Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
I SAMUEL
Up
Chapter 1
I Sa Kaz 1:1  Ефрем руының таулы жерінде, Сұфтың үрім-бұтағы мекендеген Раматаим қаласында Елқанах атты адам тұратын. Ол Ерохамның ұлы, Еліхудің немересі, Тохудың шөбересі, Сұфтың шөпшегі еді. Сұф кезінде Ефрата қаласының тұрғыны болған.
I Sa Kaz 1:2  Елқанахтың Ханна және Пәнана есімді екі әйелі бар еді. Пәнананың балалары болды, ал Ханна құрсақ көтермеді.
I Sa Kaz 1:3  Елқанах жыл сайын Әлемнің Иесіне ғибадат етіп, құрбандық шалу үшін отбасын ертіп өз қаласынан Шилоға сапар шегетін. Сол қалада Елидің екі ұлы Опни мен Пінехес Жаратқан Иенің киелі үйінде Оның діни қызметкерлері болып істейтін.
I Sa Kaz 1:4  Құрбандық шалғаннан кейін Елқанах әйелі Пәнанаға және одан көрген ұл-қыздарына тиісті үлестерін беретін,
I Sa Kaz 1:5  ал Ханнаға екі еселеп табыстайтын. Себебі Жаратқан Ие перзент сыйламаса да, күйеуі Ханнаны қатты жақсы көрді.
I Sa Kaz 1:6  Бірақ күндесі Пәнана Ханнаны кекетіп-мұқатып, Жаратқан Иенің оған перзент сыйламағанын бетіне басып, ренжіте беретін.
I Sa Kaz 1:7  Ол жыл сайын солай істейтін. Олар Шилоға Жаратқан Иенің үйіне өрлеп барған кезде Пәнана Ханнаны осылай өкпелететін. Ханна болса егіле жылап, астан дәм татпайтын.
I Sa Kaz 1:8  Сонда күйеуі оны жұбатып: «Ханна, сен неге жылай бересің, неге тамақ ішпейсің? Жүрегің неден жабырқаулы? Мен сен үшін он ұлдан да артық емеспін бе?» — деп сұрайтын.
I Sa Kaz 1:9  Бірде отбасы Шилода құрбандық шалып, ішіп-жеп болған соң, Ханна орнынан тұрып, Жаратқан Иенің киелі үйінің қасына барды. Ал діни қызметкер Ели кіреберіс жақтауының жанында өз орындығында отырған болатын.
I Sa Kaz 1:10  Сонда Ханна жылап, жүрегіндегі шерін Жаратқан Иеге ақтарып сиынды.
I Sa Kaz 1:11  «Уа, Әлемнің Иесі! Осы күңіңнің қайғы-қасіретіне назар аударып, есіңде ұстай гөр. Маған рақымыңды түсіріп, бір ұл сыйласаң, соны өмір бойы Саған бағыштар едім, уа, Жаратқан Ие. Оның басына ешқашан ұстараның жүзі тимес еді», — деп ант берді ол.
I Sa Kaz 1:12  Ханна осылай Жаратқан Иеге мінажат етіп ұзақ сиынғанда, Ели оның аузына қарап отырды.
I Sa Kaz 1:13  Еріндері жыбырлап тұрса да, әйел іштей жалбарынып, ешқандай дыбыс шығармады. Содан Ели оны мас екен деп ойлап қалып:
I Sa Kaz 1:14  — Сен қашанғы мас болып жүре бересің? Шарап ішуіңді доғар! — деп зекіді.
I Sa Kaz 1:15  Ал Ханна:— Мырзам, олай емес. Мен бір күйзеліп жүрген сорлы әйелмін. Не шараптан, не сырадан ауыз да тиген жоқпын. Тек көкірегімдегі зарымды Жаратқан Иеге ақтарып сиынып отырмын.
I Sa Kaz 1:16  Мені арсыз әйел деп ойлап қалмаңыз! Қайғы-қасіретім өте зор болғандықтан осылайша жалынып тұрмын! — деп мұңын шақты.
I Sa Kaz 1:17  Сонда Ели оған:— Тыныштықпен үйіңе қайта бер. Исраилдің сиынатын Құдайы тілеуіңді қабыл алсын! — деп батасын берді.
I Sa Kaz 1:18  — Мырзам, мендей пақырыңызға оң көзіңізбен қарай көріңіз, — деп Ханна қоштасып, кетіп қалды. Енді ол тамақ ішіп, бет-жүзінен қайғының нышаны байқалмайтын болды.
I Sa Kaz 1:19  Келесі күні отбасы ерте тұрып, Жаратқан Иеге ғибадат етті. Содан олар Рамақтағы үйлеріне қайта оралды. Елқанах Ханнамен жақындасқан кезде Құдай әйелдің тілегін ескеріп, жүзеге асырды.
I Sa Kaz 1:20  Ол аяғы ауырлап, айы-күні жеткенде ұл бала туды. Ханна: «Мен оны Жаратқан Иеден сұрап алғанмын», — деп, оған Самуил (яғни «Құдай құлақ асты») деген ат қойды.
I Sa Kaz 1:21  Келесі жылы Елқанах бүкіл үй ішімен Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалып, өзінің уәде еткен өзге сый-тартуларын да ұсыну үшін тағы да Шилоға бармақшы болды.
I Sa Kaz 1:22  Ал Ханна күйеуіне:— Бала өсіп, емшектен шыққаннан кейін оны Шилоға алып барамын. Сонда ол Жаратқан Иеге бағышталып, сол жерде тұратын болсын, — деп бармай қалды.
I Sa Kaz 1:23  Елқанах оған:— Жарайды. Баланы емшектен шығарғанға дейін күте тұр. Тек берген уәдеңді Жаратқан Ие шындыққа айналдыра көрсін, — деді. Осылайша Ханна нәрестесін емізіп, үйінде қалды.
I Sa Kaz 1:24  Самуилді емшектен шығарған соң анасы оны ертіп, Жаратқан Иенің Шилодағы киелі үйіне алып барды. Онда үш жасар бұқаны, бір қап ұн мен бір торсық шарапты да ала келген еді. Бала әлі де тым жас болатын.
I Sa Kaz 1:25  Әке-шешесі бұқаны құрбандыққа шалғаннан кейін баланы Елидің алдына алып барды.
I Sa Kaz 1:26  Ханна оған: «Мырзам, шынымды айтамын: мен баяғыда осы жерде, сіздің қасыңызда тұрып, Жаратқан Иеге сиынған әйелмін ғой.
I Sa Kaz 1:27  Сол кезде мына баланы сыйлай көрсін деп жалбарынған едім. Жаратқан Ие өтінішімді жүзеге асырды.
I Sa Kaz 1:28  Енді мен де уәдемді орындап, баланы өмір бойы Оның қызметіне бағыштағым келіп отыр», — деді. Сонда олар иіліп Жаратқан Иеге ғибадат етті.
Chapter 2
I Sa Kaz 2:1  Ханна былай деп сиынды:Жаратқанға шын жүректен шаттанамын,Иемнен мол күш пен абырой алғанмын,Дұшпандарыма жауап қата аламын,Мені құтқарғаныңа қатты қуанамын!
I Sa Kaz 2:2  Ешкім жоқ Жаратқан Иедей қасиетті,Жоқ Сенен өзге ешбір тәңір шынайы,Берік қорған да жоқ Құдайымыз сияқты!
I Sa Kaz 2:3  Пенделер, тағы да паңдана мақтанбаңдар,Ауыздарыңнан тәкаппар сөз шығармаңдар!Себебі Тәңір Ие бәрін біліп тұрады,Құдай істеріңе әділ үкім шығарады!
I Sa Kaz 2:4  Мықтының садақтары сындырылады,Ал әлсіз жан зор күшке ие болады.
I Sa Kaz 2:5  Тоқ болғандар енді нанға жалданады,Ал ашыққандар ішіп-жеп тойынады.Бала көтермеген жетеуін туады,Ал көп ұлды ана баладан қалады.
I Sa Kaz 2:6  Ием жанды алады әрі тірілтеді,Көрге түсіріп, одан алып та шығады.
I Sa Kaz 2:7  Жаратқан не кедей, не бай да етеді,Не төмендетіп, не жоғарылатады,
I Sa Kaz 2:8  Ол жарлыны күл-топырақтан көтереді,Мүсәпірді мүшкіл күйінен құтқарады,Әміршімен бірге төрге отырғызады,Сыйлы орынды оған мұралыққа береді.Себебі жердің негізі — Жаратқанның меншігі,Ол үстіне орнатқан бүкіл дүниені.
I Sa Kaz 2:9  Ием Өзіне бағышталғанды қорғап күзетеді,Ал зұлымдар қара түнекте өледі,Пенде өз күшімен жеңіске жетпейді.
I Sa Kaz 2:10  Жаратқан Ие қарсыластарын шайқалтады,Көктен күн күркіретіп қарсы шығады.Иеміз жер жүзіне үкім шығарады,Ол өз халқының патшасына күш сыйлайды,Тағайындаған сол басшысын қуаттайды.
I Sa Kaz 2:11  Осыдан кейін Елқанах үй ішімен Рамаққа қайта оралды. Ал баласы Самуил діни қызметкер Елидің қарамағында Жаратқан Иеге қызмет ететін болып Шилода қалды.
I Sa Kaz 2:12  Бірақ Елидің ұлдары арсыз болатын. Олар Жаратқан Иеге мойынсұнбайтын
I Sa Kaz 2:13  әрі діни қызметкер ретіндегі міндеттерін халықтың алдында жөндеп атқармайтын. Біреу Құдайға арнап құрбандық шалғанда, олар қазандағы ет піспей жатып бір қызметшісін арнайы үш тісті шанышқысымен жіберетін.
I Sa Kaz 2:14  Қызметші шанышқыны қазандағы әр түрлі етке сұғып, ілінгеннің барлығын діни қызметкердің үлесі деп алып кететін. Шилоға келген күллі исраилдіктерге де Елидің ұлдары осылай істейтін.
I Sa Kaz 2:15  Тіпті құрбандықтың Құдайға арналған майлы бөліктері ажыратылып, өртелмей жатып-ақ олардың қызметшісі келіп:— Діни қызметкерге қуыруға шикі ет кесіп бер, ол сенен піскен етті емес, тек шикі етті ғана алады, — дейтін.
I Sa Kaz 2:16  Егер әлгі адам:— Олар алдымен (Құдайға арналған) майлы бөліктерді өртеп ұсынсын, содан кейін қалағаныңызды — деп келіспей қалса, қызметші:— Жоқ, етті дереу бер, әйтпесе күшпен тартып аламын, — дейтін.
I Sa Kaz 2:17  Осылайша сол жігіттер Жаратқан Иеге арналған құрбандықтарды қорлағандықтан, Оның алдындағы күнәлары тым ауыр болатын.
I Sa Kaz 2:18  Ал Самуил Жаратқан Иенің алдында қызмет етіп, өзі өте жас болса да (діни қызметкердікіндей) бәтестен тігілген жеңсіз сырт киім киіп жүрді.
I Sa Kaz 2:19  Анасы оған жыл сайын жаңадан кішкене сырт көйлек тігіп, оны күйеуімен бірге сол жылғы құрбандықты шалу үшін Шилоға өрлеп барғанда ала келетін.
I Sa Kaz 2:20  Сонда Ели Елқанах пен Ханнаға батасын беріп: «Әйеліңнің Жаратқан Иеден сұрап алып, Оған бағыштаған баласының орнына Ол саған осы әйелден көп ұл-қыз сыйлай көрсін!» — дейтін. Бұдан кейін екеуі үйлеріне қайтатын.
I Sa Kaz 2:21  Содан Жаратқан Ие Ханнаны жарылқап, оны тағы үш ұл, екі қызға ана етті. Ал Самуил Жаратқан Иенің көз алдында есейіп өсіп жатты.
I Sa Kaz 2:22  Ели сол кезде жасы ұлғайып қартайған еді. Ол ұлдарының исраилдіктерге не істегендерін, олардың тіпті кездесу шатырының кіреберісінде қызмет атқаратын әйелдермен жасаған азғындықтары туралы да естіді.
I Sa Kaz 2:23  Оларға былай деп ескертті: «Неге сендер сондай сұмдық қылықтармен айналысып жүрсіңдер? Жұрттың бәрінен сендер туралы жаман сөздер естіп жүрмін.
I Sa Kaz 2:24  Балаларым, қойыңдар! Жаратқан Иенің халқының арасына тарап жатқан осы әңгіме жақсы әңгіме емес.
I Sa Kaz 2:25  Егер бір адам басқа біреудің алдында кінәлі болып қалса, онда Құдай тағайындаған билер екеуінің арасында жүріп, оның сөзін сөйлей алады. Ал егер ол Жаратқан Иенің Өзіне қарсы күнә жасаса, онда сол пенденің сөзін кім сөйлейді?»Әйтсе де ұлдары Елидің айтқанына құлақ аспады. Өйткені Жаратқан Ие оларды өлімге бұйырып қойған болатын.
I Sa Kaz 2:26  Ал жасөспірім Самуил Жаратқан Иеге де, адамдарға да ұнамдылығы арта түсіп, өсіп келе жатты.
I Sa Kaz 2:27  Бір күні Құдайдың жіберген адамы Елиге келіп, Оның хабарын жеткізіп былай деді: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Сенің арғы атаң Һарон мен оның отбасы Мысырда перғауынның қол астында жүрген кезде-ақ Мен оларға Өзімнің кім екенімді аян еттім.
I Sa Kaz 2:28  Исраилдің барлық руларының ішінен арғы атаңды Менің діни қызметкерім болуға таңдап алдым. Оны Маған бағышталып шалынған құрбандықтарды арнайы үстелде өртеуге, хош иісті заттарды түтетуге және алдымда жеңсіз сырт киімді киіп жүруге тағайындадым. Сонда Мен арғы атаң Һароннан тараған сендерге исраилдіктердің Маған арнап өртейтін барлық құрбандықтарынан тиісті үлестерін белгілеп қойған жоқ па едім?
I Sa Kaz 2:29  Ал енді, Менің жер бетіндегі тұрағыма әкеліп ұсынуға өсиеттеген құрбандықтарым мен сый-тартуларыма сендер неге ашкөздікпен қарап, оларды қорлайсыңдар? Неге сен ұлдарыңды Менен артық көресің? Халқым Исраилдің Маған арнап шалған құрбандықтарының ең жақсы бөліктерін алып, тойып жеп, семіресіңдер!
I Sa Kaz 2:30  Сондықтан да Исраилдің Құдайы — Жаратқан Ие мынаны айтады: Бұрын Мен өзіңнің ұрпақтарыңды және әкеңнің басқа да үрім-бұтағын мәңгі бақи діни қызметкерлерім болуға бұйырған едім. Бірақ қазір Мен, Жаратқан Ие, былай деп шештім: Енді бұлай болмайды! Себебі Мені сыйлағандарды Мен де сыйлаймын, ал Мені менсінбегендер масқара болады.
I Sa Kaz 2:31  Біліп қой, болашақта Мен өзіңнің де, әкеңнің де ұрпақтарының жасын ұлғайтпай, жас кездерінде-ақ өлімге душар етемін.
I Sa Kaz 2:32  Жер бетіндегі тұрағымның қайғылы жағдайға ұшырауына куә боласың. Мен басқа исраилдіктерге игілік сыйлағанда, сендердің үй іштеріңде бірде-бір қария қалмайды.
I Sa Kaz 2:33  Егер Мен бір адамыңа құрбандық үстелімнің алдында қызмет етуге жол берсем, сол туралы да көздің жасын көл етіп, қатты қайғыратын боласыңдар. Ұрпақтарыңның бәрі де дүниеден ерте кетпек.
I Sa Kaz 2:34  Сенің ұлдарың Опни мен Пінехес екеуі бір-ақ күнде өледі. Бұл саған айтылғанның бәрінің түгелдей жүзеге асатынын білдіретін белгі болмақ.
I Sa Kaz 2:35  Содан кейін Мен қызметін адал орындайтын өзге бір діни қызметкерді белгілеймін. Ол Менің еркіме сай әрекет жасап, міндетін Өзім тағайындайтын патшаның алдында атқаратын болады. Мен оның әулетін діни қызметкерлерім болуға бекітемін.
I Sa Kaz 2:36  Ал өзіңнің ұрпақтарыңнан тірі қалған әркім соған барып, бір күміс теңге немесе бір кесек нан сұрап келіп: «Өтінемін, нанымды тауып жей алуым үшін маған діни қызметкер атқаратын кез келген жұмысты тапсыра көріңізші!» деп жалынатын болады».
Chapter 3
I Sa Kaz 3:1  Жасөспірім Самуил Елидің қарамағында Жаратқан Иеге қызмет етіп жүрді. Сол заманда Жаратқан Иенің адамдарға сөзін арнап, аян беруі өте сирек болатын.
I Sa Kaz 3:2  Елидің көздері мүлдем дерлік көрмей қалған еді. Бірде ол өзінің үйреншікті орнында жатты.
I Sa Kaz 3:3  Бұл Құдайдың шам қойғышының жеті шамы әлі де жанып тұрған кез еді. Құдайдың Келісім сандығы орналасқан Жаратқан Иенің ғибадатханасында Самуил де тынығып жатты.
I Sa Kaz 3:4  Сонда Жаратқан Ие Самуилдің атын атап шақырды. Ол: «Тыңдап тұрмын», — деді де,
I Sa Kaz 3:5  Елиге жүгіріп барып:— Тыңдап тұрмын, сіз мені шақырдыңыз ба? — деп сұрады. Ели оған:— Жоқ, сені шақырған жоқпын, орныңа барып, жата ғой, — деп жауап қайырды. Самуил солай істеді.
I Sa Kaz 3:6  Жаратқан Ие қайтадан: «Самуил!» — деп шақырғанда, бала тағы да орнынан тұрып, Елиге барып:— Тыңдап тұрмын, сіз мені шақырдыңыз ба? — деп сұрады.Бірақ ол:— Жоқ, шақырған жоқпын, балам, орныңа барып, жата бер, — деді.
I Sa Kaz 3:7  Бұған дейін Жаратқан Ие өзіне аян беріп, сөзін арнамағандықтан, Самуил Оның даусын танымайтын еді.
I Sa Kaz 3:8  Жаратқан Ие Самуилді үшінші рет шақырды. Бала тағы да орнынан тұрып, Елиге келіп:— Тыңдап тұрмын, сіз мені шақырдыңыз ба? — деп сұрады. Сол кезде Ели баланы шақырып жатқан Жаратқан Иенің Өзі екенін түсініп,
I Sa Kaz 3:9  оған:— Бар да жат. Егер сені қайтадан шақырса, онда: «Уа, Ием, айта гөр, пендең тыңдап тұр» деп жауап бер, — деді. Самуил төсегіне барып жатты.
I Sa Kaz 3:10  Бұдан кейін Жаратқан Ие тағы да оның қасына келіп, бұрынғыша:— Самуил, Самуил! — деп шақырды. Бала:— Айта гөр, пендең тыңдап тұр, — деп жауап берді.
I Sa Kaz 3:11  Сонда Құдай Самуилге мынаны айтты:— Мен Исраилде естіген адамды қатты абыржытатын бір нәрсе істемекпін!
I Sa Kaz 3:12  Сол күні Мен Елидің отбасы туралы айтқан сөздерімді басынан аяғына дейін жүзеге асырамын.
I Sa Kaz 3:13  Ұлдарының зұлымдығы үшін оларды біржолата жазалайтынымды Елиге хабарлағанмын. Ол ұлдарының Құдайды қорлағандарын біліп жүрсе де, оларды жүгендеп, тоқтатқан емес.
I Sa Kaz 3:14  Сол себепті Мен: Елидің отбасы өз кінәсінің зардабынан ешқашан не құрбандық, не басқа да сый-тарту арқылы арыла алмайды деп ант еттім.
I Sa Kaz 3:15  Бұдан соң Самуил қайтадан орнына барып жатты. Ертеңгісін ол әдеттегідей Жаратқан Иенің киелі үйінің есіктерін ашты. Ал Құдайдың аян еткен сөздерін Елиге айтып беруге дәті бармады.
I Sa Kaz 3:16  Бірақ Ели оны:— Самуил, балам, — деп, қасына шақырып алды.— Құлағым сізде, ата, — деп жауап берді ол.
I Sa Kaz 3:17  Ели:— Құдай саған не деді? Оны менен жасырма. Егер де Құдайдың өзіңе білдіргендерін түгелдей айтпай, бір нәрсесін жасырып қалсаң, Ол сені жазалаған үстіне жазалай бермек, — деді.
I Sa Kaz 3:18  Сонда Самуил ештеңені бүкпестен бәрін айтып берді. Ели:— Ол Жаратқан Ие ғой, Оның әділ еркі орындалсын, — деді.
I Sa Kaz 3:19  Ал Самуил есейіп, өсе берді. Жаратқан Иенің Өзі жар болып, оған алдын ала хабарлап айтқан сөздерінің бәрі де жүзеге асып отырды.
I Sa Kaz 3:20  Содан солтүстіктегі Дан мен оңтүстіктегі Бер-Шебаның аралығында тұрып жатқан бүкіл Исраил халқы Самуилдің Жаратқан Иенің пайғамбары болуға тағайындалғандығына көз жеткізді.
I Sa Kaz 3:21  Жаратқан Ие Самуилге сөзін арнап, Өзінің кім екенін ашқан Шилода оған аян беруін жалғастыра берді.
Chapter 4
I Sa Kaz 4:1  Осылай Самуилдің айтқандары бүкіл Исраил халқына кеңінен тарап жатты.Сол тұста исраилдік жасақшылар філістірлерге қарсы соғысқа аттанды. Олар Әбен-Езер қаласының маңында, ал філістірлер Әфектің қасында қостарын тікті.
I Sa Kaz 4:2  Жау жасағын сапқа тұрғызып, шабуылға шықты. Кескілескен шайқаста исраилдіктер жеңіліп, төрт мыңдай адамы ұрыс даласында қаза тапты.
I Sa Kaz 4:3  Қалғандары жасақтың қосына оралғанда, Исраилдің рубасылары ақылдасып: «Жаратқан Ие бүгін неліктен філістірлердің бізді талқандап жеңулеріне жол берді? Жаратқан Иенің Келісім сандығын Шилодан осында алдыртайық. Сонда ол ортамызда болып, бізді жау қолынан құтқарып алады», — деп ұйғарды.
I Sa Kaz 4:4  Сонымен Шилоға бірнеше адам жіберіп, олар Әлемнің Иесінің Келісім сандығын алып келді. Оның жер бетіндегі «тағы» сандық қақпағындағы керуб мүсіндерінің үстінде болды. Елидің ұлдары Опни мен Пінехес те сол жерге Құдайдың Келісім сандығымен бірге келген еді.
I Sa Kaz 4:5  Жаратқан Иенің Келісім сандығы жасақтың қосына жеткізілген кезде исраилдіктердің қуана салған айқайынан жер жаңғырықты.
I Sa Kaz 4:6  Айқай-шуды естіген філістірлер: «Исраилдіктердің қосындағы бұл не деген қатты айқай-шу?» — деп таңғалысты.Олар қарсыластарының қосына Жаратқан Иенің сандығы әкелінді деген хабарды біліп алғаннан кейін
I Sa Kaz 4:7  үрейлері ұшып: «Олардың араларына Құдай келіпті! — десті. — Енді қасіретке қалармыз! Бұрын-соңды мұндай нәрсе болып көрген емес!
I Sa Kaz 4:8  Сорладық! Осы құдіретті тәңірлерден бізді кім құтқара алады? Олар иен далада әр түрлі апаттар жіберіп, мысырлықтарды құртқан еді ғой!
I Sa Kaz 4:9  Кәне, філістірлер, нығайыңдар! Батыл да ержүрек болыңдар! Әйтпесе исраилдіктердің сендерге құл болып келгеніндей, енді сендер олардың құлдары боласыңдар. Ендеше нағыз батырларша жан аямай соғысыңдар!» — деп сарбаздарын жігерлендірді.
I Sa Kaz 4:10  Содан філістірлер жан сала шайқасып, исраилдіктер ойсырай жеңілді. Барлығы бытырап, әркім өз үйіне қашып кетті. Қырғынның зор болғаны сонша, отыз мың исраилдік жаяу жасақтың мәйіттері ұрыс даласында қалды.
I Sa Kaz 4:11  Бұған қоса Құдайдың сандығы жаудың қолына түсті, әрі Елидің екі ұлы Опни мен Пінехес қаза тапты.
I Sa Kaz 4:12  Шайқасып жатқандардың арасынан Бунямин руының бір адамы сытылып шығып, жүгірген бойы сол күні Шилоға жетті. Ол қатты қайғырып, көйлегінің өңірін айыра жыртып, басына топырақ сеуіп алыпты.
I Sa Kaz 4:13  Сол кезде Құдайдың сандығын уайымдап, жүрегі қобалжып елегізген Ели қақпа алдында, жол жиегіндегі орындығында отырған еді. Хабаршы қалаға келіп, болған жайдың бәрін айтып бергенде күллі халық айқай салып жоқтай бастады.
I Sa Kaz 4:14  Зарлы айқайды естіген Ели:— Мынау не қылған айқай-шу? — деп сұрады. Сонда жаңағы кісі болған оқиғаны айтып беру үшін жүгіріп оның қасына келді.
I Sa Kaz 4:15  Елидің жасы тоқсан сегізде болатын, ол көзі көрмей, зағип болып қалған еді.
I Sa Kaz 4:16  Әлгі жігіт оған:— Мен тікелей ұрыс даласынан келіп отырмын, бүгін ғана сол жерден сытылып шықтым, — деді. Ели:— Не болғанын айтып берші, балам? — деп өтінді.
I Sa Kaz 4:17  Хабаршы:— Шайқаста Исраилдің жасағы філістірлерден қашып кетті. Көп адамы қаза тауып, сіздің екі ұлыңыз Опни мен Пінехес те мерт болды. Құдайдың сандығы жаудың қолына түсті, — деп мәлімдеді.
I Sa Kaz 4:18  Құдайдың сандығына не болғаны туралы айтылғанда, Ели қақпа жанындағы отырған орындығынан шалқалай құлап түсті. Содан желкесі үзіліп, Ели жан тапсырды. Себебі ол өте кәрі және денелі кісі болатын. Ели қырық жыл бойы Исраилге билік айтып келген еді.
I Sa Kaz 4:19  Бұл кезде Елидің келіні, Пінехестің әйелінің босанатын мезгілі жақындап қалған болатын. Әйел Құдайдың сандығының жау қолына түскені, әрі қайын атасы мен күйеуінің дүние салғаны туралы хабар естігенде сол жерде толғатып, босанды. Алайда толғағы өте ауыр болды.
I Sa Kaz 4:20  Хал үстінде жатқанда қасындағы әйелдер оны: «Қайғырма, ұл тудың», — деп жұбатты. Бірақ ол бұған жауап қайырмады, тіпті көңіл де бөлген жоқ.
I Sa Kaz 4:21  Құдайдың сандығы жаудың қолына түсіп, қайын атасы мен күйеуі дүние салғандықтан, әйел: «Салтанатты ұлылық Исраилді тастап кетті!» — деп, ұлына Иқабод (яғни «Ұлылық жоқ») деген ат қойды.
I Sa Kaz 4:22  Ол: «Салтанатты ұлылық Исраилді тастап кетті, себебі жау Құдайдың сандығын қолына түсірді», — деп налыды.
Chapter 5
I Sa Kaz 5:1  Філістірлер Құдайдың Келісім сандығын қолға түсіргеннен кейін оны Әбен-Езерден Азот қаласына алып барды.
I Sa Kaz 5:2  Сол жерде Құдайдың сандығын өздері табынатын тәңір Дагонның ғибадатханасына кіргізіп, оның мүсінінің қасына қойды.
I Sa Kaz 5:3  Азоттықтар келесі күні ертемен тұрып, ғибадатханаға келгенде Дагонның мүсіні Жаратқан Иенің сандығының алдында етпетінен құлап жатыр екен! Олар мүсінді көтеріп, бұрынғы орнына қойды.
I Sa Kaz 5:4  Бірақ келесі күні де таң сәріде тұрып, қарағанда Дагон қайтадан Жаратқан Иенің сандығының алдында етпетінен құлаған еді. Оның шабылып түскен басы мен қолдары есіктің табалдырығында, ал денесінің қалған бөлігі жерде бөлек жатты.
I Sa Kaz 5:5  Сол себептен Дагонның діни қызметкерлері мен оның Азоттағы ғибадатханасына келушілер күні бүгінге дейін осы табалдырықты баспайды.
I Sa Kaz 5:6  Сол кезде Жаратқан Иенің құдіретті қолы Азот пен оның айналасындағыларды қатты жазалап, кесел жіберіп, денелеріне шиқанды ісіктер қаптатып азаптады.
I Sa Kaz 5:7  Мұны көрген Азот халқы: «Исраилдің Тәңірінің сандығы бұл жерде қалмауға тиіс! Өйткені олардың Тәңірі бізді де, өз тәңіріміз Дагонды да қатты жазалап отыр», — деді.
I Sa Kaz 5:8  Сонымен олар хабаршыларын жіберіп, філістірлердің барлық әміршілерін шақырып алдыртты. Олардан:— Исраилдің Құдайының сандығымен не істейміз? — деп сұрады. Әміршілер:— Исраилдің Құдайының сандығын Ғатқа жөнелту керек, — деп шешті де, оны сол жаққа апарғызды.
I Sa Kaz 5:9  Бірақ Келісім сандығы Ғат қаласына келгенде, Жаратқан Иенің құдіретті қолы оны да қатты жазалап, абыржытты. Жас демей, кәрі демей, Жаратқан Ие қаланың тұрғындарының бәріне бірдей індет таратты. Содан оларға жаппай шиқанды ісіктер шыға бастады.
I Sa Kaz 5:10  Сонда олар Құдайдың сандығын Әкронға жіберді, бірақ ол сол қалаға жете салысымен тұрғындары: «Бұлар Исраилдің Құдайының сандығын өзімізді де, бүкіл халқымызды да қыру үшін әкеліп отыр!» — деп айқай-шу шығарды.
I Sa Kaz 5:11  Олар кісілерін жұмсап, філістірлердің барлық әміршілерін шақыртып алып: «Өзіміздің де, халқымыздың да құрып кетпеуі үшін Исраилдің Құдайының сандығын осы жерден өз мекеніне қарай жіберіңіздер!» — деп өтінді. Ажал бүкіл қала халқын қатты үрейлендірді, себебі Құдайдың құдіретті қолы оларды қатты жазалап жатты.
I Sa Kaz 5:12  Өлмей тірі қалғандардың денелеріне шиқанды ісіктер шығып, қатты қинады. Қала тұрғындары көмек сұрап көкке қарай жалбарынды.
Chapter 6
I Sa Kaz 6:1  Осылай Жаратқан Иенің Келісім сандығы жеті ай бойы філістір жерінде болғаннан кейін
I Sa Kaz 6:2  філістірлер абыз-көріпкелдерін шақырып, оларға:— Жаратқан Иенің сандығымен не істеуіміз керек? Оны өз орнына қалай қайтаруға болатынын айтыңдаршы? — деген сауал қойды.
I Sa Kaz 6:3  Әлгілердің жауабы мынау болды:— Исраилдің Құдайының сандығын қайтарамыз десеңдер, оны құр жібермей, айыптарыңды өтейтін сый-тартумен қоса қайтаруларың керек. Сонда ауруларыңнан айығып, Жаратқан Иенің құдіретті қолының өздеріңді неліктен жазалап келгенін ұғарсыңдар. —
I Sa Kaz 6:4  Халық:— Оған айыпты өтейтін қандай сый-тарту жіберу керек? — деп сұрады. Абыз-көріпкелдер былай деп жауап берді:— Өздерің мен әміршілерің бірдей індетке ұшырағандықтан, әміршілердің санына сәйкес етіп бес-бестен алтын шиқанды ісік пен алтын тышқан мүсіндерін жіберіңдер!
I Sa Kaz 6:5  Ісіктердің және елдеріңді ойрандап жатқан тышқандардың алтын мүсіндерін жасатып, Исраилдің Құдайының даңқты ұлылығын мойындаңдар! Мүмкін, Ол сонда өздеріңді, тәңірлерің мен елдеріңді осылай ауыр жазалауын доғарар.
I Sa Kaz 6:6  Бір кездегі мысырлықтар мен перғауын сияқты жүректеріңді қасарыстырмай-ақ қойыңдар! Жаратқан Ие өздеріне құдіретін көрсеткен соң олар исраилдіктерді босатып жіберуге мәжбүр болды емес пе?!
I Sa Kaz 6:7  Ендеше бір жаңа арба жасатыңдар. Оған жақында бұзаулаған, әлі ешқашан жегілмеген екі қашарды жегіп, бұзауларын бөліп алып, қораға қамап қойыңдар.
I Sa Kaz 6:8  Жаратқан Иенің сандығын сол арбаның үстіне орнатуларың керек. Оның жанында айыптарыңды өтейтін сый-тарту ретінде Жаратқан Иеге ұсынып отырған алтын бұйымдарың салынған сандықшаны орналастырыңдар. Содан кейін арбаны бет алған жағына қарай қоя беріп,
I Sa Kaz 6:9  артынан бақылап отырыңдар! Егер арба өз жеріне, Бет-Шәміш қаласына қарай өрлесе, онда осы зор апатты бізге Жаратқан Иенің Өзінің жібергені. Ал егер арба басқа жаққа қарай бағытталса, онда бізді жазалаған Ол емес екеніне, бұл апаттың басымызға кездейсоқ түскеніне көз жеткіземіз.
I Sa Kaz 6:10  Філістірлер айтылғанның бәрін істеді. Олар таяуда бұзаулаған екі қашарды арбаға жегіп, бұзауларын ажыратып алып, қамап тастады.
I Sa Kaz 6:11  Арбаның үстіне Жаратқан Иенің сандығын орналастырып, жанына ісіктер мен тышқандардың алтын мүсіндері салынған сандықшаны қойды.
I Sa Kaz 6:12  Сонда сиырлар тура Бет-Шәмішке апаратын жолға түсіп алды. Олар не оңға, не солға бұрылмастан, үздіксіз мөңіреумен даңғыл жолмен өрлеп жүріп отырды. Філістір әміршілері олардың соңынан Бет-Шәміштің шетіне дейін еріп барды.
I Sa Kaz 6:13  Бұл қаланың халқы сол кезде егін алқабынан бидай жинап жатты. Олар бастарын көтергенде Келісім сандығын көріп, соған шат-шадыман қуанды.
I Sa Kaz 6:14  Арба бет-шәміштік Ешуаның егістігіне жетіп, сол жердегі дәу тастың жанына тоқтады. Леуіліктер Құдайдың Келісім сандығын және алтын бұйымдар салынған сандықшаны арбадан түсіріп, дәу тастың үстіне қойды. Арбаның ағашын отынға жарып, қашарларды құрбандыққа шалды да, Жаратқан Иеге арнап өртеп жіберді. Содан кейін Бет-Шәміштің тұрғындары тағы бірқатар малды құрбандыққа шалып, бірнешеуін Жаратқан Иеге ұсынып өртеп жіберді.
I Sa Kaz 6:15  Арба бет-шәміштік Ешуаның егістігіне жетіп, сол жердегі дәу тастың жанына тоқтады. Леуіліктер Құдайдың Келісім сандығын және алтын бұйымдар салынған сандықшаны арбадан түсіріп, дәу тастың үстіне қойды. Арбаның ағашын отынға жарып, қашарларды құрбандыққа шалды да, Жаратқан Иеге арнап өртеп жіберді. Содан кейін Бет-Шәміштің тұрғындары тағы бірқатар малды құрбандыққа шалып, бірнешеуін Жаратқан Иеге ұсынып өртеп жіберді.
I Sa Kaz 6:16  Філістірлердің бес әміршісі осының барлығын бақылап тұрып, сол күні Әкронға қайта оралды.
I Sa Kaz 6:17  Олар айыптарының құнын өтейтін тарту ретінде Азот, Газа, Ашқалон, Ғат және Әкрон қалаларының атынан Жаратқан Иеге бір-бірден алтын ісік мүсінін ұсынған еді.
I Sa Kaz 6:18  Сонымен қатар філістірлердің бес әміршісі басқаратын барлық қалаларының санына сәйкес алтын тышқан мүсіндерін де жіберген болатын. Олар қамалмен қоршалған қалалардан басқа маңайындағы ауыл-қыстақтарды да есептеген еді. Үстіне Жаратқан Иенің сандығы қойылған сол дәу тас күні бүгінге дейін бет-шәміштік Ешуаның егістік жерінде осы оқиғаның айғағы болып әлі де тұр.
I Sa Kaz 6:19  Оның киелі сандығының ішіне қарағандары үшін Жаратқан Ие Бет-Шәміштің тұрғындарын жазалап, жетпісін өлтірді. Солардың арасында елу басшы да болды. Жаратқан Иенің өздеріне тартқызған соншама ауыр жазасына халық қатты қайғырып жоқтап,
I Sa Kaz 6:20  «Осы Киелі Құдай — Жаратқан Иенің алдында кім тұра алады? Оның сандығы бұл жерден енді кімдерге апарылуға тиіс?» — деп абыржыды.
I Sa Kaz 6:21  Олар Кирият-Иғарым қаласының тұрғындарына хабаршыларын жұмсап: «Філістірлер Жаратқан Иенің сандығын қайтарып жіберді. Енді келіп, оны өздеріңе алып кетіңдер!» — деген сәлем жолдады.
Chapter 7
I Sa Kaz 7:1  Сонда Кирият-Иғарымның адамдары келіп, Жаратқан Иенің Келісім сандығын өздеріне алып кетті. Оны Абинадап есімді кісінің төбе басындағы үйіне апарып қойды. Оның ұлы Елазарды Жаратқан Иенің қызметіне бағыштап, Келісім сандығының күзетшісі етіп тағайындады.
I Sa Kaz 7:2  Келісім сандығы Кирият-Иғарымда ұзақ уақытқа, тіпті жиырма жылға қалды. Бүкіл Исраил халқы қайғырып, Жаратқан Иеге бет бұра бастады.
I Sa Kaz 7:3  Самуил бәріне: «Егер сендер Құдайға шын жүректен қайтамыз десеңдер, онда қолдарыңдағы Астарта бейнелерін және өзге де бөтен тәңірлердің бейнелерін лақтырып тастаңдар! Жаратқан Иеге шын жүректен мойынсұнып, тек Оған ғана қызмет етіңдер! Сонда Ол сендерді філістірлердің қолынан құтқарып алады», — деп ескертіп отыратын.
I Sa Kaz 7:4  Соңында исраилдіктер Бағал мен Астарта есімді жалған тәңірлерден бас тартып, тек Жаратқан Иеге ғана ғибадат ете бастады.
I Sa Kaz 7:5  Содан Самуил рубасыларға: «Бүкіл Исраил халқын Миспаға жинаңдар! Сол жерде мен сендер үшін Жаратқан Иеге мінажат етіп сиынбақпын», — деп тапсырды.
I Sa Kaz 7:6  Осылайша халық Миспа қаласына жиналды. Олар (күнәларына өкінгендерінің белгісі ретінде) құдықтан су тартып алып, оны Жаратқан Иенің алдында жерге төкті. Сол күні халық ораза ұстап: «Біз Жаратқан Иеге қарсы күнә жасап келдік», — деп мойындады.Мұнан кейін Самуил Исраил халқына Миспада Құдайдың еркін білдіріп, билік айтты.
I Sa Kaz 7:7  Алайда філістірлер Исраил халқының Миспаға жиналғаны туралы естігенде, олардың әміршілері шабуыл жасамақ болып аттанды. Бұл туралы естіген исраилдіктер олардан қорқып кетті.
I Sa Kaz 7:8  Олар Самуилден: «Бізді філістірлерден құтқарып, аман алып қалсын деп Құдайымыз Жаратқан Иеге үздіксіз жалбарына көріңіз!» — деп өтінді.
I Sa Kaz 7:9  Сонда Самуил еміп жүрген бір қозыны алып, Жаратқан Иеге арнап құрбандыққа шалды. Оны түгел өртеп жіберіп, Исраил халқы үшін дауыстап Жаратқан Иеге жалбарынды. Жаратқан Ие оған құлақ асты.
I Sa Kaz 7:10  Самуил құрбандық шалып жатқан кезде жау шабуыл жасап жақындап келді. Бірақ Жаратқан Ие сол заматта өте қатты күн күркіретіп, філістірлердің зәресін ұшырып, олар бастары ауған жаққа қарай қаша жөнелді.
I Sa Kaz 7:11  Сонда исраилдік ер адамдар Миспадан шығып, оларды өкшелей қуып, Бет-Қордан да төменгі жерге дейін қырып жойды.
I Sa Kaz 7:12  Бұдан кейін Самуил Миспа мен Шен арасына үлкен тасты ескерткіш ретінде орнатып, оны Әбен-Езер («Көмек тасы») деп атады. Себебі ол: «Осыған дейін Жаратқан Ие бізге көмектесіп келеді!» — деп ризашылығын білдірді.
I Sa Kaz 7:13  Філістірлер осылайша беті қайтарылып, енді Исраил еліне баса-көктеп кірмейтін болды. Самуилдің көзі тірісінде олардың үстіне Жаратқан Иенің құдіретті қолы әрдайым төніп тұрды.
I Sa Kaz 7:14  Філістірлер бұрынырақ Исраилден Ғат пен Әкронның арасындағы қалаларды тартып алған болатын. Енді исраилдіктер соларды маңайындағы жерлерімен қоса жау қолынан азат етіп, қайтадан иемденді. Сонымен қатар аморлықтармен де арада тыныштық орнады.
I Sa Kaz 7:15  Самуил бүкіл өмір бойы исраилдіктердің биі болып өтті.
I Sa Kaz 7:16  Ол жыл сайын Бетел, Ғылғал және Миспаны аралап, олардағы ғибадат орындарында халыққа билік айтып жүрді.
I Sa Kaz 7:17  Содан кейін өзінің ата мекені Рамаққа қайтып келіп, Исраилге сол қалада да би ретінде қызмет көрсететін. Бұл жерде Самуил Жаратқан Иеге арнап құрбандық үстелін орнатты.
Chapter 8
I Sa Kaz 8:1  Самуил жасы ұлғайып, қартайған шағында өзінің ұлдарын исраилдіктердің билері етіп қойды.
I Sa Kaz 8:2  Тұңғышының аты Жоел, кенжесінің аты Абиях еді. Олар Бер-Шебада билік айтатын.
I Sa Kaz 8:3  Алайда ұлдары Самуил сияқты тура жолмен жүрмеді. Олар пайдакүнемдікке салынып, пара алып, шындықты бұрмалап үкім шығаратын болды.
I Sa Kaz 8:4  Сонда исраилдіктердің рубасылары жиналып, Рамақ қаласына Самуилге барып,
I Sa Kaz 8:5  одан: «Өзіңіз білесіз, жасыңыз ұлғайды. Ал ұлдарыңыз сіздің жолыңызбен жүрмей келеді. Сондықтан басқа халықтардағыдай бізге де билік айтатын патшамызды тағайындап беріңіз», — деп өтінді.
I Sa Kaz 8:6  «Бізге билік айтатын патшамызды тағайындап беріңіз» деген сөздер Самуилге мүлдем ұнамады. Ол Жаратқан Иеге сиынып Оның еркін сұрады.
I Sa Kaz 8:7  Сонда Жаратқан Ие оған мынадай жауап берді: «Халықтың айтқандарының бәріне көн. Олар сенен емес, Менен бас тартып, өздеріне патшалық етуіме қарсы шығып тұр.
I Sa Kaz 8:8  Мен оларды Мысырдан алып шыққаннан бері Маған адал болмай, бөтен тәңірлерге құлшылық етіп келгендері сияқты, енді саған да солай істеп отыр.
I Sa Kaz 8:9  Сонымен, айтқандарына құлақ ас. Бірақ үстерінен билік құратын патшаның еркін оларға мықтап білдірт!»
I Sa Kaz 8:10  Самуил Жаратқан Иенің барлық сөздерін өзінен патша тағайындауды сұрап отырған халыққа жеткізіп,
I Sa Kaz 8:11  былай деді:— Сендерді басқаратын патшаның мынадай құқықтары болады: патша сендердің ұлдарыңды алып, өзінің соғыс күймелері мен аттарын қаратып қояды. Олар күймелердің алдында жүгіріп отыратын да болады.
I Sa Kaz 8:12  Патша ұлдарыңның кейбіреулерін өз жасағына мыңбасылар мен елубасылар етіп тағайындайды, ал басқаларына өзінің жерлерін өңдетіп, егінін орғызып, қару-жарақтар мен соғыс күймелерінің жабдығын жасатып қояды.
I Sa Kaz 8:13  Патша қыздарыңды сарайына иісмай жасаушы, аспазшы не наубайшы етіп алып кетеді.
I Sa Kaz 8:14  Патша сендердің ең жақсы егіндіктеріңді, жүзімдіктеріңді, зәйтүн бақтарыңды тартып алып, өз нөкерлеріне үлестіріп береді.
I Sa Kaz 8:15  Ол, сондай-ақ, өздеріңнің егіндіктерің мен жүзім бақтарыңнан жинаған өнімдеріңнің он бөлігінің бірін алып, уәзірлері мен басқа да қызметкерлеріне табыстайды.
I Sa Kaz 8:16  Ол ең жақсы құл-күңдеріңді, мүйізді ірі қараларың мен есектеріңді алып, өз жұмысына салады.
I Sa Kaz 8:17  Соның үстіне ұсақ малдарыңның он бөлігінің бірін де патшаға алым-салыққа беріп, ақырында өздерің оның құлы болып шыға келесіңдер.
I Sa Kaz 8:18  Осы сөздерім жүзеге асқанда, өздерің тілеп алған патшаларыңнан құтқаруды сұрап жалбарынасыңдар. Бірақ Жаратқан Ие сол кезде өтініштеріңе құлақ салмайтын болады!
I Sa Kaz 8:19  Алайда халық Самуилдің айтқандарын тыңдағысы келмей:— Жоқ, өз патшамыз болсын!
I Sa Kaz 8:20  Сонда біз де басқа халықтар сияқты боламыз. Патшамыз бізге билік жүргізіп, алдымызда бізді бастап жүріп, соғыстарымызды жүргізетін болады, — деп тұрып алды.
I Sa Kaz 8:21  Самуил халықтың күллі сөздерін тыңдағаннан кейін, Жаратқан Иеге сиынып бәрін айтып берді.
I Sa Kaz 8:22  Жаратқан Иенің жауабы мынау болды: «Халықтың айтқанына көніп, патшасын тағайындап бер!» — Сонда Самуил оларды:— Әзірше өз қалаларыңа бара беріңдер, — деп қайтарып жіберді.
Chapter 9
I Sa Kaz 9:1  Сол кезде Бунямин руында Қиш есімді абыройлы да ауқатты бір адам бар болатын. Ол Әбиелдің ұлы, Серордың немересі, Бехораттың шөбересі, Афияхтың шөпшегі еді.
I Sa Kaz 9:2  Қиштың Саул атты аса келбетті ұлы болды. Исраилдіктердің ішінде оған тең келетіндей денелі жігіт жоқ еді. Кез келген адамның бойы оның иығынан ғана келетін.
I Sa Kaz 9:3  Бірде Қиштың есектері адасып, жоғалып кетті. Сонда ол Саулды: «Балам, қызметші жігіттердің біреуін ертіп алып, есектерді іздеуге шықсаңшы», — деп жұмсады.
I Sa Kaz 9:4  Олар Ефрем руының таулы жерін және Шалишаның маңайын аралап шыққанмен таба алмады. Содан Шағалимға барғанда есектері сол аймақта да жоқ болып шықты. Кейін Буняминнің жерін шарлап, жоқтарының ізіне түсе алмады.
I Sa Kaz 9:5  Ақырында Сұфтың үрім-бұтағы мекендеген жерге жеткенде Саул өзіне еріп жүрген қызметшіге:— Енді үйге қайтайық. Әйтпесе әкем есектерді емес, бізді уайымдап жүрер, — деді.
I Sa Kaz 9:6  Ал қызметші:— Осы қалада Құдайдың тағайындаған адамы тұрады, солай емес пе? Ол өте беделді, айтқандарының барлығы да шындыққа айналады. Кәне, соған барайық. Мүмкін, қайдан іздеу керек екенін айтып берер, — деп ұсыныс жасады.
I Sa Kaz 9:7  Саул:— Жарайды, барайық, бірақ оған не сыйлаймыз? Дорбаларымызда нан да қалмады. Енді Құдайдың адамына сыйлайтындай еш тартуымыз жоқ. Әлде бірдеңеміз бар ма? — дегенде,
I Sa Kaz 9:8  қызметші:— Менде бір ширек мысқалдай күміс бар. Соны Құдайдың адамына сыйға тартып, есектерімізді қай жерден іздеу керек екенін сұрап, біліп алайық, — деп жауап берді.
I Sa Kaz 9:9  — Жақсы, жүр, кеттік! — деп Саул келісті. Сонымен олар Құдайдың адамы тұратын қалаға жетті.Бұрын Исраилде біреу Құдайдан бір нәрсені сұрап білгісі келгенде: «Жүр, Тәңір Ие аян беретін көріпкелге барайық!» — дейтін. Себебі қазір «пайғамбар» делінгендер сол заманда «Тәңір Ие аян беретін көріпкел» деп аталатын.
I Sa Kaz 9:10  — Жақсы, жүр, кеттік! — деп Саул келісті. Сонымен олар Құдайдың адамы тұратын қалаға жетті.Бұрын Исраилде біреу Құдайдан бір нәрсені сұрап білгісі келгенде: «Жүр, Тәңір Ие аян беретін көріпкелге барайық!» — дейтін. Себебі қазір «пайғамбар» делінгендер сол заманда «Тәңір Ие аян беретін көріпкел» деп аталатын.
I Sa Kaz 9:11  Сонымен Саул мен қызметші жігіт қала орналасқан төбеге көтеріліп бара жатқанда, су алуға шыққан бойжеткендерді кездестіріп, олардан:— Тәңір Ие аян беретін көріпкел осында ма? — деп сұрады.
I Sa Kaz 9:12  — Иә, осында, алдарыңызда кетіп бара жатыр, — деп жауап берді олар. — Тезірек барыңыздар. Ол қаламызға бүгін ғана келді. Қазір халық ғибадат ететін биіктеу орында құрбан шалмақшы.
I Sa Kaz 9:13  Қалаға кіре салысымен оны құрбандық асына кетіп қалмас бұрын тауып алыңыздар. Ол келіп, батасын бермейінше асқа шақырылғандар тамақтан ауыз тимейді. Ал енді, жоғары өрлей беріңіздер, оған әлі де кездесіп қаларсыздар. —
I Sa Kaz 9:14  Екеуі қалаға көтеріліп, кіре бергенде ғибадат орнына бармақшы болған Самуил оларға қарсы ұшырасты.
I Sa Kaz 9:15  Ал Жаратқан Ие Саулдың келерінен бір күн бұрын Самуилге аян беріп былай деген болатын:
I Sa Kaz 9:16  «Ертең осы уақытта саған Бунямин жерінен бір адамды жіберемін. Оған май жағу рәсімін жасап, оны меншікті халқым Исраилдің басшысы етіп тағайында! Ол халқымды філістірлердің қол астынан азат етеді. Халқымның қиналған айқайы құлағыма жетіп, оларға назар аударып келемін».
I Sa Kaz 9:17  Енді Самуил Саулды көргенде, Жаратқан Ие оған: «Саған айтқан адамым, міне, осы. Ол халқымды басқаратын болады», — деп білдірді.
I Sa Kaz 9:18  Сол сәтте-ақ қала қақпасының тұсында Саул Самуилдің қасына келіп:— Тәңір Ие аян беретін көріпкелдің үйі қайда екенін айтып жібермейсіз бе? — деп өтінді.
I Sa Kaz 9:19  Самуил оған:— Сол кісі менмін. Менен бұрын қаланың биіктеу жеріндегі ғибадат орнына көтеріле бер. Бүгін сендер құрбандық асына менімен бірге қатысасыңдар. Ертең ертемен жолға шығарып, көкейіңдегі мәселелеріңнің бәрін айтып беремін.
I Sa Kaz 9:20  Осыдан үш күн бұрын жоғалып кеткен есектерің туралы уайымдамай-ақ қой, олар табылды. Ал енді, бүкіл Исраил елінің қалаулысы өзің және әкеңнің әулеті емессіңдер ме? — деді.
I Sa Kaz 9:21  Бірақ Саул:— Мен шыққан Бунямин руы Исраил руларының ішіндегі ең кішісі, әулетім де сол рудың ішіндегі ең шағыны. Маған мұны неліктен айтып тұрсыз? — деп сұрады.
I Sa Kaz 9:22  Ғибадат орнына жеткен соң Самуил Саул мен оның қызметшісін отыз шақты қонақ жиналған үлкен бөлмеге кіргізіп, төрге отырғызды.
I Sa Kaz 9:23  Аспазға: «Мен өзіңе бөлек алып қой деп берген етті әкел!» — деп тапсырды.
I Sa Kaz 9:24  Аспаз сан етін түгелімен әкеліп, Саулдың алдына қойды. Самуил:— Мынау саған арнап бөлек қойылған ет. Алып, жей бер. Мен: «Жұртты қонаққа шақырдым» деген кезден бастап ол саған арналып, дәл осы сәт үшін бөлек қойылды, — деді.Осылайша Саул Самуилмен дастарқандас болды.
I Sa Kaz 9:25  Кейін олар ғибадат орнынан төмен түсіп, қалаға қайтты. Сол жерде Самуил Саулмен үйінің төбесіндегі жайпақ шатырда отырып әңгімелесті.
I Sa Kaz 9:26  Келесі күні таң ата Самуил үй төбесіндегі қонақ бөлмеде түнеп шыққан Саулға: «Түрегел, мен сені шығарып салайын», — деп дауыстады. Саул орнынан тұрған соң, Самуил оны ертіп, сыртқа шықты.
I Sa Kaz 9:27  Олар төмен түсіп, қала шетіне жеткенде Самуил: «Қызметшің алға қарай жүре берсін, — деп бұйырды. Қызметші ілгері кеткеннен кейін Самуил Саулға: — Енді өзің кідіре тұр, саған Құдайдың не айтқандарын білдірейін», — деді.
Chapter 10
I Sa Kaz 10:1  Самуил майға толған құтысын алып, одан Саулдың басына құйды. Оның бетінен сүйіп, былай деді:— Біліп қой, Жаратқан Ие сені Өзінің меншігінің басшысы етіп тағайындады!
I Sa Kaz 10:2  Соның белгісі мынау болады: сен қазір қасымнан кетіп, Бунямин жерінің шекарасындағы Селсаққа жеткенде, Рахиланың қабірінің жанында екі адамды кездестіресің. Олар саған: «Сен іздеген есектер табылды. Бірақ әкең енді оларды емес, сені ойлап, балама не болды екен деп уайымдап жатыр» дейтін болады.
I Sa Kaz 10:3  Әрі қарай жүріп, Табордағы еменді тоғайға жеткеніңде саған Бетелге Құдайға құлшылық етуге бара жатқан үш адам жолығады. Біреуі үш жас лақ, екіншісі үш күлше нан, үшіншісі бір торсық шарап көтеріп бара жатады.
I Sa Kaz 10:4  Олар сенімен амандық сұрасып, екі нанын сыйға тартады. Бергенін қабылдап ал.
I Sa Kaz 10:5  Содан кейін сен Құдайдың Гибея қаласына барасың. Сол жерде філістірлердің жасақшылар тобы да орналасқан. Оған жақындағанда пайғамбарлар қауымының бір тобын кездестіресің. Олар ғибадат орнынан төмен түсіп, шертер, даңғыра, сыбызғы және жетіген тартып, ерекше көңіл күйімен Құдайды мадақтап келе жатады.
I Sa Kaz 10:6  Сонда Жаратқан Иенің Рухы саған құдіретпен қонып, сен де олармен бірге ерекше күйге еніп, Құдайды мадақтайсың. Сол сәтте жан дүниең өзгеріп, басқа адам болып кетесің.
I Sa Kaz 10:7  Осының бәрі орындалғанда өзің дұрыс дегеннің барлығын істей бер. Себебі Құдай саған жар болады.
I Sa Kaz 10:8  Мұнан кейін менен бұрын Ғылғалға бар. Өзім де міндетті түрде сол жерге қасыңа барып құрбандық шалып, Құдайға арнап өртеп жіберемін. Сондай-ақ, ризашылық құрбандықтарын да шаламын. Мен келгенше бір жеті күт! Сол жерде бұдан былай не істейтініңді айтамын.
I Sa Kaz 10:9  Содан Саул Самуилдің қасынан бұрылып, әрі қарай кетісімен-ақ, Құдай Саулдың жан дүниесін өзгертіп, оны басқа адам етіп қойды. Самуилдің алдын ала айтқан өзге белгілерінің барлығы да сол күні іске асты.
I Sa Kaz 10:10  Қызметші екеуі Гибеяға жеткенде бірден алдарынан пайғамбарлар тобы жолықты. Құдайдың Рухы кенеттен Саулға қонып, ол пайғамбарлардың арасында ерекше көңіл күйіне еніп, Құдайды мадақтай бастады.
I Sa Kaz 10:11  Саулды бұрыннан танитындар оның пайғамбарлармен бірге ерекше күйге түсіп, Құдайды мадақтап жүргенін көргенде: «Қиштың ұлына не болған? Саул да пайғамбарлардың қатарына қосылған ба?» — десті.
I Sa Kaz 10:12  Сол жердегі бір адам: «Ал солардың әкесі кім екен?» — деп сұрады. «Саул да пайғамбарлардың қатарына қосылған ба?» деген мәтел осылай пайда болды.
I Sa Kaz 10:13  Бойын билеген ерекше көңіл күйі тынышталғаннан кейін Саул Құдайға құлшылық ететін төбе басына көтерілді.
I Sa Kaz 10:14  Бұдан кейін немере ағасы Саул мен оның қызметшісіне кездесіп:— Сендер қайда барып келдіңдер? — деп сұрады. Саул:— Біз есектерді іздедік. Оларды таба алмаған соң Самуил ағаға кіріп шықтық, — деді.
I Sa Kaz 10:15  — Ол сендерге не деді? Айтып берші, — деп сұрады ағасы.
I Sa Kaz 10:16  — Бізге: «Есектерің табылды!» деп нық айтты. — Бірақ Саул ағасына Самуилдің өзіне патшалық туралы айтқандары жайлы тіс жармады.
I Sa Kaz 10:17  Содан соң Самуил Исраил халқын Жаратқан Иенің алдына Миспаға жиналуға шақырды.
I Sa Kaz 10:18  Сол жерде оларға былай деді:— Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: «Исраилдің үрім-бұтағы, сендерді Мысырдан алып шығып, мысырлықтардың және өздеріңді қанаған барлық басқа да патшалықтардың езгісінен азат еткен Менмін!»
I Sa Kaz 10:19  Алайда сендер бүгін Құдайларыңнан — өздеріңді күллі пәлелер мен қиыншылықтардан құтқаратын Оның Өзінен бас тартып, Оған: «Бізге патша тағайындап бер!» — дейсіңдер. Олай болса, ру, әулеттеріңнің ретімен Жаратқан Иенің алдына келіп, тұрыңдар!
I Sa Kaz 10:20  Самуил Исраилдің барлық руларының басшыларын алға шығарғанда, Бунямин руы таңдалды.
I Sa Kaz 10:21  Содан ол Бунямин руының өкілдерін алға шығарды. Сонда Матридың үрім-бұтағы, ал соңында сол әулеттің ішінен Қиш ұлы Саул таңдалды. Бірақ олар Саулды іздегенде, ол жоқ болып шықты.
I Sa Kaz 10:22  Сонда халық Жаратқан Иеден: «Сол адам тіпті мұнда келді ме екен?» — деп сұрағанда, Оның жауабы мынау болды: «Иә, ол қазір жүктің арасында жасырынып жатыр». —
I Sa Kaz 10:23  Олар сол жерге жүгіріп барып, оны алып келді. Саул халықтың ортасында тұрғанда барлығының бойы оның иығынан ғана келді.
I Sa Kaz 10:24  Самуил халыққа:— Жаратқан Иенің таңдаған адамын көріп тұрсыңдар ма? Халық арасында оған сай келетін ешкім жоқ! — деді. Сонда күллі халық:— Патша жасасын! — деп ұрандап айқай салды.
I Sa Kaz 10:25  Содан Самуил бүкіл халыққа патшаның құқықтары мен міндеттері туралы баяндап айтып берді. Соларды бір кітапқа жазып, оны Жаратқан Иенің алдына сақтап қойды. Бұдан соң жиналысты таратып, халықты үйлеріне жіберді.
I Sa Kaz 10:26  Саул да Гибеяға үйіне қайтты. Құдай бірнеше қайратты жігіттердің жүректеріне әсер етіп, олар Саулға ілесіп нөкерлері болды.
I Sa Kaz 10:27  Бірақ кейбір арсыздар: «Немене, бізді құтқаратын осы ма?» — деп, Саулды менсінбей, ешбір сыйлық ұсынбады. Алайда Саул олардың мұнысын байқамағандай болып үндемеді.
Chapter 11
I Sa Kaz 11:1  Сол шамада Аммон халқының патшасы Нахаш соғысқа аттанып, Исраилдің Ғилақад аймағындағы Ябес қаласына қарсы әскерін орналастырды. Қала тұрғындары оған:— Бізбен бітім жасасыңыз, сонда сіздің билігіңізге мойынсұнамыз, — деген өтініш жасады.
I Sa Kaz 11:2  Ал Нахаш:— Жарайды, бітім жасасайық. Тек бір шартым бар: әрқайсыларыңның оң көздеріңді ойып аламын. Осылай бүкіл Исраилді масқараламақпын, — деп жауап берді.
I Sa Kaz 11:3  Сонда Ябес қаласының басшылары:— Бізге Исраилдің барлық жеріне хабаршыларымызды жіберуге жеті күнге мұрсат беріңіз. Егер бізді құтқаратын ешкім табылмаса, онда алдыңыздан шығамыз, — деді.
I Sa Kaz 11:4  Хабаршылар Саул тұратын Гибея қаласына да келіп, осы жайтты күллі халыққа айтып берді. Сонда барлығы да дауыстап жылай бастады.
I Sa Kaz 11:5  Осы кезде Саул өгіздерін айдап, егін даласынан келе жатқан еді. Ол: «Мына халыққа осыншама еңіреп жылайтындай не болған?» — деп сұрады. Жұрт оған ябестіктердің хабарын жеткізді.
I Sa Kaz 11:6  Саул бұл сөздерді естігенде Құдайдың Рухы оған қонып, бойын қатты ашу кернеді.
I Sa Kaz 11:7  Ол бір пар өгізді сойып, шауып бөлшектеді. Олардың бөліктерін хабаршыларға үлестіріп берді. Соларды Исраилдің шет-шетіне жұмсап, оларға мына хабарды жар салып жеткізуге бұйырды: «Кімде-кім Саул мен Самуилдің соңынан еріп аттанбаса, соның өгіздерімен де дәл осылай болады!»Сонда Жаратқан Иенің жіберген қорқынышы бүкіл халықты билеп, барлығы бір адамдай жорыққа аттанды.
I Sa Kaz 11:8  Саул оларды Безек деген жерде жинап, түгендеп санап шықты. Исраилдің басқа руларынан үш жүз мың, ал Яһуда руынан отыз мың адамның шыққаны белгілі болды.
I Sa Kaz 11:9  Олар Ғилақадтағы Ябестің халқына келген хабаршылары арқылы: «Ертең күн қыза құтқарыласыңдар!» — деген сәлем жіберді. Хабаршылардың осы сөздерін естіген қала тұрғындары қатты қуанып,
I Sa Kaz 11:10  аммондықтарға: «Ертең алдыңыздан шығамыз, сонда бізге дұрыс деп тапқандарыңызды істерсіздер», — деген хабар жолдады.
I Sa Kaz 11:11  Келесі күні Саул жасақшыларын үш топқа бөлді. Таң ата олар аммондық әскердің орналасқан жеріне кенеттен лап қойып, күн қызғанша олардың күл-талқанын шығарды. Тірі қалғандары бас сауғалап, бір-бірден бытырап қашып кетті.
I Sa Kaz 11:12  Содан соң халық Самуилге:— «Бізге патша болатын Саул ма?» деген адамдар қайда? Оларды қолымызға табыстаңыз, көздерін құртайық! — деді.
I Sa Kaz 11:13  Бірақ Саул:— Бүгін ешкімді өлтіруге болмайды, себебі осы күні Жаратқан Ие Исраилді құтқарды ғой! — деп қарсы болды.
I Sa Kaz 11:14  Ал Самуил халыққа былай деп үндеу салды: «Ғылғалға барып, жаңа патшаны қайтадан бекітейік!»
I Sa Kaz 11:15  Барлығы Ғылғалға барып, сол жерде Жаратқан Иенің алдында Саулды патша етіп бекітті. Олар Жаратқан Иеге арнап ризашылық құрбандықтарын ұсынып, Саул мен барлық исраилдіктер үлкен той жасады.
Chapter 12
I Sa Kaz 12:1  Самуил бүкіл Исраил елінен жиналып тұрғандарға былай деп сөз сөйледі:— Уа, халайық, мен айтқандарыңның бәріне құлақ асып, патша тағайындап бердім.
I Sa Kaz 12:2  Енді, міне, сендерді бастап жүретін патшаларың осы. Ал мен қартайдым, басымды ақ қырау шалды. Ұлдарым да осында, сендердің араларыңда. Жас шағымнан осы күнге дейін мен өздеріңді басқарып келдім.
I Sa Kaz 12:3  Қазір алдарыңда тұрмын. Жаратқан Иенің және Оның тағайындаған патшасының алдында маған қарсы куә болыңдар: мен кімнің өгізін не есегін тартып алдым? Кімге қулық-сұмдық жасап, жәбір көрсеттім? Кімнен пара алып, әділдікті бұрмаладым? Егер солай істеген болсам, оның бәрін қайтарып беруге дайынмын. —
I Sa Kaz 12:4  Жиналып тұрғандар:— Сіз біздің ешқайсымызға қулық-сұмдық жасап, жәбір көрсеткен жоқсыз. Ешкімнен ешқандай пара алған да емессіз, — деп жауап берді.
I Sa Kaz 12:5  Сонда Самуил:— Ендеше сендердің маған тағатын ешбір айыптарыңның жоқ екендігіне Жаратқан Иенің Өзі және Оның тағайындаған патшасы бүгін куә болсын! — деді. Халық:— Жарайды, куә болсын! — деп жауап бергенде,
I Sa Kaz 12:6  Самуил оларға былай деді:— Мұса мен Һаронды тағайындап, арғы аталарыңды Мысырдан алып шыққан Жаратқан Ие куә!
I Sa Kaz 12:7  Ал енді, осы жерде тұра тұрыңдар. Мен Жаратқан Иенің алдында Оның сендерге және ата-бабаларыңа жасаған барлық әділ істерін естеріңе салып, дәлел келтірейін.
I Sa Kaz 12:8  Түп атамыз Жақып Мысырға көшіп кеткеннен кейін ата-бабаларың Өзіне дауыстап жалбарынғанда, Жаратқан Ие Мұса мен Һаронды жіберді. Олар ата-бабаларыңды Мысырдан бастап алып шығып, осы жерге қоныстандырды.
I Sa Kaz 12:9  Бірақ ата-бабаларың өздерінің Құдайы — Жаратқан Иені менсінбей, ұмытып кетті. Сол себепті Ол халқынан бас тартып, оларды өздеріне қарсы соғыс ашқан Хасор қаласының қолбасшысы Сісераның әрі філістірлердің және Моаб патшасының қолдарына берді.
I Sa Kaz 12:10  Сол кездерде олар Жаратқан Иеге дауыстап жалбарынып: «Біз күнә жасадық. Сенен, Жаратқан Иемізден, безіп кетіп, Бағал мен Астартаның мүсіндеріне құлшылық етіп келеміз. Ал енді, бізді жау қолынан құтқара гөр, Өзіңе қызмет ететін боламыз», — дейтін.
I Sa Kaz 12:11  Сонда Жаратқан Ие сендерге Еруб-Бағал, Бедан, Ефтах, Самуилді жіберіп, айнала қоршаған барлық жауларыңнан азат етті. Осылай тыныштықта өмір сүрдіңдер.
I Sa Kaz 12:12  Бірақ аммондықтардың патшасы Нахаш сендерге қарсы шабуылға шыққанда: «Бізді бір патша басқарсын!» — деп маған талап қойдыңдар. Алайда сендердің Құдайларың Жаратқан Ие өз Патшаларың ғой!
I Sa Kaz 12:13  Ал енді, міне, өздерің таңдап алып, талап еткен патшаларың! Жаратқан Иенің сендерге берген патшасы осы.
I Sa Kaz 12:14  Лайым Жаратқан Иені терең қастерлеп, Оған қызмет етіңдер, Оның айтқандарына құлақ асып, берген өсиеттеріне қарсы бас көтермеңдер! Осылайша өздерің де, басқаратын патшаларың да Құдайларың — Жаратқан Иенің тура жолымен жүріңдер!
I Sa Kaz 12:15  Ал егер Жаратқан Иенің айтқандарына құлақ аспай, Оның өсиеттеріне қарсы шықсаңдар, Ол ата-бабаларыңды қалай жазалаған болса, сендерді де солай жазалайтын болады.
I Sa Kaz 12:16  Енді осы жерде тұрып, көз алдарыңда Жаратқан Иенің жасайтын зор кереметін көріңдер!
I Sa Kaz 12:17  Қазір бидай орылып жатқан кез. (Осы мерзімде біздің елімізде жауын жаумайтынын білесіңдер.) Бірақ мен Жаратқан Иеге сиынып өтінгенде, Ол күн күркіретіп, жаңбыр жауғызады. Осылай сендер өз беттеріңше патша талап еткендіктерің арқылы Жаратқан Иенің алдында қандай өрескел жамандық жасағандықтарыңа көз жеткізесіңдер.
I Sa Kaz 12:18  Содан соң Самуил Жаратқан Иеге дауыстап сыйынғанда, Ол күн күркіретіп, жаңбыр жауғызды. Осыны көрген бүкіл халық Жаратқан Ие мен Самуилден қатты сескеніп, оларды терең қастерлейтін болды.
I Sa Kaz 12:19  Олар Самуилден өтініп:— Құдайыңыз — Жаратқан Иеге бізді өлтірмесін деп пенделеріңіз үшін сиына көріңізші, тақсыр. Жасаған басқа күнәларымызға қоса біз өз бетімізше патша талап етіп, тағы бір рет күнәға баттық, — деді.
I Sa Kaz 12:20  Самуил былай деп жауап берді:— Қорықпаңдар! Сендер расында да жамандық жасадыңдар, алайда бұдан былай Жаратқан Иеден бас тартпаңдар! Керісінше, Жаратқан Иеге шын жүректен мойынсұнып, қызмет етіңдер!
I Sa Kaz 12:21  Жалған тәңірлердің соңынан еріп кетпеңдер! Жалған деген аттары бар, сондықтан ешкімді құтқара да алмайды, олардан ешқандай пайда да жоқ.
I Sa Kaz 12:22  Жаратқан Ие сендерді өз халқы етіп таңдап алған болатын. Енді Ол Өзінің ұлы даңқына бола меншікті халқын тастамақ та емес.
I Sa Kaz 12:23  Мен де сендер үшін Жаратқан Иеге жалынып сиынуды қойып, Оған қарсы күнә жасаудан аулақ болайын! Қайта, сендерге ізгі де әділ жолды көрсете бермекпін.
I Sa Kaz 12:24  Сонымен, әрқашан Оның сендер үшін жасаған зор кереметтерін есте тұтып, Жаратқан Иені терең қастерлеп, шын жүректен Оған қызмет етіңдер!
I Sa Kaz 12:25  Ал егер жамандық істей берсеңдер, онда патшаларыңмен қоса өздерің де құрып кетесіңдер.
Chapter 13
I Sa Kaz 13:1  Осылай бір жыл өтіп кеткен еді. Исраилге патшалық құрғанына екі жыл толғанда Саул
I Sa Kaz 13:2  исраилдіктердің арасынан үш мың ер адамды таңдап алды. Олардың екі мыңын өзімен бірге Миқмаста және Бетелдің қыратты айналасында, ал бір мыңын тұңғышы Жонатанмен бірге Буняминдегі Гибеяда орналастырды. Ал қалған адамдарды үйлеріне қайтарып жіберді.
I Sa Kaz 13:3  Бірде Жонатан філістірлердің Гебадағы қарауылшылар тобына шабуыл жасады. Філістірлер осы туралы естігендіктен, Саул бүкіл елде керней тартқызып, «Исраилдіктер құлақ салсын!» — деп жариялатты.
I Sa Kaz 13:4  Сонда барлық халық: «Саул філістірлердің қарауыл тобына шабуыл жасап, енді олар Исраилге өшігіп отыр!» — дегенді естіп, ер адамдар Саулға қосылу үшін Ғылғалға жиналды.
I Sa Kaz 13:5  Філістірлер де Исраилге қарсы соғыс жасағын жинады: олардың үш мың соғыс күймесі, соларға мінетін алты мың жауынгері және теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай сансыз жаяу жасақшылары болды. Олар аттанып келіп, Бет-Әбеннің шығыс жағындағы Миқмасқа орнығып алды.
I Sa Kaz 13:6  Исраилдің ер адамдары өз жағдайларының қиындағанын көрді. Жау жан-жақтан тықсырғандықтан, Исраилдің жасағы қашып кетіп, үңгірлер мен шатқалдарды, жартастардың қуыстарын, шұңқырлар мен жер астындағы су қоймаларын паналады.
I Sa Kaz 13:7  Кейбіреулері тіпті Иордан өзенінен өтіп, Ғад пен Ғилақад аймағына қашып құтылды.Ал Саул әлі де Ғылғалда еді, жанындағы сарбаздарының бәрі қорыққаннан қалшылдап тұрды.
I Sa Kaz 13:8  Самуил өзіне айтқандай, Саул жеті күн күте тұрды. Бірақ Самуил Ғылғалға келіп болмаған соң, жасақ Саулдың қасынан бытырап кетіп жатты.
I Sa Kaz 13:9  Сонда Саул: «Шалып, өртеп ұсынуға арналған және басқа да құрбандық малдарды маған алып келіңдер!» — деп бұйырды. Содан ол өзі малдарды құрбандыққа шалып, Құдайға бағыштап өртеп жіберді.
I Sa Kaz 13:10  Осы рәсім бітісімен Самуил де келе қалды. Саул амандасып, қарсы алу үшін алдынан шықты.
I Sa Kaz 13:11  Самуил оған:— Сен не істедің? — деген сұрақ қойды. Саул:— Қасымдағы адамдарымның бытырап кетіп жатқанын көрдім. Ал өзіңіз келемін деген уақытта келмей қалдыңыз. Оның үстіне філістірлер Миқмасқа жиналды.
I Sa Kaz 13:12  Мен сонда філістірлер қазір Ғылғалға келіп, маған қарсы шабуыл жасамақшы, ал мен өзіме оң көзімен қарасын деп Жаратқан Иеге әлі де сый-тарту ұсынған жоқпын ғой деп ойладым. Содан мен құрбандықты шалып, өртеп ұсынуға тиістімін деп есептедім, — деді.
I Sa Kaz 13:13  Ал Самуилдің жауабы мынау болды:— Сен өз Құдайың — Жаратқан Иенің берген бұйрығын орындамай үлкен ақымақтық жасадың! Осы бұйрықты орындағанда Жаратқан Ие сенің патшалығыңды мәңгілікке бекітер еді.
I Sa Kaz 13:14  Ал сен Жаратқан Иенің саған бұйырғанын жүзеге асырмадың. Енді патшалық етуің берік болмайды! Жаратқан Ие Өзінің көңілінен шыққан біреуді тауып алады. Сол адам Оның меншікті халқының басшысы болады.
I Sa Kaz 13:15  Сонымен Самуил (өз жөніне кетті. Саул қалған сарбаздарын ертіп філістір жасағына қарсы шығу үшін) Ғылғалдан Бунямин жеріндегі Гибеяға өрлеп барды. Саул қасындағы адамдарын санап шыққанда, барлығы алты жүз болды.
I Sa Kaz 13:16  Бұдан кейін Саул мен Жонатан сарбаздарымен Бунямин жеріндегі Гебаның маңына орнықты, ал філістірлер жасақ қосын Миқмастың қасына тіккен еді.
I Sa Kaz 13:17  Філістірлердің арасынан елді тонауға үш жасақшылар тобы шығып, біреуі Сұғал төңірегіндегі Офраны,
I Sa Kaz 13:18  екіншісі Бет-Хоронды, ал үшіншісі Шибөрі аңғары мен оның арғы жағындағы елсіз далаға қараған қырат жолын бетке алды.
I Sa Kaz 13:19  Сол заманда бүкіл Исраил елінде (темір құралдар жасайтын) бірде-бір ұста жоқ болатын. Себебі філістірлер: «Әйтпесе исраилдіктер семсерлер мен сүңгілер жасап алады», — деп қауіптенген еді.
I Sa Kaz 13:20  Күллі исраилдіктер соқа-кетпендерін, балта-орақтарын қайрап алу үшін філістірлерге баруға тиіс болатын.
I Sa Kaz 13:21  Соқа не кетпенді қайраудың бағасы — бір күміс мысқалдың үштен екі бөлігіндей, ал айыр, балта не істік іспетті басқа да үшкір құралды қайрау — мысқалдың үштен біріндей күмістен тұратын.
I Sa Kaz 13:22  Осылайша Саул мен Жонатанға еріп жүрген сарбаздардың ешқайсысында соғысатын не семсер, не сүңгі болмады. Ондай қару тек патша мен патшазаданың ғана қолында болды.
I Sa Kaz 13:23  Бұл кезде філістірлердің бір топ жасақшылары Миқмас асуына қарай бет алған еді.
Chapter 14
I Sa Kaz 14:1  Бір күні Саулдың ұлы Жонатан өзінің қару-жарағын көтеріп жүретін нөкер жігітіне: «Жүр, арғы беттегі філістірлердің жасақшылар тобына қарай өтіп барайық», — деді. Жонатан әкесіне бұл туралы ештеңе айтпаған болатын.
I Sa Kaz 14:2  Саул сол кезде Гибея қаласының шетіндегі Мигронда бір анар ағашының саясында отырған еді. Оның қасында алты жүздей адамы және
I Sa Kaz 14:3  діни қызметкер Ахиях болды. Ахиях Иқабодтың ағасы Ахитұбтың ұлы, Пінехестің немересі, Елидің шөбересі еді. Ели кезінде Шилодағы ғибадатханада Жаратқан Иенің діни қызметкері болған еді. Енді Ахиях діни қызметкердің жеңсіз сырт киімін киіп жүрді. Ал Жонатанның кетіп қалғанын ешкім білмей қалды.
I Sa Kaz 14:4  Філістірлердің жасақшылар тобына жету үшін Жонатан екі жағы да шыңырау, тік жартасы бар асу арқылы өтуі керек болды. Жартастар Босес және Сенех деп аталатын,
I Sa Kaz 14:5  біреуі асудың солтүстік, Миқмас жағында, екіншісі оның оңтүстік, Геба жағында тұрған болатын.
I Sa Kaz 14:6  Жонатан нөкеріне былай деді:— Жүр, мына құдайсыздардың тобына барайық. Мүмкін, Жаратқан Ие бізге көмектесер. Не аз, не көп адам арқылы болсын, бәрібір Жаратқан Ие құтқара алады! —
I Sa Kaz 14:7  Әлгі жігіт:— Жарайды, ойға алғаныңызды орындаңыз. Қайда барсаңыз да, сізді жан-тәніммен қолдаймын, — деп жауап берді.
I Sa Kaz 14:8  Сонда Жонатан ойындағысын білдірді:— Бері қара, аналардың жағына қарай өтіп барып, оларға көрінейік.
I Sa Kaz 14:9  Егер олар: «Біз төмен түсіп келгенше күте тұрыңдар» десе, онда тұрған жерімізде қала берейік.
I Sa Kaz 14:10  Ал егер: «Бізге қарай жоғары көтеріліңдер» десе, солай істейміз. Бұл Жаратқан Иенің оларды қолымызға табыстағанының белгісі болмақ.
I Sa Kaz 14:11  Осылайша екеуі філістір жасақшылары өздерін көре алатындай жерге жетті. Оларды байқап қалған філістірлер өзара: «Қараңдаршы, бір-екі исраилдік тығылып қалған қуыстарынан шығып келе жатыр», — десіп,
I Sa Kaz 14:12  екеуін: «Бері шығыңдар, сендерге бір нәрсе көрсетеміз!» — деп дауыстап шақырды.Сонда Жонатан нөкеріне: «Маған ілес! Жаратқан Ие оларды Исраилдің қолына берді!» — деп,
I Sa Kaz 14:13  тырмысып жоғары өрмелей бастады. Қасындағы жігіт соңынан қалмай ілесіп отырды. Жонатан жоғары шығып алған соң, дұшпандар оның алдында құлап түсті. Артынан ерген нөкері оларды өлтіріп отырды.
I Sa Kaz 14:14  Осы бірінші шабуылда Жонатан, нөкері екеуі шағын жер танабында жаудың жиырма шақты адамының көзін құртты.
I Sa Kaz 14:15  Әскер қосында және далада жүрген барлық філістір жасақшыларының зәрелері ұшып, қарауылдағы және елді тонаушы топтар да қалшылдап қорықты. Жер де сілкінді. Бұл Құдайдың жіберген өте үлкен үрейі болды.
I Sa Kaz 14:16  Бунямин жеріндегі Гибеяда Саулдың бақылаушылары філістір жасағының жан-жаққа тым-тырақай қашып жатқанын байқады.
I Sa Kaz 14:17  Саул қасындағыларына: «Сарбаздарды түгелдеңдер! Арамыздан тыс кеткен біреу бар ма екен?» — деп бұйырды. Сонда Жонатан мен оның нөкерінің жоқ екендігі анықталды.
I Sa Kaz 14:18  Саул діни қызметкер Ахияхқа: «Жеңсіз сырт киімді осында алып келіңіз», — деді. Себебі сол кезде Ахиях оны исраилдіктердің алдында киіп жүретін.
I Sa Kaz 14:19  Бірақ Саул онымен сөйлесіп тұрған сәтте філістір қосындағы абыржудың үдеп кеткені сонша, Саул діни қызметкерге: «Қолыңызды салмай-ақ қойыңыз!» — деді де,
I Sa Kaz 14:20  сарбаздарын жинап алып, жауға қарсы ұрысқа шықты. Қараса, асып-сасқан філістірлер аласапыран болып бір-бірімен шайқасып жатыр екен!
I Sa Kaz 14:21  Філістірлермен бірге жүрген, олардың жағына бұрынырақ өтіп кеткен жалдамалылар енді бұрылып, Саул мен Жонатанның қасындағы исраилдіктерге келіп қосылды.
I Sa Kaz 14:22  Ефрем руының таулы жерінде тығылып жатқан барлық исраилдіктер де філістірлердің қаша бастағаны туралы естіп, олардың соңына түсіп, қуып кетті.
I Sa Kaz 14:23  Осылай Жаратқан Ие исраилдіктерді сол күні жау қолынан құтқарды. Шайқас тіпті Бет-Әбеннен әрі қарай жайылды.
I Sa Kaz 14:24  Бірақ исраилдіктер сол күні қатты шаршап, қиналған болатын. Себебі Саул оларға: «Кеш батқанға дейін, мен жауымнан кегімді алып болмайынша, тамақтан ауыз тиген әркімді қарғыс атсын!» — деп тыйым салып, онысын антпен бекіткен еді. Сондықтан жасақшылар күн ұзағына нәр татпады.
I Sa Kaz 14:25  Кейін бүкіл жасақ бір орманға кірді. Міне қызық, жер-жерде жабайы араның балы ағып тұрды! Алайда сарбаздары Саулдың антынан қорқып, ешқайсысы дәм татуға батпады.
I Sa Kaz 14:26  Кейін бүкіл жасақ бір орманға кірді. Міне қызық, жер-жерде жабайы араның балы ағып тұрды! Алайда сарбаздары Саулдың антынан қорқып, ешқайсысы дәм татуға батпады.
I Sa Kaz 14:27  Бірақ әкесінің жасақты антпен байлап қойғаны туралы естімеген Жонатан қолындағы таяғының ұшын балауызға тығып алып, біраз бал жеді. Сонда ол біршама әлденіп, көздері жайнап шыға келді.
I Sa Kaz 14:28  Сарбаздардың біреуі оған:— Әкеңіз бүкіл жасақты: «Бүгін тамақтан ауыз тиген әркімді қарғыс атсын!» деп қатаң антпен байлап қойған болатын. Халықтың қалжырап қалғаны да осыдан, — деді.
I Sa Kaz 14:29  Жонатан:— Әкем елді ауыртпалыққа салды. Қараңдаршы, мына балдан біразырақ жегенімде әлденіп, көзім жайнап қоя берді.
I Sa Kaz 14:30  Егер де бүгін халық жаудан түскен олжадан тамақ жеп, әлденіп алғанда, қазір філістірлерге берген соққымыз бұдан да зор болған болар еді! — деп қынжылды.
I Sa Kaz 14:31  Сол күні Исраилдің сарбаздары жауды Миқмастан Аялонға дейін қуып, талқандап, қатты қалжырады.
I Sa Kaz 14:32  Сол себепті олар (кешке қарай) қолдарына түскен олжаға бас салып, сол жерде-ақ қой, өгіз, бұзауларды сойып, етін қанымен бірге жей бастады.
I Sa Kaz 14:33  Біреу Саулға:— Білесіз бе, халық етті қанымен бірге жеп, Жаратқан Иенің алдында күнә жасап жатыр, — дегенде, ол:— Бұларың барып тұрған опасыздық! Маған осы жерге бір үлкен қойтасты домалатып алып келіңдер! — деп бұйырды.
I Sa Kaz 14:34  Содан соң ол: — Халықтың арасына барып: «Әрқайсың ірілі-ұсақты малдарыңды қасыма алып келіп, осы жерде сойып, жеңдер! Етті қанымен жеп, Жаратқан Иенің алдында күнә жасамаңдар!» деген жарлығымды таратыңдар! — деп әмір етті.Сол түні әрбір адам қолына түскен мүйізді ірі қара малын алып келіп, сол жерде бауыздады.
I Sa Kaz 14:35  Бұдан кейін Саул Жаратқан Иеге арнап құрбандық жасайтын орын тұрғызды. Ол мұны сол жолы алғашқы рет істеді.
I Sa Kaz 14:36  Содан соң Саул:— Осы түні філістірлердің соңынан түсіп, таң атқанша олардың мал-мүлкін олжалап, ешкімді тірі қалдырмайық! — деді. Сарбаздары:— Дұрыс деп тапқаныңыздың бәрін істеңіз, — деп жауап берді. Ал діни қызметкер:— Алдымен Құдайдың еркін сұрап-біліп алайық! — деп кеңес берді.
I Sa Kaz 14:37  Саул Құдайдан: «Філістірлердің соңынан түсіп қуайын ба? Сен оларды Исраилдің қолына түсіресің бе?» — деп сұрағанда, Құдай еш жауап бермеді.
I Sa Kaz 14:38  Сонда Саул:— Жасақтың күллі басшылары, осында жиналыңдар! Бүгін қандай күнә жасалғанын анықтайық! — деп бұйырды.
I Sa Kaz 14:39  Содан ол: — Исраилдің Құтқарушысы — мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: осы күнәні жасаған әркім, тіпті өз ұлым Жонатан болса да, өлуге тиіс! — деп ант етті. Бірақ бүкіл жасақтағы бірде-бір адам үндемеді.
I Sa Kaz 14:40  Сонда Саул бүкіл Исраилге:— Сендер барлығың бір жаққа, ұлым Жонатан екеуіміз келесі жаққа шығып тұрайық, — деді. Олар:— Мақұл, — деп айтқанына көнді.
I Sa Kaz 14:41  Саул Исраилдің Құдайы — Жаратқан Иеге сиынып: «Анық білдірте көр», — деп өтінді. Жеребе тасталып, ол Жонатан мен Саул жаққа түсті, ал сарбаздары ақталып шықты.
I Sa Kaz 14:42  Саул: «Енді жеребені ұлым Жонатан екеуімізге салыңдар!» — деп бұйырып, жеребе Жонатанға түсті.
I Sa Kaz 14:43  Саул одан:— Сен не істеп қойдың, соны маған мойындап айтшы, — деп сұрағанда, Жонатан:— Мен қолымдағы таяғымның ұшымен балдан аздап дәм татқан едім. Енді, міне, өлмекпін, — деп жауап берді.
I Sa Kaz 14:44  Сонда Саул:— Жонатан, сен міндетті түрде өлесің! Әйтпесе Құдай мені жазалаған үстіне жазаласын! — деп ант етті.
I Sa Kaz 14:45  Алайда жасақшылар:— Исраилді осындай ұлы жеңіске жеткізген Жонатан қалайша өлуге тиіс? Олай болмайды! Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамыз: оның басындағы тіпті бір тал шашын да түсіруге болмайды! Ол бүгін бәрін Құдайдың қолдауымен істеді, — деп, Жонатанды өлімнен құтқарып қалды.
I Sa Kaz 14:46  Ал Саул філістірлерді қууын тоқтатып, қайта оралды. Олар да өз жерлеріне қайтып кетті.
I Sa Kaz 14:47  Саул Исраилге патшалық құруын нығайтқаннан кейін айналасындағы барлық жауларымен: Моаб, Аммон, Едом халықтарымен, (Арамадағы) Собаның патшаларымен және філістірлермен соғысты. Саул қарсы аттанған барлық дұшпандарының зұлымдықтарын жазалады.
I Sa Kaz 14:48  Патша ерлікпен соғысып, Амалектің жасағын да жеңді. Осылай ол Исраилді тонаушыларынан азат етті.
I Sa Kaz 14:49  Саулдың Жонатан, Ишуи, Мәлхисуа деген үш ұлы және үлкені Мераб, кішісі Михол атты екі қызы болды.
I Sa Kaz 14:50  Оның әйелі Ахимағас қызы Ахиноғам еді.Патшаның жасағын әкесінің туған бауыры Нердің ұлы Әбенир басқарды.
I Sa Kaz 14:51  Саулдың әкесі Қиш пен Әбенирдің әкесі Нер екеуі Әбиелдің ұлдары болатын.
I Sa Kaz 14:52  Саулдың кезінде філістірлермен кескілескен соғыс толассыз жүріп жатты. Сол себепті Саул мықты да қайратты жігіттерге кездессе, оларды өз жасағына қосып алатын.
Chapter 15
I Sa Kaz 15:1  Бірде Самуил Саулға былай деді: «Маған баяғыда сені Өзінің халқы Исраилдің үстінен патша етіп тағайындауды Жаратқан Ие тапсырған болатын. Енді Оның айтқан сөздеріне құлақ сал!
I Sa Kaz 15:2  Әлемнің Иесі мынаны айтады: Кезінде Исраилдің үрім-бұтағы Мысырдан көшіп шығып келе жатқанда, Амалек тайпасы оларға қарсы соғысып, жолын бөгеген болатын. Қазір Мен Амалектің сонысын есіме түсіріп, жазаламақпын.
I Sa Kaz 15:3  Енді барып, амалектіктерді шап! Олардағылардың бәрін (Маған бағыштап) түгелімен қырып-жой! Еш аямастан еркектері мен әйелдерін, балалары мен нәрестелерін, ірі қара мен ұсақ малдарын, түйелері мен есектерін құрт!»
I Sa Kaz 15:4  Сонда Саул жасақшыларын жинап алып, Телаим деген жерде түгендеп шықты. Исраилдің басқа руларынан екі жүз мың жаяу сарбаз жиналыпты, ал Яһуда руынан келгендердің саны он мың болды.
I Sa Kaz 15:5  Саул аттанып, Амалектің қаласына жақындағанда бір терең сайдың ішіне тығылып, жауды аңдыды.
I Sa Kaz 15:6  Ал Кен тайпасына ол былай деп хабар жіберді: «Сіздерді де Амалекпен қоса құртып тастап жүрмеуім үшін олардың арасынан бөлініп, шығып кетіңіздер. Себебі Мысырдан көшіп шығып келе жатқан Исраилдің үрім-бұтағына мейірімділік көрсеткен едіңіздер». — Сонда кендіктер Амалек тайпасынан бөлініп шығып, кетіп қалды.
I Sa Kaz 15:7  Бұдан кейін Саул Амалекке шабуыл жасады. Олармен Хавиладан бастап, Мысырмен шекарадағы Шурға дейін соғысып,
I Sa Kaz 15:8  Амалек патшасы Агагты тірілей қолға түсіріп, халқының біреуін де қалдырмай қырып тастады.
I Sa Kaz 15:9  Алайда Саул мен оның сарбаздары Агагты және ұсақ малдар мен мүйізді ірі қаралардың ең жақсыларын: бордақы тайынша, тоқтыларды, жалпы, малдың қоңдыларын аяп, жойғылары келмеді. Олар тек пайдасыз, арық-тұрақтарын ғана (Жаратқан Иеге бағыштап) құртты.
I Sa Kaz 15:10  Сонда Жаратқан Ие Самуилге сөзін арнап:
I Sa Kaz 15:11  «Саулды патша етіп тағайындағанымнан қайтамын. Себебі ол Менен теріс айналып, бұйрықтарымды орындамады», — деді. Ал Самуил қатты ренжіп, түні бойы Жаратқан Иеге жалбарына сиынып шықты.
I Sa Kaz 15:12  Ертеңіне ол ерте тұрып, Саулмен кездесу үшін жолға шыққанда «Саул Кәрмел қаласына барып, сонда өзінің құрметіне ескерткіш орнатып, әрі қарай Ғылғалға кетті», — дегенді естіді.
I Sa Kaz 15:13  Самуил Саулға жолыққанда, ол амандасып:— Сізді Жаратқан Ие жарылқай берсін! Оның бұйрығын орындап шықтым, — деді.
I Sa Kaz 15:14  Самуил:— Менің құлағыма қойдың маңырауы мен сиырдың мөңіреуі шалынып тұр ғой. Бұл қалай? — деп сұрағанда,
I Sa Kaz 15:15  Саул:— Олар Амалектен әкелінгендер. Жасақшылар ұсақ малдар мен мүйізді ірі қаралардың ең қоңдыларын аяп, Құдайыңыз Жаратқан Иеге құрбандыққа шалу үшін сақтап қалыпты. Ал басқаларын біз жойып жібердік, — деп жауап қайырды.
I Sa Kaz 15:16  Сонда Самуил:— Кідіре тұр, Жаратқан Иенің осы түнде маған нені білдіргенін саған айтып берейін! — деді. Саул:— Айта көріңіз, — дегенде,
I Sa Kaz 15:17  Самуил оған:— Өзіңді кішімін деп санап жүргеніңде Исраил руларының басына айналмап па едің? Сені Исраилдің патшасы етіп тағайындаған Жаратқан Иенің Өзі.
I Sa Kaz 15:18  Ол саған: «Барып, осы зұлым Амалекті (Маған бағыштап) толығымен құрт! Олармен соғысып, біржола жойғанша тоқтама!» деп бұйырып, сені жорыққа аттандырған еді.
I Sa Kaz 15:19  Неліктен сен Жаратқан Иені тыңдамай, олжаға бас салдың? Неге Жаратқан Иенің алдында сұмдық іс жасадың? — деді.
I Sa Kaz 15:20  Алайда Саул:— Жаратқан Иенің тілін алдым ғой! Мен Жаратқан Иенің жіберген жағына барып, Амалек патшасы Агагты осында алып келдім, оның халқын түгелдей қырып-жойдым.
I Sa Kaz 15:21  Ал жасағым болса, олар қолға түскен олжаның түгел жойылып кетуге белгіленіп қойылған ұсақ малдары мен мүйізді ірі қараларының ең жақсыларын осы Ғылғалда Құдайыңыз Жаратқан Иеге құрбандыққа шалуға алып келді, — деп қарсылық білдірді.
I Sa Kaz 15:22  Бірақ Самуилдің жауабы мынау болды:— Жаратқан Иеге шын ұнайтын —Құрбандық пен басқа сый-тарту ма,Әлде Оған мойынсұнып, тілін алу ма?!Мойынсұну Оған артық сый-тарту атаулыдан,Еркіне бағыну қошқар майынан ұнамды Оған!
I Sa Kaz 15:23  Құдайға бағынбау — ауыр күнә, сәуегейлік секілді,Қасарысу — сұмдық іс, жалған тәңірге табыну іспетті!Сен Жаратқан Иенің сөзінен бас тарттың, енді Ол да сені патша етуден бас тартты.
I Sa Kaz 15:24  Сонда Саул:— Мен Жаратқан Иенің бұйрығын және сіздің айтқандарыңызды орындамай күнә жасадым. Жасағымнан сескеніп, солардың айтқандарын істедім.
I Sa Kaz 15:25  Ал енді, күнәмді кешіріп, менімен бірге қайтыңыз. Мен Жаратқан Иеге ғибадат етейін, — деп өтінді.
I Sa Kaz 15:26  Бірақ Самуил:— Сенімен бірге қайтпаймын. Себебі сен Жаратқан Иенің сөзінен бас тарттың. Содан Жаратқан Ие сені патша етуден бас тартты, — деп,
I Sa Kaz 15:27  кетпекші болып бұрылды. Сонда Саул оның ұзын шапанының етегіне шап ете жармасып, жыртып, бір бөлігін жұлып алды.
I Sa Kaz 15:28  Сонда Самуил:— Жаратқан Ие бүгін сенен патшалық билікті жұлып алып, замандастарыңның біреуіне берді! Сол адам сенен жақсы.
I Sa Kaz 15:29  Исраилдің ұлы Құдайы сөзіне адал, айтқанында тұрады. Ол ойын өзгерте беретін пенде сияқты емес, — деді. Саул:
I Sa Kaz 15:30  — Мен күнә жасадым. Алайда мені халқымның рубасыларының көзінше әрі бүкіл Исраилдің көзінше құрметтей көріңіз! Екеуіміз бірге оралайық. Сонда Құдайыңыз — Жаратқан Иеге ғибадат етемін, — деп жауап берді.
I Sa Kaz 15:31  Соңында Самуил онымен бірге кетіп, Саул Жаратқан Иеге ғибадат етті.
I Sa Kaz 15:32  Содан кейін Самуил: «Маған Амалек патшасы Агагты алып келіңдер!» — деп бұйырды. Агаг Самуилге кібіртіктеп жақындап:— Ажалдың ащылығынан құтылған шығармын, — деді.
I Sa Kaz 15:33  Ал Самуил оған:— Сен семсеріңмен аналарын балаларынан айырған едің. Ендеше сенің анаң да әйелдердің арасында баласыз қалсын! — деді. Содан Самуил Агагты Ғылғалда Құдайдың (құрбандық орнының) алдында шауып өлтірді.
I Sa Kaz 15:34  Мұнан кейін Самуил Рамаққа қайта оралды, ал Саул «Саулдың Гибеясы» деп аталған өз қаласындағы сарайына кетті.
I Sa Kaz 15:35  Бұдан былай Самуил өле-өлгенше Саулмен кездеспеді. Бірақ ол Саул үшін қайғырып оны жоқтап жүрді. Ал Жаратқан Ие Саулды Исраилдің патшасы етіп тағайындағанынан біржола бас тартқан еді.
Chapter 16
I Sa Kaz 16:1  Мұнан кейін Жаратқан Ие Самуилге:— Сен Саул үшін қашанғы қайғыра бермексің? Мен оның Исраил патшасы болуынан бас тарттым. Бір құтыны хош иісті майға толтырып алып, бетлехемдік Есейге бар. Оның ұлдарының ішінен біреуін патша етуге таңдап алдым, — деп бұйырды.
I Sa Kaz 16:2  — Қалай барсам екен? Саул естісе, мені өлтіреді ғой! — деп сұрады Самуил. Жаратқан Иенің жауабы мынау болды:— Табыныңнан бір қашарды алып барып, «Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалуға келдім» дерсің.
I Sa Kaz 16:3  Құрбандық асқа Есейді шақыр. Не істеуің керек екенін саған білдіремін. Өзім айтқан адамға май жағу рәсімін жасайсың.
I Sa Kaz 16:4  Самуил Жаратқан Иенің бұйрығын орындап, Бетлехемге барды. Сонда қаланың ақсақалдары қатты абыржып, оның алдынан шығып:— Тыныштық па? — деп амандасты.
I Sa Kaz 16:5  Ол:— Тыныштық. Мен Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалу үшін келдім. Сендер Тәңір Иеге бағышталып, тазарыңдар! Содан кейін менімен бірге құрбандық асына жүріңдер, — деп тапсырды. Самуил Есей мен оның ұлдарын да тазару рәсімінен өткізіп, құрбандыққа шақырды.
I Sa Kaz 16:6  Бұлар келгенде, Самуилдің көзі (Есейдің тұңғышы) Елияпқа түсіп, «Сірә, Жаратқан Ие тағайындайтын патша осы шығар!» — деп ойлады.
I Sa Kaz 16:7  Бірақ Жаратқан Ие оған былай деді: «Сен оның бет-жүзіне, бойшаңдығына қарамай-ақ қой. Оны мақұл көрмеймін. Себебі Құдай пенденің көзімен қарамайды ғой.Пенде назарын адамның бет-жүзіне аударады,Ал Жаратқан Ие оның жүрегіне көз салады».
I Sa Kaz 16:8  Сонда Есей (екінші баласы) Әбінадапты шақырып, Самуилдің алдына алып келді. Бірақ Самуил: «Мұны да Жаратқан Ие таңдаған жоқ», — деді.
I Sa Kaz 16:9  Есей Шаммахты алға шығарғанда, Самуил: «Жаратқан Ие мұны да таңдап алған жоқ», — деп қайталады.
I Sa Kaz 16:10  Осылай Есей өзінің жеті ұлын да Самуилдің алдынан өткізді. Бірақ ол: «Жаратқан Ие бұлардың ешқайсысын таңдаған жоқ», — дей берді.
I Sa Kaz 16:11  Ақырында Самуил Есейден:— Барлық ұлдарың осылар ма? — деп сұрады.— Тағы бір кенже ұлым бар. Ол қой-ешкі бағып жүр.— Кісі жіберіп, оны алдыртшы! Сол келмейінше құрбандық асына отырмаймыз, — деп тапсырды Самуил.
I Sa Kaz 16:12  Есей кісі жіберіп, ұлын алдыртты. Ол беті албырап, көздері жайнап тұрған, келбетті жігіт екен. Жаратқан Ие Самуилге: «Тұр, бұл — сол. Оған май жағу рәсімін жаса», — деп бұйырды.
I Sa Kaz 16:13  Самуил алып келген құтысын қолға алып, Дәуітке ағаларының көзінше май жағу рәсімін орындады. Сол күннен бастап Жаратқан Иенің Рухы Дәуітке қонды. Мұнан кейін Самуил Рамаққа қайтып кетті.
I Sa Kaz 16:14  Ал Жаратқан Иенің Рухы Саулды тастап кеткен еді. Содан бастап Тәңір Ие жіберген бір қинайтын рух Саулдың үрейін ұшырып қорқытатын болды.
I Sa Kaz 16:15  Қызметкерлері Саулға:— Қараңыз, сізді Құдай жіберген бір қинайтын рух қорқытып жүр.
I Sa Kaz 16:16  Ендеше, тақсыр иеміз, алдыңыздағы қызметкерлеріңізге домбыраны шебер тартатын біреуді тауып алып келуге әмір ете көріңіз. Қинайтын рух сізге қонған кезде әлгі адам домбыра тартсын. Сонда өзіңізді жақсы сезінер едіңіз, — деген ұсыныс жасады.
I Sa Kaz 16:17  Саул оларға:— Мақұл, жақсы күй ойнайтын адамды іздеп, тауып, маған алып келіңдер! — деп бұйырды.
I Sa Kaz 16:18  Жас қызметкерлердің бірі:— Мен бетлехемдік Есейдің жақсы күй тартатын бір ұлын көргенмін. Ол — мықты да батыл жігіт; ойлап сөйлейді, сырт көрінісі де келісті. Жаратқан Ие де оған жар болып келеді, — деді.
I Sa Kaz 16:19  Саул Есейге хабаршыларын жұмсап: «Маған қой бағып жүрген ұлың Дәуітті жібер!» — деген сәлем жолдады.
I Sa Kaz 16:20  Есей бір есекке нан мен бір торсық шарап және бір лақты артып, Дәуіттен Саулға беріп жіберді.
I Sa Kaz 16:21  Осылайша Дәуіт Саулға барып, қызметіне кірісті. Патша оны ұнатып, қару тасушыларының бірі етіп қойды.
I Sa Kaz 16:22  Есейге ол: «Дәуіт маған ұнады. Қасымда қалып, қызмет етсін», — деп хабаршысын жұмсады.
I Sa Kaz 16:23  Саулға Құдай жол берген қинайтын рух қонған сайын Дәуіт домбырасын алып, тартатын. Сонда Саул тәуір болып, қинайтын рух та оны тастап кететін.
Chapter 17
I Sa Kaz 17:1  Біраз уақыттан кейін філістірлер өздерінің жасақтарын соғысқа жинады. Олар Яһуда руының жеріндегі Сохо қаласының маңайында бас қосып, Сохо мен Әзеканың арасындағы Епес-Даммимға қостарын тікті.
I Sa Kaz 17:2  Сонда Саул және Исраилдің ер адамдары Емен аңғарында жиналып, сап түзеп, шайқасқа дайындалды.
I Sa Kaz 17:3  Філістірлер бір төбенің, исраилдіктер екінші төбенің беткейінде тұрып, араларында аңғар жатты.
I Sa Kaz 17:4  Сонда філістірлер жағынан жекпе-жек шайқасқа бір жауынгер шықты. Ол Ғат қаласынан келген, есімі Ғолият, бойы алты жарым шынтақ болатын алып еді.
I Sa Kaz 17:5  Басына қоладан жасалған дулыға, үстіне қабыршақ тәрізді жасалған қола сауыт киіп алған екен. Сауыттың салмағы үш жарым пұт шамасында болатын.
I Sa Kaz 17:6  Алып аяқтарына қола тізеқап, ал арқасына қола найза таңыпты.
I Sa Kaz 17:7  Оның сүңгісінің ағаш сабы бақандай жуан, ал соның темір ұшының салмағы жарты пұттай болатын. Алыптың алдынан үлкен қалқанын көтерген нөкері жүріп отырды.
I Sa Kaz 17:8  Ғолият тұрып, Исраилдің сапта тұрған жасақшыларына дауыстап айқайлап: «Сендер неге сап түзеп тұрсыңдар? Мен філістірмін! Ал сендер Саулдың қызметшілері ғана емессіңдер ме? Ендеше араларыңнан біреуді таңдап алыңдар, ол қасыма келсін!
I Sa Kaz 17:9  Егер ол менімен шайқасып, көзімді құртса, онда біз сендердің құлдарыңа айналамыз. Ал егер мен оны жеңіп, өлтірсем, онда сендер бізге құл болып, қызмет етесіңдер! — деп жекпе-жекке шақырды.
I Sa Kaz 17:10  Сол філістір тағы да: — Мен бүкіл Исраил жасағының саптарын масқаралап тұрмын: менімен сайысқа түсетін бір адамды жіберіңдерші!» — деп айқай салды.
I Sa Kaz 17:11  Осыны естіген Саул мен Исраилдің күллі жасақшылары абыржып, қатты қорықты.
I Sa Kaz 17:12  Дәуіт (те мұны естіді. Ол) Яһуда руының Бетлехем қаласында тұратын ефраталық Есейдің ұлы болатын. Сегіз ұлы бар Есейдің өзі Саул патшалық құрған кезде жасы ұлғайып қартайған шақта еді.
I Sa Kaz 17:13  Оның үлкен үш ұлы Елияп, Әбінадап, Шаммах Саулға еріп соғысқа шыққан болатын.
I Sa Kaz 17:14  Дәуіт Есейдің кенже ұлы еді. Оның үш ағасы Саулдың жасағында жүргенде,
I Sa Kaz 17:15  Дәуіт Бетлехемде әкесінің қойларын бағып, Саулдың жасақ қосына барып-келіп жүретін.
I Sa Kaz 17:16  Әлгі філістір қырық күн бойы таңертең және кеш сайын алға шығып, өзін көрсетіп тұрды.
I Sa Kaz 17:17  Бірде Есей Дәуітті тағы да жұмсап: «Балам, мына жарты қап қуырылған бидай мен он таба нанды ал да, тездетіп әскердің қосындағы ағаларыңа апар.
I Sa Kaz 17:18  Мына он ірімшікті олардың мыңбасына бер. Ағаларыңның хал-жағдайлары мен мұқтаждарын біліп қайт.
I Sa Kaz 17:19  Олар қазір Исраилдің күллі ер азаматтарымен бірге Саулға еріп Емен аңғарында філістірлерге қарсы соғысып жатыр ғой!» — деп тапсырды.
I Sa Kaz 17:20  Дәуіт таңертең ертемен тұрып, қойларын бір күзетшіге қалдырды. Содан жүгін артып, әкесінің тапсыруымен жолға шықты. Дәуіт әскердің қосына келгенде, олар атой салып, ұрыс даласына шығып бара жатыр екен.
I Sa Kaz 17:21  Исраилдіктер мен філістірлердің әскерлері бір-біріне қарсы сап түзеді.
I Sa Kaz 17:22  Дәуіт әкелген азық-түлігін әскердің жарағын күзететін адамның қарауына тапсырып, сапта тұрған ағаларына жүгіріп барып, амандық сұрай бастады.
I Sa Kaz 17:23  Дәуіт олармен сөйлесіп тұрған кезде, жекпе-жек шайқасушы ғаттық філістір жауынгері Ғолият жау сапынан шықты да, бұрынғы сөздерін қайталап айқайлай бастады. Дәуіт те мұны естіп тұрды.
I Sa Kaz 17:24  Исраилдің күллі жасақшылары алыпты көре салысымен қатты қорқып, шегіне бастады.
I Sa Kaz 17:25  Олар өзара: «Мына адамды көріп тұрсыңдар ғой. Қап, әттеген-ай, ол Исраилді масқаралау үшін алға шығып жүр! Оны біреу өлтірсе, патшамыз соған зор байлық сыйлайды. Сондай-ақ, оған өз қызын беріп, бүкіл әулетін де алым-салықтан босатады!» — десті.
I Sa Kaz 17:26  Дәуіт қасында тұрғандарға:— Мына філістірдің көзін құртып, Исраилдің көріп отырған масқарасын тоқтатқан адамға не берілмек дедіңдер? Бұл құдайсыз філістір мәңгі тірі Құдайдың әскер саптарын масқаралайтындай кім еді, сонша?! — деді.
I Sa Kaz 17:27  Олар:— Оның көзін құртқанға мынадай жүлде сыйланбақ, — деп, манағы сөздерін қайталап айтып берді.
I Sa Kaz 17:28  Бірақ үлкен ағасы Елияп Дәуіттің сарбаздармен сөйлесіп жатқанын көріп, ашуы кернеп:— Несіне мұнда жетіп келдің? Ана азғантай қойды айдалада кіммен қалдырдың? Сенің өркөкіректігіңді әрі жүрегіңнің зұлымдығын білемін! Мұнда тек шайқасты көру үшін келдің ғой! — деп зекіді.
I Sa Kaz 17:29  Дәуіт:— Бір-екі ауыз сөз айтқаннан басқа мен соншама не істеп қойдым! — деп жауап берді.
I Sa Kaz 17:30  Содан ол ағасынан бұрылып кетіп, басқа адамға да сол сұрақты қойған еді. Оның да жауабы сондай болды.
I Sa Kaz 17:31  Естігендер Дәуіттің айтқандарын Саулға жеткізді. Патша оны өзіне шақыртып алғанда,
I Sa Kaz 17:32  Дәуіт:— Тақсыр, ешкім сол філістірден қорықпай-ақ қойсын. Алдыңыздағы қызметшіңіз барып, онымен шайқасуға дайын, — деді.
I Sa Kaz 17:33  Бірақ Саул:— Сен бұл філістірге қарсы жекпе-жекке шыға алмайсың! Әлі жассың, ал ол — бала кезінен-ақ соғысқа машықтанған жауынгер! — деп ескертті.
I Sa Kaz 17:34  Сонда Дәуіт оған былай деді:— Тақсыр, алдыңыздағы қызметшіңіз әкесінің қойларын бағып келеді. Кейде арыстан не аю қойға шауып, малдың біреуін ала қашатын кездері болды.
I Sa Kaz 17:35  Сонда оны қуып жетіп, соғып, малды аранынан тартып алатынмын. Егер өзіме бас салса, оның сабалақ жүнінен шап беріп, ұстап алып, ұрып өлтіретінмін.
I Sa Kaz 17:36  Қызметшіңіз арыстан мен аюдың көзін құртып келді. Енді мына құдайсыз філістір де солардың кебінін киетін болады. Себебі ол мәңгі тірі Құдайдың әскер саптарын масқаралап тұр! —
I Sa Kaz 17:37  Бұған ол: — Мені арыстан мен аюдың шеңгелінен құтқарып алған Жаратқан Ие мына філістірден де қорғайтын болады, — деп қосты. Саул мақұлдап:— Онда бар, Жаратқан Ие саған жар болсын! — деді.
I Sa Kaz 17:38  Патша Дәуітке өзінің сырт киімін, басына қола дулығасын, үстіне сауытын кигізді.
I Sa Kaz 17:39  Дәуіт патшаның семсерін де тағып алып, қару-жарағымен олай-бұлай жүріп көруге тырысқан еді. Бірақ ол үйренбегендіктен Саулға: «Мыналарды киіп жүре алмаймын. Бұған үйренген емеспін», — деп шешіп тастады.
I Sa Kaz 17:40  Дәуіт таяғын қолына алып, жылғаның түбінен бес жұмыр кесек тас теріп, дорбасының сырт қалтасына салып алды. Содан ол қолына сақпанын ұстап, філістірге қарай беттеді.
I Sa Kaz 17:41  Філістір де Дәуітке қарай жақындап келе жатты. Оның алдында нөкері үлкен қалқанын көтеріп жүрді.
I Sa Kaz 17:42  Філістір Дәуітке қарап, оның беті албыраған, сымбатты жас жігіт екенін көрді. Оны менсінбей:
I Sa Kaz 17:43  — Маған таяқпен шығатындай ит пе едім, сонша?! — деп айқайлады. Өзінің табынатын тәңірлерінің аттарымен қарғап-сілеп:
I Sa Kaz 17:44  — Кәне, маған жақындап көрші! Етіңді жыртқыш құс пен аңға жемтік қылып берейін! — деп шақырды.
I Sa Kaz 17:45  Дәуіт оған былай деп жауап қайырды:— Сен маған қарсы семсер, сүңгі, найзамен келесің. Ал мен саған Әлемнің Иесінің атымен, иә, өзің масқаралап отырған исраилдік әскери саптарының Құдайының атымен келе жатырмын!
I Sa Kaz 17:46  Бүгін Жаратқан Ие сені қолыма түсіреді. Сені өлтіріп, басыңды шауып тастаймын, әрі філістір әскерінің өліктерін жыртқыш құс пен аңға жемтік қылып беремін. Сонда бүкіл әлем Исраилде (шынайы) Құдайдың бар екенін білетін болады!
I Sa Kaz 17:47  Мұнда жиналғандардың бәрі де Жаратқан Иенің құтқару үшін семсер мен сүңгіні керек қылмайтынына көз жеткізетін болады! Себебі бұл соғысты Жаратқан Иенің Өзі жүргізіп, сендерді біздің қолымызға тапсырады!
I Sa Kaz 17:48  Сонда філістір алға жүріп, Дәуітке таман жақындап келді. Дәуіт оған қарсы, філістір сапына қарай жүгіріп барды да,
I Sa Kaz 17:49  дорбасынан бір тасты суырып алып, сақпанына салып, атып жіберді. Тас філістірдің маңдайына дәл тиіп, оны тесіп, кіріп кетті.
I Sa Kaz 17:50  Осылай Дәуіт філістірді тек сақпан және кесек таспен ғана жеңіп шықты. Қолында тіпті семсері болмаса да, оны ұрып өлтірді.
I Sa Kaz 17:51  Дәуіт құлап жатқан Ғолияттың қасына келіп, оның семсерін қынабынан суырып алып, басын шауып тастады. Сонда філістір жауынгерлері өздерінің батырының өлгенін көріп, қаша жөнелді.
I Sa Kaz 17:52  Исраил мен Яһуданың адамдары тұра көтеріліп, атойлап, оларды аңғардың кірер жағына және Әкронның қақпаларына дейін қуып тастады. Көптеген філістірлер Шағараимнан Ғат пен Әкронға дейінгі жолда жарақаттанып құлап, өліп жатты.
I Sa Kaz 17:53  Исраилдіктер філістірлерді қуып тастап, қайтып оралғанда олардың әскер қостарын олжалады.
I Sa Kaz 17:54  Дәуіт кейін Ғолияттың басын Иерусалимге алып барды, ал қару-жарағын өзінің шатырында сақтап қойды.
I Sa Kaz 17:55  Дәуіттің філістірге қарсы шыққанын бақылап тұрған Саул қолбасшысынан:— Әбенир, мына жас жігіт кімнің баласы? — деп сұраған болатын. Әбенир:— Патшам, нағыз шындықты айтайын: бұл туралы тіпті білмейді екенмін! — деп жауап бергенде,
I Sa Kaz 17:56  патша:— Онда сен кімнің баласы екенін сұрап біліп кел! — деп бұйырған еді.
I Sa Kaz 17:57  Осылай Дәуіт філістірді жеңіп, жасақ қосына қайтып келісімен Әбенир оны Саулдың алдына алып келді. Ол қолында філістірдің басын әлі де ұстап жүрді.
I Sa Kaz 17:58  Саул:— Жігітім, кімнің баласысың? — деп сұрады. Дәуіт:— Тақсыр, бетлехемдік қызметшіңіз Есейдің ұлымын, — деп жауап берді.
Chapter 18
I Sa Kaz 18:1  Дәуіт Саулмен сөйлесіп болғанда, патшазада Жонатан оны қатты ұнатып, жанындай жақсы көріп қалды.
I Sa Kaz 18:2  Саул сол күннен бастап Дәуітті өзінің қасында қалдырып, әкесінің үйіне қайтармай қойды.
I Sa Kaz 18:3  Дәуітті сондай жақсы көріп қалған Жонатан онымен серттесіп дос болып,
I Sa Kaz 18:4  үстіндегі шапанын, қару-жарағын, тіпті семсерін, садағы мен белдігін де шешіп сыйлады.
I Sa Kaz 18:5  Саул Дәуітті қай тапсырмамен жұмсамасын, ол бәрін де ақыл-парасатпен орындап шығатын. Сол себепті Саул оны бір топ сарбаздың басшысы етіп қойды. Бұл шешім бүкіл халыққа да, Саулдың нөкерлеріне де ұнады.
I Sa Kaz 18:6  Дәуіт філістірдің көзін құртып, бүкіл жасақ елге қайтып келе жатқанда, Саул патшаны қарсы алу үшін Исраилдің барлық қалаларынан әйелдер алдарынан шықты. Олар ән айтып, би билеп, даңғыраларда ойнап, қуана әндетіп, үш ішекті аспаптарды шертіп ойнап жүрді.
I Sa Kaz 18:7  Әйелдер би билеп:«Саул мыңдаған жауын жеңіп жойды,Ал Дәуіттің жойғаны он мың болды!»— деп дауыстап ән салды.
I Sa Kaz 18:8  Ал Саул қатты ашуланып, бұл сөздерді тіпті жақтырмай: «Олар Дәуітке он мыңдаған, ал маған не бары мыңдаған жеңілген жау үшін мақтау айтты! Енді оған жетпей тұрғаны патшалық билік қана!» — деп налыды.
I Sa Kaz 18:9  Сол күннен бастап Саул Дәуітке қызғанышпен қарайтын болды.
I Sa Kaz 18:10  Келесі күні Құдай жіберген қинайтын рух Саулға қайтадан бас салып, ол сарайында ерекше көңіл күйіне түсіп мазасызданды. Дәуіт оны тыныштандыру үшін бұрынғыша күй тартып отырды. Саулдың қолында сүңгісі бар болатын.
I Sa Kaz 18:11  «Дәуітті қабырғаға қадап тастайыншы!» деген оймен патша сүңгісін оған қарай лақтырып жіберді. Бірақ Дәуіт жалтарып үлгерді, екінші ретте де солай болды.
I Sa Kaz 18:12  Саул Дәуіттен қорқа бастады, себебі Жаратқан Иенің өзін тастап, Дәуітке жар болғанына көзі жетті.
I Sa Kaz 18:13  Оны қасынан алыстатып, мыңбасы етіп қойды. Бұдан былай Дәуіт сарбаздарын жорықтарға бастап жүрді.
I Sa Kaz 18:14  Ол қай істе де парасаттылық танытып отырды, өйткені Жаратқан Ие оған жар болды.
I Sa Kaz 18:15  Дәуіттің табыстарын көргенде Саул одан бетер сескенді.
I Sa Kaz 18:16  Бірақ бүкіл Исраил мен Яһуданың халқы өздерін жорықтарға бастап шығатын Дәуітті жақсы көрді.
I Sa Kaz 18:17  Сол кезде Саул: «Мен оған қол жұмсамай-ақ қояйын, соны філістірлерге қалдырайын!» деген айлалы оймен Дәуітке:— Тек ерлікпен маған қызмет етіп, Жаратқан Ие үшін шайқаса бер! Саған үлкен қызым Мерабты әйелдікке беремін! — деп уәде етті.
I Sa Kaz 18:18  Дәуіт:— Патшаның күйеу баласы болатындай мен кіммін, отбасым мен шыққан әулетім де кім, сонша?! — деп кішіпейілділік танытты.
I Sa Kaz 18:19  Алайда Саул қызы Мерабты Дәуітке ұзататын уақыты келгенде, оны Дәуітке емес, мехолалық Әдіриел деген біреуге берді.
I Sa Kaz 18:20  Ал Саулдың басқа қызы Михол Дәуітке ғашық болатын. Осы туралы хабар алған Саул соны мақұл көріп,
I Sa Kaz 18:21  «Дәуітке Михолды беремін. Осылай оны тұзаққа түсіріп, філістірлер арқылы көзін құртамын» деген айлалы жоспар құрды. Дәуітке екінші рет: «Қызыма үйлен», — деп ұсыныс жасап,
I Sa Kaz 18:22  қызметшілеріне де мынадай бұйрық берді: «Дәуітпен жеке сөйлесіп, оған: Сені патша қатты ұнатады, оның барлық нөкерлері де сені жақсы көреді. Ендеше патшаның қызына үйленсеңші деңдер!»
I Sa Kaz 18:23  Саулдың қызметкерлері оның бұл сөздерін Дәуітке жеткізгенде ол: «Патшаның күйеу баласы болуды болмашы нәрсе көріп отырсыңдар ма?! Мен кедеймін, беделім де зор емес!» — деп жауап берді.
I Sa Kaz 18:24  Қызметкерлер мұны Саулға хабарлағанда,
I Sa Kaz 18:25  ол: «Дәуітке былай деп айтыңдар: Патша сенен қалыңмал ретінде тек жүз філістірді өлтіріп, соның дәлелдерін алып келуіңді ғана тілейді. Ол жауларынан осылай кек алмақшы», — деді. Ал шынында Саул Дәуітті філістірлердің қолымен құртпақ болды.
I Sa Kaz 18:26  Нөкерлер Дәуітке осы шартты білдіргенде, ол патшаның қызына үйленуді дұрыс көрді. Белгіленген күндер өтпей жатып, Дәуіт қарауындағы адамдарымен жорыққа аттанып, екі жүз філістірді өлтірді. Қызына үйлену үшін Дәуіт патшаға батырлық ісінің дәлелдерін түгелдей алып келіп берді. Сонда Саул оған қызы Михолды қосты.
I Sa Kaz 18:27  Нөкерлер Дәуітке осы шартты білдіргенде, ол патшаның қызына үйленуді дұрыс көрді. Белгіленген күндер өтпей жатып, Дәуіт қарауындағы адамдарымен жорыққа аттанып, екі жүз філістірді өлтірді. Қызына үйлену үшін Дәуіт патшаға батырлық ісінің дәлелдерін түгелдей алып келіп берді. Сонда Саул оған қызы Михолды қосты.
I Sa Kaz 18:28  Саул Жаратқан Иенің Дәуітке жар болғанын және өзінің қызы Михолдың оны жақсы көретінін түсініп,
I Sa Kaz 18:29  Дәуіттен бұрынғыдан бетер қорқатын болды. Оны өле-өлгенше өзінің қас жауындай көрді.
I Sa Kaz 18:30  Філістірлердің қолбасшылары елге шабуыл жасаған сайын Дәуіт Саулдың басқа қызметкерлеріне қарағанда әлдеқайда парасатты әрекет жасап, даңқы өскен үстіне өсе түсті.
Chapter 19
I Sa Kaz 19:1  Содан Саул өзінің ұлы Жонатан мен нөкерлеріне: «Дәуіттің көзін құрту керек!» — деп бұйырды. Бірақ Дәуітті қатты ұнататын
I Sa Kaz 19:2  Жонатан оны сақтандырып:— Әкем сені өлтіруге тырысып жүр! Ертең таңертең сақ бол. Жасырын жерге тығылып, сонда қал.
I Sa Kaz 19:3  Мен де әкеммен бірге сол жақтағы далаға шығып, онымен сен туралы сөйлесемін. Оның ойын біліп алып, кейін саған айтып беремін, — деді.
I Sa Kaz 19:4  Жонатан әкесіне Дәуітті мақтай сөйлеп былай деді:— Патшам, қызметшіңіз Дәуітке қарсы күнә жасай көрмеңіз! Оның сізге жасаған ешбір жамандығы жоқ. Керісінше, істегендерінен өзіңіз көп жақсылық көрдіңіз.
I Sa Kaz 19:5  Ол сол філістірді өлтіргенде өз басын тәуекелге тікті. Бұл арқылы Жаратқан Ие бүкіл Исраилді жауынан құтқарды. Сіз осыны көріп, шаттанған едіңіз. Ендеше, неліктен себепсізден-себепсіз Дәуітті өлтіріп, жазықсыз жанға қарсы күнә жасамақсыз?
I Sa Kaz 19:6  Саул ұлының сөзіне құлақ асып:— Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: Дәуіт өлтірілмейді! — деп ант етті.
I Sa Kaz 19:7  Жонатан Дәуітті шақырып алып, осы сөздерді түгел айтып берді. Оны Саулға ертіп апарып, Дәуіт бұрынғыдай қызметіне кірісті.
I Sa Kaz 19:8  Соғыс қайтадан бұрқ ете қалды. Дәуіт те філістірлермен шайқасуға шығып, оларды қатты соққыға ұшыратып, қашуға мәжбүр етті.
I Sa Kaz 19:9  Кейін Саул сарайында отырғанда Жаратқан Ие жол берген қинайтын рух оған тағы да қонып, Дәуіт домбырасын тартты. Саулдың қолында сүңгісі бар еді.
I Sa Kaz 19:10  Кенет Саул Дәуітті қабырғаға қадап өлтірмек болып, сүңгісін оған қарай лақтырып жіберді. Дәуіт жалтарып үлгеріп, аман қалды. Сүңгі қабырғаға қадалды. Сол түні Дәуіт қашып кетіп құтылды.
I Sa Kaz 19:11  Сонда Саул Дәуіттің үйін күзеттіріп, таң атысымен-ақ оны өлтіру үшін сарбаздарын жіберді. Әйелі Михол Дәуітке: «Бүгін түнде бас сауғалап, қашпасаң, ертең таңертең сені өлтірейін деп отыр!» — деп ескертіп,
I Sa Kaz 19:12  оны терезеден төмен түсіріп жіберді. Осылай Дәуіт қашып құтылып кетті.
I Sa Kaz 19:13  Михол бір мүсінді алып, төсекке жатқызып, үстін жамылғымен жапты да, бас жағына ешкі жүнінен тоқылған перде қойды.
I Sa Kaz 19:14  Саулдың Дәуітті қолға түсіру үшін жіберген сарбаздарына ол: «Дәуіт ауырып жатыр», — деді.
I Sa Kaz 19:15  Сонда Саул адамдарын Дәуіттің өзін көруге жіберіп, оларға: «Оны төсегімен бірге көтеріп алып келіңдер, мен көзін жоямын!» — деп бұйырды.
I Sa Kaz 19:16  Олар үйге кіріп, қараса — төсекте жатқан жай ғана мүсін, бас жағында жатқан ешкі жүнінен тоқылған перде екен!
I Sa Kaz 19:17  Саул Михолға:— Мені неге соншама алдап, жауымды қашырып жібердің? — деп зекігенде, қызы былай деп жауап берді:— Ол: «Мені жібер! Әлде сені өлтірейін бе?» деп тұрып алды.
I Sa Kaz 19:18  Ал Дәуіт қашып құтылып, Рамақтағы Самуилге барып, Саулдың өзіне істегендерінің бәрін айтып берді. Содан ол Самуилге еріп Найотқа барып, сол жерде тұратын болды.
I Sa Kaz 19:19  «Дәуіт Рамақтағы Найотта тұрып жатыр екен» деген хабар Саулдың құлағына жеткенде,
I Sa Kaz 19:20  патша Дәуітті қолға түсіру үшін адамдарын жіберді. Бұлар келіп, ерекше көңіл күйіне түскен пайғамбарлар тобын және оларды бастап жүрген Самуилді көргенде, Құдайдың Рухы Саулдың адамдарына қонып, солар да ерекше күйге түсті.
I Sa Kaz 19:21  Саул осы туралы естіп, басқа кісілерін жұмсап, бұлар да ерекше күйге түсті. Патша үшінші рет нөкерлерін жібергенде олармен де солай болды.
I Sa Kaz 19:22  Енді Саулдың өзі Рамаққа барып, Секудегі үлкен құдыққа жеткенде: «Самуил мен Дәуіт қайда?» — деп сұрастырып, «Рамақтағы Найотта!» — деген жауап алды.
I Sa Kaz 19:23  Сол жерге бара жатқан кезде Саулға да Құдайдың Рухы қонып, оны ерекше көңіл күйіне түсіріп, ол Рамақтағы Найотқа жеткенше солай болды.
I Sa Kaz 19:24  Бұл жерде Саул сырт киімін шешіп тастап, Самуилдің алдында пайғамбар іспетті ерекше күйде болып, жерге құлап түсті. Бұл күні және түні бойы патша сырт киімсіз жатып шықты. Сол себептен де жұрт: «Саул да пайғамбарлардың қатарына қосылған ба?» деп айтады.
Chapter 20
I Sa Kaz 20:1  Осы екі арада Дәуіт Рамақтағы Найоттан қашып кетіп, Жонатанға барып, оған:— Мен не істеп қойдым? Жазығым не? Әкең жанымды алатындай қандай күнәм бар? — деген сауалдар қойды.
I Sa Kaz 20:2  — Жоқ, өлтірілмейсің! Не үлкен, не кіші, қандай іс болмасын әкем маған айтпай істемейді. Мұндай жоспарын да менен жасырмаған болар еді. Қателесіп тұрсың! — деп жауап берді ол.
I Sa Kaz 20:3  Бірақ Дәуіт ант етіп былай деді:— Сенің маған оң көзбен қарап келгеніңді әкең жақсы біледі. Сол себепті ол: «Жонатанға бұны білдірмей-ақ қояйын, әйтпесе ренжіп жүрер» деп ойлайды. Алайда мәңгі тірі Жаратқан Иенің және сенің алдыңда шын айтамын: мені ажалдан ажыратып тұрған бір-ақ қадам. —
I Sa Kaz 20:4  Жонатан:— Менен қандай тілегің бар, соны екі етпеймін! — деді.
I Sa Kaz 20:5  Сонда Дәуіт оған мынадай өтініш жасады:— Ертең айдың бірінші күні екенін білесің. Менің патшамен бірге дастарқан басында отыруым керек еді. Маған рұқсат ет, далаға кетіп, бүрсігүні кешке дейін жасырына тұрайын.
I Sa Kaz 20:6  Егер әкең мені сұрай қалса, оған: «Дәуіттің қаласы Бетлехемде барлық жегжат-жұрағатының жылдық құрбандық мейрамы өткізілейін деп жатыр екен. Дәуіт соған тездетіп барып келуге менен қоймастан сұранып, сонда кетті» деп түсіндір.
I Sa Kaz 20:7  Патша: «Жарайды» десе, онда маған төнген еш қауіп жоқ. Ал егер қатты ашуланса, маған қарсы зұлымдық жасауға ұйғарды деп біле бер.
I Sa Kaz 20:8  Жаратқан Иенің алдында сертпен бекіткен достығымызды есіңе алып, алдыңдағы қызметшіңе әрдайым мейірімділік көрсете гөр. Егер қандай да кінәм болса, мені әкеңе ұстап бермей-ақ, өзің өлтіре сал!
I Sa Kaz 20:9  — Ондай ешқашан болмас! Әкемнің саған жамандық істеуге ұйғарғанын біліп қалсам, саған айтпас па едім? — деп жауап берді Жонатан.
I Sa Kaz 20:10  Дәуіт одан:— Егер әкеңнің берген жауабы қатал болса, маған сол туралы кім айтпақ? — деп сұрағанда,
I Sa Kaz 20:11  ол— Жүр, далаға кетейікші, — деп, екеуі солай істеді.
I Sa Kaz 20:12  Сол жерде Жонатан Дәуітке ант беріп былай деді:— Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие куә: мен ертең немесе бүрсігүні осы кезге дейін әкеммен сөйлесіп, саған деген көзқарасын біліп аламын. Егер ол жақсы болса, онда мен міндетті түрде біреуді жіберіп, саған хабарлаймын.
I Sa Kaz 20:13  Ал шынымен әкемнің саған жамандық істейтін ойы болса, мен соны саған айтып, қатерден арашалау үшін басқа жаққа жіберемін. Егер уәдемде тұрмасам, Жаратқан Ие мені жазалаған үстіне жазаласын! Жаратқан Ие әкеме жар болғандай, енді саған да жар бола көрсін!
I Sa Kaz 20:14  Көзім тірісінде маған Жаратқан Иенің тұрақты мейірімділік көрсеткені сияқты, сен де әрдайым мейірімділік көрсетіп, мені аман-есен қалдыра гөр.
I Sa Kaz 20:15  Егер өліп қалсам, отбасыма жасайтын қамқорлығыңды доғарма. Жаратқан Ие Дәуіттің жер бетіндегі барлық жауларының бірде-біреуін қалдырмай құртқан кезде де солай істей бер! —
I Sa Kaz 20:16  Сонымен Жонатан Дәуіттің әулетімен келісім жасап: — Жаратқан Ие Дәуіттің жауларын жауапқа тартып, жазаласын! — деп,
I Sa Kaz 20:17  Дәуітке деген сүйіспеншілігі туралы сертін қайтадан жаңартты. Себебі Жонатан досын жанындай жақсы көретін.
I Sa Kaz 20:18  Бұдан кейін ол былай деді:— Ертең айдың бірінші күніне арнап жиналамыз. Сонда орның бос болғандықтан сені сұрайтын болады.
I Sa Kaz 20:19  Бүрсігүні кешке таман абайлап төмен түсіп, бұрын жасырынған жеріңе тығылып, сонда жатқан Әзел тасының маңында күте тұр.
I Sa Kaz 20:20  Ал мен бір нысананы көздегендей болып, сол жаққа қарай үш рет садақ атамын.
I Sa Kaz 20:21  Содан: «Жебелерімді іздеп тауып кел!» деп, бір жас нөкерімді жіберемін. Егер оған: «Міне, жебелер өзіңнен бері жатыр, оларды осында алып кел!» десем, сен тасадан шығып, қасыма кел. Себебі шынымен саған ешқандай қауіп төніп тұрмағаны.
I Sa Kaz 20:22  Егер де сол жігітке: «Әне, жебелер сенің ар жағыңда жатыр» десем, онда Жаратқан Ие сені басқа жаққа жібергендіктен кетіп қаларсың.
I Sa Kaz 20:23  Ал өзара байласқан сөзімізге Жаратқан Ие мәңгі бақи куә болмақ.
I Sa Kaz 20:24  Сонымен Дәуіт қалаға кірмей, далада жасырынып қалды. Айдың бірінші күні патша арнайы астан дәм тату үшін дастарқан басына,
I Sa Kaz 20:25  өзінің төрдегі орнына жайғасты. Жонатан оның қарсысында, ал Әбенир жанында отырды. Дәуіттің орны бос тұрды.
I Sa Kaz 20:26  Саул: «Әрине, оған бір жағдай болып, тазару рәсімін орындай алмаған соң келмегені ғой!» деп ойлап, сол күні ештеңе демеді.
I Sa Kaz 20:27  Бірақ айдың екінші күні де Дәуіттің орны бос тұрғанда Саул Жонатаннан:— Есей ұлының кеше де, бүгін де асқа келмей қалуы неліктен? — деп сұрады.
I Sa Kaz 20:28  Жонатан мынадай жауап берді:— Дәуіт менен Бетлехемге баруға қоймастан сұранып:
I Sa Kaz 20:29  «Біздің қалада жегжат-жұрағаттарымыз құрбандық ас береді. Ағам маған соған келуің керек деген еді. Мейірімділік көрсетіп, мені ағайындарыма жібере гөр» деп өтінді. Сол себептен Дәуіт патша ағзамның дастарқанына келе алмай қалды. —
I Sa Kaz 20:30  Бірақ Саул Жонатанға қатты ашуланып:— Әй, азғын да қиқар ұл! Өзіңді масқара етіп, шешеңді де ұятқа қалдырып, ана Есей ұлымен достасып алғаныңды мен білмейді дейсің бе?
I Sa Kaz 20:31  Есейдің сол баласы жер басып жүргенде, өзің де, патшалығың да қауіпсіз болмайсыңдар! Ал енді, адам жіберіп, оны маған алып кел! Ол өлуге тиіс! — деп айқайлап жіберді.
I Sa Kaz 20:32  Жонатан:— Ол неліктен өлтіріледі? Жазығы не еді? — деп сұрады.
I Sa Kaz 20:33  Сонда Саул қолындағы сүңгісін оған қадамақ болып лақтырып жіберді. Бұдан әкесінің Дәуітті өлтіруге нақты бел буғанына Жонатанның көзі жетті.
I Sa Kaz 20:34  Ол қатты ашуланып, дастарқан басынан ұшып тұрып, кетіп қалды. Әкесінің Дәуітті масқаралағанына ренжіп, айдың екінші күнгі асынан ауыз тимеді.
I Sa Kaz 20:35  Ертеңгісін ертемен Жонатан Дәуітпен кездесу үшін даладағы келісілген жерге бір нөкер жігітін ертіп барды.
I Sa Kaz 20:36  Оған: «Мен қазір садақ атамын, сен жүгіріп барып, жебелерімді алып келетін бол!» — деді де, жүгіріп кеткен жас жігіттен әрірек барып түсетіндей етіп бір жебені атып жіберді.
I Sa Kaz 20:37  Нөкердің артынан: «Жебе сенің ар жағыңда жатыр,
I Sa Kaz 20:38  тұра берме, тез бол!» — деп дауыстады. Жас жігіт жебелерді жинап, қожасына алып келді.
I Sa Kaz 20:39  Айтылғандардың астарлы мәнісін ол ұқпағанмен, Жонатан мен Дәуітке бәрі анық еді.
I Sa Kaz 20:40  Жонатан нөкеріне садақ пен жебені табыстап, оған: «Бұларды қалаға алып кет», — деп бұйырды.
I Sa Kaz 20:41  Жігіт кетісімен Дәуіт тасаланып отырған алып тастың оңтүстік жағынан шығып, Жонатанның алдында үш рет жерге дейін иіліп тағзым етті. Олар бір-бірін беттерінен сүйіп, егіле жылады. Дәуіттің жылауы ерекше болды.
I Sa Kaz 20:42  Жонатан: «Аман-есен жүр! Екеуіміз Жаратқан Иенің атымен байласқан антымызды сенің де, менің де, кейінгі ұрпақтарымыздың да орындайтынына Оның Өзі кепіл болсын», — деп Дәуітпен қоштасты.
I Sa Kaz 20:43  Содан Дәуіт кетіп қалды, ал Жонатан қалаға қайтты.
Chapter 21
I Sa Kaz 21:1  Дәуіт Ноб қаласына, ондағы діни қызметкер Ахимәлікке барды. Бұл кісі Дәуітті қарсы алып:— Қасыңда адамдарың жоқ, неге жалғыз жүрсің? — деп абыржи сұрады.
I Sa Kaz 21:2  Дәуіт одан:— Патша маған ерекше жұмыс тапсырып, «Ешкім сені неге жұмсағанымды және қандай нұсқаулар бергенімді білмесін!» деді. Нөкерлерімді белгілі бір жерге жібердім.
I Sa Kaz 21:3  Ал енді, жүрек жалғайтын неңіз бар? Маған бес таба нан, я болмаса қолыңызда барыңызды беріңізші, — деп өтінді.
I Sa Kaz 21:4  — Қазір қолымда бары жай нан емес, Құдайға бағышталған нан ғана. Егер нөкерлерің жақында әйел затынан бойларын аулақ ұстаған болса, онда жей берулеріне болар еді, — деді діни қызметкер. Дәуіт:
I Sa Kaz 21:5  — Біз жолға шыққаннан бергі күндері әйел атаулыдан аулақ жүрдік. Нөкерлерім жай жолдарда таза жүреді, ал бүгін олар ерекше тазарған болатын, — деп жауап берді.
I Sa Kaz 21:6  Сонда діни қызметкер беретін басқа тамағы болмағандықтан, Жаратқан Иеге ұсынылған нан тартуларын Дәуітке берді. Бұл киелі шатырдағы арнайы үстелге қойылып, кейін жаңадан пісірілген нанмен ауыстырылған, тек діни қызметкерлерге ғана жеуге болатын нан еді.
I Sa Kaz 21:7  Сол күні Саулдың малшыларын басқаратын қызметкері де Жаратқан Иеге ғибадат ететін осы жерде тұрған еді. Доиқ есімді, Едом ұлтынан шыққан бұл кісі оқиғаның куәсі болды.
I Sa Kaz 21:8  Дәуіт Ахимәліктен:— Сізден бір сүңгі не семсер табылмас па екен? Патшаның тапсырмасы өте жедел, сондықтан семсерімді, басқа да қаруымды алып жатуға уақытым болмады! — деп өтінді.
I Sa Kaz 21:9  Діни қызметкер:— Өзің Емен аңғарында көзін құртқан філістір Ғолияттың семсері бар. Әне, діни қызметкердің жеңсіз сырт киімінің ар жағында, қабымен ораулы жатыр. Алам десең, соны ал. Одан басқа бұл жерде семсер жоқ, — деп жауап берді. Дәуіт:— Оған тең келер семсер табылмас, маған соны-ақ бере қойыңыз, — деді.
I Sa Kaz 21:10  Сол күні Дәуіт Саулдан қашып, філістір еліндегі Ғат қаласының патшасы Анхұсқа барды.
I Sa Kaz 21:11  Уәзірлері Анхұсқа:— Мынау ана елдің патшасы Дәуіт емес пе? Олардың би билеп: «Саул мыңдаған жауын жеңіп жойды, ал Дәуіттің жойғаны он мың болды» деп әндеткені осы адам туралы емес пе еді? — деп шағым айтты.
I Sa Kaz 21:12  Осы сөздерді Дәуіт те естіп, Анхұс патша не істер екен деп қатты қорықты.
I Sa Kaz 21:13  Сондықтан олардың көз алдында есуас болғансып, қала қақпасының есіктерінің бетін шимайлап, сілекейін сақалына шұбыртып ағызып жүрді.
I Sa Kaz 21:14  Анхұс уәзірлеріне: «Қараңдаршы, бұл — есі ауысқан адам! Несіне маған алып келіп отырсыңдар?
I Sa Kaz 21:15  Жынды дегенің осы жерде аз ба еді? Оны есуастығын көрсету үшін алдыма алып келдіңдер ме? Мұндайды сарайыма неге кіргізесіңдер?!» — деп зекіп тастады.
Chapter 22
I Sa Kaz 22:1  Осылай Дәуіт Ғаттан кетіп, Адуллам үңгіріне барып, бас сауғалады. Бұл туралы оның ағалары мен туған-туысқандары естіп, қасына келді.
I Sa Kaz 22:2  Сонымен қатар, бастарына іс түскен, қарызға батқан немесе өмірге күйінген әр түрлі адамдар да маңайына жиналды. Дәуіт олардың басшысына айналып, қарамағында төрт жүздей кісісі болды.
I Sa Kaz 22:3  Дәуіт сол жерден Моаб еліндегі Миспаға барып, Моаб патшасына: «Құдайдың маған деген еркін біліп алғаныма дейін әке-шешем қастарыңызда тұра тұрсын!» — деп рұқсат сұрап алды.
I Sa Kaz 22:4  Дәуіт осылай ата-анасын Моаб патшасының қарамағында қалдырды. Өзі таудағы бой тасалап бекінуге ыңғайлы жерлерде жасырынып жүрген кезде олар Моабта тұра берді.
I Sa Kaz 22:5  Ал Ғад пайғамбар Дәуітке: «Сен осы тауда бой тасалап жүре берме. Яһуда руының еліне бар», — деп тапсырды. Содан Дәуіт еліне қайтып, Хәрет орманына барды.
I Sa Kaz 22:6  «Жұрт Дәуіт пен оның адамдарын көріпті» деген хабар Саул патшаға да жетті. Сол кезде патша Гибеядағы төбе басындағы жыңғыл ағашының түбінде отырған еді. Қолында сүңгісі болды, айналасында қоршап нөкерлері тұрды.
I Sa Kaz 22:7  Саул оларға:— Сөзімді тыңдаңдар, Бунямин руының еркектері! Әлде Есейдің баласы бәріңе егіндік, жүзімдік жер беріп, әрқайсыңды мыңбасы не жүзбасы етіп тағайындамақ па?
I Sa Kaz 22:8  Осыған дәмеленіп, барлығың маған қарсы сөз байласып жүрсіңдер ме? Өз ұлымның Есейдің баласымен достасып серттескені туралы да маған ешкім айтқан жоқ! Ешқайсың маған жандарың ашып, ұлымның өз нөкерімді өзіме қарсы қойып, соның мені аңдып жатуына түрткі болғаны жайлы да айтқан жоқсыңдар! Ал енді сол анық болды, — деп наразылық білдірді.
I Sa Kaz 22:9  Осы кезде Саулдың нөкерлерінің жанында тұрған едомдық Доиқ:— Мен Есейдің баласының Нобқа, Ахитұб ұлы Ахимәлікке барғанын көрдім.
I Sa Kaz 22:10  Ахимәлік Дәуіт үшін Жаратқан Иеден ақыл сұрап, оған азық-түлік, тіпті філістір Ғолияттың семсерін де берді, — деді.
I Sa Kaz 22:11  Патша Нобта діни қызмет атқарып жүрген Ахимәлік пен оның әкесінің әулетіндегілердің барлығын алып келуге кісілерін жұмсады.
I Sa Kaz 22:12  Саул Ахимәлікке:— Сөзіме құлақ сал, Ахитұб ұлы! — деді.— Иә, тақсыр, тыңдап тұрмын! — деп жауап қатты ол.
I Sa Kaz 22:13  Саул:— Есейдің баласына нан мен семсер беріп, Құдайдан ол үшін ақыл сұрап, екеуің неге маған қарсы сөз байластыңдар? Енді ол, міне, бүлік шығарып, мені аңдып жүр! Бүгін сол анық болды! — деді.
I Sa Kaz 22:14  Ахимәлік:— Нөкерлеріңіздің арасында сізге Дәуіттей адал біреу бар ма? Тақсыр, ол — әрі күйеу балаңыз, әрі жеке сақшыларыңыздың қолбасшысы. Сарайыңыздағылардың барлығы да оны құрметтейді.
I Sa Kaz 22:15  Мен сол күні Құдайдан ол үшін бірінші рет ақыл сұрадым дейсіз бе? Жоқ, осыдан бұрын да солай істейтін едім ғой. Уа, патша ағзам, соған бола мені де, әкемнің әулетін де кінәлай көрмеңіз. Болған істің бәрінен мүлдем бейхабармын! — деп жауап берді.
I Sa Kaz 22:16  Алайда патша:— Ахимәлік, өзің де, әкеңнің барлық әулеті де өлуге тиіссіңдер! — деп шешті.
I Sa Kaz 22:17  Қасында тұрған сақшыларына бұйрық беріп:— Барыңдар, Жаратқан Иенің діни қызметкерлерін өлтіріңдер! Себебі олар да Дәуітті қолдайды. Оның қашып жүргенін білсе де, маған ол туралы айтпады! — деді.Бірақ патшаның сарбаздары Жаратқан Иенің діни қызметкерлеріне қарсы қол көтергілері келмеді.
I Sa Kaz 22:18  Сонда патша Доиққа:— Бар, діни қызметкерлерді сен өлтір! — деп бұйырды.Едомдық Доиқ діни қызметкерлерге бас салып, қасиетті киім киген олардың сексен бесін сол күні-ақ өлтірді.
I Sa Kaz 22:19  Сондай-ақ діни қызметкерлердің қаласы Нобтың барлық тұрғындарын да, еркек болсын, әйел болсын, бала болсын, нәресте болсын, ірі қара, есек немесе ұсақ мал болсын, бәрін де семсерімен шауып өлтірді.
I Sa Kaz 22:20  Тек Ахитұб ұлы Ахимәліктің баласы Абиятар ғана қашып құтылды. Ол Дәуітке барып,
I Sa Kaz 22:21  Саулдың Жаратқан Иенің діни қызметкерлерін өлтірткені туралы айтып берді.
I Sa Kaz 22:22  Дәуіт Абиятарға: «Қап, сол күні едомдық Доиқты сонда көргенімде оның Саулға бәрін жеткізетінін білген едім! Әкеңнің бүкіл әулетінің өлімге ұшырағанына мен кінәлімін.
I Sa Kaz 22:23  Қасымда қал, ештеңеден қорықпа. Сені өлтірмек болғандар менің де жанымды алмақ болып жүр. Қасымда жүрсең, аман боласың», — деді.
Chapter 23
I Sa Kaz 23:1  Бірде Дәуітке «Філістірлер Кеил қаласына шабуыл жасап, қырмандағы астықтарын тонап жатыр» деген хабар жетті.
I Sa Kaz 23:2  Сонда Дәуіт Жаратқан Иеден: «Мен барып, сол філістірлерге шабуыл жасайын ба?» — деп ақыл сұрады. Жаратқан Ие: «Иә, барып, філістірлерге шабуыл жасап, Кеилді құтқар!» — деп жауап берді.
I Sa Kaz 23:3  Бірақ Дәуіттің қасындағы серіктері: «Бізге мұнда, Яһуда елінің ішінде-ақ қауіп-қатер төнуде. Ендеше қалайша біз Кеилдегі філістір жасағына қарсы аттанбақпыз?!» — деп шүбә келтірді.
I Sa Kaz 23:4  Дәуіт қайтадан Жаратқан Иенің еркін сұрағанда, Ол: «Жинал, Кеилге ылдилап бар! Мен філістірлерді қолыңа түсіріп беремін», — деп жауап қайырды.
I Sa Kaz 23:5  Содан Дәуіт адамдарымен Кеилге барып, філістірлермен шайқасып, оларға қатты соққы берді де, көлік малдарын айдап алып кетті. Осылай Дәуіт Кеилдің халқын құтқарып қалды.
I Sa Kaz 23:6  Бірақ Саул патша Дәуіттің Кеилге барғаны жайлы хабар алып: «Құдай одан бас тартып, қолыма ұстап беріп отыр! Шығуы қиын бекіністі қалаға кіріп, Дәуіт тұзаққа өзі түсіп тұр!» — деді. Патша бүкіл жасағын Кеилге қарай жорыққа аттандырып, оларға Дәуіт пен серіктерін қоршап алуға әмір етті.Ал Ахимәлік ұлы Абиятар Кеилдегі Дәуітке қашып келгенде, діни қызметкердің жеңсіз сырт киімін әкелген болатын.
I Sa Kaz 23:7  Бірақ Саул патша Дәуіттің Кеилге барғаны жайлы хабар алып: «Құдай одан бас тартып, қолыма ұстап беріп отыр! Шығуы қиын бекіністі қалаға кіріп, Дәуіт тұзаққа өзі түсіп тұр!» — деді. Патша бүкіл жасағын Кеилге қарай жорыққа аттандырып, оларға Дәуіт пен серіктерін қоршап алуға әмір етті.Ал Ахимәлік ұлы Абиятар Кеилдегі Дәуітке қашып келгенде, діни қызметкердің жеңсіз сырт киімін әкелген болатын.
I Sa Kaz 23:8  Бірақ Саул патша Дәуіттің Кеилге барғаны жайлы хабар алып: «Құдай одан бас тартып, қолыма ұстап беріп отыр! Шығуы қиын бекіністі қалаға кіріп, Дәуіт тұзаққа өзі түсіп тұр!» — деді. Патша бүкіл жасағын Кеилге қарай жорыққа аттандырып, оларға Дәуіт пен серіктерін қоршап алуға әмір етті.Ал Ахимәлік ұлы Абиятар Кеилдегі Дәуітке қашып келгенде, діни қызметкердің жеңсіз сырт киімін әкелген болатын.
I Sa Kaz 23:9  Саулдың өзіне зұлым жоспар құрып жатқанын біліп алған Дәуіт Абиятардан осы жеңсіз сырт киімді қасына алып келуін өтінді.
I Sa Kaz 23:10  Дәуіт мінажат етіп: «Уа, Жаратқан Ие, Исраилдің Құдайы! Саулдың осы Кеилге келіп, оны маған бола құртпақ болып жатқанын естіп отырмын.
I Sa Kaz 23:11  Мен естігендей, Саул шынымен осында келе ме? Кеилдің адамдары мені оған ұстап бере ме? Уа, Исраилдің Құдай Иесі, алдыңдағы пендеңе осы туралы білдіре гөр!» — деп сұрады. Жаратқан Ие: «Рас, келеді!» — деп жауап қайырды.
I Sa Kaz 23:12  Дәуіт тағы да: «Кеилдің тұрғындары мені және қасымдағы адамдарды Саулдың қолына ұстап бере ме?» — деп сұрағанда, «Иә, ұстап береді!» — деген жауап алды.
I Sa Kaz 23:13  Сонда Дәуіт шамамен алты жүздей адамымен Кеилден шығып, әр жерге орын ауыстырып жүре берді. Дәуіттің қаладан кетіп қалғаны туралы хабар жеткенде, Саул жорыққа шықпайтын болып шешті.
I Sa Kaz 23:14  Бұдан былай Дәуіт айдаладағы бой тасалайтын жерлерде және Зиф қаласына жақын елсіз қыраттарда жасырынып жүрді. Саул оны күн сайын іздеумен болды, бірақ Құдай Дәуітті оның қолына түсірмеді.
I Sa Kaz 23:15  Дәуіт Зифке жақын елсіз өлкедегі ну орманда жүрген кезінде өзін құртпақ болып Саулдың тағы да шығып келе жатқаны туралы білді.
I Sa Kaz 23:16  Алайда Саул ұлы Жонатан Дәуітке ну орманға келіп, оның Құдайға деген сенімін нығайтып:
I Sa Kaz 23:17  «Қорықпа! Әкемнің қолына ешқашан түспейсің. Сен Исраилдің патшасы, ал мен елдің сенен кейінгі екінші адамы боламын. Мұны әкем де жақсы біледі», — деп жігерлендірді.
I Sa Kaz 23:18  Екеуі Жаратқан Иенің алдында достықтарын тағы да сертпен бекітті. Содан соң Жонатан үйіне кетіп, Дәуіт ну орманда қала берді.
I Sa Kaz 23:19  Сол тұста Зифтің тұрғындары Гибеяға Саулдың алдына барып:— Тақсыр, Дәуіт біздің жақта, ну ормандағы адам аяғы баспайтын жерлерде, Есімонның оңтүстігіндегі Һақила қырында тығылып жүр екен!
I Sa Kaz 23:20  Уа, патша иеміз, қалаған кезіңізде бізге келіңіз. Сонда оны сізге ұстап беру өз мойнымызда, — деп ұсыныс жасады.
I Sa Kaz 23:21  Саул былай деп жауап берді:— Маған жандарың ашығаны үшін Жаратқан Ие сендерді жарылқасын!
I Sa Kaz 23:22  Барып, қайтадан бәрін тексеріңдер! Дәуіттің қай жерлерде жүретінін, оны кімнің көргенін сұрастырып біліп алыңдар. Себебі жұрт оны нағыз айлакер дейді.
I Sa Kaz 23:23  Оның тығылатын барлық жерлерін жақсылап қарап шығып, маған нақты мәлімет алып қайтып келіңдер! Сонда мен де сендермен бірге шығамын. Егер ол сол аймақта болса, оны Яһуда руының күллі әулеттерінен де іздеп, тауып аламын!
I Sa Kaz 23:24  Келгендер Зифке Саулдан бұрын оралды. Сол кезде Дәуіт пен оның жігіттері Мағон даласында, Есімонның оңтүстік жағындағы елсіз алқапта жүрген еді.
I Sa Kaz 23:25  Саул жасақшыларымен оларды іздеуге шықты. Дәуіт бұл туралы естіп, Мағон даласындағы жартасты төбеге ығысып, соны паналады. Саул мұны біліп алып, Дәуіттің артынан қуып сол жерге қарай беттеді.
I Sa Kaz 23:26  Саул қыраттың бір жағымен жүріп, ал Дәуіт пен қасындағы жігіттері құтылып кетуге асығып, қыраттың келесі жағымен кетіп бара жатты. Саул мен оның жасақшылары Дәуітті қолға енді-енді түсіреміз деп, қоршай бастаған сәтте
I Sa Kaz 23:27  Саулға бір хабаршы суыт келіп: «Тез жете көріңіз! Філістірлер елімізге баса-көктеп шабуыл жасап жатыр!» — деген суық хабар әкелді.
I Sa Kaz 23:28  Сонда Саул Дәуітті қууын доғарып, філістірлерге тойтарыс беруге аттанды.Сол күні Дәуіт пен Саулды ажыратып тұрған жартасты қырат кейіннен «Ажырату жартасы» деп аталып кетті.
Chapter 24
I Sa Kaz 24:1  Дәуіт сол аймақты тастап, Ен-Геди маңындағы елсіз қыраттың қауіпсіз жерлеріне орналасты.
I Sa Kaz 24:2  Саул філістірлерді қуып тастап, қайта оралғаннан кейін, «Дәуіт Ен-Гедидің елсіз қыратында жүр» деген хабар алды.
I Sa Kaz 24:3  Ол бүкіл Исраилден үш мың таңдаулы жасақшыны жинап, Дәуіт пен оның адамдарын «Жабайы Ешкілер» жартастарының маңынан іздеуге шықты.
I Sa Kaz 24:4  Жол жиегіндегі қой қораларының қасында бір үңгір бар екен. Саул түзге отыру үшін соған кірді. Дәл сол үңгірдің түкпірінде Дәуіт пен жігіттері жасырынып отырған еді.
I Sa Kaz 24:5  Жігіттері Дәуітке сыбырлап былай деді:— Жаратқан Иенің сізге: «Мен қас жауыңды қолыңа тапсырамын, оған қалағаныңды істе» дегені, міне, бүгін іске асып тұр!Сонда Дәуіт орнынан тұрып, Саулға жақындап барып, білдірмей шапанының бір шетін кесіп қана алды.
I Sa Kaz 24:6  Бұдан кейін мұнысына да ар-ұжданының алдында ұят сезінді.
I Sa Kaz 24:7  Дәуіт серіктеріне қайта оралып:— Жаратқан Ие тағайындаған тақсыр иеме қарсы көтеріліп, оған қол жұмсаудан Құдай сақтасын! Бұл Жаратқан Ие тағайындаған патша ғой! — деп
I Sa Kaz 24:8  тыйым салып, олардың Саулға бас салуларына жол бермеді.Саул орнынан тұрып, үңгірден шыққаннан кейін
I Sa Kaz 24:9  Дәуіт те үңгірден шығып, Саулдың соңынан:— Уа, патша ием! — деп айқайлады. Саул артына қараған кезде Дәуіт басын жерге дейін иіп тағзым етіп,
I Sa Kaz 24:10  Саулға: — Біреулердің «Дәуіт сізге қастық ойлап жүр» дегендеріне неге сенесіз? — деп дауыстады. —
I Sa Kaz 24:11  Үңгірде болғаныңызда Жаратқан Ие сізді қолыма тапсырып-ақ еді, соған енді көз жеткізе аласыз. Маған «Көзін құртыңыз!» деді, бірақ мен: «Тақсыр иеме қол жұмсамаймын, ол Жаратқан Иенің тағайындаған патшасы ғой!» деп, сізге жаным ашыды.
I Sa Kaz 24:12  Қараңызшы, әке, шапаныңыздың бір шеті, міне, менің қолымда! Оны жаңа ғана шапаныңыздан кесіп алдым, бірақ өзіңізді өлтірмедім. Содан менің сізге ешқандай қастық не бүлік жасамағанымды біліп алыңыз.Сізге істеген ешбір жамандығым жоқ, ал өзіңіз қалайда жанымды алу үшін артымнан қалмай жүрсіз.
I Sa Kaz 24:13  Екеуіміздің арамызда Жаратқан Ие төрелік етсін! Істеген істеріңізге қарай Жаратқан Иенің Өзі сізді жазаламақ. Бірақ мен сізге қолымның ұшын да тигізбеймін.
I Sa Kaz 24:14  Ата-бабамыз: «Зұлымдықты зұлымдар жасар» деп мақалдап айтып кеткен емес пе? Сондықтан мен сізге қолымның ұшын да тигізбеймін!
I Sa Kaz 24:15  Исраил елінің патшасы кімге қарсы аттанды? Сіз кімді қуып жүрсіз? Бір иттің өлімтігін яки титтей бүргені емес пе?
I Sa Kaz 24:16  Жаратқан Ие төреміз болып арамыздағы дауды шешіп берсін! Оның Өзі ісімді қарап, қорғап, мені қолыңызға түсірмей, ақтап шығара көрсін! — деді.
I Sa Kaz 24:17  Дәуіт осы сөздерді айтып болғанда, Саул:— Дәуіт, балам-ау, бұл сен бе едің? — деп дауыс көтере сұрап, егіле жылады.
I Sa Kaz 24:18  Содан кейін ол: — Сен менен әлдеқайда әділсің! Өзіңе істеген зұлымдықтарыма жақсылықпен жауап қайтардың.
I Sa Kaz 24:19  Сен бүгін де маған жақсылық жасап, соныңды ісіңмен дәлелдедің. Жаратқан Ие қолыңа беріп тұрғанның өзінде, сен мені өлтірмедің!
I Sa Kaz 24:20  Қас жауы қолына түскен қандай адам оны аман-есен жібере салады? Маған бүгін істегеніңді Жаратқан Ие саған да жақсылықпен қайтара көрсін!
I Sa Kaz 24:21  Сенің шүбәсіз патшалық құрып, Исраил патшалығының билігі қолыңда берік болатынын енді білдім.
I Sa Kaz 24:22  Ал қазір менен кейінгі ұрпақтарымды құртпауға, әрі әкемнің әулетінің ішінде есімімді өшірмеуге маған Жаратқан Иенің алдында ант бер! — деді.
I Sa Kaz 24:23  Дәуіт осылайша Саулға ант берді. Бұдан соң Саул сарайына қайтып, Дәуіт адамдарын ертіп қыраттағы паналайтын жерлеріне көтерілді.
Chapter 25
I Sa Kaz 25:1  Осы аралықта Самуил пайғамбар қайтыс болып, бүкіл Исраил халқы Рамаққа жиналды. Олар оны жоқтап аза тұтып, мәйітін үйінің қасындағы қабірге қойды.Мұнан кейін Дәуіт Мағон маңайындағы елсіз аймаққа қарай ығысты.
I Sa Kaz 25:2  Мағон қаласында бір өте бай адам тұрып жатты. Оның үш мың қойы, бір мың ешкісі және көршілес Кәрмел қаласының маңында жайылымдық жері де бар болатын.
I Sa Kaz 25:3  Бұл кісінің есімі Набал, әйелінің есімі Әбигел еді. Әбигел ақылды да сымбатты, ал күйеуі Набал қатыгез де қара ниетті болатын. Набал Халептің үрім-бұтағынан шыққан еді.Сол уақытта Набал Кәрмелде қойларын қырқып жатты.
I Sa Kaz 25:4  Қыратты далада жүрген Дәуіт бұл туралы естіп,
I Sa Kaz 25:5  жас жігіттерінің онын Набалға жұмсап, оларға мынадай тапсырма берді:— Кәрмелге көтеріліп, Набалмен амандасыңдар. Оған сәлемімді жеткізіп,
I Sa Kaz 25:6  былай деңдер: Жеке басыңызға, үй ішіңізге, бүкіл иелігіңізге амандық пен тыныштық тілейміз.
I Sa Kaz 25:7  Қазір қойларыңызды қырқып жатқаныңыз туралы естідім. Шопандарыңыз жанымызда жүргенде, біз оларға ешқандай жәбір көрсеткен емеспіз. Қайта, Кәрмелдің маңында малдарын бағып жүрген бүкіл уақытта олардан бірде-бір тұяқ жоғалған жоқ!
I Sa Kaz 25:8  Осыны қызметшілеріңізден сұрасаңыз болғаны, өздері-ақ айтып береді. Той үстіне келіп қалған екенбіз, мына жіберген жас жігіттерімді жылы шыраймен қарсы ала көріңіз. Осы қызметшілеріңіз және ініңіз Дәуітпен қолыңыздағы барыңызбен бөліссеңіз екен.
I Sa Kaz 25:9  Жігіттер Дәуіттің сәлемін Набалға түгелдей жеткізіп болып, үнсіз күтіп тұрып қалды.
I Sa Kaz 25:10  Бірақ Набал оларға дөрекі жауап беріп:— Дәуіт деген кім өзі? Есейдің бұл баласы кім екен? Бүгінде қожаларынан қашып, босып жүрген құлдар толып жүр!
I Sa Kaz 25:11  Неліктен наным мен сусынымды, қырықтықшыларыма арнап сойылған малымның етін қайдан келе қалғаны белгісіз біреулерге бере салуым керек?! — деді.
I Sa Kaz 25:12  Жігіттері қайтып келіп, осы сөздердің барлығын Дәуітке баяндап берді.
I Sa Kaz 25:13  Сонда ол адамдарына: «Семсерлеріңді асыныңдар!» — деп бұйырды. Бәрі де, Дәуіттің өзі де семсерлерін асынып алды. Төрт жүздей адам онымен бірге аттанып, қалған екі жүзі тұрақтаған жерлерін күзетіп қалып қойды.
I Sa Kaz 25:14  Набалдың бір қызметшісі оның әйелі Әбигелге бұл туралы былай деп хабарлады: «Дәуіт қыратты аймақтан хабаршылары арқылы қожайынымызға сәлемін жолдаған еді. Бірақ ол соларды балағаттап, қайтарып жіберді!
I Sa Kaz 25:15  Алайда сол кісілер бізге көп жақсылық жасап келді. Жайлауда олардың жанында жүргенімізде бізге ешқандай жәбір көрсеткен жоқ. Бірде-бір нәрсеміз жоғалған да емес.
I Sa Kaz 25:16  Қайта, қастарында қой баққан кездерімізде бізді қамал сияқты күні-түні қорғап жүрді.
I Sa Kaz 25:17  Ал енді, не істеу керектігін өзіңіз ойланып көріңіз: мырзамызға және оның бүкіл үй ішіне қауіп төніп тұр! Қожайынымыз — арсыз адам, онымен ешкім батып сөйлесе алмайды ғой».
I Sa Kaz 25:18  Сонда Әбигел дереу екі жүз таба нан, екі мес шарап, бес қойдың етін, бір қап қуырылған бидай, жүз бума мейіз және екі жүз бума кепкен інжір жемістерін алып, бәрін есектерге артты.
I Sa Kaz 25:19  Әйел қызметшілеріне: «Менен бұрын кете беріңдер! Мен арттарыңнан шығамын», — деп бұйырды. Күйеуі Набалға ол бұл туралы тіс жарған жоқ.
I Sa Kaz 25:20  Есекке мінген Әбигел таудың ық жағымен төмен түсіп бара жатқанда, Дәуіт жігіттерімен басқа жақтан оған қарсы төмен түсіп келе жатыр екен. Осылайша олар бір-бірімен кездесті.
I Sa Kaz 25:21  Ал Дәуіт Набалға қатты өшігіп: «Сол кісінің қыратты аймақтағы бүкіл мал-мүлкіне қарап, ештеңесін жоғалтпай күзеткенім бекер болыпты! Ол істеген жақсылығыма жамандықпен қайтарып отыр, міне!
I Sa Kaz 25:22  Егер таң атқанша оның иелігіндегі еркектерінің бірде-біреуін тірі қалдырсам, Құдай мені жазалаған үстіне жазаласын!» — деген болатын.
I Sa Kaz 25:23  Әбигел Дәуітті көрген бойда есегінен түсе қалып, оның алдында басын жерге дейін иіп тағзым етті.
I Sa Kaz 25:24  Оның аяғына жығылып, былай деп өтініш жасады:— Тақсыр ием, кінә өз мойнымда! Күңіңіздің сөйлеуіне рұқсат беріп, айтқандарына құлақ түре көріңіз!
I Sa Kaz 25:25  Тақсыр ием, сол арсыз Набалға көңіл бөлмеңіз. Есімінің «Ақымақ» дегенді білдіретініндей, өзі де барып тұрған ақымақ. Ал мен жіберген жігіттеріңізді көрмей қалдым.
I Sa Kaz 25:26  Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында және сіздің алдыңызда шындықты айтамын: енді Жаратқан Ие сізді қан төгіп өз қолыңызбен кек алудан сақтап қалып отыр. Барлық жауларыңызға және сізге жамандық тілейтіндерге Құдай сол Набал тартуға тиісті жазаны тартқызсын!
I Sa Kaz 25:27  Мынау — нөкер жігіттеріңізге беру үшін мендей күңіңіздің тақсыр иесіне алып келген сыйлары.
I Sa Kaz 25:28  Тақсыр, күңіңіздің кінәсін кешіре көріңіз. Жаратқан Ие өзіңізге және әулетіңізге тұрақты патшалық құрғызады. Себебі Жаратқан Ие үшін соғысып жүрсіз, әрі өмір бойы ешбір зұлымдық жасамай келесіз.
I Sa Kaz 25:29  Өлтіру үшін сізді біреу қуып жүрсе де, Құдай Иеңіз өміріңізді көзінің қарашығындай сақтайды, ал жауларыңыздың өмірлері сақпаннан атылған тас іспетті ғайып болады.
I Sa Kaz 25:30  Тақсыр, Жаратқан Ие алдын ала уәде еткен игіліктерінің бәрін сыйлап, сізді Исраилдің басшысы етіп қойған кезде,
I Sa Kaz 25:31  адам баласының қанын бекерден-бекер төгіп, кегімді қайтардым-ау деген ой өзіңізді мазалап жегідей жемейтін болады. Лайым Жаратқан Ие сізді жарылқасын! Өзіңіз күңіңізді есіңізден шығара көрмеңіз.
I Sa Kaz 25:32  Сонда Дәуіт Әбигелге былай деп жауап берді:— Сені бүгін маған жолықтырып отырған Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге шүкірлік!
I Sa Kaz 25:33  Зор даналығыңмен мені бүгін қан төгіп, кек алудан сақтап қалғаның үшін сені жарылқай көрсін!
I Sa Kaz 25:34  Мені өзіңе жамандық істеуден бөгеп қалған — Исраилдің мәңгі тірі Құдай Иесі. Оның Өзі мынаған куә: егер сен осылай тездетіп алдымнан шықпағаныңда, таң атқанша сол Набалдың еркектерінің бірде-біреуін тірі қалдырмаған болар едім!
I Sa Kaz 25:35  Дәуіт Әбигелдің қолынан алып келген сыйлық дәмін қабылдап: — Аман-есен үйіңе қайта бер. Сөздеріңе құлақ астым, бетіңді қайтармаймын, — деп онымен қоштасты.
I Sa Kaz 25:36  Әбигел үйіне қайтып келгенде, Набал патшаның тойындай етіп дүркіретіп той өткізіп жатыр екен. Көңілі көтеріңкі, өзі әбден мас болып алыпты. Әйелі оған таңертеңге дейін ләм-мим деген жоқ.
I Sa Kaz 25:37  Ертеңгісін Набалдың мастығы тарқағанда, әйелі оған болған жайттың бәрін айтып берді. Сонда оның жүрегі шыдамай, тастай қатып сіресіп қалды.
I Sa Kaz 25:38  Шамамен он күннен кейін Жаратқан Ие Набалға ажал жіберді.
I Sa Kaz 25:39  Дәуіт Набалдың өлгені туралы естігенде: «Жаратқан Иеге шүкірлік! Ол Набалдың мені масқаралағанын әшкерелеп, өзімді ақтады, әрі жамандық жасаудан сақтап қалды. Енді Набалдың істеген зұлымдығын оның өз басына қайтарды!» — деді. Кейін Дәуіт араға кісі салып, Әбигелге үйленбек ниетін білдірді.
I Sa Kaz 25:40  Уақыты жеткенде Дәуіттің қызметшілері Кәрмелге барып, Әбигелді:— Дәуіт бізді сізге жіберді. Оған күйеуге шығу үшін бізге еріп жүрсеңіз екен, — деп шақырды.
I Sa Kaz 25:41  Сонда Әбигел басын жерге дейін иіп тағзым етіп:— Тақсыр ием Дәуіттің күңімін. Оның қызметшілерінің аяқтарын жуатын күңі болуға дайынмын, — деді.
I Sa Kaz 25:42  Әбигел дереу жолға жиналып, есегіне мініп, қасына бес қызметші қызын ертіп алды. Осылай ол Дәуіттің жолдас жігіттеріне ілесіп барып, Дәуітке күйеуге шықты.
I Sa Kaz 25:43  Сонымен Дәуіттің екі әйелі болды, ол ізрелдік Ахиноғамға да үйленген еді.
I Sa Kaz 25:44  Ал Саул Дәуітке ұзатқан қызы Михолды Дәуіттің жоқ кезінде ғалимдық Лаиш ұлы Палти есімді біреуге қосқан болатын.
Chapter 26
I Sa Kaz 26:1  Зифтің халқы қайтадан Гибеяда тұрып жатқан Саулға барып, Дәуіттің Есімонға қарама-қарсы жатқан Һақила қырында жасырынып жүргені туралы айтып берді.
I Sa Kaz 26:2  Саул қасына елдегі үш мың таңдаулы жауынгерді ертіп алып, Дәуітті іздеуге Зиф маңындағы елсіз аймаққа қарай аттанып,
I Sa Kaz 26:3  Есімонға қарама-қарсы жатқан Һақила қырындағы жолдың бойына қосын тікті. Елсіз қыратта жүрген Дәуіт өзін Саулдың іздеп, соңына түскенін ұғынды.
I Sa Kaz 26:4  Содан ол барлаушыларын жіберіп, Саулдың шынымен келгенін анықтап білді.
I Sa Kaz 26:5  Мұнан кейін Дәуіт Саулдың қос тіккен жеріне жақындап, (қырат басынан) Саул мен қолбасшысы Нер ұлы Әбенирдің қай жерде жатқандарын мұқият қарап алды. Саул бекінген тұрақтың ортасында, ал жауынгерлері оны айналдыра қоршап жатыр екен.
I Sa Kaz 26:6  Дәуіт хеттік Ахимәліктен және Сарұяның ұлы, Жоғабтың інісі Әбішайдан: «Менімен бірге Саулдың қосына қайсың барасың?» — деп сұрағанда, «Сізбен бірге мен барайын», — деп, Әбішай баратын болды.
I Sa Kaz 26:7  Дәуіт пен Әбішай түн жамылып, әскер қосына қарай төмен түсті. Саул бекінген тұрақтың ортасында, сүңгісі бас жағында жерге қадаулы күйі ұйықтап, ал Әбенир мен жауынгерлер оны қоршап жатыр екен.
I Sa Kaz 26:8  Әбішай Дәуіттен:— Бүгін Құдай жауыңызды қолыңызға түсіріп отыр. Оны сүңгімен жерге қадап тастауға рұқсат етіңіз. Мен бір ұрсам болды, екінші рет ұрып жатпаймын! — деп өтінген еді.
I Sa Kaz 26:9  Бірақ Дәуіт оған тыйым салып:— Оны өлтіруші болма! Жаратқан Ие тағайындаған патшаға қол көтерген адам айыпсыз қалмайды.
I Sa Kaz 26:10  Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: Оның Өзі Саулды өлтіретін болады. Не уақыты жетіп қайтыс болады, не соғысқа шығып қаза табады.
I Sa Kaz 26:11  Бірақ Өзінің тағайындаған патшасына қол тигізу дегеннен Жаратқан Ие сақтай көрсін! Одан да бас жағындағы сүңгісі мен құмырасын ал, сосын кетейік, — деген еді.
I Sa Kaz 26:12  Осылай Дәуіт Саулдың бас жағындағы сүңгісі мен су құятын құмырасын алып, екеуі сол жерден кетіп қалды. Ешкім оларды көрген де, білген де жоқ, тіпті ешкім оянған да жоқ. Жаратқан Ие жауынгерлерді терең ұйқыға батырғандықтан бәрі қатты ұйықтап жатты.
I Sa Kaz 26:13  Дәуіт сайдың арғы бетіне өтіп, әскер қосынан алысырақ жердегі қырат басына шықты. Олардың арасы бірталай қашық болды.
I Sa Kaz 26:14  Сол жерден Дәуіт әскерге және Нер ұлы Әбенирге тіл қатып:— Мені естіп тұрсың ба, Әбенир! — деп дауыстады. Ол:— Айқайлап, патшаны мазалап тұрған сен кімсің, өзі? — деп жауап берді.
I Sa Kaz 26:15  Дәуіт:— Әбенир, сен ер жігітсің ғой! Исраил елінде саған тең келер ешкім жоқ! Олай болса, неге патшаңды дұрыстап қорғамайсың? Себебі патшаны құрту үшін халық арасынан біреу келіп кетті!
I Sa Kaz 26:16  Сенің бұның дұрыс емес. Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: Сендер өлім жазасына лайықсыңдар! Өйткені өз иелеріңді, Жаратқан Иенің тағайындаған патшасын дұрыстап күзетіп қорғамадыңдар! Іздеп көр: патшаның бас жағындағы сүңгісі мен құмырасы қайда? — деп айқайлады.
I Sa Kaz 26:17  Дәуіттің даусын таныған Саул:— Бұл сенбісің, Дәуіт балам-ау? — деп сұрады.— Иә, патша ием! — деп жауап берген Дәуіт
I Sa Kaz 26:18  сөзін жалғастырып былай деді: — Уа, патша, бұл пендеңіздің соңына неге түсіп жүрсіз? Мен не істеп қойдым, жазығым не?
I Sa Kaz 26:19  Тақсыр ием, айтқаныма құлақ аса көріңіз! Егер сізді маған қарсы қойып отырған Жаратқан Ие болса, онда Ол күнәмнің құнын өтейтін құрбандығымды қабылдай көрсін. Ал егер осыны істеп отырған адамдар болса, оларды Жаратқан Иенің қарғысы атпақ. Олардың мені Жаратқан Иенің өз жерінен қуып жүргендері «Кет, жалған тәңірлерге табын!» деп азғырумен тең.
I Sa Kaz 26:20  Жаратқан Иеден алыс жерде қанымның төгілуіне жол бермеңіз! Исраилдің патшасы бір бүргені қудалап, таудағы құр құсының ізіне түскендей, соңымнан қалмай қуып жүр! —
I Sa Kaz 26:21  Сонда Саул былай деп дауыстады:— Мен күнә жасадым. Қайтып кел, Дәуіт балам! Өмірімді қымбат көріп, бүгін мені өлтірмегенің үшін бұдан былай саған жамандық істемеймін! Мен ақымақтық жасап, өте көп қате жібердім.
I Sa Kaz 26:22  Ал Дәуіт оған былай деп жауап қатты:— Мынау — патшаның сүңгісі! Бір нөкер жігітіңіз келіп, оны алып кетсін.
I Sa Kaz 26:23  Жаратқан Ие әрбір адамға оның әділдігі мен сенімділігіне қарай сыйын береді. Жаратқан Ие сізді бүгін қолыма берсе де, мен сізге қарсы қол көтеруден бас тарттым. Өйткені Жаратқан Иенің тағайындаған патшасысыз.
I Sa Kaz 26:24  Сіздің өміріңізді бүгін қалай қымбат көрген болсам, Жаратқан Ие де менің өмірімді солай қымбат көріп, қиындық атаулыдан құтқара көрсін! —
I Sa Kaz 26:25  Саул:— Жарылқана бер, Дәуіт балам! Небір істерді тындырып, жеңіске қол жеткізетін боласың, — деп оған батасын берді. Содан соң Дәуіт өз жөніне кетті, ал Саул сарайына оралды.
Chapter 27
I Sa Kaz 27:1  Бірақ Дәуіт іштей: «Қалайда күндердің күні Саулдың қолынан құримын. Ең жақсысы, тездетіп філістір еліне қашып құтылу. Сонда Саул мені бүкіл Исраилде іздеуін қойып, оның қолынан сытылып кетемін», — деп ойлады.
I Sa Kaz 27:2  Осылайша Дәуіт пен оның жанында жүрген алты жүз адам жолға жиналып, Ғаттың патшасы Мағох ұлы Анхұсқа қарай өтіп кетті.
I Sa Kaz 27:3  Олар Ғат қаласына Анхұстың жанына орналасты. Әрқайсысы өзінің отбасын ала келген еді. Дәуіттің екі әйелі: ізрелдік Ахиноғам мен Набалдың жесірі кәрмелдік Әбигел де қасында болды.
I Sa Kaz 27:4  Дәуіттің Ғатқа қашып кеткенін Саул да біліп, оны енді қайтып іздемейтін болды.
I Sa Kaz 27:5  Дәуіт Анхұстан: «Тақсыр, рақым етіп, бізге далалы жерде қоныстануға бір қалашықты беруге бұйыра көріңіз. Біз осында патшаның қаласында тұрып, сіздерді әуреге салмай-ақ қояйық», — деп өтінді.
I Sa Kaz 27:6  Анхұс оған тұруға Сикеләгті берді. Сол кезден бастап қазірге дейін осы қала Яһуда патшасының қарамағында болып келеді.
I Sa Kaz 27:7  Дәуіт філістір елінде барлығы бір жыл төрт ай тұрды.
I Sa Kaz 27:8  Ол адамдарымен аттанып, гешур, гірзе, амалек тайпаларына шабуыл жасап отырды. Бұлар көп уақыттан бері Шур мен Мысыр елінің арасындағы жерді мекенденіп келген еді.
I Sa Kaz 27:9  Дәуіт қай жерге шабуыл жасаса да, еркек болсын, әйел болсын, ешкімді тірі қалдырмай, тек олардың қой-ешкі, мүйізді ірі қаралары мен есек-түйелерін және киім-кешектерін тонап, Анхұстың жеріне қайтатын.
I Sa Kaz 27:10  Анхұс: «Бүгін еш жаққа шабуылға шыққан жоқсыңдар ма?» — деп сұраса, Дәуіт Яһуданың, Ерахмел әулетінің я болмаса Кен тайпасының оңтүстік жағына аттанғандары туралы айтатын.
I Sa Kaz 27:11  Дәуіттің еркектер мен әйелдерді тірі қалдырмай, Ғат еліне ешқандай тұтқын алып келмеуінің себебі, олар Анхұсқа «Дәуіт былай істеді» деп шағым айтар деген күмәні болды. Філістірлермен бірге тұрған кезде Дәуіт үнемі осылай әрекет етіп жүрді.
I Sa Kaz 27:12  Анхұс Дәуітке иланып: «Ол өз халқы Исраилдің алдында әбден жек көрінішті болды. Сол себепті мәңгі бақи менің қызметшім болып өтеді», — деп ойлады.
Chapter 28
I Sa Kaz 28:1  Сол күндері філістірлер Исраилге қарсы соғыс ашпақ болып, жасақшыларын жинады. Анхұс Дәуітке:— Біліп ал, сен адамдарыңмен бірге маған еріп, әскерге қосыласың! — деп бұйырды.
I Sa Kaz 28:2  Дәуіт:— Енді қызметшіңіздің не істей алатынын көретін боласыз, — дегенде, Анхұс:— Онда сені өмір бойы жеке басымды қорғайтын сақшым етіп тағайындаймын, — деп жауап берді.
I Sa Kaz 28:3  Бұдан бұрын Самуил пайғамбар қайтыс болып, бүкіл Исраил оны жоқтап аза тұтып, туған қаласы Рамақтағы қабірге қойған еді. Саул аруақ шақыратын барлық бақсы-балгерлер мен сәуегейлерді елден қуып жіберген болатын.
I Sa Kaz 28:4  Філістір әскері жиналып, Шунемге аттанып барып, сол жерге қостарын тікті. Саул да Исраилдің барлық ер адамдарын жинап алып, олар Гелбуе қыратына орнықты.
I Sa Kaz 28:5  Саул філістірлердің қостарын көргенде шошып, жүрегі қатты дірілдеп кетіп,
I Sa Kaz 28:6  Жаратқан Иеден ақыл сұрады. Бірақ Жаратқан Ие оған не түсіндегі аяны, не қасиетті жеребе, не пайғамбарлар арқылы жауап бермеді.
I Sa Kaz 28:7  Сонда Саул нөкерлеріне:— Маған аруақ шақыратын бір сәуегей әйелді табыңдар! Мен оған барып, ақыл сұрап көрейін, — деп бұйырды. Олар:— Ендор қалашығында аруақ шақыратын бір сәуегей әйел бар, — деді.
I Sa Kaz 28:8  Саул өзін танымайтындай етіп киімін өзгертіп киінді. Екі жігітін ертіп алып, сол жаққа қарай жүріп кетті. Олар түн ішінде әйелге келді. Саул одан:— Өтінемін, мен үшін сәуегейлік жасап, айтқан адамымның аруағын шақырып беріңізші, — деп сұрады.
I Sa Kaz 28:9  Әйел:— Саулдың не істегенін білетін шығарсыз. Ол аруақ шақыратын бақсы-балгерлер мен сәуегейлерді елден аластатып жіберді ғой. Сіз неге көзімді құртпақ болып, маған тұзақ құрып отырсыз? — деді.
I Sa Kaz 28:10  Бірақ Саул оған:— Мәңгі тірі Құдайдың алдында шын айтамын: осы іс үшін ешқандай қасірет шекпейсіз, — деп ант етті.
I Sa Kaz 28:11  Әйел:— Сізге кімді шақырып берейін? — деп сұрағанда, Саул:— Самуилді шақырыңыз, — деді.
I Sa Kaz 28:12  Әйел Самуилді көргенде, қатты шыңғырып:— Мені неге алдадыңыз? Сіз Саулсыз ғой! — деп айқайлады.
I Sa Kaz 28:13  Патша:— Қорықпа! Не көріп тұрсың? — деп сұрады.— Мен жер астынан шығып келе жатқан, билерге ұқсайтын біреуді көріп тұрмын.
I Sa Kaz 28:14  — Оның түрі қандай?— Ол — үстіне ұзын шапан киген кәрі адам, — деп жауап берді әйел. Сонда Саул оның Самуил екенін білді де, басын жерге дейін иіп тағзым етті.
I Sa Kaz 28:15  Самуил Саулға:— Сен неге мазамды алып, мені шақыртып тұрсың? — деп наразылық білдірді. Саул:— Мен қатты қорқып тұрмын. Філістірлер маған қарсы соғыс ашты. Ал Құдай менен бас тартып, енді маған не пайғамбарлар, не түс арқылы жауап бермей отыр. Сол себепті маған не істеуім керек екенін білдіру үшін сізді шақырттым, — деді.
I Sa Kaz 28:16  Сонда Самуил оған мынаны айтты:— Жаратқан Ие өзіңнен бас тартып, жауыңа айналғаннан кейін, не үшін менен ақыл сұрайсың?
I Sa Kaz 28:17  Жаратқан Ие мен арқылы алдын ала айтқандарын енді жүзеге асырып, патшалық билікті қолыңнан жұлып алып, маңайыңдағы біреуге, яғни Дәуітке, тапсырды.
I Sa Kaz 28:18  Сен Құдайдың айтқанына құлақ аспай, Оның Амалекке шығарған қаһарлы үкімін орындамай кеткендіктен, Жаратқан Ие бүгін саған осыны істеп отыр.
I Sa Kaz 28:19  Ол Исраил халқын да, өзіңді де філістірлердің қолына түсіреді: ертең сен де, ұлдарың да менің қасыма аттанасыңдар. Жаратқан Ие Исраилдің әскерін де філістірлердің қолына түсіреді.
I Sa Kaz 28:20  Саул Самуилдің осы айтқандарынан зәресі ұшып, кенет етпетінен жерге құлап түсті. Ол бір тәулік бойы нәр татпағандықтан әлсіреп қалған еді.
I Sa Kaz 28:21  Әйел Саулдың қасына келіп, оның қатты қорқып кеткенін көріп:— Тақсыр ие, мен сіздің айтқаныңызға құлақ асып, басымды өлімге тігіп, тілегіңізді орындадым.
I Sa Kaz 28:22  Енді сіз де менің айтқаныма құлақ аса көріңіз. Сізге дастарқан жайып, аздап тамақ алып келейін. Содан дәм татып, жөніңізге кету үшін әлденіп аларсыз, — деді.
I Sa Kaz 28:23  Саул:— Ештеңе жемеймін, — деп бас тартты.Бірақ екі нөкер жігіті мен әйел оны көндіріп, Саул орнынан тұрып, төсек үстіне жайғасып отырды.
I Sa Kaz 28:24  Әйелдің қорада бордақыланған өгізшесі бар болатын. Соны тездетіп сойып, етін пісіріп, ұннан қамыр илеп, ашытқысыз нан пісірді.
I Sa Kaz 28:25  Осыларды Саул мен нөкерлеріне ұсынды. Олар тамақ ішіп болған соң сол түні кетіп қалды.
Chapter 29
I Sa Kaz 29:1  Осы кезде філістірлер барлық жасақтарын Әфектің маңына жинаған болатын. Ал исраилдіктер Ізрелдің жанындағы бұлақ көзінің қасына қостарын тіккен еді.
I Sa Kaz 29:2  Філістір әміршілері жасақтарын жүзге, мыңға бөліп, сапқа тұрғызып өткізді. Дәуіт пен оның адамдары Анхұсқа еріп артқы жақта келе жатты.
I Sa Kaz 29:3  Філістір билеушілері:— Мына исраилдік жалдамалылар мұнда не істеп жүр? — дегенде, Анхұс:— Бұл бұрын Исраил патшасы Саулдың нөкері болған Дәуіт қой. Бір жылдан астам уақыт бойы қасымда жүр. Біздің жаққа өтіп келген күннен бері оның бойынан сезікті ештеңені байқамадым, — деп түсіндірді.
I Sa Kaz 29:4  Бірақ філістір әміршілері Анхұсқа ашуланып, мынадай талап қойды:— Бұл адамды кері қайтар, сен өзіне белгілеген жерге қайта оралсын. Оның бізбен бірге шайқасқа шығуына болмайды. Әйтпесе ол ұрыс барысында бізге қарсы шыға келеді. Оған өзінің тақсыр иесінің рақымына қайтадан ие болу үшін біздің адамдардың бастарын алудан артық шара жоқ қой!
I Sa Kaz 29:5  Мына өлең Дәуіт туралы айтылған жоқ па еді:«Саул мыңдаған жауын жеңіп жойды,Ал Дәуіттің жойғаны он мың болды!»
I Sa Kaz 29:6  Сонда Анхұс Дәуітті өзіне шақырып алып:— Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: сен адал адамсың, жорыққа бірге шыққаның жақсы болар еді. Қасыма келген күннен бері сенен жаман қылық көрген жоқпын. Бірақ басқа әміршілер сені жақтырмайды.
I Sa Kaz 29:7  Сол себепті бұрылып, аман-есен кері қайт. Оларға ұнамсыз ештеңе жасама, — деді.
I Sa Kaz 29:8  Дәуіт:— Мен не істеп қойдым, тақсыр? Сізге қызметке тұрғалы менен қандай кінә таптыңыз? Мен неге сіздермен бірге барып, патша иемнің жауларына қарсы күреспеймін? — деп наразылық білдірді.
I Sa Kaz 29:9  Анхұс:— Сен менің көз алдымда Құдайдың періштесіндей адал болып келесің, соны жақсы білемін. Бірақ філістір әміршілері сен туралы: «Оның бізбен бірге шайқасқа шығуына болмайды!» деп шешім қабылдады.
I Sa Kaz 29:10  Сондықтан сен және бұрынғы иеңнің қызметшілері болған барлық серіктерің ертең ертемен тұрып, жарық түсісімен жолға шығыңдар! — деп бұйырды.
I Sa Kaz 29:11  Дәуіт күн шығысымен адамдарымен бірге жолға шығып, філістір еліне қайта оралды. Ал філістір жасақтары Ізрелге қарай өрлеп кетті.
Chapter 30
I Sa Kaz 30:1  Дәуіт адамдарымен үшінші күні Сикеләгке жетті. Ал амалектіктер Яһуда жерінің оңтүстігіне және Сикеләгке жорыққа аттанып, осы қалаға шабуыл жасап, өртеп жіберген еді.
I Sa Kaz 30:2  Олар қаладағы әйелдер мен үлкенді-кішілі басқа адамдардың барлығын да тұтқындап, ешқайсысын өлтірмей, өздерімен бірге алып кеткен болатын.
I Sa Kaz 30:3  Дәуіт сарбаздарымен Сикеләгке жеткенде, қала өртелген, ал әйелдері мен ұл-қыздары айдалып әкетілген екен.
I Sa Kaz 30:4  Сонда бәрі дауыстап жоқтап, әлдері құрығанша егіліп жылай берді.
I Sa Kaz 30:5  Дәуіттің екі әйелі, ізрелдік Ахиноғам мен кәрмелдік Набалдың жесірі Әбигел де тұтқындалыпты.
I Sa Kaz 30:6  Сарбаздар ұл-қыздарын жоқтап, ызаланып, тіпті: «Дәуітті таспен атқылап өлтіреміз!» — десті. Осылайша Дәуіттің жағдайы аса қиын болды. Алайда ол Құдай Иесіне сиынып, Одан қайрат-жігер алды.Содан Дәуіт Ахимәлік ұлы Абиятардан: «Бас діни қызметкердің жеңсіз сырт киімін алып келіңіз», — деп өтінді. Діни қызметкер оны әкелген соң,
I Sa Kaz 30:7  Сарбаздар ұл-қыздарын жоқтап, ызаланып, тіпті: «Дәуітті таспен атқылап өлтіреміз!» — десті. Осылайша Дәуіттің жағдайы аса қиын болды. Алайда ол Құдай Иесіне сиынып, Одан қайрат-жігер алды.Содан Дәуіт Ахимәлік ұлы Абиятардан: «Бас діни қызметкердің жеңсіз сырт киімін алып келіңіз», — деп өтінді. Діни қызметкер оны әкелген соң,
I Sa Kaz 30:8  Дәуіт Жаратқан Иеден:— Осы шапқыншы әскердің соңына түсейін бе? Оларды қуып жете аламын ба? — деп сұрады. Жаратқан Иенің жауабы мынау болды:— Соңына түс! Қуып жетесің, құтқарып та аласың!
I Sa Kaz 30:9  Сонда Дәуіт қасындағы алты жүз сарбазымен жорыққа шығып, Босор сайының жағасына жетті. Алайда олардың кейбіреулері сол жерде қалып қойды.
I Sa Kaz 30:10  Себебі екі жүз жігітінің қатты шаршағандықтан сайдың арғы бетіне өтуге шамалары келмеді. Қалған төрт жүз адамымен Дәуіт қуғындауын әрі қарай жалғастыра берді.
I Sa Kaz 30:11  Жолшыбай олар далада жатқан бір мысырлық жігітті тауып, оны Дәуітке алып келді. Оған су ішкізіп,
I Sa Kaz 30:12  жеуге нан, кепкен інжір жемістерін және екі бума мейіз берді. Жігіт үш тәулік бойы нәр татпаған екен. Жүрек жалғап, әл жинап алғаннан кейін,
I Sa Kaz 30:13  Дәуіт одан:— Қай жақтың адамысың? Аты-жөнің кім? — деп сұрастыра бастады. Жігіт:— Мен мысырлық сарбазбын, бір амалектіктің құлымын. Ауырып қалған мені қожайыным бұдан үш күн бұрын тастап кетті.
I Sa Kaz 30:14  Біз кереттіктердің оңтүстік жағына, Яһуданың жеріне және Халептің оңтүстік жағына шабуыл жасап, Сикеләгті өртеп жіберген едік, — деді.
I Sa Kaz 30:15  Дәуіт:— Мені сол әскерге бастап алып барасың ба? — деп сұрады. Ол:— Мені өлтірмеймін, қожайыныма қайтарып бермеймін деп Құдайдың атымен ант етсеңіз, сізді соларға бастап алып барамын! — деді.
I Sa Kaz 30:16  Сонымен жігіт Дәуіт пен серіктерін амалектіктер кеткен жаққа бастап алып жүрді. Олар жаудың қостарына таяп, қараса, амалектіктер бір кең жерге алаңсыз жайғасып, філістірлердің және Яһуданың елдерінен қолдарына түсірген ұлан-ғайыр олжаларына қуанғаннан ішіп-жеп тойлап жатыр екен.
I Sa Kaz 30:17  Дәуіт сарбаздарымен оларға ымырт жабыла бас салып, келесі күннің кешіне дейін шайқасты. Түйелеріне мініп қашып кеткен төрт жүз жас жігіттен басқа амалектіктердің ешбіреуі құтыла алмады.
I Sa Kaz 30:18  Дәуіт осылайша амалектіктердің алып кеткендерінің бәрін де, өзінің екі әйелін де құтқарып алды.
I Sa Kaz 30:19  Сарбаздардың үлкенді-кішілі адамдарынан, ұл-қыздары мен жинаған олжаларынан, амалектіктердің бұлардан қолға түсіргендерінен ештеңе де жоғалмапты, Дәуіт бәрін де қайтарып алды.
I Sa Kaz 30:20  Оның үстіне жаудың бүкіл ірілі-ұсақты малдарын да қолына түсірді. Адамдары осы малдарды өз малдарынан бұрын айдап, «Бұл — Дәуіттің олжасы!» — десті.
I Sa Kaz 30:21  Осылай сарбаздар қатты қалжырап, ере алмайтын болғандықтан Босор сайының жағасында қалдырып кеткен екі жүз адамына жақындап келді. Сонда олар Дәуіт пен оның жанында жүргендердің алдарынан шықты. Дәуіт оларға жолығып, амандық сұрасты.
I Sa Kaz 30:22  Бірақ онымен бірге жүргендердің ішіндегі кейбір пасық та арсыз адамдар:— Бұлар бізбен бірге шайқасқа барған жоқ. Ендеше біз қолға түсірген олжадан оларға үлес те жоқ! Әйелдері мен балаларын алсын да соған қанағаттансын! — деді.
I Sa Kaz 30:23  Бірақ Дәуіт былай деп шешті:— Бауырларым, Жаратқан Иенің бізге сыйлағандарымен олай істемеңдер! Ол бізді аман-есен қорғап, шапқыншыларды қолымызға түсірді емес пе!?
I Sa Kaz 30:24  Сендердің бұл ұсыныстарыңа кім құлақ түреді?Қайта, үлестері бірдей болсынҚарауылда қалғанның,Һәм шайқасқа да аттанғанның,Олжа бәріне бірдей бөлінсін!
I Sa Kaz 30:25  Сол күннен бастап Дәуіт мұны Исраилдегі міндетті ереже ретінде бекітті. Ол әлі күнге дейін сақталып келе жатыр.
I Sa Kaz 30:26  Дәуіт Сикеләгке қайта оралған соң, олжаның біразын Яһуда елінің өзімен достасқан рубасыларына жіберіп: «Бұл — сізге Жаратқан Иенің жауларынан түскен олжадан сыбаға!» — деген сәлемін жолдады.
I Sa Kaz 30:27  Дәуіттің тартулар жіберген жерлері мыналар еді: Бетел, оңтүстіктегі Рамот, Ятир,
I Sa Kaz 30:29  Рахал, ерахмелдіктер мен кендіктердің қалалары,
I Sa Kaz 30:31  Хеброн және өзі адамдарымен бірге барып тұрған барлық басқа жерлер.
Chapter 31
I Sa Kaz 31:1  Осы екі арада філістірлер Исраилдің жасағына қарсы соғысып жатты. Исраилдіктер олардан қашып, көбі Гелбуе тауында қаза тапты.
I Sa Kaz 31:2  Філістірлер Саул мен оның ұлдарының соңына түсіп, ақыры ұлдары Жонатан, Әминадап, Мәлхисуаны өлтірді.
I Sa Kaz 31:3  Саулдың айналасындағы шайқас қатты күшейе түсті. Садақшылардың жебелері дәл тиіп, оны ауыр жарақаттады.
I Sa Kaz 31:4  Саул өзінің қару-жарақ тасушы нөкеріне: «Семсеріңді суырып, маған сұғып ал! Мына құдайсыздар келіп, маған білгендерін істеп масқара қылмасын!» — деп бұйырды. Бірақ нөкері қатты қорқып, бұны істеуден бас тартты. Сонда Саул өз семсерін суырып алып, оны өзіне қарай қаратып үстіне құлап түсті.
I Sa Kaz 31:5  Қару тасушы нөкері Саулдың мерт болғанын көргенде, ол да Саулдың қасында дәл солай өзін-өзі өлтірді.
I Sa Kaz 31:6  Осылайша сол күні Саул мен оның үш ұлы, қару тасушысы және барлық басқа нөкерлері қаза тапты.
I Sa Kaz 31:7  Ізрел аңғарының арғы бетін және Иордан өзенінің ар жағын мекендеген исраилдіктер сарбаздардың қашқанын, әрі Саулдың ұлдарымен қоса мерт болғанын білгенде, олар тұрып жатқан қалаларын тастап, қаша жөнелді. Ал філістірлер келіп, сол қалаларға қоныстанып алды.
I Sa Kaz 31:8  Келесі күні філістірлер қаза тапқандарды тонауға келгенде, Гелбуе тауында өліп жатқан Саул мен оның үш ұлының мәйіттеріне тап болды.
I Sa Kaz 31:9  Жасақшылар Саулдың басын шауып алып, қару-жарағын иемденді. Осы хабарды бүкіл філістір еліне, олардың табынатын жалған тәңір мүсіндерінің ғибадатханаларында және халық арасына тарату үшін шабармандарын жіберді.
I Sa Kaz 31:10  Філістірлер Саулдың қару-жарағын Астарта есімді жалған тәңірдің ғибадатханасына сақтап қойып, мәйітін Бет-Шан қамалының қабырғасына іліп қойды.
I Sa Kaz 31:11  Бірақ Ғилақадтағы Ябес қаласының тұрғындары філістірлердің Саулға істеген қорлығы туралы естіді.
I Sa Kaz 31:12  Қаланың мықты деген ер азаматтарының бәрі де жиналып, сапарға аттанды. Олар түні бойы жол жүріп, Бет-Шан қамалының қабырғасынан Саул мен оның үш ұлының мәйіттерін түсіріп алды. Оларды Ябеске әкеліп, сонда өртеп жіберді.
I Sa Kaz 31:13  Олар сүйектерін Ябесте бір жыңғыл ағашының түбіндегі қабірге қойып, жеті күн бойы ораза ұстап, мерт болғандарды жоқтады.