Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
II KINGS
Up
Chapter 1
II K Kaz 1:1  Ахаб патша қайтыс болғаннан кейін, Моаб халқы Солтүстік Исраилге қарсы бас көтерді.
II K Kaz 1:2  (Ахаб ұлы) Охозиях өзінің Самария қаласындағы сарайының жоғарғы бөлмесінің торынан құлап, қатты жарақаттанып қалған болатын. Сонда ол елшілерін жіберіп, оларға былай деп бұйырды: «Әкрон қаласына барып, сондағы жұрт құлшылық ететін Бағал-Зебуб есімді тәңірден: Осы жарақатымнан жазылар ма екенмін деп сұрап келіңдер!»
II K Kaz 1:3  Ал Жаратқан Иенің періштесі тішбелік Ілиясқа мына тапсырманы берді: «Жиналып, Самария патшасының елшілерінің алдынан шық. Оларға: Исраилде Құдай жоқтай, сонау Әкронның тәңірсымағы Бағал-Зебубке неге бара жатырсыңдар?!
II K Kaz 1:4  Сол үшін де Жаратқан Ие Охозияхқа мынаны айтады: Жатқан төсегіңнен енді қайтып тұрмай, өлесің! — дегенді жеткіз!» — Сонда Ілияс жолға шығып, тапсырманы орындады.
II K Kaz 1:5  Елшілері қайтып келгенде, патша олардан:— Қалайша тез қайтып келдіңдер? — деп сұрады.
II K Kaz 1:6  Олар былай деп жауап берді:— Алдымыздан бір адам шығып, бізге тіл қатып былай деді: Сендерді жіберген патшаға қайтып барып, оған: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Исраилде Құдай жоқтай, неге сонау Әкронның тәңірсымағы Бағал-Зебубтен ақыл-кеңес сұрап, адам жіберіп жатырсың?! Сол үшін де жатқан төсегіңнен енді қайтып тұрмай, өлесің!» деген хабарды жеткізіңдер! —
II K Kaz 1:7  Патша:— Сол адамның түрі қандай еді? — деп сұрады.
II K Kaz 1:8  Олар:— Ол үстіне жүн шапан киіп, қайыс белбеумен белін буып жүреді, — деді. Сонда Охозиях:— Бұл — тішбелік Ілияс! — деп,
II K Kaz 1:9  бір елубасын елу жауынгерімен бірге Ілиясты алып келуге жіберді. Елубасы адамдарымен көтеріліп барғанда, Ілияс бір төбе басында отыр екен. Елубасы оған былай деп бұйырды:— Ей, Құдайдың адамы! Патша саған: «Төмен түсіп, өзіме кел!» деп әмір етті. —
II K Kaz 1:10  Ілияс оған жауап беріп:— Егер мен Құдайдың адамы болсам, аспаннан от түсіп, сені елу жауынгеріңмен қоса жалмап қойсын! — деді. Сонда аспаннан от түсіп, оның өзін де, елу адамын да жалмап қойды.
II K Kaz 1:11  Енді патша басқа бір елубасын елу жауынгерімен бірге жіберді. Елубасы Ілиясқа бұйырып:— Ей, Құдайдың адамы! Патша саған: «Тез төмен түсіп, өзіме кел!» деп әмір етті, — деді.
II K Kaz 1:12  Ілияс жауап беріп:— Егер мен Құдайдың адамы болсам, аспаннан от түсіп, сені елу жауынгеріңмен қоса жалмап қойсын! — деді. Сонда аспаннан от түсіп, оның өзін де, елу адамын да жалмап қойды.
II K Kaz 1:13  Патша үшінші елубасын елу жауынгерімен бірге жіберді. Бұл елубасы төбе басына өрлеп барып, Ілиястың алдында тізесін бүгіп тағзым етіп, былай деп өтінді:— Уа, Құдайдың адамы, өзімнің өмірімді, мына елу құлыңыздың өмірін де мүсіркеп бағалай көріңіз!
II K Kaz 1:14  Қараңызшы, аспаннан от түсіп, сол екі елубасын да жауынгерлерімен қоса жалмап қойды. Ал енді, менің өмірімді қия көріңіз!
II K Kaz 1:15  Сонда Жаратқан Иенің періштесі Ілиясқа: «Оған еріп төмен түс, одан қорықпа!» — деп тапсырды. Ілияс орнынан тұрып, елубасымен бірге төмен түсіп, патшаға барды.
II K Kaz 1:16  Оған былай деді: «Жаратқан Ие сізге мынаны айтады: Исраилде Құдай жоқтай, неге сонау Әкронның тәңірсымағы Бағал-Зебубтен ақыл-кеңес сұрап, адам жібердің?! Сол үшін де жатқан төсегіңнен енді қайтып тұрмай, өлесің!»
II K Kaz 1:17  Осылайша, Жаратқан Иенің Ілияс арқылы айтқан сөзіне сәйкес, Охозиях қайтыс болды. Оның орнын басатын ұлы болмағандықтан, (туған інісі) Жорам Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Бұл Яһуда еліне Жосапат ұлы Жорамның патшалық құрған екінші жылы орын алды.
II K Kaz 1:18  Охозияхтың қалған іс-әрекеттері туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
Chapter 2
II K Kaz 2:1  Жаратқан Ие Ілиясты құйынмен көкке көтеріп әкетерінің алдында Ілияс Еліше екеуі Ғылғалдан жолға шыққан болатын.
II K Kaz 2:2  Ілияс Елішеге:— Қалшы осы жерде, Жаратқан Ие мені Бетелге жіберіп отыр, — деді. Бірақ Еліше:— Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында және сіздің алдыңызда шын айтамын: Мен сізді еш тастамаймын! — деп жауап қайтарды. Содан екеуі Бетелге ылдилап барды.
II K Kaz 2:3  Сол қалада тұрып жатқан пайғамбарлар шәкірттері Елішенің алдынан шығып:— Жаратқан Иенің бүгін өзіңнен қожайыныңды алып кететінін білесің бе? — деп сұрады. Еліше:— Әрине, білемін, бұл туралы тіс жармаңдар! — деп жауап қайтарды.
II K Kaz 2:4  Ілияс Елішеге:— Еліше, қалшы осы жерде, Жаратқан Ие мені енді Иерихонға жіберіп отыр! — деді. Бірақ Еліше:— Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында және сіздің алдыңызда шын айтамын: Мен сізді еш тастамаймын! — деп жауап берді. Сонымен екеуі Иерихонға жетті.
II K Kaz 2:5  Сол маңайда тұрып жатқан пайғамбарлар шәкірттері Елішенің қасына келіп:— Жаратқан Иенің бүгін өзіңнен қожайыныңды алып кететінін білесің бе? — деп сұрады. Еліше:— Әрине, білемін, бұл туралы тіс жармаңдар! — деп жауап қайтарды.
II K Kaz 2:6  Кейінірек Ілияс оған:— Қалшы осы жерде, Жаратқан Ие мені Иорданға жіберіп отыр! — деді. Еліше:— Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында және сіздің алдыңызда шын айтамын: Мен сізді еш тастамаймын! — деп жауап берді. Сонда екеуі әрі қарай бірге жүре берді.
II K Kaz 2:7  Олар Иордан өзенінің жағасына жетіп тұрған кезде пайғамбарлар шәкірттерінің елуі келіп, біраз алысырақтан оларға қарап тұрды.
II K Kaz 2:8  Ілияс шапанын шешіп, орап алып, сонымен судың бетін ұрды. Өзеннің суы қақ айырылып, Еліше екеуі өзеннің арғы жағына құрғақ жермен өте шықты.
II K Kaz 2:9  Олар өзеннің арғы жағына жеткеннен кейін Ілияс Елішеге:— Мені өз қасыңнан алып кетпей тұрғанда айтшы: Менен тілейтін нең бар? — деді. Сонда Еліше:— Маған өзіңіздегі Рухтан екі есе берілсе екен, — деп өтінді.
II K Kaz 2:10  Ілияс:— Бұл өтінішің қиын екен. Әйтсе де, егер мені өз қасыңнан әкетілген кезімде көре алатын болсаң, өтінішің орындалғаны, ал көре алмасаң, онда орындалмағаны! — деді.
II K Kaz 2:11  Солай екеуі сөйлесіп жол жүріп бара жатқанда, кенеттен жалындаған отты аттар жегілген жалындаған отты күйме пайда болып, екеуін ажыратып жіберді. Ал Ілияс сол сәтте бір құйынның ішінде көкке көтеріліп кетті.
II K Kaz 2:12  Осының бәрін көріп тұрған Еліше: «Әкем-ау, әкем! Исраилді қорғаушы әрі жетелеуші!» — деп айқай салды. Ілиясты енді көре алмаған сәтте Еліше қатты қайғырып үстіндегі киімін қапсыра ұстап, айыра жыртты.
II K Kaz 2:13  Содан кейін Еліше жерге түсіп қалған Ілиястың шапанын көтеріп алып, Иорданның жағасына қайтып барып тұрды.
II K Kaz 2:14  Сонда ол Ілиястың шапанын қолына алып, онымен су бетін ұрып: «Ілиястың сиынған Құдайы Жаратқан Ие қазір қайда екен?» — деді. Еліше су бетін Ілияс істегендей ұрып қалған соң, су екі жаққа қақ айырылып, Еліше өзеннен өте шықты.
II K Kaz 2:15  Иерихоннан келген пайғамбарлар шәкірттері мұны көргенде: «Ілияста болған Рух Елішеге қонған екен!» — десті. Олар Елішенің алдына келіп, жерге дейін иіле тағзым етіп,
II K Kaz 2:16  былай деді:— Алдыңыздағы пенделеріңіздің арасында елу шақты қайратты ер адам бар. Олардың барып, қожайыныңызды іздеп келулеріне рұқсат ете көріңіз. Мүмкін, Жаратқан Иенің Рухы оны көтеріп әкетіп, бір тау басына немесе бір аңғарға тастап кеткен шығар! — Ал Еліше:— Жоқ, оларды жібермеңдер! — деп қарсылық білдірді.
II K Kaz 2:17  Бірақ олар қадалып сұрап қоймағандықтан Еліше өзін ыңғайсыз сезініп: — Мейлі, іздеуге жіберіңдер, — деп келісті. Олар елу жігітті жіберіп, бұлар Ілиясты үш күн іздеп, таба алмады.
II K Kaz 2:18  Сол жігіттер Иерихонда аялдап жатқан Елішеге қайтып келгенде, ол:— Сендерге: «Барып, іздемеңдер!» деп айтпап па едім?! — деп ескертті.
II K Kaz 2:19  Бұдан кейін қала тұрғындары Елішеге:— Мырза, өзіңіз көріп отырсыз, қаланың тұрған орны жақсы. Алайда суы нашар, жері де құнарсыз! — деді.
II K Kaz 2:20  Сонда ол:— Маған ішіне тұз салып, бір жаңа құмыраны алып келіңдер! — деп тапсырды. Олар соны әкелді.
II K Kaz 2:21  Пайғамбар бұлақ көзіне барды да, оған сол тұзды тастап: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен осы суды тазарттым. Бұдан былай ешқашан одан өлім де, құнарсыздық та болмайтын болады!» — деді.
II K Kaz 2:22  Елішенің айтқан осы сөзіне сай, бұл қайнардың суы күні бүгінге дейін таза.
II K Kaz 2:23  Сол жерден Еліше (қыратты жердегі) Бетелге көтеріліп барды. Жолшыбай оған сол қаладан шыққан бір топ жасөспірім кездесе кетті. Олар Елішені келекелеп: «Әй, тақырбас, көтеріле бер! Әй, тақырбас, көтеріле бер!» — деп айқайлап мазақтады.
II K Kaz 2:24  Еліше кері бұрылып оларға қарап, Жаратқан Иенің атынан қарғыс айтты. Сонда лезде орманнан екі ұрғашы аю шыға келіп, жасөспірімдердің қырық екісін жарып тастады.
II K Kaz 2:25  Еліше сол жерден Қармил тауына барып, одан әрі Самарияға қайта оралды.
Chapter 3
II K Kaz 3:1  Яһудаға Жосапат патшалық құрған он сегізінші жылы Ахаб ұлы Жорам Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Ол Самария қаласында он екі жыл бойы билік жүргізді.
II K Kaz 3:2  Жорам Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. Алайда ол әке-шешесі сияқты әрекет еткен жоқ, себебі әкесі жалған тәңір Бағалға арнап жасатып, тұрғызған тас бағананы Жорам алып тастады.
II K Kaz 3:3  Бірақ Жорам ежелде Набат ұлы Еробоғамның Исраил халқын азғырған күнәларын ұстанып, солардан бас тартпады.
II K Kaz 3:4  Моаб патшасы Меша қой өсірумен шұғылданатын. Ол Солтүстік Исраил патшасына жылына жүз мың тоқтыны әрі жүз мың қошқардың жүнін беріп тұруға міндетті болатын.
II K Kaz 3:5  Алайда Ахаб патша өлгеннен кейін, Моаб патшасы Солтүстік Исраилдің патшасы Жорамға қарсы бас көтерді.
II K Kaz 3:6  Сонда Жорам патша Самариядан шығып, бүкіл Солтүстік Исраилдің әскерін түгендеп санақтан өткізді.
II K Kaz 3:7  Ол, сондай-ақ, Яһуда патшасы Жосапатқа мынадай хабар жолдады:— Моаб патшасы маған қарсы бас көтерді. Менімен бірге Моабқа қарсы соғысуға аттанасыз ба? — Жосапат патша бұған:— Жарайды, сізбен бірге аттанайын! Өзім де, жасағым да, атты әскерім де сіздің құзырыңыздамыз, — деп жауап берді.
II K Kaz 3:8  Содан кейін ол: — Сол жаққа біз қай жолмен барамыз? — деп сұрады. Жорам патша:— Едомның шөл даласы арқылы! — деді.
II K Kaz 3:9  Осылайша Солтүстік Исраилдің, Яһуданың және Едомның патшалары әскерлерін ертіп аттанды. Айналма жолмен жеті күн бойы жүргеннен кейін олардың өздері үшін де, қастарындағы малдары үшін де су қалмады.
II K Kaz 3:10  Сонда Солтүстік Исраилдің патшасы күдерін үзіп былай деп дауыстады:— Әттеген-ай! Жаратқан Ие бізді, үш патшаны, Моаб патшасының қолына тапсыру үшін осында шақырған екен ғой! —
II K Kaz 3:11  Алайда Жосапат сауал қойып былай деді:— Мұнда Жаратқан Иенің пайғамбары жоқ па еді? Сол арқылы Жаратқан Иеден ақыл-кеңес сұрайық. — Солтүстік Исраил патшасының бір қызметкері:— Шапат ұлы Еліше осында жүр. Ол кезінде Ілиястың шәкірті болып, қолына су құйып қызмет көрсеткен, — деп жауап берді.
II K Kaz 3:12  Жосапат:— Ол Жаратқан Иенің сөзін жеткізе алады, — деп келісті. Содан Солтүстік Исраил патшасы Жорам, Яһуда патшасы Жосапат және Едомның патшасы үшеуі Еліше пайғамбарға барды.
II K Kaz 3:13  Ал Еліше Солтүстік Исраилдің патшасына:— Менде сенің не шаруаң бар? Ана әкеңнің және шешеңнің «пайғамбарларына» бара бер! — деді. Ал патша:— Жоқ! Бізді, осы үш патшаны, моабтықтардың қолына түсіру үшін шақырып алып келген — Жаратқан Иенің Өзі! — деп жауап қайырды.
II K Kaz 3:14  Еліше:— Өзім қызмет ететін мәңгі тірі Әлемнің Иесінің алдында шын айтамын: Егер Яһуданың патшасы Жосапат болмағанда, мен саған көз салып назар аудармас та едім.
II K Kaz 3:15  Ал енді, маған бір жетігеншіні алып келіңдер! — деді.Жетігенші келіп, аспабын тартып жатқанда, Жаратқан Ие Елішеге қолын тигізіп оған рухани құдірет қондырды.
II K Kaz 3:16  Сонда Еліше былай деді: «Жаратқан Ие мынаны бұйырады: Осы аңғардың ұзына бойы арықтар мен шұңқырлар қазыңдар!
II K Kaz 3:17  Себебі Жаратқан Ие мынаны алдын ала білдіреді: Сендер еш жел мен жаңбыр көрмейсіңдер, әйтсе де аңғар суға толып, өздерің де, малдарың да содан ішетін боласыңдар!
II K Kaz 3:18  Мұны істеу Жаратқан Ие үшін оп-оңай. Ол, сондай-ақ, моабтықтарды қолдарыңа бере салады.
II K Kaz 3:19  Сонда сендер барлық бекіністі де үлкен қалаларды қиратып, әрбір жеміс ағашын шауып құртасыңдар. Бұлақ көздерінің бәрін су шықпайтын етіп бітеп, құнарлы егістік атаулыға тас үйіп тастайсыңдар».
II K Kaz 3:20  Келесі күні (Иерусалимдегі ғибадатханада) таңертеңгі тарту ұсынылатын кезде кенеттен Едомның (таулы) аймағынан су ағып келіп, сол жер суға толып кетті.
II K Kaz 3:21  Ал моабтықтар әлгі патшалардың өздеріне қарсы соғысуға келе жатқанын естіген еді. Содан олар қару ұстауға жарамды ер адамдарының барлығын жинап алып, шекараға тұрғызып қойған болатын.
II K Kaz 3:22  Таңертең солар ерте тұрғанда, күн сәулесі су бетіне шағылысып тұрды. Ар жақтағы моабтықтарға сол су қан іспетті қып-қызыл болып көрінді.
II K Kaz 3:23  Сонда олар: «Мынау қан ғой! Ана патшалар өзара қырқысып, бірін-бірі қырып тастаған екен! Ендеше, моабтықтар, кеттік! Олжаға ие болайық!» — десті.
II K Kaz 3:24  Алайда олар Исраилдің әскер қосына таяп қалғанда, исраилдік жасақшылар қарсы шыға келіп, оларға ауыр соққы берді. Моабтықтар қаша жөнелді, ал исраилдіктер олардың еліне басып кіріп, моабтықтарды қырып тастады да,
II K Kaz 3:25  қалаларын қиратты. Әрбір жасақшы шұрайлы егістік танаптарына тас лақтырып, үйіп тастады. Жасақшылар бұлақ көздерінің барлығын бітеп, күллі жеміс ағаштарын шауып құлатты. Ең ақырында тек Кир-Хәрешет қаласы ғана аман қала берді. Бірақ тас лақтырушы жауынгерлер оны қоршап алып, шабуылдады.
II K Kaz 3:26  Моаб патшасы шайқаста жеңілгенін ұғып, жеті жүз семсер ұстайтын адамымен Едом патшасының жағына қарай әскер шебін жарып өтіп кетпек болды. Бірақ олар өтіп үлгермеді.
II K Kaz 3:27  Сонда Моаб патшасы өзінің ізбасары болуға тиіс тұңғыш ұлын алып, қала қабырғасының үстінде құрбандыққа шалып, өртеп жіберді. Соған исраилдіктер қатты наразыланып, қаладан шегініп, өз елдеріне қайтып кетті.
Chapter 4
II K Kaz 4:1  Бірде пайғамбарлардың біреуінің әйелі Елішеге бас ұрып:— Мырза, менің күйеуім қайтыс болды, оның Жаратқан Иені терең қастерлеп өткенін өзіңіз білесіз. Ал енді, бізге қарыз берген адам екі ұлымды өзіне құл етіп әкетуге келіп отыр, — деді.
II K Kaz 4:2  Еліше одан:— Сізге қандай көмек көрсетейін? Айтыңызшы, үйіңізде не бар? — деп сұрады. Әйел:— Үйімде бір құты майымнан басқа түк те жоқ! — деп жауап берді.
II K Kaz 4:3  Еліше:— Онда көршілеріңізге барып, бос ыдыстарын сұрап алыңыз, тек аз емес, барынша көп сұраңыз.
II K Kaz 4:4  Содан соң ұлдарыңызбен бірге үйіңізге қайтып, есігіңізді ішінен бекітіп алып, майыңызды сол бос ыдыстарға толтырып құйыңыз. Толғандарын бөлек алып қоя беріңіз, — деп тапсырды.
II K Kaz 4:5  Әйел одан шығып, дәл пайғамбардың айтқанындай істеді. Ұлдарының әкеліп беріп отырған ыдыстарына өзінің құтысынан май құя берді.
II K Kaz 4:6  Ыдыстардың барлығы толғанда, әйел бір ұлына: «Тағы бір ыдысты алып келші», — деп тапсырды. Бірақ ол: «Басқа бірде-бір ыдыс жоқ!» — деді. Сонда құтыдан май ақпай тоқтап қалды.
II K Kaz 4:7  Әйел Құдайдың пайғамбарына барып, болған жайтты айтып берді. Пайғамбар оған:— Майыңызды сатып, қарызыңыздан құтылыңыз. Ал қалғанын күнкөрісіңізге жаратыңыз, — деді.
II K Kaz 4:8  Бір күні Еліше пайғамбар Шунемге барды. Сол қаладағы бір ауқатты әйел Елішеден үйінде қалып тамақ ішуін өтініп, соған көндірді. Бұдан былай Еліше сол жерден өткен сайын әлгі үйден тамақтанатын болды.
II K Kaz 4:9  Әйел күйеуінен: «Осы кісінің Құдайдың қасиетті адамы екенін білдім. Ол біздің қаламыздың үстінен жиі өтеді.
II K Kaz 4:10  Оған үйіміздің жалпақ төбесінде бір шағын бөлме салып, соның ішіне төсек-орын, үстел, орындық және шам қояйықшы. Сонда ол бізге келе қалғанда сол жерде түней алатын болады!» — деп рұқсат сұрап алды.
II K Kaz 4:11  Бір күні Еліше сонда келіп, жоғарғы бөлмеде тынығып жатты.
II K Kaz 4:12  Кейін ол қызметшісі Гехәзиге: «Әлгі шунемдік әйелді шақыршы», — деп тапсырды. Гехәзи барып шақырғанда, әйел келді.
II K Kaz 4:13  Еліше қызметшісіне былай деді:— Әйелге мынаны айт: Бізге бола осыншама әбігерге түсіпсіз. Сол үшін сізге қандай жақсылық істей аламыз? Қаласаңыз, сіз туралы патшамен немесе әскер қолбасшысымен сөйлесе аламын. — Әйел:— Өз жұртымның арасында тұрып (мұқтаждық көрмей) жатырмын, — деп жауап берді.
II K Kaz 4:14  Кейін Еліше қызметшісінен:— Сонымен оған қандай жақсылық істесек болады? — деп сұрады. Гехәзи:— Оның ұлы жоқ, ал күйеуі қарт адам! — деді.
II K Kaz 4:15  Сонда пайғамбар:— Тағы да шақыршы оны, — деді. Әйелді шақырғанда, ол кіреберіске келіп тұрды.
II K Kaz 4:16  Еліше:— Келесі жылы осы уақытта құшағыңызда ұлыңыз болады, — деді. Сонда әйел:— Ой, жоқ, мырзам, сіз Құдайдың адамысыз! Алдыңыздағы пендеңізді алдай көрмеңіз, — деп сенбеді.
II K Kaz 4:17  Әйтсе де (Жаратқан Иенің рақымымен) әйел құрсақ көтеріп, келесі жылы сол уақытта Еліше айтқандай босанып, ұл туды.
II K Kaz 4:18  Бала едәуір өсіп қалған кезде бір күні астық орушылармен бірге жүрген әкесінің қасына барды.
II K Kaz 4:19  Кенеттен ол әкесіне: «Ойбай, басым! Басым ауырып тұр!» — деп айқайлап қоя берді. Әкесі қызметшісіне: «Оны шешесіне апар!» — деп тапсырды.
II K Kaz 4:20  Ол баланы үйіне апарып, бала шешесінің құшағында түске дейін отырып, қайтыс болды.
II K Kaz 4:21  Сонда шешесі Құдайдың адамының жоғарғы қабаттағы бөлмесіне көтеріліп, ұлын соның төсегіне жатқызды да, есікті жауып, шығып кетті.
II K Kaz 4:22  Әйел күйеуін шақырып алып, одан:— Мен Құдайдың пайғамбарына тездетіп барып келуім керек. Бір қызметші мен есекті жібере көріңізші! — деп өтінді.
II K Kaz 4:23  Күйеуі одан:— Неге оған бүгін барғың келе қалды? Бүгін не айдың бірінші күнгі мейрамы, не демалыс күні емес қой? — деп сұрады. Бірақ әйелі оған:— Уайымдамаңыз, бәрі де жақсы, — деді.
II K Kaz 4:24  Содан әйел есегін ерттеп мінді де, қызметшісіне: «Алға қарай айдап жүре бер, өзім айтқанша тоқтама!» — деп бұйырды.
II K Kaz 4:25  Осылай әйел жолға шығып, Қармил тауында тұрған Құдайдың адамына жетті. Пайғамбар оны алыстан көріп, қызметшісі Гехәзиге: «Анаған қара, шунемдік әйел келе жатыр!
II K Kaz 4:26  Тез жүгіріп, алдынан шық та, одан хал-жағдайын, өзінің, күйеуінің, ұлының амандығын сұрап білші», — деді. Қызметші оның айтқанын істеп, әйел оған: «Аманшылық», — деп жауап берді.
II K Kaz 4:27  Әйел тау беткейіндегі Құдайдың адамының қасына келгенде, жерге жата кетіп, оның аяғынан құшақтай алды. Гехәзи жақындап барып, әйелді итеріп жібермекші болғанда, пайғамбар: «Оған тиме! Зор қайғыдан оның жаны жапа шегіп тұр. Ал Жаратқан Ие соны менен жасырып, айтпады!» — деді.
II K Kaz 4:28  Әйел пайғамбарға: «Мырзам, сізден ұл сыйлаңыз деп сұрап па едім? Мені алдай көрмеңіз деп сізден өтінбеп пе едім?» — деп мұңын шақты.
II K Kaz 4:29  Сонда Еліше Гехәзиге: «Беліңді буып, менің таяғымды алып, тез жолға шық! Біреумен ұшыраса қалсаң, онымен амандасып жатпа. Біреу өзіңмен амандасып жатса, оған жауап та берме. Дереу балаға жет те, мына таяғымды оның бетіне қой!» — деп бұйырды.
II K Kaz 4:30  Бірақ баланың шешесі пайғамбарға: «Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында, сіздің де алдыңызда шын айтамын: Мен сіздің қасыңыздан кетпеймін!» — деп қоймады. Сонда пайғамбар әйелмен бірге жүретін болды.
II K Kaz 4:31  Гехәзи олардан бұрын жетіп, таяқты баланың бетіне қойды. Бірақ баладан ешқандай дыбыс та естілмеді, әсері де болмады. Сонда қызметші Елішеге қайта оралып: «Бала оянған жоқ», — деді.
II K Kaz 4:32  Үйге келгенде, Еліше өзінің төсегінде өліп қалған баланың жатқанын көрді.
II K Kaz 4:33  Ол бөлмеге кіріп, есікті жауып алды да, Жаратқан Иеге сиынып мінажат етті.
II K Kaz 4:34  Содан соң Еліше төсекке көтеріліп, баланың үстіне оның аузымен аузын, көздерімен көздерін, қолдарымен қолдарын түйістіріп жатты. Осылайша ол үстінде созылып жатқанда, баланың денесі жыли бастады.
II K Kaz 4:35  Еліше қайтадан тұрып, үйдің ішінде олай-бұлай біраз жүріп, төсекке көтеріліп, баланың үстіне қайтадан созылып жатты. Сонда бала жеті рет түшкіріп, көздерін ашты.
II K Kaz 4:36  Пайғамбар Гехәзиді шақырып, шешесін алдыртты. Әйел бөлмеге кіргенде Еліше: «Міне, ұлыңызды алыңыз!» — деді.
II K Kaz 4:37  Әйел бөлмеге кіріп, пайғамбардың аяғына жығылып, жерге дейін иіліп тағзым етті. Содан соң ұлын алып, шығып кетті.
II K Kaz 4:38  Еліше Ғылғалға қайтып келгенде, сол жерді аштық жайлаған екен. Пайғамбарлардың шәкірттері оның алдында отырған кезде ол қызметшісіне: «Үлкен қазанды асып, мына адамдарға тамақ пісіріп бер!» — деді.
II K Kaz 4:39  Солардың бірі далаға тамаққа жарамды шөп теруге шығып, жабайы асқабақтың жемістерін етегіне толтырып алып келді. Олардың не екенін білмесе де, майдалап турап, қазандағы көжеге салып жіберді.
II K Kaz 4:40  Көже адамдарға құйылып берілді. Олар тамақты татып көре салысымен, айқай салып: «Уа, пайғамбар, мынау бір улы зат қой!» — деп, тамақты жей алмады.
II K Kaz 4:41  Бірақ пайғамбар: «Маған біраз ұн алып келіңдерші!» — деп тапсырды. Ол ұнды қазанға салып: «Енді адамдарға берсеңдер болады!» — деді. Сонда қазандағы удан ештеңе қалмады.
II K Kaz 4:42  Сол кезде Бағал-Шалишадан бір адам келіп жетті. Ол Құдайдың пайғамбарына өзінің сол жылы жиған алғашқы арпасынан пісірілген жиырма таба нан әрі жаңа жиналған бидайдың масақтарын дорбасына салып ала келді. Еліше өзінің қызметшісіне:— Мына нанды шәкірттерге жеуге бер! — деді.
II K Kaz 4:43  Қызметшісі:— Қалайша, бұлар жүз адамға не болады? — дегенде, Еліше былай деп тапсырды:— Нанды адамдарға үлестіріп бер, жесін! Себебі Жаратқан Ие мынаны айтады: Олардың барлығы тойып жейді, тіпті артылып та қалады. —
II K Kaz 4:44  Сонда қызметші нанды үлестіріп, олар жеп тойды. Жаратқан Иенің айтқан сөзі дәл келіп, нан артылып та қалды.
Chapter 5
II K Kaz 5:1  Арама елінің патшасы өзінің әскер қолбасшысы Нағыманды қатты сыйлап, жоғары бағалайтын. Себебі Жаратқан Ие елге сол арқылы жеңіс сыйлаған еді. Ал Нағыман мықты да батыл жауынгер болса да, алапеспен ауыратын.
II K Kaz 5:2  Арамалықтар басқа елдерге шапқыншылық жасап жүрген кездерінде Исраилден бір жас қызды қолға түсірген болатын. Осы қыз енді Нағыманның әйеліне қызмет етіп жүрді.
II K Kaz 5:3  Бір күні қыз қожайын әйеліне былай деді: «Егер қожайыным Самарияда тұрып жатқан пайғамбармен кездессе ғой, шіркін! Сол оны алапесінен сауықтырып жіберер еді».
II K Kaz 5:4  Мұны естіген Нағыман қыздың сөзін патша иесіне жеткізіп:— Исраилден әкелінген қыз осылай да осылай деп айтты, — деді.
II K Kaz 5:5  Патшасы:— Ендеше оған барғаның жөн! Мен Исраилдің патшасына сәлемхат жазып қолыңа берейін, — деп құптады.Осылайша қолбасшы жолға шығып, өзімен бірге он ат басындай күміс, алты мың мысқал алтын және он киім жиынтығын ала кетті.
II K Kaz 5:6  Солтүстік Исраилдің патшасына арналған хатта: «Осы хатты сізге тапсырған адам — менің жақсы қызметкерім. Оны ауруынан сауықтыруыңызды өтінемін!» деп жазылған еді.
II K Kaz 5:7  Исраилдің патшасы хатты оқығанда, абыржып көйлегінің өңірін айыра жыртып: «Біреуді өлтіріп, қайта тірілтетін мен сонша Құдай ма едім? Ол маған мына адамды алапесінен сауықтыр деп жіберіпті. Шамасы, маған тиісуге бір сылтау іздеп отырса керек», — деді.
II K Kaz 5:8  Құдайдың адамы Еліше Исраил патшасының көйлегінің өңірін жыртқанын естігенде, патшаға мынадай сәлем жіберді: «Неге көйлегіңіздің өңірін жыртып абыржисыз? Сол адамды маған жіберіңіз, Исраилде шынайы пайғамбардың бар екенін білсін!»
II K Kaz 5:9  Сонда Нағыман өзінің салт аттылары, соғыс күймелерімен бірге Еліше тұрған үйдің қақпасының алдына келіп тоқтады.
II K Kaz 5:10  Ал Еліше оған бір хабаршысынан:— Иордан өзеніне барып, соған жеті рет суға түсіп, шомылыңыз! Сонда тәніңіздегі алапесіңіз кетіп, құлан-таза айығасыз, — деді.
II K Kaz 5:11  Нағыман бұған қатты ашуланып қайтып кетпек болып:— Бұл қалай?! Ол алдымнан шығып, өзінің Құдайы Жаратқан Иеге сиынар, алапес болған жердің үстінен қолын әрі-бері жүргізіп, алапесімді жазар деп ойлаған едім.
II K Kaz 5:12  Біздің Дамаск маңындағы өзендеріміз Абана мен Парпар Исраилдің барлық суларынан да артық емес пе? Шомылу керек болса, соларға барып-ақ шомыла алмас па едім? — деді. Осылай ол ашулы күйі кері бұрылып, кетуге ыңғайланды.
II K Kaz 5:13  Ал қызметшілері жақындап келіп: «Мырзам, егер сол пайғамбар сізге бір қиын істі тапсырса, сіз оны орындамас па едіңіз? Ал жай ғана «Барып, суға түсіп шомылыңыз, сонда айығасыз» деп айтса, соны істеп көргеніңіз әбден орынды емес пе?» — деп ұсыныс жасады.
II K Kaz 5:14  Қолбасшы олардың кеңесіне құлақ асып, Құдайдың пайғамбарының айтқаны бойынша Иордан өзеніне ылдилап барып, жеті рет суға түсіп, шомылды. Сонда оның тәні сәбидің тәні іспетті тап-таза болып айығып кетті.
II K Kaz 5:15  Содан Нағыман барлық қызметшілерімен бірге Құдайдың адамына қайтып барды да, оған:— Міне, енді бүкіл дүние жүзінде Исраилдің сиынатын Құдайынан басқа шынайы құдайдың жоқ екеніне көзім жетіп отыр. Сондықтан өтінемін, менен мына сыйлықты қабылдай көріңіз! — деп сый-тартуын ұсынды.
II K Kaz 5:16  Бірақ Еліше:— Өзім қызмет ететін мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: Мен еш нәрсеңізді алмаймын! — деп жауап берді. Нағыман оны қаншама көндіруге тырысқанымен, ол бәрібір бас тартып, ештеңені алмай қойды.
II K Kaz 5:17  Нағыман сонда пайғамбарға мына өтінішті жасады:— Онда маған ең болмағанда екі қашырыма көтергендерінше осы жердің топырағын артып алуыма рұқсат етіңізші. Өйткені бұдан былай мен бөтен тәңірлерге емес, тек Жаратқан Иеге ғана шалынып, өртелетін құрбандықтар мен сый-тартуларды ұсынатын боламын.
II K Kaz 5:18  Алайда мына бір жайтты Жаратқан Ие кешіре көрсін: мен патшаммен бірге Риммонның ғибадатханасына құлшылық етуге баруға міндеттімін. Себебі патша менің қолыма сүйеніп тұрады. Сонда онымен бірге маған да Риммонға бас июіме тура келгенде, Жаратқан Ие мені кешіре көрсін! —
II K Kaz 5:19  Еліше оған:— Тыныштықпен жөніңізге қайта беріңіз! — деді.Осылай Нағыман жолға шығып, одан біраз ұзағанда,
II K Kaz 5:20  Құдайдың адамының қызметшісі Гехәзи былай деп ойлады: «Қарашы, менің мырзам мына арамалық Нағыманның алып келгенін қабылдамай, оған тым үлкен жеңілдік жасап жібере салды. Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: Мен оның артынан қуып жетіп, одан бірдеңе алып қалайын!»
II K Kaz 5:21  Содан Гехәзи Нағыманның соңынан қуып кетті. Нағыман арт жақтан біреудің жүгіріп келе жатқанын байқағанда күймесінен түсіп, қарсылап алдынан шықты да:— Тыныштық па? — деп сұрады.
II K Kaz 5:22  Гехәзи:— Иә, тыныштық. Қожайыным мені сізге мынаны айт деп жіберіп отыр: Жаңа ғана Ефремнің таулы аймағындағы пайғамбарлар шәкірттерінен екі жас жігіт келе қалды. Соларға бір ат басындай күміс пен екі киім жиынтығын бере көріңіз!
II K Kaz 5:23  Нағыман оған:— Екі ат басындай күміс ала ғой! — деді. Оны көндіріп, екі ат басындай күмісті екі киім жиынтығымен қоса екі дорбаға салып беріп, оны өзінің екі қызметшісіне көтертіп, Гехәзимен бірге жіберді.
II K Kaz 5:24  Олар Еліше тұрып жатқан төбеге жеткенде, Гехәзи күмісті олардан алып, үйіне сақтап қойды да, қызметшілерді қайтарып жіберді.
II K Kaz 5:25  Бұдан кейін ол қожайыны Елішенің алдына барды. Сонда Еліше:— Қайда барып келдің, Гехәзи? — деп сұрады. Ол:— Жоқ, еш жерге барған жоқпын! — деп жауап берді.
II K Kaz 5:26  Еліше оған:— Сол адам сенің келе жатқаныңды байқап, қарсы алу үшін күймесінен түскенде, менің рухымды сол жерде болмады деп ойлайсың ба?! Қазір күміс пен киім-кешек, зәйтүн мен жүзім бақтарын, ірілі-ұсақты малдарды әрі құл-күңдерді қабылдайтын уақыт па?
II K Kaz 5:27  Енді Нағыманның ауруы сенің өзіңе және үрім-бұтағыңа мәңгілікке жұғатын болады! — деді.Гехәзи Елішенің алдынан шыққанда, терісі алапестен қардай аппақ болып кетті.
Chapter 6
II K Kaz 6:1  Пайғамбардың шәкірттері Елішеге:— Сіздің қол астыңызда тұрып жатқан осы жер біз үшін тым тар.
II K Kaz 6:2  Бізге Иордан өзеніне барып, сол жерден әрқайсымыз бір-бірден бөрене алып, сонда өзімізге тұратын орын салып алуымызға рұқсат етіңізші! — деді. Ол:— Бара беріңдер, — деп құптады.
II K Kaz 6:3  Олардың бірі:— Мырзеке, бізбен бірге жүрсеңізші! — деп өтінді. Ол:— Жарайды, барайын, — деп келісіп,
II K Kaz 6:4  бұлармен бірге жолға шықты. Олар Иорданға жеткеннен кейін ағаш шауып, құлата бастады.
II K Kaz 6:5  Ал біреуі ағаш шауып жатқан кезде балтасының басы ұшып барып, суға түсіп, батып кетті. Сонда анау:— Қап, әттеген-ай, мырзеке! Ол біреудің уақытша сұрап алған балтасы еді! — деп айқайлады.
II K Kaz 6:6  Құдайдың адамы:— Ол қай тұсқа түсті? — деп сұрады. Әлгі адам сол жерді сілтеп көрсеткенде, Еліше бір таяқшаны кесіп алып, сол жерге лақтырып жіберді. Сонда балтаның басы су бетіне қалқып шыға келді.
II K Kaz 6:7  Еліше адамға: «Оны өзің ұстап ал!» — деді. Ол қолын созып, балтаның басын судан шығарып алды.
II K Kaz 6:8  Арама елінің патшасы Солтүстік Исраилге қарсы соғысып жатқан бір кезде, ол нөкерлерімен ақылдасып, ордасын тігетін жерді таңдап алды.
II K Kaz 6:9  Ал Құдайдың адамы Исраилдің патшасына: «Пәлен жерден өтпеңіз! Арамалықтар сол жерге қарай аттанып келе жатыр», — деген ескерту жіберді.
II K Kaz 6:10  Исраилдің патшасы ескертуге құлақ асып, жау келе жатыр деген жерлерді алдын ала сақтандырып отырды. Осылай Еліше пайғамбар патшаға бір емес, екі емес, әлденеше рет алдын ала хабар жіберіп, ескертіп отырды.
II K Kaz 6:11  Бұған Арама патшасы қатты қобалжып, өзінің нөкерлерін шақырып алды да, олардан:— Айтыңдаршы: адамдарымыздың қайсысы Исраилдің патшасын жақтап оның жансызы болып жүр? — деп сұрады.
II K Kaz 6:12  Ал олардың бірі:— Уа, патша ием, ешқайсымыз да солай істемейміз. Қайта, сіздің тіпті жататын бөлмеңізде айтқан сөздеріңізге дейін Исраилдің патшасына жеткізіп жүрген — Исраилдегі пайғамбар Еліше! — деп жауап берді.
II K Kaz 6:13  Патша бұған:— Онда барып, оған іздеу салыңдар! Мен адамдарымды жіберіп, оны қолға түсіріп алайын! — деді. Сонда патшаға: «Еліше Дотанда екен!» — деп мәлімденді.
II K Kaz 6:14  Патша сол қалаға атты әскері, соғыс күймелері бар үлкен жасақ аттандырып, олар сол қалаға түнде келіп, қоршап алды.
II K Kaz 6:15  Таңертең Құдайдың адамының қызметшісі ерте тұрып, сыртқа шыққанда, атты әскері мен соғыс күймелері бар қалың қолдың қаланы айналдыра қоршап алғанын көрді. Қызметші:— Ойбай, мырзам, енді не істейміз? — деп налыды.
II K Kaz 6:16  Пайғамбар оған:— Қорықпа, біздің жағымыздағылар оларға қарағанда әлдеқайда көп! — деп жауап берді.
II K Kaz 6:17  Содан соң ол: «Уа, Жаратқан Ие, оның көзін аша гөр, көрсін!» — деп сиынды. Жаратқан Ие қызметшінің көзін ашқанда, ол қыраттың бойында Елішені айналдыра жиналып тұрған жалындаған отты аттар мен күймелерді көрді.
II K Kaz 6:18  Арамалықтар Елішені ұстап алмақ болып, шабуылдай бергенде, ол сиынып: «Уа, Жаратқан Ие, мына адамдардың көздерін соқыр ете гөр!» — деді. Сонда Жаратқан Ие оларды Елішенің өтінгеніндей көздерін көрмейтін соқыр етіп тастады.
II K Kaz 6:19  Еліше олардың алдынан шығып:— Бұл жол да, қала да дұрыс емес. Менің соңымнан еріңдер, іздеп жүрген адамдарыңа алып барайын! — деді де, олардың барлығын Самария қаласына бастап алып барды.
II K Kaz 6:20  Олар Самарияға кіргеннен кейін Еліше: «Уа, Жаратқан Ие, мына адамдар көре алсын, көздерін ашсаң екен!» — деп мінажат етті. Сонда Жаратқан Ие көздерін ашып, олар өздерінің Самарияда тұрғандарын білді.
II K Kaz 6:21  Исраил патшасы оларды көргенде, Елішеден:— Мырзеке, оларды қырып тастайын ба? — деп сұрады.
II K Kaz 6:22  Еліше оған:— Жоқ, оларға тимеңіз. Тіпті өзіңіз семсер-садағыңызбен қолға түсірген тұтқындарды да өлтірмес едіңіз ғой. Одан да алдарына тамақ қойыңыз, ішіп-жесін. Содан патшаларына кері қайтарыңыз! — деді.
II K Kaz 6:23  Сонда патша олар үшін бір үлкен қонақасы беріп, ішіп-жеп болғаннан кейін оларды өздерінің патшасына қайтарып жіберді. Сол кезден бастап арамалық жасақшылар топтары Солтүстік Исраилге шапқыншылық жасамайтын болды.
II K Kaz 6:24  Алайда осыдан едәуір уақыт өткеннен кейін Арама патшасы Бен-Хадад өзінің бүкіл әскерін жинап, Самарияға аттанып, қаланы қоршап алды.
II K Kaz 6:25  Соның кесірінен қалада қатты ашаршылық басталды. Жаудың қоршауы ұзаққа созылғандықтан, есектің басы сексен мысқал күміске, ал бір уыс (отындық) кептер қиы бес мысқал күміске сатылатын болды.
II K Kaz 6:26  Бірде Исраил патшасы қала қамалының қабырғасымен кетіп бара жатқанда, бір әйел оған:— Уа, патша ием, көмектесе көріңіз! — деп зарлап айқай салды.
II K Kaz 6:27  Патша оған:— Жаратқан Иенің Өзі көмектеспесе, мен қайдан саған көмектесемін? Өз қырмандарым мен күбілерімде түк қалмады, — деп жауап қайтарып,
II K Kaz 6:28  — Жарайды, не айтайын деген едің, айта бер, — деп қосты. Әйел былай деді:— Мына әйел маған: «Сенің балаңды бүгін жейік, менікін ертең жейміз» деп ұсынған еді.
II K Kaz 6:29  Осылайша менің баламды екеуіміз асып жедік. Келесі күні мен оған: «Енді сен балаңды бер, жейік!» десем, ол оны бір жерге тығып тастапты!
II K Kaz 6:30  Патша әйелдің осы сөздерін естігенде қатты налып, көйлегін айыра жыртты. Ол бұдан әрі қамал қабырғасымен кетіп бара жатқанда, халық оның көйлегінің ішінен жалаңаш тәнінде қылдан тоқылған азалы киім киіп жүргенін көрді.
II K Kaz 6:31  Патша: «Шапат ұлы Елішенің басын бүгін шауып тастамасам, Құдай мені жазалаған үстіне жазалай берсін!» — деп ант етті.
II K Kaz 6:32  Дәл осы кезде Еліше өз үйінде бірнеше қонақ ақсақалдармен бірге отырған еді. Патшаның жіберген адамы келмей тұрып-ақ, Еліше қасындағы ақсақалдарға: «Ана кісі өлтірушінің баласы менің басымды шауып тастасын деп адам жіберіп жатыр. Соны көріп отырсыңдар ма? Сол адам келгенде, оның алдынан есікті тас қылып жауып тастаңдар. Оның артында келе жатқан иесінің басқан қадамдарының дыбысы естіліп тұрған жоқ па?» — деді.
II K Kaz 6:33  Пайғамбар осыны айтып жатқан кезде-ақ, хабаршы да, патша да жетіп келіп, патша:— Мына пәле Жаратқан Иеден келіп тұр. Бұдан былай Оған не үшін үміт артуым қажет? — деп налыды.
Chapter 7
II K Kaz 7:1  Еліше бұған былай деп жауап берді:— Жаратқан Иенің сөзіне құлақ түріңдер! Жаратқан Ие мынаны айтады: Ертең осы уақытта қала қақпасының жанында бір қапшық таңдаулы бидай ұны да, екі қапшық арпа да бір-ақ мысқал күміске сатылатын болады!
II K Kaz 7:2  Патша қолына сүйеніп жүретін жеке нөкері Құдайдың адамына:— Жаратқан Ие тіпті аспанның қақпаларын айқара ашып тастаса да, мұндай нәрсе қалай бола алады?! — деп сенімсіздік білдірді. Еліше оған:— Сен мұны өз көзіңмен көретін боласың, әйтсе де жей алмайсың! — деп жауап берді.
II K Kaz 7:3  Сол кезде қала қақпасының маңайында алапеспен ауырған төрт адам отырған еді. Олардың біреуі қалғандарына былай деп ұсыныс жасады: «Біз осында несіне өлгенше отыра береміз?
II K Kaz 7:4  Қалаға кіреміз десек, онда ашаршылық, өліп қаламыз. Осы жерде қала берсек те, бәрібір өлеміз. Одан да арамалықтардың әскер тұрағына қарай өтіп барайық. Олар бізді өлтірсе, еш айырмашылық жоқ, бәрібір өлер едік. Ал өлтірмесе, аман қалатын боламыз».
II K Kaz 7:5  Олар ымырт түсе орындарынан тұрып, арамалық жасақтың тұрағына бет алды. Тұрақтың шетіне келіп қараса, онда ешкім де жоқ екен!
II K Kaz 7:6  Себебі Жасаған Ие арамалық жасаққа атты әскері, соғыс күймелері бар, оларға шабуылдап аттанып, қарсы келе жатқан бір қалың қолдың қатты гүрілін естірткен болатын. Сонда арамалықтар сасқалақтап: «Ойбай, Исраил патшасы бізге қарсы хеттік патшалар мен Мысыр патшасының әскерлерін жалдап алған екен!» — деп өзара айқайласты.
II K Kaz 7:7  Содан олар дереу орындарынан тұрып, шатырларын, жылқылары мен есектерін, бүкіл тұрақтарын да тастай сала таң сәріде бас сауғалап қашып кетті.
II K Kaz 7:8  Енді алапес адамдар тұрақтың шетіне келіп, бір шатырға кіріп, ішіп-жеп тойынды, әрі ондағы алтын-күміс, бағалы киімдерді алып, бір жерге тығып қойды. Содан қайта келіп, басқа бір шатырға кіріп, сондағы бағалы заттарды да алып, жасырып тастады.
II K Kaz 7:9  Кейін олар өзара былай десті: «Біздің бұлай еткеніміз дұрыс емес. Бүгін қуанышты күн, ізгі хабар күні! Ал біз оны ешкімге айтпай жүрміз. Егер таңертеңге дейін күтіп, оны ешкімге жеткізбесек, онда жазаға ілігіп қалуымыз мүмкін. Одан да қазір барып, мұны патша сарайына айтып берейік!»
II K Kaz 7:10  Сондықтан олар қалаға барып, қақпа күзетушілерге дауыстап: «Біз арамалықтардың тұрағына барып келдік. Онда ешкім де жоқ, бос жатыр! Тек байлаулы күйі қалған аттар мен есектерді ғана көрдік, шатырлары да дәл сол күйінде қалыпты. Бірақ бірде-бір жанның даусы шыққан жоқ!», — деп мәлімдеді.
II K Kaz 7:11  Қақпа күзетшілері хабарды айқайлап естіртіп, ол патша сарайына да жетті.
II K Kaz 7:12  Содан патша түнде төсегінен тұрды. Бірақ ол жиналған нөкерлеріне тіл қатып:— Арамалықтардың бізге не істегендерін сендерге түсіндіріп берейін: олар біздің ашығып жатқанымыз туралы біледі. Сол себепті олар тұрақтарынан шығып, далада тығылып тұр. Бізді қаладан сөзсіз шығады деп ойлайды. Сонда олар бізді тірідей қолға түсіріп, қалаға басып кіріп алады, — деген күдігін білдірді.
II K Kaz 7:13  Ал оның нөкерлерінің бірі:— Уа, тақсыр, біраз адамдарымыз қалада қалған бес атты күймеге жегіп алсын. Аштықтан қайтыс болғандар сияқты, олар да және қалада әлі де тірі қалып отырған барлығымыз да бәрібір аштан өлеміз. Сондықтан не болғанын анықтап білу үшін оларды сол жаққа жібергеніміз жөн болар, — деп ұсынды.
II K Kaz 7:14  Содан олар екі күймеге аттарын жегіп, соларға барлаушыларды мінгізді. Патша оларды арамалықтардың әскеріне не болғанын біліп келуге жіберді.
II K Kaz 7:15  Барлаушылар арамалықтардың артынан Иордан өзеніне дейін барып, жол бойында олардың асыға қашып кетіп бара жатқанда тастап кеткен киімдері мен жабдықтарын көрді. Барлаушылар патшаға қайта оралып, көргендерін айтып берді.
II K Kaz 7:16  Содан халық қаладан шығып, арамалықтардың тұрағында қалған нәрселердің барлығын олжалап алды. Сонда Жаратқан Иенің айтқан сөзіне сәйкес, бір қапшық таңдаулы бидай ұны да, екі қапшық арпа да бір мысқал күміске сатылатын болды.
II K Kaz 7:17  Патша әлгі жеке нөкерін қақпа күзетін басқаруға тағайындаған болатын. Нөкер қақпадан өтіп бара жатқан қалың халықтың табанының астында қалып, тапталып өлді. Осылайша Құдайдың адамының патша оған келген кезде айтқаны іске асты.
II K Kaz 7:18  Себебі Құдайдың пайғамбары патшаға: «Ертең осы уақытта қала қақпасының жанында екі қап арпа да, бір қап таңдаулы бидай ұны да бір-ақ мысқал күміске сатылатын болады» дегенде,
II K Kaz 7:19  патшаның сол нөкері пайғамбарға: «Жаратқан Ие тіпті аспан қақпаларын айқара ашып тастаса да, мұндай нәрсе қалай бола алады?!» деген болатын. Сонда пайғамбар бұл нөкерге: «Сен мұны өз көзіңмен көретін боласың, әйтсе де жей алмайсың!» деген еді.
II K Kaz 7:20  Сол сөз дәл орындалды. Нөкер қалың халықтың табанының астында қалып, тапталып өлді.
Chapter 8
II K Kaz 8:1  Еліше бұдан ертерек баласын өлімнен қайта тірілткен әйелге былай деп кеңес берген болатын: «Жаратқан Ие елге жеті жылға созылатын ашаршылық жіберетін болып шешті. Отбасыңызбен көшіп бара алатын жағыңызға көшіп барып, сонда уақытша тұрып келіңіздер».
II K Kaz 8:2  Сонымен әйел Құдайдың адамының кеңесі бойынша отбасымен бірге філістірлердің еліне көшіп барып, сонда жеті жыл тұрды.
II K Kaz 8:3  Жеті жылдан кейін әйел еліне қайта оралып, үйі мен егістік жерінің өзіне қайтарылуын сұрап патшаға жүгінді.
II K Kaz 8:4  Дәл сол кезде Құдайдың пайғамбарының қызметшісі Гехәзимен сөйлесіп отырған патша одан: «Маған Елішенің істеген ұлы істері туралы айтып берші», — деп сұрады.
II K Kaz 8:5  Гехәзи Елішенің өліп қалған баланы тірілткені туралы айтып отырған кезде, сол ұлдың шешесі үйі мен жері туралы патшаға өтінішпен келе қалды. Сонда Гехәзи: «Уа, патша ием, мен сізге жаңа ғана айтқан әйел, міне, осы! Ал мынау — Еліше қайта тірілткен оның ұлы!» деді.
II K Kaz 8:6  Патша әйелдің өзінен сұрағанда, ол бәрін де айтып берді. Сонда патша арнайы бір уәзірін әйелдің мәселесін шешуге тағайындап, оған: «Мына әйелге меншігінде болғанының барлығын да, оның басқа елге кеткен кезінен күні бүгінге дейін жерінен түскен өнімдерінің бәрімен қоса қайтарып алып бер!» — деп тапсырды.
II K Kaz 8:7  Бірде Еліше Дамаск қаласына барды. Сол кезде Арама елінің патшасы Бен-Хадад ауырып жатқан болатын. Еліше туралы патшаға: «Құдайдың адамы осында», — деп баяндалғанда,
II K Kaz 8:8  патша нөкерлерінің бірі — Хазаилге былай деп тапсырды. «Сыйлық алып, Құдайдың адамына барып кел! Ол Жаратқан Иеден: «Осы аурудан жазылар ма екенмін?» деп сұрай көрсін».
II K Kaz 8:9  Хазаил Дамаскінің ең жақсы заттарынан қырық түйеге сыйлық артып алып, жолға шықты. Елішенің үйіне кіріп, оның алдында тұрып:— Сіздің құлыңыз — Арама патшасы Бен-Хадад мені сізден: «Осы аурудан жазылар ма екенмін?» деп сұрауға жіберді, — деді.
II K Kaz 8:10  Еліше:— Оған қайтып барып: «Сіз сөзсіз сауығып кетесіз» де. Ал Жаратқан Ие маған оның іс жүзінде өлетінін ашық көрсетті, — деп жауап берді.
II K Kaz 8:11  Еліше Хазаилға қадала қарап қалғаны сонша, ол өзін қатты ыңғайсыз сезінді. Бұдан кейін Құдайдың пайғамбары жылай бастады.
II K Kaz 8:12  Хазаил:— Мырзам, неге жылайсыз? — деп сұрады. Еліше:— Өйткені мен сенің Исраил халқына қандай зұлымдықтар жасайтыныңды біліп отырмын. Сен Исраилдің бекіністі қалаларын өртеп, оның жас жігіттерін семсердің жүзімен қырасың, емшектегі сәбилерін жерге лақтырып өлтіресің, жүкті әйелдерінің іштерін жарасың! — деп жауап берді.
II K Kaz 8:13  Хазаил:— Осындай ғаламат істі мендей ит іспетті пақырыңыз қалайша істей алар екен? — дегенде, Еліше:— Жаратқан Ие маған сенің Арама патшасы болатыныңды көрсетті, — деді.
II K Kaz 8:14  Хазаил Елішенің қасынан кетіп, патшасына қайта оралды. Бен-Хадад:— Еліше саған не деді? — деп сұрағанда, Хазаил:— Ол сізді сөзсіз сауығып кетесіз деді, — деп жауап берді.
II K Kaz 8:15  Алайда келесі күні Хазаил бір көрпені суға малып, сонымен патшаның бетін жауып, тұншықтырып өлтірді. Содан кейін Хазаил оның орнына өзі патша болып алды.
II K Kaz 8:16  Солтүстік Исраилге Ахаб ұлы Жорам патшалық құрған бесінші жылы Яһуданың бұрынғы патшасы Жосапаттың ұлы Жорам Яһуда елінің патшасы болды.
II K Kaz 8:17  Сол кезде Жорамның жасы отыз екіде еді. Ол Иерусалимде сегіз жыл билік жүргізді.
II K Kaz 8:18  Ахабтың әулеті сияқты, Яһуда патшасы Жорам да Солтүстік Исраилдің патшаларының теріс жолымен жүрді, себебі оның әйелі Ахабтың қызы болатын. Содан Жорам Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді.
II K Kaz 8:19  Сонда да Жаратқан Ие Өзінің адал қызметшісі Дәуітке бола Яһуда елін жоюды қаламады. Ол Дәуітке және оның келешек ұрпақтарына ұдайы (патшалық құрып) шам-шырақ іспетті нұр шашуға мүмкіндік беру жайлы уәде еткен болатын.
II K Kaz 8:20  Жорамның заманында Едом халқы Яһуда патшалығының үстемдігіне қарсы бас көтеріп, өздеріне патша тағайындап алды.
II K Kaz 8:21  Сонда Жорам өзінің барлық соғыс күймелерімен шекарадан өтіп, Сайырға қарсы аттанды. Бірақ едомдықтар оның өзін және соғыс күймелерінің айдаушыларын қоршап алды. Жорам түнде тұрып, олардың қоршауын бұзып шыға алды. Алайда жасақшылары үйлеріне қашып кетті.
II K Kaz 8:22  Содан бері Едом халқы осы күнге дейін Яһуданың үстемдігіне қарсы бас көтеріп келеді. Сол кезде (філістір елінің шекарасындағы) Либна қаласы да Яһуданың патшасына қарсы шықты.
II K Kaz 8:23  Жорамның қалған барлық іс-әрекеттері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 8:24  Жорам көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті олардың жанына Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Охозиях орнын басып патша болды.
II K Kaz 8:25  Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб ұлы Жорамның патшалық құрған он екінші жылы Яһуда елінің патшасы Жорамның ұлы Охозиях патшалық құра бастады.
II K Kaz 8:26  Сол кезде Охозияхтың жасы жиырма екіде еді. Ол Иерусалимде бір жыл билік жүргізді. Оның шешесі Солтүстік Исраилдің бұрынғы патшасы Омридың немере қызы Аталия еді.
II K Kaz 8:27  Охозиях Ахабтың әулетінің азғын жолымен жүріп, Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. Себебі оның нағашылары сол әулеттен болып (оны теріс жолға тайдырды).
II K Kaz 8:28  Охозиях Ахаб ұлы Жорамға еріп Арама патшасы Хазаилмен соғысуға Ғилақадтағы Рамотқа аттанды. Арамалықтар шайқаста Жорамды жарақаттады.
II K Kaz 8:29  Жорам жарақаттарынан емделіп жазылу үшін Ізрел қаласына қайта оралды. Сондықтан Яһуда патшасы Охозиях Жорамның халін сұрап қайтпаққа Ізрелге ылдилап барды.
Chapter 9
II K Kaz 9:1  Еліше пайғамбарлар шәкірттерінің біреуін шақырып алып, оған былай деп тапсырды: «Жолға дайындалып, қолыңа бір құты май ал да, Ғилақадтағы Рамот қаласына бар.
II K Kaz 9:2  Сол жерде Німшидің немересі, Жосапаттың ұлы Ехуді тауып ал. Оны оңаша бір ішкі бөлмеге алып барып,
II K Kaz 9:3  құтыдағы майды басына құйып, оған былай де: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен сені Исраилдің үстінен патша етіп тағайындадым!» Бұдан кейін есікті ашып, еш кідірмей сол жерден жүгіріп кетіп қал!»
II K Kaz 9:4  Осылайша пайғамбардың жас қызметшісі Ғилақадтағы Рамотқа барды.
II K Kaz 9:5  Ол сонда жеткенде, әскердің бір жерде жиналып отырған қолбасшыларын көрді. Оларға жақындап барып:— Уа, қолбасшы, сізге айтар бір сөзім бар еді, — деді. Ехудің өзі одан:— Қайсымызға? — деп нақтылады. Пайғамбардың шәкірті:— Сізге, қолбасшы! — деді.
II K Kaz 9:6  Ол тұрып, екеуі үйге кірген соң пайғамбардың шәкірті қолындағы құтының майын Ехудің басына құйып тұрып былай деді:— Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен сені май жағу рәсімінен өткізіп өз халқым Исраилдің үстінен патша етіп тағайындадым!
II K Kaz 9:7  Сен енді қожайының Ахабтың әулетін жоюға тиіссің. Сол арқылы Мен оларды Езабелдің Маған қызмет еткен пайғамбарлардың және барлық басқа қызметшілерімнің қандарын төккені үшін жазалаймын.
II K Kaz 9:8  Осылай Ахабтың бүкіл әулеті құриды, Мен Исраилдегі Ахабтан тараған азат болсын, құл болсын, әрбір еркек кіндіктінің көзін құртамын.
II K Kaz 9:9  Сөйтіп Мен Ахабтың әулетін Набат ұлы Еробоғамның әрі Ахиях ұлы Бағасаның әулеттері сияқты етіп, олардан ешқандай із қалдырмаймын.
II K Kaz 9:10  Иттер Езабелдің мәйітін Ізрелдің жерінде жалмап жеп қоятын болады. Осылай оның мәйіті қабірге қойылмайды!Елішенің жіберген адамы мұны айтып болған соң есікті ашып, сол жерден жүгіріп кетіп қалды.
II K Kaz 9:11  Еху өзге басшыларға қайтып келгенде, біреуі:— Қалай, тыныштық па? Ана есуас жігіт саған неге келіпті? — деп сұрады. Ол:— Оның қандай адам екенін, сөздерінің сиқын өздерің де білесіңдер ғой! — деді.
II K Kaz 9:12  Бірақ олар:— Жоқ, мұның өтірік! Болған істі бүкпей айтсаңшы! — деп қоймады. Содан Еху оларға:— Ол маған былай деді: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен сені май жағу рәсімінен өткізіп Исраилдің үстінен патша етіп тағайындадым».
II K Kaz 9:13  Сонда олардың бәрі дереу шапандарын шешіп алып, оның алдындағы баспалдақтарға жайды да, керней тартқызып: «Еху патша жасасын!» — деп жар салды.
II K Kaz 9:14  Енді Німшидің немересі, Жосапаттың ұлы Еху Жорам патшаға қарсы астыртын сөз байласты. Жорам бүкіл Солтүстік Исраилдің әскерімен Ғилақадтағы Рамот қаласын Арама патшасы Хазаилден қорғап жатқан болатын.
II K Kaz 9:15  Бірақ шайқаста арамалықтар Жорамды жарақаттап, ол жарасынан емделіп айығуға Ізрел қаласына қайта оралған еді. Еху басқа қолбасшыларға: «Егер менімен шынында ниеттес болсаңдар, ешкімнің осы жерден сытылып шығып, Ізрелге хабар жеткізуіне жол бермеңдер!» — деген нұсқау берді.
II K Kaz 9:16  Содан Еху күймесіне мініп, Жорам тынығып жатқан Ізрел қаласына барды. Яһуда патшасы Охозиях Жорамның көңілін сұрап сонда келіп жатқан болатын.
II K Kaz 9:17  Еху жасақшыларымен Ізрелге жақындап қалғанда, қала мұнарасындағы бақылаушы оларды байқап: «Бір топ жасақшыны көріп тұрмын», — деп хабарлады. Жорам былай деп бұйырды: «Олардың алдынан бір салт аттыны жібер! Ол аманшылық па деп сұрап келсін!»
II K Kaz 9:18  Салт атты Ехудің алдынан шығып:— Патша: «Аманшылық па?» деп сұрап жатыр, — дегенде, Еху оған:— Аманшылық па, жоқ па, ол туралы неден қам жейсің? Одан да менің соңымнан ер! — деп әмір етті.Сонда бақылаушы: «Хабаршы оларға жетті, бірақ қайтпады!» — деп мәлімдеді.
II K Kaz 9:19  Жорам екінші бір хабаршыны жіберді, ол да Еху бастаған топқа келіп:— Патша «Аманшылық па?» деп сұрап жатыр, — дегенде, Еху оған:— Аманшылық па, жоқ па, ол туралы неден қам жейсің? Одан да менің соңымнан ер! — деп әмір етті.
II K Kaz 9:20  Енді бақылаушы:— Хабаршы оларға жетті, бірақ қайтпады! Алдыңғы күйменің жүрісі Німшидің немересі Ехудің күйме жүргізуіндей екен. Ол жынды сияқты зулатып айдайды, — деп мәлімдеді.
II K Kaz 9:21  Сонда Жорам:— Күймемді дайындаңдар! — деп бұйырды. Қызметшілері оның күймесін дайындап болған соң, Солтүстік Исраил патшасы Жорам мен Яһуда патшасы Охозиях әрқайсысы өз күймесіне мініп, Ехудің алдынан шығып, онымен ізрелдік Набутайдың мұралық жер үлесінің маңында ұшырасты.
II K Kaz 9:22  Жорам Ехуді көргенде, одан:— Аманшылық па, Еху? — деп сұрады. Сонда Еху:— Неткен аманшылық болсын?! Өз шешең Езабел әлі де (Жаратқан Иеге) опасыздық жасап жалған тәңірлерге табынып, сиқырлықпен молынан айналысуда емес пе?! — деп жауап қайтарды.
II K Kaz 9:23  Осыны ести салысымен, Жорам кері бұрылып, Охозияхқа: «Охозиях, бұл — сатқындық!» — деп айқайлап, қаша жөнелді.
II K Kaz 9:24  Ал Еху садағын бар күшімен тартып, Жорамның екі жауырынының арасын көздеп, атып жіберді. Жебе ұшып барып, оның жүрегіне дәл тиді де, Жорам күймесінің ішіне құлай кетті.
II K Kaz 9:25  Сонда Еху өзінің жеке қызметшісі Бидықарға былай деп әмір етті: «Жорамды көтеріп алып, ізрелдік Набутайдың мұралық жер үлесіне лақтырып кет! Есіңде ме, екеуіміз бірде оның әкесі Ахабқа ілесіп күйме ішінде келе жатқан едік. Сонда Жаратқан Ие (өзінің пайғамбары арқылы) Ахабқа мынадай хабарын жеткізді:
II K Kaz 9:26  Жаратқан Ие мынаны айтады: Набутай мен оның ұлдарының кеше төгілген қандары Менің назарымнан тыс қалған жоқ! Сол ісіңнің есесін саған дәл осы мұралық жер үлесінде қайтаратын боламын! Сондықтан Жаратқан Иенің сөзіне сай Жорамның өлігін алып, осы мұралық жер үлесіне лақтырып кет!»
II K Kaz 9:27  Яһуда патшасы Охозиях осыны көргенде, күймесін бұрып, бақ ішіндегі сарайға апаратын жолға түсіп, қаша жөнелді. Еху оның соңынан қуып: «Оны да өлтіріңдер!» — деп айқай салды. Мергендер Ибеламның маңындағы Ғұрға көтерілетін жол бойында Охозияхты күймесінде отырған жерінде садақпен атып ауыр жарақаттады. Ол Мегидо қаласына қашып барып, сол жерде қайтыс болды.
II K Kaz 9:28  Охозияхтың нөкерлері оның мәйітін күймемен Иерусалимге алып барып, сол жерде ата-бабаларының жанына Дәуіттің шаһарындағы қабіріне қойды.
II K Kaz 9:29  Охозиях Ахаб ұлы Жорамның патшалық құрған он бірінші жылы Яһуданың патшасы болып тағайындалған еді.
II K Kaz 9:30  Бұдан кейін Еху Ізрел қаласына барды. Езабел бұл туралы естіп, көздерін бояп, шашын сәндеп түйіп алып, терезеден сыртқа қарады.
II K Kaz 9:31  Еху қақпадан кіргенде, Езабел оған дауыстап: «Ниетің бейбіт пе? Әй, Зімри іспетті өз қожайынын өлтіруші!» — деді.
II K Kaz 9:32  Еху терезеге қарай жоғары қарап айқайлап: «Менің жағымда кім бар? Қайсыларың? — дегенде, терезеден екі-үш сарай қызметкері көрінді.
II K Kaz 9:33  Еху оларға: — Ана әйелді төменге лақтырыңдар!» — деп әмір етті. Олар Езабелді терезеден жерге лақтырып жіберді. Сонда оның қаны қабырға мен аттарға шашырап, сол аттар оның денесін таптап тастады.
II K Kaz 9:34  Бұдан кейін Еху сарайға кіріп, ішіп-жеді. Содан жасақшыларына: «Енді ана қарғыс атқан әйелдің мәйітін алып, қабірге қойыңдар! Ол патшаның қызы ғой!» — деп тапсырды.
II K Kaz 9:35  Жасақшылар мәйітті қабірге қою үшін барды. Ал олардың бар тапқандары тек оның бас сүйегі әрі аяқ-қолдарының бастары ғана болды.
II K Kaz 9:36  Олар қайтып келіп, Ехуге жағдайды мәлімдегенде ол былай деді: «Осылай Жаратқан Иенің Өзінің қызметшісі тішбелік Ілияс арқылы айтқан мына сөзі орындалды: Ізрелдің маңында иттер Езабелдің тәнін жалмайды!
II K Kaz 9:37  Иә, Езабелдің мәйіті Ізрелдің жерінде даладағы қи сияқты шашылып қалады. Осылайша ешкім де: «Мынау — Езабел» деп айта алмайтын болады!»
Chapter 10
II K Kaz 10:1  Самария қаласында Ахабтан тараған тағы жетпіс ұрпағы тұрып жатты. Сол себепті Еху хат жазып, оны Самарияға, Ізрел қаласының басшылары мен беделді ақсақалдарына және Ахабтың ұрпақтарының қамқоршыларына жіберді. Хаттың мазмұны мынау болды:
II K Kaz 10:2  «Сіздерде патшаның ұлдары, соғыс күймелері, аттар, бекітілген қала, қару-жарақ бар. Ендеше осы хат сіздерге жете салысымен
II K Kaz 10:3  патшаның ұлдарының ішіндегі ең жақсы да, лайықты дегенін таңдап алып, оны әкесінің тағына отырғызып, патша етіп тағайындаңыздар! Содан кейін патшаларыңыздың әулетін қорғап шайқасыңыздар!»
II K Kaz 10:4  Бірақ сол адамдар қатты үрейленіп: «Ехуге екі бірдей патша төтеп бере алмағанда, бізде оған төтеп беретін қандай қауқар бар?» — десті.
II K Kaz 10:5  Сол себепті патша сарайының басқарушысы, қаланың әкімі, беделді ақсақалдар және қала басшылары барлығы бірге Ехуге: «Біз сіздің құлдарыңызбыз, бізге не бұйырсаңыз, соны орындаймыз. Ешкімді патша етіп қоймаймыз. Нені дұрыс деп тапқаныңызды істей беріңіз!» деген хат жіберді.
II K Kaz 10:6  Еху оларға екінші хатын жазып, онда былай деді: «Егер сендер маған бағынатын болсаңдар, онда ертең осы уақытта маған Ізрелге Ахабтың ұлдарының бастарын алып келіңдер!»Ал Ахабтың ұлдары, барлығы жетпіс адам, сол қаланың беделді адамдарының жанында әрі солардың қамқорлығында болатын.
II K Kaz 10:7  Хат оларға жеткенде, қаланың басшылары Ахабтың жетпіс ұлының бәрін де өлтіріп, бастарын себеттерге салып, Ізрелдегі Ехуге жіберді.
II K Kaz 10:8  Хабаршы келіп, Ехуге: «Патшаның ұрпақтарының бастарын алып келген адамдар жетті!» — дегенде, ол: «Қақпаның алдында оларды екі төбешік қылып үйіп, таң атқанша қалдыра тұрыңдар!» — деп бұйырды.
II K Kaz 10:9  Келесі күні таңертең Еху халықтың алдына шығып, былай деді:— Бұрынғы патшаға қарсы қастандық ұйымдастырып, оны өлтірген менмін. Сендердің жазықтарың жоқ. Бірақ мыналардың барлығын өлтірген кім болды екен?
II K Kaz 10:10  Сондықтан Жаратқан Иенің Ахабтың әулеті туралы алдын ала айтқан сөздерінің ешқайсысының орындалмай қалмайтынын біліп қойыңдар! Себебі Жаратқан Ие Өзінің қызметшісі Ілияс арқылы айтқандарын қазір жүзеге асырып отыр!
II K Kaz 10:11  Мұнан кейін Еху Ахабтың әулетіне жататын Ізрелдегі барлық адамдарды өлтірді. Солармен бірге Еху Ахабтың күллі нөкерлерін, дос-жарандары мен діни қызметкерлерін де өлімге бұйырды. Осылай Ахабпен байланысы болған бірде-бір тірі жан қалмады.
II K Kaz 10:12  Содан соң Еху Ізрелден Самария қаласына аттанды. Жолшыбай кетіп бара жатып, ол «Шопандар қосы» атты жерге жетіп, сонда аялдады.
II K Kaz 10:13  Сол жерде Еху Яһуда елінің патшасы Охозияхтың біраз туыстарын кездестірді. Олардан:— Сіздер кімсіздер? — деп сұрағанда, олар:— Біз Охозияхтың туыстарымыз. (Ахаб) патша мен (Езабел) патшайымның әулетінің хал-жағдайын біліп қайтуға бара жатырмыз! — деді.
II K Kaz 10:14  Сонда Еху өзінің жасақшыларына:— Мыналарды тірідей ұстап алыңдар! — деп әмір етті. Жасақшылар оларды ұстап алды да, қырық екі адамның барлығын бірде-біреуін тірі қалдырмай сол «Шопандар қосындағы» құдықтың маңында өлтіріп тастады.
II K Kaz 10:15  Еху сол жерден сапарын әрі жалғастырып бара жатқанда, алдынан (діни қызметкер) Рехап ұлы Жонадаб шықты. Еху онымен амандасып, оған:— Мен сіздің мақсатыңызды шын жүректен қолдаймын. Сіз де мені шын жүректен қолдайсыз ба? — деген сұрақ қойды. Жонадаб оған:— Иә, қолдаймын, — деп жауап бергенде, Еху:— Шынымен солай болса, онда маған қолыңызды беріңіз! — деді. Жонадаб оған қолын ұсынғанда, Еху оны өзінің күймесіне мінгізіп алды да,
II K Kaz 10:16  Жонадабқа былай деді:— Менімен бірге жүріп, Жаратқан Иеге қандай ынтамен қызмет етіп жүргеніме көзіңізді жеткізіңіз! — Содан екеуі Ехудің күймесінде бірге кетті.
II K Kaz 10:17  Еху Самарияға жеткенде, (сол қалада тұратын, Жаратқан Иеге опасыздық жасап күнәға батқан) Ахабқа қандай да бір байланысы барлардың бәрін жаппай қырып-жойды. Осылайша Жаратқан Иенің Ілияс пайғамбар арқылы айтқан сөзі жүзеге асты.
II K Kaz 10:18  Бұл кезде Еху қаладағы халықтың барлығын жинап алып, оларға тіл қатып былай деді: «Ахаб Бағалға азғантай ғана құлшылық еткен болатын, ал мен, Еху, Бағалға одан көп құлшылық ететін боламын!
II K Kaz 10:19  Енді сол үшін Бағалдың барлық пайғамбарларын, оған табынушылардың бәрін және Бағалдың бүкіл діни қызметкерлерін қасыма шақырып алып келіңдер! Ешкім де келмей қалмасын! Мен Бағалға бағыштап көптеп құрбандықтар ұсынбақпын. Кімде-кім келмей қалса, сол өлімге кесілетін болады!» — Бірақ Еху мұны Бағалға табынушылардың барлығын құрту үшін қулықпен істеп отырған еді.
II K Kaz 10:20  Содан Еху: «Бағалға бағышталған салтанатты жиналысты белгілеңдер!» — деп бұйырды. Осылай жиналыс жарияланды.
II K Kaz 10:21  Еху бүкіл Исраил бойынша жаршыларын жіберіп, Бағалға құлшылық етушілердің барлығы бас қосып, келмей қалған ешкім де болмады. Олардың бәрі Бағалдың ғибадатханасына жиналып, оны лық толтырды.
II K Kaz 10:22  Содан соң Еху киім қоймасының басқарушысына: «Бағалдың діни қызметкерлері үшін арнайы шапандарын алып кел!» — деп тапсырды. Басқарушы шапандарды қоймадан шығарып, үлестіріп бергеннен кейін,
II K Kaz 10:23  Еху Рехап ұлы Жонадабпен бірге Бағалдың ғибадатханасына кіріп, онда табынуға келгендерге: «Қазір араларыңда Жаратқан Иеге қызмет ететін ешкім жоқ па екен, соны тексеріп қарап шығыңдар! Бұл жерде тек Бағалға құлшылық етушілер ғана болсын!» — деп бұйырды.
II K Kaz 10:24  Содан соң олар құрбандық шалып, түгелдей өртелетін құрбандықтар ұсынуға ғибадатханаға кірді. Еху ғимараттың айналасында өзінің сексен адамын қойып, оларға былай деп қатаң ескертіп қойған болатын: «Мен сендердің қолдарыңа тапсырған осы адамдардың бірде-біреуі қашып кететін болса, сол үшін өз жандарыңнан айырыласыңдар: жанға жан болады!»
II K Kaz 10:25  Түгелдей өртелетін құрбандық ұсынуды бітіре салысымен, Еху сақшыларға және өзінің жасақшыларына: «Енді ішке кіріп, ондағылардың барлығын өлтіріңдер! Бірде-біреуінің қашып кетуіне жол бермеңдер!» — деп бұйырды. Сонда олар жиналғандарды семсермен өлтіріп, өлі денелерін сыртқа лақтырды. Бұдан кейін жалған тәңір Бағалдың ғибадатханасының ішкі бөлмесіне кіріп,
II K Kaz 10:26  Бағалға бағышталған бағананы сыртқа алып шығып, өртеп жіберді.
II K Kaz 10:27  Содан олар Бағалдың тас бағанасын сындырып, оған бағышталған бүкіл ғибадатхананы қиратып тастады. Оның орнын әжетханаға айналдырып, ол күні бүгінге дейін солай қолданылып келеді.
II K Kaz 10:28  Осылайша Еху Исраилден Бағалға табынушылықты түп-тамырымен жойды.
II K Kaz 10:29  Әйтсе де Еху Набат ұлы Еробоғамның Исраил халқын азғырған күнәларынан бас тартпай, Бетел мен Данда орнатылған алтын жас бұқа мүсіндеріне табына берді.
II K Kaz 10:30  Ал Жаратқан Ие Ехуге: «Ахабтың әулетіне Менің саған тапсырғандарымның барлығын істеп жақсы еттің. Сол үшін өзіңнен кейінгі төрт ұрпағың (Солтүстік) Исраилде патшалық құратын болады!» — деп уәде берді.
II K Kaz 10:31  Бірақ Еху Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің Таурат заңының жолымен жүруге шын жүректен ұмтылған жоқ. Қайта, ол Еробоғамның Исраил халқын азғырған күнәларынан бас тартпады.
II K Kaz 10:32  Сол кездерден бастап Жаратқан Ие Солтүстік Исраилдің жер көлемін қысқарта бастады. (Арамалық) Хазаил патша Солтүстік Исраилге оның бүкіл елі бойынша соққы беріп жүрді.
II K Kaz 10:33  Осылай Хазаил Иордан өзенінің шығысындағы Ғад, Рубен, Манаса руларының барлық жерлерін: оңтүстіктегі Арнон өзенінің бойындағы Арогер қаласынан бергі жерді әрі Ғилақад пен Башан аймақтарын түгелімен тартып алды.
II K Kaz 10:34  Ал Ехудің қалған барлық іс-әрекеттері мен қажыр-қайраты туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 10:35  Еху көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Самариядағы қабірге қойылды. Оның ұлы Жоғахаз орнын басып патша болды.
II K Kaz 10:36  Еху Самарияда Солтүстік Исраилге жиырма сегіз жыл бойы патшалық құрған еді.
Chapter 11
II K Kaz 11:1  Шешесі Аталия өз ұлы Охозияхтың өлгені туралы білген соң, Яһуда елінің патша тұқымына жататын барлық басқаларын да өлтіруге әрекеттенді.
II K Kaz 11:2  Алайда Ехосабет Охозияхтың кенже ұлы Жоғасты өлімге бұйырылған патшазадалардың арасынан ұрлап алып кетті, әрі бөбекті оның бағушы әйелімен бірге бір ұйықтайтын бөлмеге жасырып қойды. Ехосабет Жорам патшаның қызы, Охозияхтың туған әпкесі болатын. Осылай Ехосабет немере інісі Жоғасты Аталиядан сақтап, өлімнен аман алып қалды.
II K Kaz 11:3  Аталия Яһуда еліне билік жүргізген алты жыл бойы патшазада Жоғас Ехосабеттің қасында Жаратқан Иенің ғибадатханасында жасырынып қала берді.
II K Kaz 11:4  Ал жетінші жылы діни қызметкер Еходай патшаның қарилық ұландары мен сақшылардың жүзбасыларын Жаратқан Иенің киелі үйіне шақырып алды. Еходай сол жерде олармен келісім жасап, оларға Жаратқан Иеге адал болуға ант бергізді. Содан оларға патшаның ұлын көрсетіп,
II K Kaz 11:5  мынадай нұсқау берді: «Енді мынаны істеулерің қажет: Діни демалыс күні қызметке келетін сендердің үштен бірің патша сарайын күзетіңдер!
II K Kaz 11:6  Келесі үштен бірің Сур қақпасында күзетте тұрыңдар! Ал соңғы үштен бірің қақпаның маңында басқа сақшылардың артында тұратын болсын! Осылай барлық үш тобың да сарайды қырағы бақылайсыңдар!
II K Kaz 11:7  Ал сол күні кезекті қызметтен қайтатын екі топ, сендердің барлығың Жаратқан Иенің киелі үйін патша үшін күзететін болыңдар!
II K Kaz 11:8  Сендер қаруларыңды қолдарыңа ұстап алып, патшаны айналдыра қоршап тұрыңдар! Кімде-кім сендердің қатарларыңа жақындап келсе, соның көзін құртыңдар! Патша қайда бармасын, сендер де оның жанында болып бірге барыңдар!»
II K Kaz 11:9  Жүзбасылар діни қызметкер Еходайдың нұсқауларын түгелдей орындады. Олар діни демалыс күні қол астындағы адамдарының барлығын: қызметтерін сол күні бастайтындарын да, аяқтайтындарын да Еходайға ертіп алып келді.
II K Kaz 11:10  Еходай жүзбасыларға ежелде Дәуіт патшанікі болған, содан бері Жаратқан Иенің ғибадатханасында сақталып келе жатқан сүңгілер мен қалқандарды үлестіріп берді.
II K Kaz 11:11  Қолдарына қаруларын ұстаған ұландар патшаны айналдыра қоршап алып, киелі үйдің оң жағынан сол жағына және құрбандық үстеліне дейін шеп құрып тұрды.
II K Kaz 11:12  Содан соң Еходай патшазада Жоғасты сыртқа алып шығып, басына тәж кигізіп, қолына Келісімнің айғағын ұстатты. Діни қызметкерлер Жоғасқа май жағу рәсімін орындап, оны патша етіп жариялады. Барлығы қолдарын шапалақтап, «Патша жасасын!» — деп ұрандап айқай салды.
II K Kaz 11:13  Ұландар мен халықтың ұрандаған айқайын Аталия да естіді. Содан ол мән-жайды білу үшін халық жиналып тұрған Жаратқан Иенің ғибадатханасына қарай жөнелді.
II K Kaz 11:14  Қараса, жас патшаның дәстүрге сай киелі үйдің кіреберісіндегі бағананың жанында тұрғанын көрді. Оның қасында басшылар мен кернейшілер тұр екен. Бүкіл елден жиналған халық шаттана айқайлап, керней тартып жатты. Аталия қатты ашуланып, көйлегінің өңірін айыра жыртып: «Қастандық, қастандық!» — деп айқайлап жіберді.
II K Kaz 11:15  Діни қызметкер Еходай сақшылардың жүзбасыларына: «Оны сақшылар қатарларының арасымен алып шығыңдар! Егер әлдебіреу оған еретін болса, соның көзін құртыңдар! — деп бұйырды. Сондай-ақ: — Оны Жаратқан Иенің киелі үйінде өлтірмеңдер!» — деп те қосты.
II K Kaz 11:16  Сақшылар Аталияны ұстап алып, патша сарайының ауласына аттар кіретін қақпаға әкетіп, сол жерде көзін құртты.
II K Kaz 11:17  Діни қызметкер Еходай патшаға әрі халыққа Жаратқан Иемен «Біз Жаратқан Иенің халқы боламыз» деген Келісім жасатты. Сонымен қатар ол патша мен халықтың арасында да өзара келісім жасатты.
II K Kaz 11:18  Содан елдің бүкіл халқы Бағал атты жалған тәңірге арналған ғибадатханаға барып, оны қиратты. Олар ондағы құрбандық үстелдері мен тәңір мүсіндерін талқандап, сол құрбандық үстелдерінің алдында Бағалдың абызы Маттанның көзін құртты.Содан кейін діни қызметкер Еходай Жаратқан Иенің киелі үйіне бақылау орнатты.
II K Kaz 11:19  Ол өзімен бірге жүзбасыларын, қарилық ұландарын, сақшыларды және бүкіл елдің халқын ілестіріп, патшаны Жаратқан Иенің киелі үйінен алып шығып, барлығы Сақшылар қақпасынан өтіп, патша сарайына кірді. Сол жерде Жоғас патша тағына отырды.
II K Kaz 11:20  Елдің күллі халқы бұған шат-шадыман болып қуанды. Аталия сарайдың маңында семсермен өлтірілгеннен кейін қала сабасына түсіп тыншыды.
II K Kaz 11:21  Жоғас патша болған кезде жасы жетіде еді.
Chapter 12
II K Kaz 12:1  (Солтүстік Исраилге) Еху патшалық құрған жетінші жылы Жоғас Яһуда елінің патшасы болды. Ол Иерусалимде қырық жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні бер-шебалық Сибия еді.
II K Kaz 12:2  Діни қызметкер Еходай оған тәлім беріп жүрген уақыттың барлығында Жоғас Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді.
II K Kaz 12:3  Тек биіктеу жерлердегі табыну орындары алынып тасталмады. Халық сол жерлерде құрбандық шалып, өртеп, хош иісті заттарды түтетіп ұсынуларын жалғастыра берді.
II K Kaz 12:4  Бірде Жоғас діни қызметкерлерге былай деп тапсырды: «Адамдар Жаратқан Иенің киелі үйіне сый-тарту ретінде алып келген барлық күмісті жинаңдар! Ол санақта берілетін жан басы салығы әрі жеке адамдардың уәде еткен не ерікті түрде берген сый-тартулары бола алады.
II K Kaz 12:5  Әрбір діни қызметкер адамдардың өзіне алып келген күмісін қабылдасын; соны ғибадатхананың жөнделуге қажетті жерлерін нығайтып қалпына келтіруге жұмсаңдар!»
II K Kaz 12:6  Алайда Жоғас патшаның билік құрған жиырма үшінші жылы діни қызметкерлер ғибадатхананың қабырғаларының жарылған жерлерін әлі де жөндемеген болатын.
II K Kaz 12:7  Содан Жоғас патша діни қызметкер Еходайды және басқа да діни қызметкерлерді шақырып алып: «Ғибадатхананы неге жөндемей жатырсыңдар? Бұдан былай сый-тартуға әкелінген күмісті өз қажеттерің үшін еш алушы болмаңдар! Енді оларды киелі үйді қалпына келтіру үшін қолдануға беріңдер!» — деп бұйырды.
II K Kaz 12:8  Сонда діни қызметкерлер халықтан енді қайтып күміс алмауды әрі ғибадатхананы өздері жөндемеуді ұйғарды.
II K Kaz 12:9  Діни қызметкер Еходай бір жәшікті алып, оның үстіңгі жағында тесік жасап, жәшікті Жаратқан Иенің киелі үйіндегі құрбандық үстелінің қасына, ғибадатханаға кіреберістің оң жағына қойды. Кіреберісті күзететін діни қызметкерлер Жаратқан Иенің киелі үйіне әкелінген барлық күмісті сол жәшікке салатын болды.
II K Kaz 12:10  Жәшікте көп күміс жиналып қалған әр кез сайын патшаның хатшысы және бас діни қызметкер келіп, Жаратқан Иенің үйіне әкелінген сол күмісті арнайы қапшықтарға салып, таразыға тартып өлшейтін.
II K Kaz 12:11  Күміс есептеліп болғаннан кейін, олар оны Жаратқан Иенің киелі үйіндегі жөндеу жұмыстарын басқарушыларға тапсыратын. Басқарушылар сол күмісті ғибадатханада жұмыс жасайтын ағаш ұсталарына, құрылысшыларға,
II K Kaz 12:12  тас қашаушылар мен қалаушыларға беретін. Бұлар күмісті киелі үйдегі жөндеу жұмыстары үшін бөренелер мен қашалған тастар және тағы басқа да керекті заттарды сатып алу үшін жұмсайтын.
II K Kaz 12:13  Осы әкелінген күмістен Жаратқан Иенің киелі үйінде қолданылатын бірде-бір күміс кесе, білте түзеткіш, тостаған, керней не басқа да алтын, күміс бұйымдар жасалмады.
II K Kaz 12:14  Күмістің барлығы жұмысшыларға беріліп, Жаратқан Иенің киелі үйін жөндеуге жұмсалатын.
II K Kaz 12:15  Жұмысшыларға күмісті тапсырған қызметкерлерден айрықша есеп талап етілмейтін, өйткені олар мұны адал атқаратын.
II K Kaz 12:16  Ал айыпты өтейтін және күнәнің құнын өтейтін құрбандықтармен бірге ұсынылатын күміс Жаратқан Иенің киелі үйінің ішіне кіргізілмейтін. Ол діни қызметкерлердің өздеріне арналған.
II K Kaz 12:17  Сол кезде Арама патшасы Хазаил Ғат қаласына қарсы аттанып, шабуыл жасап, оны басып алды. Бұдан кейін ол Иерусалимге өрлеп аттанып, оған да шабуыл жасамақ болды.
II K Kaz 12:18  Бірақ Яһуда елінің патшасы Жоғас өзінің ата-бабалары — Яһуданың бұрынғы патшалары Жосапат, Жорам және Охозияхтың Жаратқан Иеге бағыштаған барлық құнды сый-тартуларын, өзінің де Оған бағыштаған тартуларын жинап алды. Оларды Жаратқан Иенің киелі үйінің және патша сарайының қазыналарындағы барлық алтындарымен бірге Хазаил патшаға беріп жіберді. Сонда Хазаил Иерусалимге шабуыл жасаудан бас тартып, кері қайтты.
II K Kaz 12:19  Жоғастың қалған барлық іс-әрекеттері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 12:20  Ал Жоғастың қызметкерлері оған қарсы астыртын сөз байласып, патшаны Силлаға апаратын еңісті жолмен кетіп бара жатқан жерінде Бет-Миллоның маңында өлтіріп тастады.
II K Kaz 12:21  Мұны істеген қызметкерлер Шимеяттың ұлы Жозақар және Шомер ұлы Ехозабад болды. Жоғастың мәйіті ата-бабаларының жанына Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Амасиях орнын басып патша болды.
Chapter 13
II K Kaz 13:1  Яһуда еліне Охозияхтың ұлы Жоғас патшалық құрған жиырма үшінші жылы Еху ұлы Жоғахаз Самарияда Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Ол он жеті жыл бойы билік жүргізді.
II K Kaz 13:2  Жоғахаз Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, Набат ұлы Еробоғамның Солтүстік Исраилдің халқын азғырған күнәларына еліктеп, соларды жасаудан ешқашан бас тартқан жоқ.
II K Kaz 13:3  Сол себепті Жаратқан Иенің қаһары Солтүстік Исраилге қарсы лап етті. Ол елді ұзақ уақыт бойы Арама патшасы Хазаилден және оның ұлы Бен-Хададтан жеңіле беретін етті.
II K Kaz 13:4  Сонда Жоғахаз патша Жаратқан Иенің рақым етуін жалбарына сұрап сиынды. Жаратқан Ие оған құлақ асты, өйткені Ол Арама патшасының Солтүстік Исраилді аяусыз қанай бергенін көрген болатын.
II K Kaz 13:5  Сондықтан Жаратқан Ие Солтүстік Исраилге бір құтқарушыны жіберді. Соның бастауымен исраилдіктер Араманың бұғауынан босап, қайтадан өз үйлерінде қауіпсіз тұратын болды.
II K Kaz 13:6  Әйтсе де олар Еробоғам әулетінің Исраилге енгізіп кеткен күнәларынан бас тартпай, соларын жалғастыра берді. Самария қаласында жалған тәңір Ашераға арнап орнатылған ағаш бағана да сол күйі тұра берді.
II K Kaz 13:7  Ақырында Жоғахаздың әскерінен бар болғаны елу салт атты, он соғыс күймесі және он мың жаяу жасақшысы ғана қалды. Себебі басқа жауынгердің бәрін Араманың патшасы қырып-жойып, табанымен таптағандай талқандаған еді.
II K Kaz 13:8  Жоғахаздың қалған барлық іс-әрекеттері мен қажыр-қайраты туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 13:9  Жоғахаз көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Самария қаласындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Жоғас орнын басып патша болды.
II K Kaz 13:10  Яһуда еліне (Охозиях ұлы) Жоғас патшалық құрған отыз жетінші жылы Жоғахаз ұлы Жоғас Самария қаласында Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Ол он алты жыл бойы билік жүргізді.
II K Kaz 13:11  Жоғахаз ұлы Жоғас Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, Набат ұлы Еробоғамның Солтүстік Исраилдің халқын азғырған күнәларының бірде-біреуінен бас тартпай, оларды жасауын жалғастыра берді.
II K Kaz 13:12  Жоғастың қалған барлық іс-әрекеттері және оның Яһуда патшасы Амасияхқа қарсы қажыр-қайратпен жүргізген соғысы туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 13:13  Жоғас көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, (оның ұлы) Еробоғам тағына отырып патша болды. Жоғастың мәйіті Самарияда Солтүстік Исраил патшаларының жанына қабірге қойылды.
II K Kaz 13:14  Еліше пайғамбар ауырып хал үстінде жатқанда, көңілін сұрай келген Солтүстік Исраилдің патшасы Жоғас көзіне жас алып:— Әкем-ау, әкем! Исраилді қорғаушы әрі жетелеуші! — деп қайғырды.
II K Kaz 13:15  Ал Еліше оған:— Қолыңа садақ пен жебелер ал! — деп нұсқады. Патша оларды қолына алғанда
II K Kaz 13:16  Еліше оған: — Ал енді, атуға дайындалып, садағыңды тарт! — деп тапсырды. Ол садағын тартып жатқан кезде Еліше өзінің қолдарын патшаның қолдарының үстіне қойды.
II K Kaz 13:17  Еліше: «Шығысқа қарап тұрған терезені аш!» — деп бұйырды. Патша оны ашқанда, Еліше: «Енді ат!» — деді. Сонда Жоғас атып жіберді. Пайғамбар: «Бұл жебе Жаратқан Иенің жеңіс сыйлайтынын әрі елді Арамадан құтқаратынын бейнелейді! Сен арамалықтарды Әфектің маңында толығымен талқандайсың!» — деп түсіндірді.
II K Kaz 13:18  Содан соң ол тағы да: «Жебелерді ал!» — дегенде, патша жебелерді алды. Еліше оған: «Солармен жерді соққыла!» — деп тапсырды. Ол жерді үш рет соқты да, тоқтай қалды.
II K Kaz 13:19  Құдайдың пайғамбары бұған ашуланып: «Сен жерді бес немесе алты рет соғуың қажет еді! Сонда Арамаға соққы бергенде, оны толығымен талқандаған болар едің. Бірақ сен енді Арамаға тек үш рет қана соққы беретін боласың», — деді.
II K Kaz 13:20  Бұдан кейін Еліше қайтыс болып, қабірге қойылды.Сол кездері моабтықтардың жасақшылар топтары жыл сайын көктем кезінде елге баса-көктеп кіріп жүретін еді.
II K Kaz 13:21  Бір күні біреуді қабірге қойып жатқан исраилдіктер осындай тонаушы топты байқап қалды. Олар адамның мәйітін тездетіп Елішенің қабіріне лақтыра салып, қаша жөнелді. Сонда Елішенің сүйектерімен жанасқан мәйітке жан бітіп, адам қайта тіріліп, аяғына тік тұрды.
II K Kaz 13:22  Солтүстік Исраилге Жоғахаз патшалық құрған барлық кезде Арама патшасы Хазаил елге зорлық-зомбылық көрсеткен болатын.
II K Kaz 13:23  Ал Жаратқан Ие исраилдіктерге рақымды да шапағатты болып Ыбырайым, Ысқақ, Жақыппен жасаған Келісіміне бола оларға мейірімімен назарын аударды. Жаратқан Ие бүгінгі күнге дейін оларды не құртқысы, не Өзінің алдынан аластатқысы да келмейді.
II K Kaz 13:24  Арама патшасы Хазаил қайтыс болып, оның ұлы Бен-Хадад орнына патша болды.
II K Kaz 13:25  Хазаил кезінде Жоғастың әкесінен тартып алған қалаларды Жоғас енді Бен-Хададтан өз билігіне кері қайтарып алды. Себебі Жоғас Бен-Хададты үш рет жеңіп шығып, сол исраилдік қалаларды еліне қайтадан қосты.
Chapter 14
II K Kaz 14:1  Солтүстік Исраилге Жоғахаз ұлы Жоғастың патшалық құрған екінші жылы Жоғас ұлы Амасиях Яһуда елінің патшасы болды.
II K Kaz 14:2  Сол кезде оның жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде жиырма тоғыз жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні иерусалимдік Ехоғадан еді.
II K Kaz 14:3  Амасиях Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істесе де, оның іс-әрекеттері түп атасы Дәуіттікіндей болмады. Қайта, Амасиях барлық жағынан әкесі Жоғастың үлгісімен жүрді.
II K Kaz 14:4  Биіктеу жерлердегі табыну орындары қиратылып тасталмады. Халық сол орындарда құрбандық шалып, өртеп, хош иісті зат түтетіп ұсынуларын жалғастыра берді.
II K Kaz 14:5  Өзінің патшалық билігі берік орнатылғаннан кейін, Амасиях әкесі Жоғас патшаны өлтірген нөкерлерді өлімге кесті.
II K Kaz 14:6  Бірақ сол қылмыскерлердің балаларын өлтірткен жоқ. Амасиях мұны Жаратқан Иенің Мұса арқылы тапсырған Таурат заңы кітабында берген мына бұйрығына сай істеді: «Не балаларының істері үшін әкелерін, не әкелерінің істері үшін балаларын өлімге кесуге болмайды. Әркім тек өз қылмысы үшін ғана өлімге кесіледі».
II K Kaz 14:7  Амасиях Тұзды аңғарда он мың едомдыққа соққы беріп, (елдің астанасы) Селаны басып алып, оған Жоқтеил деген ат берді. Осы қала қазір де солай аталады.
II K Kaz 14:8  Мұнан кейін Амасиях Солтүстік Исраилдің патшасы Жоғасқа елшілерін жіберді. Осы Жоғас Ехудің немересі, Жоғахаздың ұлы еді. Амасиях оған:— Кел, бетпе-бет соғысайық! — деген шақыруын жолдады.
II K Kaz 14:9  Ал Солтүстік Исраилдің патшасы Амасияхқа мынадай (мысалды келтіріп) жауап қайтарды:— Бірде Ливан тауларында өсіп тұрған бір аласа тікенді бұта Ливандағы зәулім самырсын ағашына: «Қызыңды менің ұлыма бер!» деген екен. Бірақ сол тікенді бұтаның жанынан бір ливандық аң өтіп бара жатып, оны басып, жаншып тастапты.
II K Kaz 14:10  Сен шынында да Едомды жеңдің, енді содан өркөкіректеніп кетіпсің. Мақтансаң, сарайыңда қалып, мақтана бер. Басыңа пәле іздеп, не қыласың?! Әйтпесе Яһудаңмен қоса құрып кетерсің!
II K Kaz 14:11  Бірақ Амасиях оның сақтандыруын тыңдамай қойды. Содан Солтүстік Исраилдің патшасы өзінің әскерін ертіп Амасияхқа қарсы өрлеп барды. Екеуінің арасындағы шайқас Яһуда жеріндегі Бет-Шәміш қаласының маңында болды.
II K Kaz 14:12  Яһуда әскері Солтүстік Исраилден жеңіліп, барлық жасақшылары үйлеріне қашып кетті.
II K Kaz 14:13  Жоғас патша Бет-Шәміште Яһуда елінің патшасы Амасияхты қолға түсіріп, оның астанасы Иерусалимге аттанды. Жоғас қала қамалы қабырғасының Ефрем және Бұрыш қақпаларының арасындағы үлкен бөлігін құлатып тастады. Сол бөліктің ұзындығы шамамен төрт жүз шынтақ болатын.
II K Kaz 14:14  Жоғас, сондай-ақ, Жаратқан Иенің киелі үйінен және патша сарайының қазына қоймаларынан тапқан алтын-күмісін және арнайы құрал-жабдықтарының бәрін тонады, әрі кепілдікке адамдар алып, Самарияға қайтып кетті.
II K Kaz 14:15  Жоғастың қалған іс-әрекеттері мен қажыр-қайраты және Яһуда патшасы Амасияхпен жүргізген соғысы туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 14:16  Жоғас көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Солтүстік Исраил патшаларының жанына қабірге қойылды. Оның ұлы Еробоғам орнын басып патша болды.
II K Kaz 14:17  Солтүстік Исраилдің патшасы Жоғахаз ұлы Жоғас қайтыс болғаннан кейін, Яһуда елінің патшасы Амасиях тағы он бес жыл өмір сүрді.
II K Kaz 14:18  Амасияхтың қалған іс-әрекеттері «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 14:19  Патшаның дұшпандары Иерусалимде оған қарсы астыртын сөз байласты. Содан патша Лахышқа қашып кетті. Бірақ олар артынан адам жіберіп, Амасияхты сол қалада өлтіртті.
II K Kaz 14:20  Оның мәйіті атқа артылып Иерусалимге әкелініп, ата-бабаларының жанына Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды.
II K Kaz 14:21  Яһуданың бүкіл халқы он алты жасар Ұзияхты әкесі Амасияхтың орнына патша етіп тағайындады.
II K Kaz 14:22  Әкесі көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгеннен кейін, Ұзиях (Қызыл теңіздің шығанағындағы) кеме тоқтайтын Елат қаласын қайтадан салғызып, Яһуда еліне қосты.
II K Kaz 14:23  Яһуда еліне Жоғас ұлы Амасиях патшалық құрған он бесінші жылы Жоғас ұлы Еробоғам Самария қаласында Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Ол қырық бір жыл бойы билік жүргізді.
II K Kaz 14:24  Еробоғам Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, ежелде Набат ұлы Еробоғамның Солтүстік Исраилдің халқын азғырған күнәларының ешқайсысынан бас тартпады.
II K Kaz 14:25  Жоғас ұлы Еробоғам Солтүстік Исраилдің (шығыстағы) шекарасын Лебо-Хаматтан бастап оңтүстіктегі Өлі теңізге дейін қалпына келтірді. Бұл Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің өз қызметшісі — ғат-хеферлік Аматтай ұлы Жүніс пайғамбар арқылы алдын ала айтқан сөзіне сәйкес болды.
II K Kaz 14:26  Себебі Жаратқан Ие Исраил халқының малай болсын, ерікті адам болсын, барлығының да басынан өткізіп жатқан ауыр азаптарына назар аударды. Оларға қол ұшын беретін ешкім болған жоқ.
II K Kaz 14:27  Жаратқан Ие Исраилдің есімін аспан астынан жоқ қылуды ұйғармағандықтан, елді Жоғас ұлы Еробоғам арқылы құтқарды.
II K Kaz 14:28  Еробоғамның қалған барлық іс-әрекеттері, оның қажыр-қайратпен жүргізген соғыстары және баяғыда Яһуданың қол астында болған Дамаск пен Хамат қалаларын Солтүстік Исраилге қалай қайтарғаны туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 14:29  Еробоғам көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Солтүстік Исраил патшаларының қабіріне қойылды. Оның ұлы Зәкәриях орнын басып патша болды.
Chapter 15
II K Kaz 15:1  Солтүстік Исраилге Жоғас ұлы Еробоғамның патшалық құрған жиырма жетінші жылы Амасиях ұлы Ұзиях Яһуда елінің патшасы болды.
II K Kaz 15:2  Сол кезде Ұзияхтың жасы он алтыда еді. Ол Иерусалимде елу екі жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні иерусалимдік Ехолия болатын.
II K Kaz 15:3  Әкесі Амасиях (алғашқыда) істегендей, Ұзиях та Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді.
II K Kaz 15:4  Дегенмен биіктеу жерлердегі табыну орындары қиратылып тасталмады. Халық бұрынғыдай сол жерлерде хош иісті заттарды түтетіп ұсынуларын жалғастыра берді.
II K Kaz 15:5  Кейінірек Жаратқан Ие Ұзияхты (еркінсіп жасаған күнәсі үшін) жазалап алапес ауруын жіберді. Ұзиях өмірінің соңына дейін алапес болып ауырған күйі қала беріп, жеке үйде тұрды. Патшаның ұлы Жотам сарайдағы істерді басқарып, елдің халқына билік жүргізді.
II K Kaz 15:6  Ұзияхтың қалған барлық іс-әрекеттері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 15:7  Ұзиях көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Дәуіттің шаһарындағы соларға жақын қабірге қойылды. Оның ұлы Жотам орнын басып патша болды.
II K Kaz 15:8  Яһуда еліне Ұзиях патшалық құрған отыз сегізінші жылы Еробоғам ұлы Зәкәриях Самария қаласында Солтүстік Исраилдің үстінен патша болды. Ол алты ай билік жүргізді.
II K Kaz 15:9  Зәкәриях өзінің ата-бабалары сияқты Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, ежелде Набат ұлы Еробоғамның Солтүстік Исраилдің халқын азғырған күнәларынан бас тартпады.
II K Kaz 15:10  Ябес ұлы Шаллум Зәкәрияхқа қарсы астыртын сөз байласып, оны халықтың көз алдында өлтіріп, оның орнына өзі патша болып алды.
II K Kaz 15:11  Зәкәрияхтың қалған іс-әрекеттері туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 15:12  Сонымен Жаратқан Иенің Ехуге айтқан мына сөзі жүзеге асқан еді: «Өзіңнен кейінгі төрт ұрпағың (Солтүстік) Исраилде патшалық құратын болады!»
II K Kaz 15:13  Яһуда еліне Ұзиях патшалық құрған отыз тоғызыншы жылы Ябес ұлы Шаллум Солтүстік Исраилде патша болды. Ол Самария қаласында бір-ақ ай билік жүргізді.
II K Kaz 15:14  Себебі Ғади ұлы Менахим Тирса қаласынан Самарияға өрлеп барып, сол қалада Ябес ұлы Шаллумды қастандықпен өлтіріп, оның орнына өзі патша болып алды.
II K Kaz 15:15  Шаллумның қалған іс-әрекеттері және оның жасаған қастандығы туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 15:16  Бұдан кейін Менахим Тирсадан аттанып, Типсах қаласы мен оның маңайындағы барлық халыққа тап берді. Себебі олар оған қала қақпаларын ашудан бас тартқан болатын. Менахим олардың көздерін құртып, тіпті жүкті әйелдерінің іштерін жарып өлтірді.
II K Kaz 15:17  Яһуда еліне Ұзиях патшалық құрған отыз тоғызыншы жылы Ғади ұлы Менахим Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Ол Самарияда он жыл билік жүргізді.
II K Kaz 15:18  Менахим Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, ежелде Набат ұлы Еробоғамның Солтүстік Исраилдің халқын азғырған күнәларынан өмірінің соңына дейін бас тартпады.
II K Kaz 15:19  Менахимнің заманында Ассур патшасы Тығылат-Пеләсер Солтүстік Исраилге қарсы аттанды. Менахим оның қолдауына ие болып, өзінің елдегі билігін күшейту үшін Ассур патшасына мың ат басындай күміс төледі.
II K Kaz 15:20  Менахим осы күмісті Исраил еліндегі барлық дәулетті адамдардан күшпен жинап алды. Патша солардың әрқайсысын елу мысқал күміс төлеуге мәжбүрледі. Күмісті алған Ассур патшасы Исраилден кетіп, еліне қайта оралды.
II K Kaz 15:21  Менахимнің қалған барлық іс-әрекеттері туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 15:22  Менахим көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, оның ұлы Пақиях орнын басып патша болды.
II K Kaz 15:23  Яһуда еліне Ұзиях патшалық құрған елуінші жылы Менахим ұлы Пақиях Самария қаласында Солтүстік Исраилдің үстінен патша болды. Ол елге екі жыл бойы билік жүргізді.
II K Kaz 15:24  Пақиях Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, ежелде Набат ұлы Еробоғамның Солтүстік Исраилдің халқын азғырған күнәларынан бас тартпады.
II K Kaz 15:25  Кейін оның Ремалиях ұлы Пақах деген бір нөкері оған қарсы астыртын сөз байласты. Сол Пақах елу ғилақадтық адамды ертіп алып, Пақиях патшаға және Арғоп пен Арие деген тағы екі адамға Самариядағы патша сарайының қорғанында бас салып, оларды өлтірді. Содан кейін Пақах Пақияхтың орнына өзі патша болып алды.
II K Kaz 15:26  Пақияхтың қалған барлық іс-әрекеттері туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 15:27  Яһуда еліне Ұзиях патшалық құрған елу екінші жылы Ремалиях ұлы Пақах Самария қаласында Солтүстік Исраилдің үстінен патша болып, оған жиырма жыл билік жүргізді.
II K Kaz 15:28  Пақах Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, ежелде Набат ұлы Еробоғамның Солтүстік Исраилді азғырған күнәларынан бас тартпады.
II K Kaz 15:29  Солтүстік Исраилдің патшасы Пақахтың заманында Ассур патшасы Тығылат-Пеләсер қайтадан аттанып келіп, Ион, Әбел-Бет-Маха, Янох, Қадеш, Хасор қалаларын жаулап алды. Жау сондай-ақ Ғилақад пен Ғалилея аймақтарын және Нафталим руының бүкіл жерін басып алып, тұрғындарын Ассурға жер аударып алып кетті.
II K Kaz 15:30  Бұдан кейін Ила ұлы Ошия Ремалиях ұлы Пақахқа қарсы астыртын сөз байласып, оны өлтірді. Содан Пақахтың орнына Ошияның өзі патша болып алды. Бұл Яһуда еліне Ұзиях ұлы Жотамның патшалық құрған жиырмасыншы жылы орын алды.
II K Kaz 15:31  Пақахтың қалған барлық іс-әрекеттері туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 15:32  Солтүстік Исраилге Ремалиях ұлы Пақах патшалық құрған екінші жылы Ұзиях ұлы Жотам Яһуда елінің патшасы болды.
II K Kaz 15:33  Сол кезде оның жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде он алты жыл билік жүргізді. Жотамның шешесінің аты-жөні Садық қызы Еруша болатын.
II K Kaz 15:34  Әкесі Ұзиях (алғашқыда) істегендей, Жотам да Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді.
II K Kaz 15:35  Дегенмен биіктеу жерлердегі табыну орындары қиратылып тасталмады. Халық сол жерлерде құрбандық шалып өртеп, хош иісті заттарды түтетіп ұсынуларын жалғастыра берді. Ал Жотам патша Жаратқан Иенің киелі үйінің Жоғарғы қақпасын қайта салғызды.
II K Kaz 15:36  Жотамның қалған істерінің бәрі туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 15:37  Оның патшалық құрған заманында Жаратқан Ие Араманың патшасы Ресинді және Солтүстік Исраилдің патшасы Ремалиях ұлы Пақахты Яһуда еліне қарсы аттандырып, шабуыл жасата бастады.
II K Kaz 15:38  Жотам көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті олардың жанына түп атасы Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Ахаз орнын басып патша болды.
Chapter 16
II K Kaz 16:1  Солтүстік Исраилге Ремалиях ұлы Пақах патшалық құрған он жетінші жылы Жотам ұлы Ахаз Яһуда елінің патшасы болды.
II K Kaz 16:2  Сол кезде оның жасы жиырмада еді. Ол Иерусалимде он алты жыл билік жүргізді. Кезінде сиынған Құдайы Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеген түп атасы Дәуітке Ахаз еш ұқсамады.
II K Kaz 16:3  Керісінше, ол Солтүстік Исраилдің патшаларының теріс жолымен жүрді. Ахаз тіпті өз ұлын (жалған тәңірге арнап) құрбан етіп өртеп жіберді. Осылайша ол Жаратқан Ие ежелде исраилдіктердің алдынан елден қуып шыққан азғын халықтардың жексұрын дәстүрлеріне еліктеді.
II K Kaz 16:4  Сонымен қатар Ахаз төбе бастары мен өзге де биіктеу жерлердегі табыну орындарында және әрбір саялы ағаштың түбінде жалған тәңірлерге арнап құрбандық шалып, хош иісті заттар түтетіп ұсынып жүрді.
II K Kaz 16:5  Бұл уақытта Араманың патшасы Ресин және Солтүстік Исраилдің патшасы Ремалиях ұлы Пақах (Яһуда елінің астанасы) Иерусалимге өрлеп аттанып, оған қарсы шабуыл жасады. Олар қаланы қоршап алғанмен, Ахаз патшаны жеңе алмады.
II K Kaz 16:6  Сол кездері Арама патшасы Ресин (Ақаба шығанағындағы кеме тоқтайтын) Елат қаласын қайтадан иемденіп алып, қаладан яһудалықтарды толығымен аластатты. Едомдықтар сонда көшіп барып, күні бүгінге дейін тұрып жатыр.
II K Kaz 16:7  Содан Ахаз Ассур патшасы Тығылат-Пеләсерге елшілерін жіберіп, мынадай сәлемін жолдады: «Сіздің құлыңызбын, сізге балаңыздай мойынсұнамын! Осында аттанып келіп, мені Арама мен Солтүстік Исраилдің патшаларының қолынан құтқарсаңыз екен! Олар маған қарсы шабуыл жасауда!» —
II K Kaz 16:8  Ахаз, сондай-ақ, Жаратқан Иенің киелі үйінің және патшалық сарайдың қазына қоймаларынан табылған алтын-күмісті жинап алып, Ассур патшасына сыйлыққа жіберді.
II K Kaz 16:9  Сонда Ассур патшасы оның тілегін орындап Дамаскіге жорыққа аттанып, қаланы басып алды. Содан қаланың бүкіл халқын шығыстағы Кир аймағына жер аударып, Ресин патшаның өзін өлтіріп тастады.
II K Kaz 16:10  Бұдан кейін Ахаз патша Ассур патшасы Тығылат-Пеләсермен кездесуге Дамаск қаласына барды. Дамаскідегі (жалған тәңірге бағышталған) құрбандық үстелін көргенде, Ахаз патша діни қызметкер Ұрияға құрбандық үстелінің бейнесін және оны тұрғызудың толық жобасын жіберді.
II K Kaz 16:11  Діни қызметкер Ұрия Ахаз патшаның Дамаскіден жіберген күллі нұсқауларына сәйкес құрбандық үстелін жасатып, оны патша қайтып келерінің алдында бітіріп қойды.
II K Kaz 16:12  Дамаскіден қайта оралғаннан кейін патша жаңадан салынған құрбандық үстелін қарап шығып, жанына көтеріліп барды. Оның үстінде
II K Kaz 16:13  өзінің түгелдей өртелетін құрбандығы мен астық тартуын өртеп, сұйық тартуын және ризашылық білдіретін құрбандығының қанын төгіп (жалған тәңірлерге) ұсынды.
II K Kaz 16:14  Ал Жаратқан Иеге бағышталған қола құрбандық үстелін Ахаз Жаратқан Иенің киелі үйінің алдындағы өз орнынан, яғни жаңадан орнатқызған құрбандық үстелі мен Жаратқан Иенің киелі үйінің арасынан, алып тастап, оны жаңа құрбандық үстелінің солтүстік жағына қарай жылжытып қойды.
II K Kaz 16:15  Ахаз патша діни қызметкер Ұрияға былай деп нұсқау берді: «Жаңадан салынған дәу құрбандық үстелінде таңертең шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар, кеште астық тартулары ұсынылсын! Онда патша мен халықтың өртелетін құрбандықтары мен астық тартулары және халықтың сұйық тартулары да ұсынылып, үстіне құрбандыққа шалынған барлық малдардың қаны төгілетін болсын! Ал қола құрбандық үстелі менің болашақ жайттарды болжап білуіме арналмақ».
II K Kaz 16:16  Діни қызметкер Ұрия Ахаз патшаның осы нұсқауларының барлығын бұлжытпай орындады.
II K Kaz 16:17  Содан соң Ахаз жылжымалы қола тұғырлардың шеттерін кестіріп, үстіндегі қазандарды алдыртып тастады. Патша дәу қазанды да он екі бұқа мүсіні тәрізді қола тұғырдан алдыртып, оны тас төселген басқа негізге орнатты.
II K Kaz 16:18  Ассур патшасына жағыну үшін ол, сондай-ақ, киелі үйдің ауласындағы демалыс күнге арналған жабық жолды алып тастап, патшаның Жаратқан Иенің киелі үйіне апаратын сыртқы кіреберісін жауып қойды.
II K Kaz 16:19  Ахаздың қалған істері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 16:20  Ахаз көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті олардың жанына Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Езекия орнын басып патша болды.
Chapter 17
II K Kaz 17:1  Яһуда еліне Ахаз патшалық құрған он екінші жылы Ила ұлы Ошия Самария қаласында Солтүстік Исраилдің патшасы болып, тоғыз жыл билік жүргізді.
II K Kaz 17:2  Ошия Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді, бірақ олары Солтүстік Исраилдің бұрынғы патшаларының қылықтарындай болған жоқ.
II K Kaz 17:3  Бірде Ассурдың патшасы Салманасар Ошияға қарсы аттанды. Себебі бұрынырақ Ошия оған бағынышты болып, алым-салық төлейтін еді.
II K Kaz 17:4  Ал сол кезде Ошия Ассур патшасына әр жылға төленетін алым-салығын жібермей, оған қарсы одақтаспақ болып Мысыр патшасы Со перғауынға елшілерін жолдады. Мұнысын Ассурдың патшасы біліп қойып, Ошияны ұстап алып, зынданға жауып тастады.
II K Kaz 17:5  Ассурдың патшасы бүкіл елді жаулап алып, Самария қаласына барып, оны үш жыл бойы қоршауға алды.
II K Kaz 17:6  Ошия патшалық құрған тоғызыншы жылы Ассур патшасы Самарияны қолына түсіріп, оның халқын Ассур еліне жер аударып әкетті. Оларды Халахқа, Хабор өзенінің бойындағы Ғозанға және Мидияның қалаларына қоныстандырды.
II K Kaz 17:7  Мұның барлығы исраилдіктер өздерінің Құдайы Жаратқан Иеге қарсы күнә жасағандықтарының кесірінен болды. Ал Жаратқан Ие ежелде олардың ата-бабаларын Мысыр патшасы перғауынның қолынан құтқарып, сол елден алып шыққан болатын. Сонда да Исраил халқы бөгде тәңірлерді терең қастерлейтін болды, әрі
II K Kaz 17:8  Жаратқан Ие ата-бабаларының алдынан елден қуып шыққан халықтардың теріс әдеттеріне және Солтүстік Исраилдің патшалары енгізген азғын дәстүрлеріне еліктеді.
II K Kaz 17:9  Исраилдіктер, сондай-ақ, өздерінің Құдайы Жаратқан Иеге қарсы әділетсіз істерді астыртын да істеп жүрді. Олар барлық елді мекендерінде, күзет мұнарасында болсын, қамалды қалада болсын биіктеу жерлердегі табыну орындарын жасап алған болатын.
II K Kaz 17:10  Осылайша исраилдіктер әр биік төбе басында және әрбір саялы ағаштың түбінде тас бағаналарды және әйел тәңір Ашераға арналған ағаш бағаналарды орнатып қойды.
II K Kaz 17:11  Жаратқан Ие өздерінің алдынан аластатқан елдің бұрынғы тұрғындары істегендей, олар да сол биіктеу жерлердің барлығында (жалған тәңірлерге арнап) хош иісті заттарды түтетіп ұсынып жүрді. Исраилдіктер бұларымен Жаратқан Иенің қаһарын туғызатын қылықтар жасады.
II K Kaz 17:12  Жаратқан Ие: «Бұндай нәрсені істемеңдер!» деп бұйырғанмен, олар жалған тәңірлерге құлшылық ете берді.
II K Kaz 17:13  Жаратқан Ие Солтүстік Исраилдің және Яһуданың халқын Өзінің барлық пайғамбарлары мен хабаршылары арқылы: «Жаман жолдарыңнан қайтыңдар! Мен ежелде ата-бабаларыңа тапсырған, әрі Өзіме қызмет етуші пайғамбарларым арқылы сендерге де табыстаған бүкіл Таурат заңымдағы өсиеттерім мен ережелерімді орындаңдар!» — деп ескертіп жүрді.
II K Kaz 17:14  Бірақ олар тыңдамай, кезінде өздерінің Құдайы Жаратқан Иеге сенім артпаған ата-бабалары сияқты тоңмойын болып қасарысып алды.
II K Kaz 17:15  Осылай Құдайдың халқы Оның тапсырған ережелерінен де, ата-бабаларымен жасаған Келісімінен де бас тартып, ескертулеріне құлақ аспады. Соның орнына олар түкке тұрғысыз «тәңір бейнелеріне» табынып, өздері де түкке тұрғысыз болып кетті. Жаратқан Ие: «Солар сияқты істемеңдер!» — деп тыйым салғанмен, олар айналаларындағы халықтардың соңынан ілесіп кетті.
II K Kaz 17:16  Содан исраилдіктер бұрын сиынған Құдайлары Жаратқан Иенің барлық өсиеттерінен безіп, жас бұқаның екі мүсінін құйып алып, Ашераға арналған ағаш бағананы да жасап орнатты. Сондай-ақ, олар аспан денелерінің барша топтарына да табынып, Бағалға да құлшылық ететін болды.
II K Kaz 17:17  Олар тіпті өз ұл-қыздарын отқа өртеп құрбан етіп, балгерлікпен және сиқыршылықпен де айналысты. Осылай исраилдіктер Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеуге салынып, Оның қаһарын туғызды.
II K Kaz 17:18  Бұдан Жаратқан Ие исраилдіктерге қатты қаһарланып, оларды Өзінің қасынан аластатты. Тек Яһуда руынан басқа ешкім елде қалмады.
II K Kaz 17:19  Алайда Яһуданың халқы да өзінің Құдайы Жаратқан Иенің өсиеттерін орындамай, Солтүстік Исраил енгізген жаман дәстүрлерге еліктеп кетті.
II K Kaz 17:20  Сондықтан Жаратқан Ие Исраилдің бүкіл үрім-бұтағынан бас тартып, оларды түрлі пәлелерге ұшыратты. Халық Өзінің қасынан толығымен аластатылғанша, Жаратқан Ие оларды тонаушы басқыншылардың қолдарына тапсырды.
II K Kaz 17:21  Бұрынырақ Жаратқан Ие Солтүстік Исраилді Дәуіттің әулетінің билігінен тартып алған кезде, оның халқы Набат ұлы Еробоғамды өздеріне патша етіп таңдап қойған болатын. Ал Еробоғам оларды Жаратқан Иеге мойынсұндырмай зор күнә жасауға адастырды.
II K Kaz 17:22  Солтүстік Исраилдің халқы Еробоғам енгізген күнәлардың бәрін жасай беріп, олардан бас тартпады.
II K Kaz 17:23  Ақыры, Өзіне қызмет еткен бүкіл пайғамбарлары арқылы алдын ала ескерткендей, Жаратқан Ие оларды өз қасынан аластатты. Сонда Солтүстік Исраилдің халқы Ассур еліне жер аударылды. Олар күні бүгінге дейін сол жерде тұрып жатыр.
II K Kaz 17:24  Ассур елінің патшасы Бабыл, Құта, Аууа, Хамат және Сепар-Уайм өлкелерінен халқын көшіріп әкеліп, оларды исраилдіктердің орнына Самария еліндегі қалаларға қоныстандырды. Осылар Солтүстік Исраилдің жерін иемденіп, қалаларына орнығып алды.
II K Kaz 17:25  Солтүстік Исраилге енді ғана қоныс тепкен жат жерліктер Жаратқан Иені қастерлемейтін. Сондықтан Жаратқан Ие соларға арыстандарды жіберіп, олар бірсыпыра адамды қырып тастады.
II K Kaz 17:26  Сонда Ассур патшасына: «Өзіңіз жер аударып алып келіп, Самарияның қалаларына қоныстандырған халқыңыз сол жердің Тәңірінің бұйырған табыну ережелерін білмейді. Сондықтан Ол араларына арыстандарды жіберіп, олар адамдарды жарып құртып жатыр. Өйткені халық жердің Тәңірінің заңдарын білмейді», — деген хабар жетті.
II K Kaz 17:27  Ассур патшасы: «Сол жақтан жер аударылған діни қызметкерлердің бірін еліне қайтарыңдар! Ол сонда тұрып, халыққа сол жердің Тәңірінің заңдарын үйретсін!» — деп әмір етті.
II K Kaz 17:28  Содан Самариядан жер аударылған діни қызметкерлердің бірі Бетел қаласына келіп қоныстанып, көшіп келгендерге Жаратқан Иені қастерлеп, Оған ғибадат етуді үйретті.
II K Kaz 17:29  Бірақ солардың әрбір ұлты мекендеген қалаларында өздері табынып келген жалған тәңірлерінің мүсіндерін де жасап алды. Соларын бұрын самариялықтар биіктеу жерлерде салып кеткен ғибадатханаларға орналастырды:
II K Kaz 17:30  бабылдықтар — Соқот-Бенот, құталықтар — Нергал, хаматтықтар — Ашима,
II K Kaz 17:31  аууалықтар — Нибхаз бен Тартақ есімді жалған тәңірлердің мүсіндерін жасап, орнатты. Сепар-Уаймнан көшіп келгендер сол жерде табынған Адрам-Мәлік пен Анам-Мәлік деген жалған тәңірлеріне арнап тіпті өз балаларын да отқа өртеп құрбан етті.
II K Kaz 17:32  Осы ұлттар Жаратқан Иеден де қорқып, Оны қастерлейтін. Олар биіктеу жерлердегі ғибадатханаларда құрбандықтарды ұсыну үшін өздерінің араларындағы түрлі адамдардан діни қызметкерлерді тағайындады.
II K Kaz 17:33  Осылайша олар Жаратқан Иеден қорқып Оны қастерлей бастады, әрі бұрын тұрған елдерінің діни дәстүрлеріне сәйкес өздерінің жалған тәңірлеріне әлі де құлшылық ететін болды.
II K Kaz 17:34  Сол жаңадан қоныстанғандар осы күнге дейін бұрынғы дәстүрлерін тастамай жүр. Олар Жаратқан Иені шын жүректен қастерлемейді де, Оның Жақыптың үрім-бұтағына тапсырған ережелері мен шешімдеріне және Таурат заңындағы өсиеттеріне бағынбайды да. Жақыпқа Жаратқан Ие ежелде Исраил деген қосымша ат берген еді.
II K Kaz 17:35  Жаратқан Ие Исраил халқымен Келісім жасап, оларға мынадай өсиет берген болатын: «Бөтен тәңірлерден қорықпаңдар, оларға не иіліп құлшылық етуші, не құрбандық шалып ұсынушы болмаңдар!
II K Kaz 17:36  Қайта, өздеріңді қолымды созып, зор құдіретпен Мысыр елінен құтқарып алып шыққан Маған, Жаратқан Иеге, ғана мойынсұнып сиынып, құрбандық шалып ұсыныңдар!
II K Kaz 17:37  Өздеріңе жазып беріп, табыстаған ережелерім мен шешімдерімді, Таурат заңындағы өсиеттерімді сақтап, әрқашан мұқият орындауларың керек. Ал бөтен тәңірлерден еш қорықпаңдар, оларды қастерлеуші де болмаңдар!
II K Kaz 17:38  Осылайша Менің өздеріңмен жасаған Келісімімді ұмытпаңдар, бөтен тәңірлерден қорқып, оларды қастерлемеңдер!
II K Kaz 17:39  Қайта, сендер Мені — Құдайларың Жаратқан Иені ғана терең қастерлеулерің керек. Мен өздеріңді барлық жауларыңның қолынан құтқарып алатын боламын!»
II K Kaz 17:40  Бірақ халық Оған құлақ аспай, бұрынғы теріс дәстүрлерін орындай берді.
II K Kaz 17:41  Олар Жаратқан Иеден қорқып, Оны қастерлей тұра, өздерінің тәңір мүсіндеріне де ғибадат етуді жалғастырды. Кейінгі ұрпақтары да күні бүгінге дейін солай істеп келе жатыр.
Chapter 18
II K Kaz 18:1  Солтүстік Исраилге Ила ұлы Ошия патшалық құрған үшінші жылы Ахаз ұлы Езекия Яһуда елінің патшасы болды.
II K Kaz 18:2  Сол кезде оның жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде жиырма тоғыз жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні Зәкәрия қызы Аби болатын.
II K Kaz 18:3  Езекия түп атасы Дәуіт істегендей Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді.
II K Kaz 18:4  Ол биіктеу жерлердегі табыну орындарын қиратып, жалған тәңірлерге бағышталған тас бағаналарды талқандап, Ашераға арналған ағаш бағаналарды шауып тастады. Езекия, сондай-ақ, ежелде Мұса пайғамбар мыстан жасаған жыланды да күлпарша етіп талқандады. Өйткені сол уақытқа дейін Исраил халқы Нехуштан деп атаған сол мүсінге арнап хош иісті заттарды түтетіп келген еді.
II K Kaz 18:5  Езекия Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге шынайы сенім артты. Езекиядан бұрын Яһуда елінің ол сияқты патшасы болған емес, одан кейін де болған жоқ.
II K Kaz 18:6  Езекия Жаратқан Иеден ажырамастай берік ұстанып, Оның жолынан таймады, әрі Жаратқан Иенің Мұса арқылы тапсырған күллі өсиеттерін мұқият орындай берді.
II K Kaz 18:7  Содан Жаратқан Ие онымен бірге жүріп жар болды. Езекия қандай іске кіріссе де, парасатпен шұғылданып, табысқа жетіп отырды. Ол тіпті Ассур патшасының билігіне қарсы шығып, оған қызмет етуден бас тартты.
II K Kaz 18:8  Езекия філістірлерге Газа мен оның маңайына дейін соққы беріп, олардың күзет мұнараларынан бастап, қамалды қалаларына дейін бүкіл елін басып алды.
II K Kaz 18:9  Езекияның патшалық құрған төртінші жылы, яғни Ила ұлы Ошияның Солтүстік Исраилге патшалық құрған жетінші жылы, Ассур патшасы Салманасар (Солтүстік Исраилдің астанасы) Самарияға қарсы аттанып, оны қоршап алды.
II K Kaz 18:10  Үш жылғы қоршаудан кейін жау Самарияға басып кірді. Бұл Езекияның патшалық құрған алтыншы, Ошияның тоғызыншы жылы болды.
II K Kaz 18:11  Ассур патшасы Солтүстік Исраилдің халқын Ассурға жер аударып әкетіп, оларды Халахқа, Хабор өзенінің бойындағы Ғозанға және Мидияның қалаларына қоныстандырды.
II K Kaz 18:12  Себебі Солтүстік Исраилдің халқы өз Құдайы Жаратқан Иенің айтқанына құлақ аспай, Онымен жасаған Келісімдерін бұзды. Олар Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса арқылы берген өсиеттеріне мойынсұнбай, соларды не тыңдамады да, не орындамады да.
II K Kaz 18:13  Езекияның патшалық құрған он төртінші жылы Ассур патшасы Сеннахирим Яһуда елінің (Иерусалимнен өзге) барлық қамалды қалаларына қарсы аттанып, оларды басып алды.
II K Kaz 18:14  Сонда Яһуда патшасы Езекия Лахыш қаласында тұрған Ассур патшасына: «Мен дұрыс істемедім. Маған шабуыл жасаудан бас тарта көріңіз. Қанша айып талап етсеңіз, соншасын төлеймін», — деген сәлемін жіберді. Ассур патшасы Яһуда патшасы Езекиядан үш жүз ат басындай күміс және отыз ат басындай алтын беруін талап етті.
II K Kaz 18:15  Езекия оған Жаратқан Иенің киелі үйіндегі және патша сарайының қазына қоймаларындағы барлық күмісті беріп жіберді.
II K Kaz 18:16  Ол, сондай-ақ, Жаратқан Иенің киелі үйінде өзі бұрынырақ алтынмен қаптатқан есіктер мен жақтаулардағы алтынды да сыдырып алып, Ассур патшасына табыс етті.
II K Kaz 18:17  Ассур патшасы Лахыштан өзінің бас қолбасшысын, бас нөкерін және бас уәзірін қалың қолмен Иерусалимдегі Езекия патшаға жіберді. Олар қалаға өрлеп аттанып, Жоғарғы тоғанға қарай аққан арықтың бойында, мата ағартушы шеберлердің даласына апаратын жолда тоқтады.
II K Kaz 18:18  Ассурлық елшілер Езекия патшаны шақырды. Сонда патшаның сарай басқарушысы Хелкия ұлы Елиәкім, хатшысы Себна және жылнамашысы Асаф ұлы Жоғах қаладан шығып, олардың алдына келді.
II K Kaz 18:19  Ассур патшасының бас уәзірі бұларға тіл қатып былай деді:— Езекияға мына сәлемді жеткізіңдер: Ұлы патша — Ассур патшасы мынаны айтады: Сен не нәрсеге арқа сүйейсің?
II K Kaz 18:20  «Менде соғысуға ақыл-кеңес пен күш-қуат бар» дейсің. Алайда мұның тек бос сөздер ғана. Маған қарсы бас көтеретіндей сен енді кімге сүйенесің?!
II K Kaz 18:21  Біліп ал, сен сүйеніп келген Мысыр сынық қамыс іспетті. Егер адам сынық қамысқа сүйенсе, сол оның қолына кіріп, алақанын тесіп шықпай ма? Сол сияқты, Мысыр патшасы перғауын да өзіне сүйенгендердің бәріне осылай істейді.
II K Kaz 18:22  Ал егер маған «Сиынатын Құдайымыз Жаратқан Иеге сеніп отырмыз» десеңдер, мынаны ойлаңдар: Езекия Оны қатты ренжітті емес пе? Ол Жаратқан Иеге арналған биіктеу жерлердегі табыну орындары мен құрбандық үстелдерін қиратып, Яһуда мен Иерусалим халқына «Тек Иерусалимдегі осы құрбандық үстелінің алдында ғана ғибадат етіңдер!» деп бұйырған жоқ па?!
II K Kaz 18:23  Ал енді, менің тақсыр ием — Ассур патшасымен келісім жасаңдар: мен сендерге екі мың ат беремін, егер де араларыңнан соншама атқа мінер жігіт шығара алсаңдар!
II K Kaz 18:24  Сендер тіпті Мысырға, оның соғыс күймелері мен атты әскеріне сүйене отырып та, тақсыр иемнің нөкерлерінің арасынан ең кіші деген әкіміне де қарсы тұра алмайсыңдар!
II K Kaz 18:25  Мұның үстіне мені осы жерді талқандауға Жаратқан Иенің еркінсіз келді дейсіңдер ме? Маған: «Сол елге өрлеп барып, оны құртып жібер!» деген — Жаратқан Иенің Өзі!
II K Kaz 18:26  Сонда Хелкия ұлы Елиәкім, Себна және Жоғах Ассур патшасының бас уәзірінен:— Біздей құлдарыңызға арамейше сөйлей беріңіз, біз оны да түсінеміз. Яһудилердің тілінде сөйлемей-ақ қойыңыз. Әйтпесе қамал қабырғасының үстіндегі халық естіп қояр, — деп өтінді.
II K Kaz 18:27  Бірақ бас уәзір оларға жауап қайырып:— Тақсыр ием мені осы сөздерді тек сендердің иелерің мен өздеріңе ғана айту үшін жіберді дейсіңдер ме? Мені мына қабырғаның үстінде отырған адамдарға да жіберді емес пе? Олар әлі де сендермен бірге өз нәжістері мен зәрлерін ішіп-жейтін болады! — деді.
II K Kaz 18:28  Содан бас уәзір отырған орнынан тұрып, бар даусымен айқайлап яһудилердің тілінде былай деді:— Ұлы патша — Ассур елінің патшасының сөзін тыңдаңдар!
II K Kaz 18:29  Патша мынаны айтады: Езекияның еліктіруіне алданбаңдар! Ол сендерді менің қолымнан құтқарып қала алмайды.
II K Kaz 18:30  Езекияның «Бізді Жаратқан Ие шүбәсіз құтқарады, осы қала Ассур патшасының қолына түспейді» деп сендерді Жаратқан Иеге нандыруына жол бермеңдер!
II K Kaz 18:31  Езекияны тыңдамаңдар! Өйткені Ассур патшасы мынаны айтады: Менімен бітім жасап, қаладан шығып келіңдер! Сонда әркім өз жүзім бұтасы мен інжір ағашының жемісін жеп, өз құдығынан су ішетін болады.
II K Kaz 18:32  Кейін мен мұнда қайтып келіп, сендерді осы елдерің сияқты басқа бір елге көшіремін. Онда нан мен жүзім шырыны, егіндіктер мен жүзімдіктер, зәйтүн майы мен бал мол болады.Өлімді емес, өмірді таңдаңдар! Тек Езекияның «Жаратқан Ие бізді құтқарады» деген еліктіруіне құлақ түрмеңдер!
II K Kaz 18:33  Әлде басқа халықтардың қандай да бір тәңірі өз елін Ассур патшасының қолынан құтқарып алып па еді?!
II K Kaz 18:34  Хамат пен Арпадтың тәңірлері қайда? Сепар-Уайм, Ена мен Ибахтың тәңірлері қайда? Әлде бірде-бір тәңір Самарияны менің қолымнан аман алып қала алды ма?
II K Kaz 18:35  Осы елдердің барлық тәңірлерінің қайсысы өз елін менің қолымнан құтқарып қалған еді? Ендеше Жаратқан Ие Иерусалимді менің қолымнан құтқарып алмақшы ма?!
II K Kaz 18:36  Ал халық еш жауап қайтармай, үндемей тұра берді. Себебі Езекия патша: «Оған жауап қайырмаңдар!» деген жарлық шығарған болатын.
II K Kaz 18:37  Мұнан кейін сарай басқарушысы Хелкия ұлы Елиәкім, хатшы Себна және жылнамашы Асаф ұлы Жоғах Езекияға қайта оралды. Олар қатты күйзеліп үстеріндегі көйлектерінің өңірін айыра жыртып, патшаға Ассур патшасының бас уәзірінің сөздерін жеткізді.
Chapter 19
II K Kaz 19:1  Езекия патша осыларды естігенде қатты күйзеліп көйлегінің өңірін айыра жыртты. Үстіне азалы киім киіп, Жаратқан Иенің киелі үйіне кіріп, Оған сиынды.
II K Kaz 19:2  Содан кейін патша сарай басқарушысы Елиәкімге, хатшысы Себнаға және аға діни қызметкерлерге азалы киім кигізіп, оларды Амос ұлы Ишая пайғамбарға жіберді.
II K Kaz 19:3  Олар пайғамбарға мына сәлемді жеткізді:— Езекия сізге былай дейді: Бүгінгі күн біз үшін азапқа, балағатқа, масқараға толы күн болып тұр! Толғатып отырғанымен баласын тууға тым әлсіз әйелдей бейшара күйдеміз.
II K Kaz 19:4  Ассур патшасы мәңгі тірі Құдайды қорлауға өзінің бас уәзірін жіберді. Мүмкін, Құдайыңыз Жаратқан Ие осы сөздерді естіген соң, Ассур патшасын айтқандары үшін сөгіп ескертер. Сондықтан халықтың әлі де тірі қалғандары үшін Жаратқан Иеге мінажат етіңізші!
II K Kaz 19:5  Езекия патшаның нөкерлері оның сәлемін Ишаяға алып келгеннен кейін,
II K Kaz 19:6  пайғамбар оларға былай деп жауап берді:— Тақсыр иелеріңе былай деңдер: Жаратқан Ие мынаны айтады: Ассур патшасының нөкерлерінің Мені балағаттап айтқан сөздеріне бола қорықпа!
II K Kaz 19:7  Біліп ал, Мен оған (үрейін ұшыратын) рухты дарытамын; сонда ол бір суық хабар естіп, еліне қайтып кетеді. Оны өз елінде семсердің жүзімен өлтіртемін.
II K Kaz 19:8  Осы аралықта ассурлық бас уәзір Ассур патшасының Лахыштан кеткенін біліп алды. Содан ол кері қайтып, патшаны Либна қаласына қарсы соғысып жатқан жерінен тапты.
II K Kaz 19:9  Сол кезде Ассур патшасына «Құштық патша Тирхақ сізге қарсы соғысуға аттанып келе жатыр» деген хабар жетті. Мұны естіген Ассур патшасы Езекияға қайтадан елшілерін жіберіп, оларға мына тапсырманы берді:
II K Kaz 19:10  «Яһуда патшасы Езекияға былай деңдер: Өзің үміт артқан Құдайыңның сені «Иерусалим Ассур патшасының қолына берілмейтін болады» деп алдауына жол берме!
II K Kaz 19:11  Ассур патшаларының барлық елдерге не істегендерін естідің: оларды толығымен жойылуға бағыштады ғой! Ендеше сен аман қалар ма екенсің?!
II K Kaz 19:12  Әлде мына халықтардың тәңірлері: Ғозанның, Харанның, Ресефтің әрі Тел-Ассардағы Еденнің тәңірлері сол елдерді құтқарып қалды ма? Оларды менің аталарым құртқан жоқ па?!
II K Kaz 19:13  Хамат пен Арпадтың патшалары, Сепар-Уайм қаласының, Ена мен Ибахтың патшалары қайда екен?»
II K Kaz 19:14  Езекия елшілердің алып келген хатын алып, оқып шыққаннан кейін Жаратқан Иенің киелі үйіне өрлеп барды. Сол жерде ол хатты Жаратқан Иенің алдында жайып салды.
II K Kaz 19:15  Содан Езекия Жаратқан Иеге дұға етіп былай деді: «Уа, Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие! Керуб мүсіндерінің үстіндегі «тағыңда» отырған Сен жер бетіндегі күллі патшалықтардың үстінен қарайтын жалғыз Құдайсың, көк пен жерді жаратқан да Сенсің!
II K Kaz 19:16  О, Жаратқан Ие, құлақ асып тыңдай гөр, уа, Иеміз, көз салып назар аудара гөр! Сеннахиримнің Сені, мәңгі тірі Құдайды, балағаттап айтқан сөздеріне құлақ салшы!
II K Kaz 19:17  Уа, Жаратқан Ие, Ассур патшаларының сол халықтарды құртып, жерлерін қаңыратып бос қалдырғандары,
II K Kaz 19:18  олардың табынған тәңірлерін өртеп жібергендері рас. Алайда солар шынайы құдай емес, адам қолынан шыққан ағаш, тас мүсіндер ғана. Сондықтан да ассурлықтар оларды құртып жібере алды.
II K Kaz 19:19  Ал енді, уа, Құдайымыз Жаратқан Ие, бізді сол адамның қолынан құтқара гөр! О, Жаратқан Ие, сонда бүкіл дүниенің патшалықтары жалғыз Сенің шынайы Құдай екеніңді білетін болады».
II K Kaz 19:20  Амос ұлы Ишая пайғамбар сол кезде Езекияға мына хабарды жіберді: «Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Сенің Маған Ассур патшасы Сеннахирим жайлы еткен дұғаңа құлақ салдым.
II K Kaz 19:21  Мен, Жаратқан Ие, оған қарсы мына сөзді айттым:Маған бағышталған Сион қаласы сені менсінбей, келекелеп отыр! Иерусалим қаласы қашып кетіп бара жатқан сені мазақтап басын шайқайды!
II K Kaz 19:22  Сен кімді мазақтап, балағаттадың? Кімді дауыстап қорлап, кімге паңдана қарап тұрдың, соны білесің бе?! Маған, Исраилдің киелі Құдайына қарсы солай істеп тұрсың!
II K Kaz 19:23  Сен елшілерің арқылы Мені, Жасаған Иені, балағаттап, тағы былай деп паңдана мақтандың: Мен көптеген соғыс күймелеріммен таулардың зәулім бастарына, тіпті Ливанның ең алшақ баурайларына көтерілдім. Оның ең биік деген самырсын, ең таңдаулы қарағай ағаштарын шауып құлаттым, ең қиыр түкпіріндегі елді мекеніне әрі ормандарының ең қалың түбіне дейін жеттім!
II K Kaz 19:24  Бөтен елдерде құдық қазып, суын іштім. Басқан табаныммен Мысырдың барлық өзендерін құрғатамын!» деп те көкідің.
II K Kaz 19:25  Сен осының барлығын Менің бұрыннан-ақ дайындап қойғанымды естімеп пе едің?! Енді Мен соны жүзеге асырдым. Содан да сен бекіністі қалалардың талқанын шығара алдың.
II K Kaz 19:26  Осы себептен де сол елдердің халықтары дәрменсіз болып, абдырап, масқараға қалды. Олар даладағы отты шөп әрі жас өскін секілді нәзік, үй төбесіндегі өсіп шықпай жатып, күннің аптабынан солып қалатын шөпке ұқсас болды.
II K Kaz 19:27  Ал сенің өзің туралы, қайда тұрып, қашан жолға шығып, қашан қайтып келіп, не істейтініңді Мен жақсы білемін. Маған өршелене қарсы шыққаныңды да білемін.
II K Kaz 19:28  Сенің сол өршелене қарсы шыққаның әрі тәкаппарлығың құлағыма шалынды. Соныңа бола Мен енді мұрныңа мұрындық, аузыңа ауыздық саламын. Қай жолмен келген болсаң, сол жолмен сені өз жағыңа қайтарамын!
II K Kaz 19:29  Ей, Езекия, не болайын деп жатқанының белгісі мынау болады: биыл былтырғы шашылып қалған масақ дәндерінен өсіп шыққан астықпен күн көріп күнелтесіңдер. Келесі жылы да өздігінен өсіп шыққанды азық қыласыңдар. Бірақ одан кейінгі жылы тұқым сеуіп, астық орасыңдар, жүзімдіктер отырғызып, жемістерін жинап, жейтін боласыңдар.
II K Kaz 19:30  Яһуда елінде тірі қалғандарың қайтадан терең тамыр жайып, өсіп-өнетін боласыңдар.
II K Kaz 19:31  Себебі халқымның құтқарылып, тірі қалғандары Иерусалимдегі Сион тауынан өсіп шығатын болады. Әлемнің Иесі бұларды қайрат-жігерімен іске асырады.
II K Kaz 19:32  Сондықтан Жаратқан Иенің Ассур патшасы туралы айтқаны мынау: «Ол бұл қалаға кірмейді, оған бірде-бір жебе атпайтын да болады! Жасақшылары қалқан ұстап оған жақындамайды, тас-топырақтан үймек жасап, қамалынан өтпейді.
II K Kaz 19:33  Ассур патшасы қай жолмен келсе, сол жолмен кері қайтып, осы қалаға кірмейтін болады. Мен, Жаратқан Ие, осыны нық айтамын.
II K Kaz 19:34  Себебі Мен осы қаланы Өзім үшін және адал қызметшім Дәуіт үшін қорғап, құтқарамын!»
II K Kaz 19:35  Сол түні-ақ Жаратқан Иенің періштесі ассурлық әскер қосына барып, ондағы бір жүз сексен бес мың адамды қырып кетті. Таң ата тірі қалғандары тұрып қараса, солардың бәрінің өліктері жатыр екен!
II K Kaz 19:36  Сонда Ассур патшасы Сеннахирим жолға шығып, еліне кері қайтып, астанасы Ниневиде тұрып қалды.
II K Kaz 19:37  Бірде Сеннахирим Нисрох есімді жалған тәңірінің ғибадатханасында құлшылық етіп тұрған кезде оның ұлдары Адрам-Мәлік пен Сәресер оны семсермен шауып өлтірді. Содан екеуі Арарат еліне қашып кетті. Сеннахиримнің басқа ұлы Асардан әкесінің орнын басып патша болды.
Chapter 20
II K Kaz 20:1  Сол күндері Езекия қатты науқастанып, өлім аузында жатты. Амос ұлы Ишая пайғамбар оған келіп, былай деді: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Үй ішіңе соңғы өсиеттеріңді беріп, істеріңді аяқта! Себебі бұл аурудан жазылмай, қайтыс боласың».
II K Kaz 20:2  Содан Езекия бетін қабырғаға қарай бұрып, Жаратқан Иеге сиынып:
II K Kaz 20:3  «Уа, Жаратқан Ие, Сенің көз алдыңда ізгі жолыңмен жүріп, шын жүректен әділ істер істеп келгенімді ескере көрші!» — деді. Мұнан кейін Езекия қатты жылады.
II K Kaz 20:4  Ишая пайғамбар Езекияның қасынан кетіп, сарайдың ортаңғы ауласынан шықпай жатып, Жаратқан Ие оған сөзін арнап былай деді:
II K Kaz 20:5  «Қайтып барып, халқымның көсемі Езекияға былай де: Түп атаң Дәуіттің Құдайы Жаратқан Ие саған мынаны айтады: Сенің мінажатыңды естіп, көз жасыңды көрдім. Біліп қой, Мен сені ауруыңнан сауықтырамын. Үшінші күні Жаратқан Иенің киелі үйіне көтеріліп бара алатын боласың.
II K Kaz 20:6  Сенің өміріңе тағы он бес жыл қосамын. Мен өзіңді және мына қаланы Ассур патшасының қолынан құтқарып, қаланы Өзім үшін және адал қызметшім Дәуіт үшін қорғап қаламын!»
II K Kaz 20:7  Ишая бұдан кейін патшаның қызметкерлеріне: «Інжір жемістерінен шелпек алып келіңдер!» — деп тапсырды. Олар соны шиқанның үстіне қойғаннан кейін патша айығып кетті.
II K Kaz 20:8  Осы екі арада Езекия Ишаядан:— Жаратқан Иенің мені сауықтыратыны жайлы алдын ала беретін ғажап белгісі не болады? Үшінші күні Жаратқан Иенің киелі үйіне көтеріліп бара алатынымды қалай біле аламын? — деп сұраған еді.
II K Kaz 20:9  Сонда Ишая оған:— Жаратқан Ие Өзінің уәде еткенін іске асыратындығының саған арнаған белгісі мынау болмақ: Өзің айтшы, баспалдаққа түсіп тұрған көлеңке он қадам алға жылжысын ба, әлде он қадам артқа жылжысын ба? — деді.
II K Kaz 20:10  Езекия:— Көлеңкенің алға он қадам жылжуы еш ғажап емес. Ол он қадам артқа жылжысын! — деп өтінді.
II K Kaz 20:11  Ишая пайғамбар дауыстап Жаратқан Иеге сиынғанда, көлеңке шынымен Ахаз патша салғызған баспалдақтың үстімен он қадам кері жылжыды!
II K Kaz 20:12  Сол кездері Бабыл патшасы Баладан ұлы Меродах-Баладан Езекияның қатты ауырып қалғаны туралы естіп, оған сәлемхаттары мен сыйлығын жіберді.
II K Kaz 20:13  Езекия келген бабылдық елшілерді жылы қабылдап, оларға өзінің бүкіл қазына қоймаларын: ондағы алтын-күмісін, дәмдеуіштері мен құнды иісмайларын, тіпті қару-жарақ қоймасын да түгелдей көрсетті. Езекияның өз сарайы мен барлық патшалығында оларға көрсетпеген бағалы заттары қалмады.
II K Kaz 20:14  Кейін Ишая пайғамбар Езекия патшаның алдына барып, оған:— Ана адамдар не деді, олар қайдан келді? — деген сауал қойды. Езекия:— Олар алыстағы елден келді, сонау Бабылдан, — деді.
II K Kaz 20:15  Пайғамбар:— Олар сарайыңыздан не көрді? — деп сұрағанда, Езекия:— Менің сарайымда не бар, соның бәрін көрді. Менің қазына қоймаларымда оларға көрсетпеген ештеңем қалған жоқ, — деп жауап берді.
II K Kaz 20:16  Сонда Ишая Езекияға былай деді:— Енді Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңыз:
II K Kaz 20:17  Өз сарайыңдағы бар нәрсенің, ата-бабаларыңның осы кезге дейін жиған-тергендерінің барлығы да Бабылға әкетілетін күн туады. Мұнда ештеңе қалмайтын болады! — деп нық айтады Жаратқан Ие. —
II K Kaz 20:18  Өзіңнен тарайтын ұрпақтарыңның кейбіреулері де сол елге әкетіледі. Бабылдықтар оларды белінен айырып азбанқұл қылып, Бабыл патшасының сарай қызметшілері етіп қояды! —
II K Kaz 20:19  Сонда Езекия Ишаяға:— Сіз жеткізген Жаратқан Иенің сөзі жөн екен, — деді. Өйткені ол: «Әйтсе де менің тірі кезімде тыныштық пен аман-есендік болады», — деп ойлады.
II K Kaz 20:20  Езекияның қалған барлық істері мен қажыр-қайраты, оның тоған жасап, тауды тесіп өткен үңгір жол арқылы (Гихон қайнар көзінен) Иерусалим қаласының ішіне су ағызып әкелгені туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 20:21  Езекия көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, оның ұлы Манаса орнын басып патша болды.
Chapter 21
II K Kaz 21:1  Манаса патша болған кезде жасы он екіде еді. Ол Иерусалимде елу бес жыл билік жүргізді. Оның шешесінің есімі Хепсиба болатын.
II K Kaz 21:2  Манаса Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп жүрді. Осылайша ол Жаратқан Ие ежелде Исраил халқының алдынан елден қуып шыққан халықтардың жексұрын дәстүрлеріне еліктеді.
II K Kaz 21:3  Манаса әкесі Езекия кезінде қиратып тастаған биіктеу жерлердегі табыну орындарын қайтадан салды. Солтүстік Исраилдің бұрынғы патшасы Ахаб істегендей, Манаса да Бағалға арнап құрбандық орындарын тұрғызып, Ашераға бағышталған ағаш бағаналарын орнатты. Сонымен қатар ол аспан денелерінің бүкіл тобына иіліп құлшылық етіп жүрді.
II K Kaz 21:4  Жаратқан Ие Өзінің киелі үйі туралы «Мен Иерусалимде өз есімімді орнатамын» деген болса да, Манаса Жаратқан Иенің сол киелі үйінде жалған тәңірлерге арнап құрбандық үстелдерін тұрғызды,
II K Kaz 21:5  әрі оның екі ауласында күллі аспан денелеріне бағышталған құрбандық үстелдерін орнатты.
II K Kaz 21:6  Манаса тіпті өз ұлдарын жалған тәңірге арнап отқа өртеп құрбан етті. Патша балгерлікпен және сиқыршылықпен де айналысып, аруақтарды шақырушылар мен өзге де сәуегейлерден ақыл-кеңес сұрап отырды. Ол Жаратқан Иеге жек көрінішті көптеген істер істеп, Оның қаһарын өршітті.
II K Kaz 21:7  Манаса өзі жасатып алған Ашераның ағаш бағанасын тіпті киелі үйдің ішіне апарып, сонда орнатып қойды. Ал осы киелі үй туралы Жаратқан Ие Дәуітке және оның ұлы Сүлейменге былай деген болатын: «Мен Исраилдің барлық руларының ішінен таңдап алған қалам Иерусалимдегі осы киелі үйде өз есімімді тұрақты орнатпақпын.
II K Kaz 21:8  Егер Исраил халқы Менің өздеріне қызметшім Мұса арқылы тапсырған Таурат заңымды толығымен ұстанып, берген барлық бұйрықтарымды мұқият орындап жүрсе, онда Мен ата-бабаларына табыстаған осы елден оларды ешқашан аластатпаймын!»
II K Kaz 21:9  Бірақ халық тыңдамай қойды. Манаса оларды теріс жолға тайдырып жіберді. Олардың арам қылықтары ежелде Жаратқан Ие өздерінің ата-бабаларының алдарынан жойып жіберген азғын халықтардың жасағандарынан да бетер болды.
II K Kaz 21:10  Содан Жаратқан Ие Өзіне қызмет еткен пайғамбарлары арқылы (халықты сақтандырып) былай деді:
II K Kaz 21:11  «Яһуда патшасы Манасаның жасаған жексұрын күнәлары өзінен бұрын осы елде тұрған аморлықтардан да асып кетті. Манаса Яһуданың халқын жалған тәңірлердің мүсіндеріне табындырып күнәға батырды.
II K Kaz 21:12  Сол себепті Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен Иерусалим қаласы мен Яһуда елін ғаламат пәлеге душар етемін. Сол туралы естіген адамның үрейі ұшып құлағы шыңылдайтын болады.
II K Kaz 21:13  Мен Самарияны және Ахабтың әулетін шынайы бағалап, әділдікпен соттағаным іспетті енді Иерусалимді де солай шынайы бағалап, әділдікпен соттаймын. Жұрттың табақты сүртіп, төңкеріп қоятынындай, Мен де Иерусалимдегі халықты түгелдей сыпырып тастаймын.
II K Kaz 21:14  Мен меншікті халқымнан тірі қалғандарын тастап кетіп, жауларының қолдарына тапсырамын. Барлық дұшпандары оларды тонап, олжалап алып кететін болады.
II K Kaz 21:15  Себебі өз халқым Маған жек көрінішті істер істеп, ата-бабалары Мысырдан көшіп шыққан күннен бастап, күні бүгінге дейін Менің қаһарымды туғызып келеді».
II K Kaz 21:16  Осылай Манаса Яһуда халқын Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеуге еліктіріп күнәға батқан еді. Бұған қоса Манасаның жазықсыздан-жазықсыз төккен қанының көп болғаны сонша, Иерусалим бұ шетінен о шетіне дейін қанға толғандай болды.
II K Kaz 21:17  Манасаның қалған барлық іс-әрекеттері және оның жасаған күнәлары туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 21:18  Манаса көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті өзінің сарайының Ұзза бағы деп аталатын бағындағы қабірге қойылды. Манасаның ұлы Амон орнын басып патша болды.
II K Kaz 21:19  Амон патша болған кезде жасы жиырма екіде еді. Ол Иерусалимде екі жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні жотбалық Харус қызы Мешулемет болатын.
II K Kaz 21:20  Амон әкесі Манаса істегендей, Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді.
II K Kaz 21:21  Амон толығымен әкесінің теріс жолымен жүріп, әкесі табынған жалған тәңірлердің мүсіндеріне өзі де иіліп құлшылық етіп жүрді.
II K Kaz 21:22  Осылайша Амон өзінің ата-бабалары сиынған Құдайы Жаратқан Иені елемей тастап кетіп, Оның ізгі жолымен жүруден бас тартты.
II K Kaz 21:23  Ақырында нөкерлері Амонға қарсы сөз байласып, оны өз сарайында өлтірді.
II K Kaz 21:24  Ал елдің халқы Амон патшаға қастандық жасағандардың бәрінің көздерін құртып, Амонның орнына оның ұлы Жосияны патша етіп қойды.
II K Kaz 21:25  Амонның қалған іс-әрекеттері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 21:26  Оның мәйіті Ұзза бағындағы өзінің қабіріне қойылды. Амонның ұлы Жосия орнын басып патша болды.
Chapter 22
II K Kaz 22:1  Жосия патша болған кезде жасы сегізде еді. Ол Иерусалимде отыз бір жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні босқаттық Адаях қызы Едида болды.
II K Kaz 22:2  Жосия Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеп, толығымен түп атасы Дәуіттің жолымен жүрді және мұнысынан не оңға, не солға таймады.
II K Kaz 22:3  Жосия патшалық құрған он сегізінші жылы өзінің Шафан есімді хатшысын Жаратқан Иенің киелі үйіне жіберді. Шафан Мешуламның немересі, Асалияхтың ұлы болатын. Патша оған мына тапсырманы берді:
II K Kaz 22:4  «Бас діни қызметкер Хелкияға бар да, халық Жаратқан Иенің киелі үйіне сый-тарту ретінде әкелген және қақпа сақшылары жинап тапсырған күмісті санап шықсын деп айт.
II K Kaz 22:5  Жиналған күміс Жаратқан Иенің ғибадатханасындағы жөндеу жұмыстарын басқаратындарға табысталсын. Бұлар одан ғимараттарды жөндеп жатқан жұмысшыларға:
II K Kaz 22:6  ағаш ұсталарына, құрылысшылар мен тас қалаушыларға жалақыларын төлесін. Олар, сондай-ақ, қаржының бір бөлігін ғибадатхананы жөндеуге қажетті ағаш және қашалған тас сатып алуға да жұмсасын.
II K Kaz 22:7  Қолдарына берілген сол қаржы жайында олардан есеп талап етудің керегі жоқ, себебі олар міндеттерін адал атқарады».
II K Kaz 22:8  Кейін бас діни қызметкер Хелкия Шафан хатшыға: «Мен Жаратқан Иенің киелі үйінен Таурат кітабын тауып алдым!» — деп хабарлап, кітапты Шафанға берді. Ал ол кітапты оқып шықты.
II K Kaz 22:9  Шафан хатшы патшаның алдына барып: «Сіздің қызметкерлеріңіз ғибадатханада сақталған күмісті шығарып, Жаратқан Иенің киелі үйіндегі жөндеу жұмыстарын басқаратындарға тапсырды, — деп баяндады.
II K Kaz 22:10  Шафан сөзін жалғастырып: — Діни қызметкер Хелкия маған бір шиыршық кітапты табыстады», — деді. Содан ол кітапты патша алдында дауыстап оқи бастады.
II K Kaz 22:11  Патша кітаптың мазмұнын естігенде, қатты қайғырып көйлегінің өңірін айыра жыртты.
II K Kaz 22:12  Содан ол діни қызметкер Хелкияға, Шафан ұлы Ахиқамға, Миқая ұлы Ахборға, хатшысы Шафанға және бас уәзірі Асаяхқа былай деп әмір етті:
II K Kaz 22:13  «Менің атымнан, халықтың және бүкіл Яһуда елінің атынан барып, табылған кітапта жазылған сөздер жөнінде Жаратқан Иенің еркін сұрап біліп келіңдер! Аталарымыз осы кітаптың сөздерін орындамады, онда тапсырылғандардың бәрін істемеді. Сондықтан да Жаратқан Иенің лаулаған қаһары бізге қарсы лап етуде!»
II K Kaz 22:14  Сонда діни қызметкер Хелкия және Ахиқам, Ахбор, Шафан, Асаях барлығы Олдама пайғамбарға барды. Олдама киім қоймасының басқарушысы Шаллумның әйелі еді. Шаллум Тоқаттың ұлы, Хасраның немересі болды. Пайғамбар Иерусалимнің екінші ауданында тұрып жатты. Жіберілгендер Олдаманың алдына келіп, оған патшаның айтқандарын жеткізді.
II K Kaz 22:15  Олдама оларға жауап беріп былай деді: «Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің хабары мынау, сіздерді маған жіберген адамға былай деңіздер: Жаратқан Ие мынаны айтады:
II K Kaz 22:16  Біліп қой, Мен осы жерге және оның тұрғындарына пәле жіберемін! Яһуда патшасы оқыған кітапта айтылған жазалардың барлығын олардың бастарына түсіремін.
II K Kaz 22:17  Себебі олар Мені елемей тастап кетті, әрі бөгде тәңірлерге хош иісті заттар түтетіп, өз қолдарымен жасаған тәңір мүсіндеріне табынып, әдейі Менің ашуымды туғызды. Менің қаһарым осы елге қарсы лаулап тұр, ол енді еш сөнбейді!
II K Kaz 22:18  Дегенмен сіздерді Жаратқан Иеден сұрауға жіберген Яһуда патшасына тағы былай деңіздер: Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие сіз жаңа естіген сөздер туралы мынаны айтады:
II K Kaz 22:19  Сен менің осы жерге және оның тұрғындарына: «Ел қаңырап бос қалады, ал оның халқын басқалар балағаттап, қарғайтын болады!» деп шығарған үкімімді естігенде жүрегіңді қасарыстырмадың, керісінше, Маған мойынсұндың. Қатты қайғырып киімдеріңнің өңірін айыра жыртып, Менің алдымда көз жасыңды төктің. Сондықтан Мен саған құлақ салдым. Сонымен Жаратқан Ие былай деп шешті:
II K Kaz 22:20  Біліп қой, сол үшін Мен сені уақыты келгенде ата-бабаларыңның қасына аттандырып, мәйітіңнің қабірге құрметпен қойылуына жағдай жасаймын. Осылай сен Мен осы жерге жіберетін күллі пәлелерді көрмейсің!»Елшілер патшаға қайтып келіп, осы хабарды жеткізді.
Chapter 23
II K Kaz 23:1  Сонда патша шабармандарын жіберіп, бүкіл Яһуда мен Иерусалимнің рубасыларын шақыртып жинап алды.
II K Kaz 23:2  Олар келген соң, патша Яһуда халқы мен Иерусалимнің тұрғындарын, діни қызметкерлер мен пайғамбарларды, үлкенді-кішілі бүкіл халықты ертіп алып, Жаратқан Иенің киелі үйіне өрлеп барды. Сол жерде патша бәрінің алдында Жаратқан Иенің киелі үйінен табылған Келісім кітабының барлық сөздерін басынан аяғына дейін оқып берді.
II K Kaz 23:3  Мұнан кейін патша бағана жанындағы арнайы орнында Жаратқан Иенің алдында тұрып Онымен Келісім жасады. Сонда ол Жаратқан Иенің жолымен жүріп, Оның күллі өсиеттерін, бұйрықтары мен ережелерін шын жүректен, бүкіл жан дүниесімен орындап, осы кітапта жазылған Келісімнің шарттарын жүзеге асыруға ант берді. Бүкіл халық та бұл Келісімге мойынсұнды.
II K Kaz 23:4  Бұдан соң патша бас діни қызметкер Хелкияға, дәрежесі одан кейінгі діни қызметкерлерге және қақпа күзетшілеріне: «Жаратқан Иенің ғибадатханасынан Бағалға, Ашераға, аспан денелерінің бүкіл тобына табынуға бағышталған күллі құрал-жабдықтарды алып шығыңдар!» — деп тапсырды. Жосия патша бұлардың барлығын Иерусалимнің сыртындағы Қидрон сайының егістіктерінде өртеп, күлін Бетел қаласына апарып тастады.
II K Kaz 23:5  Сонымен қатар ол Яһуданың бұрынғы патшалары Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің айналасындағы биіктеу жерлердегі табыну орындарында хош иісті заттарды түтетуге тағайындаған діни қызметкерлерді орындарынан алып тастап, қырып-жойды. Олар Бағалға, күн мен айға, шоқжұлдыздар мен басқа да бүкіл аспан денелеріне арнап хош иісті заттарды түтетіп ұсынатын еді.
II K Kaz 23:6  Жосия Жаратқан Иенің киелі үйінен Ашераның ағаш бағанасын алып шығып, Иерусалимнің сыртындағы Қидрон сайына апарды. Сол жерде оны өртеп ұнтақтап, күлін жай адамдардың қабірлерінің үстінен шашып тастады.
II K Kaz 23:7  Патша Жаратқан Иенің ғибадатханасында азғындықпен айналысқан еркектердің күркелерін де бұзып тастады. Сол жерде бірнеше әйел Ашераға арналған жапқыштар тоқитын еді.
II K Kaz 23:8  Жосия Яһуданың қалаларынан барлық діни қызметкерлерді жинап алып келіп, олардың биіктеу жерлердегі хош иісті заттарды түтетіп келген табыну орындарының барлығын арамдады. Патша мұны Яһуда елі бойынша, Гебадан Бер-Шебаға дейінгі бүкіл аралықта істеді. Сондай-ақ, ол қала әкімі Ешуа салған қақпаның жанындағы биіктеу жерде тұрғызылған табыну орындарын да қиратты. Олар қаланың басты қақпасының сол жағында орналасқан болатын.
II K Kaz 23:9  Сол табыну орындарында қызмет еткен діни қызметкерлерге Жаратқан Иенің Иерусалимдегі құрбандық үстелінде қызмет етуге рұқсат болмады, бірақ олар (леуілік) ағайындарымен бірге ашымаған нанды жейтін.
II K Kaz 23:10  Молох атты жалған тәңірге бұдан былай ешкімнің өз ұлын не қызын отқа өртеп құрбандыққа ұсына алмауы үшін Жосия патша Бен-Хенном аңғарындағы Топет атты табыну орнын да арамдады.
II K Kaz 23:11  Жосия Яһуданың бұрынғы патшалары күнге бағыштаған жылқы мүсіндерін де алып тастады. Олар Жаратқан Иенің ғибадатханасының ауласында қақпаға жақын, сарай қызметкері Натан-Мәліктің тұратын жерінің маңында орналасқан болатын. Күнге бағышталған күймелерді патша өртеткізіп жіберді.
II K Kaz 23:12  Ахаз патша кезінде тұрған сарайдағы жоғарғы бөлменің төбесіне Яһуда патшалары жалған тәңірлерге арнап құрбандық үстелдерін орнатқан болатын. Манаса патша тіпті Жаратқан Иенің ғибадатханасының екі ауласында да сондай құрбандық үстелдерін тұрғызған еді. Бұларды Жосия патша енді күлпарша етіп талқандап, Қидрон сайына лақтырып тастады.
II K Kaz 23:13  Исраилдің патшасы Сүлеймен баяғыда Иерусалимнің шығысында, Азғындық тауының оңтүстігіндегі биіктеу жерлерде жексұрын тәңірлерге: Сидонның Астартасына, Моабтың Хамосына, Аммонның Молохына арнап табыну орындарын салған болатын. Жосия патша сол орындарды да арамдады.
II K Kaz 23:14  Жосия тас бағаналарды талқандап, Ашераға бағышталған ағаш бағаналарды шауып тастап, олар тұрған жерлерге өліктердің сүйектерін шашып (оларды арамдады).
II K Kaz 23:15  Жосия патша Солтүстік Исраилді күнәға батырған Набат ұлы Еробоғамның Бетел қаласындағы биіктеу жерде тұрғызған табыну орнын да жойды, әрі сол жердегі құрбандық үстелі мен ғибадатхананы қиратып тастады. Соның тастарын талқандап, ұнтақтап жоқ қылды, Ашераның ағаш бағанасын да өртеп жіберді.
II K Kaz 23:16  Жосия айналасына қарағанда, төбе беткейіндегі қабірлерді көрді. Содан ол адамдарын жіберіп, қабірлерге қойылған діни қызметкерлердің сүйектерін шығартып алып, сол құрбандық үстелінің үстінде өртетті. Бұл баяғыда Жаратқан Иенің хабарын жеткізген Құдайдың пайғамбарының алдын ала айтқандарына сәйкес болды.
II K Kaz 23:17  Бұдан кейін Жосия патша:— Анау тұрған қандай ескерткіш тас? — деп сұрады. Сонда қаланың адамдары:— Бұл — Яһудадан келген Құдайдың пайғамбарының қабірі. Сол пайғамбар ежелде-ақ өзіңіздің Бетелдегі мына құрбандық орнына қарсы бүгін істегендеріңіз туралы алдын ала дауыстап жариялап кеткен болатын, — деп жауап берді.
II K Kaz 23:18  Патша:— Ендеше оған тиіспеңдер! Оның сүйегін ешкім қозғамасын! — деп әмір етті. Осылайша оның және Самариядан келген пайғамбардың сүйектеріне ешбір қол тимеді.
II K Kaz 23:19  Жосия Бетелде істегендей, Солтүстік Исраилдің басқа қалаларының биіктеу жерлеріндегі барлық киелі үйлерді де қиратып тастады. Себебі Солтүстік Исраилдің патшалары соларды тұрғызулары арқылы Жаратқан Иенің қаһарын туғызған еді.
II K Kaz 23:20  Жосия табыну орындарының барлық діни қызметкерлерін құрбандық үстелдерінің үстінде бауыздатып, осы үстелдердің бәрінде сол адамдардың сүйектерін өртетті.Содан соң патша Иерусалимге қайтып оралды.
II K Kaz 23:21  Жосия патша бүкіл халыққа: «Құдайларың Жаратқан Иеге арнап осы Келісім кітабында жазылғанға сай Құтқарылу мейрамын өткізіңдер!» — деп жарлық шығарды.
II K Kaz 23:22  Ежелде Исраилді билер басқарған уақыттан бері Солтүстік Исраил мен Яһудаға патшалар билік жүргізген барлық кезеңде Құтқарылу мейрамы ешқашан дәл осылай тойланған емес.
II K Kaz 23:23  Сонымен Жосия патшалық құрған он сегізінші жылы Иерусалимде Жаратқан Иеге арналған осы Құтқарылу мейрамы өткізілді.
II K Kaz 23:24  Жосия патша Иерусалим қаласы мен бүкіл Яһуда елінен табылған аруақты не жынды шақыратын бақсы-балгерлерді, жалған тәңірлердің бейнелері мен мүсіндерін және басқа да жексұрын нәрселердің бәрін құртып, алып тастады. Жосия діни қызметкер Хелкияның Жаратқан Иенің киелі үйінде тапқан Таурат кітабында жазылған заңдарды орындау үшін осылай істеді.
II K Kaz 23:25  Жосия сияқты шын жүректен, бүкіл жан дүниесімен, бар күш-қуатымен Жаратқан Иеге бет бұрған және Оның Мұса арқылы берген Таурат заңына толығымен бағынған ешбір патша одан бұрын да болған емес, одан кейін де шыққан жоқ.
II K Kaz 23:26  Алайда Манаса патша кезінде істеген күллі зұлым істерімен Жаратқан Иенің қаһарын тым қатты өршіткен болатын. Тіпті Жосияның істеген әділ істерінен кейін де Жаратқан Иенің Яһуда еліне қарсы лаулаған қаһары басыла қоймады.
II K Kaz 23:27  Себебі Жаратқан Ие былай деп шешкен еді: «Мен Солтүстік Исраилді көз алдымнан аластатқанымдай, Яһуданы да дәл солай аластатамын. Өзім таңдап алған осы қала — Иерусалимді және Мен «осы жерде өз атымды орнатамын» деген киелі үйді елемей тастап кетемін».
II K Kaz 23:28  Жосияның қалған барлық іс-әрекеттері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 23:29  Жосия патшалық құрған кезде бірде Мысыр патшасы Нехо перғауын Ассур патшасын қолдау үшін Евфрат өзеніне қарай аттанды. Сонда Жосия патша перғауынға қарсы шықты. Бірақ ол перғауынның әскерімен Мегидо қаласының маңында болған шайқаста оқтан қаза тапты.
II K Kaz 23:30  Жоғастың қызметкерлері оның мәйітін күймемен Мегидодан Иерусалимге алып келіп, өзінің қабіріне қойды. Яһуда елінің халқы Жосияның ұлы Жоғахазды май жағу рәсімінен өткізіп әкесінің орнына патша етіп тағайындады.
II K Kaz 23:31  Жоғахаз патша болғанда жасы жиырма үште еді. Ол Иерусалимде үш ай билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні либналық Еремия қызы Хамутал болатын.
II K Kaz 23:32  Өзінің аталары істегендей, Жоғахаз да Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді.
II K Kaz 23:33  Нехо перғауын Жоғахазды Хамат еліндегі Риблада тұтқындап, шынжырмен бұғаулап, оның Иерусалимде билік жүргізуін тоқтатты. Сонымен қатар перғауын Яһуда еліне жүз ат басындай күміс, бір ат басындай алтын мөлшерінде алым-салық салды.
II K Kaz 23:34  Перғауын Жосияның орнына оның өзге ұлы Елиәкімді патша етіп тағайындап, оның есімін Жохақым деп өзгертті. Ал Жоғахазды перғауын Мысырға алып кетті, ол сол елде қайтыс болды.
II K Kaz 23:35  Жохақым Нехо перғауынға оның талап еткен алтын-күмісін табыстап отырды. Бұл үшін ол күллі елге салық салып, әркімді қолында бар мал-мүлкінің мөлшеріне қарай салығын төлеуге мәжбүрледі.
II K Kaz 23:36  Жохақым патша болғанда жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде он бір жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні румалық Педаяхтың қызы Зебида болатын.
II K Kaz 23:37  Өзінің аталары істегендей, Жохақым да барлық жағынан Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді.
Chapter 24
II K Kaz 24:1  Жохақымның патшалық құрған кезінде Бабыл патшасы Набуходоносор Яһуда еліне басып кірді. Жохақым үш жыл Набуходоносорға бағынышты болды, ал содан кейін оған қарсы бас көтерді.
II K Kaz 24:2  Жаратқан Ие сол кездері Бабыл, Арама, Моаб және Аммон елдерінен Яһуданы шабуылдауға тонаушылар топтарын да жіберіп жүрді. Осылай болады деп Жаратқан Ие бұрын өзінің пайғамбарлары арқылы алдын ала айтқан болатын.
II K Kaz 24:3  Бұл пәле, әрине, Манаса патшаның жасаған барлық күнәларының кесірінен Жаратқан Иенің еркімен Яһуданың басына түсті. Жаратқан Ие халықты Өзінің көз алдынан аластатпақ болды. Өйткені Манаса патша кезінде күнәға батып, әр түрлі зұлым істер істеген болатын.
II K Kaz 24:4  Оның үстіне Манаса жазықсыздан-жазықсыз қан төгіп, Иерусалимді кінәсіз төгілген қанға толтырды. Жаратқан Ие Манасаның осы жексұрын қылмыстарын кешіруді қаламады.
II K Kaz 24:5  Жохақымның қалған барлық іс-әрекеттері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 24:6  Жохақым көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, оның ұлы Ехониях орнын басып патша болды.
II K Kaz 24:7  Бұдан кейін Мысыр патшасы өз елінен соғысуға аттанып шықпады. Себебі Бабыл патшасы бұрын Мысырға тәуелді болған жердің барлығын: Евфрат өзенінен бастап, Мысырдың солтүстік шекарасындағы өзеннің аралығындағы бүкіл өлкені өзіне бағындырып алған еді.
II K Kaz 24:8  Ехониях Яһуда елінің патшасы болған кезде жасы он сегізде еді. Ол Иерусалимде үш ай билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні иерусалимдік Елнатан қызы Нехушта болатын.
II K Kaz 24:9  Өзінің әкесі істегендей, Ехониях та Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді.
II K Kaz 24:10  Сол кезде Бабыл патшасы Набуходоносордың нөкерлері Иерусалимге қарсы өрлеп шығып, қаланы қоршап алды.
II K Kaz 24:11  Қоршау кезінде Набуходоносордың өзі де Иерусалимнің түбіне келді.
II K Kaz 24:12  Сонда Ехониях патша өзінің шешесі, нөкерлері, әміршілері және сарай қызметкерлерімен бірге қаладан шығып, бабылдықтарға берілді.Набуходоносор патшалық құрған сегізінші жылы Ехонияхты тұтқындады.
II K Kaz 24:13  Жаратқан Иенің алдын ала айтқанындай, Набуходоносор Жаратқан Иенің киелі үйіндегі және патша сарайындағы қазыналарын түгелдей Бабылға алып кетті, әрі Сүлеймен патшаның Жаратқан Иенің ғибадатханасына арнап жасатқан алтын жалатқан бұйымдарының барлығынан алтындарын сыдырып әкетті.
II K Kaz 24:14  Набуходоносор Иерусалимнің халқының бәрін: күллі әміршілер мен жасақшыларды, барлық қолөнершілер мен ұсталарды, жалпы он мың адамды тұтқындап өзімен бірге алып кетті. Яһуда елінде ең кедей тұрғындары ғана қалды.
II K Kaz 24:15  Набуходоносор, сондай-ақ, Ехонияхтың өзін де Бабылға әкетіп, оның шешесін, әйелдерін, сарай қызметкерлерін және елдің абыройлы адамдарын да Иерусалимнен Бабылға жер аударды.
II K Kaz 24:16  Оның үстіне Бабыл патшасы соғысқа жарамды, батыл да мықты тағы жеті мың жауынгерді және бір мың қолөнерші мен ұстаны өз еліне айдап әкетті.
II K Kaz 24:17  Набуходоносор Ехонияхтың орнына оның немере ағасы Маттанияхты патша етіп тағайындап, соның есімін Седекиях деп өзгертті.
II K Kaz 24:18  Седекиях патша болған кезде жасы жиырма бірде еді. Ол Иерусалимде он бір жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні либналық Еремия қызы Хамутал болатын.
II K Kaz 24:19  Кезінде ағасы Жохақым істегендей, Седекиях та Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді.
II K Kaz 24:20  Жаратқан Ие Иерусалим мен Яһуданың халқына қатты қаһарланғандықтан, оларды ақырында Өзінің қасынан аластатты.Сол кезде Седекиях Бабыл патшасына қарсы бас көтерді.
Chapter 25
II K Kaz 25:1  Седекияхтың патшалық құрған тоғызыншы жылының оныншы айының оныншы күні Бабыл патшасы Набуходоносор бүкіл әскерімен Иерусалимге қарсы аттанды. Олар қаланы қоршауға алып, оның қамалынан өрлеп өту үшін жан-жағын айналдыра тас-топырақ үймектер жасады.
II K Kaz 25:2  Қала Седекияхтың патшалық құрған он бірінші жылына дейін қоршауда болды.
II K Kaz 25:3  Сол жылғы төртінші айдың тоғызыншы күні азық-түлік атаулы бітіп, қаланы аштық қатты жайлап тұрған еді.
II K Kaz 25:4  Осы кезде жау қала қабырғасының бір жерін тесіп, ішке кірді. Сонда (Седекиях пен) барлық яһуди жасақшылары қашып кетуге тырысты. Бабылдық әскер қаланы қоршап тұрғанмен, олар түн ішінде патша бағының маңында екі қабырғаның арасында орналасқан қақпадан сытылып шықты. Содан олар Иордан алқабындағы елсіз далаға қарай бет алды.
II K Kaz 25:5  Алайда Бабыл әскері патшаның соңынан аттанып, оны Иерихонның маңайындағы елсіз далада қуып жетті. Седекияхтың бүкіл жасағы оның қасынан бытырап кеткен болатын.
II K Kaz 25:6  Седекиях бабылдықтардың қолына түсіп, Хамат еліндегі Рибла қаласына Бабыл патшасының алдына апарылды. Сол жерде бабылдықтар Седекияхты соттап, үкімін шығарды.
II K Kaz 25:7  Олар Седекияхтың ұлдарын оның көз алдында шауып өлтірді. Мұнан кейін Седекияхтың екі көзін ойып алып, қол-аяғына қола шынжыр салып, Бабылға айдап әкетті.
II K Kaz 25:8  Набуходоносор Бабылға патшалық құрған он тоғызыншы жылдың бесінші айының оныншы күні оның бір нөкері — патша ұландарының әміршісі Набузар-Адан Иерусалимге келіп жетті.
II K Kaz 25:9  Әмірші Жаратқан Иенің киелі үйіне, патшаның сарайына және Иерусалимдегі барлық үйлерге от қойып, үлкен ғимараттардың бәрін де өртеп жіберді.
II K Kaz 25:10  Әміршіге еріп келген бүкіл бабылдық әскер Иерусалимді қоршаған қабырғаларды қиратып тастады.
II K Kaz 25:11  Ұландардың әміршісі Набузар-Адан қалада қалып қойғандарды, Бабыл патшасының жағына өтіп кеткендерді және елдің басқа да халқын тұтқындап, айдап әкетті.
II K Kaz 25:12  Әмірші тек ең кедей тұрғындардың біразын ғана жүзімдіктер мен егіндіктерді күту үшін елде қалдырды.
II K Kaz 25:13  Бабылдықтар Жаратқан Иенің ғибадатханасында тұрған екі қола бағананы, жылжымалы қола тұғырларды және теңіз деп аталатын дәу қола қазанды бөлшектеп сындырып, солардың барлық қоласын Бабылға тасып әкетті.
II K Kaz 25:14  Олар (киелі үйдегі құрбандық үстелін тазалауға арналған) күлсалғыштар мен күрекшелерді, білте түзеткіштер мен табақтарды және ғибадатханада Жаратқан Иеге құрбандықтар мен сый-тартулар ұсынғанда қолданылған басқа да қола ыдыс-аяқтар мен аспаптардың барлығын алып кетті.
II K Kaz 25:15  Ұландардың әміршісі шоқ салынатын табаларды, (су не қан бүркуге арналған шағын) тостағандарды және саф алтын не күмістен жасалған барлық басқа бұйымдарды да олжалап әкетті.
II K Kaz 25:16  Сүлеймен патша кезінде Жаратқан Иенің киелі үйіне арнап жасатқан екі бағананың, дәу қазан мен тұғырлардың қоласы таразыға тартып, салмағын өлшеуге тым ауыр болды.
II K Kaz 25:17  Екі бағананың әрқайсысының биіктігі он сегіз шынтақ, ал үстіңгі иығындағы қоладан жасалған үлкен тостаған кейпінің биіктігі үш шынтақ болды. Сол кейіптерге айналдыра шынжыр және анар тәрізді қола әшекейлер ілінген еді.
II K Kaz 25:18  Ұландардың әміршісі бас діни қызметкер Сераяхты, одан кейінгі лауазымды діни қызметкер Софонияны және ғибадатхананың үш қақпа күзетшісін де тұтқындады.
II K Kaz 25:19  Қалада әлі де қалып қойғандардан ол жасақшылардың басшысын, патшаның кеңесшілерінің бесеуін, елдегі ер адамдарды әскери қызметке тіркеген қолбасшының хатшысын және елдің тағы алпыс тұрғынын қолға түсірді. Бұлар да қаладан табылған болатын.
II K Kaz 25:20  Ұландар әміршісі Набузар-Адан олардың бәрін Хамат еліндегі Рибла қаласына, Бабыл патшасының алдына алып барды.
II K Kaz 25:21  Сол жерде Бабыл патшасы оларды өлтіруге бұйырды.Осылайша Яһуда халқы өз елінен басқа жаққа жер аударылып кетті.
II K Kaz 25:22  Бабыл патшасы Набуходоносор Ғодалияхты Яһуданың әкімі етіп тағайындап, Бабылға әкетілмеген халықты оның қарауына тапсырды. Ғодалиях Ахиқамның ұлы, Шафанның немересі еді.
II K Kaz 25:23  Яһуда елінде қалып қойған барлық жасақ басшылары мен олардың адамдары патшаның Ғодалияхты әкім етіп тағайындағаны туралы естігенде, олар Миспа қаласындағы Ғодалияхқа келді. Сол жасақ басшылары Нетаниях ұлы Ысмағұл, Қареях ұлы Жоханан, нетопаттық Танхумет ұлы Сераях және махалық Езаниях болатын.
II K Kaz 25:24  Ғодалиях олардың өздерін және адамдарын жігерлендіріп: «Бабылдық қызметкерлерден қорықпаңдар! Елде тұрып қалып, Бабыл патшасына қызмет етіңдер, сонда жағдайларың жақсы болады!» — деп уәде беріп ант етті.
II K Kaz 25:25  Бірақ сол жылдың жетінші айында патшалық әулетке жататын Әлишаманың немересі Нетаниях ұлы Ысмағұл он адамымен бірге Миспаға келді. Олар Яһуданың әкімі Ғодалияхты қастандықпен өлтірді және Миспада Ғодалияхтың қасында болған исраилдіктер мен бабылдықтардың да көздерін құртты.
II K Kaz 25:26  Содан үлкенді-кішілі барлық исраилдіктер әрі жасақшылардың басшылары бабылдықтардың жазасынан қорқып, Мысырға қашып кетті.
II K Kaz 25:27  Ал Яһуда (елінің бұрынғы) патшасы Ехониях болса, ол Бабылға жер аударылып кеткеннен кейінгі отыз жетінші жылы Еуил-Меродах Бабыл еліне патшалық құра бастады. Жаңа патша сол жылдың он екінші айының жиырма жетінші күні Ехонияхты түрмеден шығарып, азат етті.
II K Kaz 25:28  Еуил-Меродах онымен жылы сөйлесіп, Бабылда өз қасында болған барлық басқа патшалардан гөрі Ехонияхты ең жоғарғы орынға отырғызды.
II K Kaz 25:29  Ехониях түрмедегі киімдерін ауыстырып, бұдан былай ұдайы патшамен дастарқандас болып, бірге тамақтанатын болды.
II K Kaz 25:30  Өмірінің соңына дейін Ехонияхтың күнделікті мұқтаждықтарын Бабыл патшасы қамтамасыз етіп отырды.