Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOHN
Up
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21
Chapter 1
John Kaz 1:1  Әуел баста Сөз болатын, Сөз Құдайда болатын, Сөз Құдай еді.
John Kaz 1:2  Сөз әуелден-ақ Құдайда болатын.
John Kaz 1:3  Құдай бәрін Сөз арқылы жаратқан, жаратылған ештеңе де Онсыз пайда болмаған.
John Kaz 1:4  Сөз өмірдің бастауы болған. Сол өмір адамзат үшін Нұр еді.
John Kaz 1:5  Нұр түнекте жарқырайды, ал түнек Нұрды жеңе алған емес.
John Kaz 1:6  Құдай жіберген Жақия есімді адам болды.
John Kaz 1:7  Жақия Нұрдың куәсі болып, барлық адамдарды өзінің куәлігі арқылы Нұрға сендіру үшін келді.
John Kaz 1:8  Жақияның өзі Нұр емес еді, ол Нұр туралы хабарлау үшін келген болатын.
John Kaz 1:9  Әр адамға сәулесін түсіретін шынайы Нұр бұл дүниеге келе жатты.
John Kaz 1:10  Ол бұл дүниеде бар еді, бірақ әлемді жаратқан Сол болса да, адамдар Оны таныған жоқ.
John Kaz 1:11  Өзі таңдап алған халқына келгенімен, олар Оны қабылдамады.
John Kaz 1:12  Бірақ Оны қабылдап, Оған сенім артқандардың бәрін Ол Құдайдың рухани балалары болуға құқықты етті.
John Kaz 1:13  Бұлар табиғи жолмен, пенденің қалауы бойынша бұл дүниеге келгендіктен емес, Құдай оларға шынайы өмір бергендіктен ғана Оның рухани балалары болды.
John Kaz 1:14  Сөз адамға айналып, арамызда өмір сүрді. Сонда біз Әкенің жалғыз рухани Ұлының асқан ұлылығын көрдік: Ол рақымдылық пен шындыққа толы еді.
John Kaz 1:15  Жақия пайғамбар Ол туралы дауыстап куәлік етіп:— Менен кейін Келе Жатқанның жолы менен үлкен, өйткені Ол мен тумастан бұрын бар болатын деген Кісім Осы, — деді.
John Kaz 1:16  Оның шексіз рақымынан бәріміз молынан жарылқанып келеміз.
John Kaz 1:17  Құдай ата-бабаларымызға Таурат заңын Мұса пайғамбар арқылы берді, ал рақым мен шындық бізге Иса Мәсіх арқылы жетті.
John Kaz 1:18  Құдайды ешкім ешқашан көзімен көрген емес. Әкесімен тығыз байланыстағы жалғыз рухани Ұлы бізге Оны жақыннан танытты.
John Kaz 1:19  Жақия былай деп куәлік берген еді: яһудилердің басшылары діни қызметкерлер мен леуілік көмекшілерді Иерусалим қаласынан Жақияға жіберіп, «Сен кімсің?» — деп сұратты. Сонда ол жауап беруден бас тартпай:
John Kaz 1:20  — Мен (Құдай жіберемін деп уәде берген Құтқарушы) Мәсіх емеспін, — деп ашық айтты.
John Kaz 1:21  Олар:— Онда сен кімсің? (Мәсіхтен бұрын қайтып келуге тиісті) Ілияс пайғамбарсың ба? — деп сұрады. Жақия:— Жоқ, ол емеспін, — деді.— Мүмкін, сен (Мұса Құдай жібереді деген) пайғамбар шығарсың? — Жақия:— Жоқ, — деп жауап қатты.
John Kaz 1:22  Олар:— Бізді жібергендерге жауап беруіміз үшін кім екеніңді айтшы! Өзің туралы не дейсің? — деп сұрады.
John Kaz 1:23  Жақия:— Ишая пайғамбар «Жар салған дауыс шығады айдалада: Жаратқан Иеге түзу қылып даңғыл жолды салыңдар!» деп алдын ала айтып кеткен болатын. Жар салған сол хабаршы менмін, — деп жауап қайырды.
John Kaz 1:24  Сонда парызшылдар тобынан жіберілген кісілер де болды.
John Kaz 1:25  Олар Жақияға сұрақ қойып:— Егер сен не Мәсіх, не Ілияс, не келуге тиісті пайғамбар болмасаң, неліктен адамдарды (Құдай жолына түсіріп) суға шомылдыру рәсімінен өткізесің? — деді.
John Kaz 1:26  Жақия оларға:— Мен тек суға шомылдыру рәсімін ғана орындаймын. Ал араларыңда сендер танымайтын Біреу тұр.
John Kaz 1:27  Ол менен кейін келе жатыр, бірақ мен Оның құлы болып кебісін әперуге де тұрмаймын, — деп жауап берді.
John Kaz 1:28  Бұл оқиға Жақия шомылдыру рәсімін орындап жүрген Иордан өзенінің шығысындағы Бетанияда болды.
John Kaz 1:29  Келесі күні Жақия өзіне қарай келе жатқан Исаны көріп:— Қараңдар, Мынау — Құдайдың құрбандыққа жіберген «Тоқтысы»! Ол адамзаттың күнәсін өз мойнына артып, сол үшін жанын қияды.
John Kaz 1:30  «Менен кейін Біреу келе жатыр, Оның жолы менен үлкен, өйткені Ол мен тумастан бұрын бар болатын» дегенімде, Сол туралы айтқан едім.
John Kaz 1:31  Бұрын мен де Оның шынымен кім екенін білмейтін едім. Бірақ Оны Исраил халқына таныстырып, адамдарды шомылдыру рәсімінен өткізу үшін осы жерге келдім, — деді.
John Kaz 1:32  Содан кейін Жақия куәлік етіп:— Мен Киелі Рухтың көгершін бейнесінде көктен түсіп, Исаға қонғанын көрдім.
John Kaz 1:33  Исаны бұрын шынымен танымайтын едім. Бірақ мені шомылдыру рәсімін орындауға жіберген Құдай маған: «Сен Киелі Рухтың Біреуге қонғанын көргенде, Киелі Рухқа Шомылдырушының Соның Өзі екенін білесің» деген болатын.
John Kaz 1:34  Мен Киелі Рухтың Исаға қонғанын көріп, Оның Құдайдың рухани Ұлы екеніне куәгер болдым, — деді.
John Kaz 1:35  Келесі күні Жақия мен оның екі шәкірті тағы сол жерде тұрды.
John Kaz 1:36  Ол қастарынан өтіп бара жатқан Исаны көріп: «Қараңдар, Мынау — Құдайдың құрбандыққа жіберген Тоқтысы!» — деді.
John Kaz 1:37  Екі шәкірті Жақияның айтқанын естіп, Исаның соңынан ере бастады.
John Kaz 1:38  Иса бұрылып, олардың Өзіне ергенін көріп:— Сендер не іздеп жүрсіңдер? — деді. Олар Исадан:— Раббы! — арамей тіліндегі мағынасы «Ұстаз!» — Сіз қайда тұрып жатырсыз? — деп сұрады.
John Kaz 1:39  Иса:— Келіңдер де көріңдер! — деді. Олар келіп, Исаның тұрған жерін көрді де, сол күні Онымен бірге болды. Уақыт түстен кейінгі сағат төрттің шамасы еді.
John Kaz 1:40  Жақиядан Иса туралы естіп, Оған ерген екеудің бірі Шимон Петірдің інісі Әндір еді.
John Kaz 1:41  Ол ең алдымен ағасы Шимонды тауып алып:— Біз Мәсіхтің Өзін таптық! — деді. Ал «Мәсіх» Құдай тағайындаған Құтқарушы Патша дегенді білдіреді.
John Kaz 1:42  Содан кейін Әндір Шимонды Исаға ертіп келді. Иса Шимонға қарап:— Сен Жоханның ұлы Шимонсың. Бұдан былай Кефа деп аталасың, — деді. Кефа грекше — Петір, яғни «Тас».
John Kaz 1:43  Келесі күні Иса Ғалилея аймағына бармақшы болды. Иса Філіпті тауып, оған: «Менің шәкіртім болып соңымнан ер», — деді.
John Kaz 1:44  Філіп те Әндір мен Петір тұратын Бетсайда қаласынан еді.
John Kaz 1:45  Філіп Натанайылды тауып алып, оған:— Біз Мұса Тауратта жазған, басқа пайғамбарлар да өз жазбаларында айтып кеткен Мәсіхті таптық! Ол — назареттік Жүсіптің ұлы Иса! — деді.
John Kaz 1:46  Бірақ Натанайыл:— Сол Назареттен не жақсылық шығар дейсің? — деп жауап қатты. Філіп оған:— Келіп, өзің көр! — деді.
John Kaz 1:47  Иса өзіне қарай келе жатқан Натанайылды көргенде:— Мынау — қулық-сұмдығы жоқ, нағыз исраилдік, — деді.
John Kaz 1:48  Натанайыл:— Сіз мені қайдан білесіз? — деп сұрады. Иса:— Сені Філіп шақырмай тұрып, інжір ағашының астынан көріп едім, — деді.
John Kaz 1:49  Натанайыл (өзін Исаның інжір ағашының қалың жапырағының астынан көре алғанына қайран қалды да):— Ұстаз, Сіз Құдайдың рухани Ұлысыз, Исраилдің Патшасысыз! Соған көзім жетті, — деп жауап берді.
John Kaz 1:50  Иса оған:— Мен «сені інжір ағашының астынан көрдім» дегенді ғана айтқанда, Маған сендің. Әлі бұдан да зорды көресің! — деді.
John Kaz 1:51  — Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: бұдан былай көктің ашылғанын көресіңдер! Сонда Құдайдың періштелері көкке көтеріліп кетіп әрі Құдай тағайындаған Билеуші — Маған түсіп келіп тұратын болады.
Chapter 2
John Kaz 2:1  Екі күннен кейін Ғалилея аймағының Қана қаласында бір үйлену тойы болды. Исаның шешесі сонда еді,
John Kaz 2:2  Иса да шәкірттерімен бірге шақырылды.
John Kaz 2:3  Шарап таусылып қалып, Исаның шешесі Оған:— Олардың шарабы қалмады, — деді.
John Kaz 2:4  Иса:— Апа, Маған оны не үшін айтасыз? (Керемет жасау үшін көктегі Әкем белгілеген) уақытым әлі келген жоқ, — деп жауап берді.
John Kaz 2:5  Дегенмен шешесі қызметшілерге: «Ол не айтса, соны істеңдер!» — деп тапсырды.
John Kaz 2:6  Сол жерде яһудилердің дәстүрі бойынша діни тазару салтына арналған, ішіне он шелектей су сыятын алты тас күбі тұр еді.
John Kaz 2:7  Иса қызметшілерге: «Күбілерді суға толтырыңдар!» — деген тапсырма берді. Олар күбілерді суға ернеулете толтырды.
John Kaz 2:8  «Аздап алып, асабаға апарыңдар!» — деді Иса. Олар апарып беріп,
John Kaz 2:9  асаба шарапқа айналған әлгі суды татып көрді. Бірақ асаба оның қайдан екенін білген жоқ, мұны тек суды шөміштеп алған қызметшілер ғана білетін. Асаба таңғалды да, күйеу жігітті шақыртып алып:
John Kaz 2:10  «Әркім алдымен жақсы шарабын құяды, қонақтар қызып алған кезде оның төмендеу түрін береді. Ал сен ең жақсысын осы уақытқа дейін сақтап қойыпсың!» — деді.
John Kaz 2:11  Осылай Иса кереметтерінің алғашқысын Ғалилеядағы Қана қаласында жасап, Өзінің ұлылығын көрсетті. Содан шәкірттері Оған сенді.
John Kaz 2:12  Мұнан кейін Иса шешесі, інілері және шәкірттерімен бірге Қапарнаумға барып, сол қалада бірнеше күн тұрды.
John Kaz 2:13  Яһуди халқының Құтқарылу мейрамы жақындағанда, Иса Иерусалим қаласына өрлеп барды.
John Kaz 2:14  Ғибадатхана алаңында Ол (құрбандыққа шалынатын) бұқа, қой, көгершін сатушыларға және шетелдік ақшаны (зекет беру үшін жергілікті ақшаға) айырбастаушыларға назар салды.
John Kaz 2:15  Сосын Иса арқаннан қамшы өріп алып, сатушылардың бәрін қой, бұқаларымен бірге ғибадатхана ауласынан қуып шықты. Айырбастаушылардың ақшаларын шашып, үстелдерін аударып тастады.
John Kaz 2:16  Иса көгершін сатушыларға бұрылып:— Мыналарыңды бұл арадан алып кетіңдер! Көктегі Әкемнің киелі үйін базарға айналдырмаңдар! — деп бұйырды.
John Kaz 2:17  Сонда «Киелі үйіңнің қамын жеп, азапқа түсем» деп (Забурда алдын ала) жазылған сөздер шәкірттерінің естеріне түсті.
John Kaz 2:18  Ал яһуди басшылары Оған:— Осыны істеуге қақыңның барын қандай кереметпен дәлелдемексің? — деген сұрақ қойды.
John Kaz 2:19  Иса оларға:— Мына киелі үйді бұзыңдар, Мен оны үш күнде қайта тұрғызамын, — деп жауап қатты.
John Kaz 2:20  Яһудилер:— Бұл киелі үй қырық алты жыл бойы салынды. Ал Сен оны үш күннің ішінде қайта тұрғызбақшымысың? — деді.
John Kaz 2:21  Бірақ Иса «киелі үй» дегенде Өзінің денесі туралы айтқан еді.
John Kaz 2:22  Сондықтан Иса өлімнен қайта тірілген кезде шәкірттері Оның осылай дегенін естеріне түсіріп, Киелі кітапта жазылған және Исаның Өзі айтқан пайғамбарлық сөздерге сенді.
John Kaz 2:23  Құтқарылу мейрамы кезінде Иса Иерусалимде болғанда, Оның жасаған кереметтерін көрген көптеген адамдар Оған сенді.
John Kaz 2:24  Алайда бәрінің ойы мен ниеті құбылмалы екенін біліп, Иса оларға сене қоймады.
John Kaz 2:25  Ол адам баласының көңіліндегісін толық білгендіктен, біреудің Өзіне ол туралы мәлімет беруін қажет етпеді.
Chapter 3
John Kaz 3:1  Парызшылдар арасында яһуди халқының Нікөдем есімді басшысы бар еді.
John Kaz 3:2  Ол Исаға түнде келіп:— Ұстаз, Сіздің Құдайдан келген мұғалім екендігіңізді білеміз. Себебі Сіз жасаған керемет істерді Құдайдың қолдауынсыз ешкім де орындай алмайды, — деді.
John Kaz 3:3  Иса:— Саған өте маңызды шындықты айтып тұрмын: кімде-кім қайтадан туылмаса, Құдайдың Патшалығын көре алмайды, — деді.
John Kaz 3:4  Нікөдем:— Есейген адам қалайша қайта туылады? Шешесінің құрсағына еніп, екінші рет дүниеге келуі мүмкін бе? — деп сұрады.
John Kaz 3:5  Иса:— Саған өте маңызды шындықты айтайын: кімде-кім судан және Киелі Рухтан туылмаса Құдайдың Патшалығын көре алмайды.
John Kaz 3:6  Тәннен — тән, Рухтан — рух туады.
John Kaz 3:7  Менің «қайтадан туылуға тиіссіңдер» дегеніме таңданба!
John Kaz 3:8  Жел қалаған жерінде соғады: оның гуілін естисің, бірақ қайдан келіп, қайда кеткенін білмейсің. Киелі Рухтан туылған әр адамның басынан өткені де осыған ұқсас, — деді.
John Kaz 3:9  Нікөдем:— Бұл қалай болады? — деп сұрағанда,
John Kaz 3:10  Исаның жауабы мынау болды:— Исраилдің дін мұғалімі бола тұра, осыны білмейсің бе?
John Kaz 3:11  Саған өте маңызды шындықты айтайын: біз білгеніміз туралы сөйлеп, көргеніміз туралы куәлік етеміз, ал сендер айтқандарымызды қабыл алмайсыңдар.
John Kaz 3:12  Мен сендерге жерде болып жатқандарды айтқанда сенбейсіңдер, ал егер көктегі рухани нәрселер туралы сөйлесем, қалай сенбексіңдер?
John Kaz 3:13  Көктен келген Билеушіден басқа ешкім көкке шыққан жоқ, (Ол — көкте тұрушы).
John Kaz 3:14  Мұса пайғамбар айдалада мыс жыланды жоғары көтеріп қойған. Дәл солай көктен келген Билеуші де көтеріліп қойылуға тиіс.
John Kaz 3:15  Сонда Оған сенуші әркім мәңгілік өмірге ие болады.
John Kaz 3:16  Өйткені Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады.
John Kaz 3:17  Құдай Өзінің рухани Ұлын адамзатты соттауға емес, құтқаруға жіберді.
John Kaz 3:18  Оған сенушілер қияметте сотталмайды. Ал Құдайдың жалғыз рухани Ұлына сенбейтіндер әлдеқашан сотталған.
John Kaz 3:19  Соттың мәні мынадай: «Құдайдың Нұры» жерге келді, бірақ адамдар Одан гөрі түнекті жақсы көрді, себебі олардың істері жаман еді.
John Kaz 3:20  Жамандық істеген әркім Нұрды жек көреді және жасаған істері әшкереленбес үшін Нұрға жоламайды.
John Kaz 3:21  Ал шындыққа сай өмір сүретін әркім өз істерінің Құдайдың көмегімен жасалғандығы көрініп тұрсын деп Нұрға шығады.
John Kaz 3:22  Бұдан кейін Иса шәкірттерімен Яһудея аймағына барды. Сонда біраз уақыт олармен бірге болып, теріс жолдан қайтқан кісілерді шомылдыру рәсімінен өткізді.
John Kaz 3:23  Жақия пайғамбар да Сәлім қаласына жақын Енонда осы рәсімді орындап жүрді, өйткені ол жерде су мол еді. Көп адамдар оған келіп, рәсімнен өтті.
John Kaz 3:24  Сол кезде Жақия әлі де түрмеге жабылмаған болатын.
John Kaz 3:25  Осы уақытта Жақияның шәкірттері мен өзге бір яһудидің арасында діни тазару салттары туралы айтыс туды.
John Kaz 3:26  Олар Жақияға келіп:— Ұстаз, өткенде Иорданның арғы жағында сізбен бірге болған Адамға өзіңіз жақсы куәлік берген едіңіз. Ал енді Ол да шомылдыру рәсімін орындауда. Жұрттың бәрі Соған барып жатыр! — деді.
John Kaz 3:27  Жақияның жауабы мынау болды:— Құдай бермесе, ешкім еш нәрсе ала алмайды.
John Kaz 3:28  «Мен Мәсіхтің Өзі емеспін, тек Оның алдынан жіберілген хабаршысы ғанамын» деп айтқаныма сендер өздерің куәсіңдер.
John Kaz 3:29  Қалыңдығы бар кісі — күйеу жігіт қой. Оны күтіп тұрған досы даусын естіп, қуанады. Қазір менің қуанышым қойныма сыймай тұр.
John Kaz 3:30  Мәсіхтің беделі артуға, ал менікі төмендеуге тиіс.
John Kaz 3:31  Көктен келген Ол бәрінен де ұлы. Жерден пайда болған мен жердікімін, сондықтан жердің тұрғысынан сөйлеймін. Көктен келген Мәсіх бәрінен де үстем!
John Kaz 3:32  Ол Өзінің көкте көріп, естігендеріне куәлік етеді. Алайда Оның шынайы хабарын көпшілік қабылдамайды.
John Kaz 3:33  Бірақ соны қабылдағандар Құдайдың Өзін шындық деп мойындайды.
John Kaz 3:34  Құдай жіберген Мәсіх Оның хабарын жариялайды, өйткені Құдай Оған Киелі Рухын шексіз береді.
John Kaz 3:35  Әкесі Ұлын сүйіп, Оның қолына бар билікті тапсырған.
John Kaz 3:36  Құдайдың рухани Ұлына сенушілер мәңгілік өмірге ие. Ал Оны тыңдамағандар шынайы өмірді көрмей, Құдайдың төніп тұрған қаһарына ұшырайды.
Chapter 4
John Kaz 4:1  Иса Жақиядан гөрі көбірек шәкірттер тауып, шомылдыру рәсімінен өткізіп жатыр деген хабар парызшылдарға жетті.
John Kaz 4:2  Шынында оны істеп жүрген Исаның Өзі емес, шәкірттері еді.
John Kaz 4:3  Сондай хабардың парызшылдарға жеткенін білген Иеміз Иса Яһудея аймағынан Ғалилеяға қайта оралды.
John Kaz 4:4  Құдайдың еркімен Иса Самария аймағы арқылы жол жүруге тиісті болды.
John Kaz 4:5  Осылай Ол Самариядағы Сихар қаласына келді. Бұл қала (ежелде Исраил халқының түп атасы) Жақыптың өз ұлы Жүсіпке мұра етіп қалдырған жеріне жақын орналасқан.
John Kaz 4:6  Сол жерде «Жақыптың құдығы» бар еді. Жол жүріп шаршаған Иса құдықтың қасына отыра кетті. Түс мезгілі болатын,
John Kaz 4:7  ал шәкірттері қалаға тамақ алуға кеткен еді. Сол кезде құдықтан су алу үшін самариялық бір әйел келді. Иса одан:— Маған ішетін су берші, — деп сұрады.
John Kaz 4:8  ал шәкірттері қалаға тамақ алуға кеткен еді. Сол кезде құдықтан су алу үшін самариялық бір әйел келді. Иса одан:— Маған ішетін су берші, — деп сұрады.
John Kaz 4:9  Самариялық әйел таңғалды. Себебі яһудилер (діни сенім бойынша арамданбау үшін) самариялықтармен араласпайды. Сондықтан әйел:— Өзің яһуди бола тұра, қалайша менен, самариялық әйелден, су сұрайсың? — деген сауал қойды.
John Kaz 4:10  Иса:— Егер Құдайдың өзіңе не сыйлағысы келгенін және су сұраған Адамның кім екенін білсең, сен Оның Өзінен су сұрар едің. Сонда Ол саған «өмір суын» берер еді, — деп жауап қатты.
John Kaz 4:11  — Мырза, құдықтан су алатын Сіздің ыдысыңыз жоқ, ал құдық терең ғой. Онда сол өмір суын қайдан аласыз?
John Kaz 4:12  Мына құдықты қалдырған арғы атамыз Жақыптан да ұлысыз ба? Өзі де, балалары да, малы да одан су ішкен, — деді әйел.
John Kaz 4:13  Иса оған былай деді:— Мына судан ішкен адам тағы шөлдейді.
John Kaz 4:14  Ал кімде-кім Мен беретін «судан» ішсе, ол мәңгі бақи шөлдемейтін болады. Мен беретін «су» оның ішінде мәңгілік өмір сыйлайтын, бұрқылдап жатқан «қайнарға» айналады. —
John Kaz 4:15  Сонда әйел:— Мырза, бұдан былай шөлдеп, су алуға мұнда келе бермеуім үшін маған осы судан беріңізші! — деп өтінді.
John Kaz 4:16  Иса оған:— Барып, күйеуіңді шақыр, өзің де кел! — деді.
John Kaz 4:17  — Менің күйеуім жоқ, — деді әйел. Ал Иса оған:— Күйеуім жоқ деп шыныңды айттың.
John Kaz 4:18  Бес рет күйеуге шыққансың, ал қазіргің күйеуің емес. Мұны дұрыс айттың, — деп жауап берді.
John Kaz 4:19  Сонда әйел:— Мырза, Сіздің пайғамбар екеніңізге көзім жетіп тұр!
John Kaz 4:20  Ал енді, біздің ата-бабаларымыз Тәңір Иеге мына таудың басында сиынып мінажат еткен, ал сіздер сиынатын орын Иерусалимде болуға тиіс дейсіздер, қайсысы дұрыс? — деп сұрады.
John Kaz 4:21  Иса оған былай деді:— Айтқаныма илан: көктегі Әкеге не осы таудың басында, не Иерусалимде сиынбайтын замандарың келе жатыр.
John Kaz 4:22  Сендер өздерің білмейтін Біреуге табынып келесіңдер, ал біз Кімге ғибадат етіп жүргенімізді білеміз, өйткені Құдай яһудилер арқылы адамзатты құтқармақ.
John Kaz 4:23  Нағыз сиынушылардың Құдайдың Рухына кенеліп, Әкеге шындап мойынсұнып сиынатын уақыты болады, ол тіпті жетіп те қалды: Әке Өзіне осылай мойынсұнып сиынушыларды қалайды.
John Kaz 4:24  Құдайдың Өзі — Рух. Сондықтан Оған сиынатындар Оның Рухына кенеліп, шындықпен сиынуға тиіс. —
John Kaz 4:25  Сонда әйел:— Мәсіх деген Құтқарушы Патшамыздың келетінін білемін. Ол келгенде бізге бәрін ашық айтып береді, — деді.
John Kaz 4:26  Иса:— Сенімен сөйлесіп тұрған Мен Соның Өзімін, — деп әйелге жауап берді.
John Kaz 4:27  Сол арада шәкірттері қайтып келіп, Исаның бір әйелмен сөйлесіп отырғанына таңғалды. Бірақ ешқайсысы «Одан нені сұрайсыз?» немесе «Онымен неге сөйлесесіз?» деп сұраған жоқ.
John Kaz 4:28  Әйел су алатын ыдысын қоя салып, қалаға қайта оралды да, жұртқа:
John Kaz 4:29  «Жүріңдер, менің құпия іс-әрекеттерімнің бәрін дәл айтып берген Кісіні көріңдер! Ол Құдай жіберген Мәсіх емес пе екен?» — деді.
John Kaz 4:30  Сонда жұрт қаладан шығып, Исаға қарай бет алды.
John Kaz 4:31  Осы екі арада шәкірттері:— Ұстаз, тамақ ішіп алыңыз, — деп өтінді.
John Kaz 4:32  Ал Иса:— Менің сендер білмейтін «тамағым» бар, — деді.
John Kaz 4:33  Шәкірттері:— Оған біреу тамақ әкеп берген бе? — десті.
John Kaz 4:34  Иса оларға астарлап былай деді:— Өзімді Жібергеннің еркін іске асырып, Оның тапсырғанын толық орындау Маған «нәр» болады.
John Kaz 4:35  Сендер «төрт айдан кейін егін орамыз» дейсіңдер. Ал Мен сендерге былай деймін: көздеріңді ашып, егіндіктерге қараңдар, олар жинауға дайын пісіп тұр.
John Kaz 4:36  Қазір-ақ орушылар жалақыларын алып, мәңгілік өмірге арналған өнімді жинап жатыр. Осылай егінді еккен де, жинаған да бірге қуанады.
John Kaz 4:37  «Біреу еккенді біреу орады» деген мақал осы жағдайда рас болып тұр.
John Kaz 4:38  Мен сендерді Маған адам әкелу үшін өздерің еңбек етпеген жерге жұмсадым. Басқалар жұмыс істеді, ал олардың еңбегінің жемісін сендер көріп жатырсыңдар.
John Kaz 4:39  Сол қаладағы самариялықтардың көпшілігі әлгі әйелдің «Ол менің құпия іс-әрекеттерімнің бәрін дәл айтып берді» деп куәлік еткен сөзі арқылы Исаға сене бастаған еді.
John Kaz 4:40  Сондықтан олар Исаның қасына келгенде, Оның өздерімен бірге қалуын өтінді. Содан Иса екі күн осы жерде болды.
John Kaz 4:41  Оның сөзін естігенде, тағы көбірек кісілер Исаға сенді. Олар әйелге:
John Kaz 4:42  — Біз енді тек сенің айтқаның бойынша сеніп қоймай, Оның сөзін өзіміз естіп, шынында дүниені Құтқарушы Осы екеніне көз жеткіздік, — деді.
John Kaz 4:43  Екі күннен кейін Иса сол жерден әрі қарай Ғалилеяға кетті.
John Kaz 4:44  Ал Оның Өзі: «Өз елінде пайғамбардың қадірі болмас», — деп ашық айтқан еді.
John Kaz 4:45  Бірақ Иса Ғалилеяға келгенде, ғалилеялықтар Оны жылы қабылдады. Өйткені олар да Иерусалимдегі Құтқарылу мейрамына барып, Исаның істеген барлық кереметтерін көрген еді.
John Kaz 4:46  Осылай Иса үйлену тойында суды шарапқа айналдырған Ғалилеядағы Қана қаласына тағы да келді. Сол кезде Қапарнаумда патшаның бір қызметкері болды, оның ұлы ауырып жатты.
John Kaz 4:47  Қызметкер Исаның Яһудея аймағынан Ғалилеяға келгенін естіп, Оған барды да:— Келіп, баламды сауықтырып берсеңіз екен! Ол өлім аузында жатыр, — деп өтінді.
John Kaz 4:48  Иса:— Құдіретімді дәлелдейтін кереметтерімді көрмесеңдер, сендер еш сенбейсіңдер, — деді.
John Kaz 4:49  Ал баланың әкесі Оған:— Мырза, ұлым өлмей тұрғанда келіңізші! — деп жалбарынды.
John Kaz 4:50  Сонда Иса:— Үйіңе бара бер, балаң аман-сау! — деді. Қызметкер Исаның айтқан сөзіне сеніп, кетіп қалды.
John Kaz 4:51  Келесі күні жолшыбай оның қызметшілері кездесіп:— Балаңыз аман-сау, — деді.
John Kaz 4:52  Сонда ол қызметшілерінен баласының жағдайы қай сәтте жақсарғанын сұрады. Олар:— Кеше түс кезінде сағат бірде ыстығы қайтты, — деді.
John Kaz 4:53  Сонда әкесі Исаның өзіне «балаң аман-сау» деген кезі дәл сол сәтте болғанын біліп, үй ішімен Исаға сенді.
John Kaz 4:54  Осылай Иса Яһудея аймағынан Ғалилеяға келгеннен кейін екінші рет керемет іс жасап, Өзінің құдіретін танытты.
Chapter 5
John Kaz 5:1  Біраз уақыттан кейін яһудилердің тағы бір мейрамы болып, Иса соған қатысу үшін Иерусалимге өрлеп барды.
John Kaz 5:2  Иерусалимнің Қой қақпасының қасында еврейше Бетезда деп аталатын тоған бар. Соның төңірегіне бағаналы бес ғимарат салынған.
John Kaz 5:3  Оларда соқырлар, ақсақтар, сал болып ауырғандар, тағы басқа көптеген науқастар жататын. (Бұлар судың шайқалғанын күтетін.
John Kaz 5:4  Себебі Тәңір Ие жіберген бір періште анда-санда тоғанға түсіп, суды шайқайтын. Мұнан кейін алғаш шомылған адам қандай ауруы болса да, жазылып кетеді екен.)
John Kaz 5:5  Бұл жерде отыз сегіз жылдан бері науқас бір кісі бар еді.
John Kaz 5:6  Иса оның жатқанын көріп, көптен ауру екенін білді. Содан Ол сол адамға:— Сауыққың келе ме? — деп тіл қатты.
John Kaz 5:7  Науқас:— Мырза, мені су қозғалғанда тоғанға түсіретін адамым жоқ. Ал мен жеткенше, басқа біреу менен бұрын түсіп қояды, — деп жауап берді. Иса:
John Kaz 5:8  — Орныңнан тұрып, төсенішіңді жинап ал да, жүре бер, — деді.
John Kaz 5:9  Әлгі кісі сол сәтте-ақ ауруынан сауығып, төсенішін жинап алды да, жүріп кетті!Бұл оқиға (яһудилердің демалысы) сенбі күні болған еді.
John Kaz 5:10  Сондықтан яһуди басшылары сауыққан адамға:— Демалыс күні емес пе? Төсенішіңді көтеріп жүргенің не? Бүгін жұмыс істеуге болмайды ғой! — деп ескертті. Ол:
John Kaz 5:11  — Мені сауықтырған Адам: «Төсенішіңді жинап ал да, жүре бер» деген еді, — деп жауап қатты.
John Kaz 5:12  — «Төсенішіңді жинап ал да, жүре бер» деген Ол кім Өзі? — деді олар.
John Kaz 5:13  Ал сауыққан кісі Оның кім екенін білген жоқ. Өйткені сол жерде халық көп болғандықтан, Иса ешкімге білдірмей кетіп қалған еді.
John Kaz 5:14  Кейін Иса әлгі кісіні ғибадатханада жолықтырып: «Енді сен ауруыңнан сауықтың. Бұрынғыдан да жаман болғың келмесе, бұдан былай күнә жасаушы болма!» — деді.
John Kaz 5:15  Әлгі кісі яһуди басшыларына барып, өзін Исаның сауықтырғанын айтты.
John Kaz 5:16  Иса мұны діни демалыс күні жасағандықтан, бұлар Оған қысым көрсете бастады.
John Kaz 5:17  Бірақ Иса оларға: «Әкем еңбектен қол үзбейді, сондықтан Мен де үздіксіз еңбек етемін», — деді.
John Kaz 5:18  Бұдан кейін яһуди басшылары Исаға бұрынғыдан бетер қарсы шығып, Оны өлтірмекші болды. Себебі Ол солардың демалыс күні туралы ережелерін ғана бұзған жоқ, сонымен қатар «Құдай — рухани Әкем» деп, Өзін Құдаймен теңестірді.
John Kaz 5:19  Иса оларға былай деп жауап берді:— Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Әкесінің істегенін көрмесе, Оның рухани Ұлы өздігінен ештеңе істей алмайды. Өйткені Әкесінің жасап жатқанын Ол да дәл солай жасайды.
John Kaz 5:20  Әкесі Оны сүйеді, сондықтан Өзі істегенінің бәрін Оған көрсетеді; Әкесі сендер таңғалатындай бұдан да зор кереметтерді әлі де көрсететін болады.
John Kaz 5:21  Себебі Әкесінің өлгендерді тірілтіп жан беретініндей, Ұлы да Өзінің қалағандарын тірілтеді.
John Kaz 5:22  Әкенің Өзі ешкімді соттамай, барлық сотты Оған тапсырған.
John Kaz 5:23  Осылайша бәрі Әкені қалай қадірлесе, Ұлын да солай қадірлесін. Ал кімде-кім Ұлын құрметтемесе, Оны жіберген Әкесін де құрметтемейді.
John Kaz 5:24  Сендерге тағы бір маңызды шындықты айтайын: кімде-кім айтқан сөздеріме құлақ асып, Мені Жібергенге сенсе, сол мәңгілік өмірге ие. Ол қиямет сотына тартылмайды, керісінше, рухани өлімнен шынайы өмірге өтті.
John Kaz 5:25  Сендерге тағы бір өте маңызды шындықты айтып тұрмын: рухани өлілер Құдайдың рухани Ұлының даусын естіп, Оған сенетін уақыт болады, тіпті сол уақыт келді де. Сонда Оның даусына құлақ салғандар тіріледі.
John Kaz 5:26  Себебі Әкенің Өзі өмірдің бастауы екеніндей, Ұлына да өмірдің бастауы болуды сыйлады.
John Kaz 5:27  Ол көктен келген Билеуші болғандықтан, Әкесі Оған қиямет сотын жүргізу билігін де тапсырған.
John Kaz 5:28  Бұған таңданбаңдар, өйткені қабірдегілердің бәрі Құдайдың рухани Ұлының даусын еститін уақыт болады.
John Kaz 5:29  Сонда өлгендер қабірден шығады: жақсылық жасағандары мәңгі өмір сүру үшін, ал жамандық жасағандары сотталу үшін тіріледі.
John Kaz 5:30  Мен өздігімнен ештеңе істей алмаймын. Әкемнен естігенім бойынша соттаймын. Менің сотым әділ, өйткені өз еркімді емес, Мені жіберген Әкемнің еркін орындаймын.
John Kaz 5:31  Егер Мен Өзіме-Өзім куә болсам, онда куәлігім жеткіліксіз болар еді.
John Kaz 5:32  Маған куәгер болатын басқа Біреу бар, Оның куәлігінің шындық екенін білемін.
John Kaz 5:33  Рас, сендер Жақияға өкілдеріңді жібердіңдер, ол Мен жөніндегі шындықтың куәсі болды.
John Kaz 5:34  Өзім туралы адамның куәлігін қажет етпесем де, мұны сендер құтқарылсын деп айтып тұрмын.
John Kaz 5:35  Жақия айналасын рухани нұрландырып, жанып тұрған шырақ іспетті еді. Ал сендер біраз уақыт оның нұрында шаттанғыларың ғана келді.
John Kaz 5:36  Алайда Менің Жақия берген куәліктен де үлкенірек куәлігім бар: Әкем Маған орындауға тапсырған, Мен істеп жүрген игі істерім Мені Соның жібергендігіне айғақ.
John Kaz 5:37  Мені жіберген Әкемнің Өзі де Мен туралы куәлік етті. Бірақ сендер ешқашан Әкемнің даусын естіп, бейнесін көрген емессіңдер.
John Kaz 5:38  Оның сөзі де жүректеріңнен орын алған емес, себебі Әкем жіберген Маған сенбейсіңдер.
John Kaz 5:39  Рас, сендер Киелі жазбаларды зерттеп, солар арқылы мәңгілік өмірге ие боламыз деп ойлайсыңдар. Ал олар Мен туралы куәлік етеді ғой!
John Kaz 5:40  Алайда сендер шынайы өмірге ие болу үшін Маған келуден бас тартасыңдар.
John Kaz 5:41  Мен адамдардан құрмет күтпеймін;
John Kaz 5:42  бірақ жүректеріңде Құдайға деген сүйіспеншіліктің жоқ екенін білемін.
John Kaz 5:43  Әкемнің атынан келсем де, Мені қабылдамайсыңдар. Ал басқа біреу өз атынан келгенде, сендер оны қабылдайтын боласыңдар.
John Kaz 5:44  Бір-біріңнен құрмет күтіп, жалғыз Құдайдан болатын шынайы құрметті іздемей жүресіңдер. Сонда сендер Менің Құдайдан келгеніме қалайша сене аласыңдар?
John Kaz 5:45  Мен сендерді Әкемнің алдында айыптайды деп ойлап қалмаңдар. Айыптаушы бар: ол — сендер үміт артып жүрген Мұса пайғамбар.
John Kaz 5:46  Егер де шынымен Мұсаға сенсеңдер, онда Маған да сенер едіңдер, өйткені ол Мен туралы жазып кеткен.
John Kaz 5:47  Алайда Мұсаның жазбаларына шындап сенбейсіңдер, ендеше Менің сөздеріме қалай сене аласыңдар?
Chapter 6
John Kaz 6:1  Біраз уақыт өткеннен кейін Иса Ғалилея көлінің шығыс бетіне жөнелді. Сол көл Тіберия көлі деп те аталады.
John Kaz 6:2  Исаның ауруларға жасаған кереметтерін көргендіктен көп халық Оған ерді.
John Kaz 6:3  Ол тауға шығып, сол жерде шәкірттерімен отырды.
John Kaz 6:4  Бұл яһуди халқының Құтқарылу мейрамының қарсаңы болатын.
John Kaz 6:5  Иса басын көтеріп қарағанда, қарақұрым халықтың Өзіне қарай ағылып келе жатқанын көрді. Содан Иса Філіпке:— Бұларды тамақтандыратын нанды қайдан сатып аламыз? — деді.
John Kaz 6:6  Иса осы сөзін оны сынау үшін айтты, себебі не істемекші болғанын Өзі біліп тұрды.
John Kaz 6:7  Філіп Оған:— Бізде тіптен екі жүз күндік жалақыға келетін нан болып, әркім бір жапырақтан ғана жегеннің өзінде бәріне бірдей жетпес еді, — деп жауап берді.
John Kaz 6:8  Сонда басқа бір шәкірті, Шимон Петірдің інісі Әндір, Исаға былай деді:
John Kaz 6:9  — Осында бір бала жүр, оның бес күлше арпа наны мен екі кепкен балығы бар. Бірақ олар осынша көп кісіге не болады? —
John Kaz 6:10  Ал Иса:— Адамдарды жайғастырып отырғыза беріңдер! — деп тапсырды. Сол жерде шөп қалың болып, бес мыңдай ер адам жайғаса алды.
John Kaz 6:11  Иса күлшелерді алып, шүкірлік етті де, жайғасқандарға үлестірді; кепкен балықтардан да жұртқа қалағандарынша берді.
John Kaz 6:12  Бәрі жеп тойған соң, Иса шәкірттеріне: «Босқа ысырап болмас үшін нанның қалдықтарын жинап алыңдар», — деді.
John Kaz 6:13  Олар жұрт жеген бес күлше арпа нанының қалдықтарын жинап, он екі себетті толтырды.
John Kaz 6:14  Адамдар Иса жасаған осы кереметті көргенде:— Дүниеге келуге тиіс Пайғамбар — шынымен Осы! — десті.
John Kaz 6:15  Иса олардың Өзін патша ету үшін келіп, кенеттен ұстап алмақшы болғанын білді. Содан Ол тағы да жалғыз Өзі қыратты жерге қарай кетіп қалды.
John Kaz 6:16  Кешке Исаның шәкірттері көл жағасына ылдилап барды.
John Kaz 6:17  Сол жерде бір қайыққа мініп, көлдің батыс жағындағы Қапарнаумға қарай бет алды. Қараңғы түскен кез еді, ал Иса оларға әлі келген жоқ болатын.
John Kaz 6:18  Сонда қатты жел соғып, көлдің астан-кестені шығып, толқи бастады.
John Kaz 6:19  Шәкірттер бес-алты шақырымдай қайықпен жүргеннен кейін, кенеттен көл бетімен жаяу жүріп қайыққа таяп қалған Исаны көрді. Олар қорқып кетті,
John Kaz 6:20  ал Иса: «Қорықпаңдар, келе жатқан Менмін ғой!» — деп көңілдерін орнықтырды.
John Kaz 6:21  Сонда шәкірттері Оны қайыққа мінгізіп алғылары келді. Сол сәтте-ақ қайық олар бет алған жағаға жетіп қалды.
John Kaz 6:22  Келесі күні көлдің шығыс бетінде қалған халық Исаның шәкірттері мінген жалғыз қайықтан басқа ешбір қайықтың болмағанын естеріне түсірді. Олар Исаның шәкірттерімен бірге қайыққа мінбей, тек шәкірттерінің өздерінің ғана кетіп қалғанын жақсы білетін.
John Kaz 6:23  Ал Иеміз шүкірлік еткеннен кейін халық нан жеп тойған кешегі жерге басқа да қайықтар Тіберия қаласынан жақындап келіп жатты.
John Kaz 6:24  Иса мен шәкірттерінің бұл жерде жоқ екеніне көздері жеткен жұрт сол себептен әлгі қайықтарға мініп, Исаны іздеп Қапарнаумға беттеді.
John Kaz 6:25  Олар Оны көлдің батыс бетінен тапқанда:— Ұстаз, бұл жерге қашан келдіңіз? — деп сұрады.
John Kaz 6:26  Иса былай деп жауап берді:— Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Құдайдың өздеріңе кереметтер арқылы не білдіргенін түсінгілерің келмейді. Тек нан жеп тойып алғандықтан ғана Мені іздеп жүрсіңдер.
John Kaz 6:27  Өткінші тамаққа емес, мәңгілік өмір беретін рухани нәрге ұмтылыңдар! Оны сендерге көктен келген Мен ғана бере аламын, өйткені Құдай Әке Маған билігін берді. —
John Kaz 6:28  Сонда олар:— Құдайдың еркін іске асыру үшін не істеуіміз керек? — деп сұрады.
John Kaz 6:29  Иса:— Ол Жібергенге сеніңдер, Құдайдың еркі сол, — деп жауап берді.
John Kaz 6:30  Олар:— Өзіңізді Құдай жібергеніне көзімізді жеткізіп, сенуіміз үшін қандай керемет көрсетесіз, не істейсіз?
John Kaz 6:31  «Оларға жейтін нанды аспаннан жіберді» деп (Забурда) жазылғандай, ата-бабаларымыз айдалада тәтті нан жеп жүрді, — деді.
John Kaz 6:32  Иса:— Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: сол заманда көктен нан берген — Мұса пайғамбар емес, Менің Әкем. Қазір де Әкем сендерге көктен шынайы «нанды» ұсынып тұр.
John Kaz 6:33  Себебі көктен түсіп, адамзатқа өмір Беруші — «Құдайдың наны», — деп жауап қайтарды.
John Kaz 6:34  Олар:— Мырза, бізге әрқашан осындай нан беріп тұрыңызшы! — деп өтінді.
John Kaz 6:35  Сонда Иса оларға былай деді:— Шынайы өмір сыйлайтын «нан» Менмін. Маған келгендер рухани нәрден тарықпайды, Маған сенгендер ешқашан шөлдемейді!
John Kaz 6:36  Бірақ Мен сендерге: «Мені көрдіңдер, алайда сенбейсіңдер» дегенмін.
John Kaz 6:37  Әкем қарамағыма берген адамдардың барлығы Маған келеді, ал Мен Өзіме келгендерді ешқашан қуып жібермеймін.
John Kaz 6:38  Себебі өз еркімді емес, Мені жіберген Әкемнің еркін орындау үшін көктен келдім.
John Kaz 6:39  Ал Әкемнің еркі — Оның қарамағыма берген адамдарының бірде-біреуін тозаққа түсірмей, бәрін де ақырғы күні қайта тірілтуім.
John Kaz 6:40  Себебі Әкемнің еркі мынау: Өзінің рухани Ұлына назар аударып, сенім артқан барлық адамдарға мәңгілік өмір сыйлау. Мен соларды ақырғы күні қайта тірілтіп аламын.
John Kaz 6:41  Сонда Исаның көктен түскен «нан» Менмін дегеніне діндар яһудилер күңкілдеп наразылық білдірді:
John Kaz 6:42  — Мынау біз әке-шешесін білетін Жүсіп ұлы Иса емес пе? Онда Ол қалайша «Мен көктен түстім» дейді? —
John Kaz 6:43  Иса оларға былай деп жауап берді:— Өзара күңкілдеспеңдер!
John Kaz 6:44  Мені жіберген Әкем Өзіме жақындатып тартса ғана, адамдар Маған келе алады; ал Мен оларды ақырғы күні қайта тірілтіп аламын.
John Kaz 6:45  Пайғамбарлар жазбаларында «Бәрі де Құдайдан тәлім алмақ» делінген. Әкемді тыңдап, Одан тәлім алған әркім Маған келеді.
John Kaz 6:46  Әрине, Құдайдан Келгеннен басқа ешкім Әкені көрген емес, Әкені көрген — тек Сол ғана.
John Kaz 6:47  Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: кім Маған сенім артса, сол мәңгілік өмірге ие.
John Kaz 6:48  Шынайы өмір сыйлайтын «нан» Менмін.
John Kaz 6:49  Ата-бабаларың айдалада тәтті нанды жесе де, ақырында өлді.
John Kaz 6:50  Бірақ қазір көктен түскен «нан» мынадай: одан «жеген» адам рухани өлімге душар болмайды.
John Kaz 6:51  Көктен түскен «тірі нан» Менмін. Одан «жеген» әркім мәңгілік өмірге ие болады. Бұл «нан» — Менің денем, оны адамзат шынайы өмірге ие болсын деп құрбан етемін.
John Kaz 6:52  Сонда яһудилер өзара:— Бұл Адам қалайша біздің «жеуіміз» үшін өз денесін қиып бере алады? — деп айтыса бастады.
John Kaz 6:53  Иса оларға былай деді:— Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: егер көктен келген Билеушінің денесінен «жеп», қанынан «ішпесеңдер», сендерде шынайы өмір болмайды.
John Kaz 6:54  Кімде-кім Менің денемнен «жеп», қанымнан «ішсе», ол мәңгілік өмірге ие болады, Мен оны ақырғы күні қайта тірілтіп аламын.
John Kaz 6:55  Себебі денем — шынайы рухани «нәр», ал қаным — шынайы рухани «сусын».
John Kaz 6:56  Денемнен «жеп», қанымнан «ішкен» әркім Менімен тығыз байланыста тұрады, Мен де онымен сондай байланыста тұрамын.
John Kaz 6:57  Мәңгі тірі Әкем Мені жіберді және Мен Ол арқылы өмір сүремін; сол сияқты денемнен «нәр алған» кісі де Мен арқылы шынайы өмір сүреді.
John Kaz 6:58  Ендеше, көктен түскен «нан», міне, осындай; ол ата-бабаларымыз жеген тәтті нан сияқты емес: олар ақырында өлген; бірақ осы «рухани наннан нәр алған» әркім мәңгі өмір сүреді. —
John Kaz 6:59  Иса мұны Қапарнаумдағы мәжілісханада тәлім бергенде айтты.
John Kaz 6:60  Осыны естіген шәкірттерінің көбі:— Мынау жанға батар сөз екен, оны кім тыңдай алады? — десті.
John Kaz 6:61  Бұл туралы наразылықты байқап қалған Иса оларға былай деді:— Бұл сендердің шымбайларыңа батып тұр ма?
John Kaz 6:62  Ал Билеуші ретінде көктен келген Менің бұрын болған сол жеріме көтерілгенімді көрген кездеріңде не айтпақсыңдар?
John Kaz 6:63  Шынайы өмір Беруші — Киелі Рух, ал тән бұған еш жарамайды. Сендерге айтқан сөздерім арқылы рухани өмірге ие бола аласыңдар.
John Kaz 6:64  Бірақ іштеріңдегі кейбіреулерің сенбейсіңдер. — Себебі Иса сенбейтіндердің кім екенін және Өзіне кімнің опасыздық жасайтынын әуел бастан-ақ білген еді.
John Kaz 6:65  Сол себепті Ол былай деді:— «Әкем қабілет бермесе, ешкім Маған келе алмайды» деп Мен сендерге сондықтан да айттым.
John Kaz 6:66  Сол күннен бастап, шәкірттерінің көбі Исадан бас тартып, бұдан былай Оған ермейтін болды.
John Kaz 6:67  Сонда Иса он екі елшісінен:— Сендердің де кеткілерің келе ме? — деп сұрады.
John Kaz 6:68  Бұған Шимон Петір:— Жоқ, Ием, Сізден кетсек, кімге бармақпыз? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер Сізде.
John Kaz 6:69  Біз Сіздің Құдайдың Киелісі екеніңізге сеніп, соған көзіміз жетті. —
John Kaz 6:70  Иса оларға:— Осы он екіңді Мен таңдап алған едім. Сонда да іштеріңдегі біреуің әзәзіл шайтанның жетегінде, — деді.
John Kaz 6:71  Иса Шимон Исқариоттың ұлы Яһуда туралы айтқан еді. Ол сол он екінің біреуі болғанмен, кейін Исаны ұстап берді.
Chapter 7
John Kaz 7:1  Содан кейін Иса Ғалилея аймағын аралап жүрді. Яһуди басшылары Оны өлтірмекші болған соң, Иса Яһудея аймағын аралағысы келмеді.
John Kaz 7:2  Бұл — яһуди халқының Күркелер мейрамының қарсаңы еді.
John Kaz 7:3  Сонда Исаның туған інілері Оған:— Яһудеяға бара бер, сол жердегі шәкірттерің де Сенің кереметтеріңді көрсін.
John Kaz 7:4  Халықтың көзіне түскісі келген кісі істерін жасырмайды. Сен осындай кереметтер істедің, енді Өзіңді әлемге таныт, — деді.
John Kaz 7:5  Себебі өз інілері Оған сенбейтін.
John Kaz 7:6  Сонда Иса оларға былай деді:— Өзімді халыққа танытатын уақытым әлі келген жоқ; ал сендер үшін қай мезгіл болса да дер кез.
John Kaz 7:7  Осы күнәкар дүние сендерді жек көре алмайды. Ал ол Мені жек көреді, өйткені Мен оның істерінің жаман екенін әшкерелеп жүрмін.
John Kaz 7:8  Сендер мейрамға бара беріңдер! Мен қазір бұл мейрамға бармаймын. Өзімді танытатын уақытым әлі келген жоқ. —
John Kaz 7:9  Иса осылай деп, Ғалилеяда қалып қойды.
John Kaz 7:10  Інілері мейрамға кеткен соң, халық көзінен тасаланып Иса да жолға шықты.
John Kaz 7:11  Яһуди басшылары: «Ол қайда?» — деп, Оны мерекеде іздеп жүрді.
John Kaz 7:12  Келген жұрт Ол туралы көп күңкіл сөз айтып жатты. Біреулері: «Ол жақсы», — десе, басқалары: «Жоқ, халықты азғырып жүр», — деді.
John Kaz 7:13  Бірақ яһуди басшыларынан қорыққандықтан, ешкім Ол туралы ашық айтпады.
John Kaz 7:14  Мейрамның жартысы өткен кезде Иса ғибадатхананың ауласына барып, жұртқа тәлім берді.
John Kaz 7:15  Яһуди діндарлары таңғалып:— Арнайы дайындықсыз Мынау Киелі жазбаларды қалай түсіне алады? — деді.
John Kaz 7:16  Иса оларға былай деп жауап берді:— Ілімім Менікі емес, Мені Жібергендікі.
John Kaz 7:17  Соның еркін орындағысы келген әркім осы ілім Құдайдан ба, әлде Мен өз бетіммен сөйлеп тұрмын ба, соны білетін болады.
John Kaz 7:18  Өз бетімен сөйлеген әркім өзінің ғана беделін ойлайды. Ал Өзін Жібергеннің беделін ойлаған Кісіге сенуге болады, Оның ойында әділетсіздік жоқ.
John Kaz 7:19  Сендерге Мұса пайғамбар Таурат заңын бермеп пе еді? Шындығында бірде-біреуің сол заңға бағынбайсыңдар. Әйтпесе неге Мені өлтірмексіңдер? —
John Kaz 7:20  Жұрт Оған:— Жын соқты ма? Кім Сені өлтірмек? — деп қарсылық білдірді.
John Kaz 7:21  Иса оларға былай деп жауап берді:— Мен (демалыс күні) бір керемет іс жасадым, ал бәрің соған абыржулысыңдар.
John Kaz 7:22  Мұса сүндеттеуді бұйырды. Расында бұл рәсім Мұсадан емес, одан бұрынғы ата-бабаларымыздан қалған. Сендер бұйрыққа сай балаларыңды туғаннан кейінгі сегізінші күні, демалыс күні болса да, сүндеттей бересіңдер.
John Kaz 7:23  Сонымен Мұсаның заңы бұзылмасын деп, балалар демалыс күні де сүндеттеліп келеді. Ендеше біреуді демалыс күні ауруынан құлантаза сауықтырғаным үшін қалайша Маған ашуланасыңдар?
John Kaz 7:24  Сырт көрінісіне ғана қарамай, әділ шешіңдер!
John Kaz 7:25  Сонда бірнеше иерусалимдік тұрғындар былай деді:— Басшылар өлтіреміз деп жүрген кісі Осы емес пе?
John Kaz 7:26  Қараңдар, Ол емін-еркін де ашық сөйлейді, ал Оған ештеңе демейді. Сонда Оның Мәсіх екеніне басшылардың көздері шынымен жеткені ме?
John Kaz 7:27  Мәсіх келгенде, Оның қай жақтан шығатынын ешкім білмейді. Ал Мынаның қай жерлік екенін білеміз ғой.
John Kaz 7:28  Сол кезде ғибадатханада тәлім беріп отырған Иса қатты дауыспен:— Менің кім екенімді, қайдан шыққанымды білесіңдер ме? Мен өз бетіммен келген жоқпын. Бірақ Мені жіберген — сендер білмейтін Ақиқаттың Өзі.
John Kaz 7:29  Ал Мен Оны білемін, себебі Содан келдім, Мені Сол жіберді, — деді.
John Kaz 7:30  Содан біреулер Оны тұтқындамақ болды, бірақ Оған қарсы ешқайсысы қол көтермеді. Өйткені Исаның өз жанын қиятын уақыты әлі жетпеген еді.
John Kaz 7:31  Ал халықтың көбі: «Құтқарушы Мәсіх келгенде, Ол Бұдан артық кереметтер көрсетер деймісің?» — деп, Исаға сене бастады.
John Kaz 7:32  Халық арасында осындай күңкіл болғаны парызшылдардың құлағына жетті. Сонда басты діни қызметкерлер мен парызшылдар Исаны тұтқындауға сақшыларын жіберді.
John Kaz 7:33  Ал Иса оларға:— Тағы біразырақ уақыт араларыңда боламын, содан кейін Өзімді Жібергенге қайта ораламын.
John Kaz 7:34  Мені іздесеңдер де, таба алмайтын боласыңдар. Себебі Мен болатын жерге сендер бара алмайсыңдар, — деді.
John Kaz 7:35  Сонда яһуди діндарлары өзара былай десті:— Біз Оны таба алмайтындай Бұл қайда бармақшы? Шетелге тарап кеткен яһудилерге барып, басқа ұлттарға да тәлім бермекші ме?
John Kaz 7:36  Оның «Мені іздесеңдер де, таба алмайтын боласыңдар» және «Мен болатын жерге сендер бара алмайсыңдар» дегені не сөз?
John Kaz 7:37  Мейрам соңындағы ең ұлы күні Иса ел алдында тұрып:— Кімнің жаны шөлдесе, сол Маған келіп, «ішсін»!
John Kaz 7:38  Кім Маған сенсе, (келіп, шөлін қандырып су ішсін!) Киелі жазбаларда бұл туралы мына тәрізді сөздер айтылған: оның жүрегінен өмір беретін «су» тасқындап ағады, — деді.
John Kaz 7:39  Иса бұларды Киелі Рух туралы айтты; Оны Исаға сенгендер кейінірек қабылдады. Құдай Исаның ұлылығын адамдарға әлі білдірмегендіктен, Өзінің Киелі Рухын сенушілерге әлі де қондырмаған еді.
John Kaz 7:40  Исаның сөзін естіген кейбіреулер:— Шынында да Бұл — келуге тиісті Пайғамбар! — деді.
John Kaz 7:41  Басқалары:— Ол — Құтқарушы Патшамыз Мәсіх! — дегенді айтты. Енді біреулері:— Ал Мәсіх Ғалилея аймағынан келуші ме еді?
John Kaz 7:42  Киелі жазбаларда Мәсіх Дәуіт патшаның әулетінен, оның атамекені Бетлехемнен шығады делінген емес пе? — деп күмән келтірді.
John Kaz 7:43  Осылай ел арасында Иса туралы араздық туды.
John Kaz 7:44  Бірнешеуі Оны тұтқындамақ болды, бірақ ешқайсысы Оған қарсы қол көтермеді.
John Kaz 7:45  Исаны тұтқындауға жіберілген сақшылар қайта оралғанда басты діни қызметкерлер және парызшылдар олардан:— Неге Оны алып келмедіңдер? — деп сұрады.
John Kaz 7:46  Сақшылар:— Бірде-бір адам Ол сияқты сөйлеген емес! — деді.
John Kaz 7:47  Сонда парызшылдар:— Ол сендерді де алдап кеткен бе?!
John Kaz 7:48  Басшылар мен парызшылдардың арасында Оған сенетін біреудің болғаны ма?!
John Kaz 7:49  Оған Таурат заңын білмейтін, қарғыс атқан қара халық қана сенеді! — деп зекіді.
John Kaz 7:50  Парызшылдардың біреуі — бірде түн ішінде Исаға келіп кеткен Нікөдем де сол жерде болды. Ол басқаларға қарсы шығып:
John Kaz 7:51  — Таурат заңымыз бойынша біреуден жауап алып тексермей, оған үкім шығаруға бола ма? — деді.
John Kaz 7:52  Олар Нікөдемге:— Сен де ғалилеялық шығарсың? Киелі жазбаларды зерттеп шық: Ғалилеядан пайғамбар шықпайды, соны біліп қой! — деді.
John Kaz 7:53  Мұнан кейін жиналыс аяқталып, бәрі өз үйлеріне кетті.
Chapter 8
John Kaz 8:1  Ал Иса Зәйтүн тауына қарай беттеген еді.
John Kaz 8:2  Ертеңгісін Ол қалаға қайта оралып, ғибадатханаға барды. Сонда бүкіл жұрт Оның қасына жиналды. Иса отырған соң, оларға тәлім берді.
John Kaz 8:3  Бірнеше дін мұғалімі мен парызшыл да осы жерге келді. Олар неке адалдығын бұзып жатқан жерінде ұсталған бір әйелді айдап әкеліп, ортаға тұрғызып қойды.
John Kaz 8:4  Олар Исаға қарап:— Ұстаз, мына әйел неке адалдығын бұзған қылмысы үстінде ұсталды!
John Kaz 8:5  Таурат заңында Мұса бізге мұндайларды тас лақтырып өлтіруді бұйырған. Сіз бұған не айтасыз? — деді.
John Kaz 8:6  Сол діндарлар Исаны сынап, айыптайтын сылтау табу үшін осыны айтқан еді. Бірақ Ол еңкейіп, саусағымен жерге жазып, оларға көңіл бөлмеді.
John Kaz 8:7  Әлгілер сұрай берген соң, Иса басын көтеріп:— Араларыңда кімде-кім күнәсіз болса, сол әйелге бірінші болып тас лақтырсын, — деп,
John Kaz 8:8  тағы да еңкейіп, саусағымен жерге жазып отыра берді.
John Kaz 8:9  Олар Оның сөзін естігеннен кейін ұялып, алдымен үлкендері, содан кейін басқалары бірінен соң бірі шығып кетті. Ал Иса ортада тұрған әйелмен оңаша қалды.
John Kaz 8:10  Басын көтеріп, әйелден:— Әлгі айыптаушыларың қайда кетті? Саған ешкім үкім шығарған жоқ па? — деп сұрады. Ол:
John Kaz 8:11  — Ешқайсысы да, Мырза, — деп жауап берді. Ал Иса:— Мен де саған үкім шығармаймын. Бара бер, бұдан былай күнә жасаушы болма! — деді.
John Kaz 8:12  Иса тағы бір жолы халыққа сөйлеп отырғанда былай деді:— Мен дүние үшін Нұрмын. Маған ерген кісі енді түнекте жүрмей, шынайы өмірдің Нұрына ие болады, — деді.
John Kaz 8:13  Сонда парызшылдар Оған:— Сен Өзіңе-Өзің куәсің, сондықтан куәлігің жарамайды, — деді.
John Kaz 8:14  Иса былай деп жауап берді:— Мен Өзіме-Өзім куә болсам да, куәлігім жарап тұр. Себебі Мен қайдан келгенімді, қайда баратынымды білемін. Ал сендер Менің қайдан келгенімді, қайда баратынымды білмейсіңдер.
John Kaz 8:15  Сендер пенделік тұрғыдан үкім айтып тұрсыңдар, ал Мен ешкімге үкім айтып тұрған жоқпын.
John Kaz 8:16  Егер де үкім айтсам, үкімім жарар еді, себебі Мен жалғыз емеспін, Өзімді жіберген Әкеммен біргемін.
John Kaz 8:17  Сендер ұстанған Таурат заңында екі адамның куәлігінің жарамдылығы туралы жазылған ғой.
John Kaz 8:18  Мен Өзіме куәмін, ал Мені жіберген Әкем де Маған куә. —
John Kaz 8:19  Әлгі парызшылдар:— Әкең қайда? — деп сұрады. Иса оларға:— Сендер Мені де, Әкемді де білмейсіңдер. Егер Мені білсеңдер, онда Әкемді де білер едіңдер, — деп жауап қайырды.
John Kaz 8:20  Осы сөзді Иса ғибадатхананың қазынасы сақталатын қойманың жанында тәлім беріп отырғанда айтты. Алайда Оны ешкім тұтқындаған жоқ, өйткені Исаның өз жанын қиятын уақыты әлі жетпеген еді.
John Kaz 8:21  Иса жиналғандарға тағы бір жолы тіл қатып былай деді:— Мен бұл жерден кетемін, сонда Мені іздейсіңдер. Ал сендер күнәларыңды арқалап өлесіңдер және Мен баратын жерге жете алмайсыңдар. —
John Kaz 8:22  Сонда яһуди діндарлары бір-біріне:— «Мен баратын жерге сендер жете алмайсыңдар» дегені Оның Өзін өлтірмек болғаны ма? — десті.
John Kaz 8:23  Иса оларға былай деді:— Сендер жерденсіңдер, Мен көктенмін. Сендер осы күнәкар дүниенің адамысыңдар, ал Мен осы дүниелік емеспін.
John Kaz 8:24  Сондықтан да сендерге «күнәларыңды арқалап өлесіңдер» дедім. Өйткені егер Менің Сол екеніме сенбесеңдер, күнәларыңды арқалап өлетін боласыңдар. —
John Kaz 8:25  Олар Исадан:— Осы Сен кімсің? — деп сұрады. Иса:— Сендерге әуел бастан-ақ не айтсам, Мен дәл Солмын.
John Kaz 8:26  Сендер туралы айтып, үкім шығаратын жайттарым көп. Бірақ Мені Жіберген — Хақ, Одан естігендерімді дүниеге білдіремін, — деп жауап берді.
John Kaz 8:27  Олар Исаның көктегі рухани Әкесі туралы айтып тұрғанын түсінген жоқ.
John Kaz 8:28  Сондықтан Иса былай деді:— Сендер көктен келген Билеушіні (айқышқа шегелеп) жоғары көтеріп қойған кезде Менің Сол екенімді, әрі еш нәрсені өз еркіммен істемей, тек Әкем қалай үйретсе, солай сөйлейтінімді ұғатын боласыңдар.
John Kaz 8:29  Мені жіберген Әкем Өзіммен бірге. Мен әрқашан Оған ұнайтынын істейтіндіктен, Әкем Мені жалғыз қалдырмайды.
John Kaz 8:30  Иса осыны айтып тұрғанда, көптеген адамдар Оған сенді.
John Kaz 8:31  Сонда Иса Өзіне сенген яһудилерге былай деді:— Егер сендер айтқандарымды естеріңе сақтап, жүзеге асырсаңдар, шынымен Менің шәкірттерім боласыңдар.
John Kaz 8:32  Сонда ақиқатты біле түсесіңдер, ал ақиқат сендерді азаттыққа жеткізеді. —
John Kaz 8:33  Олар:— Біз Ыбырайымның ұрпағымыз, ешқашан да біреудің құлы болған емеспіз! Қалайша бізге «азаттыққа жетесіңдер» деп айта аласыз? — деді.
John Kaz 8:34  Иса оларға былай деп жауап берді:— Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: кім күнә жасаса, сол — күнәнің құлы.
John Kaz 8:35  Ал құлы емес, ұлы ғана қожайынның үйінде мәңгі қалады, себебі ұлы ретінде оның еркі бар.
John Kaz 8:36  Сонымен егер Құдайдың рухани Ұлы сендерді азаттыққа жеткізсе, шынымен азат боласыңдар.
John Kaz 8:37  Сендердің Ыбырайымның ұрпақтары екендеріңді білемін. Алайда Мені өлтірмексіңдер, себебі айтқандарыма жүректеріңнен орын бермедіңдер.
John Kaz 8:38  Мен Әкемнің көрсеткендері туралы айтып тұрмын, ал сендер өз түп аталарыңнан көргендеріңді істейсіңдер. —
John Kaz 8:39  Сол яһудилер:— Біздің түп атамыз — Ыбырайым ғой, — деп жауап берді. Иса оларға былай деді:— Сендер шынымен Ыбырайымның ұрпақтары болсаңдар, Ыбырайым секілді әрекет етер едіңдер.
John Kaz 8:40  Алайда Құдайдан естіген ақиқатты сендерге жеткізген Мені өлтіргілерің келеді. Ондай нәрсені Ыбырайым істеген жоқ.
John Kaz 8:41  Сөйтіп сендер өз аталарың не істесе, соны істеп жүрсіңдер.— Біз некесіз туғандар емеспіз! Біздің бір ғана рухани атамыз бар, Ол — Құдай! —
John Kaz 8:42  Иса оларға былай деді:— Рухани аталарың Құдай болса, сендер Мені жақсы көрер едіңдер. Өйткені Мен осында Құдайдан келдім. Өз бетіммен келген жоқпын, Мені Құдай жіберді.
John Kaz 8:43  Менің айтып тұрғанымды неге түсінбейсіңдер? Себебі Менің сөзімді естіп тұра алмайсыңдар.
John Kaz 8:44  Сендердің рухани аталарың — әзәзіл шайтан. Соның құмарлықтарын орындағыларың келеді. Ол әуел бастан-ақ кісі өлтіруші болып келеді, ақиқат жағында тұрған да емес, өйткені онда ақиқат жоқ. Әзәзіл өтірікті өз болмысына сай айта береді, себебі ол — өтірікші, өтіріктің бастауы.
John Kaz 8:45  Мен ақиқатты айтқандықтан Маған сенбейсіңдер.
John Kaz 8:46  Араларыңдағы қайсың Мені күнә жасадың деп әшкерелей аласың? Ал егер ақиқатты айтсам, неге Маған сенбейсіңдер?
John Kaz 8:47  Кімде Құдайдың рухани өмірі болса, сол Оның айтқандарына құлақ асады. Сендерде Құдайдың рухани өмірі болмағандықтан, Оның айтқандарына құлақ аспайсыңдар.
John Kaz 8:48  — Самариялық екенсің, Сені жын соққан деп тұрғанымыз дұрыс емес пе? — деп әлгі яһудилер Исаға тіл тигізді.
John Kaz 8:49  — Мені жын соққан жоқ! Тек Әкемді құрметтеймін, ал сендер Мені қорлайсыңдар.
John Kaz 8:50  Мен құрметке бөленуге тырыспаймын, ол жағын ойластыратын Әкем бар. Сендер мен Өзімнің арамыздағы төрелікті айтатын да Сол.
John Kaz 8:51  Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Менің сөзімді берік ұстанатын кісі мәңгі өлмейді, — деп жауап берді Иса.
John Kaz 8:52  Ал яһуди діндарлары Оның айтқанын түсінбей:— Ішіңде жынның бар екеніне көзіміз жетті. Ыбырайым да, пайғамбарлар да өлген, ал Сен «Менің сөзімді берік ұстанатын кісі мәңгі өлмейді» дейсің!
John Kaz 8:53  Әлде Сен өліп қалған түп атамыз Ыбырайымнан да құдіреттісің бе? Пайғамбарлар да өліп қалған. Өзіңді кіммін деп тұрсың? — деді.
John Kaz 8:54  Иса бұған жауап ретінде былай деді:— Менің Өзімді құрметтеуім түк болмас еді; Мені құрметтеуші — өз Әкем. Сендер Оны «біздің Құдайымыз» десеңдер де,
John Kaz 8:55  Оны білмейсіңдер; ал Мен Оны білемін. Егер Оны білмеймін десем, сендер сияқты өтірікші болар едім. Бірақ Мен Оны білемін және Оның айтқандарын ұстанамын.
John Kaz 8:56  Түп аталарың Ыбырайым Менің дүниеге келетін күнімді көретініне шаттанды; ол сол күнді көріп, қуанды да. — Әлгі діншіл яһудилер:
John Kaz 8:57  — Сен әлі елуге де келген жоқсың, Ыбырайымды көрдім дейсің бе? — деді.
John Kaz 8:58  Иса оларға былай жауап берді:— Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Ыбырайым тумастан бұрын да (Мәңгі) Бар Болушы Менмін!
John Kaz 8:59  Сонда олар ашуланып, Оны тас лақтырып өлтіру үшін жерден тас алды. Бірақ Иса білдіртпей ғибадатханадан шығып кетті.
Chapter 9
John Kaz 9:1  Иса өтіп бара жатып, туғаннан соқыр бір адамды көрді.
John Kaz 9:2  Сонда шәкірттері Исадан:— Ұстаз, мынаның соқыр болып туғанына өз күнәсі себеп болды ма, әлде ата-анасынікі ме? — деп сұрады.
John Kaz 9:3  Иса:— Оған өзінің де, ата-анасының да күнәсі себеп болған жоқ. Қайта, оның өмірінен Құдайдың құдіретті ісі көрінбек! — деп жауап берді.
John Kaz 9:4  Сөзін астарлап жалғастырып: — Жарық барда, Мені Жібергеннің тапсырған игі істерін істеуіміз керек. Қараңғы түскен соң, ешкім еш нәрсе істей алмайды.
John Kaz 9:5  Осы дүниеде тұрған шағымда Мен адамзат үшін Құдайдың Нұрымын, — деді.
John Kaz 9:6  Осылай дегеннен кейін Ол жерге бір түкіріп, содан балшық жасап, зағиптың көзіне жақты да:
John Kaz 9:7  — Силоғам тоғанына бар да, жуып таста! — деп тапсырды. Силоғам аударғанда «Жіберілген кісі» деген сөз. Соқыр кісі барып, бетін жуды. Сонда оның көзі ашылып көретін болды. Содан адам үйіне қайта оралды.
John Kaz 9:8  Көршілері мен оның бұрын соқыр қайыршы болып жүргенін көргендер бір-біріне: «Мынау осы жерде қайыр сұрап отыратын адам емес пе?» — деп, қайран қалысты.
John Kaz 9:9  Кейбіреулері: «Сол», — десе, басқалары: «Жоқ, бұл соған ұқсас қана», — деді. Әлгі адам: «Мен соның дәл өзімін!» — деп тұрып алды.
John Kaz 9:10  Сонда кісілер одан:— Көзің қалай көріп кетті? — деп сұрады. Ол:
John Kaz 9:11  — Иса есімді Адам балшық жасап, көзіме жағып: «Силоғам тоғанына бар да, жуып таста!» — деді. Мен барып, бетімді жудым, сонда көретін боп шыға келдім! — деп жауап берді.
John Kaz 9:12  — Ол Адам қайда? — деп сұрады олар. Анау:— Мен білмеймін, — деді.
John Kaz 9:13  Содан жұрт бұрын соқыр болған адамды парызшылдарға алып барды.
John Kaz 9:14  Ал Иса балшық жасап, оның көзін ашқан күн діни демалыс күні болатын.
John Kaz 9:15  Парызшылдар да әлгі кісіден көзінің қалай көретін болғанын сұрады.— Ол көзіме балшық жақты. Мен бетімді жудым да, көретін боп шыға келдім! — деді ол.
John Kaz 9:16  Сонда парызшылдардың кейбіреулері: «Бұл Кісі Құдайдан келген емес, себебі Ол соқырды емдеуімен демалыс күнінің тәртібін бұзды», — десе, басқалары: «Күнәкар кісі осындай кереметтерді қалай істей алады?» — деді. Осылайша олар екі жақ болып бөлініп кетті.
John Kaz 9:17  — Сол Кісі көзіңді ашыпты дейді. Ол туралы не айтасың? — деп, олар зағип болған кісіге тағы бір сұрақ қойды. Анау былай деп жауап берді:— Ол — пайғамбар!
John Kaz 9:18  Алайда яһуди діндарлары көзі ашылған кісінің соқыр болып, енді көретіндігіне әлі де сенбегендіктен оның әке-шешесін шақыртып алдыртты.
John Kaz 9:19  Оларға:— Соқыр боп туды деген балаларың осы ма? Енді ол қалайша көретін болды? — деген сұрақ қойды.
John Kaz 9:20  Әке-шешесі оларға:— Бұның баламыз екенін және соқыр боп туғанын білеміз.
John Kaz 9:21  Ал енді ол қалай көретін болды, соны білмейміз. Көзін кім ашқанын да білмейміз. Өзінен сұраңыздар, бала емес қой, өзі айтып берсін, — деді.
John Kaz 9:22  Әке-шешесі яһуди басшыларынан қорыққандықтан осылай деді, өйткені солар: «Кім Исаны Құтқарушы Мәсіх деп таныса, сол мәжілісхана қауымынан шығарылсын!» — деп келісіп қойған болатын.
John Kaz 9:23  Осы себептен әке-шешесі «өзінен сұраңыздар, бала емес қой» деді.
John Kaz 9:24  Сонда парызшылдар бұрын соқыр болған жігітті екінші рет шақырып алып:— Құдай алдында шыныңды айт! Ана Кісінің күнәкар екенін білеміз, — деп тергеді.
John Kaz 9:25  — Ол күнәкар ма, жоқ па, соны білмеймін. Білетінім бір-ақ нәрсе: мен соқыр едім, енді көретін болдым! — деп жауап берді ол.
John Kaz 9:26  Парызшылдар тағы да:— Ол саған не істеді? Көзіңді қалай ашты? — деп сұрады.
John Kaz 9:27  — Мен сіздерге жаңа айттым ғой, бірақ тыңдаған жоқсыздар. Неменеге тағы да естігілеріңіз келеді? Мүмкін, сіздер де Соның жолын қуушы шәкірттері болғыларыңыз келетін шығар? — деп жауап қайырды ол.
John Kaz 9:28  Сонда парызшылдар оны балағаттап:— Соның шәкірті сенсің, ал біз Мұса пайғамбардың шәкірттеріміз!
John Kaz 9:29  Құдайдың Мұсамен сөйлескенін білеміз, ал ана Кісінің қайдан келгенін білмейміз, — деді.
John Kaz 9:30  — Оның қайдан келгенін білмейтіндеріңіз қызық екен. Ол менің көзімді ашты ғой.
John Kaz 9:31  Құдай күнәкарларға құлақ салмайды; бірақ кім Оны қастерлеп, еркін орындаса, Құдайдың соған құлақ салатынын білеміз.
John Kaz 9:32  Дүние жаратылғаннан бері іштен соқыр боп туған кісінің көзін біреу ашты дегенді бұған дейін ешкім естіген емес.
John Kaz 9:33  Құдайдан келмесе, осы Кісі ештеңе де істей алмас еді! — деп нық жауап берді бұрынғы зағип.
John Kaz 9:34  Әлгілер бұған қарсы шығып:— Сен тұла бойың түгел күнәкар боп тудың, енді бізге ақыл үйретпексің бе?! — деп, оны мәжілісханадан қуып шықты.
John Kaz 9:35  Иса діндарлардың әлгі кісіні қуып жібергені туралы естіді. Содан Ол оны тауып алған соң, оған:— Көктен келген Билеушіге сенесің бе? — деген сұрақ қойды.
John Kaz 9:36  — Мырза, Соның кім екенін айтыңызшы, мен Оған сенейін.
John Kaz 9:37  — Сен Оны көрдің, сенімен сөйлесіп тұрған — Соның Өзі.
John Kaz 9:38  — Ием, Сізге сенем! — деп, әлгі адам Оның аяғына жығылды.
John Kaz 9:39  Иса:— Мен бұл дүниеге «соқырлардың» көзі ашылсын, ал «көретіндер» «соқыр» болсын деп, айыру үшін келдім, — деді.
John Kaz 9:40  Бұл сөзді қасында тұрған бірнеше парызшылдар да естіп:— Сонда біз де «соқырмыз» ба? — деп сұрады.
John Kaz 9:41  Иса оларға былай деп жауап берді:— Егер де соқыр болсаңдар, кінәларың болмас еді. Ал қазір сендер «көзіміз көреді» деп мақтанғандықтан, кінәларың мойындарыңда қалады.
Chapter 10
John Kaz 10:1  Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: кім қой қораға есіктен емес, өзге жерден өрмелеп кірсе, сол — ұры әрі қарақшы.
John Kaz 10:2  Ал кім есіктен кірсе, қойлардың бағушысы — сол.
John Kaz 10:3  Қарауыл оған есік ашып, қойлар оның даусын естіп таниды. Бағушы өз қойларын атымен шақырып, далаға шығарады.
John Kaz 10:4  Шығарған соң олардың алдында жүріп отырады, ал қойлары соңынан ереді, өйткені олар оның даусын таниды.
John Kaz 10:5  Олар бөтен кісінің соңынан ермей, одан қашады, себебі оның даусын танымайды.
John Kaz 10:6  Осы астарлы сөзді Иса яһуди діндарларына айтып берді, бірақ олар Оның не айтқанын түсінген жоқ.
John Kaz 10:7  Сондықтан Иса сөзін жалғастырып былай деді:— Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: қойлар кіретін «есік» Менмін.
John Kaz 10:8  Менен бұрын келгендердің бәрі ұрылар әрі қарақшылар болатын. Бірақ қойлар оларға бағынған жоқ.
John Kaz 10:9  Мен «есікпін», Менен кіргендер құтқарылады. Олар емін-еркін кіріп-шығып, жайылым табады.
John Kaz 10:10  Ұры ұрлап, сойып, құрту үшін келеді. Ал Мен адамдар шынайы өмірге ие болсын және өмірі рухани игілікке толы ағыл-тегіл мол болсын деп келдім.
John Kaz 10:11  Мен «ізгі Бағушымын»: ізгі Бағушы қойлары үшін жанын қияды.
John Kaz 10:12  Ал бағушы емес жалданған адам қойлар өзінікі болмағандықтан, қасқырды көрсе, отарын тастай қашады. Қасқыр қойға шауып, оларды жан-жаққа бытыратып жібереді.
John Kaz 10:13  Жалшы отарын тастай қашады, өйткені ол — жай жалданушы, қойлардың қамын ойламайды.
John Kaz 10:14  Мен «ізгі Бағушымын». Әкемнің Мені, Менің Әкемді жақсы білетініміз сияқты, Мен қарамағымдағыларды жақсы білемін, олар да Мені жақсы біледі. Солар үшін жанымды қиямын.
John Kaz 10:15  Мен «ізгі Бағушымын». Әкемнің Мені, Менің Әкемді жақсы білетініміз сияқты, Мен қарамағымдағыларды жақсы білемін, олар да Мені жақсы біледі. Солар үшін жанымды қиямын.
John Kaz 10:16  Бұл отардан басқа да қойларым бар, соларды да алып келуім керек. Олар даусымды естіп таниды, сонда барлығы бір-ақ Бағушысы бар біртұтас отар болады.
John Kaz 10:17  Әкем Мені жақсы көреді, себебі Мен жанымды қиямын, содан кейін оны қайтадан аламын.
John Kaz 10:18  Жанымды ешкім Менен тартып алмайды, оны өз еркіммен қиямын. Қиятын да, қайтып алатын да билігім бар. Бұл — Маған Әкем тапсырған міндет.
John Kaz 10:19  Осы сөзге бола яһудилер тағы да екі жақ болып айтысып кетті.
John Kaz 10:20  Көпшілігі: «Оны жын соғыпты, сандырақтап тұр! Неменеге тыңдап тұрсыңдар?» — десе,
John Kaz 10:21  басқалар: «Бұл жындының сөзі емес! Жын соқырдың көзін аша ала ма?!» — деп қарсылық білдірді.
John Kaz 10:22  Бұдан кейін Иерусалимде Киелі үй мейрамы болды. Мезгіл қыстың кезі еді.
John Kaz 10:23  Сонда Иса ғибадатхананың Сүлеймен патша атындағы бағаналы ғимаратында әрі-бері жүрді.
John Kaz 10:24  Яһуди діндарлары Оны қоршап алып:— Қашанға дейін бізді еліктіріп, алаңдатып қоясыз? Құтқарушы Мәсіх болсаңыз, ашығын айтыңыз! — деп талап етті.
John Kaz 10:25  Иса оларға былай деп жауап берді:— Мен оны айттым ғой, ал сендер сенбедіңдер. Әкемнің атынан істеп жүрген істерім Менің Сол екеніме айғақ.
John Kaz 10:26  Бірақ сендер сенбейсіңдер, себебі Менің «отарымнан» емессіңдер.
John Kaz 10:27  Өз «қойларым» даусымды естіп, бағынады. Мен оларды жақсы білемін, олар Маған еріп жүреді.
John Kaz 10:28  Соларға мәңгілік өмір беремін. Олар ешқашан жойылмайды, ешкім оларды Менің қолымнан тартып та алмайды.
John Kaz 10:29  Оларды Маған берген Әкем бәрінен де ұлы. Ешкім соларды Әкемнің қолынан да тартып ала алмайды.
John Kaz 10:30  Әкем Екеуіміз біртұтаспыз.
John Kaz 10:31  Сонда діндар яһудилер Оны тас лақтырып өлтіру үшін тағы да жерден тас алды.
John Kaz 10:32  Иса оларға:— Көз алдарыңда Әкем тапсырған көп игі істер істедім. Солардың қайсысына бола Мені тас лақтырып өлтірмексіңдер? — деген сұрақ қойды.
John Kaz 10:33  Діндар яһудилер:— Сені игі ісің үшін емес, Құдайды қорлағаның үшін тас лақтырып өлтірмекпіз. Сен адам бола тұра, Өзіңнен Құдай жасағың келеді! — деді.
John Kaz 10:34  Иса оларға былай деп жауап берді:— Өздерің құрметтейтін Киелі жазбада (Құдайдың билерге арнап мынаны айтқаны) жазылған: «Былай деген едім: сендер құдайсыңдар».
John Kaz 10:35  Ал Киелі жазбалардың күшін жоюға болмайды ғой. Сонымен Құдай Өзінің сөзі жеткен сол билерді «құдай» деп атаған.
John Kaz 10:36  Онда Мен «Құдайдың (рухани) Ұлымын» десем, қалайша «Құдайды қорладың» деп айта аласыңдар? Өйткені Әкемнің Өзі Мені ерекше тағайындап, осы дүниеге жіберген.
John Kaz 10:37  Егер Әкемнің Маған тапсырған істерін істеп жүрмесем, Маған сенбей-ақ қойыңдар.
John Kaz 10:38  Ал егер Мен оларды істеп жүрсем, тіпті Өзіме сенгілерің келмесе де, істеген істеріме сеніңдер! Осылай сендер Әкемнің Менімен, Менің Әкеммен тығыз байланыста екенімізді түсінесіңдер.
John Kaz 10:39  Содан олар Исаны тағы да тұтқындамақ болды, бірақ Ол араларынан сытылып шығып кетті.
John Kaz 10:40  Мұнан кейін Иса қайтадан Иордан өзенінің арғы бетіне, бұрынырақ Жақия пайғамбар шомылдыру рәсімін орындаған жерге барып, сонда қалып қойды.
John Kaz 10:41  Исаның қасына көптеген адамдар келіп былай десті: «Жақия ешқандай керемет істеген жоқ. Бірақ оның мына Кісі туралы айтқандарының бәрі де шындық!» —
John Kaz 10:42  Сол жерде жиналғандардың көбі Исаға сенді.
Chapter 11
John Kaz 11:1  Сол кезде Елазар деген бетаниялық кісі қатты ауырып жатты. Бұл ауылда Мәриям мен оның әпкесі Марта да тұратын.
John Kaz 11:2  Кейінірек Иеміздің аяғына иісмай жағып, шашымен құрғатқан осы Мәриям еді. Қазір оның бауыры Елазар қатты науқастанып жатты.
John Kaz 11:3  Сонда апалы-сіңлілі екеуі: «Мырза, Сіз жақсы көретін кісі ауырып жатыр», — деп Исаға Елазар туралы хабар жіберді.
John Kaz 11:4  Иса мұны естігенде: «Бұл аурудың соңы өлімге соқтырмайды, қайта, Құдайды ұлылыққа бөлеуге септігін тигізеді: ол арқылы Құдайдың рухани Ұлының құдіретті ұлылығы көрінеді», — деді.
John Kaz 11:5  Иса Мартаны, оның сіңлісі мен Елазарды жақсы көруші еді.
John Kaz 11:6  Бірақ Ол Елазардың науқастанып жатқанын естісе де, сол кезде болған жерінде тағы да екі күнге қалып қойды.
John Kaz 11:7  Бұдан кейін Иса шәкірттеріне:— Яһудея аймағына қайта барайық! — деді.
John Kaz 11:8  Олар:— Ұстаз, яһуди діндарлары күні кеше ғана Сізді тас лақтырып өлтіргісі келмеп пе еді? Шынымен тағы сол жаққа бармақсыз ба? — деп сұрады.
John Kaz 11:9  Иса:— Күндізгі уақытта он екі сағат бар емес пе? Адам жолмен күндіз жүрсе, сүрінбейді, өйткені ол бұл дүниенің жарығын көреді.
John Kaz 11:10  Ал егер түнекте жүрсе, сүрінеді, себебі онда жарық жоқ, — деп астарлап жауап берді.
John Kaz 11:11  Мұнан кейін Иса сөзін жалғастырып:— Досымыз Елазар ұйықтап жатыр. Мен барып, оны оятайын, — деді.
John Kaz 11:12  Шәкірттері:— Мырза, ұйықтағаны жақсы, сонда сауығады! — деді.
John Kaz 11:13  Иса астарлап сөйлеп, Елазардың өлгенін айтқан еді, ал олар кәдімгі ұйқыны айтып тұр деп ойлап қалды.
John Kaz 11:14  Сонда Иса жасырмай:— Елазар өлді, — деді.
John Kaz 11:15  — Бірақ Өзімнің сол жерде болып, оны сауықтырмағаныма сендер үшін қуанамын; осылай берік сенімге жетесіңдер. Енді Елазарға барайық!
John Kaz 11:16  Сыңарлас деп аталатын Тома басқа шәкірттерге: «Біз де барып, Онымен бірге өлейік», — деді.
John Kaz 11:17  Иса Бетания ауылына жеткенде, Елазардың өліп, қабірге қойылғанына төрт күн болғанын естіді.
John Kaz 11:18  Бетанияның Иерусалимнен қашықтығы үш-ақ шақырымдай болғандықтан,
John Kaz 11:19  қаладан көптеген яһудилер Мәриям мен Мартаға көңіл айтуға келген екен.
John Kaz 11:20  Исаның келе жатқанын естіген Марта алдынан шықты; Мәриям үйде отыра берді.
John Kaz 11:21  Марта Исаға:— Ием, Сіз осында болсаңыз, бауырым өлмес еді!
John Kaz 11:22  Бірақ қазір де Құдайдан не сұрасаңыз да, оны Сізге беретінін білемін, — деді.
John Kaz 11:23  — Бауырың қайта тіріледі, — деп жауап берді Иса.
John Kaz 11:24  Сонда Марта:— Ақырғы күнгі қайта тірілуде оның да тірілетінін білемін, — деді.
John Kaz 11:25  Ал Иса оған:— Қайта тірілу мен шынайы өмір — Менмін. Маған сенетін адам өлсе де, шынайы өмір сүретін болады.
John Kaz 11:26  Осылай өмір сүріп, Маған сенген әрбір адам ешқашан да рухани өлмейді. Бұған сенесің бе? — деді.
John Kaz 11:27  Марта:— Иә, Ием, Сіздің пайғамбарлар дүниеге келеді деп алдын ала айтқан Мәсіх — Құдайдың рухани Ұлы екеніңізге сенемін, — деп жауап берді.
John Kaz 11:28  Осыны айтқан соң Марта барып, басқаларға білдірмей Мәриямға: «Ұстаз осында, сені шақырып жатыр», — деді.
John Kaz 11:29  Мәриям мұны естісімен асығыс тұрып, Оған қарсы жүрді.
John Kaz 11:30  Ал Иса әлі де ауылға кірмей, Мартаға кездескен жерінде болатын.
John Kaz 11:31  Мәриямның қасында көңіл айтып отырған яһудилер оның асығыс тұрып, сыртқа шығып кеткенін көргенде соңынан ере шығып: «Қабірдің басына барып жоқтау айтатын шығар», — деп ойлады.
John Kaz 11:32  Мәриям Иса тұрған жерге келіп, аяғына жығыла:— Ием, Сіз осында болсаңыз, бауырым өлмес еді! — деді.
John Kaz 11:33  Мәриямның және оған ерген яһудилердің қайғырып жылағандарын көргенде, Иса іштей қатты қобалжып, қайғырып, толқып кетті.
John Kaz 11:34  Олардан:— Оны қай қабірге қойдыңдар? — деп сұрады.— Иеміз, барып көріңіз, — деді олар.
John Kaz 11:36  Яһудилер:— Қараңдар, Ол Елазарды қалай жақсы көрген! — деді.
John Kaz 11:37  Ал араларындағы кейбіреулері:— Соқырдың көзін ашқан Ол оны да ажалдан арашалап алып қала алмас па еді? — деді.
John Kaz 11:38  Иса тағы да қатты қобалжып, қабірдің басына барды. Қабір — аузы (дөңгелек дәу) қақпақ таспен жабылған үңгір екен.
John Kaz 11:39  Иса:— Тасты алып тастаңдар! — деп бұйырды. Бірақ марқұмның әпкесі Марта:— Ием, ол иістеніп барады, жатқанына төрт күн болды! — деп қарсылық білдірді.
John Kaz 11:40  — Егер Маған сенсең, Құдайдың құдіретті ұлылығын көресің деп саған айтпап па едім? — деді Иса.
John Kaz 11:41  Сонда олар қақпақ тасты үңгір аузынан домалатып алып тастады. Иса көзін көкке қадап:— Әке, тілегімді қабыл алғаның үшін Саған ризамын!
John Kaz 11:42  Тілегімді әрқашан қабыл алатыныңды білемін. Алайда айналамда тұрған жұрт Мені Өзіңнің жібергеніңе сенсін деп мұны айтып тұрмын, — деп мінажат етті.
John Kaz 11:43  Осылай дегеннен кейін: — Елазар, шық! — деп қатты дауыспен бұйырды.
John Kaz 11:44  Сонда марқұм болған адам қабірден шықты! Оның аяқ-қолы кебінге оралып, бет-аузы да орамалмен байланған еді. Иса қасындағыларға:— Кебінін шешіп жіберіңдер, жүре берсін! — деп тапсырды.
John Kaz 11:45  Мәриямға келген яһудилердің көбі Исаның керемет ісін көріп, Оған сенді.
John Kaz 11:46  Бірақ кейбіреулері парызшылдарға барып, Исаның не істегенін айтып берді.
John Kaz 11:47  Сонда басты діни қызметкерлер мен парызшылдар Жоғарғы кеңестің мәжілісін шақырып:— Біз не істесек екен? Мына Кісі көптеген кереметтер жасап жүр.
John Kaz 11:48  Оны осылай қалдырсақ, бәрі Соған сенетін болады. Сонда римдіктер келіп, киелі үйіміз бен ұлтымызды біздің қолымыздан тартып алып жүрер! — десті.
John Kaz 11:49  Олардың біреуі, сол жылы бас діни қызметкер болған Қаяфа, тіл қатып:— Сендер түк білмейсіңдер ме?
John Kaz 11:50  Бүкіл ұлтымыздың құрып кетуінен гөрі, бізге халық үшін бір Адамның өлгенінің жақсы екенін ойламайсыңдар ма? — деді.
John Kaz 11:51  Бұл сөзді ол өздігінен айтқан жоқ, қайта, сол жылы бас діни қызметкер болғандықтан: «Иса халқымыз үшін өлуге тиіс» деп алдағы оқиғаны білдірді.
John Kaz 11:52  Ал Иса Исраил халқы үшін ғана емес, сондай-ақ жер жүзіне таралған басқа халықтардың енді Құдайдың рухани балалары болулары үшін де өлуге тиісті болды. Ондағы мақсаты — екі жақты жинап, біріктіру еді.
John Kaz 11:53  Сол күннен бастап олар Исаны өлтіру туралы берік байламға келді.
John Kaz 11:54  Сондықтан Иса бұдан былай яһудилердің арасында ашық жүрмей, айдалаға жақын жердегі Ефраим атты қалашыққа кетіп, сонда шәкірттерімен бірге болды.
John Kaz 11:55  Яһуди халқының Құтқарылу мейрамы жақындап қалған еді. Бүкіл елден көптеген кісілер мейрам алдындағы діни тазару салтын орындау үшін Иерусалимге өрлеп бара жатты.
John Kaz 11:56  Олар Исаны іздестіріп жүрді. Қалаға жеткеннен кейін: «Ол мейрамға осында келмейтін шығар, қалай ойлайсыңдар?» — деп ғибадатханада әңгімелесіп тұрды.
John Kaz 11:57  Себебі басты діни қызметкерлер және парызшылдар: «Оның қайда жүргенін көрген біреу болса, тұтқындау үшін бізге хабар берсін!» — деп жарлық шығарып қойған еді.
Chapter 12
John Kaz 12:1  Құтқарылу мейрамынан алты күн бұрын Иса Бетанияға барды. Сол ауылда Өзі өлімнен қайта тірілтіп алған Елазар тұратын.
John Kaz 12:2  Осы жерде Исаға арнап қонақасы берілді. Марта қызмет етті. Дастарқандас болғандардың ішінде Елазар да Исамен бірге отырды.
John Kaz 12:3  Ал Мәриям бір қадақтай таза, өте құнды иісмайға толы құтыны қолына алды. Осы иісмай нард деген өсімдіктен жасалған болатын. Мәриям оны Исаның аяқтарына құйып, оларды шашымен құрғатты. Үй ішінде майдың жұпар иісі аңқып кетті.
John Kaz 12:4  Исаның шәкірттерінің бірі, кейінірек Оған опасыздық жасаған Яһуда Исқариот:
John Kaz 12:5  — Неліктен осы иісмайды сатып, түскен ақшаны мүсәпірлерге үлестіріп бермеген? Оның бағасы бір жылдық жалақыға тең емес пе?! — деп наразылық білдірді.
John Kaz 12:6  Бұл сөзді Яһуда мүсәпірлердің қамын ойлағандықтан емес, ұры болғандықтан айтты. Ортақ қаржы сақталатын әмиянды Яһуда ұстайтын, әрі~түскен ақшаға қол сұғатын.
John Kaz 12:7  Иса оған қарсы шығып былай деді:— Мәриямға тиме! Ол осыны істеуі арқылы Менің денемді қабірге қоятын күнгі май жағу салтын алдын ала орындады.
John Kaz 12:8  Мүсәпірлер әрдайым қастарыңда ғой, ал Мен ұдайы қастарыңда бола бермеймін.
John Kaz 12:9  Исаның Бетанияда екенін көптеген яһудилер біліп қойды. Олар Иса үшін ғана емес, Ол тірілтіп алған Елазарды көру үшін де бұл жерге келді.
John Kaz 12:10  Сондықтан басты діни қызметкерлер оны да өлтіру туралы ақылдасты.
John Kaz 12:11  Өйткені Елазардың басынан өткен кереметке бола яһудилердің көбі олардан бас тартып, Исаға сенім артты.
John Kaz 12:12  Келесі күні мейрамға жиналған халықтың үлкен тобы Исаның Иерусалимге келетінін естіп,
John Kaz 12:13  қолдарына пальма бұтақтарын ұстап, қала сыртына шықты. Оны:«Жаратқан Ие мадақталсын! Жаратқанның атынан келе жатқан Исраилдің Патшасы жарылқанған!» — деп айқай салып қарсы алды.
John Kaz 12:14  Иса бір тайқар есекті тауып алдыртып, соған мінген еді. (Зәкәрия) пайғамбардың жазбасында бұл туралы мына тәрізді сөздер айтылған:
John Kaz 12:15  Уа, Сион халқы, қорықпа! Қара, сенің Патшаң саған келе жатыр! Ол тайқар есектің үстінде отыр.
John Kaz 12:16  Шәкірттері бұны сол кезде түсінген жоқ. Дегенмен Иса қайта тіріліп, көкке көтеріліп, Өзінің ұлылығына ие болғанда, олар бұл сөздердің Иса туралы алдын ала жазылғанын және халықтың Оны осылай қарсы алғанын естеріне алды.
John Kaz 12:17  Халық арасындағы көптеген адамдар Исаның Елазарды қабірден шақырып, өлімнен қайта тірілтіп алған кезінде Онымен бірге болған еді. Енді олар сол туралы куәлік етіп айтып жатты.
John Kaz 12:18  Осындай керемет жасағанын естіген жұрт сондықтан да Исаның алдынан шықты.
John Kaz 12:19  Ал парызшылдар өзара: «Көріп тұрсыңдар ғой, бұлай алға баспайсыңдар: жұрттың бәрі Оның соңынан еріп кетті!» — десті.
John Kaz 12:20  Мейрам кезінде Құдайға ғибадат ету үшін Иерусалимге келгендердің ішінде бірнеше гректер де бар еді.
John Kaz 12:21  Олар Ғалилея аймағындағы Бетсайдадан шыққан Філіпке жақындап келіп: «Мырза, Исамен кездескіміз келеді», — деген тілек білдірді.
John Kaz 12:22  Філіп мұны Әндірге барып айтты, содан екеуі бұл хабарды Исаға жеткізді.
John Kaz 12:23  Иса оларға былай деп жауап берді:— Көктен келген Менің ұлылыққа жететін уақытым келді.
John Kaz 12:24  Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: егер бидайдың дәні жерге егіліп, жойылмаса, онда ол жалғыз дән болып қалады. Ал егер ол жерге егіліп, көктеп, өзі жойылса, сонда ғана одан көп өнім өсіп шығады.
John Kaz 12:25  Кім өз өмірін бәрінен артық көрсе, сол шынайы өмірден құр қалады. Ал осы күнәкар дүниеде өмірін Құдай үшін қиған әркім оны мәңгілік өмір үшін сақтайды.
John Kaz 12:26  Кім Маған қызмет еткісі келсе, сол Маған ерсін. Мен қайда болсам, қызметшім де сонда болады. Ал Маған қызмет етіп жүрген әркімді Әкем құрметтейді.
John Kaz 12:27  Қазір көңілім қатты толқу үстінде. Мен не айтайын: «Әке, Мені осы күннен құтқара гөр» дейін бе? Қайта, бұл күнге осыны бастан кешіру үшін жеттім ғой.
John Kaz 12:28  Әке, өз атыңды ұлылыққа жеткізе гөр! — Сонда көктен: «Мен оны ұлылыққа жеткіздім және бұдан былай да жеткізе беремін!» — деген үн естілді.
John Kaz 12:29  Сол жерде тыңдап тұрған халықтың ішінен кейбіреулері:— Күн күркіреді, — десе, басқалары:— Оған бір періште тіл қатқан шығар, — деді.
John Kaz 12:30  Иса оларға:— Көктегі үн Мен үшін емес, сендер үшін естілді, — деді.
John Kaz 12:31  — Енді осы күнәкар дүние сотталады! Енді осы дүниенің әміршісі қуылады!
John Kaz 12:32  Ал Мені жерден көтеріп қойғаннан кейін, адамдардың бәрін Өзім арқылы құтқарылуға шақырамын, — деді.
John Kaz 12:33  Бұл сөзді Иса Өзінің қандай жолмен өлуге тиіс екенін білдіру үшін айтты.
John Kaz 12:34  Жиналған жұрт Исадан:— Киелі кітаптан біз «Мәсіх мәңгі өмір сүреді» деп үйрендік. Қалайша көктен келген Билеушіні жерден көтеріп қою керек дейсіз? Сіз айтып тұрған «көктен келген Билеуші» кім? — деп сұрады.
John Kaz 12:35  Иса оларға былай деп жауап қайтарды:— «Нұр» тағы біраз уақыт сендермен бірге болады. Өздеріңді қара түнектің баспауы үшін «Нұр» барда жүре беріңдер! Түнекте жүргендер қайда бара жатқандарын білмейді.
John Kaz 12:36  Қастарыңда «Нұр» барда Соған сеніңдер, сонда «Нұрдың адамдары» боласыңдар. — Иса осылай деді де, жұрт көзінен тасаланып кетіп қалды.
John Kaz 12:37  Иса олардың көз алдарында көп кереметтер жасаса да, көпшілік Оның Мәсіх екендігіне сенген жоқ.
John Kaz 12:38  Сонымен Ишая пайғамбардың алдын ала айтқан мынадай сөздері дәл келді: Ием, біздің хабарымызға азғана кісілер сенді! Жаратқан Иенің құдіретті күші кімге ашық көрсетілді?
John Kaz 12:39  Ишая пайғамбар тағы бір жерде көпшіліктің неліктен сене алмағандығы туралы мына тәрізді сөздер айтқан:
John Kaz 12:40  Ол көздерін соқыр, жүректерін қасарысқан сезімсіз қылған. Сол себептен көздері көрмейді, жүректері түсінбейді, өздері теріс жолдарынан қайтпайды. Әйтпесе оларды рухани дертінен сауықтырар едім.
John Kaz 12:41  Ишая пайғамбар Иеміздің салтанатты ұлылығын көргендіктен, Ол туралы осылай деп алдын ала айтып кеткен еді.
John Kaz 12:42  Ал Исраилдің басшы адамдарының көбі Исаға сенді, бірақ парызшылдар мәжілісханадан шығарып жібермесін деп Оны ашық мойындаған жоқ.
John Kaz 12:43  Себебі олар Құдай беретін құрметті емес, адамнан көретін құрметті көбірек ұнататын.
John Kaz 12:44  Содан Иса дауыстап былай деді: «Маған сенген кісі Өзіме ғана емес, Мені Жібергенге де сенеді,
John Kaz 12:45  әрі Мені көрген кісі Мені Жібергенді де көреді.
John Kaz 12:46  Мен дүниеге келген «Құдайдың Нұрымын». Маған сенімін артқан ешкім қара түнекте қалмайды.
John Kaz 12:47  Кім хабарымды естіп, оны ұстанып сақтамаса, ондайды қазір соттап жатпаймын; Мен адамзатты соттау үшін емес, құтқару үшін дүниеге келдім.
John Kaz 12:48  Бірақ Мені елемей, хабарымды қабылдамағандардың соты дайын тұр: Мен білдірген хабар оларды қиямет күні айыптайтын болады.
John Kaz 12:49  Себебі Мен өздігімнен айтқан жоқпын. Нені және қалай айтуға тиісті екенімді Мені жіберген Әкем Маған тапсырды.
John Kaz 12:50  Оның өсиетінің мәңгілік өмір сыйлайтынын білемін. Сондықтан Әкем Маған не тапсырған болса, соны айтамын».
Chapter 13
John Kaz 13:1  Құтқарылу мейрамының қарсаңы еді. Иса Өзінің бұ дүниеден кетіп, Әкесіне баратын күнінің жақындап қалғанын білді. Бұ дүниедегі өз адамдарын өте жақсы көргендіктен, Иса оларға деген сүйіспеншілігін ақырына дейін ісімен де толық көрсетті.
John Kaz 13:2  Иса шәкірттерімен бірге кешкі асқа отырды. Бұған дейін әзәзіл шайтан Шимон Исқариоттың ұлы Яһуданың жүрегіне Исаға опасыздық жасау ойын ұялатып қойған еді.
John Kaz 13:3  Бірақ Иса Әкесінің бүкіл билікті өз қолына беріп қойғанын, сондай-ақ, Өзінің Құдайдан келіп, Оған тағы қайтып баратынын да білді.
John Kaz 13:4  Содан Иса дастарқан басынан тұрып, сырт киімін шешті де, беліне алжапқыш байлады.
John Kaz 13:5  Бұдан кейін Ол шылапшынға су құйып, шәкірттерінің аяқтарын жуып, беліне байлаған алжапқышпен құрғатып сүрте бастады.
John Kaz 13:6  Иса Шимон Петірдің қасына келгенде, ол:— Ием, Сіз аяғымды жуайын деп жатырсыз ба? — деп сұрады.
John Kaz 13:7  Иса оған:— Не істеп тұрғанымды сен қазір емес, кейінірек түсінесің, — деді.
John Kaz 13:8  Петір:— Мен Сізге аяғымды еш уақытта жуғызбаймын, — деп қарсылық білдірді. Иса:— Егер сені жумасам, онда Менімен тығыз қатынаста бола алмайсың, — деп жауап берді.
John Kaz 13:9  Сонда Шимон Петір:— Ием, олай болса, аяғымды ғана емес, қолым мен басымды да жуыңыз! — деп өтінді. Иса астарлап:
John Kaz 13:10  — Шомылған кісі тап-таза, оның аяғын ғана жуу керек. Сендер де тазасыңдар, бірақ бәрің емес, — деді.
John Kaz 13:11  Ол Өзіне кімнің опасыздық жасайтынын білді, сондықтан «бірақ бәрің емес» деп қосты.
John Kaz 13:12  Шәкірттерінің аяғын жуып, сырт киімін киіп, орнына отырғаннан кейін Иса:— Сендерге не істегенімді түсінесіңдер ме? — деген сұрақ қойды. —
John Kaz 13:13  Маған «Ұстаз», «Ием» дейсіңдер. Осылай атағандарың дұрыс, себебі Мен Солмын.
John Kaz 13:14  Ал егер Мен Иелерің және Ұстаздарың бола тұра, аяқтарыңды жусам, сендер де бір-біріңе сондай қызмет көрсетуге тиіссіңдер!
John Kaz 13:15  Сендерге өте маңызды шындықты айтып тұрмын: қызметшінің жолы қожайынынан үлкен емес, елшінің жолы да өзін жібергендікінен үлкен емес. Мен сендерге қалай қызмет етсем, сендер де солай етсін деп үлгі көрсеттім.
John Kaz 13:16  Сендерге өте маңызды шындықты айтып тұрмын: қызметшінің жолы қожайынынан үлкен емес, елшінің жолы да өзін жібергендікінен үлкен емес. Мен сендерге қалай қызмет етсем, сендер де солай етсін деп үлгі көрсеттім.
John Kaz 13:17  Мұны біліп, осылай іс-әрекет етсеңдер, бақытты боласыңдар!
John Kaz 13:18  — «Сендер тазасыңдар» деген сөзді бәрің туралы айтып тұрған жоқпын. Қайсыларыңды таңдағанымды Өзім білемін, бірақ Киелі жазбадағы мына сөздің орындалуы тиіс: Дастарқандас боп нанымды жеген кісі Мені теуіп жіберу үшін Маған қарсы көтерді өз өкшесін.
John Kaz 13:19  Мен мұны осы сөз әлі орындалмас бұрын айтып тұрмын. Ол кейін орындалған соң, Менің мәңгі Бар Болушы екеніме сендер сенсін деймін.
John Kaz 13:20  Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: Кім Мен жіберген адамды қабылдаса, соның Мені қабылдағаны. Ал кім Мені қабылдаса, оның Мені Жібергенді де қабылдағаны, — деді Иса.
John Kaz 13:21  Осы сөзден кейін Иса іштей қатты толқып, салмақтап:— Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: араларыңдағы біреу Маған опасыздық жасайды, — деді.
John Kaz 13:22  Шәкірттері Исаның кімді айтып тұрғанын ұқпай, бір-біріне аң-таң болып қарасты.
John Kaz 13:23  Исаның жақсы көретін шәкірті дастарқан басында Оның қасында жантайып жатушы еді.
John Kaz 13:24  Шимон Петір Исаның кімді айтқанын сұрап білші деп жаңағы шәкіртке ымдап белгі берді.
John Kaz 13:25  Анау Исаға бұрылып:— Мырза, сол адам кім? — деп сұрады.
John Kaz 13:26  Иса:— Үзім нанды табақтағы тұздыққа батырып, кімге берсем, ол — сол кісі, — деді. Содан кейін Иса қолындағы бір үзім нанды тұздыққа батырып алып, Шимон Исқариоттың ұлы Яһудаға берді.
John Kaz 13:27  Яһуда нанды алысымен әзәзіл шайтан оның бойына еніп алды.Иса Яһудаға: «Не істегің келсе, соны тезірек істе!» — деді.
John Kaz 13:28  Отырғандардың ешқайсысы Исаның оған неге бұлай дегенін түсінген жоқ.
John Kaz 13:29  Яһуда ортақ қаржы салатын әмиянды ұстайтындықтан, кейбіреулері Иса: «Мейрамға не керектің бәрін сатып ал!» немесе «Мүсәпірлерге садақа бер!» деп оған тапсырма берген шығар деп ойлады.
John Kaz 13:30  Ал Яһуда нанды жеп алған соң тез шығып кетті. Сыртта қараңғы түн еді.
John Kaz 13:31  Яһуда шығып кеткеннен кейін, Иса былай деді:— Енді көктен келген Мен ұлылыққа кенелемін, Өзім арқылы Құдайдың ұлылығы да көрінеді.
John Kaz 13:32  Мен Құдайдың ұлылығын көрсеткенде, Құдай да Менің ұлылығымды паш етеді. Бұл көп кешікпей орындалады.
John Kaz 13:33  Балаларым, енді аз-ақ уақыт қастарыңда боламын, кейін Мені іздейсіңдер. Әлгі яһудилерге айтқан сөзімді қазір сендерге де айтамын: Мен баратын жерге сендер жете алмайсыңдар.
John Kaz 13:34  Сендерге бір жаңа өсиет айтамын: біріңді-бірің жақсы көріңдер! Мен өздеріңді сүйгендей, сендер де бір-біріңді сүйіңдер!
John Kaz 13:35  Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады.
John Kaz 13:36  Шимон Петір:— Мырзам, Сіз қайда бармақсыз? — деп сұрағанда, Иса:— Мен баратын жерге сен қазір еріп бара алмайсың, кейінірек соңымнан келесің, — деді.
John Kaz 13:37  Петір:— Мырза, Сізге қазір неліктен еріп бара алмаймын? — деп сұрады. — Сіз үшін жанымды қиюға дайынмын! —
John Kaz 13:38  Иса оған былай жауап берді:— Мен үшін жан қиямын дейсің бе? Саған шындығын айтайын: осы түні әтеш шақырғанша сен Менен үш рет танасың!
Chapter 14
John Kaz 14:1  — Көңілдерің толқымасын! Құдайға сеніңдер және Маған да сеніңдер!
John Kaz 14:2  Көктегі Әкемнің үйінде тұратын орын көп. Егер солай болмаса, Мен сендерге айтқан болар едім ғой. Енді сол жерден сендер үшін орын дайындауға бара жатырмын.
John Kaz 14:3  Барып, дайындап болғаннан кейін қайтып келіп, Өзім болатын жерде сендерді де болсын деп қасыма алып кетемін.
John Kaz 14:4  Қайда бара жатқанымды да, сонда апаратын жолды да білесіңдер, — деді Иса. Ал Тома:
John Kaz 14:5  — Ием, қайда бара жатқаныңызды білмейміз. Онда біз жолды қалай білеміз? — деп сұрады.
John Kaz 14:6  Иса оған:— Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды.
John Kaz 14:7  Мені жақыннан танысаңдар, Әкемді де білер едіңдер. Оны қазірден бастап білесіңдер және көрдіңдер де, — деп түсіндірді. Філіп:
John Kaz 14:8  — Мырзам, бізге Әкені көрсетіңіз, бізге сол да жеткілікті, — деп өтінді.
John Kaz 14:9  Иса былай деп жауап берді:— Мен көптен бері қастарыңдамын, сонда да Мені шынымен білген жоқсың ба, Філіп? Кім Мені көрсе, соның Әкені де көргені. Бізге Әкені көрсетіңіз деп неге айтасың?
John Kaz 14:10  Менің Әкеммен, Әкемнің Менімен тығыз байланыста екенімізге сенбейсің бе? Сендерге айтып жүрген сөздерім Өзімдікі емес, Әкемдікі. Сол сияқты Менімен тығыз байланыстағы Әкем Өзінің істерін де Мен арқылы істеп жатыр.
John Kaz 14:11  Менің Әкеммен, Әкемнің Менімен тығыз байланыста екенімізге сеніңдер! Әйтпесе істеген кереметтеріме сүйеніп Маған сеніңдер.
John Kaz 14:12  Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: Мен жасаған кереметтер сияқтыларды Маған сенуші де істейді, тіпті одан да зорларын істейді, себебі Мен Әкеме барамын.
John Kaz 14:13  Менің атымнан Әкемнен не сұрасаңдар да, орындаймын, сонда Әкенің ұлылығы Өзінің рухани Ұлы арқылы көрінеді.
John Kaz 14:14  Менің еркіме мойынсұнып бір нәрсе сұрасаңдар, Мен соны орындаймын.
John Kaz 14:15  Сендер Мені сүйсеңдер, өсиеттерімді орындаңдар!
John Kaz 14:16  Мен көктегі Әкемнен сендермен мәңгі бірге болатын Қамқоршыны жіберуін өтінемін,
John Kaz 14:17  Ол — шындықты білдіретін Киелі Рух. Осы күнәкар дүние Киелі Рухты қабылдай алмайды, себебі Оны көрмейді әрі білмейді. Ал сендер Оны білесіңдер, өйткені Киелі Рух сендермен бірге тұрып, жан дүниелеріңнен орын алады.
John Kaz 14:18  Мен сендерді жетімсіретпей, өздеріңе қайтып келемін.
John Kaz 14:19  Енді аз уақыт қалды, содан кейін осы күнәкар дүние Мені көрмейді, ал сендер Мені көресіңдер. Мен қайта тірілемін, сондықтан сендер де мәңгілік өмірге ие боласыңдар.
John Kaz 14:20  Сол күні сендер Менің Әкеммен, сендердің Менімен, Менің де сендермен тығыз байланыста екенімізді түсінесіңдер.
John Kaz 14:21  Менің өсиеттерімді жүректеріне сақтап, орындап жүргендер — Мені сүйетіндер. Оларды Әкем де сүйеді. Мен де соларды сүйіп, Өзімді оларға жақынырақ таныстырамын. —
John Kaz 14:22  Исқариоттан өзге Яһуда Исадан:— Мырзам, Сіз қалайша осы дүниеге емес, тек бізге ғана Өзіңізді таныстырмақсыз? — деп сұрады.
John Kaz 14:23  Иса былай деп жауап берді:— Кім Мені сүйсе, сол айтқан сөздерімді берік ұстанады, әрі Әкем оны сүйеді. Біз сондай адамдарға келіп, өмірлерінен орын аламыз.
John Kaz 14:24  Мені сүймегендер сөздерімді берік ұстанбайды. Сендердің естіп жүргендерің — Өзімнің емес, Мені жіберген Әкемнің сөздері.
John Kaz 14:25  Мен бұл сөздерді әлі де қастарыңда жүрген кезімде айтып тұрмын.
John Kaz 14:26  Ал Әкем Менің атымнан Қамқоршыларың — Киелі Рухты жібереді. Ол Менің сендерге айтқан сөздерімнің бәрін естеріңе салып, рухани өмірлеріңе керектің бәрін үйретеді.
John Kaz 14:27  Мен сендерге амандық пен тыныштық сыйлаймын, Өзімнің тыныштығымды беремін. Менің беретінім осы дүниенің беретін өткінші тыныштығы сияқты емес, сондықтан көңілдерің қобалжып, қорықпаңдар.
John Kaz 14:28  Менің өздеріңе былай дегенімді естігенсіңдер: Мен кетемін, кейін сендерге қайтып келемін. Егер Мені шын көңілмен сүйсеңдер, Әкеме барып, құрметке бөленетініме қуанар едіңдер; себебі Әкем Менен ұлы.
John Kaz 14:29  Сендердің осылар іске асқан кезде Менің айтқандарыма шын сенулерің үшін бұларды қазір алдын ала айтып тұрмын.
John Kaz 14:30  Енді сендермен көп сөйлесе алмаймын, өйткені осы күнәкар дүниенің әміршісі (шайтан) жақындап келе жатыр. Оның билігі Маған жүрмейді.
John Kaz 14:31  Бірақ осы дүние Менің көктегі Әкемді сүйетінімді білсін деп Әкемнің тапсырмасын орындаймын.Ал енді тұрыңдар, бұл жерден кетейік! — деп Иса сөзін аяқтады.
Chapter 15
John Kaz 15:1  — Мен «шынайы жүзім бұтасымын», ал көктегі Әкем «жүзім өсіруші».
John Kaz 15:2  Маған ілінген, бірақ рухани жеміс бермейтін әр «сабақты» Әкем кесіп тастайды, ал өнім беретіндерін молырақ берсін деп тазартады.
John Kaz 15:3  Сол сияқты сендер де Менің өздеріңе айтқан сөздеріме сеніп, рухани таза болдыңдар.
John Kaz 15:4  Менімен тығыз байланыста тұрыңдар, сонда Мен өздеріңмен тығыз байланыста тұрамын. Сабақ өздігінен емес, тек бұтасымен байланыста тұрса ғана жеміс бере алады. Сол секілді сендер де Менімен тығыз байланыста тұрмасаңдар, рухани өнім бере алмайсыңдар.
John Kaz 15:5  Мен «бұтамын», ал сендер «сабақтарымсыңдар». Менімен тығыз байланыстағылармен Өзім де тығыз байланыста тұрамын, сонда олар мол өнім бермек. Ал Менен бөлініп сендер ешбір игілік істей алмайсыңдар.
John Kaz 15:6  Кім Менімен байланыста тұрмаса, сол кесіліп тасталған сабақтар іспетті «сыртқа лақтырылып, кеуіп қалады». Кепкен сабақтар кейін жиналып, отқа жағылып, жанып кетеді.
John Kaz 15:7  Ал егер сендер Менімен тығыз байланыста тұрсаңдар, әрі Менің сөздерім өздеріңмен бірге болса, қалағандарыңның бәрін көктегі Әкемнен сұраңдар, сонда аласыңдар.
John Kaz 15:8  Егер мол жеміс берсеңдер, Менің шәкірттерім боласыңдар. Сол арқылы Әкемнің ұлылығы анық көрінеді.
John Kaz 15:9  Әкем Мені қалай сүйсе, Мен де сендерді солай сүйемін. Сүйіспеншілігімді қабылдай беріңдер!
John Kaz 15:10  Менің Әкемнің өсиеттерін орындап, сүйіспеншілігін қабылдап жүргенімдей, сендер де Менің өсиеттерімді орындасаңдар, сүйіспеншілігімді қабылдап жүресіңдер.
John Kaz 15:11  Бұларды Менің көретін қуанышым сендердікі де болсын, әрі қуаныштарың мейлінше толық болсын деп өздеріңе айттым.
John Kaz 15:12  Сендерге айтатын өсиетім мынау: бір-біріңді Менің өздеріңді сүйгенімдей сүйіңдер!
John Kaz 15:13  Адамның достарына көрсететін ең зор сүйіспеншілігі — олар үшін өмірін құрбан етуі.
John Kaz 15:14  Егер Менің тапсырғандарымды орындасаңдар, Маған доссыңдар.
John Kaz 15:15  Сендерді бұдан былай құл демеймін, құл иесінің не істеп жүргенін білмейді. Қайта, сендерді достарым деп атадым, өйткені Әкемнен естігендерімнің бәрін сендерге білдірдім.
John Kaz 15:16  Сендер Мені таңдап алған жоқсыңдар, қайта, Мен сендерді таңдап алдым: өздерің барып, рухани жеміс берсін, сол жемістерің тұрақты болсын деп тағайындадым. Сонда Менің атымнан не сұрасаңдар, Әкем соның бәрін де береді.
John Kaz 15:17  Сендерге айтатын өсиетім мынау: бір-біріңді сүйіңдер!
John Kaz 15:18  Күнәкар дүние сендерді жек көрсе, оның сендерден бұрын Мені жек көргенін біліңдер.
John Kaz 15:19  Егер де осы дүниелік болсаңдар, ол сендерді өз адамдары ретінде жақсы көрер еді. Бірақ осы дүниелік емессіңдер, керісінше, Мен сендерді күнәкар дүниенің ішінен таңдап, айырып алдым. Сондықтан да ол сендерді жек көреді.
John Kaz 15:20  Мына айтқан сөзім естеріңде болсын: «қызметшінің жолы қожайынынан үлкен емес». Күнәкарлар Мені қудаласа, сендерді де қудалайды. Олар Менің сөзімді ұстанды ма, жоқ, ендеше сендердің сөздеріңді де ұстанбайтын болады.
John Kaz 15:21  Осының бәрін Менің атымды мойындағандарың үшін сендерге істейді. Себебі олар Мені Жібергенді танымайды.
John Kaz 15:22  Мен дүниеге келіп, оларға сөйлемесем, онда олар айыпты болмас еді. Ал енді кінәларына еш сылтау жоқ.
John Kaz 15:23  Мені жек көргендер сол арқылы Әкемді де жек көреді.
John Kaz 15:24  Егер Мен басқа ешкім жасамаған кереметтерімді араларында жасамаған болсам, олар айыпты болмас еді. Бірақ олар кереметтерімді көргенмен, Өзімді де, Әкемді де жек көреді.
John Kaz 15:25  Алайда солар қадірлейміз дейтін Киелі жазбаларда мынадай сөздер жазылған: Олар Мені себепсіз жек көреді. Бұл сөз осылайша іске асады.
John Kaz 15:26  Мен сендерге Әкемнен бір Қамқоршыны жіберемін: сендерге шындықты білдіретін сол Киелі Рух Әкемнен келіп, Мен туралы куәлік береді.
John Kaz 15:27  Сендер де куәлік бересіңдер, себебі қызметімнің басынан бастап қасымда болып келесіңдер.
Chapter 16
John Kaz 16:1  Сендерге осының бәрін Маған деген сенімдеріңнен таймауларың үшін айттым.
John Kaz 16:2  Діндар яһудилер сендерді қауымдарынан шығарып жіберетін болады. Тіпті көздеріңді құртқан әркім Құдайға қызмет көрсетіп жатырмын деп ойлайтын күн де туады.
John Kaz 16:3  Олар мұны не Әкені, не Мені танымағандықтан істейді.
John Kaz 16:4  Бұларды айтқандағы мақсатым — сендердің бастарыңа сондай күн туғанда Менің оны алдын ала айтып кеткенімді естеріңе алып, жігерленулерің.Мен сендерге қызметімнің басында бұларды айтқан жоқпын, себебі өздеріңмен бірге болдым ғой.
John Kaz 16:5  Енді Мен Өзімді Жібергенге қайтып кетемін. Ал бірде-біреуің Менен: «Қайда барасыз?» — деп сұрамайсыңдар.
John Kaz 16:6  Қайта, Менің айтқандарымнан көңілдерің жабырқап, мұңайып тұрсыңдар.
John Kaz 16:7  Сендерге шындығын айтайын: Менің кететінім сендер үшін жақсы! Себебі Мен кетпесем, сендерге Қамқоршыларың (Құдай Рухы) келмейді; ал Мен барған соң, Оны сендерге жіберемін.
John Kaz 16:8  Құдай Рухы келген соң, Ол осы дүниенің күнәсінің, Менің әділдігімнің және Құдайдың сотының қандай екендігіне адамдардың көздерін жеткізеді:
John Kaz 16:9  олардың күнәсі — Маған сенбейтіндіктері;
John Kaz 16:10  әділдігімнің дәлелі — Менің Әкеге баратыным және сендердің бұдан былай Мені көрмейтіндіктерің;
John Kaz 16:11  ал сот — осы күнәкар дүниенің әміршісінің (яғни әзәзіл шайтанның) сотталғандығы.
John Kaz 16:12  Сендерге айтарым әлі де көп, бірақ қазір оның бәрін тыңдауға төзімдерің жете қоймас.
John Kaz 16:13  Алайда шындықты білдіретін Құдай Рухы келгеннен кейін сендерді бар шындыққа жеткізеді. Себебі Ол Өзінен шыққан сөзді емес, көктегі Әкемнен естігенін айтады және болашақта не болатынын сендерге хабарлайды.
John Kaz 16:14  Құдай Рухы Менің ұлылығымды көрсетеді, себебі Ол Менен қабылдаған хабарларды сендерге жеткізбек.
John Kaz 16:15  Әкемдегінің бәрі Менікі де. Сондықтан да «Ол Менен қабылдаған хабарларды сендерге жеткізбек» дедім.
John Kaz 16:16  — Біраз уақыттан кейін Мені көрмейсіңдер, тағы біраздан кейін Мені қайта көресіңдер, — деді Иса.
John Kaz 16:17  Сонда кейбір шәкірттері өзара сөйлесіп:— Ол бізге «Біраз уақыттан кейін Мені көрмейсіңдер, тағы біраздан кейін Мені қайта көресіңдер» дегенде не айтқысы келеді? Әрі «Мен Әкеме барамын» дегені нені білдіреді?
John Kaz 16:18  Және «біраз уақыт» деп нені меңзейді? Біз Оның не туралы айтып тұрғанын түсінбейміз, — десті.
John Kaz 16:19  Иса олардың осы туралы Өзінен сұрағылары келгенін біліп, былай деді:— «Біраз уақыттан кейін Мені көрмейсіңдер, тағы біраздан кейін Мені қайта көресіңдер» деп айтқаным туралы бір-біріңнен сұрасып жатырсыңдар ма?
John Kaz 16:20  Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: сендер жылап, жоқтау айтатын боласыңдар, ал күнәкар дүние қуанатын болады. Сендер қайғырасыңдар, бірақ қайғыларың қуанышқа айналатын болады.
John Kaz 16:21  Әйел босанатын кезде қайғырады, себебі оның қиналатын уақыты жетті. Ал баласын туған соң, дүниеге адам келді деп қуанғанынан қиналғанын ұмытып кетеді.
John Kaz 16:22  Сендер де қазір солай қайғылысыңдар. Бірақ Мен сендерді қайта көремін, сонда қатты қуанасыңдар, қуаныштарыңды ешкім тартып ала алмайды.
John Kaz 16:23  Сол кезде Менен бір нәрсе сұрауларыңның қажеті болмайды. Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Әкеден Менің атымнан не сұрасаңдар, Ол соны береді.
John Kaz 16:24  Бұған дейін Менің атымнан еш нәрсе де сұраған жоқсыңдар. Енді сұраңдар да алыңдар! Сонда шексіз қуанышқа кенелесіңдер.
John Kaz 16:25  Осыларды Мен сендерге астарлап айттым. Бұдан былай астарлап емес, Әкем туралы ашық айтатын кезім де келеді.
John Kaz 16:26  Сол уақытта Менің атымнан сұрайсыңдар; Менің сендер үшін Әкеден өтінуімнің қажеті болмайды,
John Kaz 16:27  өйткені Әкенің Өзі сендерді сүйеді. Себебі сендер Мені сүйіп, Құдайдан келгеніме сенесіңдер.
John Kaz 16:28  Мен Әкеден жерге келдім; кейін жерді тастап, Әкеге қайта ораламын. —
John Kaz 16:29  Сонда шәкірттері:— Қазір астарлап емес, ашық сөйлеп тұрсыз.
John Kaz 16:30  Енді бәрін білетініңізге көзіміз жетті, өйткені Сізге адамдардың ойларында қандай сұрағы бар екенін сұраудың керегі жоқ. Сондықтан Құдайдан келгеніңізге сенеміз, — деді.
John Kaz 16:31  Иса оларға былай деп жауап берді:— Енді сенесіңдер ме?
John Kaz 16:32  Сендердің жан-жаққа бытырап, әрқайсыңның өз үйлеріңе кететін уақыттарың келеді, ол тіпті жетіп те қалды. Сонда Мені жалғыз қалдырасыңдар. Бірақ Мен жалғыз емеспін, себебі көктегі Әкем Өзіммен бірге.
John Kaz 16:33  Мен бұларды сендер Менімен тығыз байланыста тұрып, тыныштыққа кенелсін деп айттым. Күнәкар дүниеде қысымшылық көресіңдер; алайда батыл болыңдар: Мен осы дүниені жеңіп шықтым!
Chapter 17
John Kaz 17:1  Иса осыны айтқаннан кейін, аспанға қарап былай деді:— Әке, уақыт жетті. Рухани Ұлыңды ұлылыққа бөлей гөр, сонда Мен Сенің ұлылығыңды көрсете аламын.
John Kaz 17:2  Себебі Сен Маған берген адамдарыңның бәріне мәңгілік өмір сыйлауым үшін күллі адамзаттың билігін Менің қолыма тапсырдың.
John Kaz 17:3  Мәңгілік өмір — Сені, жалғыз шынайы Құдайды, әрі Өзің жерге жіберген Мені, Иса Мәсіхті, жақыннан тану.
John Kaz 17:4  Маған тапсырған ісіңді аяқтап, жерде Сенің ұлылығыңды көрсеттім.
John Kaz 17:5  Әке, әлем жаратылмай тұрып Өзіңмен бірге болғанымда ұлылыққа кенелген едім. Енді Мені өз қасыңда сол ұлылыққа қайтадан кенелте гөр.
John Kaz 17:6  Сені Маған күнәкар дүниенің ішінен айырып берген адамдарға Өзіңді таныттым. Олар Сенікі еді, Сен Маған оларды бердің. Олар Сенің сөзіңді берік ұстанып келеді.
John Kaz 17:7  Сенің Маған тапсырғандарыңның бәрінің де Өзіңнен шыққанына енді олардың көздері жетті.
John Kaz 17:8  Себебі Мен Өзің тапсырған хабарды оларға жеткіздім, олар оны қабыл алды. Сенен келгенімді шәкірттерім шынымен түсініп, Мені Өзіңнің жібергендігіңе сенді.
John Kaz 17:9  Олар үшін өтініп жатырмын. Саған бағынбайтын дүние үшін емес, Өзің Маған берген шәкірттерім үшін өтініп жатырмын, себебі олар Сенікі.
John Kaz 17:10  Менікінің бәрі Сенікі, Сенікінің бәрі де Менікі. Бұл адамдар арқылы Менің ұлылығым көрініп тұр.
John Kaz 17:11  Бұдан былай Мен осы дүниеде қалмай, Саған бара жатырмын. Бірақ олар осы дүниеде қалады.Киелі Әке, Маған берген есіміңнің құдіретімен шәкірттерімді қорғай гөр. Екеуіміздің біртұтас екендігіміздей, олар да біртұтас болсын.
John Kaz 17:12  Мен қастарында болған кезімде оларды Сенің Маған берген есіміңнің құдіретімен қорғап, аман сақтап жүрдім. Құрып кетуге тиісті адамнан басқа бірде-біреуін жоғалтқан жоқпын. Киелі жазбада сол адамның істейтіні туралы айтылғандар орындалу үшін осылай болды.
John Kaz 17:13  Ал енді Саған бара жатырмын. Бірақ Менің қуанышым толығымен шәкірттерімнің де қуанышы болсын деп осы сөздерді әлі де жерде жүрген кезімде айтып тұрмын.
John Kaz 17:14  Бұларға Сенің хабарыңды білдірдім. Күнәкар дүние оларды жек көріп келеді, себебі Менің осы дүниелік еместігім сияқты, бұлар да сондай емес.
John Kaz 17:15  Сенен оларды осы дүниеден әкете гөр деп емес, әзәзіл шайтаннан қорғай гөр деп сұрап тұрмын.
John Kaz 17:16  Менің осы дүниелік еместігім сияқты, бұлар да осы күнәкар дүниенің адамдары емес.
John Kaz 17:17  Оларды шындығың арқылы Өзіңе бағыштап, таза жүргізе гөр. Сенің сөзің — шындық.
John Kaz 17:18  Мені осы күнәкар дүниеге жібергеніңдей, Мен де бұларды осы дүниеге жіберемін.
John Kaz 17:19  Сенің шындығың арқылы олардың да Өзіңе бағышталулары үшін Мен Өзімді оларға бола Саған бағыштаймын.
John Kaz 17:20  Мен бұлар үшін ғана емес, олардың айтқандары арқылы Маған сенетін барлық адамдар үшін де өтініп тұрмын.
John Kaz 17:21  Әке, Мені Өзіңнің жібергендігіңе адамзаттың сенуі үшін, Сенің Менімен, Менің де Сенімен тығыз байланыста тұрғанымыздай, сенушілер де Екеуімізбен тығыз байланыста тұрып, бәрі біртұтас болсын деп өтінемін.
John Kaz 17:22  Солар да Біз сияқты біртұтас болсын деп, Өзің Маған сыйлаған ұлылықты Мен оларға да бердім.
John Kaz 17:23  Мен бұлармен тығыз байланыстамын, Сен де Менімен солайсың. Маған сенетіндер толық бірлікке жетсін! Осылайша Өзіңнің Мені жібергеніңе әрі Мені қалай сүйсең, оларды да солай сүйетініңе адамзаттың көзі жетсін.
John Kaz 17:24  Әке, Маған тапсырған адамдарыңның Өзім болатын жерде болуларын және Өзің Маған сыйлаған салтанатты ұлылығымды көрулерін қалаймын. Бұл ұлылығымды Сен Маған Мені сүйгендіктен әлем жаратылмастан бұрын-ақ сыйлаған едің.
John Kaz 17:25  Әділетті Әке, осы дүние Сені түсінген жоқ, ал Мен Сені түсінемін. Мені Өзіңнің жібергеніңе шәкірттерімнің көздері жетті.
John Kaz 17:26  Маған деген сүйіспеншілігің солардың ішінде де болсын және Өзім де олардың өмірлерінен орын алайын деп оларға Сенің қасиеттеріңді білдірдім және білдіре беремін де.
Chapter 18
John Kaz 18:1  Осылай мінажат еткеннен кейін Иса шәкірттерімен бірге (қаланың сыртындағы) Қидрон сайының арғы жағасына өтті. Сол жерде бір бақ бар еді. Иса шәкірттерін ертіп соның ішіне кірді.
John Kaz 18:2  Оған опасыздық еткен Яһуда да бұл жерді білетін, себебі Иса осында шәкірттерімен жиі жиналушы еді.
John Kaz 18:3  Енді Яһуда римдік әскердің бір тобын және басты діни қызметкерлер мен парызшылдар жіберген бірнеше сақшыларды ертіп сонда келді. Олардың қолдарында шамдары, шырақтары және қарулары болды.
John Kaz 18:4  Өзіне не боларын түгел білетін Иса бақтың ішінен шығып, оларға:— Кімді іздеп жүрсіңдер? — деген сұрақ қойды.
John Kaz 18:5  Олар:— Назареттік Исаны! — деп жауап берді. Иса:— Ол Менмін! — деді. Опасыз Яһуда да солардың қасында тұрған еді.
John Kaz 18:6  Иса оларға «Ол Менмін!» дегенде, олар кейін шегініп, жерге жығыла кетті.
John Kaz 18:7  Иса оларға тағы да:— Кімді іздеп жүрсіңдер? — деген сұрақ қойды. Олар:— Назареттік Исаны, — деп жауап берді. Иса:
John Kaz 18:8  — «Ол Менмін» деп сендерге айттым ғой! Егер Мені іздеп жүрсеңдер, онда мыналарға тимеңдер, кете берсін! — деді.
John Kaz 18:9  Исаның «Сен Маған бергендердің бірде-біреуін жоғалтқан жоқпын» деп айтқаны осылайша орындалды.
John Kaz 18:10  Шимон Петір беліне семсер байлап алған болатын. Ол соны суырып алып, бас діни қызметкердің малайына қарай сілтеп қалып, оның оң құлағын шауып түсірді. Малайдың аты Мәлік еді.
John Kaz 18:11  Ал Иса Петірге: «Семсеріңді қынабына сал! Әкем Маған белгілеп қойған азапты тартуым керек, соны білмеуші ме едің?» — деп ескертті.
John Kaz 18:12  Әскер тобы мен мыңбасы және яһуди басшыларының сақшылары Исаны тұтқынға алып, бұғаулады.
John Kaz 18:13  Алдымен Оны Аннасқа апарды. Өйткені Аннас сол жылы бас діни қызметкер болып тұрған Қаяфаның қайын атасы еді.
John Kaz 18:14  Халық үшін бір адамның өлгені жақсы деп яһуди басшыларына кеңес берген сол Қаяфа болатын.
John Kaz 18:15  Шимон Петір және Исаның тағы бір шәкірті Исаның артынан ілесіп отырды. Бұл шәкірт бас діни қызметкермен таныс еді, сондықтан оның сарайының ауласына Исаға еріп кірді.
John Kaz 18:16  Петір сыртта қақпаның алдында қалды. Жаңағы шәкірт, бас діни қызметкердің танысы, сыртқа шығып, қақпашы қызбен сөйлесті де, Петірді ішке кіргізіп алды.
John Kaz 18:17  Қақпаны ашып-жауып тұрған әлгі қызметші қыз Петірден: «Сен де осы Кісінің бір шәкірті емессің бе?» — деп сұрады. Ол: «Жоқ», — деді.
John Kaz 18:18  Малайлар мен сақшылар жылыну үшін от жағып, соның айналасында тұрды, себебі күн суық еді. Петір де олардың қасына барып, жылынып тұрды.
John Kaz 18:19  Бас діни қызметкер Исадан Өзінің шәкірттері мен ілімі туралы жауап алды.
John Kaz 18:20  Иса оған:— Мен бүкіл жұрттың алдында ашық айтып келемін. Әрдайым барлық яһудилер жиналатын мәжілісханалар мен ғибадатханада тәлім беріп жүрдім. Мен еш нәрсені бүркемелеп айтқан емеспін.
John Kaz 18:21  Сұрақтарды неге Менің Өзіме қойып жатырсыз? Не айтқанымды Мені тыңдағандардан сұраңыз. Менің не дегендерімді солар біледі ғой, — деп жауап берді.
John Kaz 18:22  Иса осыны айтқаннан кейін сонда тұрған сақшылардың бірі Оның бетін шапалақпен тартып жіберіп:— Сен бас діни қызметкерге қалай-қалай сөйлейсің? — деп зекіді.
John Kaz 18:23  Иса оған:— Айтқаным дұрыс болмаса, дәлелде; дұрыс болса, Мені неге ұрасың? — деп жауап берді.
John Kaz 18:24  Осыдан кейін Аннас Исаны бұғауланған күйі бас діни қызметкер Қаяфаға жіберді.
John Kaz 18:25  Ал Шимон Петір отқа жылынып тұра берді. Қасындағылар одан:— Сен де Соның бір шәкірті емессің бе?! — деп сұрады. Ол:— Жоқ, олай емеспін! — деп мойындамады.
John Kaz 18:26  Сонда бас діни қызметкердің малайларының бірі, Петір құлағын семсермен шауып түсірген кісінің бір туысы тіл қатып:— Сені бақта Соның қасынан көрдім емес пе? — деді.
John Kaz 18:27  Петір тағы мойындаған жоқ. Сол сәтте-ақ әтеш шақырды.
John Kaz 18:28  Таң сәріде яһуди дінбасылары Исаны Қаяфаның сарайынан римдік әміршінің сарайына алып барды. Діни салтқа сай арамданбау үшін, яһуди дінбасылары әміршінің сарайына кірген жоқ. Әйтпесе олар Құтқарылу мейрамындағы асқа қатыса алмайтын еді.
John Kaz 18:29  Сондықтан Пилат оларға өзі шығып:— Мына Кісіге қандай айып тағып тұрсыңдар? — деген сұрақ қойды.
John Kaz 18:30  Олар:— Бұл қылмыскер болмаса, Оны сізге ұстап әкелмес едік, — деп жауап қайтарды.
John Kaz 18:31  Пилат оларға:— Сендер Оны алып кетіп, өз заңдарың бойынша соттаңдар! — деді. Яһудилер:— Біреуге өлім жазасын тартқызу бізге рұқсат етілмеген, — деп жауап берді.
John Kaz 18:32  Өзінің қалай өлуге тиісті екенін меңзеп көрсеткен Исаның сөзі осылай орындалды.
John Kaz 18:33  Сонда Пилат сарайға қайта кіріп, Исаны шақыртып алып:— Сен «Яһудилердің Патшасысың» ба? — деп сұрады.
John Kaz 18:34  Иса:— Бұл сөзді өзіңіз айтып тұрсыз ба, әлде басқалар сізге Мен туралы айтты ма? — деп қарсы сұрақ қойды.
John Kaz 18:35  Пилат:— Мен не, яһудимін бе? Сені маған ұстап әкелген өз халқың және басты діни қызметкерлер ғой. Қандай істер істеп едің? — деді.
John Kaz 18:36  Иса:— Менің Патшалығым осы дүниелік емес. Егер де Патшалығым осы дүниелік болса, онда Менің қасымда сақшыларым жүріп, олар Мені яһуди басшыларының қолына түсірмеу үшін күрескен болар еді. Бірақ Менің Патшалығым осы дүниелік емес, — деп жауап берді.
John Kaz 18:37  Пилат:— Сонымен Сен бәрібір Патшасың ғой? — деп сұрады. Иса оған:— Дұрыс айтасыз, Мен Патшамын. Шындықты ашық жариялау үшін осы дүниеге келдім. Шындықты жақтаушы әркім Менің үніме құлақ салады, — деді.
John Kaz 18:38  Пилат Исадан:— Шындық деген не? — деп сұрады. Осыны айтты да, тағы да сарайынан шығып, яһуди басшыларына барды. Оларға тіл қатып былай деді:— Мен Одан ешқандай кінә таппай тұрмын!
John Kaz 18:39  Ал Құтқарылу мейрамында өз салттарың бойынша сендерге бір тұтқынды босатып жіберемін. Енді «Яһудилердің Патшасын» босатып беруімді қалайсыңдар ма? —
John Kaz 18:40  Сонда олар:— Бұны емес, Бараббаны! — деп қатты айқайлап жауап қайтарды. Ал Барабба ұлтшыл қарақшы болатын.
Chapter 19
John Kaz 19:1  Осыдан кейін Пилат Исаны қамшымен соқтырды.
John Kaz 19:2  Бір топ жасақшы тікенді бұтақшалардан «тәж» өріп, оны Исаның басына кигізді. Оның үстіне бір қызыл шапанды жапты.
John Kaz 19:3  Олар Исаның қарсы алдына тұра қалып: «Яһудилердің Патшасы жасасын!» — деп, шапалақпен бетінен ұра берді.
John Kaz 19:4  Пилат қайтадан сыртқа шығып, яһуди басшыларына:— Қараңдар, мен Оны сендерге әкеле жатырмын: Одан ешқандай кінә таппай тұрмын, соны біліңдер! — деді.
John Kaz 19:5  Иса басындағы тікен тәжімен, үстіндегі қызыл шапанымен сыртқа шықты. Пилат яһудилерге:— Қараңдар, сол Адам — Мынау! — деді.
John Kaz 19:6  Басты діни қызметкерлер мен олардың сақшылары Исаны көргенде:— Айқышқа шегеленсін! Айқышқа! — деп айқай салды. Пилат оларға:— Оны өздерің алып, айқышқа шегелеңдер! Себебі мен Одан ешқандай кінә таппай тұрмын, — деді.
John Kaz 19:7  Яһуди басшылары оған:— Біздің Таурат заңымыз бар, сол бойынша Ол өлуге тиіс, себебі Ол Өзін «Құдайдың (рухани) Ұлымын» деп жүр, — деді.
John Kaz 19:8  Пилат осыны естігенде бұрынғыдан бетер қорқып кетті.
John Kaz 19:9  Сарайға қайта кіріп, Исадан:— Сен қайдан шыққансың? — деп сұрады. Бірақ Иса оған жауап берген жоқ.
John Kaz 19:10  Сонда Пилат:— Менімен сөйлескің келмей ме? Сені босатып жіберу де, айқышқа шегелетіп өлтіру де менің билігімде екенін білмейсің бе? — деді.
John Kaz 19:11  Иса оған:— Көктен берілмесе, Маған билігіңіз жүрмес еді. Сондықтан Мені ұстап бергеннің күнәсі сіздікінен де үлкен, — деп жауап қайтарды.
John Kaz 19:12  Содан Пилат Исаны босатып жіберуге тырысты. Бірақ яһуди басшылары:— Егер Оны босатып жіберсеңіз, Рим патшасының досы емессіз! Өзін-өзі патшамын деген әркім Рим патшасына қарсы! — деп айқай салды.
John Kaz 19:13  Осы сөздерді естіген соң Пилат Исаны сыртқа шығартып, өзі Тастөселген деп аталатын алаңдағы төрелік тағына отырды. Сол алаңның жергілікті аты — Ғаббата.
John Kaz 19:14  Бұл Құтқарылу мейрамынан бір күн бұрын түскі сағат он екілерде болған еді. Пилат яһудилерге:— Міне, Патшаларың! — деді.
John Kaz 19:15  Бірақ олар:— Алып кетіңіз Оны, айқышқа шегеленсін! — деп айқай салды. Пилат оларға:— Мен айқышқа сендердің Патшаларыңды шегелетейін бе?! — деген сұрақ қойды. Басты діни қызметкерлер:— Рим патшасынан басқа ешқандай патшамыз жоқ! — деп жауап берді.
John Kaz 19:16  Сонда Пилат олардың дегеніне көніп, Исаны айқышқа шегелеп өлтіруге бұйырды.Сонымен жасақшылар Исаны ұстап алып кетті.
John Kaz 19:17  Иса айқыш ағашын Өзі арқалап, қаладан шықты да, Маңдайтөбе деп аталатын жерге қарай бет алды. Мұның жергілікті аты — Ғолғота.
John Kaz 19:18  Жасақшылар Исаны басқа екі адаммен бірге, біреуін оң, екіншісін сол жағына, ал орталарына Исаны қойып, үш айқыш ағашқа керіп шегелеп тастап, тік көтеріп қойды.
John Kaz 19:19  Пилат тақтайша жасатып, айқыштың жоғарғы жағына бекіттірді. Оның бетінде «Назареттік Иса — Яһудилердің Патшасы» деп жазылған еді.
John Kaz 19:20  Мұны көптеген яһудилер оқыды, себебі Иса айқышқа шегеленген жер қалаға жақын еді, әрі жазу еврейше, латынша және грекше жазылған болатын.
John Kaz 19:21  Ал яһудилердің басты діни қызметкерлері Пилатқа былай деді:— «Яһудилердің Патшасы» емес, «Мынау Яһудилердің Патшасымын деді» деп жазыңыз!
John Kaz 19:22  Пилат оларға:— Мен жазарымды жазып қойдым, — деп жауап қатты.
John Kaz 19:23  Жасақшылар Исаны айқышқа шегелеп, көтергеннен кейін Оның сырт киімдерін төртеуі тең бөлісіп, көйлегін де алды. Көйлегі басынан аяғына дейін тігіссіз тұтас тоқылған еді.
John Kaz 19:24  Сол себепті олар бір-біріне: «Бұны жыртпайық, жеребе салып, кімге түсетінін шешейік», — деді. «Жау жамылғымды бөлісіп алады, киімім үшін жеребе салады» деп Забурда жазылған сөздер осылай орындалды. Мұны жасақшылар жүзеге асырды.
John Kaz 19:25  Иса шегеленген айқыштың қасында Оның шешесі, нағашы әпкесі, Клеопаның әйелі Мәриям және мағдалалық Мәриям тұр еді.
John Kaz 19:26  Иса шешесін және оның қасында тұрған, Өзін жақсы көретін шәкіртін көргенде, шешесіне: «Апа, енді мынау — сіздің ұлыңыз!» — деді.
John Kaz 19:27  Содан кейін шәкіртіне: «Енді осы кісі — сенің анаң!» — деді. Сол сәттен бастап шәкірті Исаның шешесін қамқорлығына алды.
John Kaz 19:28  Тиісті нәрселердің бәрінің түгел орындалғанын білген Иса бұдан кейін: «Мен шөлдеп тұрмын», — деді. Забурда алдын ала жазып қалдырылған бұл тәрізді сөз де осылай іске асты.
John Kaz 19:29  Сол жерде сірке суына толы құмыра тұрған еді. Жасақшылар бір сорғышты сірке суына батырып алып, сайсағыз бұтасының сабағына бекітіп, Исаның аузына тосты.
John Kaz 19:30  Иса сірке суын сорғаннан кейін: «Енді түгел орындалды!» — деді де, басын иіп, жан тапсырды.
John Kaz 19:31  Бұл жұма күні, ал ертеңіндегі сенбі үлкен мейрам болатын. Шегеленгендердің денелерін мейрам күні айқыш ағашта қалдыру яһудилердің діни ережелерін бұзу болып табылар еді. Сондықтан яһуди басшылары Пилатқа барып, шегеленгендерді аяқтарын сындырып өлтіріп, сүйектерін айқыштан алып тастауын өтінді.
John Kaz 19:32  Сонымен жасақшылар келіп, Исамен бірге шегеленген екі кісінің аяқтарын сындырды.
John Kaz 19:33  Алайда Исаның қасына келіп, Оның өліп қалғанын көрген соң, олар Оның аяқтарын сындырған жоқ.
John Kaz 19:34  Бірақ жасақшылардың біреуі Исаның бүйіріне найзасын сұғып алды. Сол заматта қан мен су шыға келді.
John Kaz 19:35  Мұны көрген кісі сендер де сенсін деп бұған куәлік береді. Оның куәлігіне сенуге болады, ол шындықты айтып тұрғанын біледі.
John Kaz 19:36  Киелі жазбалардағы мына тәрізді сөздердің осылай орындалуы тиіс еді: Оның ешбір сүйегі де сындырылмасын! Бұл солай болды да.
John Kaz 19:37  Пайғамбарлар жазбаларының тағы бір жерінде: «Олар өздері түйреген Кісіге қарайтын болады» делінген.
John Kaz 19:38  Бұдан кейін ариматеялық Жүсіп деген кісі Пилатқа барды. Жүсіп Исадан тәлім алған шәкірті болғанмен, мұнысын яһуди басшыларынан қорыққанынан жасырып келген еді. Осы кісі Пилаттан Исаның мәйітін айқыш ағаштан түсіріп алуға рұқсат сұрады. Пилат бұған келісті. Жүсіп барып, сүйекті айқыштан түсіріп алды.
John Kaz 19:39  Нікөдем де сол жерге келді. Ол мәйітке жағатын мүр мен алоэ шайырының жүз қадақтай қоспасын әкелді. Нікөдем бұрын бір кезде түн ішінде Исаға келіп кеткен болатын.
John Kaz 19:40  Екеуі яһуди халқының дәстүрлі салты бойынша мәйітке осы хош иісті қоспадан сала отырып, оны бәтес орауышқа орады.
John Kaz 19:41  Исаны айқышқа шегелеп өлтірген жердің маңында бір бақ болатын. Бақтың ішінде әлі ешкім қойылмаған бос қабір бар еді.
John Kaz 19:42  Яһуди мейрамының қарсаңы болғандықтан және қабір жақын тұрған соң, олар Исаның сүйегін соның ішіне апарып қойды.
Chapter 20
John Kaz 20:1  Жексенбі күні әлі қараңғы болған кезде мағдалалық Мәриям (жартастан үңгіп жасалған) қабірге келді. Сонда ол қабірдің аузын бекіткен дәу қақпақ тастың орнынан алынып тасталғанын көрді.
John Kaz 20:2  Содан Мәриям Шимон Петірге және Исаның жақсы көрген шәкіртіне жүгіріп барып, оларға: «Біреулер Мырзамызды қабірден алып кетіпті! Оны қай жерге қойғанын білмейміз!» — деді.
John Kaz 20:3  Петір мен әлгі шәкірт дереу қаладан шығып, қабірге қарай беттеді.
John Kaz 20:4  Екеуі бірге жүгіре жөнелді, бірақ сол шәкірт Петірден жылдамырақ жүгіріп, үңгірдегі қабірге алдымен жетті.
John Kaz 20:5  Ол еңкейіп қарап, бәтес орауыштың жатқанын көрді, бірақ қабірдің ішіне кірмеді.
John Kaz 20:6  Сол сәтте оның соңын ала Шимон Петір де келіп, қабірге кірді.
John Kaz 20:7  Ол да бәтес орауыш пен Исаның беті бүркелген сүлгінің жатқанын көрді. Сүлгі бәтес орауышпен бірге емес, бүктелген күйі бөлек жатыр екен.
John Kaz 20:8  Сонда бірінші болып келген әлгі шәкірт те қабірге кірді. Ол да соны көріп, Исаның тірілгеніне сенді.
John Kaz 20:9  Сол кезде олар Исаның Киелі жазбаларға сай өлімнен қайта тірілуге тиіс екендігін әлі де түсінбейтін.
John Kaz 20:10  Содан кейін екі шәкірт өздері тұрып жатқан үйге қайта оралды.
John Kaz 20:11  Ал Мәриям үңгірдің алдында жылап тұрды. Жылап тұрған ол қабірдің ішіне еңкейіп қарағанда,
John Kaz 20:12  ақ киімді екі періштенің отырғанын көрді. Біреуі Исаның мәйіті қойылған жердің бас жағында, екіншісі аяқ жағында отыр екен.
John Kaz 20:13  Періштелер Мәриямға:— Қарындас, неге жылап тұрсың? — деп тіл қатты. Ол:— Біреулер Мырзамды алып кетіпті! Оны қай жерге қойғанын білмеймін, — деді.
John Kaz 20:14  Мәриям осыны айтқаннан кейін артына бұрылып, Исаның тұрғанын көрді, бірақ Оны танымады.
John Kaz 20:15  Иса:— Қарындас, неге жылап тұрсың? Кімді іздеп жүрсің? — деп сұрады. Мәриям Оны бағбан екен деп ойлап:— Мырза, Оны әкеткен Сіз болсаңыз, қайда қойғаныңызды айтыңызшы. Мен Оны сол жерден алып кетейін, — деді.
John Kaz 20:16  Сонда Иса оған:— Мәриям! — деп үн қатты. Мәриям Исаға бұрылып:— Раббуни! — деді. Бұл сөз «Ұстаз!» деп аударылады.
John Kaz 20:17  Иса оған:— Маған жармаспа, себебі Мен әлі де Әкеме көтерілген жоқпын. Одан да бауырластарыма барып, оларға Менің Әкеме, яғни сендердің де Әкелеріңе, өз Құдайыма, яғни сендердің де Құдайларыңа, көтеріліп кететінімді айт! — деп тапсырды.
John Kaz 20:18  Мағдалалық Мәриям шәкірттерге барып, өзінің Иемізді көргенін және Оның осы айтқандарын жеткізді.
John Kaz 20:19  Сол жексенбі күнінің кешінде Исаның шәкірттері жиналып, яһуди басшыларынан қорыққаннан есіктерді бекітіп алған еді. Кенеттен кіріп келген Иса орталарына тұра қалып: «Сендерге амандық пен тыныштық болсын!» — деп батасын берді.
John Kaz 20:20  Осыны айтқаннан кейін Иса оларға екі қолы мен бүйірін көрсетті. Шәкірттері Иелері Мәсіхті көріп қатты қуанды.
John Kaz 20:21  Иса оларға тағы да: «Сендерге амандық пен тыныштық болсын! — деді. — Әкемнің Өзімді осы дүниеге жібергені сияқты, Мен де сендерді адамдарға жіберемін». —
John Kaz 20:22  Осылай дегеннен кейін Иса шәкірттерінің бетіне демін үрлеп: «Киелі Рухты қабыл алыңдар!
John Kaz 20:23  Кімнің күнәларын кешсеңдер, солар кешіріледі, ал кімнің күнәларын кешпесеңдер, солар кешірілмейді», — деді.
John Kaz 20:24  Исаның он екі шәкіртінің бірі, Сыңарлас деп те аталған Тома, Иса оларға келген кезде араларында жоқ еді.
John Kaz 20:25  Басқа шәкірттер оған:— Біз Иемізді көрдік, — дегенде, Тома:— Мен Оның қолдарынан шегелердің орнын көрмесем, саусағыммен шегелердің орнын сипап, бүйіріндегі тыртығын қолыммен ұстамасам, Оның тірілгеніне еш сенбеймін, — деп жауап берді.
John Kaz 20:26  Бір аптадан кейін Исаның шәкірттері тағы сол үйге жиналды, олармен бірге Тома да болды. Есік бекітілген еді, бірақ Иса кіріп келіп, орталарына тұра қалды да:— Сендерге амандық пен тыныштық болсын! — деді.
John Kaz 20:27  Содан кейін Томаға: — Менің қолыма саусақтарыңды тигізіп қара, алақаныңды бүйіріме қой және сенімсіз болмай, сенетін бол! — деді.
John Kaz 20:28  Тома Оған:— Ием менің, Құдайым менің! — деп мойынсұнды.
John Kaz 20:29  Иса:— Тома, сен Мені көргендіктен Маған сеніп тұрсың. Ал Мені көрмесе де сенетіндер бақытты! — деп жауап берді.
John Kaz 20:30  Иса шәкірттерінің көз алдында осы кітапта жазылмаған басқа да көптеген кереметтер істеді.
John Kaz 20:31  Ал жазылғандары Исаның Құтқарушы Мәсіх, Құдайдың рухани Ұлы екендігіне сендер сенсін, әрі сенімдерің арқылы Онымен тығыз байланыста тұрып, шынайы өмірге ие болсын деген мақсатпен жазылған.
Chapter 21
John Kaz 21:1  Бұдан кейін Иса Тіберия көлінің жағасында тағы бір рет шәкірттеріне көрінді. Бұл былай болған еді:
John Kaz 21:2  Шимон Петір, Сыңарлас Тома, Ғалилеядағы Қана қаласынан шыққан Натанайыл, Зебедейдің ұлдары және Исаның тағы басқа екі шәкірті бәрі бірге болды.
John Kaz 21:3  Сонда Петір серіктеріне:— Мен балық аулауға бара жатырмын, — деді.— Біз де барайық, — деді олар. Содан барлығы сыртқа шығып, қайыққа мінді. Алайда сол түні олар түк те ұстай алған жоқ.
John Kaz 21:4  Таң сәріде Иса жағада тұрды, бірақ шәкірттері Оның Сол екенін білмеді.
John Kaz 21:5  Иса оларға:— Жігіттер, балықтарың бар ма? — деп үн қатты. Олар:— Жоқ, — деп жауап берді.
John Kaz 21:6  — Ауды қайықтың оң жағынан салыңдар, сонда біразын ұстайсыңдар, — деді Иса. Олар ауын тастаған соң, түскен балықтың көптігінен оны тартып шығара алмады.
John Kaz 21:7  Сол кезде Исаның жақсы көретін шәкірті Петірге: «Бұл — Иеміз ғой!» — деді.«Бұл — Иеміз ғой!» дегенді естігенде, сырт киімсіз жүрген Шимон Петір көйлегін буып алып, суға секірді.
John Kaz 21:8  Басқа шәкірттер де қайықпен жағаға беттеді, олар жағалаудан алыс емес, жүз метрдей жерде жүрген еді. Бұлар балыққа толы ауды сүйретіп келді.
John Kaz 21:9  Жағалауға шыққан олар күйген ағашпен жағылған отты, оның үстіндегі балық пен нанды көрді.
John Kaz 21:10  Иса оларға: «Қазір ұстаған балықтарыңнан әкеліңдер!» — деді.
John Kaz 21:11  Петір суға түсіп, үлкен-үлкен балыққа толы ауды жағалауға сүйреп шығарды, бір жүз елу үш балық бар екен. Балық сонша көп болса да, ау жыртылмапты.
John Kaz 21:12  Иса оларды: «Енді келіп, тамақтаныңдар!» — деп шақырды. Шәкірттердің ешқайсысының: «Кімсіз?» — деп сұрауға батылы бармады. Себебі олар Оның Иеміз екенін білді.
John Kaz 21:13  Иса келіп, нан алып, бұларға үлестіріп, балықтан да берді.
John Kaz 21:14  Бұл Исаның өлімнен қайта тірілгеннен кейінгі үшінші рет шәкірттеріне көрінуі еді.
John Kaz 21:15  Олар тамақтанып алғаннан кейін, Иса Шимон Петірден:— Жохан ұлы Шимон, сен Мені мыналарға қарағанда көбірек сүйесің бе? — деп сұрады.— Иә, Ием, Сізді жақсы көретінімді білесіз ғой.— Тоқты-қозыларымды бақ!
John Kaz 21:16  Иса екінші рет:— Жохан ұлы Шимон, сен Мені сүйесің бе? — деп сұрады.— Иә, Ием, Сізді жақсы көретінімді білесіз ғой. — Иса оған:— Қойларымды бағып жүр! — деп тапсырды.
John Kaz 21:17  Иса үшінші рет:— Жохан ұлы Шимон, сен Мені жақсы көресің бе? — деп сұрады.Иса: «Сен Мені жақсы көресің бе?» деп үшінші рет сұрағандықтан Петір мұңайып:— Ием, Сіз бәрін де білесіз, Сізді жақсы көретінімді де білесіз, — деді. Иса оған:— Қойларыма қарап жүр!
John Kaz 21:18  Саған өте маңызды шындықты айтамын: жас кезіңде сен беліңді өзің байлап, қалаған жағыңа бардың. Ал қартайғанда қолыңды созып тұрасың, сонда басқа біреу беліңді байлап, барғың келмеген жаққа еріксіз ертіп кететін болады, — деді.
John Kaz 21:19  Иса мұны Петірдің кейінірек қандай ажалмен өлетінін алдын ала білдіру үшін айтты. Сол өлімі арқылы ол Құдайдың ұлылығын паш ететін болды. Иса осыдан кейін оған: «Мен жүріп өткен жолмен жүр!» — деп тапсырды.
John Kaz 21:20  Петір артына бұрылып, Исаның жақсы көретін шәкіртінің ілесіп келе жатқанын көрді. Ол кешкі ас кезінде Исаның қасында жантайып жатып: «Мырза, Сізге опасыздық жасайтын сол адам кім?» — деп сұраған шәкірт еді.
John Kaz 21:21  Петір сол шәкіртті көргенде Исаға:— Ием, ал мынау ше? — деді.
John Kaz 21:22  Иса:— Қаласам, Мен қайтып келгенше ол осында болады, онда сенің не шаруаң бар? Өзің Мен жүріп өткен жолмен жүр! — деп жауап берді.
John Kaz 21:23  Бұдан кейін бауырластар арасында «сол шәкірт өлмейді» деген сөз тарады. Бірақ Иса Петірге «өлмейді» деп айтқан жоқ. «Қаласам, Мен қайтып келгенше ол осында болады, онда сенің не шаруаң бар?» деген еді.
John Kaz 21:24  Осының бәріне куә болып, барлығын жазып қалдырған — әлгі шәкірт. Біз оның куәлігінің шынайы екенін білеміз.
John Kaz 21:25  Исаның істеп кеткен көптеген басқа да істері бар. Олар туралы толықтай жазса, жазылуға тиісті кітаптар, менің ойымша, бұл дүниеге сыймас еді. (Аумин)