Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
LEVITICUS
Up
Chapter 1
Levi Kaz 1:1  Жаратқан Ие киелі кездесу шатырының ішінен Мұсаны шақырып алып, оған былай деп бұйырды:
Levi Kaz 1:2  — Исраил халқына мынаны айт: Араларыңнан біреу Жаратқан Иеге құрбандық мал ұсынғанда онысын не мүйізді ірі қарадан, не ұсақ малдан алып келсін.
Levi Kaz 1:3  Егер оның шалынып, түгелдей өртелетін құрбандығы мүйізді ірі қара болса, онда Жаратқан Ие оған риза болу үшін адам еш мінсіз бір бұқаны кездесу шатырының кіреберісіне алып келсін.
Levi Kaz 1:4  Адам сол құрбандық малдың басына қолын қойсын. Сонда осы адам күнәларының арамдығынан тазарады. Жаратқан Ие оның құрбандығына риза болып, онысын қабылдайды.
Levi Kaz 1:5  Адам жас бұқаны Жаратқан Иенің алдында шалсын. Һаронның ұлдары — діни қызметкерлер құрбандықтың қанын алып келіп, одан кездесу шатырының кіреберісінің алдында тұрған құрбандық үстеліне барлық жақтарынан бүркіп шашсын.
Levi Kaz 1:6  Содан соң адам шалынған құрбандықтың терісін сыдырып алып тастап, денесін мүшелеп бөлсін.
Levi Kaz 1:7  Діни қызметкер Һаронның ұлдары құрбандық үстеліне шоқ салып, оның үстіне ағаш отын қаластырсын.
Levi Kaz 1:8  Олар құрбандықтың мүшеленген бөліктерін, басын және майларын құрбандық үстелінде жанып жатқан отынның үстіне рет-ретімен салсын.
Levi Kaz 1:9  Құрбандықтың ішек-қарыны мен сирақтары сумен жуылсын. Діни қызметкер соның барлығын құрбандық үстелінде түтетіп өртеп жіберсін. Осы түгелдей өртелген құрбандық — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту.
Levi Kaz 1:10  Егер адамның шалынып, түгелдей өртелетін құрбандығы ұсақ мал: қой не ешкі болса, онда еш мінсіз, еркек жынысты бір малды алып келсін.
Levi Kaz 1:11  Адам оны Жаратқан Иенің алдында, құрбандық үстелінің солтүстік жағында шалсын. Діни қызмет атқарушы Һаронның ұлдары малдың қанынан құрбандық үстеліне барлық жақтарынан бүркіп шашсын.
Levi Kaz 1:12  Содан соң адам құрбандықтың денесін мүшелеп бөлсін. Діни қызметкер сол бөліктерді, басын және майларын құрбандық үстелінде жанып жатқан отынның үстіне рет-ретімен салсын.
Levi Kaz 1:13  Құрбандықтың ішек-қарыны мен сирақтары сумен жуылсын. Діни қызметкер соның барлығын құрбандық үстелінде түтетіп өртеп жіберсін. Осы түгелдей өртелген құрбандық — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту.
Levi Kaz 1:14  Егер адамның Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін құрбандығы құстардан болса, онда ол бір көгершін немесе бір жас кептер алып келсін.
Levi Kaz 1:15  Діни қызметкер құсты құрбандық үстеліне алып келіп, оның мойнын үзіп, сонда түтетіп өртеп жіберсін. Содан бұрын ол құстың қанын құрбандық үстелінің қабырғасына қысып ағызсын,
Levi Kaz 1:16  әрі жемсауы мен қауырсындарын құрбандық үстелінің шығыс жағына, күл төгілген жерге лақтырып тастасын.
Levi Kaz 1:17  Содан соң діни қызметкер құстың қанаттарын ұстап, денесін қақ жарсын, бірақ бөлектемесін. Діни қызметкер осылай құсты құрбандық үстелінде жанып жатқан отынның үстінде түтетіп өртеп жіберсін. Осы түгелдей өртелген құрбандық — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту.
Chapter 2
Levi Kaz 2:1  Егер біреу Жаратқан Иеге астық тартуын ұсынса, онысын таңдаулы бидай ұнынан жасап, соған зәйтүн майын құйып, үстіне хош иісті шайырды қойсын.
Levi Kaz 2:2  Ол бұларды діни қызмет атқарушы Һаронның ұлдарының біреуіне алып барсын. Діни қызметкер май құйылған ұнның бір уысын және барлық хош иісті шайырды алып, естелік бөлігі ретінде құрбандық үстелінде түтетіп өртеп жіберсін. Бұл — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту.
Levi Kaz 2:3  Астық тартуының қалған бөлігі — Һарон мен оның ұлдарының үлесі. Ол — Жаратқан Иеге бағышталып, өртелу арқылы ұсынылған тартулардың ерекше киелі бөлігі.
Levi Kaz 2:4  Егер сенің алып келген астық тартуың тандырда жабылған нан болса, ол зәйтүн майы араластырылған таңдаулы бидай ұнынан ашытқысыз дайындалған пәтір нан немесе ашытқысыз пісіріліп, зәйтүн майы жағылған жұқа нан болсын.
Levi Kaz 2:5  Егер тартуың жалпақ табада пісірілген астық тартуы болса, ол зәйтүн майы араластырылған таңдаулы бидай ұнынан ашытқысыз дайындалған болсын.
Levi Kaz 2:6  Оны үзіп, үстіне зәйтүн майын құй. Бұл — астық тартуының бір түрі.
Levi Kaz 2:7  Егер тартуың шұңғыл табада пісірілген астық тартуы болса, ол да таңдаулы бидай ұны мен зәйтүн майынан дайындалған болсын.
Levi Kaz 2:8  Осылайша дайындалған астық тартуын Жаратқан Иеге арнап алып кел де, діни қызметкерге табыста. Ол соны құрбандық үстеліне алып барады.
Levi Kaz 2:9  Діни қызметкер астық тартуының бір бөлігін үзіп алып, оны естелік бөлігі ретінде құрбандық үстелінде түтетіп өртеп жіберсін. Бұл — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту.
Levi Kaz 2:10  Астық тартуының қалған бөлігі — Һарон мен оның ұлдарының үлесі. Ол — Жаратқан Иеге бағышталып, өртелу арқылы ұсынылған тартулардың ерекше киелі бөлігі.
Levi Kaz 2:11  Жаратқан Иеге алып келетін астық тартуларыңның ешқайсысы ашытқымен пісірілмесін! Себебі Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылатын бірде-бір тартудың құрамында не ашытқы, не бал атаулы болмауы керек.
Levi Kaz 2:12  Ашытқы мен балды жыл сайын өнімдеріңнің алғашқы бөлігінің арасында Жаратқан Иеге тарту етулеріңе болады. Бірақ соларды құрбандық үстелінде Жаратқан Иеге хош иісті де ұнамды тарту ретінде өртеуге болмайды.
Levi Kaz 2:13  Астық тартуларыңның барлығына да тұз қос. Тұз Құдайыңның Келісімін есіңе салады. Оны астық тартуларыңның қайсыбіреуіне қоспай қойып жүрме! Қайта, олардың бәріне де тұз қосушы бол!
Levi Kaz 2:14  Егер алғашқы өнімдеріңнен Жаратқан Иеге астық тартуын ұсынсаң, ол жаңа піскен масақтардан алынып, отта кептіріліп, түйіліп жармаланған дәндерден болсын.
Levi Kaz 2:15  Оған зәйтүн майын құйып, үстіне хош иісті шайыр қой. Бұл — астық тартуының келесі бір түрі.
Levi Kaz 2:16  Діни қызметкер осы зәйтүн майы құйылып, жармаланған дәндердің естелік бөлігін және хош иісті шайырдың бәрін алып, Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған тарту ретінде түтетіп өртеп жіберсін.
Chapter 3
Levi Kaz 3:1  Егер біреу Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандыққа еркек не ұрғашы мүйізді ірі қара малдан ұсынса, онда Жаратқан Иенің алдына еш мінсіз бір малды алып келсін.
Levi Kaz 3:2  Адам құрбандығының басына қолын қойсын. Оны кездесу шатырының кіреберісінде шалсын. Діни қызмет атқарушы Һаронның ұлдары малдың қанынан құрбандық үстеліне барлық жақтарынан бүркіп шашсын.
Levi Kaz 3:3  Адам Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдірген осы құрбандығынан Оған мына бөліктерді өртеу арқылы ұсынсын: малдың бүкіл ішмайы мен шарбы майын,
Levi Kaz 3:4  қос бүйректі, олардағы майды жамбас майымен бірге және бауырдың үстіндегі көк етті. Соңғысын бүйректермен бірге бөліп алып қойсын.
Levi Kaz 3:5  Һаронның ұлдары осы бөліктерді құрбандық үстелінде жанып жатқан отынның үстінде түгелдей өртелетін тартумен бірге түтетіп өртеп жіберсін. Бұл — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту.
Levi Kaz 3:6  Егер біреу Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандығына еркек не ұрғашы бір ұсақ малын алып келсе, онысы еш мінсіз болуға тиіс.
Levi Kaz 3:7  Егер ол тоқты ұсынса, онысын Жаратқан Иенің алдына алып келсін.
Levi Kaz 3:8  Адам құрбандығының басына қолын қойсын. Оны кездесу шатырының алдында шалсын. Һаронның ұлдары тоқтының қанынан құрбандық үстеліне барлық жақтарынан бүркіп шашсын.
Levi Kaz 3:9  Адам Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандығынан Оған өртеу арқылы мына бөліктерді тарту етсін: барлық майын, яғни құйымшағының қасынан кесіп алған майлы құйрығын түгелдей, бүкіл ішмайы мен шарбы майын,
Levi Kaz 3:10  қос бүйректі, олардағы майды жамбас майымен бірге және бауырдың үстіндегі көк етті. Соңғысын бүйректермен бірге бөліп алып қойсын.
Levi Kaz 3:11  Діни қызметкер осы бөліктерді құрбандық үстелінде тамақ іспетті түтетіп өртеп жіберсін. Бұл — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған тарту.
Levi Kaz 3:12  Егер біреу құрбандыққа ұрғашы ешкі ұсынса, ол онысын Жаратқан Иенің алдына алып келсін.
Levi Kaz 3:13  Адам ешкінің басына қолын қойып, содан кейін оны кездесу шатырының алдында шалсын. Һаронның ұлдары малдың қанынан құрбандық үстеліне барлық жақтарынан бүркіп шашсын.
Levi Kaz 3:14  Адам Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандығынан Оған мына бөліктерді өртеу арқылы тарту етсін: малдың бүкіл ішмайы мен шарбы майын,
Levi Kaz 3:15  қос бүйректі, олардағы майды жамбас майымен бірге және бауырдың үстіндегі көк етті. Ол соңғысын бүйректермен бірге бөліп алып қойсын.
Levi Kaz 3:16  Діни қызметкер осы бөліктерді құрбандық үстелінде тамақ іспетті түтетіп өртеп жіберсін. Бұл — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту. Құрбандықтың бар майы Жаратқан Иеге бағышталсын!
Levi Kaz 3:17  Өздерің және болашақтағы ұрпақтарың барлық мекендеріңде сақтауға тиісті тұрақты ереже мынау: сендерге құрбандықтың ешқандай майын және қан атаулыны ішіп-жеуге болмайды.
Chapter 4
Levi Kaz 4:1  Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп те бұйырды:
Levi Kaz 4:2  — Исраил халқына мынаны айт: Егер бір адам Жаратқан Ие тыйым салған бір нәрсені істеп абайсызда күнә жасап қойған болса, ол былай істеуі керек:
Levi Kaz 4:3  Егер Құдай тағайындаған діни қызметкер күнә жасап қойған болса, ол мұнысы арқылы бүкіл халықты да айыпты етеді. Діни қызметкер жасаған күнәсінің құнын өтейтін құрбандық ретінде Жаратқан Иеге арнап мінсіз бір жас бұқаны алып келсін.
Levi Kaz 4:4  Оны кездесу шатырының кіреберісіне Жаратқан Иенің алдына әкеліп, басына қолын қойсын. Жас бұқаны Жаратқан Иенің алдында құрбандыққа шалсын.
Levi Kaz 4:5  Тағайындалған діни қызметкер оның қанынан біраз алып, кездесу шатырының ішіне апарсын.
Levi Kaz 4:6  Сонда ол саусағын қанға малып алып, оны Жаратқан Иенің алдында, ең қасиетті бөлмені бөліп тұрған шымылдықтың алдында жерге жеті рет бүркіп шашсын.
Levi Kaz 4:7  Бұдан кейін діни қызметкер кездесу шатырында Жаратқан Иенің алдында тұрған хош иісті заттарды түтету үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына біраз қанды жақсын. Ал қалған қанды кездесу шатырының кіреберісінің қасындағы шалынған құрбандықтар өртелетін үстелдің түбіне төксін.
Levi Kaz 4:8  Діни қызметкер күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа шалынған жас бұқаның бар майын: бүкіл ішмайы мен шарбы майын,
Levi Kaz 4:9  қос бүйректегі майды жамбас майымен бірге және бауырдың үстіндегі көк етті бүйректермен бірге бөліп алып қойсын.
Levi Kaz 4:10  Оның Жаратқан Иемен қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандыққа шалынған мүйізді ірі қараның майларын бөлек алып қоятынындай, осы майларды да бөлек алып қоюы қажет. Діни қызметкер оларды құрбандық үстелінің үстінде өртеп жіберсін.
Levi Kaz 4:11  Ал бұқаның қалған бөліктерінің бәрін: терісін, бар етін, басы мен сирақтарын, ішек-қарны мен жынын
Levi Kaz 4:12  ел қонысының сыртындағы күл төгілетін таза жерге апарып, сол жерде жанып жатқан отынның үстіне қойып өртеп жіберуі керек.
Levi Kaz 4:13  Егер бүкіл Исраил қауымы Жаратқан Ие тыйым салған бір нәрсені істеп абайсызда күнә жасап қойған болса, ал осы туралы өздері білмесе де, олар бәрібір айыпты болады.
Levi Kaz 4:14  Өздерінің жасаған күнәлары туралы білгенде, қауым күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде жас бұқаны ұсынып, кездесу шатырының алдына алып келсін.
Levi Kaz 4:15  Қауымның жетекшілері ақсақалдары Жаратқан Иенің алдында жас бұқаның басына қолдарын қойсын және оны сол жерде шалсын.
Levi Kaz 4:16  Тағайындалған діни қызметкер жас бұқаның қанынан біраз алып, кездесу шатырының ішіне апарсын.
Levi Kaz 4:17  Сонда ол саусағын қанға малып алып, оны Жаратқан Иенің алдында, (ең қасиетті бөлмені бөліп тұрған) шымылдықтың алдында жерге жеті рет бүркіп шашсын.
Levi Kaz 4:18  Бұдан кейін діни қызметкер кездесу шатырында Жаратқан Иенің алдында тұрған түтету үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына біраз қанды жақсын. Ал қалған қанды кездесу шатырының кіреберісінің қасындағы құрбандық үстелінің түбіне төксін.
Levi Kaz 4:19  Діни қызметкер құрбандықтың бар майын бөлек алып қойып, құрбандық үстелінің үстінде түтетіп өртеп жіберсін.
Levi Kaz 4:20  Ол күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа шалынған жас бұқаға не істеген болса, осы жас бұқаға да дәл солай істесін. Осылайша діни қызметкер халықты күнәларының арамдығынан тазартып, олар Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады.
Levi Kaz 4:21  Ал жас бұқаның қалған бөліктерін ел қонысының сыртына шығарып, оларды жаңағы бұқаны өртегендей өртеп жіберсін. Бұл — қауымның күнәсінің құнын өтейтін құрбандық.
Levi Kaz 4:22  Егер басшылардың бірі Құдай Иесі тыйым салған бір нәрсені істеп абайсызда күнә жасап қойса, ол айыпты болады.
Levi Kaz 4:23  Өзінің жасаған күнәсі туралы білгенде, ол бір мінсіз текені құрбандыққа алып келсін.
Levi Kaz 4:24  Басшы текенің басына қолын қойсын. Оны түгелдей өртелетін құрбандықтар шалынатын жерде Жаратқан Иенің алдында шалсын. Бұл — күнәнің құнын өтейтін құрбандық.
Levi Kaz 4:25  Діни қызметкер саусағын күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың қанына малып алып, оны құрбандық үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына жақсын. Қанның қалған бөлігін құрбандық үстелінің түбіне төксін.
Levi Kaz 4:26  Діни қызметкер оның бүкіл майын қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандықтың майы сияқты құрбандық үстелінің үстінде түтетіп өртеп жіберсін. Осылайша діни қызметкер сол басшыны күнәсінің арамдығынан тазартып, ол Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады.
Levi Kaz 4:27  Ал егер жай адамдардың бірі Жаратқан Ие тыйым салған бір нәрсені істеп абайсызда күнә жасаса, ол да айыпты болады.
Levi Kaz 4:28  Өзінің жасаған күнәсі туралы білгенде адам күнәсінің құнын өтейтін құрбандық ретінде бір мінсіз ұрғашы ешкіні алып келсін.
Levi Kaz 4:29  Адам күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың басына қолын қойсын. Оны түгелдей өртелетін құрбандықтар шалынатын жерде шалсын.
Levi Kaz 4:30  Діни қызметкер саусағын құрбандықтың қанына малып алып, оны құрбандық үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына жақсын. Қанның қалған бөлігін құрбандық үстелінің түбіне төксін.
Levi Kaz 4:31  Оның Жаратқан Иемен қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандықтың майын бөліп алып қоятынындай, осы құрбандықтың бар майын да бөліп алып қоюы қажет. Діни қызметкер майды құрбандық үстелінің үстінде түтетіп өртеп жіберсін. Оның хош иісі Жаратқан Иеге ұнамды. Осылайша діни қызметкер адамның орнына оның құнын өтеуші құрбандық ұсынып, ол Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады.
Levi Kaz 4:32  Егер адам күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа тоқты ұсынса, онда мінсіз ұрғашы тоқты алып келсін.
Levi Kaz 4:33  Адам күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың басына қолын қойсын. Оны түгелдей өртелетін құрбандықтар шалынатын жерде шалсын.
Levi Kaz 4:34  Діни қызметкер саусағын құрбандықтың қанына малып алып, оны құрбандық өртелетін үстелдің мүйіз тәрізді шошақтарына жақсын. Қанның қалған бөлігін құрбандық үстелінің түбіне төксін.
Levi Kaz 4:35  Оның қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандықтың майын бөліп алып қоятынындай, осы құрбандықтың бар майын да бөліп алып қоюы қажет. Діни қызметкер майды құрбандық үстелінің үстінде Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылатын басқа құрбандықтардың үстінде түтетіп өртеп жіберсін. Осылайша діни қызметкер адамды жасаған күнәсінің арамдығынан тазартып, ол Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады.
Chapter 5
Levi Kaz 5:1  Егер біреу өзінің бір жайтқа байланысты көргені не білетіні туралы куәлік келтіруге антпен шақырған дауысты естіп, содан бас тартса, оның күнә жасағаны, ол айыпты болады.
Levi Kaz 5:2  Немесе біреу кез келген арам нәрсемен: арам аңның не арам малдың өлігімен не құжынаған арам мақұлықтардың өлігімен жанасса, тіпті осы жайт оған беймәлім болса да, ол бәрібір арамданып, айыпты болады.
Levi Kaz 5:3  Біреу адам денесінен бөлінетін қандай да болмасын оны арамдайтын былғанышқа жанасса, тіпті осы жайт оған беймәлім болса да, сол туралы білгенде ол айыпты болады.
Levi Kaz 5:4  Біреу жақсы болсын, жаман болсын кез келген бір іс істеймін деп ойланбастан ағат ант бере салса, ол тіпті өзінің айтқанын толығымен білмесе де, сол туралы оған мәлім болғанда ол айыпты болады.
Levi Kaz 5:5  Егер адам осы айтылған жайттардың біреуіне сай айыпты бола қалса, ол өзінің қандай күнә жасағанын ашық мойындасын.
Levi Kaz 5:6  Сол айыбының өтемі ретінде Жаратқан Иеге арнап күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа қойдың не ешкінің ұрғашысын алып келсін. Осылайша діни қызметкер сол адамды жасаған күнәсінің арамдығынан тазартсын.
Levi Kaz 5:7  Егер айыбының өтеміне қой-ешкі шалуға адамның жағдайы көтермесе, онда екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді Жаратқан Иеге алып келсін. Олардың біреуі күнәнің құнын өтейтін, екіншісі шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтарға арналады.
Levi Kaz 5:8  Адам құрбандықтарын діни қызметкерге алып келсін. Діни қызметкер алдымен күнәнің құнын өтейтін құрбандықты ұсынып, құстың мойнын үзсін. Бірақ басын денесінен толығымен жұлып алмасын.
Levi Kaz 5:9  Ол күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың қанының біразын құрбандық үстелінің барлық жақтарына шашуы керек. Қанның қалған бөлігін құрбандық үстелінің түбіне қысып ағызсын. Бұл — күнәнің құнын өтейтін құрбандық.
Levi Kaz 5:10  Содан соң діни қызметкер екінші құсты ережеге сай құрбандыққа шалып, түгелдей өртеп жіберсін. Осылайша ол сол адамды жасаған күнәсінің арамдығынан тазартып, ол Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады.
Levi Kaz 5:11  Ал егер адамның екі орман кептерін немесе екі көгершінді әкелуге де жағдайы көтермесе, онда ол жасаған күнәсінің құнын өтейтін тарту ретінде пұттың оннан біріндей мөлшерде таңдаулы бидай ұнын алып келсін. Ол ұнына не зәйтүн майын, не хош иісті шайыр қоспауы керек, себебі бұл — күнәнің құнын өтейтін тарту.
Levi Kaz 5:12  Адам оны діни қызметкерге алып келсін. Діни қызметкер ұнның бір уысын естелік бөлігі ретінде алып, Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған басқа құрбандықтармен бірге құрбандық үстелінің үстінде түтетіп өртеп жіберсін. Бұл — күнәнің құнын өтейтін тарту:
Levi Kaz 5:13  осылайша діни қызметкер адамды жасаған осындай күнәсінің арамдығынан тазартып, ол Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады. Ал астық тартуы сияқты, осы тартудың қалған бөлігі де діни қызметкерге тиісті үлес болады.
Levi Kaz 5:14  Жаратқан Ие Мұсаға тағы да нұсқау беріп былай деді:
Levi Kaz 5:15  — Егер бір адам Жаратқан Иеге бағышталған киелі нәрселерге қатысты абайсызда теріс қылық жасап күнәлі болса, ол соның айыбын өтейтін құрбандыққа Жаратқан Иеге арнап отардан бір қошқар алып келсін. Қошқар еш мінсіз болып, құны киелі үйде қолданылатын ресми өлшем бойынша белгіленген күміс мысқалға сәйкес келсін. Бұл — айыпты өтейтін құрбандық.
Levi Kaz 5:16  Адам Жаратқан Иенің сол арамданған киелі нәрселерінің құнын және оның үстіне сол құнның бестен бірін қосып, барлығын діни қызметкерге табыстасын. Осылайша діни қызметкер қошқарды әлгі адамның айыбын өтеуші құрбандық ретінде ұсынып, оны жасаған күнәсінің арамдығынан тазартады. Сонда адам Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады.
Levi Kaz 5:17  Егер біреу Жаратқан Ие тыйым салған бір нәрсені істеп абайсызда күнә жасап қойған болса, ол бәрібір айыпты болып, кінәсінің жазасын тартады.
Levi Kaz 5:18  Адам діни қызметкерге айыбын өтейтін құрбандыққа отардан бір қошқар алып келсін. Қошқар еш мінсіз болып, құны киелі үйде қолданылатын ресми өлшем бойынша белгіленген күміс бағасына сәйкес келсін. Осылайша діни қызметкер адамды абайсызда жасаған күнәсінің арамдығынан тазартып, адам Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады.
Levi Kaz 5:19  Бұл — айыпты өтейтін құрбандық, оны ұсынған адам Жаратқан Иенің алдында айыпты болып қалған еді.
Chapter 6
Levi Kaz 6:1  Жаратқан Ие Мұсаға тағы да нұсқау беріп былай деді:
Levi Kaz 6:2  Егер біреу басқа бір кісінің өзіне сеніп тапсырған немесе қарамағына қалдырған нәрсесін не өтірік айтып, не ұрлап, не мәжбүрлеп иемденіп алса, немесе біреудің жоғалтып алған нәрсесін тауып алып, ол туралы айтпай, антпен де мойындамаса, немесе адам осы сияқты басқа да күнә жасаса, онда сол адамның Жаратқан Иеге де опасыздық жасағаны.
Levi Kaz 6:3  Егер біреу басқа бір кісінің өзіне сеніп тапсырған немесе қарамағына қалдырған нәрсесін не өтірік айтып, не ұрлап, не мәжбүрлеп иемденіп алса, немесе біреудің жоғалтып алған нәрсесін тауып алып, ол туралы айтпай, антпен де мойындамаса, немесе адам осы сияқты басқа да күнә жасаса, онда сол адамның Жаратқан Иеге де опасыздық жасағаны.
Levi Kaz 6:4  Біреу осылай күнә жасаса, айыпты болып қалады. Онда ол ұрлап не мәжбүрлеп алып қойғанын, сондай-ақ, біреудің өзіне сеніп тапсырғанын, не біреудің жоғалтып, ал өзі иемденіп алғанын,
Levi Kaz 6:5  не жалған ант ішіп иемденіп алғанын түгелдей қайтаруы керек. Адам өзінің айыбын мойындаған күні сол заттың толық құнын, үстіне құнның бестен бірін қосып иесіне қайтарып беруге тиіс.
Levi Kaz 6:6  Адам өзінің айыбын өтейтін құрбандығын діни қызметкерге алып келіп, оны Жаратқан Иеге ұсынсын. Құрбандығы еш мінсіз, құны белгілі мөлшерге сәйкес қошқар болсын.
Levi Kaz 6:7  Осылайша діни қызметкер Жаратқан Иенің алдында адамды жасаған күнәсінің арамдығынан тазартып, адам өзін айыпты қылған осы істерінің бәрі үшін Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады.
Levi Kaz 6:8  Жаратқан Ие Мұсаға тағы да нұсқау беріп былай деді:
Levi Kaz 6:9  — Діни қызметкер Һарон мен оның ұлдарына мына бұйрықты жеткіз: Шалынып түгелдей өртелетін құрбандық туралы нұсқаулар мынадай: Осы құрбандық өртеліп жатқанда құрбандық үстелінің үстінде түні бойы таң атқанша қалуы керек. Құрбандық үстеліндегі от өшіп қалмай, түні бойы жанып тұрсын.
Levi Kaz 6:10  Таңертең діни қызметкер өзінің бәтестен жасалған сырт киімі мен шалбарын кисін. Ол өртелген құрбандықтың күлін құрбандық үстелінен алып, оның жанына қойсын.
Levi Kaz 6:11  Содан соң діни қызметкер үстіндегі сол киімдерін шешіп, басқасын киіп, күлді ел қонысының сыртына бір таза жерге апарсын.
Levi Kaz 6:12  Құрбандық үстеліндегі отты ұдайы жандыра беру керек, ол ешқашан сөнбесін. Әр күні таңертең діни қызметкер оған ағаш отын салып, оттың үстіне түгелдей өртелетін құрбандықты салып өртесін және онда қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандығының майлы бөліктерін де өртейтін болсын.
Levi Kaz 6:13  Сонымен құрбандық үстеліндегі отты ұдайы жандыра беру керек, ол ешқашан сөнбесін.
Levi Kaz 6:14  Астық тартуы жайындағы нұсқаулар мынадай: Һаронның ұлдары оны құрбандық үстелінің алдына Жаратқан Иеге арнап алып келсін.
Levi Kaz 6:15  Діни қызметкер таңдаулы бидай ұнынан бір уыс, аздап зәйтүн майынан және астық тартуының үстіндегі барлық хош иісті шайырды алып, астық тартуының осы естелік бөлігін Жаратқан Иеге ұнамды, хош иісті тарту ретінде құрбандық үстелінде өртесін.
Levi Kaz 6:16  Һарон мен оның ұлдары астық тартуының қалған бөлігін ашымаған нан ретінде кездесу шатырының ауласындағы киелі орында жеулері керек.
Levi Kaz 6:17  Осы нанды ешқашан ашытқымен пісіруге болмайды. Мен (Жаратқан Ие) оны Өзіме арнап өртелу арқылы ұсынылатын тартулардан олардың үлестері ретінде діни қызметкерлерге беремін. Күнәнің құнын өтейтін және айыпты өтейтін құрбандықтар сияқты бұл тарту да ерекше киелі.
Levi Kaz 6:18  Һаронның барлық еркек кіндікті ұрпақтарының одан жеулеріне болады. Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылатын тартулардың барлығынан оларға әрдайым бұйырылған үлес осы болмақ. Онымен жанасқан әр нәрсе де Жаратқан Иеге бағышталып киелі болады.
Levi Kaz 6:19  Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп нұсқау берді:
Levi Kaz 6:20  — Діни қызметкер май жағу рәсімі арқылы тағайындалған күні Һарон мен оның ұлдары (Маған) Жаратқан Иеге мына астық тартуын ұсынулары керек: пұттың оннан бір бөлігіндей мөлшердегі таңдаулы бидай ұнын. Бұл күн сайынғы астық тартуы болады. Оның жартысын олар таңертең, қалған жартысын кешке ұсынулары керек.
Levi Kaz 6:21  Сол ұнды зәйтүн майымен жақсылап араластырып, жалпақ табада пісіріп, үзіп-үзіп астық тартуы ретінде Жаратқан Иеге ұсыну қажет. Бұл Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды сый-тарту болады.
Levi Kaz 6:22  Һаронның діни қызметкер болып тағайындалып, май жағу рәсімінен өткен әрбір еркек кіндікті ұрпағы да болашақта осы тартуды Жаратқан Иеге ұсынатын болсын. Бұл — мәңгілік ереже. Тарту Жаратқан Иеге арналып түгелдей өртелсін.
Levi Kaz 6:23  Діни қызметкердің өзі ұсынған әрбір астық тартуын түгелдей өртеп жіберу қажет. Оның ешқандай бөлігін жеуге болмайды.
Levi Kaz 6:24  Содан соң Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды:
Levi Kaz 6:25  — Һаронға және оның ұлдарына мынаны айт: күнәнің құнын өтейтін құрбандық жайлы нұсқаулар мыналар. Күнәнің құнын өтейтін құрбандық Жаратқан Иенің алдында, түгелдей өртелетін құрбандықтар шалынатын орында шалынсын. Ол ерекше киелі.
Levi Kaz 6:26  Күнәнің құнын өтейтін құрбандықты ұсынған діни қызметкер оның етін жесін. Оны кездесу шатырының ауласындағы киелі орында жеуі керек.
Levi Kaz 6:27  Құрбандықтың етіне жанасқан әр нәрсе Жаратқан Иеге бағышталып киелі болады. Егер құрбандықтың қаны киімге тамса, сол киімді киелі орында жуу керек.
Levi Kaz 6:28  Құрбандықтың еті пісірілген ыдыс қыштан жасалған болса, сол ыдысты сындырып тастау керек, ал қоладан жасалған болса, оны ысқылап тазалап, сумен жуып-шаю керек.
Levi Kaz 6:29  Тек діни қызметкердің отбасындағы барлық ер адамдардың ғана сол құрбандықтың етін жеулеріне болады. Ол Жаратқан Иеге бағышталған ерекше киелі.
Levi Kaz 6:30  Ал егер күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың қанының бір бөлігі киелі орында адамды күнәсінің арамдығынан тазарту мақсатында ұсынылу үшін кездесу шатырының ішіне әкелінсе, сондай құрбандықты жеуге болмайды. Оны түгелдей өртеп жіберу керек.
Chapter 7
Levi Kaz 7:1  Айыпты өтейтін құрбандықты ұсыну тәртібі мынау: сол құрбандық Жаратқан Иеге бағышталған ерекше киелі.
Levi Kaz 7:2  Осы құрбандық күнәнің құнын өтейтін құрбандықтар шалынатын жерде шалынсын. Діни қызметкер оның қанын құрбандық үстеліне барлық жақтарынан шашсын.
Levi Kaz 7:3  Ал оның бүкіл майын: майлы құйрығын, ішмайы мен шарбы майын,
Levi Kaz 7:4  қос бүйректегі майды жамбас майымен бірге және бауырдың үстіндегі көк етті бүйректермен бірге бөліп алып қойсын.
Levi Kaz 7:5  Діни қызметкер осы бөліктерді Жаратқан Иеге өртелу арқылы жасалатын құрбандық ретінде құрбандық үстелінде өртеп жіберсін.
Levi Kaz 7:6  Діни қызметкерлердің отбасыларындағы әрбір ер адамның сол құрбандықтың етін жеуіне болады. Оны киелі орында жесін, ол Жаратқан Иеге бағышталған ерекше киелі.
Levi Kaz 7:7  Күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың ережесі қандай болса, айыпты өтейтін құрбандықтың ережесі де сондай: құрбандықтың еті адамның күнәсінің арамдығын тазартатын құрбандықты ұсынған діни қызметкерге тиісті.
Levi Kaz 7:8  Діни қызметкер біреудің шалынып, өртелетін құрбандығын Жаратқан Иеге ұсынғанда, сол малдың терісі де діни қызметкерге тиесілі болады.
Levi Kaz 7:9  Сол сияқты, тандырда, табада не жалпақ табада пісірілген әрбір астық тартуы Жаратқан Иеге ұсынылғанда, ол соны Жаратқан Иеге ұсынған діни қызметкерге тиісті болады.
Levi Kaz 7:10  Май қосылған болсын не май қосылмаған құрғақ болсын, әрбір астық тартуы Һаронның ұлдарының барлығына бірдей тиесілі.
Levi Kaz 7:11  Адамның Жаратқан Иеге Онымен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандықтар мен тартулар ұсынуы жайлы нұсқаулар мыналар.
Levi Kaz 7:12  Егер адам Жаратқан Иеге шүкіршілік ету үшін бір құрбандық әкелсе, онда ол сонымен бірге зәйтүн майы қосылған ашымаған нандар, ашымаған әрі майланған пәтір нандар және таңдаулы бидай ұнынан маймен жақсылап араластырылып пісірілген нандарды да қоса тартуы керек.
Levi Kaz 7:13  Сол адам осы нандарымен және Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандығымен қоса ашытқымен пісірілген нандарды да тарту етсін.
Levi Kaz 7:14  Осылардан ол Жаратқан Иеге арнап бір-бір наннан тарту етсін. Бұл нандар құрбандықтың қанын құрбандық үстеліне бүркіп шашқан діни қызметкерге тиесілі болады.
Levi Kaz 7:15  Құрбандықтың етін құрбандық шалған күні жеу керек, оны ертеңге дейін қалдыруға болмайды.
Levi Kaz 7:16  Ал егер адамның құрбандығы ант етілген немесе (өз еркімен ұсынылған) тарту болса, соның еті құрбандық шалынған күні желінсін, ал оның қалған етін келесі күні де жеуге болады.
Levi Kaz 7:17  Алайда үшінші күні еттің қалғанын міндетті түрде өртеп жіберу керек.
Levi Kaz 7:18  Егер сол еттен үшінші күні де желінсе, онда сол адамның Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдірген құрбандығы қабылданбайды да, оған бұдан еш сауап тимейді. Сондай ет арамданып, жиренішті болады, одан жеген адам өз айыбын өзі көтереді.
Levi Kaz 7:19  Кез келген арам нәрсемен жанасып кеткен етті жеуге болмайды. Ондай етті өртеп жіберу керек. Бірақ арамданбаған әркімнің басқалай етті жеуіне болады.
Levi Kaz 7:20  Ал егер арамданған біреу Жаратқан Иемен қарым-қатынасқа ризашылық білдірген құрбандықтың етін жесе, ондай адам халқының арасынан аластатылсын! Ол Жаратқан Иеге арналған етті тазару рәсімінен өтпеген арам күйінде жеді ғой.
Levi Kaz 7:21  Сондай-ақ, егер біреу не адамның денесінен бөлініп оны арамдайтын былғанышқа, не арам хайуанға, не кез келген арам да жиренішті басқа бір затқа жанасқан соң Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіріп, Оған арналған құрбандықтың етін тазару рәсімінен өтпеген арам күйінде жесе, сондай кісі де халқының арасынан аластатылсын!
Levi Kaz 7:22  Содан соң Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
Levi Kaz 7:23  — Исраил халқына мынаны айт: Мүйізді ірі қараның, қойдың, ешкінің ешқандай (іш) майын ішіп-жеулеріңе болмайды.
Levi Kaz 7:24  Сол сияқты, арам өлген не жыртқыш аңға таланып өлген хайуанның майын басқа қажеттеріңе жаратуларыңа болады, тек оны ішіп-жеулеріңе болмайды.
Levi Kaz 7:25  Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған құрбандықтың майын жеген кез келген адам халқының арасынан аластатылсын!
Levi Kaz 7:26  Тұрған мекендеріңнің бәрінде құстың да, хайуанның да қанын ішіп-жемеңдер!
Levi Kaz 7:27  Қанды ішіп-жеген әрбір адам халқының арасынан аластатылсын!
Levi Kaz 7:28  Жаратқан Ие Мұсаға тағы нұсқау беріп былай деді:
Levi Kaz 7:29  — Исраил халқына мынаны айт: Жаратқан Иеге Онымен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандығын алып келген әркім соның бір бөлігін Жаратқан Иеге арнайы тарту ретінде ұсынуға тиіс.
Levi Kaz 7:30  Адам Жаратқан Иеге өртелу арқылы жасалатын бұл тартуын, яғни малдың ішмайын, өз қолымен ұсынуы керек: ол малдың ішмайы мен төсін әкеліп, төсті Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсынылатын тарту ретінде Оған бағыштасын.
Levi Kaz 7:31  Діни қызметкер ішмайды құрбандық үстелінде өртесін, ал төс Һарон мен оның ұлдарына тиесілі болады.
Levi Kaz 7:32  Жаратқан Иемен қарым-қатынасыңа ризашылығыңды білдіретін құрбандығың ретінде шалынған малыңның оң жақ сан етін діни қызметкерге көтеріп ұсынылатын тарту ретінде бер.
Levi Kaz 7:33  Осы оң жақ сан еті құрбандықтың қанын бүркіп, майын өртеп ұсынған діни қызметкердің сыбағасы болып табылады.
Levi Kaz 7:34  Мен исраилдіктердің Өзіммен қарым-қатынастарына ризашылықтарын білдіретін құрбандықтарынан малдардың әрі-бері тербеп ұсынылған төсін және көтеріп ұсынылған сан етін діни қызметкер Һаронға және оның ұқпақтарына мәңгілік сыбаға етіп тағайындадым.
Levi Kaz 7:35  Олардың сыбағасы, міне, осы. Ол Һарон мен оның ұлдары Жаратқан Иеге діни қызметке тағайындалған күнінен бері оларға өртелу арқылы ұсынылған құрбандықтардан белгіленген.
Levi Kaz 7:36  Һарон мен оның ұлдарына май жағу рәсімі жасалып, қызметке тағайындалған кезде Жаратқан Ие Исраил халқына мынадай бұйрық берген болатын: Олар осы сыбағаны әрқашан діни қызметкер Һаронға және оның ұрпақтарына беріп тұратын болсын!
Levi Kaz 7:37  Шалынып, түгелдей өртеліп ұсынылатын құрбандық, астық тартуы, күнәнің құнын өтейтін құрбандық, айыпты өтейтін құрбандық, діни қызметкерді тағайындау рәсіміндегі құрбандық және Жаратқан Иемен қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандық туралы нұсқаулар, міне, осылар.
Levi Kaz 7:38  Жаратқан Ие оларды Синай тауының басында Мұсаға тапсырды. Сол кезде Жаратқан Ие Өзіне сый-тарту алып келулері жайлы осы нұсқауларын Синай атты иен далада (уақытша аялдаған) Исраил халқына берді.
Chapter 8
Levi Kaz 8:1  Жаратқан Ие Мұсаға тағы да нұсқау беріп былай деді:
Levi Kaz 8:2  «Менің алдыма Һаронды және оның ұлдарын, сондай-ақ, арнайы киімдерін, май жағу рәсіміне арналған майды әрі күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа бір жас бұқаны, екі қошқарды және ашымаған нан салынған себетті алып кел.
Levi Kaz 8:3  Бүкіл қауымды кездесу шатырының алдына жина».
Levi Kaz 8:4  Сонда Мұса Жаратқан Иенің берген тапсырмасын орындады да, қауым кездесу шатырының кіреберісінің маңында жиналды.
Levi Kaz 8:5  Мұса жиналғандарға: «Жаратқан Ие бізге мынаны істеңдер деп бұйырды», — деді.
Levi Kaz 8:6  Содан ол Һарон мен оның ұлдарын алға шығарып, оларды сумен жуып тазару рәсімінен өткізді.
Levi Kaz 8:7  Мұса Һаронға арнайы ұзын көйлегін кигізіп, жалпақ белбеуін тақты да, сырт көйлегі мен жеңсіз сырт киімін кигізді. Мұнан кейін ол жеңсіз сырт киімді кестеленіп тоқылған белбеумен буды.
Levi Kaz 8:8  Һаронға кеуде қалтаны таққызып, соған «Нұр және Кемелділік» атты арнайы жеребелерді салып қойды.
Levi Kaz 8:9  Содан соң Мұса Һаронның басына сәлдені кигізді. Сәлденің маңдай жағына Һаронның Құдайға түгелдей бағышталғандығын белгілейтін алтын тақташаны бекітіп байлады. Осының бәрін Мұса Жаратқан Иенің бұйырғанына сай орындады.
Levi Kaz 8:10  Бұдан кейін Мұса Жаратқан Иенің жер бетіндегі тұрағы — киелі шатырға және ондағы барлық нәрселерге арнайы май жағып, осы рәсім арқылы оларды Құдайға бағыштады.
Levi Kaz 8:11  Мұса майдың біразын құрбандық үстеліне жеті рет бүркіп, сол үстел мен оның барлық бұйымдарына және қазан мен оның тұғырына май жағу рәсімін жасап оларды Құдайға бағыштады.
Levi Kaz 8:12  Сол майдың біразын Һаронның басына құйып май жағу рәсімін орындап, Һаронды Құдайдың қызметіне бағыштады.
Levi Kaz 8:13  Бұдан кейін Мұса Һаронның ұлдарын алға шығарды да, үстеріне арнайы ұзын көйлек кигізіп, белдерін жалпақ белбеумен буып, бастарына сәлде кигізді. Осының бәрін Мұса Жаратқан Иенің бұйырғанына сай орындады.
Levi Kaz 8:14  Содан соң Мұса күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа бір жас бұқаны әкелдірді. Һарон мен оның ұлдары соның басына қолдарын қойды.
Levi Kaz 8:15  Мұса бұқаны шалып, оның біраз қанын саусағымен құрбандық үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына жағып, осы арқылы құрбандық үстеліне тазарту рәсімін жасады. Қанның қалған бөлігін Мұса құрбандық үстелінің түбіне төгіп, үстелді күнәнің арамдығынан тазартып, оны Жаратқан Иеге бағыштады.
Levi Kaz 8:16  Мұса бұқаның бүкіл ішмайы мен шарбы майын, бауырының көк етін, қос бүйрегін майларымен қоса алып, құрбандық үстелінің үстінде өртеп жіберді.
Levi Kaz 8:17  Ал бұқаның терісін, етін, ішек-қарны мен жынын ел қонысының сыртына шығарып өртетті. Осының бәрін Мұса Жаратқан Иенің бұйырғанына сай орындады.
Levi Kaz 8:18  Мұнан кейін Мұса түгелдей өртелетін құрбандыққа бір қошқарды әкелдірді. Һарон мен оның ұлдары қошқардың басына қолдарын қойды.
Levi Kaz 8:19  Мұса қошқарды шалып, қанын құрбандық үстеліне барлық жақтарынан бүрікті.
Levi Kaz 8:20  Мұнан кейін ол қошқарды мүшелеп бөліп, басын, сол бөліктерді және майларын өртеп жіберді.
Levi Kaz 8:21  Мұса қошқардың ішек-қарны мен сирақтарын сумен жуып, қошқарды толығымен құрбандық үстелінде өртеп жіберді. Бұл шалынып, түгелдей өртелген құрбандық — Жаратқан Иеге хош иісті де ұнамды тарту. Осының бәрін Мұса Жаратқан Иенің бұйырғанына сай орындады.
Levi Kaz 8:22  Бұдан кейін Мұса екінші қошқарды алдыртты. Ол Һарон мен оның ұлдарын діни қызметке тағайындау рәсіміне арналған қошқар еді. Һарон мен оның ұлдары қошқардың басына қолдарын қойды.
Levi Kaz 8:23  Мұса қошқарды шалып, оның қанынан алып, соны Һаронның оң құлағының сырғалығына, оң қолының бас бармағына, оң аяғының үлкен башпайына жақты.
Levi Kaz 8:24  Содан соң Мұса Һаронның ұлдарын алға шығарып, олардың да оң құлақтарының сырғалықтарына, оң қолдарының бас бармақтарына, оң аяқтарының үлкен башпайларына қан жақты. Мұнан кейін ол құрбандық үстеліне барлық жақтарынан қан бүрікті.
Levi Kaz 8:25  Мұса малдың майын: майлы құйрығын, бүкіл ішмайы мен шарбы майын әрі бауырдың көк етін, қос бүйрегін майларымен қоса және оң жақ санын алды.
Levi Kaz 8:26  Содан соң ол Жаратқан Иенің алдында тұрған, ашытқысыз пісірілген нан салынған себеттен бір-бірден ашымаған нанды, зәйтүн майы қосылған шелпек нанды және пәтір нанды алды. Оларды майлы бөліктердің және оң жақ санның үстіне қойды.
Levi Kaz 8:27  Мұса осылардың бәрін Һарон мен оның ұлдарының қолдарына ұстатып, Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербетіп ұсындырды.
Levi Kaz 8:28  Бұдан кейін Мұса бұл тартуларды Һарон мен оның ұлдарының қолдарынан қайтарып алып, құрбандық үстелінің үстіндегі түгелдей өртелетін құрбандықтың үстіне қойып, өртеп жіберді. Діни қызметкерді тағайындау рәсіміндегі осы құрбандық — Жаратқан Иеге шалынып, өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту.
Levi Kaz 8:29  Сол сияқты, Мұса малдың төсін алып, оны Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсынды. Бұл діни қызметкерді тағайындау рәсімінде шалынған қошқардан Мұсаға тиесілі үлес болды. Осының бәрін Мұса Жаратқан Иенің бұйырғанына сай орындады.
Levi Kaz 8:30  Содан кейін Мұса тағайындау рәсіміне арналған майдың және құрбандық үстеліндегі қанның біразын алып, оларды Һаронға және оның киімдеріне әрі Һаронның ұлдарына және олардың киімдеріне бүрікті. Осылайша ол Һаронды және оның киімдерін, сол сияқты, Һаронның ұлдарын және олардың киімдерін Жаратқан Иенің қызметіне бағыштады.
Levi Kaz 8:31  Содан соң Мұса Һаронға және оның ұлдарына былай деді: «(Құрбандыққа шалынған екінші қошқардан қалған) етті кездесу шатырының алдында пісіріңдер. Сол етті сендердің қызметтеріңе тағайындалу рәсіміне орай жасалған тартудың нанымен қосып жеңдер. «Һарон мен оның ұлдары осыны жесін» деген бұйрықты сендерге жеткізген едім ғой.
Levi Kaz 8:32  Жеп болған соң нан мен еттен артылып қалғандарын өртеп жіберіңдер.
Levi Kaz 8:33  Сендердің қызметке тағайындалғандарыңнан кейін жеті күн өтпейінше, кездесу шатырының кіреберісінен шығуларыңа болмайды. Себебі Жаратқан Иенің сендерді Өзінің қызметіне тағайындау рәсімі жеті күнге созылады.
Levi Kaz 8:34  Бүгінгі біздің істегенімізді Жаратқан Ие сендерді күнәларыңның арамдығынан тазарту үшін бұйырған еді.
Levi Kaz 8:35  Сендер кездесу шатырының кіреберісінде жеті тәулік бойы күні-түні Жаратқан Иенің қызметіне дайын болып тұрыңдар. Өлмей тірі қалуларың үшін солай істеңдер, себебі Жаратқан Ие маған осылай бұйырды».
Levi Kaz 8:36  Сонда Һарон мен ұлдары Жаратқан Ие Мұса арқылы бұйырғанның барлығын орындады.
Chapter 9
Levi Kaz 9:1  Сол жеті күн өткенде сегізінші күні Мұса Һарон мен оның ұлдарын және Исраилдің рубасыларын шақырып алып,
Levi Kaz 9:2  Һаронға былай деді: «Күнәнің құнын өтейтін құрбандығың үшін табыннан бір жас ірі қара малды, әрі шалынып, түгелдей өртелетін құрбандығың үшін бір қошқарды Жаратқан Иенің алдына алып кел. Екеуі де ешбір мінсіз болсын.
Levi Kaz 9:3  Содан соң Исраил халқына мынаны айт: Жаратқан Иенің алдында ұсыну үшін күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа бір теке, шалынып, түгелдей өртелетін құрбандыққа бір жастағы, ешбір мінсіз бір бұқа мен қошқарды
Levi Kaz 9:4  әрі қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандыққа бір мүйізді ірі қара мен қошқарды, сондай-ақ, зәйтүн майымен араластырылған астық тартуын алыңдар. Себебі бүгін Жаратқан Ие сендерге көрінетін болады».
Levi Kaz 9:5  Олар Мұсаның бұйырғандарын кездесу шатырының алдына алып келді. Бүкіл қауым жақындап келіп, Жаратқан Иенің алдында тұрды.
Levi Kaz 9:6  Мұса оларға былай деді: «Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты өздеріңе көрінуі үшін Ол сендерге осыларды істеуге бұйырды».
Levi Kaz 9:7  Мұса Һаронға былай деді: «Құрбандық үстеліне жақындап кел де, күнәнің құнын өтейтін құрбандықты және шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты ұсынып өзіңді және халықты күнәларыңның арамдығынан тазарт. Мұнан кейін халықтың құрбандықтарын да шалып, оларды күнәларының арамдығынан тазарт. Жаратқан Иенің бұйырғанындай істе».
Levi Kaz 9:8  Сонда Һарон құрбандық үстеліне жақындап келді де, жас бұқаны өзінің күнәларының құнын өтейтін құрбандық ретінде шалды.
Levi Kaz 9:9  Һаронның ұлдары оған қанды алып келді, ол саусағын қанға малып алып, құрбандық үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына жақты. Қанның қалған бөлігін құрбандық үстелінің түбіне төкті.
Levi Kaz 9:10  Һарон Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген бұйрығы бойынша күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың ішмайын, бүйректерін және бауырының көк етін құрбандық үстелінде өртеп жіберді.
Levi Kaz 9:11  Ал оның еті мен терісін ел қонысының сыртына шығарып, өртеді.
Levi Kaz 9:12  Содан соң Һарон түгелдей өртелетін құрбандықты шалды. Һаронның ұлдары оған құрбандықтың қанын алып келіп, ол соны құрбандық үстеліне барлық жақтарынан бүрікті.
Levi Kaz 9:13  Һаронның ұлдары оған түгелдей өртелетін құрбандықтың мүшеленген бөліктерін басымен қоса бір-бірден табыстады. Ол соның барлығын құрбандық үстелінде түтетіп өртеп жіберді.
Levi Kaz 9:14  Бұдан кейін ол құрбандықтың ішек-қарны мен сирақтарын жуып, құрбандық үстелінде өртелген құрбандықтың үстінен түтетіп өртеп жіберді.
Levi Kaz 9:15  Һарон халық үшін шалынатын құрбандықтарды да алып келді. Солардан ол халықтың күнәларының құнын өтейтін бір текені алып, оны бұдан бұрынғы құрбандық сияқты шалып, күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде ұсынды.
Levi Kaz 9:16  Һарон түгелдей өртелетін құрбандықтарды да әкеліп, ережеге сәйкес шалып, ұсынды.
Levi Kaz 9:17  Оның үстіне ол астық тартуын да алып келіп, одан бір уыс алып, таңертеңгі шалынып, түгелдей өртелетін құрбандыққа қоса құрбандық үстелінде өртеп жіберді.
Levi Kaz 9:18  Мұнан кейін Һарон халықтың Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандығы ретіндегі бұқа мен қошқарды шалды. Һаронның ұлдары оған солардың қанын табыстап, ол соны құрбандық үстеліне барлық жақтарынан бүрікті.
Levi Kaz 9:19  Олар бұқа мен қошқардың майлы бөліктерін, яғни майлы құйрықтарын, шарбы майын, бүйректерін және бауырдың көк етін,
Levi Kaz 9:20  сол малдардың төстерінің үстіне қойды. Содан кейін Һарон майлы бөліктерді алып, құрбандық үстелінде түтетіп өртеп жіберді.
Levi Kaz 9:21  Ал малдардың төстері мен оң жақ сандарын Һарон Жаратқан Иенің алдында Мұсаның бұйырғанына сай әрі-бері тербеп ұсынды.
Levi Kaz 9:22  Соңында Һарон халыққа қарай қолдарын жайып, оларға батасын берді. Сонымен ол күнәнің құнын өтейтін, түгелдей өртелетін және Жаратқан Иемен қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандықтарды шалып, ұсынып болған соң (құрбандық үстелінің қасынан) төмен түсті.
Levi Kaz 9:23  Мұнан кейін Мұса мен Һарон кездесу шатырына кірді. Сыртқа шыққанда олар халыққа бата берді. Сонда Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты бүкіл халыққа көрінді.
Levi Kaz 9:24  Жаратқан Иенің алдынан бір от лап етіп шығып, құрбандық үстеліндегі түгелдей өртелетін құрбандықтар мен майлы бөліктерді жалмап қойды. Осыны көргенде бүкіл халық қуаныштан айқайлап, етпеттерімен жерге құлап, тағзым етті.
Chapter 10
Levi Kaz 10:1  Һаронның Надаб пен Әбиһу есімді ұлдары шоқ салатын табаларын қолдарына алып, оларға оттың шоғы мен хош иісті шайыр салды. Алайда олар Жаратқан Иенің алдында оттың Ол бұйырмаған бөтен түрін ұсынды.
Levi Kaz 10:2  Сол себепті Жаратқан Иенің алдынан бір от лап етіп шығып, оларды жалмап қойды. Осылайша олар сол жерде Жаратқан Иенің алдында өлді.
Levi Kaz 10:3  Сонда Мұса Һаронға:— Жаратқан Иенің «Маған жақындап келетіндер арқылы Өзімнің киелі екенімді көрсетемін, барлық халықтар алдында салтанатты ұлылыққа кенелемін» дегені осы туралы болатын, — деп түсіндірді. Содан Һарон үндемеген күйі қала берді.
Levi Kaz 10:4  Мұса сонда Һаронның әкесінің інісі Ұзиелдің ұлдары Мишайл мен Елсапанды шақырып алып, оларға: «Мұнда келіңдер, мына туысқандарыңды киелі орыннан алысқа, ел қонысының сыртына алып кетіңдер», — деп тапсырды.
Levi Kaz 10:5  Олар келіп, екі өлікті үстеріндегі ұзын көйлектерімен бірге көтеріп алып кетіп, Мұсаның бұйрығы бойынша, қоныстың сыртына шығарды.
Levi Kaz 10:6  Содан соң Мұса Һарон мен оның қалған ұлдары Елазар мен Ітамарға: «(Аза тұтып жалаң бас жүріп) шаштарыңды жайып жібермеңдер және көйлектеріңнің өңірін айыра жыртпаңдар! Әйтпесе өздерің де өлесіңдер, әрі Жаратқан Ие бүкіл қауымға да қаһарын шашатын болады. Алайда бауырластарың — Исраилдің бүкіл халқына Жаратқан Ие өртеп құртқан сендердің ағайындарыңды жоқтап аза тұтуларына болады.
Levi Kaz 10:7  Жаратқан Ие сендерді осы қызметке май жағу рәсімімен тағайындағандықтан, кездесу шатырының кіреберісінен шықпаңдар, әйтпесе өлесіңдер», — деді. Содан олар Мұсаның жеткізген бұйрығына сай істеді.
Levi Kaz 10:8  Содан соң Жаратқан Ие Һаронға нұсқау беріп былай деді:
Levi Kaz 10:9  — Сенің өзіңе де, ұлдарыңа да кездесу шатырына кірген әрбір кездеріңде не шарап, не басқа да ашытылған сусындарды ішулеріңе болмайды! Әйтпесе өлесіңдер. Бұл өздеріңе, болашақ ұрпақтарыңа берілген тұрақты ереже.
Levi Kaz 10:10  Сендер ненің киелі, ненің киелі емес жай екенін және ненің таза да адал, ненің арам екенін ажырата білулерің керек.
Levi Kaz 10:11  Исраил халқына Менің, Жаратқан Иенің, Мұса арқылы тапсырған барлық ережелерімді үйретуің де қажет.
Levi Kaz 10:12  Кейін Мұса Һарон мен оның қалған ұлдары — Елазар мен Ітамарға тіл қатып былай деді:— Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған тартулардан қалған астық тартуын алыңдар. Оны ашытқысыз дайындап, құрбандық үстелінің жанында жеңдер, себебі бұл — Жаратқан Иеге бағышталған ерекше киелі тарту.
Levi Kaz 10:13  Оны тек киелі орында ғана жеңдер! Бұл — Жаратқан Иеге өртелу арқылы жасалған тартулардан өзіңе және ұлдарыңа арналған үлес. Маған берілген бұйрық осындай.
Levi Kaz 10:14  Ал құрбандықтың Жаратқан Иеге әрі-бері тербеп ұсынылған төсін және жоғары көтеріп ұсынылған санын өздеріңе және ұл-қыздарыңа жеуге болады. Себебі сол бөліктер исраилдіктердің Жаратқан Иемен қарым-қатынастарына ризашылық білдіретін құрбандықтарынан саған және ұлдарыңа берілген үлес. Осы етті тазару рәсімі жасалған бір жерде жеңдер.
Levi Kaz 10:15  Исраилдіктер құрбандықтың өртелу арқылы ұсынылатын майлы бөліктерімен бірге жоғары көтерілетін санын және тербеп ұсынылатын төсін де әкелсін. Оларды Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсынсын. Жаратқан Иенің бұйрығына сай құрбандықтың оң жақ саны мен төсі — сендердің өздеріңе және ұлдарыңа берілген тұрақты сыбаға.
Levi Kaz 10:16  Мұнан кейін Мұса күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде ұсынылған теке туралы сұрастырып, оның өртеліп кеткенін білді. Сонда ол Һаронның қалған екі ұлы Елазар мен Ітамарға ашуланып, былай деді:
Levi Kaz 10:17  «Күнәнің құнын өтейтін құрбандықты неге киелі орында жемедіңдер? Осы құрбандық ерекше киелі. Ол қауымның күнәларын арқалап, Жаратқан Иенің алдында халықты күнәнің арамдығынан тазарту үшін сендерге берілген еді ғой.
Levi Kaz 10:18  Оның қаны киелі шатырдың ішіне апарылмады. Сондықтан сендер менің бұйырғанымдай оның етін қасиетті орында жеуге тиісті едіңдер».
Levi Kaz 10:19  Сонда Һарон Мұсаға былай деп жауап берді: «Бүгін олар Жаратқан Иенің алдында күнәнің құнын өтейтін және түгелдей өртелетін құрбандықтарын ұсынды. Ал енді осы жайт басыма түсті! Бүгін күнәнің құнын өтейтін құрбандықтан жегенімде Жаратқан Ие маған риза болар ма еді?»
Levi Kaz 10:20  Осыны естігенде Мұса онысын мақұл көрді.
Chapter 11
Levi Kaz 11:1  Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға нұсқау беріп былай деді:
Levi Kaz 11:2  — Исраил халқына мынаны айтыңдар: Жер бетіндегі бар хайуандардың ішінен мыналарды жеулеріңе болады:
Levi Kaz 11:3  Тұяғы екіге бөлінген ашатұяқты әрі күйіс қайыратын барлық хайуандардың етін жеулеріңе болады.
Levi Kaz 11:4  Бірақ күйіс қайыратын немесе ашатұяқты хайуандар арасынан мыналардың етін тамаққа пайдалануға болмайды: түйе күйіс қайырса да, тұяқтары екіге бөлінген аша емес, сол себепті оның еті сендер үшін арам.
Levi Kaz 11:5  Майбасар күйіс қайырса да, ашатұяқты емес, сол себепті оның еті сендер үшін арам.
Levi Kaz 11:6  Қоян күйіс қайырса да, ашатұяқты емес, оның еті сендер үшін арам.
Levi Kaz 11:7  Ал шошқа тұяғы екіге бөлінген, ашатұяқты болғанмен, күйіс қайырмайды, сондықтан да сендер үшін арам.
Levi Kaz 11:8  Осы хайуандардың не етін жеулеріңе, не өлімтігіне жанасуларыңа болмайды. Ондайлар сендер үшін арам.
Levi Kaz 11:9  Суды мекендейтін мақұлықтардың қайсыларында қанаттары мен қабыршақтары болса, соларды азық етулеріңе болады. Олар қай суда болмасын, теңізде болсын, өзенде болсын, жеулеріңе болады.
Levi Kaz 11:10  Бірақ теңізде не өзенде құжынап жүзіп жүретін және суды мекендейтін басқа да мақұлықтардың қайсысында қанаттары мен қабыршақтары болмаса, оларды жеуге болмайтын, жиренішті деп санаңдар!
Levi Kaz 11:11  Олар сендер үшін жиренішті болғандықтан, етін жемей, өліктерінен де жеркенулерің керек.
Levi Kaz 11:12  Суды мекендейтін, қабыршақтары мен қанаттары жоқ кез келген мақұлық сендер үшін жиренішті.
Levi Kaz 11:13  Бірқатар құстарды да жиренішті деп біліңдер, соларды жеулеріңе болмайды. Олар: бүркіт, күшіген, тазқара,
Levi Kaz 11:14  қызыл кезқұйрық, қара кезқұйрықтың кез келген түрі,
Levi Kaz 11:15  қарғаның кез келген түрі,
Levi Kaz 11:16  түйеқұс, батпақ жапалағы, шағала, қаршығаның кез келген түрі,
Levi Kaz 11:17  байғыз, суқұзғын, құлақты жапалақ,
Levi Kaz 11:19  ләйлек, құтанның кез келген түрі, бәбісек және жарқанат.
Levi Kaz 11:20  Аяқтарымен жерде құжынап жүретін және ұшатын жәндіктердің бәрі сендер үшін жиренішті.
Levi Kaz 11:21  Барлық қанаттарымен ұшып, аяқтарымен жер басып жүретіндердің арасындағы тек сирақтары ұзын, секіре алатындарын ғана азық етулеріңе болады.
Levi Kaz 11:22  Олар: шегіртке, шекшек шегіртке, қара шегіртке, саяқ шегіртке және бұлардың барлық түрлері.
Levi Kaz 11:23  Алайда аяқтарымен жерде құжынап жүретін және ұшатын жәндіктердің бәрі сендер үшін жиренішті.
Levi Kaz 11:24  Осы жәндіктер адамды арамдайды. Олардың өліктерімен жанасқан адам кешке дейін арам болып саналады.
Levi Kaz 11:25  Кім солардың өлігін алып жүрсе, сол киімдерін жусын, ал өзі кешке дейін арам болып саналады.
Levi Kaz 11:26  Тұяғы толықтай емес, аздап қана бөлінген немесе күйіс қайырмайтын кез келген хайуан сендер үшін арам. Ондаймен жанасқан әркім арамданады.
Levi Kaz 11:27  Тұяғы жоқ, төрт аяқтап табанымен жүретін барлық хайуандар сендер үшін арам. Кімде-кім сондай жануардың өлігімен жанасса, сол кешке дейін арам болып саналады.
Levi Kaz 11:28  Кімде-кім солардың өлігін алып жүрсе, сол киімдерін жусын, ал өзі кешке дейін арамданған болып саналады. Ондай хайуандар сендер үшін арам.
Levi Kaz 11:29  Жер бетінде құжынаған мыналар да сендер үшін арам: көртышқан, тышқан, ешкіемердің кез келген түрі,
Levi Kaz 11:30  тағы да жармасқы кесіртке, келес, кәдімгі кесіртке, дала кесірткесі және құбылғы.
Levi Kaz 11:31  Жер бетіндегі бауырымен жорғалап құжынаған барлық мақұлықтардың ішіндегі арамдары — осылар. Олардың өліктерімен жанасқан әркім кешке дейін арамданған болып саналады.
Levi Kaz 11:32  Егер сол жануарлардың бірінің өлігі бір бұйымға құлап түссе, сол бұйым қандай заттан жасалған болса да: ағаш болсын, мата, тері немесе кенеп болсын, қандай пайдалы болса да арамданып қалады. Ондай бұйымды суға салып қою керек. Ол кешке дейін арам болып саналып, содан кейін адал болады.
Levi Kaz 11:33  Ал егер сондай жануардың өлігі қыш ыдыстың ішіне түсіп кетсе, онда ішіндегінің бәрі арамданады. Ондай ыдысты сындырып тастау керек.
Levi Kaz 11:34  Егер осындай ыдыстың ішінен жеуге болатын тамаққа су ақса, онда тамақ та арамданады. Ондай ыдыстан ішетін сусын да ішуге жарамсыз арам болады.
Levi Kaz 11:35  Осындай жануардың өлігінің кез келген бөлігі түскен заттың бәрі де, ошақ не тамақ даярлайтын ыдыс болсын, арамданады. Оларды сындырып тастау керек. Олар арамданған және оларды әрдайым арам деп санауларың керек.
Levi Kaz 11:36  Ал осындай жануардың өлігі бұлаққа не су жинайтын құдыққа түссе, олар таза болып қала береді. Бірақ өлікке жанасқан адам немесе зат арамданады.
Levi Kaz 11:37  Егер өлік себілетін дәнге түссе, дән таза болып қала береді.
Levi Kaz 11:38  Бірақ егер өлік суға малынған дәнге түсетін болса, онда дән арамданады.
Levi Kaz 11:39  Егер етін тамаққа қолдануға болатын хайуан өлсе, онда соның өлігімен жанасқан әркім кешке дейін арамданған болып саналады.
Levi Kaz 11:40  Өліктің етін жеген не өлікті көтеріп алып жүрген адам киімдерін жууы керек, оның өзі кешке дейін арамданған болып саналады.
Levi Kaz 11:41  Жер бетінде бауырымен жорғалап құжынаған барлық мақұлықтардан жиреніп, азық етпеңдер!
Levi Kaz 11:42  Бауырымен жорғалайтындарды, аяқтарымен жүретіндерді, не жер бетімен жорғалайтындардың ішіндегі көпаяқтыларды жемеңдер! Өйткені олар жиренішті.
Levi Kaz 11:43  Кез келген құжынап жүретін мақұлықтар арқылы өздеріңді жиренішті етіп, арамдамаңдар!
Levi Kaz 11:44  Өйткені Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. Мен киелімін, сондықтан сендер де Өзіме бағышталып, киелі болыңдар! Жер бетінде жорғалап жүретін ешбір мақұлықпен өздеріңді арамдаушы болмаңдар!
Levi Kaz 11:45  Құдайларың болу үшін өздеріңді Мысыр елінен азат етіп алып шыққан Жаратқан Ие Менмін. Мен киелімін, сондықтан сендер де киелі болыңдар!
Levi Kaz 11:46  Хайуандар, құстар, суда жүзетін және жер бетімен жорғалап жүретін барлық мақұлықтар туралы заң, міне, осы.
Levi Kaz 11:47  Арамды адалдан әрі жеуге болатын жануарларды жеуге болмайтындарынан ажырата біліңдер!
Chapter 12
Levi Kaz 12:1  Жаратқан Ие Мұсаға нұсқау беріп былай деді:
Levi Kaz 12:2  — Исраил халқына мынаны айт: Егер бір әйел жүкті болып, ұл туса, онда ол жеті күн бойы өзінің айлық етеккірі келген кезіндегідей таза емес болады.
Levi Kaz 12:3  Сегізінші күні оның ұлы сүндеттелсін.
Levi Kaz 12:4  Содан соң әйел отыз үш күн бойы босанғандағы қан ағуынан тазару кезеңінің аяқталуын күтсін. Тазару кезеңі бітпейінше әйел киелі нәрселермен жанаспасын, әрі киелі орынға да бармасын.
Levi Kaz 12:5  Егер әйел қыз тапса, онда ол екі апта бойы өзінің айлық етеккірі келген кезіндегідей таза емес болады. Содан соң әйел алпыс алты күн бойы босанғандағы қан ағуынан тазару кезеңінің аяқталуын күтсін.
Levi Kaz 12:6  Ұл не қыз тапқаннан кейінгі тазару кезеңі аяқталғаннан кейін, әйел кездесу шатырының кіреберісіндегі діни қызметкерге түгелдей өртелетін құрбандыққа бір жасар тоқтыны және күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа бір жас көгершінді не бір кептерді алып келсін.
Levi Kaz 12:7  Діни қызметкер оларды Жаратқан Иеге тарту етіп, әйелді күнәсінің арамдығынан тазарту үшін қажетті рәсімді орындасын. Әйелдің қан ағуынан таза еместігі сонымен бітеді.Бұл — босанып, ұл не қыз тапқан әйел орындауға тиісті рәсімдер туралы ереже.
Levi Kaz 12:8  Ал егер тоқты алып келуге әйелдің жағдайы көтермесе, біреуін — түгелдей өртелетін, екіншісін — күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа арнап екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді алып келсін. Сонда діни қызметкер әйелді күнәсінің арамдығынан тазартып, сол әйел таза болып саналады.
Chapter 13
Levi Kaz 13:1  Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға нұсқау беріп былай деді:
Levi Kaz 13:2  — Егер біреудің денесінде жұқпалы тері ауруы бола алатын ісік, бөртпе немесе ақтаңдақ пайда болса, ол діни қызметкер Һаронның немесе оның діни қызмет атқарушы ұлдарының біреуінің алдына әкелінсін.
Levi Kaz 13:3  Діни қызметкер сол адамның терісіндегі жараны қарап шықсын. Егер жараның орнындағы түк ағарып кеткен және жара ойық болса, онда бұл — жұқпалы тері ауруы. Бұл жағдайда діни қызметкер терісінің осындай екенін анықтаған адамды таза емес деп жарияласын.
Levi Kaz 13:4  Ал егер оның терісіндегі дақтың түсі ақ болғанмен, дақ теріден ойық орналасқан болмаса, әрі жара бетіндегі түк ағарып кетпесе, онда діни қызметкер терісінде жара бар адамды жеті күнге басқалардан бөлектесін.
Levi Kaz 13:5  Жетінші күні діни қызметкер оны қайтадан қарап шықсын. Егер терісіндегі жараның көлемі ұлғаймай, сол қалпында қалған болса, онда діни қызметкер сол адамды тағы жеті күнге бөлектесін.
Levi Kaz 13:6  Жетінші күні діни қызметкер оны қайтадан қарап шықсын. Егер жара көмескіленіп, теріге жайылмаса, діни қызметкер оны таза деп жарияласын. Бұл — жай бөртпе ғана. Адам киімдерін жусын, содан кейін таза болып саналады.
Levi Kaz 13:7  Бірақ егер адам діни қызметкерге қаралып, таза деп жарияланғаннан кейінгі уақытта терісіндегі бөртпелері қайтадан ұлғайып, жайыла бастаса, онда ол діни қызметкердің алдына қайтып келуі керек.
Levi Kaz 13:8  Діни қызметкер оны тағы да қарап шықсын. Егер терісіндегі бөртпелер ұлғайып жайылған болса, онда ол сол адамды таза емес деп жарияласын. Бұл — алапес ауруы.
Levi Kaz 13:9  Егер біреу жұқпалы тері ауруымен ауырса, оны діни қызметкердің алдына алып келсін.
Levi Kaz 13:10  Діни қызметкер адамды қарап шықсын. Егер оның терісіндегі ісік ақтаңдақ болып, әрі сол жердің түгі ағарып кетіп, ісіктен қызыл ет көрініп тұрса,
Levi Kaz 13:11  бұл — созылмалы алапес. Сондықтан діни қызметкер әлгі адамды таза емес деп жариялап, оны басқалардан бөлектесін. Себебі ол ауруының кесірінен таза емес деп саналады.
Levi Kaz 13:12  Егер ауру адамның бүкіл терісіне жайылып, діни қызметкер оның басынан аяғына дейін бірде-бір сау жер көре алмай,
Levi Kaz 13:13  алапестің оның бүкіл денесіне жайылып кеткенін көрсе, онда діни қызметкер оны таза деп жарияласын. Өйткені толығымен ағарғаны себепті ол таза деп саналады.
Levi Kaz 13:14  Бірақ егер жарадан қызыл ет көрініп тұратын болса, ол таза емес деп есептеледі.
Levi Kaz 13:15  Діни қызметкер оның қызыл етін көргенде-ақ оны таза емес деп жарияласын. Қызыл ет сол адамның жұқпалы алапеспен ауыратынын, таза емес екенін білдіреді.
Levi Kaz 13:16  Ал егер қызыл ет өзгеріп, ағарып кетсе, адам қайтадан діни қызметкерге баруы керек.
Levi Kaz 13:17  Ол ауру адамды қарап шығып, қызыл еттің ағарып кеткенін көрсе, оны таза деп жарияласын. Сонда адам таза болады.
Levi Kaz 13:18  Егер біреудің терісіне шиқан шығып, ол жазылып кетсе
Levi Kaz 13:19  және шиқан орнында ақшыл ісік не ақшыл-қызғылт дақ пайда болса, ондай адам діни қызметкерге көрінуі керек.
Levi Kaz 13:20  Діни қызметкер адамды қарап шықсын. Егер шиқанның орнына шыққан нәрсе теріден ойық орналасқан болып көрінсе және ондағы түк ағарып кеткен болса, діни қызметкер адамды таза емес деп жариялауы керек. Бұл — шиқанның орнында пайда болған жұқпалы тері ауруы.
Levi Kaz 13:21  Бірақ діни қызметкер оны қараған кезде дақтағы түктің ағармағанын, әрі сол жердің теріден ойық орналаспай, көмескіленгенін көрсе, әлгі адамды жеті күнге бөлектесін.
Levi Kaz 13:22  Егер осы аралықта ісік теріде кең жайыла бастаса, діни қызметкер сол адамды таза емес деп жарияласын. Бұл — жұқпалы жара.
Levi Kaz 13:23  Ал егер дақ сол күйінде қалып, теріге жайылмаса, демек, бұл — шиқанның тыртығы ғана. Діни қызметкер адамды таза деп жарияласын.
Levi Kaz 13:24  Егер біреу терісін күйдіріп алып, жазылған күйіктің орнында ақшыл не қызғылт дақ пайда болса,
Levi Kaz 13:25  діни қызметкер дақты қарап шықсын. Егер ондағы түк ағарып кетсе және дақ теріден ойық орналасқан болып көрінсе, демек, бұл — терінің күйген орнына шыққан алапес. Діни қызметкер сол адамды таза емес деп жарияласын, себебі бұл — алапестің жарасы.
Levi Kaz 13:26  Бірақ діни қызметкер оны қараған кезде дақтағы түктің ағармағанын, оның теріден ойық орналаспай, көмескіленгенін көрсе, онда ол адамды жеті күнге бөлектесін.
Levi Kaz 13:27  Жетінші күні діни қызметкер оны қайтадан қарап шықсын. Егер дақ теріде кең жайылған болса, ол адамды таза емес деп жарияласын. Бұл — алапестің жарасы.
Levi Kaz 13:28  Ал егер дақ сол қалпында қалып, теріге жайылмай, көмескіленсе, онда бұл — күйіктен пайда болған ісік. Діни қызметкер оны таза деп жарияласын, себебі бұл — күйіктен қалған тыртық қана.
Levi Kaz 13:29  Егер еркектің не әйелдің басында не иегінде жара болса,
Levi Kaz 13:30  онда діни қызметкер сол жараны қарап шықсын. Егер жара теріден ойық орналасса және ондағы түк сарғайып жұқарса, діни қызметкер сол адамды таза емес деп жарияласын. Бұл — қотыр, бастағы не иектегі жұқпалы тері ауруы.
Levi Kaz 13:31  Бірақ діни қызметкер осындай қотыр жараны қарап шығып, оны теріден ойық орналаспаған және ондағы түкті қара емес деп тапса, онда діни қызметкер жұқпалы қотыры бар адамды жеті күнге бөлектеуі керек.
Levi Kaz 13:32  Жетінші күні діни қызметкер жараны тағы да қарап шықсын. Егер қотыр жайылмаса, онда сары түсті түк пайда болмаса және жара теріден ойық болып көрінбесе,
Levi Kaz 13:33  онда адамның қотыры бар жерінен өзге бүкіл жерлеріндегі түкті қырып алып тастау керек. Діни қызметкер адамды тағы жеті күнге бөлектесін.
Levi Kaz 13:34  Жетінші күні діни қызметкер қотырды қарап шықсын. Егер сол қотыр теріге жайылмаған болып шықса және теріден ойық болып көрінбесе, онда діни қызметкер оны таза деп жарияласын. Қотыры бар адам киімдерін жусын, содан соң ол таза болады.
Levi Kaz 13:35  Алайда ол таза деп жарияланғаннан кейінгі уақытта қотыры теріге қайтадан жайыла бастаса,
Levi Kaz 13:36  діни қызметкер оны тағы да қарап шықсын. Егер қотыр теріге жайылған болса, онда ол сарғайған түкті іздемесе де болады. Сол адамның таза емес екені анық.
Levi Kaz 13:37  Ал егер діни қызметкерге ана адамның қотыр дағы өзгермегендей көрініп, дақ үстіне қара түк шыққанын көрсе, демек, қотырдың жазылғаны. Бұл адам таза, діни қызметкер оның таза екенін жарияласын.
Levi Kaz 13:38  Егер әйел болсын, еркек болсын, біреудің терісінде ақ дақтар пайда болса,
Levi Kaz 13:39  онда діни қызметкер оларды қарап шығуы керек. Егер дақтардың түсі ақшыл сары болса, онда бұл — терідегі зиянсыз ақтаңдақ, ондай адам — таза.
Levi Kaz 13:40  Егер ер адамның басындағы шашы таздықтан түсіп, айна таз болып қалса, ол бәрібір таза күйі қалады.
Levi Kaz 13:41  Егер оның басының алдыңғы жағындағы шашы таздықтан түсіп қалса, ол қасқа таз.
Levi Kaz 13:42  Бірақ оның айна таз басында немесе қасқа таз маңдайында ақшыл-қызыл жара пайда болса, онда оның басында немесе маңдайында жұқпалы аурудың бар болғаны.
Levi Kaz 13:43  Діни қызметкер оны қарап шықсын. Егер маңдайындағы не басындағы ісіп тұрған жарасы жұқпалы аурудың жарасындай ақшыл-қызыл болса,
Levi Kaz 13:44  онда сол адамда жұқпалы ауру бар. Оның басында пайда болған жарасына бола діни қызметкер оны сөзсіз таза емес деп жариялауы керек.
Levi Kaz 13:45  Осындай жұқпалы аурумен ауырған адам көйлегінің өңірін айыра жыртып, шашын жинамай жайып жіберіп, бетінің төменгі бөлігін жауып алып, «Таза емеспін! Арамданғанмын!» деп айқайлап жүретін болсын.
Levi Kaz 13:46  Адам жұқпалы ауруынан айықпайынша таза емес қалпы қала береді. Ол ел қонысының сыртында оңаша тұруға тиіс.
Levi Kaz 13:47  Егер киімнің жүннен не кенептен жасалған кез келген түріне,
Levi Kaz 13:48  немесе матаның жүннен тоқылған не зығырдан иірілген кез келген түріне, немесе былғарыға не былғарыдан жасалған кез келген бұйымға зең түсіп, көгеріп кеткен болса,
Levi Kaz 13:49  әрі сол киімге, былғарыға немесе есілген не иірілген жіптен тоқылған матаға түскен зақымданудың түсі жасыл немесе қызыл болса, онда бұл — зеңнің белгісі. Зақымданған бұйымды діни қызметкерге көрсету керек.
Levi Kaz 13:50  Діни қызметкер сол бұйымды қарап шығып, жеті күнге бөлек қойсын.
Levi Kaz 13:51  Жетінші күні ол соны қайтадан қарап шықсын. Егер зең киімге, иірілген не есілген жіптен тоқылған матаға, былғары не былғарыдан жасалған бұйымға жайыла түскен болса, бұл — кетпейтін, зиянды зең. Зақымданған бұйым арамданған.
Levi Kaz 13:52  Діни қызметкер аталған заттардың бірінен жасалып, зеңмен бұзылған бұйымды өртеп жіберуі керек. Себебі сондағы кетпейтін, зиянды зеңді өртеп құрту қажет.
Levi Kaz 13:53  Ал егер діни қызметкер сол бұйымды жетінші күні қарап шығып, ондағы зақымдану жайыла түспей, киім болсын, иірілген не есілген жіптен тоқылған мата болсын, былғарыдан жасалған бұйым болсын бұрынғы қалпында қалған болса,
Levi Kaz 13:54  онда ол бұйымды жақсылап жууға бұйырсын. Содан кейін діни қызметкер бұйымды тағы жеті күнге бөлек қойсын.
Levi Kaz 13:55  Зақымдана бастаған бұйым жуылғаннан кейін діни қызметкер оны қайтадан қарап шықсын. Егер шіріген жер өзінің көзге көрінісін өзгертпесе, тіпті үлкеймеген болса да, ол бәрібір арамданған. Шіру жұқарып кеткен бұйымның бір жағына ғана жайылса да, оны өртеп жіберулерің керек.
Levi Kaz 13:56  Ал егер діни қызметкер бұйым жуылғаннан кейін қарағанда шіру тиген жердің көмескіленгенін байқаса, ол бұйымның зақымданған жерін жыртып алып тастасын.
Levi Kaz 13:57  Бірақ зең сол бұйымда қайта пайда болса, демек, ол жайылып жатыр. Зең жайлаған сол нәрсені тұтастай өртеп құртуларың қажет.
Levi Kaz 13:58  Ал егер жуып тазалағаннан кейін мата не былғары бұйымның зеңі жоғалып кетсе, ондай бұйымды тағы бір рет жуу керек, содан соң ол таза болып саналады.
Levi Kaz 13:59  Жүн не кенеп киімдегі, иірілген не есілген жіптен тоқылған матадағы, немесе кез келген былғары бұйымдағы зеңнен болатын зақымдану туралы, әрі сондай нәрселерді таза немесе арам деп жариялау туралы ережелер, міне, осылар.
Chapter 14
Levi Kaz 14:1  Содан соң Жаратқан Ие Мұсаға нұсқау беріп былай деді:
Levi Kaz 14:2  — Жұқпалы тері ауруымен ауырған адамның тазаруы туралы заң мынау: адам жазылған кезде діни қызметкерге көрінуі керек.
Levi Kaz 14:3  Сонда діни қызметкер ел қонысының сыртына шығып, адамды қарап шықсын. Егер ол адамның тері ауруынан жазылғанын анықтаса,
Levi Kaz 14:4  онда ол сол адамға тазару рәсімін орындау үшін екі тірі адал құсты, біраз самырсын ағашын, қырмызы жіп пен сайсағыз бұтақшасын әкелуге бұйырсын.
Levi Kaz 14:5  Діни қызметкер екі құстың бірін таза су құйылған қыш құмыраның үстінде шалуға бұйырсын.
Levi Kaz 14:6  Діни қызметкер тірі құсты қолына ұстап алып, самырсын ағашымен, қырмызы жіппен және сайсағыз бұтақшасымен бірге таза су үстінде шалынған құстың қанына малып алсын.
Levi Kaz 14:7  Діни қызметкер жұқпалы тері ауруынан тазару рәсімінен өтіп жатқан адамға қанды жеті рет бүріксін. Содан соң оны таза деп жарияласын. Ал тірі құсты далаға босатып жіберсін.
Levi Kaz 14:8  Тазару рәсімінен өтіп жатқан адам киімдерін жақсылап жуып, денесіндегі шашы мен түгін түгел қырып алып тастап, сумен жуынып тазарсын. Осыдан кейін оған ел қонысына кіруге болады, бірақ жеті күн бойы үйінің сыртында тұруға тиіс.
Levi Kaz 14:9  Жетінші күні ол шашын, сақалын, қастарын және денесіндегі бар түкті түгелдей қырып алып тастасын. Адам киімдерін жақсылап жуып, денесін де сумен жусын, содан кейін таза болып саналады.
Levi Kaz 14:10  Ауруынан сауыққан адам сегізінші күні мінсіз екі еркек тоқты мен бір жасар ұрғашы тоқтыны әкелсін. Ол, сондай-ақ, астық тартуына арнап пұттың оннан үш бөлігіндей мөлшердегі зәйтүн майымен араластырылған таңдаулы бидай ұнын және бір шағын құмыра зәйтүн майын да дайындасын.
Levi Kaz 14:11  Діни қызметкер тазару рәсімінен өтіп жатқанның өзін және оның әкелген тартуларын кездесу шатырының кіреберісіне алып келіп, Жаратқан Иеге ұсынсын.
Levi Kaz 14:12  Діни қызметкер еркек тоқтылардың бірін айыпты өтейтін құрбандық ретінде шалсын. Бір шағын құмыра зәйтүн майын да алып, бәрін Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсынсын.
Levi Kaz 14:13  Діни қызметкер екінші еркек тоқтыны күнәнің құнын өтейтін құрбандық пен түгелдей өртелетін құрбандықтар шалынатын киелі орында шалсын. Күнәнің құнын өтейтін құрбандық сияқты, айыпты өтейтін құрбандық та діни қызметкерге тиісті; ол Жаратқан Иеге бағышталған ерекше киелі.
Levi Kaz 14:14  Бұдан кейін діни қызметкер айыпты өтейтін құрбандықтың біраз қанын алып, тазару рәсімінен өтіп жатқан адамның оң құлағының сырғалығына, оң қолының бас бармағына және оң аяғының үлкен башпайына жақсын.
Levi Kaz 14:15  Діни қызметкер зәйтүн майы құйылған шағын құмырадан біраз майды өзінің сол жақ алақанына құйып,
Levi Kaz 14:16  оң қолының бір саусағын соған малып алсын да, оны Жаратқан Иенің алдында жеті рет бүріксін.
Levi Kaz 14:17  Діни қызметкер алақанында қалған майынан тазару рәсімінен өтіп жатқан адамның оң құлағының сырғалығына, оң қолының бас бармағы мен оң аяғының үлкен башпайына жағылған қанның үстіне жақсын.
Levi Kaz 14:18  Алақанындағы майдың қалған бөлігін діни қызметкер тазару рәсімінен өтіп жатқан адамның басына жақсын. Осылайша ол Жаратқан Иенің алдында адамды арамданған күйінен тазартады.
Levi Kaz 14:19  Содан соң діни қызметкер күнәнің құнын өтейтін құрбандықты шалып, тері ауруынан жазылған адамға арамданған күйінен тазарту рәсімін қайтадан жасасын. Осыны істеп болған соң діни қызметкер түгелдей өртелетін құрбандықты шалып,
Levi Kaz 14:20  оны астық тартуымен бірге құрбандық үстелінде өртеп жіберсін. Бұларды тері ауруынан жазылған адамды арамданған күйінен тазарту үшін ұсынсын. Осылайша адам таза болып саналады.
Levi Kaz 14:21  Ал егер ауруынан жазылған адам кедей болып, құрбандыққа екі тоқты шалуға жағдайы көтермесе, ол бір еркек тоқтыны ғана айыпты өтейтін құрбандық ретінде, зәйтүн майымен араластырылған, пұттың оннан бір бөлігіндей мөлшердегі таңдаулы бидай ұнын астық тартуы ретінде және бір шағын құмыра зәйтүн майын алып келсін. Айыпты өтейтін құрбандық адамды арамданған күйінен тазарту үшін әрі-бері тербеліп ұсынылады.
Levi Kaz 14:22  Адам, сондай-ақ, өзінің әл-ауқатына қарай екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді де әкелсін. Олардың біреуі күнәнің құнын өтейтін, екіншісі түгелдей өртелетін құрбандыққа шалынсын.
Levi Kaz 14:23  Тазару рәсімінің сегізінші күні сол адам осылардың бәрін Жаратқан Иеге ұсыну үшін кездесу шатырының кіреберісіне діни қызметкерге алып келсін.
Levi Kaz 14:24  Діни қызметкер айыпты өтейтін құрбандық ретінде бір тоқтыны және бір шағын құмыра зәйтүн майын алсын да, оларды Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсынсын.
Levi Kaz 14:25  Діни қызметкер бұл тоқтыны айыпты өтейтін құрбандық ретінде шалсын. Содан ол құрбандықтың біраз қанын алып, тазару рәсімінен өтіп жатқан адамның оң құлағының сырғалығына, оң қолының бас бармағына, оң аяғының үлкен башпайына жақсын.
Levi Kaz 14:26  Діни қызметкер зәйтүн майы құйылған құмырадан біраз майды өзінің сол жақ алақанына құйып,
Levi Kaz 14:27  оң қолының бір саусағын соған малып алсын да, оны Жаратқан Иенің алдында жеті рет бүріксін.
Levi Kaz 14:28  Алақанында қалған майынан тазару рәсімінен өтіп жатқан адамның оң құлағының сырғалығына, оң қолының бас бармағына, оң аяғының үлкен башпайына жағылған қанның үстіне жақсын.
Levi Kaz 14:29  Діни қызметкер алақанындағы майдың қалған бөлігін тазару рәсімінен өтіп жатқан адамның басына жағып Жаратқан Иенің алдында сол адамды арамданған күйінен тазарту рәсімінен өткізсін.
Levi Kaz 14:30  Мұнан кейін діни қызметкер сол адамның әл-ауқатына қарай әкелген орман кептерлерін немесе жас көгершіндерін,
Levi Kaz 14:31  біріншісін күнәнің құнын өтейтін, екіншісін түгелдей өртелетін құрбандықтар ретінде шалсын. Діни қызметкер оларды астық тартуымен қоса Жаратқан Иеге сол адамды арамданған күйінен тазарту үшін ұсынсын.
Levi Kaz 14:32  Жұқпалы тері ауруымен ауырған және өзі үшін тазару рәсімін құрбандыққа мал шалып жасауға жағдайы көтермейтін адамға арналған ережелер осындай.
Levi Kaz 14:33  Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тағы да нұсқау беріп былай деді:
Levi Kaz 14:34  — Сендер Мен өздеріңе иемденуге беріп отырған Қанахан еліне кіріп, қоныстанғаннан кейін сондағы бір үйге Менің зеңнің жайылуына жол бергенімді көрсеңдер,
Levi Kaz 14:35  онда үйдің иесі діни қызметкерге барып: «Маған үйім зеңнен көгере бастағандай болып көрінеді», — десін.
Levi Kaz 14:36  Діни қызметкер үйдегі барлық нәрселерді арамданған деп жариялауына тура келмес үшін өзі сол үйге бармай тұрып: «Ішіндегінің бәрін шығарып, үйді босатып қойыңдар!» — деп үй иесіне бұйырсын. Содан соң діни қызметкер үйге кіріп, оны қарап шықсын.
Levi Kaz 14:37  Қабырғаларды жайлай бастаған көгеруді қарасын. Егер оның түсі жасыл немесе қызыл болып, сол дөңгелек дақтар қабырғаның бетінен ойық орналасқандай көрінсе,
Levi Kaz 14:38  онда діни қызметкер үйден шығып, оны жеті күнге жауып тастасын.
Levi Kaz 14:39  Жетінші күні ол үйді қайтадан қарап шықсын. Егер көгеру қабырғаларға жайыла түскен болса,
Levi Kaz 14:40  діни қызметкер көгеру жайлаған тастарды алдырып, қаланың сыртындағы (қоқыс тасталатын) арам орынға апарып тастауға бұйырсын.
Levi Kaz 14:41  Ол үйдің барлық ішкі қабырғаларын қырып-тазалауға да нұсқау берсін. Қырылып алынған қоқыс та қала сыртындағы арам орынға апарылып тасталсын.
Levi Kaz 14:42  Адамдар алынып тасталған тастардың орнына басқа тастарды қалап, саз балшықтан жасалған жаңа сылақпен үйдің ішін майлап шықсын.
Levi Kaz 14:43  Егер тастар алынып, қабырғалар қырып-тазаланып, жаңадан сыланғаннан кейін де көгеру қайтадан пайда болса,
Levi Kaz 14:44  діни қызметкер сол үйге қайтып барып, оны қарап шықсын. Егер көгеру үйдің ішін тағы да жайлай бастаған болса, бұл — кетіруге болмайтын өте зиянды зең, демек, үй арамданған.
Levi Kaz 14:45  Ондай үйді бұзып тастау керек. Оның барлық тастарын, бөренелері мен сылағын қаладан шығарып, арам орынға апарып тастау керек.
Levi Kaz 14:46  Ал діни қызметкер жеті күнге жауып тастаған үйге кірген әркім кешке дейін арамданған болады.
Levi Kaz 14:47  Сондай үйде ұйықтаған не тамақтанған әркім киімдерін жууы керек.
Levi Kaz 14:48  Егер діни қызметкер үйді қарауға келіп, жаңа сылақ жағылғаннан бері көгерудің жайылмағанын көрсе, ол сол үйді таза деп жарияласын. Себебі бұл көгерудің жоғалып кеткенін білдіреді.
Levi Kaz 14:49  Діни қызметкер сол үйге тазару рәсімін жасау үшін екі құсты, біраз самырсын ағашын, қырмызы жіп пен сайсағыз бұтақшасын алсын.
Levi Kaz 14:50  Құстың бірін таза су құйылған қыш құмыраның үстінде шалып, қанын соған ағызсын.
Levi Kaz 14:51  Діни қызметкер самырсын ағашын, сайсағыз бұтақшасын, қырмызы жіпті және тірі құсты шалынған екінші құстың қаны араластырылған суға малып алсын. Содан кейін ол қан аралас суды үйге қарай жеті рет бүріксін. Осылайша ол сол үйге тазару рәсімін жасайды.
Levi Kaz 14:52  Діни қызметкер самырсын ағашын, сайсағыз бұтақшасын, қырмызы жіпті және тірі құсты шалынған екінші құстың қаны араластырылған суға малып алсын. Содан кейін ол қан аралас суды үйге қарай жеті рет бүріксін. Осылайша ол сол үйге тазару рәсімін жасайды.
Levi Kaz 14:53  Ал тірі құсты қала сыртында далаға босатып жіберсін. Сонымен діни қызметкер үйді арамданған күйінен тазартып, ол таза болады.
Levi Kaz 14:54  Кез келген алапес іспетті жұқпалы тері ауруы мен қотырға,
Levi Kaz 14:55  әрі киімнің не үйдің көгеруіне,
Levi Kaz 14:56  ісік, бөртпе, ақтаңдаққа бір нәрсенің таза не арамданған екенін белгілеуге арналған ережелер осылар. Жұқпалы тері аурулары мен көгеру туралы заң, міне, осы.
Chapter 15
Levi Kaz 15:1  Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тағы нұсқау беріп былай деді:
Levi Kaz 15:2  — Исраил халқына мынаны айтыңдар: егер біреудің денесінен ірің бөлінетін болса, сол адам таза емес болып саналады.
Levi Kaz 15:3  Ірің не ағып жүрген, не іркіліп тоқтап қалған екі жағдайда да адамды арамдайды.
Levi Kaz 15:4  Денесінен ірің ағатын адамның жатқан төсегі әрі ол отырған нәрселердің бәрі арамданады.
Levi Kaz 15:5  Оның төсегімен жанасып кеткен әркім киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады.
Levi Kaz 15:6  Денесінен ірің ағатын адамның отырып кеткен жеріне отырған басқа адам да киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады.
Levi Kaz 15:7  Егер біреу ірің ағып жүрген адамның денесімен жанасып кетсе, ол киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады.
Levi Kaz 15:8  Егер денесінен ірің ағатын адамның түкірігі таза біреуге шашырап кетсе, ол киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады.
Levi Kaz 15:9  Денесінен ірің ағатын адам отырған аттың ері де арамданады.
Levi Kaz 15:10  Оның отырған кез келген нәрсесімен жанасқан немесе соны көтерген әркім киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады.
Levi Kaz 15:11  Денесінен ірің ағатын адам қолын жумай біреуге қолын тигізетін болса, ол киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады.
Levi Kaz 15:12  Денесінен ірің ағатын адам ұстаған әр қыш ыдысты сындырып тастау керек. Ал егер ол ағаш ыдыс болса, сумен жуылып-шайылсын.
Levi Kaz 15:13  Сол адам ірің ағудан сауығып кеткенде, өзінің тазаруы үшін жеті күнді санасын. Сол кезең өткеннен кейін адам киімдерін жуып, өзі ағынды сумен жуынсын. Содан кейін ол таза болып саналады.
Levi Kaz 15:14  Сегізінші күні ол екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді алып, кездесу шатырының кіреберісіне Жаратқан Иенің алдына келіп, құстарды діни қызметкерге табыстасын.
Levi Kaz 15:15  Діни қызметкер олардың біреуін күнәнің құнын өтейтін, екіншісін түгелдей өртелетін құрбандықтар ретінде шалсын. Осылайша ол Жаратқан Иенің алдында сол адамды денесінен ірің аққандықтан болған арам күйінен тазартады.
Levi Kaz 15:16  Егер ер адамның шәуеті ағып кетсе, ол денесін түгелдей сумен жусын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады.
Levi Kaz 15:17  Оның шәуеті тамған әрбір киім мен былғары бұйымды сумен жуу керек. Сол киім не бұйым кешке дейін арамданған болады.
Levi Kaz 15:18  Еркек әйелмен жақындасып, шәуеті ағып кетсе, екеуі де сумен жуынуға тиіс. Олар кешке дейін таза емес болып саналады.
Levi Kaz 15:19  Егер әйелдің әдеттегідей айлық етеккірі келіп жүрген болса, оның таза емес деп саналатын уақыты жеті күнге созылады. Сол кезде онымен жанасқан әр адам кешке дейін таза емес болып саналады.
Levi Kaz 15:20  Етеккірі келіп жүрген әйел жатқан әрі отырған нәрселердің бәрі де арам болып саналады.
Levi Kaz 15:21  Сондай әйелдің төсегімен жанасқан әркім киімдерін жуып, өзі де суға түсіп шомылсын. Ол кешке дейін таза емес болып саналады.
Levi Kaz 15:22  Әйелдің отырған нәрселерімен жанасқан әркім киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Ол кешке дейін таза емес болып саналады.
Levi Kaz 15:23  Әйелдің жатқан төсегінің не отырған бұйымының үстіндегі кез келген нәрсесімен жанасқан әркім кешке дейін таза емес болып саналады.
Levi Kaz 15:24  Егер ер адам әйелімен бір төсекте жатып, оның етеккірі бұған жұғып қалса, онда сол адам жеті күн бойы таза емес болып саналады. Ол жатқан әрбір төсек те арамданған болады.
Levi Kaz 15:25  Егер әйелдің етеккірі әдеттен тыс басталып, көпке созылса немесе етеккірі әдеттегіден ұзақ уақытқа созылса, онда әйел сол кезең бойы таза емес болып саналады.
Levi Kaz 15:26  Сол аралықта әйел жатқан әр төсек не отырған әр нәрсе оның әдеттегі келетін етеккірімен арамданған төсегі не отырған нәрселері сияқты арам болып саналады.
Levi Kaz 15:27  Осы нәрселермен жанасқан әркім таза емес болып саналады. Ол киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Адам кешке дейін таза емес болып саналады.
Levi Kaz 15:28  Әйел етеккірі тоқтағанда жеті күнді санасын. Сол кезең өткеннен кейін ол таза болып саналады.
Levi Kaz 15:29  Сегізінші күні әйел екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді алып, кездесу шатырының кіреберісіндегі діни қызметкерге апарсын.
Levi Kaz 15:30  Діни қызметкер екі құстың біреуін күнәнің құнын өтейтін, екіншісін өртелетін құрбандықтар ретінде шалсын. Осылайша діни қызметкер сол әйелді етеккірінен болған таза емес күйінен тазартады.
Levi Kaz 15:31  Осылайша сендердің Исраил халқын өздерін арамдайтын нәрселерден бөлек ұстауларың қажет. Әйтпесе олар араларыңдағы Менің киелі шатырымды арамдап, соның кесірінен өледі.
Levi Kaz 15:32  Денесінен ірің не шәует ағып кеткендіктен таза емес еркектерге
Levi Kaz 15:33  және етеккірі келіп жүрген әйелдерге, денесінен түрлі сұйықтық ағатын еркек не әйелге және таза емес болған әйелімен бір төсекте жатқан ер адамға арналған заң, міне, осы.
Chapter 16
Levi Kaz 16:1  Һаронның екі ұлы Жаратқан Иенің алдына оттың (Ол бұйырмаған бөтен түрін алып) келіп, өлгеннен кейін Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып
Levi Kaz 16:2  былай деді:— Ағаң Һаронға мынаны ескерт: Һаронның шымылдықтың арт жағындағы ең қасиетті бөлменің ішіне және онда орналасқан Келісім сандығының үстіндегі қақпақтың алдына өзі қалаған кезінде келуіне болмайды. Әйтпесе ол өледі. Өйткені күнәнің арамдығынан тазару рәсімі орындалатын сол қақпақтың үстіндегі бұлт ішінде Мен боламын.
Levi Kaz 16:3  Һарон киелі орынға кіргенде күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа бір жас бұқаны және шалынып, түгелдей өртелетін құрбандыққа бір қошқарды әкелсін.
Levi Kaz 16:4  Һарон бедерлі бәтестен тігілген арнайы ұзын көйлегін және тәнін жабатын бәтес шалбарын киіп алсын. Содан соң ол бәтестен тоқылған жалпақ белбеумен белін буып, басына бәтес сәлдесін орап алсын. Бұлар (Өзіме киелі орында қызмет көрсеткенде ғана киіп жүруге болатын) киелі киімдер. Һарон оларды киместен бұрын денесін сумен жуып тазарсын.
Levi Kaz 16:5  Һарон Исраил халқының қауымынан күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа екі текені және түгелдей өртелетін құрбандыққа бір қошқарды қабылдасын.
Levi Kaz 16:6  Һарон жас бұқаны өзінің күнәларының құнын өтейтін құрбандық ретінде ұсынсын. Осы арқылы ол өзін және отбасын күнәларына бола арамданған күйлерінен тазартады.
Levi Kaz 16:7  Содан соң ол екі текені кездесу шатырының кіреберісінде Жаратқан Иенің алдына тұрғызып қойсын.
Levi Kaz 16:8  Һарон екі текенің қайсысы Жаратқан Иеге бағышталатынын, қайсысы халықтың күнәларын мойнына артып шалғай құла түзге айдалып тасталатынын жеребе тастап анықтасын.
Levi Kaz 16:9  Жеребе түсіп, Жаратқан Иеге бағышталған текені Һарон күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде шалып, ұсынсын.
Levi Kaz 16:10  Ал жеребе бойынша күнәні мойнына артып әкетуге бағышталған теке тірідей Жаратқан Иенің алдына әкелініп, ұсынылады. Осы теке елсіз иен далаға айдалып тасталғанда халықтың күнәларының арамдығын өзімен бірге алып кетеді.
Levi Kaz 16:11  Һарон әлгі жас бұқаны өзінің күнәсінің құнын өтейтін құрбандық ретінде алып келіп шалсын. Сонда Һарон және оның отбасы күнәларына бола арамданған күйлерінен тазартылады.
Levi Kaz 16:12  Бұдан кейін Һарон Жаратқан Иенің алдындағы түтету үстелінен қызып тұрған көмір шоғына толы табаны және майда етіп тартылған екі уыс хош иісті затты алып, солармен ішкі шымылдықтың арғы жағына өтіп барсын.
Levi Kaz 16:13  Һарон сол жерде, Жаратқан Иенің алдында хош иісті затты табаға салсын. Соның бұлт тәрізді хош иісті түтіні Келісім сандығының үстіндегі қақпақты тұмшалап көзден тасалайды. Осылайша Һарон өлмей тірі қалады.
Levi Kaz 16:14  Һарон жас бұқаның қанының біразын саусағымен осы қақпақтың шығыс жағына бүріксін. Мұнан кейін ол саусағымен жеті рет қақпақтың алдына да біраз қанды бүркіп шашсын.
Levi Kaz 16:15  Содан соң Һарон халықтың күнәларының құнын өтейтін құрбандыққа арналған текені де шалсын. Оның қанын ішкі шымылдықтың арғы жағына алып барып, құрбандыққа шалған жас бұқаның қанымен не істеген болса, текенің қанымен де соны істесін: оны сол қақпақтың үстіне және оның алдына бүркіп шашсын.
Levi Kaz 16:16  Осылайша Һарон ең қасиетті бөлмені оның арамданған күйінен тазартсын. Ең қасиетті бөлме Исраил халқының Жаратқан Иеге мойынсұнбағандықтан жасаған барлық күнәларының кесірінен арамданған болатын. Исраилдіктердің арасында тігіліп қойылған, дәл солай арамданған бүкіл кездесу шатырын да Һарон осы сияқты тазартсын.
Levi Kaz 16:17  Һарон ең қасиетті бөлмеге кірген мезгілден бастап, оған тазарту рәсімін жасап аяқтап шыққанға дейін басқа ешбір адам кездесу шатырында болмауға тиіс. Осылай Һарон өзін, отбасын және бүкіл Исраил қауымын арамданған күйінен тазартады.
Levi Kaz 16:18  Содан соң Һарон кездесу шатырынан шығып, Жаратқан Иенің алдындағы құрбандық үстеліне барып, оны да арамданған күйінен тазартсын. Сол үшін ол бұқа мен текенің қанынан алып, құрбандық үстелінің барлық төрт бұрышындағы мүйіз тәрізді шошақтарына жақсын.
Levi Kaz 16:19  Һарон саусағын тағы да қанға малып алып, оны құрбандық үстеліне жеті рет бүркіп шашсын. Осылайша құрбандық үстелін исраилдіктердің күнәларының кесірінен арамданған күйінен тазартып, оны қайтадан Жаратқан Иеге бағыштап киелі қалпына келтіреді.
Levi Kaz 16:20  Һарон ең қасиетті бөлмеге, бүкіл кездесу шатырына және құрбандық үстеліне оларды арамданған күйінен тазарту рәсімін орындап болған соң, тірі текені алға шығарсын.
Levi Kaz 16:21  Содан Һарон текенің басына қолдарын қойып, исраилдіктердің күллі теріс қылықтарын, олардың Жаратқан Иеге мойынсұнбай жасаған күнәларының барлығын да мойындап, осы текенің басына артсын. Содан соң текені арнайы дайын тұрған адамға тапсырып, ол соны елсіз иен далаға айдап апарсын.
Levi Kaz 16:22  Адам текені иен далада босатып жібергеннен кейін, теке халықтың барлық теріс қылықтарын шалғайдағы құла түзге алып кетеді.
Levi Kaz 16:23  Содан соң Һарон қайтадан кездесу шатырына кірсін де, ең қасиетті бөлмеге барар алдында киіп алған арнайы бәтес киімдерін шешіп, сол жерде қалдырсын.
Levi Kaz 16:24  Ол киелі орында бүкіл денесін сумен жуып, өзге арнайы киімдерін киіп, шықсын. Мұнан кейін өзінің және бүкіл халықтың әкелген құрбандықтарын шалып, (құрбандық үстелінде) түгелдей өртеп ұсынсын. Осы арқылы Һарон өзін және бүкіл халықты арамданған күйлерінен тазартсын.
Levi Kaz 16:25  Һарон күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа шалынған малдардың майларын да құрбандық үстелінде түтетіп өртеп ұсынсын.
Levi Kaz 16:26  Ал (халықтың күнәлары артылған) текені елсіз иен далада босатып жіберген адам қайта оралғанда үстіндегі киімдерін жуып, денесін де сумен жусын. Содан кейін оған ел қонысына кіруге болады.
Levi Kaz 16:27  Күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде шалынып, қандарын Һарон халықты арамданған күйінен тазарту үшін ең қасиетті бөлмеге апарған жас бұқа мен текеге келсек, олардың денелерін ел қонысының сыртына шығарып, сол жерде терілерін, еттерін және ішек-қарындарын жынымен қоса өртеп жіберу керек.
Levi Kaz 16:28  Соларды өртеген адам үстіндегі киімдерін жуып, денесін де сумен жусын. Содан кейін ғана оның ел қонысына қайтып кіруіне болады.
Levi Kaz 16:29  Мынау сендерге арналған тұрақты ереже: жетінші айдың оныншы күні Жаратқан Иеге ерекше бой ұсынып (ораза тұтып) еш жұмыс істемеңдер! Бұл тумысынан исраилдік болғандарға ғана емес, сондай-ақ, араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтарға да қатысты.
Levi Kaz 16:30  Себебі сол күні сендер үшін күнәнің арамдығынан тазарту рәсімі жасалып тазарасыңдар. Соның арқасында сендер Жаратқан Иенің алдында барлық күнәларыңнан пәк таза болып тұрасыңдар.
Levi Kaz 16:31  Сол күн сендер түгелдей тынығатын демалыс күні болсын. Сендер Жаратқан Иеге ерекше бой ұсынып ораза ұстаңдар! Бұл — тұрақты ереже.
Levi Kaz 16:32  Болашақта әкесінен кейін тағайындалып, орнын басқан (бас) діни қызметкер де халықты арамданған күйінен тазарту рәсімін (жыл сайын) дәл солай орындалуы керек. Сонда ол (бас) діни қызметкердің бәтестен тігілген арнайы киімдерін киіп алып,
Levi Kaz 16:33  ең қасиетті бөлмені, бүкіл кездесу шатыры мен құрбандық үстелін, сондай-ақ, діни қызметкерлер мен бүкіл қауымды арамданған күйінен тазарту рәсімін орындасын.
Levi Kaz 16:34  Бұл сендерге арналған тұрақты ереже болады: жылына бір рет Исраил халқының барлық күнәларына бола оларды арамданған күйінен тазарту рәсімін орындаңдар!Мұса бәрін де Жаратқан Ие өзіне айтқандай істеді.
Chapter 17
Levi Kaz 17:1  Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп бұйырды:
Levi Kaz 17:2  — Һарон мен оның ұлдарына және барлық исраилдіктерге мынаны айт: Жаратқан Иенің бұйрығы мынау:
Levi Kaz 17:3  егер Исраил халқынан біреу не мүйізді ірі қарасын, не тоқтысын, не ешкісін ел қонысының ішінде немесе оның сыртында шалып,
Levi Kaz 17:4  ал оны кездесу шатырының кіреберісіне алып келіп, Жаратқан Иеге арнап Оның (жер бетіндегі) тұрағының алдында құрбандыққа ұсынбаса, малдың қаны сол адамның өз мойнына жүктеледі. Адам қан төккен болып есептелінеді, оны халықтан аластату қажет.
Levi Kaz 17:5  Бұның мақсаты — исраилдіктердің бұрын ашық далада шалып келген құрбандықтарын бұдан былай Жаратқан Иеге әкелулері. Олар құрбандықтарын кездесу шатырының кіреберісіндегі діни қызметкерге алып келіп, оларды Жаратқан Иемен қарым-қатынастарына ризашылықтарын білдіріп құрбандыққа шалып, Оған ұсынсын.
Levi Kaz 17:6  Діни қызметкер құрбандықтың қанын кездесу шатырының кіреберісінің алдында тұрған Жаратқан Иенің құрбандық үстеліне шашып, майларын Жаратқан Иеге хош иісті де ұнамды тарту ретінде өртеп жіберсін.
Levi Kaz 17:7  Олар бұдан былай Жаратқан Иеге опасыздық жасап, теке кейпіндегі жалған тәңірлерге құлшылық етпесін, әрі соларға ешбір құрбандықтарын ұсынбасын! Бұл — олардың өздері үшін де, келер ұрпақтары үшін де тұрақты ереже.
Levi Kaz 17:8  Оларға былай де: егер не Исраилдің үрім-бұтағынан біреу болсын, не араларында тұрып жатқан жат жұрттық адам болсын, шалынып, түгелдей өртелетін немесе басқа бір құрбандық ұсынса,
Levi Kaz 17:9  бірақ онысын Жаратқан Иеге ұсыну үшін кездесу шатырының кіреберісіне алып келмесе, сол адам халықтың арасынан аластатылсын!
Levi Kaz 17:10  Егер не Исраилдің үрім-бұтағынан біреу, не араларында тұрып жатқан жат жұрттықтардан біреу қанның кез келген түрін ішіп-жейтін болса, Мен сондай адамға қарсы шығып, оны халықтың арасынан аластатамын.
Levi Kaz 17:11  Себебі тірі мақұлықтың жаны оның қанында. Мен сендерге жандарыңды арамданған күйлерінен тазарту үшін құрбандық үстелінде ұсынылған қанды бұйырдым. Өйткені төгілген қан арқылы жанның құны өтеліп, оны арамданған күйінен тазартады.
Levi Kaz 17:12  Сондықтан Мен Исраил халқына былай дедім: «Сендердің ешқайсыларыңның да, араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтардың да қанды ішіп-жеулеріңе болмайды!»
Levi Kaz 17:13  Не исраилдік, не араларыңда тұрып жатқан жат жұрттық біреу жеуге болатын аңды не құсты ауласа, соның қанын толық ағызып, топырақпен көміп тастаңдар!
Levi Kaz 17:14  Әрбір мақұлықтың жаны оның қанында. Сол себепті Мен исраилдіктерге ешқандай тәннің қанын ішіп-жемеуді бұйырдым. Өйткені барлық мақұлықтардың жаны қанында. Сол себепті оны ішіп-жеген әркім аластатылуға тиіс.
Levi Kaz 17:15  Кімде-кім, не исраилдік болсын, не жат жұрттық болсын, арам өлген немесе жыртқыш аңдарға таланып өлген хайуанның етін жесе, ол киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін арамданған, ал содан соң таза болып саналады.
Levi Kaz 17:16  Ал егер киімдерін жумай, өзі де жуынбаса, оның айыбы өз мойнында болады.
Chapter 18
Levi Kaz 18:1  Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді:
Levi Kaz 18:2  — Исраилдіктерге Менің мына сөздерімді жеткіз: Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 18:3  Сендер бұрын қоныстанған Мысырдың адамдарындай істемеңдер! Мен сендерді жетелеп бара жатқан Қанахан елінің адамдарындай да әрекет етпеңдер, әрі олардың (азғын) ережелеріне сәйкес ештеңе істемеңдер!
Levi Kaz 18:4  Сендер Менің шешімдерімді орындап, ережелерімді сақтауларың керек. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 18:5  Сонымен Менің ережелерім мен шешімдерімді ұстаныңдар! Оларды бұлжытпай орындайтын адам солар арқылы өмір сүреді. Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 18:6  Ешкім өзінің қандас туысымен жақындасып абыройын ашпасын! Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 18:7  Әкең мен шешеңнің абыройын төгіп шешеңмен жақындаспа! Ол өз анаң ғой, оның абыройын ашпа!
Levi Kaz 18:8  Әкеңнің өзге әйелімен де жақындаспа! Бұл әкеңнің де абыройын ашқаның.
Levi Kaz 18:9  Өзіңнің бірге туған әпке-қарындасыңның немесе өзіңмен жартылай қандас не әкеңнің, не шешеңнің қызымен де жақындаспа! Ол сенімен бірге туып-өсті ме, жоқ па, бәрібір, оның абыройын төкпе!
Levi Kaz 18:10  Ұлыңның не қызыңның қызымен жақындаспа! Бұл өзіңнің де абыройыңды ашқаның.
Levi Kaz 18:11  Әкеңнің басқа әйелінен туған қызымен де жақындаспа! Ол сенің әпке-қарындасың ғой.
Levi Kaz 18:12  Әкеңнің әпке-қарындасымен де жақындаспа! Ол әкеңнің қандас туысы ғой.
Levi Kaz 18:13  Шешеңнің әпке-сіңлісімен жақындаспа! Ол шешеңнің қандас туысы ғой.
Levi Kaz 18:14  Әкеңнің аға-інісінің әйелімен жақындасып, немере аға-ініңнің абыройын төкпе! Сол әйел сенің туысқан жеңгең не келінің ғой.
Levi Kaz 18:15  Өз келініңмен де жақындаспа! Ол ұлыңның әйелі ғой, келініңнің абыройын ашпа!
Levi Kaz 18:16  Аға-ініңнің әйелімен жақындаспа! Бұл ағаңның не ініңнің абыройын ашқаның.
Levi Kaz 18:17  Бір әйелмен және оның қызымен немесе бір әйелмен және оның немере не жиен қызымен бірдей жақындаспа! Олар өзара қандас туыстар ғой. Бұл — жексұрын қылық.
Levi Kaz 18:18  Әйеліңнің туған әпке не сіңлісін алып, онымен әйеліңнің көзі тірісінде жақындаспа! Бұдан сол екеуі күндес болар еді.
Levi Kaz 18:19  Әйелдің айлық етеккірі келіп жүрген кезінде онымен жақындаспа!
Levi Kaz 18:20  Басқа біреудің әйелімен еш жақындасып, өзіңді арамдама!
Levi Kaz 18:21  Ұрпақтарыңды (жалған тәңір) Молохқа құрбан етіп Құдайыңды қорлама! Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 18:22  Еркекті әйелдей көріп онымен жақындаспа! Бұл — жексұрын қылық.
Levi Kaz 18:23  Жануармен жақындасып, өзіңді арамдама! Әйел де жақындасу мақсатымен өзін жануарға ұсынбасын. Бұл — нағыз азғындық.
Levi Kaz 18:24  Осындай қылықтармен өздеріңді еш арамдамаңдар! Мен алдарыңнан қуып шыққалы тұрған халықтар дәл осындай қылықтардың кесірінен өздерін арамдады.
Levi Kaz 18:25  Олардың жексұрын қылықтарынан елдің өзі де арамданып кетті. Мен оның айыбына назар аударып, сол себептен енді елдің өзі тұрғындарын құсып шығарып тастайды.
Levi Kaz 18:26  Ал сендер Менің ережелерім мен шешімдерімді орындауларың керек. Тумысынан исраилдік өздерің де, араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтар да осындай жексұрын қылықтарды жасамасын!
Levi Kaz 18:27  Себебі осындай жексұрындықтардың барлығын елде өздеріңнен бұрын тұрған халықтар істейтін еді, содан да жер арамданып кетті.
Levi Kaz 18:28  Егер енді сендер елді арамдайтын болсаңдар, онда ел сендерді де бұрынғы халықтар сияқты құсып шығарып тастайтын болады.
Levi Kaz 18:29  Ал егер біреу осы жексұрын қылықтардың кез келгенін істесе, сондай адам халық арасынан аластатылсын!
Levi Kaz 18:30  Сондықтан да Менің бұйрықтарымды сақтап орындаңдар! Өздерің елге келмей тұрып сонда тараған жексұрын салт-дәстүрлерді ұстанбаңдар! Соларды істеп өздеріңді арамдамаңдар! Мен сендердің Құдайларың — Жаратқан Иемін.
Chapter 19
Levi Kaz 19:1  Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
Levi Kaz 19:2  — Исраил халқының бүкіл қауымына мынаны жеткіз: Мен, сендердің Құдайларың Жаратқан Ие, киелімін, сондықтан сендер де Өзіме бағышталып киелі болыңдар!
Levi Kaz 19:3  Әрқайсың өз әке-шешелеріңді терең қастерлеңдер! Мен белгілеген демалыс күндерімді сақтаңдар! Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:4  Жалған тәңірлерге бет бұрмаңдар! Олардың мүсіндерін жасап алмаңдар! Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:5  Сендер Менің Өзіммен — Жаратқан Иемен қарым-қатынастарыңа ризашылық білдіретін құрбандық шалған кезде Мен соларыңды ізгілікпен қабылдайтындай етіп шалыңдар!
Levi Kaz 19:6  Құрбандықтың етін оны шалған күні немесе ертеңіне жеңдер. Үшінші күнге артылып қалғанының барлығын өртеп жіберулерің керек.
Levi Kaz 19:7  Егер сол еттен үшінші күні де желінсе, ол арамданып, жиренішті болады. Мұндай құрбандық қабыл болмайды.
Levi Kaz 19:8  Одан үшінші күні жеген адамның Жаратқан Иеге бағышталған киелі нәрсені қор қылғаны. Ондай адам өз айыбын өзі көтереді, ол халқының арасынан аластатылсын!
Levi Kaz 19:9  Егістік жеріңнің өнімін жинаған кезде оның шет жағын ормай қалдыра сал, әрі жерге түскен масақтарды қайтып келіп жинамай-ақ қой!
Levi Kaz 19:10  Жүзімдігіңдегі қалып қойған не түсіп қалған жүзім шоқтарын да жинама. Оларды жарлылар мен жат жұрттықтарға қалдыр. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:11  Ұрлық жасама!Өтірік айтпа!Бір-біріңді алдамаңдар!
Levi Kaz 19:12  Менің атыммен өтірік ант беріп, Құдайларыңның есімін қорламаңдар! Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:13  Басқа кісіге жәбір көрсетпе, оның мүлкін тонама!Жалдаған адамыңның жалақысын тиесілі күні қолма-қол бер, оны ертеңге дейін күттіріп қойма.
Levi Kaz 19:14  Саңырауды қарғама, соқырдың алдына сүріндіретін бөгет тастама. Құдайыңды терең қастерлейтініңді осылай көрсет. Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:15  Сотта әділдікті бұрмалама! Не кедейге орынсыз жеңілдік жасамай, не байға орынсыз құрмет көрсетпей, адамдарды соттағанда әділ бол!
Levi Kaz 19:16  Жұрттың арасында өсек-аяң таратушы болма. Басқа адамның өміріне қауіп төндіре алатын еш нәрсе істеме. Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:17  Жақыныңа өкпелеп, мұныңды көңіліңе сақтама! Оған қатесін ашық айт, әйтпесе оның кінәсіне ортақ боласың.
Levi Kaz 19:18  Кек алушы болма, басқаға реніш сақтама! Керісінше, өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй! Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:19  Менің ережелерімді сақтап орындайтын болыңдар!Екі түрлі жануарды бір-бірімен шағылыстырмаңдар. Егістік жерге бір мезгілде екі түрлі тұқым сеппеңдер. Екі түрлі жіптен тоқылған матадан тігілген киім кимеңдер.
Levi Kaz 19:20  Егер ер адам басқа біреуге айттырылған күңмен жақындасқан болса, ал сол қыздың құны әлі төленбеген, оған бас бостандығы әлі берілмеген болса, онда сол адам лайықты жазасын тартсын. Бірақ оларды өлімге кесуге болмайды, себебі қыз әлі азат етілмеген.
Levi Kaz 19:21  Алайда сол адам кездесу шатырының кіреберісіне Жаратқан Иеге арнап айыпты өтеу құрбандығына бір қошқарды алып келсін.
Levi Kaz 19:22  Діни қызметкер жаңағы қошқарды айыпты өтеу құрбандығына шалсын. Осылай ол Жаратқан Иенің алдында сол ер адамды күнәсіне бола арамданған күйінен тазартады. Сонда оның күнәсі кешіріледі.
Levi Kaz 19:23  Қанахан еліне келіп қоныстанғаннан кейін түрлі жеміс ағаштарын отырғызсаңдар, содан кейінгі үш жыл бойы олардың жемістерін жинамаңдар! Үш жыл бойы жемістерін тыйым салынған деп санап, жемеңдер!
Levi Kaz 19:24  Төртінші жылы сол ағаштардың жемістерін түгелдей Жаратқан Иеге мадақтау тартуы ретінде бағыштаңдар!
Levi Kaz 19:25  Ал бесінші жылы олардың жемістерін жей берулеріңе болады. Осылай ететін болсаңдар, өнімдерің мол болады. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:26  Қаны ағызылып тасталмаған етті жемеңдер!Сәуегейлікпен және сиқыршылықпен айналыспаңдар!
Levi Kaz 19:27  Өлгенді аза тұтып самай шашын қырып, сақал шеттерін қырықпаңдар,
Levi Kaz 19:28  әрі денелеріңнің терісін тілгілеп жарақаттап, инемен таңба да салмаңдар! Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:29  Қызыңды жезөкшелікке салып, арамдама! Әйтпесе жезөкшелік бүкіл елге жайылып, ел азғындыққа толады.
Levi Kaz 19:30  Менің белгілеген демалыс күндерімді сақтап, киелі орнымды терең қастерлеңдер. Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:31  Аруақ шақырушыға, бақсы-балгерлер мен сәуегейлерге жүгінбеңдер! Бұларыңмен өздеріңді арамдағандарың. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:32  Жасы үлкен адамды сыйлап орныңнан тұрып Құдайыңды терең қастерле. Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:33  Еліңде тұрып жатқан жат жұрттыққа жәбір көрсетпе.
Levi Kaz 19:34  Еліңде тұрып жатқан жат жұрттыққа өз адамыңдай қара. Өзіңді қалай сүйсең, оны да солай сүй! Өздерің де Мысырда жат жұрттық болдыңдар ғой. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:35  Ұзындық, салмақ, көлем өлшегенде әділетсіздік жасамаңдар!
Levi Kaz 19:36  Барлық таразыларың, кір тастарың және көлем өлшейтін ыдыстарың дұрыс болу керек. Мен сендерді Мысырдан алып шыққан Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:37  Менің барлық ережелерім мен шешімдерімді сақтап орындаңдар. Мен Жаратқан Иемін.
Chapter 20
Levi Kaz 20:1  Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп бұйырды:
Levi Kaz 20:2  — Исраил халқына мынаны айт: Егер исраилдік не жат жұрттық біреу өз ұрпағын (жалған тәңір) Молохқа құрбан етсе, сондай адамды өлімге кесу керек. Сол жердің халқы оны таспен атқылап өлтірсін.
Levi Kaz 20:3  Мен Өзім сондай адамға қарсы шығып, оны халықтан аластатамын. Себебі өз баласын Молохқа құрбан ету арқылы ол Менің киелі орнымды арамдап, киелі есімімді қорлады.
Levi Kaz 20:4  Егер біреу баласын Молохқа құрбан еткенмен сол жердің халқы онысын көрмегенсіп, оған өлім жазасын тартқызбаса,
Levi Kaz 20:5  онда Мен сол адамның өзіне де, оның бүкіл әулетіне де қарсы шығамын. Мен олардың өздерін де, оларға еріп Молохқа табынулары арқылы Маған опасыздық жасаған басқаларды да халықтың арасынан аластатамын.
Levi Kaz 20:6  Аруақтарға және аруақ шақырушыларға жүгініп, Маған опасыздық жасағандарға да Мен қарсы шығып, оларды халықтың арасынан аластатамын.
Levi Kaz 20:7  Сонымен өздеріңді Маған толығымен бағыштап киелі болыңдар! Себебі Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 20:8  Менің ережелерімді сақтап орындайтын болыңдар. Мен сендерді Өзіме бағыштап киелі ететін Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 20:9  Егер біреу әкесін не шешесін жамандайтын болса, ол өлтірілсін! Сол адам әке-шешесін жамандағандықтан, оның төгілген қаны өзінің мойнында.
Levi Kaz 20:10  Егер ер адам басқа біреудің әйелімен жақындасса, сол еркек те, әйел де өлтірілсін.
Levi Kaz 20:11  Егер біреу әкесінің әйелімен жақындасса, оның өз әкесінің абыройын төккені. Сол еркек пен әйел өлтірілсін! Төгілген қандары олардың өз мойындарында.
Levi Kaz 20:12  Егер біреу өз келінімен жақындасса, солардың екеуі де өлтірілсін! Олардың істегендері — жексұрындық. Төгілген қандары олардың өз мойындарында.
Levi Kaz 20:13  Егер ер адам басқа еркекпен әйел іспетті жақындасса, бұлардың жасағандары — жексұрындық. Олар өлтірілсін. Төгілген қандары олардың өз мойындарында.
Levi Kaz 20:14  Егер ер адам бір әйелмен және оның шешесімен жақындасса, бұл — зұлымдық. Араларыңда ешбір зұлымдық болмауы үшін оның өзін де, екі әйелін де өртеп құрту керек.
Levi Kaz 20:15  Егер ер адам жануармен жақындасса, онда ол өлтірілсін. Сол жануарды да құртыңдар.
Levi Kaz 20:16  Егер әйел адам бір жануармен жыныстық жақындасу мақсатымен әрекет жасаса, әйелдің өзі де, жануар да өлтірілсін. Төгілген қандары олардың өз мойындарында.
Levi Kaz 20:17  Егер ер адам өз қарындасымен не әпкесімен жақындасып, бір-бірінің жалаңаш тәндерін көретін болса, тіпті ол әкесінің не шешесінің қызы (яғни өзімен тек жартылай ғана қандас) болсын, бәрібір, бұл — масқара. Оларды халықтың көзінше құрту керек. Адам өзінің туған қарындасының не әпкесінің абыройын төккендіктен оның айыбы өз мойнында.
Levi Kaz 20:18  Егер ер адам әйелмен оның айлық етеккірі келіп жүрген кезінде жақындасса, ол әйелдің етеккірінің көзін жалаңаштап, әйелдің өзі де оны ашты. Бұлардың екеуін де халықтың арасынан аластату керек.
Levi Kaz 20:19  Шешеңнің әпке-сіңлісімен не әкеңнің әпке-қарындасымен еш жақындаспа! Бұл — қандас туысыңның абыройын төккенің. Екеуіңнің айыптарың өз мойындарыңда болады.
Levi Kaz 20:20  Егер ер адам әкесінің бірге туған аға-інісінің әйелімен жақындасса, бұл әкесінің аға-інісінің абыройын төккені. Еркек пен әйелдің екеуінің де айыптары өз мойындарында болады. Олар өле-өлгенше бала көрмей өтеді.
Levi Kaz 20:21  Егер біреу өз ағасы не інісінің әйеліне үйленсе, бұл — әдепсіздік әрі оның туған бауырының абыройын ашқаны. Күнәкар болған екеуі де бала көрмей өтеді.
Levi Kaz 20:22  Сонымен барлық ережелерім мен шешімдерімді сақтап орындаңдар! Сонда Мен өздеріңді қоныстандыруға алып бара жатқан ел сендерді құсып шығарып тастамайды.
Levi Kaz 20:23  Мен сендердің алдарыңнан елден қуып шығарғалы тұрған халықтың салт-дәстүрлерін ұстанбаңдар! Сондай зұлымдықтарды істегендіктен, Мен олардан жиреніп кеттім.
Levi Kaz 20:24  Ал өздеріңе Мен мына тәрізді сөздерді айтқан едім: Сендер олардың жерін иемденетін боласыңдар. Мен ағы мен балы мол сол елді сендерге мұралық үлестерің етіп беріп отырмын. Мен өздеріңді басқа барлық халықтардан ажыратып қойған сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 20:25  Сол себепті адал және арам хайуандар мен құстарды ажыратып алыңдар! Мен арам, таза емес деп бөлектеген кез келген хайуан, құс не бауырымен жорғалаушылармен өздеріңді арамдамаңдар!
Levi Kaz 20:26  Осылайша сендер Маған бағышталған киелі болуларың керек, себебі Мен, Жаратқан Ие, киелімін. Мен өздеріңді халықтардың арасынан өз халқым болуға ажыратып, бөлек қойдым.
Levi Kaz 20:27  Араларыңдағы аруақ шақырушы не сәуегейлікпен айналысушы әркім, еркек болсын, әйел болсын, міндетті түрде өлтірілсін! Оларды тас лақтырып өлтіру керек. Төгілген қандары олардың өз мойындарында.
Chapter 21
Levi Kaz 21:1  Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:— Діни қызметті атқаратын Һаронның ұлдарына мынаны айт: Діни қызметкер халқының арасынан қайтыс болған ешкімнің мәйітіне жанасып, өзін арамдамасын.
Levi Kaz 21:2  Ал егер өзінің қандас туысқаны: әке-шешесі, ұл-қызы, бірге туған аға-інісі
Levi Kaz 21:3  немесе күйеуге шықпай оның қолында жүрген әпке-қарындасының біреуі қайтыс болса, соның мәйітіне жанасып, таза емес күйге түсуіне болады.
Levi Kaz 21:4  Бірақ ол қайын жұртынан біреу үшін таза емес күйге түсіп өзін арамдамасын.
Levi Kaz 21:5  Діни қызметкерлерге не шашын тақырлап алғызуға, не сақалының шеттерін қырқып қысқартуға, не денесінің терісін тілгілеп жарақаттап таңба салуларына да болмайды.
Levi Kaz 21:6  Олар Құдайға бағышталғандықтан, Оның есімін еш қорламасын! Жаратқан Иеге тамақ іспетті арналған тартуларды өртеу арқылы ұсынатындықтан, олар (іс-әрекеттерінде) қасиетті болулары керек.
Levi Kaz 21:7  Діни қызметкерлерге жеңіл жүріспен арамданған не күйеуімен ажырасқан әйелге үйленуге болмайды. Өйткені діни қызметкер өзінің Құдайына бағышталған.
Levi Kaz 21:8  Діни қызметкерлер сендер сиынатын Құдайға тамақ іспетті арналған тартуларды ұсынатындықтан, оларды Жаратқан Иеге бағышталған деп қастерлеңдер! Себебі сендерді Өзіме бағыштайтын Мен, Жаратқан Ие, киелімін.
Levi Kaz 21:9  Егер діни қызметкердің қызы жеңіл жүріспен өзін арамдаса, сонысымен әкесін де арамдағаны. Ондай қызды өртеп көзін құрту керек.
Levi Kaz 21:10  Бас діни қызметкер — діни қызметкерлердің арасынан таңдалып, май жағу рәсімі орындалып, арнайы киімді киюге тағайындалған адам. Сондықтан оған (аза тұтып не жалаң бас жүріп) шашын жайып жіберуге не көйлегінің өңірін айыра жыртуға болмайды.
Levi Kaz 21:11  Бас діни қызметкерге өлген адамның мәйітіне жақындауға болмайды. Тіпті өз әкесі не шешесі қайтыс болғанда да, оның арамданбауы үшін солардың мәйітіне жақындауына болмайды.
Levi Kaz 21:12  Бас діни қызметкердің (қабір басына бару үшін) Құдайдың киелі орнын тастап кетіп, оны арамдауына болмайды. Ол арнайы май жағу рәсімі арқылы Құдай Иесіне қызмет етуге тағайындалған. Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 21:13  Бас діни қызметкер пәк таза қызға ғана үйленуге тиіс.
Levi Kaz 21:14  Оған жесірге, күйеуімен ажырасқан, жеңіл жүріспен арамданған әйелге үйленуге болмайды, тек өз халқынан шыққан пәк таза қызға ғана үйленуіне болады.
Levi Kaz 21:15  Осылайша бас діни қызметкер халқының арасындағы өзінен тарайтын ұрпақтарын арамданудан сақтасын. Оны киелі ететін Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 21:16  Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
Levi Kaz 21:17  — Һаронға мынаны айт: Болашақта өзіңнен тараған ұрпақтарыңның денесінде бір кемістігі бар адамы (киелі шатырға) жақындап келіп, Құдайға тамақ іспетті арналған тартуларды ұсынушы болмасын.
Levi Kaz 21:18  Бірде-бір кемтар жан Маған қызмет көрсету үшін жақындамасын: соқыр, ақсақ, қоянжырық ерінді не қол-аяғы дұрыс дамымаған мүгедек,
Levi Kaz 21:19  сондай-ақ, аяғы не қолы сынып майып болған,
Levi Kaz 21:20  бүкір не дене мүшесі семіп қалған, көзінің кемістігі бар, қотыр не теміреткісі бар немесе ұрық безі езілген ешкім де осы қызметті атқарушы болмасын.
Levi Kaz 21:21  Діни қызметкер Һароннан тараған бір ұрпағының сондай кемістігі бар болса, оның (киелі шатырға) жақындап келіп, Жаратқан Иеге бағышталған тартуларды өртеп ұсынуына болмайды. Кемтар болғандықтан оның Құдайға тамақ іспетті арналған тартуларды әкеліп ұсынуына болмайды.
Levi Kaz 21:22  Алайда оған Құдайға бағышталған киелі және ерекше киелі тамақтардан жеуіне болады.
Levi Kaz 21:23  Ал ол өзінің тәндік кемістігіне бола (киелі шатырдағы ішкі) шымылдыққа және құрбандық үстеліне жақындап Менің киелі орнымды арамдамасын. Соларды Өзіме толығымен бағыштап киелі еткен Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 21:24  Мұса осының бәрін Һарон мен оның ұлдарына және бүкіл Исраил халқына айтып берді.
Chapter 22
Levi Kaz 22:1  Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп бұйырды:
Levi Kaz 22:2  — Һарон мен оның ұлдарына мынаны жеткіз: Менің киелі есімімді қорламаулары үшін олар исраилдіктердің Маған бағыштайтын киелі тартуларына құрметпен қарайтын болсын! Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 22:3  Оларға тағы былай деп ескерт: Егер болашақта өздеріңнен тараған діни қызметкер арамданған күйінде исраилдіктердің Жаратқан Иеге бағыштаған киелі тартуларына жақындайтын болса, ондай адамды Менің алдымнан аластату керек. Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 22:4  Һаронның бір ұрпағы жұқпалы тері ауруымен ауыратын болса немесе бір аурудың себебінен денесінен ірің ағатын болса, онда оның содан тазармайынша киелі тартулардан жеуіне болмайды. Сондай-ақ, егер Һаронның ұрпағы не өлі денемен, не шәуеті ағып кеткен біреумен жанасу арқылы арамданған бір нәрсемен жанасса
Levi Kaz 22:5  немесе арамдайтын құжынаған жәндікпен не қандай да себептен арамданған кісімен жанасса онда ол таза емес болып саналады.
Levi Kaz 22:6  Осындай нәрселермен жанасқан діни қызметкер кешке дейін таза емес болады. Кешке ол денесін сумен жусын. Бұған дейін оның киелі тартулардан жеуіне болмайды.
Levi Kaz 22:7  Тек күн батқан соң ғана ол таза болып, оның киелі тартулардан жеуіне болады. Себебі бұлар — оның үлесіне тиген тамақ.
Levi Kaz 22:8  Діни қызметкер арам өлген не жыртқыш аңдарға таланып өлген ешқандай хайуанның етін жемесін! Себебі бұл оны арамдайды. Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 22:9  Діни қызметкерлер Менің бұйрықтарымды орындаулары керек. Ал егер соларға немқұрайды қарап бұзатын болса, онда олар кінәлі болып, өлім құшады. Оларды Өзіме бағыштап киелі еткен Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 22:10  Діни қызметкердің отбасына жатпайтын кез келген адамға киелі тартулардан жеуге тыйым салынған. Ол діни қызметкердің не қонағы, не жалшысы болсын, бәрібір оның сол тартулардан жеуіне болмайды.
Levi Kaz 22:11  Ал діни қызметкердің өз ақшасына сатып алған немесе оның үй ішінде дүниеге келген басыбайлы қызметшісіне оның арнайы тамағынан жей беруіне болады.
Levi Kaz 22:12  Егер діни қызметкердің қызы діни қызметкерлер әулетінен шықпаған басқа біреуге күйеуге шықса, онда оның бұдан былай киелі тартулардан жеуіне болмайды.
Levi Kaz 22:13  Ал егер діни қызметкердің қызы жесір қалып не күйеуімен ажырасып, баласы болмай әкесінің үйіне қайтып келіп, жас кезіндегідей бірге тұратын болса, оған оның арнайы тамағынан жеуіне болады. Бірақ сырттан келген ешбір адамның одан жеуіне болмайды.
Levi Kaz 22:14  Ал егер қайсыбір адам киелі тартуды білмей жеп қойса, ол діни қызметкерге сол тартудың орнын толтырып, үстіне құнының бестен бір бөлігін қосып қайтарсын.
Levi Kaz 22:15  Діни қызметкерлер өзге исраилдіктердің Жаратқан Иеге бағыштаған киелі тартуларынан жеп, оларды арамдауларына жол бермесін! Әйтпесе әлгі адамдар кінәлі болып, солары үшін оның төлемін төлеуге тиіс болады. Сол тартуларды киелі ететін Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 22:16  Діни қызметкерлер өзге исраилдіктердің Жаратқан Иеге бағыштаған киелі тартуларынан жеп, оларды арамдауларына жол бермесін! Әйтпесе әлгі адамдар кінәлі болып, солары үшін оның төлемін төлеуге тиіс болады. Сол тартуларды киелі ететін Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 22:17  Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
Levi Kaz 22:18  — Һаронға, оның ұлдарына және бүкіл Исраил халқына мынаны айт: Егер кейбіреулерің, исраилдік болсын, араларыңда тұрып жатқан жат жұрттық болсын, ант етілген немесе өз еркімен Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін құрбандық ұсынатын болса,
Levi Kaz 22:19  ол ешбір мінсіз бір бұқаны, қошқарды немесе текені алып келсін. Сонда ғана құрбандығы қабылданады.
Levi Kaz 22:20  Кемістігі бар еш малды Жаратқан Иеге ұсынбаңдар, әйтпесе оларың қабылданбайды.
Levi Kaz 22:21  Егер біреу берген антын орындау үшін немесе өз еркімен Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандық ұсыну үшін мүйізді ірі қара не ұсақ малынан алып келсе, Жаратқан Ие ондай малды ешбір мінсіз болса ғана мақұлдап қабылдайды.
Levi Kaz 22:22  Сондықтан мынадай малдарды: соқыр немесе бір мүшесі сынған, не тілік жарақаты, не сүйелі, не іріңді жарасы, не қышыма-қотыр, есекжем секілді ауруы бар малдарды шалып, құрбандық үстелінде Жаратқан Иеге түтетіп өртеп ұсынуға болмайды.
Levi Kaz 22:23  Ал егер өз еркіңмен Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалғың келсе, бір мүшесі нысаналы немесе дұрыс өспей қалған мүйізді ірі қара не ұсақ малды құрбандыққа шалуға болады. Бірақ сондай мал ант етілген құрбандық ретінде қабылданбайды.
Levi Kaz 22:24  Ұрық безі зақымданған, езілген, жұлынып қалған немесе кесіп тасталған малды Жаратқан Иеге құрбандыққа шалуға болмайды. Елдеріңде осылай еш істемеңдер!
Levi Kaz 22:25  Мұндай кемістігі бар малдарды Құдайға тамақ іспетті тарту ретінде ұсынуға жат жұрттықтан да қабылдап, алып келмеңдер! Олар кемістігі бар зақымданған мал болғандықтан, құрбандығың ретінде қабыл болмайды.
Levi Kaz 22:26  Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді:
Levi Kaz 22:27  — Жаңа туған бұзау, қозы не лақты анасынан жеті күн айырмаңдар. Сегізінші күннен бастап сол жас малды Жаратқан Иеге өртеу арқылы ұсынылатын құрбандық ретінде қабылдауға болады.
Levi Kaz 22:28  Сиырды бұзауымен немесе қойды қозысымен бір күнде соймаңдар!
Levi Kaz 22:29  Жаратқан Иеге шүкірлік құрбандығын шалғанда, оны қабылданатындай етіп ұсыныңдар.
Levi Kaz 22:30  Малдың етін сол күні жеп бітіріңдер, келесі күнгі таңға дейін ештеңесін қалдыруға болмайды. Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 22:31  Менің өсиеттеріме бағынып, оларды орындаңдар! Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 22:32  Менің киелі есімімді қорламаңдар! Исраилдіктер Менің киелі екенімді мойындап қастерлей берсін! Мен сендерді Өзіме бағыштап киелі ететін Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 22:33  Сендерге Құдай болу үшін өздеріңді Мысыр елінен алып шықтым. Мен Жаратқан Иемін.
Chapter 23
Levi Kaz 23:1  Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
Levi Kaz 23:2  — Исраил халқына мынаны айт: Менің тағайындаған мейрамдарым төмендегідей. Оларды Маған, Жаратқан Иеге, бағышталған жиналыс күндері деп жариялаңдар!
Levi Kaz 23:3  Аптаның алты күнінде еңбектеніп жұмыс істеулеріңе болады, ал жетінші күн — тынығатын демалыс және киелі жиналыс күні. Сол күні ешқандай жұмыс жасамаңдар! Барлық мекендеріңде бұл күн — Жаратқан Иеге бағышталған демалыс күні.
Levi Kaz 23:4  Ал (демалыс күнінен басқа) Жаратқан Иенің жиналуға тағайындаған киелі мейрамдары мыналар, оларды жыл сайын белгіленген уақытында өздерің жариялаңдар!
Levi Kaz 23:5  Жаратқан Иеге бағышталған Құтқарылу мейрамын бірінші айдың он төртінші күнінің кеш батқан кезінен бастаңдар.
Levi Kaz 23:6  Осы айдың он бесінші күні Жаратқан Иенің Ашымаған нан мейрамы басталады. Сол күннен бастап жеті күн бойы тек ашытқысыз пісірілген нан жеңдер!
Levi Kaz 23:7  Мейрамның бірінші күні Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Еңбектеніп жұмыс жасамаңдар!
Levi Kaz 23:8  Жеті күн бойы Жаратқан Иеге құрбандық-тартулар әкеліп, өртеп ұсыныңдар. Ал жетінші күні Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Еңбектеніп жұмыс жасамаңдар!
Levi Kaz 23:9  Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деді:
Levi Kaz 23:10  Исраил халқына мынаны тапсыр: Мен өздеріңе табыстағалы отырған осы елге еніп, егін өнімін жинайтын кездеріңде жинаған алғашқы егіннің бірінші бауын діни қызметкерге алып келіңдер.
Levi Kaz 23:11  Жаратқан Ие оны мақұлдап қабылдау үшін діни қызметкер сол бауды Оның алдында демалыс күнінен кейінгі күні әрі-бері тербеп ұсынсын.
Levi Kaz 23:12  Бауды әрі-бері тербеп ұсынған күні мінсіз бір жасар тоқтыны түгелдей өртелетін құрбандық ретінде Жаратқан Иеге арнап құрбандыққа шалып, өртеп жіберіңдер.
Levi Kaz 23:13  Соған тиісті астық тартуы ретінде зәйтүн майымен араластырылған бір пұттың оннан екі бөлігіндей мөлшердегі таңдаулы бидай ұнын Жаратқан Иеге арналған хош иісті де ұнамды тарту ретінде өртеп жіберіңдер. Сұйық тарту ретінде бір шағын құмыра шарап ұсыныңдар.
Levi Kaz 23:14  Осы тартуларды Құдайыңның алдына алып келген күнге дейін (алғашқы өнімнен пісірілген) ешқандай нан, ешбір қуырылған не жаңадан піскен арпа жемеңдер! Бұл барлық мекендеріңде келер ұрпақтарыңа да тапсырылған тұрақты ереже болады.
Levi Kaz 23:15  — Сендер егіннің бірінші бауын әрі-бері тербеп ұсынған Құтқарылу мейрамынан бастап жеті апта мен бір күнді (яғни елу күнді) санап шығыңдар.
Levi Kaz 23:16  Осылай жетінші демалыс күні өтіп, елуінші күн басталғанда Жаратқан Иеге жаңа өнімнен астық тартуын алып келіңдер.
Levi Kaz 23:17  Тұрған мекендеріңнен алғашқы өнімнің әрі-бері тербеп ұсынылатын тартуы ретінде пұттың оннан екісіндей мөлшердегі таңдаулы бидай ұнынан ашытқы қосылып пісірілген екі бөлке нанды алып, Жаратқан Иеге ұсыныңдар.
Levi Kaz 23:18  Осы екі нанға қоса сендер (жамағат болып бірігіп) бір жасар, ешбір мінсіз жеті еркек тоқтыны, бір жас бұқаны және екі қошқарды алып келіңдер! Осының бәрі астық әрі сұйық тартуларымен қоса Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін құрбандық болады. Оның хош иісі Жаратқан Иеге ұнамды сый-тарту болады.
Levi Kaz 23:19  Содан соң күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде бір текені және Жаратқан Иемен қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандық ретінде бір жасар екі тоқтыны құрбандыққа шалыңдар.
Levi Kaz 23:20  Діни қызметкер сол екі тоқтыны алғашқы өнімнен дайындалған нанмен бірге Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсынсын. Жаратқан Иеге бағышталған осы киелі тарту — діни қызметкерге тиесілі үлес.
Levi Kaz 23:21  Сендер халыққа дәл сол күнді Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс күні деп жариялап, еңбектеніп жұмыс істемеңдер! Бұл — барлық мекендеріңде өздеріңе және келер ұрпақтарыңа берілген тұрақты ереже.
Levi Kaz 23:22  Егістік жеріңнің өнімін жинаған кезде оның шет жағын ормай қалдыра сал, әрі жерге түскен масақтарды қайтып келіп жинамай-ақ қой. Оларды жарлылар мен жат жұрттықтарға қалдыр. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 23:23  Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп бұйырды:
Levi Kaz 23:24  — Исраил халқына мынаны жеткіз: жетінші айдың бірінші күні демалып, Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Мейрамның басталуын керней тартып жариялаңдар.
Levi Kaz 23:25  Сол күні еңбектеніп жұмыс істемеңдер, Жаратқан Иеге өртеу арқылы тарту ұсыныңдар.
Levi Kaz 23:26  Жаратқан Ие Мұсаға тағы тіл қатып былай деді:
Levi Kaz 23:27  — Жетінші айдың оныншы күні — халықты және кездесу шатырын күнәнің арамдығынан тазарту рәсімі жасалатын күн. Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер; Оған ерекше бойсұнып ораза ұстаңдар әрі өртеу арқылы тарту ұсыныңдар.
Levi Kaz 23:28  Сол күні еңбектеніп жұмыс істемеңдер! Себебі ол күн — күнәнің арамдығынан тазартылу күні. Сонда сендер Құдайларың — Жаратқан Иенің алдында күнәнің арамдығынан тазартыласыңдар.
Levi Kaz 23:29  Сол күні Құдайға ерекше бойсұнып ораза ұстамаған әрбір адам халқының арасынан аластатылсын.
Levi Kaz 23:30  Жаратқан Ие — Мен сол күні жұмыс істеген әркімді халқының арасынан құртамын.
Levi Kaz 23:31  Сонымен сол күні ешқандай жұмысты істемеңдер! Бұл барлық мекендеріңде өздеріңе және болашақ ұрпақтарыңа арналған тұрақты ереже болады.
Levi Kaz 23:32  Осы күн — өздерің толықтай тынығатын демалыс күні, онда Құдайға ерекше бойсұнып ораза ұстауларың керек. Жетінші айдың тоғызыншы күнінің кешінен бастап келесі күннің кешіне дейін осы демалыс күнін ұстануларың қажет.
Levi Kaz 23:33  Жаратқан Ие тағы да Мұсаға тіл қатып былай деді:
Levi Kaz 23:34  — Исраил халқына мынаны айт: жетінші айдың он бесінші күні Жаратқан Иеге арналған Күркелер мейрамы басталады; ол жеті күнге созылады.
Levi Kaz 23:35  Мейрамның бірінші күні — Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Сол күні еңбектеніп ешқандай жұмыс істеулеріңе болмайды.
Levi Kaz 23:36  Жеті күн бойы Жаратқан Иеге өртеу арқылы тартулар ұсынып, сегізінші күні де соны істеп, Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Сол күні еңбектеніп жұмыс істемеңдер!
Levi Kaz 23:37  Жаратқан Ие белгілеген мейрамдар осылар. Сол кездерде сендер бағышталған жиналыстар жариялаңдар және Оған арнап мына сый-тартуларды өртеу арқылы ұсыныңдар: шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар мен астық тартуларын, басқа құрбандықтар мен сұйық тартуларды. Бұлардың әрқайсысын белгіленген әр күні Жаратқан Иеге ұсынуларың қажет.
Levi Kaz 23:38  Осы мейрамдарды Жаратқан Ие белгілеген демалыс күндерінен басқа қосымша сақтауға тиіссіңдер. Сондай-ақ, бұл тартулар — сендер Жаратқан Иеге ұсынатын өзге де сый-тартулардан, әрі Оған ант еткен және өз еріктеріңмен беретін тартуларыңнан басқа, қосымша ұсынатын құрбандықтарың мен тартуларың.
Levi Kaz 23:39  Осылайша сендер елдің өнімін жинап болған соң, жетінші айдың он бесінші күнінен бастап жеті күн бойы Жаратқан Иеге арналған Күркелер мейрамын өткізіңдер. Оның бірінші күні мен сегізінші күні толықтай тынығатын демалыс күндері болсын.
Levi Kaz 23:40  Бірінші күні таңдаулы ағаштардың жемістерін, пальма бұтақшаларын әрі жапырағы мол өзге ағаштардың және өзен жағасындағы талдардың бұтақшаларын жинап, күркелер жасап алыңдар. Құдай Иелеріңнің алдында жеті күн бойы шаттана тойлаңдар.
Levi Kaz 23:41  Осы мейрамды Жаратқан Иенің құрметіне арнап жыл сайын жеті күн бойы өткізіңдер. Бұл — өздеріңе және келер ұрпақтарыңа берілген тұрақты ереже: мейрамды жетінші айда тойлауларың керек!
Levi Kaz 23:42  Жеті күн бойы бұтақшадан жасалған күркелерде тұрыңдар. Исраилдік болып туған әркім осыны істеуге тиіс.
Levi Kaz 23:43  Сонда сендердің келер ұрпақтарың да Менің Исраил халқын Мысырдан бастап алып шыққанда оларды күркелерде тұрғызғанымды білетін болады. Мен сендердің Құдайларың — Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 23:44  Осылайша Мұса исраилдіктерге Жаратқан Иенің тағайындаған мейрамдарын жариялап айтып берді.
Chapter 24
Levi Kaz 24:1  Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
Levi Kaz 24:2  — Исраилдіктерге кездесу шатырындағы шамдардың сөнбей жанып тұруы үшін зәйтүннен сығып алынған таза майды алып келуді тапсыр.
Levi Kaz 24:3  Шамдар кездесу шатырындағы ең қасиетті бөлменің және ондағы Келісім айғақтары (сақталған сандықтың) алдында ілінген шымылдықтың сыртқы жағында орналасқан. Һарон осы шамдардың Жаратқан Иенің алдында күн батқаннан таң атқанша жанып тұруын қамтамасыз етуге тиіс. Бұл — кейінгі ұрпақтарыңа да берілген тұрақты ереже.
Levi Kaz 24:4  Һарон саф алтын шам қойғыштағы шамдарды Жаратқан Иенің алдында ұдайы реттеп, сөндірмей жандырып қоюы керек.
Levi Kaz 24:5  Таңдаулы бидай ұнынан он екі күлше пісір. Олардың әрқайсысына пұттың оннан екісіндей мөлшерде ұн қолдан.
Levi Kaz 24:6  Нанды Жаратқан Иенің алдындағы саф алтын үстелдің үстіне, алты-алтыдан екі қатар етіп қой.
Levi Kaz 24:7  Әр қатарға таза да хош иісті шайырды қой. Осы хош иісті шайыр кейін Жаратқан Иеге өртеу арқылы ұсынылатын естелік іспетті нанның орнын басады.
Levi Kaz 24:8  Бұл күлшелерді Һарон Жаратқан Иенің алдына әр сенбі сайын қоятын болсын. Мұны ол Исраил халқының атынан мәңгілік Келісімге сай істеуге тиіс.
Levi Kaz 24:9  Осы нан Һаронға және оның ұлдарына тиесілі, олар сол күлшелерді киелі орында жеулері қажет. Бұл — Жаратқан Иеге өртеу арқылы ұсынылатын тартулардан оларға тиісті үлестің ерекше киелі бөлігі.
Levi Kaz 24:10  Бірде мысырлыққа күйеуге шыққан исраилдік әйелдің ұлы исраилдіктердің арасына келді. Ол ел қонысында жүргенде бір исраилдікпен төбелесіп қалды.
Levi Kaz 24:11  Сонда осы исраилдік әйелдің ұлы Жаратқан Иенің есімін балағаттап қарғады. Сол себепті оны Мұсаның алдына әкелді. Сол жігіттің анасының аты-жөні Дан руынан шыққан Дибри қызы Шеломит болатын.
Levi Kaz 24:12  Бұл жігіт туралы Жаратқан Иенің еркі анық болғанша ол қамауға алынды.
Levi Kaz 24:13  Содан соң Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деп бұйырды:
Levi Kaz 24:14  — Жаратқан Иенің есімін қарғағанды ел қонысының сыртына алып шығыңдар. Оның айтқандарын естігендердің бәрі қолдарын оның басына қойсын. Бұдан кейін Исраилдің бүкіл қауымы оны таспен атқылап өлтірсін.
Levi Kaz 24:15  Исраил халқына тағы мынаны айт: Құдайын қарғаған әркімнің күнәсі өз мойнында.
Levi Kaz 24:16  Жаратқан Иенің есімін балағаттаған әркім өлтірілсін! Исраилдің бүкіл қауымы оны таспен атқылап өлтіруге тиіс. Егер жат жұрттық не исраилдік болып туған біреу Менің есімімді балағаттаса, соны өлтіру керек.
Levi Kaz 24:17  Кісіні ұрып өлтірген әркім де өлтірілсін.
Levi Kaz 24:18  Өзге біреудің малын ұрып өлтірген әркім басқа бас төлеп, оның орнын толтырсын.
Levi Kaz 24:19  Өзге біреуді жарақаттаған әркімге оның соған істегені өзіне істелінсін:
Levi Kaz 24:20  сыныққа — сынық, көзге — көз, тіске — тіс. Ол өзге адамды қалай жарақаттаса, оның өзіне де солай істелінсін.
Levi Kaz 24:21  Сонымен бір малды ұрып өлтірген әркім оның орнын толтырсын. Бірақ кісіні ұрып өлтіргеннің өзі өлтірілсін.
Levi Kaz 24:22  Исраилдік болып туған адамды да, жат жұрттықты да бірдей заңмен соттауларың керек. Себебі Мен сендердің Құдайларың — Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 24:23  Мұса осы ережелерді Исраил халқына айтып жеткізді. Олар Жаратқан Иенің есімін қарғағанды ел қонысының сыртына алып шығып, тас лақтырып өлтірді. Мұны Жаратқан Иенің Мұсаға берген бұйрығына сай істеді.
Chapter 25
Levi Kaz 25:1  Жаратқан Ие Синай тауында Мұсаға тіл қатып былай деді:
Levi Kaz 25:2  — Исраил халқына мынаны айт: Мен сендерге бергелі тұрған елге еніп, иемденгеннен кейін оның жері де Жаратқан Иенің тағайындаған демалысын ұстанып әрбір жетінші жылы тынығуы керек.
Levi Kaz 25:3  Алты жыл бойы егістігіңе егін егіп, жүзімдігіңнің сабақтарын кесіп, өнімін жинаңдар.
Levi Kaz 25:4  Бірақ жетінші жылы жер тынықсын, ол — Жаратқан Иеге арналған тынығу жылы. Сол жылы егістіктеріңе еш нәрсе егуші болмаңдар, жүзімдіктеріңнің сабақтарын кеспеңдер.
Levi Kaz 25:5  Өздігінен өсіп шыққан өнімді қоймаларыңа жинамаңдар, сабақтары кесілмеген жүзімдіктеріңнің жүзім шоқтарын да жинаушы болмаңдар! Бұл жердің тынығатын жылы болсын.
Levi Kaz 25:6  Тынығу жылы өздігінен өсіп шыққан жер өнімі бәрің үшін — өздерің, қызметшілерің, жалшыларың және араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтар үшін де тамақ болады.
Levi Kaz 25:7  Малдарың да, елдегі жабайы аңдар да одан жей алады. Жерден өсіп шыққанның бәрі де азық болады.
Levi Kaz 25:8  Жеті рет жеті жылдан, яғни, жеті тынығу жылын санап шығыңдар, сонда жалпы саны қырық тоғыз жыл болады.
Levi Kaz 25:9  Сол қырық тоғызыншы жылдың жетінші айының оныншы күні керней тартыңдар. Осы күні, демек, халықты күнәларының арамдығынан тазарылу күні, бүкіл ел көлемінде керней тартыңдар!
Levi Kaz 25:10  Елуінші жылды Құдайға ерекше бағышталған деп қастерлеңдер! Сонда елдің барлық тұрғындарына бостандық жариялаңдар! Бұл жыл — сендерге арналған Мереке жылы. Әрқайсыларың өз руларыңа, ата-бабаларыңнан қалған мұралық жерлеріңе қайтып келіп, оны иемденіңдер.
Levi Kaz 25:11  Елуінші жыл сендерге арналған Мереке жылы болады. Сендер екпеңдер де, өздігінен өсіп шыққан өнімді қоймаларыңа жинамаңдар да, сабақтары кесілмеген жүзімдіктеріңнің жүзім шоқтарын да жинамаңдар.
Levi Kaz 25:12  Себебі бұл — Мереке жылы, сендер оны Жаратқан Иеге ерекше бағышталған деп қастерлеңдер. Тек егістіктен өздігінен өсіп шыққан өніммен ғана тамақтаныңдар.
Levi Kaz 25:13  Осындай Мереке жылында әрқайсыларың, ата-бабаларыңнан қалған мұралық жерлеріңе қайтып келіп оны иемденіңдер.
Levi Kaz 25:14  Егер жеріңді бір ұлттасыңа сататын немесе одан сатып алатын болсаң, қулық-сұмдық жасаушы болма.
Levi Kaz 25:15  Жерді сатып алғанда оның құнын соңғы Мереке жылынан бері өткен жылдардың санына сай белгілеңдер. Сатушы келесі Мереке жылына дейін қалған өнім жинайтын жылдардың санына сәйкес бағасын анықтасын.
Levi Kaz 25:16  Егер келесі Мереке жылына дейін әлі көп жыл қалған болса, жердің бағасы қымбаттау болсын, ал егер азғана жыл қалған болса, бағасы арзандау болсын. Себебі сатылып жатқан — жердің өзі емес, тек одан белгілі жылдар бойы жиналатын өнім ғана.
Levi Kaz 25:17  Бір-біріңе қулық-сұмдық жасаушы болмаңдар, Құдайларыңды терең қастерлеңдер! Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 25:18  Менің ережелерім мен шешімдерімді сақтап орындаңдар, сонда елде аман-есен тұратын боласыңдар.
Levi Kaz 25:19  Жер өнімін беріп, сендер тамақты тоя жеп, аман-есен тұрмыс кешесіңдер.
Levi Kaz 25:20  Ал сендер: «Жетінші жылы егін егуге де, жинауға да болмағанда күнімізді қалай көреміз?» деп сұрарсыңдар.
Levi Kaz 25:21  Онда айтарым мынау: алтыншы жылы егіндіктеріңді молынан жарылқаймын, сонда сол жылы шыққан өнімнің өзі үш жылға жететіндей ағыл-тегіл болады.
Levi Kaz 25:22  Сегізінші жылы егін еге бастаған кездеріңде әлі де алтыншы жылдың өнімімен күн көріп, тоғызыншы жылдың өнімі жиналып жатқан кезге дейін соны тамақ ететін боласыңдар.
Levi Kaz 25:23  (Естеріңнен шығармаңдар:) Жерді мүлдем қайтарылмайтындай етіп біржола сатып жіберуге болмайды, себебі елдің жері Менікі, ал өздерің Менің қасымда қоныстанушы жат жұрттық кірме іспеттісіңдер.
Levi Kaz 25:24  Өздеріңе тиген бүкіл ел бойынша сатылып кеткен жерлерді қайта сатып алуға жағдай жасауларың керек.
Levi Kaz 25:25  Егер ұлттастарыңның бірі кедейленіп, өз жерінің бір бөлігін сатып жіберсе, сол кісінің ең жақын туысқаны сатылған жерді қайта сатып алуы керек.
Levi Kaz 25:26  Ал егер адамның мұндай туысқаны болмаса, бірақ өз әл-ауқаты көтеріліп, сол жерді өзі сатып алуға жеткілікті қаржы тапса,
Levi Kaz 25:27  онда сол жердің сатылып кеткен кезінен бері өткен жылдарды санап, жердің қалған құнын анықтасын. Бұрынғы иесі жерін сатып алған адамға оның қалған құнын төлеп бергеннен кейін ғана өзінің жерін қайтадан иемдене алады.
Levi Kaz 25:28  Ал егер ол жерін қайтарып алуға қаражат таба алмаса, сатып жіберген жері жаңа иесінің қарамағында келесі Мереке жылына дейін қала береді. Сол жыл жеткенде, сатылған жердің бұрынғы иесі оған қайтып келіп иемденеді.
Levi Kaz 25:29  Ал егер біреу бекітілген қала ішіндегі үйін сатса, оны содан кейінгі жылдың аяғына дейін қайта сатып алуына болады. Сол мерзімнің ішінде ол сатып жіберген үйінің құнын өтеп оны қайтарып алуға құқықты.
Levi Kaz 25:30  Ал егер ол сатып жіберген үйін содан кейінгі толық бір жылдың ішінде қайта сатып алмаса, онда үй жаңа иесінің және оның ұрпақтарының тұрақты меншігіне біржола ауысады. Мереке жылы да ол үй бұрынғы иесіне қайтарылмайды.
Levi Kaz 25:31  Ал бекініссіз ауылдық жердегі үйлерге егістік жер іспетті қарау керек. Соларды қайта сатып алу құқығы сақталады. Келесі Мереке жылында сол үй алғашқы иесіне қайтарылады.
Levi Kaz 25:32  Ал леуіліктерге келсек, олар өздеріне бөлінген қалалардағы үйлерін қайта сатып алуға әрқашан құқықты болады.
Levi Kaz 25:33  Сонымен, егер леуіліктердің біреуі өздеріне тиісті қалалардың біріндегі үйін сатып жіберсе, оны өзінің немесе басқа бір леуіліктің қайтарып алуына болады. Әйтпесе үйі Мереке жылында қайтарылуы керек. Себебі леуіліктердің қалаларындағы үйлері — өзге исраилдіктердің арасындағы олардың мұралық меншіктері.
Levi Kaz 25:34  Ал леуіліктерге бөлінген қалалардың маңындағы жайылым жерлерді сатуға мүлдем болмайды. Бұлар — олардың мәңгілік иеліктері.
Levi Kaz 25:35  Егер қасыңдағы исраилдік бауырласыңның біреуі кедейленіп, өздігінен күнін көре алмай қалса, оның бұдан кейін де араларыңда бірге тұра беруі үшін, жат жұрттық пен келімсекке көмектескеніңдей, оған да көмектес.
Levi Kaz 25:36  Одан (орынсыз) пайда тауып, өсім алушы да болма, қайта, Құдайды қастерлеп бауырласыңның бұдан былай да араларыңда тұра беруіне жағдай жаса.
Levi Kaz 25:37  Оған қарыз бергенде өсім талап етпе, азық-түлікті пайда табу үшін қымбатқа сатпа!
Levi Kaz 25:38  Мен сендерге Қанахан елін сыйлап, өз Құдайларың болу үшін сендерді Мысыр елінен алып шыққан Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 25:39  Егер исраилдік бауырластарыңның бірі кедейленіп, өзін саған басыбайлы қызметшің болуға сатса, оған құл іспетті ауыр жұмыс істетпе.
Levi Kaz 25:40  Оған жалдамалы жұмысшыға немесе еліңде тұрып жатқан жат жұрттыққа қарағандай жақсы қара. Ол саған келесі Мереке жылына дейін қызмет етеді.
Levi Kaz 25:41  Сол жыл келгенде, оның өзіне және бала-шағасына бас бостандығын бер. Ол өз руына, ата-бабаларына бөлінген мұралық жерге қайтып барады.
Levi Kaz 25:42  Исраилдіктер Өзімнің Мысыр елінен алып шыққан қызметшілерім. Оларды құл сияқты сатуға болмайды.
Levi Kaz 25:43  Қызметшілеріңе аяусыз, қатал билік жүргізбе, қайта, Құдайыңды терең қастерле!
Levi Kaz 25:44  Құл-күңдерің айналаларыңдағы өзге халықтардан болсын. Құлдарыңды солардың арасынан сатып ал.
Levi Kaz 25:45  Сондай-ақ, құлдарды елдеріңде уақытша тұрып жатқан жат жұрттықтардан және олардың елдеріңде туған ұрпақтарынан сатып алыңдар. Олар сендердің басыбайлы құлдарыңа айналады.
Levi Kaz 25:46  Оларды өмір бойы құл етіп, өзіңнен кейінгі бала-шағаңа мұра етіп қалдыруларыңа да болады. Бірақ бауырлас исраилдіктерге аяусыз, қатал билік жүргізбеңдер!
Levi Kaz 25:47  Егер өте кедейленген бір исраилдік бауырласың өзін еліңде тұрып байып алған жат жұрттыққа не соның әулетінің бір ұрпағына басыбайлы қызметші болуға сатса,
Levi Kaz 25:48  осы исраилдіктің де құнын төлеп, оны босату құқығы сақталып қала береді. Исраилдік қызметшінің туысқандарының бірі:
Levi Kaz 25:49  ағасы, ағасының баласы немесе кез келген жақын туысқаны оның құнын төлеп азат етуге құқықты. Не болмаса, егер жағдайы түзелсе, бұл исраилдіктің өзі де құнын төлеп азат бола алады.
Levi Kaz 25:50  Ол өзін сатып алған адаммен бірге өзінің қызметші болған кезінен бастап келесі Мереке жылына дейінгі қалған жылдарды санасын. Осы жылдар ішінде бір жалдамалы қызметшіге төленетін жалақы осы исраилдіктің босатылуының құны болады. Оның азат болуы үшін осы құн төленсін.
Levi Kaz 25:51  Егер Мереке жылына дейін әлі көп жыл қалған болса, оның сатылғандағы құнының басым бөлігі төленсін.
Levi Kaz 25:52  Ал егер оған дейін азғана жыл қалған болса, онда сол жылдардың санына сай құны да аз төленсін.
Levi Kaz 25:53  Жат жұрттық қожайыны ондай адамға қызмет еткен жылдарының бәрінде жалшыға қарағандай қарасын. Оның сендердің көз алдарыңда исраилдік қызметшісіне аяусыз, қатал билік жүргізуіне жол бермеңдер!
Levi Kaz 25:54  Егер исраилдік басыбайлы қызметші осы жолмен құнын төлеу арқылы азат етілмесе, Мереке жылында оның өзі де, бала-шағасы да бас бостандығына ие болады.
Levi Kaz 25:55  Себебі исраилдіктер Маған қызмет етеді. Олар Өзімнің Мысыр елінен алып шыққан қызметшілерім. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
Chapter 26
Levi Kaz 26:1  Өздеріңе ешқандай тәңір бейнелерін жасамаңдар! Не бір тәңірдің ойып жасалған мүсінін, не киелі тас бағана орнатушы болмаңдар! Елде қашалған тас мүсін орнатып, оған тағзым етіп табынушы да болмаңдар! Мен сендердің Құдайларың — Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 26:2  Маған бағышталған демалыс күндерін берік сақтап, Менің киелі үйімді терең қастерлеңдер! Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 26:3  Егер сендер ережелеріме бағынып, өсиеттерімді мұқият сақтап орындасаңдар,
Levi Kaz 26:4  Мен мезгілінде жаңбыр жаудырамын, сонда жер өнімін, ағаштар жемісін береді.
Levi Kaz 26:5  Молынан орған астықты жүзім жинайтын мерзімге дейін бастырып, ағыл-тегіл піскен жүзімді егіс науқанына дейін жинайтын боласыңдар. Осылай сендер тамақты тоя ішіп-жеп, елдеріңде аман-есен тұратын боласыңдар.
Levi Kaz 26:6  Мен елдеріңе тыныштық сыйлаймын, ешкім де сендерді мазаламай, алаңсыз ұйықтайтын боласыңдар. Мен бұл елден жыртқыш аңдарды жоямын. Жау семсері елдеріңді шауып та тастай алмайды.
Levi Kaz 26:7  Қайта, сендер жауларыңды өкшелеп қуып, семсерлеріңнің жүзімен қырып-жоятын боласыңдар.
Levi Kaz 26:8  Бесеуің — жүз, ал жүзің — он мың жауды қуатын боласыңдар. Жауларың алдарыңда семсерлеріңнің жүзінен ойсырай жеңіліп, қырылатын болады.
Levi Kaz 26:9  Мен сендерге мейіріммен қарап, өсіріп-өндіріп сандарыңды көбейтемін. Сендермен жасаған Келісімімді берік сақтаймын.
Levi Kaz 26:10  Өткен жылғы астықты әлі жеп бітірмей, жаңа орған өнімді қоймаларыңа құю үшін өткен жылдан қалғандарын шығарып тастайтын боласыңдар.
Levi Kaz 26:11  Мен араларыңда Өзімнің жер бетіндегі тұрағым — киелі орынды құрып, сендерден еш жиренбейтін боламын.
Levi Kaz 26:12  Араларыңда жүріп, сендердің Құдайларың боламын, ал сендер Менің халқым боласыңдар.
Levi Kaz 26:13  Сендерді мысырлықтардың құлдығынан азат етіп, Мысырдан алып шыққан Құдайларың Жаратқан Иемін. Мойындарыңа салынған құлдықтың мойынтұрығын Мен сындырдым, бойларыңды тік ұстап жүре алуларыңа мүмкіндік бердім.
Levi Kaz 26:14  Бірақ егер Мені тыңдамай, осы өсиеттердің барлығын орындамасаңдар
Levi Kaz 26:15  және Менің Келісімімді бұзып, ережелерімді менсінбей, шешімдерімнен жиреніп, бүкіл өсиеттерімді орындаудан қалсаңдар,
Levi Kaz 26:16  онда Мен сендерге мыналарды істеймін: аяқ астынан үрей туғызамын, араларыңа өкпе ауруын әрі көздеріңді соқыр етіп, өмірлеріңді қысқартатын індет жіберемін. Жауларың өнімдеріңді тартып алып, егіндеріңді бекер себетін боласыңдар.
Levi Kaz 26:17  Сендерге Өзім қарсы шығамын, сонда жауларыңнан жеңіліп қаласыңдар. Өздеріңді жек көретіндер сендерге билігін жүргізетін болады. Тіпті ешкім арттарыңнан қумаған кезде де үрейленіп қашатын боласыңдар.
Levi Kaz 26:18  Егер осыдан кейін де Мені тыңдамай қойсаңдар, сендерді күнәларыңа бола жеті есе қаттырақ жазалаймын.
Levi Kaz 26:19  Қасарысқан өркөкіректіктеріңді басу үшін аспанды темірдей қылып жаңбыр жаудырмаймын, жерді қоладай қылып қатайтамын.
Levi Kaz 26:20  Сонда күштеріңді босқа жұмсайтын боласыңдар, өйткені жерлерің — өнімін, жеміс ағаштарың — мәуелерін бермей қояды.
Levi Kaz 26:21  Егер әлі де Маған қарсы шығып, еркіме бағынбай қойсаңдар, күнәларыңа сай апатты жеті есе ұлғайтамын.
Levi Kaz 26:22  Сендерге қарсы жыртқыш аңдарды жіберемін, олар сендерді балаларыңнан айырып, малдарыңды жарып құртатын болады. Өздерің де азайып, жолдарың қаңырап бос қалады.
Levi Kaz 26:23  Ал бұдан кейін де еш түзелмей, Маған қарсы шыға беретін болсаңдар,
Levi Kaz 26:24  онда Мен де сендерге қарсы шығып, күнәларыңа бола жеті есе қаттырақ жазалаймын.
Levi Kaz 26:25  Келісімді бұзғандарың үшін сендерден кек алып, елдеріңе семсер ұстаған басқыншы жіберемін. Сендер қалаларыңа бас сауғалап тығылғанда, араларыңа індет жіберіп, жауларыңның қолына түсетін етемін.
Levi Kaz 26:26  Мен сендерді наннан айырамын, сонда он әйел бар нанын бір-ақ тандырда жабатын болады, пісірген нанды таразыға тартып бөлісіп алады. Сендер сол азғана нанды жеп, қарындарың тоймайтын болады.
Levi Kaz 26:27  Егер осыдан кейін де Мені тыңдаудан бас тартып, Маған қарсы шықсаңдар,
Levi Kaz 26:28  онда Мен де сендерге қарсы шығып, қаһарыма мініп, күнәларыңа бола сендерді жеті есе қаттырақ жазалайтын боламын.
Levi Kaz 26:29  Сендер әбден ашыққаннан өз ұл-қыздарыңның етін жейтін боласыңдар.
Levi Kaz 26:30  Сендердің жалған тәңірлерге табынатын биіктеу жерлердегі орындарыңды қиратамын, оларға арнап хош иісті зат түтететін үстелдеріңді талқандаймын. Өздеріңнің өліктеріңді өлі тәңірлеріңнің сынған мүсіндерінің үстіне үйіп тастап, сендерден әбден жиренетін боламын.
Levi Kaz 26:31  Қалаларыңды қиратып, киелі орындарыңды бос қалдырамын, тартуларыңның хош иісін де иіскемеймін.
Levi Kaz 26:32  Осылайша осы елді қаңыратып бос қалдырамын. Сонда келіп, қоныстанған дұшпандарың мұны көргенде аң-таң болып жандары түршігетін болады.
Levi Kaz 26:33  Ал өздеріңді басқа халықтардың арасына шашыратып жіберемін, Өзім семсерімді суырып алып, арттарыңнан қуамын. Елдерің қаңырап бос қалып, қалаларың қирайтын болады.
Levi Kaz 26:34  Біліп қойыңдар, сендер жауларыңның елдерінде жүрген сол кездеріңде осы ел қаңырап бос жатып, сақталмаған тынығу жылдарының орнын толтырады. Сонда елдің топырағы тынығып жататын болады.
Levi Kaz 26:35  Қаңырап бос жатқан барлық кезінде елдің топырағы сендер онда тұрған уақытта демалмаған тынығу жылдарының орнын толтырып жатады.
Levi Kaz 26:36  Ал араларыңнан тірі қалғандарыңды Мен жауларыңның елінде жүрген кездеріңде жүрексіз үргелек етемін. Сонда сендер тіпті жапырақтың сыбдырынан да шошынып қашатын боласыңдар. Ешкім қумаса да, дұшпанның семсерінен бас сауғалағандай қашып, содан сүрініп құлайсыңдар.
Levi Kaz 26:37  Иә, ешкім қумағанда да семсерден қашқандай шошына безіп, бір-біріңнің үстіне құлайтын боласыңдар. Осылайша сендердің жауларыңа қарсы тұруға қауқарларың болмайды.
Levi Kaz 26:38  Сендер халықтардың арасында құрып жоқ болып, жау елі сендерді жалмайтын болады.
Levi Kaz 26:39  Ал тірі қалғандарың жау елінде өздерінің және ата-бабаларының теріс қылықтарының кесірінен әлсіреп құритын боласыңдар.
Levi Kaz 26:40  Сонда араларыңнан тірі қалғандар өздерінің және ата-бабаларының теріс қылықтарын әрі Маған қарсы шығып опасыздық жасағандарын мойындайды.
Levi Kaz 26:41  Сол үшін Мен де оларға қарсы шығып, оларды жауларының еліне апарған едім. Ал Маған шын жүректен бағынбаған олар ақыр соңында кішіпейілді болып, Маған мойынсұнады. Сол кезде олар кінәларының жазасын тартып, оны әділ деп қабылдайтын болады.
Levi Kaz 26:42  Сонда Мен Жақыппен жасаған Келісімімді, Ысқақпен жасаған Келісімімді, сондай-ақ, Ыбырайыммен жасаған Келісімімді есіме аламын. Сонымен қатар осы елді де есіме түсіремін.
Levi Kaz 26:43  Исраил халқы елдерінен қуылып, жер оларсыз бос қалған кезінде, ел тынығу жылдарының орнын толтырып, рақаттанып тынығып жатады. Ал халық Менің шешімдерімді менсінбей, ережелерімнен жиренгендері үшін кінәларының жазасын тартады.
Levi Kaz 26:44  Алайда тіпті халық жауларының елдерінде жүрген кезінде де Мен оларды жек көрмеймін әрі олардан жиренбеймін. Әйтпесе олар халық болмай толығымен құрып кетіп, Мен Келісімімді бұзған болып шығар едім. Бірақ та Мен олардың Құдайлары Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 26:45  Мен олардың Құдайы болуым үшін исраилдіктердің ата-бабаларын басқа халықтардың көз алдында Мысырдан көшіріп алып шықтым. Солармен жасаған Келісімімді осы халықтың игілігі үшін есіме аламын. Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 26:46  Жаратқан Иенің Синай тауында Мұса арқылы Исраил халқымен (жасаған Келісімінде) белгілеген ережелері, шешімдері және заңдары, міне, осылар.
Chapter 27
Levi Kaz 27:1  Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп бұйырды:
Levi Kaz 27:2  — Исраил халқына мынаны айт: Егер біреу Жаратқан Иеге қызмет етуге бір кісіні бағыштауға ерекше ант еткен болса, онда сол кісі үшін берілетін төлемді төмендегідей мөлшерде белгілесін.
Levi Kaz 27:3  Егер сол кісі жасы жиырма мен алпыстың арасындағы ер адам болса, ол үшін берілетін төлем киелі орында қолданылатын ресми өлшем бойынша елу мысқал,
Levi Kaz 27:4  жасы сол аралықтағы әйел адамның төлемі — отыз мысқал күміс болады.
Levi Kaz 27:5  Егер жасы бес пен жиырманың арасында болса, ұл баланың төлемі — жиырма мысқал, қыз баланың төлемі — он мысқал күміс,
Levi Kaz 27:6  жасы бір ай мен бес жастың арасында болса, ұл баланың төлемі — бес мысқал, қыз баланың төлемі — үш мысқал күміс болады.
Levi Kaz 27:7  Жасы алпыстан асқан ер адамның төлемі — он бес мысқал, әйелдің төлемі — он мысқал күміс.
Levi Kaz 27:8  Егер ант еткен адамның осы көрсетілген төлемді төлеуге жағдайы көтермесе, сонда ол Жаратқан Иеге бағыштаған кісісін діни қызметкерге алып келсін. Діни қызметкер сол кісінің төлемін ант берушінің жағдайына қарай белгілейді.
Levi Kaz 27:9  Егер Жаратқан Иеге антпен бағышталған жануар құрбандыққа шалуға болатын адал хайуан болса, оны Жаратқан Иеге бағышталған деп есептеу керек.
Levi Kaz 27:10  Оны ауыстырып не жақсысын жаманымен, не жаманын жақсысымен алмастыруға болмайды. Егер орнына басқа бір малды беремін десе, онда сол малдардың екеуі де Жаратқан Иеге бағышталған деп есептелінеді.
Levi Kaz 27:11  Ал егер Жаратқан Иеге құрбандыққа шалуға болмайтын хайуан бағышталса, онда оны діни қызметкерге алып бару керек.
Levi Kaz 27:12  Діни қызметкер оны жақсы ма, жаман ба қарап шығып, құнын белгілейді. Оның белгілеген құны өзгеріссіз болып қалады.
Levi Kaz 27:13  Қожайыны осындай малын төлемін төлеп қайтарып алғысы келгенде, құнының үстіне оның бестен бір бөлігін қоса төлеп, малды қайтарып алсын.
Levi Kaz 27:14  Егер біреу өзінің үйін Жаратқан Иеге бағышталған деп арнаса, сонда діни қызметкер барып, сол үйдің жақсы ма, жаман ба қандай жағдайда екенін бағаласын. Діни қызметкердің үйге белгілеген құны өзгеріссіз болып қалады.
Levi Kaz 27:15  Сол адам құнын төлеп, үйін қайтарып алғысы келсе, құнының үстіне оның бестен бір бөлігін қоса төлесін. Содан үй қайтадан онікі болады.
Levi Kaz 27:16  Егер біреу өзінің отбасына тиісті мұралық жердің бір бөлігін Жаратқан Иеге бағыштағысы келсе, оның құны сонда себуге болатын тұқымның мөлшеріне байланысты белгіленеді. Он пұт арпа тұқымы себілетін егістіктің құны елу мысқал күміс болады.
Levi Kaz 27:17  Егер біреу егістігін Жаратқан Иеге Мереке жылында бағыштаса, жердің белгіленген құны өзгеріссіз болып қалады.
Levi Kaz 27:18  Ал егер ол егістігін сол жылдан кейін бағыштаса, жердің құнын діни қызметкер келесі Мереке жылына дейін қалған жылдардың санына сай белгілеп, құны соған сәйкес төмендейді.
Levi Kaz 27:19  Егер егістігін бағыштаған адам оны қайтарып алғысы келсе, жердің белгіленген құнының үстіне оның бестен бір бөлігін қоса төлесін, сонда егістігі қайтадан өзінікі болады.
Levi Kaz 27:20  Ал егер ол егістігін құнын төлеп қайтарып алмаса немесе (діни қызметкер) оны басқа біреуге сатып жіберген болса, онда оны қайтарып алуға ешбір мүмкіндік жоқ.
Levi Kaz 27:21  Осындай егістік Мереке жылында бұрынғы иесінен босайды. Ол Жаратқан Иеге бағышталған жер сияқты, ешкімге беруге болмайтын киелі болады да, діни қызметкерлердің үлесіне тиеді.
Levi Kaz 27:22  Егер біреу өзінің мұралық иелігіне жатпайтын басқа біреуден сатып алған егістік жерін Жаратқан Иеге бағыштаса,
Levi Kaz 27:23  діни қызметкер жердің құнын келесі Мереке жылына дейін қалған жылдардың санына сәйкес белгілейді. Ана адам жердің құнын Жаратқан Иеге бағышталған тарту ретінде сол күні-ақ төлесін.
Levi Kaz 27:24  Келесі Мереке жылы келгенде егістік оны сатып жіберген бастапқы иесіне қайтарылады.
Levi Kaz 27:25  Осындай істерде құн киелі орында қолданылатын ресми өлшем бойынша мысқалмен есептелінеді. Ал бір мысқалдың салмағы жиырма гераһқа тең.
Levi Kaz 27:26  Малдың тұңғышын Жаратқан Иеге бағыштауға болмайды, себебі мал мен адамның тұңғышы онсыз да Жаратқан Иенікі болып табылады. Не мүйізді ірі қара, не ұсақ малдың тұңғышы болсын, олар Жаратқан Иенікі.
Levi Kaz 27:27  Егер біреу Жаратқан Иеге қандай да бір арам мал бағыштаса, оның белгіленген құнының үстіне соның бестен бір бөлігін қоса төлеп, оны қайтарып алуға болады. Егер де құнын төлеп қайтарып алмаса, сол малды белгіленген құны бойынша басқа біреуге сату қажет.
Levi Kaz 27:28  Алайда ешкімнің де өзінің антпен Жаратқан Иеге бағыштаған меншікті нәрсесін сатып жіберуіне немесе құнын төлеп қайтарып алуына болмайды. Ол не адамы, не малы, не мұралық жері болсын, бәрібір антпен Жаратқан Иеге бағышталғанның бәрі де ерекше киелі.
Levi Kaz 27:29  Жаратқан Иенің бұйрығына сай түгелдей жойылуға белгіленген ешбір кісіні төлемін төлеу арқылы содан босатуға болмайды. Ондай адам өлтірілсін.
Levi Kaz 27:30  Елдің барлық өнімінің: егістіктерде өскен астықтың және ағаштардан жиналған жемістердің он бөлігінің бірі Жаратқан Иеге тиісті. Ол Жаратқан Иеге бағышталған киелі.
Levi Kaz 27:31  Егер біреу беруге тиіс он бөлігінің бірінен бір нәрсені құнын өтеп өзінде қалдырғысы келсе, онда ол соның құнының үстіне оның бестен бірін қоса төлесін.
Levi Kaz 27:32  Отарлар мен табындардың он бөлігінің бірі де Жаратқан Иеге тиесілі. Малын санаған малшының асатаяғының астынан өткен әр он малдың біреуі Жаратқан Иеге бағышталуға тиіс.
Levi Kaz 27:33  Мал иесі малының жақсыларын алып қалып, жамандарын беруші болмасын! Бір малды басқа малмен ауыстыруға да болмайды. Егер ол бір малды басқа малға ауыстырар болса, сол малдың екеуі де Жаратқан Иеге бағышталуға тиіс. Сондықтан бұрынғы иесіне оларды құнын төлеп қайтарып алуына болмайды.
Levi Kaz 27:34  Жаратқан Иенің Синай тауында Исраил халқына Мұса пайғамбар арқылы табыстаған бұйрықтары, міне, осылар.