Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ROMANS
Up
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16
Chapter 1
Roma Kaz 1:1  Иса Мәсіхтің қызметшісі Пауылдан дұғай сәлем. Мәсіх мені елші болуға шақырып, Құдайдың Ізгі хабарын жариялауға бағыштап тағайындады.
Roma Kaz 1:2  Осы хабарды жіберемін деп Құдай ежелде Өзінің пайғамбарлары арқылы Киелі жазбаларда уәде берген болатын.
Roma Kaz 1:3  Бұл Ізгі хабарда Құдайдың рухани Ұлы туралы сөз болады. Ол адам ретінде Дәуіт пайғамбардың әулетінен шыққан еді.
Roma Kaz 1:4  Ал Оның құдайлық қасиетіне келсек, Құдай Оны қайта тірілтуі арқылы Өзінің рухани Ұлы екенін зор құдіретпен дәлелдеді. Ол — Иеміз Иса Мәсіх.
Roma Kaz 1:5  Құдай өз рақымымен бізге Мәсіхтің арқасында және Оның атының даңқы үшін елші болуды әрі барлық ұлттардың адамдарын Оған сеніп, мойынсұнуға шақыруды тапсырды.
Roma Kaz 1:6  Сол адамдардың ішінде сендер де барсыңдар, себебі Құдай сендерді Иса Мәсіхпен тығыз байланыста болуға шақырды.
Roma Kaz 1:7  Мен сәлемімді Құдайдың Римдегі барлық сүйіктілеріне, яғни Оның қасиетті халқы болуға шақырылғандарға, жолдаймын. Сендерге Құдай Әкеміз және Иеміз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, амандық пен тыныштық сыйлай берсін!
Roma Kaz 1:8  Сендердің сенімдерің туралы хабар әлемнің шартарабына тарап жатқандықтан, ең алдымен бәрің үшін Иса Мәсіх арқылы Құдайыма ризашылығымды білдіремін.
Roma Kaz 1:9  Мен Құдайдың рухани Ұлы туралы Ізгі хабарды жариялап, шын жүрегіммен қызмет етіп жүрмін. Құдайдың Өзі мынаған куә: Оған сиынған сайын сендерді үнемі еске аламын;
Roma Kaz 1:10  Оның еркімен маған енді қастарыңа баруға жол ашылса екен деп мінажат етемін.
Roma Kaz 1:11  Себебі өздеріңді көруді қатты аңсаудамын. Сендерді күшейту үшін рухани дарындарыммен бөліссем,
Roma Kaz 1:12  яғни сендермен болған кезімде Құдайға деген ортақ сенімімізді көріп, бір-бірімізді жігерлендірсек деймін.
Roma Kaz 1:13  Қымбатты бауырластар, сендерге шынын айтайын: өздеріңе бірнеше рет бармақшы болдым, бірақ әр жолы маған әлдене бөгет болып отырды. Өзге жерлердегі басқа ұлттардың арасында болғанымдай, мен сендердің де араларыңда еңбек етіп, соның рухани жемісін көргім келеді.
Roma Kaz 1:14  Гректер мен басқа ұлттарға, білімділер мен білімсіздерге Ізгі хабарды жариялау — менің парызым.
Roma Kaz 1:15  Сондықтан Римде тұратын сендерге де оны уағыздауға деген ықылас менде жетерлік.
Roma Kaz 1:16  Мен Ізгі хабар үшін еш ұялмаймын, ол — Мәсіхке сенетін барлық адамдарды, алдымен яһудилерді, сондай-ақ басқа ұлт адамдарын да құтқаратын Құдайдың құдіреті!
Roma Kaz 1:17  Себебі Құдайдың адамдарды ақтау жолы мынадан білінеді: ол басынан аяғына дейін сенімді қажет етеді. Пайғамбарлар жазбаларында мына тәрізді сөздер бар ғой: Сенімі арқылы ақталған адам шынайы өмір сүреді.
Roma Kaz 1:18  Құдай көктен адамдардың барлық азғындығы мен әділетсіздігіне қарсы өз қаһарын білдіреді. Себебі олар әділетсіз істері арқылы шындықты аяққа басады.
Roma Kaz 1:19  Құдай туралы білуге болатын шындық адамдарға белгілі, мұны оларға Оның Өзі білдірген.
Roma Kaz 1:20  Өйткені Құдайдың көзге көрінбейтін қасиеттері — Оның мәңгілік құдіреті мен құдайлық болмысы дүние жаратылғаннан бері айқын: бұларды Оның жаратқан нәрселерінен байқап түсінуге болады. Сондықтан адамдар Құдайды біле алмадық деп сылтаурата алмайды.
Roma Kaz 1:21  Олар Құдай туралы білсе де, Оны Құдай деп дәріптеп, шүкірлік еткен жоқ. Керісінше, адамдар түкке тұрғысыз ойға берілді. Содан саналарын қара түнек басып, наданға айналды.
Roma Kaz 1:22  Өздерін ақылдымыз деп жүріп, шын мәнінде ақымақ болып шықты.
Roma Kaz 1:23  Осылай олар мәңгі тірі Құдайдың ұлылығына табынудың орнына ажалды пенденің, құстың, төрт аяқты не бауырымен жорғалаушы жануардың мүсіндеріне құлшылық ететін болды.
Roma Kaz 1:24  Сондықтан да Құдай оларды көңілдері ынтыққан азғындықтың былығына батырып жіберді; осылай олар өз тәндерін өздері қорлауда.
Roma Kaz 1:25  Өйткені адамдар Құдай туралы шындықты мойындамай, жалған тәңірлерге сиынып келеді. Жаратушы Иеге бас ұрып ғибадат етудің орнына жаратылған нәрселерге құлшылық етеді. Ал Жаратушы Құдай мәңгілік мадақталуға лайық! Аумин.
Roma Kaz 1:26  Сол себептен де Құдай адамдарды өздерін қорлайтын құмарлықтарға батырып жіберді. Араларындағы кейбір әйелдер табиғи жыныстық қатынасты табиғи емес қатынаспен ауыстырды.
Roma Kaz 1:27  Дәл солай кейбір еркектер де әйелдерімен табиғи қатынасты қойып, бір-біріне құмарлықпен ынтығып, азғындық істейтін болды. Олар тура жолдан тайып кеткендіктерінің тиісті жазаларын өз бойларында тартып жатты.
Roma Kaz 1:28  Бұған қоса мұндай кісілер Құдайды танудың қажеті жоқ деп шешті. Сондықтан Ол соларды бұзық пейілдерінде қалдырып, ұятты нәрселер істеуге тастады.
Roma Kaz 1:29  Олардың тұла бойлары тұнған әділетсіздік, бұзықтық, дүниеқорлық, залымдық, қызғаншақтық, кісі өлтіруге құмарлық, даукестік, алдамшылық және арам ниеттілік.
Roma Kaz 1:30  Олар жасырын жамандап, ашық та өсектегіш, Құдайды жек көретін, күш көрсеткіш, өркөкірек, мақтаншақ, жамандықты ойлап тапқыш, ата-анасын сыйламайтын,
Roma Kaz 1:31  санасыз, опасыз, тасбауыр, мейірімсіз жандар.
Roma Kaz 1:32  Осындай күнәлар жасағандардың тартатын жазалары — өлім деген Құдайдың әділ үкімін сол адамдар біледі. Әйтсе де олар бұларды өздері істеп қана қоймай, солармен айналысатын басқаларды мақұлдап та отырады.
Chapter 2
Roma Kaz 2:1  Сондықтан, ей, басқаларды айыптаушы адам, кім болсаң да, сен ақтала алмайсың: өзге біреуге айып тағып тұрып өзіңе үкім айтасың! Себебі оны айыптаған сен де сол сияқты күнәлар жасайсың.
Roma Kaz 2:2  Ал сондай істермен айналысатындарды Құдай әділдікпен соттайтынын білеміз.
Roma Kaz 2:3  Ей, пенде, егер өзің де айналысқан жаман істер үшін басқаларды айыптасаң, сонда қалай, Құдай сотынан құтылам деп ойлайсың ба?
Roma Kaz 2:4  Әлде сен Құдайдың мейірім көрсетіп, өзіңді теріс жолдан қайтарғысы келетінін ұқпай, Оның мол мейірімділігін, сабырлылығын және шыдамдылығын менсінбейсің бе?
Roma Kaz 2:5  Бірақ сен жүрегіңді қасарыстырып теріс жолдан қайтудан қыңырлана бас тартасың. Осылай Құдайдың қаһары төгіліп, әділ үкімі жарияланатын күні өзің тартатын жазаңды ауырлатасың.
Roma Kaz 2:6  (Киелі жазбада мына тәрізді сөздер жазылған:) Құдай әркімге істеген ісіне қарап қарымтасын қайтаратын болады.
Roma Kaz 2:7  Тәңір алдында игілікті істерінен таймай, ұлылыққа, құрметке және өз есімін мәңгі өшірмеуге тырысқан кісіге Ол мәңгілік өмір сыйлайды.
Roma Kaz 2:8  Ал өзімшіл болып, шындыққа емес, әділетсіздікке мойынсұнып жүргендерді Құдайдың зор қаһары күтіп тұрады.
Roma Kaz 2:9  Жамандық істеген әркімді — алдымен (Құдайдың таңдап алған халқынан шыққан) яһудиді, сондай-ақ басқа ұлт адамын да азап пен қысым күтіп тұр.
Roma Kaz 2:10  Ал игілік істейтін әркімді — алдымен яһудиді, сондай-ақ басқа ұлт адамын да ұлылық, құрмет, амандық пен тыныштық күтіп тұр.
Roma Kaz 2:11  Себебі Құдай ешкімнің бет-жүзіне қарамайды.
Roma Kaz 2:12  Таураттағы Құдайдың заңын білмей күнә жасағандарға сол заң қолданылмай-ақ тозаққа үкім шығарылады. Ал Таурат заңын біле тұра күнә жасағандар сол заң бойынша сотталады.
Roma Kaz 2:13  Заңды тек естігендер емес, оны орындап жүргендер ғана Құдай алдында ақталады.
Roma Kaz 2:14  Таурат заңы жоқ басқа ұлттар өз еріктерімен оның талаптарын орындаса, онда олар өздерінің сол заңсыз-ақ не істеп, не қою керек екенін білетіндіктерін көрсетеді.
Roma Kaz 2:15  Осы арқылы олар Таурат заңының талаптарының өз жүректерінде жазулы екенін дәлелдейді. Бұған олардың ар-ұждандары куә. Демек, оларды іштей қаралайтын немесе ақтайтын осы ұждандарынан туған ойлары соған куә.
Roma Kaz 2:16  Ал адамдардың бәрінің жасырын істері мен ойларына үкімді Құдай қиямет соты күні Иса Мәсіх арқылы шығарады. Мен уағыздап жүрген Ізгі хабар осыны білдіреді.
Roma Kaz 2:17  Сен яһуди екеніңді айта жүріп, Таурат заңына сүйеніп, Құдаймен ерекше байланыста тұрғаныңа мақтанасың ба?
Roma Kaz 2:18  Оның еркін білесің, Таураттан тәлім алып, ненің жақсы-жаман екенін анықтай аласың.
Roma Kaz 2:19  Өзіңді соқырларға жетекшімін, қараңғыда адасқандарға жарықпын,
Roma Kaz 2:20  надандарға тәрбиешімін, сәбидей білімсіздерге ұстазбын деп ойлайсың. Өйткені Таураттан нақты білім мен шындықты таптың.
Roma Kaz 2:21  Сонымен, сен басқаларды үйретіп жүрсең де, қалайша өз іліміңді өзің ұстанбайсың?! «Ұрлама» дей тұра ұрлағаның не?
Roma Kaz 2:22  «Неке адалдығын бұзба» дей тұра оны өзің бұзғаның қалай? Жалған тәңірлердің мүсіндерін жек көресің, алайда неліктен өзің Құдайға тиісті құрметті көрсетпейсің?
Roma Kaz 2:23  Таурат заңымыз бар деп мақтанғанмен сол заңды бұзып, Құдайды қорлайсың!
Roma Kaz 2:24  Сол сияқты Пайғамбарлар жазбаларында мына тәрізді сөздер айтылған: Басқа ұлттардың арасында сендерге бола Құдайдың аты қорланады.
Roma Kaz 2:25  Ал сүндет рәсіміне келетін болсақ, егер де Таурат заңын қалтқысыз орындап жүрсең, ол рәсім пайдалы болар еді. Бірақ сүндеттелген сен бұл заңды бұзып жүргендіктен, сүндеттелмеген басқа ұлт адамынан сенің қай жерің артық?
Roma Kaz 2:26  Егер сол адам Таурат заңының талаптарын орындап жүрсе, өзі сүндеттелмеген болса да, сүндеттелген болып есептелмей ме?
Roma Kaz 2:27  Ей, яһудилер, сондықтан да басқа ұлт адамдары сендерді айыптайтын болады. Сендер Тауратты және сүндеттеу рәсімін ұстанғандарыңа қарамастан, заңды бұзып жүрсіңдер, ал олар сүндеттелмеген болса да, кейбіреулері оның талаптарын орындайды.
Roma Kaz 2:28  Сырт бейнесінде емес, жан дүниесінде Құдайдың адамы болған ғана Оның таңдаулы халқына жатады. Сондай адамның сүндеттелуі сырттай, яғни тәнінде, ғана емес, жан дүниесінде болу керек. Бұл рухани жаңартылу жазылған заңнан емес, Киелі Рухтан пайда болады. Ондай кісіні адам баласы емес, Құдайдың Өзі мадақтайды.
Roma Kaz 2:29  Сырт бейнесінде емес, жан дүниесінде Құдайдың адамы болған ғана Оның таңдаулы халқына жатады. Сондай адамның сүндеттелуі сырттай, яғни тәнінде, ғана емес, жан дүниесінде болу керек. Бұл рухани жаңартылу жазылған заңнан емес, Киелі Рухтан пайда болады. Ондай кісіні адам баласы емес, Құдайдың Өзі мадақтайды.
Chapter 3
Roma Kaz 3:1  «Олай болса, яһуди болудың артықшылығы не? Сүндеттелудің пайдасы қандай?» (деп сұрауларың мүмкін.)
Roma Kaz 3:2  Әрине, яһудилердің қай жағынан болса да артықшылықтары бар. Ең алдымен, Құдайдың сөзі ата-бабаларымызға сеніп тапсырылды.
Roma Kaz 3:3  Рас, олардың біразы Құдайға адал болған жоқ.«Ал олардың адал болмағандығы Құдайдың өз уәдесіне деген адалдығын жоя ма?»
Roma Kaz 3:4  Жоқ, мүлдем олай емес! Керісінше, адамдардың барлығы бірдей өтірікші болса да, Құдай берген сөзінен таймайды. Бұл туралы Забурда мынадай сөздер жазылған: Осылай айтқандарыңның әділ екені көрінеді, Сен айыпталғанда жеңімпаз болып шығасың.
Roma Kaz 3:5  «Егер біздің әділетсіздігіміз арқылы Құдайдың әділдігі айқындала түссе, не деуіміз қажет? Онда Құдай бізге қаһарын төккенде әділетсіз болып шықпай ма?» — Мұны адамдық тұрғыдан айтып отырмын. —
Roma Kaz 3:6  Жоқ, мүлдем олай емес! Құдай әділетсіз болса, қалайша әлемді Соттаушы бола алар еді?
Roma Kaz 3:7  «Егер мен әділетсіздік жасаған сайын Құдайдың адалдығы мадақталып, Оның даңқы артатын болса, онда неге мен әлі де күнәкар деп айыпталамын?» (деп қайсыбіреудің айтуы да мүмкін.)
Roma Kaz 3:8  Әлде «Жақсылық шықсын деп жамандық істей берейік» деуге бола ма? Жоқ, болмайды! Ал кейбіреулер бізді осылай тәлім берді деп жала жауып жүр. Олар Тәңірдің үкіміне лайық!
Roma Kaz 3:9  «Сонымен қалай болды? Басқалардың алдында (яһуди халқынан шыққан) біздердің артықшылығымыз бар ма?» Жоқ, ешқандай! Яһудилер де, басқа ұлттың адамдары да бірі қалмай күнәнің билігінде екенін жоғарыда дәлелдедік.
Roma Kaz 3:10  Киелі жазбаларда бұл туралы мына тәрізді сөздер бар: Бірде-бір әділ кісі жоқ,
Roma Kaz 3:11  ақылды ешкім де жоқ, Құдайға бет бұратын да жоқ.
Roma Kaz 3:12  Бәрі тайып кетті теріс жолға, әбден бұзылып кетті бірігіп барлығы да. Жақсылық жасаушы ешкім жоқ, тіпті бір жан да.
Roma Kaz 3:13  Арандары олардың көрдей ашық, майда тілдерімен айтады жалғандық. Сұр жыланның уы тілдерінен тамады.
Roma Kaz 3:14  Ауызынан шыққандар: қарғыс, өтірік, жалғандық.
Roma Kaz 3:15  Аяқтары жазықсыз қан төгуге асығады.
Roma Kaz 3:16  Олар жүрген жерлерін қиратып, азап шеккізеді.
Roma Kaz 3:17  Татулық дегенді олар білмейді.
Roma Kaz 3:18  Құдайды қастерлейтін ниеттері жоқ.
Roma Kaz 3:19  Ал Таурат заңының күллі ережелері оған бағынышты адамдар үшін күшінде екенін білеміз. Сондықтан (басқа ұлттардың да, яһуди халқының да) барлық адамдары ешбір сылтау таппай, үндері өшеді. Осылай бүкіл адамзат та Құдай алдында күнәлі болып, сотталатын болады.
Roma Kaz 3:20  Себебі Таурат заңын орындау арқылы бірде-бір адам Құдай алдында ақтала алмайды. Керісінше, сол заң адамның күнәлі екенін әшкерелейді.
Roma Kaz 3:21  Ал енді Құдайдың адамдарды ақтау жолы көрсетілді. Бұл жолға заңды ұстанудың қатысы жоқ. Ол туралы Таурат пен Пайғамбарлар жазбалары білдірген еді.
Roma Kaz 3:22  Құдай яһуди және басқа ұлт адамдарының бәрін де Иса Мәсіхке деген сенімдері арқылы ақтайды. Себебі бұл жерде ешқандай айырмашылық жоқ:
Roma Kaz 3:23  бәрі де күнә жасап, Құдайдың өздеріне белгілеген ұлылығынан құр алақан қалды.
Roma Kaz 3:24  Бірақ олар Құдайдың рақымымен Мәсіхтің бұлардың төлемдерін төлеп, құтқарғанының арқасында тегін ақтала алады.
Roma Kaz 3:25  Құдай Мәсіхті күнәлардың құнын өтеуші құрбандық етіп көрсетті: Соның қаны төгіліп құрбан болғандығына сенгендерді Құдай кешіреді. Құдайдың әділдігі осы арқылы айқын көрінеді. Себебі Ол бұрыннан бері шыдамдылық көрсетіп, адамдарға күнәларына лайықты жазаларын дереу тартқызбай жүрген еді.
Roma Kaz 3:26  Ал қазіргі заманда Ол Өзінің әділдігін осылай дәлелдейді: Құдай әділ, Ол Исаға сенуші әркімді ақтап алады.
Roma Kaz 3:27  «Ал енді, мақтануымызға бола ма?» Мақтанатын түгіміз жоқ. «Не себептен бұлай? Игі істер жасау арқылы ақтала аламыз ба?» Жоқ, сену арқылы ғана ақтала аламыз.
Roma Kaz 3:28  Сонымен біз адам заң бойынша жасаған игі істері арқылы емес, сенімі арқылы ғана ақталады деген қорытындыға келеміз.
Roma Kaz 3:29  «Әлде Құдай тек яһудилердің Құдайы болып, басқа ұлттарды қабылдамай ма?» Әрине, қабылдайды, Ол басқа ұлттардың да Құдайы ғой!
Roma Kaz 3:30  Себебі жалғыз бір-ақ Құдай бар. Ол сүндеттелген яһудилерді де, сүндеттелмеген халықтарды да сенімдері арқылы ақтап алады.
Roma Kaz 3:31  Біз «адамдар сенім арқылы ақталады» деп, Құдайдың заңын күшінен айырамыз ба? Жоқ, мүлдем олай емес! Керісінше, біз Құдайдың заңының күшін нығайтамыз.
Chapter 4
Roma Kaz 4:1  Ал енді түп атамыз Ыбырайым туралы не дейміз? Ол осы мәселеде не тапты?
Roma Kaz 4:2  Егер Ыбырайым өз игі істері арқылы ақталған болса, онда ол мақтана алар еді; бірақ Құдай алдында емес.
Roma Kaz 4:3  Тауратта: «Ыбырайым Жаратқан Иеге сенді, сондықтан Жаратқан Ие оны Өзінің алдында ақтады» деп жазылған.
Roma Kaz 4:4  Мысалы, егер біреу еңбек етсе, онда ол жалақыны сый ретінде емес, тиісті ақы ретінде алады.
Roma Kaz 4:5  Ал егер адам Құдай алдында ақталу үшін өзінің игі істеріне сүйенбей, күнәкарды кешіретін рақымды Құдайға сенімін артса, онда ол осы сенімінің арқасында ақталады.
Roma Kaz 4:6  Құдай еңбегіне қарамай-ақ ақтаған сондай адамның бақытты екендігін Дәуіт пайғамбар да айтқан:
Roma Kaz 4:7  «Әділетсіз істері кешірілген, барлық күнәларынан ақталған қандай бақытты әрбір жан!
Roma Kaz 4:8  Иеміз мойнына кінә артпайтын қандай бақытты әрбір жан!»
Roma Kaz 4:9  «Бұл бақыттылық тек сүндеттелген яһудилерге ғана ма, әлде сүндеттелмеген халықтарға да арналған ба?» (Әрине, бұл халықтарға да арналған.) Біз жоғарыда Ыбырайым ата Құдайға артқан сенімінің арқасында ақталды дедік.
Roma Kaz 4:10  Ол қашан ақталды: сүндеттелмес бұрын ба, әлде кейін бе? Сүндеттелгеннен кейін емес, оған дейін ақталды. (Демек, Ыбырайым осы рәсімді орындау арқылы ақталған жоқ.)
Roma Kaz 4:11  Кейінірек қана Құдай Ыбырайымға сүндеттеу рәсімін орындауды бұйырды. Осы рәсім Ыбырайымның Құдайға деген сенімі арқылы ақталғандығын бекітетін белгі іспетті еді. Ал бұл сенім Ыбырайымда сүндеттелмей тұрғанда-ақ болған. Сонымен Ыбырайым — кейінгі замандарда сүндеттелмей-ақ Құдайға сеніп ақталатындардың рухани түп атасы.
Roma Kaz 4:12  Бұған қоса Ыбырайым (Мәсіхке сенуші) яһудилердің де түп атасы. Бұлар сүндеттеу рәсімінен өтіп қана қоймай, атамыз Ыбырайым сүндеттелмей тұрған кезде-ақ жүрген сенім жолына да түсті.
Roma Kaz 4:13  Құдай Ыбырайым мен оның ұрпақтарына жер бетін иемденулері жайында уәде берді. Бұл уәде Ыбырайымға заңды ұстанғаны үшін емес, (Жаратқан Ие сөзінде тұрады деген) сенімі арқылы ақталғаны үшін берілді.
Roma Kaz 4:14  Егер адамдар Құдайдың берген уәдесіне тек заңды ұстану арқылы ие бола алса, онда сенімнің ешбір пайдасы және уәденің ешқандай күші болмас еді.
Roma Kaz 4:15  Заң (оны мүлтіксіз орындамаған кісіні) Тәңірдің қаһарына ұшыратады, ал заң жоқ жерде оны бұзу да мүмкін емес.
Roma Kaz 4:16  Сонымен, Құдайдың уәдесі сенімге байланысты. Осылай бұл уәде Оның рақымымен беріліп, Ыбырайымның бүкіл ұрпағы үшін — Таурат заңы бар яһуди сенушілері үшін ғана емес, Ыбырайым сияқты Құдайға сенім артқан басқа ұлттар үшін де күшінде тұрады. Ыбырайым — Жаратқан Иенің еркімен бәріміздің рухани түп атамыз.
Roma Kaz 4:17  (Тауратта) «Мен сені көптеген халықтардың түп атасы етіп тағайындадым» деп жазылған ғой. Ал Ыбырайым өлгендерді қайта тірілтетін және жаңа нәрселерді жоқтан жарата алатын Құдайға сенімін артты.
Roma Kaz 4:18  Үміттенетін еш шара қалмаған кездің өзінде Ыбырайым үмітін үзбей, сенімінде берік тұра берді. Сондықтан да ол «Сенің үрім-бұтағың да осындай сансыз көп болады!» деген уәде бойынша көптеген халықтардың рухани түп атасы болды.
Roma Kaz 4:19  Жасы жүзге келіп қалған Ыбырайым өз денесінде ешқандай күш қалмағанын, әйелі Сараның да құрсағына бала бітпейтінін жақсы білгенімен, уайымдап сенімін әлсіретпеді.
Roma Kaz 4:20  Қайта, Ыбырайым Құдайдың уәдесіне күмәнданбай, Оған деген сенімінен қуат алды.
Roma Kaz 4:21  Осылай ол Тәңірдің өз уәдесін орындай алатынына қалтқысыз сеніп, Оған құрмет көрсетті.
Roma Kaz 4:22  Сондықтан да «Жаратқан Ие оны Өзінің алдында ақтады» деп жазылған.
Roma Kaz 4:23  «Жаратқан Ие оны ақтады» деген сөз Ыбырайымға ғана емес,
Roma Kaz 4:24  бізге де қатысты: біз Иеміз Исаны қайта тірілткен Құдайға деген сеніміміз арқылы ақталамыз.
Roma Kaz 4:25  Құдай Иеміз Исаны күнәміздің құнын өтеу үшін құрбандыққа қиды және ақталғандығымызды дәлелдеу үшін қайта тірілтті.
Chapter 5
Roma Kaz 5:1  Сонымен, Иеміз Иса Мәсіхке деген сеніміміз арқылы ақталғандықтан, Оның арқасында Құдаймен татумыз.
Roma Kaz 5:2  Құдайдың осы рақымына бізге Иса Мәсіхтің арқасында, сенім арқылы жол ашылды. Енді Құдайдың рақымына бөленіп, салтанатты ұлылығын көреміз деген үмітімізге қатты шаттанамыз!
Roma Kaz 5:3  Иә, тіпті азап шегіп жүрсек те, шаттана аламыз. Себебі азаптың бізге шыдамды болуды үйренуге көмектесетінін білеміз.
Roma Kaz 5:4  Шыдамдылықтан сенімділік туады, ал сенімділік бізге үміт береді.
Roma Kaz 5:5  Бұл үміт алдамшы қиял емес, өйткені бізге сыйлаған Киелі Рухы арқылы Құдай жүрегімізді Өзінің сүйіспеншілігіне кенелтті.
Roma Kaz 5:6  Ақталуға ешқандай шарамыз болмай тұрғанда, Мәсіх Құдай алдын ала белгілеп қойған уақытында күнәкар біздер үшін жанын қиды!
Roma Kaz 5:7  Тіпті әділ біреу үшін өмірін құрбан ететін ешкім жоқ іспетті. Тым болмағанда, шынайы ізгі адам үшін бірен-саран кісі өмірін қиюға даяр болуы мүмкін.
Roma Kaz 5:8  Дегенмен, әлі де күнәкар болып жүрген кезімізде біз үшін Мәсіх өмірін құрбан етті! Осы арқылы Құдай бізге Өзінің зор сүйіспеншілігін дәлелдеді.
Roma Kaz 5:9  Енді біз Мәсіхтің қаны төгіліп құрбан болғандығы арқылы ақталған соң, Оның арқасында Құдайдың қаһарынан мәңгілік құтқарылатынымыз да сөзсіз!
Roma Kaz 5:10  Себебі бұрын біз Тәңірге әлі де қас болған кезде Оның рухани Ұлының өлімі арқылы Құдаймен татулассақ, енді татуласқандар ретінде Мәсіхтің өмірі арқылы толықтай құтқарылатынымыз сөзсіз!
Roma Kaz 5:11  Бұл ғана емес, біз Иеміз Иса Мәсіх арқылы Құдайдың Өзіне қатты шаттанып та жүрміз, өйткені Мәсіхтің арқасында Онымен татуластық.
Roma Kaz 5:12  Бұдан шығатын қорытынды мынау: бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді. Адамдардың бәрі де ажалды болды, өйткені барлығы күнә жасады.
Roma Kaz 5:13  Әрине, Мұса арқылы Таурат заңы берілгенге дейін де дүниеде күнә болған. Ал заң жоқ жерде күнәлар адамның мойнына артылмайды.
Roma Kaz 5:14  Бірақ та өлім Адам атадан Мұсаның заманына дейін өзінің билігін жүргізіп келді. Дәл Адам атаның Құдайдың анық бұйрығын бұзғаны сияқты күнә жасамағандарға да өлім билігін жүргізді.Адам атаға қарайтын болсақ, кейінірек келген Мәсіх жайында көп нәрселерді жақсырақ түсіне аламыз.
Roma Kaz 5:15  Алайда Құдайдың беретін сыйын және Адам атаның күнә жасауын салыстыруға болмайды: сол бір кісінің күнәсі арқылы бүкіл адамзат ажалды болды, ал Құдайдың рақымы және Оның бір Кісінің, яғни Иса Мәсіхтің рақымы арқылы берген сыйы одан қаншама зор! Осы сый көптеген адамдарға молынан тиді.
Roma Kaz 5:16  Құдайдың адамды тегін ақтауы мен Адам атаның күнә жасауы басқа жақтан қарағанда да тең емес: Адам атаның жасаған бір күнәсінен кейін Тәңір «кінәлісің» деген үкімін шығарды, ал адамзат жасаған көп күнәлардан кейін Ол «ақталдың» деген тегін сыйын берді!
Roma Kaz 5:17  Күнә жасаған бір кісі — Адам ата арқылы өлім бүкіл адамзатқа билік жүргізіп келеді. Сол сияқты, Құдайдың шексіз рақымын және әділдіктің тегін сыйын қабылдағандар бір Кісі — Иса Мәсіх арқылы өмірде билік құрады.
Roma Kaz 5:18  Сонымен, бір кісінің күнәсі бүкіл адамзатқа өлім жазасын алып келді. Ал өзге бір Кісінің әділ ісі (Оған сенушілердің) бәрін ақтап, мәңгілік өмір сыйлады.
Roma Kaz 5:19  Бір кісінің Құдайға мойынсұнбауы көптеген адамдарды күнәкар етті. Дәл солай, басқа бір Кісінің Құдайға мойынсұнуы арқылы көптеген адамдар ақталады.
Roma Kaz 5:20  Ал Таурат заңы болса, күнә туралы түсінігіміздің көбейе түсуі үшін берілді. Бірақ күнә қаншалықты көбейсе, Құдайдың рақымы одан да асып түсті.
Roma Kaz 5:21  Сонымен, күнәнің адамзатты билеп-төстеп, өлімге алып келгеніндей, Құдайдың рақымы да билік құрып, адамдарды ақтап, Иеміз Иса Мәсіх арқылы мәңгілік өмірге жеткізеді.
Chapter 6
Roma Kaz 6:1  «Бұдан қандай қорытынды шығады? (Құдай күнәларымызды кешіретіндіктен) Оның рақымы молайсын деп күнә жасай берейік пе?»
Roma Kaz 6:2  Жоқ, олай істеуге болмайды! Өлген адам күнә жасамайды ғой. Біз (сенушілер) де сол өлген адамдай күнәға жоқ болдық. Қалайша бұдан былай күнә жасап өмір сүрмекпіз?!
Roma Kaz 6:3  Өздерің жақсы білесіңдер: Иса Мәсіхпен тығыз байланысқан бәріміз Онымен бірге рухани өлдік. Шомылдыру рәсімінен өткеніміз соны білдіреді.
Roma Kaz 6:4  Демек, Мәсіхпен тығыз байланысқанда біздер Онымен бірге рухани «өліп, жерлендік». Сонымен, Құдай Әке Өзінің ұлы құдіретінің арқасында Мәсіхті өлімнен қайта тірілтіп, жаңа өмір бергендей, біз де енді жаңаша өмір сүруіміз керек!
Roma Kaz 6:5  Себебі біз осылай рухани тұрғыдан Мәсіхпен бірге «өліп», күнәлі өмір салтымыздан біржола бас тартқан болсақ, енді өлімнен қайта тірілген Мәсіхпен тығыз байланыста тұрып жаңаша өмір сүрейік!
Roma Kaz 6:6  Мынаны білеміз ғой: бұрын өзіміз кім болсақ, сол күнәкар болмысымыз Мәсіхпен бірге айқышта өлді. Осылай біздің күнә билеген болмысымыз күшінен айырылды, сондықтан енді күнәнің құлы емеспіз!
Roma Kaz 6:7  Өйткені адам өлгенде күнәнің билігінен босатылады.
Roma Kaz 6:8  Ендеше, біз Мәсіхпен бірге рухани өлгендіктен, Онымен байланыста өмір сүретінімізге де кәміл сенеміз.
Roma Kaz 6:9  Себебі өлімнен тірілген Мәсіх енді қайтып өлмейді, бұдан былай өлім Оған билігін жүргізе алмайды, мұны білеміз.
Roma Kaz 6:10  Мәсіх өлгенде күнәға біржола жоқ болды, енді Ол Құдайдың құрметі үшін өмір сүреді.
Roma Kaz 6:11  Сендер де өздеріңді «күнәға жоқпыз, енді Құдайдың құрметі үшін Иса Мәсіхпен тығыз байланыста өмір сүреміз» деп есептеңдер!
Roma Kaz 6:12  Сондықтан күнә ажалды тәндеріңді билемесін! Яғни тәндеріңнің күнәлі құмарлықтарына еріп кетпеңдер!
Roma Kaz 6:13  Дене мүшелеріңді күнә жасау үшін қолданып әділетсіздіктің құралы етпеңдер! Қайта, сендер рухани өлімнен шынайы өмірге өтіп келдіңдер; сондықтан өздеріңді Құдайдың қызметіне арнап, дене мүшелеріңді де Оған бағыштап, оларға әділ істер істетіңдер!
Roma Kaz 6:14  Күнә сендерге билігін жүргізбеуі керек, себебі сендер енді Таурат заңына емес, Құдайдың рақымына бағынасыңдар.
Roma Kaz 6:15  «Бұдан қандай қорытынды шығады? Біз Таурат заңына емес, Құдайдың рақымына бағынғандықтан, күнә жасай берейік пе?» Жоқ, олай істеуге болмайды!
Roma Kaz 6:16  Сендер білесіңдер ғой: егер біреуге бағынып, оның еркін орындасаңдар, онда сол қожайындарыңның құлы боласыңдар. Сол сияқты, сендер не мәңгілік өлімге апаратын күнәға құл боласыңдар, не Құдайға мойынсұнып, әділдікке қызмет етесіңдер.
Roma Kaz 6:17  Құдайға шүкір, сендер бұрын күнәнің құлы болғанмен, енді алған тәлімнен тапқан ақиқатқа бет бұруға шын жүректен шешім қабылдадыңдар.
Roma Kaz 6:18  Күнәнің үстемдігінен босағанда әділдіктің «құлы» болдыңдар.
Roma Kaz 6:19  Түсініктеріңнің әлі де аз екенін ескеріп, осы қарапайым сөздерді қолданып отырмын. Бұрын сендер дене мүшелеріңді әділетсіздіктің құралы қылып, арам да заңсыз нәрселерге қызмет еткізгендерің сияқты, енді Құдайға бағышталған қасиетті өмір сүру үшін дене мүшелеріңді әділдікке қызмет етуге арнаңдар!
Roma Kaz 6:20  Күнәнің құлы болып жүргенде сендер әділдіктің билігінде болмадыңдар.
Roma Kaz 6:21  Сол кездегі өмір салттарыңнан қандай нәтижелер көрдіңдер? Олар қазір өздерің де ұялатын істер еді. Солардың ақыры — мәңгілік өлім!
Roma Kaz 6:22  Енді сендер күнәнің үстемдігінен босатылып, Құдайдың қызметіне кірдіңдер. Бұның өнімі — Құдайға бағышталған қасиетті өмір. Ал түпкі нәтижесі — мәңгілік өмір.
Roma Kaz 6:23  Күнәнің беретіні — (мәңгілік) өлім, ал Құдайдың беретін сыйы — Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыстағы мәңгілік өмір.
Chapter 7
Roma Kaz 7:1  Қымбатты бауырластар, сендер заң туралы білетіндіктен айтып отырмын: заң адамға оның көзі тірісінде ғана билігін жүргізеді, соны білесіңдер ғой.
Roma Kaz 7:2  Мысалы, тұрмысқа шыққан әйел күйеуінің тірісінде оны тастап кетсе, бұнысы неке заңына қарсы. Бірақ күйеуі өлсе, әйел оған қосқан заңның ықпалынан босайды.
Roma Kaz 7:3  Сонымен, егер бір әйел күйеуін тірі кезінде тастап, басқа еркекпен тұрса, ондайды неке бұзушы дейді. Ал күйеуі өлсе, әйел неке заңынан босайды. Бұдан кейін басқа біреуге қосылса, неке бұзушы болып саналмайды.
Roma Kaz 7:4  Сол сияқты сендер де, бауырластарым, Мәсіхтің тәні өлгенде рухани тұрғыдан Онымен бірге «өлдіңдер», сонымен Таурат заңын орындау міндетінен босадыңдар. Енді сендер басқа Біреудің қарамағындасыңдар: Ол — өлімнен қайта тірілген Мәсіх. Сондықтан біз Құдайға қызмет етіп, рухани жеміс бере аламыз.
Roma Kaz 7:5  Біз әлі де ескі күнәкар болмысымыздың билігінде жүрген кезде заңның өзі бойымызда күнәлі құмарлықтарды қоздырып оятты. Осылайша біз нәтижесі өлім болатын нәрселерді істеп келдік.
Roma Kaz 7:6  Ал енді біз өзімізді байлап қойған Таурат заңын орындау міндетінен босатылдық, себебі рухани тұрғыдан «өліп», оған жоқ болдық. Ендеше Құдайға бұрынғыдай тек заңның баптары бойынша емес, Киелі Рухтың жетелеуімен жаңаша қызмет етеміз.
Roma Kaz 7:7  «Бұдан қандай қорытынды шығады? (Бойымыздағы күнәлі құмарлықтарды қоздырып, оятқандығына бола) Таурат заңы күнәлі ме?» Жоқ, мүлдем олай емес! Бірақ заң болмаса, күнә жасағанымды білмес едім. Мысалы, Таурат заңы «Басқаның иелігіне сұқтанба!» демесе, сұқтанудың күнә екенін білмес едім.
Roma Kaz 7:8  Алайда күнә жағдайды пайдаланып, осы өсиеттің көмегімен менің бойымдағы күнәлі құмарлықтардың әр түрін қоздырды. Заң болмағанда күнә туралы білім болмас та еді.
Roma Kaz 7:9  Бір кезде заңды білмей өмір сүрдім. Ал заңның өсиеттерін естіген соң мен күнә туралы түсіне бастап,
Roma Kaz 7:10  рухани тұрғыдан өлгенімді, яғни Құдайдан ажырағанымды, білдім. Осылай Құдайдың нағыз өмірге жөн сілтейтін өсиеті маған өлім алып келді.
Roma Kaz 7:11  Себебі күнә жағдайды пайдаланып, мені еліктіріп, рухани өлімге душар етті.
Roma Kaz 7:12  Ендеше Таурат заңы қасиетті, өсиет те қасиетті, әділ және игі.
Roma Kaz 7:13  «Сонымен осындай игі заң маған рухани өлімді (яғни Құдайдан ажырауды) әкелгені ме?» (деп біреудің сұрауы мүмкін.) Жоқ, мүлдем олай емес! Қайта, күнәлі құмарлық игі заңды пайдаланып, өлім әкелді. Бұл, күнәнің шын мәнінде нағыз жаман, жексұрын нәрсе екенін өсиет арқылы анық көрсету үшін осылай болды.
Roma Kaz 7:14  Таурат заңының Құдай Рухынан шыққанын білеміз, ал мен пенде ретінде күнәлі құмарлықтардың құлдығындамын.
Roma Kaz 7:15  Не істеп жүргенімді өзім де түсінбеймін: қалағанымды емес, керісінше, жек көретінімді істеп жүрмін.
Roma Kaz 7:16  Ал өзім қаламайтын қылықтарды істегендіктен, Таурат заңының игі екенін іштей мойындаймын.
Roma Kaz 7:17  Онда жаман нәрсені істеген мен емес, бойымдағы күнәлі құмарлық.
Roma Kaz 7:18  Менің бойымда, яғни ескі күнәкар болмысымда, жақсылық жоқ екенін білемін; сондықтан да жақсылық жасағым келсе де, оны жүзеге асыратын күшім жоқ.
Roma Kaz 7:19  Осылай мен қалаған игілікті емес, қаламайтын жамандықты жасаймын.
Roma Kaz 7:20  Ал енді, өзім қаламайтын жамандықты жасағанымда бұны істеген мен емес, бойымдағы күнәлі құмарлық.
Roma Kaz 7:21  Осылай мен байқаған заңдылық мынау: жақсылық жасағым келсе де, бойымдағы жаман құмарлық қарсы тұрады.
Roma Kaz 7:22  Іштей Құдай заңына ризамын,
Roma Kaz 7:23  бірақ бойымда басқа бір заңдылықтың да бар екенін байқаймын: ол ақыл-ойым қалайтын жақсылыққа қарсы шығып, мені бойымдағы күнәлі құмарлыққа кіріптар етеді.
Roma Kaz 7:24  Сорлы басым-ай! Өлім әкелетін күнәлі тәнімнен мені кім құтқара алады?
Roma Kaz 7:25  Құдайға шүкір, Иеміз Иса Мәсіх арқылы (бойымыздағы күнәлі құмарлықтың құлдығынан құтқарыла аламыз)!Сонымен, жағдайым мынадай: ақыл-ойыммен Құдайдың заңын орындағым келеді, ал ескі күнәкар болмысымның кесірінен күнәлі құмарлыққа кіріптармын.
Chapter 8
Roma Kaz 8:1  Енді Иса Мәсіхпен тығыз байланыстағы адамдарға Құдай жазалау үкімін шығармайды. (Олар өздерінің ескі күнәкар болмысының емес, Құдайдың Киелі Рухының қалауына сай өмір сүреді.)
Roma Kaz 8:2  Себебі Иса Мәсіхпен тығыз байланыстырып, жаңа өмір сыйлаған Киелі Рух мені күнәлі құмарлық пен рухани өлімнің күштеуінен азат етті.
Roma Kaz 8:3  Біздің ескі күнәкар болмысымыз (Таурат заңын мүлтіксіз орындауға) дәрменсіз болғандықтан, осы заң істей алмағанды Құдайдың Өзі істеді: Ол Өзінің рухани Ұлын күнәміздің құнын өтеп құрбандық болу үшін күнәлі біздердің денеміздей денемен осы дүниеге жіберді. Біздің күнәмізге бола Құдай Оған үкім шығарып, Оның денесіне өлім жазасын тартқызды.
Roma Kaz 8:4  Ондағы мақсаты — біздің ескі күнәкар болмысымыздың еркі бойынша емес, Киелі Рухтың еркіне сай өмір сүріп, Құдайдың заңының әділ талаптарын орындауымыз.
Roma Kaz 8:5  Өзінің ескі күнәкар болмысының еркі бойынша өмір сүретін әрбір жан сол болмысының қалауын жүзеге асыруға ұмтылады. Ал Киелі Рухтың жетелеуімен өмір сүретіндер Киелі Рухтың қалауын орындауға ниет етеді.
Roma Kaz 8:6  Күнәкар болмыстың қамын ойлау мәңгілік өлімге, ал Киелі Рухтың еркін орындау шынайы өмір мен тыныштыққа жеткізеді.
Roma Kaz 8:7  Ескі күнәкар болмысымыздың ниеті Құдайға қас, ол Құдайдың заңына бағынбайды, әрі бағына алмайды да.
Roma Kaz 8:8  Сондықтан ескі күнәкар болмысының еркімен өмір сүретіндер Құдайға ұнай алмайды.
Roma Kaz 8:9  Бірақ Құдайдың Рухы өмірлеріңнен орын алғандықтан, сендер ескі күнәкар болмыстарыңның емес, Құдай Рухының жетелеуімен өмір сүрудесіңдер. Ал бойында Мәсіхтің Киелі Рухы жоқ адам — Мәсіхтің адамы емес.
Roma Kaz 8:10  Егер де Мәсіх (Өзінің Рухы арқылы) өмірлеріңнен орын алған болса, онда тәндерің күнәнің кесірінен ажалды болғанмен, рухтарың ақталудың арқасында мәңгілік өмірге ие.
Roma Kaz 8:11  Өлімнен Иса Мәсіхті қайта тірілткен Құдайдың Киелі Рухы өмірлеріңнен орын алды. Сондықтан Құдай бойларыңда тұратын Өзінің Киелі Рухы арқылы сендердің денелеріңді де өлімнен тірілтіп алатын болады.
Roma Kaz 8:12  Сондықтан, қымбатты бауырластар, ескі күнәкар болмысымыздың еркімен өмір сүруге міндетті емеспіз!
Roma Kaz 8:13  Өйткені егер оның еркіне сай өмір сүрсеңдер, Құдайдан ажырап, мәңгілік өлімге ұшырайсыңдар. Ал егер Киелі Рухтың күшімен күнәкар болмыстарыңның іс-әрекетінен мүлдем бас тартсаңдар, шынайы өмір сүресіңдер.
Roma Kaz 8:14  Өйткені Құдай Рухының жетелеуімен жүретіндер — Құдайдың рухани балалары.
Roma Kaz 8:15  Сендер өздеріңді құл етіп, қайтадан қорқытып жүретін рухты емес, Құдайдың рухани баласы еткен Киелі Рухты қабылдадыңдар. Ол арқылы біз Тәңір Иеге сиынғанда «Әке, Әке!» деп шақырамыз.
Roma Kaz 8:16  Киелі Рух Құдайдың рухани баласы екенімізді өз рухымызға растайды.
Roma Kaz 8:17  Рухани баласы болғандықтан, Оның бізге дайындап қойған мәңгілік игіліктеріне де ие боламыз: Құдай Мәсіхке сыйлағандары іспетті игіліктерді бізге де сыйламақ. Егер Мәсіхтің жолында жүріп, азабына ортақ болсақ, Оның салтанатты ұлылығына да ортақ болып, сол игіліктерді қабылдаймыз.
Roma Kaz 8:18  Болашақта біз үшін анық көрінетін салтанатты ұлылықпен салыстырғанда, қазіргі заманның азаптарының түк емес екендігіне әбден сенемін.
Roma Kaz 8:19  Бүкіл жаратылыс Құдай Өзінің рухани балаларын анық көрсететін күнді сағына күтіп отыр.
Roma Kaz 8:20  Өйткені жаратылыс өз еркімен емес, Құдайдың үкімімен өткіншілікке бағынды.
Roma Kaz 8:21  Солай бола тұра, Құдай бізге болашақта жаратылыс та өткіншіліктің құлдығынан босатылып, Құдайдың рухани балаларының салтанатты ұлылығы мен бостандығына жетеді деген үміт берді.
Roma Kaz 8:22  Қазірге дейін бүкіл жаратылыстың толғақ азабы секілді бейнет шегіп, ыңқылдай күрсініп жатқанын білеміз.
Roma Kaz 8:23  Бірақ ол ғана емес, Құдайдың алғашқы сыйы ретінде Киелі Рухты қабылдаған біз де іштей ыңқылдай күрсіне отырып, Құдай бізді рухани баласы ретінде Өзіне алатын, осылай тәнімізді өткіншіліктен азат ететін күнді сағына күтудеміз.
Roma Kaz 8:24  Құтқарылғаннан бері біздің осындай үмітіміз бар. Ал орындалған үмітті ешкім үміт демейді, өйткені ол іске асқанда үміт болудан қалады.
Roma Kaz 8:25  Енді біз әлі де орындалмаған нәрсеге үміт артқандықтан, оны сабырмен сағына күтеміз.
Roma Kaz 8:26  Сонымен қатар әлсіреген бізді Киелі Рух та қолдайды. Тәңір Иеден не тілейтінімізді дұрыстап білмесек те, Киелі Рухтың Өзі біз үшін өтініш етіп, сөзбен айта алмас ыңқыл, күрсінісімізді Оған жеткізеді.
Roma Kaz 8:27  Ал Тәңір Ие адам жүрегінің түкпір-түкпіріндегіні біледі. Киелі Рух Құдайдың адамдары үшін Оның еркіне сай өтініш жасағанда Құдай Киелі Рухтың ниетін де түгелдей түсінеді.
Roma Kaz 8:28  Тағы да мынаны білеміз: барлық жағдайларда Құдай Өзін сүйетіндердің игілігі үшін әрекет етеді, себебі Ол бізді өз мақсатына сай таңдап алды.
Roma Kaz 8:29  Құдай алдын ала білетін біздерді Өзінің рухани Ұлының үлгісіне ұқсасын, осылайша рухани Ұлы көптеген бауырластарының арасындағы тұңғышы іспетті аса қадірлі болсын деп бұрыннан белгілеп қойған еді.
Roma Kaz 8:30  Құдай кімдерді бұрыннан белгілеп қойса, соларды шақырып алды, шақырып алғандарын ақтап та алды, ақтап алғандарына ұлылық та сыйлады.
Roma Kaz 8:31  Бұл жайында не дейміз? Құдай жақтаса, бізге кім қарсы шыға алады?!
Roma Kaz 8:32  Ол Өзінің жалғыз рухани Ұлын аямай, Оны біз үшін өлімге қиды. Ендеше Онымен бірге бізге қажеттінің бәрін қалайша сыйламайды?
Roma Kaz 8:33  Құдайдың таңдап алғандарына кім айып таға алады? Құдайдың Өзі оларды ақтайды,
Roma Kaz 8:34  ендеше кім үкім шығара алады? Мәсіх Иса біз үшін өлді, Ол қайта тірілді де. Содан Ол Құдайдың оң жағынан орын алып, бізді қолдауда.
Roma Kaz 8:35  Мәсіхтің сүйіспеншілігінен бізді не айыра алады? Азап пен қысым ба, қудалану мен аштық-жалаңаштық па, әлде қауіп пен семсер ме?
Roma Kaz 8:36  Забурда мына сөздер жазылған: «Сен үшін олар бізді күнде жоюда, сойылатын қой деп бізге қарауда».
Roma Kaz 8:37  Ал осының бәрінде біз өзімізді шексіз сүйетін Иеміздің арқасында ұлы жеңіске жетеміз.
Roma Kaz 8:38  Мен мынаған нық сенемін: өлім де, өмір де, періштелер де, жын-перілер де, бүгінгі күн де, болашақ та, табиғаттан тыс күштер де бізді Құдайдың сүйіспеншілігінен айыра алмайды!
Roma Kaz 8:39  Рас, не үстіміздегі, не астымыздағы ешқандай күш те, тіпті жаратылыстың басқа ешбір нәрсесі де бізді Құдайдың Иеміз Иса Мәсіх арқылы көрсетіп жүрген сүйіспеншілігінен айыра алмайды!
Chapter 9
Roma Kaz 9:1  Мен Мәсіхпен тығыз байланыстағы адам ретінде жалған емес, шындығын айтып отырмын, Киелі Рухқа бағынған ар-ұжданым бұған куә:
Roma Kaz 9:2  қасіретім зор, жүрегім үздіксіз сыздайды;
Roma Kaz 9:3  егер қанымыз бір бауырлас яһуди халқының сенімге келуі үшін менің қарғысқа ұшырап, Мәсіхтен аластатылуым қажет болса, соған да дайын болар едім.
Roma Kaz 9:4  Олар — Құдай рухани баласы ретінде қабылдап, Өзінің салтанатты ұлылығын көрсетіп, әлденеше Келісім жасасқан Исраил халқы. Таурат заңы, киелі үйдегі қызмет және Құдайдың уәделері де солардың үлесінде.
Roma Kaz 9:5  Ыбырайым, Ысқақ, Жақып және оның ұлдары осы халықтың түп аталары болған. Мәсіхтің Өзі де адам кейпінде олардың Ұрпағы болып дүниеге келді. Ол — Құдай, бүкіл жаратылыс Оның қолында, Ол мәңгі мадақтала берсін! Аумин.
Roma Kaz 9:6  Ал яһудилердің көпшілігінің Мәсіхті мойындамағандығы Құдайдың берген сөзін орындамағанын білдірмейді. Исраилден тарағандардың бәрі бірдей шынайы Исраил қауымы емес қой;
Roma Kaz 9:7  Ыбырайымнан тарағандардың бәрі бірдей оның Құдай таңдап алған ұрпағы да емес. Қайта, Құдай Ыбырайымға: «Сенің ұрпағың Ысқақтан тарайтын болады», — деді.
Roma Kaz 9:8  Олай болса, Ыбырайымның кіндігінен тараған балалардың бәрі емес, тек Ысқақ сияқты Құдайдың уәдесі бойынша дүниеге келген үрім-бұтағы ғана нағыз ұрпағы деп есептеледі.
Roma Kaz 9:9  Өйткені Құдайдың Ыбырайымға берген уәдесі былай болған: «Келесі жылы осы уақытта Мен саған тағы да келемін. Сонда әйелің Сараның ұлы болады».
Roma Kaz 9:10  Рабиға жөнінде де тура осылай болды. Оның екі ұлы бір әкеден, яғни түп атамыз Ысқақтан, туған.
Roma Kaz 9:11  Бірақ егіз ұлдары (Есау мен Жақып) дүниеге келмей, әрі не жақсылық, не жамандық жасамай тұрған кезде-ақ, Құдай екеуінің біреуін таңдап алды.
Roma Kaz 9:12  Бұл жерде Құдайдың адамдарды олардың істеген істері бойынша емес, Өзінің еркі бойынша таңдап алуы айқын көрінеді. Ол Рабиғаға: «Ағасы інісінің қызметшісі болмақ», — деген хабар жіберді.
Roma Kaz 9:13  Сол сияқты Оның мына тәрізді сөздері де жазылған: «Мен Жақыпты сүйіп таңдап алдым, ал Есауды таңдамадым».
Roma Kaz 9:14  Бұл нені білдіреді? Құдайдың әділетсіз болғаны ма? Жоқ, мүлдем олай емес!
Roma Kaz 9:15  Құдай Мұса пайғамбарға: «Мен қалаған адамыма рақымды боламын, таңдап алғаныма мейірімімді шашамын», — деген.
Roma Kaz 9:16  Яғни Құдайдың таңдап алуы адамның қалауы мен әрекетіне емес, Құдайдың рақымына байланысты.
Roma Kaz 9:17  Тауратта Өзіне қарсы шыққан Мысыр патшасы перғауынға Құдайдың былай дегені де жазылған: «Саған (істейтінім арқылы) құдіретімді көрсетіп, бүкіл жер жүзіне атымды шығару үшін ғана сені патша етіп қойдым».
Roma Kaz 9:18  Сонымен, Құдай Өзі қалағандарына рақымын төгіп, ал жаратпағандарын қасарыстырып қояды.
Roma Kaz 9:19  Мүмкін, біреулерің маған: «Олай болса, Құдай бізді неге кінәлайды? Оның еркіне кім қарсы шыға алар еді?» деп айтарсыңдар.
Roma Kaz 9:20  Ей, пенде, Құдайға қарсы сөйлейтіндей сен кімсің?! Жаратылған нәрсе өзін жаратқанға: «Неге мені осылай жараттың?» деп айта ма?
Roma Kaz 9:21  Қайта, құмырашы бір балшықтан алып, біреуін сән-салтанатқа, келесісін қарапайым қолданысқа арнап екі ыдыс жасаймын десе, ерікті емес пе?
Roma Kaz 9:22  Ал мынаған не дейсіңдер: Құдай біреулеріне күнәлары үшін қаһарын төгіп, құдіретін көрсетпек болды. Бұлар құртылуға лайықты болса да, Құдай солардың жаман іс-әрекеттеріне үлкен сабырлықпен шыдап келген еді.
Roma Kaz 9:23  Ал басқалары арқылы Құдай Өзінің шексіз ұлылығын көрсетпек болып, оларға рақымын төкті. Бұларды Ол көктегі салтанатты ұлылықты иемденуге алдын ала дайындаған еді.
Roma Kaz 9:24  Осы үшін Құдай бізді яһудилерден ғана емес, басқа ұлттардан да шақырды.
Roma Kaz 9:25  Бұл туралы Ол Ошия пайғамбар арқылы былай деген: «Мен «Халқымеместі» енді «Өзхалқым» деймін, сүймегенімді «Сүйіктім» деп атаймын».
Roma Kaz 9:26  Және: «Олар «халқым емессіңдер» делінген жердің өзінде енді «мәңгі тірі Құдайдың рухани балалары» деп аталады».
Roma Kaz 9:27  Ишая пайғамбар Исраил жайында дауыстап мынадай сөздер айтқан: Исраилдің ұрпақтары теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай сансыз көп болса да, олардың біразы ғана аман қалады.
Roma Kaz 9:28  Иә, Жаратқан Ие бұл үкімін жер бетінде тездеп, (шексіз әділдікпен) біржола іске асырады.
Roma Kaz 9:29  Ишаяның алдын ала айтып кеткен мына сөзі де дәл келді: «Әлемнің Иесі біразымызды тірі қалдырмағанда, біз де ежелгі Содом мен Ғомора қалаларының кебін киіп, толықтай жойылып кеткен болар едік».
Roma Kaz 9:30  Бұған не дей аламыз? Құдай алдында ақталуға тырыспаған басқа ұлт адамдары сенімдері арқылы ақталды,
Roma Kaz 9:31  бірақ Таурат заңын орындау арқылы ақталуға тырысқан Исраил халқы бұл мақсатқа жете алмады.
Roma Kaz 9:32  Неге жете алмады? Себебі олар сенім арқылы емес, өз еңбектері арқылы ақталуға тырысты. Сондықтан Мәсіх олар үшін сүріндіретін «кедергі тас» іспетті болды.
Roma Kaz 9:33  Бұл туралы да осы тәрізді сөздер алдын ала жазылған еді: Міне, Мен Сион қаласында кедергі тасты орнатып қоямын. Бұған көбі сүрініп, құлайды. Ал «Оған сенімін артқан ешкім ұятқа қалмайтын болады лайым».
Chapter 10
Roma Kaz 10:1  Қымбатты бауырластар, менің жүрегімнің тілегі және Құдайдан жалбарынып сұрайтыным — исраилдіктердің құтқарылуы.
Roma Kaz 10:2  Олардың Құдай үшін ынта көрсетіп жүргендеріне куәмін, алайда ынталары дұрыс түсінікке негізделмеген.
Roma Kaz 10:3  Өйткені олар Құдайдың адамды ақтау жолын ұқпай, өздерінің әділдігін орнатуға тырысты, осылайша Тәңір Иенің дайындаған ақтау жолын мойындамай қойды.
Roma Kaz 10:4  Адамдардың Таурат заңын ұстануға ұмтылысын Мәсіх тоқтатты, енді Оның құрбандық өліміне сенетіндер ақталады.
Roma Kaz 10:5  Таурат заңының ережелерін орындау арқылы ақталу туралы Мұса пайғамбар былай деп жазған: «Оларды бұлжытпай орындайтын адам солар арқылы өмір сүреді».
Roma Kaz 10:6  Ал сенім жолымен ақталу туралы Тауратта мына тәрізді сөздер айтылған: Кім көкке көтеріледі? Яғни кім Мәсіхті көктен алып келеді? — деп іштей сұрама.
Roma Kaz 10:7  Немесе: Кім тұңғиыққа түседі? Яғни кім Мәсіхті өлімнен қайтарып алып келеді? — деп те айтпа.
Roma Kaz 10:8  Қайта, сенім жолымен ақталу жөнінде былай делінген: «Бұл сөз саған өте жақын, ол ауызыңда және жүрегіңде».Сенім туралы біз жариялап жүрген сөз — осы.
Roma Kaz 10:9  Өз аузыңмен Исаны Жаратқан Ием деп мойындасаң, жүрегіңде Құдайдың Оны өлімнен қайта тірілткеніне сенсең, онда құтқарыласың.
Roma Kaz 10:10  Себебі Мәсіхке жүрегімен сенуі арқылы адам күнәсінен ақталады, Оны аузымен мойындауы арқылы құтқарылады.
Roma Kaz 10:11  Осы туралы Ишая пайғамбардың жазбасында «Оған сенімін артқан ешкім ұятқа қалмайтын болады лайым» делінген ғой.
Roma Kaz 10:12  Бұл жерде яһудилер мен басқа ұлттардың араларында айырмашылық жоқ, олардың жалғыз бір Жаратқан Иесі бар: Ол Өзіне сиынғандардың бәріне де шексіз рақымды.
Roma Kaz 10:13  Себебі: «Иеміздің атын атап Оған сиынған әркім құтқарылады» деп те жазылған.
Roma Kaz 10:14  (Енді былай деулерің де мүмкін:) «Олар Иемізге сенбесе, қалай Оған сиынады? Ол туралы естімесе, қалай сенеді? Оны ешкім уағыздамаса, қайдан естиді?
Roma Kaz 10:15  Ал Құдай жібермесе, қалай уағыздайды?» Пайғамбарлар жазбаларында мына тәрізді сөздер бар: (Татулық туралы) ізгі хабарды жеткізушілердің келгені қандай тамаша!
Roma Kaz 10:16  Бірақ Құдай Ізгі хабарды жіберген болса да, исраилдіктердің бәрі бірдей оған сенген жоқ, оны қабылдаған да жоқ. Осы туралы Ишая пайғамбар мынадай сөздер айтқан: Уа, Ием, біздің хабарымызға азғана кісілер сенді!
Roma Kaz 10:17  Сонымен, сенім хабарды естуден келеді, ал естудің өзі Мәсіхтің сөзін жариялаудан болады.
Roma Kaz 10:18  Енді: «Олар хабарды естіген жоқ па?» деп сұрағым келіп тұр. Әрине, естіген. «Үндері жайылады бар жер бетіне, сөздері таралады жердің шетіне» деп (Забурда) жазылған ғой.
Roma Kaz 10:19  Онда мен: «Мүмкін Исраил халқы түсінбеген шығар?» деп сұраймын. Тіпті басқа ұлттық адамдар оны түсінді ғой! Мұса пайғамбар мұны бірінші болып Құдайдың мына тәрізді сөздерімен алдын ала айтты: «Мен халық сиқы жоқ бөтендер арқылы сендердің қызғаныштарыңды оятамын. Иә, өздерің түсінігі жоқ деп санайтын өзге халықпен сендерді ашуландырамын!»
Roma Kaz 10:20  Ишая пайғамбар бұл туралы батылдықпен Құдайдың мынадай хабарын жеткізді: «Іздемегендер Мені таба алды. Мен туралы сұрамағандарға Өзімді көрсеттім».
Roma Kaz 10:21  Ал Исраил халқы жайында Құдай мына тәрізді сөздер айтты: «Мен құлақ аспайтын, қасарысқан халықты күні бойы қол созып шақырумен болдым».
Chapter 11
Roma Kaz 11:1  Ал енді мынаны сұрайын: «Құдай өз халқынан біржола бас тартты ма?» Жоқ, мүлдем олай емес! Мен өзім де исраилдікпін, Ыбырайымның ұрпағынан, Бунямин руынан тарағанмын. (Алайда Мәсіхке сенемін.)
Roma Kaz 11:2  Демек, Құдай баяғы заманда ерекше таңдап алған халқынан біржола бас тартқан жоқ. Ілияс пайғамбар туралы Пайғамбарлар жазбаларында не айтылғаны естеріңде ме? Ол Құдай алдында Исраил туралы былай деп шағым айтқан:
Roma Kaz 11:3  «Уа, Жаратқан Ие! Олар Сенің пайғамбарларыңды өлтіріп, Саған арналған құрбандық үстелдерін қиратты. Жалғыз өзім ғана қалдым, олар енді менің жанымды да алмақшы».
Roma Kaz 11:4  Құдайдың оған берген жауабы былай емес пе: «Мен Өзіме жеті мың адамды аман қалдырып отырмын. Олар (Маған адал болып, жалған тәңір) Бағал алдында тізе бүкпегендер».
Roma Kaz 11:5  Сол сияқты, қазірдің өзінде де Құдай Исраил халқының ішінен рақым етіп таңдап алған шағын топ Мәсіхке сенеді.
Roma Kaz 11:6  Ал Құдай рақым етіп таңдаған болса, онда оларды еңбектері үшін таңдамағаны. Әйтпесе рақым нағыз рақым болмас еді.
Roma Kaz 11:7  Бұның мәнісі не? Исраил халқы көздеген мақсатына жеткен жоқ, бірақ оның ішінен таңдап алынғандар оған жетті. Қалғандары қасарысып, сене алмай қалды.
Roma Kaz 11:8  Бұл туралы мынадай сөздер жазылған ғой: «Құдай олардың ақыл-саналарын ұйықтатты. Олар көздері болғанмен (шындықты) көрмейді, құлақтары болғанмен (Құдайдың сөзін) естімейді, әлі күнге дейін солай».
Roma Kaz 11:9  (Жауыз дұшпандарын Жаратқан Ие дәрменсіз қылсын деп сұраған кезде) Дәуіт пайғамбардың айтқаны мынадай болды: «Мол дастарқандары жауларыма тор болсын, бейқам ішкен астары тұзақ боп айналсын; содан олар тұтқындалып, жазалансын!
Roma Kaz 11:10  Көздері көре алмастай тұмандансын, белдері ұдайы бейнеттен бүкшиіп қалсын!»
Roma Kaz 11:11  «Ал енді, яһудилер Мәсіхті қабылдамай күнә жасағанда Құдайдан біржола ажырап кетті ме?» — деп сұрасам деймін. Жоқ, мүлдем олай емес! Алайда олардың безіп кетуі арқылы басқа халықтарға құтқарылу жолы ашылды. Құдай осылай исраилдіктердің қызғанышын оятпақ.
Roma Kaz 11:12  Ендеше, бұлардың безіп кеткендіктері қалған адамзатты рухани байлыққа жеткізсе, әрі зиян шеккендіктері басқа халықтарға пайдалы болса, онда олардың Құдайға толық мойынсұнулары адамзатқа одан да зор игілік әкелмек!
Roma Kaz 11:13  Уа, басқа ұлт адамдары, ендігі сөзім сендерге арналады. Мен Мәсіхтің басқа халықтарға жіберген елшісі ретіндегі қызметімді құрметтеймін,
Roma Kaz 11:14  осылайша ұлттастарымның қызғанышын оятып, олардың да бірсыпырасын құтқарсам деп үміттенемін.
Roma Kaz 11:15  Егер Құдайдың бұлардан бас тартуы арқылы басқа халықтар үшін Онымен татуласудың жолы ашылса, онда Құдайдың исраилдіктерді қайтадан қабылдауы қандай болады? Бұл оқиға өлімнен қайта тірілумен бірдей болмақ!
Roma Kaz 11:16  Мысалы, алғашқы өнімнен пісіріліп, Құдайға ұсынылатын нанның қасиетті болатынындай, соның қалған қамыры да қасиетті. Сол сияқты, ағаштың түбірі қасиетті болғанындай, оның бұтақтары да қасиетті.
Roma Kaz 11:17  Ал Құдай «асыл тұқымды зәйтүн ағашының бірнеше бұтақтарын», яғни яһудилердің көпшілігін, сындырып тастап, қалғандарының арасына басқа ұлттық сендерді теліп кіріктірді. Сендер жай ғана «жабайы зәйтүн ағашынан» болсаңдар да, енді «асыл ағаштың түбінен шыққан шырыннан» олармен бірге нәр алып жатырсыңдар!
Roma Kaz 11:18  Солай болғандықтан, сындырып алып тасталған сол «бұтақтарға» бола мақтанып шіренбеңдер! Ал егер біреуің шірене қалсаң, біліп қой: «ағаштың түбіне» сен нәр бермейсің, қайта, «түбі» саған нәр беріп тұр.
Roma Kaz 11:19  Ал сен: «Құдай мені теліп кіріктіру үшін бұрынғы бұтақтарды сындырып алып тастады ғой», — дерсің.
Roma Kaz 11:20  Дұрыс! Құдай сол яһудилерді Мәсіхке сенбеген соң («асыл ағаштан», яғни Құдай халқынан) сындырып алып тастады. Енді олардың орнында сен тұрсың, өйткені Мәсіхке сенесің. Ендеше өркөкірек болмай, сақ болып жүр!
Roma Kaz 11:21  Әйтпесе, тіпті «табиғи бұтақтарды» аямаған Тәңір Иенің сені де аямайтыны сөзсіз.
Roma Kaz 11:22  Сонымен, Құдайдың мейірімін әрі қатаңдығын көре аласың: Ол Өзіне мойынсұнбай, ажырап кеткендерге қатаңдық танытты. Ал егер сен Оның мейірімін бағалай білсең, соған кенеле бересің. Бірақ егер Оған мойынсұнудан бас тартсаң, сен де кесіліп тасталасың.
Roma Kaz 11:23  Сол яһудилер сенбеушіліктерінен бас тартса, олар да қайтадан телініп кіріктіріледі. Құдай оларды тағы да телуге құдіретті ғой.
Roma Kaz 11:24  Өйткені сендер «жабайы зәйтүн ағашынан» кесіліп алынып, қалыптасқан дағдыға қайшы «асыл тұқымды зәйтүн ағашына» телінгенсіңдер; сондықтан өзінің «табиғи бұтақтары» болғандар (яғни яһудилер) сол «ағашқа» оп-оңай-ақ «телініп» қайтарылмай ма?!
Roma Kaz 11:25  Бауырластарым, сендердің ақылгөйсіп мақтанбауларың үшін мына құпия жоспарды ашқым келеді: басқа ұлт адамдарының Құдай белгілеген саны Оның Патшалығына түгелдей кіріп болғанша, Исраил халқының бір бөлігі қасарысып, сенуден бас тартатын болады.
Roma Kaz 11:26  Осылай күллі Исраил құтқарылмақ. Бұл туралы Пайғамбарлар жазбаларында мынадай сөздер алдын ала айтылған еді: Сион қаласынан Құтқарушы келеді. Ол Жақыптың үрім-бұтағын теріс жолдарынан қайтарады.
Roma Kaz 11:27  Күнәларын кешірген кезімде Менің олармен жасайтын Келісімім осы болады.
Roma Kaz 11:28  Сол яһудилер Ізгі хабарды қабылдамағандықтан, олар Құдаймен қас, бұның пайдасы сендерге тиюде. Дегенмен Тәңір Ие ата-бабаларын таңдап алғандықтан, олардың өздерін де сүйеді.
Roma Kaz 11:29  Себебі Құдай уәде беріп, таңдап алғандығынан таймайды.
Roma Kaz 11:30  Басқа ұлттық сендер бұрын Құдайға мойынсұнбайтын едіңдер, ал қазір яһудилердің мойынсұнбағандығынан Оның рақымына ие болдыңдар.
Roma Kaz 11:31  Сол секілді бұл яһудилер де қазір Құдайға бағынбай жүр, бірақ Ол сендерге рақым етуі арқылы оларға да өз рақымын қабылдатпақ.
Roma Kaz 11:32  Сонымен Құдай барлық адамдардың Өзіне мойынсұнбай, құлдықта жүргендерін әшкереледі. Осылай Ол бәріне де рақымын көрсетпек.
Roma Kaz 11:33  О, неткен бай Құдайдың даналығы,Неткен терең Оның білік-парасаты;Шешімдеріне адам ақылы жетпес,Жолдарын Оның ешкім зерттеп бітпес!
Roma Kaz 11:34  «Кім Жаратқанның ақыл-ойын ұққан,Кеңесшісі болып бағыт берді Оған?»
Roma Kaz 11:35  «Құнын қайтарып аламын деп Құдайдан,Кім алдымен бір нәрсесін берген Оған?»
Roma Kaz 11:36  Себебі әлемнің бәрі де Құдайдан,Ол арқылы, Ол үшін пайда болған.Лайым Құдай мадақталсын әрқашан! Аумин.
Chapter 12
Roma Kaz 12:1  Сонымен, бауырластарым, бізге осындай мол мейірімін төккені үшін өздеріңді Құдай жолына арнауға шақырамын. Өмірлерің Құдайға ұнамды, толықтай бағышталған, тірі құрбандықтай болсын: Оған лайықты рухани қызмет көрсетулерің осы болады.
Roma Kaz 12:2  Бұл күнәкар дүниенің өмір сүру салтын үлгі етпеңдер, қайта, ой-тілектерің Құдайдың жаңартуымен түбегейлі өзгерсін! Осылай сендер Оның еркін — ненің игілікті, ұнамды және кемелді екенін ажырата білетін боласыңдар.
Roma Kaz 12:3  Иеміз маған берген рақымға сүйене отырып, әрбіреуіңе айтамын: өздерің туралы тиістісінен артық ойламаңдар! Қайта, Құдайдан сенім арқылы әрқайсыңның үлестеріңе қандай рухани дарындар тигенін ойлай отырып, өздеріңді саналы түрде бағалаңдар.
Roma Kaz 12:4  Денеміздің мүшелерінің көп, әрі олардың атқаратын қызметтерінің әр түрлі екеніндей,
Roma Kaz 12:5  біз бәріміз де көптігімізге қарамастан Мәсіхтің рухани денесіміз, осылай өзара байланысқан мүшелеріміз.
Roma Kaz 12:6  Құдайдың рақымымен әрқайсымыз ерекше рухани дарындарды қабыл алдық: сенің пайғамбарлық сөз сөйлеу дарының болса, хабардың Құдайдан келгендігіне деген сеніміңе сай оны жеткіз.
Roma Kaz 12:7  Сыбағаңа қызмет ету тиген болса, соныңды атқар, рухани тәлім беру дарының болса, оны қолдана бер.
Roma Kaz 12:8  Кімде жігерлендіруші дарын болса, сонысын орындай берсін, мұқтаждарға жәрдем үлестіруші де онысын ақпейілмен атқарсын. Жетекшілік етіп жүргендер шынайы еңбекқорлық көрсетсін және қайырымдылық жасайтындар оны қуанышпен істесін.
Roma Kaz 12:9  Сүйіспеншіліктерің адал болуы керек. Жамандықты жек көріп, жақсылықты берік ұстаныңдар.
Roma Kaz 12:10  Бір-біріңді бауырлардай сүйіп, өз бастарыңнан артық сыйлаңдар.
Roma Kaz 12:11  Лайым жақсылыққа деген талпыныстарың бәсеңдемесін; Иеміздің қызметінде жүріп, рухтарың жалындай берсін!
Roma Kaz 12:12  Әрдайым үміттеніп қуаныңдар, қиыншылыққа шыдап, Құдайға ұдайы сиыныңдар.
Roma Kaz 12:13  Оның мұқтаждыққа душар болған адамдарына көмектесіп, ынтамен қонақжайлылық танытыңдар!
Roma Kaz 12:14  Өздеріңді қудалағандарға Құдайдан жақсылық тілеңдер, оларды қарғамай, ақ баталарыңды беріңдер!
Roma Kaz 12:15  Қуанғандардың қуанышына, қайғыланғандардың қайғысына ортақтасыңдар!
Roma Kaz 12:16  Өзара ынтымақтас болыңдар; өркөкірек емес, кішіпейіл болып, өздеріңді басқалардан ақылды санамаңдар!
Roma Kaz 12:17  Жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар! Іс-әрекеттеріңнің жұрт алдында ізгі болуына тырысыңдар.
Roma Kaz 12:18  Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар.
Roma Kaz 12:19  Сүйікті бауырластарым, кек алмаңдар, соны Құдайдың қаһарына қалдырыңдар! Тауратта мынадай сөздер жазылған ғой: Жазалау — Менің ісім, тиісті жазаларын тартқызамын Өзім! — дейді Иеміз.
Roma Kaz 12:20  Ал «жауың сенің аш болса тамақтандыр,Егер де шөлдесе шөлін қандыр!Мұныңменен сен басына оныңҚызып тұрған шоқ жиғандай боласың».
Roma Kaz 12:21  Осылайша жамандықтан жеңілмей, оны жақсылықпен жеңіп шық!
Chapter 13
Roma Kaz 13:1  Әрқайсың мемлекеттік билігі барларға мойынсұныңдар! Себебі мемлекеттік биліктің бәрі негізінде Құдайдан; қазіргі билікті де Құдай орнатқан.
Roma Kaz 13:2  Сондықтан билікке қарсы шыққандар Құдайдың орнатқан тәртібіне қарсы тұрады. Мұндай қарсыласқандар жазаларын тартатын болады.
Roma Kaz 13:3  Билеушілерден жақсылық істегендер емес, жамандық істегендер қорқуға тиіс. Билік иесінен қорықпай жүргің келсе, жақсылық істей бер, сонда одан мақтау аласың.
Roma Kaz 13:4  Өйткені ол сенің мүддең үшін Құдайға қызмет етуші. Ал егер жамандық істесең, қорыққаның жөн, ол семсерін беліне бекер байлап жүрген жоқ. Билік иесі — Құдайдың қылмыскерге жазасын тартқызатын қызметшісі ғой.
Roma Kaz 13:5  Сонымен, сендер тек жазадан қорыққандықтан ғана емес, ар-ұждандарыңның таза болуы үшін де мойынсұнуларың керек.
Roma Kaz 13:6  Сондықтан да алым-салық төлеп тұрсыңдар, себебі билік иелері — Құдайдың қызметіндегілер, олар ел басқарумен үздіксіз айналысуда.
Roma Kaz 13:7  Әркімге тиістісін беріңдер: алым-салықты — салықшыларға, кеден салығын — кеденшілерге төлеп, сый-құрмет пен қадірді — тиістілерге көрсетіңдер.
Roma Kaz 13:8  Қарыздарыңды уақтылы өтеп қайтарыңдар, әсіресе, бір-біріңді сүю парызын өтеп тұрыңдар. Адамның басқаларды сүюі Құдайдың заңын да орындағаны.
Roma Kaz 13:9  «Неке адалдығын бұзба; кісі өлтірме; ұрлық жасама; басқаның иелігіне сұқтанба!» және тағы басқа бұйрықтар Таурат заңында былай деп тұжырымдалған: «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!»
Roma Kaz 13:10  Сүйіспеншілікке кенелген адам маңайындағыларға жамандық істемейді. Сондықтан сүйіспеншілік көрсету — Құдайдың заңын орындау.
Roma Kaz 13:11  Осыны іске асырыңдар, себебі қандай заманда өмір сүріп жатқанымызды білесіңдер: қазір рухани ұйқыдан оянып, сақ болатын уақытымыз келді. Біздің Мәсіхке сене бастаған кезімізден гөрі қазір құтқарылуымыз жақынырақ тұр.
Roma Kaz 13:12  Түнгі уақыт бітуге таяп қалды, ал Мәсіхтің күні жақындады. Сондықтан қара түнектегі жаман істерден бас тартып, жамандыққа қарсы тұратын «нұрдың қаруын» асынайық!
Roma Kaz 13:13  Күндізге жарасатындай әдетпен өмір сүрейік: шектен тыс той-думанға, маскүнемдікке, неке адалдығын бұзуға, азғындыққа, дау-дамайға әрі күндестікке салынбайық!
Roma Kaz 13:14  Одан да Иеміз Иса Мәсіхке беріле түсіп, Оны үлгі етіңдер. Ескі болмыстарыңның күнәлі құмарлықтарын қанағаттандыруды ойлаудан бас тартыңдар!
Chapter 14
Roma Kaz 14:1  Сенімі әлсіз бауырластарды олардың ой-пікірлері жөнінде таласпай, қауымдарыңда қабыл алыңдар!
Roma Kaz 14:2  Мысалы, біреу «маған тамақтың бәрін де жеуге болады» деп сенсе, соған күмәнданатын басқа біреу көкөніс қана жейді.
Roma Kaz 14:3  Ет жейтін бауырлас одан бас тартқанды менсінбей жүрмесін. Ал еттен бас тартқан бауырлас оны жейтінді айыптамасын, өйткені Құдай соны да қабылдады.
Roma Kaz 14:4  Басқа Біреудің қызметшісін айыптауға қандай қақың бар?! Қызметшісін ақтау не айыптау — Иесінің ісі. Бауырласың ақталады әрі теріс жолға түсуден сақталады, себебі оны сенім жолында ұстауға Тәңір Иеміздің құдіреті жеткілікті.
Roma Kaz 14:5  Кейбіреулер бір күнді басқасынан қасиеттірек, ал өзгелері күндердің бәрін бірдей қасиетті деп санайды. Әрқайсысы осы мәселелер жайында күмәні болмау үшін олардың дұрыстығын ойлап, бір нақты шешімге келуі керек.
Roma Kaz 14:6  Бір күнді екіншісінен қасиеттірек көретін кісі оны Иеміз үшін істейді, ал күндерді бірдей көретіннің ниеті де солай. Ет жейтін де мұнысын Иемізді құрметтеу үшін істейді, ол жеген тамағы үшін Құдайға шүкірлік етеді ғой. Одан бас тартқан да солай, ол да Құдайға шүкірлік етеді.
Roma Kaz 14:7  Ешқайсымыз тек өзіміз үшін ғана өмір сүрмейміз де, өлмейміз де.
Roma Kaz 14:8  Себебі өмір сүрсек, Иемізді даңқтау үшін өмір сүреміз, ал өлсек, Иемізді даңқтау үшін өлеміз. Сонымен өмір сүрсек те, өлсек те, Иеміздің меншігіміз.
Roma Kaz 14:9  Мәсіх бәрінің де: өлгендер мен тірілердің Иесі болуы үшін жанын құрбан етіп, қайта тірілді.
Roma Kaz 14:10  Олай болса, мұндай ережелерді орындамайтын бауырласыңды айыптауға қандай қақың бар? Немесе оларды орындап жүрген бауырласыңа менсінбей қарауға қандай қақың бар? Бәріміз де Құдайдың қиямет сотының алдында тұрып, әшкереленетін боламыз.
Roma Kaz 14:11  (Ишая пайғамбардың жазбасында) мынадай сөздер жазылған: Мәңгі тірі Жаратқан Ие былай дейді: Менің алдымда әрбір адам тізе бүгіп, тіл біткен әр пенде Құдай екенімді мойындайтын болады деп өз атыммен ант етемін.
Roma Kaz 14:12  Демек, әрқайсымыз Құдай алдында өз іс-әрекетіміз үшін есеп береміз.
Roma Kaz 14:13  Ендеше бір-бірімізді айыптауды тоқтатайық! Қайта, бауырластарыңды істегендерің арқылы тура жолдан тайдырып, азғындыққа түсірмеуге шешім қабылдаңдар!
Roma Kaz 14:14  Мен Иеміз Исамен байланысқандықтан мынаған кәміл сенемін: ешқандай тамақ өзінен-өзі арам емес. Алайда біреу қайсыбір тағамды арам деп санаса, онда ол сол кісі үшін арам.
Roma Kaz 14:15  Ал егер сенің ондай тамақты жеуің бауырласыңның ар-ұжданы мен сеніміне нұқсан келтірсе, бұл ісің сүйіспеншілікке жатпайды. Тамаққа бола бауырласыңды теріс жолға түсірме! Мәсіх өз жанын сол бауырласың үшін де құрбан етті.
Roma Kaz 14:16  Істеріңе бола жұрттың Ізгі хабарды ғайбаттауына жол бермеңдер!
Roma Kaz 14:17  Құдайдың Патшалығы ішіп-жеуде емес, Киелі Рухтың күшімен әділ, өзара тату, қуанышты өмір сүруде.
Roma Kaz 14:18  Мәсіхке осылай қызмет еткендер Құдайға ұнамды, адамдарға қадірлі болады.
Roma Kaz 14:19  Ендеше өзара тату жүріп, бір-біріміздің рухани өсуімізге көмектесетіннің барлығына жан-тәнімізбен ұмтылайық!
Roma Kaz 14:20  Жейтін тамаққа бола бауырластардың өміріндегі Құдайдың ісін бұзба! Әрине, тамақтың бәрі де адал, бірақ біреудің кейбір тағамды ішіп-жеуі басқа сенушілердің өз ар-ұждандарына қайшы іс істеулеріне түрткі болуы дұрыс емес!
Roma Kaz 14:21  Егер ет жеу, шарап ішу немесе басқа нәрсе істеу бауырласыңның сенім жолынан тайып, азғындыққа елігіп, рухани әлсіреуіне себеп болса, ондай нәрселерден бас тартқаның жөн.
Roma Kaz 14:22  Осы мәселе жайында ұстанған сенімің жеке өзің мен Құдай арасында болсын. Өзінің дұрыс деп таңдағанын істегенде ар-ұжданы айыптамайтын адам бақытты!
Roma Kaz 14:23  Ал бір тамақты жеп отырып, «мұным дұрыс емес пе» деп күмәнданған адам айыпталады. Себебі ол соны сеніммен істеген жоқ. Адамның дұрыс екендігіне күмәні бола тұра істеген істерінің бәрі де күнә.
Roma Kaz 14:24  Менің Иса Мәсіх туралы уағыздаған Ізгі хабарыма деген сенімдеріңді нығайтуға Құдай құдіретті. Бұл Ізгі хабар ерте заманнан бері құпия болып келгенмен,
Roma Kaz 14:25  қазіргі уақытта ашылып жатыр. Осы хабар мәңгілік Құдайдың бұйрығы бойынша Пайғамбарлар жазбаларының уағыздалуы арқылы барлық халықтарға жариялануда. Мұндағы мақсат — олардың Мәсіхке сеніп Оған мойынсұнулары.
Roma Kaz 14:26  Даналықтың бірден-бір Иесі — Құдай. Оның даңқы Иса Мәсіх арқылы мәңгі арта берсін! Аумин.
Chapter 15
Roma Kaz 15:1  Сенімі берік біздер күмәнданғандардың Таурат заңына сәйкес іс-әрекеттеріне төзіп, оларға көмектесуге тиіспіз. Тек өзімізге ұнайтынды ғана емес,
Roma Kaz 15:2  маңайымыздағы бауырластарға ұнайтынды да істеп, олардың игілігіне әрі рухани өсуіне себепші болуымыз керек.
Roma Kaz 15:3  Мәсіх те Өзіне емес, көктегі Әкеге ұнайтынды істеді. Забурда алдын ала былай деп жазылған: «Сені қорлағандардың ғайбаты Маған тиген».
Roma Kaz 15:4  Киелі жазбалардағы осындай сөздердің бәрі бізге тәлім болсын деп ежелде жазылып қалдырылды. Керемет болашағымыздан үміт үзбеуіміз үшін Киелі жазбалар арқылы табандылық пен жігерлілікке үйренеміз.
Roma Kaz 15:5  Осы табандылық пен жігердің бастауы — Құдай. Ол сендерді Мәсіх Исаның үлгісіне сай өзара татулыққа жеткізе көрсін.
Roma Kaz 15:6  Осылай ынтымақпен өмір сүріп, Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі — Құдайды бірігіп мадақтай аласыңдар.
Roma Kaz 15:7  Сонымен, Мәсіх өздеріңді қалай қабылдаса, сендер де бір-біріңді солай қабылдап, Құдайдың даңқын асырыңдар!
Roma Kaz 15:8  Сендерге айтамын: Мәсіх Құдайдың адалдығын дәлелдеу үшін сүндеттеу рәсімін ұстанып келген Исраил халқына қызмет көрсетті. Ол осылай Құдайдың ата-бабаларымызға берген уәдесін іске асырды.
Roma Kaz 15:9  Сонымен қатар, Мәсіхтің ісі басқа ұлттық сенушілердің Құдайдың өздеріне деген мейірімін мадақтауларына да себепші болды. Бұл туралы Киелі жазбаларда былай делінген: «Басқа халықтар арасында сондықтан Сені мадақтаймын, Сенің атыңа ән-жырымды арнаймын».
Roma Kaz 15:10  Киелі жазбалардың тағы бір жерінде мынадай сөздер бар: «Шаттаныңдар енді, уа, басқа ұлттар, Жаратқан Иенің халқымен қатар!»
Roma Kaz 15:11  Сондай-ақ: «Иемізді даңқтаңдар, барлық ұлттар, Оны мадақтаңдар, күллі халықтар!» — деп те жазылған.
Roma Kaz 15:12  Ал Ишая пайғамбар мынадай сөздерді жазып қалдырған: Есей ұлы Дәуіт патшаның «тамырынан» өскін іспетті шыққан Ұрпақ халықтарға билік құрады. Басқа ұлттар Оған үмітін артады.
Roma Kaz 15:13  Үмітіміздің бастауы — Құдай қандай жағдайда да бәріңді қуаныш пен тыныштыққа кенелте көрсін! Өздерің Оған сене отырып, Киелі Рухтың құдіретімен үміттерің молая түссін!
Roma Kaz 15:14  Бауырластарым, сендердің ниеттеріңнің ізгілікті болғанына кәміл сенемін. Осы жайттар туралы өздеріңе керектілердің бәрін де біліп, бір-біріңе бағыт-бағдар көрсете аласыңдар.
Roma Kaz 15:15  Бұған қарамастан мен осы хатымда бірқатар мәселелерді естеріңе түсіріп, едәуір ашық жаздым. Себебі Құдай маған рақым етіп мынадай міндетті тапсырды:
Roma Kaz 15:16  басқа халықтар арасында Иса Мәсіхке діни қызметкер іспетті қызмет етіп, сендерге Құдайдың Ізгі хабарын жеткізу. Осылайша басқа ұлт адамдарының өмірлерін Киелі Рух арқылы Құдайға бағышталған, «тірі құрбандық» секілді Оған ұнамды қылуды көздеймін.
Roma Kaz 15:17  Сондықтан мен Иса Мәсіхпен тығыз байланыста жүріп, Құдай үшін атқарған жұмысымды мақтан тұтамын.
Roma Kaz 15:18  Мәсіхтің өзім арқылы істегендерінен басқа еш нәрсе туралы айтуға батылым жетпейді: басқа халықтардың Ізгі хабарды естіп, мойынсұнулары үшін Киелі Рухтың құдіретімен сөйлеп, әрекеттеніп,
Roma Kaz 15:19  уағыздайтындарым Құдайдың хабары екенін растайтын құдіретті кереметтер жасап келдім. Сөйтіп Иерусалимнен Іллирик өлкесіне дейінгі үлкен шеңберге ұқсас саяхаттарымда Мәсіх туралы Ізгі хабарды сол өлкелерде жариялау міндетімді толығымен орындадым.
Roma Kaz 15:20  Осылай жүргенде уағыздау жұмысын Мәсіхтің аты әлі де белгісіз жерлерде жүргізуді мақсат тұттым. Басқа кісінің қалап қойған іргетасын пайдаланып үйін салған біреудей өзгелердің бастаған істеріне араласқым келмеді.
Roma Kaz 15:21  Қайта, Ишая пайғамбардың жазбасындағы мынадай сөздер орындалып отыр: Ол туралы еш хабар алмағандар енді көреді, әрі еш естімегендер енді түсінеді.
Roma Kaz 15:22  Сендерге баруыма қайта-қайта бөгет болған да осы міндетім еді.
Roma Kaz 15:23  Ал енді бұл өлкелерде менің уағыз жүргізуге тиіс жерлерім қалмағандықтан, оның үстіне көп жылдан бері сендерді көрсем деп аңсағандықтан,
Roma Kaz 15:24  Испанияға аттанғанда өздеріңе соқпақпын. Себебі мен сапар барысында сендерді көріп, біраз уақыт бірге болып қуанышқа кенелгеннен кейін, сендер мені солай қарай шығарып саларсыңдар деген үмітім бар.
Roma Kaz 15:25  Алайда дәл қазір Иерусалимге сапар шегіп, Құдайдың сол жердегі адамдарына қызмет көрсетпекпін.
Roma Kaz 15:26  Македония мен Ахаядағы қауымдар Құдайдың Иерусалимдегі адамдарының арасындағы мұқтаждары үшін ақша жинауды дұрыс деп тауып, оны зор ынтамен ұйымдастырды.
Roma Kaz 15:27  Бұлай істеуді өздері шешті. Шынында да олар исраилдік қауымдар алдында қарыздар ғой: басқа ұлттық сенушілер Құдайдың бұрыннан таңдап алған Исраил халқының «рухани қазыналарынан» үлес алғандықтан, олар өз кезегінде исраилдіктермен бұ дүниелік игіліктерімен де бөлісуге тиіс.
Roma Kaz 15:28  Осыны орындап, жинағаннан түскен «өнімді» аман-есен апарып тапсырған соң, Испанияға беттеп, жол-жөнекей сендерге соқпақпын.
Roma Kaz 15:29  Сол кезде Мәсіхтің жарылқауына молынан кенелетінімізге еш күмәнім жоқ.
Roma Kaz 15:30  Бауырластарым, сендерден Иеміз Иса Мәсіхтің атымен және Киелі Рухтың сүйіспеншілігімен өтінемін: Құдайға мен үшін сиына отырып, рухани күресіме атсалысыңдар!
Roma Kaz 15:31  Ол мені Яһудея аймағындағы сенбеушілерден құтқарсын, әрі Иерусалимдегі қызметім Құдайдың адамдарына ұнамды болсын.
Roma Kaz 15:32  Осылай мен, Құдай қаласа, қуана-қуана сендерге келмекпін. Сонда біз бірге болып, көңілімізді өзара орнықтырамыз.
Roma Kaz 15:33  Тыныштық сыйлайтын Құдай бәріңе де жар болсын! Аумин.
Chapter 16
Roma Kaz 16:1  Сендерге бауырласымыз Фөбе апайды ұсынамын, ол — Кеніхреядағы қауымның қызметшісі.
Roma Kaz 16:2  Оны Иеміздің кісісі ретінде Құдайдың адамдарына лайықты қабылдап, мұқтаж нәрселерімен қамтамасыз етіңдер! Бұл кісі көп адамдарға қамқорлық жасап келеді, солардың арасында мен де бармын.
Roma Kaz 16:3  Мәсіх Исаның қызметіндегі әріптестерім Прискила мен Ақилаға сәлем айтыңдар.
Roma Kaz 16:4  Олар мен үшін өмірін қиюға дайын болды. Бұған өзім ғана емес, басқа халықтардың күллі қауымдары да алғыс айтуда. Екеуінің үйінде бас қосатын қауымға да сәлемімді жеткізіңдер.
Roma Kaz 16:5  Азия өлкесінде Мәсіх жолына түскен алғашқылардың бірі болған сүйікті Епенетке де сәлем.
Roma Kaz 16:6  Сендер үшін жан аямай қызмет еткен Мәриямға да сәлем айтыңдар.
Roma Kaz 16:7  Түрмеде бірге отырған ағайындарым Андроник пен Юнияға да сәлем. Елшілер арасында абыройлары ерекше, олар менен бұрын Мәсіхтің жолына түсті.
Roma Kaz 16:8  Иемізбен байланысымыздағы ерекше жақсы көретін бауырласым Амплиға да сәлем.
Roma Kaz 16:9  Мәсіхтің қызметіндегі әріптесіміз Ұрбанға және қымбатты досым Стахиға сәлемімді жеткізіңдер.
Roma Kaz 16:10  Мәсіхке деген сенімі дәлелденген Апеллеске де сәлем. Аристобулдың отбасына сәлем айтыңдар.
Roma Kaz 16:11  Туысқаным Иродионға, Иеміздің қарамағындағы Нарқистың үй ішіндегілерге де сәлем.
Roma Kaz 16:12  Иеміз үшін құлшына жұмыс істеп жүрген Трифена мен Трифозаға сәлем айтыңдар; Иеміз үшін көп еңбек сіңірген қымбатты Персидаға да сәлем.
Roma Kaz 16:13  Иеміздің таңдаулысы Руфқа және оның маған да ана болған шешесіне сәлем.
Roma Kaz 16:14  Асинкіритке, Філегонға, Ерімге, Патробқа, Ермиге және олармен бірге бас қосатын бауырластарға да сәлем жолдаймын.
Roma Kaz 16:15  Филолог пен Юлияға, Нире мен оның қарындасына және Олимпанға, сондай-ақ олармен бірге жиналатын Құдайдың барлық адамдарына да сәлем айтыңдар.
Roma Kaz 16:16  Шын жүректен бір-біріңе сүйіспеншіліктеріңді білдіріп, сәлемімізді жеткізіңдер. Мәсіхтің осындағы барлық қауымдары сендерге сәлем жолдауда.
Roma Kaz 16:17  Бауырластарым, сендерге өтіне айтарым: жік шығарып, өздеріңе үйреткен ілімге қарсы араздық туғызушылардан сақ болып, аулақ жүріңдер!
Roma Kaz 16:18  Мұндайлар Иеміз Иса Мәсіхке қызмет етпейді, қайта, қарындарының ғана қамын ойлап, жағымпазданып, майда да сылдыр сөздерімен тәжірибесіздерді алдайды.
Roma Kaz 16:19  Сендердің Құдайға мойынсұнғандықтарың әлемге әйгілі болды. Сондықтан сендер үшін қуаныштымын, әрі жақсылыққа дана, жамандықтан аулақ болуларыңды тілеймін.
Roma Kaz 16:20  Тыныштық сыйлайтын Құдай жуық арада әзәзіл шайтанды аяқтарыңа жығып бермек. Иеміз Иса Мәсіх сендерге жар болып, рақымын жаудыра көрсін! Аумин.
Roma Kaz 16:21  Қызметкерім Тімоте және ағайындарым Лұси, Ясон және Сосипатыр сәлем айтуда.
Roma Kaz 16:22  Осы хатты (Пауыл үшін) қағазға түсіріп отырған мен, Терти, Иса Мәсіхпен жүрген сендерге сәлем жолдаймын.
Roma Kaz 16:23  Маған және бүкіл қауымға қонақжайлылық танытқан Гайдан да сәлем. Осы қаланың қазына бастығы Ераст пен бауырласымыз Кварт та сәлем айтуда.
Roma Kaz 16:24  (Бәріңе де Иеміз Иса Мәсіх жар болып, рақымын жаудыра көрсін! Аумин.)