Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
Chapter 1
Jere Kaz 1:1  Мұнда Бунямин руының жеріндегі Анатотта тұрған діни қызметкерлердің бірі — Хелкия ұлы Еремияның пайғамбарлық сөздері берілген.
Jere Kaz 1:2  Жаратқан Ие оған алғаш рет Яһудаға Амон ұлы Жосия патшалық құрған он үшінші жылы сөзін арнады.
Jere Kaz 1:3  Содан кейін Яһуда патшасы Жосия ұлы Жохақымның тұсында және Яһудаға Жосия ұлы Седекиях патшалық құрған он бірінші жылына дейін де Жаратқан Ие Еремияға хабарларын жеткізіп отырды. Сол жылдың бесінші айында Иерусалимнің халқы Бабылға жер аударылды.
Jere Kaz 1:4  Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 1:5  — Мен сені шешеңнің құрсағында жаратпастан бұрын-ақ білген болатынмын. Анаңның құрсағынан шықпай тұрып-ақ сені өз қызметіме бағыштап, халықтарға пайғамбар болуға тағайындап белгіледім. —
Jere Kaz 1:6  Сонда мен:— Уа, Жаратушы Тәңір Ие! Мен әлі тым жаспын, жұрт алдында сөйлей алмаймын ғой, — дедім.
Jere Kaz 1:7  Бірақ Жаратқан Ие маған былай деді:— Әлі тым жаспын деме! Мен сені кімге жіберсем, солардың бәріне барып, не айт десем соның бәрін айтатын боласың!
Jere Kaz 1:8  Адамдардан қорықпа. Мен саған жар болып, өзіңді аман сақтаймын. Мен, Жаратқан Ие, осыны уәде етемін. —
Jere Kaz 1:9  Бұдан соң Жаратқан Ие қолын созып, аузыма тигізді де: — Міне, сенің аузыңа сөздерімді салып беріп отырмын.
Jere Kaz 1:10  Бүгін сені ұлттар мен патшалықтарға үстемдік жүргізуге тағайындадым. Сен оларды түп-тамырымен жұлып ойсыратып, құлатып жоясың, әрі қайтадан тұрғызып, егіп отырғызатын боласың, — деді.
Jere Kaz 1:11  Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап:— Еремия, нені көріп тұрсың? — деген сұрақ қойды. Мен:— Бадам ағашының бір бұтақшасын көріп тұрмын! — дедім.
Jere Kaz 1:12  Сонда Жаратқан Ие:— Көргенің дұрыс. Мен де сергек болып айтқан сөзімнің жуырда іске асуын қырағы бақылаймын, — деді.
Jere Kaz 1:13  Содан соң Жаратқан Ие маған екінші рет сөзін арнап:— Нені көріп тұрсың? — деген сауал қойды. Мен:— Бір қазанды көріп тұрмын. Ол қайнап, тасып, солтүстіктен бізге қарай төгілейін деп жатыр, — деп жауап бердім.
Jere Kaz 1:14  Сонда Жаратқан Ие маған былай деді:— Дәл сол сияқты апат осы елдің күллі тұрғындарына солтүстіктен шүйілетін болады!
Jere Kaz 1:15  Өйткені Мен солтүстіктегі барлық патшалықтардың ұлттары мен тайпаларын шақырып алмақпын. Мен, Жаратқан Ие, осыны нық айтамын.Солардың патшалары аттанып келіп, тақтарын Иерусалимнің қақпаларының жанына орнатады да, қаланы қоршаған қабырғаларына және Яһуданың барлық басқа қалаларына да шабуыл жасайды.
Jere Kaz 1:16  Халқымның Мені тастап кетіп, бөтен тәңірлерге хош иісті заттар түтетіп ұсынғандары және өз қолдарымен жасап алған мүсіндерге табынып кетіп істеген барлық зұлым істеріне бола Мен оларға жазалау үкімін шығарамын!
Jere Kaz 1:17  Ал енді, жиналып беліңді буып, өзіңе тапсырғандарымның бәрін оларға жеткіз! Олардан қорықпа, әйтпесе Мен өзіңді олардың алдында қорқытамын.
Jere Kaz 1:18  Біліп қой: бүгін Мен сені бекіністі қала іспетті еттім. Сен темір бағанадай, қола қабырғадай берік боласың. Енді осы жердегілердің бәріне: Яһуда елінің патшалары мен әміршілеріне, діни қызметкерлері мен халқына қаймықпай қарсы тұра аласың.
Jere Kaz 1:19  Олар сенімен күрессе де, сені жеңе алмайды, өйткені Мен саған жар болып, өзіңді құтқаратын боламын! Осы уәдені берген Мен Жаратқан Иемін.
Chapter 2
Jere Kaz 2:1  Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 2:2  «Барып, мынаны Иерусалимге естірте жарияла: сенің Мені қалыңдық іспетті сүйіп, тіпті құнарсыз иен далада соңымнан еріп жүрген жас кезіңдегі адалдығың есімнен шықпайды.
Jere Kaz 2:3  Өнімнің алғашқы үлесі сияқты, Исраил де Маған, Жаратқан Иеге, бағышталған халық еді. Сондықтан оны жалмап құртпақ болғандар айыпталып, апатқа душар болатын, — деп ескертеді Жаратқан Ие».
Jere Kaz 2:4  Уа, Жақыптың үрім-бұтағы — Исраилден тараған барлық рулар, Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар!
Jere Kaz 2:5  Жаратқан Ие мынаны айтады: «Осыншама алшақтап кететіндей ата-бабаларың Менен қандай кінә тапты? Түкке тұрғысыз тәңірсымақтардың жолына түсіп, өздері де түкке тұрғысыз болып кетті.
Jere Kaz 2:6  Олар былай деп сұраған жоқ: «Бізді Мысыр елінен бастап алып шыққан Жаратқан Ие қайда екен? Ол бізді қуаңшылық пен қара түнек жайлаған, шөл далалары мен шұңқырлары бар, ешкім аяқ баспайтын да, мекендемейтін де құла түзбен жетелеп алып жүрді емес пе?!»
Jere Kaz 2:7  Мен сендерді мол өнімінің қызығын көрулерің үшін осы шұрайлы елге алып келдім. Бірақ сендер бұл елімді күнәларыңмен арамдадыңдар! Менің өздеріңе тапсырған меншікті жерімді жиренішті еттіңдер!
Jere Kaz 2:8  Тіпті діни қызметкерлер «Жаратқан Ие қайда?» деп сұрамады, заңды үйретіп билік айтатындар Мені жақыннан танып білмеді. Халықтың жетекшілері Маған қарсы шықты, пайғамбарлар Бағалдың атынан пайғамбарлық сөз айтып, еш пайдасыз тәңірсымақтардың жолын қуып келеді.
Jere Kaz 2:9  Сондықтан Мен бұдан былай да сендерді айыптаймын, әрі балаларың мен немерелеріңді де кінәлаймын, — деп ескертеді Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 2:10  Теңізді кесіп өтіп, батыстағы аралдарға барып, қараңдар, не шығыстағы Қидар еліне барып, жақсылап байқаңдар! Мынадай нәрсе бұрын-соңды болған ба еді:
Jere Kaz 2:11  сондағы бір халық өзінің табынатын тәңірлерін басқаларға ауыстырып па екен? Ал олардың тәңірлері шынайы Құдай емес қой! Бірақ Менің халқым өзінің даңқты Құдайын еш пайдасыз тәңірсымақтарға ауыстырып кетті!
Jere Kaz 2:12  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Уа, көк, бұған наразылана аңтарыл, қатты жиреніп дірілде!
Jere Kaz 2:13  Себебі Менің халқым екі түрлі зұлымдық жасады: олар Мені, «тірі судың қайнар көзін», тастап кетті және өздеріне арнап «құдықтар» қазып алды. Сол «құдықтарының» жырық тесіктері болғандықтан, оларда су сақталмайды.
Jere Kaz 2:14  Исраил сатып алынған құл ма? Әлде қожайынының үйінде туған басыбайлы малай ма? Әрине, жоқ! Ендеше, неге ол басқаның қолында олжа болып кетті?
Jere Kaz 2:15  Ассурлық жаулар арыстандай ақырып, оған қарсы дауыс көтерді. Олар оның жерін қаңыратып бос қалдырды. Қалалары өртеліп қирап, елсіз қалды.
Jere Kaz 2:16  Мысырдың Мемфис пен Тахпанхес қалаларынан аттанып келген жасақшылары «Исраилдің төбесін тақырлап», оны салтанатынан жұрдай қылды.
Jere Kaz 2:17  Өзіңді ізгі жолмен жетелеп келген Құдай Иеңнен безіп, осы пәлелердің бәрін өз басыңа өзің тілеп алған жоқсың ба?
Jere Kaz 2:18  Енді несіне Мысыр мен Ассурға барып, одақ құрасың? Ніл мен Евфрат өзендерінің суын ішкеннен саған не пайда?
Jere Kaz 2:19  Өз зұлымдығың саған жаза тартқызады, өз опасыз қылықтарың сені айыптайтын болады.Содан ойланып, мынаны біліп ал: Менен, өзіңнің Құдайың Жаратқан Иеден, бас тартып, Мені еш қастерлемеуіңнің арты қандай жаман да күйінішті болатынына көзіңді жеткіз!» — Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Jere Kaz 2:20  «Баяғыда Мен мойныңа салынған мойынтұрықты сындырып, бұғауларыңды үзіп, өзіңді құлдықтан азат еткен едім. Алайда: «Жоқ, мен қызмет етпеймін!» дедің. Ал шынында сен көрінген биік төбенің басында, әрбір саялы ағаштың түбінде жалған тәңірлерге табынып опасыз әйел іспетті азғындыққа салындың.
Jere Kaz 2:21  Сені жемісі құнды асыл тұқымды жүзім бұтасы деп отырғызған едім. Қалайша енді бөгде жүзім бұтасының жабайы сабақтары болып шыға келдің?!
Jere Kaz 2:22  Тіпті сілтімен жуынып, көп сабын жұмсап тазалансаң да, күнәңнің сенде қалдырған дағы әлі де Менің көз алдымда болады, — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие. —
Jere Kaz 2:23  «Мен таза жүріп келемін, жалған тәңір Бағалдың мүсіндеріне табынған емеспін» деп қалай ғана айта аласың? Аңғарда не істеп жүргеніңе көңіл бөл, қылықтарыңды ойла! Кімге табынсам екен деп, күйлеген жүйрік іңгендей тыным таппайсың.
Jere Kaz 2:24  Сен күйлеп, жел иіскейтін ұрғашы құланға да ұқсайсың. Оның құмарлығына кім тосқауыл бола алады? Шағылысқысы келгендерге оның соңынан қуып шаршаудың да керегі жоқ, күйлеген айында оны дереу тауып алады!
Jere Kaz 2:25  Жалған тәңірлердің артынан жалаң аяқ жүгіріп, аяғыңды жарақаттап қанатпа! Шөлден тамағыңды кептірме! Алайда сен: «Мен үшін әуре болма! Бөтен тәңірлерге ғашықпын, солардың жолымен жүремін!» дейсің.
Jere Kaz 2:26  Ұры қолға түскенде масқара болатынындай, бүкіл Исраил елі: халық пен оның патшалары, әміршілері, діни қызметкерлері мен пайғамбарлары да масқара болады.
Jere Kaz 2:27  Себебі олар ағаш мүсінге: «Сен әкемсің!», тас бағанаға: «Мені туған сенсің!» деп табынады. Осылайша олар беттерін Менен теріс бұрып, сырт айналып кетті. Ал бастарына пәле түсе қалса: «Келіп, бізді құтқара гөр!» деп Маған жалынады.
Jere Kaz 2:28  Сонда өзіңе жасап алған тәңірсымақтарың қайда? Құтқара алса, басыңа пәле түскенде келіп, сені құтқарып алсын! Өзіңде қанша қала болса, сонша тәңірге табынасың ғой, Яһуда-ау!
Jere Kaz 2:29  Мені несіне кінәлайсыңдар? Маған қарсы барлығың бас көтердіңдер! — деп жариялайды Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 2:30  Мен сенің халқыңды бекер жазалаппын, олар одан бәрібір тәлім алмады. Қайта, араларыңдағы пайғамбарларымды жыртқыш арыстандай семсермен қырып жойдыңдар».
Jere Kaz 2:31  Уа, осы ұрпақтың адамдары, Жаратқан Иенің мына сөздері туралы терең ойланыңдар: «Мен Исраил еліне шөл даладай, яки қара түнек басқан елдей болып па едім? (Әрине, жоқ.) Ендеше неге халқым Маған: «Біз өз бетімізбен жүруге еріктіміз. Енді Саған қайтып оралмаймыз» дейді?
Jere Kaz 2:32  Бойжеткен қыз әшекейін, қалыңдық тойда тағатын белдігін ұмыта ма? (Жоқ, ұмытпайды). Ал халқымның Мені ұмытқанына ұзақ уақыт болды.
Jere Kaz 2:33  Өзіңе ашына іздегенде қандай ептісің! Тіпті ең тіс қаққан сайқалдың да сенен алар тәлімі көп.
Jere Kaz 2:34  Үйіңе бұзып кірмесе де, сен өлтірген жазықсыз кедейлердің қаны етегіңде қатып қалған. Бірақ сонда да:
Jere Kaz 2:35  «Мен кінәсізбін, шүбә жоқ, Құдай маған ашулы емес» дейсің. Сондықтан біліп қой: «Күнә жасаған жоқпын!» деген сөзің үшін Мен сені соттап, жазалаймын.
Jere Kaz 2:36  Неліктен сен жүрген жолдарыңды оп-оңай өзгерте саласың? Ассурдың өзіңді масқара қылғанындай, Мысыр да сені масқараға қалдыратын болады.
Jere Kaz 2:37  Сол жерден де бұғауланған екі қолыңды басыңа қойып алып жер аударылып кетесің. Себебі сенің сенім артқан одақтастарыңнан Жаратқан Ие теріс бұрылып, олардан еш пайда көрмейсің».
Chapter 3
Jere Kaz 3:1  «Егер біреу әйелімен ажырасып, әйелі басқа біреуге тисе, оның бұрынғы әйеліне қайтадан үйленуіне болмайды ғой. Өйткені бұдан осы ел түгелдей арамданар еді. Ал сен, Яһуда халқы, көптеген ашынамен көңілдес болған әйел сияқты болып келесің. Енді Маған қайта оралмақсың ба? — дейді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 3:2  — Жан-жағыңа қарап, тақыр төбелерге назар аударшы! Солардың қайсысында жалған тәңірлерге табынып, азғындық жасамадың? Сен иен далада жолаушы торуылдаған қарақшыға ұқсап ашыналарыңды тосып жол бойында отырдың. Өзіңнің азғындығың әрі зұлымдығыңмен елді арамдадың.
Jere Kaz 3:3  Сол себепті әдеттегідей нөсер құймай, көктемгі жаңбыр да жаумады. Бірақ сен бәрібір бетің шімірікпей, ұялу дегенді білмейсің.
Jere Kaz 3:4  Оның үстіне әлі де Маған: «Әкем-ау, жастық шағымнан бері мені жетелеп келе жатқан досымсың ғой!
Jere Kaz 3:5  Сен әрдайым маған қаһарлана бермексің бе? Қаһарың мәңгілікке жалғаса бере ме?» деп жалынасың. Міне, осылай дей тұра, сен қиқарлықпен зұлымдықтың бәрін жасай бересің».
Jere Kaz 3:6  Жосия патшаның заманында Жаратқан Ие маған былай деді: «Тұрақсыз Солтүстік Исраилдің не істегенін көрдің бе? Ол әрбір биік төбеге шығып, әрбір саялы ағаштың түбіне барып, жалған тәңірлерге табынып азғындық жасады.
Jere Kaz 3:7  Осының бәрін істегеннен кейін оны Өзіме қайтып оралатын шығар деп ойлаған едім. Бірақ ол оралмады. Оның үстіне, опасыз сіңлісі Яһуда да мұны көріп тұрды.
Jere Kaz 3:8  Мен тұрақсыз Солтүстік Исраилге жасаған барлық азғындықтары үшін талақ хатын жазып беріп, оны қуып жібердім. Әйтсе де бұдан оның опасыз сіңлісі Яһуданың еш қорықпағанын, тіпті өзінің де азғындыққа салынғанын көрдім.
Jere Kaz 3:9  Сол жеңіл жүрісі өзіне түк емес болып көрініп, ол тас пен ағаштан жасалған тәңір мүсіндерімен рухани азғындық та жасады.
Jere Kaz 3:10  Ал осының бәріне қарамай Солтүстік Исраилдің опасыз «сіңлісі» Яһуда Маған шын жүрегімен емес, өтірік қайтып келді!» — дейді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 3:11  Жаратқан Ие маған былай деді: «Опасыз Яһудаға қарағанда тұрақсыз Солтүстік Исраил әділірек.
Jere Kaz 3:12  Сондықтан бар да, солтүстікке қарай мына хабарды жарияла: Уа, тұрақсыз Исраил, Маған қайтып кел! Бұдан былай сендерге қабақ түйіп қарамаймын, өйткені Мен рақымдымын! — деп уәде береді Жаратқан Ие, — Менің қаһарым мәңгілікке ұласпайды.
Jere Kaz 3:13  Алайда өз кінәңді: Құдайың Жаратқан Иеге қарсы бас көтеріп, әрбір саялы ағаштың түбінде бөгде тәңірлерге беріліп, Менің даусыма құлақ салмағаныңды мойындауың қажет!» — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Jere Kaz 3:14  «Қайтыңдар Маған, уа, тұрақсыз балаларым! — дейді Жаратқан Ие. — Өйткені Мен сендердің қожайындарыңмын. Әр қаладан біреуден, әр рудан екеуден таңдап алып, сендерді Сионға әкелемін.
Jere Kaz 3:15  Сонда Мен сендерге өздеріңді біліммен және түсінікпен жетелеп жүретін, көңілімнен шыққан бағушыларды беремін».
Jere Kaz 3:16  Жаратқан Ие тағы мына уәдені береді: «Сендер өсіп-өніп, елдегі сандарың көбейген күндер келгенде, адамдар Жаратқан Иенің Келісім сандығы туралы айтпайтын болады. Олар тіпті ол жайында енді ойламайды да, оны естеріне алып, аңсамайды да, не басқа бір Келісім сандығы жасалмайды да.
Jere Kaz 3:17  Сол заман келгенде Иерусалим «Жаратқан Иенің жер бетіндегі тағы» деп аталып, барлық ұлттар Жаратқан Иенің есімін дәріптеу үшін Иерусалимде жиналатын болады. Бұдан былай олар өздерінің зұлым жүректерінің қыңырлығымен жүрмейді.
Jere Kaz 3:18  Сол заман туғанда Яһуда халқы Солтүстік Исраил халқына қосылып, екеуі (жер аударылған) солтүстіктегі елдерден Мен өздерінің ата-бабаларына мұралық меншікке берген елге қайтып келеді.
Jere Kaz 3:19  Мен сендерді рухани балаларым ретінде құшақ жая қарсы аламын деген болатынмын. Көптеген халықтар тамашалаған осы керемет елді сендерге мұралық меншікке табыстауға ниеттенген едім. Сендер Мені «Әке» деп атап, Менен ешқашан бас тартпайсыңдар деп ойладым.
Jere Kaz 3:20  Бірақ өз күйеуіне опасыз болған әйел сияқты, сен де, уа, Исраил халқы, Маған опасыздық жасадың», — деп ескертеді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 3:21  Тақыр төбе бастарынан бір дауыс естіліп тұр. Бұл өздерінің теріс жолдарымен адасып кетіп, Құдайлары Жаратқан Иені ұмытқан исраилдіктердің зарлы үні.
Jere Kaz 3:22  — Қайтып келіңдер Маған, ей, тұрақсыз халық! Мен сендерді опасыз қылықтарыңнан арылтып сауықтырамын.— Иә, біз Саған қайтып келеміз, өйткені Сен біздің Құдайымыз Жаратқан Иесің! — дейді Солтүстік Исраилдің халқы. —
Jere Kaz 3:23  Шынында, тау-төбелердің бастарында жиналып, жалған тәңірлерге табынып, азғындыққа салынуымыз алдамшылық, көз бояушылық. Исраилдің құтқарылуы шынымен тек Құдай Иемізден ғана!
Jere Kaz 3:24  Жастық шағымыздан бері сол масқара тәңірсымақтар ата-бабаларымыздың еңбектерінің жемісін — ірілі-ұсақты малдарын, тіпті ұл-қыздарын да жалмап келді.
Jere Kaz 3:25  Ұятымызға бола біз жерде жатырмыз әрі масқараның астында қалдық. Өйткені өздеріміз де, ата-бабаларымыз да Құдай Иемізге қарсы күнә жасадық. Жастық шағымыздан күні бүгінге дейін Құдайымыздың айтқандарына құлақ аспай келеміз.
Chapter 4
Jere Kaz 4:1  — Шіркін, қайтып келсең ғой, о, Исраил, Өзіме қайтып оралсаңшы! — дейді Жаратқан Ие. — Тек жиренішті тәңірсымақтарыңды Менің алдымнан аластатып, бұдан былай адасып тентіреулеріңді қоюға тиіссіңдер.
Jere Kaz 4:2  «Мәңгі тірі Жаратқан Ие» деген Менің атыммен ант беріп, шындық, әділет және әділдікпен жүріңдер. Содан өзге халықтар сендер арқылы жарылқанып, есімімді даңқтап, мақтан тұтатын болады.
Jere Kaz 4:3  Жаратқан Ие Яһуда мен Иерусалимнің адамдарына мынаны да айтады:— Жүректерің тікенек басқан тың жер сияқты қатайып кеткен. Тың жерлеріңді жыртыңдар! Тікенек арасына тұқым сеуіп ысыраптамаңдар!
Jere Kaz 4:4  Уа, Яһуда мен Иерусалимнің халқы! Өздеріңді толықтай Жаратқан Иеге арнаңдар, Оған жүректеріңді де түгелдей бағыштаңдар! Әйтпесе сендердің жасаған барлық күнәларыңнан Менің қаһарым жалындай лап етіп, оттай лаулайтын болады. Сонда оны ешкім сөндіре алмайды.
Jere Kaz 4:5  Яһудада хабарлап, Иерусалимде жариялаңдар, бар күштеріңмен айқайлап, мынаны айтыңдар: «Керней тартып, бүкіл елде дабыл қағыңдар! Бәріне былай деңдер: Жиналыңдар! Бекіністі қалаларға қашып барып бас сауғалайық!
Jere Kaz 4:6  Сионға қарай бағыттап белгі көтеріп қойыңдар! Босқа тұрмай, тез қашып құтылыңдар! Өйткені Мен солтүстіктен сұрапыл апат әкеле жатырмын!»
Jere Kaz 4:7  Халықтарды қырып-жоюшы жау ну қамыстағы апанынан шыға келген арыстандай екпіндеп келе жатыр. Жеріңді күйрету үшін ол өз орнынан аттанып шықты. Яһуда, сенің қалаларың қирап, бірде-бір тұрғыны аман қалмайды.
Jere Kaz 4:8  Сондықтан азалы киім киіп, еңіреп жыла! Өйткені Жаратқан Иенің лаулаған қаһары бізден бетін аударып әкеткен жоқ.
Jere Kaz 4:9  Жаратқан Ие мынаны айтады: «Сол күні патша мен әміршілердің зәресі қалмай, діни қызметкерлер қатты шошып, пайғамбарлар да үрейлене аңтарылады!» —
Jere Kaz 4:10  Сонда мен: «Уа, Жаратушы Тәңір Ие, «Сендерге амандық пен тыныштық болады» деп халық пен Иерусалимді алдаған екенсің! Ал шынында семсер тамағымызға таяп, орып жіберейін деп-ақ тұр!» — деп мұңымды шақтым.
Jere Kaz 4:11  Сол кезде мына халық пен Иерусалимнің тұрғындарына былай делінеді: «Шөлдегі тақыр төбелерден Менің сүйікті халқыма қарай аңызақ жел соғып тұр. Бірақ бұл бидайдың қауызын ұшырып әкетіп, дәндерін шаң-тозаңнан тазалауға қолайлы жел емес!
Jere Kaz 4:12  Менің бұйрығыммен үрлеп тұрған осы дауыл бұл үшін тым күшті. Қайта, енді Мен оларға қарсы үкімімді шығарамын».
Jere Kaz 4:13  — Қараңдар! Жау бұлттай жөңкіп, соғыс күймелері құйындай жүйткіп, алға қарай зымырап келе жатыр. Жылқылары шүйілген бүркіттен де жүйрік! Сорладық, біз қасіретке қаламыз!
Jere Kaz 4:14  — Уа, Иерусалим, жүрегіңді зұлымдықтан жуып тазарт! Сонда ғана сен құтқарыласың. Қашанға дейін ішіңде жаман ойларды сақтап жүре бермексің?
Jere Kaz 4:15  (Сонау солтүстіктегі) Дан жақтан бір дауыс естілді, Ефремнің тауларынан бір апат жайлы хабар жетті.
Jere Kaz 4:16  Соны халықтарға айтып, Иерусалимге жариялаңдар: «Алыс елден қамал бұзғыш әскер келе жатыр, олар Яһуданың қалаларын басып алмақ болып қатты атой салады!
Jere Kaz 4:17  Осы жасақшылар егістіктің қарауылдары іспетті Иерусалимді қоршап алады. Өйткені сол қала Маған мойынсұнбай бас көтерді, — дейді Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 4:18  Бұның бәрі сенің басыңа өз іс-әрекеттеріңнің кесірінен түсіп отыр. Саған тиісті жаза осы. Ол қандай ауыр, көкіректі қарс айырады!»
Jere Kaz 4:19  — Жаным-ай, жаным-ай! Аурудан бүрісіп қиналып жатырмын! Жүрегім толқып дүрс-дүрс соғып тұр. Үнсіз қала алмаймын. Өйткені кернейдің шабуылға шақырғанын, әскердің атой салғанын естіп тұрмын.
Jere Kaz 4:20  Бір апаттан кейін бір апат, бүкіл ел қирап иесіз бос жатыр. Бір мезетте-ақ шатырларым, көзді ашып-жұмғанша жабынды күркем жермен-жексен болып қалды.
Jere Kaz 4:21  Қашанға дейін мен әскердің туына қарап, кернейдің үнін тыңдауым керек? (— дейді Еремия.)
Jere Kaz 4:22  — Өз халқымның сана-сезімі кем, олар Мені жақыннан танымайды. Халқым ақылсыз балалар сияқты түсінік дегеннен жұрдай. Жамандықты істеуге келгенде шебер-ақ, ал жақсылық жасауды білмейді! (— дейді Жаратқан Ие.)
Jere Kaz 4:23  — Жерге қарасам, ретсіз, тіршіліксіз бос жатыр, аспанға қарасам, жарығынан жұрдай болып тұр.
Jere Kaz 4:24  Тауларға қарасам, олар сілкініп, төбелер де шайқалып тұр.
Jere Kaz 4:25  Тағы қарасам, бірде-бір адам баласы жоқ, әрі аспандағы құс атаулы бірі қалмай ұшып кеткен.
Jere Kaz 4:26  Енді қарасам, шұрайлы ел шөл далаға айналыпты, ал ондағы қалалар Жаратқан Иенің алдында Оның лаулаған қаһарынан қирап қалыпты!
Jere Kaz 4:27  Өйткені Жаратқан Ие мынаны айтады: «Бүкіл ел қирап қаңырап бос қалады! Дегенмен оны түгелдей қырып-жоймаймын.
Jere Kaz 4:28  Елдің қирағанына бола жер жоқтап аза тұтып, аспан түнеретін болады. Өйткені Мен осындай шешім қабылдап, соны білдіріп тұрмын. Мен райымнан қайтпаймын, шешімімді сөзсіз орындаймын!»
Jere Kaz 4:29  Қарасам, атты әскер мен садақшылардың айқай-шуынан бар қаланың тұрғындары бас сауғалап қашып кетіп бара жатыр екен! Біреулері қалың тоғайға қарай безсе, басқалары тау-тасқа өрмелеп бара жатты. Қалалардың бәрі бос қалған, оларда ешкім тұрмайды.
Jere Kaz 4:30  Жақында жаудың талауына түсетін қала, не істеп отырсың? Несіне қымбат ал қызыл киім киіп, алтын әшекейлеріңді тағасың? Қас-қабағыңды неге сүрме жағып бояйсың? Бекерге сыланып-сипанасың. Көңілдес одақтастарың сені менсінбейді, олар тіпті жаныңды алмақшы.
Jere Kaz 4:31  Толғатып, тұңғышын босанайын деп жатқан әйелдің айқайындай айқай естіп тұрмын. Бұл ентігіп, демін ала алмай жатқан Иерусалимнің айқайы. Ол қолдарын жайып: «О, қасірет! Сорладым! Жан алғыштардың алдында дәрменсізбін!» — деп түңілді.
Chapter 5
Jere Kaz 5:1  — Иерусалимнің көшелерін олай да бұлай шарлап, жан-жаққа зер сала қарап, алаңдарынан да іздеңдер! Әділ іс істеп, шындықты ұстанушы бір адамды тапсаңдар, Мен бүкіл қаланы кешіремін.
Jere Kaz 5:2  Олар: «Мәңгі тірі Жаратқан Иенің атымен» деп ант еткеннің өзінде өтірік айтады.
Jere Kaz 5:3  — Уа, Жаратқан Ие, Сен шыншылдықты талап етесің ғой! Сен оларға соққы берсең де, еш ауырсынбады, күйрете соққы берсең де, түзелуден бас тартты. Олар беттерін тастан бетер қатайтып қасарысып, күнәларына еш өкінбеді.
Jere Kaz 5:4  Сонда мен: «Бұлар бар болғаны кедейлер ғана. Олар сауатсыз ғой, Жаратқан Иенің жолын, өздерінің Құдайының Таурат заңын білмейтін де шығар.
Jere Kaz 5:5  Сондықтан мен атақтыларына барып, айтарымды соларға айтайын. Жаратқан Иенің жолы мен Құдайдың Таурат заңын бұлар сөзсіз біледі!» деп ойладым. Бірақ атақтылары да бәрі бірдей Жаратқан Иенің жүктеген міндеттерінен бас тартып, Оның қойған шектерін бұза берген.
Jere Kaz 5:6  Енді орманнан шыға келген арыстан оларға бас салып, құла түзде жүрген қасқыр оларды жалмайды. Қалаларының маңында қабылан торуылдап, сыртқа шыққан кез келген адамды жарып тастауға дайын. Себебі олар әбден бас көтеріп, сансыз рет Жаратқан Иеге опасыздық жасап келеді.
Jere Kaz 5:7  «Мен сендерді қалай кешіре аламын? Балаларың Менен бас тартып, ешқандай да құдай емес тәңірсымақтардың атымен ант ететін болды. Мен оларды асырап жүрсем де, олар азғындыққа салынып, жеңіл жүрісті әйелдердің үйлеріне топырлап барады.
Jere Kaz 5:8  Олар күйттеген, тойынған айғыр сияқты, бір-бірінің әйеліне кісіней қарайды.
Jere Kaz 5:9  Оларды бұлары үшін жазаламай қоя берейін бе? — дейді Жаратқан Ие. — Егер мұндай халыққа лайықтысын қайтармасам, соным дұрыс болар ма еді?!»
Jere Kaz 5:10  (Халық сапасыз жүзімдік іспетті азып барады.) Жүзімдіктің соқпақтарын аралап жүріп, бұталарын құртыңдар, дегенмен толығымен қырып-жоймаңдар! Бұталардың сабақтарын жұлып тастаңдар, өйткені бұл адамдар Жаратқан Иенікі емес!
Jere Kaz 5:11  «Солтүстік Исраил халқы мен Яһуда халқы Маған зұлым опасыздық жасады, — дейді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 5:12  Олар Жаратқан Ие туралы өтірік айтып: «Ол жоқ, ештеңе істемейді! Басымызға пәле түспейді, не соғыс, не ашаршылықты ешқашан көрмейміз!
Jere Kaz 5:13  Пайғамбарлардың сөздері ескен желдей бос, Құдайдың хабарлары оларда жоқ. (Олар қоқан-лоқы жасап) айтқандары өз бастарына түссін!» деді».
Jere Kaz 5:14  Сондықтан Әлемнің Әміршісі Құдай Ие маған былай деді: «Мына халықтың осындай сөздерді айтқандары үшін Мен сенің аузыңдағы сөздерімді от, ал халықты отын қыламын. Олар бұл оттан тұтанып лапылдап жанатын болады!»
Jere Kaz 5:15  «Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, — дейді Жаратқан Ие, — Мен сендерге қарсы алыстан бір халықты аттандырып әкелемін. Ол ежелден келе жатқан қуатты халық. Оның тілін білмейсіңдер, айтып тұрғандарын түсінбейсіңдер.
Jere Kaz 5:16  Олардың қорамсақтары ашық жатқан көрдей, ерлерінің бәрі де мықты.
Jere Kaz 5:17  Сол жасақшылар өнімдеріңді жеп, азық-түліктеріңді тауысады, ұл-қыздарыңды да жалмап қояды. Олар сендердің табын-отарларыңды, жүзімдерің мен інжірлеріңді жалмап, сенім артып отырған бекіністі қалаларыңды жермен-жексен қылады.
Jere Kaz 5:18  Бірақ тіпті сол кездері де Мен сендерді толығымен құртып жоқ қылмаймын», — деп уәде береді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 5:19  «Халқың: «Бұның бәрін Құдайымыз Жаратқан Ие бізге неге істеді екен?» деп сұрайтын болса, сен оларға: «Себебі сендер Одан бас тартып, осы елдеріңде бөтен тәңірлерге беріліп табынып кеткенсіңдер. Сол себепті енді өз елдерің емес жерде бөтен халықтың құлы боласыңдар!» деп жауап бересің».
Jere Kaz 5:20  «Мына хабарды Жақыптың үрім-бұтағына жеткізіңдер, оны Яһуда елінде жар салыңдар:
Jere Kaz 5:21  Тыңдаңдар мынаны, ақымақ та түйсіксіз халық: көздерің болса да көрмейсіңдер, құлақтарың болса да естімейсіңдер.
Jere Kaz 5:22  Мені неге қастерлемейсіңдер? — дейді Жаратқан Ие. — Менің алдымда неге қорқып дірілдеп тұрмайсыңдар? Теңіздің шетін құм төбелермен шектеп көмкердім. Соларды теңіз ешқашан өте алмайтын шекара етіп қойдым. Толқындар қанша буырқанып, толқыса да, Мен белгілеп қойған шектерінен өте алмайды.
Jere Kaz 5:23  Бірақ мына халықтың жүрегі қасарысқан әрі бүлікшіл, олар сырт айналып, безіп кетті.
Jere Kaz 5:24  Халық шын жүректен өзара: «Құдай Иеміз бізге күзгі де, көктемгі де жаңбырларын мезгілінде жауғызады, жыл сайын белгілі мерзімде өнім сыйлайды, Оны терең қастерлейікші!» десіп келмейді.
Jere Kaz 5:25  Өз әділетсіз істеріңе бола осы жақсылықтардан құр алақан қалдыңдар, өз күнәларың сендерді бұл игіліктерден шет қалдырды.
Jere Kaz 5:26  Менің халқымның арасында құсқа тұзақ құрғандай адамдарды аңдып жататын залымдар бар. Олар тор құрып, адамдарды қолға түсіреді.
Jere Kaz 5:27  Тордың құсқа толы болатынындай, олардың үйлері алдамшылыққа толы. Соның арқасында олар байып, беделге ие болды.
Jere Kaz 5:28  Олар әбден шел жинап жып-жылтыр болып алды. Зұлым істерінде енді шек жоқ, жетімнің ісін әділдікпен шешпейді, жарлының мүддесін де қорғамайды.
Jere Kaz 5:29  Осы халықты сол үшін жазаламай қоя берейін бе? Егер мұндай халыққа лайықтысын қайтармасам, соным дұрыс болар ма еді?!» — деп сұрайды Жаратқан Ие.
Jere Kaz 5:30  «Елде мейлінше қорқынышты да жиренішті іс болып жатыр:
Jere Kaz 5:31  Пайғамбарлар жалған сөйлеп, діни қызметкерлер өз беттерімен өктемдік жүргізеді. Бұл Менің халқыма тіптен ұнайды! Бірақ ақыр соңы жеткенде сендер не істемексіңдер?!»
Chapter 6
Jere Kaz 6:1  «Бас сауғалап қашыңдар, уа, Буняминнің үрім-бұтағы! Иерусалимнен де қашып кетіңдер! Текояда дабыл қағып керней тартыңдар, Бет-Кәремнің үстінен от қойып белгі беріңдер! Себебі солтүстіктен елді қырып-жоятын сұрапыл апат келе жатыр!
Jere Kaz 6:2  Сион әсем де нәзік қызға ұқсайды, әйтсе де Мен қаланы жойылуға тастаймын.
Jere Kaz 6:3  Малдарын айдап келген бақташылар іспетті жау аттанып келіп, оның айналасына қостарын тігеді. Әрқайсысы өз үлесінде отар-табындарын жаяды».
Jere Kaz 6:4  Қолбасшылары: «Оған қарсы шайқасу үшін тәңірге бағышталып дайындалыңдар! Жиналып, түс кезінде жоғары аттанайық!» «Қап, күн батуға таяп қалыпты, кеш түсіп көлеңкелер ұзарыпты!»
Jere Kaz 6:5  «Ендеше түн ішінде қалаға бас салып, сарайларын қиратып тастайық!» — деседі.
Jere Kaz 6:6  Әлемнің Иесі мынаны айтады: «Ағаштарды шауып, Иерусалимнің қамалынан өту үшін үймектер үйіңдер! Бұл қала жазалануға тиіс, оның ішінде қанаушылық кеңінен етек жайған.
Jere Kaz 6:7  Қайнар көзден судың ағып шыға беретініндей, бұл қаладан зұлымдық солай шыға береді. Одан зорлық-зомбылық пен тонаудың даусы естіліп тұр. Оның дерті мен жаралары әрқашан көз алдымда.
Jere Kaz 6:8  Ескертуімді тыңда, ей, Иерусалим! Әйтпесе Мен сенен сырт айналамын, еліңді ешкім тұрмайтындай қаңыратып бос қалдырамын».
Jere Kaz 6:9  Әлемнің Иесі тағы мынаны да айтты:— Жауларың сені халқыңнан жұрдай қылады, (Иерусалим). Жүзім жинаушы қалып қойған жүзім шоқтарын екінші рет теріп алатынындай, жауларың да қалған халқыңды теріп алып кетеді.
Jere Kaz 6:10  — Мен осыны кімге айтып, кімді сақтандыруым керек? Кім маған құлақ асады? Олар құлақтарын бітеп алған, ести алмайды. Жаратқан Иенің сөзі оларға мазақ тәрізді, олар содан еш рақат таппайды.
Jere Kaz 6:11  Жаратқан Иенің қаһары менің бойымда да лаулап тұр, оны тежеп тұра алар емеспін, — дедім.— Ендеше қаһарым көшеде ойнап жүрген балаларға, бас қосқан жас жігіттерге лақ етіп төгілсін! Әйелі мен күйеуі де, жасы ұлғайған қариясы да қаһарымды бастарынан өткізеді.
Jere Kaz 6:12  Мен елдің тұрғындарын жазалауға қолымды созғанда олардың үйлері, жерлері және әйелдері бөтен жұрттың қолына көшеді! — деп ескертеді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 6:13  Кішігінен ұлығына дейінгі бәрі де пайдақұмар. Тіпті пайғамбарлары мен діни қызметкерлері де арамзалық жасайды.
Jere Kaz 6:14  Олар халқымның терең жарақатын жеңіл-желпі таңа салып: «Амандық пен тыныштық болады!» деп халықты алдайды. Алайда амандық пен тыныштық жоқ қой!
Jere Kaz 6:15  Өздерінің осы жексұрын істеріне ұяла ма? Жоқ, оларда ұят деген мүлдем жоқ, олар тіпті қызаруды да білмейді. Сондықтан басқалар құлағанда олар бірге құлайды, Мен соларды жауапқа тартқанда жермен-жексен болады. — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Jere Kaz 6:16  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Жол торабына барып, айналаны байқап қараңдар, ежелгі жолдардың қайда екенін сұрап алыңдар! Ізгі жолдың қайда екенін сұрастырып біліп алып, онымен жүріңдер! Сонда жандарыңа тыныштық табасыңдар. Бірақ сендер: «Жоқ, онымен жүрмейміз!» деп бас тарттыңдар.
Jere Kaz 6:17  Сендерге күзетуші пайғамбарларымды тағайындап: «Олардың қаққан дабылдарына құлақ салыңдар!» деп едім. Бірақ та: «Жоқ, соған құлақ салмаймыз!» деп қасарыстыңдар.
Jere Kaz 6:18  Ендеше, уа, халықтар, солармен не болатынын тыңдаңдар! Ей, куәгерлер, соны біліп алыңдар!
Jere Kaz 6:19  Тыңда, уа, жер! Зұлым істерінің кесіріне бола Мен мына халықтың басына апат түсіремін. Себебі осы халық Менің сөздеріме құлақ аспай, Таурат заңымнан бас тартты.
Jere Kaz 6:20  Солай болып тұрғанда Сәба елінің хош иісті ладан шайырын әрі шалғай елдің тәтті де жұпар құрағын түтетіп ұсынғандарыңнан Маған не пайда? Шалып, өртеп ұсынған құрбандықтарыңды қабылдамаймын, сый-тартуларыңа да риза болмаймын».
Jere Kaz 6:21  Сондықтан Жаратқан Ие мынаны айтады: «Мен өз халқымның жолына сүріндіретін кедергілер қоямын. Әкелер мен ұлдары соған сүрініп құлайды. Көрші-қолаң, дос-жарандар бірге жығылып, мерт болады».
Jere Kaz 6:22  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады:— Біліп қойыңдар, солтүстіктен бір әскер аттанып келеді. Жер бетінің алыс шеттерінен бір үлкен халық жылжып келетін болады.
Jere Kaz 6:23  Садақ пен найза ұстанған олар қатыгез, аяуды білмейді. Атқа мініп шапқанда дауылды теңіздей гүрілдейді. О, сорлы Сион, олар шеп құрып, сені басып алуға келеді! —
Jere Kaz 6:24  (Содан қаланың тұрғындары зарлап былай дейді:)— Олар туралы хабар естігенде, қолдарымыздың әлі кетіп, сылқ етті. Жанымызды үрей билеп, толғатқан әйелдей қинала бастадық.
Jere Kaz 6:25  Далаға шықпаңдар, жол жүрмеңдер! Өйткені жаудың семсері бар, айналдыра бәрі де қорқыныш.
Jere Kaz 6:26  Уа, халқым, қайғырып азалы киім киіп, күлге аунаңдар! Жалғызы өлген адамдай жоқтап, еңіреп жылаңдар! Өйткені құртушы жау бізге аяқ астынан бас салады.
Jere Kaz 6:27  — Мен сені кен қоспасын тексеріп сынаушы іспетті етіп қойдым. Сен халқымды сұрыптап, жүрген жолдарына баға бер! — деді маған Жаратқан Ие.
Jere Kaz 6:28  — Олардың бәрі — бас көтерген қыңырлар, сөз тасушы жалақорлар. Олар (алтын-күмістей асыл емес) қола мен темірге ұқсайды, барлығы да азғырушылар.
Jere Kaz 6:29  Көрік ауаны қатты үрлейді, қорғасын қызған күмістің қоқысын тазартып әкетеді. Бірақ осы халықты азап отында тазарту пайдасыз. Бұларды зұлымдығынан еш арылтып тазартуға болмайды.
Jere Kaz 6:30  Жаратқан Ие олардан бас тартты, енді олар «жарамсыз күміс» деп аталатын болады!
Chapter 7
Jere Kaz 7:1  Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 7:2  «Жаратқан Иенің киелі үйінің кіреберіс қақпасына барып, сол жерде тұр да, мына хабарды жарияла: Уа, халайық, Жаратқан Иеге иіліп ғибадат етуге осы қақпа арқылы енетін яһудилер! Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар!
Jere Kaz 7:3  Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Теріс жолдарыңнан қайтып, іс-әрекеттеріңді түзетіңдер! Сонда Мен сендерге осы елде әрі қарай тұра берулеріңе жағдай жасаймын.
Jere Kaz 7:4  «Міне, Жаратқан Иенің киелі үйі, иә, бізде Жаратқан Иенің киелі үйі бар ғой! Жаратқан Иенің киелі үйі осы жерде тұрғанда басымызға ешбір пәле түспейді!» деген өтірік сөздерге сеніп, алданып қалып жүрмеңдер!
Jere Kaz 7:5  Қайта, шынымен теріс жолдарыңнан қайтып, зұлым іс-әрекеттеріңді доғарыңдар және бір-біріңе әділ болыңдар!
Jere Kaz 7:6  Жат жұрттыққа, жетім-жесірге жамандық істемей, жазықсыз қан төгулеріңді, бөгде тәңірлерге табынуларыңды қойыңдар, өйткені осылар өздеріңнің құрып кетулеріңе себеп болады.
Jere Kaz 7:7  Солай етсеңдер ғана Мен ата-бабаларыңа уәде етіп мәңгілікке тапсырған осы елде сендерді ұдайы мекендетемін!
Jere Kaz 7:8  Бірақ қазір сендер түкке тұрғысыз өтірікке сеніп жүрсіңдер.
Jere Kaz 7:9  Ұрлық жасайсыңдар, кісі өлтіресіңдер, неке адалдығын бұзасыңдар, өтірік ант бересіңдер, Бағалға арнап хош иісті заттар түтетіп, құрбандық шалып, өртеп ұсынасыңдар. Өздерің бұрын танымаған бөгде тәңірлерге табынасыңдар.
Jere Kaz 7:10  Ал содан кейін Менің есіміммен аталған киелі үйге барып, алдыма келіп: «Біз қауіптен аманбыз!» деп сенесіңдер. Сөйте тұра, осы жексұрын қылықтарыңды қайтадан істеп жүре бермексіңдер ме?
Jere Kaz 7:11  Сонда Менің есіміммен аталған осы киелі үй сендерше «қарақшылар ордасына» айналғаны емес пе? Біліп қойыңдар, Мен соның бәрін көріп тұрмын! — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Jere Kaz 7:12  Менің жер бетіндегі тұрағым — осы елде баяғыда болған жерім Шилоға барып көріңдерші! Мен алғашқы кезде өз есімімді сонда орнатқан болатынмын. Алайда халқым Исраилдің зұлым істерді істей бергені үшін оған не қылғанымды өз көздеріңмен көріңдер!
Jere Kaz 7:13  Ал енді, осындай күнә жасап жүргендеріңде Мен сендерге қайта-қайта ескерттім, бірақ сендер тыңдамадыңдар! Мен шақырдым, бірақ жауап бермей қойдыңдар!
Jere Kaz 7:14  Сондықтан Менің есіміммен аталған және өздерің сенімдеріңді артқан мына киелі үйді Шилодағы ежелгі табыну орны іспетті талқандатамын. Мен өздеріңе және ата-бабаларыңа табыстаған осы елге де солай істеймін.
Jere Kaz 7:15  Мен ағайындарың Солтүстік Исраил халқын көз алдымнан аластатқанымдай, сендерді де солай аластатамын».
Jere Kaz 7:16  «Ал сен мына халық үшін Маған сиынушы болма! Олардың жоғын жоқтап жалбарынушы не дұға етуші де болма! Өйткені Мен олар үшін жасаған өтінішіңе бәрібір құлақ аспаймын.
Jere Kaz 7:17  Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің көшелерінде олардың не істеп жүргендерін көрмей жүрсің бе?
Jere Kaz 7:18  Балалары отын жинап, әкелері от жағады, ал әйелдері қамыр илеп, «Аспан патшайымы» деген тәңірсымаққа арнап нан пісіріп иіс шығарады. Олар бөгде тәңірлерге арнап сұйық тартулар құйып та ұсынады. Бұларын Мені ашуландыру үшін істейді!
Jere Kaz 7:19  Ал ақыр соңында ашуланатын Мен боламын ба? Олардың өздері ашуланып, масқараға қалмай ма?!»
Jere Kaz 7:20  Сол себепті Жаратушы Тәңір Ие мынаны да айтады: «Енді, міне, Менің қаһарым мен ашуым осы жерге, оның адамы мен малына, даланың ағашы мен егістіктің өніміне төгіліп, бәрі өртеніп, түгі қалмайынша сөнбейтін болады. —
Jere Kaz 7:21  Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, тағы мынаны айтады: — Сендер Маған арнап түгелдей өртеп ұсынғыларың келген құрбандықтарыңды басқа да құрбандықтарыңа қосып, етін өздерің-ақ жей беріңдер!
Jere Kaz 7:22  Өйткені Мен ата-бабаларыңды Мысырдан алып шыққанымда оларға өсиет еткенім түгелдей өртеліп ұсынылатын құрбандықтар мен сый-тартулар емес еді.
Jere Kaz 7:23  Ал оларға тапсырған өсиетім мынадай болды: Маған мойынсұныңдар, сонда Мен сендердің Құдайларың, сендер Менің халқым боласыңдар! Тек Менің өздеріңе бұйырған жолыммен ұдайы жүріңдер! Сонда игілікті өмір сүріп өркендейтін боласыңдар.
Jere Kaz 7:24  Бірақ олар тыңдаған да жоқ, сөздеріме мән де берген жоқ. Керісінше, қыңырланып зұлым ой-ниеттерін іске асырып жүрді. Олар алға жүрудің орнына кері кетті.
Jere Kaz 7:25  Ата-бабаларың Мысырдан шыққалы бері осы күнге дейін сендерге қайта-қайта өз қызметшілерім — пайғамбарларды жіберіп отырдым.
Jere Kaz 7:26  Бірақ халық Мені тыңдаған да жоқ, сөздеріме ден қойған да жоқ. Олар қыңырланып, тіпті өз ата-бабаларынан бетер көп күнә жасады.
Jere Kaz 7:27  Осыны халыққа жеткіз! Алайда олар сені тыңдамайтын болады. Сен оларды қайта оралуға шақырғанда, жауап бермейтін болады.
Jere Kaz 7:28  Сондықтан оларға былай де: Осы халық өз Құдайы Жаратқан Иеге мойынсұнбайды, Оның ескерту сөзіне құлақ аспайды. Шындық олардан ғайып болып, ауыздарынан құрып кетті».
Jere Kaz 7:29  «Уа, Иерусалим, (жасаған күнәларыңа өкініп) шашыңды қырқып алып таста, тақыр төбе басына шығып, жоқтау айтып зар жыла! Өйткені Жаратқан Ие Өзінің қаһарын туғызған осы ұрпақтан бас тартып, оны жалғыз тастап кетті!»
Jere Kaz 7:30  — Яһуда халқы Маған жек көрінішті іс-әрекеттер істеп келеді, — дейді Жаратқан Ие. — Олар Менің есіміммен аталған киелі үйде өздерінің жалған тәңірлерінің мүсіндерін орнатып алып, оны арамдады,
Jere Kaz 7:31  әрі Бен-Хенном аңғарында Топет деген табыну орындарын салып, сол жерлерде ұлдары мен қыздарын жалған тәңірге арнап өртеп құрбан етті. Мұндайды Мен оларға бұйырған емеспін, ол тіпті ойыма да келген жоқ.
Jere Kaz 7:32  Сондықтан сақ болыңдар! — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Ол жер енді Топет немесе Бен-Хенном аңғары деп емес, Қырғын аңғары деп аталатын уақыт келеді. Өйткені олар өліктерін бос орын қалмағанша сол жерге қоятын болады.
Jere Kaz 7:33  Сонда осы халықтың мәйіттері жыртқыш құстар мен аңдарға жем болып, соларды үркітіп жіберетін ешкім болмайды.
Jere Kaz 7:34  Мен елді қаңыратып, Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің көшелерінен қуаныш пен шаттықтың үнін, күйеу бала мен қалыңдықтың көңілді дауыстарын шықпайтын қыламын!
Chapter 8
Jere Kaz 8:1  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Сол кезде Яһуданың патшалары мен әкімдерінің, діни қызметкерлері мен пайғамбарларының, әрі Иерусалимнің өзге тұрғындарының сүйектері өз қабірлерінен шығарылып тасталады.
Jere Kaz 8:2  Олар тірі кездерінде өздері сүйіп, жолдарын қуып, ақыл-кеңес сұрап, иіліп ғибадат еткен күн мен айдың әрі аспандағы жұлдыздардың астында қалады. Сүйектерді ешкім жинап алмайды, ешкім қабірге де қоймайды. Содан олар жерде қи сияқты шашылып жататын болады.
Jere Kaz 8:3  Ал Мен халықтың тірі қалғандарын қай елге қуып жіберсем де, олар сонда тірі жүргендерінен гөрі өлгенді қалайтын болады, — деп ескертеді Әлемнің Иесі.
Jere Kaz 8:4  Халыққа былай де: Жаратқан Ие мынаны айтады: Егер біреу құласа, қайта тұрмай ма? Жолдан бұрылып кетсе, оған қайтпай ма?
Jere Kaz 8:5  Онда мына халық неге Менен бұрылып кетті? Иерусалим неге Менен біржола бет бұрып опасыздық жасай береді? Олар өтірікке жабысып алып, Маған кері қайтудан бас тартады.
Jere Kaz 8:6  Не айтатындарына құлақ түріп тыңдаған едім, бірақ олары да шындық болмады. Зұлымдығына өкініп: «Қап, мұным дұрыс болмады-ау!» дейтін ешкім жоқ. Шайқасқа асыққан ат сияқты, әркім өз жолын қуып ойына келгенін істейді.
Jere Kaz 8:7  Тіпті аспандағы ләйлек белгілі мерзімдерін біледі, көгершін, қарлығаш, тырна да көшіп келетін мезгілдерін ұстанады. Бірақ Менің халқым Жаратқан Иенің бұйрықтарын білмейді.
Jere Kaz 8:8  Сендер: «Біз сондай данышпанбыз, бізде Жаратқан Иенің Таурат заңы бар!» деп қалай ғана мақтанасыңдар? Шын мәнісінде заң мұғалімдері оны сендерге бұрмалап үйретеді!
Jere Kaz 8:9  Сол данышпандарың Жаратқан Иенің сөзін қабылдамай тастады. Ендеше оларда қандай даналық бар? Олар жау еліне жер аударылып масқара болады.
Jere Kaz 8:10  Сондықтан Мен олардың әйелдерін бөтен адамдарға, егістіктерін өзге біреулердің қолына беремін. Кішігінен ұлығына дейінгі бәрі де пайдақұмар. Тіпті пайғамбарлары мен діни қызметкерлері де арамзалық жасайды.
Jere Kaz 8:11  Олар халқымның терең жарақатын жеңіл-желпі таңа салып: «Амандық пен тыныштық болады!» деп халықты алдайды. Алайда амандық пен тыныштық жоқ қой!
Jere Kaz 8:12  Өздерінің осы жексұрын істеріне ұяла ма? Жоқ, оларда ұят деген мүлдем жоқ, олар тіпті қызаруды да білмейді. Сондықтан басқалар құлағанда олар бірге құлайды! Мен оларды жауапқа тартқанда, жермен-жексен болады! — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Jere Kaz 8:13  Мен оларды өнімдерінен жұрдай қыламын! — дейді Жаратқан Ие. — Жүзім бұтасында жүзім шоғы қалмайды, інжір ағашында жемісі болмайды, тіпті жапырағы да қурап қалады. Менің өздеріне сыйлаған нәрселерім олардан ғайып болды.
Jere Kaz 8:14  Біз неге отырмыз бұл жерде? Жиналыңдар! Бекіністі қалаларға қашып барып, өлсек те сонда өлейік! Құдай Иеміз бізді өлімге кесіп, ішуге улы сусын беріпті, себебі Оған қарсы күнә жасадық.
Jere Kaz 8:15  Амандық пен тыныштықтың келуін тосудамыз, бірақ жақсы еш нәрсе болмады! Сауығатын кезімізді күтіп келеміз, бірақ басымыздан өткені қорқыныш!
Jere Kaz 8:16  Сонау солтүстіктегі Дан жақтан жау аттарының осқырынғаны естіледі. Олардың айғырлары кісінегенде бүкіл ел дірілдейді. Жау ел мен ондағы бардың бәрін, қалалар мен тұрғындарын түгел жалмап құрту үшін аттанып келе жатыр.
Jere Kaz 8:17  Мен араларыңа жауды улы жыландай жіберіп отырмын. Олар сұр жыландай ешкімнің арбауына көнбей сендерді шағатын болады! — деп ескертеді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 8:18  Жұбаныш іздегенде бойымды қайғы билеп алды, жүрегім сыздап ауырады.
Jere Kaz 8:19  Тыңдаңдар: алыстағы елден халқымның зарлаған даусы естіледі:— Жаратқан Ие Сионда жоқ па екен?! Оның Патшасы енді шаһарда жоқ болғаны ма? — Жаратқан Ие:— Өздерінің жасанды мүсіндерімен, түкке тұрғысыз бөгде тәңірлерімен олар неге Менің ашуымды қоздырды? — деп жауап қайтарды.
Jere Kaz 8:20  — Егін орағы аяқталды, жаз бітті, ал біз әлі де құтқарылған жоқпыз! (— деп қайғырады халық.
Jere Kaz 8:21  Пайғамбар былай дейді:)— Халқым күйреді, содан мен де күйредім. Қатты қайғыдан есеңгіреп қатып қалдым, қорқыныш бойымды билеп алды.
Jere Kaz 8:22  Ғилақад қыраттарында май дәрі жоқ па еді? Онда дәрігер қалмағаны ма? Халқымның жарақаты неге жазылмай қойды?
Chapter 9
Jere Kaz 9:1  Шіркін, басым су шығатын қайнар, көздерім жас ағатын бұлақ болса ғой! Сонда күні-түні халқымның қырылып қаза тапқандарын жоқтап жылар едім!
Jere Kaz 9:2  Иен даланың шалғай бір түкпірінде жол жүрушілер қонақтайтын жерім болса ғой, шіркін! Сонда мен халқымды тастап, олардан безіп кетер едім! Себебі олардың бәрі азғындыққа салынған опасыз жамағат!
Jere Kaz 9:3  «Бұлар тілдерін садақтай иіп, өтірікті жебедей боратады. Өтіріктің арқасында олар елге өктемдік жасап, зұлым іс-әрекеттерін жалғастыруда. Ал Мені тіпті танып мойындамайды да, — дейді Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 9:4  Әрқайсың достарыңнан абай болып, туысқаныңның бірде-біреуіне де сенуші болма! Туысқандарыңның әрбіреуі алдаушы, достарыңның әрбіреуі өсекші.
Jere Kaz 9:5  Олар бір-бірін алдап, ешқайсысы да шындықты айтпайды. Тілдері өтірік айтуға машықтанған, күнә жасауларымен-ақ өздерін шаршатады.
Jere Kaz 9:6  Сен өтірікші адамдардың ортасында өмір сүріп жатырсың. Өздерінің алдамшылығына бола олар Мені танып мойындаудан бас тартады», — дейді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 9:7  Сондықтан Әлемнің Иесі мынаны айтады:— Мен алтынды көрікте балқытып тазартатындай енді оларды (азап отында) тазартамын. Опасыз қыздай күнәға батқан халқыма осыдан басқа істейтін шарам қалған жоқ.
Jere Kaz 9:8  Олардың ауыздарынан шыққан сөздері ажал себетін жебедей, айтқандары өтірік. Жақынымен сөйлескенде татулық жайлы айтады, ал іштей оған қарсы тұзақ құруды ойлап тұрады.
Jere Kaz 9:9  Осындай істері үшін оларды жазаламай қоя берейін бе? — деп сұрайды Жаратқан Ие. — Егер мұндай халыққа лайықтысын қайтармасам, соным дұрыс болар ма еді?!
Jere Kaz 9:10  — Дегенмен тау-төбелер үшін жылап-сықтап, елсіз даладағы жайылымдар үшін жоқтау айтамын. Олар күнге күйіп қаңырап бос жатыр, олармен ешкім жүрмейді, малдың үні де естілмейді. Құс пен аң да олардан безіп кеткен.
Jere Kaz 9:11  — Мен Иерусалимді бір төбе үйінді етіп, оны шибөрілердің мекені қыламын. Яһуданың басқа қалаларын да адам баласы тұрмайтындай етіп қаңыратып бос қалдырамын. — (Жаратқан Ие осыны нық айтады.)
Jere Kaz 9:12  — Бұны түсінуге кімнің даналығы жетеді? Жаратқан Ие оған соны түсіндіріп, енді бізге де ұғындыра алатын адам кім? Ел неге құрып, ешкім жүрмейтін шөл даладай күнге күйіп, қаңырап бос қалған?
Jere Kaz 9:13  Сонда Жаратқан Ие былай деді:— Оның себебі: халықтың Мен өздеріне берген Таурат заңынан безіп кетуі. Олар Менің сөздеріме құлақ түрген де жоқ, заңыма сәйкес өмір сүрген де жоқ.
Jere Kaz 9:14  Қайта, қасарысып өз жүректерінің қалауымен жүріп, әкелерінен үлгі-өнеге алып, жалған тәңір Бағалдың мүсіндеріне табынып кетті.
Jere Kaz 9:15  Сондықтан Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы мынаны айтады: Біліп қойыңдар, Мен мына халыққа азаптың жусандай ащы дәмін татқызып, соттың улы сусынын ішкіземін.
Jere Kaz 9:16  Оларды өздері де, ата-бабалары да бұрын еш білмеген ұлттардың арасына шашыратып, олар толығымен құрып бітпейінше, арттарынан семсер асынған жауларын жіберіп отырамын.
Jere Kaz 9:17  Әлемнің Иесі мынаны айтады:— Қазіргі жағдайды ойланып көріңдер! Жоқтаушы әйелдерді шақырып, олардың ең шеберлерін алдыртыңдар!
Jere Kaz 9:18  (Яһуда халқы былай дейтін болады:) Олар тезірек келіп, бізді жоқтап жылап, көзімізден жас шығартып, судай ағызсын!
Jere Kaz 9:19  Себебі Сионнан жоқтаудың даусы естіледі: «Барымыздан тоналып құрыдық біз! Масқара болдық! Үйлеріміз қирап, елден кетуге мәжбүрміз».
Jere Kaz 9:20  Әй, әйелдер, Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар! Құлақтарыңды Оның айтатын сөздеріне түріңдер. Қыздарыңа жылап-сықтауды, ал бір-біріңе жоқтау жырларын айтуды үйретіңдер!
Jere Kaz 9:21  Себебі ажал тереземізден кіріп, қорған-сарайларымызға еніп жатыр. Ол көшеде ойнап жүрген балаларымыз бен алаңдарда бас қосқан жас жігіттерімізді құртпақшы.
Jere Kaz 9:22  Сен былай де: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Адам сүйектері даладағы қи іспетті, орақшының соңынан қалған бидай баулары сияқты шашылып жататын болады! Ал соларды жинап, қабірге қоятын ешкім де болмайды.
Jere Kaz 9:23  Жаратқан Ие мынаны да айтады: Дана даналығымен, мықты мықтылығымен, бай байлығымен мақтанбасын!
Jere Kaz 9:24  Ал кім мақтанғысы келсе, тек Менің Жаратқан Ие екенімді және жер бетінде рақым, әділет пен әділдікті жүзеге асыратынымды біліп-түсінетінімен мақтансын! Себебі Мен осылардан рақат табамын. Мен, Жаратқан Ие, осылай деймін.
Jere Kaz 9:25  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Болашақта Мен тек тәні ғана сүндеттелген халықтарды:
Jere Kaz 9:26  Мысыр, Яһуда, Едом, Аммон, Моаб елдерін және шөл даланың шалғай шеттерінде тұратындардың бәрін жазалаймын. Өйткені осы халықтар сияқты бүкіл Исраил халқы да сүндеттеу рәсімін ұстанғанымен, Маған шын жүректен бағышталмаған».
Chapter 10
Jere Kaz 10:1  Жаратқан Иенің өздеріңе айтып отырған сөзін тыңдаңдар, уа, Исраилдің үрім-бұтағы!
Jere Kaz 10:2  Себебі Жаратқан Ие мынаны айтады: Басқа ұлттарға еліктеуші болмаңдар! Олар сияқты аспан құбылыстарына қарап, қорқып үрейленбеңдер!
Jere Kaz 10:3  Себебі басқа ұлттардың әдет-ғұрыптары құр бекершілік. Олар орманнан ағаш шауып әкеледі, қолөнерші оны қашауымен өңдейді.
Jere Kaz 10:4  Содан кейін ағашты алтын-күміспен қаптайды, шайқалып құламасын деп тұғырына шегелеп бекітіп қояды.
Jere Kaz 10:5  Олардың тәңірсымақтары қауын бақшасындағы қарақшы сияқты сөйлей алмайды, жүре де алмайды, сондықтан көтеріп алып жүру керек. Олардан қорықпаңдар, себебі еш зиян келтіре алмайды, жақсылық та жасай алмайды.
Jere Kaz 10:6  Уа, Жаратқан Ие, Саған тең келер ешкім жоқ! Сен ұлысың! Зор құдіретіңе бола Сенің есімің де ұлы!
Jere Kaz 10:7  Кім Сені терең қастерлемесін, уа, халықтардың Патшасы? Бұл жалғыз Саған ғана тиісті. Барлық халықтардың данышпандарының арасында, олардың бүкіл патшалықтарында Саған тең келер ешкім жоқ!
Jere Kaz 10:8  Жалған тәңірлерге құлшылық ететін сол «данышпандар» ақылсыз да түйсіксіз. Олардың табынатындары ағаштан жасалған ғой.
Jere Kaz 10:9  Тарсистан балғамен ұрып тегістелген жұқа күміс, әрі Уфаздан алтын әкелінеді. Шебер ұсталар мен зергерлер мүсіндерді солармен қаптайды. Кейін мүсіндерге шебер тігінші тіккен күлгін көк және күрең қызыл патша киімі кигізіледі. Алайда осы тәңірсымақтардың бәрі де шеберлердің қолымен жасалғандар ғана.
Jere Kaz 10:10  Бірақ Жаратқан Ие — шынайы Құдай! Ол — тірі Құдай әрі мәңгілік Патша! Ол қаһарланғанда жер сілкініп, ұлттар Оның қаһарына төтеп бере алмайды.
Jere Kaz 10:11  Сол ұлттарға мынаны айтыңдар: Аспан мен жерді жаратпаған тәңірсымақтарың жер бетінен де, аспан астынан да құрып кететін болады.
Jere Kaz 10:12  Ал Жасаған Ие жерді өз құдіретімен жаратып, дүниені даналығымен орнатып, аспан кеңістігін ақыл-парасатымен жайып жіберді.
Jere Kaz 10:13  Ол дауыс көтергенде аспандағы бұлттар күркірейді. Иеміз көкжиектен бұлттарды көтеріп, нөсер мен найзағайды жібереді, сақтап қойған орнынан желді айдап әкеледі.
Jere Kaz 10:14  Адам атаулы ақылсыз болып, шынайы білімнен жұрдай қалды. Тәңірсымақтың мүсінін құйып жасаған әр зергер сол ісімен өзін масқаралайды. Өйткені қоладан құйылған бейнелер алдамшы, оларда тіршілік лебі мүлдем жоқ.
Jere Kaz 10:15  Сол тәңірсымақтар түкке тұрғысыз, әжуаға қалатын нәрселер. Сотталу уақыты келгенде олардың барлығы құрып кетеді.
Jere Kaz 10:16  Ал Жақыптың үрім-бұтағына жар болушы Құдай олар сияқты емес: Ол — барлық нәрсенің, соның ішінде Өзінің меншікті халқы Исраилдің Жаратушысы. Оның есімі — Әлемнің Иесі.
Jere Kaz 10:17  Ей, қоршауда жатқандар, елден кету үшін заттарыңды жинап алыңдар!
Jere Kaz 10:18  Өйткені Жаратқан Ие мынаны айтады:— Біліп алыңдар: Бұл жолы Мен осы елдің тұрғындарын сақпанның тасындай алысқа лақтырып тастаймын. Олардың жау қолына түсулері үшін түрлі апаттар жіберемін.
Jere Kaz 10:19  — Сорлы басым, күйредім-ау! Жарақатым жазылар емес. Мен: «Бұл тек ауру ғана, төзуім керек» деген едім.
Jere Kaz 10:20  Бірақ шатырым қирады, арқандарының бәрі үзілді. Балаларым мені тастап, ғайып болды. Шатырымды тігіп, панамды құрып беретін ешкім қалған жоқ! (— деп қайғырады Иерусалим.)
Jere Kaz 10:21  — Халқымды жетелейтін бағушылар да ақылдарынан айырылып, Жаратқан Иеге бет бұрып сиынбайды. Сондықтан да олар ешқандай табысқа жетпей, қарауларындағы бүкіл халық шашырап қаңғып кеткен.
Jere Kaz 10:22  Құлақ түріңдер! Бір хабар жетті: ол — солтүстік жақтан келе жатқан әскердің гүрілдеген зор үні! Жау Яһуданың қалаларын елсіз қылып, шибөрілердің мекеніне айналдырады! (— деп ескертеді пайғамбар.)
Jere Kaz 10:23  «Уа, Жаратқан Ие, адамның өмір жолы өз еркінде еместігін білемін. Адамның өз жүретін жолын өздігінен бағыттауына болмайды.
Jere Kaz 10:24  Түзете гөр мені, уа, Жаратқан Ие, бірақ қаһарланбай әрі әділдікті қолданып түзете гөр, әйтпесе мен мүлдем құрып кетермін!
Jere Kaz 10:25  Қаһарыңды Өзіңді танып мойындамайтын ұлттарға, есіміңді атап сиынбайтын тайпаларға төкші! Өйткені олар Жақыптың елін жалмап жеп қойды. Олар оны біржола құртып, жайлы мекенін қиратып, бос қалдырды».
Chapter 11
Jere Kaz 11:1  Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 11:2  — Мына Келісімнің шарттарын тыңдап ал да, оларды Яһуда халқы мен Иерусалимнің тұрғындарына жеткізіп былай де:
Jere Kaz 11:3  Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Осы Келісімнің шарттарына құлақ аспайтын адамды қарғыс атсын!
Jere Kaz 11:4  Мысыр елі ата-бабаларың үшін темір балқытып тазартатын пеш іспетті болды. Мен көп азап шеккен оларды сол елден бастап алып шыққанымда оларға осы Келісімнің шарттарын тапсырып, былай деген едім: «Менің даусыма құлақ салып, бұйырғандарымның бәрін орындасаңдар, сендер Менің халқым, ал Мен сендердің Құдайларың боламын.
Jere Kaz 11:5  Сонда сендердің ата-бабаларыңа берген антымды орындап, өздерің бүгін мекендеп отырған ағы мен балы ағыл-тегіл елді табыстаймын!» — Сонда мен:— Аумин, солай болсын, уа, Жаратқан Ием! — деп жауап бердім.
Jere Kaz 11:6  Содан соң Жаратқан Ие маған былай деді:— Мына сөздерді Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің көшелерінде түгелімен жарияла: Келісімнің шарттарын тыңдап, оларды орындайтын болыңдар!
Jere Kaz 11:7  Мен ата-бабаларыңды Мысыр елінен алып шыққалы бері осы күнге дейін қайта-қайта оларға «Даусыма құлақ салыңдар!» деп ескертіп келдім.
Jere Kaz 11:8  Бірақ олар құлақ салып ден қойған жоқ, керісінше, қасарысқан жүректерінің зұлым қалауларымен жүре берді. Сондықтан Келісімде белгіленген қарғыстардың барлығын бастарына түсірдім. Себебі Мен осы Келісімнің шарттарын оларға тапсырсам да, олар ұстанбады.
Jere Kaz 11:9  Содан соң Жаратқан Ие маған тағы былай деді:— Яһуда мен Иерусалимнің халқының арасында Маған қарсы сыбайласып жатқандар бар!
Jere Kaz 11:10  Олар Менің сөзіме мойынсұнудан бас тартқан ата-бабаларының зұлым істеріне қайта оралып, бөгде тәңірлердің жолына түсіп, соларға құлшылық етеді. Өздерінің ата-бабаларымен жасаған Келісімімді Исраилдің де, Яһуданың да халқы бұзды!
Jere Kaz 11:11  Сондықтан Жаратқан Ие ескертіп мынаны айтады: Мен оларға қашып құтыла алмайтын бір апат жіберемін. Олар Менен рақым етуімді жалбарына өтінсе де, оларға құлақ аспаймын.
Jere Kaz 11:12  Сонда Яһуда қалалары мен Иерусалимнің тұрғындары өздері хош иісті зат түтетіп, құрбандықтар өртеп ұсынатын жалған тәңірлеріне барып, жалбарынатын болады. Бірақ бастарына күн туғанда, солар мүлдем көмек көрсетпейді.
Jere Kaz 11:13  «Ей, Яһуда халқы, сендерде қанша қала болса, сонша жалған тәңір бар! Иерусалимде қанша көше болса, сендер сол масқара тәңірсымақ Бағалға арнап сонша құрбандық үстелдерін тұрғыздыңдар! Иә, солардың үстінде Бағалға хош иісті зат түтетіп, құрбандықтар өртеп ұсынасыңдар!»
Jere Kaz 11:14  Ал сен бұл халық үшін сиынушы болма! Олар үшін ешқандай мінажат етіп, өтініш те білдірме! Себебі бастарына пәле түсіп, Маған жалбарынғанда Мен оларды мүлдем тыңдамаймын.
Jere Kaz 11:15  Менің сүйікті халқым қалайша Өзімнің киелі үйіме келе алады? Ол сондай опасыз істер істеп жүр ғой! Әлде олар құрбандықтың етін ұсынып, өз жазаларынан құтыла аламыз дей ме? Ал зұлымдық жасаған кезде олар тіпті шаттанады!
Jere Kaz 11:16  Бұл халықты Жаратқан Ие жемістері жақсы піскен, жапырағы жайқалған зәйтүн ағашы дейтін еді. Бірақ енді Ол гуілдеген бір сұрапыл дауылды жіберіп, өртті қоздырып тұтатады! Сонда ағаштың бұтақтары өртеніп, сынып қалады.
Jere Kaz 11:17  «Мен, Әлемнің Иесі, сендерді елде сеуіп отырғызған едім, ал енді бастарыңа апат бұйырдым. Себебі Исраилдің де, Яһуданың да халқы зұлым істер істеп, жалған тәңір Бағалға арнап хош иісті зат түтетіп әрі құрбандықтар ұсынып келеді. Сөйтіп сендер Менің қаһарымды туғыздыңдар!»
Jere Kaz 11:18  Дұшпандарымның не істеп жатқандарын, яки қастандық жоспарлап жүргендерін Жаратқан Ие маған ашып білдірді.
Jere Kaz 11:19  Сойылуға апарыла жатқанда ештеңе аңғармайтын момын тоқтыдай, мен бұдан мүлдем хабарсыз болған едім. Дұшпандарым зұлым жоспар құрып былай деп жүр екен: «Ағашты жемісімен қоса құртайық, оны бұ дүниеден аластатайық! Оның аты тіпті еске алынбасын!»
Jere Kaz 11:20  Бірақ Сен, уа, Әлемнің Иесі, әрқашан әділ шешім шығарасың! Адамның жан дүниесі мен ой-санасында не барын тексеріп анықтайсың. Өзіңе жағдайымды сеніп тапсырдым. Енді оларға лайықты жазаларын тартқызғаныңды маған көрсете көрші!
Jere Kaz 11:21  Жанымды алмақ болып маған: «Жаратқан Иенің атынан пайғамбарлық сөздеріңді жариялама, әйтпесе өлтіреміз!» — деп, көзімді құртқысы келіп жүрген Анатоттың адамдары туралы Жаратқан Ие мынаны айтады:
Jere Kaz 11:22  «Мен оларды жазалаймын. Жас жігіттері семсерден қаза тауып, балалары аштан өледі! — Әлемнің Иесі осыны нық айтады. —
Jere Kaz 11:23  Анатоттың сол адамдарының тірі қалғандары болмайды. Мен оларды жауапқа тартатын жыл келгенде бастарына пәле жіберемін!»
Chapter 12
Jere Kaz 12:1  — Уа, Жаратқан Ие, мен дауымды алдыңа салғанда, Сен әрқашан әділсің. Ал енді осы мәселелер жайлы Өзіңмен сөйлеспекпін: неліктен зұлымдардың өмірі табысты? Неліктен опасыздар алаңсыз жүріп өркендейді?
Jere Kaz 12:2  Сен көшет іспетті елге отырғызған олар тамыр жайып, өсіп-өнуде. Олар ауыздарымен атыңды атай береді, бірақ жан дүниелері Сенен тым алыс.
Jere Kaz 12:3  Ал Сен, уа, Жаратқан Ие, мені жақыннан танып білесің. Маған көз салып, ішкі дүниемді зерттейсің. Сол адамдарды сойылатын қой сияқты әкетіп, шалынатын мал іспетті бір жаққа қоя бер!
Jere Kaz 12:4  Бұл ел қашанға дейін мұңайып, даладағы шөп қашанға дейін солып қалмақ? Ел тұрғындарының жасаған зұлым істеріне бола (Сен жаңбыр жауғызбай) мал мен құс атаулы құрып кетті. Ал сол адамдар: «Істеріміздің соңын Жаратқан Ие көрмейді!» дейді.
Jere Kaz 12:5  — Сен жаяулармен жарысып, олар сені шаршатқан болса, аттармен қалай жарыспақсың?! Жазық жердің өзінде сүрінсең, Иордан бойындағы сыңсыған ну тоғайда сенімен не болмақ?!
Jere Kaz 12:6  Тіпті өз ағайындарың, әкеңнің әулеті саған сатқындық жасап, артыңнан қатты балағаттап жүр. Олар саған жылы сөз айтса да, сен оларға еш сенбе!
Jere Kaz 12:7  Мен киелі үйімді тастап, меншікті халқымды жалғыз қалдырамын. Жаныма сүйікті оны жауларының қолына бере саламын.
Jere Kaz 12:8  Меншікті халқым Өзіме ну тоғайдағы арыстандай болып, ақыра айбат көрсетуде. Мен оны осы қылығы үшін жек көріп кеттім! (— дейді Жаратқан Ие. —)
Jere Kaz 12:9  Таңдаулы халқым Мен үшін құзғындай жиренішті. Оған жан-жақтан өзге жыртқыш құстар бас салуда. Кәне, даланың жыртқыш аңдарын да жинап әкеліңдер! Олар меншікті халқымды жалмап қойсын.
Jere Kaz 12:10  Көптеген бақташылар (отарларын жайып жіберіп) Менің жүзімдігімді қиратып, егістігімді таптап тастады. Олар шұрайлы даламды қаңыраған құла түзге айналдырып жіберді.
Jere Kaz 12:11  Ол елсіз далаға айналып, бәрінен жұрдай қалған күйі Менің алдымда мұңайып жатыр. Бүкіл жер қаңыраған бос далаға айналды, өйткені оған көңіл бөлетін ешкім жоқ.
Jere Kaz 12:12  Иен даладағы барлық тақыр төбелердің үстімен құртушылар келе жатыр. Мен, Жаратқан Ие, жіберген семсер елдің бір шетінен екінші шетіне дейін бәрін де қырып-жояды, одан аман қалатын тірі жан болмайды.
Jere Kaz 12:13  Халқым бидай егіп, ошаған орады. Аянбай еңбек етіп, онысынан пайда көрмейді. Жаратқан Иенің қаһары оларға қарсы лаулағандықтан, алған өнімдерінен масқара болады.
Jere Kaz 12:14  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: — Мен халқым Исраилге берген меншігімді олардан тартып алуға қолдарын созған зұлым көршілерге келсек, Мен оларды өз жерлерінен жұлып алып, Яһуданы да олардың араларынан жұлып алып шығамын.
Jere Kaz 12:15  Бірақ оларды жұлып алып тастаған соң Мен оларға мейірімімді түсіріп, әр халықты өз елі мен мұралық жеріне қайтарып алып келемін.
Jere Kaz 12:16  Олар бұрын халқымды Бағалдың атымен ант беріп, оған мойынсұнуға үйреткен еді. Егер олар бұдан былай «Мәңгі тірі Жаратқан Иенің атымен» деп ант беретін болып, халқымның ізгі өмір салтын үйренетін болса, онда олар Менің халқымның бір бөлігіне айналып, олардың арасында тамыр жаятын болады.
Jere Kaz 12:17  Бірақ егер сол халықтардың біреуі Мені тыңдаудан бас тартса, Мен оны түп-тамырымен жұлып, жоямын! — деп ескертеді Жаратқан Ие.
Chapter 13
Jere Kaz 13:1  Жаратқан Ие маған: «Бар да, бәтес белбеу сатып алып, беліңе байлап ал! Бірақ оны суға малма», — деп тапсырды.
Jere Kaz 13:2  Мен Жаратқан Ие айтқандай белбеу сатып алып, беліме байлап алдым.
Jere Kaz 13:3  Жаратқан Ие маған екінші рет сөзін арнап:
Jere Kaz 13:4  «Сатып әкеліп, беліңе байлап алған белбеуіңді алып, Евфратқа бар да, оны сондағы бір жартастың жарығына тығып қой!» — деді.
Jere Kaz 13:5  Мен Жаратқан Иенің айтқанындай барып, белбеуді Евфратқа жақын бір жерге тығып қойдым.
Jere Kaz 13:6  Көп күннен кейін Жаратқан Ие маған: «Евфратқа қайтып бар да, сонда Өзім саған тығып қой деген жерден белбеуді қайтып әкел!» — деді.
Jere Kaz 13:7  Мен сол жерге қайта оралып, белбеуді тыққан жерімнен қазып алдым. Бірақ белбеу шіріп, түкке жарамай қалыпты.
Jere Kaz 13:8  Сонда Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 13:9  «Жаратқан Ие мынаны айтады: Дәл осылайша Мен Яһуданың тәкаппарлығын да, Иерусалимнің асқан өркөкіректігін де шірітіп құртамын!
Jere Kaz 13:10  Мына зұлым халық Менің айтқандарыма құлақ асудан бас тартады. Олар қасарысқан жүректерінің қалауларымен жүріп, бөгде тәңірлерге құлшылық етіп, соларға иіліп табынуда. Сондықтан олар осы белбеуге ұқсап түкке тұрғысыз болып қалады.
Jere Kaz 13:11  Өйткені белбеудің адам денесіне жабысып тұратынындай, Мен де Исраил мен Яһуданың бүкіл үрім-бұтағын Өзіме жақын тұрсын деп жаратқан едім. Олар атақ-даңқымды асырып, Өзім мақтан ететін таңдаулы халқым болсын дедім. Бірақ олар Мені мүлдем тыңдамай қойды.
Jere Kaz 13:12  Оларға мына сөздерді жеткізіп, былай де: Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Кез келген құмыраны сусынмен толтырады. Ал егер олар: «Әрбір құмыраның сусынмен толтырылатынын өзіміз де білеміз» десе,
Jere Kaz 13:13  оларға былай де: Жаратқан Иенің сендерге осымен айтпақ болғаны мынау: Біліп алыңдар, Мен елдің барлық тұрғындарын, Дәуіттің тағында отырған патшаларды да, діни қызметкерлер мен пайғамбарларды да, Иерусалимде тұрып жатқан күллі халықты да ішкен адамдай масайтамын.
Jere Kaz 13:14  Олардың әкесін де, баласын да бір-бірімен соқтығыстырып, ешқандай мейірім танытпаймын. Оларды есіркеп-мүсіркемеймін, көздерін құртуға аямаймын, — деп ескертеді Жаратқан Ие».
Jere Kaz 13:15  Құлақ түріп тыңдаңдар! Таңданып, кеуде көтермеңдер! Өйткені Жаратқан Ие сөйлеп тұр.
Jere Kaz 13:16  Тым кеш болмай тұрғанда Құдайларың Жаратқан Иенің алдында күнәларыңды мойындап, Оған құрмет көрсетіңдер! Әйтпесе Ол қыраттарды қараңғылыққа батырып, сендер жол жүргенде сүрініп жығыласыңдар. Сендер жарықты күткенде Ол оны көр іспетті қара түнекке айналдырады.
Jere Kaz 13:17  Сендер тыңдамасаңдар, мен тәкаппарлықтарыңа бола оңашада жылайтын боламын. Көз жасым көл болып ағады, себебі Жаратқан Иенің халқы тұтқындалып, айдалып кетеді.
Jere Kaz 13:18  Патша мен оның шешесіне мынаны жеткізіңдер: Тақтарыңнан түсіңдер, өйткені салтанатты тәждерің бастарыңнан құлап түсті.
Jere Kaz 13:19  Оңтүстіктегі Негев аймағының қалалары жабылып, қақпаларын ашатын ешкім болмайды. Себебі Яһуда халқы түгелдей басқа жаққа әкетіліп, бәрі де жер аударылатын болады.
Jere Kaz 13:20  Қамқорлығыңа тапсырылған отарың — сен мақтан тұтатын Яһуда халқы қайда, ей, Иерусалим?Көз салып, солтүстіктен келе жатқан жауларыңа қараңдаршы!
Jere Kaz 13:21  Сен өзіңе одақтас болуға машықтандырған оларды Жаратқан Ие үстіңнен билеуші етіп қояды. Сонда сен не айтасың? Уа, Иерусалим, толғатып жатқан әйелдей қиналмас па едің?
Jere Kaz 13:22  Осының бәрі менің басыма неліктен түсті деп іштей толғансаң, біліп қой: Жасаған ауыр күнәларыңның кесірінен жауыңның сені зорлап, абыройыңды төгуіне жол берілді.
Jere Kaz 13:23  Құштық адам терісінің қара түсін өзгерте ала ма? Қабылан үстіндегі дақтарын кетіре ала ма? Дәл солай жамандыққа әбден құныққан сендер жақсылық істей алмайсыңдар.
Jere Kaz 13:24  Уа, Иерусалим, құла түзден соққан желдің кебекті ұшырып әкететініндей, Мен де сенің тұрғындарыңды жан-жаққа шашыратып жіберемін.
Jere Kaz 13:25  Бұл сенің несібең, Мен өзіңе белгілеген үлесің. Өйткені Мені есіңнен шығарып, жалған тәңірлерге сенім арттың, — дейді Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 13:26  Сондықтан да абыройыңның төгілуіне Өзім түрткі боламын.
Jere Kaz 13:27  (Менімен жасаған Келісіміңе) опасыз жеңіл жүрісіңді, нәпсіқұмарлығың мен арам жезөкшелігіңді анық көріп келемін. Төбе бастарында әрі далада жалған тәңірлерге табынып, жексұрындық жасағаныңды да көріп жүрдім. Уа, Иерусалим, сен қасіретке қаласың! Қашанғы осы арам күйіңде болып, тазармайсың?
Chapter 14
Jere Kaz 14:1  Жаратқан Иенің қуаңшылық туралы Еремияға арнаған сөзі мынау:
Jere Kaz 14:2  — Яһуда елі қайғырып, қалалары шөлден әлсіреп жатыр. Адамдар аза тұтып жерде отыр, Иерусалимнен зарлы дауыстар шығып жатыр.
Jere Kaz 14:3  Байлар қызметшілерін суға жібергенде, олар құдықтарға барып, су таба алмайды. Бос ыдыстарын көтеріп, абыржып, күдерлерін үзген олар бастарын жауып қайтып келеді.
Jere Kaz 14:4  Жаңбыр жаумай, жер қаңсып жарылып кеткендіктен, диқандар да қуаңшылыққа қайғырып, бастарын жабады.
Jere Kaz 14:5  Тіпті елік жаңа туған төлін шөптің жоқтығынан далаға тастап кетеді.
Jere Kaz 14:6  Жабайы есектер тақыр төбелерде тұрып, шибөрідей алқына тыныстайды. Шөптің жоқтығынан олардың көздері қарауытып жөндеп көрмейді.
Jere Kaz 14:7  — Күнәларымыздың көптігі бізге қарсы айғақ болса да, уа, Жаратқан Ие, өз есіміңнің даңқы үшін бізді құтқара көрші! Опасыздығымыз шегінен шыққан, Сенің көз алдыңда күнәға баттық.
Jere Kaz 14:8  Уа, Исраилдің үміті, қиын-қыстау кезіндегі Құтқарушысы! Неге Сен осы елде жат жұрттық адамдай, бір-ақ күн түнеп шығатын жолаушыдай болып тұрсың?
Jere Kaz 14:9  Неліктен Сен таңырқап абыржыған кісіге, құтқара алмайтын жауынгерге ұқсайсың? Уа, Жаратқан Ие, Сен арамыздасың, біз Сенің есіміңмен аталған халқыңбыз, бізді тастап кете көрме!
Jere Kaz 14:10  Осы халық туралы Жаратқан Ие мынаны айтады:— Олар Менен алшақ кетіп қаңғырғанды қатты сүйеді, аяқтарын аңдып баспай жүре береді. Сондықтан да Мен, Жаратқан Ие, оларды енді қайтадан қабылдамаймын, істеген зұлымдықтарын есіме алып, оларды күнәлары үшін жазалаймын.
Jere Kaz 14:11  Содан соң Жаратқан Ие маған тағы былай деді:— Бұл халықтың игілігін тілеп Маған сиынба!
Jere Kaz 14:12  Олар ораза ұстаса да, жалбарынышына құлақ аспаймын! Құрбандықтар мен астық тартуларын өртеп ұсынса да, соларын қабылдамаймын! Мен оларды семсер, ашаршылық және індет арқылы қырып-жоямын.
Jere Kaz 14:13  Сонда мен былай дедім:— Уа, Жаратушы Тәңір Ие! Ал пайғамбарлар оларға: «Жаудың семсерін көрмейсіңдер, ашаршылық та болмайды! Қайта, Мен сендерге бұл жерде амандық пен тыныштық сыйлаймын дейді Жаратқан Ие», — дей береді. —
Jere Kaz 14:14  Жаратқан Ие маған былай деп жауап берді:— Сол пайғамбарлар Менің атымнан сөйлегенсіп жалған айтып жүр. Мен оларды жіберген де жоқпын, сондай бұйрық берген де жоқпын! Оларға тіл қатқан да емеспін. Олар сендерге жалған аяндар мен болжамдарды білдіріп, түкке тұрғысыз түстері мен өздері ойлап шығарған әңгімелерін айтып жүр.
Jere Kaz 14:15  Сондықтан Мен, Жаратқан Ие, Өзімнің атымнан хабарларын жеткізіп жүрген пайғамбарлар туралы мынаны айтамын: Мен оларды жіберген емеспін. Бірақ олар: «Бұл елге не семсер, не ашаршылық жуымайды!» деп жариялап жүр. Расында дәл осы пайғамбарлардың өздері семсерден қаза тауып, аштан өледі!
Jere Kaz 14:16  Олардың пайғамбарлық сөздері жеткен басқалар да семсер мен ашаршылықтан қырылып, мәйіттері Иерусалимнің көшелеріне лақтырылады. Олардың өздері мен әйелдерін, ұлдары мен қыздарын қабірге қоятын ешкім болмайды. Осылайша Мен лайықты пәлелерін бастарына төгемін!
Jere Kaz 14:17  Енді оларға мына хабарды жеткіз: «Күні-түні көз жасым ағылып тоқтамасын! Себебі ежелде пәк қызымдай болған Менің халқым қатты соққы жеп, ауыр жарақаттанды.
Jere Kaz 14:18  Далаға шықсам көретінім — семсерден қаза тапқандар, қалаға кірсем — аштықтан өлермен болғандар. Діни қызметкер де, пайғамбар да өздері білмейтін елге жер аударылып кеткен».
Jere Kaz 14:19  — Онда Яһудадан толығымен бас тартқаның ба? Сиондағы қала да Саған жек көрінішті болып кеткені ме? Енді қайтып сауықпайтындай қылып бізге неге соққы бердің? Амандық пен тыныштықты күтіп келеміз, бірақ жақсы еш нәрсе болмады. Сауығатын кезімізді тосып келеміз, бірақ басымыздан өткені қорқыныш!
Jere Kaz 14:20  Өз күнәларымызды, ата-бабаларымыздың зұлымдығын мойындаймыз, уа, Жаратқан Ие! Біз шынында да Сенің алдыңда күнә жасадық.
Jere Kaz 14:21  Ұлы атыңның шығуы үшін бізден кері бұрыла көрме! Жер бетіндегі салтанатты тағың — киелі үйіңнің қорлануына жол бере көрме! Бізбен жасаған Келісіміңді есіңде ұстап, бұза көрме!
Jere Kaz 14:22  Басқа ұлттардың түкке тұрғысыз жалған тәңірлері жаңбыр жібере ме? Әлде аспан өзінен-өзі нөсерді жаудыра ма? Жоқ, соны істейтін тек Сен ғана, уа, Құдайымыз Жаратқан Ие! Саған үмітімізді артамыз, өйткені осының бәрін де жасайтын Сенсің!
Chapter 15
Jere Kaz 15:1  Сонда Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді:— Тіпті Мұса мен Самуил осында Менің алдымда тұрып, олар үшін өтініш жасаса да, бәрібір бұл халыққа жаным ашымас еді. Халықты Менің көз алдымнан қуып жіберіңдер, кетсін!
Jere Kaz 15:2  Ал егер: «Қайда баруымыз керек?» деп сұраса, сен оларға былай де: Жаратқан Ие мынаны айтады: Әркім өзіне бұйырылғанына барсын: індеттен өлуге бұйырылғаны індетке, семсерге бұйырылғаны семсерге, аштыққа бұйырылғаны аштыққа, жер аударылуға бұйырылғаны жер аударылуға кетсін!
Jere Kaz 15:3  Мен оларды төрт түрлі өліммен жазалаймын: өлтіру үшін семсер, жұлмалап боршалау үшін иттер, жалмап жоқ қылу үшін аспанның жыртқыш құстарын және жердің аңдарын жіберемін. Мен, Жаратқан Ие, осыны нық айтамын.
Jere Kaz 15:4  Яһуданың патшасы Езекия ұлы Манасаның Иерусалимде істеген зұлым істері үшін Мен оларды жер бетіндегі барлық патшалықтардың алдында қорқынышты көрініс етемін.
Jere Kaz 15:5  «Сонда сені кім мүсіркейді, ей, Иерусалим? Қайғыңа кім ортақ болады? Халіңді сұрап саған кіріп-шығатын біреу бола ма?
Jere Kaz 15:6  Сен өзің Мені менсінбей, бас тарттың, — дейді Жаратқан Ие. — Менен кері бұрылып кете бересіңдер. Сол үшін Мен саған қарай қолымды созып көзіңді құртамын. Енді саған рақым көрсете алмаймын».
Jere Kaz 15:7  Мен халқымды оның қала қақпаларындағы қырмандарында бидайды желпуші диқандай күрекпен желге ұшырамын. Халқым теріс жолдарынан кері қайтпағандықтан, оны ұл-қыздарынан айырып, қырып-жоямын.
Jere Kaz 15:8  Олардың жесірлері Менің көз алдымда теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарынан да көп болады. Тал түсте кенеттен халықтың жас жігіттерінің шешелеріне қырып-жоюшы жауды жіберіп, бойларын қорқыныш пен үрейге билетемін.
Jere Kaz 15:9  Сонда жеті баланың анасы әлсіреп, соңғы демін шығарады. Оның күні күндізгі уақытта-ақ батып кетеді. Ол балаларынан айырылып, масқара болды. Ал халықтың тірі қалғандарын жауларының семсерімен өлтіртемін, — деп ескертеді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 15:10  — Қайран шешем-ай, неге маған жарық көрсеттің? Бүкіл елмен айтысып-таласып жүрген адаммын ғой! Ешкімнен аласым, ешкімге бересім жоқ, әйтсе де бәрі мені жек көріп қарғайды, — дедім.
Jere Kaz 15:11  Жаратқан Ие жауап беріп былай деді:— Мен сені ізгі ниетпен нығайтамын. Елдің басына апат пен ауыртпалық түскен кезде тіпті дұшпандарыңа да сенен көмек сұратып жалындырамын.
Jere Kaz 15:12  Адам жай қолымен-ақ темірді, тіпті солтүстіктен келтірілген темірді немесе қоланы сындыра ала ма?
Jere Kaz 15:13  Уа, халқым, Мен сенің қазына-дәулетіңді жауға тегіннен-тегін олжа етіп бере саламын. Себебі сен бүкіл елің бойынша күнә жасай бердің.
Jere Kaz 15:14  Өзің бұрын танып білмеген елден жауыңды алып келемін. Өйткені қаһарымнан от тұтанып, ол сендерге қарсы лаулап жатыр.
Jere Kaz 15:15  — Уа, Жаратқан Ие, Сен бәрін де білесің! Мені есіңде ұстап, назарыңнан тыс қалдырмашы. Қудалаушыларыма лайықты жазаларын тартқыза гөр! Сен аса шыдамдысың, опат болуыма жол бере көрме! Осы масқараға Өзіңе бола төзіп жүргенімді жақсы білесің ғой.
Jere Kaz 15:16  Сөздерің маған жеткен кезде, олардан рухани нәр алып жан дүниеме азық еттім. Сенің сөздерің маған қуаныш әкеліп, жүрегім ләззат тапты. Себебі мен Сенің есіміңмен аталғанмын, уа, Әлемнің Әміршісі Құдай Ие.
Jere Kaz 15:17  Әжуалаушы адамдармен бірге отырып, сауық-сайран құрған емеспін. Қайта, Сен маған қолыңды қойып тағайындап, ерекше тапсырма бердің. Содан мен жалғыз отырып, (олардың күнәларына бола) ашу-ызаға кенелдім.
Jere Kaz 15:18  Көретін азабым неліктен басылмайды? Маған түскен жара еш жазылмай ауыра береді. Сен мен үшін кенет пайда болып, кейін тартылып қалатын тұрақсыз бұлақ сияқты боласың ба? — дедім.
Jere Kaz 15:19  Сонда Жаратқан Ие маған мынаны айтты:— Егер айтқандарыңа өкініп, Маған қайтып келсең ғана, сені Өзіме қызметшім етіп қайтадан қабылдаймын. Пайдасыз емес, асыл сөз сөйлесең ғана, Менің хабаршым боласың. Сен халыққа емес, халық саған бет бұрсын!
Jere Kaz 15:20  Мен сені осы халық үшін қабырғадай, иә, бекіністі қола қабырғадай берік етемін. Олар сенімен күрессе де, сені жеңе алмайды, өйткені Мен саған жар болып, өзіңді құтқарып, аман сақтайтын боламын! Осы уәдені берген Мен Жаратқан Иемін.
Jere Kaz 15:21  Сені Өзім зұлымдардың қолынан құтқарып, қатыгез адамдардың шеңгелінен арашалап аламын.
Chapter 16
Jere Kaz 16:1  Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 16:2  — Бұл елде енді үйленіп, ұл-қыз сүюіңе болмайды!
Jere Kaz 16:3  Өйткені Мен, Жаратқан Ие, осы елде дүниеге келген ұл-қыздар мен олардың мұнда тұратын әке-шешелері туралы мынаны айтамын:
Jere Kaz 16:4  Олар жазылмайтын індеттерден қырылады. Оларды жоқтап, қабірге қоятын ешкім болмағандықтан, сүйектері қи-қоқыс сияқты әр жерде шашылып жататын болады. Ал қалғандары семсерден қаза тауып, аштан өледі; денелері аспандағы құстар мен жердегі аңдарға жем болады.
Jere Kaz 16:5  Мен, Жаратқан Ие, тағы мынаны айтамын: Сенің қазалы үйге барып, қайғыларына ортақ болып көңіл айтып, дәм татуыңа да болмайды! Себебі Мен бұл халықтан Өзімнің жарылқауым мен рақым-шапағатымды алып қойдым.
Jere Kaz 16:6  Осы елдің ұлығы да, қарасы да құриды. Олар қабірге қойылмай қалады, ешкім аза тұтып жоқтамайды да. Олардың өлгенін жоқтап, өз денелерін тілгілеп жарақаттап, шашын тақырлап алып тастайтын да ешкім болмайды.
Jere Kaz 16:7  Аза тұтып жатқан адамдарды жұбатып, нан үзіп беретін де, тіпті өлген әке-шешесін еске алғанда жұбаныш сусынын құйып беретін де ешкім болмайды.
Jere Kaz 16:8  Той болып жатқан үйге кіріп, олармен бірге отырып, ішіп-жеуіңе де болмайды.
Jere Kaz 16:9  Өйткені Мен — Әлемнің Иесі Исраилдің Құдайы, мынаны айтамын: Бұл елде қуаныш пен шаттықтың үнін, күйеу мен қалыңдықтың көңілді дауыстарын сап тыямын. Сендер соны өз көздеріңмен көресіңдер, себебі бұл іс кейін емес, тірі кездеріңде болады.
Jere Kaz 16:10  Осының бәрін сен халыққа айт! Олар сенен: «Жаратқан Ие соншама азапты біздің басымызға не үшін төгейін деп отыр? Құдайымыз Жаратқан Иеге қарсы қандай күнә жасадық? Оның алдындағы айыбымыз қандай?» деп сұрайтын болса,
Jere Kaz 16:11  оларға былай деп жауап бер: «Өйткені сендердің ата-бабаларың Менен бас тартып кетті, — дейді Жаратқан Ие. — Олар бөгде тәңірлердің жолын қуып, соларға қызмет етіп иіліп, табынып кетті. Осылайша Мені тастап кетіп, Таурат заңымды сақтамады.
Jere Kaz 16:12  Бірақ сендер бұл жағынан тіпті ата-бабаларыңнан да асып кеттіңдер. Әркім өзінің қасарысқан жүрегінің қалауымен жүріп, Мені тыңдаудан бас тартып жүр.
Jere Kaz 16:13  Сондықтан Мен сендерді осы елден өздерің де, ата-бабаларың да бұрын танып білмейтін бір елге жіберемін. Сол жерде сендер күні-түні бөгде тәңірлерге құлшылық ететін боласыңдар. Ал Мен сендерге еш мейірім көрсетпеймін».
Jere Kaz 16:14  Әйтсе де Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Исраил халқын Мысыр елінен алып шыққан мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын» деп емес,
Jere Kaz 16:15  «Исраил халқын солтүстіктегі елден және Өзі аластатып жіберген басқа да барлық жерлерден алып келген мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын» деп ант беретін уақыт туатын болады! Өйткені Мен исраилдіктерді ата-бабаларына Өзім табыстаған елге қайта әкелетін боламын.
Jere Kaz 16:16  Ал қазір Мен көптеген балықшыларды жіберіп отырмын! — дейді Жаратқан Ие. — Сол балықшылар оларды қармап ұстап алатын болады. Мұнан кейін Мен көптеген аңшыларды жіберемін! Аңшылар исраилдіктерді барлық тау-төбелерден әрі жартастардың жарықтарынан іздеп жүріп, ұстап алатын болады.
Jere Kaz 16:17  Мен халқымның жүрген жолдарының барлығын көріп тұрмын. Олар көзімнен жасырын емес, ешбір күнәлары да Менің назарымнан тыс қалмайды.
Jere Kaz 16:18  Мен халқымды өз еліне қайтармас бұрын, оны жасаған ауыр күнәлары үшін екі есе қатты жазалаймын. Себебі олар Менің өздеріне табыстаған елімді жалған тәңірлерінің өлі де жексұрын мүсіндерімен арамдап, жерімді сол жиренішті нәрселерімен толтырып тастады.
Jere Kaz 16:19  — Уа, Жаратқан Ие, Сен күш-қуатымның қайнар көзісің, басыма күн туғанда паналайтын қорғанымсың. Жердің шет-шеттерінен халықтар Саған келіп: «Ата-бабаларымыз өтірікке алданып, түкке тұрғысыз тәңірсымақтарға табынып келді.
Jere Kaz 16:20  Адам өзі үшін тәңірлер жасай ала ма? Сондай «тәңірсымақтар» бәрібір шынайы құдай емес қой!» — дейтін болады.
Jere Kaz 16:21  — Міне, сондықтан да Мен оларға тәлім беремін, құдіретті билігім мен күш-қуатымды жуырда ашып көрсетемін. Сонда олар Менің есімімнің «Жаратқан Ие» екенін білетін болады.
Chapter 17
Jere Kaz 17:1  Яһуданың күнәсі олардың жүректерінде және құрбандық үстелдерінің мүйіз тәрізді шошақтарында тас тақтайшаға темір құралмен не үшкір алмаспен жазылғандай анық та берік тіркелген.
Jere Kaz 17:2  Тіпті олардың балалары да жапырағы жайқалған ағаштардың түбінде және биік төбелерде жалған тәңірлерге арнап орнатылған құрбандық үстелдерін және Ашераға бағышталған ағаш бағаналарын жақсы біледі.
Jere Kaz 17:3  Сондықтан (біліп қой, Яһуда халқы:) Мен Өзімнің осы жердегі Сион тауымды әрі сенің барлық қазына-дәулетіңді биіктеу жерлердегі табыну орындарыңмен қоса жауларыңа олжа етіп бере саламын. Себебі бүкіл елің бойынша күнә жасай бересің.
Jere Kaz 17:4  Мен өзіңе табыстаған мұралық жеріңді уысыңнан шығарып аласың. Өзің бұрын танып білмеген елде Мен сені жауларыңа құлдыққа түсіремін. Өйткені сен Менің қаһарымды тұтатқан едің, енді ол мәңгілікке лаулайтын болады, — дейді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 17:5  Жаратқан Ие мынаны айтады: «Адамға сенім артып, өмірі өткінші пендені қорған санайтын, әрі жүрегін Жаратқан Иесі — Менен алшақтап әкеткен әркімді қарғыс атсын!
Jere Kaz 17:6  Ондай адам құлазыған далада өсіп тұрған бұта сияқты болады. Ол ешқандай жақсылықты көрмей, шөлдің қуаңшылықтан жарылып кеткен, ешкім тұрмайтын сортаң жерін мекендегендей болады.
Jere Kaz 17:7  Ал Жаратқан Иеге сенімін артатын, бар үмітін Оған жүктейтін адам бақытты!
Jere Kaz 17:8  Ол судың жағасында өсіп тұрған, тамырларын өзенге қарай созған ағашқа ұқсайды. Аптап ыстық келсе де, еш қауіптенбей, жапырақтары да әрдайым жасыл болады. Қуаңшылық жылы да алаңдамайды, ешқашан жеміс бермей қалмайды.
Jere Kaz 17:9  Адамның жүрегі бәрінен бетер алдамшы әрі жазылмайтындай бүлінген. Оны танып біле алатын кім бар?
Jere Kaz 17:10  Мен, Жаратқан Ие, адамның жүрегіндегісін зерттеймін, оның жан дүниесін анық тексеремін. Содан әркімге жасаған қылығына, істеген істеріне қарай есесін қайтарамын.
Jere Kaz 17:11  Байлығын әділетсіздікпен жиған адам өзге құстың жұмыртқасын басып шығарған шілге ұқсайды. Өмірінің орта тұсында байлығы одан кетіп, ақыр соңында ақымақтығы өзіне аян болады».
Jere Kaz 17:12  «Киелі үйіміздің орны — әуел бастан асқақталған да салтанатты патшалық тақ!
Jere Kaz 17:13  Уа, Жаратқан Ие, Исраилдің үміті Сенсің! Өзіңнен безіп кеткен әркім масқара болады. Сенен кері бұрылғандардың есімдері шаң-тозаңға жазылғандай ұмытылады. Өйткені олар тірі судың қайнар көзі — Жаратқан Иеден бас тартты».
Jere Kaz 17:14  «Сауықтыра гөр мені, уа, Жаратқан Ие, сонда мен шынымен сауығамын. Өзің құтқара гөр мені, сонда мен шынымен құтқарыламын. Себебі Сені ғана мақтан тұтып дәріптеймін.
Jere Kaz 17:15  Ал дұшпандарым мені: «Жаратқан Иенің айтқан сөзі қайда? Кәне, қазір-ақ іске ассыншы!» деп келекелей береді.
Jere Kaz 17:16  Халқыңды бағушыдай қамқорлаудан қашқан емеспін және апаттың бастарыңа түсуін өздігімнен аңсап тілемегенімді Сен білесің. Айтқан сөздерімнің бәрі де Саған айқын.
Jere Kaz 17:17  Мені үрейлендіре көрме! Басыма күн туғанда Сені паналаймын.
Jere Kaz 17:18  Мені қудалаушылар масқара болсын, бірақ мені масқарадан сақтай гөр. Олар үрейленсін, бірақ мені үрейден сақтай гөр. Олардың басына апат күнін тудырып, екі есе қатты жазалап құрта гөр!»
Jere Kaz 17:19  Жаратқан Ие маған былай деп тапсырды: Бар да, Иерусалимнің күллі қақпаларының маңында, соның ішінде Яһуда патшалары кіріп-шығатын қақпаның жанында тұрып алып, мына сөздерді
Jere Kaz 17:20  халықтың барлығына жеткіз: Уа, осы қақпадан өтетін Яһуда патшалары, Яһуданың бүкіл халқы және Иерусалимнің тұрғындары! Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар!
Jere Kaz 17:21  Жаратқан Ие мынаны айтады: Өмірлеріңді сақтап қаламын десеңдер, демалыс күндері ешқандай жүкті көтеріп жүрмеңдер! Оларды Иерусалимнің қала қақпаларынан өткізбеңдер!
Jere Kaz 17:22  Сол күндері үйлеріңнен жүк алып шығушы не басқа да жұмыс істеуші болмаңдар! Мен ата-бабаларыңа өсиет еткендей, демалыс күнін Маған, Жаратқан Иеге, бағыштап, қасиет тұтыңдар!
Jere Kaz 17:23  Бірақ ата-бабаларың бұны тыңдаған да жоқ, сөздеріме мән де берген жоқ. Олар қыңырланып, Менің айтқаныма құлақ салмай, тіпті Мен оларды жазалағанда да түзелген жоқ.
Jere Kaz 17:24  Ал егер сендер Маған толығымен бағынсаңдар, — дейді Жаратқан Ие, — әрі демалыс күні қала қақпаларынан еш жүк тасымай, осы күні еш жұмыс істемеу арқылы оны Маған, Жаратқан Иеге, бағыштайтын болсаңдар,
Jere Kaz 17:25  онда патшаларың әрқашан (Менің еркім бойынша) Дәуіттің тағында отыратын болады. Патша өзінің әміршілерімен күймелер мен аттарға мініп, Яһуданың адамдары мен Иерусалимнің тұрғындарын ертіп, (салтанатты шеру құрып) осы қаланың қақпаларымен өтетін болады. Сонда бұл қала мәңгі бақи адамдардың мекені болады.
Jere Kaz 17:26  Халық Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің айналасындағы ауылдардан, Бунямин жерінен және батыстағы төменгі қыраттар мен оңтүстіктегі Негев аймағынан ағылып, түгелдей өртелетін құрбандықтары мен тартуларын, астық тартулары мен хош иісті заттарын және Өзіммен қарым-қатынастарына ризашылық құрбандықтарын Менің киелі үйіме алып келетін болады.
Jere Kaz 17:27  Бірақ егер айтқанымды орындамасаңдар, демалыс күнін Маған бағыштамасаңдар, әрі сол күндері Иерусалимнің қақпаларынан жүк алып кіретін болсаңдар, онда Мен Иерусалимнің қақпаларына ешқашан өшпейтін от қоямын! Содан оның сарайлары да өртеніп кетеді.
Chapter 18
Jere Kaz 18:1  Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деп бұйырды:
Jere Kaz 18:2  «Қазір ылдилап құмырашының үйіне бар! Сол жерде саған халыққа айтатын хабарымды жеткіземін».
Jere Kaz 18:3  Мен құмырашының үйіне барғанда, ол аяғымен ұршығын айналдырып жұмыс істеп отыр екен.
Jere Kaz 18:4  Саз балшықтан жасап отырған бір ыдысының пішіні дұрыс шықпай қалғанда, шебер оны бұзып, қайтадан илеп, өз ойындағыдай етіп басқа бір ыдысты жасап шығарды.
Jere Kaz 18:5  Сонда Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 18:6  «Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, мына құмырашының өзінің ыдыстарына істегенін Мен сендерге істей алмаймын ба? Жаратқан Ие мынаны айтады: Балшық шебердің қолында болғандай, сендер де Менің қолымдасыңдар, уа, Исраил халқы.
Jere Kaz 18:7  Кейде Мен бір халықты не патшалықты елінен түп-тамырымен жұлып, құлатып, жоюым керек деп шешемін.
Jere Kaz 18:8  Бірақ егер сол халық өзінің жасап жүрген зұлым істеріне өкініп, солардан бас тартса, онда Мен де райымнан қайтып, жіберейін деп отырған апатты оларға жібермеймін.
Jere Kaz 18:9  Ал басқа кезде Мен бір халықты не патшалықты орнатып, нығайту керек деп шешемін.
Jere Kaz 18:10  Бірақ сол халық даусыма құлақ аспай, Маған жек көрінішті істер істесе, онда Мен де оларға жасаймын деген жақсылығымды жасамай қоямын.
Jere Kaz 18:11  Сондықтан Яһуданың адамдарына және Иерусалимнің тұрғындарына былай де: Жаратқан Ие мынаны айтады: Біліп алыңдар: Мен сендерге бір жаман апатты ойластырып дайындап жатырмын. Сондықтан әрқайсың зұлым жолдарыңнан қайтып, іс-әрекеттерің мен жүрген жолдарыңды түбегейлі өзгертіңдер!»
Jere Kaz 18:12  Бірақ олар: «Біз үшін әуре болмай-ақ қой! Өз ниетімізді іске асыра береміз. Ешқайсымыз алған бетімізден қайтпай, ойға алған айлалы істерімізді жүзеге асырамыз!» дейтін болады.
Jere Kaz 18:13  Сол себепті Жаратқан Ие мынаны айтады: «Басқа ұлттардан сұраңдаршы, бұндай нәрсе туралы кім естіп көріпті? Бұрын пәк қыздай болған Исраил халқы жексұрын іс жасады!
Jere Kaz 18:14  Ливан тауының асқар шыңдарынан қар кете ме? Алыстан ағып келген оның мұздай суы сарқыла ма? (Әрине, жоқ.)
Jere Kaz 18:15  Бірақ өз халқым Мені елемей тастап кетті! Олар түкке тұрғысыз тәңірсымақтарға арнап хош иісті заттар түтетіп табынады. Осы жалған тәңірлер халқымды сүріндіріп, ежелгі ізгі жолдарынан тайдырып, нашар сүрлеу жолдарға түсірді.
Jere Kaz 18:16  Сондықтан оның жері қиратылып, басқа халықтар оны ысқырып, келекелейді. Сол жермен өткен-кеткендердің бәрі аңтарыла жандары түршігіп, бастарын шайқайтын болады.
Jere Kaz 18:17  Шығыстан соққан дауыл сияқты, Мен оларды жауларының алдында шашыратып жіберемін. Бастарына күн туғанда Мен олардан сырт айналып, бет-жүзімді көрсетпеймін».
Jere Kaz 18:18  Сол кездері кейбіреулер: «Еремияға қарсы қолданылатын шаралар ойластырып, оның аузын жабайық. Таурат заңын үйрететін діни қызметкерлер, ақыл-кеңес беретін данышпандар, Құдайдың хабарын жеткізетін пайғамбарлар өз арамыздан таусылмайды. Кәне, сол кісіге жала жауып, айтқан сөздеріне құлақ аспайық!» — деп сөз байласты.
Jere Kaz 18:19  (Сонда пайғамбар былай деп мінажат етті:) «Тыңдашы мені, Жаратқан Ие! Айыптаушыларымның не айтып жатқанына құлақ түре көрме.
Jere Kaz 18:20  Жақсылыққа жамандықпен қайтаруға бола ма? Ал бұлар маған ор қазуда. Қаһарыңды оларға жаудырмауың үшін мен олардың игілігін көздеп Сенің алдыңда тұрып жалбарынғанымды есіңе түсіре көрші!
Jere Kaz 18:21  Солардың балаларын ашаршылыққа ұшыратып, семсерден өлім құшыр. Аналары балаларынан айырылып, әйелдері жесір қалсын, ер адамдары індеттен құрып, жастары шайқаста семсердің жүзінен мерт болсын.
Jere Kaz 18:22  Сен оларға кенеттен басқыншылар жібергенде, үйлерінен зар жылаған дауыстар шықсын! Себебі мені қолға түсіру үшін олар маған ор қазып, жолыма тор құрды.
Jere Kaz 18:23  Бірақ Сен, уа, Жаратқан Ие, олардың мені өлтіруге жасаған барлық жоспарларын білесің. Олардың қылмыстары мен күнәларын кешіріп, есіңнен шығара көрме! Қаһарлы сотың кезінде оларға лайықтысын қайтарып, Өзіңнің алдыңда жайпап құртып жібере гөр!»
Chapter 19
Jere Kaz 19:1  Жаратқан Ие маған тағы былай деп тапсырды: «Құмырашыға барып, бір қыш құмыра сатып ал. Содан соң қасыңа халықтың және діни қызметкерлердің ақсақалдарының бірнешеуін ертіп алып,
Jere Kaz 19:2  Бен-Хенном аңғарына, Сынықтар қақпасының маңына бар! Сол жерде Мен саған беретін хабарды оларға жариялап былай де:
Jere Kaz 19:3  Уа, Яһуда патшалары мен Иерусалимнің тұрғындары, Жаратқан Иенің сөздеріне құлақ салыңдар! Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Біліп алыңдар: Мен осы жерге зор апат жіберемін. Сол туралы естіген адам қатты абыржып құлағы шыңылдайтын болады.
Jere Kaz 19:4  Өйткені халық Менен бас тартып, осы жерді Өзіме жат қылып арамдады: олар өздері де, ата-бабалары да, Яһуда патшалары да ешқашан танып білмеген бөгде тәңірлерге арнап бұл аңғарда хош иісті шайыр түтетіп, құрбандық өртеп ұсынып келеді. Оның үстіне олар осы жерді жазықсыз адамдардың төгілген қанына толтырды.
Jere Kaz 19:5  Сол үшін олар Бағалға табыну орындарын салып, өз балаларын оған арнап түгелдей өртелетін құрбандық етіп ұсынды! Мұндайды Мен оларға бұйырған да, айтқан да емеспін, ол тіпті ойыма да келген жоқ.
Jere Kaz 19:6  Сондықтан сақ болыңдар! Осы жер енді қайтып Топет немесе Бен-Хенном аңғары деп емес, Қырғын аңғары деп аталатын уақыт келеді. — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Jere Kaz 19:7  Осы жерде Мен Яһуда мен Иерусалимнің жауға тойтарыс беру туралы жасаған жоспарларын түкке тұрғысыз етемін. Оларды жандарын алмақ болғандардың семсерімен құртып, сол қас жауларының алдында құлатып, денелерін аспандағы құстар мен жердегі аңдарға жем қылып беремін.
Jere Kaz 19:8  Мен бұл қаланы қиратып, келекеге қалдырамын. Өткен-кеткен адамдардың бәрі қаланы көргеннен аңтарыла жандары түршігіп, оның соққы жеп қатты жарақаттанғанына қарап мұрындарын шүйіріп ысқыратын болады.
Jere Kaz 19:9  Мен олардың жандарын алмақшы жаудың елге басып кіріп, қаланы қоршап алуына жол беремін. Сонда Мен аштықтан қатты қиналып не істерін білмей қысылып отырған оларға өз ұл-қыздары мен достарының етін жегіземін!
Jere Kaz 19:10  Еремия, осыны айтып болған соң сен өзіңе еріп келген адамдардың көзінше қолыңдағы құмыраны сындыр да,
Jere Kaz 19:11  оларға былай де: Әлемнің Иесі мынаны айтады: Қыш құмыра сынған соң еш жөндеуге келмейтініндей, Мен де Яһуда мен Иерусалимнің халқын «сындырып» тастаймын. Олар өлгендердің мәйіттерін орын қалмағанша Топетте жерлейтін болады.
Jere Kaz 19:12  Осы жерге және осында тұрғандарға мынаны істеймін, дейді Жаратқан Ие: Мен бұл қаланы Топет сияқты арамдалған орынға айналдырамын!
Jere Kaz 19:13  Үйлеріңнің жалпақ төбелерінде аспан денелеріне бағыштап хош иісті заттар түтетіп, әрі бөгде тәңірлерге арнап сұйық тартулар құйып ұсындыңдар. Сол үшін Иерусалимдегі үйлердің бәрі, тіпті Яһуда патшасының сарайы да, Топет сияқты арамдалады!»
Jere Kaz 19:14  Мұнан кейін Еремия Жаратқан Ие өзін пайғамбарлық хабар айтуға жіберген Топеттен қалаға қайта оралды. Содан ол Жаратқан Иенің киелі үйінің ауласында тұрып халыққа дауыстап былай деді:
Jere Kaz 19:15  «Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Біліп алыңдар! Сендер тоңмойын болып, сөздеріме құлақ асудан қыңырлықпен бас тартып келе жатырсыңдар. Сондықтан Мен Иерусалим мен оның айналасындағы елді мекендерге қарсы паш еткен апатты енді міндетті түрде бастарыңа түсіремін!»
Chapter 20
Jere Kaz 20:1  Имер ұлы Пашхур есімді діни қызметкер Жаратқан Иенің киелі үйінің күзет бастығы болатын. Ол Еремияның халыққа жеткізген пайғамбарлық хабарында осындай нәрселерді айтып тұрғанын естіп,
Jere Kaz 20:2  оны дүрелеп, Жаратқан Иенің ғибадатханасының Жоғарғы Бунямин қақпасының маңында бұғаулап тастады.
Jere Kaz 20:3  Келесі күні Пашхур оны бұғаудан босатқан кезде Еремия оған былай деді: «Жаратқан Ие сенің атыңды енді Пашхур емес, Магор-Миссабиб («Жан-жақ толған қорқыныш») деп өзгертті.
Jere Kaz 20:4  Өйткені Жаратқан Ие сен туралы мынаны айтады: Мен саған да, дос-жарандарыңның бәріне де қорқыныш жіберемін. Сен өз көзіңмен олардың жау қолынан өлетіндерін көресің. Мен бүкіл Яһуданы Бабыл патшасының билігіне тапсырамын. Ол Яһуда халқын Бабылға жер аударып әкетеді, ал елде қалып қойғандарын семсермен өлтіреді.
Jere Kaz 20:5  Мен Иерусалим қаласының бар байлығын жауларының олжалауына жол беремін. Олар қаланың шығарған бүкіл өнімдерін және барлық құнды заттарын әрі Яһуда патшалары жиған күллі қазыналарын тонап, Бабылға алып кетеді.
Jere Kaz 20:6  Пашхур, сен өзің де, үй ішің де Бабылға айдалып кетесіңдер. Сен сол жерде қайтыс болып, өзің де, жалған пайғамбарлық сөздеріңді естіген дос-жарандарың да сонда жерленесіңдер».
Jere Kaz 20:7  «Уа, Жаратқан Ие, Сен мені еліктіріп, дегеніңе көндірдің. Сен менен күштісің, жеңіп шықтың. Енді жұрт күні бойы мені мазақтап, кез келгені келекелеп жүр.
Jere Kaz 20:8  Сөйлеген сайын мен: «Озбырлық пен апат болады!» деп айқай саламын. Жаратқан Иенің осы хабарын жеткізгенім үшін жұрт мені күні бойы келекелеп қорлап жүр.
Jere Kaz 20:9  Ал «Бұдан былай Оның хабарын есіме алып, Оның атынан сөйлемеймін» десем, онда Жаратқан Иенің сөзі жүрегімде жанып жатқан от сияқты, сүйегімнің ішіне қамалған шоқ іспетті болады. Оны ішімде ұстаудан қатты шаршадым, тіпті ұстай алмаймын да.
Jere Kaz 20:10  Көп адамдар сыбырлап жүр: «Жан-жақ толған қорқыныш! Ол туралы мәлімдеңдер! Кәне, шағымданайық!» дейді. Тіпті сырлас достарымның бәрі де енді бір қате жіберуімді аңсап жүр. «Мүмкін, ол алданып, қолымызға түсер! Сонда біз одан өшімізді аламыз!» дейді.
Jere Kaz 20:11  Бірақ Жаратқан Ие айбат көрсеткен батыр сияқты менің жанымда. Сондықтан мені қудалап жүргендер сүрініп, мені жеңе алмайды. Олар ниеттерін іске асыра алмай, әбден ұятқа қалады. Енді қайтып жұрт олардың масқараларын ұмытпайды.
Jere Kaz 20:12  Уа, Әлемнің Иесі, Сен кімнің әділ екенін тексеріп сынайсың, адамның жүрегі мен ой-ниетін анық көресің. Оларға істегендеріне сай әділ жаза тартқызғаныңды көрсете көрші, себебі мен ісімді Саған сеніп тапсырдым.
Jere Kaz 20:13  Жаратқан Иеге ән-жыр айтыңдар! Жаратқан Иені мадақтаңдар! Ол жарлының жанын зұлымдардың шеңгелінен құтқарып алады.
Jere Kaz 20:14  Ал мен дүниеге келген күн құтсыз күн! Мен туылған күн еш аталмасын!
Jere Kaz 20:15  Әкемді: «Сүйінші! Ұлды болдың!» деген хабармен қуантқан адам — бақытсыз пенденің өзі!
Jere Kaz 20:16  Сондай адам Жаратқан Ие ежелде аяусыз құртып жіберген қалаларға ұқсайды: ол таң сәріде айқай-шу, тал түсте қағылған дабылды естиді.
Jere Kaz 20:17  Әттең, ол мені құрсақта жатқанымда-ақ өлтіріп тастағанда ғой! Анамның ішінен шықпай-ақ шетінеп, оның құрсағы қабірім болып қала бергенде ғой!
Jere Kaz 20:18  Неге ғана тудым екен? Пәни өмірдің азабы мен қайғысын бастан өткізіп, ақыр соңында масқараға қалу үшін ғана ма?!»
Chapter 21
Jere Kaz 21:1  Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнады. Сол кезде Седекиях патша Малқиях ұлы Пашхурды және Мағасиях ұлы Софония есімді діни қызметкерді Еремияға жіберіп:
Jere Kaz 21:2  — Бабыл патшасы Набуходоносор бізге қарсы соғыс ашты. Енді Жаратқан Иеден біз үшін мынаны сұрап біліп алсаңыз екен: Мүмкін, Ол ежелде көрсеткен кереметтері сияқты бізге де керемет жасап, жауды елімізден шегіндіріп кері қайтармас па екен? — деген өтінішін білдірген болатын.
Jere Kaz 21:3  Еремия оларға мына жауапты қайтарды:— Седекияхқа былай деңдер:
Jere Kaz 21:4  Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Сендерді қала қабырғасының сыртынан қоршап алған Бабыл патшасы мен халдей жасақшыларына қарсы қолданып жатқан қару-жарақтарыңды өздеріңе қарсы бұрамын. Сонда Мен жауларыңды қаланың ортасына жинап әкелемін!
Jere Kaz 21:5  Сендерге қарсы зор күш-қуатыммен, кәрлі ашу-ызаммен құдіретті қолымды алға созып тұрып Өзім соғысамын.
Jere Kaz 21:6  Мен осы қаладағылардың адам болсын, мал болсын барлығына да апат жіберіп, олар қорқынышты індеттен қырылатын болады.
Jere Kaz 21:7  Ал содан кейін Мен Яһуда патшасы Седекияхтың өзін де, осы қалада індет, семсер және ашаршылықтан аман қалған нөкерлері мен халқын да Бабыл патшасы Набуходоносордың әрі жандарын алмақ болған басқа да жауларының қолына тапсырамын. Набуходоносор оларды семсермен қырып, еш аяу, мүсіркеу, рақым ету дегенді білмейтін болады, — деп ескертеді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 21:8  Ал осы халыққа былай де: Жаратқан Ие сендердің таңдауларың үшін алдарыңа өмір мен өлімге апаратын жолдарды ұсынады:
Jere Kaz 21:9  Осы қалада қалатын әрбір адам семсер, ашаршылық немесе індеттен құриды. Ал қаладан шығып, оны қоршап алған халдейлерге берілетін әркім тірі қалып, өз жаны өзіне олжа болады.
Jere Kaz 21:10  Мен бұл қалаға жақсылық емес, жамандық істеуді ұйғардым. Мен, Жаратқан Ие, осыны нық айтамын. Қала Бабыл патшасының қолына беріліп, ол оны өртеп жібереді.
Jere Kaz 21:11  Жаратқан Ие маған Яһуданың патшалық әулетіне арнап мынаны айтқызды: «Тыңдаңдар Жаратқан Иенің сөзін,
Jere Kaz 21:12  уа, Дәуіттің әулеті! Жаратқан Ие мынаны айтады: Күн сайын таңертең халыққа әділдікпен билік айтыңдар! Жәбірленгенді қысым көрсетушісінен құтқарыңдар! Әйтпесе істеген зұлым істерің үшін қаһарым оттай лап етіп, оны ешкім сөндіре алмайды.
Jere Kaz 21:13  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Жартасты төбенің басында тұрған саған қарсы шығамын, уа, Иерусалим: «Бізге қарсы соғысып, баспанамызға кіре алатын кім бар?» деп мақтанатын сендерге қарсы Өзім соғысамын.
Jere Kaz 21:14  Мен сендерге лайықты жазаларыңды тартқызамын! — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Орманыңа Өзім от қойып, ол сендердің айналаларыңдағының бәрін жалмап қояды!»
Chapter 22
Jere Kaz 22:1  Жаратқан Ие маған былай деп тапсырды: «Яһуда патшасының сарайына ылдилап бар да, сонда мына сөздерді жарияла:
Jere Kaz 22:2  Уа, Дәуіттің тағында отырған Яһуда патшасы, Жаратқан Иенің сөзін тыңда! Уа, осы қақпалар арқылы сарайыңа кіретін өзің де, нөкерлерің де, халқың да, құлақ түріңдер!
Jere Kaz 22:3  Жаратқан Ие мынаны айтады: Әділдік пен шындықты ұдайы қолдаңдар! Жәбірленгенді қысым көрсетушісінен құтқарыңдар! Жат жұрттыққа, жетім-жесірге жәбір көрсетпеңдер! Бұл елде жазықсыз адамның қанын төкпеңдер!
Jere Kaz 22:4  Егер осы бұйрықтарыма бағынатын болсаңдар, онда Дәуіттің тағында отырған патшалар мына сарай қақпалары арқылы күйме, аттарымен өтіп, соңынан нөкерлері мен халқы еріп (салтанатты шерумен) кіретін болады.
Jere Kaz 22:5  Ал егер сол бұйрықтарыма бағынбасаңдар, онда бұл сарай қираған үйіндіге айналады деп Өзімнің атыммен ант етемін, — деп ескертеді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 22:6  Өйткені Жаратқан Ие Яһуда патшасының сарайы туралы мынаны айтады: Осы сарай Маған орманды Ғилақад аймағындай, самырсын қаптаған Ливан тауының бастарындай көрінсе де, Мен оны иен далаға, ешкім тұрмайтын бос қалаларға айналдырамын.
Jere Kaz 22:7  Оған қарсы құртушыларды жіберемін, әрқайсысы қару-жарағын асынып келеді. Олар сарайдың таңдаулы самырсын тақтайшаларын шапқылап, отқа лақтырады.
Jere Kaz 22:8  Көптеген ұлттардың адамдары осы қаланың қасынан өткенде бір-бірінен: «Жаратқан Ие неліктен осы ұлы қалаға мұны істеді екен?» деп сұрайтын болады.
Jere Kaz 22:9  Сонда: «Олар өз Құдайлары Жаратқан Иемен жасаған Келісімнен бас тартып, бөгде тәңірлерге иіліп құлшылық етіп кетті!» деп жауап беріледі.
Jere Kaz 22:10  Жосия патша марқұмды жоқтамаңдар, ол үшін жылап аза тұтпаңдар! Қайта, басқа жаққа айдалып әкетілген (Шаллум) патша үшін қайғырыңдар, өйткені ол енді қайтып туған еліне келмейді де, оны көрмейді де.
Jere Kaz 22:11  Себебі Жаратқан Ие әкесі Жосияның орнын басқан, енді Мысырға жер аударылып кеткен Шаллум туралы мынаны айтады: Ол мұнда ешқашан қайта оралмайды!
Jere Kaz 22:12  Шаллум айдалып кеткен жерінде өмірінің соңына дейін тұрып, бұл елді бұдан былай көрмейді!
Jere Kaz 22:13  Үйін әділетсіздікпен, жоғарғы бөлмелерін заңсыздықпен салып алған адамды Мен жазалаймын! Ол шеберлерге тегін жұмыс істетіп, тиесілі еңбекақыларын төлемей:
Jere Kaz 22:14  «Өзіме арнап жоғарғы бөлмелерін кең етіп зәулім сарай саламын! Соған үлкен терезе жасап, ішін самырсынмен қаптап, қызыл бояумен әшекейлеймін» деп мақтанады.
Jere Kaz 22:15  Алайда самырсыннан сарай салғаның сені ұлы патша қыла ма? Әкең марқұм тоя ішіп-жеп жайлы тұрмыс құрды емес пе? Ол әділдік пен шындықты жүзеге асырып, соның нәтижесінде игілікті өмір сүрді.
Jere Kaz 22:16  Әкең бейшара мен кедейдің мүдделерін қорғап, елдің жағдайы жақсы болды. Мені жақыннан танып білу дегеннің өзі осы емес пе? — дейді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 22:17  Ал сен жан-тәніңмен арам пайдаға құнығып, жазықсыз қан төгіп, басқаға зорлық-зомбылық жасауды ынтыға көздейсің.
Jere Kaz 22:18  Сондықтан Яһуда патшасы Жосия ұлы Жохақым туралы Жаратқан Ие мынаны айтады: Кезінде оның отбасын: «Ой, бауырым, ой, қарындасым!» деп ешкім жоқтамайтын болады, оның өзін де жұрт: «Беу, тақсыр ием-ай! Ой, патшам-ай!» деп те жоқтамайды.
Jere Kaz 22:19  Қайта, оның өлігін есектің өлімтігіндей Иерусалимнің қақпасынан сыртқа сүйреп шығарып, далаға лақтырып тастайды!
Jere Kaz 22:20  Уа, Иерусалим халқы, Ливанға көтеріліп шығып, айқайла! Башанның тауларынан да даусыңды шығарып, Моабтағы Абарим қыратынан да айқай сал! Себебі көңілдес одақтастарыңның барлығы талқандалды!
Jere Kaz 22:21  Жағдайың аман-есен болып тұрған кезде саған ескерткен едім, ал сен: «Тыңдағым да келмейді!» дейтінсің. Сен жас кезіңнен-ақ осылай істеп, даусыма мүлдем құлақ аспай келесің.
Jere Kaz 22:22  Басшыларыңның бәрін жел үрлеп әкетеді. Көңілдес одақтастарың да жер аударылып әкетіледі. Ақыры сен өз зұлымдығыңнан ұятқа қалып, масқараланасың.
Jere Kaz 22:23  Сен Ливанда тұрып, оның самырсын ағаштарында ұя салған құс іспетті қауіпсіз сезінгенмен, сотталып жазаланған күніңде толғатқан әйелдей азап тартып қиналғанда қалайша ыңқылдар екенсің!
Jere Kaz 22:24  Мәңгі тірі Жаратқан Ие өз атымен ант етіп былай дейді: Уа, Яһуда патшасы Жохақым ұлы Ехониях, Менің оң қолымдағы мөрлі жүзігімдей беделді болған едің. Алайда Мен сені қолымнан жұлып алып тастайтын боламын!
Jere Kaz 22:25  Сені жаныңды алмақ болған, өзің зәрең қалмай қорқатын адамдардың, яғни Бабыл патшасы Набуходоносор мен халдей жасақшыларының, қолдарына түсіремін!
Jere Kaz 22:26  Мен өзіңді де, сені дүниеге келтірген шешеңді де бөтен елге айдатып жіберемін. Сендер сол жерде тумағанмен, сонда өлетін боласыңдар.
Jere Kaz 22:27  Осы елге қайтуды қанша аңсасаңдар да, оған қайта оралмайсыңдар».
Jere Kaz 22:28  «Мына адам Ехониях шынымен сынып, қоқысқа тасталған ыдыс іспетті ме? Оның өзі және балалары білмейтін алыс елге неліктен айдалып әкетілмек?» деп сұрайтын шығар.
Jere Kaz 22:29  Уа, елім! Уа, жерім! Уа, ел-жұртым! Жаратқан Иенің сөзін мұқият тыңдаңдар!
Jere Kaz 22:30  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Бұл кісіні баласыз, өмір бойы табысқа жетпейтін адам деп жазып қойыңдар! Себебі оның бірде-бір баласы Дәуіттің тағына отырып, Яһуда еліне билік жүргізбейтін болады».
Chapter 23
Jere Kaz 23:1  «Халқымның билеушілері Менің «отарымдағы қойларды бағатын бақташылар» іспетті. Сол «бақташылар» қасіретке қалады! Өйткені олар бағуға тиістілерді өздері құртып, бытыратып қуып жатыр!» — дейді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 23:2  Өз халқын бағып жүрген осы «бақташыларға» Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: «Сендер Менің «қойларымды» бытыратып қуып жіберіп, оларға тиісті назар аудармадыңдар. Сондықтан Мен сендердің толып жатқан зұлым істеріңе енді назарымды аударамын! — деп ескертеді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 23:3  Мен «отарымның» тірі қалғандарын Өзім айдап жіберген елдерден жинап аламын да, өздерінің еліне қайтарамын. Олар сонда өсіп-өнетін болады.
Jere Kaz 23:4  Оларға қамқорлық ететін «бақташыларды» тағайындаймын. Бұдан былай «отарым» еш нәрседен қорқып, зәрелері ұшпайды да, бірде-біреуі жоғалмайды да». — Жаратқан Ие осыған уәде береді.
Jere Kaz 23:5  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Алдағы уақытта Мен Дәуіттің әулетінен бір «Әділ Өскінді» өсіріп шығаратын кез келеді. Ол патшалық құрып, даналықпен әрекет етіп, жерге әділет пен шындық орнатады.
Jere Kaz 23:6  Сол кезде Яһуда елі құтқарылып, Солтүстік Исраил де аман-есен өмір сүретін болады. Патша: «Әділдігіміздің қайнары — Жаратқан Ие» деп аталмақ.
Jere Kaz 23:7  Сондықтан Жаратқан Ие тағы мынаны да айтады: Халқым ант бергенде: «Исраилдіктерді Мысыр елінен алып шыққан мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын» деп емес,
Jere Kaz 23:8  «Исраилдің үрім-бұтағын солтүстіктегі елден және Өзі аластатып жіберген басқа да барлық елдерден жинап алып келген мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын» дейтін уақыт тумақ! Сонда исраилдіктер өздерінің елін мекендейтін болады».
Jere Kaz 23:9  (Жалған) пайғамбарларға бола жүрегім жаралы, тұла бойым дірілдеп, шарапқа қызып алған мас адамға ұқсаймын. Мен Жаратқан Иенің киелі сөздерінен осындай болдым.
Jere Kaz 23:10  Ел Оның Келісіміне опасыздық жасаған адамдарға толып кеткендіктен қарғысқа ұшырады. Содан иен даладағы жайылымдар құрғап, жердің өзі қайғырып жатыр. Халық зұлымдық жасап, күш-қуатын жамандыққа жұмсайды.
Jere Kaz 23:11  «Халықтың пайғамбарлары мен діни қызметкерлері азғындыққа салынған, Мен тіпті киелі үйімнен олардың зұлым істерін таптым.
Jere Kaz 23:12  Сондықтан оларды күтіп тұрғаны — қараңғы да тайғақ жолмен кетіп, сонда сүрініп құлау. Жазаланатын уақыты келгенде Мен олардың бастарына апат түсіремін!» — деп ескертеді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 23:13  «Самарияның пайғамбарларының жиренішті іс істеп жүргендерін көрдім: олар Бағалдың атынан пайғамбарлық сөз айтып, халқым Исраилді адастырып, теріс жолға тайдырды.
Jere Kaz 23:14  Иерусалимнің пайғамбарларынан да мына қорқынышты іс-әрекетті көрдім: олар азғындыққа салынып, жалғандықтың жолын қуып жүр! Олар зұлым істер істеп жүретіндерді қолдап-қолпаштайды. Сондықтан ешкім күнәсінен бас тартпайды. Діни қызметкерлердің бәрі Маған Содомдай, Иерусалимнің тұрғындары Ғоморадай жексұрын болып кетті».
Jere Kaz 23:15  Сол себепті Әлемнің Иесі осы жалған пайғамбарлар туралы мынаны айтады: «Мен оларға азаптың жусандай ащы дәмін татқызып, соттың улы сусынын ішкіземін. Өйткені Иерусалимнің пайғамбарларынан бүкіл елге азғындық таралуда».
Jere Kaz 23:16  Әлемнің Иесі халыққа мынаны айтады: «Сол (жалған) пайғамбарлар сендерге хабарларын жеткізгенде оларға құлақ аспаңдар! Олар сендерді алдап босқа үміттендіріп жүр. Сендерге айтып жүрген сөздері — Жаратқан Иенің айтқандары емес, өз қиялдарынан шыққан сөздер.
Jere Kaz 23:17  Мені менсінбейтіндерге олар: «Жаратқан Ие былай деді: Сендерде амандық пен тыныштық болады!» Қасарысқан жүрегінің қалауымен жүретін қыңырларға олар: «Бастарыңа ешқандай пәле түспейді!» деп уәде береді».
Jere Kaz 23:18  Ал олардың қайсысы Жаратқан Иенің көктегі кеңесінде тұрып Оның хабарларын көріп-естіпті? Оның сөзіне құлақ асып, ден қойған біреуі болды ма?
Jere Kaz 23:19  Қара да тұр, Жаратқан Иенің қаһары дауылдай буырқанып, құйын сияқты зұлымдардың басына шүйілейін деп жатыр!
Jere Kaz 23:20  Жаратқан Ие жүрегіндегі ой-ниеттерін толығымен орындап болмайынша, Өзінің қаһарынан қайтпайды. Алдағы уақытта сендер мұны анық түсінесіңдер.
Jere Kaz 23:21  «Мен бұл пайғамбарларды жіберген жоқпын, әйтсе де олар хабарларын жеткізуге асығады. Мен оларға сөйлеген де жоқпын, ал олар бәрібір пайғамбарлық сөздер айтқансиды.
Jere Kaz 23:22  Олар шынымен Менің кеңесімде тұрған болса, онда халқыма Менің сөздерімді жеткізіп, оны теріс жолынан, істеп жатқан зұлым іс-әрекеттерінен қайтарған болар еді.
Jere Kaz 23:23  Мені тек жақын жерде тұрып, алыс жерде бола алмайтын Құдай дейсіңдер ме? — деп сұрайды Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 23:24  Әлде адам құпия жерге тығылып, Менің көзімнен тасалана алады деп ойлайсыңдар ма? Аспан мен жердің барлық жерінде Мен бармын, солай емес пе? — деп ескертеді Иеміз.
Jere Kaz 23:25  Менің атымнан өтірік хабар жеткізетін пайғамбарлардың не айтатынын да естідім. Олар: «Мен мынадай түс көрдім!» «Ал мен анадай түс көрдім!» — деседі.
Jere Kaz 23:26  Өтірік айтып, өз қиялдарын жариялайтын сол жалған пайғамбарлардың жан дүниелерінде осындай нәрсе қашанға дейін бола бермекші?
Jere Kaz 23:27  Олардың ата-бабаларының Бағалға табынғандарының кесірінен Менің кім екенімді ұмытқандары сияқты, олар да бір-біріне айтқан сол түстері арқылы Менің кім екенімді халқыма ұмыттыруды көздейді.
Jere Kaz 23:28  Түс көрген пайғамбар түсін айтсын. Ал Менің хабарымды қабылдағандар оны ақиқатпен жеткізсін. Сабан мен бидайдың арасындағы зор айырмашылық іспетті олардың бос сөздері мен ақиқаттың арасындағы айырмашылық та жер мен көктей.
Jere Kaz 23:29  Менің сөздерім от сияқты емес пе? Ол тастың талқанын шығаратын балға сияқты емес пе? — деп сауал қояды Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 23:30  Сондықтан біліп қойыңдар: сөздерімді бір-бірінен ұрлап алатын пайғамбарларға Мен қарсы шығамын! — дейді Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 23:31  Дұрыс, мылжыңдап «Жаратқан Ие пәлен деп айтты!» дей беретін пайғамбарларға Мен қарсы шығамын! — деп нық айтады Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 23:32  Иә, сол өтірік түс айтатындарға Мен қарсы шығамын! Мен оларға тапсырма беріп тағайындамасам да, жібермесем де, олар көрген түстерін айтып, сорақы өтіріктерімен халықты теріс жолға салады. Олардың осы халыққа тигізетін титтей де пайдасы жоқ!» — деп тұжырымдайды Жаратқан Ие.
Jere Kaz 23:33  Жаратқан Ие маған тағы мынаны да айтты:— Егер осы халықтың не жай адамдары не бір пайғамбары, не бір діни қызметкері сенен: «Жаратқан Иенің саған жүктеген ауыр хабары қандай?» деп сұраса, оларға былай де: «Өздерің ауыр жүксіңдер! Ал Жаратқан Ие сендерді тастап кетемін дейді!»
Jere Kaz 23:34  Пайғамбар болсын, діни қызметкер болсын, халықтың басқа адамы болсын, «Жаратқан Иенің жүктеген ауыр хабары» жайлы айтатын болса, Мен сол адамды да, бүкіл отбасын да жазалаймын!
Jere Kaz 23:35  Қайта, сендер бір-біріңнен: «Жаратқан Ие қандай жауап берді?» немесе «Жаратқан Ие не айтты?» деп сұрауларың керек.
Jere Kaz 23:36  Ал «Жаратқан Иенің жүктеген ауыр хабары» деген сөздерді ауыздарыңа алушы болмаңдар! Өйткені әркімнің өз сөзі оның «ауыр хабары» болады. Осылайша сендер мәңгі тірі Құдайдың сөздерін бұрмалап тастайсыңдар! Ол — Әлемнің Иесі, біздің Құдайымыз.
Jere Kaz 23:37  Сонымен сендер пайғамбардан тек: «Жаратқан Ие қандай жауап берді? Жаратқан Ие не айтты?» деп сұрауларың керек.
Jere Kaz 23:38  Ал егер «Жаратқан Иенің жүктеген ауыр хабары!» дей беретін болсаңдар, онда Жаратқан Ие сендерге мынаны айтады: Мен соны айтуға тыйым салсам да, оны бәрібір істеп жүрсіңдер.
Jere Kaz 23:39  Сондықтан Мен сендерді бұдан былай есіме алмаймын да, өздеріңе және ата-бабаларыңа табыстаған Менің қаламмен қоса өздеріңді де қасымнан аластатамын!
Jere Kaz 23:40  Сонда Мен сендерді ешқашан ұмытылмайтын ұятқа қалдырып, масқара қыламын.
Chapter 24
Jere Kaz 24:1  Жаратқан Ие маған бір көріністе інжір жемісіне толы екі себетті көрсетті. Себеттер Оның ғибадатханасының алдында тұр екен. Бұл Бабыл патшасы Набуходоносор Яһуда патшасы Жохақым ұлы Ехонияхты, елдің әміршілерін, қолөнершілері мен ұсталарын Иерусалимнен Бабыл еліне айдап алып кеткеннен кейін болды.
Jere Kaz 24:2  Бір себеттегі інжірлер ерте піскендер іспетті өте жақсы, ал екінші себеттегісі бұзылған, тіпті жеуге келмейтін жемістер екен.
Jere Kaz 24:3  Жаратқан Ие маған:— Нені көріп тұрсың? — деген сауал қойды. Мен:— Інжір жемістерін көріп тұрмын. Жақсылары өте жақсы, ал жамандары өте жаман, бұзылғандықтан тіпті жеуге келмейді, — деп жауап бердім.
Jere Kaz 24:4  Сонда Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 24:5  — Исраилдің Құдайы, Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен Өзім бұл жерден халдейлердің еліне жер аудартқан Яһуданың адамдарын да осы жақсы жемістер іспетті жақсы деп санаймын.
Jere Kaz 24:6  Оларға көз қырымды салып, жағдайларының жақсы болуын қадағалаймын. Кейін оларды осы елге кері қайтарамын. Сол жерде оларды құртпаймын, керісінше, тұрғызып өркендетемін, оларды жұлып тастамаймын, керісінше, қайтадан егіп отырғызамын.
Jere Kaz 24:7  Оларға Мені, Жаратқан Иені, жақыннан танып біле алатын жүрек сыйлаймын. Олар Маған шын жүректен қайтып келгендіктен Менің халқым, ал Мен олардың Құдайы боламын.
Jere Kaz 24:8  Ал жеуге келмейтін жаман інжірлер туралы Жаратқан Ие мынаны айтты: — Мен Яһуда патшасы Седекияхты, оның әміршілерін, Иерусалимнің тірі қалып, осы елде тұратын адамдарын және Мысырға көшіп қоныстанғандарын сол бұзылған, жеуге болмайтын жемістерге ұқсатамын.
Jere Kaz 24:9  Мен барлық патшалықтарды олардан шошынып аңтарыла жиренетін қыламын. Қай жерге шашыратып жіберсем де, олар мазаққа айналып табаланады әрі келекеленіп қарғалатын болады.
Jere Kaz 24:10  Ата-бабаларына Өзім табыстаған осы елден олар толығымен құрып кетпейінше, Мен оларға семсер, ашаршылық және індет жібере беремін.
Chapter 25
Jere Kaz 25:1  Жосия ұлы Жохақымның Яһуда еліне патшалық құрған төртінші жылы Жаратқан Ие Еремияға бүкіл Яһуда халқы туралы сөзін арнап хабарын жіберді. Бұл Бабылға Набуходоносордың патшалық құрған бірінші жылы болатын.
Jere Kaz 25:2  Еремия пайғамбар осы хабарды Яһуда халқы мен Иерусалим тұрғындарының бәріне жеткізіп былай деді:
Jere Kaz 25:3  — Яһудаға Амон ұлы Жосияның патшалық құрған он үшінші жылынан бастап осы күнге дейін — барлығы жиырма үш жыл бойы Жаратқан Ие маған сендерге арналған хабарларын жолдап келеді. Мен олардың бәрін өздеріңе әлсін-әлсін айтып жеткізіп жүрмін, бірақ сендер тыңдамайсыңдар.
Jere Kaz 25:4  Жаратқан Ие сендерге қайта-қайта пайғамбарларын жіберіп отырса да, сендер оларды не тыңдаған, не ден қойған жоқсыңдар.
Jere Kaz 25:5  Сол хабарларда Жаратқан Ие сендерге мынаны ескертетін: «Әрқайсың теріс жолдарыңнан қайтып, істеп жүрген зұлым істеріңнен бас тартыңдар! Сонда Мен өздеріңе және ата-бабаларыңа мәңгілікке тапсырған елде сендерді ұдайы мекендетемін.
Jere Kaz 25:6  Сондай-ақ бөгде тәңірлердің жолын қуып оларға иіліп табынбаңдар! Мені өз қолдарыңмен жасап алған сол тәңірсымақтарыңмен ашуландырмаңдар! Сонда Мен сендерге ешқандай бақытсыздық жібермеймін!»
Jere Kaz 25:7  Енді Жаратқан Ие мынаны айтады: «Бірақ сендер Мені тыңдамадыңдар. Өз қолдарыңмен жасап алған нәрселеріңе табынып, ашуымды шақырдыңдар. Осылайша өз бастарыңа өздерің пәле тілеп алдыңдар!»
Jere Kaz 25:8  Сондықтан Әлемнің Иесі мынаны айтады: «Менің сөздерімді тыңдамағандықтарыңнан,
Jere Kaz 25:9  солтүстіктің барлық ұлттары мен тайпаларын және Менің еркімді іске асыратын Бабыл патшасы Набуходоносорды осы ел мен оның тұрғындарына және оның айналасындағы күллі халықтарға қарсы аттандырып алып келемін. Мен осы елдерді түгелдей қиратып тастаймын. Олар ұдайы қаңырап бос қалады, ал басқалар оларға қарап аңтарыла жандары түршігіп, ысқырып келекелейтін болады.
Jere Kaz 25:10  Олардан қуаныш пен шаттықтың үнін, күйеу жігіт пен қалыңдықтың көңілді дауыстарын шықпайтын қыламын. Қол диірменінің үні де өшіп, шам-шырақтары сөніп қалады.
Jere Kaz 25:11  Бүкіл ел қорқынышты құлазыған айдалаға айналады, ал осы ұлттар Бабыл патшасына жетпіс жыл бойы басыбайлы қызмет ететін болады.
Jere Kaz 25:12  Бірақ жетпіс жыл өткен соң, Мен Бабыл патшасын да, оның халқын да ауыр кінәлары үшін жазалап, халдейлердің елін мәңгілікке қаңыраған қу далаға айналдырамын.
Jere Kaz 25:13  Мен сол жерге қарсы айтқанымның барлығын: Еремия пайғамбардың басқа ұлттарға қарсы жариялап, осы шиыршық кітапта жазылған жазаларымның бәрін де жүзеге асырамын.
Jere Kaz 25:14  Бабылдықтар көп халықтар мен ұлы патшалардың құлдығына түседі. Мен бабылдықтарға жасаған іс-әрекеттеріне сай тиісті жазаларын тартқызамын!»
Jere Kaz 25:15  Өйткені Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие маған былай деп бұйырды:— Ернеуіне дейін «қаһарымның шарабына» толған мына «тостағанды» ал да, Өзім сені жіберетін халықтардың бәріне содан «ішкіз!»
Jere Kaz 25:16  Олар «ішіп алып», тәлтіректейді. Мен олардың арасына семсерді жібергенімде мүлдем естері ауысып кетеді!
Jere Kaz 25:17  Мен Жаратқан Иенің қаһарына толы «тостағанды» Оның қолынан қабылдап, Өзі мені жіберген халықтардың бәріне «ішкіздім»:
Jere Kaz 25:18  Иерусалим мен Яһуданың басқа қалалары, оның патшалары мен әміршілері осылай күйреп, бөтен халықтардың бұларға қарап жандары түршігіп ысқырып, келекелеп, қарғауына ұшырайтын болды. Олар әлі күнге дейін сол күйде.
Jere Kaz 25:19  Сондай-ақ Мысыр патшасы перғауынға, нөкерлері мен әміршілеріне, бүкіл халқына,
Jere Kaz 25:20  сол патшалықта тұрып жатқан барлық жат жұрттықтарға да сол «тостағаннан» ішкіздім. Мұнан кейін шығыстағы Ус жерінің күллі патшаларына, філістірлер елінің бүкіл патшаларына әрі Ашқалон, Газа, Әкронның халқына және Азоттың тірі қалғандарына да,
Jere Kaz 25:21  Едом, Моаб және Аммонның халқына,
Jere Kaz 25:22  Тир мен Сидонның барлық патшаларына, теңіздің ар жағындағы аралдар мен жағалауларындағы жерлердің патшаларына да,
Jere Kaz 25:23  Дедан, Тема, Буздың халықтарына, шалғайда тұратын бүкіл көшпенділерге,
Jere Kaz 25:24  Арабияның және иен даланы мекендейтін әр түрлі ұлттардың барлық патшаларына,
Jere Kaz 25:25  Зімри, Елам және Мидия патшаларының бәріне,
Jere Kaz 25:26  алыс-жақын солтүстік елдерінің барлық патшаларына, бірінен кейін біріне, жалпы, бүкіл жер жүзінің патшалықтарына Жаратқан Иенің қаһарына толы «тостағаннан ішкіздім». Бәрінің соңынан Шешах патшасы да содан «ішетін» болады.
Jere Kaz 25:27  — Бұдан кейін оларға былай де: Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: «ішіңдер, тоя ішіп, құсып тастаңдар!» Мен араларыңа жіберіп отырған семсерден құлап, қайтып тұрмаңдар!
Jere Kaz 25:28  Ал егер олар сенің қолыңнан «тостағанды» алып, «ішуден» бас тартса, оларға былай де: Әлемнің Иесі мынаны айтады: Сендер одан міндетті түрде ішесіңдер!
Jere Kaz 25:29  Ойлаңдаршы, Мен тіпті Өзімнің атыммен аталған қаланың басына да апат түсіремін. Сонда өздеріңді жазадан құтыламыз деп ойлайсыңдар ма? Жоқ, құтылмайсыңдар, өйткені жер бетінің күллі тұрғындарына семсерді жіберемін! — деп нық айтады Әлемнің Иесі.
Jere Kaz 25:30  Сонымен оларға қарсы мына пайғамбарлық сөздердің бәрін де айт: Жаратқан Ие заңғар биіктен ақырып, Өзінің киелі тұрағынан даусын естіртеді. Ол осы шұрайлы елге Өзінің бар даусымен күркіреп, бүкіл жер бетінің тұрғындарына жүзімді таптап шырынын ағызатын жұмысшылар айқайлағандай қатты айқай салады.
Jere Kaz 25:31  Осы айқай-шу жердің шет-шеттеріне дейін жететін болады. Өйткені Жаратқан Ие ұлттарды айыптап, барлық халықтарға үкімін шығарып, ішіндегі зұлымдарын семсерімен құртатын болады, — дейді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 25:32  Әлемнің Иесі тағы мынаны да айтады:— Қараңдаршы! Апат бір халықтан екінші халыққа тарап, жердің бар түкпірлерінен алапат дауыл тұрып келе жатыр.
Jere Kaz 25:33  Сол кезде Жаратқан Иенің қолынан мерт болғандар жердің бір шетінен екінші шетіне дейін барлық жерде жатады. Оларды ешкім жоқтап қайғырмайды да, өліктерін жинап, қабірге қоймайды да. Олар далада қи-қоқыс сияқты шашылып жататын болады.
Jere Kaz 25:34  Ей, «бақташылар», жылап-сықтаңдар, «отардың жетекшілері», қатты қайғырып күлге аунаңдар! Сендердің қырылып, бытырап кететін уақыттарың келді. Сендер құлап, қымбат ыдыстай сынып қаласыңдар.
Jere Kaz 25:35  Бақташылардың қашып баратын, жетекшілердің бас сауғалайтын жері болмайды.
Jere Kaz 25:36  Бақташылардың жан айқайы, жетекшілердің еңіреп жылауы естіліп тұр. Өйткені Жаратқан Ие олардың жайылымдарын жайпап жатыр.
Jere Kaz 25:37  Тыныш жатқан көгалдар Жаратқан Иенің жалындаған қаһарынан тып-типыл болады.
Jere Kaz 25:38  Ол апанынан шыққан арыстандай тап беруге дайын тұр. Олардың елдері басқыншының семсерінен және Жаратқан Иенің жалындаған қаһарынан қаңырап бос қалады.
Chapter 26
Jere Kaz 26:1  Яһудаға Жосия ұлы Жохақымның патшалық құруының бастапқы кезінде Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнады.
Jere Kaz 26:2  Сонда Жаратқан Ие мынаны айтты: «Менің киелі үйімнің ауласына барып тұр. Яһуданың барлық қалаларынан киелі үйіме ғибадат етуге келгендерге Мен саған айтқандардың бәрін бірде-бір сөзін қалдырып кетпей жеткіз.
Jere Kaz 26:3  Мүмкін, олар құлақ асып, әркім өзінің зұлым жолынан қайтар. Сонда Мен де райымнан қайтып, зұлымдықтары үшін жоспарлаған апатымды олардың бастарына түсірмеймін.
Jere Kaz 26:4  Ал енді, жиналған халыққа былай де: Жаратқан Ие мынаны айтады: Егер сендер бұдан былай да Мені тыңдамай, өздеріңе тапсырған Таурат заңыма мойынсұнбайтын болсаңдар,
Jere Kaz 26:5  әрі Мені қыңырлана тыңдамай қойып, өздеріңе қайта-қайта жіберген қызметшілерім — пайғамбарларға құлақ аспайтын болсаңдар,
Jere Kaz 26:6  онда Мен ежелде Шилодағы табыну орнын қалай талқандатқан болсам, осы киелі үйді де солай талқандатамын. Ал Иерусалимді жер бетіндегі күллі халықтар қарғайтын қалаға айналдырамын!»
Jere Kaz 26:7  Еремияның Жаратқан Иенің киелі үйінің алдында айтып берген осы сөздерін діни қызметкерлер, пайғамбарлар және жиналған халықтың барлығы естіп тұрды.
Jere Kaz 26:8  Еремия Жаратқан Ие өзіне бүкіл халыққа жариялауға тапсырғандарының бәрін айтып болғанда, олар оны ұстап алып, былай деп айқайлады: «Сенің көзіңді құрту керек!
Jere Kaz 26:9  Осы киелі үй Шило сияқты талқандалады, әрі Иерусалим қирап, қаңырап бос қалады деп Жаратқан Иенің атынан айтуға қалай ғана аузың барады?» — Жаратқан Иенің киелі үйінде көп халық Еремияның айналасына топырлап жиналды.
Jere Kaz 26:10  Яһуда елінің бірқатар төрешілері бұл туралы естігенде патша сарайынан шығып, киелі үйге көтеріліп, оның жаңа қақпасының кіреберісіне барды. Сол жерде олар (дауларды қарайтын орынға) жайғасты.
Jere Kaz 26:11  Сонда діни қызметкерлер мен (жалған) пайғамбарлар төрешілерге және бүкіл халыққа шағымданып:— Бұл кісінің біздің қаламыз туралы жамандық болжап, сатқындық жасап тұрғанын өз құлақтарыңызбен естідіңіздер. Сол үшін оған өлім үкімін шығару керек! — деді.
Jere Kaz 26:12  Ал Еремия төрешілер мен халықтың бәріне арнап былай деді:— Мына киелі үй мен осы қала туралы сіздер жаңа естіген болжам сөзді айтуға мені Жаратқан Ие жіберді.
Jere Kaz 26:13  Сондықтан теріс жолдарыңнан қайтып, іс-әрекеттеріңді түзетіп, Құдайларың Жаратқан Иеге мойынсұныңдар! Осылай етсеңдер, Ол райынан қайтып, өздеріңізге бұйырған апатын жібермейді.
Jere Kaz 26:14  Ал маған келсек, міне, өз қолдарыңыздамын. Өздеріңізге не ізгі де әділ болып көрінсе, соны маған істей беріңіздер.
Jere Kaz 26:15  Бірақ мынаны біліп қойыңыздар: Егер мені өлтірсеңіздер, онда өздеріңіз, осы қала және оның тұрғындарының бәрі де жазықсыз адамның қанын төгіп, соның кінәсін мойындарыңызға жүктейсіздер. Өйткені бұл сөздерді сіздерге естіртуге мені шынымен Жаратқан Ие жіберді!
Jere Kaz 26:16  Сонда төрешілер мен бүкіл халық діни қызметкерлер мен пайғамбарларға:— Бұл адамды өлімге кесуге болмайды! Ол бізге Құдайымыз Жаратқан Иенің атынан сөйледі ғой! — деді.
Jere Kaz 26:17  Елдің ақсақалдарының бірнешеуі алға шығып, халықтың бүкіл жамағатына қарап былай деді:
Jere Kaz 26:18  — Яһуда патшасы Езекияның заманында морешеттік Миха пайғамбар Құдайдың хабарын жеткізіп бүкіл Яһуда халқына былай деген болатын: «Әлемнің Иесі мынаны айтады: Сион тауы егістіктей соқамен жыртылады! Иерусалим — тас үйіндіге, қазір ғибадатхана тұрған төбе — ну орманды қыратқа айналады!»
Jere Kaz 26:19  Езекия патша және бүкіл Яһуда халқы оны сол үшін өлімге кесіп пе еді? Қайта, Езекия Жаратқан Иені қастерлеп, Одан рақым етуін жалбарына сұрады емес пе? Сонда Жаратқан Ие райынан қайтып, оларға бұйырған апатын жібермей қойды ғой! Ал Еремияны өлтіріп, біз өзімізге-өзіміз зор апат келтірейін деп тұрмыз!
Jere Kaz 26:20  Сол кездері кирият-иғарымдық Шемаях ұлы Ұрия деген кісі де Жаратқан Иенің атынан Оның хабарларын жеткізіп жүрген болатын. Ұрия пайғамбардың айтқандары Еремияның сөздерінің барлығымен бірдей болды. Осы қала мен елдің зор апатқа душар болатыны туралы ол да пайғамбарлық сөз айтып жүрді.
Jere Kaz 26:21  Жохақым патша өзінің бүкіл ұландары және әміршілерімен бірге Ұрияның айтқан сөздерін естігенде, оның көзін құртпаққа ұмтылды. Ұрия бұл туралы біліп қойғанда абыржып, Мысырға қашып кетті.
Jere Kaz 26:22  Ал Жохақым патша Ахбор ұлы Елнатанды қасына бірнеше кісі қосып, Мысырға жіберді.
Jere Kaz 26:23  Олар Ұрияны сол елден қайтарып, Жохақым патшаның алдына алып келді. Патша оны семсермен шауып өлтіріп, мәйітін қарапайым халық жерленетін жерге лақтырып тастатты.
Jere Kaz 26:24  Бірақ Шапан ұлы Ахиқамның қолдауының арқасында Еремия жанын алмақ болған халық тобырына тапсырылудан аман қалды.
Chapter 27
Jere Kaz 27:1  Яһуда еліне Жосия ұлы Седекияхтың патшалық құрған алғашқы кезінде Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнады.
Jere Kaz 27:2  Сонда Жаратқан Ие маған мынаны айтты:— Өзіңе қайыс пен сырықтан мойынтұрық жасап, мойныңа киіп ал.
Jere Kaz 27:3  Сөйтіп Едом, Моаб, Аммон елдерінің және Тир мен Сидон қалаларының патшаларына олардың Иерусалимдегі Яһуда патшасы Седекияхқа жіберген елшілері арқылы Менің хабарымды жолда!
Jere Kaz 27:4  Сол елшілерге қожайындарына арналған сөздерімді тапсыр: Сендер қожайындарыңа Менің хабарымды жеткізіп былай деңдер: Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы мынаны айтады:
Jere Kaz 27:5  Мен ғаламат құдіретіммен және алға созған қолыммен әлемді әрі жер бетіндегі адамдар мен хайуандарды қоса жараттым. Оларды қалаған адамыма тапсырамын.
Jere Kaz 27:6  Ал қазір Мен сендердің барлық елдеріңді Өзімнің еркімді іске асырушы Бабыл патшасы Набуходоносордың билігіне тапсырып отырмын. Мен тіпті даланың жабайы аңдарын да оған бағынышты етемін.
Jere Kaz 27:7  Бабыл патшалығы мен патшасына сотталу уақыты жеткенге дейін, барлық халықтар оның өзіне, ұлы мен немересіне мойынсұнып қызмет ететін болады. Содан кейін Бабылдың өзі көптеген халықтар мен ұлы патшаларға бағынышты болады.
Jere Kaz 27:8  Ал егер бір ұлт не бір патшалық Бабыл патшасы Набуходоносорға бағынып оның мойынтұрығын киюден бас тартса, Мен ондай ұлтты семсер, ашаршылық және індетпен жазалап, сол патшаның қолымен құртамын! — дейді Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 27:9  Сондықтан сендерге «Бабыл патшасына бағынып қызмет етпейсіңдер!» деп болжайтын өз пайғамбарларыңа, бал ашушы, түс көруші не аруақ шақырушы сәуегейлерің мен сиқыршыларыңа сенбеңдер!
Jere Kaz 27:10  Өйткені олар сендерге жалған пайғамбарлық сөз айтып, өз елдеріңнен алыс жаққа айдалып кетулеріңе түрткі болады. Сонда Мен сендерді елдеріңнен аластатып, басқа жаққа қуып, сендер сол жерде құрып кетесіңдер.
Jere Kaz 27:11  Ал Бабыл патшасына бағынып, оның мойынтұрығын киген халықты Мен өз елінде қалдырамын. Олар сонда тұрып, жерін өңдеп өз күндерін көретін болады, — деп уәде етеді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 27:12  Мен Жаратқан Иенің осы хабарын Яһуда патшасы Седекияхқа да жеткізіп былай дедім:— Бабыл патшасының мойынтұрығын киіп, оған және оның халқына бағыныңдар, сонда тірі қаласыңдар!
Jere Kaz 27:13  Жаратқан Ие Бабыл патшасына бағынбаған кез келген халықты семсер, ашаршылық және індетпен қырамын деп ескертіп тұрғанда саған халқыңмен қоса қырылып не бар?
Jere Kaz 27:14  Сендерге «Бабыл патшасына бағынып қызмет етпейсіңдер!» деп жүрген пайғамбарларды тыңдамаңдар! Олар сендерге өтірік айтып жүр.
Jere Kaz 27:15  Жаратқан Ие: Мен оларды жіберген жоқпын, — деп отыр. — Олар Менің атымнан өтірік хабар айтып жүр! Сондықтан Мен сендерді елден аластатамын, солай өздерің де, сендерге болжамдарын айтып жүрген пайғамбарларың да құрисыңдар!
Jere Kaz 27:16  Мұнан кейін мен қайтадан діни қызметкерлер мен бүкіл халыққа арнап былай дедім:— Жаратқан Ие мынаны айтады: «Жаратқан Иенің киелі үйінен Бабылға әкетілген ыдыстар жақын арада кері қайтарылады» деп жүрген пайғамбарларға сенбеңдер! Олар сендерге өтірік хабар айтып жүр.
Jere Kaz 27:17  Оларды тыңдамаңдар! Бабыл патшасына бағынып мойынсұныңдар! Сонда тірі қаласыңдар. Мына қала не үшін қирап жермен-жексен болып қиратылуға тиіс?
Jere Kaz 27:18  Егер олар шынымен Жаратқан Ие жіберген пайғамбарлар болса, онда Әлемнің Иесіне: «Киелі үйде, Яһуда патшасының сарайы мен Иерусалим қаласында қалған құнды бұйымдар қалай болғанда да Бабылға әкетілмесе екен!» деп мінажат етіп сиынсын!
Jere Kaz 27:19  Өйткені Әлемнің Иесі ғибадатханадағы екі қола бағана, оның ауласындағы «теңіз» деп аталатын дәу қола қазан, жылжымалы қола тұғырлар және киелі үйдің әлі де қалада қалған басқа да бұйымдары туралы хабарын жіберген болатын.
Jere Kaz 27:20  Себебі Бабыл патшасы Набуходоносор Яһуда патшасы Жохақым ұлы Ехонияхты, Яһуда мен Иерусалимнің басшыларын Иерусалимнен Бабылға айдап әкеткенде ғибадатхананың көптеген бұйымдарын тонап алып кеткен болса да, кейбіреулері қалып қойған еді.
Jere Kaz 27:21  Иә, Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, Өзінің киелі үйінде, Яһуда патшасының сарайында және Иерусалим қаласында қалып отырған құнды бұйымдар туралы мынаны айтады:
Jere Kaz 27:22  Олар Бабылға әкетіледі, әрі Мен оларға қайтадан назар аударғанша сол жақта қала береді! — деп нық айтады Жаратқан Ие. — Ал содан соң Мен осы бұйымдарды өз орнына қайтарып алып келемін!
Chapter 28
Jere Kaz 28:1  Яһуда еліне Седекиях патшалық құрған сол төртінші жылының бесінші айында гибеондық Азур ұлы Хананиях Жаратқан Иенің киелі үйінде діни қызметкерлер мен жиналып тұрған бүкіл халықтың көзінше маған тіл қатып былай деді:
Jere Kaz 28:2  — Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Мен Бабыл патшасының мойынтұрығын сындырамын.
Jere Kaz 28:3  Осыдан екі жыл өтпей-ақ Мен Бабыл патшасы Набуходоносордың Жаратқан Иенің киелі үйінен Бабылға алып кеткен бұйымдарының бәрін де осы жерге қайтарамын!
Jere Kaz 28:4  Яһуда патшасы Жохақым ұлы Ехонияхты да, Яһудадан жер аударылған басқалардың бәрін де қайтып алып келемін! — деп уәде етеді Жаратқан Ие. — Себебі Мен Бабыл патшасының мойынтұрығын сындырамын!
Jere Kaz 28:5  Жаратқан Иенің киелі үйінде жиналып тұрған діни қызметкерлер мен бүкіл халықтың көзінше Еремия пайғамбар Хананиях пайғамбарға былай деп жауап берді:
Jere Kaz 28:6  — Аумин, Жаратқан Ие солай етсін! Ол Бабылдан Өзінің киелі үйінің бұйымдарын да, жер аударылған адамдарды да осында қайтарып, сенің «пайғамбарлық сөздеріңді» жүзеге асырсын!
Jere Kaz 28:7  Ал енді өзіңнің және бүкіл мына халықтың алдында айтатын сөзімді тыңда!
Jere Kaz 28:8  Ежелгі замандардан бері сен екеуімізден бұрын болған пайғамбарлар әрқашан көптеген елдер мен ұлы патшалықтарға төнетін соғыс, апат және оба індеті туралы алдын ала білдіріп келді.
Jere Kaz 28:9  Бірақ «Амандық пен тыныштық болады!» деп алдын ала айтқан пайғамбарды шынымен Жаратқан Ие жіберген деп халық тек оның айтқан сөзі жүзеге асқаннан кейін ғана мойындайтын.
Jere Kaz 28:10  Сонда Хананиях пайғамбар Еремия пайғамбардың мойнынан мойынтұрықты шешіп алып, сындырып тастады да,
Jere Kaz 28:11  бүкіл халықтың алдында былай деді:— Жаратқан Ие мынаны айтады: Екі жыл өтпей-ақ Мен Бабыл патшасы Набуходоносордың халықтарға кигізген мойынтұрығын дәл осылайша сындырып алып тастаймын! — деді. Ал Еремия өз жөніне кетті.
Jere Kaz 28:12  Хананиях пайғамбар Еремия пайғамбардың мойнындағы мойынтұрықты сындырған оқиғадан кейін Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 28:13  — Бар да, Хананияхқа былай де: Жаратқан Ие саған мынаны айтады: Ағаш мойынтұрықты сындырған едің, енді оны темір мойынтұрыққа айналдырдың.
Jere Kaz 28:14  Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, тағы мынаны айтады: Мен барлық осы халықтардың мойнына темір мойынтұрық кигізіп, оларды Бабыл патшасы Набуходоносорға басыбайлы қызмет етуге мәжбүрледім. Содан олар оған сөзсіз қызмет ететін болады! Мен тіпті даланың жабайы аңдарын да оған бағынышты етемін.
Jere Kaz 28:15  Содан соң Еремия пайғамбар Хананиях пайғамбарға қарап былай деді:— Тыңда, Хананиях! Өзіңді Жаратқан Ие жібермеген болса да, сен мына халықты жалған хабарға сендіріп келесің.
Jere Kaz 28:16  Сол себепті Жаратқан Ие мынаны айтады: Енді Мен сені жер бетінен аластатып қуып жіберемін! Дәл осы жылы өлесің, өйткені сен халықты Жаратқан Иеге қарсы шығуға арандаттың.
Jere Kaz 28:17  Хананиях пайғамбар (осы оқиғадан екі ай өтпей-ақ) сол жылдың жетінші айында қайтыс болды.
Chapter 29
Jere Kaz 29:1  Набуходоносор Иерусалимнен Бабылға жер аударып әкеткен халықтың әлі де көзі тірі ақсақалдарына, діни қызметкерлері мен пайғамбарларына және бүкіл халыққа Еремия пайғамбар сәлемхатын жолдады.
Jere Kaz 29:2  Ол бұл хатты Ехониях патша, оның шешесі, сарай қызметкерлері және Яһуда мен Иерусалимнің әміршілері, қолөнершілері мен ұсталары Иерусалимнен айдалып кеткеннен кейін жазды.
Jere Kaz 29:3  Еремия хатын жеткізуді Яһуда патшасы Седекияхтың Бабыл патшасы Набуходоносорға жіберген елшілері Шапан ұлы Еласах пен Хелкия ұлы Гемарияхқа аманаттады. Хатта былай делінген еді:
Jere Kaz 29:4  «Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы Өзі Иерусалимнен Бабылға жер аудартқандарға мынаны айтады:
Jere Kaz 29:5  Үй салып, қоныстаныңдар, бау-бақша отырғызып, өнімін жеңдер,
Jere Kaz 29:6  үйленіп, ұл-қыз сүйіңдер, ұлдарыңды үйлендіріп, қыздарыңды ұзатыңдар, олар да бала сүйсін. Сол жақта сандарың азаймай, өсіп-өніп көбейіңдер!
Jere Kaz 29:7  Мен өздеріңді жер аудартқан қаланың бейбіт өркендеуіне атсалысыңдар! Жаратқан Иеге қала үшін дұға етіп сиыныңдар! Өйткені қала бейбіт өркендесе, сендер де амандық пен тыныштықта өмір сүріп өркендейсіңдер.
Jere Kaz 29:8  Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, тағы мынаны да айтады: Өз араларыңдағы пайғамбарларың мен сәуегейлеріңнің алдағандарына алданып қалмаңдар! Олардың көріп жүрген түстеріне сенбеңдер!
Jere Kaz 29:9  Олар сендерге Менің атымнан өтірік хабар айтып жүр. Мен оларды хабар айтуға жіберген емеспін, — деп ескертеді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 29:10  Себебі Жаратқан Ие былай деп уәде береді: — Сендер Бабылда жетпіс жыл болғаннан кейін Мен сендерді қамқорлауға келіп, өздеріңді осы жерге қайтып әкелемін деген ізгі уәдемді орындаймын.
Jere Kaz 29:11  Өйткені сендерге деген ниетім Өзіме аян: сендерге қасірет емес, амандық пен тыныштық бұйырып, болашақ пен үміт сыйлайтын ниетім бар, — деп нық айтады Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 29:12  Сол кезде Маған сиынып шақырасыңдар, алдыма келіп дұға етесіңдер, ал Мен сендерге құлақ асамын.
Jere Kaz 29:13  Егер де Маған шын жүректен бет бұрып сиынып Мені іздесеңдер, табасыңдар.
Jere Kaz 29:14  Сонда Мен сендерге Өзімді тапқызамын! — деп уәде береді Жаратқан Ие. — Иә, Мен сендерді тұтқыннан кері қайтарып, жағдайларыңды бұрынғыдай игілікке кенелтемін. Өзім сендерді жер аудартқан барлық халықтар мен елдерден жинап, осы жерге қайта алып келемін.
Jere Kaz 29:15  «Жаратқан Ие бізге Бабылда да Өзінің хабарын жеткізіп тұрған пайғамбарларын берді ғой!» дейтін шығарсыңдар.
Jere Kaz 29:16  Бірақ Жаратқан Ие Дәуіттің тағында отырған патша туралы және өздеріңмен бірге жер аударылмай, Иерусалим қаласында қалып қойған ағайындарың туралы Өзінің еркін білдірді.
Jere Kaz 29:17  Әлемнің Иесі солар туралы мынаны айтады: Біліп қойыңдар, Мен олардың бастарына семсер, ашаршылық және індет түсіріп, оларды бұзылып, жеуге жарамай қалған жиренішті інжір жемістері сияқты етемін!
Jere Kaz 29:18  Иә, Мен оларды семсер, ашаршылық және індетпен соңдарынан қалмай қуып, бүкіл жер бетіндегі патшалықтарға қорқынышты көрініс етемін. Оларды Өзім қуып жіберген барлық халықтардың арасында бәрі қарғап, жандары түршігіп ысқырып, келекелеп масқаралайтын болады.
Jere Kaz 29:19  Өйткені олар Менің пайғамбарларым арқылы өздеріне қайта-қайта жіберген сөздеріме құлақ асқан жоқ! Және жер аударылған сендер де тыңдаған жоқсыңдар! — деп ескертеді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 29:20  Ал енді, Мен Иерусалимнен Бабылға жер аудартқан сендердің барлығың, сөзіме құлақ салыңдар!
Jere Kaz 29:21  Мен, Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны Қолаях ұлы Ахаб пен Мағасиях ұлы Седекиях туралы айтамын: Олар Менің атымнан жалған хабарлар айтып келеді. Біліп қойыңдар, Мен оларды Бабыл патшасы Набуходоносордың қолына түсіремін. Ол сол екеуін сендердің көз алдарыңда өлтіреді.
Jere Kaz 29:22  Сондықтан Яһудадан Бабылға жер аударылып келгендер арасында: «Бабыл патшасы отпен өртеген Седекиях пен Ахаб сияқты, Жаратқан Ие саған да солай істесін!» деген теріс бата берілмек.
Jere Kaz 29:23  Өйткені олар Исраилде түрлі арамза істер істеп, тіпті басқалардың әйелдерімен опасыздық жасап келеді. Сонымен қатар Мен өздеріне айтпасам да, олар Менің атымнан жалған хабар жеткізіп жүр. Мен бұл қылықтарын білемін және соларына Өзім куәмін!»
Jere Kaz 29:24  Нехеламдық Шемаяхқа былай де:
Jere Kaz 29:25  — Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Сен өз атыңнан Иерусалимдегі бүкіл халыққа, діни қызметкер Мағасиях ұлы Софонияға және басқа барлық діни қызметкерлерге мынадай хаттар жазыпсың:
Jere Kaz 29:26  «Жаратқан Ие сізді діни қызметкер Еходайдың орнына ғибадатханада сақшылар бастығы болуға тағайындады. Сондықтан пайғамбарсып жүрген әрбір есуасты тұтқындап, мойнына және аяғына темір бұғау салуыңыз керек болатын!
Jere Kaz 29:27  Ендеше сіздерге пайғамбар болып жүргенсіген анатоттық Еремияға неліктен осы уақытқа дейін тыйым салмай жүрсіз?
Jere Kaz 29:28  Ол тіпті Бабылдағы біздерге сәлемхатын жолдап былай деді: «Сендер сол жақта әлі ұзақ уақыт боласыңдар. Сондықтан үй салып, қоныстаныңдар, бау-бақша отырғызып, өнімін жеңдер!» деп жазды».
Jere Kaz 29:29  Діни қызметкер Софония осы хатты алғанда оны Еремия пайғамбарға оқып берді.
Jere Kaz 29:30  Сонда Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап:
Jere Kaz 29:31  — Барлық жер аударылғандарға хат жолдап былай деп жаз: «Нехеламдық Шемаях туралы Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен өзін жібермесем де, Шемаях сендерге пайғамбар болғансып сөз айтып, сендерді өтірікке сендіргені үшін,
Jere Kaz 29:32  Жаратқан Ие ол туралы мынаны айтады: Біліп қойыңдар, Мен нехеламдық Шемаяхты да, оның ұрпақтарын да жазалаймын. Оның бірде-бір ұрпағы мына халықтың арасында тұрмайтын болады. Оның өзі де Мен халқым үшін жасайтын жақсылықтардың ешқайсысын да көрмейтін болады! Өйткені ол халықты Маған мойынсұнбауға шақырды! Жаратқан Ие осыны нық айтады», — деді.
Chapter 30
Jere Kaz 30:1  Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 30:2  — Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Өзіңе айтқан сөздерімнің бәрін шиыршық кітапқа жазып қой!
Jere Kaz 30:3  Өйткені былай деп уәде беремін: Мен өз халқым (Солтүстік) Исраил мен Яһуданы жер аударылудан қайтарып алып келемін. Сонда Өзім ата-бабаларына мұралық меншікке тапсырған елді олардың иемденетін уақыты жетеді. —
Jere Kaz 30:4  Мынау Жаратқан Иенің Солтүстік Исраил мен Яһуда туралы тағы да айтқан сөздері: —
Jere Kaz 30:5  Жаратқан Ие мынаны айтады: Қорқынышты айқай естіледі! Айналдыра үрей, еш тыныштық жоқ!
Jere Kaz 30:6  Сұрастырып көріңдерші, ойлаңдаршы: ер адам бала туа алатын ба еді? Тумаса, неліктен әрбір еркек толғатып жатқан әйелдей ішін екі қолымен ұстап алған? Неге өңдері құп-қу болып кеткен?
Jere Kaz 30:7  Ойпырмай, сол күн қандай ауыр болады десеңші! Ешбір күн дәл сол күнге ұқсамайды. Сол кез Жақыптың ұрпақтары үшін қиын-қыстау кезең болады! Бірақ ең соңында олар содан құтқарылады.
Jere Kaz 30:8  Сол кезде Мен олардың киген мойынтұрықтарын сындырып алып тастап, бұғауларын талқандап лақтырамын. Бөтен халықтар бұдан былай оларды құлдыққа түсірмейтін болады, — деп уәде береді Әлемнің Иесі. —
Jere Kaz 30:9  Енді олар өз Құдайлары Жаратқан Иеге және Дәуіттің әулетінен шыққан өз патшаларына мойынсұнып қызмет ететін болады. Мен сол үшін оларға Дәуіттің ұрпағын патша болуға қайтадан тағайындап беремін.
Jere Kaz 30:10  Сондықтан қорықпа, уа, қызметшім Жақып, үрейленбе, уа, Исраил халқы! — дейді Жаратқан Ие. — Біліп ал: Мен сені жүрген алыс жерлеріңнен құтқарамын, ұрпақтарыңды да тұтқында жүрген елдерінен құтқарып алып келемін. Сол жерде Жақыптың үрім-бұтағы елге қайта оралып, аман-есен өмір сүреді. Ешкім де оларды қорқытпайды.
Jere Kaz 30:11  Мен саған жар болып, сені құтқарамын, — деп уәде береді Жаратқан Ие. — Сені араларына шашыратып жіберген халықтарды құртып жоқ қыламын, бірақ өзіңді құртып жоқ қылмаймын. Алайда сені мүлдем жазасыз қалдырмай, әділдікпен жазалаймын.
Jere Kaz 30:12  Өйткені Жаратқан Ие мынаны нық айтады: — Сенің жараңа ешқандай ем жоқ, жарақатың тым ауыр!
Jere Kaz 30:13  Мүддеңді қорғайтын қамқоршың, жарақатыңа ем, өзіңе шипа болатын дәрі-дәрмек жоқ.
Jere Kaz 30:14  Көңілдес одақтастарыңның бәрі сені ұмытып, естеріне еш алмайды. Кінәң тым ауыр, күнәларың тым көп болғандықтан, Мен сені жау соққы бергендей соғып, қатыгез адамның жазалағанындай жазаладым.
Jere Kaz 30:15  Өзіңнің жарақатыңнан, шипасы жоқ ауруыңнан несіне айқайлайсың? Кінәң тым ауыр, күнәларың тым көп болғандықтан саған сондай жаза тартқыздым.
Jere Kaz 30:16  Бірақ сені жалмағандардың бәрі өздері жалманады, дұшпандарың біреуі қалмай тұтқынға түседі. Сені тонағандардың өздері тоналып, талан-таражға салғандар соны өз бастарынан өткізеді.
Jere Kaz 30:17  Сен «аластатылған, еш қамқоршысы жоқ Сион» деп аталғандықтан, Мен сені қайтадан сауықтырып, жарақаттарыңды жазамын.
Jere Kaz 30:18  Жаратқан Ие тағы мынаны да айтады: Біліп қойыңдар, Мен Жақыптың ұрпақтарына рақым көрсетіп, жер аударылған жағынан қайтарамын. Қирап, үйінді болған қала қайта тұрғызылып, қорғаны да өзінің бұрынғы орнында тұратын болады.
Jere Kaz 30:19  Олардан шүкірлік ән-жырлары мен қуанғандардың үндері шығатын болады. Мен олардың сандарын азайтпай, өсіріп-өндіріп көбейтемін. Абыройға бөлеймін, олар енді масқара болмайды.
Jere Kaz 30:20  Бұрынғыдай үбірлі-шүбірлі болып, қауымы Менің алдымда нығаяды. Мен оларға қысым көрсеткендердің бәрін жазалаймын.
Jere Kaz 30:21  Олардың билеушісі халықтың ішінен, өз араларынан шығады. Оны Өзіме жақындатамын, ол Менің алдыма келе береді. Өйткені Мен шақырмасам, өздігінен Менің алдыма келуге кімнің дәті барады? — деп нық айтады Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 30:22  Осылай сендер Менің халқым, ал Мен сендердің Құдайларың боламын.
Jere Kaz 30:23  Қара да тұр, Жаратқан Иенің қаһары дауылдай буырқанып, құйын сияқты зұлымдардың басына шүйілейін деп жатыр!
Jere Kaz 30:24  Жаратқан Ие жүрегіндегі ой-ниеттерін толығымен орындап болмайынша, Өзінің лаулаған қаһарынан қайтпайды. Алдағы уақытта сендер мұны түсінесіңдер.
Chapter 31
Jere Kaz 31:1  Жаратқан Ие мынаны уәде етеді: «Сол кезде Мен Исраилдің барлық әулеттерінің Құдайы, ал олар Менің халқым болады. —
Jere Kaz 31:2  Жаратқан Ие тағы мынаны да айтады: — Семсердің жүзінен аман қалған халық иен далада рақымға ие болады. Мен қайтадан келіп, Исраилге тыныштық сыйлаймын».
Jere Kaz 31:3  Ежелде Жаратқан Ие бізге аян беріп былай деген еді: «Саған деген сүйіспеншілігім мәңгілік, берік мейіріміммен сені Өзіме баурап келемін.
Jere Kaz 31:4  Мен сені қайтадан қалпыңа келтіремін, уа, бойжеткен іспетті Исраил халқы! Сендер бұрынғыдай даңғыраларыңды қолдарыңа алып, шаттана қуанып би билейтін боласыңдар,
Jere Kaz 31:5  әрі Самарияның қыраттарында қайтадан жүзімдіктер отырғызасыңдар. Соларды отырғызғандар жемісінің қызығын көретін болады.
Jere Kaz 31:6  Сонда күзетшілер Ефремнің таулы жерінде: «Жүріңдер, Сионға шығайық, Құдайымыз Жаратқан Иенің алдына барайық!» дейтін күн туады».
Jere Kaz 31:7  Жаратқан Ие мынаны да айтады: «Жақыптың халқы үшін қуана ән салыңдар, оның басқа халықтардан озат болғанына шаттанып, айқайлай ұрандаңдар! Жасаған Иеге мақтау айтып былай деп өтініңдер: «Уа, Жаратқан Ие, өз халқың Исраилдің тірі қалғандарын құтқара гөр!»
Jere Kaz 31:8  Біліп қойыңдар, Мен оларды солтүстік елінен және жердің ең шалғай түкпірлерінен жинап алып келемін. Олардың арасында соқырлар мен ақсақтар, аяғы ауыр және жаңадан босанған әйелдер де болады. Сонда Исраилдің тірі қалғандары өте үлкен жамағат болып осында қайтады.
Jere Kaz 31:9  Олар қуаныштан жылап, Маған мінажат етеді; Өзім оларды өзен бойымен бастап, тегіс жолдармен сүріндірмей алып жүремін. Өйткені Мен Исраилдің рухани Әкесімін, әрі Ефрем — Менің тұңғышым іспетті».
Jere Kaz 31:10  Жаратқан Иенің мына сөзін тыңдаңдар, ей, халықтар! Теңіз жағалауларына да оны жариялаңдар: Исраилді шашыратқан Құдайы оны қайтадан жинап алады! Малшының отарын баққанындай, Ол да халқын солай бағып қорғайтын болады.
Jere Kaz 31:11  Өйткені Жаратқан Ие Жақыптың үрім-бұтағын құлдықтан азат етеді, Ол Исраил халқына қамқорлық жасап, оларды қуатты жауларынан құтқарып алады.
Jere Kaz 31:12  Сонда Исраил келіп, Сион тауында қуаныштан айқай салады. Олар Жаратқан Иенің берген игіліктеріне: астық, жүзім шырыны және зәйтүн майына, ірілі-ұсақты малдарының төлдеріне мәз-мейрам болады. Халқым мол суғарылатын бақ сияқты гүлденіп, енді қайтып қасіреттен түңілмейді.
Jere Kaz 31:13  Сонда бойжеткендер көңілденіп жас-кәрілермен бірге би билейді. Мен қайғыларын шаттыққа айналдырып, қасірет орнына жұбаныш пен қуаныш сыйлаймын.
Jere Kaz 31:14  Діни қызметкерлерді дәмді тамақпен молынан қамтамасыз етемін, халқым да игіліктеріме кенеледі, — деп уәде етеді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 31:15  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады:«Рамақ жерінде зор қасіреттенДауыс естіледі зар еңіреген.Рахила өлген балаларын жоқтап,Жұбанудан бас тартады зар жылап:Келмеске кетті олар көздері құрып!»
Jere Kaz 31:16  Алайда Жаратқан Ие өз халқына мынаны айтады:— Жылауыңды доғарып, көз жасыңды сүрт. Өйткені сен әлі де еңбегіңнің қызығын көретін боласың. Балаларың жау елінен қайтып келеді!
Jere Kaz 31:17  Сенің болашақтан үмітің бар, перзенттерің өз елдеріне қайтатын болады! — деп уәде береді Жаратқан Иенің Өзі.
Jere Kaz 31:18  Мен Ефремнің қайғырып былай дегенін естідім:— Сен мені жазалап тәрбиеледің. (Солай істегенің дұрыс та еді, себебі) мен мойынтұрыққа үйренбеген тайыншадай қыңыр болатынмын. Мені тағы Өзіңе қайтарып ала гөр! Өйткені Сен менің Құдайым Жаратқан Иемсің.
Jere Kaz 31:19  Адасқаннан кейін мен өкініп Саған бет бұрдым. Түсінгеннен кейін санымды соқтым. Жас шағымдағы істеген істеріме ұялып жайсыздандым.
Jere Kaz 31:20  «Ефрем Менің қымбатты ұлым, сүйікті балам іспетті емес пе? Оған айыптау сөздерін көп айтсам да, оны әлі де есіме алып отырамын. Жүрегім оны аңсайды, әрине, Мен оған рақымымды түсіремін!» — дейді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 31:21  «Жол бойына белгілер қойып, жол көрсететін бағаналар орнат! Елге қайтаратын даңғылға назар аудар! Кеткен жолыңмен өз қалаларыңа қайтып кел, уа, бойжеткен іспетті Исраил халқы!
Jere Kaz 31:22  Қашанға дейін қаңғып жүре бересің, опасыз қыз? Енді Мен, Жаратқан Ие, жерде бір жаңалық жасаймын: әйелдің күйеуінің айналасынан шықпайтыны (іспетті, Исраил де Құдайының айналасынан шықпайтын болады). —
Jere Kaz 31:23  Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны да айтады: — Мен халықты жер аударылып кеткен жағынан қайтарып алып келгенде, Яһуда елі мен оның қалаларында: «Жаратқан Ие сені жарылқасын, уа, әділдіктің мекені, киелі тау!» деген баталы сөз айтылатын болады.
Jere Kaz 31:24  Яһуда елі мен оның барлық қалаларында диқандар мен малшылар бейбіт бірге тұратын болады.
Jere Kaz 31:25  Мен шаршаған жанды сергітемін, қайғырып түңілгенді рухани нәрге кенелтемін».
Jere Kaz 31:26  Осы кезде мен ұйқымнан оянып кетіп, жан-жағыма қарадым. Ұйқым өте тәтті болған еді.
Jere Kaz 31:27  Жаратқан Ие былай деп уәде береді: «Болашақ күндерде Мен Солтүстік Исраил мен Яһуданың үрім-бұтағын (өз жеріне қайтадан) егіп отырғызамын, сонда адамдары мен малдары өсіп-өніп көбейетін болады.
Jere Kaz 31:28  Мен оларды түп-тамырымен жұлып ойсыратып, құлатып жоюды қырағы қадағалағаным сияқты, енді оларды солай егіп отырғызып, өркендетуді де қырағы қадағалайтын боламын! — Мұны айтқан Жаратқан Иенің Өзі. —
Jere Kaz 31:29  Сол заманда «Қышқыл жүзімді көп жеген — аталары, ал тістері қамалған — балалары» деген нақыл сөз келтірілмейді.
Jere Kaz 31:30  Қайта, әр қылмыскер өзі жасаған зұлымдығы үшін өлім құшпақ. Бұл: «Қышқыл жүзім көп жегеннің өз тістері қамалар» дегендей болады».
Jere Kaz 31:31  Жаратқан Ие мынаны айтады: «Біліп алыңдар, Мен Солтүстік Исраилдің және Яһуданың үрім-бұтақтарымен Жаңа Келісім жасайтын уақыт келді.
Jere Kaz 31:32  Бұл Келісім Менің олардың ата-бабаларын қолдарынан жетелеп Мысырдан алып шыққанда солармен жасаған Келісіміммен бірдей болмайды. Өйткені Мен оларды әйелін қатты сүйген күйеуі іспетті жақсы көрсем де, олар сол Келісіміме адал болмады, — дейді Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 31:33  Қайта, Менің кейінгі заманда Исраил халқымен жасайтын Келісімім мынадай болады: Мен өз тәлімімді олардың ақыл-саналарына дарытамын әрі жүректеріне «жазып» та қоямын. Мен олардың Құдайы, ал олар Менің халқым болады.
Jere Kaz 31:34  Сонда ешкімге замандасы мен ағайынына: «Жаратқан Иені жақыннан танып біл!» деп үйретудің қажеті болмайды. Өйткені үлкенді-кішілі барлығы да Мені жақыннан танып білетін болады. Себебі Мен олардың әділетсіз істерін рақымшылықпен кешіріп, жасаған күнәларын бұдан былай есіме алмаймын.
Jere Kaz 31:35  Күндіз жарық беретін күнді, түнде жарық беретін ай мен жұлдыздарды белгілі тәртіппен орнатқан, теңізді сапырып, толқындарын буырқандыратын Жаратқан Иенің есімі — «Әлемнің Иесі». — Ол мынаны айтады: —
Jere Kaz 31:36  Табиғаттың осы тәртібі бұзылса ғана, Исраилдің үрім-бұтағы Менің көз алдымнан құрып, халық болудан қалады.
Jere Kaz 31:37  Жоғарыдағы аспанды өлшеу мен төмендегі жердің түп негіздерін табудың мүмкін еместігі сияқты, Менің Исраилді барлық істегендері үшін Өзімнен біржола аластатуым да мүмкін емес!» — деп уәде береді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 31:38  Болашақта осы қала Менің даңқым үшін Хананел мұнарасынан Бұрыш қақпасына дейін қайтадан салынады.
Jere Kaz 31:39  Құрылысшының өлшеуіш жібі сол жерден Гәреб қыратына дейін тартылып, одан әрі Ғояға қарай бұрылады.
Jere Kaz 31:40  Бұрын өлгендер қойылатын, күл төгілетін бүкіл аңғар, Қидрон сайына қарай жатқан егістіктер, әрі шығыстағы Жылқы қақпасына дейінгі жер де бұдан былай Жаратқан Иеге бағышталған киелі болады. Қала енді қайтып жау қолына түсіп, құлатылып қиратылмайды да, халқы ешқашан түп-тамырымен жұлынып тасталмайды да.
Chapter 32
Jere Kaz 32:1  Яһуда еліне Седекияхтың патшалық құрған оныншы жылы, яғни Бабылға Набуходоносордың патшалық құрған он сегізінші жылы, Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнады.
Jere Kaz 32:2  Сол кезде Бабыл патшасының әскері Иерусалимді қоршап алып, шабуыл жасап жатты. Ал Еремия пайғамбардың өзі Яһуда патшасының сарайындағы қарауылдар ауласында тұтқында болатын.
Jere Kaz 32:3  Оны қамап қойған Яһуда патшасы Седекиях еді. Ол Еремияға:— Сен неге былай деп пайғамбарлық сөздер айтып жүрсің: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен бұл қаланы Бабыл патшасының қолына тапсырамын, ол оны басып алады.
Jere Kaz 32:4  Яһуда патшасы халдейлердің қолынан қашып құтыла алмайды! Ол сөзсіз Бабыл патшасының қолына түсіп, оны өз көзімен көріп, бетпе-бет сөйлесетін болады.
Jere Kaz 32:5  Бабыл патшасы Седекияхты Бабылға алып кетеді. Мен оған қатысты еркімді орындағанша Седекиях сонда қала береді. Егер халдейлерге қарсы соғыссаңдар, бұларыңнан түк шықпайды!» Бұлай айтқаның қалай, Еремия? — деп наразылық білдірген болатын.
Jere Kaz 32:6  Еремия Седекияхқа былай деп жауап берген еді:— Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 32:7  «Қазір саған ағаң Шаллумның ұлы Ханамил келіп, мынадай өтініш жасамақ: Сіз менің қамқоршы бола алатын ең жақын туысқанымсыз. Сондықтан менің Анатоттағы егістігімді сатып алып, әулетіміздің одан айырылып қалуын болдыра көрмеңіз».
Jere Kaz 32:8  Мұнан кейін дәл Жаратқан Ие маған білдіргендей менің немере інім Ханамил қарауылдар ауласына келіп, маған: «Бунямин жеріндегі Анатоттың маңындағы егістігімді сатып алыңыз. Оны қамқоршы ретінде сатып алып, иемденіп алуға құқығыңыз бар ғой!» — деді. Бұдан мен естіген хабарымның Жаратқан Иеден екенін шүбәсіз білдім.
Jere Kaz 32:9  Осылай мен Анатоттағы егістік танабын немере інім Ханамилден сатып алып, ол үшін он жеті мысқал күміс төлеуге келістім.
Jere Kaz 32:10  Содан сатып алу жайлы қолхат жазып, оған мөрімді басып, куәгерлерге куәландырып, ініме күмісті таразыға тартып өлшеп бердім.
Jere Kaz 32:11  Мұнан кейін сатып алу туралы екі құжатты: мөрленген бірінші қолхатты және сатып алудың шарттары мен келісімдері жазылған мөрленбеген екінші қолхатты алдым да,
Jere Kaz 32:12  екеуін інім Ханамилдің, қол қойған куәгерлердің және сол кезде қарауылдар ауласында отырған басқа барлық яһудилердің көзінше Нирияхтың ұлы, Мағасеяхтың немересі Барухқа тапсырдым.
Jere Kaz 32:13  Олардың көзінше мен Барухқа мынадай нұсқаулар бердім:
Jere Kaz 32:14  Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Осы екі құжатты, мөрленгені мен мөрленбегенін, ал да, ұзақ уақыт шірімей сақталулары үшін қыш құмыраға салып қой!
Jere Kaz 32:15  Өйткені болашақ бір кезде адамдар осы елде тағы да үйлер, егістіктер мен жүзімдіктерді сатып алатын болады! — деп уәде береді Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы.
Jere Kaz 32:16  Мен сатып алу құжатын Нириях ұлы Барухқа тапсырғаннан кейін Жаратқан Иеге сиынып, былай деп мінажат еттім:
Jere Kaz 32:17  — Уа, Жаратушы Тәңір Ие! Өзіңнің ғаламат құдіретіңмен және алға созған қолыңмен аспан мен жерді жараттың. Сен істей алмайтын тым қиын нәрсе жоқ!
Jere Kaz 32:18  Өзіңнің рақымыңды мыңдаған адамдарға көрсетесің, ал әкелерінің кінәларын балаларының мойнына да саласың. Уа, ұлы да құдіретті Құдай, Сенің есімің — «Әлемнің Иесі!»
Jere Kaz 32:19  Жоспарларың сондай ұлы, істерің сондай керемет! Сенің көздерің адам баласының барлық істерін анық көреді. Әркімге жүрген жолдары мен істеген істерінің жемісі бойынша лайықтысын бересің.
Jere Kaz 32:20  Ежелде Мысыр елінде Өзіңнің шынайы Құдай екендігіңді дәлелдейтін кереметтерің мен ғажап істеріңді жасадың. Күні бүгінге дейін Исраилде және күллі адамзаттың арасында кереметтер жасап келе жатырсың. Өзіңнің атыңды шығарып, қазір де зор даңққа иесің.
Jere Kaz 32:21  Сен халқың Исраилді (Өзіңнің шынайы Құдай екендігіңді) дәлелдейтін кереметтерің мен ғажап істеріңмен, құдіретті де алға созған қолыңмен әрі жауға үлкен қорқыныш жіберуіңмен Мысыр елінен алып шықтың.
Jere Kaz 32:22  Сен ата-бабаларына беремін деп ант еткен ағы мен балы ағыл-тегіл мол елді мына халыққа табыстадың.
Jere Kaz 32:23  Олар елге кіріп, оны иемденіп алса да, Саған мойынсұнған да жоқ, Сенің Таурат заңыңа сай өмір сүрген де жоқ. Олар ондағы өсиеттеріңнің ешқайсысын (шын жүректен) орындамады. Сондықтан да осы пәлелердің бәрін олардың басына түсірдің.
Jere Kaz 32:24  Назар аудара көрші, қаланы басып алу үшін жау қамал қабырғасының қасына үймектер үйіп жатыр. Семсер, ашаршылық, індеттің кесірінен қала бізге қарсы тап берген халдейлердің қолына түсейін деп жатыр. Сенің айтқаның дәл келді, соны Өзің де көріп тұрсың.
Jere Kaz 32:25  Алайда Сен, уа, Жаратушы Тәңір Ие, маған: «Күміске егістік танабын сатып ал, соны растауға куәгерлер шақыр!» дедің. Ал қала болса, міне, халдейлердің қолына көшіп жатыр!
Jere Kaz 32:26  Сонда Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 32:27  — Мен, Жаратқан Ие, күллі адамзат атаулының Құдайымын. Қолымнан келмейтін іс бар ма?
Jere Kaz 32:28  Сондықтан Мен, Жаратқан Ие, мынаны айтамын: бұл қаланы Мен халдейлерге, олардың патшасы Набуходоносордың қолына, тапсырмақпын. Ол қаланы басып алады.
Jere Kaz 32:29  Сонда халдей жауынгерлері қалаға кіріп, оған от қояды. Олар қаланы бүкіл үйлерімен бірге өртеп тып-типыл етеді. Халық сол үйлердің төбелерінде Бағалға бағыштап хош иісті заттар түтетіп, басқа да тәңірсымақтарға арнап сұйық тартулар құйып ұсынуларымен Менің қаһарымды тұтатқан болатын.
Jere Kaz 32:30  Солтүстік Исраил мен Яһуданың халқы жас кездерінен-ақ Маған жек көрінішті істер ғана істеп келеді. Солтүстік Исраилдің халқы сол зұлым іс-әрекеттерімен Менің ашуымды қоздырумен болды, — дейді Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 32:31  Мына қала салынған күнінен бастап қазірге дейін Менің ашу-ызамды туғызып келеді. Сол себепті ол Менің көз алдымнан аластатылуға тиіс.
Jere Kaz 32:32  Солтүстік Исраил мен Яһуданың халқы: олардың патшалары мен әміршілері, діни қызметкерлері мен пайғамбарлары, Яһуда мен Иерусалимнің бүкіл тұрғындары да, өздерінің істеген барлық зұлымдықтарымен Менің қаһарымды қоздырды.
Jere Kaz 32:33  Олар Маған жүздерімен емес, арқаларымен бұрылды. Мен соларға қайта-қайта тәлім берсем де, олар оныма құлақ түрген де жоқ, түзетуімді қабылдаған да жоқ.
Jere Kaz 32:34  Яһудалықтар тіпті өздерінің жиренішті тәңір мүсіндерін Менің есіміммен аталған киелі үйіме орнатып қойып, оны арамдады.
Jere Kaz 32:35  Сонымен қатар олар Бен-Хенном аңғарында Бағалға арнап табыну орындарын салып, сол жерде өз ұлдары мен қыздарын жалған тәңір Молохқа арнап өртеп құрбан етті. Мұндайды Мен халқыма ешқашан бұйырған емеспін, ол тіпті ойыма да келген жоқ. Олардың сондай жиренішті нәрсені істеп, Яһуда елін күнәға батырғаны-ай!
Jere Kaz 32:36  Сендер бұл қала туралы:— Семсер, ашаршылық және індеттің кесірінен қала Бабыл патшасының қолына түседі, — дейсіңдер. Бірақ Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады:
Jere Kaz 32:37  — Мен халқымды ашу-ыза мен зор қаһарға кенелген кезімде шашыратып жіберген барлық елдерден қайтадан жинап аламын! Оларды тағы да осы жерге әкеліп, қауіп-қатерсіз қоныстандырамын.
Jere Kaz 32:38  Сонда олар Менің халқым, ал Мен олардың Құдайы боламын.
Jere Kaz 32:39  Олар Мені әрдайым қастерлей алулары үшін оларға шын жүректен бірігіп, бір жолмен жүруді сыйлаймын. Бұл олардың өздері мен кейінгі балалары үшін игілікті болады.
Jere Kaz 32:40  Халқыммен мәңгілік Келісім жасап, оларға жақсылық жасауымды тоқтатпаймын. Ешқашан Менен кері бұрылып кетпеулері үшін Өзімді терең қастерлеуді олардың жүрегіне құятын боламын.
Jere Kaz 32:41  Мен оларға шаттана жақсылық жасап, оларды осы елде шын жүректен, бүкіл жан дүниеммен қайтадан берік орналастырамын.
Jere Kaz 32:42  Өйткені Жаратқан Ие тағы мынаны да айтады:— Бұл халықтың басына барлық осы зор апаттарды қалайша жіберген болсам, оларға уәде еткен барлық молшылығымды да солайша жіберемін.
Jere Kaz 32:43  Қазір сендер: «Мынау — адамы мен малынан айырылып қаңырап қалған ел. Ол халдейлердің қолына беріліп отыр» деп айтып жүрген елде әлі де егістіктер сатылып алынатын болады.
Jere Kaz 32:44  Сонда Бунямин жері мен Иерусалимнің айналасындағы ауылдарда, әрі Яһуда жері мен таулы аймақтағы, батыстағы төменгі қыраттар мен оңтүстіктегі Негев аймағындағы қалаларда егістік танаптары әлі де күміске сатылып алынбақ. Сонда құжаттар дайындалып, оларға мөр басылып, куәгерлер куәлік етпек. Өйткені Мен сол аймақтардан жер аударылып кеткендерді қайтарып әкеліп, жағдайларын бұрынғыдай игілікке кенелтемін! — Жаратқан Ие осыны уәде етеді.
Chapter 33
Jere Kaz 33:1  Еремия әлі де қарауылдар ауласында отырған кезде Жаратқан Ие оған екінші рет сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 33:2  — Жерді жаратып, оған пішін беріп, орнықтырған Құдай Менмін, есімім «Жаратқан Ие». Мынаны да нық айтамын:
Jere Kaz 33:3  Маған сиынып мінажат ет, жауап беремін, сен білмейтін ұлы да құпия жайттарды білдіремін!
Jere Kaz 33:4  Өйткені Исраилдің Құдай Иесі қамал қабырғасын қоршаған жаудың жасаған үймектеріне және қаруларына қарсы нығайту үшін осы қаладағы бұзылған үйлер мен Яһуда патшаларының сарайлары туралы мынаны айтады:
Jere Kaz 33:5  Қала қорғаушылары халдейлерге қарсы қаншама күрессе де, сол үйлер Мен Өзімнің лаулаған қаһарыммен қырғынға ұшыратқандардың мәйіттеріне толатын болады! Себебі олардың барлық зұлым істеріне бола Мен осы қаладан бас тарттым.
Jere Kaz 33:6  Бірақ кейін осы қаланы қалпына келтіремін. Мен рухани дертінен халқымды сауықтырып, амандық пен тыныштыққа, адалдық пен шыншылдыққа кенелтемін.
Jere Kaz 33:7  Яһуда мен Исраил халқымды жер аударылған жақтарынан қайта алып келіп, оларды бұрынғыдай етіп қайтадан отырғызып орнықтырамын.
Jere Kaz 33:8  Оларды Менің алдымда жасаған күнәларының бәрінен тазартып, солардың Маған қарсы бас көтергенде жасаған әділетсіз істерінің барлығын кешіремін.
Jere Kaz 33:9  Сонда осы қала Менің оған істеген барлық жақсылықтарым туралы естіген жердің барлық халықтарының алдында Маған атақ пен қуаныш, мадақ пен даңқ әкеледі. Сол халықтар Менің осы қалам үшін жасаған барлық жақсылықтарыма және берген аманшылық пен тыныштығыма шошына дірілдейтін болады.
Jere Kaz 33:10  Жаратқан Ие мынаны айтады: Сендер осы жер туралы: «Мынау — адамы мен малынан айырылып қаңырап бос қалған құла түз!» дейсіңдер. Алайда адам да, мал да тұрмайтын Яһуданың қалаларында әрі Иерусалимнің қаңырап бос қалған көшелерінде әлі де
Jere Kaz 33:11  қуаныш пен шаттықтың үні, күйеу жігіт пен қалыңдықтың көңілді дауыстары естілмек! «Әлемнің Иесін мадақтаңдар, өйткені Жаратқан Ие ізгі, Оның берік мейірімі мәңгілік!» деп, киелі үйге Өзіммен қарым-қатынастарына ризашылық білдіретін тартуларын алып келе жатқан адамдардың мақтау айтқан дауыстары тағы да естілетін болады. Себебі Мен жер аударылып кеткен халықты қайтадан әкеліп, оның жағдайын бұрынғыдай игілікке кенелтемін! — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Jere Kaz 33:12  Әлемнің Иесі тағы мынаны да айтады: Адамы да, малы да жоқ мына қаңырап бос қалған жерде: оның барлық қалаларының маңайында қайтадан жайылымдар болып, онда бақташылар малдарын бағып жүреді.
Jere Kaz 33:13  Сол кезде таулы аймақтың қалаларында, батыстағы төменгі қыраттар мен оңтүстіктегі Негев аймағында, Буняминнің жері мен Иерусалимнің айналасындағы ауылдарда және Яһуданың қалаларында қайтадан отар-отар ұсақ малдар өсіп-өніп, оларды санайтын шопандардың қол астынан өтетін болады. Мен, Жаратқан Ие, осыны уәде етемін.
Jere Kaz 33:14  «Мынау естеріңде болсын: Менің Исраилге және Яһудаға берген мейірімді уәдемді жүзеге асыратын уақытым келетін болады, — дейді Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 33:15  Сол заман туғанда Мен Дәуіттің әулетінен бір «Жас Өскінді» өсіріп шығарамын. Сол әділ Патша елде әділетті жүзеге асырып, әділдік пен шыншылдықты орнатады.
Jere Kaz 33:16  Сол кезде Яһуда елі құтқарылып, Иерусалим халқы аман-есен тұратын болады. Сонда қаланың аты «Әділдігіміздің қайнары — Жаратқан Ие» деп аталмақ.
Jere Kaz 33:17  Өйткені Жаратқан Ие мынаны айтады: Исраилдің патшалық тағында әрдайым Дәуіттің әулетінен шыққан біреу отыратын болады.
Jere Kaz 33:18  Леуілік діни қызметкерлердің де шалынып, өртелетін құрбандықтар мен астық тартуларын өртеп, басқа да сый-тартуларды ұсынатын адамдары менің алдымда үзілмейтін болады».
Jere Kaz 33:19  Бұдан кейін Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 33:20  «Жаратқан Ие мынаны айтады: Егер де Менің күн мен түн жайлы Келісімімді бұзып, оларды енді қайтып өз белгілі уақытында болмайтын қыла алсаңдар,
Jere Kaz 33:21  сонда ғана Менің қызметшім Дәуітпен жасаған Келісімім біржола күшінен айырыла алар еді, әрі Дәуіттің тағында отырып патшалық құратын өз ұрпақтары болмас еді. Солай болғанда ғана Менің алдымда қызмет атқарып жүрген леуілік діни қызметкерлермен жасаған Келісімім де біржола күшінен айырыла алар еді.
Jere Kaz 33:22  Мен қызметшім Дәуіттің және Менің алдымда қызмет етіп жүретін леуіліктердің ұрпағын аспандағы жұлдыздардай, теңіз жағалауындағы құм қиыршығындай сансыз көбейтемін».
Jere Kaz 33:23  Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 33:24  «Мына адамдардың не айтқандарын естідің бе? Олар: «Жаратқан Ие Өзі таңдап алған екі үрім-бұтақтан бас тартыпты!» деп жүр. Осылайша олар Менің халқыма менсінбей қарап, оны тіпті халық деп санамайды да.
Jere Kaz 33:25  Сондықтан Жаратқан Ие мынаны айтады: Егер де Менің күн мен түн жайлы Келісімім әрі аспан мен жерге бекіткен заңдарым
Jere Kaz 33:26  Жақып пен қызметшім Дәуіттің үрім-бұтақтарынан бас тартып, олардың бірде-біреуін Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптың ұрпақтарына бұдан былай патшалық билік жүргізуге таңдамас едім. Өйткені Мен оларға рақым көрсетіп, жер аударылып кеткен жақтарынан елге қайтарып, олардың жағдайын бұрынғыдай игілікке кенелтемін».
Chapter 34
Jere Kaz 34:1  Бабыл патшасы Набуходоносор өзінің бүкіл әскерімен және қол астындағы барлық патшалықтармен, халықтармен бірге Иерусалимге және оның айналасындағы қалаларға қарсы соғысып жатқан кезде, Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 34:2  «Яһуда патшасы Седекияхқа бар да, оған хабарымды жеткіз: Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Біліп қой, Мен осы қаланы Бабыл патшасының қолына тапсырамын, ал ол қаланы өртеп жібереді.
Jere Kaz 34:3  Сен оның шеңгелінен қашып құтыла алмай, сөзсіз ұсталып, оның қолына тапсырыласың. Бабыл патшасын өз көзіңмен көріп, ол сенімен бетпе-бет сөйлесетін болады. Содан Бабылға әкетілесің.
Jere Kaz 34:4  Бірақ Жаратқан Иенің уәделі сөзін де тыңда, уа, Яһуда патшасы Седекиях! Жаратқан Ие сен туралы мынаны айтады: сен семсердің жүзінен емес,
Jere Kaz 34:5  өз ажалыңнан өлесің. Бұрын Яһудада патша болған ата-бабаларың қайтыс болғанда олардың құрметіне (хош иісті заттар түтетіліп) от жағылғанындай, сенің құрметіңе де сондай от жағылып, «Беу, тақсырымыз-ай!» деп жұрт сені жоқтап қайғыратын болады. Мен саған осыны бұйырттым». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Jere Kaz 34:6  Еремия пайғамбар осы хабарды Иерусалимде Яһуда патшасы Седекияхқа түгелдей жеткізді.
Jere Kaz 34:7  Сол кезде Бабыл патшасының әскері Иерусалимге және Яһуданың әлі алынбаған қалалары Лахыш пен Әзекаға қарсы шабуыл жасап жатқан болатын. Бекіністі қалалардан әлі де жау қолына түспегендері осылар ғана еді.
Jere Kaz 34:8  Седекиях патша Иерусалимдегі күллі халықпен келісім жасап, басыбайлы қызметшілердің босатылуын жариялаған болатын. Мұнан кейін Жаратқан Ие Еремияға осы туралы хабарын жіберді.
Jere Kaz 34:9  Өйткені сол келісім бойынша, бүкіл халық өздерінің басыбайлы исраилдік қызметшілеріне бас бостандығын беруге тиіс болып, бұдан былай ешкімнің басқа исраилдікті малайлықта ұстауға құқығы болмады.
Jere Kaz 34:10  Осы келісімге сөз байласқан барлық басшылар мен бүкіл халық соның ережелеріне мойынсұнып, басыбайлы қызметшілеріне азаттық берді.
Jere Kaz 34:11  Алайда олар кейін ойларын өзгертіп, босатып жіберген қызметшілерін кері қайтарып, оларды тағы да басыбайлы малайлары етті.
Jere Kaz 34:12  Сонда Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 34:13  — Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен сендердің ата-бабаларыңды Мысыр еліндегі құлдықтан азат етіп алып шыққанымда, олармен мынадай Келісім жасаған болатынмын:
Jere Kaz 34:14  «Әрбір жетінші жылы әрқайсың өзін саған басыбайлы қызметшілікке сатқан исраилдік ағайыныңды малайлықтан босатуға тиіссіңдер! Ол саған алты жыл бойы қызмет етіп болған соң, оны қоя бер!» Бірақ сендердің ата-бабаларың Менің сөзіме құлақ та асқан жоқ, мойынсұнған да жоқ.
Jere Kaz 34:15  Ал сендер жақында жасаған күнәларыңа өкініп, Маған ұнамды әділ іс істедіңдер: сендердің әрқайсыларың өз араларыңдағы басыбайлы ағайындарыңа бостандық жарияладыңдар. Сендер тіпті Менің атыммен аталатын киелі үйде Өзімнің алдымда сол туралы келісім де жасадыңдар.
Jere Kaz 34:16  Бірақ қазір сендер содан тайып, Менің атымды қорладыңдар. Сендер олардың өз қалаулары бойынша азат еткен осы ағайындарыңды қайтарып алып, өздеріңе басыбайлы қызмет істеуге қайтадан мәжбүрледіңдер.
Jere Kaz 34:17  Сол себепті Жаратқан Ие мынаны айтады: Сендер Маған мойынсұнбадыңдар, ағайындарыңа іс жүзінде азаттық жариялаған жоқсыңдар. Сондықтан енді Мен сендерге мынадай «азаттық» жариялаймын: Сендер семсер, індет және ашаршылықтан өлуге «азат» боласыңдар! Мен жер бетіндегі патшалықтардың бәрін сендердің тағдырларыңды көргенде жандары түршігіп шошынатын қыламын.
Jere Kaz 34:18  Сол адамдарың Менің алдымда келісім жасаған кезде бір бұзауды шалып, екі бөлікке қақ бөліп, осы бөліктердің арасынан өте шыққан еді. Енді Мен осы келісімді бұзып, оның шарттарын орындамаған оларды бөлікке бөлінген бұзау іспетті қыламын.
Jere Kaz 34:19  Бұзаудың екі бөлігінің арасынан өткендерді: Яһуда мен Иерусалимнің әміршілерін, сарайдағы уәзірлерді, діни қызметкерлерді және елдің бүкіл халқын
Jere Kaz 34:20  жауларының қолына тапсырамын. Олардың мәйіттері жыртқыш құстар мен аңдарға жем болады.
Jere Kaz 34:21  Мен Яһуда патшасы Седекиях пен оның әміршілерін олардың жанын алғысы келіп жүрген жауларының қолдарына тапсырамын. Бабыл патшасы әскерімен бірге аз уақытқа қаладан кері шегініп, басқа жаққа кетсе де,
Jere Kaz 34:22  енді Мен бұйрық беріп, оларды осы қалаға кері қайтарамын. Олар қалаға тағы да шабуыл жасап, оны басып алады да, өртеп жібереді. Яһуданың басқа қалаларын да қаңыратып бос қалдырамын! — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Chapter 35
Jere Kaz 35:1  Яһудаға Жосия ұлы Жохақым патшалық құрған кезде Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 35:2  «Рехаптың әулетіне бар да, оларды Жаратқан Иенің ғибадатханасының бүйір жағындағы бөлмелердің біреуіне шақырып, ішуге шарап ұсын!»
Jere Kaz 35:3  Сонда мен Еремияның ұлы, Абасинияхтың немересі Язанияхқа, оның бауырлары мен барлық балаларына, жалпы, рехаптықтардың бүкіл әулетіне бардым.
Jere Kaz 35:4  Оларды Жаратқан Иенің ғибадатханасына шақырдым. Сол жерде оларды Құдайдың адамы Иғдалиях ұлы Хананның үрім-бұтағының бөлмесіне ертіп апардым. Бұл бөлме ғибадатхана басқарушыларының бөлмесіне көршілес әрі ғибадатхана қақпашысы Шаллум ұлы Мағасияхтың бөлмесінің үстінде орналасқан еді.
Jere Kaz 35:5  Сонда мен рехаптықтар әулетінің ер адамдарының алдына шарапқа толы бірнеше құмыра мен тостағандар қойып:— Шараптан ішіңіздер, — деп ұсындым.
Jere Kaz 35:6  Бірақ олар былай деп жауап берді:— Біз шарап ішпейміз. Өйткені арғы атамыз Рехап ұлы Жонадаб бізге мына өсиетін айтып кеткен: «Сендер өздерің де, ұрпақтарың да ешқашан шарап ішпеңдер!
Jere Kaz 35:7  Үй салып, егін егіп, жүзімдік отырғызбаңдар, сондайларды иемденбеңдер де! Керісінше, әрқашан шатырларда тұрыңдар. Сонда сендердің көшіп-қонып жүрген осы елдегі ғұмырларың ұзақ болады».
Jere Kaz 35:8  Бабамыз Рехап ұлы Жонадаб қалдырған осы өсиетті түгелдей орындап келеміз. Біздің өздеріміз де, әйелдеріміз бен ұл-қыздарымыз да ешқашан шарап ішкен де,
Jere Kaz 35:9  тұратын үй салған да емеспіз. Не жүзімдік, не егістік дала, не піскен егін иемденген кезіміз де болған емес.
Jere Kaz 35:10  Біз шатырларда тұрып, Жонадаб бабамыздың өсиетіне мойынсұнып, оны толығымен орындап келеміз.
Jere Kaz 35:11  Бірақ Бабыл патшасы Набуходоносор елге басып кіргенде біз халдейлер мен арамалықтардың әскерінен бас сауғалау үшін Иерусалимге келуді шештік. Осы себептен де қазір Иерусалимде тұрып жатырмыз.
Jere Kaz 35:12  Сонда Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 35:13  — Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Яһуданың адамдарына әрі Иерусалимнің тұрғындарына былай де: Сендер бұлардың сенімділігінен тәлім алып, Менің айтқандарыма мойынсұнудан бас тарта бермексіңдер ме?
Jere Kaz 35:14  Рехап ұлы Жонадаб өзінің ұрпақтарына шарап ішпеуді өсиеттеген еді. Олар оның өсиетін қазірге дейін орындап, бабаларының айтқанымен жүріп, осы күнге дейін шарапты ауызына алмай келеді. Ал Мен сендерге жиі-жиі айта берсем де, сендер Маған еш мойынсұнған емессіңдер.
Jere Kaz 35:15  Мен сендерге өз қызметшілерім — пайғамбарларды қайта-қайта жіберіп отырдым. Олар сендерге: Әрбіреуің теріс жолдарыңнан қайтыңдар, бөтен тәңірлердің жолын қумаңдар! Сонда сендер Жаратқан Иенің өздеріңе және ата-бабаларыңа табыстаған елінде тұра бересіңдер, деп ескертіп жүрді. Бірақ сендер Маған құлақ асып, тілімді алған жоқсыңдар.
Jere Kaz 35:16  Ойлаңдаршы: Рехап ұлы Жонадабтың ұрпақтары оның берген өсиетін ұстанып келе жатыр. Алайда мына халық Мені тыңдамай келеді!
Jere Kaz 35:17  Сондықтан Исраилдің Құдайы, Әлемнің Иесі Жаратқан Ие, мынаны айтады: Мен Яһуда мен Иерусалимнің барлық тұрғындарына алдын ала айтқан пәлені толығымен жіберемін. Себебі Мен қанша айтсам да, олар тыңдамады. Мен дауыстап шақырсам да, олар жауап берген жоқ.
Jere Kaz 35:18  Содан соң Еремия рехаптықтар әулетіне арнап былай деді:— Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы мынаны айтады: Сендер арғы аталарың Жонадабтың өсиетіне мойынсұнып, оның барлық нұсқаулары мен бұйрықтарын орындап келесіңдер.
Jere Kaz 35:19  Сондықтан Рехап ұлы Жонадабтың ұрпақтарының арасынан біреу әрқашан алдымда тұрып Маған қызмет ететін болады. — Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы осыны нық айтады.
Chapter 36
Jere Kaz 36:1  Яһудаға Жосия ұлы Жохақымның патшалық құрған төртінші жылы Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 36:2  «Бір шиыршық кітап ал да, соған Жосия патшаның кезінен бастап күні бүгінге дейін өзіңе Исраил, Яһуда және басқа да халықтар туралы айтқан сөздерімнің бәрін жазып қой.
Jere Kaz 36:3  Мүмкін, Яһуданың халқы Мен оларға жіберейін деп отырған бүкіл пәле туралы естігенде, әрқайсысы зұлым жолынан қайтып, Маған бет бұрар. Сонда Мен олардың күнәлары мен зұлым істерін кешіретін боламын».
Jere Kaz 36:4  Сонда Еремия Нириях ұлы Барухты шақырып алды. Оған Жаратқан Иенің өзіне айтқан күллі сөздерін қайталап айтып бергенде, ол соның бәрін шиыршық кітапқа жазып қойды.
Jere Kaz 36:5  Мұнан кейін Еремия Барухқа былай деп тапсырды: «Жаратқан Иенің киелі үйіне бара алмаймын, бұл маған тыйым салынған.
Jere Kaz 36:6  Сондықтан сен халық ораза ұстаған күні сонда бар да, мен өзіңе жаздырған Жаратқан Иенің сөздерін кітаптан халыққа оқып бер! Өз қалаларынан жиналып келген бүкіл яһудалықтарға да сол хабарларды дауыстап оқып бер!
Jere Kaz 36:7  Мүмкін, олар Жаратқан Иеге жалбарынып, әрқайсысы зұлым жолынан қайтатын шығар. Себебі Жаратқан Иенің осы халыққа қарсы лаулаған қаһары өте күшті!»
Jere Kaz 36:8  Нириях ұлы Барух Еремия пайғамбардың айтқандарын түгелдей орындап, Жаратқан Иенің ғибадатханасында Оның шиыршық кітапқа жазылған сөздерін оқып берді.
Jere Kaz 36:9  Бұл Яһудаға Жосия ұлы Жохақымның патшалық құрған бесінші жылының тоғызыншы айында болды. Иерусалимнің бүкіл тұрғындары мен Яһуданың басқа қалаларынан келген жұртқа Жаратқан Иенің алдында ораза ұстау керек деп жарияланған болатын.
Jere Kaz 36:10  Барух ғибадатханадағы хатшы Шафан ұлы Гемарияхтың бөлмесінен бүкіл халыққа шиыршық кітаптан Еремияның сөздерін оқып берді. Осы бөлме Жаратқан Иенің киелі үйінің Жаңа қақпасының қасындағы жоғарғы аулада орналасқан еді.
Jere Kaz 36:11  Гемарияхтың ұлы, Шафанның немересі Миқая кітаптан оқылған Жаратқан Иенің сөздерінің бәрін естіді.
Jere Kaz 36:12  Содан ол патшалық сарайдың хатшылар отыратын бөлмесіне барды. Сол жерде басшылар бас қосатын: Әлишама хатшы, Шемаях ұлы Делаях, Ахбор ұлы Елнатан, Шафан ұлы Гемариях, Хананиях ұлы Седекиях және тағы басқа лауазымды қызметкерлер.
Jere Kaz 36:13  Миқая оларға Барухтың халыққа кітапты оқып берген кезінде өзінің естіген күллі сөздерін жеткізді.
Jere Kaz 36:14  Олар Нетанияхтың ұлы, Шелемияхтың немересі, Хусидің шөбересі Еһудиді Барухқа жіберіп, оған: «Сен халыққа оқып берген шиыршық кітапты осында алып кел!» — деген бұйрықты жеткізді. Сонда Нириях ұлы Барух шиыршық кітапты басшылар жиналған жерге алып барды.
Jere Kaz 36:15  Олар Барухқа:— Кел, отыр, кітапты бізге оқы! — деп бұйырды. Барух оларға кітапты оқып берді.
Jere Kaz 36:16  Уәзірлер кітаптағы сөздердің бәрін естігенде, бір-біріне үрейлене қарап Барухқа:— Осы сөздердің барлығын міндетті түрде патшаға жеткіземіз! — деді.
Jere Kaz 36:17  Олар: — Айтшы бізге, бұның бәрін сен қайдан жазып алдың? Сол адамның өз аузынан ба? — деген сұрақ та қойды.
Jere Kaz 36:18  Барух:— Иә, ол маған осы сөздердің бәрін өз аузымен айтып, мен сиямен осы кітапқа жазып алып отырдым! — деп жауап берді.
Jere Kaz 36:19  Сонда уәзірлер Барухқа:— Еремия екеуің бір жерге барып, жасырыныңдар. Өздеріңнің қай жерде екендеріңді ешкімге білдірмеңдер, — деп тапсырды.
Jere Kaz 36:20  Олар шиыршық кітапты Әлишама хатшының бөлмесіне апарып қойған соң сарайдың ауласына патшаның алдына барып, болған істі баяндап берді.
Jere Kaz 36:21  Патша Еһудиді жіберіп, ол кітапты Әлишаманың бөлмесінен алып келіп, патшаға және оның жанында тұрған уәзірлерінің бәріне оқып берді.
Jere Kaz 36:22  Бұл тоғызыншы айда болды. Сол кезде патша сарайының қысқы бөлігінде отырған еді. Ашық пештегі шоқ қызып жанып жатты.
Jere Kaz 36:23  Еһуди кітаптың үш немесе төрт бағанасын оқып бола салысымен, патша хатшының қағаз кесетін пышағымен оқылғанды кесіп алып, алдындағы ашық пешке салып отырды. Ақыры осылайша кітаптағы бүкіл жазба отқа өртелді.
Jere Kaz 36:24  Жазбаны тыңдаған патша да, оның нөкерлері де естігендерінен қорыққан да жоқ, өкініп, көйлектерінің өңірлерін айыра жыртқан да жоқ.
Jere Kaz 36:25  Тек Елнатан, Делаях және Гемариях қана патшадан кітапты өртемеуін өтінді. Бірақ патша бұларға құлақ асқан жоқ.
Jere Kaz 36:26  Қайта, ол патшазада Ерахмелге, Азриил ұлы Сераях және Әбдиел ұлы Шелемияхқа Барух хатшы мен Еремия пайғамбарды тұтқынға алуға бұйырды. Бірақ Жаратқан Ие оларды жасырып тастаған болатын.
Jere Kaz 36:27  Патша Еремияның сөздері жазылған шиыршық кітапты өртеп жібергеннен кейін Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап мына тапсырманы берді:
Jere Kaz 36:28  — Тағы бір шиыршық кітапты ал да, Яһуда патшасы Жохақым өртеп жіберген кітапта болған сөздердің бәрін соған жазып қой.
Jere Kaz 36:29  Ал патшаның өзіне былай де: Жаратқан Ие мынаны айтады: Сен «Бабыл патшасы сөзсіз келіп, осы елді қиратып, ондағы адамды да, малды да тірі қалдырмайды деп жазуға қалайша дәтің барды?!» деп ызаланып кітапты өртеп жібердің.
Jere Kaz 36:30  Сол себепті Жаратқан Ие Яһуда патшасы Жохақым туралы мынаны айтады: Оның ұрпағының ешқайсысы Дәуіттің тағында отырмайтын болады. Оның мәйіті сыртқа лақтырылып, күндіз аптапта, түнде аязда қалады.
Jere Kaz 36:31  Мен оның өзін де, ұрпақтарын да, нөкерлерін де зұлымдықтары үшін жазалаймын. Ескертулеріме құлақ аспағандарына бола Мен оларға және Иерусалим мен Яһуданың тұрғындарына жіберемін деп алдын ала айтқан апаттардың бәрін де бастарына түсіремін.
Jere Kaz 36:32  Сонда Еремия хатшысы Барухқа басқа бір шиыршық кітапты алып берді. Барух Жохақым патша өртеп жіберген бұрынғы кітаптағы сөздерді Еремияның аузынан қайтадан жазып алды. Сондай-ақ соларға тағы да көптеген сөздерді қосып жазды.
Chapter 37
Jere Kaz 37:1  Кейінірек Бабыл патшасы Набуходоносор Иерусалимге келіп, Жохақым ұлы Ехонияхтың орнына Жосия ұлы Седекияхты Яһуда елінің патшасы етіп тағайындады.
Jere Kaz 37:2  Алайда Седекияхтың өзі де, нөкерлері де, елде қалған халық та Жаратқан Иенің Еремия пайғамбар арқылы айтқан сөздеріне құлақ аспады.
Jere Kaz 37:3  Сонда да Седекиях патша (басына күн туғанда) Еремия пайғамбарға Шелемиях ұлы Ехухал мен діни қызметкер Мағасиях ұлы Софония екеуін жіберіп: «Біз үшін Құдайымыз Жаратқан Иеге сиынып арашалық дұға ете көріңіз!» — деп өтінді.
Jere Kaz 37:4  Сол уақытта Еремия әлі де қамауға алынбай, халықтың арасында еркін тұрып жатқан болатын.
Jere Kaz 37:5  Осы кезде халдейлердің әскері Иерусалимді қоршап алған еді. Алайда Мысыр перғауынының әскерінің өз елінен шығып, Яһудаға қарай аттанғанын ести сала халдейлер Иерусалимді уақытша қалдырып кетті.
Jere Kaz 37:6  Сонда Жаратқан Ие Еремия пайғамбарға сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 37:7  «Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: өздеріңді Менен кеңес сұрауға жіберіп отырған Яһуда патшасына былай деңдер: Перғауынның сендерге көмекке шыққан жасағы көп ұзамай өз елі Мысырға қайта оралады.
Jere Kaz 37:8  Сонда халдейлер қайтып келіп, қалаға тағы да шабуыл жасайды. Олар қаланы қолға түсіріп, қиратып, өртеп жібереді. —
Jere Kaz 37:9  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: — Сендер: «Халдейлер бізден біржола шегініп кетті» деп алданбаңдар! Олар біржола кеткен жоқ!
Jere Kaz 37:10  Себебі сендер тіпті өздеріңе қарсы соғысқан бүкіл халдей әскерін қиратып, олардың шатырларында тек азғантай жарақаттанған адамдары қалған болса да, бәрібір олар сендерге шабуыл жасап, қаланы өртеп жіберетін болады!»
Jere Kaz 37:11  Перғауын жасағының Мысырдан аттанып келгендігінен халдей әскері Иерусалимге жасап отырған шабуылын тоқтатқан осы кезде,
Jere Kaz 37:12  Еремия Бунямин жеріне жолға шықпақ болды. Ондағы мақсаты сол жердегі өз әулетінің арасынан бір мұралық жердің өзіне тиісті үлесін қабылдау еді.
Jere Kaz 37:13  Бірақ ол Иерусалимнің Бунямин қақпасынан шыға бергенде күзетшілердің бастығы Еремия пайғамбарды ұстап алып, оны:— Сен халдейлерге өтпекші болған сатқынсың! — деп айыптады. Бастықтың аты-жөні Шелемияхтың ұлы, Хананияхтың немересі Ириях еді.
Jere Kaz 37:14  Еремия:— Жоқ, бұл жала! Мен халдейлердің жағына өтпек болған жоқпын! — деп келіспеді. Сонда да Ириях оны тыңдамай, тұтқындап, уәзірлердің алдына алып барды.
Jere Kaz 37:15  Уәзірлер Еремияға ашуланып, оны ұрып-соғып, Жонатан хатшының үйіне қамап қойды. Олар бұл үйді түрмеге айналдырған болатын.
Jere Kaz 37:16  Еремия үйдің астындағы бір қапасқа тасталып, сол зынданда көп күн отырды.
Jere Kaz 37:17  Кейін Седекиях патша адам жіберіп, пайғамбарды өзінің алдына әкелдірді. Өз сарайында онымен құпия жүздесіп:— Жаратқан Иенің бізге арнаған сөзі бар ма? — деп сұрады. Еремия оған:— Иә, бар. Сіз Бабыл патшасының қолына түсесіз! — деп,
Jere Kaz 37:18  Седекиях патшаға мынаны да қоса айтты: — Мені түрмеге қамайтындай не сіздің өзіңізге, не нөкерлеріңізге, не халқыңызға қарсы қандай жамандық істедім?
Jere Kaz 37:19  «Бабыл патшасы өзіңізге және осы елге шабуыл жасамайды!» деп болжаған пайғамбарларыңыз енді қайда?
Jere Kaz 37:20  Ал, патша ием, сөзіме құлақ асып, мені Жонатан хатшының үйіне қайтара көрмеңіз! Әйтпесе мен сол зынданда өліп қалармын!
Jere Kaz 37:21  Седекиях патша Еремияны сақшылардың ауласында қамауды және қаладағы нан біткенше наубайшылар көшесінен күніне бір наннан беріп тұруды бұйырды. Осылай Еремия сақшылардың ауласында қамауда ұсталды.
Chapter 38
Jere Kaz 38:1  Бірде Маттан ұлы Шафатиях, Пашхур ұлы Ғодалиях, Шелемиях ұлы Ехухал және Малқиях ұлы Пашхур Еремияның халыққа мынадай сөздерді айтып жүргенін естіді:
Jere Kaz 38:2  «Жаратқан Ие мынаны айтады: Осы қалада қалатын әрбір адам семсер, ашаршылық немесе індеттен құриды. Ал қаладан шығып, халдейлерге берілетін әркім тірі қалып, өз жаны өзіне олжа болады.
Jere Kaz 38:3  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Бұл қала еш шүбәсіз Бабыл патшасының әскерінің қолына тапсырылып, олар оны басып алатын болады!»
Jere Kaz 38:4  Сол уәзірлер патшаға:— Ана адамды өлтіру керек! Ол қалада әлі де қалып отырған жасақшыларды әрі халықты сондай сөздерімен рухтарынан айырады. Сөйтіп ол халықтың игілігін емес, оның құруын көздеп жүр! — деді.
Jere Kaz 38:5  Седекиях патша оларға:— Ол сендердің қолдарыңда. Патша сендерге қарсы ештеңе істей алмайды ғой! — деп жауап берді.
Jere Kaz 38:6  Содан олар Еремияны ұстап алып, патшазада Малқияхтың сақшылар ауласында орналасқан құдығына арқанмен түсіріп тастады. Құдықтың суы жоқ, түбі батпақ екен. Еремия батпаққа белшесінен батты.
Jere Kaz 38:7  Еремияның құдыққа түсірілгенін құштық Әбдімәлік те естіді. Ол патша сарайында қызмет көрсететін нөкер болатын. Патша Бунямин қақпасының алдында билік айтып отырған кезде
Jere Kaz 38:8  Әбдімәлік сарайдан шығып, патшаның алдына барды да, оған мына өтінішін білдірді:
Jere Kaz 38:9  — Уа, патша ием, ана кісілердің Еремия пайғамбарды құдыққа тастағандары — нағыз зұлымдық! Сол жерде ол аштан өледі, қалада нан қалған жоқ қой! —
Jere Kaz 38:10  Патша құштық Әбдімәлікке:— Осы жерден отыз адамды ертіп алып, өліп қалмас бұрын Еремия пайғамбарды құдықтан шығарып ал! — деп бұйырды.
Jere Kaz 38:11  Әбдімәлік сол адамдарды ертіп алып, сарайдағы қазына қоймасының астындағы бір бөлмеге түсті. Сол жерден біраз ескі шүберек пен көнетоз киімдерді алып, құдықтағы Еремияға арқанмен төмен түсірді.
Jere Kaz 38:12  Әбдімәлік Еремияға қатты дауыстап: «Мына шүберектер мен киімдерді қолтығыңыздың астына салып алыңыз! Арқан денеңізді қиып кетпесін», — деді. Еремия солай істеді.
Jere Kaz 38:13  Сонда олар оны арқанмен тартып, құдықтан шығарып алды. Мұнан кейін Еремия сарайдағы сақшылар ауласына қайтарылып, енді сонда қалатын болды.
Jere Kaz 38:14  Бірде Седекиях патша Еремия пайғамбарға тағы да адам жіберді. Сол кісі оны Жаратқан Иенің ғибадатханасының үшінші кіреберісіне алып келді. Патша Еремияға:— Сенен бір нәрсе сұрағым келеді. Менен ештеңе жасырушы болма! — деді.
Jere Kaz 38:15  Еремия оған былай деп жауап берді:— Егер бәрін бүкпей айтатын болсам, мені өлтірмес пе едіңіз? Ал кеңес берсем де, сіз мені бәрібір тыңдамайсыз ғой! —
Jere Kaz 38:16  Бірақ Седекиях патша құпия түрде Еремияға уәде беріп:— Бізге тіршілік лебін сыйлаған мәңгі тірі Жаратқан Иенің атымен ант етемін: сізді өзім өлтірмеймін де, жаныңды алмақ болғандардың қолына тапсырмаймын да! — деді.
Jere Kaz 38:17  Сонда Еремия Седекияхқа былай деді:— Исраилдің Құдайы, Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие, мынаны айтады: Егер сен қаладан шығып, Бабыл патшасының әміршілеріне берілсең, онда өзің де, отбасың да тірі қалып, мына қала да өртенбейтін болады.
Jere Kaz 38:18  Ал егер Бабыл патшасының әміршілеріне берілмесең, онда халдей жасақшылары мына қаланы бәрібір басып алып, өртеп жібереді. Сонда өз басың да олардың қолынан құтыла алмайсың. —
Jere Kaz 38:19  Седекиях патша Еремияға:— Мен халдейлердің жағына өтіп кеткен яһудилерден қауіптенемін. Халдейлер мені солардың қолдарына тапсырса, олар мені азаптап қорлайды ғой! — деді.
Jere Kaz 38:20  Еремия оған былай деп жауап берді:— Жоқ, сізді солардың қолдарына тапсырмайды! Өтінемін, мен арқылы сізге сөйлеп тұрған Жаратқан Иенің даусына мойынсұнсаңыз екен! Сонда өзіңізге игі болып, жаныңыз аман сақталады.
Jere Kaz 38:21  Бірақ егер қаладан шығып, берілуден бас тартсаңыз, Жаратқан Ие соның арты мынау болады деп ашық көрсетті:
Jere Kaz 38:22  Яһуда патшасының сарайында қалып қойған әйелдердің бәрін Бабыл патшасының әміршілерінің алдынан алып шығады. Сол әйелдердің бәрі сізге былай деп шағым айтатын болады:Сенген достарың алдады сені,Тақырға отырғызды өзіңді,Аяғың былыққа батып енді,Бұрылып кетті олар кері!
Jere Kaz 38:23  Осылай барлық әйелдеріңіз бен балаларыңыз қаладан айдалып, халдейлердің қолына түседі. Өзіңіз де қашып кете алмай, Бабыл патшасының қолына түсесіз. Ол мына қаланы қиратып, өртеп жібереді!
Jere Kaz 38:24  Бірақ Седекиях Еремияға тек қана былай деді:— Өзіңді өлтірмеулері үшін бұл әңгіме туралы ешкімге тіс жарма!
Jere Kaz 38:25  Егер әміршілер екеуіміздің сөйлескеніміз жайлы естіп, саған келіп, «Патша саған не деді, сен патшаға не дедің, соны айтып бер! Әйтпесе көзіңді құртамыз» дейтін болса,
Jere Kaz 38:26  оларға: «Патшадан мені Жонатанның үйіне қайтара көрмеңіз, әйтпесе өліп қалармын деп өтіндім» деген жауап бер!
Jere Kaz 38:27  Айтқандай-ақ, әміршілердің бәрі Еремияға келіп, оған болған әңгіме туралы сұрақтар қойды. Пайғамбар оларға тек патшаның айт дегендерін ғана айтып берді. Содан олар тағы еш нәрсе деместен өз жөндеріне кетті. Өйткені ешкім патша екеуінің арасында болған әңгімені естімеген еді.
Jere Kaz 38:28  Осылай Еремия жаудың Иерусалимді басып алған күніне дейін сақшылар ауласындағы қамауда қала берді.Иерусалим қаласының жау қолына түсуі былай болды.
Chapter 39
Jere Kaz 39:1  Седекияхтың Яһуда еліне патшалық құрған тоғызыншы жылының оныншы айында Бабыл патшасы Набуходоносор бүкіл әскерімен Иерусалимге қарсы аттанып, қаланы қоршауға алды.
Jere Kaz 39:2  Ақыры Седекияхтың он бірінші жылының төртінші айының тоғызыншы күні бабылдықтар қала қабырғасының бір жерін тесіп, қалаға басып кірді.
Jere Kaz 39:3  Бабыл патшасының барлық әміршілері қаланың Ортаңғы қақпасындағы билік орнында жайғасты. Олар Нергал-Шаресер, Самғар-Небо, сарай қызметкерлерінің бастығы Сарсехим, бас кеңесші Нергал-Шаресер және Бабыл патшасының өзге де көптеген лауазымды қызметкерлері еді.
Jere Kaz 39:4  Яһуда патшасы Седекиях және барлық жасақшылар соларды көргенде қашып кетуге тырысты. Олар қаладан түн ішінде патша бағы арқылы екі қабырғаның арасындағы қақпадан сытылып шықты. Содан олар Иордан аңғарындағы елсіз далаға қарай бет алды.
Jere Kaz 39:5  Алайда халдейлердің әскері олардың соңынан аттанып, Седекияхты Иерихонның маңындағы елсіз далада қуып жетті. Олар оны қолға түсіріп, Хамат еліндегі Рибла қаласына Бабыл патшасы Набуходоносордың алдына апарды. Ол Седекияхқа үкім шығарды.
Jere Kaz 39:6  Бабыл патшасы сол Риблада Седекияхтың ұлдарын оның көз алдында шауып өлтірді. Ол, сондай-ақ, Яһуданың барлық лауазымды адамдарын да шауып өлтіртті.
Jere Kaz 39:7  Мұнан кейін Седекияхтың екі көзін ойып алып, қол-аяғына қола шынжыр салып, Бабылға айдап әкетті.
Jere Kaz 39:8  Халдейлер патша сарайына да, халықтың үйлеріне де от қойып өртеп, Иерусалим қамалының қабырғаларын қиратып тастады.
Jere Kaz 39:9  Кейінірек Бабылдың патша ұландарының әміршісі Набузар-Адан қалада тірі қалған адамдарды, Бабыл патшасының жағына өтіп кеткендердің бәрін және елде қалған өзге халықты тұтқындап Бабылға айдап әкетті.
Jere Kaz 39:10  Әйтсе де Набузар-Адан әмірші түгі жоқ кедейлерді Яһуда елінде қалдырып, оларға жүзімдіктер мен құдықтарды қарап күтуді тапсырды.
Jere Kaz 39:11  Бабыл патшасы Набуходоносор ұландардың әміршісі Набузар-Аданға Еремия жайында айрықша бұйрық беріп былай деген болатын:
Jere Kaz 39:12  «Оны қамқорлап, көз қырыңды сала жүр, қауіп-қатерден аман сақта! Ол сенен не сұраса, соны істейтін бол!»
Jere Kaz 39:13  Сол себепті ұландардың әміршісі Набузар-Адан, бас уәзір Набушазбан, бас кеңесші Нергал-Шаресер және Бабыл патшасының басқа да лауазымды қызметкерлері
Jere Kaz 39:14  адамдарын жіберіп, Еремияны сақшылар ауласынан босатып алдырды. Олар оны Ахиқамның ұлы, Шафанның немересі Годалияхқа өз үйіне алып барсын деп сеніп тапсырды. Осылайша Еремия (Бабылға жер аударылмай) халқымен бірге өз елінде қалды.
Jere Kaz 39:15  Бұған дейін, Еремия сақшылардың ауласында әлі де қамауда отырған кезде, Жаратқан Ие оған сөзін арнап былай деген еді:
Jere Kaz 39:16  «Құштық Әбдімәлікке бар да, оған былай де: Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Мен осы қалаға жақсылық емес, апат әкелетінім туралы айтқан өз сөздерімді жүзеге асырайын деп отырмын. Сол сөздерім сенің көз алдыңда жүзеге асады.
Jere Kaz 39:17  Бірақ соның бәрі жүзеге асқан кезде Мен өзіңді аман алып қаламын! — деп Жаратқан Ие уәде береді. — Қауіптенетін адамдарыңның қолына түспейсің.
Jere Kaz 39:18  Өйткені Мен сені міндетті түрде құтқарамын. Ешкімнің семсерінен қаза таппайсың, керісінше, тірі қалып, өз жаның өзіңе олжа болады. Себебі сен Маған толығымен сенім артып келесің!» — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Chapter 40
Jere Kaz 40:1  Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнады. Бұл, ұландардың әміршісі Набузар-Адан Еремияны Рамада босатқаннан кейін болды. Сол кезде әмірші Еремияны Иерусалим мен Яһуданың Бабылға жер аударылып бара жатқан тұрғындарының арасынан шынжырланған күйі тауып алған болатын.
Jere Kaz 40:2  Әмірші Еремияны қасына шақырып алып, оған былай деді: «Сіздің Құдайыңыз Жаратқан Ие осы пәленің мына жерге түсуін алдын ала айтқан еді.
Jere Kaz 40:3  Енді Жаратқан Ие уәдесін орындап, осыны істеп отыр. Халқыңыз Жаратқан Иеге қарсы күнә жасап, Оның даусына құлақ аспай жүрді. Сондықтан да осы бақытсыздық бастарыңызға түсті.
Jere Kaz 40:4  Ал енді мен қолдарыңыздағы шынжырларыңызды шешіп, босатамын. Егер менімен Бабылға барғыңыз келсе, жүріңіз. Онда менің қолымда тұратын боласыз, мен сізге қамқорлық жасаймын. Ал егер барғыңыз келмесе, осында қала беріңіз. Бүкіл ел, міне, алдыңызда жатыр. Қалаған жеріңізге барып тұрыңыз!»
Jere Kaz 40:5  Еремия әлі де басқа жаққа кетпей тұрғанда Набузар-Адан оған: «Бабыл патшасы Ахиқамның ұлы, Шафанның немересі Ғодалияхты Яһуданың қалаларын басқарушы әкім етіп тағайындаған. Соның қасына қайтып барыңыз. Онымен бірге халқыңыздың арасында тұра беріңіз. Немесе басқа жаққа баруды жөн көрсеңіз, онда сол жаққа барып тұрыңыз», — деп қосты. Ұландардың әміршісі оған азық-түлік пен сыйлық беріп, қоя берді.
Jere Kaz 40:6  Сонда Еремия Миспа қаласындағы Ахиқам ұлы Ғодалияхқа барып, елде қалып қойған халықтың арасында тұрды.
Jere Kaz 40:7  Бірнеше яһуди жасақ басшылары мен олардың адамдары ашық далада (бой тасалап) жүрген еді. Олардың бәрі Бабыл патшасының Ахиқам ұлы Ғодалияхты Яһуда елінің Бабылға жер аударылмаған ең кедей ерлі-зайыптылары мен балаларын басқарушы әкім етіп тағайындағанын естіді.
Jere Kaz 40:8  Сол жасақ басшылары Нетаниях ұлы Ысмағұл, Қареяхтың ұлдары Жоханан мен Жонатан, Танхумет ұлы Сераях, нетопаттық Офидың ұлдары және бір махалық кісінің ұлы Езаниях болатын. Олар өз адамдарымен бірге Миспадағы Ғодалияхқа келді.
Jere Kaz 40:9  Ахиқамның ұлы, Шафанның немересі Ғодалиях әкім оларға былай деп ант етіп: «Халдейлерге мойынсұнудан қорықпаңдар! Елде тұрып қалып, Бабыл патшасына қызмет етіңдер, сонда жағдайларың жақсы болады! — деп уәде берді. —
Jere Kaz 40:10  Мен өзім Миспада тұрып, осында келетін халдейлердің алдында сендердің мүдделеріңді қорғайтын боламын. Ал сендер қазір иемденіп алған қалаларыңа қоныстанып, жүзім, құрма, інжір жемістерін және зәйтүн майын жинап, қоймаларыңа қойыңдар!» — деп тапсырды.
Jere Kaz 40:11  Сол кезде Моаб, Аммон, Едомда және тағы басқа елдерде бірқатар яһудилер бас сауғалап тұрып жатты. Олар Бабыл патшасының Яһуда еліндегі біраз халықты қалдырып кеткенін және Ахиқамның ұлы, Шафанның немересі Ғодалияхты олардың үстінен басқарушы әкім етіп тағайындағанын естіді.
Jere Kaz 40:12  Содан олар қашып кеткен сол елдерінен Яһуданың Миспа қаласындағы Ғодалияхқа келді. Енді олар да барып, жүзім, құрма, інжір жемістерінің мол өнімін жинап алды.
Jere Kaz 40:13  Сол арада Қареях ұлы Жоханан және ашық далада жүрген өзге жасақ басшылары Миспадағы Ғодалияхтың алдына келіп:
Jere Kaz 40:14  «Аммондықтардың патшасы Бағалис сізге қастандық жасауға Нетаниях ұлы Ысмағұлды жіберді, соны білсеңіз екен», — деп сақтандырды. Бірақ Ғодалиях оларына сенген жоқ.
Jere Kaz 40:15  Кейін Қареях ұлы Жоханан Ғодалияхпен Миспада құпия сөйлесіп, оған мынадай ұсыныс жасады:— Мен барып, ешкімге білдіртпей Нетаниях ұлы Ысмағұлдың көзін құртайын. Оның өзіңізді өлтіруіне неліктен жол береміз? Сонда сіздің арқаңызда жиналып отырған яһудилердің бәрі қайтадан қуғын-сүргінге ұшырап, Яһуданың елде қалып отырған осы бір азғантай халқы да құрып кетпек. —
Jere Kaz 40:16  Бірақ Ғодалиях Жохананға:— Олай істеуші болма! Сенің Ысмағұл туралы айтып отырғаның шындық емес! — деп тыйым салды.
Chapter 41
Jere Kaz 41:1  Сол жылдың жетінші айында патшалық әулетке жататын әрі Яһуда патшасының бір қолбасшысы болған Нетанияхтың ұлы, Әлишаманың немересі Ысмағұл он адамымен бірге Миспаға келді. Олар сол жерде тұрған Ахиқам ұлы Ғодалияхтың үйіне кірді. Қонақтар Ғодалияхпен бірге дастарқан басында отырған кезде
Jere Kaz 41:2  Нетаниях ұлы Ысмағұл мен қасындағы он адамы орындарынан тұра келіп, Ғодалиях әкімге семсерлерімен бас салды. Осылайша Ысмағұл Бабыл патшасы елдің басқарушысы етіп тағайындаған адамды өлтіріп тастады.
Jere Kaz 41:3  Мұнан кейін Ысмағұл мен оның сыбайластары Миспада Ғодалияхтың қасында жүрген барлық яһуди және халдей жауынгерлерінің де көздерін құртты.
Jere Kaz 41:4  Ал келесі күні, Ғодалияхтың өлтірілгені жайлы хабар әлі де тарамай тұрғанда,
Jere Kaz 41:5  Сихем, Шило және Самариядан жолға шыққан сексен адам Миспаға таяп келді. Олар (елдің басына түскен ғаламат пәлеге қатты қайғырып) сақалдарын қырқып, көйлектерінің өңірін айыра жыртып, денелерінің терісін тілгілеп жарақаттап алған еді. Бұл адамдар Жаратқан Иенің Иерусалимдегі киелі үйінің орнына бармақ болып, өздерінің астық тартулары мен хош иісті заттарын алып келе жатты.
Jere Kaz 41:6  Нетаниях ұлы Ысмағұл Миспадан олардың алдарынан қайғырғансып жылап шықты. Олармен ұшырасқанда ол: «Ахиқам ұлы Ғодалияхқа кіріп шығыңдар!» — деп шақырды.
Jere Kaz 41:7  Алайда сол адамдар қалаға кірген бойда Ысмағұл мен оның сыбайластары оларға бас салып өлтіріп, өліктерін жер астындағы су қоймасына лақтырып тастады.
Jere Kaz 41:8  Тек солардың ішіндегі он адам Ысмағұлдан: «Бізді өлтірмеңізші! Далада жасырып тастаған арпа, бидай, зәйтүн майы және бал қорларымыз бар!» — деп өтінгендіктен Ысмағұл бұларды басқалармен бірге өлтірген жоқ.
Jere Kaz 41:9  Ысмағұл өліктерге толтырған осы үлкен су қоймасын баяғыда Яһуда патшасы Аса Солтүстік Исраил патшасы Бағасаға қарсы құрған бекіністердің бірі ретінде қаздырған еді. Ал енді Нетаниях ұлы Ысмағұл сол су қоймасын өліктермен толтырып тастады.
Jere Kaz 41:10  Ысмағұл Миспадағы патшаның қыздары мен халықтың қалған адамдарын тұтқынға алды. Солардың бәрін бабылдық ұландар әміршісі Набузар-Адан Ахиқам ұлы Ғодалияхтың қарауына тапсырып кеткен болатын. Ысмағұл оларды ертіп алып, аммондықтарға (Иорданның арғы жағына) өтпек болып, жолға шықты.
Jere Kaz 41:11  Бірақ Қареях ұлы Жоханан мен оның қасындағы барлық жасақ басшылары Нетаниях ұлы Ысмағұлдың жасаған ауыр қылмысы туралы түгелдей естіді.
Jere Kaz 41:12  Олар өздерінің бар адамдарын жинап алып, Ысмағұлмен шайқасуға аттанып, оны Гибеондағы үлкен тоғанның маңында қуып жетті.
Jere Kaz 41:13  Миспада Ысмағұл тұтқынға алған халықтың бәрі Қареях ұлы Жоханан мен оның қасындағы жасақ басшыларын көргенде, қатты қуанды.
Jere Kaz 41:14  Олар Ысмағұлдан кері бұрылып, Қареях ұлы Жохананның жағына шықты.
Jere Kaz 41:15  Ал Ысмағұлдың өзі сегіз сыбайласымен бірге Жохананнан қашып, аммондықтарға жетті.
Jere Kaz 41:16  Содан соң Қареях ұлы Жоханан және оның қасындағы жасақ басшылары Гибеонда құтқарып алған барлық халықты жинады. Олар Ысмағұл Ғодалияхты өлтіргеннен кейін Миспадан тұтқынға алған адамдар: жасақшылар, әйелдер мен балалар және сарай қызметкерлері еді. Жоханан барлығын ертіп алып жолға шықты.
Jere Kaz 41:17  Көш біраз жүріп, Бетлехемнің маңындағы Қимхам қонысында аялдап, одан әрі Мысыр еліне қарай бет алды.
Jere Kaz 41:18  Олар халдейлерден қорықты. Өйткені Ысмағұлдың Бабыл патшасы елдің әкімі етіп тағайындаған Ғодалияхты өлтіргенін халдейлер естігенде келіп, сол үшін бізді жазалайды деп қауіптенді.
Chapter 42
Jere Kaz 42:1  Содан Қареях ұлы Жоханан, Хошаях ұлы Езаниях және басқа жасақ басшыларының бәрі үлкенді-кішілі бүкіл халықпен бірге
Jere Kaz 42:2  Еремия пайғамбардың алдына келіп, былай деді:— Біздің өтінішімізді тыңдап, елде қалған бәріміз үшін Құдайыңыз Жаратқан Иеге сиынып арашалық дұға ете көріңіз! Бұрын біз көп едік, енді өзіңіз көріп отырғаныңыздай азғантай ғана қалдық.
Jere Kaz 42:3  Қай жолмен жүруіміз керек, не істеуіміз керек, соны бізге Құдайыңыз Жаратқан Ие көрсете көрсін. —
Jere Kaz 42:4  Еремия пайғамбар оларға былай деді:— Айтқандарыңды естідім. Әрине, мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иеге сиынып өздерің үшін арашалық дұға ете беремін. Жаратқан Ие маған қандай жауап берсе де, оны сендерге ештеңесін бүкпей жеткіземін! —
Jere Kaz 42:5  Олар Еремияға:— Егер Құдайыңыз Жаратқан Иенің бізге сіз арқылы жіберген бүкіл бұйрығы бойынша істемесек, онда Жаратқан Ие бізге қарсы сенімді де шыншыл куә болсын!
Jere Kaz 42:6  Біз сізді жіберіп отырған Құдай Иеміздің тапсырғаны бізге ұнаса да, ұнамаса да, өзімізге игі болуы үшін Құдайымыз Жаратқан Иенің айтқандарына құлақ асатын боламыз! — деп уәде берді.
Jere Kaz 42:7  Он күн өткен соң Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнады.
Jere Kaz 42:8  Сонда Еремия Қареях ұлы Жохананды, оның қасындағы басқа жасақ басшыларының бәрін және үлкенді-кішілі бүкіл халықты шақырып алып,
Jere Kaz 42:9  оларға былай деді:— Мені Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге өз өтініштеріңді айтып жіберген едіңдер. Ол мынаны айтады:
Jere Kaz 42:10  Егер осы елде қалатын болсаңдар, Мен сендерді құртпаймын, керісінше, тұрғызып өркендетемін, жұлып тастамаймын, керісінше, қайтадан егіп отырғызамын. Өйткені Мен сендерге жіберген зор апат жайлы райымнан қайтамын.
Jere Kaz 42:11  Бабыл патшасынан қатты қорқасыңдар, ал Жаратқан Ие өздеріңе мынаны айтады: Одан қорықпаңдар! Мен сендермен бірге жүріп жар боламын! Сендерді оның қолынан құтқарып, аман алып қаламын!
Jere Kaz 42:12  Мен сендерге рақымды болғандықтан ол да өздеріңе рақым көрсетіп, жерлеріңе қайтуларыңа рұқсат береді.
Jere Kaz 42:13  Сендер «Біз осы елде қалмаймыз!» деп, Құдайларың Жаратқан Иеге мойынсұнудан бас тартпаңдар!
Jere Kaz 42:14  «Керісінше, Мысырға барып, сонда қоныстанамыз. Сол жерде соғысты көрмейміз, шайқасқа шақырған керней үнін естімейміз, аштықтан да өлмейміз!» деп тұрып алмаңдар!
Jere Kaz 42:15  Ал егер бәрібір осылай істесеңдер, онда сол туралы Жаратқан Иенің не айтқанын тыңдаңдар, уа, Яһуданың елде қалған жұрты! Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Егер Мысырға барып, сонда қоныстанатын болсаңдар,
Jere Kaz 42:16  онда өздерің қорқатын семсер сендерді сол жақта да тауып алады және өздерің қорқатын ашаршылық та сендердің соңдарыңнан Мысырға жетіп, сол жақта аштан қырыласыңдар.
Jere Kaz 42:17  Мысырды мекен ету үшін бет алғандар ол жерде семсер, ашаршылық не індеттен құритын болады. Мен бастарына түсіретін пәледен олардың ешқайсысы аман да қалмайды, қашып құтыла да алмайды.
Jere Kaz 42:18  Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, тағы мынаны айтады: Менің қаһарым Иерусалим тұрғындарына төгілгендей, Мысырға көшкен кездеріңде сендерге де төгіледі. Сендер қарғалып, қорқынышты көрініске айналып, масқара мен мазаққа ұшырайсыңдар. Ал осы жерді сендер енді қайтып көрмейтін боласыңдар.
Jere Kaz 42:19  Уа, Яһуданың елде қалған адамдары! Жаратқан Ие сендерге мынаны айтқан еді: «Мысырға бармаңдар!» Мен бүгін өздеріңе жасаған осы ескертуді көңілдеріңе жақсылап тоқып алыңдар!
Jere Kaz 42:20  Маған: «Құдайымыз Жаратқан Иеге біз үшін арашалық дұға етсеңізші! Оның бізге арнап айтқандарын толықтай жеткізіңіз, біз соны орындаймыз!» дегендеріңде де екіжүзділік жасап ғаламат қате жібердіңдер.
Jere Kaz 42:21  Себебі не істеуге тиіс болғандарың туралы Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарын сендерге бүгін жеткіздім. Бірақ өткен кездерде істегендерің іспетті, Оның мен арқылы жіберген хабарына бәрібір мойынсұнған жоқсыңдар.
Jere Kaz 42:22  Сондықтан мынаны біліп қойыңдар: Сендер қоныстанғыларың келетін Мысыр елінде семсер, ашаршылық не індеттен құритын боласыңдар!
Chapter 43
Jere Kaz 43:1  Еремия бүкіл халыққа олардың Құдайы Жаратқан Иенің айтқан осы сөздерді түгелдей жеткізді. Себебі Жаратқан Ие оған бұл хабардың бәрін соларға жариялауды тапсырған еді.
Jere Kaz 43:2  Сонда Хошаях ұлы Азариях, Қареях ұлы Жоханан және барлық басқа өркөкірек адамдар Еремияға қарсы шығып былай деді:— Жоқ, өтірік айтып тұрсыз! Құдайымыз Жаратқан Ие сізге: «Мысырға бармаңдар, сол жақта келімсек болып тұрмаңдар!» дегенді бізге арнап айтқызған жоқ!
Jere Kaz 43:3  Расында Нириях ұлы Барух сізді бізге қарсы арандатып отыр. Ол бізді өлтірту үшін немесе Бабылға айдап әкеттіру үшін халдейлердің қолына тапсырмақшы.
Jere Kaz 43:4  Осылайша Қареях ұлы Жоханан, барлық басқа жасақ басшылары және бүкіл халық Жаратқан Иенің Яһуда елінде қалыңдар деген сөзіне мойынсұнған жоқ.
Jere Kaz 43:5  Керісінше, өлімнен аман қалып, қашып кеткен басқа халықтардың арасынан Яһуда еліне тұруға қайтып келген яһудилердің барлығын Қареях ұлы Жоханан және басқа жасақ басшылары ертіп алып кетті.
Jere Kaz 43:6  Олар, сондай-ақ, бабылдық әмірші Набузар-Адан Ахиқам ұлы Ғодалияхтың қасына қалдырған халықты: барлық ер адамдар мен әйелдерді, балалар мен патшаның қыздарын және Еремия пайғамбар мен Нириях ұлы Барухты да өздеріне ілестіріп әкетті.
Jere Kaz 43:7  Олар Жаратқан Иенің бұйрығына мойынсұнбай, Мысырға кетіп, Тахпанхес қаласына жетті.
Jere Kaz 43:8  Сол қалада Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 43:9  «Бірнеше үлкен тас алып кел де, оларды жиналып тұрған яһудалық елдестеріңнің көз алдында перғауын түсетін сарайдың алдындағы кіреберісінің жанындағы кірпішпен бекітілген сатылы беткейдің астына көміп таста!
Jere Kaz 43:10  Жиналғандарға былай де: Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Мен Өзіме қызмет етуші Бабыл патшасы Набуходоносорды осында алдыртып, оның патшалық тағын осы жерде көмулі жатқан тастардың үстіне орнатамын. Бабыл патшасы солардың үстіне өзінің шатырын тігетін болады.
Jere Kaz 43:11  Ол аттанып келгенде Мысырға шабуыл жасайды. Сонда індеттен өлуге бұйырылғандар індетке, жер аударылуға бұйырылғандар жер аударылуға, семсерге бұйырылғандар семсерге тапсырылатын болады.
Jere Kaz 43:12  Мен сол Бабыл патшасы арқылы Мысырдың тәңірсымақтарының ғибадатханаларына от қоямын. Патша солардың мүсіндерін не өртеп жібереді, не тұтқындап әкетеді. Қойшының шапанын жамылып алатынындай, ол Мысыр елін қыспаққа алады. Ақырында сол жақтан аман-есен шығады.
Jere Kaz 43:13  Ол жалған тәңірге бағышталып, Мысыр еліндегі Бет-Шемеште орнатылған тас бағаналарды сындырып, Мысырдың басқа да тәңірсымақтарының ғибадатханаларын өртеп жібереді».
Chapter 44
Jere Kaz 44:1  Кейінірек Жаратқан Ие Еремияға Мысыр елінің Миғдол, Тахпанхес және Мемфис қалаларында және оңтүстік Мысырда тұратын яһудилер туралы сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 44:2  — Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Менің Иерусалимге және Яһуданың күллі қалаларына жіберген апатымды өздерің көрдіңдер. Олар, міне, қазір қирап, қаңырап бос жатыр.
Jere Kaz 44:3  Мұның себебі — халық зұлым істер істеп, өздері де, ата-бабалары да танып-білмеген бөгде тәңірлерге табынып, оларға құрбандық шалып, хош иісті заттарды түтетіп ұсыну арқылы қаһарымды туғызған еді.
Jere Kaz 44:4  Сендерге қайта-қайта Өзіме қызмет ететін пайғамбарларымды жіберіп, оларға: «Мен жек көретін сол жиренішті қылықтарды істемеңдерші!» — деп айтқызған едім.
Jere Kaz 44:5  Бірақ халық тыңдаған да жоқ, назар да аударған жоқ. Олар зұлымдық жасауларын тоқтатпай, бөгде тәңірлерге құрбандық шалып, хош иісті заттарды түтетіп ұсынуларын жалғастыра берді.
Jere Kaz 44:6  Сол себепті Менің лап еткен қаһарым Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің көшелеріне төгіліп, оларды қазіргі қирап, қаңырап бос жатқан күйлеріне айналдырды.
Jere Kaz 44:7  Ал енді Исраилдің Құдайы, Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие, мынаны айтады: Неге өздеріңе-өздерің соншама зор апатты төндіресіңдер? Сендер өз істеріңмен Яһудадан келген әйелдер мен ер адамдарды, балалар мен нәрестелерді бірде-біреуін тірі қалдырмай қырғынға ұшыратасыңдар!
Jere Kaz 44:8  Неге сендер өз қолдарыңмен жасаған мүсіндерге табынасыңдар? Неліктен өздерің мекендеуге келген осы Мысыр елінің бөгде тәңірлеріне құрбандық шалып, хош иісті заттар түтетіп, Менің ашуымды шақырасыңдар? Сендер сол арқылы өздеріңді-өздерің құртасыңдар! Содан жер бетіндегі барлық халықтар сендерді қарғап, мазақтайтын болады.
Jere Kaz 44:9  Өз ата-бабаларың, Яһуданың патшалары және олардың әйелдері жасаған зұлымдықтарын, әрі өздерің мен әйелдерің Яһуда елінде және Иерусалимнің көшелерінде жасаған зұлымдықтарыңды ұмытып кеттіңдер ме?
Jere Kaz 44:10  Күні бүгінге дейін осы халық күнәларына өкініп, Мені терең қастерлеген жоқ! Мен өздеріне және ата-бабаларына тапсырған Таурат заңыма әрі ережелеріме олар бағынған жоқ.
Jere Kaz 44:11  Сондықтан Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Сендерге пәле жіберіп, Мысырдағы яһудалықтардың бәрін толығымен құртуды шештім!
Jere Kaz 44:12  Иә, Мен Яһуда халқының елде қалып, енді Мысырға көшіп келіп, осында тұруға бет алған адамдарын құртамын! Олар не семсерден қырылып, не аштан өліп бәрі де Мысырда құриды. Үлкенді-кішілі барлығы да семсерден немесе ашаршылықтан қаза табады. Олар қарғалып, қорқынышты көрініске айналып, масқара мен мазаққа ұшырайды.
Jere Kaz 44:13  Мен Иерусалимді жазалағандай, Мысырдағы яһудилерді де семсер, ашаршылық және індетпен жазалаймын.
Jere Kaz 44:14  Яһудада тірі қалып, Мысырға көшіп кеткендер өз еліне қайта оралып, тұруға қаншама аңсап ұмтылғанмен, ешқайсысы да апаттан бас сауғалап аман қалмайды. Тек біразырақ босқындардан басқа, ешкім де Яһудаға оралмайды.
Jere Kaz 44:15  Сонда әйелдерінің бөгде тәңірлерге хош иісті заттар түтетіп ұсынып жүргенін білетін барлық ер адамдар мен сонда тұрған барша әйелдер Еремияға жауап берді. Солтүстік пен оңтүстік Мысырдан жиналып келген яһудилердің осы үлкен жамағаты пайғамбарға былай деді:
Jere Kaz 44:16  — Жаратқан Иенің атынан айтқан бұл сөзіңе құлақ асайын деп жатқан жоқпыз!
Jere Kaz 44:17  Біз істеуге ант бергеніміздің бәрін міндетті түрде істей береміз: бұрын өзіміз, ата-бабаларымыз және патшаларымыз бен әміршілеріміз Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің көшелерінде істегеніміздей, бұдан былай да «Аспан патшайымына» арнап хош иісті заттар түтетіп, сұйық тартуларын құйып ұсына бермекпіз. Өйткені соны істеп жүрген кезімізде бізде тамақ мол, жағдайымыз жақсы болып, еш жамандық көрмеген едік.
Jere Kaz 44:18  Ал «Аспан патшайымына» хош иісті заттар түтетіп, сұйық тартулар ұсынуды қойғаннан бері біз жоқшылық көріп, семсер мен аштықтан қырылудамыз.
Jere Kaz 44:19  Әйелдер тағы былай деп қосты:— Біздің «Аспан патшайымына» арнап хош иісті заттар түтетіп, сұйық тартуларды құйып ұсынып, оның бейнесімен күлшелер пісіргенімізді күйеулеріміз біліп, рұқсат берген жоқ дейсіз бе?
Jere Kaz 44:20  Сонда Еремия өзіне осындай жауап қайтарған бүкіл халыққа, барлық ер адамдар мен әйелдерге былай деді:
Jere Kaz 44:21  — Яһуда елінің қалалары мен Иерусалимнің көшелерінде өздерің мен ата-бабаларың, патшаларың мен әміршілерің және елдің бүкіл халқы жалған тәңірлерге түтетіп ұсынған хош иісті заттарың туралы Жаратқан Ие есінде сақтап, назарында ұстамайтын ба еді?
Jere Kaz 44:22  Жаратқан Иенің сендердің зұлым әрі жексұрын іс-әрекеттеріңе деген шыдамы шегіне жеткен еді. Сондықтан елдерің қарғалып, қорқынышты да масқара көрініске айналып, қазіргідей қаңырап бос қалды.
Jere Kaz 44:23  Сендер бөгде тәңірлерге хош иісті заттар түтетіп ұсынып Жаратқан Иеге қарсы күнә жасадыңдар. Оның даусына құлақ аспадыңдар, Оның Таурат заңына, ережелері мен бұйрықтарына бағынған жоқсыңдар. Мына апаттардың бастарыңа келуі де дәл сол себептен.
Jere Kaz 44:24  Бұдан кейін Еремия бүкіл халыққа, әсіресе, араларындағы барлық әйелдерге арнап былай деді:— Уа, Мысырда тұрып жатқан күллі яһудилер, Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар!
Jere Kaz 44:25  Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Сендер әйелдеріңмен бірге «Аспан патшайымына арнап хош иісті заттар түтетіп, сұйық тартулар ұсыну жайлы берген уәделерімізді міндетті түрде жүзеге асыра береміз!» деп сөзбен айтып, істеріңмен дәлелдедіңдер. Мейлі, сол уәделеріңді орындап, берген анттарыңды жүзеге асырыңдар!
Jere Kaz 44:26  Алайда Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар, уа, Мысырда тұрып жатқан күллі яһудилер! Жаратқан Ие мынаны айтады: Өзімнің ұлы атыммен былай деп ант етемін: Бүкіл Мысыр еліндегі бірде-бір яһудалық адам енді қайтып Менің атымды атап не мінажат етпейтін, не «мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Иенің атымен» ант бермейтін болады!
Jere Kaz 44:27  Мен енді оларға жақсылық емес, жамандық істеуді қырағы қадағалаймын. Мысырдағы яһудилер құрып біткенше семсер мен ашаршылықтан қырылады.
Jere Kaz 44:28  Осылайша семсерден аман қалып, Мысырдан Яһудаға қайта оралатындардың саны өте аз болады. Сонда Яһудадан Мысырға көшіп келген халықтың тірі қалғандарының бәрі кімнің сөзінің дұрыс болғанына: Менің бе, әлде өздерінің бе, соған көз жеткізетін болады.
Jere Kaz 44:29  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Менің сендерді осы елде міндетті түрде жазалайтындығымның, сендерге жамандық істеймін деген сөздерімді жүзеге асыратындығымның белгісі мынау болады:
Jere Kaz 44:30  Мен Яһуда патшасы Седекияхты оның жанын алмақ болған жауы — Бабыл патшасы Набуходоносордың қолына тапсырғанмын. Сол сияқты енді Мысыр патшасы Хофра перғауынды да оның жанын алмақ болған жауларының қолына тапсырамын! — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Chapter 45
Jere Kaz 45:1  Яһуда еліне Жосия ұлы Жохақым патшалық құрған төртінші жылы Еремия пайғамбардың аузынан шыққан сөздерді Нириях ұлы Барух шиыршық кітапқа жазып қойған соң, Еремия оған былай деді:
Jere Kaz 45:2  — Уа, Барух, Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие саған мынаны айтады:
Jere Kaz 45:3  Сен «О, қасірет! Сорлы басым-ай! Жаратқан Ие менің көрген азабымның үстіне тағы қасірет қосты. Күрсіне бергеннен шаршадым, маған еш тыныштық жоқ!» дейсің.
Jere Kaz 45:4  Барух, Жаратқан Ие саған мынаны айтады: Мен бүкіл ел бойынша Өзімнің тұрғызғанымды қиратып бұзып, егіп отырғызғанымды түп-тамырымен жұлып ойсыратамын.
Jere Kaz 45:5  Осылай бола тұра, сен өзің үшін ұлы нәрселерге қол жеткізуге ұмтыласың ба? Солай істеме! Мен бүкіл адамзатқа апат жіберемін. Алайда Мен сені қайда барсаң да, тірі қалдырып, өз жаныңды өзіңе олжа етемін. Мен, Жаратқан Ие осыған уәде беремін!
Chapter 46
Jere Kaz 46:1  Мұнда Жаратқан Иенің басқа халықтар жайлы Еремияға арнаған сөздері берілген.
Jere Kaz 46:2  Мысыр елі туралы мына сөз Мысыр патшасы Нехо перғауынның әскері жөнінде айтылды. Сол кезде бұл әскер Евфрат өзенінің жағасындағы Қаркеміш қаласының маңында тұрақтаған еді. Олар Жосия ұлы Жохақым Яһуда еліне патшалық құрған төртінші жылы сол төңіректе болған шайқаста Бабыл патшасы Набуходоносордың әскерінен жеңіліп қалды.
Jere Kaz 46:3  — Үлкен және кіші қалқандарыңды дайындап, шайқасқа шығыңдар!
Jere Kaz 46:4  Аттарыңды ерттеп, тұлпарларыңа мініңдер! Дулыға киіп, сапқа тұрыңдар! Найзаларыңды үшкірлеп, сауыттарыңды киіңдер!
Jere Kaz 46:5  Ал Мен не көріп тұрмын? Мысырдың жасақшылары қорқып, шегініп, батырлары да жеңіліп, алды-арттарына қарамай қашып бара жатыр. Айналдыра бәрі де қорқыныш! — дейді Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 46:6  Тіпті желаяқтары да қашып құтылып, күштілері де сытылып кете алмайды. Олардың барлығы да солтүстіктегі Евфрат өзенінің бойында сүрініп, құлап жатыр.
Jere Kaz 46:7  Суы бүкіл елге жайылып, Ніл өзеніндей асып-тасып жатқан кім бұл?
Jere Kaz 46:8  Мысырдың әскері Ніл өзеніндей асып-тасып, толқындары асау ағындай бұлқынады. Ол мақтанып:— Мен тасып, бүкіл жер бетін жабамын, әрбір қаланы тұрғындарымен қоса қырып тастаймын! — дейді.
Jere Kaz 46:9  — Мейлі, аттарыңмен алға басыңдар, күймелеріңмен жойқын шабуыл жасаңдар, уа, батырлар! Уа, қалқан ұстайтын құштық және пұттық жасақшылар, әрі жебені алып, садақты тартатын лудтық сарбаздар, сендер де алға басыңдар!
Jere Kaz 46:10  Алайда осы күн — Әлемнің Әміршісі Жаратқан Иеге тиесілі күн! Ол сол күні өз жауларын қатаңдықпен соттап, оларға лайықты жазаларын тартқызады. Семсер тойғанша, шөлін қанға қандырып болғанша жалмай беретін болады. Өйткені Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие сол жауларды солтүстіктегі жерде Евфрат өзенінің бойында құрбандық шалғандай қырып тастайды.
Jere Kaz 46:11  Дәрі май іздеп, Ғилақад қыраттарына шық, уа, сорлы Мысыр халқы! Дәрілеріңнің санын көбейтіп қолдана бергеніңнен еш пайда болмайды, сен бәрібір айықпайсың.
Jere Kaz 46:12  Басқа ұлттар сенің масқараң туралы біліп алып, жан айқайың барша жерде естілуде. Қашып жатқан жасақшыларың бір-бірімен соқтығысып, екеуі де бірдей құлап түседі.
Jere Kaz 46:13  Жаратқан Ие Бабыл патшасы Набуходоносордың болашақта Мысыр елін шабуылдайтыны туралы Еремия пайғамбарға сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 46:14  — Бүкіл Мысыр елі бойынша жар салып, Миғдолда айтыңдар, Мемфис пен Тахпанхесте де мынаны жариялаңдар: Айналаларыңдағы бар халықтарды семсер жалмап жатыр. Сондықтан шепке тұрып, дайындалыңдар!
Jere Kaz 46:15  Мықты жасақшыларың неліктен жеңіліп, құлайды? Өйткені Мен, Жаратқан Ие, итеріп жібергендіктен олар тұра алмайды.
Jere Kaz 46:16  Мен оларды сүріндіремін. Олар (асыға қашып) бір-бірімен соқтығысып құлап, өзара: «Тұр, зорлықшыл жаудың семсерінен қашып құтылайық! Әрқайсымыз өз халқымызға, өз туған елімізге қайтайық!» — дейтін болады.
Jere Kaz 46:17  Елдеріне қайтқан соң олар былай деп айқайлайды: «Мысыр патшасы перғауын у-шу шығарған мақтаншақ. Алайда ол өзіне қолайлы сәтті пайдалана білмеді».
Jere Kaz 46:18  Есімі «Әлемнің Иесі» деген мәңгі тірі Патша өз атымен ант етеді:— Бір жеңімпаз қолбасшы мұнда келе жатыр. Таулардың арасында Табор тауы әрі теңіз жағасындағы Қармил тауы алып та айбынды екеніндей, ол да бәрінен мықты да айбынды болады.
Jere Kaz 46:19  Әй, Мысырдың бейшара тұрғындары, буынып-түйініп, жер аударылуға дайындалыңдар! Өйткені Мемфис қаласы өртеніп қиратылып, қаңырап бос қалады!
Jere Kaz 46:20  Мысыр әдемі тана сияқты. Ал солтүстіктен құжынаған бөгелектер іспетті жау қаптап келе жатыр.
Jere Kaz 46:21  Тіпті Мысырдың жалдамалы жауынгерлері бордақыланған тайыншадай шайқасқа жарамайтын болады. Олар да бұрылып, бәрі бірдей қаша жөнеледі. Жазаларын тартып құритын күндері келгенде олар берік тұра алмайды.
Jere Kaz 46:22  Жау таяп келе жатқандықтан Мысыр жылан сияқты ысылдап қаша жөнеледі. Жаулары оған қарсы ағаш шабатын адамдардай балта ұстап келетін болады.
Jere Kaz 46:23  Мысырдың халқы ну ормандай көп болса да, жау оларды шауып тастайды, — деп нық айтады Жаратқан Ие. — Өйткені жаудың жасақшылары тіпті шегірткелерден де көп, олардың санын есептеп шығуға болмайды.
Jere Kaz 46:24  Сонда Мысыр елі масқара болып, солтүстіктен келген халықтың қолына түседі.
Jere Kaz 46:25  Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, тағы мынаны айтады:Біліп қойыңдар, Мен Но қаласының тәңірсымағы Амонды және Мысырдың барлық басқа тәңірсымақтарын, оның билеушілерін, перғауынды және оған сенімдерін артатындарды жазалайтын боламын!
Jere Kaz 46:26  Оларды жандарын алмақ болған Бабыл патшасы Набуходоносор мен оның нөкерлерінің қолдарына тапсырамын. Алайда кейінірек Мысыр қайтадан ежелгі замандағыдай халқы көп ел болады. — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Jere Kaz 46:27  — Ал сен, қызметшім Жақып, қорықпа! Үрейленбе, уа, Исраил халқы! Біліп ал: Мен сені шалғай жерлерден, ұрпақтарыңды да тұтқында жүрген елдерінен құтқарып алып келемін. Сонда Жақыптың үрім-бұтағы елге қайта оралып, аман-есен өмір сүреді. Ешкім де оларға қоқан-лоқы жасамайтын болады.
Jere Kaz 46:28  Қорықпа, уа, қызметшім Жақып, — дейді Жаратқан Ие. — Себебі Мен саған жар боламын. Сені араларына айдатып жіберген халықтарды құртып жоқ қыламын, бірақ өзіңді құртпаймын. Алайда сені мүлдем жазасыз қалдырмай, әділдікпен жазалап тәрбиелеймін.
Chapter 47
Jere Kaz 47:1  Мұнда Жаратқан Иенің філістірлер туралы Еремия пайғамбарға арнаған сөзі берілген. Сол кезде перғауын Газа қаласын әлі жаулап алмаған болатын.
Jere Kaz 47:2  — Жаратқан Ие мынаны айтады: Қараңдар, солтүстіктен жау топан судай ағылып келе жатыр. Олар асып-тасыған дариядай бүкіл елге жайылып, ондағы қалаларды тұрғындарымен қоса басып тастайды. Адамдар айқайлап, елде тұратындардың бәрі қиналып жыламақ.
Jere Kaz 47:3  Себебі жаудың атты әскері мен соғыс күймелерінің қатты дүрсілі естілмек. Әкелер әбден үрейленіп, қолдары сал болып, тіпті балаларын құтқару үшін бұрылып та қарамайды.
Jere Kaz 47:4  Тир мен Сидон елдерін ешкімнің қолдай алмауы үшін філістірлердің көздерін жоятын уақыт келді. Жаратқан Ие ежелде Крит аралының жағалауынан келіп, қоныстанған осы халықтың тірі қалғандарын құртуға шешім қабылдады.
Jere Kaz 47:5  Газа қаласы қирап, Ашқалон да үйіндіге айналады. Уа, жағалаудағы жазық даланың тірі қалған тұрғындары, қашанға дейін қайғырып терілеріңді тілгілеп жарақаттамақсыңдар?
Jere Kaz 47:6  «Әй, Жаратқан Иенің семсері, қашанға дейін тыным таппайсың? Қынабыңа қайта оралып, дамылдап, тынышталсаң екен!»
Jere Kaz 47:7  Бірақ егер Жаратқан Ие оған Ашқалонды және теңіздің жағалауын шабуылдауды бұйырған болса, ол қалайша тыным табады?
Chapter 48
Jere Kaz 48:1  Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, Моаб туралы мынаны айтады:— Небо қаласы қасіретке қалады! Ол қирап бос қалады. Кириятаим да қолға түсіп, қор болады. Жартастағы сол бекініс масқара болып, күйрейді.
Jere Kaz 48:2  Осылай Моаб өз даңқынан жұрдай болады. Жаулары Хешебонда оған қарсы жамандық ойластырып: «Жүріңдер, оны мүлдем жойып, ел болудан қалдырайық!» — десті. Сен де, уа, Мадмен қаласы, үнсіз қатып қаласың, семсер сенің соңыңнан қалмайды.
Jere Kaz 48:3  Хоронаимнан да талқандалу мен ғаламат қираудың шуы шықпақ.
Jere Kaz 48:4  Осылайша Моаб елі құрып, оның балалары зар еңіреп айқай салады.
Jere Kaz 48:5  Босқындары да жылап, Лухит асуына қарай өрлейді. Кейін Хоронаимға ылдилап баратын жолда да бейшара адамдардың өз елдерінің қирағанына үрейлене айқайлаған дауыстары естіліп жатпақ.
Jere Kaz 48:6  Қашыңдар! Бас сауғалаңдар! Құла түздегі жыңғылдай болып жасырыныңдар!
Jere Kaz 48:7  Өз жетістіктерің мен байлығыңа сенген едің. Енді сен де тұтқынға түсіп, жалған тәңірің Хамос та өзінің абыздарымен және әміршілерімен бірге жер аударылып кетеді.
Jere Kaz 48:8  Жау әрбір қаланы талан-таражға салады. Аңғарда болсын, жон далада болсын, ешбір қала аман қалмайды. Барлығы Жаратқан Иенің айтқанындай болады.
Jere Kaz 48:9  Моаб халқына ұшып құтылып кету үшін қанат берсеңдерші! Өйткені оның қалалары күйреп, бірде-бір жан тұрмай қаңырап бос қалады.
Jere Kaz 48:10  Жаратқан Иенің өзіне жүктеген тапсырмасын салақ орындаған қарғысқа ұшырайды. Семсерімен жауларының қанын төгуден жалтарған да қарғысқа ұшырайды!
Jere Kaz 48:11  Моаб жастық шағынан-ақ тыныш өмір сүріп келді, ол қуғын-сүргін атаулыны мүлдем көрген емес. Ол дайын болғаннан кейін бірде-бір рет басқа ыдысқа құйылмай, ашытқының үстінде сақталған шарапқа ұқсайды. Сондықтан ол өзінің иісі мен дәмін жақсы сақтап келеді.
Jere Kaz 48:12  Бірақ Жаратқан Ие мынаны айтады: Болашақта Мен оған сусынын төгетін адамдарды жіберемін. Олар келіп, Моабтың ыдыстарын төңкеріп босатып, қыш құмыраларын соғып сындырмақ.
Jere Kaz 48:13  Сонда Солтүстік Исраил халқының Бетелдегі жалған тәңірге сенімдерін артқандықтан масқара болғанындай, Моаб та дәл солай Хамосқа сүйенгендіктен масқара болады.
Jere Kaz 48:14  Өздеріңді: «Соғысқа әбден жаттыққан нағыз жауынгер, батыл адамдармыз!» деп қалай ғана айтасыңдар?
Jere Kaz 48:15  Әй, Моаб, сенің қалаларың жау қолына түсіп, адамдарың толықтай құриды. Бетке ұстар жас жігіттерің қой іспетті бауыздалады! — Есімі «Әлемнің Иесі» деген Патша осыны нық айтады.
Jere Kaz 48:16  Моабтың қирауы таяп қалды! Оның басына апат тез түседі!
Jere Kaz 48:17  Уа, айналасындағы халықтар, ол үшін қайғырыңдар! Моабтың атақ-даңқы туралы білетіндер: «Оның салтанатты билігінің қирағанын-ай!» деп, оны жылап жоқтаңдар!
Jere Kaz 48:18  Енді салтанаттарыңнан бас тартып, тақырға отырыңдар, ей, Дибон қаласының тұрғындары! Өйткені Моабты құртатын қолбасшы сендерге қарсы аттанып келіп, бекінген қорғандарыңды қиратып талқандамақ.
Jere Kaz 48:19  Арогердің тұрғындары, сендер де жол бойына шығып, сытылып, қашып келе жатқан әйелдер мен ер адамдардан: «Не болып жатыр?» — деп сұраңдар.
Jere Kaz 48:20  Олар: «Моаб ойрандалып, масқара болды. Айқайлап жылаңдар, Арнон өзенінің бойында Моабтың ойрандалғаны туралы жар салыңдар! — дейтін болады. —
Jere Kaz 48:21  Жон даладағы барлық қалаларға да үкім шығарылып, олар жермен-жексен болды: Холон, Жахса және Мефағат,
Jere Kaz 48:22  Дибон, Небо және Бет-Диблатаим,
Jere Kaz 48:23  Кириятаим, Бет-Ғамул және Бет-Меон,
Jere Kaz 48:24  Кериот пен Бесер — Моабтың алыс-жақын барлық қалалары».
Jere Kaz 48:25  Моабтың құдіреті күйреп, оның билік жүргізетін қолы сынды, — деп нық айтады Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 48:26  Моаб паңданып, Жаратқан Иеге қарсы бас көтергендіктен енді (Оның қаһарынан) мас адамдай теңселіп, жерге құласын, содан өз құсығында аунап жатсын. Ол да көрінгеннің мазағына айналсын.
Jere Kaz 48:27  Уа, Моаб халқы, сендер де Исраилді мазақ қылмап па едіңдер? Ол туралы айтқан сайын мысқылдап бас шайқайтындай, Исраил халқы қарақшылардың арасында (ұрлық жасап жатқан жерінде) қолға түсті деп ойлайсыңдар ма?
Jere Kaz 48:28  Енді өз қалаларыңды тастап, құз-жартастарды мекендеңдер, Моабтың тұрғындары! Ұясын үңгірдің аузына салатын көгершін сияқты оңаша жерге бас сауғалаңдар!
Jere Kaz 48:29  Біз Моабтың ерен тәкаппарлығы мен өркөкіректігі, оның менмендігі мен кердеңдігі әрі керенау паңдығы туралы естігенбіз.
Jere Kaz 48:30  «Мен оның паңдығын толықтай білемін, — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Алайда онысының бәрі құр бос әңгіме. Ол көп мақтанғанмен, қолынан келетіні шамалы ғана».
Jere Kaz 48:31  Сондықтан мен Моаб үшін қайғырып, бүкіл Моаб елі үшін жоқтау айтамын. Кир-Хәрес қаласы үшін де мұңая күрсінемін.
Jere Kaz 48:32  Сибманың жүзім бұталары үшін Жазер халқы іспетті мен де қатты қайғырамын. Бұрын олардың бау-бақшалары тіпті Өлі теңізге дейін жайылып, жайқалып тұратын еді. Бірақ құртушы жау келіп, құрма, інжір, жүзім жемістерін жинап алып кетпек.
Jere Kaz 48:33  Содан Моаб елінің құнарлы бау-бақшаларында қуаныш пен шаттық мүлдем қалмайды. Сыққыш шұңқырлардан жүзім шырынын да ақпайтын қыламын. Енді қайтып ешкім қуана айқай салып жүзімді таптамайтын болады. Елде айқай әлі де естіледі, бірақ ол қуаныштың айқайы емес.
Jere Kaz 48:34  Олардың қиналған айқайы Хешебоннан Елғале мен Яхасқа, Сиғордан Хоронаим мен Үшінші-Әглатқа дейін естіледі. Тіпті Нымрим сайының суы да тартылып қалады.
Jere Kaz 48:35  «Мен Моаб еліндегі биіктеу жерлерде жалған тәңірлерге арнап құрбандық шалып, өртеп, хош иісті заттар түтету атаулыны жоямын!» — деп ескертеді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 48:36  Сол себепті жүрегім Моаб үшін, ондағы Кир-Хәрес қаласының адамдары үшін қайғылы әуен тартқан сыбызғыдай жылайды. Олар жиып-терген мол байлығынан жұрдай болды.
Jere Kaz 48:37  Олардың барлығы аза тұтып бастарын тақыр қылып, сақалдарын қырып тастайды және қолдарын тілгілеп жарақаттап, азалы киім киеді.
Jere Kaz 48:38  «Моабтың әрбір үйі мен көшесінде адамдар қайғырады. Өйткені Мен Моабты ешкімге қажеті жоқ қыш құмырадай сындырып тастадым». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Jere Kaz 48:39  Ол қалай оңбай сынады! Қалай олар күңіренеді! Масқара болған Моаб қалай бетін тасалайды! Айналасындағы барлық халықтар оны күлкі қылып, ойран болғаны үшін табалайды.
Jere Kaz 48:40  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Біліп алыңдар, жау қанатын кең жайып шүйілген бүркіт секілді Моаб еліне бас салмақ!»
Jere Kaz 48:41  Моабтың қалалары жау қолына түсіп, қорғандары да алынады. Сол күні Моабтың батырларының жүректері толғатып жатқан әйелдікіндей үрейленетін болады.
Jere Kaz 48:42  Өркөкіректеніп Жаратқан Иеге қарсы бас көтергендіктен, Моаб ел болудан қалады.
Jere Kaz 48:43  «Сені күтіп тұрғаны — қорқыныш, ор әрі тұзақ, уа, Моабтың тұрғындары! — деп ескертеді Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 48:44  Қорқыныштан қашатындар орға түседі, ал ордан өрмелеп шыққандар тұзаққа түседі. Өйткені Менің Моабты күнәлары үшін жазалайтын уақытым келді!» — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Jere Kaz 48:45  Жаудан қашқан босқындар Хешебонның көлеңкесінде күшінен жұрдай болып әрі қарай жүруге қуаты қалмайды. Хешебоннан от шықпақ, ежелгі Сихон патшасының осы қаласынан өрт лап етпек, ол Моаб елін оның қыңыр халқымен қоса өртеп жібереді.
Jere Kaz 48:46  О, Моаб, сен қасіретке қаласың! Уа, Хамосқа табынатын халық, сен ойрандалып, ұл-қыздарың тұтқынға түседі.
Jere Kaz 48:47  «Бірақ болашақта Мен Моабтың жер аударылып кеткен халқын елдеріне қайтарамын!» — деп уәде береді Жаратқан Ие.Моаб туралы айтылған айыптау сөздері осымен бітеді.
Chapter 49
Jere Kaz 49:1  Жаратқан Ие аммондықтар туралы мынаны айтады:— Исраилдің үрім-бұтағы жоқ па екен? Оның жерін мұра ететін ешкім қалған жоқ дейсіңдер ме? Жалған тәңір Молохқа табынатын сендер, ей, Аммон халқы, Исраилдің Ғад руына тиісті жерді неге иемденіп алдыңдар? Қалайша сендер Ғадтың қалаларында тұрып жатырсыңдар? —
Jere Kaz 49:2  Сондықтан Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: — Біліп алыңдар, Мен болашақта аммондықтардың астанасы Раббаға қарсы соғыстың айқай-шуын естіртемін. Рабба жермен-жексен болып, бір төбе үйіндіге айналады. Оған қарасты елді мекендер де өртеніп кетеді. Сонда Исраил халқы өз жерін тартып алған аммондықтардан оны қайтарып алады. — Жаратқан Ие осыны уәде етеді.
Jere Kaz 49:3  Зар жыла, о, Хешебон қаласы, өйткені Гай қаласы қирады! Айқайлаңдар, о, Рабба қаласының тұрғындары да! Азалы киім киіп, күңіреніңдер! Дуалдардың ішінде олай-бұлай аласұрыңдар! Жау сендер табынған Молохты абыздары және әміршілерімен бірге жер аударып әкетеді.
Jere Kaz 49:4  Өздеріңнің шұрайлы аңғарларыңмен неге мақтанасыңдар? Оларыңнан жақында жұрдай боласыңдар! Уа, опасыз Аммон халқы, сен өз байлығыңа сеніп: «Маған кім шабуыл жасай алады?!» — деп дандайсисың.
Jere Kaz 49:5  «Мен саған жан-жағыңнан қорқыныш туғызамын, — деп ескертеді Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие. — Әрбір тұрғының айдалып кетеді! Сол босқындарыңды ешкім жинап қайтарып әкелмейді».
Jere Kaz 49:6  «Алайда болашақта Мен Аммонның үрім-бұтағын өз еліне қайтарып, игілікке кенелтемін»! — Жаратқан Ие осы уәдені береді.
Jere Kaz 49:7  Әлемнің Иесі Едом туралы мынаны айтады: «Теманда даналықтың қалмағаны ма? Ондағы данышпандар ақыл-парасаттан айырылып, даналықтан құр қалған ба?
Jere Kaz 49:8  Кері бұрылып, қашыңдар, ей, Деданның тұрғындары! Терең үңгірлерге жасырыныңдар! Әйтпесе Мен Есаудың үрім-бұтағын жазалап, жермен-жексен қылғанда, сендер де соның кесірін тартып жүрерсіңдер.
Jere Kaz 49:9  Жүзім жинаушылар жүзімді жинағанда біразын қалдырып отырады. Түнде ұрылар түссе, олар сондағы дүниені өздеріне керегінше ғана ұрлап әкетеді.
Jere Kaz 49:10  Бірақ Мен Есаудың елін толығымен жалаңаштаймын. Бас сауғалайтын жерлердің бәрін ашып, сонда оған жасырынатын орын қалмайды. Күллі балалары мен бауырлары, көрші-қолаңдары қырылып, Едом халқы ғайып болады.
Jere Kaz 49:11  Жетім балаларыңды Маған қалдыр, Мен олардың жанын аман сақтаймын. Жесірлерің де Маған сенім артатын болсын!»
Jere Kaz 49:12  Жаратқан Ие мынаны айтады: «Тіпті Менің қаһарыма толы тостағаннан дәм татуға бұйырылмаған жазықсыздарға содан дәм татуға тура келсе, сен неліктен қасірет шекпеймін деп ойлайсың? Жоқ, сен де жазасыз қалмай, соның қасіретін шегетін боласың!
Jere Kaz 49:13  (Едомның астанасы) Босора қирап, елсіз бос қалып, үйіндіге айналады. Ол басқаларға қорқынышты көрініс болып, олардың келекесі мен қарғысына қалады! Оған қарасты елді мекендер де біржола қирайды, — деп өз атыммен ант етемін». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Jere Kaz 49:14  Жаратқан Иеден жеткен бір хабарды естідім, халықтардың арасына бір шабарман жіберілді. Ол: «Жиналып, аттаныңдар! Оған қарсы шайқасуға шығыңдар!» деп жариялайды. (Жаратқан Ие Едомға былай деп ескертеді:)
Jere Kaz 49:15  «Біліп қой, Мен сені ұлттардың арасында шағын әрі жұртқа елеусіз қыламын.
Jere Kaz 49:16  Басқаларға сес көрсетіп кеуде көтеріп, соған алданып кеттің. Жартастардағы қорғандарда тұрып, биік қыраттарды иемденіп келесің. Алайда тіпті ұяңды бүркіттей қияға салсаң да, бәрібір Мен сені сол жерден де құлатып түсіремін! — деп нық айтады Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 49:17  Осылай Едом елі қорқынышты көрініске айналады. Өткен-кеткен адамдардың бәрі оның қирап жатқанын көргенде аңтарыла жандары түршігіп, ысқырып табалайтын болады.
Jere Kaz 49:18  Едом елі ежелгі Содом мен Ғомора және оларға көршілес қалалар сияқты құрып, жермен-жексен болады. Онда ешкім қоныстанбайды, адам баласы оны мүлдем мекендемейді». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Jere Kaz 49:19  «Мен Иорданның бойындағы ну тоғайлардан шыға келіп, шұрайлы жайылымдағы ұсақ малға бас салатын арыстан сияқты, әп-сәтте Едомды өз жерінен қуып жіберемін. Бұл үшін Мен тағайындайтын таңдаулым кім екен? Менімен теңдес болып, Мені жауапқа тарта алатын ешкім жоқ. Маған қарсы тұра алатын ешбір бақташы да жоқ.
Jere Kaz 49:20  Сондықтан Мен, Жаратқан Ие, Едомға және ондағы Теман қаласының тұрғындарына қарсы не жоспарлағанымды тыңдаңдар: Едом халқы, тіпті олардың балалары да міндетті түрде басқа жаққа айдалып әкетіледі. Істеген қылықтарының кесірінен олардың мекендері сөзсіз қаңырап бос қалады.
Jere Kaz 49:21  Олардың құлдырағанынан жер бетіндегі халықтар дірілдейді, қиналған айқайлары тіпті Ақаба шығанағына дейін де жаңғырып естіледі.
Jere Kaz 49:22  Біліп алыңдар, жау қанатын кең жайып, шарықтап, шүйілген бүркіт секілді Босора қаласына бас салмақ. Сол күні Едомның батырларының жүректері толғатып жатқан әйелдікіндей үрейленетін болады».
Jere Kaz 49:23  Мына хабар Дамаск туралы берілген: «Хамат пен Арпад қалалары суық хабар естіп, үрейлене түңіліп отыр. Олар қорқып уайымдап, қобалжып жатқан теңіздей маза таппауда.
Jere Kaz 49:24  Дамаск әлсіреп, халқы кері бұрылып қаша жөнеледі. Ол қорыққаннан дір-дір етіп, толғатып жатқан әйелдей қиналуда.
Jere Kaz 49:25  Салтанатты, қуанышқа толы қала қалайша елсіз бос қалмақ!
Jere Kaz 49:26  Оның жас жігіттері қала көшелерінде қаза тауып, жасақшыларының бәрі сол кезде қырылып үнсіз қалады, — деп ескертеді Әлемнің Иесі. —
Jere Kaz 49:27  Мен Дамаскінің қабырғаларына от қойғызамын, сонда Бен-Хададтың сарайларын өрт жалмайтын болады».
Jere Kaz 49:28  Бабыл патшасы Набуходоносор шабуыл жасамақ болған Қидар және Хасор аймағындағы патшалықтар туралы Жаратқан Ие мынаны айтады: «Уа, Бабыл әскері, жиналып, Қидарға өрлеп аттаныңдар, шығыстағы тайпаларға бас салып, тонаңдар!
Jere Kaz 49:29  Бабыл жасақшылары бұл тайпалардың шатырлары мен малдарын тартып алып, барлық заттары мен түйелерін де әкетеді. Адамдар: «Айналдыра бәрі де қорқыныш!» деп айқайлайтын болады.
Jere Kaz 49:30  Тезірек бас сауғалап қашыңдар, ей, Хасордың тұрғындары! Терең үңгірлерге жасырыныңдар! — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Өйткені Бабыл патшасы Набуходоносор сендерге қарсы ақылдасып, жоспар құрып жатыр.
Jere Kaz 49:31  Жиналып, аттаныңдар! Бейқам, еш алаңсыз тұрып жатқан ұлтқа шабуыл жасаңдар! — дейді Жаратқан Ие. — Олар қақпалармен, ысырмалармен бекінген қалаларда емес, ашық далада оңаша тұрады.
Jere Kaz 49:32  Олардың түйелері олжа болып, отар-табын малдары да жау қолына түседі. Шалғайда тұратын сол халықты Мен желдің барлық бағыттарына шашыратып, оларға жан-жақтарынан пәлелерді қаптатамын! — дейді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 49:33  Хасор қаласы мәңгі қаңырап бос қалып, оны тек шибөрілер ғана мекендемек. Онда ешкім қоныстанбайтын, адам баласы оны мүлдем мекендемейтін болады».
Jere Kaz 49:34  Яһудаға Седекияхтың патшалық құруының бастапқы кезінде Жаратқан Ие Еремия пайғамбарға Елам елі туралы сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 49:35  — Әлемнің Иесі мынаны айтады: Біліп қойыңдар, Мен Еламның күш-қуатының негізгі көзі — оның садақшыларын құртамын!
Jere Kaz 49:36  Мен Еламға желдің барлық бағыттарынан жауларын келтіріп, оның халқын барлық жақтарға шашыратып жіберемін. Сонда Елам халқы қашып бармаған ешбір ел болмайды.
Jere Kaz 49:37  Мен Елам халқын олардың жандарын алмақ болған жауларының алдында үрейленетін қыламын. Қаһарым оларға лап етіп, бастарына апат жаудырамын, — дейді Жаратқан Ие. — Дұшпандары семсермен арттарынан қуып, оларды құртып болмайынша тынбайды.
Jere Kaz 49:38  Мен өз тағымды Еламда орнатып, оның патшалары мен әміршілерін жоямын. — Жаратқан Ие осыны нық айтады. —
Jere Kaz 49:39  Алайда болашақта Мен Елам халқын өз еліне қайтарып, игілікке кенелтемін. — Жаратқан Ие осыны уәде етеді.
Chapter 50
Jere Kaz 50:1  Жаратқан Иенің Еремия пайғамбар арқылы Бабыл қаласы мен халдейлердің елі туралы айтқан сөзі мынау:
Jere Kaz 50:2  Ұлттардың арасында мына хабарды жар салып, бәріне естіртіңдер; оны белгі беретін жалаудай көтеріп, әркімге де білдіртіңдер! Ештеңесін бүкпей жариялаңдар: «Бабыл жау қолына түседі! Оның тәңірсымағы Бел Меродах масқара болып, үрейге толады. Халық табынған тәңір мүсіндері аяқ асты болып, сындырылады.
Jere Kaz 50:3  Өйткені солтүстіктен бір ұлт аттанып келіп, Бабылдың елін ойрандайды. Сонда адам да, мал да одан қашып, Бабылды мекендейтін ешкім қалмайды.
Jere Kaz 50:4  Сол кездері Солтүстік Исраил мен Яһуданың халқы екеуі бірдей көз жастарын төгіп, Маған — өз Құдайлары Жаратқан Иеге қайтадан бет бұрып сиынады, — дейді Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 50:5  Олар Сионға апаратын жолды сұрастырып, Иерусалимге бет алмақ. Екі халықтың да адамдары айдалып кеткен жақтарынан қайтып келмек. Сонда олар ешқашан ұмытылмайтын мәңгілік Келісімнің арқасында Жаратқан Иемен тығыз байланыста тұратын болады.
Jere Kaz 50:6  Менің халқым қойлар сияқты жоғалып кетті. Бағушылары азғырып, тауда адастырып жіберген олар тау-төбелерді кезіп, өздерінің тынығатын жерін ұмытқан.
Jere Kaz 50:7  Кездестірген жауларының бәрі де оларды жалмап қойып, былай дейтін: «Біз кінәлі емеспіз, өйткені олар өздерінің тынығатын шынайы «мекені» — Жаратқан Иеге қарсы күнә жасады. Ал Ол ата-бабалары үміт артқан Жаратқан Ие ғой».
Jere Kaz 50:8  Уа, яһудалықтар, Бабылдан қашыңдар! Халдейлердің елін тастаңдар! Отарды бастап жүретін серкедей алғашқы болып сол елден кетіңдер!
Jere Kaz 50:9  Өйткені Мен солтүстік жақтан үлкен халықтардың тобын Бабылға қарсы көтеріп, алып келемін. Солар Бабылға қарсы соғысуға шеп құрып орнығып, оны басып алады. Ал атқан жебелері шайқастан олжасыз оралмайтын тәжірибелі жауынгер сияқты дәл тиетін болады.
Jere Kaz 50:10  Осылайша Бабыл тоналып, оны талан-тараж еткендер олжаға қарық болып қалады!» — деп нық айтады Жаратқан Ие.
Jere Kaz 50:11  Ей, бабылдықтар, сендер Менің меншікті халқымды талан-таражға салдыңдар. Соған мәз болып, астық бастырып, бидайға тойып алған қашардай секіректеп, айғырдай кісінеп жатырсыңдар.
Jere Kaz 50:12  Сол үшін сендердің «аналарың», Бабыл қаласы, масқараланып, халықтардың ішіндегі ең елеусізіне айналады. Сонда ол елсіз дала, қу тақыр, құла түз болып кетеді.
Jere Kaz 50:13  Менің, Жаратқан Иенің, қаһарым лап еткеннен қала қаңырап бос қалып, енді қайтып оны ешкім мекендемейді. Бабылдың маңынан өткен-кеткендердің бәрі қаланың басына түскен пәлелерді көргенде аңтарыла жандары түршігіп, ысқырып табалайтын болады.
Jere Kaz 50:14  Ей, садақшылар, Бабылды жан-жақтан қоршап алып, шабуылға дайындалып шеп құрыңдар! Оған қарай жебелеріңді аямай атқылаңдар! Өйткені Бабыл халқы Жаратқан Иеге қарсы күнә жасады.
Jere Kaz 50:15  Қалаға жан-жағынан атой салыңдар! Сонда ол беріліп, мұнаралары құлап, қамал қабырғалары опырылады. Бұл — Жаратқан Иенің жүзеге асырып жатқан әділ жазасы. Сондықтан Бабылға тиісті жазасын тартқызыңдар! Сол қала басқа халықтарды қалай қырған болса, сендер де оны солай қырыңдар.
Jere Kaz 50:16  Бабыл еліндегі егін егіп, өнімін жинайтын диқандарының көздерін құртыңдар! Бабылға жер аударылып келген әркім зорлықшыл жаудың семсерінен құтылып, өз халқына, өз жеріне қайта оралсын!
Jere Kaz 50:17  Исраил арыстандар қуып, шашырап кеткен қой отары сияқты. Оны бірінші жалмаған Ассур патшасы болған еді, ал оның сүйегін кемірген соңғысы — Бабыл патшасы Набуходоносор.
Jere Kaz 50:18  Сондықтан Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: «Біліп алыңдар, Мен Ассур патшасына жазасын тартқызғандай, Бабыл патшасын да, оның елін де дәл солай жазалаймын!
Jere Kaz 50:19  Сонда Мен Исраилді өзінің жайлы мекеніне қайтарып, ол қайтадан Қармил мен Башан тауларында жайылып, Ефрем мен Ғилақадтың қыраттары аймақтарында да тойынатын болады. —
Jere Kaz 50:20  Жаратқан Ие тағы мынаны уәде етеді: — Сол заманда Солтүстік Исраилдің айыбы мен Яһуданың күнәсі іздесе де, еш табылмай жоқ болып шығады. Өйткені Мен халқымнан тірі қалдырған адамдардың күнәларын кешіремін».
Jere Kaz 50:21  «(Бабыл еліндегі) Мератайым аймағына және Пеходтың тұрғындарына қарсы аттаныңдар! Олардың жерін қаңыратып бос қалдырып, толығымен құртыңдар! Өздеріңе айтқандарымның бәрін орындаңдар!» — Жаратқан Ие осыны бұйырады.
Jere Kaz 50:22  Бабыл елінде соғыстың және зор күйреудің у-шуы естіледі.
Jere Kaz 50:23  Бабыл бүкіл жер бетін тоқпақтаған балға іспетті талқандап келеді. Енді оның өзі шабылып, күл-талқан болады. Халықтардың арасында Бабыл қорқынышты көрініске айналмақ.
Jere Kaz 50:24  Мен саған тұзақ қойып, сен де соған түсесің, о, Бабыл. Маған, Жаратқан Иеге, қарсыласқандығыңнан өзің тұзаққа түсіп, тұтқындаласың.
Jere Kaz 50:25  Мен қару-жарақ қоймамды ашып, одан қаһарымның қаруын шығардым. Өйткені Мен, Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие, халдейлердің елінде ойыма алған бір ісімді жүзеге асырмақпын.
Jere Kaz 50:26  Бабылға қарсы ең шалғай жақтардан аттанып келіңдер! Оның астық қоймаларын ашыңдар. Үйлерін қиратып, үйілген бидай сияқты төбе-төбе қылып тастаңдар! Ешкімді қалдырмай, бәрін де жойыңдар!
Jere Kaz 50:27  Оның бұқадай мықты жасақшыларының бәрін өлтіріңдер, барлығы да бауыздалып қырылсын! Олар қасіретке қалды, өздеріне тиісті жазаны тартатын уақыттары таяп қалды.
Jere Kaz 50:28  Тыңдаңдар, Бабыл елінен бас сауғалап қашып келген босқындардың дауыстары естіліп жатыр. Олар Жаратқан Иенің Бабылды қатаңдықпен соттап, Өзінің киелі үйін қиратқаны үшін оған тиісті жазасын тартқызғаны туралы Сион шаһарында айтып жүр.
Jere Kaz 50:29  Бабылға қарсы соғысу үшін садақшыларды көптеп шақырыңдар. Оны айнала қос тігіп, қоршауға алыңдар. Ешкім одан қашып шықпасын. Оған өзінің істегендерінің қарымтасын қайтарыңдар. Өйткені ол Исраилдің киелі Құдайы Жаратқан Иеге қарсы өркөкіректеніп бас көтерді.
Jere Kaz 50:30  Сондықтан да оның жас жігіттері көшелерінде қаза тауып, барлық жасақшылары сол күні қырылып, үнсіз қалады! — деп ескертеді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 50:31  «Құлақ сал, уа, тәкаппар қала, Мен саған қарсымын, — дейді Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие. — Расында сенің үкімің шығарылып, жазаланатын уақытың жетті.
Jere Kaz 50:32  Сол тәкаппар қала сүрініп, жығылады. Оны көтеріп алатын ешкім болмайды. Мен қалаларыңа от қойып, ол айналаңдағының бәрін де өртеп жібереді!»
Jere Kaz 50:33  Әлемнің Иесі тағы мынаны айтады: «Солтүстік Исраил мен Яһуданың адамдары қаналып келеді. Тұтқындап әкеткендер оларды құлдықта ұстап, босатудан бас тартады.
Jere Kaz 50:34  Бірақ сол екі халықтың құтқарушы Қамқоршылары күшті. Оның есімі: «Әлемнің Иесі». Ол солардың мүдделерін қайсарлықпен қорғайды. Осылай Ол елдеріне тыныштық сыйлайды, ал Бабылдың тұрғындарына зобалаң жібереді.
Jere Kaz 50:35  Халдейлер семсердің жүзінен қырылатын болады! — деп жариялайды Жаратқан Ие. — Бабылдың тұрғындарына, оның әміршілері мен данышпандарына семсер төніп тұр!
Jere Kaz 50:36  Семсер Бабылдың сәуегейлеріне төнгенде солар ақылдарынан алжасып, батырларына төнгенде олар қатты қорқатын болады.
Jere Kaz 50:37  Семсер Бабыл әскерінің аттары мен соғыс күймелеріне және елдегі жат жұрттық жасақшыларға төнгенде олар әйел сияқты әлсізденеді. Семсер қазыналарына тигенде олар талан-таражға түседі.
Jere Kaz 50:38  Елдегі сулар тартылып құрғап, қуаңшылық жайылады! Өйткені бұл ел жалған тәңірлерге табынып, халық сол жексұрын мүсіндерге құштарлана беріліп кеткен!
Jere Kaz 50:39  Сондықтан Бабыл қаласын құла түздің аңдары мекендеп, оны шибөрілер мен арам құстар жайлайтын болады. Адамдар онда енді қайтып қоныстанбайды, ол ұрпақтан ұрпаққа елсіз қаңырап бос қала береді.
Jere Kaz 50:40  Менің ежелде Содом мен Ғомораны көршілес қалаларымен бірге құртып жібергенімдей, Бабылда да ешкім тұрмайтын, ешбір адам баласы оны мекендемейтін болады». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Jere Kaz 50:41  «Біліп қой, солтүстіктен бір әскер аттанып келеді. Бір үлкен халық пен көп патшалар жер бетінің алыс шеттерінен жылжып келетін болады.
Jere Kaz 50:42  Садақ пен найза ұстанған олар қатыгез, аяуды білмейді. Атқа мініп шапқанда дауылды теңіздей гүрілдейді. О, сорлы Бабыл, олар шеп құрып, сені басып алуға келеді!
Jere Kaz 50:43  Олар туралы хабар естігенде Бабыл патшасының қолдарының әлі кетіп, сылқ етеді. Жанын қорқыныш билеп, толғатқан әйелдей қиналады.
Jere Kaz 50:44  Мен Иорданның бойындағы ну тоғайлардан шыға келіп, шұрайлы жайылымдағы ұсақ малға бас салатын арыстанға ұқсап әп-сәтте Бабылды өз жерінен қуып жіберемін. Бұл үшін Мен тағайындайтын таңдаулым кім екен? Менімен теңдес болып, Мені жауапқа тарта алатын ешкім жоқ. Маған қарсы тұра алатын ешбір бақташы да жоқ».
Jere Kaz 50:45  Сондықтан Жаратқан Ие Бабыл қаласының және халдейлер елінің тұрғындарына қарсы нені жоспарлағанын тыңдаңдар: Бабылдың халқы, тіпті олардың балалары да міндетті түрде басқа жаққа айдалып әкетіледі! Істеген қылықтарының кесірінен олардың мекендері сөзсіз қаңырап бос қалады.
Jere Kaz 50:46  Бабылдың жау қолына түскен кезіндегі у-шуынан жер (бетіндегі халықтар) дірілдейді, оның қиналған айқайы тіпті бөтен ұлттардың арасына дейін жаңғырып естіледі.
Chapter 51
Jere Kaz 51:1  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Біліп қойыңдар, Мен Бабыл қаласына және онда тұратын қарсыластарыма қатты дауыл іспетті бір құртушыны шығарамын.
Jere Kaz 51:2  Сол шетелдік әскерді Бабылға жіберемін. Диқанның астықты желге ұшырып, қабығынан арылтқанындай, олар да Бабылды желге ұшырып, оның елін қаңыратып бос қалдырады. Бабылдың сотталып, қырылатын күні туғанда олар қалаға жан-жағынан тап береді.
Jere Kaz 51:3  Бабылдағы садақшының садағын тартып, сауытын киюіне жол бермеңдер! Оның жастарын аямаңдар, әскерін толығымен күйретіңдер.
Jere Kaz 51:4  Олар халдейлер елінде қаза тауып, оның қалаларының көшелерінде түйреліп, көз жұмған күйлері жатады».
Jere Kaz 51:5  Себебі Солтүстік Исраил мен Яһуданың халқы Исраилдің Киелі Құдайының алдында қатты айыпты болса да, Ол, Әлемнің Иесі, өздерінің Құдайы, солардан біржола бас тартқан жоқ.
Jere Kaz 51:6  Бабылдан қашыңдар, уа, басқа ұлттық адамдар! Әркім өз жанын құтқарсын. Бабыл өз күнәларының жазасын тартқанда, сендер де онымен бірге құрып кетпеңдер! Себебі жасаған қылмыстары үшін Жаратқан Иенің оны жазалайтын уақыты келді. Ол Бабылға тиісті жазасын толығымен тартқызады.
Jere Kaz 51:7  Бабыл Жаратқан Иенің қолындағы алтын тостаған сияқты болатын. Оның ішіндегі «шарап» (Жаратқан Иенің қаһары) бүкіл жер бетін мас қылды. Ұлттар сол «шараптан» ішті. Олардың қазір жынданып жүргендері де сондықтан.
Jere Kaz 51:8  — Бабыл кенеттен жеңіліп, жау қолына түсіп, ойран болады. Оны жоқтап жылаңдар! Қиналғанын басатын май дәрі алдыртыңдар, мүмкін, сауығып та кететін шығар. —
Jere Kaz 51:9  (Қаладағы шетелдіктер:)— Біз Бабылды емдеген едік, бірақ ол енді сауықпайды. Оны осылай қалдырып, әрқайсымыз өз елімізге қайтайық! Өйткені оған шығарылатын үкім ғаламат зор, аспанға дейін жететін болады, — дейді.
Jere Kaz 51:10  — Жаратқан Ие бізді ақтады. Жүріңдер, Сионда Құдайымыз Жаратқан Иенің істеген керемет ісін паш етейік! (— дейді исраилдіктер.) —
Jere Kaz 51:11  Жебелеріңді ұштап, қорамсақтарыңды толтырыңдар! Жаратқан Ие Мидия патшаларының жүректеріне Бабылға қарсы көтерілуге түрткі салмақ. Ондағы мақсаты — Бабылды толығымен құрту. Осылай Жаратқан Ие Өзінің киелі үйін қиратқан бабылдықтарға лайықты жазаларын тартқызбақ.
Jere Kaz 51:12  Бабылдың қабырғаларына шабуыл жасауға жалау көтеріп, белгі беріңдер! Күзетті күшейтіп, қарауылдарды орнатып, тосқауыл топтарын қойыңдар! Себебі Жаратқан Ие Өзінің жоспарларын жүзеге асырып, Бабыл халқы туралы айтқандарының бәрін орындамақ!
Jere Kaz 51:13  — Уа, үлкен өзен салаларының бойында орналасып, байлыққа мейлінше кенелген қала! Кенеттен ажалың жетіп, өмірің үзіледі.
Jere Kaz 51:14  Әлемнің Иесі өз атымен ант етіп былай деді: Саған жауларыңның әскерін шегірткедей қаптатамын. Олар сені жеңгендіктен шаттана айқай салатын болады.
Jere Kaz 51:15  Жасаған Ие жерді өз құдіретімен жаратып, әлемді даналығымен орнатып, аспан кеңістігін ақыл-парасатымен жайып жіберді.
Jere Kaz 51:16  Ол дауыс көтергенде аспандағы бұлттар күркірейді. Ол шалғай көкжиектен бұлттарды көтеріп, нөсер мен найзағай жібереді, сақтап қойған орнынан желді айдап әкеледі.
Jere Kaz 51:17  Адам атаулы ақылсызданып, шынайы білімнен жұрдай болды. Тәңірсымақтың мүсінін құйып жасаған әр зергер сол ісімен өзін масқаралайды. Өйткені қоладан құйылған бейнелер алдамшы, оларда тіршілік лебі мүлдем жоқ.
Jere Kaz 51:18  Сол тәңірсымақтар түкке тұрғысыз, әжуаға қалатын нәрселер. Сотталу уақыты келгенде олардың барлығы құрып кетеді.
Jere Kaz 51:19  Ал Жақыптың үрім-бұтағына жар болушы Құдай олар сияқты емес: Ол — барлық нәрсенің, соның ішінде Өзінің меншікті халқы Исраилдің Жаратушысы. Оның есімі: «Әлемнің Иесі».
Jere Kaz 51:20  (Жаратқан Ие былай дейді:) «Сен Менің сойылымсың, соғысқа арналған қаруымсың. Мен сені қолыма алып, халықтарды күйретіп, патшалықтарды құртамын.
Jere Kaz 51:21  Иә, сені қолыма алып, ат пен салт аттыны, соғыс күймесі мен айдаушысын күйретемін.
Jere Kaz 51:22  Сені қолыма алып, еркек пен әйелді, қарттар мен жастарды, бозбала мен бойжеткенді күйретемін.
Jere Kaz 51:23  Сені қолыма алып, шопанды отарымен, диқанды жұп өгіздерімен, әкімдер мен әміршілерді күйретемін.
Jere Kaz 51:24  Сионда жасаған зұлым істері үшін Мен сендердің көз алдарыңда Бабыл мен оның күллі тұрғындарына тиісті жазаларын тартқызамын», — деп нық айтады Жаратқан Ие.
Jere Kaz 51:25  «Мен саған қарсымын, Бабыл! Сен бүкіл жер бетін қиратқан алып тау іспеттісің, — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Мен саған қарсы қолымды созып, сені жартастан құлатып, өртелген тау сияқты қыламын.
Jere Kaz 51:26  Ендігәрі сенен бірде-бір тас құрылыста негізін салып, не бұрышын қалау үшін пайдаланылмайтын болады. Сен мәңгілікке қаңырап бос қаласың». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Jere Kaz 51:27  «Елде жалау көтеріп белгі беріңдер! Халықтардың арасында керней тартып, оларды Бабылға қарсы соғысуға шақырып дайындаңдар! Арарат, Минни, Ашкеназ патшалықтарының жасақтарын да оған қарсы жинаңдар! Шабуылды бастайтын қолбасшы тағайындап, атты әскерді шегірткедей қаптатыңдар!
Jere Kaz 51:28  Бабылға қарсы көптеген халықтарды: Мидияның патшаларын, оның әміршілері мен күллі әкімдерін және соларға тәуелді барлық халықтарды аттандырыңдар!
Jere Kaz 51:29  Ел қатты күйзеліп, қалшылдауда. Себебі Жаратқан Иенің Бабылды ешкім тұрмайтындай етіп қиратамын деген ниеті іске асып жатыр.
Jere Kaz 51:30  Бабылдың жасақшылары соғысуларын доғарып, қорғандарында отыр. Олар әлдері құрып, титықтаған, әйел іспетті күшсіз. Бабылдың үйлері өртеніп, қақпаларының ысырмалары сынып қалмақ.
Jere Kaz 51:31  Бір шабарманнан кейін бір шабарман, бір хабаршыдан кейін бір хабаршы Бабыл патшасына асығып келіп, жаудың қаланы жан-жақтан басып алып жатқаны туралы мәлімдейтін болады:
Jere Kaz 51:32  өзеннің өткелдері жау қолына түсті! Қаланың бекіністері өртеніп кетті! Жауынгерлер абдыраған!»
Jere Kaz 51:33  Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады:— Бабыл қаласы астық бастыратын қырмандай: тағы біраздан кейін ол егіннің орылып, астықтың бастырылатыны сияқты тапталатын болады!
Jere Kaz 51:34  — Бабыл патшасы Набуходоносор мені жалмап, тұрғындарымды шашыратып, өзімді бос ыдыстай тастай салды. Ол мені айдаһардай жұтып, қарнын байлықтарыммен толтырды, содан кейін мені құсып тастады.
Jere Kaz 51:35  Өзім мен туысқандарыма жасалған зорлық-зомбылық Бабылдың өзіне жасалсын! — деп өтінеді Сионның тұрғындары. — Біздің төгілген қанымыз халдей елінің тұрғындарының мойнына жүктелсін! — деп сұрайды Иерусалимнің халқы.
Jere Kaz 51:36  Сол себепті Жаратқан Ие мынаны айтады:— Мен сенің мүддеңді қорғап қас жауыңа тиісті жазасын тартқызамын. Сонда Бабылдың көлін құрғатамын, оның бұлақтары тартылып кеуіп қалады.
Jere Kaz 51:37  Бабыл бір төбе үйіндіге, шибөрілердің мекеніне айналады. Содан басқалар аңтарыла жандары түршігіп, оны ысқырып табаламақ. Онда ешкім тұрмайтын болады.
Jere Kaz 51:38  Бабылдың бүкіл халқы олжаны сағынған арыстандай ақырып, арыстанның күшігіндей ырылдайды.
Jere Kaz 51:39  Олардың тәбеті қозған кезде, Мен оларға арнап басқа бір той өткіземін. Олар сонда көңіл көтеріп, мас болып, ұйқыға батады, ал соларынан ешқашан оянбайды! — деп жариялайды Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 51:40  Мен оларды тоқты, қошқар, серкелер іспетті союға алып келемін.
Jere Kaz 51:41  Бүкіл әлемнің мақтанышы — Шешахтың жеңіліп, қолға түсетіні қандай болмақ! Бабыл халықтар арасында қандай қорқынышты көрініске айналады десеңші!
Jere Kaz 51:42  Жау Бабылды теңіздей қаптап, қала оның шексіз асау толқындарының астында қалады.
Jere Kaz 51:43  Оған қарасты елді мекендер де қаңырап бос қалып, қуаңшылық басқан, ешкім мекендемейтін және ол арқылы ешкім өтпейтін шөлге айналады. —
Jere Kaz 51:44  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: — Мен Бабыл халқы табынатын тәңірсымақ Белді де жазалап, оны жалмап-жұтып қойғандарының бәрін құсып тастауға мәжбүрлеймін. Оған бұдан былай халықтар ағылып келмейтін болады. Бабылдың қабырғалары құлап, қала жермен-жексен болмақ.
Jere Kaz 51:45  Уа, Менің халқым, Бабылды тастап, одан қашып кетіңдер! Менің, Жаратқан Иенің, лаулаған қаһарымнан бас сауғалаңдар!
Jere Kaz 51:46  Елде қауесет тарағанда, жүрексініп қорықпаңдар. Осы жылы бір қауесет, келесі жылы тағы біреуі жайылады. Бір билеуші екіншісімен соғысқан зорлық-зомбылық заманы болады.
Jere Kaz 51:47  Себебі Мен Бабылдың барлық тәңірсымақтарының мүсіндерін жазалайтын уақыт келе жатыр. Сонда Бабыл масқараланып, қаза тапқан адамдары ел ішінде шашылып жататын болады.
Jere Kaz 51:48  Көк пен жер және олардағылардың бәрі Бабыл жайлы шаттанып қуанады. Өйткені солтүстіктен құртушы жаулары аттанып, оған бас салады! — Жаратқан Ие осыны нық айтады. —
Jere Kaz 51:49  Бабыл Исраил мен басқа елдерде адамдарды қалай қырған болса, енді оның өзінде де адамдар солай қырылатын болады.
Jere Kaz 51:50  — Уа, семсерден аман қалған халқым, жаның барда Бабылдан тез кет! Шалғай елде Жаратқан Ие туралы ұмытпа, Иерусалим қаласын да есіңе түсіре бер!
Jere Kaz 51:51  — Біз масқара болып отырмыз! Шетелдік басқыншылар Жаратқан Иенің киелі үйіндегі қасиетті бөлмелерге кіріп қойды. Біз қара бет болдық! — (деп халық қайғыруда.)
Jere Kaz 51:52  Ал Жаратқан Ие мынаны айтады:— Біліп алыңдар, Мен Бабылдың жалған тәңірлерінің мүсіндерін жоятын күндер туады. Сонда оның бүкіл елінде жараланған адамдардың ыңырсуы естілетін болады.
Jere Kaz 51:53  Бабыл тіпті аспанға дейін асқақтап, зәулім қорғанын одан бетер нығайтса да, Мен оған қарсы құртушы жауларын жіберемін! — деп ескертеді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 51:54  Бабылдан зарлы айқай, халдейлер елінен зор күйреудің у-шуы естіледі.
Jere Kaz 51:55  Себебі Жаратқан Ие Бабылды талқандап, оның даурықпа үнін өшіреді. Жаулары теңіздің алып толқынындай гүрілдеп, үндері дабырлап жаңғырығатын болады.
Jere Kaz 51:56  Осылайша Бабылға жойқын жау бас салмақшы. Қаланың жауынгерлері қолға түсіп, садақтары сындырылады. Өйткені Жаратқан Ие — әділдікпен жазалайтын Құдай. Ол Бабылға тиісті жазасын толығымен тартқызбақ.
Jere Kaz 51:57  Мен Бабылдың әміршілері мен данышпандарын, билеушілерін, әкімдері мен жауынгерлерін мас қыламын. Сонда олар терең ұйқыға батып, содан ешқашан қайтып тұрмайды! — деп нық айтады есімі «Әлемнің Иесі» деген Патша.
Jere Kaz 51:58  Әлемнің Иесі тағы мынаны айтады: Бабылдың қалың қабырғалары жермен-жексен етіліп, биік қақпалары өртеніп кетеді. Осылай көптеген ұлттардың ауыр еңбегі зая кетіп, шаршап-шалдығып істеген жұмыстарының нәтижесін өрт жалмайды.
Jere Kaz 51:59  Мағасияхтың немересі, Нирияхтың ұлы Сераях Седекиях патшаға еріп Бабылға елшілікке барды. Бұл Седекияхтың патшалық құрған төртінші жылы болды. Сераях сонда патшаның жол сапарларын ұйымдастырушы уәзірі болатын. Олар сапарға шықпас бұрын Еремия пайғамбар Сераяхқа бір хабарды аманаттады.
Jere Kaz 51:60  Осы хабарды Еремия бір шиыршық кітапқа жазып қойған еді. Ол Жаратқан Иенің Бабылдың басына болашақта түсетін барлық пәлелер туралы айтқандарын қамтыды.
Jere Kaz 51:61  Еремия Сераяхқа мына тапсырманы жүктеді:— Бабылға жеткен соң осында жазылған сөздерді міндетті түрде дауыстап оқы!
Jere Kaz 51:62  Содан соң мінажат етіп былай де: «Уа, Жаратқан Ие! Сен Өзіңнің осы орынды не адам, не мал тұрмайтын қылып талқандайтыныңды нық айттың. Ол, сөзсіз, мәңгі бақи қаңырап бос қалады!»
Jere Kaz 51:63  Өзің дауыстап оқып шыққан осы шиыршық кітапты бір тасқа байлап, Евфрат өзеніне лақтыр.
Jere Kaz 51:64  Мұнан кейін Жаратқан Иенің атынан мынаны айт: «Дәл осылай Бабыл тұңғиыққа батып кетеді. Мен өзіне түсірген апаттардан ол енді қайтып ешқашан еңсесін көтермейді. Мен Бабылға ғаламат пәле жіберемін, оның барлық адамдары да әбден әлсірейді!»Еремияның сөздері осы жерде бітеді.
Chapter 52
Jere Kaz 52:1  Седекиях патша болғанда жиырма бір жаста еді, ол Иерусалимде он бір жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні либналық Еремия қызы Хамутал болатын.
Jere Kaz 52:2  Кезінде ағасы Жохақым істегендей, Седекиях та Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді.
Jere Kaz 52:3  Жаратқан Ие Иерусалим мен Яһуданың халқына қатты қаһарланғандықтан, оларды ақырында Өзінің қасынан аластатты.Сол кезде Седекиях Бабыл патшасына қарсы бас көтерді.
Jere Kaz 52:4  Седекияхтың патшалық құрған тоғызыншы жылының оныншы айының оныншы күні Бабыл патшасы Набуходоносор бүкіл әскерімен Иерусалимге қарсы аттанды. Олар қаланы қоршауға алып, оның қамалынан өрлеп өту үшін жан-жағын айналдыра тас-топырақ үймектер жасады.
Jere Kaz 52:5  Иерусалим Седекияхтың патшалық құрған он бірінші жылына дейін қоршауда болды.
Jere Kaz 52:6  Сол жылғы төртінші айдың тоғызыншы күні азық-түлік атаулы бітіп, қаланы аштық қатты жайлап тұрған еді.
Jere Kaz 52:7  Осы кезде жау қала қабырғасының бір жерін тесіп, ішке кірді. Сонда (Седекиях пен) барлық яһуди жасақшылары қашып кетуге тырысты. Халдейлер әскері қаланы қоршап тұрғанмен, олар түн ішінде патша бағының маңында екі қабырғаның арасында орналасқан қақпадан сытылып шықты. Содан олар Иордан аңғарындағы елсіз далаға қарай бет алды.
Jere Kaz 52:8  Алайда халдейлер әскері Седекиях патшаның соңынан аттанып, оны Иерихонның маңайындағы елсіз далада қуып жетті. Седекияхтың бүкіл жасағы оның қасынан бытырап кеткен болатын.
Jere Kaz 52:9  Седекиях халдейлердің қолына түсіп, Хамат еліндегі Рибла қаласына Бабыл патшасының алдына апарылды. Ол Седекияхқа үкім шығарды.
Jere Kaz 52:10  Бабыл патшасы сол Риблада Седекияхтың ұлдарын оның көз алдында түйреп өлтірді. Ол, сондай-ақ, Яһуданың барлық әміршілерін де түйреп өлтірді.
Jere Kaz 52:11  Мұнан кейін Бабыл патшасы Седекияхтың екі көзін ойып алып, қол-аяғына қола шынжыр салып, оны Бабылға айдап әкетті. Өлген күніне дейін Седекияхты сондағы зынданға тастады.
Jere Kaz 52:12  Набуходоносор Бабылға патшалық құрған он тоғызыншы жылдың бесінші айының оныншы күні оның бір нөкері — патша ұландарының әміршісі Набузар-Адан Иерусалимге келіп жетті.
Jere Kaz 52:13  Әмірші Жаратқан Иенің киелі үйіне, патшаның сарайына және Иерусалимдегі барлық үйлерге от қойып, үлкен ғимараттардың бәрін де өртеп жіберді.
Jere Kaz 52:14  Әміршіге еріп келген бүкіл бабылдық әскер Иерусалимді қоршаған қабырғаларды түгелімен қиратып тастады.
Jere Kaz 52:15  Ұландардың әміршісі Набузар-Адан халықтың кедейлерінің бірнешеуін, қалада қалып қойған басқаларды, қолөнершілер мен өзге шеберлердің қалғандарын және Бабыл патшасының жағына өтіп кеткендерді тұтқындап, айдап әкетті.
Jere Kaz 52:16  Әмірші тек ең кедей тұрғындардың біразын ғана жүзімдіктер мен егіндіктерді күту үшін елде қалдырды.
Jere Kaz 52:17  Халдейлер Жаратқан Иенің ғибадатханасында тұрған екі қола бағананы, жылжымалы қола тұғырларды және теңіз деп аталатын дәу қола қазанды бөлшектеп сындырып, солардың барлық қоласын Бабылға тасып әкетті.
Jere Kaz 52:18  Олар (киелі үйдегі құрбандық үстелін тазалауға арналған) күлсалғыштар мен күрекшелерді, білте түзеткіштерді, (су не қан бүркуге арналған шағын) тостағандарды, табақтарды және ғибадатханада Жаратқан Иеге құрбандықтар мен сый-тартулар ұсынғанда қолданылған басқа да қола ыдыс-аяқтар мен аспаптардың барлығын алып кетті.
Jere Kaz 52:19  Ұландардың әміршісі табақтарды, шоқ салынатын табаларды, тостағандарды, қазандарды, шам қойғыштарды, аяқтарды, сұйық тартуларды ұсынуға арналған тостағандарды және саф алтын не күмістен жасалған барлық басқа бұйымдарды да алып кетті.
Jere Kaz 52:20  Сүлеймен патша кезінде Жаратқан Иенің киелі үйіне арнап жасатқан екі бағананың, дәу қазанның және оның астындағы өгіз бейнелі он екі тұғырдың қоласы таразыға салып, салмағын өлшеуге тым ауыр болды.
Jere Kaz 52:21  Екі бағананың әрқайсысының биіктігі он сегіз шынтақ, діңінің айналдыра ұзындығы он екі шынтақ еді. Бағаналардың іштері қуыс, қабырғаларының қалыңдығы төрт елі болды.
Jere Kaz 52:22  Әр бағананың үстіңгі иығындағы қоладан жасалған үлкен тостаған кейпінің биіктігі бес шынтақ болды. Сол кейіптерге айналдыра шынжыр және анар тәрізді қола әшекейлер ілінген еді.
Jere Kaz 52:23  Бағананың жақтарында тоқсан алты әрі иықтарында жалпы саны бір жүз анар тәрізді әшекей болды.
Jere Kaz 52:24  Ұландардың әміршісі бас діни қызметкер Сераяхты, одан кейінгі лауазымды діни қызметкер Софонияны және ғибадатхананың үш қақпа күзетшісін де тұтқындады.
Jere Kaz 52:25  Қалада әлі де қалып қойғандардан ол жасақшылардың басшысын, патшаның кеңесшілерінің жетеуін, елдегі ер адамдарды әскери қызметке тіркеген қолбасшының хатшысын және елдің тағы алпыс тұрғынын қолға түсірді. Бұлар да қаладан табылған болатын.
Jere Kaz 52:26  Ұландар әміршісі Набузар-Адан олардың бәрін Хамат еліндегі Рибла қаласына, Бабыл патшасының алдына алып барды.
Jere Kaz 52:27  Сол жерде Бабыл патшасы оларды өлімге бұйырды.Осылайша Яһуда халқы өз елінен басқа жаққа жер аударылып кетті.
Jere Kaz 52:28  Набуходоносор жер аударған халықтың жалпы саны: оның патшалық құрған жетінші жылы — үш мың жиырма үш яһудалық,
Jere Kaz 52:29  оның он сегізінші жылы — Иерусалим қаласынан тағы сегіз жүз отыз екі адам,
Jere Kaz 52:30  әрі жиырма үшінші жылы — тағы жеті жүз қырық бес яһудалық болды. Бұларды ұландар әміршісі Набузар-Адан Бабылға айдап әкетті. Осылайша барлығы төрт мың алты жүз адам болды.
Jere Kaz 52:31  Ал Яһуда (елінің бұрынғы) патшасы Ехониях болса, ол Бабылға жер аударылып кеткеннен кейінгі отыз жетінші жылы Еуил-Меродах Бабылға патшалық құра бастады. Жаңа патша сол жылдың он екінші айының жиырма бесінші күні Яһуда патшасы Ехонияхты мейірімділікпен босатып, түрмеден шығарды.
Jere Kaz 52:32  Еуил-Меродах онымен жылы сөйлесіп, Бабылда өз қасында болған барлық басқа патшаларға қарағанда Ехонияхты ең жоғарғы орынға отырғызды.
Jere Kaz 52:33  Осылай Ехониях түрмедегі киімдерін ауыстырып, бұдан былай ұдайы патшамен дастарқандас болып, бірге тамақтанып жүрді.
Jere Kaz 52:34  Ехониях көз жұмған күнге дейін бүкіл өмір бойы оның күнделікті мұқтаждарын Бабыл патшасы қамтамасыз етіп отырды.