Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOSHUA
Up
Chapter 1
Josh Kaz 1:1  Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса қайтыс болған еді. Содан кейін Жаратқан Ие Мұсаның көмекшісі Нұн ұлы Ешуаға тіл қатып былай деді:
Josh Kaz 1:2  «Қызметшім Мұса қайтыс болды. Енді жинал да, өзің және осы халықтың бәрі Иордан өзенінен өтіп, Мен сендерге, яғни Исраилдің үрім-бұтағына, бергелі отырған елге кіріңдер!
Josh Kaz 1:3  Мен Мұсаға уәде еткенімдей, аяқтарың басқан жердің бәрін сендерге табыстаймын:
Josh Kaz 1:4  (оңтүстіктегі) иен даладан Ливанға дейін, (шығыстағы) үлкен Евфрат өзенінен бүкіл хеттіктер аймағына және батыстағы ұлы теңізге дейінгі аралық сендердің елдеріңнің шегі болмақ.
Josh Kaz 1:5  Тірі кезіңде ешкім саған қарсы тұра алмайтын болады. Мен Мұсамен бірге жүріп, оған қалай жар болған болсам, саған да солай жар боламын: Мен сені ешқашан тастап та кетпеймін, жалғыз да қалдырмаймын.
Josh Kaz 1:6  Қайратты да батыл бол! Мен ежелде ата-бабаларына уәде еткен елді халыққа мұралық меншікке үлестіретін сен боласың.
Josh Kaz 1:7  Ендеше қайратты да өте батыл болып, қызметшім Мұса саған тапсырған барлық Таурат заңын сақтап берік ұстанатын бол! Сол заңды орындаудан оңға да, солға да тайқыма! Солай істесең, қайда барсаң да, табысты боласың.
Josh Kaz 1:8  Осы Таурат заңы кітабында жазылғандардың бәрін сақтап, орындай алуың үшін оларды аузыңнан тастамай, күні-түні оқып, солар туралы ойланатын бол! Сонда ғана өркендеп табысты боласың.
Josh Kaz 1:9  Сонымен саған мынаны бұйырамын: қайратты да батыл бол! Еш нәрседен абыржып, қорқушы болма! Қайда барсаң да, Құдайың Жаратқан Ие сенімен бірге жүріп жар болады».
Josh Kaz 1:10  Бұдан кейін Ешуа халықтың басқарушыларына былай деп бұйырды:
Josh Kaz 1:11  «Ел қонысын аралап шығып, халыққа мына нұсқауды беріңдер: Өздеріңе азық-түлік дайындап алыңдар! Үш күннен кейін осы Иордан өзенінен өтіп, сендердің Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе иемдену үшін табыстап отырған елге кіресіңдер».
Josh Kaz 1:12  Ал Рубен, Ғад руларына және Манаса руының жартысына Ешуа мынаны тапсырды:
Josh Kaz 1:13  — Жаратқан Иенің қызметшісі Мұсаның өздеріңе берген бұйрығын естеріңе түсіріңдерші: Құдайларың Жаратқан Ие сендерге тыныштық сыйлап, (мекендейтін орынға) осы жерді табыстады.
Josh Kaz 1:14  Әйелдерің, бала-шағаларың мен мал-мүліктерің Мұсаның өздеріңе Иордан өзенінің бергі бетінде үлестірген осы жерде қала берсін. Бірақ барлық батыл да мықты жауынгерлерің толықтай қару-жарақтанып, бауырлас руларыңның алдында жүріп өзеннен өтсін. Оларға қол ұшын беріңдер!
Josh Kaz 1:15  Жаратқан Ие сендерге сыйлағандай, бауырластарыңа да тыныштық сыйлап, Құдайларың Жаратқан Ие табыстап отырған сол елді иемденгенге дейін оларға көмектесіңдер! Содан кейін өз меншікті елдеріңе қайтып келіп, Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса өздеріңе Иорданның осы шығыс бетіндегі белгілеп берген жерін иемденіп, қоныстануларыңа болады.
Josh Kaz 1:16  Сол рулардың адамдары Ешуаға жауап беріп былай деді:— Бізге не бұйырсаңыз, соның бәрін орындаймыз, қайда жіберсеңіз, сонда барамыз.
Josh Kaz 1:17  Біз Мұсаны қалай тыңдаған болсақ, сізді де солай тыңдаймыз. Ендеше Құдайыңыз Жаратқан Ие Мұсамен бірге жүріп жар болғандай, сізге де жар бола берсін.
Josh Kaz 1:18  Сіздің бұйрықтарыңызға қарсы шығып, сөздеріңізді толықтай тыңдамайтын кез келген адам өлтіріледі. Сонымен қайратты да батыл болыңыз!
Chapter 2
Josh Kaz 2:1  Нұн ұлы Ешуа Шиттим атты жерде екі адамға: «Барып, сол елді, әсіресе, Иерихон қаласын барлап көріп келіңдер!» — деген құпия тапсырма беріп, жұмсап жіберді. Осы екі адам қалаға жетіп, сол жердегі Рахаб есімді бір әйелдің үйіне түнеуге тоқтады. Ол (бұрынғы) жеңіл жүрісті әйел болатын.
Josh Kaz 2:2  Сонда Иерихонның патшасына: «Бүгін кеште елді барлауға исраилдіктер келіпті», — деген хабар жетті.
Josh Kaz 2:3  Патша Рахабқа: «Сенің үйіңе келген адамдар — бүкіл елді барлауға келген тыңшылар. Оларды алып шық!» — деген бұйрық жіберді.
Josh Kaz 2:4  Бірақ сол әйел ана екі кісіні жасырып тастаған еді. Патшаның адамдарына ол: «Иә, бірер кісінің келіп-кеткені рас, бірақ олардың қайдан екенін білмедім.
Josh Kaz 2:5  Қас қарайып, қақпа жабылайын деп жатқанда олар шығып кетті. Қайда баратындарынан хабарсызбын. Тездетіп арттарына түссеңіздер, әлі де қуып жетерсіздер», — деді.
Josh Kaz 2:6  Ал әйел сол екі кісіні үйінің жалпақ төбесіне шығарып, сонда қатар-қатар жатқан зығыр бауларының арасына жасырып тастаған болатын.
Josh Kaz 2:7  Сонда патшаның адамдары Иордан өзеніндегі өткелдерге қарай жүгіре жөнелді. Олар қаладан шыға салысымен, қақпа да жабылды.
Josh Kaz 2:8  Екі барлаушы ұйықтауға жатпас бұрын, әйел үйдің төбесіне шығып,
Josh Kaz 2:9  оларға былай деді:— Жаратқан Иенің сіздерге осы елді бергеніне көзім жетті. Сіздерден төнген зор қорқыныш біздерді билеп алып, елдің күллі тұрғындарының зәрелері ұшып әлсіреуде.
Josh Kaz 2:10  Сіздер Мысырдан шыққанда Жаратқан Иенің Қамысты теңіздің суын алдарыңыздан қалай құрғатқанын, әрі Иорданның арғы жағындағы аморлықтардың екі патшасы Сихон мен Огқа не істегендеріңізді, оларды қалай құртқандарыңызды естігенбіз.
Josh Kaz 2:11  Осыны естігенде, сіздерден зәреміз ұшып, батылдығымыздан жұрдай болдық. Себебі сіздер сиынған Құдай Жаратқан Ие — көкте де, жерде де жалғыз Құдай.
Josh Kaz 2:12  Ал енді, мен сіздерге біраз жақсылық істедім ғой. Сондықтан сіздер де менің отбасыма жақсылық істейміз деп Жаратқан Иенің атымен ант етіңіздер. Соның кепілі ретінде маған бір нәрсе беріңіздерші.
Josh Kaz 2:13  Сіздер (болашақта осы елге кіргенде) менің әке-шешемді, аға-інілерім мен әпке-сіңлілерімді барлық отбасыларымен бірге тірі қалдырып, бәріміздің өмірімізді ажалдан аман алып қаламыз деп уәде етіңіздерші. —
Josh Kaz 2:14  Екі барлаушы оған:— Егер бізге сатқындық жасап ұстап бермесеңіз, онда сіздер үшін өз жанымызды кепілдік етеміз. Жаратқан Ие халқымызға осы елді табыстаған кезде біз де сізге жақсылық жасап, адал болып қаламыз, — деп уәде берді.
Josh Kaz 2:15  Сонымен әйел екеуін терезеден арқанмен төмен түсіріп жіберді, өйткені оның тұратын үйі қала қабырғасында орналасқан болатын.
Josh Kaz 2:16  Бұдан бұрын әйел оларға мынадай ақыл берген еді:— Қуғыншылар сіздерге тап болмас үшін (батыстағы) таулы аймаққа қарай кетіңіздер. Олар қалаға қайтып келгенше, сол жерде үш күн бойы тығыла тұрыңыздар. Содан кейін жөндеріңізге кете беріңіздер. —
Josh Kaz 2:17  Екі барлаушы әйелге тағы былай деген болатын:— Осы берген антымызды орындауымыз үшін мына нұсқауымызды іске асырғаныңыз қажет:
Josh Kaz 2:18  Біз осы елге кіргенде бізді төмен түсіріп жіберген терезеңізге мына қырмызы жіпті бекітіп іліп қойыңыз, әрі үйіңізге әке-шешеңізді, бауырларыңызды және бүкіл отбасыңызды жинап алыңыз.
Josh Kaz 2:19  Егер олардың кейбіреуі үйден шығып кетсе, онда ол төгілген қанына өзі кінәлі болып, біз кінәсіз боламыз. Ал егер үйіңіздің ішіндегі бір адамға біреуіміз күш жұмсап өлтіріп тастасақ, онда оның төгілген қаны біздің мойнымызда болады.
Josh Kaz 2:20  Сондай-ақ, егер бізге сатқындық жасасаңыз, сол жағдайда да осы берген антымыздан азат боламыз. —
Josh Kaz 2:21  Әйел оларға:— Айтқандарыңыздай болсын, — деп келісті. Содан ол екеуін шығарып салып, терезесіне сол қырмызы жіпті бекітіп қойды.
Josh Kaz 2:22  Екі барлаушы таулы аймаққа көтеріліп, сонда үш күн тасаланып жатты. Сол кезде қуғыншылар жолды басынан-аяғына дейін қарап шығып, оларды таба алмастан қалаға қайтты.
Josh Kaz 2:23  Бұдан кейін екі барлаушы таудан түсіп, өзеннен өтті. Олар Нұн ұлы Ешуаға қайтып келгенде, оған бастарынан өткізген жайттарының барлығын айтып берді.
Josh Kaz 2:24  Олар Ешуаға: «Жаратқан Ие бүкіл елді еш күмәнсіз қолымызға табыстап берген екен. Елдің тұрғындары бізден зәрелері ұшып әлсіреуде», — деп те баяндады.
Chapter 3
Josh Kaz 3:1  Ешуа және барлық исраилдіктер таңертең ерте тұрып, Шиттимнен шығып, Иорданға жетті. Өзеннен өтпес бұрын олар сол жерде қонды.
Josh Kaz 3:2  Үш күннен кейін халық басқарушылары ел қонысын аралап шығып,
Josh Kaz 3:3  халыққа мына нұсқауды берді: «Леуілік діни қызметкерлердің Құдайларың Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп бара жатқанын көрген кездеріңде сендер де жиналып, олардың соңдарынан ілесіңдер!
Josh Kaz 3:4  Бұрын сендер бұл жолмен ешқашан жүрген емессіңдер, ал Келісім сандығына ерсеңдер, баратын жолды білетін боласыңдар. Бірақ сандыққа жақындауларыңа болмайды, араларыңда екі мың шынтақтай арақашықтық болуға тиіс».
Josh Kaz 3:5  Енді Ешуа халыққа былай деп бұйырды: «Өздеріңді Құдайға толық бағыштап, (күнә атаулыдан) пәк таза болыңдар! Себебі Жаратқан Ие ертең сендердің араларыңда кереметтер істейді».
Josh Kaz 3:6  Ешуа діни қызметкерлерге: «Келісім сандығын көтеріп, халықтың алдында жүріңдер», — деп нұсқау берді. Олар Келісім сандығын алып, халықтың алдына түсті.
Josh Kaz 3:7  Жаратқан Ие Ешуаға тіл қатып былай деді: «Бүгін Мен бүкіл Исраилдің көз алдында сенің мерейіңді мейлінше үстем қыла бастаймын. Содан олар Мен Мұсамен бірге жүріп оған қалай жар болған болсам, саған да солай жар болатынымды біліп алады.
Josh Kaz 3:8  Ал енді, Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлерге былай деп бұйыр: Иорданның жағасына жеткенде өзенге түсіп, сол жерде тұра қалыңдар!»
Josh Kaz 3:9  Ешуа исраилдіктерді өзіне шақыртып, оларға былай деді: «Мұнда жақындап, Құдайларың Жаратқан Иенің сөздерін тыңдаңдар!
Josh Kaz 3:10  Сендер мына жайттардан мәңгі тірі Құдайдың өз араларыңда екенін, әрі Оның алдарыңнан қанахандықтар, хеттіктер, хевтіктер, перездіктер, гергестіктер, аморлықтар және ебустіктерді қуып шығатынын білетін боласыңдар:
Josh Kaz 3:11  Міне, бүкіл әлемнің Иесінің Келісім сандығы алдарыңда Иорданға енейін деп тұр.
Josh Kaz 3:12  Енді Исраилдің руларынан бір-бір адамнан, барлығы он екі адамды таңдап алып, белгілеңдер.
Josh Kaz 3:13  Сонда бүкіл әлемнің Иесі — Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп келе жатқан діни қызметкерлердің аяқтары Иордан өзенінің суына түсісімен, өзеннің жоғарғы жақтан ағып келе жатқан суы бөгеліп, бір жерге жиылып тұра қалады».
Josh Kaz 3:14  Сонымен халық қостарын жинады. Олар Иордан өзенінің арғы жағына өтейін деп жатқанда, Келісім сандығын көтерген діни қызметкерлер халықтың алдында жүрді.
Josh Kaz 3:15  Бұл (көктемдегі) егін ору науқаны болып, Иордан өзені арнасынан шығып тасып жатқан мерзім еді. Ал Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлер Иорданның жағасына жетіп, суға аяқтарын малған кезде,
Josh Kaz 3:16  жоғарғы жақтан ағып келе жатқан су бөгеліп, алыста, Сартанның маңайындағы Адам қаласының жанында, бір жерге үйілгендей жиылып тұра қалды. Содан өзеннің төменгі алқаптағы Өлі теңізге қарай ағып жатқан суы сарқылып қалды. Осылайша халық Иерихонның қарама-қарсы тұсынан Иордан өзенінен өте шықты.
Josh Kaz 3:17  Бүкіл Исраил халқы өзеннің құрғап қалған арнасымен арғы жаққа өтіп болғанша, Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлер Иордан өзенінің ортасындағы құрғақ жерде қозғалмастан тұра берді.
Chapter 4
Josh Kaz 4:1  Бүкіл халық Иордан өзенінің арғы бетіне өтіп болғаннан кейін, Жаратқан Ие Ешуаға тіл қатып былай деді:
Josh Kaz 4:2  «Халық арасынан он екі адамды, әрбір рудан бір-бір адамнан шақырып алыңдар.
Josh Kaz 4:3  Оларға мынадай бұйрық беріңдер: Діни қызметкерлердің Иорданның ортасында қозғалмай тұрған жерінен он екі тас алыңдар. Оларды бүгін кеште халық түнейтін жерге дейін көтеріп апарып, сонда қойыңдар».
Josh Kaz 4:4  Сонда Ешуа исраилдіктердің он екі руынан бір-бірден өзі тағайындаған адамдарын шақырып алып,
Josh Kaz 4:5  оларға былай деп бұйырды: «Иордан өзенінің ортасына, Құдайларың Жаратқан Иенің Келісім сандығының алдына, барыңдар. Сол жерден әрқайсың Исраил руларының санына сай бір-бір тастан көтеріп, иықтарыңа салып алыңдар.
Josh Kaz 4:6  Бұл тастар араларыңда ескерткіш болсын. Болашақта бала-шағаларың: «Бұл тастар сіздер үшін нені білдіреді?» деп сұрағанда,
Josh Kaz 4:7  оларға: «Иордан өзенінің суы Жаратқан Иенің Келісім сандығының алдында кесілгендей қақ айырылды. Келісім сандығы Иорданды кесіп өткенде өзеннің суы ақпай тұра қалды. Сондықтан осы тастар Исраил халқы үшін мәңгілік ескерткіш болады» деп жауап беріңдер».
Josh Kaz 4:8  Исраилдіктер Ешуаның бұйрығын жүзеге асырды. Олар Жаратқан Ие Ешуаға айтқандай, Иордан өзенінің ортасынан Исраил руларының санына сәйкес етіп он екі тас алды. Оларды халықтың түнеуге тоқтаған жеріне көтеріп апарып, сол жерге қойды.
Josh Kaz 4:9  Сонымен Ешуа Келісім сандығын көтерген діни қызметкерлердің аяқтары Иорданның ортасында тұрған жерден алынған он екі тасты (ескерткіш ретінде) орнатып қойды. Сол тастар күні бүгінге дейін сол жерде.
Josh Kaz 4:10  Жаратқан Иенің Ешуа халыққа жеткізсін дегенінің барлығы Мұсаның Ешуаға бұйырғандарына сай толықтай жүзеге асып біткенше, Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлер Иорданның ортасында тұра берді. Халық өзеннен тездетіп өте шықты.
Josh Kaz 4:11  Бүкіл халық өтіп болған соң Жаратқан Иенің Келісім сандығы оны көтеріп жүрген діни қызметкерлермен бірге барша халықтың көз алдында өзеннен өте шықты.
Josh Kaz 4:12  Рубен мен Ғад руларының және Манаса руының жартысының қаруланған адамдары Мұсаның айтқан бұйрығына сай барлық басқа исраилдіктерден бұрын өтіп кеткен еді.
Josh Kaz 4:13  Барлығы, шамамен қырық мыңдай шайқасқа қаруланған адам, Жаратқан Иенің алдынан өзеннің арғы жағына, Иерихон жазығына саппен өтіп шықты.
Josh Kaz 4:14  Сол күні Жаратқан Ие бүкіл Исраилдің көз алдында Ешуаның мерейін мейлінше үстем қылды. Олар кезінде Мұсаны өмір бойы құрметтеп өткендей, енді Ешуаны да құрметтейтін болды.
Josh Kaz 4:16  «Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлерге Иордан өзенінен шықсын де!» — деп бұйырғанда,
Josh Kaz 4:17  Ешуа оларға: «Өзеннен бері шығыңдар!» — деген болатын.
Josh Kaz 4:18  Міне, ғажап, Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлер Иорданның ортасынан шығып, аяқтары қара жерге тиісімен, өзеннің суы өз орнына қайта келіп, бұрынғыдай арнасынан шығып тасып аға жөнелді.
Josh Kaz 4:19  Осылай халық бірінші айдың оныншы күні Иордан өзенін кесіп өтті. Олар Иерихон қаласының шығыс жағындағы Ғылғалда тоқтап, қостарын тікті.
Josh Kaz 4:20  Иорданнан алынған он екі тасты Ешуа Ғылғалда тұрғызып қойып,
Josh Kaz 4:21  исраилдіктерге былай деді: «Болашақта балаларың сендерден: «Мына тастардың мағынасы қандай?» деп сұраған кезде,
Josh Kaz 4:22  оларға мынаны түсіндіріп беріңдер: «Халқымыз Исраил осы жерде Иордан өзенін құрғақ жермен кесіп өтті».
Josh Kaz 4:23  Себебі Құдайларың Жаратқан Ие сендер Иордан өзенінен өткенше оның суын көздеріңнің алдында құрғатып қойды. Ол бұрын біз Қамысты теңізден өтіп болғанша оның суын да дәл солай құрғата тұрған еді.
Josh Kaz 4:24  Ол жер бетіндегі барлық халықтардың Жаратқан Иенің зор құдіретін білулері үшін және сендер Құдайларың Жаратқан Иені құрметтеулерің үшін осылай істеді».
Chapter 5
Josh Kaz 5:1  Өзеннің батыс жағындағы аморлықтардың патшалары және теңіз жағасында тұратын қанахандықтардың патшалары Жаратқан Иенің исраилдіктер өзеннен өтіп болғанға дейін олардың алдарынан Иорданның суын құрғатып қойғаны туралы естіді. Содан әлгі патшалар жүрексініп, әлсіреп, исраилдіктерден зәре-құты қалмай қорықты.
Josh Kaz 5:2  Сол кезде Жаратқан Ие Ешуаға: «Өткір шақпақ тастан пышақ жасап, сүндеттелмеген исраилдік еркектерді сүндетте», — деген әмір берді.
Josh Kaz 5:3  Ешуа өткір шақпақ тастан пышақ жасап, сүндеттелмеген исраилдіктерді Гибеат-Аралот деген жерде сүндеттеді.
Josh Kaz 5:4  Ешуаның бұларды сүндеттегенінің себебі мынау: Мысыр елінен көшіп шыққан, қару ұстайтын жастағы еркек атаулы иен даланы кезіп, көшіп-қонып жүрген уақытта қайтыс болып біткен еді.
Josh Kaz 5:5  Мысырдан шыққан барлық еркектер сүндеттелген болса да, кейін иен даланы кезіп жүрген кезде туылған еркек кіндіктілер әлі сүндеттелмеген болатын.
Josh Kaz 5:6  Мысырдан көшіп шыққан, соғысқа жарамды еркек атаулы өліп біткенге дейін бүкіл Исраил халқы қырық жыл бойы иен даланы кезіп, көшіп-қонып жүрді. Өйткені олар Жаратқан Иенің айтқан сөзіне мойынсұнбаған еді. Сондықтан Ол ата-бабаларына олардың кейінгі ұрпақтарына табыстауға уәде еткен, ағы мен балы ағыл-тегіл елді сол буын ешқашан көрмейді деп шешіп, Онысын антымен бекіткен болатын.
Josh Kaz 5:7  Сол буынның орнына Жаратқан Ие олардың ұлдарын қойғандықтан, Ешуа енді соларды сүндеттеді. Олар сапар кезінде туылғандықтан әлі де сүндеттелмеген еді.
Josh Kaz 5:8  Бүкіл халықтың еркек кіндіктілері сүндеттеліп болғаннан кейін, жаралары жазылғанша ел қонысында қала берді.
Josh Kaz 5:9  Сол кезде Жаратқан Ие Ешуаға: «Бүгін мен Мысырдың масқарасын сендерден (ірі тастай) домалатып алып тастадым», — деді. Сол себепті бұл жер күні бүгінге дейін Ғылғал (яғни «Домалату») деп аталады.
Josh Kaz 5:10  Исраилдіктер Ғылғалда, Иерихонның маңындағы жазықта, қала тұрды. Сол айдың он төртінші күнінің кешінде олар (халықтың Мысырдан құтқарылғанын еске алатын) Құтқарылу мейрамын қарсылап, арнайы құрбандық шалды.
Josh Kaz 5:11  Дәл келесі күні олар алғашқы рет сол елдің өнімінен дайындалған тамақ: ашытқысыз нан мен қуырылған дәнді дақылдар жеді.
Josh Kaz 5:12  Халық елдің өнімін тамақ қыла бастаған күннен бастап манна сап тиылды. Сол жылы исраилдіктер маннамен емес, Қанахан елінің өнімімен тамақтанды.
Josh Kaz 5:13  Сол тұста Ешуа Иерихонның маңайында жүріп басын көтеріп, қарап қалғанда, міне, қарсы алдында тұрған, қолында жалаң семсері бар біреуді көрді. Ешуа оған таяп келіп:— Сен кімді жақтайсың, бізді ме, әлде жауларымызды ма? — деген сауал қойды.
Josh Kaz 5:14  Ол:— Жоқ, қазір Жаратқан Иенің әскербасы ретінде келіп отырмын, — деп жауап қатты. Сонда Ешуа етпетінен жерге жата кетіп, оны қастерлеп:— Ием, мендей пендеңізге не бұйырасыз? — деп сұрады.
Josh Kaz 5:15  Жаратқан Иенің әскербасы Ешуаға:— Аяқкиіміңді шеш! Басып тұрған жерің киелі, — деді.
Josh Kaz 5:16  Ал Иерихон қаласы исраилдіктерге бола тас бекітілді. Ешкім қалаға кірмейтін, ешкім қаладан шықпайтын болды.
Chapter 6
Josh Kaz 6:1  Жаратқан Ие Ешуаға былай деп нұсқау берді: «Біліп қой, Мен Иерихонды патшасымен, батыл да мықты жауынгерлерімен бірге сенің қолыңа тапсырып отырмын.
Josh Kaz 6:2  Күллі жасақшыларың күніне бір рет қаланы айналып шықсын. Алты күн бойы осылай істеңдер.
Josh Kaz 6:3  Келісім сандығының алдында бір-бір керней ұстаған жеті діни қызметкер жүретін болсын. Ал жетінші күні жеті рет қаланы айналып шығыңдар, әрі діни қызметкерлер кернейлерін тартып жүрсін.
Josh Kaz 6:4  Сонда діни қызметкерлер кернейлерді бір рет ұзақ тартқанда бүкіл халық ұрандап қатты айқай салсын. Сол кезде қаланың қамал қабырғасы іргесіне дейін құлап түседі. Сонда халықтың әрбір ер адамы қалаға көтеріліп, тура лап берсін».
Josh Kaz 6:5  Содан Нұн ұлы Ешуа діни қызметкерлерді шақырып алып, оларға мына нұсқауды берді: «Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп алыңдар. Жетеуің оның алдында жеті керней алып жүріңдер».
Josh Kaz 6:6  Халыққа ол: «Дайындалып, қала сыртын айналдыра жүріңдер! Қару-жарақтанған адамдарың Келісім сандығының алдында жүрсін», — деді.
Josh Kaz 6:7  Ешуа халыққа бұйрық беріп болған соң, кернейі бар жеті діни қызметкер Жаратқан Иенің алдында соларын тартып, алға шықты. Жаратқан Иенің Келісім сандығы оларға ілесіп жүріп отырды.
Josh Kaz 6:8  Жасақшылардың үлкен тобы кернейлерін тартқан діни қызметкерлердің алдында, ал қалғандары Жаратқан Иенің Келісім сандығының соңынан жүрді. Кернейлер ұдайы тартыла берді.
Josh Kaz 6:9  Ешуа халыққа былай деп бұйырған болатын: «Мен өздеріңе айқайлауды бұйырған күніме дейін еш айқайламаңдар! Еш үндерің де шықпасын, ауыздарыңнан тіпті бірде-бір сөз шықпасын! Ал мен бұйрық берген кезде ұрандап айқай салыңдар!»
Josh Kaz 6:10  Осылайша олар Жаратқан Иенің Келісім сандығын қаланың сыртынан бір рет айналдырып шықты. Бұдан кейін бүкіл халық қонысқа қайтып келіп, сонда түнеді.
Josh Kaz 6:11  Келесі күні Ешуа таңертең ертемен тұрды. Діни қызметкерлер Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп алып жүрді.
Josh Kaz 6:12  Кернейлерін ұзақ тартқан жеті діни қызметкер Келісім сандығының алдынан, ал шерудің ең басында және Келісім сандығының соңында қаруланған жасақшылар жүріп отырды. Кернейлер үздіксіз тартылып тұрды.
Josh Kaz 6:13  Сол екінші күні де олар қаланы сыртынан бір рет айналып шыққаннан кейін ел қонысына қайтып оралды. Осыны олар алты күн қатарынан істеді.
Josh Kaz 6:14  Жетінші күні олар таң сәріде тұрды да, бұрынғыдай қаланы айналып шықты, алайда бұл жолы бір рет емес, жеті рет айналды.
Josh Kaz 6:15  Олар жетінші рет айналып жүре бастамақ, әрі діни қызметкерлер кернейлерін тағы да ұзақ тартпақ еді. Сонда Ешуа халыққа былай деп бұйырды: «Енді ұрандап айқайлаңдар! Жаратқан Ие сендерге қаланы тапсырып отыр!»
Josh Kaz 6:16  (Ешуа халыққа мына бұйрықты да беріп қойған еді:) «Қала және оның ішіндегі адамдар мен мүліктердің барлығы Жаратқан Иеге бағышталып жойылсын! Тек (бұрынғы) жеңіл жүрісті әйел Рахаб пен оның үй ішіндегілер тірі қалдырылсын! Өйткені Рахаб біз жіберген барлаушыларды үйінде жасырып, аман алып қалды.
Josh Kaz 6:17  Байқаңдар, Жаратқан Иеге бағышталып жойылуға тиісті нәрселерден сақтаныңдар! Олардың ешқайсысын алып, иемденіп жүрмеңдер! Әйтпесе соның кесірі өздеріңе тиіп, Исраилдің бүкіл қонысы да Жаратқан Иенің қарғысына ұшырайтын болады. Осылайша оған пәле әкелесіңдер.
Josh Kaz 6:18  Барлық күміс пен алтын атаулы және темір мен қола бұйымдар да Жаратқан Иеге бағышталғандықтан, оларды Оның қазынасына тапсыруға тиістісіңдер!»
Josh Kaz 6:19  Сонымен халық ұрандап айқайлай бастады. Олар кернейлердің даусын естігенде, өте қатты айқай сала берді. Сонда қаланың қамал қабырғасы іргесіне дейін құлап түсті. Жасақшылар қалаға көтеріліп, әрқайсысы алға қарай лап беріп, оны басып алды.
Josh Kaz 6:20  Олар қаланы Жаратқан Иеге бағыштап, ондағылардың бәрін, әйел не еркек болсын, жас не кәрі болсын, күллі мүйізді ірі қара мен ұсақ малдарды және есектерді семсердің жүзімен қырып салды.
Josh Kaz 6:21  Ал Ешуа елді барлап келген екі адамға: «(Бұрынғы) жеңіл жүрісті әйелдің үйіне барып, өздеріңнің антпен берген уәделеріңе сай, өзін және қасындағыларының бәрін сол жерден шығарып алып келіңдер!» — деп жіберген болатын.
Josh Kaz 6:22  Содан барлаушылар барып, Рахабтың өзін, әке-шешесін, бауырларын және қасындағыларының бәрін: күллі тума-туысқандарын алып шығып, Исраилдің ел қонысының сырт жағына орналастырды.
Josh Kaz 6:23  Бұдан кейін жасақшылар қала мен ондағылардың барлығын өртеп жіберді. Олар тек күміс пен алтынды және темір, қола бұйымдарды Жаратқан Иенің киелі үйінің қазынасына салып қойды.
Josh Kaz 6:24  Ал Ешуа Иерихонды барлап келуге жіберілген екеуді жасырған, (бұрынғы) жеңіл жүрісті Рахабты отбасымен және күллі туысқандарымен бірге аман алып қалды. Рахабтың әулеті әлі күнге дейін исраилдіктердің арасында тұрып жатыр.
Josh Kaz 6:25  Сол кезде Ешуа: «Мына Иерихон қаласын қайта салуға кіріскен адамды Жаратқан Иенің қарғысы атады! Қала іргесін салғанда тұңғышынан, қақпасын тұрғызғанда кенжесінен айырылады», — деген теріс батаны жариялады.
Josh Kaz 6:26  Осылай Жаратқан Ие Ешуаға жар болып, оның даңқы бүкіл елге жайылды.
Chapter 7
Josh Kaz 7:1  Бірақ исраилдіктер Тәңір Иеге бағышталып жойылуға тиісті нәрселерге қатысты опасыздық жасаған еді. Ол былай болды: Яһуда руының Ахан есімді бір кісісі Жаратқан Ие тыйым салған кейбір заттарды иемденіп алды. Сондықтан Жаратқан Иенің қаһары исраилдіктерге қарсы лаулады. Ахан Қармидың ұлы, Забдидің немересі, Зарахтың шөбересі болатын.
Josh Kaz 7:2  Бұл оқиғалардан кейін Ешуа біраз адамын Иерихоннан Ай қаласына жіберіп, оларға: «Айға барып, қаланы барлап келіңдер!» — деп тапсырды. Ай Бетелдің шығысында, Бет-Әбенге жақын жатқан болатын. Жіберілгендер Айға барып, барлап қайтты.
Josh Kaz 7:3  Қайтып келген олар Ешуаға: «Сол қаланың халқы көп емес. Бүкіл әскерді Айға өрлетіп апарып, қалжыратудың қажеті жоқ. Екі не үш мың жасақшы жетіп жатыр», — деді.
Josh Kaz 7:4  Сол себепті қаланы басып алуға үш мың ғана адам өрлеп шықты. Бірақ олар Ай қаласының адамдарынан шегініп, қашып кетіп,
Josh Kaz 7:5  шамамен отыз алтысы қаза тапты. Айдың адамдары исраилдіктерді қала қақпасынан бастап, Себарим деген жерге дейін қуып, қырат беткейлерімен төмен түскен бойы қырып отырды. Осыдан халық әбден жүрексініп, зәрелері ұшты.
Josh Kaz 7:6  Ешуа қатты қайғырып көйлегінің өңірін айыра жыртты да, кешке дейін Жаратқан Иенің Келісім сандығының алдында етпетінен жатты. Исраилдің рубасылары да солай істеп, барлығы да бастарына топырақ шашты.
Josh Kaz 7:7  Ешуа мінажат етіп былай деді:— О, Жаратушы Тәңір Ие! Неліктен осы халықты Иордан өзенінен өткізіп алып келдің? Бізді аморлықтардың қолына тапсырып, көзімізді құрту үшін ғана ма? Одан да Иорданның арғы жағында қала бергеніміз бізге тиімді болған болар еді ғой.
Josh Kaz 7:8  Уа, Ием, Исраил халқы жауларынан қашып кеткеннен кейін енді не айта аламын?
Josh Kaz 7:9  Қанахандықтар және елдің басқа да тұрғындары мұны естіп, қоршап алып, атымызды жер бетінен өшіріп тастамай ма? Ендеше Өзіңнің ұлы атыңды қорғау үшін не істемексің? —
Josh Kaz 7:10  Бірақ Жаратқан Ие Ешуаға былай деп жауап берді:— Орныңнан тұр! Неге жерде етпетіңнен түсіп жатырсың?
Josh Kaz 7:11  Исраил күнә жасады! Олар Мен өздеріне сақтауға бұйырған Келісімімді бұзды: Маған бағышталған заттардан ұрлап, иемденіп алды да, соларды өз меншіктерінің арасына жасырып қойды!
Josh Kaz 7:12  Осының кесірінен исраилдіктер жауларына қарсы тұра алмай, олардан қашуға мәжбүр болды. Өйткені өздері де Менің қарғысыма ұшырады. Егер жойылуға тиістілерді құртпасаңдар, Мен бұдан былай сендермен бірге жүріп жар болмаймын.
Josh Kaz 7:13  Орныңнан тұрып, халықты Құдайға бағыштап тазарту рәсімінен өткіз. Оларға былай де: Құдайға бағышталып (күнә атаулыдан) тазарып, ертеңгі күнге дайындалыңдар! Өйткені Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: О, Исраил, сенің араңда қарғысқа ұшыраған нәрсе бар. Сол араларыңнан аластатылғанға дейін, жауларыңа қарсы тұра алмайсыңдар.
Josh Kaz 7:14  Ертеңгісін руларың бойынша кезекпен алға шығыңдар! Сонда Жаратқан Ие нұсқаған ру өзінің әулеттері бойынша алға шықсын. Бұдан кейін Жаратқан Ие нұсқаған әулет өзінің отбасылары бойынша алға шықсын. Соңында Жаратқан Ие көрсеткен отбасының мүшелері кезекпен алға шықсын.
Josh Kaz 7:15  Тәңір Иеге бағышталған заттарды алды деп көрсетілген адам өзіндегі барымен бірге өртпен құртылсын! Себебі ол Жаратқан Иенің Келісімін бұзып, Исраил елінде масқара қылмыс жасады.
Josh Kaz 7:16  Келесі күні Ешуа ерте тұрып, Исраилдің руларын кезекпен (киелі шатырдың) алдына келтірді. Сонда Яһуда руы таңдалды.
Josh Kaz 7:17  Ешуа Яһуда руының құрамындағы әулеттерді алға шығарғанда Зарах әулеті таңдалды. Зарахқа жататын отбасыларды шығарғанда, Забди отбасы таңдалды.
Josh Kaz 7:18  Ешуа сол отбасының адамдарын жеке-жеке шығарғанда, Яһуда руының адамы Ахан көрсетілді. Ол Қармидың ұлы, Забдидің немересі, Зарахтың шөбересі болатын.
Josh Kaz 7:19  Ешуа Аханға:— Ұлым, Исраилдің Құдайы Жаратқан Иені құрметте! Оның әділдігін мойындап, шыныңды айтшы! Сен не істедің? Менен еш нәрсені жасырма! — деген сұрақ қойды.
Josh Kaz 7:20  Ахан Ешуаға жауап беріп:— Рас, мен Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге қарсы күнә жасадым. Істегендерім мынау:
Josh Kaz 7:21  олжаның арасынан бабылдық әдемі шапан, екі жүз мысқал күміс және салмағы елу мысқал сом алтынды көргенде, оларға қатты қызығып кетіп, ала салдым. Қазір олар шатырымның ішінде жерде көмулі жатыр. Ең астында жатқаны күміс, — деді.
Josh Kaz 7:22  Ешуа адамдарын жіберіп, олар тез барып, Аханның шатырын тексерді. Шынында да оның алған заттары, ең астында күміс, жерде көмулі жатыр екен.
Josh Kaz 7:23  Жіберілгендер сол нәрселерді шатырдан Ешуа мен барлық исраилдіктерге алып келіп, Жаратқан Иенің алдына жайып салды.
Josh Kaz 7:24  Содан соң Ешуа мен барлық исраилдіктер Зарахтың ұрпағы Аханды тұтқындап, оның алған күмісі, шапаны мен сом алтынын және ұл-қыздарын, мүйізді ірі қараларын, есектері мен қой-ешкілерін, шатырын және басқа да иелігінің бәрін Ахор аңғарына алып барды.
Josh Kaz 7:25  Сол жерде Ешуа Аханға: «Бұл пәленің бәрін біздің басымызға неге түсірдің? Енді Жаратқан Ие сенің басыңа пәле түсіреді!» — деді.Бүкіл Исраил болып Аханды таспен атқылап өлтірді. Оның үй ішін де таспен атқылап, барлығын отпен өртеп,
Josh Kaz 7:26  үстерінен көп тас үйіп тастады. Сол зор тас үйіндісі күні бүгінге дейін бар. Сондықтан бұл жер әлі де Ахор (яғни «Пәле») аңғары деп аталып келеді. Бұдан кейін Жаратқан Ие лаулаған қаһарынан қайтты.
Chapter 8
Josh Kaz 8:1  Содан соң Жаратқан Ие Ешуаға тіл қатып былай деді: «Еш нәрседен қорқып, уайымдама! Барлық жасақшыларды ертіп алып, Айға қарай өрлеп барыңдар! Айдың патшасын, халқын, қаласы мен бүкіл жерін сенің қолыңа тапсырып отырмын.
Josh Kaz 8:2  Иерихон қаласы мен оның патшасына не істеген болсаң, Ай қаласы мен патшасына да солай істе! Бірақ мал-мүлкін өздеріңе олжа етіп алуларыңа болады. Қаланың арт жағынан тосқауыл құр!»
Josh Kaz 8:3  Сонда Ешуа бүкіл жасағымен Ай қаласына аттанбақ болып жиналды. Жасағынан отыз мың батыл да мықты сарбазды таңдап алып, түнде аттандырып жібермек болып
Josh Kaz 8:4  оларға мына нұсқауды берді: «Сақ болып, қаланың арт жағынан тосқауыл құрыңдар! Қаладан тым ұзап кетпей, барлығың да дайын тұрыңдар!
Josh Kaz 8:5  Мен қасымдағы бүкіл жасақпен бірге қалаға жақындап барамын. Жау өткен жолғыдай бізбен шайқасу үшін қаладан шыққанда, олардан бас сауғалап қашамыз.
Josh Kaz 8:6  Сонда олар бізді қуады, өйткені бізді тағы да қашып жатыр екен деп ойлайды. Осылайша оларды қаладан ұзатып шығарамыз. Ал біз олардан қашып кеткенде,
Josh Kaz 8:7  сендер тосқауылдан лап беріп, қаланы басып алыңдар! Себебі Құдайларың Жаратқан Иенің Өзі қаланы қолдарыңа тапсырады.
Josh Kaz 8:8  Оны қолға түсіргеннен кейін от қойып, Жаратқан Иенің әмірін орындаңдар! Міне, бұйрығым осы».
Josh Kaz 8:9  Сонымен Ешуа таңдап алған сарбаздарды аттандырып жіберді. Олар Бетел мен Ай қалаларының арасында, Айдың батыс жағында тосқауыл құрып жасырынып жатты. Ал Ешуа қалған жасағымен бірге түнеп шықты.
Josh Kaz 8:10  Ертеңіне ерте тұрған Ешуа жасақшыларды сапқа тұрғызып, байқап шықты. Өзі және Исраилдің рубасылары жасақты бастап, Айға қарай бет алды.
Josh Kaz 8:11  Қасындағы барлық жасақшылар Ай қаласына өрлеп, оған жақындап, қарсы алдында тоқтады да,
Josh Kaz 8:12  Айдың солтүстік жағында қостарын тікті. Оларды қаладан бір ойпат бөліп жатты. Бұл кезде Ешуаның таңдап алған бес мыңдай адамы Бетел мен Айдың арасында, қаланың батыс жағындағы тосқауылда күтіп отырды.
Josh Kaz 8:13  Осылайша Исраилдің негізгі әскер күші қаланың солтүстік жағына орналастырылды, ал тосқауылдағылар қаланың батысында болды. Сол түні Ешуа ойпаттың ортасына барып келген еді.
Josh Kaz 8:14  Ай патшасы исраилдік жасақты көргенде, қаланың күллі ер азаматтарымен бірге таңертең ертемен тездетіп жиналды. Олар исраилдіктермен шайқасу үшін қаладан шығып, Иорданның елсіз алқабының үстінен қараған белгілі бір жерге қарай аттанды. Қаланың артында тосқауыл бар екенін патша білген жоқ.
Josh Kaz 8:15  Ешуа және қасындағы барлық исраилдіктер Айдың адамдарынан жеңілгенсіп, елсіз далаға қарай шегініп қаша бастады.
Josh Kaz 8:16  Сол себепті Айдың барлық адамдары солардың соңынан жаппай қууға шақырылды. Олар Ешуаның артына түсіп, қаладан ұзап кетті.
Josh Kaz 8:17  Не Айда, не Бетелде исраилдіктердің соңынан қуып шықпаған бірде-бір ер адам қалмады. Олар қаланы ашық қалдырып, исраилдіктердің артынан қуып кетті.
Josh Kaz 8:18  Сонда Жаратқан Ие Ешуаға: «Қолыңдағы найзаны Айға қарай соз! Өйткені Мен қаланы сенің қолыңа тапсырамын», — деді. Ешуа найзасын көтеріп, қалаға қарай созды.
Josh Kaz 8:19  Ол қолын созған бойда тосқауылдағылар лезде орындарынан тұрып, лап беріп, қалаға енді. Оны қолға түсіріп, дереу қалаға өрт қойды.
Josh Kaz 8:20  Айдың адамдары арттарына қараса, міне, қаланың түтіні аспанға будақтап көтеріліп жатыр екен! Олар тіпті ешқайда қаша да алмай қалды. Өйткені елсіз далаға қарай қашып кетіп бара жатқан исраилдік жасақ кері бұрылып, арттарынан өкшелеген бұларға қарсы атой салды.
Josh Kaz 8:21  Себебі Ешуа мен оның қасындағы барлық исраилдіктер де тосқауылшылардың қаланы басып алып, қала үстінен түтіннің будақтап жатқанын көрген еді. Олар кері бұрылып, Айдың адамдарына тап берді.
Josh Kaz 8:22  Сол екі арада тосқауылшылар қаладан шығып, олар да жауға қарсы шабуылға кірісті. Айдың адамдары екі жағынан да қоршалып, исраилдіктер оларды толығымен жойып жіберді. Олардан тірі қалған немесе бас сауғалап қашып құтылған ешкім де болмады.
Josh Kaz 8:23  Тек Айдың патшасы ғана тірідей қолға түсіп, Ешуаның алдына әкелінді.
Josh Kaz 8:24  Исраилдіктер ашық дала мен құла түзде қашып жүрген Ай тұрғындарының артынан қуып, оларды талқандап, барлығын біреуін де қалдырмай қырып тастады. Содан олар Ай қаласына қайтып барып, онда қалғандарды да семсермен қырып-жойды.
Josh Kaz 8:25  Сол күні қаза тапқандардың жалпы саны, еркегі мен әйелін қосқанда, он екі мың, демек, Айдың күллі адамдары болды.
Josh Kaz 8:26  Айдың барлық тұрғындары жойылып бітпейінше Ешуа найзасын созып тұрған қолын төмен түсірген жоқ.
Josh Kaz 8:27  Жаратқан Иенің Ешуа арқылы берген бұйрығына сай Исраил сол қаланың малы мен дүние-мүлкін өздеріне олжалады.
Josh Kaz 8:28  Мұнан кейін Ешуа Айды өртеп, оны үнемі қаңырап жатқан үйіндіге айналдырды. Ол күні бүгінге дейін солай.
Josh Kaz 8:29  Сонымен қатар Ешуа Ай патшасын өлтіріп, денесін ағашқа түйреп, кешке дейін іліп қойды. Күн батуға айналған кезде Ешуа бұйрық беріп, патшаның сүйегін ағаштан түсіртіп, қала қақпасының алдына тастатты. Халық сүйекке көп тас лақтырып, үстіне үйіп тастады. Сол зор тас үйіндісі күні бүгінге дейін бар.
Josh Kaz 8:30  Сол кезде Ешуа Ебал тауында Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге арнап құрбандық үстелін тұрғызды.
Josh Kaz 8:31  Осыны Жаратқан Иенің қызметшісі Мұсаның исраилдіктерге өсиеттеп берген нұсқауына сай істеді. Мұсаның Таурат заңы кітабында жазылғандай, құрбандық үстелі ешқандай темір құралмен өңделмеген бүтін тастардан салынды. Халық оның үстінде Жаратқан Иеге арнап шалынып өртелетін және Онымен қарым-қатынастарына ризашылық білдіретін сый-тартуларын ұсынды.
Josh Kaz 8:32  Сол жерде Ешуа исраилдіктердің көз алдында Мұса арқылы берілген Таурат заңын арнайы тастарға көшіріп жазды.
Josh Kaz 8:33  Мұнан кейін бүкіл Исраил халқы: исраилдік болып туғандар мен оларға қосылған жат жұрттықтар, рубасылары, басқарушылары, төрешілері, барлығы бірге екі топқа бөлінді. Бір топ Гәризим тауының етегінде, екінші топ Ебал тауының етегінде тұрды. Екі топ бір-біріне қарама-қарсы, ал орталарында Жаратқан Иенің Келісім сандығы және оны көтеріп алып жүретін леуілік діни қызметкерлер тұрды. Халық мұны Жаратқан Иенің қызметшісі Мұсаның көзі тірі кезінде Исраил халқына бата беру жайлы тапсырған нұсқаулары бойынша істеді.
Josh Kaz 8:34  Содан соң Ешуа жарылқау мен қарғыс сөздерінің бәрін дәл Таурат заңы кітабында жазылғандай дауыстап оқып берді.
Josh Kaz 8:35  Ешуа бүкіл Исраил қауымының алдында Мұсаның тапсырған барлық бұйрықтарынан оқымаған бірде-бір сөз қалмады. Әйелдер мен балалар және халық арасында тұрып жатқан жат жұрттықтар да солармен бірге тұрды.
Chapter 9
Josh Kaz 9:1  Иордан өзенінің батыс жағындағы патшалар осы оқиғалар жайлы естіді. Олар — таулы аймақта және батыстағы төменгі қыраттарда, Ұлы теңіздің жағасында әрі Ливанға дейін созылған жазықта тұрып жатқан хеттіктер, аморлықтар, қанахандықтар, перездіктер, хевтіктер және ебустіктердің патшалары болатын. Бұлар осындай хабар алғанда,
Josh Kaz 9:2  жиналып бірауыздан Ешуа мен Исраилге қарсы бірігіп соғысуға ұйғарды.
Josh Kaz 9:3  Алайда Гибеон қаласының тұрғындары Ешуаның Иерихон мен Ай қалаларына не істегені туралы естігенде,
Josh Kaz 9:4  қулыққа басты. Олар Ешуаға елшілерін жіберіп, солардың есектеріне алба-жұлба қаптар мен тозып, жамалған шарап местерін артты.
Josh Kaz 9:5  Адамдар аяқтарына тозған, жамау-жамау аяқкиім, үстеріне тозығы жеткен ескі киім киді. Азық-түлігі қатып, көгеріп кеткен нан болды.
Josh Kaz 9:6  Гибеондық елшілер исраилдіктердің Ғылғал маңындағы қонысына келіп, Ешуаға және басқа исраилдіктерге:— Біз бір алыстағы елден келіп отырмыз. Бізбен келісім жасасаңыздар екен, — деді.
Josh Kaz 9:7  Ал исраилдіктер сол хевтіктерге:— Қалайша сіздермен келісім жасай аламыз? Мүмкін, бізге жақын осы маңда тұратын шығарсыздар? — деп күдіктенді.
Josh Kaz 9:8  Олар Ешуаға:— Сіздің құлдарыңыз боламыз, — деп жауап берді. Ешуа олардан:— Өздеріңіз кімсіздер? Қайдан келіп отырсыздар? — деп сұрады.
Josh Kaz 9:9  Олар жауап қайтарып былай деді:— Алдыңыздағы құлдарыңыз өте қашықтағы бір елден Құдайыңыз Жаратқан Иенің ұлы атақ-даңқына бола келіп отыр. Өйткені біз Оның Мысыр елінде істеген барлық ғажап істері жайлы,
Josh Kaz 9:10  әрі Иорданның шығыс жағындағы аморлықтардың екі патшасына істегендерінің бәрі: Хешебон патшасы Сихонды да, Аштаротта тұрған Башан патшасы Огты да қалай жеңгені туралы нақты естідік.
Josh Kaz 9:11  Содан еліміздің рубасылары мен барлық тұрғындары бізге мына тапсырманы берді: Жолға азық-түлік сайлап алып, сапарға шығып, сол халықпен кездесіңдер! Олардан: «Сіздердің құлдарыңыз боламыз. Бізбен келісім жасасаңыздар екен!» деп өтініңдер.
Josh Kaz 9:12  Міне, нанымыз. Осы жаққа қарай жолға шыққан кезде ол әлі суып үлгірмеген, жылы болатын, ал енді көріп отырсыздар, қатып, көгеріп кетіпті.
Josh Kaz 9:13  Біз мына шарап құятын местерімізді толтырған кезде олар әлі жап-жаңа еді, ал енді, міне, жыртылайын деп тұр. Киім-кешегіміз бен аяқкиіміміз де ұзақ жолдан тозып кетті!
Josh Kaz 9:14  Исраилдіктер олардың жол азықтарынан алып көрді, алайда Жаратқан Иенің еркін сұрамады.
Josh Kaz 9:15  Содан Ешуа гибеондықтармен бейбітшілік келісімін жасап, оларды аман қалдыруға уәде беріп, қауымның жетекшілері де соны антпен бекітті.
Josh Kaz 9:16  Бірақ келісім жасағаннан үш күн өткеннен кейін исраилдіктер бұл адамдардың өздеріне жақын тұрып жатқан көршілері екенін біліп алды.
Josh Kaz 9:17  Исраилдіктер дереу жолға шығып, үшінші күні олардың қалаларына: Гибеон, Кефира, Бегерот және Кирият-Иғарымға жетті.
Josh Kaz 9:18  Исраилдіктер оларға шабуыл жасаған жоқ, себебі қауымның басшылары Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің атымен оларға (бейбітшілік жайлы) ант беріп қойған болатын.Халықтың бүкіл қауымы жетекшілеріне наразы болып, күңкілдеді.
Josh Kaz 9:19  Сол басшылары қауымға жауап беріп: «Біз Исраилдің Құдай Иесінің атымен ант еткенбіз, сондықтан оларға тиісе алмаймыз.
Josh Kaz 9:20  Енді былай істейік: оларды тірі қалдырайық, әйтпесе Жаратқан Ие оларға берген антымызды бұзғанымызға бола бізге қаһарын төгіп жүрер.
Josh Kaz 9:21  Олар тірі қалсын, бірақ бүкіл қауым үшін отын жарып, су таситын болсын!» — деп шешті. Осылайша қауымның жетекшілері берген сөздерінде тұрды.
Josh Kaz 9:22  Ешуа гибеондықтарды шақырып алып, оларға былай деді:— Іс жүзінде жақын маңымызда тұрып, неге «сіздерден өте қашықта тұрамыз» деп бізді алдадыңдар?!
Josh Kaz 9:23  Соған бола сендерді қарғыс атты! Бұдан былай басыбайлы қызметші болудан ешқашан құтылмайсыңдар. Құдайымның үйі үшін отын жарып, су таситын боласыңдар! —
Josh Kaz 9:24  Олар Ешуаға былай деп жауап берді:— Тақсыр, біз Құдайыңыз Жаратқан Иенің өз қызметшісі Мұсаға сіздерге бүкіл елді табыстауды және ондағы тұрғындардың барлығын алдарыңыздан құртып жоқ қылуды тапсырғанын анық біліп алдық. Сондықтан сіздерге бола өміріміз үшін қатты қауіптеніп, осылай істедік.
Josh Kaz 9:25  Енді, міне, біздің тағдырымыз сіздің қолыңызда. Сіз нені дұрыс та әділ деп тапсаңыз, соны істеңіз.
Josh Kaz 9:26  Сонда Ешуа исраилдіктердің гибеондықтарды өлтіруіне жол бермей, оларды құтқарып қалды.
Josh Kaz 9:27  Сол күні Ешуа оларды Исраил халқы үшін және Жаратқан Иенің таңдап алатын жерінде орнатылатын құрбандық үстелі үшін отын жарып, су тасушы қызметшілер етіп қойды. Бұл күні бүгінге дейін солай.
Chapter 10
Josh Kaz 10:1  Иерусалим патшасы Адони-Седек те Ешуаның Айды жаулап алып, тас-талқан етіп қиратқанын естіген еді. Ол, сондай-ақ, Ешуаның Иерихон қаласы мен оның патшасына әрі Ай мен оның патшасына да істегені туралы да хабардар болды. Енді ол Гибеон тұрғындарының исраилдіктермен бейбітшілік келісімін жасап, олардың арасында тұрып жатқандарын да біліп алды.
Josh Kaz 10:2  Сонда Иерусалим патшасы және оның халқы қатты қорқып кетті. Себебі Гибеонның өзі патшасы бар қалалардың біріндей үлкен және тұрғындары Ай қаласынан да көп болатын. Гибеонның ер азаматтарының бәрі мықты да батыл жауынгерлер еді.
Josh Kaz 10:3  Сондықтан Иерусалим патшасы Адони-Седек Хеброн патшасы Хоғамға, Ярмут патшасы Пирамға, Лахыш патшасы Япияхқа және Еглон патшасы Дебірге мынадай сәлем жіберді:
Josh Kaz 10:4  «Өрлеп келіп, Гибеонға шабуыл жасауға қол ұшын берсеңіздер екен! Өйткені олар Ешуамен және Исраил халқымен бейбітшілік келісімін жасапты».
Josh Kaz 10:5  Сонымен аморлықтардың Иерусалим, Хеброн, Ярмут, Лахыш, Еглон қалаларының бес патшасы барлық жасақтарын жинап, Гибеонға аттандырды. Олар Гибеонның маңында қостарын тігіп, қалаға қарсы шабуыл жасады.
Josh Kaz 10:6  Гибеондықтар Ғылғалдағы қонысында тұрған Ешуаға хабар жіберіп: «Тақсыр, бізге, сіздің құлдарыңызға, қолғабыс беруден бас тартпасаңыз екен! Тезірек бізге жетіп, көмектесе көріңіз! Таулы аймақта тұратын аморлықтардың барлық патшалары бірігіп, бізге қарсы аттанып келді!» — деп өтінді.
Josh Kaz 10:7  Ешуа күллі жасақшыларын, барлық мықты да батыл жауынгерлерін ертіп алып, Ғылғалдан Гибеонға өрлеп барды.
Josh Kaz 10:8  Жаратқан Ие Ешуаны: «Бұлардан қорқушы болма! Мен оларды сенің қолыңа тапсырып қойдым. Ешқайсысы да саған қарсы тұра алмайды!» — деп жігерлендірген болатын.
Josh Kaz 10:9  Ешуа жасағымен түні бойы жедел жүріп отырып, жауларына тұтқиылдан бас салды.
Josh Kaz 10:10  Жаратқан Ие аморлықтарда Исраилден зор үрей туғызып, исраилдіктер Гибеонның маңында жауға қатты соққы берді. Оларды Бет-Хорон асуына апаратын жолдың бойымен қуа отырып, Әзека, Макед деген жерлерге жеткенге дейін көбін қырып тастады.
Josh Kaz 10:11  Жау Исраил жасағынан қашып, Бет-Хорон асуынан өтіп, төмен түсіп бара жатқан кезде, олар Әзекаға жеткенге дейін Жаратқан Ие үстеріне аспаннан үлкен бұршақ тастарды жаудырды. Исраилдіктердің семсерлерінен қаза тапқандардан гөрі аспаннан жауған бұршақтардан қырылғандар көбірек болды.
Josh Kaz 10:12  Жаратқан Ие аморлықтарды исраилдіктердің қолдарына тапсырған күні Ешуа бүкіл Исраил жасағының көз алдында Жаратқан Иеге сиынып: «Күн Гибеон үстінде тоқтай тұрсын, ай да Аялон аңғары үстінде аялдай тұрсын», — деп мінажат етті.
Josh Kaz 10:13  Сонда халық жауларын жазалап болғанға дейін күн мен ай тоқтап тұрды. Бұл оқиға жайында «Яшардың кітабында» жазылған.Сол кезде күн дәл төбеде тұра қалып, шамамен бір күн бойы батуға асықпады.
Josh Kaz 10:14  Жаратқан Иенің пенденің сөзіне құлақ асып, оның айтқанын осылайша орындаған бұрын-соңды бірде-бір күн болған емес. Себебі шынымен Жаратқан Иенің Өзі Исраил үшін соғысты.
Josh Kaz 10:15  Ақыр соңында Ешуа Исраилдің бүкіл жасағымен Ғылғалдағы ел қонысына қайта оралды.
Josh Kaz 10:16  Ал осы аралықта аморлықтардың жаңағы бес патшасы қашып кетіп, Макед үңгіріне барып тығылған болатын.
Josh Kaz 10:17  «Сол бес патша өздері тығылып жатқан Макед үңгірінен табылды» деген хабар Ешуаға жеткенде,
Josh Kaz 10:18  ол былай деп бұйырды: «Дәу тастарды үңгірдің аузына домалатып жауып тастап, күзетшілер қойыңдар!
Josh Kaz 10:19  Қалғандарың тоқтамай, жауларыңды қуып, артынан шабуылдаңдар! Олардың өз қалаларына кірулеріне жол бермеңдер! Құдайларың Жаратқан Ие оларды сендердің қолдарыңа тапсырып отыр!»
Josh Kaz 10:20  Осылайша Ешуа бастаған исраилдіктер аморлықтарға қатты соққы беріп, оларды талқандап жойды. Жаудың азғана адамы өздерінің бекіністі қалаларына қашып кетті.
Josh Kaz 10:21  Ал исраилдіктер Макед үңгірінің жанында қосын тіккен Ешуаға аман-есен қайта оралды. Бұдан былай оларға қарсы бір сөз айтуға ешкімнің де дәті бармады.
Josh Kaz 10:22  Ешуа: «Үңгірдің аузын ашып, сол бес патшаны үңгірден шығарып, алдыма алып келіңдер!» — деп бұйырды.
Josh Kaz 10:23  Жасақшылар солай істеді де, бес патшаны: Иерусалим, Хеброн, Ярмут, Лахыш, Еглон қалаларының патшаларын үңгірден шығарып, Ешуаның алдына алып келді.
Josh Kaz 10:24  Сол кезде Ешуа Исраилдің күллі ер адамдарын жинап алып, өзімен бірге аттанған қолбасшыларға: «Бері келіңдер, аяқтарыңды мына патшалардың мойындарына қойыңдар!» — деп бұйырды. Қолбасшылар жақындап келді де, аяқтарын солардың мойындарына қойды.
Josh Kaz 10:25  Ешуа оларға: «Еш нәрседен қорқып, уайымдамаңдар! Қайратты да батыл болыңдар! Сендерге қарсы соғысқан барлық жауларыңа да Жаратқан Ие солай істейді», — деді.
Josh Kaz 10:26  Содан соң Ешуа патшаларды өлтіріп, денелерін бес ағашқа ілгізіп, кешке дейін солай қалдырды.
Josh Kaz 10:27  Күн бата бастағанда Ешуаның бұйрығымен олардың сүйектері төменге түсіріліп, өздері тығылған үңгірге тасталды. Үңгірдің аузы дәу тастармен бекітілді. Сол тастар күні бүгінге дейін сонда.
Josh Kaz 10:28  Сол күні Ешуа Макед қаласын да басып алды. Ол қаланың патшасы мен тұрғындарының бәрін семсердің жүзімен қырып-жойып, бірде-бір тірі жан қалдырмады. Иерихонның патшасына істегенін ол Македтің патшасына да істеді.
Josh Kaz 10:29  Содан соң Ешуа Исраилдің бүкіл жасағын бастап Македтен шығып, Либнаға аттанып, оған шабуыл жасады.
Josh Kaz 10:30  Жаратқан Ие Либнаны да патшасымен бірге Исраилдің қолына тапсырды. Исраилдіктер қаланың патшасы мен барша тұрғындарын семсердің жүзімен қырып-жойып, бірде-бір тірі жан қалдырмады. Ешуа Иерихонның патшасына істегенін Либнаның патшасына да істеді.
Josh Kaz 10:31  Мұнан кейін Ешуа Исраилдің бүкіл жасағын бастап Либнадан шығып, Лахышқа аттанды да, қаланы қоршап, оған да шабуыл жасады.
Josh Kaz 10:32  Жаратқан Ие Лахышты исраилдіктердің қолына тапсырып, олар қалаға екінші күні ие болды. Содан олар Либнаның халқын семсердің жүзімен қырғандай, Лахыштың халқын да қырып-жойып, бірде-бір тірі жан қалдырмады.
Josh Kaz 10:33  Гәзердің патшасы Һорам Лахыш қаласына көмекке келе жатқан болатын. Ешуа оның жасағына қатты соққы беріп, бірде-бір тірі жан қалдырмады.
Josh Kaz 10:34  Содан Ешуа Исраилдің бүкіл қарулы күшін ертіп Лахыштан Еглонға аттанды. Олар сол қаланы да қоршап, оған шабуыл жасап,
Josh Kaz 10:35  сол күні ие болды. Лахышта істегеніндей ондағы барлық тірі жанды да семсердің жүзімен түгелдей қырып-жойды.
Josh Kaz 10:36  Бұдан кейін Ешуа Исраилдің бүкіл жасағын бастап Еглоннан Хебронға өрлеп барып, сол қалаға да шабуыл жасап,
Josh Kaz 10:37  ие болды. Олар оның патшасын да, қаланың өзіндегі және оған қарасты елді мекендердегі адамдарды да семсердің жүзімен қырып-жойды. Ешуа Еглонда істегеніндей, Хебронда да бірде-бір тірі жан қалдырмай, барлығын да жойып жіберді.
Josh Kaz 10:38  Содан соң Ешуа Исраилдің бүкіл жасағын ертіп, артқа бұрылды да, Дебир қаласына жетіп, оған шабуыл жасады.
Josh Kaz 10:39  Олар қаланы оған қарасты қалаларымен қоса иемденіп алды да, Дебирдің патшасын қолға түсіріп, барлық тұрғындарын бірде-бір тірі жан қалдырмастан семсердің жүзімен қырып-жойды. Ешуа Хеброн мен Либнаны патшаларымен қоса қалай жойған болса, Дебирді де патшасымен қоса дәл солай жойып жіберді.
Josh Kaz 10:40  Осылай Ешуа бүкіл елді: таулы аймақтардың, оңтүстіктегі иен даланың, батыстағы төменгі қыраттардың және тау беткейлерінің тұрғындары мен олардың патшаларын жеңіп шықты. Ешуа бірде-бір тірі жан қалдырған жоқ, Исраилдің Құдай Иесі әмір еткендей, барлығын толығымен жойды.
Josh Kaz 10:41  Ешуа оларды Қадеш-Барниден Газаға дейінгі аралықта, бүкіл Гөшен аймағында және сол жерден Гибеонға дейінгі аралықта тізе бүктірді.
Josh Kaz 10:42  Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие Исраил үшін Өзі соғысып жүргендіктен, Ешуа осы барлық патшалар мен олардың жерін бір жорықта-ақ қолға түсірді.
Josh Kaz 10:43  Бұдан соң Ешуа Исраилдің бүкіл жасағымен бірге өздерінің Ғылғалдағы қонысына қайта оралды.
Chapter 11
Josh Kaz 11:1  Солтүстіктегі Хасор қаласының патшасы Ябин оңтүстік қалаларының күйрегендері туралы естігенде, мына патшалар мен халықтарға жедел хабар жіберді: Мадонның патшасы Жобабқа, Шимрон мен Ахшаптың патшаларына,
Josh Kaz 11:2  әрі солтүстіктегі таулы аймақта, Кінерет көлінің оңтүстігіндегі Иорданның алқабында, батыстағы төменгі қыраттарда және батыс жақтағы таулы Дорда билік құрған патшаларға,
Josh Kaz 11:3  сондай-ақ, шығыс пен батыс қанахандықтарға, аморлықтарға, хеттіктерге, перездіктерге, таудағы ебустіктерге және Хермон тауының етегіндегі Миспаның маңында тұратын хевтіктерге. (Осылардың бәріне Ябин патша хабар жіберіп оларды Исраил халқына қарсы соғысуға шақырды.)
Josh Kaz 11:4  Сонда бұл патшалар барлық сарбаздарын әрі көптеген аттары мен соғыс күймелерін ертіп шайқасқа аттанды. Олардың жасақтары жиналғанда саны теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай шексіз көп болды.
Josh Kaz 11:5  Осы патшалардың бәрі Исраилге қарсы шайқасу үшін Мером су көздерінің маңында жиналып, қостарын тікті.
Josh Kaz 11:6  Жаратқан Ие Ешуаға тіл қатып былай деді: «Олардан қорқушы болма! Ертең осы уақытта Мен Өзім осылардың барлығын Исраилдің алдында қырып-жоямын. Олардың аттарының тілерсектерін қиып, соғыс күймелерін өртеп жібер!»
Josh Kaz 11:7  Содан Ешуа барлық жасақшыларын ертіп Мером су көздеріне аттанып, сол жауларынан тұтқиылдан тап берді.
Josh Kaz 11:8  Жаратқан Ие оларды Исраилдің қолына тапсырып, исраилдіктер оларға күйрете соққы берді; оларды үлкен Сидон қаласына дейін, әрі Мисрепот-Майымға және шығыстағы Миспа аңғарына дейін қуып барып, бірде-бір тірі жан қалдырмай қырып-жойды.
Josh Kaz 11:9  Ешуа Жаратқан Иенің айтқанын жүзеге асырып олардың аттарының тілерсектерін қиып, соғыс күймелерін өртеп жіберді.
Josh Kaz 11:10  Мұнан кейін Ешуа кері бұрылып, Хасор қаласын қолға түсіріп, патшасын семсермен өлтірді. Себебі Хасор (Исраилге қарсы соғысқан) осы патшалықтардың басы болған еді.
Josh Kaz 11:11  Исраилдіктер бүкіл қала тұрғындарын бірде-бір тірі жан қалдырмай семсердің жүзімен қырып-жойып, Хасор қаласын түгелдей өртеп жіберді.
Josh Kaz 11:12  Сонымен қатар Ешуа сол өзге патшаларды және олардың қалаларының бәрін де қолға түсірді. Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса бұйырғандай, Тәңір Иенің қарғысына ұшыраған оларды семсердің жүзімен қырып-жойды.
Josh Kaz 11:13  Ал исраилдіктер төбе бастарында орналасқан бұл қалалардың тек Ешуа өртеп жіберген Хасордан басқа ешқайсысын өртеген жоқ.
Josh Kaz 11:14  Исраилдіктер сол қалалардың мал-мүлкін олжалады, бірақ олардың адамдарын бірде-бір тірі жан қалдырмай семсердің жүзімен құртты.
Josh Kaz 11:15  Жаратқан Ие Өзінің қызметшісі Мұсаға бұйырғандарды Мұса Ешуаға тапсырған еді. Ешуа соларды жүзеге асырып, Жаратқан Иенің Мұсаға берген бірде-бір бұйрығын орындаусыз қалдырған жоқ.
Josh Kaz 11:16  Осылай Ешуа мына елдің барлығын да қолға түсірді: (Яһудадағы) таулы жерді, оңтүстіктегі Негевте орналасқан күллі елсіз даланы, (соның шығыс жағындағы) Гөшен қаласының бүкіл жерін, батыстағы төменгі қыраттарды, Иорданның алқабын, (солтүстік) Исраилдің таулы аймағы мен төменгі қыраттарын.
Josh Kaz 11:17  Бұл жер (оңтүстіктегі) Сейірге қарай өрлеп баратын жолдағы Халақ тауынан бастап, Хермон тауының түбінде орналасқан Ливан аңғарындағы Бағал-Ғадқа дейін созылды. Ешуа ондағы барша патшаларды қолға түсіріп, көздерін құрту үшін,
Josh Kaz 11:18  олармен ұзақ уақыт соғыс жүргізді.
Josh Kaz 11:19  Гибеон қаласын мекендейтін хевтіктерден басқа бірде-бір қала исраилдіктермен бейбітшілік келісімін жасаған жоқ. Өзге қалалардың барлығы күшпен алынды,
Josh Kaz 11:20  өйткені Жаратқан Иенің Өзі жүректерін қасарыстырып қойғандықтан, олар Исраилге қарсы соғысқа шықты. Олар Жаратқан Иенің қарғысына ұшыраған соң, Оның Мұсаға бұйырғанына сай ешқандай аяусыз қырылып-жойылуға тиіс болды.
Josh Kaz 11:21  Сол уақытта Ешуа (жасақшыларын ертіп) Хеброн, Дебир, Анаб қалаларының таулы аймағы және Яһуда мен Исраилдің барлық басқа тауларына аттанды да, сонда тұратын Анақтың алып ұрпақтарының көзін құртты. Исраилдіктер Тәңір Иенің қарғысына ұшыраған солардың өздерін де, қалаларын да қырып-жойды.
Josh Kaz 11:22  Содан исраилдіктердің жерінде Анақтың ұрпақтарының ешқайсысы қалмай, тек Газа, Ғат пен Азот қалаларында тұратындары ғана тірі қалды.
Josh Kaz 11:23  Осылай Ешуа Жаратқан Иенің Мұсаға бұйырғандарының барлығына сәйкес бүкіл елді иемденіп алды. Оны исраилдіктерге өздері жататын рулары бойынша мұралық меншіктеріне үлестіріп берді.Сонымен соғыс бітіп, елде тыныштық орнады.
Chapter 12
Josh Kaz 12:1  Исраилдіктердің бұған дейін жеңіп шығып, Иорданның шығыс жағындағы Арнон аңғарынан Хермон тауына дейін, Иорданның алқабының шығыс жағындағы иен даланы қосқандағы жерлерін иемденіп алған патшалар мыналар:
Josh Kaz 12:2  алғашқысы аморлықтардың Хешебонда тұрған патшасы Сихон еді. Ол Арнон аңғарының шетіндегі Арогерден және сол аңғардың ортасындағы қаладан бастап, аммондықтардың шекарасындағы Ябок өзеніне дейінгі аралықта билік құрды. Бұл аймақ — Ғилақад өлкесінің жартысы.
Josh Kaz 12:3  Сихон, сондай-ақ, (солтүстіктегі) Ғалилея (Кінерет) көлінің батыс жағалауынан бастап, (оңтүстіктегі) Өлі теңізге, яғни Тұзды теңізге, дейінгі аралықта, әрі Бет-Ешимотқа, оңтүстікте орналасқан Писга тауының етегіне қарай созылған Иордан алқабына билік жүргізді.
Josh Kaz 12:4  Екіншісі Башанның патшасы Ог еді. Ол рафалықтар әулетінің соңғыларының бірі еді. Огтың басты қалалары Аштарот пен Едірей болатын.
Josh Kaz 12:5  Ог патша Хермон тауы мен Салхаға, гешурліктер мен махалықтардың жеріне дейінгі бүкіл Башан аймағына және Хешебон патшасы Сихонның жерімен шекаралас жатқан Ғилақад өлкесінің жартысына билік құрған еді.
Josh Kaz 12:6  Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса мен Исраил халқы осы екі патшаны жеңіп шыққаннан кейін Мұса осы жерді Рубен мен Ғад руларына және Манаса руының жартысына мұралық меншікке үлестіріп берді.
Josh Kaz 12:7  Ал Ешуа мен исраилдіктер Иорданның батыс жағында жеңген патшалардың жерлері (солтүстіктегі) Ливан аңғарындағы Бағал-Ғадтан бастап, (оңтүстіктегі) Сейірге қарай өрлеп баратын жолдағы Халақ тауына дейінгі аралықта орналасқан болатын. Ешуа солардың жерлерін Исраилдің өзге руларына үлестіріп берді.
Josh Kaz 12:8  Сол жерлер мыналар: таулы аймақ, батыстағы төменгі қыраттар, Иорданның алқабы, тау беткейлері, (Яһудадағы) елсіз дала, оңтүстіктегі иен дала (Негев), яғни хеттіктер, аморлықтар, қанахандықтар, перездіктер, хевтіктер және ебустіктердің жерлері.
Josh Kaz 12:9  Сонымен Исраил жеңіп шыққан патшалардың қалалары мыналар, әрбір қаланың бір-бірден патшасы болды: Иерихон, Бетел маңындағы Ай,
Josh Kaz 12:22  Кедес, Қармил тауының түбіндегі Жоқнеам,
Josh Kaz 12:23  таулы Дор жеріндегі Дор, Ғылғалдағы Ғойым
Josh Kaz 12:24  және Тирса. Барлық патшалардың ұзын саны отыз бір.
Chapter 13
Josh Kaz 13:1  Ешуаның жасы келіп, қартайған кезінде Жаратқан Ие оған тіл қатып былай деді:— Жасың ұлғайып, қартайып келесің. Ал елдің исраилдіктер иемденбеген жері әлі де көп.
Josh Kaz 13:2  Иемдену қажет аймақтар мыналар: біріншіден, філістірлер мен гешурліктердің жерлері:
Josh Kaz 13:3  Мысырдың шығыс жағындағы Шихор өзенінен Әкронның солтүстігіндегі шекарасына дейін созылған аймақ, ол қанахандықтардың жері болып саналады. Філістірлердің бес әміршісі билік жүргізген Газа, Азот, Ашкелон, Ғат, Әкрон атты қалалары әрі оңтүстіктегі ауилықтардың жері де осы аймаққа кіреді.
Josh Kaz 13:4  Сондай-ақ, қанахандықтардың (солтүстіктегі) бүкіл жері, сидондықтарға тиісті Меарадан аморлықтарға тиесілі Әфектің шегіне дейінгі өлке,
Josh Kaz 13:5  гебалдықтардың жері, Хермон тауының етегіндегі Бағал-Ғадтан Лебо-Хаматқа дейінгі бүкіл шығыс Ливан
Josh Kaz 13:6  және Ливаннан Мисрепот-Майымға дейінгі таулы аймақтың күллі тұрғындары әрі барлық сидондықтар мекендеген жер де әлі иемделінген жоқ. Мен Өзім бұларды Исраилдің үрім-бұтағының алдынан қуып шығамын. Менің өзіңе бұйырғаныма сай, сен міндетті түрде осы елді исраилдіктерге мұралық меншікке үлестіріп бер.
Josh Kaz 13:7  Сонымен осы елді тоғыз руға және Манаса руының жартысына мұралық меншікке үлестіріп бер.
Josh Kaz 13:8  Манаса руының екінші жартысына және Рубен, Ғад руларына мұралық жерлері Жаратқан Иенің қызметшісі Мұсаның үлестіргеніне сай Иордан өзенінің арғы, шығыс жағынан тиді.
Josh Kaz 13:9  Бұл жер Арнон аңғарының шетіндегі Арогерден және сол аңғардың ортасындағы қаладан басталды. Ол Медебадан әрі қарай орналасқан Дибон қаласына дейін созылған бүкіл жон даланы,
Josh Kaz 13:10  сонымен қатар аморлықтардың Хешебонда билік құрған патшасы Сихонның қарамағында болған, аммондықтардың шекарасына дейін орналасқан күллі қалаларын да қамтыды.
Josh Kaz 13:11  Сондай-ақ, Ғилақадты, гешурліктер мен махалықтардың бүкіл аймағын, Хермон тауы мен Салхаға дейінгі барлық Башан аймағын,
Josh Kaz 13:12  яғни Аштарот пен Едірейде Башан жеріне билік құрған Огтың бүкіл патшалығын, қамтыды. Ог Рафаның ұрпақтары деп аталатын алыптар нәсілінен қалған соңғы адамдардың бірі еді. Мұса оларды да жеңіп, елден аластатқан болатын.
Josh Kaz 13:13  Ал гешурліктер мен махалықтарды исраилдіктер қуып шығарған жоқ, олар әлі күнге дейін Исраил елімен бірге тұрып келді.
Josh Kaz 13:14  Тек Леуі руына Мұса мұралық жер берген жоқ. Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие уәде еткендей, Өзіне ұсынылған құрбандықтардың арнайы бөліктері леуіліктерге тиісті мұралық үлес болады.
Josh Kaz 13:15  Мұса Рубен руына әулеттері бойынша үлестіріп берген жер мынау:
Josh Kaz 13:16  Арнон аңғарының шетіндегі Арогер қаласынан және аңғардың ортасындағы қаладан басталып, Медеба маңындағы бүкіл жон дала,
Josh Kaz 13:17  Хешебон мен оның жон далада орналасқан барлық қалалары: Дибон, Бамот-Бағал, Бет-Бағал-Меон,
Josh Kaz 13:19  Кириятаим, Сибма, аңғардағы төбеде орналасқан Серет-Шахар және
Josh Kaz 13:20  Бет-Пеғор қалалары, сонымен қатар Писга тауының етектері және Бет-Ешимот.
Josh Kaz 13:21  Осылайша жон даладағы барлық қалалар әрі аморлықтардың Хешебонда билік құрған патшасы Сихонның бүкіл патшалығы Рубен руына берілді.Мұса кезінде Сихон патшаны және сол елде тұрып жатқан мадияндықтардың Еуи, Рекем, Сур, Хур және Реба деген көсемдерін жеңген болатын.
Josh Kaz 13:22  Исраилдіктер шайқаста жеңіп шыққан бұл жауларына қоса, сәуегейшілікпен айналысатын Беғор ұлы Балағамның да көзін құртты.
Josh Kaz 13:23  Рубендіктерге бөлінген жердің батыс шекарасы — Иордан өзені. Сонымен Рубеннің ұрпақтарына әулеттері бойынша мұралық меншікке берілген жер, міне, осы қалалар мен оларға қарасты елді мекендерді қамтыды.
Josh Kaz 13:24  Мұса Ғад руына әулеттері бойынша үлестіріп берген жер мынау:
Josh Kaz 13:25  Жазер аймағы, Ғилақад аймағындағы барлық қалалар және Рабба қаласының алдындағы Арогерге дейінгі Аммон елі,
Josh Kaz 13:26  Хешебоннан Рамат-Миспа мен Бетонимге дейінгі және Маханайымнан Дебирдің шекарасына дейінгі жер,
Josh Kaz 13:27  әрі аңғардағы Бет-Ғарам, Бет-Нимра, Соқот, Сафон әрі Хешебон патшасы Сихонның билігінің қалған бөлігі. Бұлар Иорданның шығыс жағында, Кінерет (яғни Ғалилея) көліне дейін созылған аймақта орналасқан.
Josh Kaz 13:28  Осылайша ғадтықтарға әулеттері бойынша мұралық меншікке берілген жер осы қалаларды әрі оларға қарасты елді мекендерді қамтыды.
Josh Kaz 13:29  Мұса Манаса руының жартысына әулеттері бойынша үлестіріп берген жер мынау:
Josh Kaz 13:30  Маханайымнан бастап, бүкіл Башан аймағын, Башанның патшасы Огтың билігіндегі барша жерді және Башандағы Жайыр қоныстарын, барлығы алпыс қаланы қамтитын аймақ,
Josh Kaz 13:31  бұған қоса Ғилақад аймағының жартысы, Аштарот және Едірей. Бұлар Ог патшаның Башандағы басты қалалары болған еді. Осы жер Манаса ұлы Махырдың үрім-бұтағының жартысына әулеттеріне сай үлестірілді.
Josh Kaz 13:32  Сонымен халық Иерихонға қарама-қарсы, Иорданның шығыс жағындағы Моабтың елсіз алқаптарында болғанда Мұса пайғамбар үлестірген мұралық жерлер, міне, осылар.
Josh Kaz 13:33  Ал Леуі руына Мұса мұралық меншікке жер берген жоқ. Өйткені Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің уәдесіне сай, олардың «мұралық үлесі» Оның Өзі болды.
Chapter 14
Josh Kaz 14:1  Қанахан елінде исраилдіктер мына жерлерді мұралық меншікке қабылдап алды. Соларды оларға діни қызметкер Елазар, Нұн ұлы Ешуа және Исраилдің рубасылары үлестірді.
Josh Kaz 14:2  Жаратқан Ие Мұса арқылы бұйырғандай, тоғыз руға және тағы бір рудың жартысына мұралық жерлері жеребе тасталып белгіленді.
Josh Kaz 14:3  Себебі Мұса кезінде екі руға және басқа бір рудың жартысына мұралық жерлерін Иорданның шығыс жағынан белгілеген болатын. Ал леуіліктерге ол осы рулар қатарлы мұралық жер бөліп берген жоқ.
Josh Kaz 14:4  Жүсіптен екі ру: Манаса мен Ефрем тараған еді. Сонымен леуіліктерге елден өздерінің мұралық аймағы үлестірілмей, тек тұруға қалалар және малдарын бағуға жайылымдар ғана бөлінді.
Josh Kaz 14:5  Осылайша исраилдіктер Жаратқан Иенің Мұса арқылы бұйырғанына сәйкес елді бөліп алды.
Josh Kaz 14:6  Бірде Яһуда руының біраз адамы Ғылғалда Ешуаға жақындап келді. Сонда араларындағы Кенез ұрпағы Ефунне ұлы Халеп оған былай деді:— Құдайдың таңдаған адамы Мұсаға Жаратқан Ие сіз екеуіміз туралы Қадеш-Барнидің маңында не дегенін өзіңіз жақсы білесіз.
Josh Kaz 14:7  Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса мені Қадеш-Барниден елді барлап келуге жібергенде қырық жаста болатынмын. Елді барлап, көріп-білгенімді шынайы айтып келдім.
Josh Kaz 14:8  Барлауға бірге өрлеп барған басқа бауырластарымыздың айтып келген сөздері халықтың зәре-құтын ұшырды. Ал мен Құдайым Жаратқан Иенің жолымен толығымен жүрдім.
Josh Kaz 14:9  Сондықтан да сол күні Мұса маған мынадай уәде еткен еді: «Сен Құдайым Жаратқан Иеге толықтай сенімді болғандығыңнан, сенің аяқ басып келген жерің өзіңнің және ұрпақтарыңның тұрақты меншігі болады».
Josh Kaz 14:10  Ал енді, Мұсаның осыны айтқанынан бері қырық бес жыл өтті. Алайда біздер — Исраил халқы айдаланы кезіп жүрген осы уақыт бойы Жаратқан Ие Өзінің уәдесі бойынша мені аман-есен сақтап келді. Міне, жасым сексен беске келсе де, алдыңызда тұрмын.
Josh Kaz 14:11  Мұса мені елді барлауға жіберген кездегідей қазір де мықтымын. Сол кездегідей қазір де шайқасқа шығып, соғысуға әлім жетеді.
Josh Kaz 14:12  Сізден өтінерім: Жаратқан Ие сол кезде уәде еткен таулы аймақты маған табыстай көріңіз! Кезінде сіз Жаратқан Иенің берген уәдесін өзіңіз естігенсіз. Бұл жерді Анақтың ұрпақтары мекендейді, олардың қалалары үлкен және күшті бекітілген. Алайда Жаратқан Ие Өзі айтқандай маған жар болса, оларды қуып шыға аламын.
Josh Kaz 14:13  Сонда Ешуа Ефунне ұлы Халепке батасын беріп, оған мұралық меншік ретінде Хеброн қаласын табыстады.
Josh Kaz 14:14  Сол заманнан бері күні бүгінге дейін Хеброн қаласы Кенез ұрпағы Ефунне ұлы Халепке тиісті. Себебі ол Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге шын жүректен адал болған еді.
Josh Kaz 14:15  Хеброн қаласы бұрын Анақ ұрпақтарының ішіндегі Арба деген ең алып адамның атымен Кирият-Арба деп аталатын.Осылайша соғыс бітіп, елде тыныштық орнады.
Chapter 15
Josh Kaz 15:1  Яһуда руына әулеттері бойынша үлестірілген жер ең оңтүстікте Едом елімен шектесіп, Сін атты елсіз далаға қарай созылады.
Josh Kaz 15:2  Яһуданың оңтүстік шекарасы Өлі теңіздің оңтүстігіндегі шығанақтан басталып,
Josh Kaz 15:3  содан Шаяндар асуының оңтүстік жағымен өтіп, Сін даласына дейін, сол арқылы Қадеш-Барни қаласынан оңтүстікке қарай жалғасады. Осыдан шекара Хесрон арқылы Адарға көтеріліп, одан Қарқаға бұрылып,
Josh Kaz 15:4  Асмонға жетіп, одан әрі Мысырмен шекарадағы өзеннің бойымен жүріп, Жерорта теңізінің жағасында аяқталады. Яһуда руының оңтүстік шекарасы осындай.
Josh Kaz 15:5  Шығыстағы шекара Өлі теңіздің бойымен Иорданның оған құятын атырауына дейін созылады. Яһуданың солтүстік шекарасы Иордан атырауындағы теңіз шығанағынан басталып,
Josh Kaz 15:6  Бет-Хоғылаға дейін көтеріліп, Бет-Арабаның солтүстік жағынан өтіп, «Боханның тасы» деген жерге дейін ұласады. Бохан Рубеннің ұлы еді.
Josh Kaz 15:7  Содан шекара Ахор аңғарынан Дебирге көтеріліп, солтүстікке қарай Ғылғалға бұрылады. Ғылғал тасқынды аңғардың оңтүстік жағындағы Адумим асуына қарама-қарсы орналасқан. Осыдан шекара Ен-Шәміш бұлағына дейін созылып, Ен-Рогелге жетеді.
Josh Kaz 15:8  Бұдан соң шекара ебустіктердің (кейінірек) Иерусалим деп аталған қаласы орналасқан төбенің оңтүстігіндегі Бен-Хенном аңғарының бойымен өрлеп, осы аңғардың батысындағы, Рефаим аңғарының солтүстік шетіндегі төбенің басына көтеріледі.
Josh Kaz 15:9  Шекара осы төбе басынан Нептоғах су көзіне жетіп, Ефрон тауындағы қалаларға дейін ұласады. Сол жерден ол Бағалахқа, яғни, Кирият-Иғарымға қарай бұрылады.
Josh Kaz 15:10  Бұдан кейін шекара Бағалахтан батысқа, Сейір тауына қарай иіліп, Иғарым, яғни, Кесалон тауының солтүстік беткейімен өтіп, Бет-Шәмішке төмендеп, Тимна арқылы өтеді.
Josh Kaz 15:11  Содан шекара Әкронның солтүстік беткейімен өтіп, Шикеронға қарай бұрылып, Бағалах тауы арқылы өтіп, Ябниелге жетеді, одан әрі Жерорта теңізіне келіп тіреледі.
Josh Kaz 15:12  Батыс шекарасы — сол теңіздің жағалауы.Яһуда руына әулеттері бойынша үлестірілген жердің айнала шекарасы осындай.
Josh Kaz 15:13  Ешуа Жаратқан Иенің өзіне берген бұйрығы бойынша Ефунне ұлы Халепке Яһуда руының жерінен жеке үлес берді. Атап айтқанда, оған Кирият-Арбаны, яғни Хебронды, белгіледі. Қаланың атындағы Арба деген есім алып Анақтың атасын білдірген.
Josh Kaz 15:14  Халеп (әулетінің ер адамдарын ертіп) Хеброннан Анақтың Шешай, Ахиман, Талмай есімді үш алып ұрпағын қуып шықты.
Josh Kaz 15:15  Сол жақтан ол Дебир қаласының тұрғындарына қарсы өрлеп аттанды. Дебир бұрынырақ Кирият-Сефер деп аталатын.
Josh Kaz 15:16  Халеп: «Кирият-Сеферге шабуыл жасап, оны иемденіп алған адамға мен қызым Ахсаны қосамын», — деп уәде етті.
Josh Kaz 15:17  Халептің інісі, Кеназдың ұлы Отниел сол қаланы иемденіп алды. Содан Халеп Отниелге қызы Ахсаны қосты.
Josh Kaz 15:18  Оған ұзатылар кезде Ахса Отниелді қайын атасынан егістік жер сұрап алуға көндірді. Мұнан кейін қызы келіп, есегінен түсіп жатқанда, Халеп оған:— Қандай бұйымтайың бар? — деді.
Josh Kaz 15:19  Қызы:— Бір айрықша жақсылық жасай көріңізші. Маған оңтүстіктегі сусыз даланы сыйлап отырсыз. Енді соған қоса су көздерін де берсеңіз екен, — деп өтінді. Сонда Халеп Ахсаға Жоғарғы және Төменгі деп аталатын су көздерін де сыйлады.
Josh Kaz 15:20  Яһуда руына әулеттері бойынша үлестірілген жер төмендегідей болды.
Josh Kaz 15:21  Яһуда руының ең оңтүстікте Едом еліне жақын орналасқан қалалары мыналар: Кәбісел, Едер, Ягур,
Josh Kaz 15:25  Хасор-Хадата, Кериот-Хесрон, яғни Хасор,
Josh Kaz 15:27  Хасар-Ғада, Хешмон, Бет-Пәлет,
Josh Kaz 15:28  Хасар-Шуал, Бер-Шеба, Бизиотея,
Josh Kaz 15:31  Сикеләг, Мадманах, Сансанна,
Josh Kaz 15:32  Лебаот, Шилхим, Аин және Риммон. Сол аймақта Яһудаға барлығы жиырма тоғыз қала әрі оларға қарасты елді мекендер үлестірілді.
Josh Kaz 15:33  Батыстағы төменгі қыраттарда: Ештағол, Сора, Ашна,
Josh Kaz 15:34  Заноах, Ен-Ғанним, Таппуах, Енам,
Josh Kaz 15:35  Ярмут, Адуллам, Сохо, Әзека,
Josh Kaz 15:36  Шағараим, Адитаим, Гедера, яки Гедеротаим — он төрт қала әрі оларға қарасты елді мекендер;
Josh Kaz 15:37  Сенан, Хадаша, Мигдал-Ғад,
Josh Kaz 15:41  Гедерот, Бет-Дагон, Нағама және Макед — он алты қала мен оларға қарасты елді мекендер;
Josh Kaz 15:44  Кеил, Ахзиб, Мареша — тоғыз қала әрі оларға қарасты елді мекендер;
Josh Kaz 15:45  Әкрон мен оған қарасты елді мекендер мен қоныстар,
Josh Kaz 15:46  Әкроннан батыстағы теңізге қарай Азот қаласының маңындағы қалалар мен олардың айналаларындағы елді мекендер;
Josh Kaz 15:47  Азотқа қарасты елді мекендер мен қоныстар, Газа әрі оған қарасты, Мысырмен шекарадағы тасқынды аңғар мен Жерорта теңізінің жағалауына дейінгі аралықта орналасқан елді мекендер мен қоныстар;
Josh Kaz 15:48  таулы аймақта: Шамир, Ятир, Сохо,
Josh Kaz 15:49  Данах, Кирият-Санна, яғни Дабыр,
Josh Kaz 15:51  Гөшен, Холон мен Ғило — он бір қала әрі оларға қарасты елді мекендер;
Josh Kaz 15:54  Хумта, Кирият-Арба, яғни Хеброн, Сиор — тоғыз қала әрі оларға қарасты елді мекендер;
Josh Kaz 15:57  Қайын, Гибея, Тимна — он қала әрі оларға қарасты елді мекендер;
Josh Kaz 15:59  Мағарат, Бет-Анот, Елтекон — алты қала әрі оларға қарасты елді мекендер;
Josh Kaz 15:60  Кирият-Бағал, яғни Кирият-Иғарым мен Рабба — екі қала әрі оларға қарасты елді мекендер;
Josh Kaz 15:61  иен далада: Бет-Араба, Міддин, Сеқаха,
Josh Kaz 15:62  Нибшан, Тұз қаласы (Ир-Мелах) және Ен-Геди — алты қала әрі оларға қарасты елді мекендер.
Josh Kaz 15:63  Яһуда руының адамдары Иерусалимде тұратын ебустіктерді қуып шығара алмады, содан ебустіктер осы күнге дейін Яһуданың адамдарымен бірге тұрып келеді.
Chapter 16
Josh Kaz 16:1  Жүсіптің үрім-бұтағына бөлінген мұралық жердің (оңтүстік) шекарасы Иерихон қаласының маңындағы Иордан өзенінен, Иерихонның шығыс жағындағы су көздерінен басталып, елсіз дала арқылы өтіп, Бетел төңірегіндегі таулы өлкеге дейін көтеріліп барады.
Josh Kaz 16:2  Содан соң шекара Бетелден, яғни Луздан, архиліктердің жеріндегі Атаротқа дейін созылады.
Josh Kaz 16:3  Одан батысқа, яфлеттіктердің жеріне қарай бұрылып, Төменгі Бет-Хорон мен Гәзер қалаларына дейін ұласып, содан Жерорта теңізіне барып тіреледі.
Josh Kaz 16:4  Осылайша Жүсіптің ұлдары Манаса мен Ефремнен тараған екі ру мұралық жерлеріне ие болды.
Josh Kaz 16:5  Ефрем руына әулеттері бойынша үлестірілген жері мынау: оның шекарасы шығыстағы Атарот-Адардан басталып, Жоғарғы Бет-Хоронға дейін созылып,
Josh Kaz 16:6  теңізге қарай бұрылады. Сол жердің солтүстігінде Михметах орналасқан. Содан шекара шығысқа Тағанат-Шилоға қарай бұрылыс жасап, Янохтың шығыс жағынан өтеді де,
Josh Kaz 16:7  Янохтан Атарот пен Нағаратқа қарай төмендеп, Иерихонға жетіп, Иордан өзеніне келіп тіреледі.
Josh Kaz 16:8  Енді шекара Таппуах деген жерден батысқа қарай Қанах жылғасына дейін барып, содан теңізге келіп тіреледі.
Josh Kaz 16:9  Ефрем руына әулеттері бойынша үлестірілген мұралық жер, міне, осы. Сонымен қатар оған Манаса руына үлестірілген жерде орналасқан, бірақ ефремдіктерге жататын қалалар мен оларға қарасты елді мекендер де кіреді.
Josh Kaz 16:10  Ефремдіктер Гәзер қаласын мекендейтін қанахандықтарды қаладан қуып шығара алмады. Сондықтан осы қанахандықтар әлі күнге дейін олардың арасында тұрып, Ефрем руына қызмет көрсетіп келеді.
Chapter 17
Josh Kaz 17:1  Ал енді, Жүсіптің тұңғышы Манасадан тараған рудың жартысына үлестірілген жер мынау: Махыр әулеті батыл жауынгерлер болғандықтан, оларға (Иорданның шығыс жағындағы) Ғилақад пен Башан аймақтары иемденуге берілген еді.
Josh Kaz 17:2  Манасаның қалған ұрпақтарына (Иорданның батыс жағында) әулеттері бойынша мұралық жер үлестірілді. Манасаның еркек кіндікті ұрпақтарынан Әбиезер, Хелек, Асриел, Сихем, Хефер, Шемида әулеттері тарады.
Josh Kaz 17:3  Ал Манасаның шөпшегі, Махырдың шөбересі, Ғилақадтың немересі, Хефер ұлы Салопахадта ұл болмай, Махла, Ноға, Хоғла, Мылқа, Тирса атты қыздары ғана болды.
Josh Kaz 17:4  Бұлар діни қызметкер Елазардың, Нұн ұлы Ешуаның және елдің басқа да басқарушыларының алдына келіп: «Ағайындарымызға берілгендей, мұралық жер бізге де берілсін деп Жаратқан Ие Мұсаға бұйырған еді ғой», — деді. Осылайша Жаратқан Иенің бұйрығына сай, оларға мұралық жер әкелерінің еркек кіндікті туысқандары қатарлы берілді.
Josh Kaz 17:5  Сонымен Манаса руының жері Иордан өзенінің арғы шығыс жағындағы Ғилақад пен Башан аймақтарына қоса тағы Қанахан елінің ішіндегі он аймақтан да тұратын болды.
Josh Kaz 17:6  Себебі Манасаның сол бес немене қызы еркек кіндікті туысқандары секілді мұралық жерге ие болды. Ғилақад аймағы Манасаның басқа ұрпақтарының үлесіне тиген еді.
Josh Kaz 17:7  Манаса руының шекарасы Аширден Сихемнің шығысындағы Михметахқа дейінгі аралықты алып жатады. Содан соң шекара оңтүстікке, Ен-Таппуахтың тұрғындарына қарай бұрылады.
Josh Kaz 17:8  Таппуах аймағы Манаса руына, ал Манасаның шекарасындағы Таппуах қаласы Ефрем руына жатады.
Josh Kaz 17:9  Бұл жерден шекара Қанах жылғасына, сол жылғаның оңтүстік жағына қарай бұрылады. Мұндағы қалалар Манасаның қалаларының арасында орналасса да, Ефрем руына жатады. Содан Манаса руының шекарасы жылғаның солтүстік жағымен жүріп отырып, теңізге келіп тіреледі.
Josh Kaz 17:10  Оңтүстік жақтағы жер Ефремдікі, ал солтүстіктегісі Манасанікі. Манаса руының жерінің бір шеті теңізбен ұласып жатса, солтүстігінде Ашир, шығысында Исашар руларының жерлерімен шектеседі.
Josh Kaz 17:11  Ал Исашар мен Ашир руларының ішіндегі Бет-Шан, Ибелам, Дор, Ендор, Тағанах, Мегидо қалаларының тұрғындары және айналаларындағы елді мекендер Манаса руына жатуға тиіс. Осындағы Дор қаласының Нафот деген қосымша аты бар.
Josh Kaz 17:12  Бірақ манасалықтар бұл қалаларды қолға түсіре алмады, сондықтан оларда қанахандықтар әлі де тұрып келеді.
Josh Kaz 17:13  Исраилдіктер күшейіп алған кезде қанахандықтарды өздеріне міндетті жұмыс істеп, қызмет көрсетуге мәжбүрледі, бірақ оларды елден түгелдей қуып жібермеді.
Josh Kaz 17:14  Жүсіптен тараған екі рудың басшылары Ешуаға тіл қатып:— Сіз неге бізге елден бір ғана үлес, бір ғана мұралық жер беріп отырсыз? Жаратқан Ие жарылқап, біз үлкен ел болып отырмыз ғой, — деді.
Josh Kaz 17:15  Ешуа оларға:— Үлкен ел екенсіңдер, Ефремнің таулы аймағы сендерге тарлық қылады екен. Онда перездіктер мен рафалықтар тұрып жатқан орманды аймаққа көтеріліп барып, орманды кесіп, өздеріңе жер тазартып дайындап алыңдар, — деп жауап берді.
Josh Kaz 17:16  Ал Жүсіп руының адамдары:— Таулы аймақтың бізге жеткіліксіз екені рас, әрі төменгі жазықты, Бет-Шанды және Ізрел алқабын мекендейтін барлық қанахандықтардың темір соғыс күймелері бар емес пе? — деп жауап қайырды.
Josh Kaz 17:17  Сонда Ешуа Жүсіптің үрім-бұтағы — Ефрем мен Манаса руларына:— Сендер үлкен елсіңдер, күш-қуаттарың да мол. Сендерге тиер үлес тек біреу ғана болмайды,
Josh Kaz 17:18  таулы, орманды аймақ та сендерге беріледі. Оны кесіп, тазартып, ең шетіне дейін иемденіп аласыңдар. Қанахандықтардың темір соғыс күймелері және зор күш-қуаты болса да, сендер оларды елден қуып шығасыңдар, — деп жігерлендірді.
Chapter 18
Josh Kaz 18:1  Бұлардан кейін исраилдіктердің бүкіл жамағаты Шилода жиналып, киелі кездесу шатырын тікті. Қанахан елі олардың билігіне өткенімен,
Josh Kaz 18:2  исраилдіктердің әлі де мұралық жерлері үлестірілмеген жеті руы қалған еді.
Josh Kaz 18:3  Сол себепті Ешуа исраилдіктерге былай деді: «Ата-бабаларың сиынған Құдай — Жаратқан Иенің өздеріңе табыстаған елін иемденуге қашанға дейін немқұрайды қарайсыңдар?
Josh Kaz 18:4  Әр рудан маған үш-үштен адам тағайындап жіберіңдер! Мен оларды бүкіл елді аралап, үлестерге бөлу мақсатында сипаттап жазып алып келуге жұмсаймын. Содан соң олар маған қайтып келеді.
Josh Kaz 18:5  Олар елді жеті бөлікке бөлсін. Яһуда руы өзінің оңтүстіктегі жерінде, ал Жүсіптің үрім-бұтағы солтүстікте қала берсін.
Josh Kaz 18:6  Осылайша сендер елдің жеті бөлігін сипаттап жазғаннан кейін сол баяндаманы маған осында алып келіңдер. Мен мұнда Құдайымыз Жаратқан Иенің алдында сендер үшін жеребе тастаймын.
Josh Kaz 18:7  Ал араларыңда леуіліктерге арналған үлесті аймақ болмайды, себебі Жаратқан Иеге діни қызметті атқару оларға тиген үлес. Ғадтықтар, рубендіктер және Манаса руының жартысы Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса үлестірген жерлерін Иордан өзенінің шығыс жағынан алды».
Josh Kaz 18:8  Сонымен Ешуа елді барлаушыларды жолға шығарғанда оларға нұсқау беріп былай деді: «Елді аралап, сипаттап жазып, маған келіңдер. Сонда мен осы Шилода Жаратқан Иенің алдында сендер үшін жеребе тастаймын».Осылай Ешуа тапсырмасын берген соң, оларды жолға шығарып салды.
Josh Kaz 18:9  Жіберілген адамдар елді аралап шығып, жеті бөлік бойынша оның қалаларын тізімге тіркеп, Шилодағы қонысында тұрған Ешуаға қайтып келді.
Josh Kaz 18:10  Бұдан кейін Ешуа Жаратқан Иенің алдында Шилода жеребе тастап, исраилдіктерге рулары бойынша жерді үлестіріп берді.
Josh Kaz 18:11  Алғашқы жеребе Бунямин руына әулеттері бойынша түсті. Оларға Яһуда мен Жүсіп руларының арасындағы жер үлестірілді.
Josh Kaz 18:12  Буняминнің солтүстік шекарасы Иордан өзенінен басталып, Иерихонның маңындағы қыраттың солтүстік беткейінен өтіп, таулы аймақта батысқа қарай бет алып, Бет-Әбен маңындағы елсіз далаға келіп тіреледі.
Josh Kaz 18:13  Бұл жерден шекара оңтүстікке, Лұзға, яғни Бетелге, қарай бұрылып, Лұздың жанынан өтіп, Төменгі Бет-Хоронның оңтүстігіндегі төбеде орналасқан Атарот-Адарға қарай төмендейді.
Josh Kaz 18:14  Шекара Бет-Хоронның оңтүстігіндегі төбенің батыс жағымен оңтүстікке қарай ұласып, Яһуда руының бір қаласы — Кирият-Бағалға (демек, Кирият-Иғарымға) дейін жетеді. Бунямин руының жерінің батыс шекарасы осындай.
Josh Kaz 18:15  Шекараның оңтүстік жағы Кирият-Иғарымның сыртқы шегінен басталып, батысқа қарай Нептоғах су көзіне ұласып,
Josh Kaz 18:16  Рефаим аңғарының солтүстігіндегі Бен-Хенном аңғарының қарсысындағы төбенің етегіне қарай түседі. Содан шекара Бен-Хенном аңғарының бойымен төмендеп, Гибеядағы ебустіктердің (қаласының) оңтүстік беткейіне өтіп, Ен-Рогелге дейін төмендейді.
Josh Kaz 18:17  Бұдан кейін шекара солтүстікке қарай бұрылып, Ен-Шәмішке, одан Адумим асуының алдындағы Гелилотқа дейін созылып, «Боханның тасы» деген жерге жетеді. Бохан Рубеннің ұлы болатын.
Josh Kaz 18:18  Бұл жерден шекара Иорданның алқабының үстіндегі солтүстік беткеймен жүре отырып, Иорданның алқабына түседі.
Josh Kaz 18:19  Шекара Бет-Хоғыланың солтүстік етегімен ұласып, Өлі (яки Тұзды) теңіздің солтүстік шетінде, Иордан өзенінің Өлі теңізге құяр сағасында аяқталады. Бұл жер — Иордан өзенінің оңтүстік шеті. Бунямин руының оңтүстіктегі шекарасы, осындай.
Josh Kaz 18:20  Шығыстағы шекара — Иордан өзені.Бунямин руына әулеттері бойынша үлестірілген мұралық жердің айнала шекаралары, міне, осылар.
Josh Kaz 18:21  Енді мыналар Бунямин руына әулеттері бойынша берілген қалалар: Иерихон, Бет-Хоғыла, Емек-Кесис,
Josh Kaz 18:22  Бет-Араба, Семараим, Бетел,
Josh Kaz 18:24  Кефар-Аммонай, Опни, Геба — он екі қала мен оларға қарасты елді мекендер,
Josh Kaz 18:28  Села, Елеф, Ебус, яғни Иерусалим, Гибея, Кирият — он төрт қала әрі оларға қарасты елді мекендер. Әулеттері бойынша Бунямин руына үлестірілген мұралық жер, міне, осы.
Chapter 19
Josh Kaz 19:1  Екінші жеребе әулеттері бойынша Шимон руына түсті. Бұл руға үлестірілген мұралық жер Яһуда руының жерінің ішінде жататын болды.
Josh Kaz 19:2  Шимон руына мына қалалар тиді: Бер-Шеба, яки Шеба, Молада,
Josh Kaz 19:5  Сикеләг, Бет-Марқабот, Хасар-Суса,
Josh Kaz 19:6  Бет-Лебағот, Шарухен — он үш қала әрі оларға қарасты елді мекендер,
Josh Kaz 19:7  Аин, Риммон, Етер, Ашан — төрт қала әрі оларға қарасты елді мекендер.
Josh Kaz 19:8  Бұларға қоса олардың айналаларындағы Бағалат-Берге, яғни Негевтегі Рамаққа, дейінгі жердегі барлық елді мекендер де берілді. Әулеттері бойынша Шимон руына берілген мұралық жер, міне, осы.
Josh Kaz 19:9  Шимон руына мұралық жер Яһуда руының үлесінен берілді, себебі Яһуданың үлесі өздері үшін тым үлкен болатын. Сондықтан Шимонның ұрпақтарына мұралық жер Яһуданың үлесінің ішінен берілді.
Josh Kaz 19:10  Үшінші жеребе әулеттері бойынша Забулон руына түсті. Оларға тиген жердің шекарасы Сарыдқа дейін созылып,
Josh Kaz 19:11  содан батысқа қарай көтеріліп, Маралаға, содан Дабешетке, одан соң Жоқнеамның қасындағы жылғаға дейін жетеді.
Josh Kaz 19:12  Шекара Сарыдтан шығысқа бағыт алып, Қислот-Табордың жеріне дейін барады да, Дабератқа дейін ұласып, одан Япияға дейін көтеріледі.
Josh Kaz 19:13  Сол жерден шекара шығысқа қарай Ғат-Хефер мен Ита-Қасынға кесіп өтіп, Риммонға жетіп, Неяға қарай бұрылады.
Josh Kaz 19:14  Содан соң ол солтүстікте Ханатонға қарай айналып, Ифтах-Ел аңғарына келіп тіреледі.
Josh Kaz 19:15  Забулонның жері бұдан басқа Қаттат, Нахалал, Шимрон, Идала және Бетлехемді де — барлығы он екі қаланы әрі оларға қарасты елді мекендерді қамтиды.
Josh Kaz 19:16  Сонымен әулеттері бойынша Забулон руының үлесіне тиген мұралық жер, ондағы қалалар мен оларға қарасты елді мекендер, міне, осылар.
Josh Kaz 19:17  Төртінші жеребе әулеттері бойынша Исашар руына салынды.
Josh Kaz 19:18  Оларға тиісті жер Ізрел, Кесулот, Шунем,
Josh Kaz 19:21  Ремет, Ен-Ғанним, Ен-Хадда және Бет-Пәсесті қамтиды.
Josh Kaz 19:22  Шекара Табор, Шахасима және Бет-Шәміштің шегімен жанасып, Иордан өзеніне барып тіреледі. Осы жердің аумағына барлығы он алты қала әрі оларға қарасты елді мекендер кіреді.
Josh Kaz 19:23  Сонымен әулеттері бойынша Исашар руының үлесіне тиген мұралық жер, ондағы қалалар әрі оларға қарасты елді мекендер, міне, осылар.
Josh Kaz 19:24  Бесінші жеребе әулеттері бойынша Ашир руына түсті.
Josh Kaz 19:25  Оның жеріне Хелқат, Хали, Бетен, Ахшап,
Josh Kaz 19:26  Аламәлік, Амад, Мишал кіреді. Батыс шекарасы Қармил тауы мен Шихор-Либнатпен жанасып,
Josh Kaz 19:27  содан шығысқа қарай бұрылып Бет-Дагонға дейін жетеді де, Забулонның жерімен солтүстікте орналасқан Ифтах-Ел аңғарында шектесіп, Бет-Емек пен Неиелмен де жанасады. Бұдан кейін шекара Қабулдың сол жағымен өтіп,
Josh Kaz 19:28  Еброн, Рехоб, Хаммон, Қанахқа және үлкен Сидон қаласына қарай жалғаса береді.
Josh Kaz 19:29  Содан соң шекара Рамаққа қарай кері бұрылып, бекіністі Тир қаласына жетіп, Хосаға қарай бұрылады да, Ахзибтың маңайында теңізге келіп тіреледі.
Josh Kaz 19:30  Аширдің жеріне тағы Умма, Әфек, Рехоб — барлығы жиырма екі қала әрі оларға қарасты елді мекендер кіреді.
Josh Kaz 19:31  Сонымен әулеттері бойынша Ашир руының үлесіне тиген мұралық жер, ондағы қалалар әрі оларға қарасты елді мекендер, міне, осылар.
Josh Kaz 19:32  Алтыншы жеребе әулеттері бойынша Нафталим руына түсті.
Josh Kaz 19:33  Нафталим руының шекарасы Хелефтен басталып, Сананымдағы дәу емен ағашы мен Ябниел арқылы өтіп, Лақумға дейін жетеді де, Иордан өзеніне келіп тіреледі.
Josh Kaz 19:34  Содан соң ол батысқа, Азнот-Таборға қарай бұрылып, Хұқоққа беттейді. Сонымен Нафталимнің жері оңтүстікте Забулонмен, батыста Аширмен, шығыста Иордан өзенімен шектеседі.
Josh Kaz 19:35  Бекіністі қалалары: Сиддим, Сер, Хамат, Раққат, Кінерет,
Josh Kaz 19:38  Ирон, Мигдал-Ел, Хорем, Бет-Анат және Бет-Шәміш. Барлығы он тоғыз қала әрі оларға қарасты елді мекендер болды.
Josh Kaz 19:39  Нафталим руына әулеттері бойынша тиген мұралық жер, ондағы қалалар әрі оларға қарасты елді мекендер, міне, осылар.
Josh Kaz 19:40  Жетінші жеребе әулеттері бойынша Дан руына түсті.
Josh Kaz 19:41  Оның мұралық жеріне Сора, Ештағол, Ир-Шәміш,
Josh Kaz 19:45  Еһуд, Бене-Берақ, Ғат-Риммон,
Josh Kaz 19:46  Ме-Жарқон, Рақон және Яффаның алдындағы аймақ кірді.
Josh Kaz 19:47  Дан руы өзіне берілген мұралық жеріне ие бола алмай, одан айырылып қалды. Сонда олар Ләшемге қарсы соғысып, оны қолға түсіріп, тұрғындарын семсердің жүзімен қырып тастады. Дандықтар сол қалаға өздері қоныстанып алды да, Ләшем деген атын түп аталарының құрметіне Дан деп өзгертті.
Josh Kaz 19:48  Дан руының үлесіне әулеттері бойынша тиген мұралық жер, ондағы қалалар әрі оларға қарасты елді мекендер, міне, осылар.
Josh Kaz 19:49  Елді мұралық жер етіп шекараларына сәйкес үлестіріп болғаннан кейін, исраилдіктер өз араларынан Нұн ұлы Ешуаға да мұралық жер бөліп берді.
Josh Kaz 19:50  Жаратқан Иенің бұйрығы бойынша, олар Ешуаға өзі сұраған қаласын: Ефремнің таулы аймағындағы Тимнат-Серахты белгіледі. Ешуа сол қаланы қайта салып, сонда орналасты.
Josh Kaz 19:51  Діни қызметкер Елазар, Нұн ұлы Ешуа және исраилдік рулардың әулет басыларының Шилода Жаратқан Иенің алдында, Оның кездесу шатырының кіреберісінде жеребе тастап үлестірген мұралық жерлері, міне, осылар. Сонымен олар жерді үлеске бөлуді аяқтады.
Chapter 20
Josh Kaz 20:1  Бұдан кейін Жаратқан Ие Ешуаға тіл қатып былай деді:
Josh Kaz 20:2  «Исраилдіктерге мынаны айт: Мен сендерге Мұса арқылы бұйырғанымдай, өздеріңе бас сауғалау қалаларын белгілеңдер.
Josh Kaz 20:3  Егер бір адам ешқандай қара ниетсіз абайламай біреуді өлтіріп алса, ол сонда қашып барып, қаны төгілген кісінің жазалаушы туысқанынан бас сауғалай алатын болады.
Josh Kaz 20:4  Сондай адам осы қалалардың біріне қашып барсын да, қақпасының алдына келіп, қаланың ақсақалдарына болған істі баяндап айтып берсін. Олар сол адамды қалаға қабылдап, паналайтын жер беріп, ол араларында тұратын болсын.
Josh Kaz 20:5  Егер қаны төгілген кісінің жазалаушы туысқаны оның соңынан қуып келсе, қала тұрғындары кісі өлтірген адамды оған ұстап бермесін. Себебі ол оны бұрыннан бері өшігіп жүргендіктен емес, абайсызда өлтіріп алыпты.
Josh Kaz 20:6  Ал кісі өлтірген адам өзінің ісі жамағаттың алдындағы сотта қаралғанға дейін, әрі сол кездегі бас діни қызметкер қайтыс болғанға дейін осы қалада қалуға тиіс. Содан соң ол өзінің қашып келген қаласы мен отбасына қайтып бара алады».
Josh Kaz 20:7  Сонда исраилдіктер мына қалаларды бас сауғалайтын жер болуға бағыштады: Нафталим руының қыратты Ғалилея жеріндегі Кедешті, Ефремнің таулы өлкесіндегі Сихемді және Яһуданың таулы жеріндегі Кирият-Арбаны, яғни Хебронды,
Josh Kaz 20:8  әрі Иорданның арғы бетінде, Рубен руының Иерихонның шығысындағы елсіз жон далада орналасқан Бесерді, Ғад руының Ғилақад жеріндегі Рамотты және Манаса руының Башан аймағындағы Ғоланды.
Josh Kaz 20:9  Исраилдік болсын, не араларында тұрып жатқан жат жұрттық болсын, біреуді абайсызда өлтіріп алған әркім қашып барып, бас сауғалауға белгіленген қалалар, міне, осылар. Содан сол адам сот алдында тұрғанға дейін қаны төгілген кісінің жазалаушы туысқанының қолынан мерт болмайды.
Chapter 21
Josh Kaz 21:1  Леуіліктердің әулет басылары Қанахан еліндегі Шило қаласында діни қызметкер Елазар, Нұн ұлы Ешуа және Исраил руларының әулет басыларының алдына келіп,
Josh Kaz 21:2  «Жаратқан Ие Мұса арқылы бізге өзіміз мекендейтін қалалар және малымыз жайылатын өрістер беру туралы айтқан болатын», — деген өтініш жасады.
Josh Kaz 21:3  Сонда исраилдіктер Жаратқан Иенің берген бұйрығына бағынып, оларға өздерінің мұралық жер үлестерінен төмендегі қалаларды жайылымдарымен қоса белгілеуге ұйғарды.
Josh Kaz 21:4  Алғашқы жеребе қахат әулеттеріне түсті. Діни қызметкер Һароннан тараған леуіліктерге Яһуда, Шимон, Бунямин руларының жерінен он үш қала тиді.
Josh Kaz 21:5  Қахаттың қалған ұрпақтарына жеребе бойынша Ефрем, Дан және Манаса руының (батыстағы) жартысының жерінен он қала тиді.
Josh Kaz 21:6  Герсонның ұрпақтарына жеребе бойынша Исашар, Ашир, Нафталим руларынан әрі Манаса руының Башан аймағындағы өзге жартысынан он үш қала тиді.
Josh Kaz 21:7  Мераридің ұрпақтарына әулеттері бойынша Рубен, Ғад, Забулон руларынан он екі қала берілді.
Josh Kaz 21:8  Сонымен исраилдіктер Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген бұйрығына сай осы қалаларды жайылымдарымен қоса леуіліктерге жеребе бойынша үлестіріп берді.
Josh Kaz 21:9  Яһуда руы мен Шимон руынан исраилдіктер төмендегі қалаларды аттарын атап бөліп берді.
Josh Kaz 21:10  Олар Леуі руының Қахат тармағына жататын Һаронның ұрпақтарына белгіленді, себебі бірінші жеребе соларға түсті.
Josh Kaz 21:11  Осылайша Һаронның ұрпақтарына Яһуданың таулы жеріндегі Кирият-Арба, демек, Хеброн қаласы айналасындағы жайылымдарымен қоса берілді. (Қаланың атауындағы) «Арба» алып Анақтың арғы атасының есімі болатын.
Josh Kaz 21:12  Ал Хебронға қарасты егістік жерлер мен елді мекендер Ефунне ұлы Халептің иелігіне бөлініп берілді.
Josh Kaz 21:13  Сонымен, осы екі рудан діни қызметкер Һаронның ұрпақтарына Хеброн қаласы белгіленді. Ол абайсызда кісі өлтіріп алғандар бас сауғалайтын қала болуға да таңдалған еді. Һаронның ұрпақтарына одан басқа Либна,
Josh Kaz 21:16  Аин, Юта, Бет-Шәміш — барлығы тоғыз қала да жайылымдарымен қоса белгіленді.
Josh Kaz 21:17  Бунямин руынан оларға Гибеон, Геба,
Josh Kaz 21:18  Анатот, Алмон атты төрт қала жайылымдарымен қоса белгіленді.
Josh Kaz 21:19  Һароннан тараған діни қызметкерлердің жайылымды қалаларының ұзын саны — он үш болды.
Josh Kaz 21:20  Леуі руының Қахат тармағының қалған бөлігіне Ефрем руының жерінен бөлінген қалалар мыналар болды:
Josh Kaz 21:21  Ефремнің таулы өлкесінде орналасқан, абайсызда кісі өлтіріп алғандар бас сауғалайтын Сихем қаласы және Гәзер,
Josh Kaz 21:22  Кипсаим, Бет-Хорон — барлығы төрт қала жайылымдарымен қоса берілді.
Josh Kaz 21:23  Дан руынан Елтеке, Гибетон,
Josh Kaz 21:24  Аялон, Ғат-Риммон атты төрт қала жайылымдарымен қоса,
Josh Kaz 21:25  әрі Манаса руының (Қанахан еліндегі) жартысынан Тағанах пен Ғат-Риммон атты екі қала жайылымдарымен қоса берілді.
Josh Kaz 21:26  Осы он қала мен олардың жайылымдары Қахат тармағының қалған әулеттеріне үлестірілді.
Josh Kaz 21:27  Леуі руының Герсон тармағына мына қалалар берілді: Манаса руының жартысынан екі қала: Башан аймағында орналасқан, абайсызда кісі өлтіріп алғандар бас сауғалайтын Ғолан қаласы және Бе-Ештера, екеуі де жайылымдарымен қоса;
Josh Kaz 21:28  Исашар руынан: Қишион, Даберат,
Josh Kaz 21:29  Ярмут, Ен-Ғанним атты төрт қала жайылымдарымен қоса;
Josh Kaz 21:30  Ашир руынан: Мишал, Абыдон,
Josh Kaz 21:31  Хелқат, Рехоб атты төрт қала жайылымдарымен қоса;
Josh Kaz 21:32  Нафталим руынан Ғалилея өлкесінде орналасқан, абайсызда кісі өлтіріп алғандар бас сауғалайтын Кедес қаласы, Хамот-Дор, Қартан атты үш қала жайылымдарымен қоса.
Josh Kaz 21:33  Сонымен Леуі руының Герсон тармағына әулеттері бойынша барлығы он үш қала жайылымдарымен қоса үлестірілді.
Josh Kaz 21:34  Леуі руының қалған тармағы — Мераридің әулеттеріне мына қалалар берілді: Забулон руынан Жоқнеам, Қарта,
Josh Kaz 21:35  Димна, Нахалал атты төрт қала жайылымдарымен қоса;
Josh Kaz 21:36  Рубен руынан: Бесер, Жахса,
Josh Kaz 21:37  Кедемот, Мефағат атты төрт қала жайылымдарымен қоса;
Josh Kaz 21:38  Ғад руынан: Ғилақадта орналасқан, абайсызда кісі өлтіріп алғандар бас сауғалайтын Рамот қаласы, Маханайым,
Josh Kaz 21:39  Хешебон, Жазер атты төрт қала жайылымдарымен қоса.
Josh Kaz 21:40  Осылайша Леуі руының қалған үшінші тармағы — Мерариге әулеттері бойынша белгіленген қалалардың саны он екі болды.
Josh Kaz 21:41  Сонымен Исраилдің меншікті жерінің арасынан Леуі руына жайылымдарымен қоса бөлінген барлық қалалардың саны қырық сегіз болды.
Josh Kaz 21:42  Осы қалалардың бәрі де айналаларындағы жайылымдарымен қоса берілді.
Josh Kaz 21:43  Осылайша Жаратқан Ие исраилдіктерге олардың ата-бабаларына антпен уәде еткен елінің барлығын табыстады. Олар елді иемденіп, оған қоныстанып алды.
Josh Kaz 21:44  Жаратқан Ие Өзі ата-бабаларына антпен уәде еткендей, исраилдіктерге барлық жағынан да тыныштық сыйлады. Оларға бірде-бір жау қарсы тұра алмады, өйткені Жаратқан Ие барша жауларын исраилдіктердің қолына тапсырып отырды.
Josh Kaz 21:45  Жаратқан Иенің Исраил халқына берген игілікті уәделерінің бірде-біреуі орындаусыз қалмай, барлығы да жүзеге асты.
Chapter 22
Josh Kaz 22:1  Сол шамада Ешуа Рубен, Ғад руларының және Манаса руының (Иорданның шығысында қоныстанған) жартысының жасақшыларын шақырып алып,
Josh Kaz 22:2  былай деді:— Сендер Жаратқан Иенің қызметшісі Мұсаның берген барлық бұйрықтарын ұстанып, менің өздеріңе айтқандарымды да бұлжытпай орындап келесіңдер.
Josh Kaz 22:3  Ұзақ уақыт бойы, күні бүгінге дейін бауырластарыңды тастап кетпей, Құдайларың Жаратқан Иенің жүктеген міндеттерін іске асырып келдіңдер.
Josh Kaz 22:4  Міне, Құдайларың Жаратқан Ие Өзі уәде еткеніндей исраилдік бауырластарыңа тыныштық сыйлады. Енді сендер Жаратқан Иенің қызметшісі Мұсаның Иордан өзенінің шығысында үлестіріп берген жерлеріңе қайтуларыңа болады.
Josh Kaz 22:5  Алайда Мұсаның берген өсиеттері мен Таурат заңын өте мұқият орындаңдар: Құдайларың Жаратқан Иені сүйіп, Оның айтқан жолымен жүріп, бұйрықтарына бағыныңдар, әрі Онымен тығыз байланыста тұрып Оған шын жүректен, бүкіл жан-дүниелеріңмен қызмет етіңдер!
Josh Kaz 22:6  Ешуа оларға ақ батасын беріп, босатып жіберді де, олар үйлеріне қайтып кетті.
Josh Kaz 22:7  Мұса Манаса руының бір жартысына меншікті жерін Башан аймағынан бөліп берген болатын, әрі Ешуа сол рудың қалған жартысына жерді бауырлас руларымен бірге Иордан өзенінің батыс жағынан үлестіріп берген еді. Ешуа (шығыс жақтағы) қоныстарына қайтатын руларға ақ батасын бергенде тағы былай деді:— Үйлеріңе орасан зор байлықты: отар-табындар, күміс, алтын, қола, темірді, көптеген киім-кешекті алып, қайта беріңдер. Жаудан түскен осы олжаны ағайын-тумаларыңмен бөлісіңдер!
Josh Kaz 22:8  Мұса Манаса руының бір жартысына меншікті жерін Башан аймағынан бөліп берген болатын, әрі Ешуа сол рудың қалған жартысына жерді бауырлас руларымен бірге Иордан өзенінің батыс жағынан үлестіріп берген еді. Ешуа (шығыс жақтағы) қоныстарына қайтатын руларға ақ батасын бергенде тағы былай деді:— Үйлеріңе орасан зор байлықты: отар-табындар, күміс, алтын, қола, темірді, көптеген киім-кешекті алып, қайта беріңдер. Жаудан түскен осы олжаны ағайын-тумаларыңмен бөлісіңдер!
Josh Kaz 22:9  Сонымен Рубен, Ғад руларының және Манаса руының жартысының жасақшылары Қанахан еліндегі Шилода өзге исраилдіктермен қоштасып, Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген бұйрығы бойынша иеленіп алған өз елдері Ғилақадқа қайтуға жолға шықты.
Josh Kaz 22:10  Аталған рулардың адамдары Қанахан елінде Иорданға жақын орналасқан Гелилот деген жерге келгенде, Иорданның жағасында Құдайға құрбандық ұсынатын өте үлкен үстел салды.
Josh Kaz 22:11  Өзге исраилдіктерге бұлардың Қанахан елінде, Иорданның батыс жағасындағы Гелилотта құрбандық орнын салғандары туралы хабар жеткенде,
Josh Kaz 22:12  соларға қарсы соғыс ашу жайлы Исраилдің бүкіл қауымы Шилоға жиналды.
Josh Kaz 22:13  Олар алдымен Ғилақад аймағындағы Рубен, Ғад рулары мен Манасаның жарты руына діни қызметкер Елазар ұлы Пінехесті
Josh Kaz 22:14  және онымен бірге Исраилдің әр руынан бір-бірден он басшыны қосып, елшілікке жіберді. Бұлардың әрқайсысы исраилдік мыңдардың үстінен тағайындалған әулет басы болатын.
Josh Kaz 22:15  Олар Ғилақад еліндегі Рубен, Ғад рулары және Манасаның жарты руына келгенде былай деді:
Josh Kaz 22:16  — Жаратқан Иенің халқының бүкіл қауымы мынаны айтады: Сендердің Исраилдің Құдайына қарсы опасыздық жасағандарың қалай? Неге өздерің үшін тағы бір құрбандық ұсынатын орын салып алып, Жаратқан Иеден безіп, Оған қарсы бас көтердіңдер? Бұларың қалай?
Josh Kaz 22:17  Пеғор тауының маңында жасалған күнә бізге аз болды ма? Соның кесірінен Жаратқан Иенің қауымының басына пәле түскенмен, біз өзімізді сол күнәдан әлі де тазартып болған жоқпыз ғой.
Josh Kaz 22:18  Ал сендер бүгін Жаратқан Иеден бас тартып жатырсыңдар! Егер сендер бүгін Жаратқан Иеге қарсы бас көтерсеңдер, Ол ертең-ақ Исраил халқының бүкіл қауымына қаһарланады.
Josh Kaz 22:19  Егер де иемденген жерлерің арам болса, онда Жаратқан Иенің меншікті жеріне, Оның жер бетіндегі тұрағы (киелі шатыр) орналасқан Қанаханға көшіп келіп, арамыздан үлестеріңді алыңдар! Тек Құдайымыз Жаратқан Иеге арналған құрбандық үстеліне қосып тағы бір құрбандық үстелін салып алып Жаратқан Иеге және бізге қарсы бас көтермеңдер!
Josh Kaz 22:20  Зарахтың шөбересі Ахан Жаратқан Иеге бағышталған заттардан алып опасыздық жасап, соның кесірінен Жаратқан Ие Исраилдің бүкіл қауымына қаһарланған жоқ па еді? Осы үшін өлген Аханның жалғыз өзі ғана емес қой.
Josh Kaz 22:21  Рубен, Ғад рулары және Манасаның жарты руы Исраилдің мыңбасыларына былай деп жауап берді:
Josh Kaz 22:22  — Жаратқан Ие — шынымен шексіз құдіретті Құдай, жалғыз Ол — барлық «тәңір» атаулының үстіндегі Құдай, Оған бәрі де айқын. Исраил де біліп алсын! Егер біз Жаратқан Иеге қарсы опасыздық жасаған болсақ, онда бізді бүгін еш аямай жазалаңыздар.
Josh Kaz 22:23  Егер де Жаратқан Иеден кері бұрылып, бас тарту ниетімен не шалып өртейтін құрбандықтар мен астық тартуын, не Құдаймен қарым-қатынасымызға ризашылық білдіретін тартулар ұсынатын үстел салып алған болсақ, онда Жаратқан Иенің Өзі бізді сол үшін жауапқа тартсын.
Josh Kaz 22:24  Қайта, біз осы құрбандық үстелін болашақта сіздердің ұрпақтарыңыз біздің ұрпақтарымызға: «Сендер кімсіңдер өзі? Сендердің Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге ешқандай қатыстарың жоқ» деп айтып жүре ме деген уайымнан жасадық.
Josh Kaz 22:25  Сіздердің ұрпақтарыңыз: «Жаратқан Ие Иордан өзенін сендер — рубендіктер мен ғадтықтардың және біздің арамыздағы шекара етіп бекіткен болатын. Сондықтан сендердің Жаратқан Иеге еш қатыстарың жоқ» деулері мүмкін ғой. Осылайша олар біздің ұрпақтарымызға Жаратқан Иені терең қастерлеп, Оған ғибадат етуге жол бермеулері мүмкін.
Josh Kaz 22:26  Сондықтан біз құрбандық үстелін салып алайық дедік, бірақ ол ешқандай құрбандық шалып, өртеуге арналмаған.
Josh Kaz 22:27  Қайта, ол біз бен сіздердің және болашақ ұрпақтарымыздың арасындағы айғақ болмақ. Ол біздің Жаратқан Иенің (кездесу шатырының) алдына барып, Оған арнап құрбандықтар шалып, өртеуге және Онымен қарым-қатынасымызға ризашылық білдіретін тартуларымыз бен өзге де сый-тартуларымызды ұсынып Оған ғибадат етуге құқығымыздың бар екендігін дәлелдемек. Осылайша болашақ ұрпақтарыңыз біздің ұрпақтарымызға: «Жаратқан Иеге еш қатыстарың жоқ!» деп айта алмайтын болады.
Josh Kaz 22:28  Егер бізге немесе ұрпақтарымызға осылай деп айтылып жатса, онда біз былай деп жауап беретін боламыз: «Жаратқан Иенің құрбандық үстелінің біздің ата-бабаларымыз салып кеткен нұсқасына қараңдаршы. Олар бұны шалынып, өртелетін құрбандықтар мен басқа да сый-тартулар ұсыну үшін емес, сіздер мен біздерге айғақ болу үшін салған».
Josh Kaz 22:29  Құдай Иеміздің кездесу шатырының алдында тұрған құрбандық үстелінен басқа тағы сондай бір үстелді салып Жаратқан Иеге қарсы бас көтеруден мүлдем аулақпыз.
Josh Kaz 22:30  Діни қызметкер Пінехес, қауымның жетекшілері және Исраилдің мыңбасылары Рубен, Ғад рулары мен Манаса руының жартысының айтқандарын естігенде риза болды.
Josh Kaz 22:31  Діни қызметкер Елазар ұлы Пінехес оларға:— Жаратқан Иенің шынымен бізге жар екеніне көзіміз жетіп отыр. Себебі сендер Оған опасыздық жасап, исраилдіктерді Жаратқан Иенің қаһарлы сотына душар еткен жоқсыңдар, — деді.
Josh Kaz 22:32  Содан діни қызметкер Елазар ұлы Пінехес және басшылар Ғилақад аймағындағы Рубен мен Ғад руларынан Қанахан жеріне қайта оралып, ондағы өзге исраилдіктерге бұлардың жауабын жеткізді.
Josh Kaz 22:33  Оны естігенде мұндағы исраилдіктер де риза болып, Құдайды мадақтады. Бұдан кейін оларда рубендіктер мен ғадтықтардың жеріне барып, ойран салу жайлы сөз қозғалмады.
Josh Kaz 22:34  Рубендіктер мен ғадтықтар сол құрбандық үстеліне «Айғақ» деген ат қойды. Себебі олар: «Бұл — Жаратқан Иенің біздің де Құдайымыз екендігінің айғағы», — деді.
Chapter 23
Josh Kaz 23:1  Бұдан кейін арада көп уақыт өтті. Жаратқан Ие Исраилге айналаларындағы жауларының барлығынан тыныштық сыйлаған болатын. Ешуа қартайып, жасы ұлғайған еді.
Josh Kaz 23:2  Содан бір күні Ешуа бүкіл Исраилді, яғни халықтың ақсақалдарын, рубасыларын, төрешілері мен басқарушыларын, шақырып алып, оларға былай деді:— Міне, мен қартайып, жасым ұлғайды.
Josh Kaz 23:3  Құдайларың Жаратқан Иенің сендер үшін елдегі барлық халықтарға не істегенінің бәрін де өз көздеріңмен көрдіңдер. Құдай Иелеріңнің Өзі сендер үшін соғыс жүргізді.
Josh Kaz 23:4  Қараңдаршы, (шығыстағы) Иордан өзенінен батыстағы Жерорта теңізіне дейінгі аралықта әлі де қалып қойған мына халықтардың жерін және өзім елден аластатқан халықтардың жерін сендердің руларыңа жеребе бойынша үлестіріп бердім.
Josh Kaz 23:5  Құдай Иелеріңнің Өзі елде қалып қойған халықтарды алдарыңнан қуып шығарады. Сонда Құдай Иелерің уәде еткендей, сендер олардың жерін иемденіп аласыңдар.
Josh Kaz 23:6  Сонымен өте берік болып Мұсаның Таурат кітабында жазылғандардың бәрін мұқият орындап, одан не оңға да, не солға да бұрылмаңдар!
Josh Kaz 23:7  Демек, араларыңда қалып қойған халықтармен араласып кетпеңдер! Олардың табынатын жалған тәңірлерінің аттарын ауыздарыңа да алмаңдар, солардың аттарымен ант та етпеңдер! Сол жалған тәңірлерге ешқандай ғибадат етіп, иіліп табынбаңдар да!
Josh Kaz 23:8  Керісінше, бүгінге дейін істеп келгендеріңдей, бұдан былай да Құдайларың Жаратқан Иеден ажырамастай берік ұстаныңдар!
Josh Kaz 23:9  Себебі Жаратқан Ие үлкен де күшті халықтарды алдарыңнан қуып шығарды, солардың ешқайсысы осы күнге дейін сендерге қарсы тұрып, жеңіп шыға алмады.
Josh Kaz 23:10  Берген уәдесіне сай, Құдай Иелерің сендер үшін Өзі соғысып жүргендіктен, әрқайсыларың жаудың мың адамын тықсырып қуасыңдар.
Josh Kaz 23:11  Сондықтан Құдай Иелеріңді сүюге барынша ұмтылыңдар!
Josh Kaz 23:12  Алайда егер Жаратқан Иеден теріс бұрылып, сол халықтардың араларыңда қалып қойған адамдарымен тығыз байланысып, қыз алысып, қыз берісіп араласатын болсаңдар,
Josh Kaz 23:13  онда мынаны біліп қойыңдар: Құдай Иелерің осы халықтарды бұдан былай алдарыңнан қуып шығармайтын болады. Керісінше, сол халықтар өздеріңе тұзақ пен тор, еттеріңе тиген қамшы, көздеріңе кірген тікен іспетті болып, ақыр соңында сендер Құдай Иелерің өздеріңе табыстаған осы шұрайлы елден құрып кетесіңдер.
Josh Kaz 23:14  Ал енді, адам атаулы іспетті мен де бұ дүниеден өтпекшімін. Шын жүректен, бар жан дүниелеріңмен мынаны мойындауларың керек: Құдай Иелеріңнің өздеріңе берген барлық игілікті уәделерінің біреуі қалмастан бәрі жүзеге асты. Оның бір сөзі де орындаусыз қалған жоқ.
Josh Kaz 23:15  Бірақ егер Оған мойынсұнбасаңдар, онда Құдайларың Жаратқан Иенің уәде еткен бүкіл жақсылықтарының жүзеге асқандары сияқты, Жаратқан Иенің Өзі алдын ала білдірген қарғыстардың бәрі де жүзеге асатын болады. Құдай Иелерің өздеріңе табыстаған шұрайлы елінде сендерді құртып жібергенге дейін солай болады.
Josh Kaz 23:16  Егер сендер Құдай Иелеріңнің өздеріңе өсиеттеген Келісімін бұзып, бөгде тәңірлердің жолына түсіп, оларға иіліп құлшылық ететін болсаңдар, онда Жаратқан Иенің қаһары сендерге қарсы лап ете өршиді. Содан сендер Оның өздеріңе табыстаған осы шұрайлы елінен іздерің де қалмай лезде құрып кетесіңдер.
Chapter 24
Josh Kaz 24:1  Ешуа тағы да Исраилдің барлық руларын Сихем қаласына жинап, олардың ақсақалдары мен рубасыларын, төрешілері мен басқарушыларын да шақырып алды. Барлығы Құдайдың алдына келіп тұрды.
Josh Kaz 24:2  Сонда Ешуа бүкіл халыққа арнап былай деді:— Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Ежелде ата-бабаларың Евфрат өзенінің арғы жағында тұрып, бөгде «тәңірлерге» құлшылық ететін. Олардың араларында Тарах және оның ұлдары Ыбырайым мен Нахор да болатын.
Josh Kaz 24:3  Сонда Мен түп аталарың Ыбырайымды сол өзеннің арғы бетінен алып шығып, бүкіл Қанахан елін аралатып алып жүріп оған жар болдым. Оның үрім-бұтағын көбейтіп, оған Ысқақты,
Josh Kaz 24:4  ал Ысқаққа Жақып пен Есауды сыйладым. Мен Есауға меншігі болуға Сейір тауларын табыстадым, ал Жақып пен оның ұлдары Мысырға ылдилап көшті.
Josh Kaz 24:5  Кейін Мен Мұса мен Һаронды жіберіп, Мысыр елін түрлі апаттармен күйрете соққыладым, ақырында сендерді сол елден азат етіп, алып шықтым.
Josh Kaz 24:6  Ата-бабаларың Мысырдан көшіп шығып, Қамысты теңізге жеткенде, мысырлықтар соғыс күймелерімен және салт аттыларымен оларды теңіз жағалауына дейін қуып келе жатты.
Josh Kaz 24:7  Ата-бабаларың Маған, Жаратқан Иеге, жалбарынып, көмек сұрады. Сонда Мен сендер мен мысырлықтардың арасына қараңғылық орнатып, мысырлықтардың үстіне теңізді лақ еткізіп, оларды суға көміп тастадым. Мысырға не істегенімді өз көздеріңмен көрдіңдер. Бұдан кейін ұзақ уақыт бойы елсіз далада көшіп-қонып өмір сүрдіңдер.
Josh Kaz 24:8  Содан Мен сендерді Иорданның арғы жағын мекен еткен аморлықтардың жеріне алып келдім. Олар сендерге қарсы соғысты, бірақ Мен оларды өз қолдарыңа тапсырдым. Мен соларды алдарыңнан қырып-жойдым, ал сендер жерлерін иемденіп алдыңдар.
Josh Kaz 24:9  Сонда Моаб патшасы Сипор ұлы Балақ Исраилге қарсы соғысуға дайындалып, сендерді қарғасын деп Беғор ұлы Балағамды шақырып алды.
Josh Kaz 24:10  Бірақ Мен Балағамның айтқандарына құлақ түруді жөн көрмедім, сол себепті ол сендерге (қарғыс емес) қайта-қайта бата беруге мәжбүр болды. Осылайша сендерді оның қолынан құтқарып алдым.
Josh Kaz 24:11  Содан соң сендер Иордан өзенінен өтіп, Иерихон қаласына жеттіңдер. Иерихонның тұрғындары, ал кейін аморлықтар, перездіктер, қанахандықтар, хеттіктер, гергестіктер, хевтіктер және ебустіктер де сендерге қарсы соғысты. Бірақ Мен оларды да қолдарыңа тапсырдым.
Josh Kaz 24:12  Сендердің алдарыңнан есекара үйірлеріндей зәрелерін ұшыратын қорқыныш жібердім. Сол қорқыныш аморлықтардың екі патшасын алдарыңнан қуып шығарды. Осылайша бұл жеңіске сендер семсер, садақтарыңмен шайқасып ие болмадыңдар.
Josh Kaz 24:13  Мен сендерге өздерің тер төгіп еңбек сіңірмеген елді, өздерің салмаған қалаларды сыйладым, енді сонда тұрып жатырсыңдар. Өздерің отырғызбаған жүзім, зәйтүн бақтарының жемісін жеп жүрсіңдер.
Josh Kaz 24:14  Ешуа халыққа тағы былай деді:— Ендеше Жаратқан Иені терең қастерлеп, Оған шын жүректен, адалдықпен қызмет етіңдер! Ата-бабаларың Евфрат өзенінің арғы жағында және Мысырда табынған жалған тәңірлерді лақтырып тастап, олардан арылыңдар! Жалғыз Жаратқан Иеге ғана қызмет ететін болыңдар!
Josh Kaz 24:15  Ал егер Жаратқан Иеге қызмет етуді қаламасаңдар, онда ата-бабаларың Евфрат өзенінің арғы жағында табынған жалған тәңірлерге ме, немесе өздерің елдерінде тұрып жатқан аморлықтардың тәңірлеріне ме, кімге қызмет ететіндеріңді таңдап алыңдар. Ал менің өзім және отбасым — біз Жаратқан Иеге қызмет ететін боламыз.
Josh Kaz 24:16  Сонда халық былай деп жауап берді:— Жаратқан Иеден бас тартып, басқа тәңірлерге табынып кетуден аулақ жүрейік!
Josh Kaz 24:17  Себебі Жаратқан Ие — біздің Құдайымыз! Ол бізді және аталарымызды Мысыр еліндегі құлдықтан азат етіп, көз алдымызда ұлы да ғажап кереметтерді жасады. Жаратқан Ие бізді бүкіл жол бойы қорғап, біз елдері арқылы өтіп шыққан халықтардан аман сақтап қалып отырды ғой.
Josh Kaz 24:18  Жаратқан Ие осы елде тұрып жатқан аморлықтар мен басқа да барлық халықтарды алдымыздан қуып шықты. Ол — біздің Құдайымыз, сондықтан біз де Жаратқан Иеге қызмет етеміз. —
Josh Kaz 24:19  Ешуаның халыққа берген жауабы мынау болды:— Жоқ, сендер Жаратқан Иеге (шынымен) қызмет ете алмайсыңдар. Өйткені Ол — киелі Құдай, Өзінен басқа тәңірлеріңнің болуына еш төзбейтін Құдай. Ол сендердің бас көтеріп, күнә жасай бергендеріңді кешірмейді.
Josh Kaz 24:20  Егер Жаратқан Иеден бас тартып, бөгде тәңірлерге қызмет ететін болсаңдар, онда Ол да өздеріңе бұрын жасаған игіліктеріне қарамастан сендерге қарсы шығып, жамандық жасайды да, көздеріңді құртып жоқ қылады. —
Josh Kaz 24:21  Сонда халық Ешуаға:— Жоқ, біз Жаратқан Иеге қызмет етеміз! — деп жауап берді.
Josh Kaz 24:22  Ешуа оларға былай деді:— Жаратқан Иеге қызмет етуді таңдағандарыңа сендер өздерің куәсіңдер! — Олар:— Иә, куәміз, — деп жауап берді. Ешуа:
Josh Kaz 24:23  — Ендеше өздеріңде бар жалған тәңірлерді лақтырып тастап аластатыңдар да, жүректеріңді Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге бағыштаңдар! — деп ескертті.
Josh Kaz 24:24  Бүкіл халық:— Біздер Құдайымыз Жаратқан Иеге қызмет ететін боламыз, Оның даусына құлақ асатын боламыз! — деп Ешуаға уәде берді.
Josh Kaz 24:25  Сол күні Ешуа Сихемде халықпен Келісім жасап, оларды Жаратқан Иенің ережелері мен шешімдерін орындауға мәжбүрледі.
Josh Kaz 24:26  Ешуа осы сөздерді Құдайдың Таурат заңының кітабына жазып қойды. Бұдан кейін ол бір дәу тасты алып, оны Жаратқан Иенің киелі шатырының маңында тұрған емен ағашының түбіне ескерткіш тас етіп орнатты да,
Josh Kaz 24:27  бүкіл халыққа былай деп жариялады:— Біліп алыңдар, мына тас — бізге қарсы айғақ; ол — Жаратқан Иенің бізге айтқан сөздерінің бәрін естіген куәгер іспетті. Сондықтан, егер Құдайға опасыздық жасасаңдар, осы тас сендерге қарсы айғақ болады!
Josh Kaz 24:28  Осылай Ешуа Келісімді бекіткеннен кейін халықтың барлығын өздерінің мұралық меншіктеріне тиген жерлеріне қайтарып жіберді.
Josh Kaz 24:29  Осы оқиғалардан кейін Жаратқан Иенің қызметшісі Нұн ұлы Ешуа жүз он жасқа толып қайтыс болды.
Josh Kaz 24:30  Оның мәйіті Ешуаның үлесіне тиген жерінде, Ефрем руының таулы аймағында орналасқан Ғағаш төбесінің солтүстік жағындағы Тимнат-Серах қаласының маңындағы қабірге қойылды.
Josh Kaz 24:31  Ешуаның тірі кезінде, әрі Жаратқан Иенің Исраил үшін істеген ұлы істерін көріп-естіген және Ешуадан кейін де өмір сүрген ақсақалдардың бүкіл заманында халық Жаратқан Иеге мойынсұнып, Оған қызмет ете берді.
Josh Kaz 24:32  Бұрынырақ исраилдіктер Мысыр елінен алып шыққан Жүсіптің сүйегін Сихемдегі қабірге қойған еді. Осы жер танабын Жақып кезінде Сихемнің әкесі Хамордың ұлдарынан жүз мысқал күміске сатып алған болатын. Сол жер Жүсіптің ұрпақтарының мұралық үлесіне тиді.
Josh Kaz 24:33  (Діни қызметкер) Һарон ұлы Елазар дүние салғанда оның мәйіті өзінің ұлы Пінехеске Ефремнің таулы аймағынан белгіленген қыраттағы қабірге қойылды.