Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
MATTHEW
Up
Chapter 1
Matt Kaz 1:1  Ыбырайым атаның ұрпағы Дәуіт патшаның әулетінен шыққан Иса Мәсіхтің ата-тегінің шежіресі былай құралған:
Matt Kaz 1:2  Ыбырайымнан Ысқақ, Ысқақтан Жақып, Жақыптан Яһуда мен оның аға-інілері,
Matt Kaz 1:3  ал Яһудадан Парес пен Зарах туды, олардың анасы Тамар болатын. Парестен Хесрон, Хесроннан Рам,
Matt Kaz 1:4  Рамнан Әминадап, Әминадаптан Нағасон, Нағасоннан Салмон,
Matt Kaz 1:5  Салмоннан Боғоз тарады, оның анасы Рахаб болатын. Боғоздан Ғабит туды, оның анасы Рут еді. Ғабиттен Есей,
Matt Kaz 1:6  Есейден Дәуіт патша туды.Дәуіттен Сүлеймен туды, оның анасы Ұрияның бұрынғы әйелі болатын.
Matt Kaz 1:7  Сүлейменнен Рохабоғам, Рохабоғамнан Абиях, Абияхтан Аса,
Matt Kaz 1:8  Асадан Жосапат, Жосапаттан Жорам, Жорамнан Ұзиях,
Matt Kaz 1:9  Ұзияхтан Жотам, Жотамнан Ахаз, Ахаздан Езекия,
Matt Kaz 1:10  Езекиядан Манаса, Манасадан Амон, Амоннан Жосия,
Matt Kaz 1:11  Жосиядан Ехониях пен оның аға-інілері тарады. Бұл, яһуди халқының көпшілігі Бабыл еліне жер аударылмас бұрын болған еді.
Matt Kaz 1:12  Бабылға жер аударылғаннан кейін Ехонияхтан Салатиел, Салатиелден Зоробабел,
Matt Kaz 1:13  Зоробабелден Әбиуд, Әбиудтен Елиәкім, Елиәкімнен Азор,
Matt Kaz 1:14  Азордан Садық, Садықтан Әкім, Әкімнен Елиуд,
Matt Kaz 1:15  Елиудтен Елазар, Елазардан Маттан, Маттаннан Жақып,
Matt Kaz 1:16  Жақыптан Мәриямның күйеуі Жүсіп тарады. Ал Мәриямнан Иса дүниеге келді, Ол Мәсіх («Құдай тағайындаған Құтқарушы Патша») деп те аталады.
Matt Kaz 1:17  Осылай Ыбырайымнан Дәуітке дейін он төрт ата, Дәуіттен халықтың Бабыл еліне жер аударылғанына дейін де он төрт ата, жер аударылғаннан Мәсіхке дейін де он төрт ата болды.
Matt Kaz 1:18  Иса Мәсіхтің дүниеге келуі былай болды: Оның анасы Мәриям Жүсіпке айттырылған еді. Ал екеуі әлі де қосылмай тұрғанда-ақ, Киелі Рухтың құдіретімен Мәриямның аяғы ауыр екендігі белгілі болды.
Matt Kaz 1:19  Болашақ күйеуі Жүсіп әділ кісі болғандықтан, қалыңдығын ел алдында ұятқа қалдырмау үшін ешкімге білдірмей келісімдерінен бас тартпақ болды.
Matt Kaz 1:20  Бірақ ол осыны ойлап жүргенде Жаратқан Иенің періштесі түсінде аян беріп:«Дәуіттің ұрпағы Жүсіп, қалыңдығың Мәриямға үйленуден шошынба! Себебі құрсағындағы Баласы Киелі Рухтан.
Matt Kaz 1:21  Мәриям Ұл таппақ, Оның атын Иса деп қой! Себебі Ол халқын күнәларынан құтқаратын болады», — деді.
Matt Kaz 1:22  Мұның бәрі Жаратқан Иенің (Ишая) пайғамбар арқылы алдын ала айтқанының жүзеге асуы үшін солай болды.
Matt Kaz 1:23  Ол былай деген: «Біліп алыңдар, пәк қыз құрсақ көтеріп, Ұл туады. Оған Имануил, яғни «Құдай бізбен бірге», деген ат қояды».
Matt Kaz 1:24  Жүсіп оянып, орнынан тұрғаннан кейін Жаратқан Иенің періштесінің бұйрығын орындап Мәриямға үйленді.
Matt Kaz 1:25  Ал Мәриям босанып, Ұлын тапқанша, Жүсіп онымен жақындасқан жоқ. Нәресте дүниеге келгеннен кейін Оның атын Иса деп қойды.
Chapter 2
Matt Kaz 2:1  Иса Иродтың патшалық құрған заманында Яһудея аймағындағы Бетлехем қалашығында дүниеге келді. Біраздан кейін Иерусалимге шығыс өлкесінен жұлдыз санаушы ғұламалар сапарлап келіп:
Matt Kaz 2:2  «Яһудилердің жаңа туған Патшасы қайда екен? Біз Оның жұлдызының шығыс жақтан туып, жарқырағанын көрдік. Жаңа туған Патшаға ізет білдіру үшін келіп тұрмыз», — деп сұрастыра бастады.
Matt Kaz 2:3  Ирод патша мұны естігенде қатты абыржып, онымен бірге Иерусалимнің бүкіл халқы да мазасызданды.
Matt Kaz 2:4  Патша елдің барлық басты діни қызметкерлері мен дін мұғалімдерін жинап алып, оларға:— Мәсіх қай жерде дүниеге келуге тиіс? — деген сұрақ қойды.
Matt Kaz 2:5  Олар былай деп жауап берді:— Яһудея аймағындағы Бетлехемде дүниеге келуге тиіс. Себебі (Миха) пайғамбар Құдайдың мына сөздерін жазып қалдырды:
Matt Kaz 2:6  «Ал сен, Яһуда жеріндегі Бетлехем, Яһуданың басты қалаларының арасындағы ең маңызсызы емессің: сенен Менің халқым Исраилге басшылық ететін Көсем шығады».
Matt Kaz 2:7  Сонда Ирод жат жерлік ғұламаларды астыртын шақыртып алып, жұлдыздың аспанда қашан көрінгені туралы сұрап, біліп алды.
Matt Kaz 2:8  «Барып, осы Бала туралы мұқият сұрастырып біліңдер, Оны тапқан соң маған хабарлаңдар! Мен де барып, Оған ізет білдірейін», — деп, оларды Бетлехемге жіберді.
Matt Kaz 2:9  Ғұламалар патшаны тыңдап алып, жолға шығып кетті. Міне, қызық! Өздері бұрын шығыс жақтан көрген жұлдыз алдарында жылжып отырып, ең соңында Нәресте жатқан жердің үстінен тоқтады.
Matt Kaz 2:10  Жұлдызды байқаған олардың қуаныштары қойындарына сыймады.
Matt Kaz 2:11  Үйге кіргенде анасы Мәриямның қасындағы Нәрестені көрген ғұламалар жерге жүгіне кетіп, Оған иіліп ізет білдірді. Содан олар алып келген сандықшаларын ашып, Сәбиге сый-тартуларын: алтын әрі жұпар шайыр мен мүр атты хош иісті заттарды ұсынды.
Matt Kaz 2:12  Мұнан кейін ғұламалар көрген түстерінде Құдайдан «Иродқа қайта оралмаңдар!» деген бұйрық алғандықтан, өз елдеріне басқа жолмен қайтып кетті.
Matt Kaz 2:13  Ғұламалар кетіп қалғаннан кейін, Жаратқан Иенің періштесі Жүсіпке түсінде аян беріп: «Тұр, Нәресте мен анасын алып, Мысырға қашып құтылыңдар! Өзім айтқанға дейін сол жерде қала беріңдер. Себебі Ирод Нәрестені өлтіру үшін іздемекші», — деді.
Matt Kaz 2:14  Сонда Жүсіп орнынан тұрып, түн ішінде Сәбиді анасымен бірге алып, Мысыр еліне жөнелді.
Matt Kaz 2:15  Олар Ирод өлгенге дейін Мысырда тұрақтап қалды. Осылайша Жаратқан Иенің (Ошия) пайғамбар арқылы: «Мен рухани Ұлымды Мысырдан шақырып алдым» дегені жүзеге асты.
Matt Kaz 2:16  Жат жерлік ғұламалардың өзінен амалын асырып кеткенін түсінгенде Ирод долдана ашуланып, жасақшыларын жіберіп, Бетлехемдегі және соның маңайындағы екі жасқа дейінгі ер балалардың бәрін де өлтіртті. Бұл жасты ол ғұламалардан біліп алған мезгілге сәйкес белгілеген еді.
Matt Kaz 2:17  Сонда Құдайдың Еремия пайғамбар арқылы жіберген мына хабары іске асты:
Matt Kaz 2:18  «Рамақ жерінде зор қасіреттенДауыс естіледі зар еңіреген.Рахила өлген балаларын жоқтап,Жұбанудан бас тартады зар жылап:Келмеске кетті олар көздері құрып!»
Matt Kaz 2:19  Ирод патша өлгеннен кейін, Жаратқан Иенің періштесі Мысырда Жүсіпке түсінде аян беріп:
Matt Kaz 2:20  «Тұр, Нәресте мен анасын алып, Исраилге қайтыңдар! Себебі Нәрестенің өмірін құртқысы келгендер өлді», — деді.
Matt Kaz 2:21  Жүсіп орнынан тұрып, Нәресте мен анасын алып, Исраил еліне қайта оралды.
Matt Kaz 2:22  Алайда ол Яһудеяға әкесі Иродтың орнын басып Архелайдың билік құрғанын естіді. Сондықтан Жүсіп сол аймаққа барудан қорықты. Көрген түсінде Құдайдан алған бұйрыққа сай Жүсіп Ғалилея аймағына жөнелді.
Matt Kaz 2:23  Сол жердегі Назарет қаласына барып, сонда орын тепті. Пайғамбарлар жазбаларында (Мәсіх туралы) мынадай сөздер алдын ала айтылған еді: Ол назареттік деп аталатын болады. Бұл осылайша жүзеге асты.
Chapter 3
Matt Kaz 3:1  Сол заманда шомылдыру рәсімін орындаушы Жақия пайғамбар келіп, Яһудея аймағындағы айдалада былай деп уағыз айта бастады:
Matt Kaz 3:2  «Теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіңдер! Құдай Патшалығының жер бетіне орнайтын кезі таяп қалды!»
Matt Kaz 3:3  Ишая пайғамбардың ежелде былай деп алдын ала айтқаны Жақия туралы болатын:«Жар салған дауыс шығады айдалада:Жаратқан Иеге жолды дайындаңдар,Түзу қылып даңғыл жолды салыңдар!»
Matt Kaz 3:4  Жақия түйе жүнінен шапан киіп, қайыс белбеумен белін буып жүретін. Жейтін азығы шегіртке және жабайы араның балы болды.
Matt Kaz 3:5  Сол уақытта Иерусалим қаласынан, бүкіл Яһудея аймағынан және Иордан жағасындағы барлық өңірден халық Жақияның қасына ағылып келіп жатты.
Matt Kaz 3:6  Олар күнәларын мойындаған соң, Жақия оларды Иордан өзенінде шомылдыру рәсімінен өткізді.
Matt Kaz 3:7  Сол рәсімнен өту үшін көптеген парызшылдар мен саддукейлер де келді. Бірақ Жақия оларды көргенде, қатаң ескертіп былай деді:— Ей, улы жыланның тұқымдары! Келешектегі қаһарлы жазадан құтылуды сендерге кім үйретті?
Matt Kaz 3:8  Егер шынымен теріс жолдарыңнан қайтып, Құдай жолына түссеңдер, соған лайықты іс істеңдер!
Matt Kaz 3:9  «Біздің түп атамыз — Ыбырайым» деп мақтанбаңдар! Сендерге шын айтамын: Құдай Ыбырайымға мына тастардан да ұрпақ жасап бере алады.
Matt Kaz 3:10  Қазірдің өзінде-ақ ағаш түбінде балта дайын тұр! Жақсы жеміс бермейтін әрбір ағаш шабылып, отқа тасталады!
Matt Kaz 3:11  Мен сендерді теріс жолдан қайтқандарыңның белгісі ретінде суға шомылдыру рәсімінен ғана өткіземін. Ал менен құдіретті Біреу менен кейін келе жатыр. Ол сендерді Киелі Рухына әрі отқа шомылдырады. Оның құлы болып кебісін әперуге де тұрмаймын.
Matt Kaz 3:12  Ол бидайды желпушіге ұқсайды: күрегі қолында, қырманын тазартып, «бидайын» жинап, қамбасына құяды, бірақ «қауызын» тозақтың сөнбес отына жағады!
Matt Kaz 3:13  Сол шамада Иса Жақияның шомылдыру рәсімінен өту үшін Ғалилеядан Иордан өзеніне келіп жетті.
Matt Kaz 3:14  Бірақ Жақия Оны тоқтатып:— Осы рәсімнен Сіздің мені өткізгеніңіз жөн бола тұра, қалайша маған келіп тұрсыз? — деді.
Matt Kaz 3:15  Иса оған:— Қазір осылай болсын. Солай Құдайдың әділ еркін толық орындауға тиіспіз, — деп жауап берді. Жақия Оның айтқанына көнді.
Matt Kaz 3:16  Иса шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін дереу судан шықты. Сол сәтте көк ашылып, Иса Өзіне көгершін сияқты төмендеп келіп, қонған Құдай Рухын көрді.
Matt Kaz 3:17  Сонда көктен: «Бұл — Менің сүйікті рухани Ұлым, Оған толықтай ризамын!» — деген дауыс естілді.
Chapter 4
Matt Kaz 4:1  Бұдан кейін Киелі Рух Исаны шайтанның сынағынан өтуі үшін айдалаға бастап алып барды.
Matt Kaz 4:2  Иса қырық күн, қырық түн ораза тұтып, соңында әбден ашықты.
Matt Kaz 4:3  Сонда азғырушы әзәзіл Оның қасына келіп:— Егер Құдайдың рухани Ұлы болсаң, мына тастар нанға айналсын деп бұйыра гөр! — деді.
Matt Kaz 4:4  Иса оған былай деп жауап қатты:— «Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүреді» деп (Тауратта) жазылған ғой!
Matt Kaz 4:5  Бұдан кейін әзәзіл шайтан Оны қасиетті қалаға (Иерусалимге) апарып, ғибадатхананың төбесіне шығарып, былай деді:
Matt Kaz 4:6  — Егер Құдайдың рухани Ұлы болсаң, төмен қарай секіре гөр! Өйткені «Періштелеріне Ол Сен жайлы бұйрық береді: Сен аяғыңды тасқа соғып алмауың үшін қолдарына көтеріп Сені алып жүреді» деп (Забурда) жазылған ғой.
Matt Kaz 4:7  Иса оған жауап қайтарып:— Алайда «Құдай Иеңді еркінсіп сынама!» деп те (Тауратта) жазылған ғой! — деді.
Matt Kaz 4:8  Содан кейін әзәзіл шайтан Оны тағы да ертіп алып бір биік таудың басына шығарды. Оған әлемнің барлық мемлекеттері мен олардың сән-салтанатын көрсетіп:
Matt Kaz 4:9  — Егер аяғыма жығылып маған ғибадат етсең, бұлардың бәрін де Саған беремін, — деді.
Matt Kaz 4:10  Сонда Иса оған былай деп жауап қайтарды:— Кет қасымнан, шайтан! «Құдай Иеңді терең қастерлеп, жалғыз Оған ғана қызмет ет!» деп (Тауратта) жазылған ғой!
Matt Kaz 4:11  Мұнан соң әзәзіл шайтан Оның қасынан кетіп қалды. Сол сәтте періштелер келіп, Исаға қызмет көрсетті.
Matt Kaz 4:12  Жақия пайғамбардың тұтқындалғаны туралы естігенде Иса Ғалилея аймағына жүріп кетті.
Matt Kaz 4:13  Ол Назарет қаласын тастап, Забулон мен Нафталим руларының жерінде көл жағасында орналасқан Қапарнаум қаласына көшіп барып, сонда тұрды.
Matt Kaz 4:14  Ишая пайғамбардың алдын ала айтып кеткен мынадай сөздері осылай жүзеге асты:
Matt Kaz 4:15  Забулон мен Нафталимнің отаны,Теңізге баратын жол бойындағыӘрі Иорданның батыс жағындағыБөтен ұлттар тұрған Ғалилея аймағы:
Matt Kaz 4:16  Халық қараңғыда ғұмыр кешіп келеді,Ал енді бір ғаламат Нұрды көреді,Түнек басқан жерде тұратын елгеТаңның шапағы сәулесін төгуде!
Matt Kaz 4:17  Сол уақыттан бастап Иса: «Теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіңдер! Себебі Құдай Патшалығының жер бетіне орнайтын кезі таяп қалды!» деп уағыздап жүрді.
Matt Kaz 4:18  Бірде Ғалилея көлінің жағасымен келе жатып, Иса ағайынды екі жігітті: Шимон Петір мен інісі Әндірді көрді. Балық аулап күнелтіп жүрген олар көлге ау салып жатты.
Matt Kaz 4:19  Иса оларға тіл қатып: «Соңымнан еріңдер! Мен сендерді балық аулағандарың сияқты бұдан былай адамдарды жинап әкелетін етемін», — деді.
Matt Kaz 4:20  Екеуі дереу ауларын тастап, Исаға шәкірт болып ерді.
Matt Kaz 4:21  Сол жерден әрі қарай кетіп бара жатып, Иса ағайынды тағы екі жігітті: Зебедейдің ұлдары Жақып пен Жоханды көрді. Олар әкелерімен бірге қайықта ауларын жамап отыр екен. Иса оларды да Өзіне шақырды.
Matt Kaz 4:22  Екеуі дереу қайықты да, әкелерін де тастап, Исаға шәкірт болып ерді.
Matt Kaz 4:23  Бұдан кейін Иса бүкіл Ғалилея аймағын аралап жүріп, мәжілісханаларында тәлім берді. Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды уағыздап, адамдарды барлық ауру-сырқауларынан сауықтырды.
Matt Kaz 4:24  Иса туралы хабар бүкіл Сирия өлкесіне де тарап, жұрт Оған түрлі дерттері бар қиналып науқастанғандардың бәрін де, жын соққандарды, ұстамалы-қояншықтар мен сал болғандарды алып келіп жатты, ал Иса оларды сауықтырды.
Matt Kaz 4:25  Ғалилея, Онқала және Яһудея аймақтарынан, Иерусалим қаласынан әрі Иорданның шығыс бетінен көптеген халық келіп, Оның соңынан ілесті.
Chapter 5
Matt Kaz 5:1  Жиналған халықты көргенде Иса тауға көтеріліп, бір жерге жайғасып отырды. Сол кезде шәкірттері қасына келді.
Matt Kaz 5:2  Иса оларға былай деп тәлім берді:
Matt Kaz 5:3  — Құдай алдында құр алақан тұрғандар бақытты:Құдайдың Патшалығы сондайларға арналған!
Matt Kaz 5:4  Күнәларына өкініп қайғырғандар бақытты:Құдай оларды жұбататын болады!
Matt Kaz 5:5  Кішіпейіл жандар бақытты:олар жерді иемденетін болады!
Matt Kaz 5:6  Әділдікті аңсап зарыққандар бақытты:олар қанағат табатын болады!
Matt Kaz 5:7  Мейірімділер бақытты:Құдайдың мейірімі соларға түседі!
Matt Kaz 5:8  Жүректері пәк тазалар бақытты:олар Құдайды көретін болады!
Matt Kaz 5:9  Татуластырушылар бақытты:олар Құдайдың рухани балалары деп аталмақ!
Matt Kaz 5:10  Әділдік үшін қудаланғандар бақытты:Құдай Патшалығы сондайларға арналған!
Matt Kaz 5:11  Адамдар сендерді Маған бола қорлап, қудалап,әр түрлі жала жауып жамандаса, бақыттысыңдар!
Matt Kaz 5:12  Қуана шаттаныңдар,себебі көкте сендерді зор сыйларың күтіп тұр!Жұрт сендерден бұрынғы пайғамбарларды да солай қудалаған.
Matt Kaz 5:13  Сендер жер бетінде тұз сияқтысыңдар. Ал егер тұз өз күшінен айырылған болса, онысын қалай қалпына келтіруге болады? Еш нәрсеге жарамсыз болып шыққандықтан, оны лақтырып тастап, аяқ асты ету ғана қалады.
Matt Kaz 5:14  Сендер дүниеге (Құдай жолын көрсететін) «нұрсыңдар». Төбе басына салынған қала жасырынып қала алмайды.
Matt Kaz 5:15  Ешкім шам жағып, оны ыдыспен бүркеп қоймайды. Қайта, оны шам қойғышқа қояды, сонда оның жарығы үйдегілердің бәріне түседі.
Matt Kaz 5:16  Сол сияқты, сендердегі «нұр» адамдарға сәулесін төксін. Осылайша олар игі істеріңді көріп, көктегі Әкелеріңді мадақтап дәріптесін.
Matt Kaz 5:17  Мені Таурат заңы мен Пайғамбарлар жазбаларының күшін жою үшін келді деп ойламаңдар: Мен оларды жою үшін емес, қайта, толық мағынасында жүзеге асыру үшін келдім.
Matt Kaz 5:18  Сендерге шындығын айтайын: аспан мен жер жойылып кетпейінше, Таурат заңының бірде-бір әрпі, тіпті бір кішкентай сызығы да күшінен айырылмайды, әуелі бәрі де жүзеге асады.
Matt Kaz 5:19  Сондықтан кімде-кім ондағы өсиеттердің тіпті ең кішкентайын болса да бұзып, басқаларды соған үйретсе, Құдай Патшалығындағы адамдардың арасында оның жолы ең кішкентай болады. Ал өсиеттерді орындап, жұртты соған үйреткендердің Құдай Патшалығындағы жолы үлкен болады.
Matt Kaz 5:20  Сендерге айтамын: егер Құдайдың әділ еркін дін мұғалімдері мен парызшылдардан артық орындамасаңдар, Оның Патшалығына еш кіре алмайсыңдар!
Matt Kaz 5:21  Ежелгі адамдарға: «Кісі өлтірме! Кісі өлтірген әркім сотталуға тиіс» деп бұйырылғанын естідіңдер.
Matt Kaz 5:22  Ал Мен сендерге былай деймін: кімде-кім басқа адамға кәрін төксе, сол сотталмақ. Басқаны «Сенен еш пайда жоқ!» деп балағаттайтын әркім Жоғарғы кеңес алдында жауап бермек, ал «Құдайдан безген ақымақ!» деп жамандайтындар тозақ отына түседі.
Matt Kaz 5:23  Сонымен сен Құдайға арнаған сый-тартуыңды ғибадатханадағы құрбандық үстеліне алып барғанда, бауырласыңның өзіңе өкпелеп жүргені сонда есіңе түссе,
Matt Kaz 5:24  алып келгеніңді сол жерде қалдыр да, бауырласыңа барып, онымен татулас! Бұдан кейін қайтып келіп, сый-тартуыңды Құдайға бағыштап ұсын.
Matt Kaz 5:25  Біреу саған қарсы дау көтерсе, оған еріп сотқа бара жатқанда онымен тезірек татуласуға тырыс! Олай етпесең, қарсыласың сені сот алдына апарады, ал сот сақшыға ұстап беріп, сақшы сені түрмеге қамайды.
Matt Kaz 5:26  Саған шындығын айтамын: сен берешегіңді соңғы тиынына дейін төлемейінше, сол жерден шыға алмайсың!
Matt Kaz 5:27  «Неке адалдығын бұзба!» деген өсиетті де естідіңдер.
Matt Kaz 5:28  Ал Мен сендерге былай деймін: кім бір әйелге құмарта қараса, оның өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны.
Matt Kaz 5:29  (Иса сөзін жалғастырып, астарлап былай деді:) Егер оң көзің (секілді өте құнды нәрсең) сені күнәға азғырса, ол сен үшін «ойып алып, лақтырып тасталған» сияқты жоқ болсын. Бүкіл денеңнің тозаққа лақтырылғанынан гөрі бір мүшесінен айырылғаның артық болар еді.
Matt Kaz 5:30  Яки оң қолың (сияқты өте қажетті нәрсең) сені күнәға азғырса, ол сен үшін «шауып алып, лақтырып тасталған» сияқты жоқ болсын! Бүкіл денеңнің тозаққа лақтырылғанынан гөрі бір мүшесінен айырылғаның артық болар еді.
Matt Kaz 5:31  «Кім әйелімен ажыраспақ болса, оған арнайы куәлік қағазын беруге тиіс» деген бұйрық та берілген.
Matt Kaz 5:32  Ал Мен сендерге былай деймін: жеңіл жүріске түспеген әйелімен ажырасқан әркім соның неке адалдығын бұзуына себепші болады. Кім күйеуімен ажырасқан әйелге үйленсе, сол да неке адалдығын бұзады.
Matt Kaz 5:33  Ежелде жұртқа: «Анттарыңды бұзбаңдар, Жаратқан Иеге берген уәделеріңді орындаңдар!» деп бұйырылғанын естідіңдер.
Matt Kaz 5:34  Ал Мен сендерге былай деймін: үстірт ант етуші болмаңдар! Не көкті атап ант бермеңдер, ол Құдайдың «тағы»,
Matt Kaz 5:35  не жермен де ант бермеңдер, ол Оның «табан тіреніші», не Иерусалиммен де ант етпеңдер, ол «Ұлы Патшаның қаласы»!
Matt Kaz 5:36  Өз басыңмен де ант берме! Себебі шашыңның бір талын шын мәнінде не ағартып, не қарайту қолыңнан келмейді.
Matt Kaz 5:37  Қайта, сендердің «иә» дегендерің шынымен «иә», «жоқ» дегендерің шынымен «жоқ» болсын! Бұған қоса айтқандарыңның бәрі жамандықтарыңнан келеді.
Matt Kaz 5:38  Сендер «көзге көз, тіске тіс» дегенді естідіңдер.
Matt Kaz 5:39  Ал Мен сендерге айтамын: зұлымдық жасағаннан кек алма! Егер біреу бетіңнің оң жағын ұрса, оған сол жағын да тос.
Matt Kaz 5:40  Біреу сенімен соттасып, көйлегіңді тартып алғысы келсе, оның шапаныңды да алуына қарсы болма!
Matt Kaz 5:41  Немесе біреу сені бір шақырым жерге еріп (жүгін көтеріп) жүруге мәжбүр етсе, онымен екі шақырым жүр.
Matt Kaz 5:42  Сұрағанға мұқтажын бер, қарыз алғысы келгеннен де теріс айналма.
Matt Kaz 5:43  Сендер «Маңайыңдағы адамды жақсы көріп, жауыңды жек көр!» дегенді де естідіңдер.
Matt Kaz 5:44  Ал Мен сендерге айтамын: жауларыңды жақсы көріңдер! Өздеріңді қудалағандар үшін Жаратқан Иеге мінажат етіңдер!
Matt Kaz 5:45  Осылайша көктегі Әкелеріңнің рухани балалары боласыңдар: Ол жамандарға да, жақсыларға да күн сәулесін бірдей түсіріп, әділдерге де, әділетсіздерге де жаңбырды бірдей жауғызады.
Matt Kaz 5:46  Ал егер өздеріңді жақсы көретіндерді ғана жақсы көрсеңдер, онда сендерге қандай сый берілмек? Тіпті күнәлі салықшылар да солай етпей ме?
Matt Kaz 5:47  Сондай-ақ, өз бауырларыңмен ғана жарқын жүзбен амандассаңдар, онда басқаларға қарағанда қандай ерекше іс істейсіңдер? Тіпті Құдайға мойынсұнбайтындар да солай етпей ме?
Matt Kaz 5:48  Сонымен көктегі Әкелерің қандай мүлтіксіз болса, сендер де сондай мінсіз болыңдар!
Chapter 6
Matt Kaz 6:1  Байқаңдар, мейірімді істеріңді жұрт алдында көзге түсу үшін істемеңдер! Әйтпесе сендердің көктегі Әкеден ешқандай сыйларың болмайды.
Matt Kaz 6:2  Сондықтан қайыр бергенде оны екі жүзділер секілді жұрт мақтасын деп мәжілісханалар мен көшелерде жариялатпаңдар! Сендерге шындығын айтамын: олар алмақ сыйларын осымен-ақ алып қойды.
Matt Kaz 6:3  Ал сендер қайыр бергенде, не істегендеріңді сырлас достарың да білмесін!
Matt Kaz 6:4  Осылайша жасаған қайырымдылықтарың құпия болмақ. Сонда құпия істердің бәрін көретін Әкелерің сендерге сыйын бермек.
Matt Kaz 6:5  Құдайға сиынғанда да екі жүзділердей болмаңдар: олар жұрт көзіне түсу үшін мәжілісханаларда, көше бұрыштарында тұра қалып мінажат етуді жақсы көреді. Сендерге шындығын айтамын: олар алмақ сыйларын осымен-ақ алып қойды.
Matt Kaz 6:6  Ал сендер мінажат еткенде өз бөлмелеріңе кіріп, есігін жауып алып, көзге көрінбейтін Әкелеріңе сиыныңдар! Сонда құпия істердің бәрін көретін Әкелерің сендерге сыйын бермек.
Matt Kaz 6:7  Құдайға сиынғанда жалған тәңірлерге құлшылық етушілер іспетті құр сөз сөйлей бермеңдер! Олар көп сөз айтсақ еститін болады деп есептейді.
Matt Kaz 6:8  Сендер сондайларға ұқсамаңдар! Себебі көктегі Әкелерің өздерің сұрамай тұрып-ақ, сендерге не керек екенін біледі.
Matt Kaz 6:9  Сонымен Құдайға мына іспетті мінажат етіп сиыныңдар:Көктегі Әкеміз!Сенің киелі есімің қастерлене берсін,
Matt Kaz 6:10  Патшалығың осында орнасын!Сенің еркің көкте орындалғандай,Жер бетінде де орындала берсін!
Matt Kaz 6:11  Күнделікті нанымызды бүгін де бере гөр.
Matt Kaz 6:12  Бізге күнә жасағандарды кешіргеніміздей,Сен де күнәларымызды кешіре гөр.
Matt Kaz 6:13  Азғырылуымызға жол бермей,Бізді жамандықтан сақтай гөр.(Патшалық, құдірет және ұлылықМәңгі бақи Сенікі! Аумин.)
Matt Kaz 6:14  Егер өздеріңе күнә жасағандарды кешірсеңдер, онда көктегі Әкелерің сендерді де кешіреді.
Matt Kaz 6:15  Ал егер басқалардың күнәларын кешірмесеңдер, онда көктегі Әкелерің сендердің де күнәларыңды кешірмейді.
Matt Kaz 6:16  Ораза ұстағанда екі жүзділердей беттеріңді тұнжыратып жүрмеңдер! Олар ораза тұтқандарын мұңайған түрлерімен жұртқа әдейі білдіреді. Сендерге шындығын айтамын: олар алмақ сыйларын осымен-ақ алып қойды.
Matt Kaz 6:17  Ал сендер ораза ұстағанда да бастарыңды жуып, шаштарыңды ретке келтіріңдер.
Matt Kaz 6:18  Осылайша ораза ұстағандарыңды жұрт емес, көзге көрінбейтін Әкелерің ғана білетін болсын. Сонда құпия істердің бәрін де көретін Әкелерің сендерге сыйын бермек.
Matt Kaz 6:19  Жер бетінде өздеріңе дүние-байлық жинамаңдар! Оларды күйе жеп, тот басады немесе ұры бұзып кіріп, ұрлап кетеді.
Matt Kaz 6:20  Қайта, өздеріңе байлықты көкте жинаңдар! Сол жерде оны не күйе жемейді, не тот та баспайды, ұры да бұзып кіріп, ұрлап кетпейді.
Matt Kaz 6:21  Байлықтарың қайда болса, жүректерің де сонда.
Matt Kaz 6:22  Дененің «шамы» — көз. Көзің кіршіксіз таза болғанда өмірің түгелдей нұрға кенеледі.
Matt Kaz 6:23  Ал егер ашкөз болсаң, бүкіл өміріңді қараңғылық басады. Сонымен, егер өміріңде нұр орнына қараңғылық болса, ол қандай қара түнек болмақ!
Matt Kaz 6:24  Ешкім екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды. Өйткені ол біреуін екіншісінен артық көріп, соған бағышталады, ал екіншісіне немкетті қарайтын болады. Сол сияқты, сендер де Құдайға және байлыққа бірдей бағышталып қызмет ете алмайсыңдар!
Matt Kaz 6:25  Сондықтан сендерге мынаны айтамын: не ішіп-жейміз деп өмірлеріңді, не киеміз деп тәндеріңді уайымдамаңдар! Өмір тамақтан, тән киімнен артық қой!
Matt Kaz 6:26  Әуеде ұшқан құстарға назар салыңдаршы: олар егін екпейді де, ормайды да, өнімін қамбаға жинамайды да, бірақ көктегі Әкелерің оларды асырайды. Ал сендер құстардан әлдеқайда артық емессіңдер ме?!
Matt Kaz 6:27  Сондай-ақ осындай мәселелерді уайымдап, араларыңдағы қайсың өз бойын тіпті бір қарыс ұзарта алады?
Matt Kaz 6:28  Неге киімдеріңді ойлап уайымдап жүрсіңдер? Даладағы қызғалдақтардың қалай өсіп тұрғанына көңіл бөліңдерші: олар еңбек те етпейді, жіп те иірмейді.
Matt Kaz 6:29  Сендерге былай деймін: тіпті Сүлеймен патша өзінің бар сән-салтанатында сол гүлдердің біріндей әдемі киінбеген.
Matt Kaz 6:30  Ал енді, бүгін далада өсіп тұрған, ертең отқа тасталатын шөпті Құдай солай киіндірсе, сендерді, әлбетте, одан бетер киіндірмей ме, сенімі аздарым-ай!
Matt Kaz 6:31  Сондықтан не ішіп-жейміз, не киеміз деп уайымдамаңдар!
Matt Kaz 6:32  Тәңірге мойынсұнбайтындар барлық сондай нәрселерге ие болуға тынымсыз ұмтылуда. Ал бұлардың бәрінің сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой.
Matt Kaz 6:33  Ең бастысы, Құдайдың Патшалығының қамын ойлап, Құдайдың әділ еркін орындауға ұмтылыңдар! Сонда көктегі Әкелерің сендерге бұлардың бәрін қосып береді.
Matt Kaz 6:34  Сонымен, ертеңгі күн туралы уайымға салынбаңдар! Ертеңгі күннің өз уайымдары болады. Әр күннің қиыншылығы өзіне жетерлік.
Chapter 7
Matt Kaz 7:1  Құдай өздеріңе үкім шығармас үшін сендер басқаларға үкім айтпаңдар!
Matt Kaz 7:2  Себебі басқаларға қандай үкім айтсаңдар, өздеріңе де сондай үкім шығарылады. Сендер өзгелерге қолданған өлшем өздерің үшін де қолданылмақ.
Matt Kaz 7:3  Неге бауырыңның көзіндегі жаңқаны көре тұра, өз көзіңдегі бөренені байқамайсың?
Matt Kaz 7:4  Өз көзіңде бөрене тұрғанда бауырыңа: «Кәне, сенің көзіңнен жаңқаны алып тастайын» деп қалайша айта аласың?
Matt Kaz 7:5  Әй, екі жүзді! Әуелі өз көзіңнен бөренені алып таста! Бауырыңның көзіндегі жаңқаны содан кейін анық көріп, алып тастарсың.
Matt Kaz 7:6  Қасиеттілерді иттерге тастамаңдар, інжу-маржандарыңды шошқалар алдына лақтырмаңдар! Әйтпесе олар соларды аяқтарымен таптап, бұрылып келіп, өздеріңді жарып тастамақ.
Matt Kaz 7:7  Құдайдан сұраңдар, сонда ол сендерге (мұқтаждарыңды) береді; іздеңдер, сонда табасыңдар; есікті қағыңдар, сонда ол сендерге ашылады.
Matt Kaz 7:8  Себебі сұрай берген әркім алады, іздей берген табады, қағып тұрғанға есік ашылады.
Matt Kaz 7:9  Араларыңдағы қандай кісі нан сұраған баласына тас берер еді?
Matt Kaz 7:10  Не балық сұраса, жылан берер еді?
Matt Kaz 7:11  Сонымен, өздерің күнәкар бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды білсеңдер, көктегі Әкелеріңнің Өзінен сұрағандарға жақсылық жасайтыны ешбір шүбәсіз!
Matt Kaz 7:12  Барлық істе де басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер! Бұл Таурат пен Пайғамбарлар жазбаларының тәліміне сай.
Matt Kaz 7:13  Тар қақпадан кіріңдер! Тозаққа апаратын қақпа кең, жол да даңғыл. Онымен көп адамдар жүреді.
Matt Kaz 7:14  Ал шынайы өмірге апаратын қақпа да, жол да тар. Соны біразы ғана табады.
Matt Kaz 7:15  Жалған пайғамбарлардан сақтанып жүріңдер! Олар сендерге қой терісін жамылып келеді, бірақ шынында олар — жыртқыш қасқырлар.
Matt Kaz 7:16  Оларды «жемістерінен» (яғни іс-әрекеттерінен) танисыңдар. «Шомырттан жүзім, ошағаннан өрік жинамас».
Matt Kaz 7:17  Сол секілді, әрбір жақсы ағаш жақсы жеміс, ал жаман ағаш жаман жеміс береді.
Matt Kaz 7:18  Жақсы ағаш нашар жеміс, нашар ағаш жақсы жеміс бере алмайды ғой.
Matt Kaz 7:19  Ал жақсы жеміс бермейтін әр ағашты кесіп тастап, отқа жағады.
Matt Kaz 7:20  Сол сияқты, адамдарды да «жемістерінен» танып білесіңдер.
Matt Kaz 7:21  Маған: «Мырза, Ие!» дейтін әркім емес, көктегі Әкемнің еркін орындайтындар ғана Оның Патшалығына кіре алады.
Matt Kaz 7:22  Көптеген адамдар қиямет соты күні Маған: «Уа, Тақсыр Ие, Сенің атыңмен біз жұртқа Құдайдың хабарын жеткізбедік пе? Сенің атыңмен жындарды қуып шығарып, көптеген кереметтер жасамап па едік?» — деп жалынатын болады.
Matt Kaz 7:23  Сонда Мен оларға: «Сендерді ешқашан (өз адамдарым ретінде) таныған емеспін. Әділетсіздік істегендер, Менен аулақ кетіңдер!» — деп ашық айтамын.
Matt Kaz 7:24  Осы айтқандарымды тыңдап, оларды орындаған әркім үйін берік тастың үстіне қалап салған көреген адамға ұқсас болады.
Matt Kaz 7:25  Жаңбыр жауып, өзендер тасып, дауыл тұрып үйді соққылағанда, ол құламайды. Себебі оның іргетасы берік тасқа қаланған.
Matt Kaz 7:26  Алайда осы айтқандарымды естісе де, орындамаған әркім үйін құм үстіне салған ақымаққа ұқсайды.
Matt Kaz 7:27  Жаңбыр жауып, өзендер тасып, дауыл тұрып үйді соққылағанда, ол опырылып құлап қалады.
Matt Kaz 7:28  Иса сөзін аяқтағанда, халық Оның тәліміне қатты қайран қалды.
Matt Kaz 7:29  Себебі Иса оларға өздерінің дін мұғалімдері сияқты емес, Құдайдан ерекше билігі бар Біреу ретінде тағылым берді.
Chapter 8
Matt Kaz 8:1  Иса таудан түскеннен кейін Оның соңынан көптеген халық ерді.
Matt Kaz 8:2  Сонда алапеспен ауырған біреу Исаның алдына келді де, тізе бүгіп тағзым етіп:— Мырза, егер қаласаңыз, мені құлантаза сауықтыра аласыз, — деп өтінді.
Matt Kaz 8:3  Иса қолын созып, денесіне тигізді де:— Қалаймын, құлантаза сауығып кет! — деді. Сол сәтте-ақ ауру адам алапесінен арылып, тазарды.
Matt Kaz 8:4  Иса оған:— Байқа, бұл туралы ешкімге тіс жарушы болма! Бірақ діни қызметкерге барып, қарал. Содан кейін Мұса Тауратта бұйырған құрбандықты ұсын. Бұл жұртқа сенің сауыққаныңның дәлелі болады, — деді.
Matt Kaz 8:5  Иса Қапарнаум қаласына кіргенде, бір римдік жүзбасы алдына келіп:
Matt Kaz 8:6  — Мырза, қызметшім үйде сал болып қатты қиналып жатыр, — деген өтініш жасады.
Matt Kaz 8:7  — Жарайды, барып сауықтырайын, — деп жауап берді Иса.
Matt Kaz 8:8  Ал римдік жүзбасы:— Мырза, мен Сіздің шаңырағымның астына келуіңізге лайық емеспін. Тек бір сөз айтсаңыз болды, қызметшім сауығып кетеді.
Matt Kaz 8:9  Мұны білемін, себебі мен де біреудің қол астындамын, өзіме бағынышты жасақшыларым да бар. Біреуіне: «Бар!» десем, барады, басқасына: «Кел!» десем, келеді, қызметшіме: «Мынаны істе!» дегенімде, ол соны орындайды, — деді.
Matt Kaz 8:10  Мұны естіген Иса қайран қалып, соңынан еріп келе жатқан халыққа қарап: — Шын айтамын, Маған осындай сенім артқан кісі Исраил халқынан ешқашан кездескен емес!
Matt Kaz 8:11  Сендерге шындығын айтайын: шығыс пен батыстан келген көптеген жат жұрттық адамдар Ыбырайым, Ысқақ және Жақыппен бірге Құдай Патшалығында дастарқан басына жайғасатын болады.
Matt Kaz 8:12  Ал Патшалыққа алдымен тағайындалғандар сыртқа, қара түнекке қуылмақ! Сонда олар зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады, — деді.
Matt Kaz 8:13  Содан кейін Иса жүзбасына:— Үйіңе қайт, сеніміңе сай тілегің болсын! — деді.Сол мезгілде-ақ оның қызметшісі ауруынан сауығып кетті.
Matt Kaz 8:14  Иса Петірдің үйіне келгенде, оның қайын енесінің безгекпен ауырып, төсек тартып жатқанын көрді.
Matt Kaz 8:15  Иса оның қолына алақанын тигізгенде, қызуы басылып сауығып кетті. Әйел орнынан тұрып, оларды күтіп қызмет ете бастады.
Matt Kaz 8:16  Күн батқанда жұрт жын соққан талайларды Исаға алып келді. Ол айтқан бұйрығымен жындарды қуып шығып, барлық науқастарды сауықтырып жіберді.
Matt Kaz 8:17  Осылай Ишая пайғамбардың: Ол «біздің қасіретімізді Өзіне алды, біздің ауруларымызды өз мойнымен көтерді» деп алдын ала айтқаны жүзеге асты.
Matt Kaz 8:18  Иса айналасына халықтың көптеп жиналғанын көріп, шәкірттеріне: «Көлдің арғы бетіне өтейік», — деді.
Matt Kaz 8:19  Бір дін мұғалімі қасына келіп:— Ұстаз, қайда барсаңыз да, мен Сізге еремін, — деді.
Matt Kaz 8:20  Иса оған:— Түлкінің іні бар, құстың ұясы бар, ал көктен келген Билеушінің бас тірейтін тұрағы да жоқ, — деп жауап берді.
Matt Kaz 8:21  Шәкірттерінің өзге біреуі:— Мырза, алдымен үйге барып, әкем қайтыс болғанша қасында болып, сүйегін жерлеп келейін. Рұқсат етіңізші, — деп сұрады.
Matt Kaz 8:22  Иса оған:— Маған шәкірт болып ер! Өлгендерін жерлеуді (рухани) өлілерге қалдыр! — деп тапсырды.
Matt Kaz 8:23  Содан кейін Иса қайыққа мініп алды. Шәкірттері Оған ілесіп, бәрі жағадан аттанды.
Matt Kaz 8:24  Кенеттен сұрапыл дауыл көтеріліп, қайық толқынның астында қалды. Иса бұл кезде ұйықтап жатты.
Matt Kaz 8:25  Шәкірттері Исаға жақындап, Оны оятып:— Мырза, құтқара көріңіз! Құритын болдық! — деп айқайлады.
Matt Kaz 8:26  Иса оларға:— Сенімі аздарым-ай, неліктен соншама қорқасыңдар? — деді де, орнынан тұрып, жел мен көлге тыйым салды. Сонда жым-жырт тыныштық орнады.
Matt Kaz 8:27  Аң-таң болған қайықтағылар өзара: «Тіпті жел мен көл де бағынатын Бұл кім Өзі?» — десті.
Matt Kaz 8:28  Иса шәкірттерімен бірге көлдің арғы бетіндегі Ғадара өңіріне жеткенде, жын соққан екі кісі Оған кездесе кетті. Қабірге арналған үңгірлер арасынан шыға келген олар құтырынған, аса қауіпті болатын. Сондықтан ешкім сол жолмен жүре алмайтын.
Matt Kaz 8:29  Кенеттен олар: «Құдайдың рухани Ұлы, бізде нең бар? Уақытынан бұрын бізді азаптауға келдің бе?» — деп айқай салды.
Matt Kaz 8:30  Алысырақта үлкен бір топ шошқа жайылып жүрген болатын.
Matt Kaz 8:31  Жындар: «Егер бізді қумақ болсаң, ана шошқаларға жібере гөр», — деп өтінді.
Matt Kaz 8:32  «Кетіңдер!» — деді Ол. Жындар сол екі кісіден шығып, әлгі хайуандарға енді. Кенеттен олардың бәрі тік жардан көлге қарғып, суға батып, қырылып қалды.
Matt Kaz 8:33  Бақташылары қашып кетіп, қалаға барып, бастарынан өткен оқиғаны әрі жын соққан екі кісімен не болғанын жұртқа түгелдей айтып берді.
Matt Kaz 8:34  Сонда бүкіл қала халқы Исамен кездесу үшін шықты. Оны көргенде: «Біздің жерімізден кетіңіз», — деп өтінді.
Chapter 9
Matt Kaz 9:1  Иса қайыққа мініп, көлдің батыс жағасына өтіп, Өзі тұрған Қапарнаум қаласына қайта оралды.
Matt Kaz 9:2  Міне, біреулер Оған сал болып ауырған бір адамды төсегімен көтеріп алып келді. Иса олардың сенімдерін көріп, сал адамға: «Жігерлен, балам, сенің күнәларың кешірілді!» — деді.
Matt Kaz 9:3  Сонда дін мұғалімдері: «Бұл Кісі Құдайды қорлап тұр ғой!» — деп іштей наразы болды.
Matt Kaz 9:4  Олардың осы ойларын біле қойған Иса:— Неге сондай жамандық ойлайсыздар?
Matt Kaz 9:5  Қайсысын айту оңайырақ: «Сенің күнәларың кешірілді!» деу ме, әлде: «Орныңнан тұрып, жүре бер!» деу ме?
Matt Kaz 9:6  Ал Билеуші ретінде көктен келген Менің жер бетінде күнәларды кешіруге билігімнің бар екендігін білулеріңіз үшін,.. — деп, сал адамға қарап: — Орныңнан тұр да, төсенішіңді жинап алып, үйіңе бар! — деп тапсырды.
Matt Kaz 9:7  Ауру адам орнынан тұрды да, үйіне кетті!
Matt Kaz 9:8  Мұны көрген халықтың зәрелері ұшып, олар адамдарға осындай билік берген Құдайға мақтау айтты.
Matt Kaz 9:9  Иса сол жерден кетіп бара жатып, салық кеңсесінің қасында отырған Матай есімді салықшыны көрді. Оны: «Соңымнан ер!» — деп шақырды. Сонда Матай орнынан тұрып, Исаға шәкірті болып ерді.
Matt Kaz 9:10  Кейін Иса Матайдың үйінде дастарқан басында отырды. Көптеген салық жинаушылар және өзге де күнәкарлар сонда келіп, Исамен және шәкірттерімен дастарқандас болды.
Matt Kaz 9:11  Ал мұны көргенде парызшылдар Оның шәкірттеріне:— Ұстаздарың неге салықшылармен және басқа күнәкарлармен бірге тамақ ішіп отыр? — деп наразылық білдірді.
Matt Kaz 9:12  Иса мұны естіп, оларға былай деп жауап берді:— Дәрігер дені сауға емес, ауру адамға қажет.
Matt Kaz 9:13  Сендер Жаратқан Иенің: «Мен құрбандық шалғандарыңнан гөрі берік мейірімділік көрсеткендеріңді қалаймын» деген сөзінің мағынасын ұғынып алыңдар! Мен «әділдерді» емес, күнәкарларды (теріс жолдан қайтуға) шақыру үшін келдім.
Matt Kaz 9:14  Сол кездері Жақия пайғамбардың шәкірттері Исаға келіп:— Біздер де, парызшылдар да жиі ораза ұстаймыз, ал Сіздің шәкірттеріңіз неге ораза ұстамайды? — деп сұрады.
Matt Kaz 9:15  Иса оларға астарлап былай деп жауап берді:— Күйеу жігіт қастарында болғанда тойға келгендер қайғыра ала ма? Бірақ та «Күйеуді» қастарынан алып кететін күн туады; сол кезде олар ораза ұстайтын болады.
Matt Kaz 9:16  Ескі киімді жаңа матамен жамамас. Олай етсе, жамау отырып, ескі матадан жұлынып қалады, сонда жыртық бұрынғысынан бетер үлкен болады.
Matt Kaz 9:17  Сондай-ақ, жас шарапты ескі торсыққа құймас. Олай етсе, быршып ашыған шарап торсықты жарып, ағып кетеді, торсық та пайдадан қалады. Керісінше, жас шарапты жаңа торсыққа құйған дұрыс. Сонда екеуі де сақталады.
Matt Kaz 9:18  Иса оларға осыны айтып отырғанда, Оның қасына бір мәжілісхана жетекшісі келді. Жетекші Исаға тізе бүгіп тағзым етіп: «Қызым жаңа ғана қайтыс болды! Бірақ Сіз барып, қолыңызды тигізе көріңізші. Сонда ол тіріледі», — деп өтінді.
Matt Kaz 9:19  Иса орнынан тұрып, шәкірттерімен бірге оған ерді.
Matt Kaz 9:20  Сол заматта бір әйел Исаның арт жағынан жақындап келіп, Оның шапанының шетіне қолын тигізді. Әйел он екі жыл бойы қан кетіп қиналып жүрген еді.
Matt Kaz 9:21  Ол өзіне-өзі: «Тек Оның шапанына қолымды тигізсем болғаны, сонда сауығып кетер едім», — деген болатын.
Matt Kaz 9:22  Иса бұрылып, оны көріп: «Қарындас, жігерлен, сенімің арқылы құтқарылдың!» — деді. Әйел сол сәтте-ақ сауығып кетті.
Matt Kaz 9:23  Иса жетекшінің үйіне жеткенде, азалы әуен тартып жатқан сыбызғышыларды және абыржыған жоқтаушы жұртты көрді. Оларға:
Matt Kaz 9:24  «Бұл жерден шығыңдар! — деп бұйырды. — Қыз өлген жоқ, ұйықтап жатыр». — Бірақ олар Оның айтқанына күлді.
Matt Kaz 9:25  Алайда жұрт сыртқа шығарылғаннан кейін Иса ішке кіріп, қыздың қолынан ұстады. Сонда ол тіріліп, орнынан тұрды!
Matt Kaz 9:26  Бұл керемет туралы хабар бүкіл аймаққа тарады.
Matt Kaz 9:27  Иса сол жерден кетіп бара жатқанда, Оның соңынан екі соқыр кісі ілесіп:— Дәуіттің Ұрпағы, бізге рақым ете көріңіз! — деп айқайлап жалбарынды.
Matt Kaz 9:28  Иса үйге кіргеннен кейін сол екі зағип Оның қасына келді. Иса:— Менің солай істей алатыныма сенесіңдер ме? — деген сұрақ қойды. Олар:— Иә, Тақсыр, сенеміз, — деп жауап берді.
Matt Kaz 9:29  Сонда Иса:— Сенімдеріңе сай болсын! — деп, көздеріне саусағын тигізді.
Matt Kaz 9:30  Сонда зағиптардың көздері ашылып, көретін болды! Иса оларға: «Байқаңдар, бұл туралы ешкім білмесін!» — деп қатты ескертті.
Matt Kaz 9:31  Алайда олар далаға шығып, Иса туралы хабарды сол төңіректегі барлық жұртқа жайды.
Matt Kaz 9:32  Бұлар кетіп бара жатқанда, жұрт Исаның алдына жын соққан бір мылқауды алып келді.
Matt Kaz 9:33  Жыны қуып шығарылғаннан кейін мылқау сөйлей бастады. Көптеп жиналған халық қайран қалып:— Мұндай керемет оқиға Исраилде ешқашан болған емес! — десті.
Matt Kaz 9:34  Бірақ парызшылдар:— Ол жындарды солардың әміршісінің күшімен қуып шығарады! — деп жала жапты.
Matt Kaz 9:35  Бұдан кейін Иса барлық қалалар мен ауылдарды аралап, мәжілісханаларында халыққа тәлім берді; Патшалық туралы Ізгі хабарды уағыздап, адамдарды ауру-сырқау атаулыдан сауықтырды.
Matt Kaz 9:36  Иса көптеп жиналған халықты көргенде, оларға жаны ашыды. Себебі адамдар бағушысы жоқ қойлардай қалжыраған бейшара күйде болатын.
Matt Kaz 9:37  Сонда Ол шәкірттеріне: «Оратын егін көп, бірақ жұмысшылар аз.
Matt Kaz 9:38  Сондықтан егіннің Иесінен оны жинап алатын жұмысшылар жіберуін өтініңдер!» — деп тапсырды.
Chapter 10
Matt Kaz 10:1  Иса он екі шәкіртін тағы да қасына шақырып алып, оларға жындарды қуып шығаратын әрі барлық ауру-сырқауды сауықтыратын билік берді.
Matt Kaz 10:2  Осы он екі елшінің есімдері мыналар: алдымен Шимон, ол Петір деп те аталатын, әрі соның інісі Әндір; сондай-ақ Зебедей ұлдары Жақып пен Жохан;
Matt Kaz 10:3  Філіп пен Барталмай; Тома мен салықшы Матай; Әлпей ұлы Жақып және Тадей (деген Лебей);
Matt Kaz 10:4  Діншіл Шимон және кейін Исаға опасыздық жасаған Яһуда Исқариот.
Matt Kaz 10:5  Осы он екі елшісін Иса төмендегі тапсырмаларымен жіберді:— Басқа ұлт адамдарының жерлеріне бармаңдар, самариялық қалаларға да кірмеңдер;
Matt Kaz 10:6  қайта, адасып кеткен қойларға ұқсас Исраил халқының адамдарына барыңдар!
Matt Kaz 10:7  Аралай жүріп: «Құдай Патшалығының жер бетінде орнайтын кезі таяп қалды!» деп уағыздаңдар.
Matt Kaz 10:8  Ауруларды сауықтырып, өлгендерді қайта тірілтіңдер, алапестерді құлантаза айықтырып, жындарды қуып шығарыңдар. Тегін алдыңдар, тегін беріңдер де!
Matt Kaz 10:9  Қалталарыңа алтын, күміс, бақыр ақша салмаңдар.
Matt Kaz 10:10  Жолға дорба, артық киім, аяқкиім және таяқ та алмаңдар. Еңбек еткен жейтін тамағына қақылы ғой.
Matt Kaz 10:11  Қай қалаға не ауылға кірсеңдер де, сол жерде өздеріңе түсуге лайықты адамды іздестіріп тауып алып, қайтадан жолға шыққанша соның үйінде қалыңдар.
Matt Kaz 10:12  Үйге кіргенде амандасып: «Осы үйге амандық пен тыныштық болсын!» деп бата беріңдер.
Matt Kaz 10:13  Сол үйдегілер лайықты болса, берген баталарың қонады, ал лайықсыз болса, баталарың өздеріңе қайтып келеді.
Matt Kaz 10:14  Егер біреу сендерді қабылдамаса не сөздеріңе құлақ салмаса, сол үйден немесе қаладан шығып кетіп бара жатқанда аяқтарыңдағы шаң-тозаңды қағып тастаңдар.
Matt Kaz 10:15  Сендерге шын айтамын: қиямет соты күні сондай қала тұрғындарының тартатын жазасынан тіпті Содом мен Ғомора халқының жазасы жеңілірек болады!
Matt Kaz 10:16  Естеріңде болсын: Мен сендерді қасқырлар арасына жіберілген қойлар сияқты жіберіп отырмын. Сондықтан жыландай көреген, көгершіндей ақкөңіл болыңдар!
Matt Kaz 10:17  Жұрттан сақтанып жүріңдер, олар сендерді соттарға ұстап беріп, өздерінің мәжілісханаларында дүре соғатын болады.
Matt Kaz 10:18  Менің жолыма түскендеріңе бола сендерді әміршілер мен патшалар алдына да апарады. Осылайша соларға және басқа ұлт адамдарына Мен туралы ашық айтасыңдар.
Matt Kaz 10:19  Адамдар сендерді ұстап бергенде, қалай және не айтатындарыңды ойлап уайымдамаңдар! Айтатын сөздерің сол сәтте ауыздарыңа салынады.
Matt Kaz 10:20  Осылай өздерің емес, сендер арқылы көктегі Әкелеріңнің Киелі Рухы сөйлейтін болады.
Matt Kaz 10:21  Сонда тіпті бауыры өз бауырын, әкесі өз баласын ажалға ұстап беріп, балалары да әке-шешелеріне қарсы көтеріліп, оларды өлімге душар етеді.
Matt Kaz 10:22  Менің атымды мойындағандарыңа бола барлық жұрт сендерді жек көретін болады. Ал ақырына дейін табандылық танытқан әркім құтқарылады.
Matt Kaz 10:23  Бір қалада қудаласа, басқасына қашыңдар. Шын айтамын: сендер Исраилдің барлық қалаларын аралап шықпай жатып-ақ, Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келемін.
Matt Kaz 10:24  Шәкірті ұстазынан, қызметшісі қожайынынан жоғары емес.
Matt Kaz 10:25  Шәкірті ұстазына, қызметшісі қожайынына ұқсаса, соған қанағат тұтсын. Жұрт «үйдің Иесін» белзебүл (шайтан) деп атаса, оның үй ішіне одан бетер жаман ат тақпай ма?
Matt Kaz 10:26  Сонымен олардан қорықпаңдар! Ашылмайтын сыр, білінбейтін құпия болмайды.
Matt Kaz 10:27  Сендерге қараңғыда айтқанымды жарықта айтыңдар, әрі құлақтарыңа сыбырлаған сөздерімді жұртқа жариялаңдар!
Matt Kaz 10:28  Тәнді өлтірсе де, жанды өлтіре алмайтындардан қорықпаңдар! Одан гөрі жанды да, тәнді де тозақта құрта алатын Құдайдан қорқып, Оны терең қастерлеңдер!
Matt Kaz 10:29  Екі торғайды бір теңгеге сатпай ма? Дегенмен көктегі Әкелеріңнің еркінсіз бірде-бір торғай жерге құлап түспейді.
Matt Kaz 10:30  Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да Оған белгілі!
Matt Kaz 10:31  Сондықтан адамдардан қорықпаңдар: Құдай үшін сендер көптеген торғайлардан да әлдеқайда қымбатсыңдар!
Matt Kaz 10:32  Сонымен Мені адамдар алдында мойындаған әркімді Мен де көктегі Әкемнің алдында мойындаймын.
Matt Kaz 10:33  Бірақ Менен жұрт алдында танған әркімнен Мен де көктегі Әкемнің алдында танбақпын.
Matt Kaz 10:34  Мені дүние жүзіне (жалған) татулық әкелу үшін келді деп ойламаңдар. Мен сондай татулықты емес, жақсы мен жаманды бір-бірінен ажырататын айыруды әкелу үшін келдім.
Matt Kaz 10:35  Сөйтіп (пайғамбардың алдын ала айтқан мына тәрізді сөздерін) жүзеге асыруға келдім: «Өз ұлы әкесіне, қызы шешесіне, келіні енесіне қарсы шығады.
Matt Kaz 10:36  Адамның дұшпаны өз үй іші болады».
Matt Kaz 10:37  Кім әке-шешесін не ұл-қызын Менен артық көрсе, сол Менікі болуға лайықты емес.
Matt Kaz 10:38  Сондай-ақ, кім айқышын арқалаған кісідей өз мүддесінен бас тартып, тіпті азапты өлімге дайын болып Менің соңымнан еріп жүрмесе, сол Менікі болуға лайықты емес.
Matt Kaz 10:39  Өміріне өзі иелік еткен әркім одан айырылады, ал өмірін Мен үшін қиған оған мәңгі иелік етеді.
Matt Kaz 10:40  Кім сендерді қабылдаса, соның Мені қабылдағаны. Ал кім Мені қабылдаса, оның Мені Жібергенді де қабылдағаны.
Matt Kaz 10:41  Бір пайғамбарды Құдайдың хабаршысы болғандықтан қабылдағандар сол пайғамбар алатын сыйға ие болады, әрі әділ кісіні әділ болғаны үшін қабылдағандар соның алатынындай сыйды иемденеді.
Matt Kaz 10:42  Сендерге шындығын айтайын: атақ-шені жоқ осылардың біреуіне Менің шәкіртім болғаны үшін ең болмағанда бір тостаған салқын су берген әркім сол үшін алатын сыйынан құр қалмайды!
Chapter 11
Matt Kaz 11:1  Он екі шәкіртіне нұсқау беріп болғаннан кейін, Иса сол жерден кетіп, халыққа тәлім беріп, уағыз айту үшін Ғалилея қалаларын аралады.
Matt Kaz 11:2  Жақия пайғамбар Мәсіхтің жасаған істері туралы естігенде қамауда болатын. Содан ол Мәсіхке бірнеше шәкірттерін жіберіп, Одан:
Matt Kaz 11:3  — Келетіні ежелден-ақ уәде етілген Құтқарушымыз шынымен Сіз бе? Әлде басқа біреуді күтуіміз керек пе? — деп сұратты.
Matt Kaz 11:4  Иса оларға жауап беріп:— Сендер көріп-естігендеріңді Жақияға барып, айтып беріңдер:
Matt Kaz 11:5  соқырлар көріп, сал болғандар жүріп, алапестер құлантаза сауығып, саңыраулар естіп, өлгендер қайта тіріліп, жарлыларға Ізгі хабар жарияланып жатыр.
Matt Kaz 11:6  Ал Маған деген сенімінен бас тартпаған әркім бақытты! — деді.
Matt Kaz 11:7  Жақияның жіберген адамдары қайтып кеткеннен кейін, Иса жұртқа Жақия туралы былай деп айта бастады:— Сендер айдалаға нені көруге бардыңдар? Жел тербеткен бір қамысты ма? (Жақия ондай емес!)
Matt Kaz 11:8  Тегі, нені көруге бардыңдар? Қымбат киім киген біреуді ме? Жоқ, қымбат киім кигендер патша сарайларында тұрады ғой.
Matt Kaz 11:9  Сонда нені көруге бардыңдар? Бір пайғамбарды ма? Иә, сендерге айтамын: Жақия тіпті пайғамбардан да артық!
Matt Kaz 11:10  Киелі жазбада Құдайдың мына тәрізді сөздері бар: «Біліп ал, Мен хабаршымды алдыңнан жіберемін, ол жүретін жолыңды дайындап қояды» Бұл хабаршы — Жақияның өзі.
Matt Kaz 11:11  Сендерге шындығын айтайын: адам баласы атаулының ішінде Жақия пайғамбардан жолы үлкен ешкім болған емес. Бірақ Құдай Патшалығындағы ең қарапайым деген адамдардың жолы онікінен үлкен.
Matt Kaz 11:12  Жақияның уағыздап, шомылдыру рәсімін орындаған уақытынан бері қазірге дейін Құдайдың Патшалығы күшпен алға басып, күш салғандар оны иемденуде.
Matt Kaz 11:13  Барлық Пайғамбарлар жазбалары мен Таурат Құдайдың хабарын Жақияға дейін жеткізіп келді.
Matt Kaz 11:14  Ал қабылдағыларың келсе, Жақия — келетіні алдын ала уәде етілген Ілияс пайғамбар.
Matt Kaz 11:15  Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!
Matt Kaz 11:16  Ендеше қазіргі ұрпақтың кісілерін кімге ұқсатайын? Олар тентек балаларға ұқсайды. Солар далада отырып, жолдастарына айқайлап:
Matt Kaz 11:17  «Сендер үшін сыбызғы тартсақ та, би билемедіңдер,Сосын жоқтау айтсақ та, жылап еңіремедіңдер»,— деп шағымданады.
Matt Kaz 11:18  Өйткені Жақия пайғамбар келгенде, кәдімгі тамақтарды ішіп-жемеді. Олар оны «жынды» дейді.
Matt Kaz 11:19  Ал Мен, көктен келген Билеуші, кәдімгі тамақтарды ішіп-жеймін. Сонда олар: «Мынау тамақ жеп, шарап ішуді жақсы көреді, әрі салықшылармен, күнәкарлармен дос!» деп жамандайды. Алайда даналықтың игілігі одан туындаған ізгі істермен дәлелденеді.
Matt Kaz 11:20  Сол уақытта Иса Өзінің істеген кереметтерін көбірек көрген қалаларды күнәларына өкініп, теріс жолдан қайтпағандары үшін айыптай бастады:
Matt Kaz 11:21  — Ей, Хоразин қаласы, қасіретке қаласың! Ей, Бетсайда қаласы, сен де қасіретке қаласың! Егер сендерде жасалған кереметтер (шетелдік) Тир мен Сидон қалаларында орын алған болса, олардың халқы әлдеқашан азалы киім киіп, күлге отырып, теріс жолдарынан қайтқан болар еді.
Matt Kaz 11:22  Ендеше сендерге айтамын: қиямет соты күні Тир мен Сидонның тұрғындарының тартатын жазасы сендердікінен жеңілірек болмақ!
Matt Kaz 11:23  Ал, Қапарнаум қаласы, сенің атың мақталып, көкке шығарыла ма? Жоқ, сен түпсіз тұңғиыққа құлайсың! Егер сенде жасалған кереметтер ежелгі Содомда орын алған болса, сол қала күні бүгінге дейін сақталған болар еді.
Matt Kaz 11:24  Ендеше сендерге айтамын: қиямет соты күні тіпті Содом халқының тартатын жазасы сендердікінен жеңілірек болмақ!
Matt Kaz 11:25  Сол кезде Иса көктегі Әкесіне сиынып: «Көк пен жердің Иесі — Әке! Осы жайттарды данышпандар мен білгіштерден жасырып қалып, оларды ашып көрсеткенің үшін Сені дәріптеймін.
Matt Kaz 11:26  Иә, Әке, Саған осылай болғаны ұнап тұр», — деп мақтау айтты. Содан кейін Иса тағы былай деді:
Matt Kaz 11:27  «Маған бәрін де Әкем сеніп тапсырған. Рухани Ұлының шынымен кім екенін Әкесінен өзге ешкім де білмейді. Әкенің кім екенін де Оның жалғыз рухани Ұлы — Мен ғана білемін. Әкемді кімдерге білдіргім келсе, солар да Оны жақыннан таниды.
Matt Kaz 11:28  Қиналып қатты шаршап-шалдыққандар,Еңселерін тым ауыр жүк басқандар,Менің қасыма келіңдер, бәрің,Жандарыңды Мен рақатқа бөлеймін!
Matt Kaz 11:29  Қамытымды бірге киісіп, үйреніңдер Өзімнен,Өйткені жуас, кішіпейілмін шын жүректен,Тыныштық табады сонда көңілдерің.
Matt Kaz 11:30  Себебі ыңғайлы — қамытым Менің,Әрі жеңіл — жүктейтін міндеттерім».
Chapter 12
Matt Kaz 12:1  Сол кезде Иса демалыс күні егіндік арасымен өтіп бара жатты. Қарындары ашқан шәкірттері біраз масақ үзіп алып, жей бастады.
Matt Kaz 12:2  Мұны көрген кейбір парызшылдар Исаға:— Қараңыз, шәкірттеріңіз демалыс күні істеуге тыйым салынған жұмысты істеп жүр! — деп наразылық білдірді.
Matt Kaz 12:3  Иса оларға былай деп жауап қайырды:— Дәуіт пайғамбар мен оның қасындағы сарбаздар ашыққан кезде не істегендерін оқымап па едіңдер?
Matt Kaz 12:4  Дәуіт Құдайдың киелі үйіне кіріп, тарту ретінде Құдайға ұсынылған нанды олар жеді емес пе? Ал заң бойынша сол күлшелерді Дәуіт те, қасындағылар да емес, тек діни қызметкерлер ғана жеуге хұқықты болатын.
Matt Kaz 12:5  Сондай-ақ, діни қызметкерлер ғибадатханада жұмыс істеп, демалыс күні туралы ережелерді бұзады. Бірақ олар сол үшін айыпталмайды. Бұл туралы Таураттан оқымап па едіңдер?
Matt Kaz 12:6  Сендерге айтамын: осы жерде ғибадатханадан да дәрежесі үлкен Біреу бар.
Matt Kaz 12:7  Жаратқан Ие: «Мен құрбандық шалғандарыңнан гөрі берік мейірімділік көрсеткендеріңді қалаймын» деген. Егер мұның мағынасын білсеңдер, мына кінәсіздерді айыптамас едіңдер.
Matt Kaz 12:8  Себебі көктен келген Мен демалыс күнінің де Иесімін! — деп қорытты.
Matt Kaz 12:9  Ол жерден кетіп бара жатып, Иса яһудилердің жиналатын мәжілісханасына кірді.
Matt Kaz 12:10  Сол жерде қолы семіп қалған бір адам да болды. Діншілдер Исаны айыптайтын сылтау іздеп, Оған:— Демалыс күні болса да, ауруды сауықтыруға бола ма? — деген сұрақ қойды.
Matt Kaz 12:11  Иса оларға жауап беріп былай деді:— Егер біреуіңнің жалғыз-ақ қойың болып, ол шұңқырға түсіп кетсе, демалыс күні болса да, шығарып алмас па едіңдер?
Matt Kaz 12:12  Ал адам қойдан әлдеқайда артық емес пе?! Ендеше демалыс күні де жақсылық жасауға болады! —
Matt Kaz 12:13  Содан Иса әлгі кісіге: «Қолыңды созшы!» — деп бұйырды. Адам семіп қалған оң қолын созғанда, ол екіншісі сияқты бұрынғы сап-сау қалпына келді!
Matt Kaz 12:14  Ал парызшылдар болса сыртқа шығып, Исаның көзін жою туралы кеңес құрды.Иса бұл туралы біліп қойып, сол жерден кетіп қалды.
Matt Kaz 12:15  Оның артынан көп халық еріп жүрді. Иса солардың бәрін ауруларынан сауықтырды.
Matt Kaz 12:16  Алайда оларға Өзінің кім екенін жариялауға тыйым салды.
Matt Kaz 12:17  Осылай Құдайдың Ишая пайғамбар арқылы айтқан мына тәрізді сөздері жүзеге асты:
Matt Kaz 12:18  Міне, Менің таңдап алған Қызметшім,Ол — жаным рақат табатын Сүйіктім!Оған қондырамын Мен өз Рухымды,Ол халықтарға жариялайды әділ үкімді.
Matt Kaz 12:19  Қызметшім айтыспайды да айқайламайды,Оның дауысы көшелерде шықпайды.
Matt Kaz 12:20  Ол майысқан таяқты сындырмайды,Бықсыған білтені де сөндірмейді,Соңында әділдікті жеңіске жеткізеді.
Matt Kaz 12:21  Оған басқа елдер де үміттенеді.
Matt Kaz 12:22  Сол кезде жұрт Исаның алдына жын соққан, соқыр да мылқау біреуді алып келді. Иса оны сауықтырып, соқыр да мылқау адам әрі көретін, әрі сөйлейтін болды!
Matt Kaz 12:23  Барша халық қайран қалып, бір-біріне:— Дәуіттің Ұрпағы (Мәсіх) Осы шығар? — десті.
Matt Kaz 12:24  Бірақ мұны естіген парызшылдар:— Сол адам жындарды тек олардың әміршісі белзебүлдің (яғни әзәзіл шайтанның) күшімен қуып шығарады! — деп жала жапты.
Matt Kaz 12:25  Олардың осы ойларын білген Иса:— Жікке бөлініп, өзара соғысып жатқан әрбір патшалық жойылып, бос қалады. Өзара ұрысып-керісіп жататын әр қала не үй де құрып кетеді, — деді.
Matt Kaz 12:26  — Сол сияқты, егер шайтан өзін қуып шығарса, оның өзіне-өзі қарсы соғысқаны! Олай болса, оның патшалығы қалайша жойылмай, берік тұра алады?
Matt Kaz 12:27  Ендеше Мені жындарды белзебүлдің күшімен қуып шығарады десеңдер, онда сендердің шәкірттерің оларды кімнің күшімен қуып шығады?! Сондықтан айтқандарыңның бұрыстығын өз шәкірттерің-ақ әшкерелейді!
Matt Kaz 12:28  Бірақ шынында Мен жындарды Құдайдың Киелі Рухының құдіретімен қуып шығарамын. Демек, араларыңда Құдайдың Патшалығы орнаған!
Matt Kaz 12:29  Немесе күштінің үйіне кірген біреу алдымен соның өзін байлап тастамай, дүние-мүлкін қалайша тонар еді? Тек күштіні жеңіп, байлап-матап тастағаннан кейін ғана оның үйін тонай алады.
Matt Kaz 12:30  Кім Менімен бірге болмаса, сол Маған қарсы; кім Менімен бірге жинамаса, сол шашады.
Matt Kaz 12:31  Сондықтан сендерге айтамын: адамдардың жасаған бүкіл күнәлары мен Құдайды қорлауларына кешірім беруге болады; бірақ Құдайдың Киелі Рухын қорлайтынға кешірім болмайды.
Matt Kaz 12:32  Көктен келген Маған қарсы сөйлеген әркімге кешірім беруге болады, бірақ Құдайдың Киелі Рухына қарсы сөйлейтіндерге не осы заманда, не келешекте кешірім болмайды!
Matt Kaz 12:33  Мынаны мойындауларың қажет: ағаш жақсы болса, жемісі де жақсы, ал жаман болса, жемісі де жаман. Ағаш жемісімен танылар.
Matt Kaz 12:34  Улы жыланның тұқымдары! Сендер жаман бола тұра, қалайша жақсы сөздер айта алар едіңдер? Жан дүниең неге толса, ауызың соны айтар.
Matt Kaz 12:35  Ізгі адам жан дүниесіндегі игілікті қазынадан игілік алып шығады, ал зұлым адам арам жан дүниесінен арамдық алып шығады.
Matt Kaz 12:36  Сендерге шын айтамын: адамдар өздері айтқан әрбір жағымсыз сөздері үшін қиямет сотында жауап береді.
Matt Kaz 12:37  Сол кезде сендер айтқан сөздеріңе сай не ақталатын, не айыпталатын боласыңдар.
Matt Kaz 12:38  Кейбір дін мұғалімдері мен парызшылдар сонда Исаға:— Ұстаз, билігіңізді дәлелдейтін бір кереметті көрсек деп едік, — деген өтініш жасады.
Matt Kaz 12:39  Бірақ Оның жауабы мынау болды:— Жаман, опасыз ұрпақ билігімді дәлелдейтін керемет көрсетуімді талап етеді. Бірақ оған Жүніс пайғамбардың кереметінен басқасы көрсетілмейді:
Matt Kaz 12:40  Жүністің үш күн, үш түн дәу балықтың ішінде жатқаны сияқты, көктен келген Билеуші де жер қойнында үш күн, үш түн жататын болады.
Matt Kaz 12:41  Ниневи тұрғындары қиямет кезінде осы ұрпақтың адамдарымен бірге сот алдында тұрып, олардың қиқарлығын әшкерелейді: ниневиліктер Жүніс уағыздағанда теріс жолдарынан қайтты. Ал мұнда Жүніс пайғамбардан да мәртебесі зор Біреу бар! (Алайда сендер теріс жолдарыңнан қайтудан бас тартасыңдар!)
Matt Kaz 12:42  Ежелгі Оңтүстік Арабияның патшайымы да қиямет күні осы ұрпақпен бірге сот алдында тұрып, оның қиқарлығын әшкерелейді. Себебі патшайым Сүлеймен патшаның даналық сөздерін тыңдау үшін жердің қиыр шетінен келді. Ал мұнда Сүлеймен патшадан да мәртебесі зор Біреу бар! (Алайда сендер Маған құлақ аспайсыңдар!)
Matt Kaz 12:43  Жын адамнан шыққаннан кейін шөл даланы кезіп, баспана іздеп, таппайды.
Matt Kaz 12:44  Сонда ол: «Шыққан үйіме қайта оралайын» дейді. Қайтып келгенде қараса, үй сыпырылып, жиналыпты, алайда бос тұр екен.
Matt Kaz 12:45  Содан жын барып, өзінен бетер жауыз тағы жеті жынды ертіп келіп, үйге кіріп, сонда тұрып қалады. Осылайша әлгі адамның кейінгі жағдайы бұрынғысынан да мүшкіл болады. Біліп қойыңдар, осы күнәлі ұрпақтың жағдайы да сол секілді болады!
Matt Kaz 12:46  Иса әлі де халыққа сөйлеп тұрғанда, Оның шешесі мен туған бауырлары келіп, сыртта тұрып, Исамен тілдеспекші болды.
Matt Kaz 12:47  Сонда әлдекім Исаға былай деп хабарлады:— Сыртта шешеңіз бен бауырларыңыз келіп, Сізбен сөйлесеміз деп тұр.
Matt Kaz 12:48  Алайда Иса осыны айтқанға жауап қайырып:— Менің шешем, бауырларым кім екенін айтайын ба? — деді де,
Matt Kaz 12:49  қолын созып шәкірттерін нұсқап: — Міне, Менің «шешем» мен «бауырларым»!
Matt Kaz 12:50  Себебі көктегі Әкемнің еркін орындайтындар Маған бауыр, қарындас, шеше іспетті жақын, — деді.
Chapter 13
Matt Kaz 13:1  Сол күні кейінірек Иса үйден шығып, көл жағасына барып отырды.
Matt Kaz 13:2  Қасына жиналған халықтың көп болғаны сонша, Иса қайыққа мініп, соған жайғасты. Ал барша халық жағалауда тұрды.
Matt Kaz 13:3  Иса оларға мынау сияқты астарлы әңгімелермен көп тәлім беріп былай деді: «Бір диқан тұқым себуге шығыпты.
Matt Kaz 13:4  Ол сеуіп жүргенде дәндердің кейбіреулері жол бойына түсіп қалады. Құстар ұшып келіп, шоқып жеп қояды.
Matt Kaz 13:5  Біраз тұқым топырағы аз тастақ жерге түседі. Топырақ жұқа болғандықтан, тұқым тез көктеп шығады.
Matt Kaz 13:6  Алайда күн шыққан соң күйіп, тамыр жая алмағандықтан қурап қалады.
Matt Kaz 13:7  Тағы басқа дәндер тікен арасына түседі. Тікендер қаулап, оларды тұншықтырып, өсірмей тастайды.
Matt Kaz 13:8  Ал өзге тұқымдар құнарлы топыраққа түседі. Бұлардың біразы жүз, басқалары алпыс, бірқатары отыз еседен өнім береді.
Matt Kaz 13:9  Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!»
Matt Kaz 13:10  Шәкірттері Исаның қасына келіп:— Халыққа сөзіңізді арнағанда неге астарлы әңгімелер айтасыз? — деп сұрағанда,
Matt Kaz 13:11  Оның жауабы мынадай болды:— Құдай өз Патшалығы туралы сырларды білуді оларға емес, сендерге ғана бұйырған.
Matt Kaz 13:12  Өйткені кімде (біраз түсінік) бар болса, соған тағы да беріліп, онікі асып-тасып кетеді. Ал кімде жоқ болса, оның өзімде бар дегені де одан алынып қойылады.
Matt Kaz 13:13  Мен бұларға астарлап айтамын, өйткені олар көріп тұрса да, шынымен көрмейді, естіп тұрса да, шынымен естімейді де, түсінбейді де.
Matt Kaz 13:14  Осылайша Ишая пайғамбардың алдын ала айтқан мына тәрізді сөздері олардың өмірінде жүзеге асады: Естисіңдер, бәрібір түсінбейсіңдер, көресіңдер, бәрібір аңғармайсыңдар!
Matt Kaz 13:15  Өйткені бұл халықтың жүректері қасарысқан сезімсіз, құлақтары керең, көздері жұмылған. Әйтпесе олар көздерімен көріп, құлақтарымен естіп, жүректерімен түсініп, теріс жолдарынан қайтар еді. Сонда Мен оларды рухани дертінен сауықтырар едім!
Matt Kaz 13:16  Ал сендер бақыттысыңдар: көздерің көреді, құлақтарың естиді.
Matt Kaz 13:17  Сендерге шындығын айтайын: көптеген пайғамбарлар да, өзге әділ адамдар да сендер көріп жүрген нәрселерді көргілері келді, бірақ көре алмады, сендер естіп жүрген сөздерді естігілері келді, бірақ ести алмады.
Matt Kaz 13:18  Енді тұқым сепкен диқан туралы әңгіменің мағынасын тыңдаңдар:
Matt Kaz 13:19  біреу Патшалық туралы Ізгі хабарды естіп, түсінбесе, лезде әзәзіл шайтан келіп, сол адамның жүрегіне себілген бұл сөздерді ұрлап алып кетеді. Жол бойына түскен тұқым — осы.
Matt Kaz 13:20  Ал тастақ жерге себілгені мынаны көрсетеді: адам Ізгі хабарды естіген бойда оны қуанышпен қабылдайды,
Matt Kaz 13:21  бірақ тамыр жаймағандықтан берік болмайды. Ізгі хабарға бола басына азап не қуғын түскенде, дереу сенімінен безіп кетеді.
Matt Kaz 13:22  Тікен арасына себілген дәндер болса, мынаны білдіреді: біреу Ізгі хабарды естиді. Алайда бұ дүниелік тұрмыс қамын ойлап абыржып, байлыққа алданады. Осылайша Ізгі хабар ескерусіз қалып, өнім бермейді.
Matt Kaz 13:23  Ал құнарлы топыраққа себілген тұқым болса, мынаны бейнелейді: адам Ізгі хабарды тыңдап, түсініп, өнімді болады. Ол жүз, алпыс немесе отыз еседен өнім береді.
Matt Kaz 13:24  Иса халыққа тағы басқа бір астарлы әңгімені айтып берді: «Құдай Патшалығының орнауы мынаған ұқсайды. Бір адам егіндігіне жақсы тұқым себеді.
Matt Kaz 13:25  Жұрт ұйықтап жатқанда дұшпаны келіп, бидай арасына бидайықтың тұқымын шашып кетеді.
Matt Kaz 13:26  Бидай көктеп шығып, дән жинай бастағанда, әлгі арам шөп те өсіп шығады.
Matt Kaz 13:27  Сонда қызметшілері егіндіктің иесіне келіп:— Мырза, жеріңізге сепкеніңіз жақсы тұқым емес пе еді? Онда бидайық қайдан шыққан? — деп сұрайды.
Matt Kaz 13:28  Ол:— Мұны істеген дұшпан кісі, — деп түсіндіреді.— Ендеше біздің сонда барып, отап тастауымызды қалайсыз ба?
Matt Kaz 13:29  — Жоқ, — деп жауап береді қожайын, — сендер бидайықты отаймыз деп, бидайды бірге жұлып тастарсыңдар.
Matt Kaz 13:30  Орылғанша бірге өсе берсін. Ал орақ кезінде егін жинаушыларға: Өртеп жіберу үшін алдымен арам шөптерді баулап, жиып алыңдар, ал бидайды жинап, қамбама құйыңдар! — деп бұйырамын».
Matt Kaz 13:31  Иса халыққа тағы мына астарлы әңгімені де айтып берді: «Құдай Патшалығы бір адамның егістігіне еккен қыша дәніне ұқсас:
Matt Kaz 13:32  қыша дәні басқа тұқымдардан гөрі майда болса да, өскенде барлық дәнді дақылдардан биік болып шығып, бұтаға айналады. Сонда бұтақтарына құстар ұшып келіп, паналайды».
Matt Kaz 13:33  Иса оларға астарлап келесі бір әңгімені де айтып берді: «Құдай Патшалығын ашытқымен де салыстыруға болады: әйелдер үш астау ұнға аздаған ашытқы қосып, араластырған соң, ол барлық қамырды ашытып, көтереді».
Matt Kaz 13:34  Мұның бәрін Иса халыққа астарлы әңгімелермен айтты. Оларға еш нәрсені де астарсыз уағыздамады.
Matt Kaz 13:35  Осылай Құдайдың пайғамбар арқылы айтқан мына тәрізді сөздері жүзеге асты: «Астарлы әңгімелерді айтамын, Әлем жаратылғаннан бері бар құпияларды ашамын».
Matt Kaz 13:36  Бұдан кейін Иса халықты таратып, үйге кірді. Қасына келген шәкірттері: «Егіндіктегі арам шөп туралы астарлы әңгімені түсіндіріңізші», — деп өтінген соң,
Matt Kaz 13:37  Иса оларға былай деді: «Жақсы тұқым сепкен — көктен келген Билеуші.
Matt Kaz 13:38  Егіндік — осы дүние, жақсы тұқым — Құдай Патшалығының адамдары, ал бидайық — әзәзілдің адамдары.
Matt Kaz 13:39  Сол арам шөптің тұқымын шашқан дұшпан — әзәзіл шайтан, орақ кезі — ақырзаман, ал орушылар — періштелер.
Matt Kaz 13:40  Жұрттың арам шөптерді жинап, өртеп жіберетіні сияқты, ақырзаманда да солай болады:
Matt Kaz 13:41  көктен келген Билеуші Өзінің періштелерін жібереді. Олар азғындық пен заңсыздық жасайтын адамдардың бәрін Оның Патшалығынан жинап алып,
Matt Kaz 13:42  жанып тұрған ошақ іспетті тозақ отына лақтырмақ. Сонда олар зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады-ау!
Matt Kaz 13:43  Ал әділдер көктегі Әкелерінің Патшалығында күн сәулесіндей жарқырайтын болады. Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!»
Matt Kaz 13:44  «Құдай Патшалығын егіндік жерге көмілген қазынаға да ұқсатуға болады. Соны тауып алған адам қазынаны қайтадан көміп тастап, қуанғанынан өзіндегі барды түгел сатып жіберіп, егіндікті сатып алады.
Matt Kaz 13:45  Құдай Патшалығы мынаған да ұқсайды: бір саудагер асыл інжу-маржан іздеп жүріп,
Matt Kaz 13:46  аса құнды біреуін тауып алады. Сонда ол өзінде бардың бәрін түгел сатып, сол асыл інжуге ие болады.
Matt Kaz 13:47  Құдай Патшалығын көлге тасталғанда әр түрлі балықтар түсетін аумен де салыстыруға болады.
Matt Kaz 13:48  Ау толғанда оны жағаға шығарып, отыра қалып, балықтың жақсыларын ыдысқа жинап алып, нашарларын лақтырып тастайды.
Matt Kaz 13:49  Ақырзаманда да осылай болмақ: періштелер келіп, жамандарды әділдерден ажыратып,
Matt Kaz 13:50  жанып тұрған ошақ іспетті тозақ отына лақтырады. Сонда олар зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады», — деп сөзін аяқтаған
Matt Kaz 13:51  Иса:— Мұның бәрін түсіндіңдер ме? — деп сұрады. Шәкірттері:— Иә, түсіндік, — деп жауап берді.
Matt Kaz 13:52  Иса:— Сонымен Құдай Патшалығы туралы тәлім алып, Киелі жазбаларды оқытушы әрбір ғұлама өз қазынасынан жаңасын да, көнесін де шығарып отырған үй иесіне ұқсайды, — деп тұжырымдады.
Matt Kaz 13:53  Иса осы астарлы әңгімелерді айтып болғаннан кейін сол жерден кетіп қалды.
Matt Kaz 13:54  Өзінің өскен жеріне келіп, ондағы мәжілісханада жамағатқа тәлім берді. Олар Оған қатты таңданып, өзара былай десті:— Бұған мұндай даналық пен құдірет қайдан біткен?
Matt Kaz 13:55  Өзі ағаш ұстасының Баласы емес пе? Шешесінің аты — Мәриям, ал інілері — Жақып, Жүсіп, Шимон, Яһуда.
Matt Kaz 13:56  Қарындастарының бәрі де арамызда тұрады ғой. Сонда мұның бәрі Бұған қайдан біткен, ә?
Matt Kaz 13:57  Олар қызғаныштан Исаны көре алмай, ашуланды. Ал Иса оларға қарап:— Өз ел-жұрты мен үй ішінен өзге жерде пайғамбар қадірсіз болмас, — деді.
Matt Kaz 13:58  Олардың сенбеушілігіне бола Иса сол маңайда көп кереметтер жасаған жоқ.
Chapter 14
Matt Kaz 14:1  Сол уақытта аймақ әкімі Ирод (Антипас) Иса туралы хабарды естіп,
Matt Kaz 14:2  нөкерлеріне: «Бұл, шомылдыру рәсімін жасаған Жақия екен. Өлімнен қайта тіріліпті, сол себептен де сондай құдіретті істер жасайды», — деді.
Matt Kaz 14:3  Бұрынырақ аймақ әкімі Ирод Жақия пайғамбарды тұтқындатып, бұғаулатып, түрмеге жаптырған еді. Ирод мұны туған бауыры Філіптің әйелі Иродияға бола істеді.
Matt Kaz 14:4  Себебі Жақия Иродқа: «Бауырыңыздан жұбайын тартып алғаныңыз Таурат заңына қайшы!» — деп ескерткен болатын.
Matt Kaz 14:5  Содан Ирод Жақияны өлтіргісі келді, бірақ оны пайғамбар деп санайтын халықтан қорықты.
Matt Kaz 14:6  Бірақ Ирод өзінің туған күнін тойлап отырғанда, Иродияның қызы қонақтардың алдында би билеп, Иродқа қатты ұнап қалды.
Matt Kaz 14:7  Сондықтан Ирод бойжеткенге не сұраса да сыйлауға уәде берді.
Matt Kaz 14:8  Қыз шешесінің айтып үйретуі бойынша Иродтан: «Шомылдыру рәсімін жасаған Жақияның басын табаққа салып, маған осында тарту етіңіз», — деп өтінді.
Matt Kaz 14:9  Патша еңсесі түсіп қапаланды. Алайда бірге отырған қонақтарының алдында ант бергендіктен, қыздың өтінішін орындауға бұйырды.
Matt Kaz 14:10  Бір жасақшысын түрмеге жіберіп, Жақияның басын шаптырды.
Matt Kaz 14:11  Бас табаққа салынып, қызға әкелінді. Қыз оны шешесіне апарып берді.
Matt Kaz 14:12  Кейін Жақияның шәкірттері келіп, оның мәйітін алып кетіп, қабірге қойды. Содан Исаға барып, болған жайтты жеткізді.
Matt Kaz 14:13  Мұны естігеннен кейін Иса оңаша болу үшін қайықпен елсіз бір жерге жөнелді. Ал бұл туралы біліп қалған халық сол маңайдағы қалалардан шығып, жаяу Оның соңынан ілесті.
Matt Kaz 14:14  Иса қайықтан түскенде, қарақұрым халықты көрді. Оларға жаны ашып, араларындағы ауру адамдарды сауықтырды.
Matt Kaz 14:15  Кеш түсе шәкірттері Ұстазының қасына келіп:— Бұл — құлазыған дала, ал күн кеш болып кетті. Халықты таратып жіберіңіз. Олар жақын маңдағы ауылдарға барып, тамақ сатып алсын, — деген ұсыныс жасады.
Matt Kaz 14:16  Бірақ Иса:— Кетулері қажет емес, оларға тамақты сендер беріңдер! — деп жауап қатты. Шәкірттер:
Matt Kaz 14:17  — Бізде тек бес күлше нан мен екі кепкен балық қана бар, — деді. Иса:
Matt Kaz 14:18  — Соларды Маған алып келіңдер! — деп,
Matt Kaz 14:19  халыққа көгалдың үстіне жайғасып отыруды бұйырды. Мұнан кейін Иса бес күлше мен екі балықты қолына алып, көкке қарап тұрып шүкірлік етті. Нанды үзіп-үзіп, шәкірттеріне бере берді, ал олар халыққа үлестірді.
Matt Kaz 14:20  Барлығы да жеп тойды.Соңында олар нан үзімдері мен балықтан артылып қалғандарын жинап алғанда, он екі себет толды.
Matt Kaz 14:21  Ал балалар мен әйелдерді есептемегеннің өзінде тамақтанған ер адамдардың жалпы саны бес мыңдай еді.
Matt Kaz 14:22  Бұдан кейін Иса дереу шәкірттеріне қайыққа мініп, Өзінен бұрын көлдің солтүстік жағасына өтуге бұйырды. Ал Өзі халықты таратып жібермек болып, сол жерде қалды.
Matt Kaz 14:23  Ол жұртты қайтарған соң (көктегі Әкесіне) оңашада сиынып мінажат ету үшін бір төбенің басына шықты.Кеш түскенде Иса әлі де сол жерде жалғыз тұрды.
Matt Kaz 14:24  Ал қайық жағадан бірталай алыстап кеткен болатын. Сол кезде жел қарсы тұрып, толқындар қайықты соққылай бастады.
Matt Kaz 14:25  Таңғы сағат үш шамасында Иса шәкірттеріне көл бетімен жақындап келді.
Matt Kaz 14:26  Оның көл үстінде жаяу жүргенін байқап қалып, шәкірттерінің зәрелері ұшып: «Мынау елес!» — деп қатты қорқып, айқайлап жіберді.
Matt Kaz 14:27  Иса оларға дереу тіл қатып:— Қорықпаңдар, бұл Менмін ғой! Үрейлерің ұшпасын! — деп көңілдерін орнықтырды.
Matt Kaz 14:28  Петір:— Мырза, егер бұл Өзіңіз болсаңыз, онда маған су бетімен қасыңызға баруға бұйырыңызшы, — деп жауап берді. Иса:
Matt Kaz 14:29  — Кел! — дегенде, Петір қайықтан шығып, су үстімен Исаға қарай беттеді.
Matt Kaz 14:30  Бірақ қатты соққан желді байқап, қорқып кеткен ол суға бата бастады да:— Мырза, мені құтқара көріңіз! — деп айқайлап жіберді.
Matt Kaz 14:31  Иса дереу қолын созып, демеп жіберіп:— Әй, сенімі азым-ай! Неліктен (Менің құдіретіме) күдіктендің? — деді.
Matt Kaz 14:32  Екеуі қайыққа мінгенде жел де басылды.
Matt Kaz 14:33  Сонда қайықтағылар:— Сіз шынымен де Құдайдың рухани Ұлысыз! — деп, Оған иіліп тағзым етті.
Matt Kaz 14:34  Сонымен олар көлден өтіп, Генесәрет қаласының маңындағы жағаға жетті.
Matt Kaz 14:35  Сол жердің тұрғындары Исаны танып қалып, бүкіл төңірекке кісі жіберіп, барлық ауру-сырқауларын Оның қасына алып келді.
Matt Kaz 14:36  Олар Исадан ең болмағанда Оның шапанының шетіне қол тигізуге рұқсат етуін сұрады. Сонда қол тигізгендердің бәрі де сауығып кетіп жатты!
Chapter 15
Matt Kaz 15:1  Сол кездері Иерусалимнен бірнеше дін мұғалімдері мен парызшылдар келді. Олар Исаға мына сұрақты қойды:
Matt Kaz 15:2  — Шәкірттеріңіз неге ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлерді бұзады? Олар қол жуу рәсімін орындамай-ақ тамақтана береді екен! —
Matt Kaz 15:3  Исаның жауабы мынау болды:— Ал сендер неге өз дәстүрлеріңе бола Құдайдың өсиеттерін бұзасыңдар?!
Matt Kaz 15:4  Құдай: «Ата-анаңды сыйла!» және «Егер біреу әкесін не шешесін жамандайтын болса, ол өлтірілсін!» деп бұйырған еді ғой.
Matt Kaz 15:5  Бірақ сендер адамның өз әкесіне не шешесіне: «Менен көрмек игіліктеріңізді мен Құдай жолына бағыштадым» деуіне рұқсат бересіңдер.
Matt Kaz 15:6  Осылай ол әке-шешесін сыйлап, парызын орындауға міндетті емес деп үйретесіңдер. Сөйтіп сендер өз дәстүрлеріңе бола Құдайдың бұйрығын жоққа шығардыңдар!
Matt Kaz 15:7  Екі жүзділер! Сендер жайында Ишая пайғамбар алдын ала дәл айтып кеткен:
Matt Kaz 15:8  «Бұл халық Мені тек ауызбен ғана сыйлайды, ал жүректері Менен тым алшақ.
Matt Kaz 15:9  Адам баласы шығарған ережелерді үйретіп, Мені құрметтегенсиді, бірақ солары бекершілік!»
Matt Kaz 15:10  Содан Иса жиналған жұртты қасына шақырып алып, оларға былай деп ескертті: «Құлақ салып, жақсылап ұғып алыңдар:
Matt Kaz 15:11  адамның аузынан енген нәрселер оны арамдай алмайды. Керісінше, аузынан шыққандары адамды арамдайды».
Matt Kaz 15:12  Кейінірек шәкірттері Исаға келіп:— Парызшылдардың осы айтқандарыңызға өкпелеп қалғанын байқадыңыз ба? — деп сұрады.
Matt Kaz 15:13  Иса оларға:— Көктегі Әкем екпеген әр өсімдік түбірімен жұлынып тасталмақ!
Matt Kaz 15:14  Оларды қойыңдар, өздері — соқырлардың соқыр жетекшілері! Ал соқырды соқыр жетелесе, екеуі де орға құлап түсер, — деді.
Matt Kaz 15:15  Сонда Петір:— Алдыңғы астарлап айтқандарыңызды түсіндіріп беріңізші, — деп өтінді.
Matt Kaz 15:16  — Сендер де айтқандарымды әлі түсінбей тұрсыңдар ма? — деп жауап берді Иса.
Matt Kaz 15:17  — Адамның аузы арқылы енген барлық тағамдар асқазанға жетіп, кейін денеден шығып кетеді, мұны ұқпайсыңдар ма?
Matt Kaz 15:18  Бірақ адамның аузынан шыққандары оның жүрегінен, яғни ішкі дүниесінен, шығады. Адамды арамдайтын, міне, осылар!
Matt Kaz 15:19  Себебі жүректен шығатындар мыналар: жаман ойлар, кісі өлтіру, неке адалдығын бұзу, азғындық, ұрлық, өтірік, жамандау.
Matt Kaz 15:20  Осылар адамды арамдайды. Ал қол жуу рәсімін орындамастан тамақ ішу ешкімді арам қылмайды.
Matt Kaz 15:21  Иса сол жерден кетіп, Тир мен Сидон аймағына барды.
Matt Kaz 15:22  Бұл өңірден шыққан бір қанахандық әйел Оған: «Тақсыр, Дәуіттің Ұрпағы, рақым етіңіз! Қызымды жын соғып, қатты қинап жатыр!» — деп айқайлады.
Matt Kaz 15:23  Бірақ Иса оған бір сөз де айтпады. Сонда шәкірттері Ұстазына келіп:— Мынаның тілегін орындап, жібере салыңыз. Ол соңымыздан қалмастан айқайлап келеді, — деп өтінді.
Matt Kaz 15:24  Ал Иса:— Мен тек адасып кеткен қойларға ұқсас Исраил халқына ғана жіберілгенмін, — деді.
Matt Kaz 15:25  Әйел Оның алдына келіп, иіліп тағзым етіп:— Тақсыр, маған көмектесе көріңіз! — деп жалынғанда,
Matt Kaz 15:26  Иса оған астарлап:— «Балалардың нанын алып қойып, үй күшіктеріне тастау дұрыс емес», — деді. Әйел:
Matt Kaz 15:27  — Айтқаныңыз дұрыс, Тақсыр! Дегенмен «үй күшіктері» де иелерінің дастарқанынан түскен ұсақ-түйек қалдықтармен қоректенеді ғой, — деп жауап берді.
Matt Kaz 15:28  Иса:— Қарындас, сенімің ғаламат зор екен! Тілегенің болсын! — деді. Сол сәтте-ақ оның қызы сауығып кетті.
Matt Kaz 15:29  Иса сол жерден кетіп, Ғалилея көлінің бойымен жүрді. Бір төбенің басына шығып, отырды.
Matt Kaz 15:30  Исаның қасына қарақұрым халық жиналды. Олар сал болғандар, соқырлар, мылқаулар, мүгедектер және басқа да көптеген ауру-сырқауларды алып келіп, Оның алдына жайғастырды. Иса оларды сауықтырып жіберді.
Matt Kaz 15:31  Жұрт мылқаулардың сөйлегенін, мүгедектердің сауыққанын, сал болғандардың жүргенін және соқырлардың көздерінің ашылғанын көргенде, Исраилдің Құдайын мадақтап дәріптеді.
Matt Kaz 15:32  Кейінірек Иса шәкірттерін қасына шақырып:— Халыққа жаным ашиды. Олар үш күннен бері қасымда болып, жейтін азықтары қалмады. Оларды аш күйлерінде қайтарып жібергім келмейді: жолшыбай әлсіреп, құлап қалар, — деді.
Matt Kaz 15:33  Шәкірттері:— Осы құлазыған далада соншама көп халықты тамақтандыруға жететін нанды қайдан табамыз? — деп жауап берді. Иса:
Matt Kaz 15:34  — Қанша нандарың бар? — деп сұрағанда олар:— Жеті күлше мен бірнеше кепкен ұсақ балық қана, — деді.
Matt Kaz 15:35  Сонда Иса жұртқа жерге жайғасуға бұйырды.
Matt Kaz 15:36  Жеті күлше мен балықтарды қолына алып, шүкіршілік етті де, үзіп-үзіп шәкірттеріне бере берді. Олар халыққа үлестірді.
Matt Kaz 15:37  Бәрі де тамақтанып, тойып алды.Соңынан қалдықтарды жинап алғанда жеті үлкен себет толды.
Matt Kaz 15:38  Әйелдер мен балаларды есептемегеннің өзінде төрт мың ер адам тамақтанған болатын.
Matt Kaz 15:39  Иса халықты таратып жіберген соң қайыққа мініп, Мағдала қаласының маңына кетті.
Chapter 16
Matt Kaz 16:1  Сол жердегі парызшылдар мен саддукейлер Исаның қасына келді. Оның билігін сынау үшін Исадан көктің құдіретімен бір керемет көрсетуін сұрады.
Matt Kaz 16:2  Иса оларға былай деп жауап берді:— Сендер кешке «Күн ашық болады, қызарып батты ғой» деп жорисыңдар,
Matt Kaz 16:3  ал таңертең «Бүгін дауыл тұрады, аспан қып-қызыл әрі бұлыңғыр екен» дейсіңдер. Осылай аспанның құбылыстарын түсіне білесіңдер, бірақ қазіргі заманда болып жатқан оқиғаларды ұға алмайсыңдар!
Matt Kaz 16:4  Жаман, опасыз ұрпақ (билігімді дәлелдейтін) керемет көрсетуімді талап етеді. Бірақ осы ұрпаққа Жүніс пайғамбардың кереметінен басқасы көрсетілмейді! — Мұнан кейін Иса оларды тастап, сол жерден кетіп қалды.
Matt Kaz 16:5  Иса шәкірттерімен көлдің ар жағына өтті. Шәкірттер нан ала келуді ұмытып кеткен еді.
Matt Kaz 16:6  Иса оларға:— Абайлаңдар, парызшылдар мен саддукейлердің «ашытқыларынан» сақтаныңдар! — деп ескертті.
Matt Kaz 16:7  Шәкірттері өзара пікірлесіп:— Бұны нанымыздың жоқтығынан айтқан шығар, — десті.
Matt Kaz 16:8  Иса оларын біле қойып, былай деп сұрады:— Сенімі аздарым-ай, неге сендер нанымыз жоқ деп пікірлесіп отырсыңдар?
Matt Kaz 16:9  Жасағандарымды әлі де не түсінбей, не ескермей келесіңдер ме? Бес күлше нан бес мың адамға жетіп, қалдықтардан неше себет жинап едіңдер?
Matt Kaz 16:10  Әрі жеті күлше төрт мың адамға жетіп, артылып қалғаны қанша үлкен себет болды?
Matt Kaz 16:11  Менің сендерге: «Парызшылдар мен саддукейлердің ашытқысынан сақтаныңдар!» дегенімде нан туралы айтпағанымды қалайша ұға алмайсыңдар? —
Matt Kaz 16:12  Сонда шәкірттері Исаның нандағы ашытқыдан емес, парызшылдар мен саддукейлердің жалған тәлімдерінен сақтандырғанын түсінді.
Matt Kaz 16:13  Бірде Иса Філіп-Кесариясы қаласының маңына барып, жеткеннен кейін, шәкірттеріне:— Жұрт көктен келген Билеушіні кім деп жүр? — деген сұрақ қойды.
Matt Kaz 16:14  Олар:— Біреулері Сізді шомылдыру рәсімін жасаған Жақия, ал басқалары Ілияс пайғамбар, тағы басқалары Еремия немесе ежелгі пайғамбарлардың өзге біреуі деп жүр, — деді.
Matt Kaz 16:15  Сонда Иса:— Ал сендер Мені кім дейсіңдер? — деп сұрады.
Matt Kaz 16:16  Шимон Петір:— Сіз Мәсіхсіз, мәңгі тірі Құдайдың рухани Ұлысыз! — деп жауап берді.
Matt Kaz 16:17  Иса оған:— Сен бақыттысың, Жүніс ұлы Шимон: саған мұны адам баласы емес, көктегі Әкем білдірді!
Matt Kaz 16:18  Бұдан былай сенің атың Петір («Тас») болады. Осы іргетастың үстіне Мен Өзіме сенушілердің қауымын саламын. Оны өлімнің күштері де жеңе алмайтын болады.
Matt Kaz 16:19  Саған Құдай Патшалығына жол ашатын кілттерді тапсырамын; жер бетінде тыйым салғаныңды да, рұқсат еткеніңді де көктегі Әкем бекітпек, — деді.
Matt Kaz 16:20  Содан кейін Иса Өзінің Мәсіх екені туралы ешкімге тіс жармауды шәкірттеріне қатты ескертті.
Matt Kaz 16:21  Сол кезден бастап Иса Өзінің Иерусалимге баруға тиісті екенін ашық білдіре бастады:— Ол жерде Мен рубасылар, басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдерінен көп азап шегуге тиіспін: Менің өлтірілуім, бірақ содан кейінгі үшінші күні қайтадан тірілуім де қажет! — деді.
Matt Kaz 16:22  Сонда Петір Исаны былайырақ алып шығып:— Құдай сақтасын, Мырза, ондай нәрсе басыңызға түсе көрмесін! — деп қарсылық білдіре бастады.
Matt Kaz 16:23  Бірақ Иса Петірге бұрылып:— Менен аулақ кет, әзәзіл! Маған тұзақ құрып жатырсың: сен Құдайдың емес, адамның қалауын ойлап тұрсың, — деп тыйым салды.
Matt Kaz 16:24  Бұдан кейін Иса шәкірттеріне мынаны айтты:— Маған еріп шәкіртім болғысы келген әркім өз еркі бойынша өмір сүруін қойсын, әрі айқышын арқалаған кісідей азапты өлімге дайын болып Менің жолыммен жүрсін!
Matt Kaz 16:25  Себебі кім өмірімді сақтаймын десе, одан айырылады, ал өмірін Мен үшін қиған әркім оған (мәңгі) иелік етеді.
Matt Kaz 16:26  Адам бүкіл дүниеге ие болып, сол себепті (мәңгілік) өмірінен айырылса, бұдан оған не пайда? Яки адам өз өмірі үшін қандай құн төлей алады?
Matt Kaz 16:27  Себебі Мен періштелерімді ертіп Әкемнің салтанатты ұлылығымен Билеуші ретінде көктен қайтып келген кезімде әркімге істеген істеріне қарай сыйын беремін.
Matt Kaz 16:28  Сендерге шын айтамын: осында тұрған кейбіреулерің Менің Құдай тағайындаған Билеуші ретінде Патшалығымның нұрлы салтанатымен келуімді өз көздеріңмен көрмей, өлмейсіңдер.
Chapter 17
Matt Kaz 17:1  Иса осыдан алты күннен кейін тек Петірді және Жақып пен оның інісі Жоханды ғана ертіп алып, бір биік таудың басына шықты.
Matt Kaz 17:2  Сонда Оның сыртқы түрі үш елшісінің көз алдарында өзгеріске түсті: бет-әлпеті күндей жарқырап, киімдері нұрланып аппақ сәуле шашты.
Matt Kaz 17:3  Кенеттен (ежелде өмір сүрген) Мұса пайғамбар мен Ілияс пайғамбар пайда болып, Исамен сөйлесті.
Matt Kaz 17:4  Сол кезде Петір Исаға: «Мырза, бұл жерде болғанымыз қандай жақсы! Біреуін Сізге, біреуін Мұсаға, біреуін Ілиясқа арнап үш күрке құрайын», — деп тіл қатты.
Matt Kaz 17:5  Ол әлі де сөйлеп тұрған кезде-ақ кенеттен бір нұрлы бұлт оларға көлеңкесін түсіріп, бұлт ішінен: «Бұл — Менің сүйікті рухани Ұлым, Оған ризамын. Оны тыңдаңдар!» — деген дауыс шықты.
Matt Kaz 17:6  Мұны естіген шәкірттер қатты үрейленіп, етпеттерінен жерге құлай кетті.
Matt Kaz 17:7  Бірақ Иса қастарына келіп, қолын тигізіп: «Тұрыңдар, қорықпаңдар», — деп көңілдерін орнықтырды.
Matt Kaz 17:8  Олар бастарын көтеріп, көздерін ашқанда жалғыз Исадан басқа ешкімді көрмеді.
Matt Kaz 17:9  Таудан түсіп бара жатқанда Иса оларға: «Көктен келген Билеуші өлімнен қайта тірілгенше, бұл көргендерің туралы ешкімге тіс жармаңдар!» — деп тыйым салды.
Matt Kaz 17:10  Кейінірек шәкірттері Оған:— Сонда дін мұғалімдерінің «алдымен Ілияс пайғамбар бұ дүниеге қайтып келуге тиіс» деулері қалай? — деген сұрақ қойды.
Matt Kaz 17:11  Иса:— Ілиястың қайтып келіп, бәрін қалпына келтіретіні рас.
Matt Kaz 17:12  Бірақ сендерге айтамын: Ілияс келген де еді. Алайда адамдар оны танымай, оған ойына келгендерін істеді. Көктен келген Билеуші де солай олардың қолдарынан азап шегетін болады, — деп жауап берді.
Matt Kaz 17:13  Сонда шәкірттері Оның шомылдыру рәсімін орындаған Жақия пайғамбар туралы айтып тұрғанын түсінді.
Matt Kaz 17:14  Иса үш елшісімен таудың етегінде жиналған халыққа қайтып келді. Бір адам Оның қасына жақындап, тізесін бүгіп тағзым етіп, былай деп өтінді:
Matt Kaz 17:15  — Мырза, менің ұлымды аяй көріңіз! Оның ұстамасы бар, содан қатты азап шегеді. Жиі-жиі отқа да, суға да құлайды.
Matt Kaz 17:16  Ұлымды шәкірттеріңізге әкелген едім, бірақ оны сауықтыру қолдарынан келмеді. —
Matt Kaz 17:17  Сонда Иса:— Ей, сенбейтін, шындық жолынан тайған ұрпақ-ай! Қанша уақыт қастарыңда болмақпын, қанша уақыт сендерге төзбекпін?! Кәне, баланы Маған әкеліңдер! — деді.
Matt Kaz 17:18  Содан соң Ол жынға қатаң бұйрық берді. Жын баланың денесінен шығып, ол сол сәтте-ақ сауығып кетті.
Matt Kaz 17:19  Кейінірек шәкірттері оңашада Исаның қасына келіп:— Неліктен біз жынды қуып шығара алмадық? — деп сұрады.
Matt Kaz 17:20  Иса оларға былай деді:— Сенімдеріңнің жеткіліксіздігінен. Сендерге шындығын айтайын: тіпті тарының түйіріндей ғана сенімдерің болса, мына тауға: «Бұл жерден ана жаққа көш!» десеңдер, ол көшер еді. Қолдарыңнан келмейтін ештеңе де болмас еді.
Matt Kaz 17:21  (Мұндай жындарды тек Құдайға сиынып мінажат етіп, ораза ұстаумен ғана қуып шығаруға болады.)
Matt Kaz 17:22  Олар Ғалилеяда бірге жүрген кезде Иса шәкірттеріне (өз басынан өткізетіндері туралы) былай деді: «Көктен келген Билеушіні адамдардың қолына ұстап береді!
Matt Kaz 17:23  Оны өлтіреді, бірақ үшінші күні Ол қайта тіріледі!» — Сонда шәкірттерінің еңселері түсіп қатты қапаланды.
Matt Kaz 17:24  Олар Қапарнаумға келгенде, ғибадатхана үшін садақа ақшасын жинайтындар Петірге келіп:— Ұстаздарың ғибадатхана садақасын төлемей ме? — деп сұрады. Ол:
Matt Kaz 17:25  — Иә, төлейді, — деді. Петір үйге кірген соң, Иса оның алдын орап:— Шимон, қалай ойлайсың: осы дүниелік патшалар алым-салықты кімнен жинайды: өз халқынан ба, әлде бөтендерден бе? — деген сұрақ қойды.
Matt Kaz 17:26  — Бөтендерден.— Сонымен өз халқы салықтан босатылған, — деп тұжырымдады Иса.
Matt Kaz 17:27  — Алайда әлгі садақа жинаушыларды өкпелетпеу үшін көлге барып, қармақ таста. Ілінген алғашқы балықтың аузын ашсаң, бір үлкен күміс теңгені табасың. Соны алып, оларға сен екеуіміз үшін бере сал, — деп тапсырды.
Chapter 18
Matt Kaz 18:1  Сол уақытта шәкірттері Исаның қасына келіп:— Құдай Патшалығында кімнің жолы ең үлкен? — деген сұрақ қойды.
Matt Kaz 18:2  Иса бір кішкентай баланы шақырып алып, орталарына тұрғызып қойды да, былай деді:
Matt Kaz 18:3  — Сендерге шындығын айтайын: теріс пікірлеріңнен қайтып, бала сияқты (кішіпейіл) болмасаңдар, Құдайдың Патшалығына кіре алмайсыңдар!
Matt Kaz 18:4  Кім өзін осы жас бала сияқты кіші тұтса, Құдай Патшалығында соның жолы ең үлкен.
Matt Kaz 18:5  Кім Менің атымнан осындай бір сәбиді қабылдаса, соның Мені де қабылдағаны.
Matt Kaz 18:6  Ал кім Маған сенетін осы кішкенелердің біреуін азғырып теріс жолға түсірсе, сол адам үшін мойнына диірменнің тасы байланып, теңіздің тұңғиығына батырылғаны жақсырақ болар еді-ау!
Matt Kaz 18:7  Осы күнәкар дүние адамдарды теріс жолға азғырғаны үшін қасіретке ұшырайды! Азғыратын жағдайлардың болатыны сөзсіз, бірақ азғыру кімнен шықса, сол қасіретке қалады!
Matt Kaz 18:8  (Иса сөзін жалғастырып, астарлап былай деді:) — Егер сені өз қолың не аяғың (секілді өте қажетті нәрсең) күнәға азғырса, ол сен үшін «шабылып, лақтырылып тасталған» сияқты жоқ болсын! Екі қол, екі аяқпен мәңгілік тозақ отына лақтырылғаннан гөрі сыңар қол-аяқпен мәңгілік өмірді иемденгенің саған артық болар еді.
Matt Kaz 18:9  Егер де сені көзің (секілді өте құнды нәрсең) күнәға азғырса, ол сен үшін ойылып, лақтырылып тасталған сияқты жоқ болсын! «Екі көзіңмен» тозақ отына лақтырылғаннан гөрі «сыңар көзбен» мәңгілік өмірді иемденгенің саған артық болар еді.
Matt Kaz 18:10  Сақ болыңдар, осы кішкенелердің бірде-біреуін менсінбей жүрмеңдер! Сендерге айтамын: олардың періштелері көктегі Әкемнің келбетін әрдайым көріп тұрады.
Matt Kaz 18:11  (Мен, Құдай тағайындаған Билеуші, тура жолдан адасып кеткендерді құтқаруға көктен келдім.)
Matt Kaz 18:12  Мынаған қалай қарайсыңдар: Бір бағушының жүз қойы болып, солардың біреуі адасып кетсе, ол не істемек? Тоқсан тоғыз қойын қырат басында қалдырып, жоғалып кеткенін іздеп шықпай ма?
Matt Kaz 18:13  Сендерге шын айтамын: оны тапса, адаспаған тоқсан тоғызынан гөрі, табылған оған көбірек қуанады!
Matt Kaz 18:14  Дәл сол сияқты, көктегі Әкелерің де осы кішкенелердің ешқайсысының адасып, тозаққа түсуін қаламайды!
Matt Kaz 18:15  Егер бауырласың саған қарсы күнә жасаса, оған барып, істегені туралы оңаша сөйлесіп, әшкереле. Егер де айтқаныңа құлақ асса, бауырласыңды қайтадан тапқаның.
Matt Kaz 18:16  Ал егер тыңдамаса, қасыңа бір-екі кісі ертіп алып, оған тағы бар. Осылай әрбір сөз екі не үш куәгердің айтқандарымен дәлелденсін.
Matt Kaz 18:17  Егер де оларға да құлақ аспаса, бұл туралы сенушілер қауымына айтып бер. Ал егер қауымды да тыңдамаса, онда оған Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамына не күнәкар салықшыларға қарағандай қара.
Matt Kaz 18:18  Сендерге шындығын айтамын: жер бетінде тыйым салғандарыңды да, рұқсат еткендеріңді де көктегі Әкем бекітпек.
Matt Kaz 18:19  Сендерге мынаны да айтамын: жер бетінде екеуің келісіп, қай нәрсені болса да көктегі Әкемнен сұрасаңдар, Ол соны бермек.
Matt Kaz 18:20  Өйткені екі-үш адам Менің атымнан жиналса, Мен де сол жерде араларында боламын.
Matt Kaz 18:21  Сонда Петір Исаның қасына жақындап:— Мырза, егер бауырласым маған қарсы күнә жасай берсе, оны неше рет кешіруім керек? Жеті ретке дейін бе? — деп сұрады.
Matt Kaz 18:22  Иса:— Саған айтамын: жеті емес, жеті қайтара жетпіс ретке дейін, — деп жауап берді.
Matt Kaz 18:23  — Құдай Патшалығындағы жағдай мынаған ұқсас: Бір патша қызметкерлерінен есеп алмақшы болады.
Matt Kaz 18:24  Есеп ала бастағанда оның алдына он мың ат басындай күміске борышты қызметкерін алып келеді.
Matt Kaz 18:25  Қарызын төлейтін ештеңесі болмағандықтан, патша оның өзін, әйелін, бала-шағасы мен мал-мүлкін түгел сатып, содан түскен ақшамен қарызын өтеуге бұйырады.
Matt Kaz 18:26  Сонда қызметкер патшаның аяғына жығылып: «Тақсыр, маған сәл мұрсат бере көріңіз, мен бәрін де төлеймін!» деп жалынады.
Matt Kaz 18:27  Қызметкеріне жаны ашыған патша оны босатып, бүкіл қарызын да кешіреді.
Matt Kaz 18:28  Қызметкер далаға шыққан соң, бір қызметтес жолдасын кездестіреді. Бұл адам оған тек бір жүз күміс теңгеге ғана борышты еді. Алайда қызметкер оны алқымынан алып, қылғындыра бастап: «Дәл қазір маған берешегіңді қайтар!» деп талап етеді.
Matt Kaz 18:29  Қарыздар жолдасы аяғына жығылып: «Маған сәл мұрсат бере көр, мен бәрін де төлеймін!» деп жалынады.
Matt Kaz 18:30  Бірақ ол күткісі келмей, әлгіні қарызын төлегенше түрмеге жапқызады.
Matt Kaz 18:31  Мұны көрген өзге жолдастары қатты наразыланып, патшаға барып, болған оқиғаны айтып береді.
Matt Kaz 18:32  Сонда патша сол қызметкерін шақырып алып: «Әй, зұлым қызметші! Сен өтінгендіктен, мен қарызыңды түгелдей кешірдім ғой!
Matt Kaz 18:33  Ендеше сен де дәл солай жолдасыңды кешіруге тиіс емес пе едің?!» дейді.
Matt Kaz 18:34  Патша қаһарланып, оны қарызын толық өтегенше жазалаушыларға тапсырады.
Matt Kaz 18:35  Міне, егер сендер бауырластарыңның күнәларын шын жүректен кешірмесеңдер, көктегі Әкем әрқайсыларыңа да солай істемек!
Chapter 19
Matt Kaz 19:1  Иса осы айтқандарын тамамдаған соң, Ғалилеядан шығып, Яһудея аймағына әрі Иордан өзенінің шығыс бетіне барды.
Matt Kaz 19:2  Оның соңынан халық көптеп еріп, Иса оларды сол жерде ауруларынан сауықтырды.
Matt Kaz 19:3  Бірнеше парызшылдар қасына келіп, Исаны сынақтан өткізбек болып:— Күйеуінің кез келген себептен әйелімен ажырасуына бола ма? — деген сұрақ қойды.
Matt Kaz 19:4  Исаның жауабы мынау болды:— Сендер Жаратқан Иенің әуел бастан-ақ «адамды бірін еркек, бірін әйел қылып» жаратқанын (Тауратта) оқымап па едіңдер?!
Matt Kaz 19:5  Сол кезде Ол былай деген: «Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады».
Matt Kaz 19:6  Осылайша олар енді екеу емес, біртұтас. Сонымен Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын! —
Matt Kaz 19:7  Парызшылдар қарсылық білдіріп:— Олай болса, күйеуі арнайы куәлік қағазын жазып берсе, әйелімен ажырасуына болады деген ережені Мұса пайғамбар неге жазып қалдырған? — деді.
Matt Kaz 19:8  Иса оларға былай деп жауап қатты:— Мұса жүректеріңнің (Құдайдың еркіне мойынсұнбай) қасарысқандығына бола әйелдеріңмен ажырасуға жол берген. Алайда әуел баста бұл олай болмаған еді.
Matt Kaz 19:9  Сендерге айтамын: кім жеңіл жүріске түспеген әйелімен ажырасып, басқаны алса, сол неке адалдығын бұзады. (Күйеуімен ажырасқан әйелге үйленген де неке адалдығын бұзады.)
Matt Kaz 19:10  Сонда шәкірттері:— Егер еркектің әйелінің алдындағы міндеті осындай болса, онда үйленбеген артық, — деді. Иса:
Matt Kaz 19:11  — Бұл айтқандарымды жұрттың бәрі емес, Құдай бұйырғандар ғана ұға алады.
Matt Kaz 19:12  Себебі үйлене алмайтын түрлі адамдар бар: кейбіреулері некеге жарамайтын болып туған, басқаларын кісілер сондай еткен, ал тағы біреулері — Құдай Патшалығына көбірек қызмет ету үшін некеден бас тартқандар. Мұны ұғына алатындар ұғынсын! — деп сөзін қорытты.
Matt Kaz 19:13  Жұрт Исаға балаларын алып келіп, Одан қолын балалардың үстіне қойып мінажат етіп бата берсін деп өтінді. Бірақ шәкірттері оларға тыйым салды.
Matt Kaz 19:14  Ал Иса былай деді: «Балалардың Маған келуіне жол беріңдер, оларға кедергі жасамаңдар! Құдайдың Патшалығы сондайлар үшін».
Matt Kaz 19:15  Содан Иса бұл жас балалардың үстіне қолын қойып бата берді; мұнан кейін сол жерден кетіп қалды.
Matt Kaz 19:16  Сол кезде біреу Исаға келіп:— Ізгі Ұстаз! Мәңгілік өмірге ие болу үшін қандай игі істер істеуім керек? — деген сұрақ қойды. Иса оған:
Matt Kaz 19:17  — Менен неге игілік туралы сұрайсың? Нағыз игілікті — Біреу-ақ. Мәңгілік өмірге ие болу үшін Оның өсиеттерін орындайтын бол! — деп жауап берді. Әлгі кісі:
Matt Kaz 19:18  — Қайсыларын? — деп сұрады.— «Кісі өлтірме; неке адалдығын бұзба; ұрлық жасама; жалған куәлік берме;
Matt Kaz 19:19  ата-анаңды сыйла!» және «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!» — деді Иса.
Matt Kaz 19:20  Жігіт:— Бұлардың бәрін де (жастайымнан) орындап келемін. Маған тағы не нәрсе жетіспейді? — дегенде,
Matt Kaz 19:21  Иса оған былай жауап берді:— Егер мүлтіксіз болғың келсе, барып, мал-мүлкіңді сатып, түскен ақшаны мұқтаждарға үлестіріп бер. Сонда сенің қазынаң көкте болады. Өзің қайтып келіп, шәкіртім болып соңымнан ер!
Matt Kaz 19:22  Бұл сөзді естігенде жігіт еңсесі түсіп, қапаланып, сол жерден кетіп қалды. Себебі ол аса дәулетті болатын.
Matt Kaz 19:23  Содан Иса шәкірттеріне қарап былай деді:— Сендерге шындығын айтамын: байлардың Құдай Патшалығына кіруі тым қиын!
Matt Kaz 19:24  Тағы да айтамын: байдың Құдай Патшалығына кіруінен гөрі түйенің ине көзінен өтуі оңай. —
Matt Kaz 19:25  Мұны естіген шәкірттері қатты таңғалып:— Ендеше кім (Құдайдың қаһарынан) құтқарыла алады?! — деген сауал қойды.
Matt Kaz 19:26  Иса оларға қарап:— Бұл, адамның қолынан келмейді, бірақ Құдайдың қолынан бәрі де келеді, — деп жауап берді.
Matt Kaz 19:27  Петір:— Міне, біз барлығын қалдырып, Сіздің соңыңыздан еріп жүрміз. Сол үшін бізді не күтіп тұр? — деп сұрады.
Matt Kaz 19:28  Сонда Иса былай деп жауап қатты:— Сендерге шындығын айтамын: әлем жаңарған кезде, Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келіп, салтанатты тағымда отырғанда, сендер де он екі тақта отырып, Исраилдің он екі руына билік жүргізетін боласыңдар.
Matt Kaz 19:29  Үй-жайын, бауырларын, әке-шешесін, бала-шағасын не жер-суын Маған бола қалдырған әркімге қарымтасы жүз есе артығымен қайтарылады, әрі ол мәңгілік өмірге ие болады.
Matt Kaz 19:30  Сол заманда көптеген алдыңғы қатарлылар соңғылар болады, ал соңғылар алдыңғы қатарға шығады.
Chapter 20
Matt Kaz 20:1  Иса сөзін жалғастырып былай деді: «Құдай Патшалығындағы жайт мынау сияқты: бір қожайын таң сәріде жүзім бағына жұмысшы жалдау үшін үйінен шығыпты.
Matt Kaz 20:2  Жұмысшылармен күніне бір күміс теңгеден төлейтін болып келісіп, оларды жүзімдігіне жібереді.
Matt Kaz 20:3  Сағат тоғызда қожайын қайтадан үйінен шығып, базардан әлі де жұмыссыз тұрған басқаларды көргенде,
Matt Kaz 20:4  оларға:— Сендер де жүзімдігіме барыңдар! Тиісті ақыларыңды төлеймін, — дейді.Олар да сонда кетеді. Қожайын түскі сағат он екі және үш шамасында да солай істейді.
Matt Kaz 20:5  оларға:— Сендер де жүзімдігіме барыңдар! Тиісті ақыларыңды төлеймін, — дейді.Олар да сонда кетеді. Қожайын түскі сағат он екі және үш шамасында да солай істейді.
Matt Kaz 20:6  Соңғы рет сағат бесте барса, жұмыссыз тұрған тағы бірнеше адамды көріп, оларға былай деп тіл қатады:— Неліктен сендер күні бойы бос тұрсыңдар?
Matt Kaz 20:7  — Бізді ешкім жалдаған жоқ.— Онда сендер де жүзімдігіме барыңдар! — дейді қожайын.
Matt Kaz 20:8  Кешке ол шаруашылығын басқарушысына:— Жұмысшыларды шақырып, жалақыларын төле. Ең соңғыларынан бастап, алғашқы барғандарымен аяқта, — деп тапсырады.
Matt Kaz 20:9  Сонда сағат бесте жалданғандар келіп, бір күміс теңгеден алады.
Matt Kaz 20:10  Алғашқы болып келгендер көбірек алармыз деп үміттенгенмен, оларға да бір-ақ күміс теңгеден тиеді.
Matt Kaz 20:11  Соны алған олар қожайынға өкпелеп:
Matt Kaz 20:12  — Соңғылар бір сағат қана жұмыс істесе, біз осындай ыстықта күні бойы жұмыс істедік. Дегенмен сіз бәрімізге бірдей ақы төледіңіз! — деп күңкілдейді.
Matt Kaz 20:13  Қожайын біреуіне жауап қайтарып:— Достым, саған әділетсіздік жасаған жоқпын ғой. Әуел баста бір күміс теңгеге келіспеп пе едік?!
Matt Kaz 20:14  Ендеше ақыңды ал да кете бер. Соңынан жалданған мыналарға саған бергендей ақы төлеуді өзім қалап тұрмын.
Matt Kaz 20:15  Әлде менің меншігімді өз қалауымша жұмсауға еркім жоқ па?! Яки оларға жомарттық жасағанымды көре алмайсың ба? — дейді.
Matt Kaz 20:16  Осылайша соңғылар алдыңғы қатарға шығады, ал алдыңғы қатарлылар соңғылар болады!»
Matt Kaz 20:17  Иерусалимге өрлеп бара жатқанда Иса жолшыбай он екі шәкіртін бөлек шақырып алып, оларға өз басынан өткізетіндері туралы былай деді:
Matt Kaz 20:18  «Енді Иерусалимге өрлеп бара жатырмыз. Сол жерде көктен келген Билеушіні басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдеріне сатып кетеді. Олар Оны өлімге кесіп,
Matt Kaz 20:19  Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамдарына ұстап береді. Солар Оны мазақтап, қамшымен сабайды, ақырында айқышқа шегелеп өлтіреді. Алайда Ол үшінші күні қайта тіріледі!»
Matt Kaz 20:20  Сол уақытта Зебедейдің әйелі ұлдарын ертіп Исаның қасына келді. Әйел бір өтініш білдірмек болып Оған тізе бүгіп тағзым етті. Иса:
Matt Kaz 20:21  — Сіз не қалайсыз? — деп сұрады. Әйел:— Патшалығыңызда осы екі ұлымның біреуіне оң, екіншісіне сол жағыңызда отыруды бұйырсаңыз екен, — деген тілек білдірді.
Matt Kaz 20:22  Алайда Иса жауап беріп:— Не сұрап тұрғандарыңды ұқпайсыңдар! Мен (Құдайдың қаһарына толы) «тостағаннан ішпекпін». Ал сендер солай істей аласыңдар ма? — деді. Екі шәкірт:— Иә, істей аламыз, — дегенде, Иса:
Matt Kaz 20:23  — Мен ішетін «тостағаннан» сендер де ішетін боласыңдар. Бірақ оң мен сол жағыма отыруға тағайындау Менің қолымда емес. Көктегі Әкем кімге дайындаған болса, солар отырады, — деп сөзін аяқтады.
Matt Kaz 20:24  Қалған он елші мұны естігенде екі ағайынды жігітке қатты наразы болды.
Matt Kaz 20:25  Иса оларды қасына шақырып алып, былай деді:— Билеушілері қол астындағы халықтарды билеп-төстейді, төрелері де соларға қатаң әмір жүргізеді, соны білесіңдер.
Matt Kaz 20:26  Бірақ сендердің араларыңда ондай болмасын! Керісінше, қайсың ұлы болғысы келсе, сол өзгелеріңе қызмет ете берсін!
Matt Kaz 20:27  Қайсың ең бастыларың болғысы келсе, сол сендерге құл іспетті қызмет ете берсін!
Matt Kaz 20:28  Осы сияқты Мен де Құдай тағайындаған Билеуші бола тұра, Өзіме қызмет еткізуге емес, Өзім қызмет етіп, көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеу үшін жанымды қиюға осы дүниеге келдім.
Matt Kaz 20:29  Иса шәкірттерімен Иерихон қаласынан шыққанда, Оның соңынан халықтың үлкен тобы ілесті.
Matt Kaz 20:30  Сонда жол жиегінде отырған екі соқыр кісі қастарынан Исаның өтіп бара жатқанын естіп: «Тақсыр, Дәуіттің Ұрпағы, бізге рақым ете көріңіз!» — деп айқайлады.
Matt Kaz 20:31  Халық оларға ұрсып, үндемеуге бұйырды. Бірақ екеуі одан бетер айқайлап: «Уа, Тақсыр, Дәуіттің Ұрпағы, бізге рақым ете көріңіз!» — деп жалбарынды.
Matt Kaz 20:32  Иса тоқтай қалып, оларды қасына шақырып:— Өздеріңе не істегенімді қалайсыңдар? — деп сұрады. Олар:
Matt Kaz 20:33  — Тақсыр, көзімізді аша көріңіз! — деп өтінді.
Matt Kaz 20:34  Иса оларға жаны ашып, көздеріне қолын тигізді. Сол сәтте-ақ көздері ашылып, көретін болды! Содан олар Исаға еріп жолға шықты.
Chapter 21
Matt Kaz 21:1  Осылай Иса мен шәкірттері Иерусалимге таяп, Зәйтүн тауының беткейіндегі Бетфаге ауылына жақындап келді. Сонда Иса екі шәкіртін жұмсап,
Matt Kaz 21:2  оларға мынадай тапсырма берді:— Қарсы алдарыңдағы ауылға барыңдар. Оған кірген бойда байлаулы тұрған бір ұрғашы есекті және қасында тұрған тайқарды көресіңдер. Соларды шешіп, алып келіңдер.
Matt Kaz 21:3  Егер біреу сендерге бірдеңе дей қалса, оған: «Бұлар Мырзамызға керек» деп жауап беріңдер. Сонда ол дереу жібере салады.
Matt Kaz 21:4  Осының бәрі орындалғанда (ежелде Зәкәрия) пайғамбар айтқан мына тәрізді сөздер жүзеге асты:
Matt Kaz 21:5  Сион халқына мынаны айтыңдар: «Қара, сенің Патшаң саған келе жатыр! Ол кішіпейілділікпен есекке мініп, тайқардың, жүк таситын бір жас көліктің, үстінде отыр».
Matt Kaz 21:6  Екі шәкірт барып, Исаның тапсырғанындай істеп,
Matt Kaz 21:7  ұрғашы есек пен тайқарды алып келді. Олар үстіне шапандарын жапқаннан кейін, Иса тайқарға мінді.
Matt Kaz 21:8  Халықтың көбі жамылғыларын жолға жайса, өзгелері ағаштардан бұтақшалар кесіп алып, соларды төсеп отырды.
Matt Kaz 21:9  Алды-артынан еріп жүрген қалың топтар қатты дауыспен былай деп айқай салды:«Дәуіттің Ұрпағы үшін Тәңір Ие мадақталсын!»«Жаратқанның атынан келе жатқан (Патша) жарылқанған!»«Заңғар аспанда Жаратқан Ие мадақталсын!»
Matt Kaz 21:10  Иса Иерусалимге кірген кезде бүкіл қала толқып, халық:— Бұл кім Өзі? — деп сұрасты.
Matt Kaz 21:11  Оған еріп жүрген қалың топтар:— Бұл — Иса, Ғалилеядағы Назареттен шыққан Пайғамбар! — деп жауап қайырды.
Matt Kaz 21:12  Иса ғибадатхананың алаңына кірген соң, ондағы сатушылар мен алушылардың бәрін де қуып шығарды. Ақша айырбастаушылардың үстелдері мен көгершін сатушылардың орындықтарын аударып тастады.
Matt Kaz 21:13  Оларға: «Киелі жазбаларда: «Менің (киелі) үйім мінажат ететін үй деп аталатын болады!» делінген. Бірақ сендер оны «қарақшылар ордасына» айналдырғансыңдар!» — деп қатаң ескертті.
Matt Kaz 21:14  Соқырлар мен ақсақтар ғибадатханада Оның қасына жиналып, Иса оларды сауықтырды.
Matt Kaz 21:15  Алайда басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері Исаның жасаған тамаша істерін және балалардың ғибадатхана алаңында: «Дәуіттің Ұрпағы үшін Тәңір Ие мадақталсын!» — деп айқайлағанын көріп-естігенде, ашуланды.
Matt Kaz 21:16  Олар Исаға:— Бұлардың не деп жатқандарын естіп тұрсыз ба?! — деп наразылықтарын білдірді. Ал Иса:— Әрине, естіп тұрмын. Сіздер (Забурда) «Балалардың, кішкене бөбектердің аузымен Өзіңді дәріптетесің» деп жазылғанды ешқашан оқымап па едіңіздер? — деп жауап қайтарды.
Matt Kaz 21:17  Содан кейін Иса ғибадатханадағы халықты қалдырып, қаладан шығып, Бетанияда түнеді.
Matt Kaz 21:18  Ертеңгісін қалаға қайтып келе жатқанда Исаның қарны ашты.
Matt Kaz 21:19  Жол бойында Ол бір інжір ағашын көріп, қасына барды. Бірақ одан жапырақтан өзге ештеңе таппады. Сонда Иса: «Бұдан былай мәңгі ешқандай жемісің болмасын!» — деді. Інжір ағашы бірден қурап қалды.
Matt Kaz 21:20  Мұны көрген шәкірттері қайран қалып, өзара:— Ағаш қалайша бірден қурап қалды? — деп сұрасты.
Matt Kaz 21:21  Иса:— Сендерге шындығын айтамын: егер еш күмәнсіз Құдайға сенсеңдер, Менің осы ағашқа істегенімнен де зор нәрсені істейтін боласыңдар. Мына тауға: «Орныңнан көтеріліп, теңізге лақтырыл!» — десеңдер, сол орындалады.
Matt Kaz 21:22  Құдайға сеніммен сиынып (Оның еркіне сай) нені сұрасаңдар да, Одан аласыңдар, — деп жауап берді.
Matt Kaz 21:23  Содан соң Иса ғибадатханаға кірді. Жұртқа тағылым беріп жатқан Оның қасына елдің басты діни қызметкерлері мен рубасылары жақындап:— Бұл істерді қандай билікпен істеп жүрсіз? Сізге мұндай билікті кім берді? — деген сауал қойды.
Matt Kaz 21:24  Исаның жауабы мынау болды:— Мен де сіздерге бір сұрақ қояйын. Соған жауап берсеңіздер, онда бұл істерді қандай билікпен істеп жүргенімді айтып беремін.
Matt Kaz 21:25  Жақияның орындаған шомылдыру рәсімі қайдан болып еді: көктің еркімен бе, әлде адамның еркімен бе?Олар өзара пікірлесіп: «Егер «көктің еркімен» десек, Ол бізден: «Ендеше Жақияның уағызына неге сенбедіңіздер?» деп сұрайды.
Matt Kaz 21:26  Ал «адам еркімен» десек, халықтың наразылығына ұшыраймыз деп қаймығамыз. Барлығы Жақияның пайғамбар болғанына сенеді ғой», — десті.
Matt Kaz 21:27  Сондықтан олар Исаға:— Оны білмейміз, — деп жауап берді. Иса:— Олай болса, Мен де бұл істерді қандай билікпен істеп жүргенімді айтпаймын, — деп кесіп айтты.
Matt Kaz 21:28  — Ал мына оқиғаға қалай қарайсыздар: Бір адамның екі ұлы болыпты. Ол біреуіне келіп: «Ұлым, бүгін жүзімдікке барып, жұмыс істеші», — деп тапсырғанда,
Matt Kaz 21:29  баласы: «Барғым келмейді», — деп жауап қайырады. Дегенмен кейінірек онысына өкініп, жұмысқа барады.
Matt Kaz 21:30  Әкесі екіншісіне келіп те дәл солай дейді. Бұл: «Жарайды, әке, барамын», — деп жауап берсе де, бармай қояды.
Matt Kaz 21:31  Осы екеуінің қайсысы әкесінің еркін орындады? — деп сұрады Иса. Ел басшылары:— Біріншісі, — деп жауап бергенде, Ол былай деді:— Ендеше сіздерге шындығын айтайын: Құдай Патшалығына сіздерден бұрын (теріс жолдан қайтқан) салықшылар мен азғын әйелдер кірмек!
Matt Kaz 21:32  Себебі Жақия әділдік жолын көрсетуге келгенде оған сенбедіңіздер. Бірақ салықшылар мен азғын әйелдер оған сенім артты. Ал сіздер тіпті мұны көргеннен кейін де теріс жолдан қайтпадыңыздар, әрі оған сенбедіңіздер!
Matt Kaz 21:33  Тағы бір астарлы әңгімені тыңдаңыздар: бір қожайын жүзім бағын отырғызады. Оны дуалмен қоршап қояды, әрі жүзім шырынын сығып алуға арналған шұңқыр қазып жасап, күзет мұнарасын да салады. Кейін бағын жүзімшілерге жалға тапсырып, өзі басқа жаққа сапарға аттанады.
Matt Kaz 21:34  Жеміс піскен мезгілде бақтың иесі өнімінен өзіне тиісті үлесін алу үшін қызметшілерін жұмсайды.
Matt Kaz 21:35  Алайда жүзімшілер қызметшілерді ұстап алады: біреуін ұрып-соғып, өзгесін өлтіріп, тағы біреуін таспен атқылайды.
Matt Kaz 21:36  Содан қожайын бұрынғыдан да көбірек қызметшілерін жібереді. Бірақ әлгілер соларға да алдындағыдай істейді.
Matt Kaz 21:37  Ақыр соңында қожайын: «Менің ұлымнан қаймығар» — деп ойлап, оларға өз ұлын жұмсайды.
Matt Kaz 21:38  Алайда жүзімшілер ұлын көргенде өзара: «Бұл — мұрагер ғой! Кәне, жүріңдер, оны өлтіріп, мұрасына ие болайық!» — деседі.
Matt Kaz 21:39  Оны ұстап алып, бақ сыртына алып шығып, өлтіріп тастайды.
Matt Kaz 21:40  Енді жүзімдіктің иесі келгенде, осы жүзімшілерге не істемек? —
Matt Kaz 21:41  Тыңдап тұрғандар Исаға:— Ол зұлымдарды азаптап өлтіріп, бағын басқаларға тапсырмақ. Солар мерзімі жеткенде оған тиісті өнімін беретін болады, — деп жауап берді.
Matt Kaz 21:42  Сонда Иса былай деді:— Киелі жазбадан мынаны ешқашан оқымап па едіңіздер: «Құрылысшылар менсінбеген Тас енді үйдің басты іргетасына айналды! Жаратқанның Өзі соны істеді, көз алдымызда бұл керемет болды!»
Matt Kaz 21:43  Сондықтан да сіздерге айтамын: Құдай өз Патшалығын сіздерден тартып алып, басқа бір халыққа тапсырмақ! Олар оның өнімін беріп тұратын болады.
Matt Kaz 21:44  Ал әлгі Тасқа сүрініп құлаған әркім талқандалады, әрі осы Тас үстіне құлағандар жаншылып қалады!
Matt Kaz 21:45  Астарлы әңгімелерін тыңдаған басты діни қызметкерлер мен парызшылдар Исаның өздері туралы айтқанын ұғып,
Matt Kaz 21:46  Оны тұтқындамақ болды. Алайда Исаны пайғамбар деп қадір тұтқан халықтан қорқып, соған батылдары бармады.
Chapter 22
Matt Kaz 22:1  Иса халыққа астарлы әңгімелер арқылы тәлім беруін жалғастырды. Оларға былай деді:
Matt Kaz 22:2  «Құдай Патшалығындағы жағдайды мынаумен салыстыруға болады: бір патша баласының үйлену тойын өткізуге дайындалыпты.
Matt Kaz 22:3  Содан ол шақырған кісілерін алып келуге қызметшілерін жібереді. Алайда сол адамдардың келгілері келмейді.
Matt Kaz 22:4  Патша басқа қызметшілерін жұмсап:— Шақырылғандарға айтыңдар, мен қонақасымды әзірлеп қойдым, өгіздер мен бордақыланған торпақтар сойылып, бәрі дайын тұр. Тойға келе беріңдер! — дегізеді.
Matt Kaz 22:5  Бірақ олар шақыруды елемей, біреуі егіндік жеріне, біреуі саудасына кетіп қалады.
Matt Kaz 22:6  Тағы басқалары қызметшілерін ұстап алып, қорлап, өлтіріп тастайды.
Matt Kaz 22:7  Мұны естіген патша қаһарланып, әскерін жұмсап, әлгі кісі өлтірушілердің көздерін құртып, олардың қаласын өртеп жібереді.
Matt Kaz 22:8  Содан кейін қызметшілеріне:— Той дайын, ал шақырылғандар оған лайықсыз болып шықты.
Matt Kaz 22:9  Енді жол тораптарына барып, кімді кездестірсеңдер, соларды тойға шақырып, алып келіңдер! — деген жарлық береді.
Matt Kaz 22:10  Жан-жаққа аттанған қызметкерлер кімді кездестірмесін — жаманын да, жақсысын да бәрін жинап алып келеді. Той болған үй адамдарға лық толады.
Matt Kaz 22:11  Патша келгендерді көруге кіргенде, тойға сай киім кимеген біреуді көріп,
Matt Kaz 22:12  одан:— Достым, мұнда той киімінсіз қалайша кірдің? — деп сұрайды. Ол үндемейді.
Matt Kaz 22:13  Патша нөкерлеріне:— Мынаның аяқ-қолын байлап, сыртқа, қара түнекке лақтырыңдар! — деп бұйырады. — Сонда ол зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады.
Matt Kaz 22:14  Себебі шақырылғандар көп, ал таңдап алынғандар аз».
Matt Kaz 22:15  Парызшылдар сол жерден кетіп, Исаны өз сөзінен ұстаудың жолын іздеп ақылдасты.
Matt Kaz 22:16  Оған Иродтың жақтастарымен бірге өз шәкірттерін жіберіп, мынадай қитұрқы сұрақты қойғызды:— Ұстаз, Сіздің әділ екеніңізді білеміз. Жұртты шынымен Құдай жолына үйретіп, біреуге жағыну ниетінен аулақсыз, ешкімнің де бет-жүзіне қарамайсыз.
Matt Kaz 22:17  Енді бізге айтыңызшы, қалай ойлайсыз, Рим патшасына алым-салық төлеуіміз дұрыс па, әлде бұрыс па? —
Matt Kaz 22:18  Олардың арам ойларын білген Иса:— Екі жүзділер, Мені азғырып сынамақсыңдар, ә?
Matt Kaz 22:19  Маған салыққа төлейтін бір күміс теңгені көрсетіңдерші! — деді. Олар Оған бір күміс теңге әкеліп берді.
Matt Kaz 22:20  Иса:— Мына сурет пен жазу кімдікі? — деп сұрады.
Matt Kaz 22:21  Олар:— Рим патшасынікі, — деп жауап берді. Сонда Иса:— Олай болса, патшаға тиістісін патшаға, ал Құдайға тиістісін Құдайға беріңдер! — деп тұжырымдады.
Matt Kaz 22:22  Мұны естіген олар таңданып, Исаның қасынан кетіп қалды.
Matt Kaz 22:23  Саддукейлер өлімнен қайта тірілу жоқ дейтін. Сондықтан саддукейлер ұйымының кейбір мүшелері сол күні Исаға келіп, мына сұрақты қойды:
Matt Kaz 22:24  — Ұстаз, Мұса пайғамбар бізге (Тауратта) мынадай бұйрық берген: Егер үйленген біреу артынан бала қалдырмай өлсе, онда жесіріне ағасы не інісі үйленіп, марқұм бауыры үшін ұрпақ қалдырсын!
Matt Kaz 22:25  Арамызда жеті ағайынды жігіт бар еді. Солардың тұңғышы үйленіп, соңынан бала қалдырмай өлді. Жесіріне екіншісі әмеңгер болып үйленді.
Matt Kaz 22:26  Ал мұнымен де, үшіншісімен де, тіпті жетеуінің бәрімен де дәл осы сияқты болды.
Matt Kaz 22:27  Ақыры бәрінің соңынан әйел де көз жұмды.
Matt Kaz 22:28  Ендеше, қиямет күні қайта тірілгенде әйел осы жетеудің қайсысынікі болады? Ол солардың бәрінің де әйелі болған еді ғой! —
Matt Kaz 22:29  Бірақ Иса былай жауап қайырды:— Киелі жазбаларды және Құдайдың құдіретін ұқпағандықтан жаңылып жүрсіңдер!
Matt Kaz 22:30  Себебі өлімнен қайта тірілгеннен кейін адамдар әйел алмайды, күйеуге де шықпайды. (Сол жағынан) олар көктегі Құдайдың періштелері іспетті болады.
Matt Kaz 22:31  Ал өлгендердің қайта тірілуі жайында Құдайдың (Тауратта):
Matt Kaz 22:32  «Мен Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын» дегенін оқымап па едіңдер? Демек, Ол — өлгендердің емес, тірілердің Құдайы!
Matt Kaz 22:33  Мұны естіген халық Исаның тәліміне таңғалды.
Matt Kaz 22:34  Исаның саддукейлерді үндетпей қойғанын естігенде, парызшылдар бас қосып жиналды.
Matt Kaz 22:35  Кейін олардың біреуі, Таурат заңын үйретуші ғұлама, Исаның ұстанған ілімін сынамақшы болып Оған мына сұрақты қойды:
Matt Kaz 22:36  — Ұстаз, Таураттағы ең ұлы өсиет қайсысы? — Иса:
Matt Kaz 22:37  — «Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!»
Matt Kaz 22:38  Бұл — ең ұлы да басты өсиет.
Matt Kaz 22:39  Ал екіншісі де сол сияқты маңызды: «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!»
Matt Kaz 22:40  Бүкіл Таурат заңы мен Пайғамбарлар жазбалары осы екі өсиетке негізделген, — деді.
Matt Kaz 22:41  Қасына жиналған парызшылдарға Иса:
Matt Kaz 22:42  — Мәсіх туралы не ойлайсыздар, Ол кімнің Ұрпағы болады? — деген сұрақ қойды. Олар:— Дәуіттің Ұрпағы! — деді.
Matt Kaz 22:43  Сонда Иса:— Ендеше неліктен Дәуіт Киелі Рухтың жетелеуімен Мәсіхті «Ием» деп атады? Ол:
Matt Kaz 22:44  «Жаратқан Ие менің Иеме былай деп айтқан: Мен жауларыңды табаныңның астына салып бергенімше отыр оң жағымда», — деген ғой.
Matt Kaz 22:45  Сонымен, Дәуіт (пайғамбар) Мәсіхті «Ием» деп атаса, қалайша Ол «Дәуіттің Ұрпағы» ғана болады? — деп сұрады.
Matt Kaz 22:46  Ешқайсысы Исаға жауап беріп, бір сөз де айта алмады. Бұдан кейін тағы басқа сұрақтар қоюға ешкімнің де батылы бармады.
Chapter 23
Matt Kaz 23:1  Содан кейін Иса жиналған көпшілікке және Өзінің шәкірттеріне былай деді:
Matt Kaz 23:2  — Дін мұғалімдері мен парызшылдар Мұса пайғамбардың орнын басты.
Matt Kaz 23:3  Сондықтан олардың айтқандарын түгелдей орындаңдар, бірақ істегендеріндей істемеңдер! Себебі сол айтқандарын олардың өздері іс жүзінде орындамайды.
Matt Kaz 23:4  Олар ыңғайсыз, тым ауыр борыштарды халықтың мойнына байлап артып қояды. Бірақ өздері соларды көтеру үшін саусақтарының ұшын да қимылдатпайды.
Matt Kaz 23:5  Олар барлық діни жоралғыларды жұрттың көзіне түсу үшін ғана орындайды. Маңдайлары мен қолдарына байлайтын, Таурат аяттары жазылған қайыс қалталардың көлемін үлкейтіп, шапандарының шашақтарын ұзартады.
Matt Kaz 23:6  Қонақасыларда төрге жайғасуды әрі мәжілісханаларда сыйлы орында отыруды жақсы көреді.
Matt Kaz 23:7  Базарларда жұрттың өздеріне сәлем беріп құрмет көрсетіп, «ұстаз» деп атағандарын қатты ұнатады.
Matt Kaz 23:8  Алайда сендер «ұстаз» деп аталмаңдар! Ұстаздарың Біреу-ақ, ал сендердің бәрің өзара бауырлассыңдар.
Matt Kaz 23:9  Жер бетіндегі ешкімге «әке» деген рухани атақ бермеңдер! Бірден-бір рухани Әкелерің көкте ғой.
Matt Kaz 23:10  Өздеріңді «тәлімгер» деп те ешкімге ататпаңдар! Тәлімгерлерің Біреу-ақ, Ол — Мәсіх.
Matt Kaz 23:11  Араларыңдағы ең ұлыларың бәріңе де қызмет ете берсін!
Matt Kaz 23:12  Себебі өзін-өзі жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен ұстаған жоғарылатылады.
Matt Kaz 23:13  Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! (Халық үшін) Құдайдың Патшалығын халықтан жауып құлыптап қоясыңдар: өздерің де кірмейсіңдер, кіргісі келгендерге де жол бермейсіңдер!
Matt Kaz 23:14  (Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Жесір әйелдердің үй-жайын ішіп-жеп тауысып, әдейі көзге түсу үшін ұзақ мінажат етіп жүрсіңдер. Сол үшін де бәрінен бетер қатаң жазаланатын боласыңдар-ау!)
Matt Kaz 23:15  Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Бір-ақ адамды болса да дінге кіргізу үшін жиһан кезіп, су кешесіңдер. Ал кіргізген соң оны өздеріңнен екі есе бетер теріс жолға салып, тозаққа түсетін қыласыңдар!
Matt Kaz 23:16  Көр соқыр жетекшілер, сендер қасіретке қаласыңдар! Себебі былай деп үйретесіңдер: «Біреу киелі үйдің атымен ант етсе, сол мұнысын орындауға міндетті емес. Ал егер киелі үйдегі алтынмен ант етсе, онда ол сол антын орындауға міндетті».
Matt Kaz 23:17  Ей, соқыр да надандар-ай! Не артық, алтын ба немесе алтынды қасиетті ететін киелі үй ме?
Matt Kaz 23:18  Сендер тағы: «Кім құрбандық үстелімен ант етсе, сол мұнысын орындауға міндетті емес. Ал егер ол соның үстіндегі құрбандықпен ант етсе, онда ол сол антын орындауға міндетті» дейсіңдер.
Matt Kaz 23:19  Ей, соқырлар-ай! Қайсысы артық: құрбандық па, әлде соны қасиетті қылатын құрбандық үстелі ме?
Matt Kaz 23:20  Ендеше, құрбандық үстелімен ант еткен сол үстелмен және оның үстіндегілердің бәрімен де ант береді ғой.
Matt Kaz 23:21  Сол сияқты, киелі үйдің атымен ант еткен, киелі үймен және онда тұратын Жаратқан Иенің атымен де ант береді.
Matt Kaz 23:22  Сондай-ақ, көктің атымен ант еткен, Құдайдың тағымен және тақ үстінде отырған Оның Өзінің атымен де ант береді.
Matt Kaz 23:23  Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Тіпті (бақшадан жиналған) жалбыз, аскөк, зире сияқты майда-шүйде дәмдеуіш шөптердің құнының да оннан бір бөлігін садақаға бересіңдер. Бірақ та Таурат заңының әділдік, мейірімділік және адалдық туралы маңызды қағидаларына көңіл бөлмей келесіңдер. Біріншісін істеп, екіншісін де қалдырмағандарың дұрыс болар еді.
Matt Kaz 23:24  «Масаны сүзіп тастап, түйені жұтып қоятын» соқыр жетекшілер-ай!
Matt Kaz 23:25  Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Ыдыс-аяққа сыртқы тазарту рәсімін орындай бересіңдер. Бірақ олардың іші алдамшылықпен әрі ашкөздікпен тартып алған тағамдарыңа толы.
Matt Kaz 23:26  Соқыр парызшылдар! Сыртының да таза болуы үшін, алдымен ыдыс-аяқтың ішін тазартыңдар!
Matt Kaz 23:27  Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Әктелген молаларға ұқсайсыңдар: олар сыртынан әдемі болып көрінеді, бірақ іштері өліктердің сүйектері мен түрлі шірікке толы.
Matt Kaz 23:28  Солар сияқты сендер де сырттарыңнан әділ болып көрінгенмен іштерің екіжүзділік пен күнәға лық толы!
Matt Kaz 23:29  Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Пайғамбарларға әдемілеп мазар салып, әділдердің ескерткіштерін әшекейлеп безендіресіңдер.
Matt Kaz 23:30  Және: «Біздер ата-бабаларымыздың заманында өмір сүрген болсақ, олар сияқты пайғамбарлардың қанын төкпеген болар едік» дейсіңдер.
Matt Kaz 23:31  Сол арқылы сендер пайғамбарларды өлтіргендердің үрім-бұтағы екендеріңді мойындап, өздеріңе қарсы куәлік келтіресіңдер.
Matt Kaz 23:32  Осылайша ата-бабаларыңның жауыздық істерінің мөлшерін толықтыра түсесіңдер!
Matt Kaz 23:33  Ей, жыландар, улы жыланның ұрпағы! Сендер сотталып, тозаққа түсуден қалай құтылмақсыңдар?
Matt Kaz 23:34  Сол үшін де тыңдап алыңдар: Мен сендерге Құдайдың хабарын жеткізушілерді, дана адамдарды және киелі жазбаларды үйретуші ғұламаларды жіберемін. Бірақ сендер солардың біреулерінің көздерін құртып, кейбіреулерін айқышқа шегелетіп өлтіріп, тағы басқаларын мәжілісханаларыңда дүрелеп сабап, қаладан қалаға қудалайтын боласыңдар.
Matt Kaz 23:35  Сол үшін де кінәсіз Әбілден бастап, өздерің киелі үй мен құрбандық үстелінің арасында өлтірген Барақияхтың ұрпағы Зәкәрияға дейін жер бетінде төгілген күллі әділдердің қандарының құны сендердің мойындарыңа жүктелетін болады!
Matt Kaz 23:36  Сендерге шындығын айтамын: мұның барлығы да осы ұрпақтың мойнына жүктеледі!
Matt Kaz 23:37  Ей, Иерусалим қаласы, пайғамбарлардың көзін құртып, Құдай саған жіберген хабаршыларды тас лақтырып өлтіретін Иерусалим-ай! Балапандарын қанатының астына алған құс сияқты, Мен де сенің халқыңды қанша рет жинамақшы болдым. Бірақ сендер одан бас тарттыңдар!
Matt Kaz 23:38  Сондықтан үйлерің қаңырап, бос қалдырылады.
Matt Kaz 23:39  Сендерге шындығын айтайын: бұдан былай, «Жаратқанның атынан келе жатқан (Патша) жарылқанған!» деп шақырған уақыттарыңа дейін, Мені қайтып көрмейсіңдер.
Chapter 24
Matt Kaz 24:1  Иса ғибадатханадан шығып кетіп бара жатқанда, шәкірттері қасына келіп, ғибадатхананың сәулетті ғимараттарына нұсқады.
Matt Kaz 24:2  Бірақ Иса оларға:— Мынаның бәрін көріп тұрсыңдар ғой? Сендерге шындығын айтамын: бұлардың қаланған бірде-бір тасы қалмай барлығының да күл-талқаны шығатын болады! — деп жауап қайтарды.
Matt Kaz 24:3  Кейінірек Иса Зәйтүн тауының басында отырғанда, бірнеше шәкірті оңашада қасына келіп:— Бізге айтыңызшы, бұл қашан болады? Сіздің қайта келуіңіз бен ақырзаманның жақындап қалғанын қандай белгі білдірмек? — деп сұрады.
Matt Kaz 24:4  Иса былай деп жауап берді:— Сақ болыңдар, ешкім сендерді алдап, теріс жолға түсірмесін!
Matt Kaz 24:5  Себебі көп адамдар Менің атымды жамылып келіп: «Құтқарушы Мәсіх Менмін!» деп, көпшілікті алдап азғыратын болады.
Matt Kaz 24:6  Сендер жақын маңдағы шайқастар мен алысырақтағы соғыс жаңалықтары туралы еститін боласыңдар. Сонда абайлаңдар, зәрелерің ұшпасын. Олар болуға тиісті, бірақ заманның ақыры әлі де бұл емес.
Matt Kaz 24:7  Себебі ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанып, түрлі жерлерде ашаршылық (пен індеттер) және жер сілкіністер болады.
Matt Kaz 24:8  Бұлардың бәрі тек жаңа дәуір туар алдындағы «толғақтың» бастапқы азабы іспетті ғана.
Matt Kaz 24:9  Сол кезде жұрт сендерді азаптап, өлтіру үшін ұстап береді. Менің атымды мойындағандарыңа бола барлық ұлттар сендерді жек көретін болады.
Matt Kaz 24:10  Сонда көбі сенімдерінен танып, өзара опасыздық жасап, бір-бірін жек көреді.
Matt Kaz 24:11  Талай жалған пайғамбарлар халық алдына шығып, көптеген адамдарды алдап, азғыратын болады.
Matt Kaz 24:12  Әділетсіздік тым көбейіп кеткендіктен көпшіліктің сүйіспеншілігі суып кетеді.
Matt Kaz 24:13  Ал ақырына дейін табандылық танытқан әркім құтқарылады.
Matt Kaz 24:14  Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар күллі әлемге уағыздалмақ. Осылай ол барлық халықтарға мәлім болады. Содан кейін бұл заманның ақыры келеді.
Matt Kaz 24:15  Ендеше, бір кезде сендер, Даниял пайғамбар алдын ала айтқандай, киелі үйді арамдап бос қалдыратын жексұрын нәрсенің сол қасиетті орында тұрғанын көретін боласыңдар. — Мұны оқып отырған әркім мәнісін ұғып алсын! —
Matt Kaz 24:16  Сонда Яһудея аймағында тұратындар тауларға қашып құтылсын!
Matt Kaz 24:17  Кім үйінің жалпақ төбесінде отырса, сол бір нәрсесін алуға үйге кірместен, сыртқы сатымен төмен түсіп, дереу қашып кетсін!
Matt Kaz 24:18  Кім далада жүрсе, ол да шапанын алуға үйіне қайтып бармастан, бірден қашып құтылсын!
Matt Kaz 24:19  Сол күндері аяғы ауыр және бала емізіп жүрген әйелдер қандай қасіретке ұшырайтын болады!
Matt Kaz 24:20  Қашатын кездерің қыс мезгіліне немесе діни демалыс күніне тура келмесін деп Құдайдан сұраңдар.
Matt Kaz 24:21  Себебі сол уақытта әлем жаратылғаннан бері күні бүгінге дейін еш болмаған және қайтып болмайтын қиын-қыстау кезең бастарыңа түседі.
Matt Kaz 24:22  Егер де Жаратқан Ие бұл күндердің санын қысқартпағанда, ешбір жан құтқарыла алмас еді. Бірақ Ол Өзінің таңдап алған адамдарына бола сол кезеңді қысқартып қойған.
Matt Kaz 24:23  Сол кезде біреу сендерге: «Міне, Мәсіх мұнда!» немесе «Әне, Ол анда!» десе, иланбаңдар!
Matt Kaz 24:24  Себебі жалған «мәсіхтер» мен «пайғамбарлар» шығатын болады. Олар, мүмкін болса, Құдайдың таңдап алған адамдарын да алдап, теріс жолға адастыру үшін ғаламат кереметтер мен ғажаптарды көрсететін болады.
Matt Kaz 24:25  Байқаңдар! Мен сендерге мұны алдын ала айтып тұрмын.
Matt Kaz 24:26  Сондықтан, сендерге: «Қараңдар, Ол айдалада жүр!» десе, шықпаңдар! Немесе: «Ол ішкі бөлмелерде!» десе де, иланбаңдар!
Matt Kaz 24:27  Себебі найзағайдың шығыстан басталып, батысқа дейін жарқырайтыны сияқты, Менің Билеуші ретінде көктен қайтып келуім де (аяқ астынан және ап-айқын) болады.
Matt Kaz 24:28  «Жемтік қайда болса, күшігендер сонда жиылар» делінген емес пе.
Matt Kaz 24:29  Бұл қиын-қыстау кезеңнен кейін дереу «күнді қараңғылық басып, ай да жарқырамайтын болады. Жұлдыздар аспаннан құлап, аспан күштері шайқалады!»
Matt Kaz 24:30  Сол уақытта Менің Билеуші ретінде қайтып келуімнің ғажайып белгісі аспаннан көрінетін болады. Сонда жер бетіндегі барлық ұлттар үрейленіп, еңіреп жылайды. Олар Менің Билеуші ретінде ғаламат құдіретпен, салтанатты ұлылықпен бұлттардың үстінде көктен келе жатқанымды көреді.
Matt Kaz 24:31  Мен кернейдің зор үнімен періштелерімді жіберіп, олар аспанның о шетінен бұ шетіне дейін, дүниенің төрт бұрышынан Менің таңдап алған адамдарымды жинап әкелетін болады.
Matt Kaz 24:32  Інжір ағашынан сабақ алыңдар: оның шыбықтары жұмсарып, жапырақтары шыға бастағанда жаздың таяп қалғанын білесіңдер.
Matt Kaz 24:33  Сол сияқты, сендер осы оқиғаларды көргенде Менің таяп есік алдына келіп қалғанымды білетін боласыңдар.
Matt Kaz 24:34  Сендерге шындығын айтамын: осы ұрпақ өлмей тұрып-ақ, мұның бәрі іске асады.
Matt Kaz 24:35  Аспан мен жер жойылатын болады, бірақ Менің сөздерім еш жойылмайды.
Matt Kaz 24:36  Ал сол күннің, сол сәттің қашан болатыны не адам баласына, не көктегі періштелерге, не Құдайдың рухани Ұлына емес, жалғыз көктегі Әкеге ғана белгілі.
Matt Kaz 24:37  Нұх пайғамбардың заманында жағдай қалай болған болса, Менің Билеуші ретінде көктен қайтып келетін кезімде де солай болады:
Matt Kaz 24:38  топан судан бұрын, Нұх кемеге мінген күнге дейін адамдар (Құдайға мойынсұнбай) ішіп-жеп, әйел алып, қыздарын ұзатып өмір сүруде еді.
Matt Kaz 24:39  Топан су басып, бәрін алып кетіп, қырып салғанша, олар ештеңені ұқпады. Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келген кезде де осылай болады!
Matt Kaz 24:40  Сол сәтте періштелер егіндікте жүрген екі адамның біреуін қабыл алып, екіншісін қалдырып кетеді.
Matt Kaz 24:41  Олар бірге қол диірмен тартып отырған екі әйелдің де біреуін қабыл алып, екіншісін тастап кетеді.
Matt Kaz 24:42  Сондықтан сергек болыңдар: сендер Қожайындарыңның қай күні қайтып келетінін білмейсіңдер!
Matt Kaz 24:43  Мынаны еске алыңдар: егер үй иесі ұрының түннің қай мезгілінде түсетінін білетін болса, онда ол ұйықтамай, сергек болып, ұрының бұзып кіруіне жол бермес еді.
Matt Kaz 24:44  Сол сияқты, сендер де дайын болыңдар! Өйткені сендер күтпеген сәтте Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келемін!
Matt Kaz 24:45  (Иса сөзін одан әрі жалғастырып былай деді:)— Адал да саналы қызметшідей болыңдар! Қожайыны бір қызметшісін үйіндегі өзге малайларының үстінен қарап, ас-суларын уақтылы беруге тағайындады.
Matt Kaz 24:46  Қожайыны қайтып келгенде оның өз міндетін атқарып жүргенін көрсе, сол қызметші бақытты!
Matt Kaz 24:47  Сендерге шын айтамын: оны бүкіл меншігін қараушы етіп тағайындамақ.
Matt Kaz 24:48  Ал егер әлгі қызметші жаман болып, іштей: «Қожайыным жуырда келе қоймас» деп,
Matt Kaz 24:49  өзге малайларды ұрып-соғып, маскүнемдермен бірге ішіп-жеп думандатса,
Matt Kaz 24:50  онда қожайыны күтпеген күні, ойламаған сәтте келіп,
Matt Kaz 24:51  оны аяусыз жазалап, екі жүзділердің кебінін кигізеді. Сонда ол зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады.
Chapter 25
Matt Kaz 25:1  Сол кезде Құдай Патшалығындағы жағдай мынаған ұқсас болады: он бойжеткен қолдарына шамдарын ұстап, күйеу жігітті қарсы алуға шығыпты.
Matt Kaz 25:2  Олардың бесеуі ақылды, бесеуі ақылсыз екен.
Matt Kaz 25:3  Ақылсыз қыздар шамдарын алғанмен, құятын артық май алмай шығады.
Matt Kaz 25:4  Ал ақылдылары шамға қоса майға толы құмыраларын да ала жүреді.
Matt Kaz 25:5  Күйеу жігіт ұзақ кешіккендіктен, барлығы қалғып, ұйықтап қалады.
Matt Kaz 25:6  Бірақ түн ортасында: «Күйеу жігіт келіп қалды! Қарсы алуға шығыңдар!» — деген дауыс естіледі.
Matt Kaz 25:7  Сонда қыздардың бәрі де орындарынан тұрып, шамдарын жөндейді.
Matt Kaz 25:8  Ақылсыздары ақылдыларына:— Майларыңнан беріңдерші, шамдарымыз сөнейін деп жатыр, — дейді.
Matt Kaz 25:9  Ал олар:— Бізге де, сендерге де жетпей қалғанша, өздерің сатушыларға барып, май сатып алғандарың жөн, — деп жауап береді.
Matt Kaz 25:10  Әлгілер майға кеткенде күйеу жігіт келіп, дайын тұрғандар онымен бірге тойға кіріп кетеді де, есіктер жабылып қалады.
Matt Kaz 25:11  Кейін майға кеткен қыздар да келіп:— Тақсыр мырза! Есікті аша көріңіз! — деп өтінеді.
Matt Kaz 25:12  Ал күйеу жігіт оларға:— Шын айтамын, сендерді танымаймын! — деп жауап береді.
Matt Kaz 25:13  Сондықтан сергек болыңдар! Себебі сендер Мен Билеуші ретінде көктен келетін күнді де, сәтті де білмейсіңдер.
Matt Kaz 25:14  Бұл жайт сапарға шықпақ болған бір кісінің әрекетіне ұқсас: ол кетер алдында қол астындағы қызметшілерін шақырып алып, оларға меншікті қаражатын аманаттап тапсырады:
Matt Kaz 25:15  әрқайсысына қабілетіне қарай, біреуіне бес, келесісіне екі, тағы біреуіне бір ат басындай күміс береді. Содан кейін сапарына аттаныпты.
Matt Kaz 25:16  Бес ат басындай күміс алған қызметші онысын дереу айналымға жіберіп, содан қосымша тағы бесеуін табады.
Matt Kaz 25:17  Екі ат басындай күміс алғаны да дәл солай істеп, қосымша тағы екеуін табады.
Matt Kaz 25:18  Ал бір ат басындай күміс алғаны қожайынының қаржысын бір жерге апарып, көміп тастайды.
Matt Kaz 25:19  Арада көп уақыт өткеннен кейін қызметшілердің қожайыны қайтып келіп, олардың есеп берулерін талап етеді.
Matt Kaz 25:20  Бес ат басындай күміс алған қызметші тағы да бесеуін әкеліп тұрып, былай дейді:— Мырзам, сіз маған бес ат басындай күміс беріп едіңіз. Міне, солардан тағы бесеу пайда түсірдім. —
Matt Kaz 25:21  Қожайыны оны мақтап:— Жарайсың, жақсы да адал қызметшім! Шағын істе сенімді болдың, сені үлкен істердің басына қоямын. Енді қуанышты тойыма кел! — дейді.
Matt Kaz 25:22  Екі ат басындай күміс алғаны да келіп:— Мырзам, сіз маған екі ат басындай күміс беріп едіңіз. Міне, солардан тағы екеу пайда түсірдім, — деп есеп береді.
Matt Kaz 25:23  Қожайыны оған да:— Жарайсың, жақсы да адал қызметшім! Шағын істе сенімді болдың, сені үлкен істердің басына қоямын. Енді қуанышты тойыма кел! — дейді.
Matt Kaz 25:24  Ал бір ат басындай күміс алғаны келіп:— Мырзам, сіздің қатал адам екеніңізді білдім. Өзіңіз екпеген жерден орып, шашпаған жерден жинайсыз.
Matt Kaz 25:25  Сондықтан қорқып, күмісіңізді жерге көміп тастаған едім. Мінеки, соныңыз, — дейді.
Matt Kaz 25:26  Қожайыны оған былай дейді:— Әй, зұлым да жалқау қызметші! Менің екпеген жерден орып, шашпаған жерден жинайтынымды білдің ғой!
Matt Kaz 25:27  Сол үшін де күмісімді саудагерлерге қарызға беруің керек болатын. Сонда мен қайтып келгенде өзімдікін өсімімен қайтарып алатын едім.
Matt Kaz 25:28  Ендеше одан күмісін алып, он ат басындай күмісі барға беріңдер!
Matt Kaz 25:29  Себебі кімде бар болса, соған тағы беріліп, молая түседі. Ал кімде жоқ болса, оның өзімде бар дегені де одан алынып қойылады.
Matt Kaz 25:30  Енді мына түкке тұрғысыз қызметшіні сыртқа, қара түнекке лақтырып тастаңдар! Сонда ол зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады.
Matt Kaz 25:31  — Құдай тағайындаған Билеуші қасиетті періштелерін ертіп ғаламат ұлылықпен көктен келген кезде Өзінің салтанатты тағына отыратын болады.
Matt Kaz 25:32  Барлық халықтар Оның алдына жинап әкелінеді. Ол шопанның қойларды серкелерден ажыратқанындай адамдарды екі топқа бөліп,
Matt Kaz 25:33  «қойларды» оң жағына, «серкелерді» сол жағына қояды.
Matt Kaz 25:34  Сонда Патша оң жағындағыларға былай деп үкім шығарады:— Әкем жарылқағандар, келіңдер! Әлем жаратылғаннан бері өздеріңе дайындалған Патшалықтан үлестеріңді алыңдар!
Matt Kaz 25:35  Себебі сендер Мен ашыққанда тамақ, шөлдегенімде сусын бердіңдер. Бейтаныс болып баспана іздегенімде Мені үйлеріңе қабылдадыңдар.
Matt Kaz 25:36  Киімсіз жүргенімде киіндірдіңдер, ауырғанымда Маған қамқорлық жасадыңдар, түрмеде отырғанымда артымнан келіп тұрдыңдар.
Matt Kaz 25:37  Сонда әділдер Оған:— Иеміз, қашан Сіздің ашыққаныңызды көріп, тамақтандырған едік? Немесе шөлдегеніңізде сусын берген едік?
Matt Kaz 25:38  Қашан бейтаныс болып баспана іздеп жүргеніңізді көріп, Сізді қабылдаған едік? Немесе киімсіз жүрген Сізді киіндірдік?
Matt Kaz 25:39  Қай кезде Сіз ауырып не түрмеде жатқаныңызда артыңыздан келіп тұрдық? — деген сұрақ қояды.
Matt Kaz 25:40  Патша оларға былай деп жауап береді:— Сендерге шындығын айтамын: Менің мына бауырларымның тіпті ең маңызсыз болып көрінген біреуіне жасаған жақсылықтарың — шын мәнінде Маған жасаған жақсылықтарың!
Matt Kaz 25:41  Бұдан кейін Патша Өзінің сол жағындағыларға да былай деп үкім шығарады:— Менен аулақ кетіңдер, қарғыс атқандар! Шайтанға және оның хабаршыларына дайындалған мәңгілік тозақ отына түсіңдер!
Matt Kaz 25:42  Себебі сендер Мен ашыққанда тамақ, шөлдегенде сусын бермедіңдер.
Matt Kaz 25:43  Бейтаныс болып баспана іздеп жүргенімде Мені үйлеріңе қабылдамадыңдар. Киімсіз жүргенімде киіндірмедіңдер, ауырып не түрмеде жатқанымда артымнан келмедіңдер. —
Matt Kaz 25:44  Олар да:— Иеміз, біз қашан ашыққаныңызды не шөлдегеніңізді, бейтаныс болып баспана іздеп, киімсіз жүргеніңізді я болмаса ауырып не түрмеде жатқаныңызды көріп, Сізге көмектеспедік? — деп сұрайды.
Matt Kaz 25:45  Ол сонда:— Сендерге шындығын айтамын: мыналардың ең маңызсыз болып көрінген біреуіне жасамаған жақсылықтарың — шын мәнінде Маған жасамаған жақсылықтарың! — деп жауап беретін болады.
Matt Kaz 25:46  Сонымен бұлар мәңгілік азап шегуге кетеді. Ал әділдер мәңгілік өмірге ие болады, — деді Иса.
Chapter 26
Matt Kaz 26:1  Иса осы сөздерін тамамдады да, шәкірттеріне:
Matt Kaz 26:2  «Екі күннен кейін Құтқарылу мейрамы болатынын білесіңдер. Сонда адамдар көктен келген Мені айқышқа шегелеп өлтіру үшін ұстап береді», — деді.
Matt Kaz 26:3  Сол уақытта елдің басты діни қызметкерлері мен рубасылары бас діни қызметкердің сарайына жиналып,
Matt Kaz 26:4  кеңес құрды. Олар Исаны айламен қолға түсіріп, өлтірудің жолын қарастырды,
Matt Kaz 26:5  бірақ: «Мұны мейрам күндері іске асыруға болмайды! Әйтпесе халық арасында бүлік шығып жүрер», — десті.
Matt Kaz 26:6  Ал Иса бұл кезде Бетанияда, бұрын алапеспен ауырған Шимонның үйінде болатын.
Matt Kaz 26:7  Сонда қолында аса бағалы иісмайға толы мөлдір тас құтысы бар бір әйел Исаның қасына жақындап келді. Әйел иісмайды дастарқан басында жантайып жатқан Исаның басына құйды.
Matt Kaz 26:8  Шәкірттері осыны көргенде наразы болып:— Неге мұндай ысырап?
Matt Kaz 26:9  Бұл иісмайды қымбат бағаға сатып, түскен ақшаны мүсәпірлерге үлестіруге болатын еді ғой! — десті.
Matt Kaz 26:10  Бірақ соларын ұға қойған Иса оларға қарсы шығып былай деді:— Әйелді неге мазалайсыңдар? Ол Маған ерекше жақсылық жасады.
Matt Kaz 26:11  Мүсәпірлер әрдайым қастарыңда ғой, ал Мен ұдайы қастарыңда бола бермеймін.
Matt Kaz 26:12  Иісмайды құюы арқылы ол Менің денемді қабірге қойылуға дайындады.
Matt Kaz 26:13  Сендерге шын айтамын: қай жерде болмасын бүкіл дүние жүзінде бұл Ізгі хабар уағыздалғанда, осы әйелді де еске алып, істегенін айтатын болады.
Matt Kaz 26:14  Ал он екі елшінің Яһуда Исқариот есімді біреуі басты діни қызметкерлерге барып:
Matt Kaz 26:15  «Исаны қолдарыңызға түсірсем, маған не бересіздер?» — деп сұрады. Олар оған отыз күміс теңге ұсынды.
Matt Kaz 26:16  Осы кезден бастап Яһуда Исаны оларға ұстап берудің қолайлы сәтін аңдыды.
Matt Kaz 26:17  Ашымаған нан мейрамының бірінші күні шәкірттері Исаның қасына келіп:— Мейрам асыңызды қай жерде әзірлеуімізді қалайсыз? — деп сұрады.
Matt Kaz 26:18  Иса оларға мынадай жауап берді:— Қаладағы Мен айтқан адамға барып, оған былай деңдер: «Бұйырылған уақытым жақындап қалды. Мейрам салтын шәкірттеріммен бірге сенің үйіңде орындамақпын деп Ұстазымыз сәлем айтты». —
Matt Kaz 26:19  Шәкірттері Исаның тапсырғанындай істеп, мейрам асын даярлады.
Matt Kaz 26:20  Кеш түсе Иса он екі шәкіртімен бірге дастарқан басында жантайды.
Matt Kaz 26:21  Тамақ ішіп отырғанда Иса оларға қарап:— Сендерге шындығын айтайын: араларыңдағы біреу Маған опасыздық жасайды, — деді.
Matt Kaz 26:22  Олар еңселері түсіп, қатты абыржып бірінен соң бірі:— Мырза, сол адам мен емес пе екенмін? — деп сұрай бастады.
Matt Kaz 26:23  — Табақтағы тұздыққа Менімен бірге бір үзім нанын батырып алып жатқан біреуің Мені ұстап бересің.
Matt Kaz 26:24  Көктен келген Мен Киелі жазбаларда Өзім туралы алдын ала айтылған жолмен жүремін. Алайда Мені ұстап беретін адам қасіретке қалады-ау! Сол кісі үшін ешқашан дүниеге келмегені жақсы болар еді! — деді Иса.
Matt Kaz 26:25  Оған опасыздық жасаған Яһуда да:— Ұстаз, сол адам мен емес пе екенмін? — деп сұрағанда, Иса:— Мұны өзің айтып тұрсың, — деп жауап берді.
Matt Kaz 26:26  Олар тамақ ішіп отырғанда, Иса қолына нан алып, шүкірлік етіп бата берді. Нанды үзіп, шәкірттеріне беріп жатып:— Алып жеңдер, бұл — Менің денем, — деді.
Matt Kaz 26:27  Иса тостағанды да алып, шүкірлік етті. Оларға соны беріп жатып, былай деді:— Мынадан бәрің де ішіңдер.
Matt Kaz 26:28  Өйткені бұл — күнәлары кешірілсін деп көптеген адамдар үшін төгіліп, (Жаңа) Келісімді бекітетін Менің қаным.
Matt Kaz 26:29  Сендерге айтамын: Мен Әкемнің Патшалығы орнағанда сендермен бірге жаңа жүзім шырынынан ішетін боламын. Сол күнге дейін енді қайтып одан еш татпаймын.
Matt Kaz 26:30  Бұдан кейін олар Құдайды мадақтау әнін айтты; содан соң сол жерден шығып, Зәйтүн тауына қарай беттеді.
Matt Kaz 26:31  Жолшыбай Иса шәкірттеріне тіл қатып былай деді:— Бүгін түнде бәрің де (басыма түсетін жайттарға бола) Менен безіп кетесіңдер. Себебі (Пайғамбар жазбаларында мына тәрізді сөздер) жазылған: «Бақташыны» ұрып өлтіремін, сонда «отарындағы қойлары» бытырап кетеді.
Matt Kaz 26:32  Бірақ Мен қайта тірілгеннен кейін сендерден бұрын Ғалилеяға барамын. —
Matt Kaz 26:33  Ал Петір жауап қайырып:— Бәрі Сізден безіп кетсе де, мен ешқашан безіп кетпеймін! — деді.
Matt Kaz 26:34  Иса оған:— Саған шындығын айтайын: осы түні-ақ әтеш шақырғанша, сен Менен үш рет танасың! — дегенде,
Matt Kaz 26:35  Петір:— Маған Сізбен бірге тіпті өлуге тура келсе де, Сізден еш танбаймын! — деді. Барлық басқа шәкірттері де осыны айтты.
Matt Kaz 26:36  Осылай Иса олармен бірге бақшасы бар Гетсимани деген жерге жетті. Сонда Ол шәкірттеріне: «Мен ана жерге барып, сиынып мінажат еткенше, осында отыра тұрыңдар», — деп тапсырды.
Matt Kaz 26:37  Ол Петірді және Зебедейдің екі ұлын Өзімен бірге ала кетіп, қайғырып қинала бастады.
Matt Kaz 26:38  Осы үш шәкіртіне Иса: «Жаным өлердей қайғырып тұр. Осында қалып, Менімен бірге ұйықтамай, сергек болыңдар!» — деді.
Matt Kaz 26:39  Иса сол жерден әрірек барып, етпетінен жығылып былай деп мінажат етті: «О, Әкем, мүмкін болса, (қаһарыңа толы) осы «тостағанды» Маған жолата көрме. Алайда Менің емес, Сенің еркіңе сай болсын!»
Matt Kaz 26:40  Иса қайтып келгенде шәкірттерінің ұйықтап жатқанын көрді. Петірге: «Сонда ең болмағанда бір сағат Менімен бірге ұйықтамай отыра алмағаның ба?
Matt Kaz 26:41  Азғырылмау үшін сергек болып, сиынып мінажат етіңдер! Рух дайын болғанмен, тән осал», — деді.
Matt Kaz 26:42  Иса екінші рет тағы да шеткері барып, сиынып: «О, Әкем, егер (қаһарыңа толы) бұл «тостаған» Маған соқпай өте алмаса, онда Сенің еркің орындалсын!» — деп мінажат етті.
Matt Kaz 26:43  Иса оралып келгенде, шәкірттерінің қайтадан ұйықтап жатқанын көрді. Себебі көздерін ұйқы басқан еді.
Matt Kaz 26:44  Иса оларды қалдырып, тағы да барып, үшінші рет дәл сол сөздерін айтып сиынды.
Matt Kaz 26:45  Содан кейін шәкірттеріне қайта оралып, былай деді: «Әлі де ұйықтап, тынығып жатырсыңдар ма? Енді уақыт болды: Құдай тағайындаған Билеуші күнәкарлардың қолына ұстап беріледі.
Matt Kaz 26:46  Міне, Мені ұстап беруші таяп қалды. Тұрыңдар, соған қарай жүрейік!»
Matt Kaz 26:47  Иса әлі де осыны айтып жатқанда, он екі елшінің біреуі — Яһуда семсер мен сойыл ұстанған үлкен бір топ адамды сол жерге ертіп келді. Бұларды елдің басты діни қызметкерлері және рубасылары жіберген еді.
Matt Kaz 26:48  Исаға опасыздық жасаушы Яһуда белгі беру туралы: «Кімнің бетінен сүйсем, Ол — Соның Өзі. Сол Адамды тұтқынға алыңдар!» — деген болатын.
Matt Kaz 26:49  Яһуда дереу Исаның қасына барып:— Ұстаз, амансыз ба! — деп, Оның бетінен сүйді.
Matt Kaz 26:50  Иса оған:— Достым, сен не үшін келдің? — деді. Сонда жасақшылар жақындап келді де, Исаға тап беріп, Оны ұстай алды.
Matt Kaz 26:51  Кенеттен Исаның қасындағыларының біреуі семсерін суырып алып, бас діни қызметкердің малайына қарай сілтеп қалып, оның бір құлағын шауып түсірді.
Matt Kaz 26:52  Ал Иса оған: «Семсеріңді қынабына сал! — деп бұйырды. — Семсеріне сенген семсерден өлер.
Matt Kaz 26:53  Мен қазір Әкемнен сұрасам, Ол Маған дереу он екі әскери бөлімнен астам періштелерін жібереді! Әлде солай болмайды деп ойлайсың ба?
Matt Kaz 26:54  Бірақ олай істесем, Киелі жазбалардағы осы оқиғалар болуға тиіс деп алдын ала айтылғандар қалай жүзеге асар еді?!»
Matt Kaz 26:55  Сол сәтте Иса келген үлкен топқа қарап: «Мені тұтқындауға, қарақшыға қарсы аттанғандай, семсер мен сойыл алып шыққандарыңыз қалай? Күн сайын ғибадатханада тағылым беріп отырғанымда Мені ұстаған жоқсыздар.
Matt Kaz 26:56  Бірақ осылардың бәрі Пайғамбарлар жазбаларында алдын ала айтылғандардың жүзеге асуы үшін болды», — деді.Сонда шәкірттерінің бәрі Оны тастап, қаша жөнелді.
Matt Kaz 26:57  Исаны тұтқынға алғандар Оны бас діни қызметкер Қаяфаға апарды. Сол жерге дін мұғалімдері мен рубасылар жиналған болатын.
Matt Kaz 26:58  Петір Исаға алыстан, бас діни қызметкердің сарайының ауласына дейін, ілесе отырып, ішке кірді. Істің немен бітетінін көру үшін сақшылардың қасына барып отырды.
Matt Kaz 26:59  Сол кезде басты діни қызметкерлер мен бүкіл Жоғарғы кеңес Исаны өлімге кесу үшін Оған қарсы жалған айғақтар іздестірді.
Matt Kaz 26:60  Алайда көптеген куәгерлер алға шығып, өтірік айтса да, Оған тағатын бірде-бір дәлелді айып табылмады. Ақырында екі кісі алға шығып, Исаны былай деп кінәлады:
Matt Kaz 26:61  — Мынау: «Құдайдың киелі үйін бұзып, үш күнде қайта тұрғызу қолымнан келеді!» дейтін.
Matt Kaz 26:62  Сонда бас діни қызметкер орнынан тұрып, Исадан:— Ешқандай жауап бермейсің бе? Мыналар Саған қарсы не деп куәлік беріп тұр? — деп сұрады.
Matt Kaz 26:63  Бірақ Иса үндемеді. Сонда бас діни қызметкер Оған:— Мәңгі тірі Құдайдың алдында ант етіп, бізге айтып бер: Сен Құдайдың рухани Ұлы — Мәсіхсің бе? — деген сұрақ қойды.
Matt Kaz 26:64  Иса:— Өзіңіз айтып тұрсыз. Сіздерге мынаны да айтамын: Менің Билеуші ретінде Құдірет Иесінің оң жағында отырғанымды әрі аспандағы бұлттармен келе жатқанымды әлі көретін боласыздар! — деп жауап берді.
Matt Kaz 26:65  Сонда бас діни қызметкер шапанының өңірін айыра жыртып:— Ол Тәңірге тіл тигізді! Енді куәгерлердің қажеті қанша? Қорлық сөздерін өз құлақтарыңызбен естідіңіздер!
Matt Kaz 26:66  Бұған қалай қарайсыздар? — деп дауыстады. — Жиналғандар:— Ол өлім жазасына лайық! — деп жауап қайтарды.
Matt Kaz 26:67  Сонда олар Исаның бетіне түкіріп, жұдырықтады. Кейбіреулері Оның жағынан тартып-тартып жіберіп:
Matt Kaz 26:68  «Әй, Мәсіх, пайғамбар болсаң, Сені кім ұрды, бізге айтып берші!» — деп келекеледі.
Matt Kaz 26:69  Сол кезде Петір сыртта, сарайдың ішкі ауласында отырған еді. Бір қызметші қыз оған жақындап келіп:— Сен де ғалилеялық Исамен бірге жүретін едің ғой! — деді.
Matt Kaz 26:70  Алайда Петір бәрінің алдында:— Не деп тұрғаныңды білмеймін! — деп мойындамады.
Matt Kaz 26:71  Содан ол ішкі ауладан шығып, қақпа жағына жылжи берді. Сонда Петірді тағы бір қызметші қыз көріп, маңындағыларға:— Мынау да назареттік Исамен бірге жүретін! — деді.
Matt Kaz 26:72  Петір қайтадан:— Ол Адамды білмеймін! — деп мойындамай, ант ішті.
Matt Kaz 26:73  Сәл кейінірек сонда тұрғандар оның қасына келіп:— Сен шынымен де солардың біреуісің! Қалай сөйлегеніңнен-ақ білініп тұр! — деді.
Matt Kaz 26:74  Сонда Петір:— Ол Адамды еш білмеймін! — деп ант ішіп, қарғана бастады. Сол сәтте-ақ әтеш шақырды.
Matt Kaz 26:75  Петірдің есіне Исаның: «Әтеш шақырғанша сен Менен үш рет танасың» деген сөзі түсті. Ол қақпа сыртына шығып, қатты жылады.
Chapter 27
Matt Kaz 27:1  Таң ата елдің басты діни қызметкерлері мен рубасыларының бәрі Исаны өлтіру туралы кеңесіп, шешім қабылдады.
Matt Kaz 27:2  Оны байлатып, әмірші Пилатқа алып барып, табыс етті.
Matt Kaz 27:3  Исаға опасыздық жасаған Яһуда Оның сотталғанын көргенде өзінің істегеніне өкініп, басты діни қызметкерлер мен рубасыларына өздері берген отыз күміс теңгесін қайтарып тұрып:
Matt Kaz 27:4  — Мен опасыздық жасап күнәға баттым: кінәсіз кісінің қаны төгілмекші! — деді. Олар:— Онда біздің шаруамыз қанша? Бұл — өз мәселең, — деп жауап берді.
Matt Kaz 27:5  Содан Яһуда ақшаны киелі үйдің ішіне лақтырып жіберіп, шығып кетті де, барып, асылып өлді.
Matt Kaz 27:6  Басты діни қызметкерлер күміс теңгелерді жинап алып: «Бұл ақшаны ғибадатхананың қазынасына салуға болмайды, себебі ол төгілетін қанға байланысты», — деді.
Matt Kaz 27:7  Олар ақылдасып, сол ақшаға құмырашының егіндік жерін сатып алып, оны шетелдіктердің зираты етпек болып шешті.
Matt Kaz 27:8  Сондықтан осы жер танабы күні бүгінге дейін «Қанды танап» деп аталады.
Matt Kaz 27:9  Еремия пайғамбардың мына тәрізді алдын ала айтқандары сол кезде жүзеге асты: Олар исраилдіктер Ол үшін белгілеген бағаны, отыз күміс теңгені, алып,
Matt Kaz 27:10  соған құмырашының егіндік жерін сатып алды. Жаратқан Ие маған осылай айтқан еді.
Matt Kaz 27:11  Сол уақытта Иса римдік әміршінің алдында тұрған еді. Ол Исаға:— Сен «Яһудилердің Патшасысың» ба? — деген сұрақ қойды. Иса:— Өзіңіз айтып тұрсыз, — деді.
Matt Kaz 27:12  Басты діни қызметкерлер мен рубасылар Өзін айыптағанда Иса еш жауап бермеді.
Matt Kaz 27:13  Сонда Пилат Оған:— Бұлардың Өзіңе қарсы қаншама куәлік келтіріп жатқанын естімей тұрсың ба? — деп сұрады.
Matt Kaz 27:14  Алайда Иса олардың бірде-бір сөзіне жауап қайтармады. Оның бұлай істегеніне әмірші қатты қайран қалды.
Matt Kaz 27:15  Мейрамның құрметіне әміршінің халық сұраған бір тұтқынды оларға босатып беретін салты бар еді.
Matt Kaz 27:16  Сол кезде Барабба есімді, аты шулы бір тұтқын римдіктердің түрмесінде отырған болатын.
Matt Kaz 27:17  Сонымен яһудилер алаңға жиналып болған соң, Пилат:— Қайсысын босатып жіберуімді қалайсыңдар: Бараббаны ма, әлде Мәсіх деп аталған Исаны ма? — деген сұрақ қойды.
Matt Kaz 27:18  Яһуди басшыларының Исаны күншілдіктен өзіне ұстап бергендігін әмірші жақсы білетін.
Matt Kaz 27:19  Бұған қоса, Пилат төрелік тағында отырған осы аралықта оған әйелінің мына сәлемі жетті: «Сол әділ Адамға еш жамандық істей көрме! Мен бүгін түсімде Оған бола қатты азап шегіп, қиналдым».
Matt Kaz 27:20  Бірақ басты діни қызметкерлер мен рубасылар халық тобырын Пилаттан Бараббаны босатып, Исаны өлтіруді талап етуге көндірді.
Matt Kaz 27:21  Әмірші қайтадан:— Осы екеуінің қайсысын өздеріңе босатып бергенімді қалайсыңдар? — деген сауал қойғанда олар:— Бараббаны! — деп айқай салды.
Matt Kaz 27:22  — Ендеше Мәсіх деп аталған Исаға не істейін? — деп сұрады Пилат. Бәрі де:— Айқышқа шегеленсін! — деп айқай салды.
Matt Kaz 27:23  Пилат:— Сонда Ол қандай қылмыс жасады? — деген сұрақ қойды. Халық:— Айқышқа шегеленсін! — деп бұрынғыдан бетер шулап кетті.
Matt Kaz 27:24  Енді ештеңе істей алмайтынын, керісінше, халықтың толқуы өршіп бара жатқанын көрген Пилат су алдырып, жұрт алдында қолын жуып тұрып:— Мына (әділ) Адамның төгілетін қанына мен кінәлі емеспін. Бұл — сендердің істерің! — деді.
Matt Kaz 27:25  Бүкіл халық:— Оның қаны біздің және ұрпақтарымыздың мойнында болсын! — деп жауап берді.
Matt Kaz 27:26  Сонда әмірші оларға Бараббаны босатып берді. Ал Исаны қамшымен соқтырғаннан кейін, айқышқа шегелеп іліп өлтіруге жасақшылардың қолдарына тапсырды.
Matt Kaz 27:27  Содан әміршінің жасақшылары Исаны ордасына алып барып, қасына бүкіл әскер бөлімін жинады.
Matt Kaz 27:28  Олар Исаның сырт киімін шешіп алып, Оның үстіне бір қызыл шапанды жапты.
Matt Kaz 27:29  Жасақшылар, сондай-ақ, тікенді бұтақшалардан «тәж» өріп, оны Исаның басына кигізіп, оң қолына асатаяқ ұстатып қойды. Исаның алдына тізе бүгіп тағзым еткенсіп: «Яһудилердің Патшасы жасасын!» — деп келекеледі.
Matt Kaz 27:30  Бетіне түкіріп, қолындағы таяғын жұлып алып, сонымен Оның басын ұра берді.
Matt Kaz 27:31  Мазақтап болғаннан кейін Исаның үстіндегі шапанды шешіп алып, өз киімін қайта кигізді.Содан кейін жасақшылар Исаны айқыш ағашқа шегелеп іліп қою үшін алып кетті.
Matt Kaz 27:32  Қаладан шыға жолшыбай олар Шимон есімді күренелік ер адамға тап болды. Оны Исаның айқыш ағашын арқалап жүруге мәжбүр етті.
Matt Kaz 27:33  Осылай олар Ғолғота, яғни «Маңдайтөбе», деген жерге жетті.
Matt Kaz 27:34  Сонда Исаға ішуге өт қосылған сірке суын ұсынды, бірақ дәмін татқан соң Ол оны ішуден бас тартты.
Matt Kaz 27:35  Жасақшылар Исаны айқыш ағашқа керіп шегелеп, тік көтеріп қойды. Бұдан кейін Оның киімдерін жеребе тастап өзара бөлісіп алды.
Matt Kaz 27:36  Содан олар сол жерде отырып, Исаны күзетті.
Matt Kaz 27:37  Оған тағылған айып: «Бұл — Яһудилердің Патшасы Иса» деп бір тақтайшаға жазылған болатын. Жасақшылар тақтайшаны Исаның басынан жоғары айқыш ағашқа бекітіп қойған еді.
Matt Kaz 27:38  Олар Исамен бірге екі қарақшыны да, біреуін оң, екіншісін сол жағына айқыш ағаштарға керіп шегелеп, тік көтеріп қойды.
Matt Kaz 27:39  Қасынан өтіп бара жатқандар Исаға тіл тигізді. Олар бастарын шайқап:
Matt Kaz 27:40  «Әй, киелі үйді бұзып, үш күнде қайта тұрғызушы! Өзіңді құтқарып ал! Егер де Құдайдың рухани Ұлы болсаң, айқыштан түс!» — деп Оны келеке етті.
Matt Kaz 27:41  Сол секілді басты діни қызметкерлер де дін мұғалімдерімен және рубасыларымен бірге Оны мазақтап:
Matt Kaz 27:42  «Мынау басқаларды құтқарыпты, бірақ Өзін құтқара алмайды екен! Егер Ол Исраилдің Патшасы болса, Өзінің құдіретімен қазір-ақ айқыштан түссін! Сонда Оған сенеміз.
Matt Kaz 27:43  Ол Құдайға үмітін артқан екен. Егер Құдай Оған разы болса, қазір-ақ Оны құтқарып алсын! Өйткені Ол Өзін Құдайдың рухани Ұлымын деді ғой», — десті.
Matt Kaz 27:44  Жанындағы айқыштарға шегеленген қарақшылар да Исаны солай тілдеді.
Matt Kaz 27:45  Тал түстен бастап бүкіл жерді қараңғылық басты, ол үш сағатқа созылды.
Matt Kaz 27:46  Сағат үш шамасында Иса қатты дауыспен айқайлап: «Ілои, Ілои! Лама сабахтани?» — деді. Бұның аудармасы «О, Құдайым, Құдайым! Неліктен Мені жалғыз қалдырдың?» дегенді білдіреді.
Matt Kaz 27:47  Сол жерде тұрғандардың кейбіреулері мұны естіп: «Ол Ілияс пайғамбарды шақырып жатыр», — десті.
Matt Kaz 27:48  Солардың біреуі дереу жүгіріп барып, бір сорғышты сірке суына батырып алды. Оны таяқтың ұшына қадап, Исаға ішуге ұсынды.
Matt Kaz 27:49  Басқалары: «Күте тұрайық, Ілияс келіп, Оны құтқарып алар ма екен, көрейік!» — деп кекетті.
Matt Kaz 27:50  Иса тағы бір рет қатты дауыстап жіберіп, жан тапсырды.
Matt Kaz 27:51  Сол сәтте киелі үйдегі шымылдық кенеттен жоғарыдан төменге дейін қақ айырылып, екіге бөлінді. Жер сілкініп, жартастар жарылып,
Matt Kaz 27:52  қабір үңгірлері ашылды. Марқұм болған көптеген әділдердің сүйектері қайта тіріліп,
Matt Kaz 27:53  қабірлерінен шықты. Олар кейінірек, Иса қайта тірілген соң, қасиетті қалаға барып, көптеген адамдарға көрінді.
Matt Kaz 27:54  Римдік жүзбасы және онымен бірге Исаны күзетіп тұрғандар жер сілкіністі және болған өзге оқиғалардың бәрін көргенде үрейлері ұшып: «Бұл шынымен Құдайдың рухани Ұлы екен!» — деп мойындады.
Matt Kaz 27:55  Сол жерде алысырақтан қарап тұрған көптеген әйелдер де болды. Олар Исаға қызмет етіп, Ғалилеядан еріп келгендер еді.
Matt Kaz 27:56  Араларында мағдалалық Мәриям және Жақып пен Жүсіптің шешесі Мәриям, сондай-ақ Зебедей ұлдарының шешесі де бар болатын.
Matt Kaz 27:57  Кеш түспес бұрын Жүсіп есімді ариматеялық бір бай кісі келді. Өзі де Исадан тәлім алған шәкірті еді.
Matt Kaz 27:58  Жүсіп Пилатқа барып, Исаның мәйітін қабірге қоюға рұқсат сұрап алды. Пилат мәйітті оған табыс етуге бұйырды.
Matt Kaz 27:59  Жүсіп сүйекті түсіріп алып, кіршіксіз таза бәтес кебінге орады.
Matt Kaz 27:60  Содан оны жартастан үңгіп жасаған өзінің жаңа қабіріне апарып қойды. Содан кейін қабірдің дәу қақпақ тасын домалатып әкеліп, қабірдің кіреберіс аузын сонымен мықтап жауып, кетіп қалды.
Matt Kaz 27:61  Сол жерге келген мағдалалық Мәриям мен өзге Мәриям қабірдің қарсы алдында отырды.
Matt Kaz 27:62  Келесі күні, жұманың ертеңіне басты діни қызметкерлер мен парызшылдар Пилаттың қасына жиналып,
Matt Kaz 27:63  былай деді:— Тақсыр, әлгі «алдамшы» Кісінің тірі кезінде: «Үш күннен кейін қайта тірілемін» дегені есімізге түсті.
Matt Kaz 27:64  Сондықтан да қабірді үшінші күнге дейін күзетіп, қауіпсіз етуге бұйыра көріңіз. Әйтпесе Оның шәкірттері (түн ішінде) келіп, сүйегін ұрлап алып кетіп, халыққа «өлімнен қайта тірілді» деп жүрулері мүмкін. Сонда соңғы алдау алғашқысынан да бетер болар. —
Matt Kaz 27:65  Пилат:— Мейлі, қарауыл тобын алыңдар. Барып, қабірді өздерің білгендеріңше күзетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз етіңдер, — деп шешті.
Matt Kaz 27:66  Олар барып, мазардың айналасына күзет қойып, қақпақ тасты мөрмен бекітіп тастады.
Chapter 28
Matt Kaz 28:1  Діни демалыс өткеннен кейін жексенбі күні таң ата мағдалалық Мәриям мен өзге Мәриям қабірді көруге барды.
Matt Kaz 28:2  Кенеттен жер қатты сілкінді. Өйткені Жаратқан Иенің бір періштесі аспаннан түсіп, қабірге жақындап, қақпақ тасты домалатып алып тастады да, үстіне отырды!
Matt Kaz 28:3  Оның сырт көрінісі найзағай іспетті, ал киімі қардай аппақ еді.
Matt Kaz 28:4  Одан зәрелері ұшқан күзетшілер дірілдеп-қалшылдап, өліп қалғандай жерге құлап түсті.
Matt Kaz 28:5  Періште әйелдерге қарап: «Қорықпаңдар! Айқышқа шегеленген Исаны іздеп келгендеріңді білемін.
Matt Kaz 28:6  Ол мұнда жоқ, Өзі алдын ала айтқандай қайта тіріліп кетті! Бері келіп, Иенің жатқан орнын қараңдар!
Matt Kaz 28:7  Енді тезірек барып, Оның шәкірттеріне мынаны жеткізіңдер: «Иеміз өлімнен қайта тірілді! Ол сендерден бұрын Ғалилеяға барады. Сол жерден Оны көресіңдер». Сендерге айтатыным осы», — деді.
Matt Kaz 28:8  Әйелдер әрі қорқып, әрі қатты қуанып, дереу мазардан шығып кетті. Олар Исаның шәкірттеріне айту үшін асығып жүгіре жөнелді.
Matt Kaz 28:9  Кенеттен Иса олардың алдынан кездесіп: «Сәлем, қуаныңдар!» — деп амандасты. Әйелдер Оның қасына жақындап, иіліп тағзым етіп, аяғына қолдарын тигізді.
Matt Kaz 28:10  Иса оларға: «Қорықпаңдар! Бауырларыма барып, «Ғалилеяға жөнелсін, сонда Мені көреді» деген хабарды жеткізіңдер», — деп тапсырды.
Matt Kaz 28:11  Әйелдер жолда бара жатқанда, күзетшілердің кейбіреулері қалаға кіріп, басты діни қызметкерлерге болған оқиғаны түгелдей айтып берді.
Matt Kaz 28:12  Сонда олар рубасылармен бірге жиналып, кеңес құрды. Жасақшыларға едәуір ақша беріп,
Matt Kaz 28:13  былай деп бұйырды: «Халыққа: «Түнде біз ұйықтап қалғанда шәкірттері келіп, мәйітін ұрлап әкетіпті» деңдер!
Matt Kaz 28:14  Ал егер бұл туралы қауесет әміршінің құлағына жетсе, біз оны көндіріп, сендерді пәледен құтқарып аламыз».
Matt Kaz 28:15  Пара алған күзетшілер солардың тапсырғанындай істеді. Содан осы жалған лақап яһудилер арасында күні бүгінге дейін таралуда.
Matt Kaz 28:16  Он бір шәкірті Ғалилеяға барып, Иса айтқан тауға көтерілді.
Matt Kaz 28:17  Олар Исаны көргенде алдында иіліп тағзым етті, ал бірқатары әлі де күдіктенді.
Matt Kaz 28:18  Иса қастарына таяу келіп, былай деді:«Маған көк пен жердің бүкіл билігі берілген!
Matt Kaz 28:19  Сондықтан барлық халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп, Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен шомылдыру рәсімінен өткізіңдер,
Matt Kaz 28:20  әрі сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер! Естеріңде болсын: Мен бұл дүниенің ақыр соңына дейін әр күні өздеріңмен бірге болып, сендерге жар боламын!» (Аумин)