізді қақ айырдың, олар құрғақ жермен теңіз ортасынан өте шықты! Олардың қуғыншыларын Сен терең суға лақтырылған тас сияқты теңіздің тұңғиығына батырдың.
Nehe Kaz 9:12  Сен халықты күндіз бағана тәрізді бұлтпен жетеледің, ал түнде олардың жүруге тиісті жолдарына жарық түсіру үшін жалындаған от бағанасымен алдарында жүріп отырдың.
Nehe Kaz 9:13  Сен Синай тауына түсіп, оларға көктен де тіл қаттың. Сонда оларға әділ шешімдер мен заңдарды, ізгі ережелер мен өсиеттерді тапсырдың.
Nehe Kaz 9:14  Сен халқыңа қасиетті демалыс күнің — сенбі күні жөнінде нұсқау беріп, Таураттағы өсиеттер мен ережелерді қызметшің Мұса арқылы табыстадың.
Nehe Kaz 9:15  Олар ашыққанда көктен нан жаудырдың, шөлдегенде жартастан су ағыздың. Бұрынырақ оларға табыстауға салтанатты түрде ант еткен елге «кіріп, оны иемденіп алыңдар!» дедің.
Nehe Kaz 9:16  Бірақ олар, біздің ата-бабаларымыз, паңданып тоңмойын болып, Сенің өсиеттеріңді тыңдамай қойды.
Nehe Kaz 9:17  Олар мойынсұнудан бас тартып, Сенің өз араларында жасаған кереметтеріңді естерінен шығарды. Керісінше, олар қыңырланып, өздеріне басшы тағайындап алып, Мысырға құл болуға қайтып оралғылары келді. Ал Сен кешірімі мол, мейірімді де қайырымды Құдайсың, тез қаһарланбайсың әрі өте рақымдысың, сондықтан оларды тастап кеткен жоқсың.
Nehe Kaz 9:18  Ата-бабаларымыз тіпті жас бұқа мүсінін құйып жасап алып, бір-біріне: «Сені Мысыр елінен бастап алып шыққан тәңірің — осы!» десіп, Өзіңе қарсы шығып қорлық жасады.
Nehe Kaz 9:19  Алайда Сен Өзіңнің орасан зор рақымыңмен оларды иен далада тастап кеткен жоқсың. Күндіз жетелеп жүрген бағана тәрізді бұлт оларды жалғыз қалдырған жоқ, әрі түнде жүретін жолдарына жарық түсіретін жалындаған от бағанасы да кетіп қалған жоқ.
Nehe Kaz 9:20  Сен ата-бабаларымызға тәлім беру үшін Өзіңнің ізгі Рухыңды жібердің. Ауыздарынан өз маннаңды алып қоймадың, шөлдеген кездерінде су да бердің.
Nehe Kaz 9:21  Сен оларды қырық жыл бойы иен далада керегімен қамтамасыз еттің, олар еш нәрседен таршылық көрген жоқ. Олардың киімдері еш тозып, жүре-жүре аяқтары ісіп те көрген емес.
Nehe Kaz 9:22  Сен ата-бабаларымызға патшалықтар мен халықтарды табыстап, елдің шекараларын белгілеп бердің. Осылайша ата-бабаларымыз Хешебонның патшасы Сихонның және Башанның патшасы Огтың елдерін де иемденіп алды.
Nehe Kaz 9:23  Сен олардың үрім-бұтағын аспандағы жұлдыздардай сансыз көбейттің. Оларды арғы аталарына: «Кіріп, иемденіп алыңдар!» деген елге алып келдің.
Nehe Kaz 9:24  Сонымен ата-бабаларымыздың ұрпақтары кіріп, елді иемденіп алды. Сен елдің тұрғындарын, қанахандықтарды, солардың алдында тізе бүктіріп, патшаларымен, жұртымен бірге қолдарына түсірдің. Жеңімпаз олар тұтқындарына қалағандарын істеді.
Nehe Kaz 9:25  Олар қамалды қалалар мен құнарлы жерді жаулап алып, түрлі құнды заттарға толған үйлерге, қазылған құдықтарға, жүзімдіктерге, зәйтүн тоғайлары мен мәуесі мол көптеген жеміс ағаштарына ие болды. Осылай ата-бабаларымыз мол тамаққа кенеліп, тойынып, қоңданып та алды, әрі Сенің зор ізгілігіңе сүйсіне шаттанды.
Nehe Kaz 9:26  Бірақ сонда да ата-бабаларымыз мойынсұнбай, Саған қарсы шығып, заңыңды лақтырып тастады. Тіпті Өзіңе қайтармақ болып оларды сақтандырған пайғамбарларыңды өлтірді де! Осылай олар зор қиянат жасап, Сені қорлады.
Nehe Kaz 9:27  Сондықтан Сен ата-бабаларымызды жауларының қолына тапсырдың. Жаулары оларға зор азап шектірді. Қатты қиналып жатқан кездерінде ата-бабаларымыз Саған жалбарына үн қатып, Сен көктен құлақ салдың. Өзіңнің ғаламат рақымыңмен оларға құтқарушыларды жіберіп, сол құтқарушылар оларды жауларының қолынан құтқарып алды.
Nehe Kaz 9:28  Бірақ тыныштық орнағаннан кейін ата-бабаларымыз қайтадан Саған қарсы күнә жасай беретін болды. Сонда Сен оларды тағы да жауларының қолына қалдырып отырдың. Солар ата-бабаларымызға үстемдік жүргізді. Ал ата-бабаларымыз Өзіңе қайта бұрылып, жалбарынған сайын Сен ғаламат зор рақымыңмен көктен құлақ түріп, оларды қайтадан құтқарып отырдың.
Nehe Kaz 9:29  Сен ата-бабаларымызға Өзің оларға тапсырған Таурат заңына қайту туралы ескертіп жүрдің. Бірақ олар паңданып, Сенің өсиеттеріңе құлақ аспай, шешімдеріңе бағынбай күнәға батты. Ал шешімдеріңді орындайтын адам солар арқылы өмір сүреді. Керісінше, ата-бабаларымыз қыңырлана тоңмойын болып, тіл алудан бас тартты.
Nehe Kaz 9:30  Сен көп жылдар бойы ата-бабаларымызға шыдамды болдың. Өзіңнің Рухың жіберген пайғамбарларың арқылы оларға ескертіп отырдың. Алайда ата-бабаларымыз құлақ аспай қойды. Сол себепті Сен оларды айналаларындағы басқа халықтардың қолына табыстадың.
Nehe Kaz 9:31  Бірақ Өзіңнің ғаламат зор рақымыңа бола Сен ата-бабаларымызды не түбегейлі құртып жіберген жоқсың, не тастап та кетпедің. Өйткені Сен мейірімді де қайырымды Құдайсың.
Nehe Kaz 9:32  Ал енді, уа, Құдайымыз, Сен Өзіңнің Келісіміңнің уәделерін орындап, берік мейіріміңді көрсететін ұлы, құдіретті әрі айбынды Құдайсың! Біздің басымызға түскен ауыртпалықтарға жеңіл қарай көрме! Ассур патшаларының шабуыл жасаған заманынан бастап күні бүгінге дейін біздің патшаларымыз бен жетекшілеріміз, діни қызметкерлеріміз бен пайғамбарларымыз, ата-бабаларымыз және Сенің бүкіл халқың азап шегіп келеміз.
Nehe Kaz 9:33  Алайда біздің басымызға түскендердің бәрінде де Сен әділ болдың. Себебі Сен адалдық танытқан едің, ал біз күнә жасай бердік (те, соған лайықты жазамызды тарттық).
Nehe Kaz 9:34  Біздің патшаларымыз бен жетекшілеріміз, діни қызметкерлеріміз бен ата-бабаларымыз Сенің Таурат заңыңды ұстанған жоқ. Сен оларға өсиеттерің мен ережелеріңді тапсырып, ескертіп отырсаң да, олар еш құлақ түрген жоқ.
Nehe Kaz 9:35  Тіпті өз патшалығында әрі Сен оларға табыстаған сондай кең де құнарлы жерде тұрса да, әрі Өзің сыйлаған көптеген игіліктеріңнің рақатын көріп жатса да, олар Саған қызмет еткен жоқ. Қайта, олар өздерінің зұлым іс-әрекеттерінен бас тартпай, соларын жалғастыра берді.
Nehe Kaz 9:36  Енді міне, біз бүгін құл күйдеміз. Сен ата-бабаларымызға игілігін көріп, өнімін жеуге табыстаған еліңде біз құл болып жүрміз!
Nehe Kaz 9:37  Біздің күнәларымызға бола Сен үстімізден тағайындаған (жат жұрттық) патшалар осы елдің мол өнімін иемденуде. Олар соған ғана емес, біздің өзіміз бен малымызға да өз қалауларына сай билік жүргізуде. Содан біз қатты қиналудамыз».
Nehe Kaz 9:38  Осылардың бәрі солай болғандықтан, біз берік Келісім жасап, оны жазып қойдық. Сол мөрленген құжатта біздің басшыларымыздың, леуіліктер мен діни қызметкерлердің аты-жөндері жазылған.
Chapter 10
Nehe Kaz 10:1  Мөрленген құжатта мына кісілердің аттары жазылған:«Аймақтың әкімі Ахалиях ұлы Нехемия.Седекиях,
Nehe Kaz 10:3  Пашхур, Амариях, Малқиях,
Nehe Kaz 10:8  Мағазиях, Билғай, Шемаях. Бұлар — діни қызметкерлер.
Nehe Kaz 10:9  Леуіліктер:Азаниях ұлы Ешуа, Хенададтың ұрпағы Бинуй, Қадмиел
Nehe Kaz 10:10  және олардың руластары: Шебаниях, Ходия, Келита, Пелаях, Ханан,
Nehe Kaz 10:12  Зақур, Шеребиях, Шебаниях,
Nehe Kaz 10:14  Халықтың басшылары:Парош, Пахат-Моаб, Елам, Затту, Бани,
Nehe Kaz 10:25  Рехум, Хашабнах, Мағасиях,
Nehe Kaz 10:28  Енді біздер — халықтың қалған бөлігі: діни қызметкерлер, леуіліктер, қақпа күзетшілері, әншілер, ғибадатхана қызметшілері және Құдайдың Таурат заңына бағынып айналадағы халықтардан бөлініп кеткен басқалардың бәрі өз әйелдерімізбен, осы Келісімнің мазмұнын түсіне алатын ұл-қыздарымызбен бірге
Nehe Kaz 10:29  аттары аталған өз ағайындарымыз — елдің жетекшілерімен бірігіп төмендегі антты беріп серттесеміз. Құдайымыздың Өзінің қызметшісі Мұса арқылы табыстаған Таурат заңына бағынып, Жаратушы Тәңір Иеміздің барлық өсиеттерін, шешімдерін және ережелерін сақтап, орындайтын боламыз. Осыларды орындамайтын әрбіреуімізді Құдайдың қарғысы атсын!
Nehe Kaz 10:30  Біздер осы елде тұрып жатқан басқа халықтармен қыз алысып, қыз беріспейміз деп уәде береміз.
Nehe Kaz 10:31  Егер елде тұрып жатқан басқа халықтар демалыс күні және өзге де қасиетті күндері не бұйымдарын, не азық-түліктерін сатуға әкелетін болса, біз оларын сатып алмаймыз.Әр жетінші жылы егін екпейміз әрі сол жылы барлық қарыздарды кешіреміз.
Nehe Kaz 10:32  Жылына бір рет Құдайымыздың үйіндегі қызметтің қажеті үшін мысқалдың үштен біріндей мөлшерде күміс беріп тұруды өз міндетімізге аламыз.
Nehe Kaz 10:33  Осы қаржымен нан тартулары, ұдайы ұсынылатын астық тартуы және түгелдей өртелетін құрбандықтар үшін, демалыс күндері, әр айдың алғашқы күні және тағайындалған басқа да мейрам күндері ұсынылатын сый-тартулар үшін, ерекше қасиетті сый-тартулар үшін, Исраилдің күнәларының құнын өтеп, күнәнің арамдығынан тазартатын құрбандықтар үшін, әрі Құдайымыздың киелі үйіндегі басқа да жұмыстар үшін қажетті шығындар өтелмек.
Nehe Kaz 10:34  Біздер — діни қызметкерлер, леуіліктер және халық жыл сайын тағайындалған уақыттарда отқа жағылатын ағаш отынды әр әулеттің қашан әкелетінін белгілеу үшін жеребе тастадық. Осы отындар шалынған құрбандықтар мен басқа да сый-тартулардың Тауратта жазылған нұсқауға сәйкес Құдайымыз Жаратқан Иенің киелі үйінің алдындағы құрбандық үстелінде өртеліп ұсынылуы үшін қолданылмақ.
Nehe Kaz 10:35  Жыл сайын егістік жерлерімізден әрбір жеміс ағашымыздан жинаған өнімнің алғашқы бөлігін Жаратқан Иенің үйіне алып келуге міндеттенеміз.
Nehe Kaz 10:36  Таурат заңында жазылғанға сәйкес, тұңғыш ұлдарымызды, табын-отарларымыздағы малдарымыздың ең алғашқы төлдерін Құдайымыздың киелі үйіне, онда қызмет етіп жүрген діни қызметкерлерге алып келетін боламыз.
Nehe Kaz 10:37  Бұдан басқа диірменде тартылған алғашқы ұннан пісірілген нанды, астығымыздың өнімінің алғашқы бөлігін, әрбір жеміс ағашымыздың алғашқы мәуесін, жүзім шырынымыз бен зәйтүн майымыздың алғашқы бөліктерін Құдайымыздың киелі үйінің қоймаларын басқаратын діни қызметкерлерге алып келетін боламыз. Біз жұмыс істейтін барлық елді мекендеріміздегі жер өнімінің он бөлігінің бірін жинаумен айналысатын леуіліктерге соларды әкеліп беретін боламыз.
Nehe Kaz 10:38  Леуіліктер өнімнің он бөлігінің бірін қабылдап тұрған кезде, Һароннан тараған діни қызметкер олармен бірге болуға тиіс. Леуіліктер сол жиналғанның он бөлігінің бірін Құдайымыздың киелі үйіне, ондағы қойма бөлмелеріне алып баратын болады.
Nehe Kaz 10:39  Себебі исраилдіктер мен леуіліктер астық, жүзім шырыны және зәйтүн майының тартуларын қасиетті ғибадатхананың қойма бөлмелеріне апаратын болады. Сол жерде арнайы ыдыстар, міндеттерін атқаратын діни қызметкерлер, қақпашылар және әншілер болады.Осылайша біз Құдайымыздың киелі үйін қамқорлықсыз қалдырмаймыз».
Chapter 11
Nehe Kaz 11:1  Халықтың басшылары Иерусалимде қоныстанды. Бұған қоса жалпы халықтың оннан бірін қасиетті қала — Иерусалимге қоныстандыру үшін жеребелер тасталды. Халықтың қалған оннан тоғыз бөлігі өзге қалаларда тұрып қалды.
Nehe Kaz 11:2  Өз еркімен Иерусалимде тұруға тілек білдірген адамдар да болды. Халық солардың барлығын мақтап, оң батасын берді.
Nehe Kaz 11:3  Иерусалимде тұрған аудан басшыларының аты-жөндері төменде берілген. Көптеген исраилдіктер, діни қызметкерлер, леуіліктер, ғибадатхана қызметшілері және Сүлейменнің қызметшілерінің ұрпақтары Яһуда аймағындағы өз қалаларында, өздерінің меншікті жерлерінде тұрады.
Nehe Kaz 11:4  Ал Яһуда мен Бунямин руларынан шыққан кейбіреулер Иерусалимге қоныстанған. Солардың басшыларының аты-жөндері мыналар:Яһуда руынан: Парестің ұрпағы Атаях, оның шыққан ата-тегі мынау: Атаях Ұзияхтан, Ұзиях Зәкәриядан, Зәкәрия Амарияхтан, Амариях Шафатияхтан, Шафатиях Мақалалелден.
Nehe Kaz 11:5  Шелахтың ұрпағы Мағасиях, оның шыққан ата-тегі мынау: Мағасиях Барухтан, Барух Қолхозеден, Қолхозе Хазаяхтан, Хазаях Адаяхтан, Адаях Жоярибтен, Жояриб Зәкәриядан.
Nehe Kaz 11:6  Парестің Иерусалимде тұратын ұрпақтарының жалпы саны — төрт жүз алпыс сегіз адам. Олардың бәрі мықты ер адамдар.
Nehe Kaz 11:7  Бунямин руынан: Мешулам ұлы Саллу, оның шыққан ата-тегі мынау: Мешулам Жоедтен, Жоед Педаяхтан, Педаях Қолаяхтан, Қолаях Мағасияхтан, Мағасиях Ітиелден, Ітиел Ишаядан болатын.
Nehe Kaz 11:8  Саллудан кейін Ғабай мен Саллай да Иерусалимде қоныстанды. Иерусалимдегі буняминдіктердің жалпы саны — тоғыз жүз жиырма сегіз адам.
Nehe Kaz 11:9  Олардың жетекшісі — Зіхри ұлы Жоел. Сенуа ұлы Яһуда — қаланың екінші ауданының әкімі.
Nehe Kaz 11:10  Діни қызметкерлерден: Жояриб ұлы Едаях, Яхин,
Nehe Kaz 11:11  Хелкия ұлы Сераях, оның шыққан ата-тегі мынау: Хелкия Мешуламнан, Мешулам Садықтан, Садық Мерайоттан, Мерайот Ахитұбтан. Сераях — Құдайдың киелі үйінің аға басқарушысы.
Nehe Kaz 11:12  Бұлардың киелі үйдегі міндеттерін атқаратын ағайындарының саны — сегіз жүз жиырма екі адам.Ерохам ұлы Адаях, оның шыққан ата-тегі мынау: Ерохам Пелалияхтан, Пелалиях Амсиден, Амси Зәкәриядан, Зәкәрия Пашхурдан, Пашхур Малқияхтан.
Nehe Kaz 11:13  Тағы да Адаяхтың ағайындары: олардың әрқайсысы — бір-бір әулеттің басшысы. Барлығы — екі жүз қырық екі адам.Азарил ұлы Амашсай, оның шыққан ата-тегі мынау: Азарил Ахзайдан, Ахзай Мешілемоттан, Мешілемот Имерден.
Nehe Kaz 11:14  Оның мықты да қабілетті ер азаматтар болып табылатын ағайындары — жүз жиырма сегіз адам. Олардың басқарушысы — Хагедолим ұлы Забдиел.
Nehe Kaz 11:15  Леуіліктерден: Азыриқамның немересі, Хашабияхтың шөбересі, Бунидің шөпшегі Хашуб ұлы Шемаях.
Nehe Kaz 11:16  Леуілік басшылардан: Шабтай мен Жозабад. Екеуі Құдайдың үйінің сыртқы жұмыстарын басқаруда.
Nehe Kaz 11:17  Забдидің немересі Асафтың шөбересі Миха ұлы Маттаниях — Құдайға мадақ пен шүкірлік айту және мінажат ету қызметінің жетекшісі. Ағайындарының арасынан оның орынбасары — Бақбұқиях. Тағы Ғалалдың немересі Едутунның шөбересі Шаммуа ұлы Абда да қызмет етуде.
Nehe Kaz 11:18  Қасиетті қалада тұратын леуіліктердің жалпы саны — екі жүз сексен төрт адам.
Nehe Kaz 11:19  Қақпашылар: Ақуб, Талмон және қақпа маңын күзететін тағы басқа ағайындарының жалпы саны: жүз жетпіс екі адам.
Nehe Kaz 11:20  Араларында діни қызметкерлер мен леуіліктер де бар өзге исраилдіктер Яһуданың барлық басқа қалаларына қоныстанған. Әрқайсысы өз ата-бабасынан қалған мұралық жерінде тұрады.
Nehe Kaz 11:21  Ғибадатхана қызметшілері Опел төбесін мекендеуде. Олардың жетекшілері — Сиха мен Ғишпа.
Nehe Kaz 11:22  Леуіліктердің Иерусалимдегі басшысы: Хашабияхтың немересі Маттанияхтың шөбересі, Миханың шөпшегі Бани ұлы Ұззи. Ол — Құдайдың киелі үйіндегі ән-күй қызметін жүргізетін Асафтың ұрпақтарының бірі.
Nehe Kaz 11:23  Әншілер өздерінің күнделікті міндеттерін реттеп басқаратын патшаның жарлықтарына бағынатын болды.
Nehe Kaz 11:24  Яһуда ұлы Зарахтың ұрпағы Мешизабел ұлы Петахиях — парсы патшасының халыққа қатысты барлық істер жөніндегі кеңесшісі.
Nehe Kaz 11:25  Елді мекендер мен олардың маңындағы далалық жерлерді Яһуда руының бірсыпыра адамдары мекендеуде. Олар Кирият-Арба, Дибон, Екабсеил қалаларында және оларға қарасты елді мекендерде тұрып жатыр.
Nehe Kaz 11:26  Сондай-ақ, Ешуада, Моладада, Бет-Пәлетте,
Nehe Kaz 11:27  Хасар-Шуалда және Бер-Шеба қаласында әрі оған қарасты елді мекендерде,
Nehe Kaz 11:28  Сикеләгте, Мехон мен оған қарасты елді мекендерде,
Nehe Kaz 11:29  Ен-Риммонда, Сорада, Ярмутта,
Nehe Kaz 11:30  Заноахта, Адуллам мен оған қарасты елді мекендерде, Лахыш пен оның маңындағы далалық жерде, Әзека мен оған қарасты елді мекендерде тұрып жатыр. Сонымен олар Бер-Шебадан бастап солтүстіктегі Хенном аңғарына дейінгі бүкіл аралықты мекендеуде.
Nehe Kaz 11:31  Бунямин руының адамдары Гебадан бастап, Миқмаста, Айда, Бетел мен оған қарасты елді мекендерде,
Nehe Kaz 11:32  Анатотта, Нобта, Ананияхта,
Nehe Kaz 11:33  Хасорда, Рамақта, Гитаимда,
Nehe Kaz 11:34  Хадидте, Себоғимда, Небаллатта,
Nehe Kaz 11:35  Лодта, Онода және Қолөнершілер аңғарында тұрады.
Nehe Kaz 11:36  Леуіліктердің бұрын Яһуда руының жерінде тұрған біраз топтары Бунямин руының жеріне қоныстанған.
Chapter 12
Nehe Kaz 12:1  Салатиел ұлы Зоробабелмен және Ешуамен бірге қайтып келген діни қызметкерлер мен леуіліктер мыналар: Сераях, Еремия, Езра,
Nehe Kaz 12:3  Шеханиях, Рехум, Меремот,
Nehe Kaz 12:7  Саллу, Амоқ, Хелкия мен Едаях.Бұлар бас діни қызметкер Ешуаның кезіндегі діни қызметкерлердің жетекшілері және олардың ағайындары болатын.
Nehe Kaz 12:8  Леуіліктер: Ешуа, Бинуй, Қадмиел, Шеребиях, Яһуда, Маттаниях өзінің ағайындарымен бірге мадақтау мен шүкіршілік ән-жырларын орындауға жауапты.
Nehe Kaz 12:9  Олардың ағайындары Бақбұқиях пен Унни әлгілерге қарама-қарсы бетте тұрып, ән-күй қызметтерін атқарады.
Nehe Kaz 12:10  (Бұрынғы бас діни қызметкер) Ешуа Жохақымның әкесі, Жохақым Елияшиптің әкесі, Елияшип Жояданың әкесі,
Nehe Kaz 12:11  Жояда Жонатанның әкесі, Жонатан Ядуаның әкесі болды.
Nehe Kaz 12:12  Жохақымның заманында діни қызметкерлердің әулет басылары мыналар еді: Сераях әулеті — Мераиях, Еремия әулеті — Хананиях,
Nehe Kaz 12:13  Езра әулеті — Мешулам, Амариях әулеті — Жоханан,
Nehe Kaz 12:14  Маллух әулеті — Жонатан, Шеханиях әулеті — Жүсіп,
Nehe Kaz 12:15  Харым әулеті — Адна, Меремот әулеті — Хелқай,
Nehe Kaz 12:16  Иддо әулеті — Зәкәрия, Гиннетон әулеті — Мешулам,
Nehe Kaz 12:17  Абиях әулеті — Зіхри, Міниәмін мен Моадиях әулеті — Пілтай,
Nehe Kaz 12:18  Билға әулеті — Шаммуа, Шемаях әулеті — Ехонатан,
Nehe Kaz 12:19  Жояриб әулеті — Матынай, Едаях әулеті — Ұззи,
Nehe Kaz 12:20  Саллу әулеті — Қаллай, Амоқ әулеті — Ебер,
Nehe Kaz 12:21  Хелкия әулеті — Хашабиях, Едаях әулеті — Нетанел.
Nehe Kaz 12:22  Елияшип, Жояда, Жоханан және Ядуаның (бас діни қызметкер болған) кездерінде леуіліктердің әулет басылары тізімге тіркелген еді. Діни қызметкерлердің әулет басылары парсы патшасы Дарийдің заманында тіркелді.
Nehe Kaz 12:23  Леуі руының Елияшип ұлы Жохананның заманына дейінгі әулет басылары Шежіре жазбасына жазылып қалдырылды.
Nehe Kaz 12:24  Леуіліктердің топ жетекшілері: Хашабиях, Шеребиях, Қадмиел ұлы Ешуа. Мадақтау мен шүкірлік ән-жырларын айтқанда олардың қарсысында өздерінің ағайындары тұрады. Құдайдың таңдаған адамы Дәуіттің қалдырған нұсқауларына сәйкес, осы екі топ кезектесіп ән-жыр айтып тұратын болуы керек.
Nehe Kaz 12:25  Қақпалардың маңындағы қойма бөлмелерін күзететін қақпашылар: Маттаниях, Бақбұқиях, Абадиях, Мешулам, Талмон, Ақуб.
Nehe Kaz 12:26  Олар Ехосадық немересі Ешуа ұлы Жохақым, аймақ әкімі Нехемия және діни қызметкер әрі дін мұғалімі Езра қызмет етіп жүрген осы кезде міндеттерін атқаруда.
Nehe Kaz 12:27  Иерусалим қаласының қабырғаларын Құдайға бағыштау рәсіміне арнап жер-жерде тұрып жатқан леуіліктер шақырылып, Иерусалимге жиналды. Олар осы қуанышты рәсім мен тойға қатысып, шүкірлік пен мадақтау ән-жырларын айтып, даңғыра, жетіген, шертерлермен сүйемелдейтін болды.
Nehe Kaz 12:28  Сонымен қатар Иерусалимнің төңірегіндегі ауданнан, нетопаттықтардың елді мекендерінен,
Nehe Kaz 12:29  Бет-Ғылғалдан, Геба мен Азмаует маңындағы далалық жерлерден сонда тұратын әншілер жиналды. Өйткені әншілер Иерусалимнің төңірегінде өздеріне елді мекендер салып алған болатын.
Nehe Kaz 12:30  Бағыштау рәсімі басталмас бұрын діни қызметкерлер мен леуіліктер тазару рәсімінен өтіп, өздерін қайтадан Жаратқан Иенің қызметіне бағыштады. Содан олар халыққа, қақпаларға және қабырғаға тазару рәсімін жасап оларды Жаратқан Иеге бағыштады.
Nehe Kaz 12:31  Мұнан кейін мен Яһуданың басшыларын ертіп алып қабырғаның үстіне шықтым. Шеру құрып, шүкірлік пен мадақтау ән-жырларын айтып жүретін екі топты тағайындаған едім. Біреуі қабырғаның үстімен оң жаққа, Күл қақпасына қарай кетті.
Nehe Kaz 12:32  Осы топтың соңынан мыналар еріп жүрді: Хошаях және Яһуда басшыларының жартысы —
Nehe Kaz 12:34  Яһуда, Бунямин, Шемаях, Еремия,
Nehe Kaz 12:35  сондай-ақ керней тартатын бірнеше діни қызметкер шәкірттері және Жонатан ұлы Зәкәрия. Жонатан Шемаяхтан, Шемаях Маттанияхтан, Маттаниях Миқаядан, Миқая Зақурдан, Зақур Асафтан тараған болатын.
Nehe Kaz 12:36  Зәкәриямен бірге оның ағайындары Шемаях, Азарил, Милалай, Ғилалай, Мағай, Нетанел, Яһуда, Ханани де жүріп отырды. Олар Құдайдың таңдаған адамы Дәуіттің қалдырған нұсқауларына сәйкес саз аспаптарында ойнады. Осы шеруді дін мұғалімі Езра бастап жүрді.
Nehe Kaz 12:37  Қайнар қақпасынан өткен соң олар Дәуіттің шаһарына апаратын баспалдақтармен тура ішкі қабырғаға қарай өрлеп барды. Содан олар Дәуіттің сарайының жоғарғы жағынан өтті де, қала қабырғасының шығыс жағындағы Су қақпасына келіп тоқтады.
Nehe Kaz 12:38  Ал екінші шүкірлік пен мадақтау ән-жырларын айтатын топ қарама-қарсы сол жаққа қарай кетті. Мен Яһуданың басшыларының екінші жартысымен бірге қабырғаның үстімен олардың соңынан еріп отырдым. Біз Тандыр мұнарасы, Кең қабырға,
Nehe Kaz 12:39  Ефрем қақпасы, Көне қақпа, Балық қақпасы, Хананел және Жүздік мұнараларының жанынан өтіп, Қой қақпасына дейін жеттік. Ақыры, біз Қарауыл қақпасына келіп тоқтадық.
Nehe Kaz 12:40  Сол жерде шүкірлік пен мадақтау ән-жырларын айтатын екі топтың екеуі де Құдайдың киелі үйіне келіп тұрды. Мен де басшылардың жартысымен бірге сонда тұрдым.
Nehe Kaz 12:41  Керней тартатын діни қызметкерлер: Елиәкім, Мағасиях, Міниәмін, Миқая, Елиохенай, Зәкәрия, Хананиях.
Nehe Kaz 12:42  Сондай-ақ Мағасиях, Шемаях, Елазар, Ұззи, Жоханан, Малқиях, Елам, Езер де сол жерде тұрды. Әншілер Израхияхтың басқаруымен қатты дауыспен ән-жыр айтып тұрды.
Nehe Kaz 12:43  Сол күні халық көптеген малдарды құрбандыққа шалды. Құдай зор қуаныш сыйлап, бәрі шат-шадыман болды. Әйелдер мен бала-шағалар да мәз болып қатты қуанды. Иерусалимдегі қуанышты мерекенің үні алысқа естіліп тұрды.
Nehe Kaz 12:44  Сол күні бірнеше адам арнайы қойма бөлмелерінің басқарушысы болып тағайындалды. Сол бөлмелерге сый-тартулар, алғашқы өнім және өнімнің он бөлігінің бірі қойылып сақталады. Осылайша қалаларға жататын егістіктерден түскен өнімнің Таурат заңындағы нұсқау бойынша діни қызметкерлер мен леуіліктерге тиесілі бөліктері сол қоймаларға әкелініп жиналады. Себебі Яһуданың халқы діни қызметкерлер мен леуіліктердің қызмет жасап жүргеніне риза болып қуанды.
Nehe Kaz 12:45  Солар өз Құдайларына жақсылап қызмет етіп, тазарту рәсімін де орындап жүрді. Сондай-ақ, әншілер мен қақпашылар да міндеттерін Дәуіт патшаның және оның ұлы Сүлеймен патшаның қалдырған нұсқаулары бойынша атқаратын.
Nehe Kaz 12:46  Ежелде, Дәуіт пен Асафтың заманында, Құдайды мадақтап, шүкірлік ән-жырларын орындайтын әншілердің жетекшілері тағайындалған болатын.
Nehe Kaz 12:47  Осылайша Зоробабелдің және Нехемияның замандарынан бері Исраил халқы әншілер мен қақпашыларға күнделікті азық-түлік үлестерін беріп келеді. Олар, сондай-ақ, басқа да леуіліктерге тиесілі азық-түлікті бөліп отырады. Ал леуіліктер (өз кезектерінде) Һаронның ұрпақтары — діни қызметкерлерге тиісті үлесті бөліп береді.
Chapter 13
Nehe Kaz 13:1  Сол күні Құдайдың Мұса арқылы табыстаған Таурат кітабы халықтың алдында дауыстап оқылды. Сонда «Ешбір аммондық не моабтықтың ешқашан Құдайдың жамағатына енуіне болмайды» деп жазылғаны анықталды.
Nehe Kaz 13:2  Себебі ежелде исраилдіктер Мысыр елінен көшіп келе жатқан заманда сол екі тайпа олардың алдарынан нан мен су алып шығып қарсы алған жоқ. Керісінше, олар исраилдіктерді қарғасын деп Балағамды шақырып, жалдап алды. Алайда Құдай қарғысты жарылқауға айналдырды.
Nehe Kaz 13:3  Халық Таурат заңында осылай жазылғанын естігенде, (Жаратқан Иеге мойынсұнбайтын) бөтен жұрттықтардың барлығын өздерінің араларынан бөліп тастады.
Nehe Kaz 13:4  Құдайымыздың киелі үйінің қойма бөлмелерін басқаруға тағайындалған діни қызметкер Елияшип (аммондық) Тобияхтың туысқаны еді. Елияшип осы мерекеден бұрынырақ
Nehe Kaz 13:5  Тобияхқа бір үлкен бөлмені пайдалануға беріп қойған еді. Сол бөлмеге әдетте леуіліктерге, әншілерге және қақпашыларға тиесілі астық тартулары, сондай-ақ, түтетілетін хош иісті заттар, ғибадатхана ыдыстары және астықтың, жүзім шырыны мен зәйтүн майының он бөлігінің бірі әрі діни қызметкерлерге арналған тартулар да қойылып сақталатын.
Nehe Kaz 13:6  Осының бәрі болып жатқан кезде мен Иерусалимде жоқ болатынмын. Өйткені Бабылға Артақсерікс патшалық құрған отыз екінші жылы патшаның қасына қайтып кеткен едім. Едәуір уақыт өткеннен кейін, Яһуда аймағына кері қайтуға патшаның рұқсатын сұрап алдым.
Nehe Kaz 13:7  Иерусалимге қайтып келгенімде Елияшиптің зұлым ісі: оның Құдайдың киелі үйінің аулаларының ішінен (аммондық) Тобияхқа бір бөлмені бөліп бергені жайлы біліп алдым.
Nehe Kaz 13:8  Мен бұған қатты ашуланып, Тобияхтың дүние-мүлкінің бәрін сол бөлмеден лақтырып шығарып тастадым.
Nehe Kaz 13:9  Мұнан кейін қойма бөлмелеріне тазарту рәсімін жасауға тапсырма бердім, әрі Құдайдың киелі үйіндегі қызметке арналған бұйымдарды, астық тартулары және хош иісті заттарды қайтадан сол бөлмелердің ішіне орналастырттым.
Nehe Kaz 13:10  Сонымен қатар леуіліктерге тиесілі азық-түлік үлестерінің берілмегені, әрі сол себепті киелі үйде қызмет атқаратын леуіліктер мен әншілердің өз егістіктеріне тарап кетіп қалғандары туралы да біліп алдым.
Nehe Kaz 13:11  Сондықтан мен басшыларды: «Құдайдың киелі үйі неге қараусыз қалдырылды?» — деп сөктім. Содан леуіліктерді жинап алып, әрқайсысын қайтадан өз міндетін атқаруға қойдым.
Nehe Kaz 13:12  Осылай бүкіл Яһуда халқы тағы да астықтың, жүзім шырыны мен зәйтүн майының он бөлігінің бірін Құдайдың киелі үйіндегі қоймаларға алып келетін болды.
Nehe Kaz 13:13  Мен сенімді деген кісілерді: діни қызметкер Шелемияхты, діни мұғалім Садықты және леуілік Педаяхты қазына қоймаларын басқарушы етіп, оларға көмектесуге Маттанияхтың немересі Зақур ұлы Хананды тағайындадым. Олардың міндеті өз ағайындары діни қызметкерлер мен леуіліктерге тиесілі азық-түлікті үлестіріп беріп тұруды қамтиды.
Nehe Kaz 13:14  «Осыларды істегеніме бола мені мейіріммен ескере гөр, уа, Құдайым! Сенің киелі үйің мен ондағы қызметтер үшін ізгі ниетпен істегендерімді есіңнен шығара көрме!»
Nehe Kaz 13:15  Сол кездері мен Яһуда аймағында демалыс күні істеуге қатаң тыйым салынған күнделікті жұмыспен айналысып жатқан адамдарды көріп жүрдім. Олар демалыс күндері жүзімдерін таптап, шырынын сығатын, астық масақтарын жинап-буып, есектерге тиейтін. Жұрт, сондай-ақ, шарап, жүзім, інжір және басқа да түрлі жүктерді Жаратқан Иеге бағышталған демалыс күндері есектеріне артып, Иерусалимге алып келетін. Мен соны істейтіндерге демалыс күні азық-түлік сатуға болмайтынын қатты ескерттім.
Nehe Kaz 13:16  Тир қаласынан көшіп келіп, Иерусалимде тұрып жатқан саудагерлер де балық пен алуан түрлі бұйымдарды қалаға алып келіп, Яһуда халқына демалыс күндері сатып жүрді.
Nehe Kaz 13:17  Сонда мен Яһуданың жетекшілеріне қарсы шығып: «Қасиетті демалыс күнін қорлайтын істерді істейтіндерің не?
Nehe Kaz 13:18  Сендердің ата-бабаларың осылай қылып, сондықтан да Құдайымыз біздің өзіміз бен осы қалаға сол ауыртпалықты жіберді емес пе еді?! Енді өздерің де демалыс күні жайлы заңды менсінбей, Құдайдың Исраилге деген қаһарын одан бетер өршітіп жатырсыңдар!» — деп сөгіс айттым.
Nehe Kaz 13:19  Содан мен әр демалыс күнінің қарсаңында кеш түсе бастағанда: «Қала қақпаларының есіктері бекітіліп, демалыс күні өтпейінше ашылмасын!» — деген бұйрықты беріп отырдым. Демалыс күні ешқандай жүктің қалаға кіргізілмеуі үшін мен қызметшілерімнің біразын қала қақпаларына күзетке қойдым.
Nehe Kaz 13:20  Бір-екі рет саудагерлер және алуан түрлі бұйымдарын сататын басқалар да демалыс күні Иерусалимнің сыртында түнеп шықты.
Nehe Kaz 13:21  Бірақ мен оларды сақтандырып: «Сендер неге қабырғаның алдында түнейсіңдер? Егер тағы осылай ететін болсаңдар, мен сендерге қарсы шара қолданамын!» — дедім. Сол кезден бастап олар демалыс күндері келмейтін болды.
Nehe Kaz 13:22  Содан кейін мен леуіліктерге демалыс күнінің қасиеттілігін сақтау үшін өздерінің тазару рәсімінен өтіп, қала қақпаларына барып, оларды күзетуі жайлы тапсырма бердім.«Мұнымды да есіңнен шығара көрме, уа, Құдайым! Өзіңнің зор мейіріміңе сәйкес маған рақымыңды көрсете гөр!»
Nehe Kaz 13:23  Сол кездері мен кейбір яһуди ер адамдарының філістір еліндегі Азоттан және Аммон мен Моаб халықтарынан әйел алғандарына көзім түсті.
Nehe Kaz 13:24  Олардың балаларының жартысы азоттықтардың не басқа бөтен халықтың тілінде сөйлеп, яһудилердің тілінде сөйлей алмады.
Nehe Kaz 13:25  Мен сол яһудилерді айыптап, Құдайдың қарғысын естеріне түсірдім. Бірқатарын соғып, шаштарын жұлып, ескерттім. Оларды Құдайдың атын атап ант етуге мәжбүрлеп былай дедім: «Сендер қыздарыңды солардың ұлдарына ұзатпаңдар! Олардың қыздарына не ұлдарың, не өздерің үйленуші болмаңдар!
Nehe Kaz 13:26  Тіпті Исраилдің патшасы Сүлейменнің өзі (Жаратқан Иеге мойынсұнбайтын) сондай әйелдерге үйленгенінің кесірінен күнәға батқан жоқ па еді?! Басқа көптеген ұлттардың арасында ол сияқты патша болған емес. Құдай оны қатты ұнатып, бүкіл Исраил халқының патшасы қылып қойған еді. Алайда жат жұрттық әйелдері тіпті оның өзін де күнә жасауға еліктірді.
Nehe Kaz 13:27  Ал енді, сендер жат жұрттық әйелдерді алып, Құдайымызға опасыздық жасап жатырсыңдар дегенді естідік! Осы асқан зұлымдықтарыңа қалайша төзер едік?!»
Nehe Kaz 13:28  Тіпті бас діни қызметкер Елияшип ұлы Жояданың бір ұлы хоронайымдық Санбаллаттың қызына үйленген еді! Сол жігітті мен қасымнан қуып жібердім.
Nehe Kaz 13:29  «Бұларды да есіңде сақтай гөр, уа, Құдайым! Өйткені сол адамдар діни қызметті әрі Өзіңнің діни қызметкерлермен және леуіліктермен жасаған Келісіміңді арамдады!»
Nehe Kaz 13:30  Осылайша мен діни қызметкерлер мен леуіліктерді бөтен жұрттық атаулыдан тазартып, оларға міндеттерін тапсырдым. Әрқайсысына өзінің атқаратын жұмысын белгілеп бердім.
Nehe Kaz 13:31  Соған қоса ағаш отын мен алғашқы өнімдерді оларға өз уақытында үлестіру міндетін де нақтылап тапсырдым.«Мені есіңнен шығармай, игілігіңе кенелте гөр, уа, Құдайым!»