Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
Chapter 1
Job Kaz 1:1  Бір кезде Ус елінде Әйүп есімді адам өмір сүрді. Ол кінәратсыз да әділ болып, Құдайды терең қастерлеп, жамандықтан аулақ жүретін.
Job Kaz 1:2  Әйүптің жеті ұлы мен үш қызы болды.
Job Kaz 1:3  Жеті мың қой-ешкісі, үш мың түйесі, бес жүз жұп өгізі, бес жүз ұрғашы есегі, сондай-ақ өте көп қызметшілері бар сол кісі шығыс өлкесіндегі ең ауқатты адам болатын.
Job Kaz 1:4  Әйүптің ұлдары кезекпен үйлерінде қонақасы даярлап, соған үш әпке-қарындасын да шақыратын.
Job Kaz 1:5  Қонақасының кезеңі біткенде, Әйүп кісі жіберіп, балалары үшін тазару рәсімін орындайтын. Сол үшін Әйүп ерте тұрып, әр баласы үшін бір малдан құрбандыққа шалып, түгелдей өртеп Құдайға ұсынатын. Өйткені ол: «Мүмкін, балаларым күнә жасап, іштей Құдайға тіл тигізіп қойған шығар» деп ойлайтын. Әйүп әрдайым осылай істейтін.
Job Kaz 1:6  Құдайдың нөкерлері бір күні (көкте) Жаратқан Иенің алдында тұруға келгенде әзәзіл шайтан да олармен бірге келді.
Job Kaz 1:7  Жаратқан Ие әзәзілге:— Қайдан келдің? — деген сұрақ қойды. Ол:— Жер бетін аралап кезіп келдім, — деп жауап берді.
Job Kaz 1:8  Жаратқан Ие:— Менің қызметшім Әйүпке көңіл бөлдің бе? Жер бетінде ол сияқты кінәратсыз да әділ, Құдайын терең қастерлейтін, жамандықтан аулақ жүретін ешбір жан жоқ, — дегенде,
Job Kaz 1:9  әзәзіл:— Әйүп Құдайын бекерге қастерлейді дейсің бе?
Job Kaz 1:10  Оның өзін, үй ішін және бар иелігін айналдыра шарбақпен қоршағандай қорғап жүрген Өзің емессің бе? Оның істегендерін Өзің жарылқап келесің. Содан оның табын-отарлары ел ішінде кеңінен таралуда.
Job Kaz 1:11  Бірақ, кәне, барлық иелігіне қолыңды тигізе көрші. Сонда ол Сені қалайша мадақтар екен, көрейік, — деп жала жапты.
Job Kaz 1:12  Жаратқан Ие:— Мейлі, оның барлық иелігін қолыңа берейін. Тек оның өзіне тиіспе! — деп шешті. Сонда әзәзіл Жаратқан Иенің алдынан шығып кетті.
Job Kaz 1:13  Біраздан кейін Әйүптің ұл-қыздары оның тұңғыш ұлының үйінде қонақасында отырды. Сол күні
Job Kaz 1:14  бір шабарман Әйүпке жетіп келіп, мына суық хабарды жеткізді: «Қызметшілеріңіз өгіздермен жер жыртып, есектер олардың қастарында жайылып жүрді.
Job Kaz 1:15  Кенеттен сәбалық тонаушылар тап берді! Олар жас жігіттерді қырып, малдарды олжалап, айдап әкетті! Тек мен ғана әзер сытылып шығып, ол туралы сізге жеткізе алып тұрмын».
Job Kaz 1:16  Сол адам осыны әлі де айтып тұрған кезде басқа бір шабарман жетіп келіп, былай деді: «Аспаннан Құдайдың оты түсіп, қой-ешкілеріңіз бен қызметшілеріңізді өртеп жалмап қойды! Тек мен ғана әзер сытылып шығып, ол туралы сізге жеткізе алып тұрмын».
Job Kaz 1:17  Сол адам осыны әлі де айтып тұрған кезде тағы басқа бір шабарман жетіп келіп, былай деді: «Халдейлер үш топ құрып, түйе бағып жүрген қызметшілеріңізге бас салды! Оларды өлтіріп, түйелерді олжалап, айдап алып кетті! Тек мен ғана әзер сытылып шығып, ол туралы сізге жеткізе алып тұрмын».
Job Kaz 1:18  Сол адам осыны әлі де айтып тұрған кезде тағы басқа бір шабарман жетіп келіп, былай деді: «Сіздің ұл-қыздарыңыз өз ағаларының үйінде қонақасында отырған кезде
Job Kaz 1:19  шөл даланың арғы шетінен ғаламат дауыл тұрып, үйдің төрт жағынан соққылай берді. Содан үй құлап, ішіндегі балаларыңызды басып қалды. Тек мен ғана әзер сытылып шығып, ол туралы сізге жеткізе алып тұрмын».
Job Kaz 1:20  Сонда Әйүп орнынан тұрды да, қатты қайғырып шапанының өңірін жыртып, шашын қырқып алып тастады. Мұнан кейін ол Тәңір Иеге мойынсұнып етпетінен жерге жата кетті.
Job Kaz 1:21  Әйүп былай деді: «Анамның құрсағынан жалаңаш шықтым, дүниеден жалаңаш қайтамын да. Жаратқан Ие сыйлап берді де, Жаратқан Ие қайтарып алды да. Жаратқан Иенің есімі мадақтала берсін!»
Job Kaz 1:22  Осы жағдайдың бәрінде Әйүп күнә жасаған да жоқ, еркінсіп Құдайды айыптаған да жоқ.
Chapter 2
Job Kaz 2:1  Құдайдың нөкерлері тағы бір күні Жаратқан Иенің алдында тұруға келгенде әзәзіл шайтан да олармен бірге Оның алдында тұруға келді.
Job Kaz 2:2  Жаратқан Ие әзәзілге:— Қайдан келдің? — деген сұрақ қойды. Ол:— Жер бетін аралап кезіп келдім, — деп жауап берді.
Job Kaz 2:3  Жаратқан Ие:— Менің қызметшім Әйүпке көңіл бөлдің бе? Жер бетінде ол сияқты кінәратсыз да әділ, Құдайын терең қастерлейтін, жамандықтан аулақ жүретін ешбір жан жоқ. Оны еш себепсіз құрту үшін Мені қанша түрткілесең де, ол өзінің кінәратсыздығын сақтап келеді, — дегенде,
Job Kaz 2:4  әзәзіл:— «Теріні терімен айырбастар» деген. Адам өз басын аман сақтау үшін қолындағының бәрін де сарп етер! — деп қарсылық білдірді. —
Job Kaz 2:5  Оның еті мен сүйегіне қолыңды созып, тигізе көрші. Сонда ол Сені қалай мадақтар екен, көрейік, — деп жала да жапты.
Job Kaz 2:6  Жаратқан Ие:— Мейлі, ол енді сенің қолыңда. Тек оның өмірін сақта! — деп шешті.
Job Kaz 2:7  Сонда әзәзіл Жаратқан Иенің алдынан шығып кетті.Біраздан кейін әзәзіл шайтан Әйүптің денесін басынан аяғына дейін түгелдей жаралы шиқандармен қаптатты.
Job Kaz 2:8  Қатты қайғырып күл үйіндісінің үстінде отырған Әйүп қолына қыш құмыраның бір сынығын алып, сонымен терісін қасыды.
Job Kaz 2:9  Әйелі оған:— Әлі де кінәратсыздығыңды ұстанып отырсың ба? Одан да Құдайды балағаттап, (азабыңнан құтылып) өле қал, — деп ақыл айтты.
Job Kaz 2:10  Бірақ Әйүп:— Ақымақ та арсыз әйелдей сөйлеп тұрсың. Құдай жақсылық жіберсе, соны қабылдау, ал ауыртпалық жіберсе, содан бас тарту дұрыс па өзі? — деп жауап қатты. Осы жағдайдың бәрінде Әйүп айтқан сөздерімен күнә жасаған жоқ.
Job Kaz 2:11  Әйүптің темандық Елипаз, шуахтық Билдад, нағамалық Сопар есімді үш досы бар болатын. Олар Әйүптің басына түскен ауыртпалықтар туралы естіген соң, оның көңілін сұрап, жұбатпақ болып өзара келісті. Содан үшеуі тұрып жатқан мекендерінен сапарлап келіп, оның қасына жиналды.
Job Kaz 2:12  Алайда үш досы Әйүпті алыстан көріп, алғашқыда танымай қалды. Сонда олар дауыстап жылап, шапандарының өңірін жыртты. Аспанға қарай күл-тозаң шашып, оны бастарына да септі.
Job Kaz 2:13  Үш досы Әйүппен бірге жеті күн, жеті түн жерде отырды. Оның соншалықты қатты қиналып жатқанын көргендіктен, олар оған ештеңе айтпай үндемеді.
Chapter 3
Job Kaz 3:1  Содан кейін Әйүп сөзге келді. Өзінің туған күні еш болмаған болса екен деп қатты наразыланып,
Job Kaz 3:3  — Мен дүниеге келген күн әрі анамның бойына бала біткен түн еш болмаған болса ғой!
Job Kaz 3:4  Сол күн түнекке айналса екен! Оны заңғар көктегі Құдай іздемей, ұмытса екен! Ешбір жарық оған сәулесін шашпаса, шіркін!
Job Kaz 3:5  Сол күнді тас түнек пен қою қараңғылық басып алғанда ғой! Оның үстін қою бұлт қаптап, күндіз жапқан қара түнек оны үрейлендірсін!
Job Kaz 3:6  Иә, сол түнді қою қараңғылық қармап алсын! Ол жыл күндерінің есебінде болып қуанбасын, әрі айлардың қатарынан еш табылмасын!
Job Kaz 3:7  Сол түні бір әйелдің бойына бала бітпегенде ғой! Онда ешбір шаттық үні естілмеген болса, шіркін!
Job Kaz 3:8  Күндерді сиқырлай алатындар, тіпті қолтырауынды арбап орнынан жылжыта алатындар осы түнді қарғаған болса екен!
Job Kaz 3:9  Оның таңғы жұлдыздарын түнек басса ғой! Жұрт таңғы жарықты аңсай күткенмен, сол ешқашан да төгілмегенде ғой! Сол түн таң шапағын көре алмаған болса, шіркін!
Job Kaz 3:10  Өйткені ол анамның құрсағын жаппады. Жапса мына азап пен қасіретті көрмес едім.
Job Kaz 3:11  Не болмаса, туған кезде-ақ неге құрымадым екен? Құрсақтан шығып жатқанда-ақ неге өліп қалмадым екен?
Job Kaz 3:12  Мені қабылдап алған тізе, мені емізген төс неге ғана болды екен?
Job Kaz 3:13  Солар болмағанда қазір мазам кетпей, тыныш жатар едім! Ұйықтай беріп, тыным табар едім.
Job Kaz 3:14  Онда патшалармен, олардың кеңесшілерімен бірге жатар едім. Тірі кездерінде олар қиратылған ежелгі сарайларды өздеріне қайта тұрғызып алған болатын.
Job Kaz 3:15  Я болмаса, алтынға бай әміршілермен және сарайларын күміспен толтырғандармен бірге тынығар едім.
Job Kaz 3:16  Немесе, неге ғана өлі туып, дүниенің жарығын көрмей кеткен нәресте сияқты көрге көмілмедім екен?
Job Kaz 3:17  Себебі о дүниеде зұлымдар қоқан-лоқы жасауларын доғарған, әрі шаршап-шалдыққандар тыным тапқан.
Job Kaz 3:18  Тұтқындар да тыныштықтың рақатын бірге көреді. Олар өздерін аяусыз жұмысқа салған бақылаушылардың дауыстарын енді қайтып естімейді.
Job Kaz 3:19  Үлкені де, кішісі де сол жерде. Құл енді қожайынынан азат.
Job Kaz 3:20  Ендеше азап шегіп жүргенге нұр, жаны қиналып жатқанға өмір неге ғана беріледі екен?
Job Kaz 3:21  Мұндайлар ажалды зарыға күтеді, оны көмілген қазынадан бетер іздейді, әйтсе де ажал оларға жоламайды.
Job Kaz 3:22  Егер өліп, қабірге қойылған болса, олар қуанышқа кенеліп, шаттанар еді.
Job Kaz 3:23  Сонымен Құдай айналасын қиындықтармен қоршап, жолын жауып тастаған адамға өмір не үшін беріледі екен?
Job Kaz 3:24  Себебі нан жеудің орнына күрсінудемін, ыңқылым ағынды судай тоқтаусыз.
Job Kaz 3:25  Неден үрейлене қорықсам, соған тап болдым, қауіптенгендерім жүзеге асты.
Job Kaz 3:26  Маған тыныштық та жоқ, тыным да жоқ. Тынығудың орнына басыма аласапыран күн туды.
Chapter 4
Job Kaz 4:1  Сонда темандық Елипаз Әйүпке былай деп жауап қатты:
Job Kaz 4:2  — Егер біреу сенімен сөйлесуге ұмтылса, соған төзе аласың ба? Дегенмен кім мұндайда үн-түнсіз қала алады?
Job Kaz 4:3  Өткен уақыттарда өзің көп адамға тәлім беріп, әлсіздерді жігерлендіріп күш берген едің ғой.
Job Kaz 4:4  Айтқан сөздерің сүрініп, құлап бара жатқандарға тірек болып, тізелері дірілдеп әлсірегендерге күш-қуат дарытқан еді ғой.
Job Kaz 4:5  Ал енді, өз басың ауыртпалыққа тап болғанда, ұнжырғаң түсіп кетіпті. Өзің бақытсыздыққа ұшырағанда, өмірден түңіліп кетіпсің.
Job Kaz 4:6  Құдайды терең қастерлеуің — сеніміңнің тірегі емес пе?! Әрі әділ жолмен жүруің — үмітіңнің негізі емес пе?!
Job Kaz 4:7  Есіңе түсірші, қашан бейкүнә адам мерт болып, әділ адам құртылған еді?
Job Kaz 4:8  Өз байқағаным: жамандықтың тұқымын сеуіп, зұлым жоспар құратындар солардың өнімін өздері жинайды.
Job Kaz 4:9  Олар Құдайдың «лебінен» құрып кетеді, Оның қаһарлы дауылынан ғайып болады.
Job Kaz 4:10  Арыстан ақырып, жауыз арыстан ырылдаған еді, алайда Құдай мықты арыстандардың да тістерін сындырады.
Job Kaz 4:11  Сонда олжадан ада болған ана арыстан өледі, жетім қалған балалары жан-жаққа шашырап кетеді.
Job Kaz 4:12  Маған құпия түрде бір хабар келді, құлағыма бір сыбыр шалынды.
Job Kaz 4:13  Бұл, адамдар қатты ұйқыға батқанда, түнде түс көріп, мазасыз ойлар туған уақытта болды.
Job Kaz 4:14  Сол түстен сүйектерімнің бәрі дірілдеп, қорқынышқа бөленіп тұрмын.
Job Kaz 4:15  Бет-жүзімді бір елес сипап өткенде, төбе шашым тік тұрды.
Job Kaz 4:16  Елес тұра қалды, бірақ сырт қалпын ажырата алмадым. Көз алдымда бір тұлға тұрды, оның сыбырлаған даусын естідім:
Job Kaz 4:17  «Пенде Құдайдан әділ, адам өз Жаратушысынан пәк таза бола ала ма?
Job Kaz 4:18  Құдай тіпті өз нөкерлеріне де сенбейді, Ол періштелерінен де қате табады.
Job Kaz 4:19  Ал, түбі, топырақтан жасалған тәнде өмір сүріп, саз балшықтан жаратылған, пенделермен не болмақ! Олар күйе-көбелектей оңай жаншылып,
Job Kaz 4:20  таң атқаннан күн батқанға дейінгі қып-қысқа аралықта-ақ талқандалып жаншылады ғой. Содан із-түзсіз ғайып болып,
Job Kaz 4:21  қазықтары суырылып тасталған шатырлардың құлап түсетіні сияқты құрып кетеді. Осылайша пенде даналыққа қол жеткізіп үлгермей-ақ дүниеден өтеді».
Chapter 5
Job Kaz 5:1  Ал енді, Әйүп, шақырғың келсе, шақыр! Жауап беретін біреу болар ма екен? Періштелердің қайсысынан көмек сұрамақсың?
Job Kaz 5:2  «Ашу-ызасы ақымақты жояр, күншілдігі аңқауды құртар» деп дұрыс айтылған.
Job Kaz 5:3  Ақымақтың тамыр жайған ағаштай өркендегенін де көрдім, бірақ дереу оның үй-жайы Құдайдың қарғысына ұшырайды деп бағаладым.
Job Kaz 5:4  Оның балалары амандықтан аулақ жүр. Сотта оларды қыспақтайды, ал арашалайтын ешкімі болмайды.
Job Kaz 5:5  Ақымақтың өнімін аш адамдар жалмап қояды. Олар оның тікенді бұтақшалар астына сақтап қойған астығын да алып кетеді. Оның мал-мүлкін залымдар иемденуге құмартады.
Job Kaz 5:6  «Азап топырақтан өсіп шықпас, ауыртпалық та жерден шыға келмес».
Job Kaz 5:7  От ұшқындарының жоғары қарай лап ететініндей, адам баласы да ауыртпалық шегу үшін дүниеге келеді.
Job Kaz 5:8  Ал, Әйүп, егер мен сенің орныңда болсам, Құдайға бет бұрып сиынып, ісімді Оның алдына апарар едім.
Job Kaz 5:9  Құдай адам толықтай ұға алмайтын ғажап істерді істейді, сан жетпес кереметтерді жасайды:
Job Kaz 5:10  Ол жер бетіне жаңбыр жаудырып, егістікті суға қандырады.
Job Kaz 5:11  Құдай кішіпейілдерді жоғарылатып, қайғырғандарға құтқарылу сыйлайды.
Job Kaz 5:12  Ол айлакер қулардың жоспарларын бұзып, оларды табысқа жеткізбейді.
Job Kaz 5:13  Құдай данышпан делінгендерді қулықтарынан ұстап алады. Айлакер зұлымдардың арамза кеңестері тез құриды.
Job Kaz 5:14  Күндіз олар түнекке тап болып, тал түсте де түндегідей сипалап жүреді.
Job Kaz 5:15  Құдай мұқтажды мықтылардың өткір сөздерінен құтқарады. Оларды қуаттылардың қолынан аман сақтап қалады.
Job Kaz 5:16  Сондықтан енді кедейде үміт бар, ал әділетсіздің аузы тас жабылған.
Job Kaz 5:17  Құдай ескертіп түзететін адам қандай бақытты! Сондықтан құдіреті шексіз Хақ Тағаланың тәрбиесін елемей жүрме!
Job Kaz 5:18  Өйткені Ол жара салса, соны Өзі таңады, соққы берсе, өз қолдарымен сауықтырады да.
Job Kaz 5:19  Құдай сені алты рет қиыншылықтан құтқарады. Апат тіпті жетеу болса да, саған жоламайды.
Job Kaz 5:20  Хақ Тағала сені ашаршылық жайлаған кезде өлімнен құтқарып, шайқас кезінде семсердің құдіретінен де аман алып қалады.
Job Kaz 5:21  Тілдің пәлесінен аулақ болып, ойран келгенде де қорықпайсың.
Job Kaz 5:22  Қайта, күйреу мен ашаршылыққа күле қарайсың, елдегі жыртқыш аңдардан да қауіптенбейсің.
Job Kaz 5:23  Сонда даланың қойтастары бөгет болып егіндігіңде жатпайды. Елдегі жыртқыш аңдар да өзіңмен тату-тәтті тұратын болады.
Job Kaz 5:24  Өз мекеніңнің аман-есен екеніне сенімді боласың. Отар-табындарыңды санап шыққанда, бірде-бір малыңның жоғалмағанына көзің жетеді.
Job Kaz 5:25  Ұрпағыңның көп екенін біліп жүретін боласың. Өзіңнен тараған үрім-бұтағың жер бетіндегі шөптей мол болмақ.
Job Kaz 5:26  Егіннің дер кезінде бауланып, қырманға әкелінетініндей, өзің де көп жасап, о дүниеге армансыз аттанасың.
Job Kaz 5:27  Міне, біз осыны зерттеп, оның ақиқат екеніне көз жеткіздік. Сондықтан оны тыңдап, жақсылап біліп алсаң екен!
Chapter 6
Job Kaz 6:1  Бұған Әйүп былай деп жауап берді:
Job Kaz 6:2  — Шегіп жүрген азабым өлшенсе ғой, бар қасіретім таразыға тартылса ғой!
Job Kaz 6:3  Олар теңіздің құмынан да ауыр болар еді. Сөздерімнің ағат екендігі содан да.
Job Kaz 6:4  Өйткені құдіреті шексіз Тәңірдің жебелері денеме қадалды, жаным солардың уын ішуде. Иә, Құдай мені әбден қорқытатын жайттарды өзіме қарсы даярлап қойды!
Job Kaz 6:5  Құланның көк майса шөбі болса, азынай ақыра ма? Өгіздің жейтін пішені болса, қинала өкіре ме? (Ал мен мүшкіл жағдайымда дауыстап шағымданбаймын ба?)
Job Kaz 6:6  Жұрт дәмсіз тамақты тұзсыз жей ме, әлде жұмыртқа ағының бір өзін ғана ұната ма?
Job Kaz 6:7  Ондай тамақтан ауыз тигім келмейді, (жаңағы айтқан сөздерің де) мен үшін құстыратындай жиренішті!
Job Kaz 6:8  Тілегім жүзеге асса екен, Құдай аңсағанымды берсе екен!
Job Kaz 6:9  Құдай мені езіп тастаса ғой! Қолына ерік беріп, мені құртса ғой!
Job Kaz 6:10  Сонда әлі де мынадан жұбаныш тауып, риза болар едім: Қатты ауырып жатсам да, Киелі Құдайдың сөздерінен еш бас тартқан емеспін!
Job Kaz 6:11  Ал енді, менің үміттене күтетіндей күшім, әлде өміріме төзетіндей мақсатым бар ма?
Job Kaz 6:12  Менде тастай қатты күш те, қоладай қатты дене де жоқ!
Job Kaz 6:13  Рас, көмектесерлік еш қуатым жоқ, жетістік атаулы да менен алшақтап кетті.
Job Kaz 6:14  Өмірден күдері үзілген адамға досы мейірім көрсетуі керек. Ал сендер (мені айыптап) құдіреті шексіз Тәңірді қастерлемейсіңдер.
Job Kaz 6:15  Сөйтіп сендер де, уа, бауырларым, маусымдық өзендер секілді сенімсіз болып шықтыңдар.
Job Kaz 6:16  Көктемде сол өзендер еріп жатқан қар мен мұзға толып, лайланып, асып-тасып, арналарынан шығады.
Job Kaz 6:17  Бірақ қуаңшылық басталғанда, олардың суы азайып, ыстық кезде мүлдем тартылып қалады.
Job Kaz 6:18  Сонда керуендер өз бағытынан бұрылып, сол өзендерді іздейді, бірақ шөлде лағып, құриды.
Job Kaz 6:19  Темалық керуендер суды аңсап іздейді, Сәбаның саудагерлері де одан үміттенеді.
Job Kaz 6:20  Су бар деп сеніп келген олар оны таппай абдырайды.
Job Kaz 6:21  (Уа, жолдастарым,) мен үшін қазір сендер де сондай өзендер іспетті жарамсыз болып қалдыңдар! Қорқынышты азабымды көріп, зәрелерің ұшып кетті.
Job Kaz 6:22  Ал сендерге: «Маған сый беріңдер» деп пе едім? Яки: «Өз байлықтарыңнан мен үшін төлем төлеңдер»,
Job Kaz 6:23  әлде: «Мені жауымның қолынан арашалаңдаршы», немесе: «Жауыз дұшпанның қолынан құн төлеп құтқарып алыңдаршы» деп жалына сұрап па едім?
Job Kaz 6:24  Енді маған тәлім беріңдер, сонда үндемеймін. Тура жолдан адасқан болсам, сонымды көрсетіңдерші!
Job Kaz 6:25  Әрине, әділ сөздер адамның жанын сыздатады. Ал сендердің сын сөздерің нені дәлелдейді?
Job Kaz 6:26  Менің сөздерімді жоққа шығарғыларың келе ме? Өмірден түңілген адамның сөздерін бос сандырақ деп санайсыңдар ма?
Job Kaz 6:27  Өздерің тіпті жетімдер үшін жеребе тастап, оларды иеленіп, достарыңды саудаға салудан да тайынбас едіңдер, сірә.
Job Kaz 6:28  Ал енді, маған назар салыңдаршы! Көздеріңе тура қарап тұрып өтірік айтпаймын ғой.
Job Kaz 6:29  Қойыңдар енді, әділетсіз болмаңдар! Тоқтатыңдар, менің әділдігіме дақ түсірмеңдер!
Job Kaz 6:30  Әлде аузымнан өтірік шықты ма?! Таңдайым жалғандықтың дәмін ажырата алмай ма?!
Chapter 7
Job Kaz 7:1  Пенденің бұ дүниедегі өмірі ауыр мехнат емес пе? Оның жер бетіндегі ғұмыры жалшының күндеріндей азапты.
Job Kaz 7:2  Пенде кешкі көлеңкені аңсаған құлға ұқсас, әрі күндік жалақысын асыға күткен жалшы сияқты.
Job Kaz 7:3  Дәл солай түкке тұрғысыз айлар мен азапқа толы түндер менің үлесіме тиді.
Job Kaz 7:4  Орныма жатқанда «Қашан тұра аламын?» деп ойлаймын. Осылай түн ұзаққа созылып, таң атқанша дөңбекшіп шығамын.
Job Kaz 7:5  Тұла бойымды құрт пен жара басқан, терім жарылып, жарамнан ірің аққан.
Job Kaz 7:6  Өмірім тоқымашының қайығындай зырылдап өтіп жатыр, ақыр соңында ол еш үмітсіз үзіледі.
Job Kaz 7:7  Уа, Құдай, өмірімнің дем іспетті өткінші екенін ұмытпашы! Енді қайтып игілік атаулыны көрмеспін.
Job Kaz 7:8  Қазір Сен мені көріп тұрсың, ал кейін көрмейтін боласың. Сонда маған назар саласың, бірақ мен жоқ боламын.
Job Kaz 7:9  Бұлттың сейіліп жоқ болып кететініндей, о дүниеге аттанған жан да одан кері қайтпайды.
Job Kaz 7:10  Ол үйіне қайта оралмайды, тұрған жеріне беймәлім болып жоғалады.
Job Kaz 7:11  Сондықтан мен аузыма ерік беремін. Жанымның қиналысын білдіремін, көкірегімдегі шерімді төгемін.
Job Kaz 7:12  Сен маған сақшы қоятындай мен буырқанған теңіз не алып айдаһар ма едім?
Job Kaz 7:13  «Төсегімде жатып көңілімді басайын, орнымда тынығып азабымды жеңілдетейін!» десем,
Job Kaz 7:14  Сен мені түстермен қорқытып, түрлі елестермен зәремді ұшырасың.
Job Kaz 7:15  Содан мен мына денеде өмір сүргенше, буындырылып өлтірілгенді артық көрер едім.
Job Kaz 7:16  Осылайша өмірімді жек көремін, мәңгілік өмір сүргім келмейді. Күндерім шығарған демімдей өткінші, өзімді жалғыз қалдырсаңшы!
Job Kaz 7:17  Сен соншама бағалап, оған назарыңды салатындай пенде кім өзі?
Job Kaz 7:18  Таң атқан сайын Сен оны тексеріп, әр сәт сайын оны сынайсың.
Job Kaz 7:19  Сен ешқашан назарыңды менен басқа жаққа аудармайсың ба? Қас қағым сәт болса да, мені жалғыз қалдырсаңшы?
Job Kaz 7:20  Егер күнә жасасам, Саған қандай зиян келтірер едім, уа, адамзаттың Бақылаушысы? Мені неге Өзіңе нысана қылдың? Саған сондай масыл болдым ба?
Job Kaz 7:21  Қателерімді кешіріп, жаман істерімді неге менен алып тастамайсың? Жуырда мен жер қойнына кіремін. Содан мені іздейсің, бірақ мен жоқ боламын.
Chapter 8
Job Kaz 8:1  Сонда шуахтық Билдад Әйүпке былай деп жауап берді:
Job Kaz 8:2  — Қашанғы осы әңгімеңді соза бересің? Айтқан сөздерің ғаламат дауылдай бұрқырауда.
Job Kaz 8:3  Құдай әділдікті бұрмалайтын ба еді? Құдіреті шексіз Тәңір дұрысты бұрыс қылатын ба еді?
Job Kaz 8:4  Керісінше, балаларың Оған қарсы күнә жасаған болса керек. Содан Құдай оларға теріс қылықтарының зардабын шеккізді.
Job Kaz 8:5  Ал енді, Құдайға шын жүректен бет бұрып сиын, құдіреті шексіз Тәңірден рақым етуін жалбарына өтін,
Job Kaz 8:6  әрі әділ де кінәратсыз таза жүр! Егер солай істесең, онда Ол, әрине, сен үшін іс қылып, мекеніңде әділдікті қайтадан орнықтырады.
Job Kaz 8:7  Бұрын шағынға ие болғанмен, соңындағың көл-көсір асып-тасып жатады.
Job Kaz 8:8  Тек аға буын ұрпақтан сұрастырып біліп, олардың ата-бабаларының ізденісінің нәтижелеріне назар салсаң екен.
Job Kaz 8:9  Біздің дүниеге келгеніміз кеше ғана, ештеңе білмейміз ғой. Жер бетіндегі өміріміз көлеңкедей өткінші.
Job Kaz 8:10  Ал бұрынғы ұрпақтардан тәлім ала аласың. Олардың жан дүниелерінде сақталған дана сөздерінен ғибрат таба аласың.
Job Kaz 8:11  Құрақ батпақсыз биіктеп өсе ала ма? Әрі қамыс сусыз жерде жайқала ма?
Job Kaz 8:12  Су тартылса, олар әлі де жасыл күйде тұрғанмен, басқа шөптен тез қурайды.
Job Kaz 8:13  Құдайды ұмытқандардың тағдыры да осындай, арсыз адамдардың үміті ақталмайды.
Job Kaz 8:14  Олардың сенім артқандары әлсіз де үзілгіш, сүйенгендері өрмекшінің торындай сенімсіз.
Job Kaz 8:15  Сондай адам өрмегіне сүйенсе, ол шыдамайды, егер мықтап ұстаса, ол төзбейді.
Job Kaz 8:16  Зұлым жан күн көзінде, жақсы суарылған жерде жайқалып өсіп тұрған өсімдікке ұқсайды. Ол өркендерін бүкіл бақтың ішіне жайып жібереді.
Job Kaz 8:17  Оның тамырлары үйілген тастарды орап алып, тастақ жерді қармап, жақсылап бекінеді.
Job Kaz 8:18  Ал егер өсімдік сол жерінен жұлынып тасталса, сол орында ешқашан болмағандай жоғалады.
Job Kaz 8:19  Біліп қой, оның өркендеуі осылай аяқталады. Сол топырақтан басқа өсімдіктер өсіп шығады.
Job Kaz 8:20  Құдай, әрине, кінәратсыз адамнан бас тартпайды, зұлымның істегендерін де қолдамайды.
Job Kaz 8:21  Ол әлі де аузыңды күлкіден жиғызбай, көмейіңнен шаттық үніңді сыңғырлайтын қыла алады.
Job Kaz 8:22  Ал сені жек көретіндер масқараға қалады, зұлымдардың мекендері құритын болады.
Chapter 9
Job Kaz 9:1  Әйүп бұған былай деп жауап қатты:
Job Kaz 9:2  — Рас, бұның солай екенін өзім де білемін. Бірақ Құдайдың алдында пенде қалайша ақтала алар еді?
Job Kaz 9:3  Тіпті Онымен пікірталасқа біреу шықса да, Құдайдың қойған мың сұрағының біреуіне де жауап бере алмас еді.
Job Kaz 9:4  Тәңір Иенің даналығы терең, құдіреті ғаламат зор. Оған қарсы шығып, содан аман қалған кім бар?
Job Kaz 9:5  Алдын ала ескертпестен-ақ, Ол тауларды орнынан жылжытады, қаһарланғанда оларды төңкеріп те тастайды.
Job Kaz 9:6  Хақ Тағала жерді сілкігенде, оның түп негізі де шайқалады.
Job Kaz 9:7  Ол күнге бұйрық берсе, ол ұясынан шықпай қояды, әрі жұлдыздарға әмір берсе, олар сәулесін шашпайды.
Job Kaz 9:8  Жасаған Ие жалғыз Өзі аспанды жайып жіберіп, теңіздің толқындарын басып үстімен жүрген.
Job Kaz 9:9  Ол аспандағы Жетіқарақшы, Көгалдай мерген Үркерді де, оңтүстік аспаннан көрінетін шоқжұлдыздарды да жаратты.
Job Kaz 9:10  Тәңір Ие адам толықтай ұға алмайтын ғажап істерді істейді, сансыз кереметтерді жасайды.
Job Kaz 9:11  Біліп қойыңдар, Ол жақындап келсе де, көрмеймін, өтіп бара жатса да, байқамаймын.
Job Kaz 9:12  Егер Ол бір нәрсені күштеп тартып алса, Оны кім тоқтата алады? Кім Оған: «Не істеп отырсың?» деп айта алар еді?
Job Kaz 9:13  Құдай қаһарынан қайтпайды. Теңіздегі алып хайуандар да Оның алдында иіліп тізе бүгеді.
Job Kaz 9:14  Сонда мен (қарапайым пенде) қалайша Құдаймен пікір таластырмақпын? Қандай сөздер таңдап алып, Оған айта алар едім?
Job Kaz 9:15  Мен әділ болсам да, Оның маған таққан кінәларына жауап бере алмаймын. Қайта, мені соттайтын Төрешімнен рақым етуін ғана жалынып өтіне аламын.
Job Kaz 9:16  Тіпті мен Құдайды дауыстап шақырып, Ол дауласуға келсе де, менің үніме құлақ асатынына сенбес едім.
Job Kaz 9:17  Өйткені Ол мені дауылмен соққылап күйретеді, еш себепсіз жараларымды көбейтеді.
Job Kaz 9:18  Маған дем алып тынығуға жол бермейді, мені ащы күйінішпен толтырады.
Job Kaz 9:19  Егер бұл күш сынасу болса, әрине, күштірегі Ол. Ал егер бұл әділдікті табу болса, Оны кім сотқа шақырып келтіре алар еді?
Job Kaz 9:20  Мен әділ болғанмен, Оның алдында өз аузым мені айыптар еді. Кінәсіз болсам да, өз тілім сөздерімді бұрмалап, мені кінәлі деп табар еді.
Job Kaz 9:21  Мен кінәратсыз бола тұра, өз басымның қамын ойламаймын. Өмірімді жек көріп түңіліп кеттім.
Job Kaz 9:22  Бәрібір екен. Содан да мен: «Тәңір Ие кінәратсызды да, зұлымды да құртады» деймін.
Job Kaz 9:23  Апат кенеттен өлім әкелгенде, Ол таза жүрген жанның шеккен азабын келекелейді екен.
Job Kaz 9:24  Жер зұлымдардың қолына түскен, ал Тәңір Ие соның төрешілерінің көздерін жауып қойған. Мұны Ол істемегенде кім істепті?!
Job Kaz 9:25  Күндерім жүгірушіден де жылдам зымырап өтіп жатыр. Олар ешбір жақсылықты көрмей, лезде өте шығады.
Job Kaz 9:26  Иә, күндерім қамыстан жасалған жүйрік қайықтай, олжасына шүйілген бүркіттей зуылдап өтіп жатыр!
Job Kaz 9:27  Ал егер: «Қасіретімді ұмытайын, түнерген жүзімді өзгертіп, жайдары болып көрінейін» десем де,
Job Kaz 9:28  әлі көретін бар азабымнан қорқар едім. Себебі, уа, Құдай, мені ақтамайтыныңды білемін ғой.
Job Kaz 9:29  Мен бәрібір зұлым деп айыпталады екенмін. Ендеше ақталуға тырысып нем бар?
Job Kaz 9:30  Тіпті сабынмен жуынып, қолдарымды сілтімен тазаласам да,
Job Kaz 9:31  бәрібір Сен, о, Құдай, мені сасық шұңқырға итеріп жібересің. Сонда тіпті үстімдегі киімім де өзімнен жеркеніп шыға келеді.
Job Kaz 9:32  Құдай мендей пенде емес, сондықтан мен Онымен тайталасып, екеуіміз сотқа барып, дауласудың мүмкіндігі жоқ қой.
Job Kaz 9:33  Арамызда жүріп, екеуімізді келістіре алатын біреу болса ғой, шіркін!
Job Kaz 9:34  Құдайдың мені таяғымен соққылауын сол келістіруші тоқтатса екен! Мен бұдан былай Одан үрейленбесем екен!
Job Kaz 9:35  Сонда мен Онымен қорықпай сөйлесер едім. Әйтсе де мен үшін бұл мүмкін емес.
Chapter 10
Job Kaz 10:1  Өз өмірім маған жек көрінішті болды. Сондықтан шағымымды тежеусіз, еркін айтамын. Жан дүниемде сақталып келген ащы шерімді ақтарамын.
Job Kaz 10:2  Мен Құдайдан былай деп өтінемін: «Мені айыптай бермесең екен! Мені не үшін айыптайтыныңды ашық білдіре көрші!
Job Kaz 10:3  Маған қысым жасау Өзіңе жақсы болып көріне ме? Неліктен Өзің жаратқан менен бас тартасың, ал зұлымдардың ісіне жылы жүзбен қарайсың?
Job Kaz 10:4  Сенің көздерің пенденікіндей ме еді? Пенденің көргеніндей көретін бе едің?
Job Kaz 10:5  Сенің өмірің де пенденікіндей қысқа ма? Әлде жылдарың да пенденің жылдарындай зулап өтіп,
Job Kaz 10:6  сондықтан қайсыбір кінәмді іздеп, әділетсіз қылығымды тездетіп табуға тырысуың қажет пе?
Job Kaz 10:7  Бірақ Сен менің қылмыскер емес екенімді, әрі өз қолыңнан ешкімнің де мені құтқара алмайтынын білесің ғой.
Job Kaz 10:8  Сен мені өз қолыңмен түгелдей қалыптастырып жараттың. Ал енді мені біржола құртпақсың ба?
Job Kaz 10:9  Мені саз-балшықты илегендей етіп жасағаның есіңде ме? Енді мені қайтадан топыраққа айналдырғың келіп отыр ма?
Job Kaz 10:10  Анам жүкті боларда Сен мені оның құрсағына сүттей құйып, ірімшіктей ұйыттың емес пе?
Job Kaz 10:11  Сүйектерім мен сіңірлерімді біріктіре тоқып, оларды тері, етпен жаппап па едің?
Job Kaz 10:12  Сен маған өмір сыйлап, мейіріміңді таныттың. Сенің қамқорлығың арқасында рухым аман қалды.
Job Kaz 10:13  Бірақ Сен мына нәрселерді өз жүрегіңде жасырып қойдың. Сенің мақсатыңның мынау екенін білемін:
Job Kaz 10:14  Сен мені бақылап тұрсың. Егер күнә жасасам, мұнымды жазасыз қалдырмайсың.
Job Kaz 10:15  Егер кінәлі болсам, қасіретке қалар едім. Тіпті әділ болғанмен, басымды көтере алмаймын. Өйткені әбден масқараланып, азап шегудемін.
Job Kaz 10:16  Егер басымды көтерсем, Сен арыстандай соңымнан қуып жетіп, тап беріп, қайтадан айбарлы да ғажап істер істейсің.
Job Kaz 10:17  Маған қарсы қайта-қайта куәлік келтіріп, өзіме бағытталған қаһарыңды күшейте түсесің. Жіберген апат-пәлелерің бірінен кейін бірі жөңкіп келе береді.
Job Kaz 10:18  Ендеше неліктен мені анамның құрсағынан шығардың? Ешкім мені көрмес бұрын өліп кеткенімде ғой, шіркін!
Job Kaz 10:19  Ешқашан бар болмағандай, анамның құрсағынан бірден қабірге қойылған болсам ғой!
Job Kaz 10:20  Көрер күндерім тым қысқа! Мені жайыма қалдыра гөр, бір сәтке көңіл көтеріп тыншиын!
Job Kaz 10:21  Себебі жақында мен қайтпас сапарға, тас түнек пен түк көргісіз қараңғылық жайлаған аймаққа аттанамын.
Job Kaz 10:22  Қою қараңғылыққа шомған, астан-кестен ретсіздікке толы сол жердің жарығының өзі қара түнектей емес пе?»
Chapter 11
Job Kaz 11:1  Сонда нағамалық Сопар жауап беріп былай деді:
Job Kaz 11:2  — Сонша көп сөз жауапсыз қалуы керек пе? Сөзуар адам ақталып, кінәсіз болмақ па?
Job Kaz 11:3  Сенің көп мылжыңың басқа еркектерді үндетпей тастасын ба? Мазақ сөздерің үшін өзіңді ұялтатын ешкімнің де болмағаны ма?
Job Kaz 11:4  Өйткені Құдайға: «Тәлімім мінсіз, өзім де Сенің көз алдыңда тазамын» деуге дәтің барады.
Job Kaz 11:5  Бірақ, шіркін, Құдай сөйлесе ғой! Аузын ашып саған тіл қатса екен!
Job Kaz 11:6  Даналықтың құпияларын саған білдірсе ғой! Өйткені нағыз даналық көп қырлы. Құдайдың тіпті бірқатар күнәларыңды есінен шығарып, өзіңді әлдеқайда жұмсақ жазалап отырғанын ұғынсаң екен.
Job Kaz 11:7  Құдайдың терең құпияларын шеше аласың ба? Құдіреті шексіз Алланы толықтай зерттеп біле алар ма едің?
Job Kaz 11:8  Сондай білім аспаннан да заңғар, ал сенің қолыңнан не келеді? Ол о дүниеден де терең, сол туралы не біле аласың?
Job Kaz 11:9  Ол жерден де көлемді, теңізден де ұлан-ғайыр.
Job Kaz 11:10  Егер Құдай арамыздан өтіп, біреуді тұтқындап, сотты шақырып жинаса, Оны кім тоқтата алады?
Job Kaz 11:11  Өйткені Құдай кімнің жалған екенін біледі. Оның зұлымдықты көріп, соған назар салмауы мүмкін дейсің бе?
Job Kaz 11:12  Алайда, «Құлан адам боп туғанда ғана ақымақтың ақылы толысар» делінген ғой.
Job Kaz 11:13  Ендеше жүрегіңді Құдайға қайта бағыштап, қолыңды Оған қарай жайып сиынсаң екен!
Job Kaz 11:14  Жасап келген күнәларыңды доғарып, өзіңнен аластатсаңшы! Зұлымдық атаулыны мекеніңе жолатпасаң екен!
Job Kaz 11:15  Сонда сен бет-жүзіңді ұялмастан жоғары көтеріп, еш қорықпай берік тұратын боласың.
Job Kaz 11:16  Қазіргі басыңа түсіп отырған азабыңды ұмытасың, ағып кеткен су сияқты оны есіңнен шығарасың.
Job Kaz 11:17  Өмірің тал түскі күннің сәулесінен де жарық болады. Тіптен қараңғылық та таң шапағындай жарқырайды.
Job Kaz 11:18  Сенде үміт болғандықтан, сенім де болады. Жан-жағыңнан жақсы қорғалғандықтан, алаңсыз жатасың.
Job Kaz 11:19  Тынығып жатқаныңда, сені қорқытатын ешкім болмайды. Қайта, көптеген адам сенің ықыласыңды іздейтін болады.
Job Kaz 11:20  Алайда зұлымдардың көкірек көздері әлсірейді. Олардың бас сауғалайтын жері болмай, үміттері үзіледі.
Chapter 12
Job Kaz 12:1  Сонда Әйүп жауап беріп былай деді:
Job Kaz 12:2  — Шынымен де нағыз данышпансыңдар-ау! Сендер өлгенде даналық атаулы қалмас, сірә?
Job Kaz 12:3  Бірақ менде де өздеріңдікіндей ақыл-сана бар, сендерден кем емеспін. Осы айтқан нәрселеріңді кім білмейді?
Job Kaz 12:4  Мен достарымның мазағына айналдым. Құдайға сиынатынмын және Ол маған жауап беретін. Әділ де кінәратсыз болып келемін, әйтсе де күлкіге қалып отырмын.
Job Kaz 12:5  Тоқмейілсігендер бақытсыздыққа ұшырағандарға немқұрайды қарап, аяқтары тайғандарын тіпті итеріп те жібереді.
Job Kaz 12:6  Халықты құртушылардың мекенінде әлі де тыныштық. Олар Құдайды қаһарландырып келеді, бірақ Ол соларды Өзінің құдіретті қолында ұстайды.
Job Kaz 12:7  Тек хайуандардан сұрап көр, олар саған үйретеді. Әуедегі құстардан сұра, олар саған айтып береді.
Job Kaz 12:8  Немесе жерден сұра, ол да саған көрсетеді. Теңіздегі балықтар да саған білдіреді.
Job Kaz 12:9  Осылардың қайсысы Жаратқан Иенің бәрін Өзінің құдіретті қолымен жаратқанын білмейді екен?
Job Kaz 12:10  Әрбір тірі мақұлықтың жаны да, әр адам баласының тіршілік лебі де Жаратқан Иенің қолында.
Job Kaz 12:11  Адам тамақтың ащы-тұщылығын тілімен ажыратқандай, сөздерді құлағымен сараламай ма?
Job Kaz 12:12  «Даналық қарияларда, парасат көп жасағандарда» дейді.
Job Kaz 12:13  Ал нағыз даналық пен құдірет тек Құдайда, дана ақыл-кеңес пен парасат та Оның Өзінде.
Job Kaz 12:14  Құдай құлатса, ешкім қайта тұрғыза алмайды. Ол тұтқындаса, ешкім босата алмайды.
Job Kaz 12:15  Егер Тәңір жаңбыр жібермей қойса, жер беті құрғап, қуаңшылық жайлайды, ал егер еркіне қоя берсе, бүкіл жерді су басады.
Job Kaz 12:16  Күш-қуат пен жеңіс те Оның қолында, алданған да, алдаушы да Оның көз алдында.
Job Kaz 12:17  Құдай кеңесшілерді ақылынан айырады, билерді де ақымаққа айналдырады.
Job Kaz 12:18  Ол патшалардың сәнді белдігін босатады, белдеріне құл іспетті мата байлатады.
Job Kaz 12:19  Тәңір жауға діни қызметкерлерді жалаң аяқ айдатып әкеткізеді, билік иелерінің астан-кестенін шығарады.
Job Kaz 12:20  Ол сенімге ие болған ақылшыларды тілден айырады, ақсақалдарды парасаттан ада қылады.
Job Kaz 12:21  Ол атақтыларды қор қылады, мықтыларды қаруынан айырады.
Job Kaz 12:22  Құдай қараңғыда жасырынған ой-ниеттерді ашады, қара түнекті жарыққа шығарады.
Job Kaz 12:23  Ол халықтарды ұлы қылып, кейін құртады, олардың жерін кеңейтіп, кейін адамдарын ыдыратып жібереді.
Job Kaz 12:24  Тәңір елдің басшыларын ақылдан жұрдай қылады, жолсыз құла түзді кездіріп қояды.
Job Kaz 12:25  Олар жарығы жоқ түнекте сипалап жүреді. Тәңір оларды мас адамдай теңселтіп қояды.
Chapter 13
Job Kaz 13:1  Біліп қойыңдар, осының бәрін өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естіп, ұғындым.
Job Kaz 13:2  Сендер білетінді мен де білемін, сендерден еш кем емеспін.
Job Kaz 13:3  Шынында мен құдіреті шексіз Құдайға тікелей тіл қатып, өз ісім жайлы дәлелдеме келтіргім келеді.
Job Kaz 13:4  Ал өздерің маған өтіріктерді майдай жағасыңдар, барлығың да түкке тұрғысыз емшіге ұқсайсыңдар.
Job Kaz 13:5  Үн-түнсіз қалсаңдар ғой, шіркін! Бұл сендер үшін даналық болар еді.
Job Kaz 13:6  Ал енді, менің уәжімді тыңдаңдар, келтіретін дәлелдеріме құлақ салыңдар!
Job Kaz 13:7  Өтірік айтып Құдайды қолдаймыз, жалған сөйлеп Оны ақтаймыз деп ойлайсыңдар ма?
Job Kaz 13:8  Осылайша екіжүзділікпен Құдайды жақтап, Оның сөзін сөйлемекшісіңдер ме?
Job Kaz 13:9  Ал егер Ол бұларыңды тексерсе, өздеріңе жақсы болар ма екен? Адамдарды алдағандай, Оны да алдауға ұмтылғандарың ба?
Job Kaz 13:10  Сендер Құдайға жағыну үшін шындықты құпия бұрмаласаңдар, Ол сендерге қатты сөгіс береді.
Job Kaz 13:11  Құдайдың ғаламат ұлылығынан қорықпайсыңдар ма? Оның айбындылығы сендерді басып тастамай ма?
Job Kaz 13:12  Ескертулерің — күл-қоқыстай нәрсіз, келтіріп отырған дәлелдерің қатқан балшықтай әлсіз.
Job Kaz 13:13  Қасымда тұрғанда үндемеңдер, мен өзім сөйлеймін. Содан соң не болса о болсын.
Job Kaz 13:14  Сол үшін мен тәуекелге бел байлап, жанымды қиюға бармын.
Job Kaz 13:15  Құдай мені өлтірмек болса да, Оған үмітімді артамын. Қайткенде де іс-әрекеттерімді Оның алдында қорғайтын боламын.
Job Kaz 13:16  Соным арқылы құтқарыламын, өйткені ешбір әділетсіз адам Құдайдың алдына бара алмайды.
Job Kaz 13:17  Сөздерімді мұқият тыңдаңдар, пайымдауларыма құлақ салыңдар!
Job Kaz 13:18  Өйткені мен ісімді дайындадым. Өзімнің ақталатынымды білемін.
Job Kaz 13:19  Маған айып таға алатын біреу бар ма өзі? Болса, үндемей-ақ өле салуға бармын.
Job Kaz 13:20  Уа, Құдай, маған мына екі нәрсені істесең екен, сонда мен Өзіңнен жасырынбаймын:
Job Kaz 13:21  мені жазалаған қолыңды алшақтата гөр, өз үрейіңмен мені қорқытуыңды доғара гөр.
Job Kaz 13:22  Содан соң шақырып алшы, өзім жауап беремін. Немесе мен сөйлеймін, ал Сен айтқандарыма жауап қайтарсаң екен.
Job Kaz 13:23  Менің жазығым мен күнәларым қаншама? Саған қарсы шығып, күнә жасаған болсам, маған айтып берші, біліп алайын.
Job Kaz 13:24  Сен неге менен жүзіңді бұрып әкетесің, уа, Тәңірім? Мені неге жауың деп есептейсің?
Job Kaz 13:25  Жел айдаған жапырақты қорқытпақсың ба? Қурап қалған бір түйір сабанның соңына түспексің бе?
Job Kaz 13:26  Мен туралы ащы айыптар жазып қойып, балалық шақтағы күнәларымды мойныма артып келесің.
Job Kaz 13:27  Аяғымды бұғаулап, барлық жүрген жолдарымды бақылайсың, ізімнен ешбір қалмайсың.
Job Kaz 13:28  Содан мен шіріген нәрседей, күйе жеген киімдей тозып күйреудемін.
Chapter 14
Job Kaz 14:1  Пенденің өмірі қып-қысқа, соның өзі де әбден мазасыз.
Job Kaz 14:2  Адам гүл секілді өсіп шығып, солып қалады, өткінші көлеңкедей болған жерінде қала алмайды.
Job Kaz 14:3  Мендей пендеге көз алмастан қарайсың ба? Жауап алу үшін мені өз алдыңа әкелуің керек пе?
Job Kaz 14:4  Арам адамнан адал нәрсені кім шығара алады? Ешкім де!
Job Kaz 14:5  Сен пенденің өмір сүретін күндері мен айларының санын есептеп белгіледің, содан ешкім де аса алмайтын шек те қойдың.
Job Kaz 14:6  Ендеше назарыңды басқа жаққа аударып, пендені жайына қалдыра гөр. Жалшының жұмыс күнінің аяқталғанына қуанатынындай, пенде де өмірінің рақатын көріп шаттансын.
Job Kaz 14:7  Тіпті ағаштың да үміті бар: оны кесіп тастаса да, ол қайтадан өркен жайып өсе бермек.
Job Kaz 14:8  Жер астындағы тамырлары семіп қалса да, түбірі топырақта өлейін деп жатса да,
Job Kaz 14:9  судың лебінен-ақ ол қайтадан бүршік атып, жас өскіндей бұтақ жайып шыға келеді.
Job Kaz 14:10  Бірақ мықты деген адам да өлгенде бар күшінен айырылады. Ақырғы демін шығарғаннан кейін ол қайда болады?
Job Kaz 14:11  Көлдің суы тартылып, өзеннің арнасы кеуіп жарылып кететініндей,
Job Kaz 14:12  адам да қабірде жатқанда қайта тұрмайды. Аспан жоғалып кетпейінше ол оянбайды да, ұйқыда қозғалмастан жата береді.
Job Kaz 14:13  Мені о дүниеде аман-есен жасырып қойсаң екен! Қаһарың басылғанша мені тыға тұрсаң ғой! Мен үшін бір уақытты белгілеп, содан соң есіңе алып, мені құтқарсаң, шіркін!
Job Kaz 14:14  Адам өлген соң, қайтадан тіріле ме? Олай болса, мен бейнетке толы қызметімнің бар күндерінде өз орнымды басып азабымнан құтқаратын біреудің келуін зарыға күтер едім.
Job Kaz 14:15  Сонда Сен Өзің жаратқан мені қайтадан көргің келген кезіңде шақырып, мен Саған жауап берер едім.
Job Kaz 14:16  Сен қазір әр қадамымды санап келсең де, енді қайтып маған күнә жасай ма екен деп мұқият бақыламас едің.
Job Kaz 14:17  Қайта, Сен теріс қылықтарымды дорбаға салып, мөрлеп, барлық күнәларымды әкпен ағартқандай жауып тастар едің.
Job Kaz 14:18  Бірақ қазір тау да үгіліп қирап, жартас та өз орнынан қозғалатындай,
Job Kaz 14:19  судың тасты мүжіп, тасқын судың жердің топырағын шайып әкететініндей, Сен де пенденің үмітін құртасың.
Job Kaz 14:20  Сен пендеден біржола басым болып, ол кетіп қалады. Ажалмен оның сиқын бұзып, оны бұ дүниеден қайтарып жібересің.
Job Kaz 14:21  Бұдан былай балалары абыройлы ма, ол содан хабарсыз, әлде олар елеусіз бе, оны да біле алмайды.
Job Kaz 14:22  Пенде тек өз денесінің қиналғанын сезіп, өз жаны үшін қайғырады.
Chapter 15
Job Kaz 15:1  Темандық Елипаз Әйүпке былай деп жауап берді:
Job Kaz 15:2  — Дана адам байыбына бармай жауап бере ме, яки жел сөзге сене ме?
Job Kaz 15:3  Әлде пайдасыз сөздермен айтысып, еш тиімсіз әңгімемен айналыса ма?
Job Kaz 15:4  Ал сен осындай сөздеріңмен Құдайды қастерлеуден бас тартсаң, Оның қасында болып, ой толғап сиынуды кемсітесің.
Job Kaz 15:5  Себебі өз кінәң аузыңа не айтуды нұсқайды. Алдамшының тілімен сөйлейсің.
Job Kaz 15:6  Сені айыптап жатқан мен емес, өз сөздерің. Өз аузыңмен өзіңді әшкерелейсің.
Job Kaz 15:7  Немене, сен ең алғаш болып туған адам ба едің? Құдай төбелерді жаратпай тұрып-ақ, сен қалыптастырылған ба едің?
Job Kaz 15:8  Құдайдың арнайы кеңесіне қатысып, тыңдап көріп пе едің? Даналық тек өз басыңда ғана бар ма?
Job Kaz 15:9  Біз білмей, сен өзің ғана білетін не нәрсе ол? Немесе біз түсінбейтін нені түсінесің?
Job Kaz 15:10  Жасы сенің әкеңнен де үлкен ақсақалдар бар арамызда.
Job Kaz 15:11  Құдайдың жұбатуы саған аз ба? Оның айтқан жылы сөздері саған жетіспей ме?
Job Kaz 15:12  Неліктен осыншама ақылыңнан адасып кеттің? Бізге несіне көзіңді аларта қарайсың?
Job Kaz 15:13  Неге Құдайға қарсы шығып, аузыңнан осындай сөздерді шығарасың?
Job Kaz 15:14  Адам пәк таза болушы ма еді? Әйелден туған пенде әділ бола ала ма?
Job Kaz 15:15  Құдай тіпті Өзіне бағышталған қасиетті қызметшілеріне де сенім артпайды. Аспан да Оның көз алдында таза емес.
Job Kaz 15:16  Ендеше жексұрын да бұзылған, жамандықты «суды сіміргендей» оңай жасайтын адам ше?
Job Kaz 15:17  Айтатын сөзімді тыңдашы, өзім көргенді саған айтып берейін.
Job Kaz 15:18  Осы жайттар — даналардың айтқандары, олардың өз ата-бабаларынан естіп, жасырмай үйреткендері.
Job Kaz 15:19  Осы жер оларға ғана берілген болатын. Сол кезде араларынан жат жұрттықтар кезіп өтпейтін.
Job Kaz 15:20  Зұлым адам өмір бойы аурудан қиналып шығады. Жауыз адам қанша жыл өмір сүрсе, сонша жыл азап шегеді.
Job Kaz 15:21  Олардың құлақтарына үрейлі дауыстар естіледі. Тыныштық кезінде-ақ оларға құртушы келіп шүйіледі.
Job Kaz 15:22  Сондай адамның өзінің түнектен қайтатынына үміті үзілген. Оның көретіні — семсердің жүзінен болатын өлім.
Job Kaz 15:23  Бар жерден: «Нан қайда екен?» деп іздейді. Бірақ өзін қара түнек басатын күннің келіп қалғанын да біледі.
Job Kaz 15:24  Азап пен ауыртпалық зұлымды үрейлендіреді. Шайқасқа дайын тұрған патшадай сол екеуі оны басып алады.
Job Kaz 15:25  Себебі зұлым адам Құдайға қарсы қолын көтереді, құдіреті шексіз Аллаға қарсы өзін күштімін деп бөседі.
Job Kaz 15:26  Ол қалың қалқанмен қорғанғандай тоңмойындана Тәңірге қарсы жүгіріп бас салады.
Job Kaz 15:27  Зұлымның бетін май басып, мықынына қоң жиналған.
Job Kaz 15:28  Бірақ ақырында жауыз бен зұлым қаңырап бос қалған қалаларда тұрады. Олар тек қирап үйінді болған елсіз үйлерді ғана мекендей алады.
Job Kaz 15:29  Сондай адам жинаған байлығынан ада қалады. Дәулеті көпке бармай, жерге де тамыр жаймайды.
Job Kaz 15:30  Қара түнектен ол құтылмайды. Аптап ыстық оның өскіндерін оттай шарпып тастайды, Құдай жіберген дауыл оны іліп әкетеді.
Job Kaz 15:31  Зұлым енді түкке тұрғысыз нәрсеге сеніп, өзін-өзі алдамасын! Себебі бұнысынан ештеңе де шықпайды.
Job Kaz 15:32  Ол ағаш іспетті мерзімінен бұрын шабылып тасталады, бұтақтары енді қайтып көгермейді.
Job Kaz 15:33  Зұлым жүзім бұтасы сияқты піспеген жемісін жерге түсіріп, зәйтүн ағашы секілді гүлдерін жерге шашып тастайды.
Job Kaz 15:34  Өйткені арсыз зұлымдардың тобы еш жақсылық әкелмейді. Пара алғандардың мекендерін от жалмайды.
Job Kaz 15:35  Олар шатақ ойластырып, зұлымдық жасайды, жан дүниелерінде алдау мен арбауды дайындайды.
Chapter 16
Job Kaz 16:1  Әйүп оған былай деп жауап берді:
Job Kaz 16:2  — Мен мұндайды бұрын да көп естігенмін. Сендер не қылған жаман жұбатушысыңдар!
Job Kaz 16:3  Бос сөздеріңді қашан доғарасыңдар? Бұндайды айтуға сендерді не итермелеп тұр?
Job Kaz 16:4  Мен де өздерің сияқты сөз құрастырып ақыл айта алар едім. Егер менің орнымда болсаңдар, сендерге де сұқ саусағыммен шұқып көрсете алар едім.
Job Kaz 16:5  Қайта, мен өздеріңе сөзбен демеу болар едім. Көріп отырған азаптарыңды айтар сөздеріммен жеңілдетер едім.
Job Kaz 16:6  Ал қазір сөйлесем де, азабым жеңілдемейді, сөйлемесем де, ол басылмайды.
Job Kaz 16:7  Уа, Құдай, мені титықтатып, бүкіл отбасымды қаңыратып бос қалдырдың.
Job Kaz 16:8  Сен кінәмді әшкерелемек болғандай, мені жүдетіп жібердің. Құр сүлдерім қалып, азып-тозғаным маған қарсы айғақ болып, кінәмді бетіме басып тұрғандай.
Job Kaz 16:9  Құдайдың қаһары маған тап беріп, паршалап тастайды. Ол мені дұшпандай қауып алып, маған көздерімен атып жатқан жауым іспетті қадала қарайды.
Job Kaz 16:10  Жұрт маған тістерін ақситып, келеке қылады. Шекемнен ұрып, басынады да. Олар маған қарсы тобыр құрып жиналады.
Job Kaz 16:11  Құдай мені әділетсіздерге қалдырды, нағыз зұлымдардың қолына түсірді.
Job Kaz 16:12  Алаңсыз едім, Ол мені екіге бөлді. Мені мойнымнан қармап ұстап, кесек-кесек қылып сындырды. Мені Өзіне нысана қылып алды.
Job Kaz 16:13  Садақшылары мені қоршап алды. Жебелерімен еш аямай бүйрегімді жарып, бауырымнан шыққан өтті жерге төгуде.
Job Kaz 16:14  Ол маған қайта-қайта тап беріп, жасақшыдай бас салуда.
Job Kaz 16:15  Мен тәніме азалы киім киіп, бетімді топыраққа бастым.
Job Kaz 16:16  Бет-әлпетім жылағаннан қып-қызыл, көзімнің айналасы қара тартқан.
Job Kaz 16:17  Қолыммен еш зорлық жасаған жоқпын, еткен мінәжаттарым да пәк таза. Дегенмен осының бәрі басыма түсіп отыр.
Job Kaz 16:18  Ей, жер, қанымды жасыра көрме! Жалынған үнім де еш тынбасын.
Job Kaz 16:19  Тіпті қазірдің өзінде мен үшін де куәлік беретін Қорғаушым көкте. Сөзімді сөйлейтін Қолдаушым заңғар биікте.
Job Kaz 16:20  Бірақ мына достарым мені келеке қылып отыр. Көзімнен жас ағып, Құдайдан көмек сұраймын.
Job Kaz 16:21  Беу, досына арашашы болғандай біреу мен үшін Құдай алдында өтініш жасаса ғой!
Job Kaz 16:22  Себебі өмірімнің соңы таяп қалды, жуырда қайтпас сапарға аттанамын.
Chapter 17
Job Kaz 17:1  Рухым күйреген, күндерім таусылуға жақын. Алдымда күтіп тұрған көр ғана.
Job Kaz 17:2  Қасымдағылар мені келеке қылуда. Бар көретінім — олардың ащы қорлығы.
Job Kaz 17:3  (Уа, Құдай,) менің әділдігім жайлы кепілдік бере көрші! Сенен басқа оны беретін кім бар?
Job Kaz 17:4  Өзің олардың ой-санасын жауып қойдың. Енді олардың жеңіске жетуіне жол бермеші!
Job Kaz 17:5  Олар өз пайдалары үшін достарын сатады, бірақ соның кесірі балаларына тиетін болады.
Job Kaz 17:6  Құдай мені жұрттың мазағына айналдырды. Бәрі де бетіме түкіріп қорлайды.
Job Kaz 17:7  Қайғыдан көздерім буалдырланып, денемнің құр сүлдері қалды.
Job Kaz 17:8  Әділ адамдар мені көргенде аңтарыла шошынады. Кінәсіздер арсыздарға ашуланып, қарсы көтеріледі.
Job Kaz 17:9  Сонда да әділдер өз жолдарымен нық жүреді, қолдары таза ізгі жандар күшейген үстіне күшейе береді.
Job Kaz 17:10  Бірақ келіңдер, бәрің де, қайтадан тырысыңдар! Бәрібір араларыңнан ақылды адамды таба алмаспын.
Job Kaz 17:11  Күндерім өтіп, ниеттенгендерім өшіп қалды. Жан-тәніммен аңсағаным да осылайша құрыды.
Job Kaz 17:12  Ал адамдар күнді түн қылады, қараңғы басқанның өзінде «Қазір жарық болады!» деп баса айтады.
Job Kaz 17:13  Егер көр үйім болайын деп, төсегім түнекте салынайын деп жатса,
Job Kaz 17:14  шіруді әкем, тәнімді жалмайтын құртты шешем, әпке-қарындасым деп отырсам,
Job Kaz 17:15  онда үмітімнің қайда болғаны? Оны таба алатын біреу бар ма?
Job Kaz 17:16  Жоқ, үмітім менімен бірге о дүниеге аттанбақ. Екеуіміз де бірдей жер қойнына түсерміз.
Chapter 18
Job Kaz 18:1  Сонда шуахтық Билдад былай деп жауап берді:
Job Kaz 18:2  — Бұл әңгімені қашанға дейін айта бересіңдер? Ақылға келіңдер, кейін сөйлесе жатармыз.
Job Kaz 18:3  Әйүп, неге бізді малдай көресің? Сен үшін біз миғұла адамдар сияқтымыз!
Job Kaz 18:4  Ашуланып өзіңді соншама қазбалай беретінің не? Саған бола бүкіл жер қаңырап қалып, жартастар өз орындарынан қозғалуы керек пе?
Job Kaz 18:5  Шүбә жоқ, зұлымның жарығы сөнеді, оның отының алауы жарқырай бермейді.
Job Kaz 18:6  Үйіндегі жарық қараңғы болып, шам-шырағы да өшеді.
Job Kaz 18:7  Күшті аяғы қысқарып, құрған арам жоспары оның өзін құлатады.
Job Kaz 18:8  Зұлымды өз аяғы торға түсіріп, өз бетімен жүрген ол орға құлайды.
Job Kaz 18:9  Қақпан оны өкшесінен ұстап, тұзақ оны тұтады.
Job Kaz 18:10  Тұзақ жіп жерде жасырын қойылған, жүретін соқпағында қақпан орнатылған.
Job Kaz 18:11  Күнәкарды жан-жағынан қорқыныш үрейлендіріп, соңынан қалмай қуады.
Job Kaz 18:12  Оның күші аштықтан таусылып, құлаған кезінде пәле де дәл қасында бола қалады.
Job Kaz 18:13  Ауру оның терісін жеп, кейін ажал да жетіп, дене мүшелерін құртпақ.
Job Kaz 18:14  Зұлым өзі сенім артқан мекенінен жұлынады, оны «үрейдің патшасына» апарып тапсырады.
Job Kaz 18:15  Жауыздың мекенін от жалмайды, тұрған үйіне жанып жатқан күкірт жаумақ.
Job Kaz 18:16  Оның түп-тамыры құрғап, бұтақтары қурап қалады.
Job Kaz 18:17  Күнәкар туралы естелік жер бетінен құрып, өз мекенінде де оның есімі ұмытылады.
Job Kaz 18:18  Ол жарықтан түнекке қуылып, тұрған жерінен аластатылады.
Job Kaz 18:19  Халықтың арасында оның баласы да жоқ, үрім-бұтағы да жоқ. Бұрын қоныстанған елінде ешбір тұяғы қалмайды.
Job Kaz 18:20  Батыстан келгендер оның басына түскен жайтты көріп аңтарылады, шығыстан келгендер де қорқып былай демек:
Job Kaz 18:21  «Міне, зұлымның мекеніне осындай бақытсыздық түспек! Құдайды мойындамайтынның тұрған орны осындай болмақ!»
Chapter 19
Job Kaz 19:1  Бұған Әйүп былай деп жауап берді:
Job Kaz 19:2  — Қашанғы жанымды қинамақсыңдар, айтқан сөздеріңмен мені езгілей бересіңдер?
Job Kaz 19:3  Мені он рет масқараладыңдар, маған еш ұялмай жамандық істей бересіңдер!
Job Kaz 19:4  Егер адасқаным шындық болса, сол қателігім менің ғана мәселем!
Job Kaz 19:5  Ал расында өздеріңді менен жоғары қойып, осы бейшаралығымды бетіме бассаңдар,
Job Kaz 19:6  онда мынаны біліп қойыңдар: мені осы мүшкіл жағдайға түсіріп, жан-жағыма торын жайған — Құдайдың Өзі!
Job Kaz 19:7  Мен: «Зорлық!» деп айқайласам да, ешкім жауап бермейді. Жұртты көмекке шақырамын, бірақ әділдік бәрібір жоқ.
Job Kaz 19:8  Өтіп кете алмауым үшін Құдай жолыма бөгет қойды. Ол жүретін соқпағымды түнекпен жауып тастады.
Job Kaz 19:9  Құдай мені абыройымнан жұрдай қылып, басымнан «тәжімді» сыпырып алды.
Job Kaz 19:10  Мені жан-жақтан қырып-жойып, үмітімді арам шөптей түп-тамырымен жұлып тастады.
Job Kaz 19:11  Ол маған өз қаһарын тұтатып, мені қас жауындай есептейді.
Job Kaz 19:12  Оның «жасақшылары» маған қарсы анталап келіп, мені құрсаулап, мекенжайымды қоршап алды.
Job Kaz 19:13  Құдай ағайындарымды өзімнен алыстатып, таныстарым маған жат болып кетті.
Job Kaz 19:14  Туған-туыстарым менен безіп, дос-жарандарым мені танудан қалды.
Job Kaz 19:15  Үйімде тұратын келімсектер мен қызметші қыздар мені бөтен адамдай санап шеттетеді. Олар үшін жат жұрттық кірме болып қалдым.
Job Kaz 19:16  Қызметшімді шақырсам, жауап бермейді, оған тіпті жалынып өтінуім қажет!
Job Kaz 19:17  Әйелім демімнің иісінен жеркенеді, туған бауырларыма да жексұрынмын.
Job Kaz 19:18  Тіпті жас балалар да мені менсінбейді, орнымнан тұрғанымда келекелейді.
Job Kaz 19:19  Сырлас достарымның бәрі менен жиренеді, жақсы көретін адамдарым маған қарсы шықты.
Job Kaz 19:20  Құр сүлдерім қалып, зорға тірі жүрмін.
Job Kaz 19:21  Аяңдаршы мені, аяңдаршы, достарым-ау! Мені Құдайдың Өзі ұрып-соқты.
Job Kaz 19:22  Неге сендер Құдайға ұқсап артымнан қуып, етіме тоймағандай өкшелеп соңымнан қалмайсыңдар?
Job Kaz 19:23  Менің сөздерім жазылып қалдырылса ғой! Бір кітапқа жазылса ғой!
Job Kaz 19:24  Сөздерім темір қаламмен тас бетіне қашалып, қорғасынмен толтырылып, осылайша мәңгілікке жазылса ғой!
Job Kaz 19:25  Ал мен Құтқарушымның тірі екенін білемін! Ақырында Ол осы (өткінші) жерде (мені ақтап) тұратын болады!
Job Kaz 19:26  Денемнің күллі терісі шіріп, құрып кетсе де, соңында мен денемде Құдайды көретін боламын!
Job Kaz 19:27  Оны мен өзім көремін! Оны көретін басқаның емес, менің өз көздерім болады. Сол үшін де жүрегім кеудемде қатты толқып тұр!
Job Kaz 19:28  Ал өздерің: «Оны қудалап көрейік, мәселенің түп-тамыры оның өзінде ғой!» дейсіңдер.
Job Kaz 19:29  Бірақ сендер Соттаушының семсерінен қорқыңдар! Себебі Оның қаһары бастарыңа семсерді төндірмек. Сонда сендер соттың бар екеніне көз жеткізесіңдер.
Chapter 20
Job Kaz 20:1  Сонда нағамалық Сопар тағы да сөйлей бастап былай деді:
Job Kaz 20:2  — Ішім алай-дүлей болып, ойларым маған маза бермей тұр. Жауап беруім қажет!
Job Kaz 20:3  Сен мені айыптап, намысыма тиіп отырсың! Сондықтан ақылым мені сөйлетіп отыр.
Job Kaz 20:4  Білмейтін бе едің? Баяғы заманнан бері, адам баласы жер бетіне орналасқалы,
Job Kaz 20:5  зұлымның шаттануы ешқашан ұзаққа созылмады, арсыздың қуанышы бір мезеттік қана.
Job Kaz 20:6  Ол тіпті асқақтап, аспанға дейін көтерілсе де, басы бұлттарға тиетін болып өссе де,
Job Kaz 20:7  бәрібір малдың қиы сияқты лақтырылып тасталмай ма? Оның таныстары: «Қайда екен ол?» дейтін болады.
Job Kaz 20:8  Зұлым адам түс сияқты ғайып болып, ешкім таба алмай қалады, түнде көрген елестей жоғалып кетеді.
Job Kaz 20:9  Оны көрген көз енді қайтып көрмейді, зұлымның үй іші оған бұдан былай қарамайды.
Job Kaz 20:10  Зұлымның балалары кедейлерден қайыр сұрайды, өйткені ол алдау-арбаумен жинаған дүние-мүлкін өз қолымен қайтарып беруге мәжбүр болды.
Job Kaz 20:11  Жастықтың күш-қуаты болғанмен, сонысы кейін зұлымның өзімен бірге көрге түседі.
Job Kaz 20:12  Арсыз жан күнәні тәп-тәтті көріп, тілінің астына салып тамсана сорса да,
Job Kaz 20:13  оны қоя бергісі келмей, аузында қанша ұстап қалуға тырысса да,
Job Kaz 20:14  онысы асқазанында быршып ашиды. Сөйтіп күнә арсыздың ішінде жыланның уы болып шыға келеді.
Job Kaz 20:15  Ол небір байлықты жұтқан еді, енді соның бәрін құсып тастайды. Оны ішінен шығаратын Құдайдың Өзі болады.
Job Kaz 20:16  Ондай адам сұр жыланның уын сорады, зәрлі жылан оны шағып өлтіреді.
Job Kaz 20:17  Осылай ол елдің ағы мен балының өзендей ағыл-тегіл мол екенін көре алмайды.
Job Kaz 20:18  Бейнетпен қолға түсіргенін жей алмай, қайтаруы қажет болады, саудасының түсімінің де пайдасын көрмейді.
Job Kaz 20:19  Өйткені ол кедейді қанап, шарасыз жағдайында қалдырып кететін, өзі салмаған үйлерді тартып алатын.
Job Kaz 20:20  Ашқарақтығы маза бермейтіндіктен, өзі сүйсінетін нәрселерінің ешқайсысын сақтап қала алмайды.
Job Kaz 20:21  Жеп болған соң, басқа ештеңесі қалмайды. Сондықтан зұлымның дәулеті тұрақты болмайды.
Job Kaz 20:22  Дәулетке кенеліп отырған кезінде басына пәле түседі. Өкпелеген әркім оған қарсы қолын көтереді.
Job Kaz 20:23  Арсыздың қарнын толықтай толтыру үшін, Құдай лаулаған қаһарын оған бағыттап, пәлені жаңбырдай лақ еткізіп төгеді.
Job Kaz 20:24  Зұлым адам темір қарудан қашып құтылып кетсе де, қола ұшты жебе оны түйреп өтетін болады.
Job Kaz 20:25  Соның жылтыраған ұшы денесін тесіп өтіп, арқасынан шыға келмек. Сондықтан ол өлімнен қорқып, зәресі ұшады.
Job Kaz 20:26  Өзіне ерекше қымбат нәрселер түнекте жоғалмақ. Адам үрлемеген от зұлымды жалмайды. Оның үйінде қалған нәрселер де өртеніп кетеді.
Job Kaz 20:27  Аспан оның залымдығын әшкере етіп, жер де оған қарсы шығып, оны айыптайды.
Job Kaz 20:28  Құдай қаһарланып, жазалайтын күні тасыған өзен зұлымның үйіндегі бар өнімін ағызып әкетіп, жоқ қылады.
Job Kaz 20:29  Құдайдың зұлымдарға белгілеген тағдыры осындай, Тәңірдің оларға бұйырған «мұрасы», міне, осы.
Chapter 21
Job Kaz 21:1  Әйүп бұларға былай деп жауап қайырды:
Job Kaz 21:2  — Айтарымды жақсылап тыңдаңдар, соның өзі мені жұбатқандарың болсын.
Job Kaz 21:3  Аздап сабырлы болыңдар, мен сөйлейін. Айтып болайын, сосын келеке-мазақтарыңды жалғастыра берерсіңдер.
Job Kaz 21:4  Ал менің шағымдануым адамға қарсы ма еді? Шыдамсыз болуымның да жөні бар.
Job Kaz 21:5  Жағдайыма жақсылап қарасаңдар, шошып кетесіңдер. Аңтарылған ауыздарыңды жауып қойыңдар!
Job Kaz 21:6  Мына жайт туралы ойласам, өзім абыржып, денем дірілдеп қоя береді:
Job Kaz 21:7  Зұлымдар неге әлі де өмір сүріп, тіпті көп жасайды? Күш-қуаттары неліктен барған сайын өсе береді?
Job Kaz 21:8  Балалары көз алдында ер жетіп, немерелерінің қызығын көреді.
Job Kaz 21:9  Үй-жайлары қауіпсіз де алаңсыз, Құдайдың жазасы оларға төнбейді.
Job Kaz 21:10  Ондайлардың малы төлді болып, төлдерінің біреуі де жоғалмайды.
Job Kaz 21:11  Балаларын отардай еркін шығарып жіберіп, олар қозы-лақтай секеңдеп ойнап жүреді.
Job Kaz 21:12  Жетіген мен даңғыраның әуеніне қосылып өлең айтады, сыбызғының әуенімен де көңіл көтереді.
Job Kaz 21:13  Зұлымдар өмір бойы молшылықта болып, жер қойнына қиналмай-ақ аттанады.
Job Kaz 21:14  Сонда да олар Құдайға: «Қасымыздан аулақ кетші! — дейді. — Тура жолың жайлы білгіміз келмейді!
Job Kaz 21:15  Біз Оған қызмет ететіндей құдіреті шексіз Тәңір кім Өзі? Оған жалына сиынудан бізге не пайда?»
Job Kaz 21:16  Біліп қойыңдар, олардың аман-есендіктері өз қолдарында емес қой! Ал мен зұлымдардың мұндай ойларынан аулақ жүремін.
Job Kaz 21:17  Алайда зұлымдардың шырағы қашан мезгілінен бұрын сөнген еді? Қашан бастарына пәле түскен еді? Қашан Жасаған Ие оларға қаһарланып, қайғы-қасірет жіберген еді?
Job Kaz 21:18  Ондайлар қашан жел қуған сабандай, не дауыл соғып, ұшырып әкеткен қабықтай болған еді?
Job Kaz 21:19  «Әйтеуір Құдай адамның кінәсін сақтап қойып, оның жазасын тартқызады!» дейді емес пе? Одан да Құдай зұлымдардың өздерін жазаласын, сонда олар білетін болады!
Job Kaz 21:20  Олар күйрегендерін өз көздерімен көрсін, құдіреті шексіз Тәңірдің қаһарына толығымен кенелсін!
Job Kaz 21:21  Себебі өз ғұмырының күндері біткен соң, артында қалған ұрпағына не болса да, зұлымға бәрібір емес пе?!
Job Kaz 21:22  Ал Құдайға біреу даналықты үйрете ала ма?! Ол тіпті ең жоғарғыларды да соттайды ғой!
Job Kaz 21:23  Біреу мол дәулетке кенеліп бейқам өмір сүреді.
Job Kaz 21:24  Тамағы тоқ, денсаулығы мықты болып, ақырында нағыз кемелді шағында о дүниеге аттанады.
Job Kaz 21:25  Ал басқа біреу болса, еш игілік көрместен, бұ дүниеден көңілі қалып өтеді.
Job Kaz 21:26  Ақырында солардың екеуі де жер қойнына еніп, екеуі де құртқа жем болады.
Job Kaz 21:27  Міне, сендердің ойларыңды білемін. Айтқандарымды қулықпен жоққа шығарғыларың келеді ғой.
Job Kaz 21:28  «Кәне, құламай аман тұрған сол зұлым билеушінің үйі және заңсыздардың мекені қайда екен?!» деп айтарсыңдар.
Job Kaz 21:29  Көп жол жүретіндерден сұрамап па едіңдер? Олардың айтатын куәліктерін қабылдамап па едіңдер?
Job Kaz 21:30  Пәле келген күні зұлым адам аман қалады, қаһар шүйілген күні оған құтылып кетуге жол ашылады.
Job Kaz 21:31  Зұлымға не істеген ісін бетіне басып айтатын, не жаман ісінің қарымын қайтаратын ешкім жоқ.
Job Kaz 21:32  Арсыздың мәйітін құрметпен қабірге қойып, қабір басында құрметті күзет тұрады.
Job Kaz 21:33  Алдында да, артында да сансыз көп адам жүріп, оны соңғы сапарға шығарып салады. Аңғардағы қабірінде жайлы жатады.
Job Kaz 21:34  Сонымен мені түкке тұрғысыз нәрселерді айтып жұбататындарың не? Берген жауаптарыңның бәрі де өтірік.
Chapter 22
Job Kaz 22:1  Сонда темандық Елипаз жауап беріп былай деді:
Job Kaz 22:2  — Күшті адамның Құдайға келтірер пайдасы бар ма? Ең дана деген пенде Оған пайдалы бола ала ма?
Job Kaz 22:3  Тіпті сен өзің әділ болсаң, құдіреті шексіз Тәңірді соныңмен қандай ризашылыққа кенелтер едің? Іс-әрекетің мінсіз болса, Оған келер пайда не болмақ?
Job Kaz 22:4  Құдайдың өзіңе осылайша айып тағып, соттағаны сенің Оны терең қастерлегенің үшін дейсің бе?!
Job Kaz 22:5  Қайта, ол аса зұлым болғаныңнан емес пе? Істеген зұлымдықтарыңның еш шегі жоқ болса керек!
Job Kaz 22:6  Сен бейшара ағайындарыңнан алған қарызына еш себепсіз кепілдік талап етіп, киімі аз олардың қолдарындағы барын да тартып алғансың.
Job Kaz 22:7  Тіпті шөлдеген адамға су, ашыққан адамға нан бермейтінсің.
Job Kaz 22:8  Жер мықты адамдікі, беделді кісі оны мекендейді (деген шығарсың).
Job Kaz 22:9  Бейшара жесірлерді құр қол жіберіп, жетімдердің де үмітін өшіретінсің.
Job Kaz 22:10  Сондықтан да жан-жағыңда тұзақтар пайда болып, аяқ астынан үрейің ұшты.
Job Kaz 22:11  Дым көрінбейтін тас түнектің ортасында қалып, үстіңді топан су басып тастаған.
Job Kaz 22:12  Құдай заңғар көкте емес пе? Ал ең алыс жұлдыздар қандай биікте десеңші?!
Job Kaz 22:13  Бірақ сен сонда да: «Құдай не білуші еді? Мұндай қою түнек арқылы Ол адамзатты қалай соттай алушы еді?
Job Kaz 22:14  Қалың бұлттар Оның төңірегін тұмшалап алған, аспан күмбезін айнала шарлап жүріп Ол түк көрмейді!» дейсің.
Job Kaz 22:15  Зұлым адамдардың ежелден жүріп келе жатқан жолымен сен өзің де жүрмексің бе?
Job Kaz 22:16  Олар осы дүниеден уақытынан бұрын аластатылып, түпнегіздері тасыған сумен шайылып кетті.
Job Kaz 22:17  Сол зұлымдар Құдайға: «Қасымыздан аулақ кетші!» дейтін, әрі: «Құдіреті шексіз Тәңір бізге не істей алар екен?» деп бөсетін.
Job Kaz 22:18  Бірақ Құдай солардың үйлерін игілікке толтырған еді ғой! Ал мен зұлымдардың мұндай ойларынан аулақ жүремін.
Job Kaz 22:19  Әділдер сол жайттарды көріп, қуанады, адал жүргендер:
Job Kaz 22:20  «Дұшпандарымыз шынымен қырылды, арттарынан қалғанды от жалмады!» деп арсыздарды келемеждейді.
Job Kaz 22:21  Құдайға мойынсұн, сонда жаның тыныш болады, әрі амандық саған қайтып келеді.
Job Kaz 22:22  Құдайдың аузынан шыққан тәлімді қабылдасаңшы! Оның айтқан сөздерін жүрегіңе сақтап қойсаң екен!
Job Kaz 22:23  Егер құдіреті шексіз Тәңірге қайтадан бет бұрсаң, Онымен қарым-қатынасыңды қалпына келтіресің. Сондықтан үй ішіңнен зұлымдықты аластат!
Job Kaz 22:24  Егер ақшақұмарлығыңнан бас тартсаң, тіпті саф алтынды шаң-тозаңдай көрсең,
Job Kaz 22:25  онда құдіреті шексіз Тәңірдің Өзі сенің қазынаң болады. Ол саған таңдаулы күмісіңдей қымбат болмақ.
Job Kaz 22:26  Сонда сен құдіреті шексіз Тәңірмен қарым-қатынасыңа қуанып, жарқын жүзбен Құдайға қарайтын боласың.
Job Kaz 22:27  Сен Оған сиынып, Ол саған құлақ асады, әрі өзің де Оған берген уәделеріңді орындайсың.
Job Kaz 22:28  Сенің ой-ниетің жүзеге асып, алдыңдағы жолың нұрға бөленеді.
Job Kaz 22:29  Біреудің басына ауыртпалық түскенде, сен «Оны қолдай гөр!» деп сиынасың. Сонда Құдай сол бейшараны аман сақтап қалады.
Job Kaz 22:30  Құдай тіпті кінәлі адамды да құтқарады. Сонда осы кісі сенің қолың таза болғандықтан аман қалады.
Chapter 23
Job Kaz 23:1  Сонда Әйүп тағы да сөйлеп былай деді:
Job Kaz 23:2  — Бүгін де айтар шағымым ащы! Қанша күрсініп ыңқылдасам да, Құдай мені ауыр жазалауын қояр емес.
Job Kaz 23:3  Құдайды қайдан табуға болатынын, дәл тұрағына қалай баруға болатынын білсем ғой!
Job Kaz 23:4  Басыма түскен істі Оған көрсетіп, ауыз толтыра уәжімді айтар едім.
Job Kaz 23:5  Оның маған берер жауабын біліп алып, не айтатынын түсінер едім.
Job Kaz 23:6  Сонда Құдай бүкіл құдіретін қолданып мені құртар ма еді? Жоқ, керісінше, мені тыңдаған болар еді.
Job Kaz 23:7  Әділ жан сол жерде Онымен пікірталасқа түсер еді. Мен де өзімді соттаушы Құдайдан біржола ақталып құтылар едім.
Job Kaz 23:8  Бірақ шығысқа қарай жүрсем, Ол онда жоқ, батысқа қарай жүрсем, Оны сол жерден де таппаймын.
Job Kaz 23:9  Солтүстікте әрекет еткен кезінде де Оны көре алмаймын, оңтүстікке бұрылсам, Оны сол жерден де байқай алмаймын.
Job Kaz 23:10  Құдай жүретін жолымды жақсы біледі. Ол мені сынап тексергенде, алтын сияқты таза болып шыға келемін.
Job Kaz 23:11  Себебі Оның жолымен аяқ басып, содан еш бұрылмай жүріп келдім.
Job Kaz 23:12  Оның бұйырған өсиеттерінен бас тартқан жоқпын, аузынан шыққан сөздерін қажетті тамағымнан да артық көріп сақтайтынмын.
Job Kaz 23:13  Бірақ Ол жалғыз Өзі ғана Құдай, кім Оған қарсы тұра алады? Ол нені қаласа, соны істейді.
Job Kaz 23:14  Өзі маған нені белгілеген болса, сонысын жүзеге асырады. Осы сияқты көп нәрсе әлі де Оның ой-санасында бар шығар.
Job Kaz 23:15  Сол себепті мен Оның алдында үрейге кенелемін. Бұл жайт есіме түскен сайын қорқып дірілдеймін.
Job Kaz 23:16  Осылай Құдай жүрегімді дір-дір еткізіп, құдіреті шексіз Тәңір зәремді ұшырады.
Job Kaz 23:17  Түнек, иә, бетімді жауып отырған қалың түнек жан-жағымды басып алды.
Chapter 24
Job Kaz 24:1  Құдіреті шексіз Тәңір әділ сотын жүргізетін уақытын неге тағайындамайды? Оның адал қызметшілері осындай күндерді неге босқа күте беруі керек?
Job Kaz 24:2  Зұлым адамдар меже тастарын жасырын жылжытып (өздерінің жерін басқаның есебінен ұлғайтып алады). Олар мал ұрлап, өз жайылымдарында бағып жүреді.
Job Kaz 24:3  Жетімнің есегін айдап әкетіп, бейшара жесірдің өгізін алған қарызының кепілдігі ретінде тартып алады.
Job Kaz 24:4  Олар мұқтаж адамдарды жолдан итеріп шығарған, елдегі күллі жарлылар жасырынуға мәжбүр.
Job Kaz 24:5  Сондықтан кедейлер жабайы есектей иен даланы шарлап шығып, балаларына құла түзден тамақ іздейді.
Job Kaz 24:6  Олар басқа біреудің егістігінде қалған астық масақтарын жинап, зұлымның жүзімдігіндегі қалған-құтқанды теріп күндерін көреді.
Job Kaz 24:7  Түнде жамылғысыз жатады, суық болғанда жамылатын көрпелері де жоқ.
Job Kaz 24:8  Тауда жауған жаңбырдан үсті-басы су болып, панасыздықтан жартасқа жармасып тығылады.
Job Kaz 24:9  Зұлымдар тіпті бейшара жесірдің нәрестесін бауырынан жұлып алып, анасының алған қарызы үшін сәбиін кепілдікке ұстайды.
Job Kaz 24:10  Жарлылар сырт киімсіз жүруге мәжбүр, ашқарын кедейлер байдың астық бауларын тасуға тиіс болады.
Job Kaz 24:11  Сол бейшаралар зәйтүн жемістерін сығып, майын шығарады, бірақ оның дәмін тата алмайды. Жүзім таптап, шарап та жасайды, бірақ онымен шөлдерін қандыра алмайды.
Job Kaz 24:12  Қала ішінде ауыр жаралылар болып, өлім аузында жатқандар жалбарына үн қатады. Ал Құдай сондай жайттарға бөгет қоймайды.
Job Kaz 24:13  Зұлымдар жарық нұрға қарсы бас көтереді. Олар нұрдың ізгі жолын білмейді де, оның соқпақтарымен жүрмейді де.
Job Kaz 24:14  Кісі өлтіруші жауыз күн батқанда тұрып, жарлы-жақыбайларды өлтіреді, түнде ол ұрлық та жасайды.
Job Kaz 24:15  Өзгелер «Мені ешкім де көрмейді» деп, ымырт түсуін күтіп, жүзін бүркемелеп, басқа адамның күйеуі не әйеліне барып, неке адалдығын бұзады.
Job Kaz 24:16  Ұрылар түнекте қабырғасын қазып, үйлерге бұзып кіреді де, күндіз тығылып жатып алады. Олар нұрға еш жоламайды.
Job Kaz 24:17  Олар үшін қою түнек атқан таңның шұғыласындай қолайлы, қара түнектің үрейлері оларға досындай ұнайды.
Job Kaz 24:18  «Ондай адамдар су бетіндегі жаңқадай ғайып болады, олардың елдегі үлестерін қарғыс атқан, жүзімдіктеріне ешкім аяқ баспайтын болады.
Job Kaz 24:19  Ыстық пен аптап қар суын алып кететініндей, о дүние де күнә жасағандарды жоқ қылады.
Job Kaz 24:20  Өз аналары оларды ұмытып, жердің құрты оларды сүйсініп жейді. Оларды бәрі де ұмытып, зұлымдық жасаушылар сынған ағаштай құрып кетеді» (дейсіңдер).
Job Kaz 24:21  Ондайлар көмектесер баласы жоқ әйелдерге озбырлық көрсетеді, жесірлерге еш жақсылық жасамайды.
Job Kaz 24:22  Бірақ Құдай өз құдіретімен күштілерді де орындарынан тартып әкете алады. Олар тіпті орнығып алса да, өмірге деген берік үміті болмайды.
Job Kaz 24:23  Құдай сол мықтыларға бейқам тұруға жол бергенмен, оларды назарында ұстап тұрады.
Job Kaz 24:24  Зұлымдар аз уақытқа жоғарылатылса да, ақырында жоқ болып кетеді. Барлық басқалар сияқты олар да төмендетіліп, өлімге жетеленеді, әрі бидайдың піскен масағы сияқты орылады.
Job Kaz 24:25  Мені кім өтірікші деп әшкерелей алар еді? Кім айтқан сөзімнің құр бекер екенін дәлелдей алар еді?
Chapter 25
Job Kaz 25:1  Шуахтық Билдад Әйүпке қарсылық білдіріп былай деді:
Job Kaz 25:2  — Құдайда билік бар, барша жұрт Оны терең қастерлеуі керек. Ол көктің биігінде тәртіп орнатады.
Job Kaz 25:3  Оның көктегі періштелер топтарын кім санай алар еді? Ол өз жарығын кімнің үстіне түсірмейді?
Job Kaz 25:4  Сонда адам баласы Құдайдың алдында қалайша әділ бола алады? Әйелден туған пенде қалайша таза бола алар еді?
Job Kaz 25:5  Тіпті ай да Оның алдында жеткілікті жарық емес, жұлдыздар да айқын емес!
Job Kaz 25:6  Салыстырсақ, пенде жай жер құртына ұқсайды, адам баласы тек күйе құрты сияқты.
Chapter 26
Job Kaz 26:1  Сонда Әйүп былай деп жауап қайырды:
Job Kaz 26:2  — Күші жоққа қалай көмектескенсің сен, шіркін! Қолы әлсізденіп қалғанға жанға қалай демеу болғансың десеңші!
Job Kaz 26:3  Дым ақылым жоқ еді, керемет ақыл үйреттің! Орасан зор данышпандығыңды көрсеттің.
Job Kaz 26:4  Мұндай дана сөздерді кімнің қолдауымен айттың екен? Аузыңнан кімнің даналығы шықты екен?
Job Kaz 26:5  Су астындағы о дүниені мекендейтін аруақтар Құдайдың алдында дірілдейді.
Job Kaz 26:6  Ол үшін о дүние жалаңаш, тозақтың өзі ашық жатыр.
Job Kaz 26:7  Құдай аспанның солтүстік бөлігін бос кеңістіктің үстінен жайып жіберді. Ол жерді бір нәрсеге іліп қоймаса да, жер құлап түспей орнында тұра береді.
Job Kaz 26:8  Тәңір суды бұлттарға жинайды, ал бұлттар судың салмағынан жарылып кетпейді.
Job Kaz 26:9  Құдай толық айды жауып, үстіне Өзінің бұлтын жайып қояды.
Job Kaz 26:10  Жарық пен түнектің арасын бөліп тұру үшін су бетінде шеңбердей көкжиекті сызып қойды.
Job Kaz 26:11  Құдай зекіген кезде «аспанның тіреулері» сілкініп, абыржып қалады.
Job Kaz 26:12  Тәңір өз құдіретімен теңізді тыныштандырды, әрі өз парасатымен теңіздегі алып хайуанды құртты.
Job Kaz 26:13  Өз Рухымен Құдай аспанның ажарын келтіріп, өз қолымен ирелеңдеген алып жыланды түйреді.
Job Kaz 26:14  Ал бұлар Құдайдың істерінің жай бір бөлігі ғана, Оның Өзі туралы естігеніміз тым аз! Егер Оның құдіреті туралы дүркіретіп жарияланса да, оны кім түсіне алар еді?
Chapter 27
Job Kaz 27:1  Әйүп сөзін жалғастырып былай деді:
Job Kaz 27:2  — Менің құқығымды алып қойған мәңгі тірі Құдайдың алдындағы шын сөзім, иә, жан дүниемді ренішке кенелткен құдіреті шексіз Тәңірдің алдындағы шын сөзім:
Job Kaz 27:3  Кеудемде жаным болғанша, Құдай маған тыныс алуға мұрша бергенше,
Job Kaz 27:4  аузымнан еш өтірік шықпасын, тілім де ешбір жалған сөз айтпасын!
Job Kaz 27:5  «Сендердікі дұрыс» деп ешқашан мойындамаспын, өле-өлгенше өзімнің адалдығымнан бас тартпаспын!
Job Kaz 27:6  Иә, мен әділдігімді мықтап ұстанып, одан айырылмаспын, өмірімнің ешбір күні үшін ар-ұжданымда өкініш сезінбеспін.
Job Kaz 27:7  Дұшпандарым зұлымдардың жазасын тартсын, қарсыластарым заңсыздардың көретіндерін көрсін!
Job Kaz 27:8  Өйткені арсыздың артатын қандай үміті қалар еді? Құдай көзін құртып, жанын алады емес пе?!
Job Kaz 27:9  Басына қиындық түскенде, Құдай оның жалбарынған үніне ден қоя ма?
Job Kaz 27:10  Әлде ол құдіреті шексіз Тәңірге риза болып, Құдайға әрдайым сиынатын бола ма?
Job Kaz 27:11  Мен сендерге Құдайдың іс-әрекеті жайлы тәлім бермекпін, құдіреті шексіз Тәңір туралы білімді жасырмаймын.
Job Kaz 27:12  Ал мұның бәрін өздерің де көріп отырсыңдар, сонда осы мәнсіз әңгіме неге керек?
Job Kaz 27:13  Құдайдың зұлым адамға белгілеген тағдыры, әрі құдіреті шексіз Тәңірдің зорлықшылға бұйырған «мұрасы» мынау:
Job Kaz 27:14  Олардың балалары көп болса да, семсерден өледі және ұрпақтары аштықтан жапа шегеді.
Job Kaz 27:15  Осылардан аман қалса, індеттен көз жұмады. Арттарында қалған жесірлері жоқтау да айтпай қояды.
Job Kaz 27:16  Зұлымдар күмісті шаңдай мол үйіп алып, киімді балшықтай сірестіріп молынан жинайды.
Job Kaz 27:17  Алайда соның пайдасы бәрібір әділдерге тиетін болады, күнәсіздер сол күмісті бөлісіп алады.
Job Kaz 27:18  Зұлымдардың салған үйлері өрмекшінің өрмегіндей әлсіз болады. Олар егістік күзетшісінің бұтақшалардан жасаған күркесіне ұқсайды.
Job Kaz 27:19  Зұлымдар төсекке жатарда бай еді, бірақ енді қайтып олай болмайды. Олар көздерін ашып, ұйқыдан тұрса, байлығынан түк те қалмапты.
Job Kaz 27:20  Қорқыныш олардың басына топан судай қаптап, түнгі дауыл оларды іліп алып кетеді.
Job Kaz 27:21  Шығыстан соққан күшті боран көтеріп әкеткенде, құдайсыздар ғайып болады. Құйын оларды өз орындарынан алып кетеді.
Job Kaz 27:22  Күшті дауыл зұлымдарға аяусыз шүйіліп, олар оның құдіретінен бас сауғалай қашады.
Job Kaz 27:23  Жұрт оларды мазақ қылып, қолдарын шапалақтап, орындарынан ысқырады.
Chapter 28
Job Kaz 28:1  Адам баласы күмісті кеннен шығарады,Алтынды арнайы орында тазартады,
Job Kaz 28:2  Темірді топырақтан қазып алады,Мысты да кеннен балқытып айырады.
Job Kaz 28:3  Кеншілер түнекті жарықтандырады,Қараңғыда тіпті ең алыстағыКенді де іздеп тауып алады.
Job Kaz 28:4  Ұсталар шалғай, адам аяғыБаспайтын жерлерде құдық қазады,Төменге түскенде арқанға асылады,Содан олай-бұлай тербеліп тұрады.
Job Kaz 28:5  Жер бетінде астық өсіп-өнеді,Жер астын лаулаған от өзгертеді,
Job Kaz 28:6  Тастарынан көк асыл тас табылады,Топырағынан алтын алынады.
Job Kaz 28:7  Жыртқыш құс білмейді осы жолдарды,Сұңқардың көзі көрмейді оларды,
Job Kaz 28:8  Маңғаз аңдар соларды басқан емес,Арыстан да үстімен өткен емес.
Job Kaz 28:9  Пенде қатты тастарды да сындырады,Тауларды тамырымен қопарады,
Job Kaz 28:10  Жартастарда үңгір шауып қазады,Әр түрлі құнды заттарды көзі шалады,
Job Kaz 28:11  Өзен бастауларын іздеп табады,Тығылған заттарды жарыққа шығарады.
Job Kaz 28:12  Ал даналықты қайдан табуға болады?Шынайы парасат қай жерде тұрады?
Job Kaz 28:13  Оның құнын пенде жете ұқпайды,Бұ дүниеден оны таба алмайды.
Job Kaz 28:14  Терең тұңғиық: «Ол менде емес!» дейді,Теңіз де: «Менде ол жоқ!» деп мәлімдейді.
Job Kaz 28:15  Саф алтынға оны сатып ала алмайсың,Құнын күміспен төлей де алмайсың.
Job Kaz 28:16  Не Опырдан әкелінген алтынменен,Не оникс тас, не көк асыл таспененОның бағасын айқындай алмайсың сен.
Job Kaz 28:17  Даналықты алтын, гауһармен салыстырмас,Саф алтын бұйымға оны сатып ала алмас.
Job Kaz 28:18  Інжу-маржанды ескермей-ақ қойса болады,Даналық лағыл тастардан да тым бағалы!
Job Kaz 28:19  Құштық топазды даналықпен салыстырмайды,Саф алтынмен оны айырбастамайды.
Job Kaz 28:20  Сонда даналық қайдан келеді екен?Парасаттың мекені қайда екен?
Job Kaz 28:21  Ол тірі жандының бәрінен жасырынған,Құстардың назарынан да тыс қалған.
Job Kaz 28:22  О дүние мен өлім былай дер ол жайлы:«Тек сыбыс қана естідік сол туралы».
Job Kaz 28:23  Тек Құдай біледі даналыққа барар жолды,Оған ғана белгілі соның тұрағы.
Job Kaz 28:24  Өйткені Құдай жердің шеттеріне қарайды,Аспан астындағының бәрін де Ол байқайды.
Job Kaz 28:25  Құдай желдің қуатын белгіледі,Бүкіл судың мөлшерін де өлшеді,
Job Kaz 28:26  Құдай жаңбырға жаусын деп бұйрық берді,Найзағай мен күн күркіреу жолын белгіледі,
Job Kaz 28:27  Сол кезде Ол даналыққа қарап, баға берді,Тиісті орнын бекітіп, оны тексерді.
Job Kaz 28:28  Құдай адамға былай деді: «Даналық —Жаратқан Иені терең қастерлеуЖәне нағыз ақыл-парасаттылық —Зұлымдық атаулыдан алшақ кету».
Chapter 29
Job Kaz 29:1  Әйүп сөзін одан әрі сабақтап былай деді:
Job Kaz 29:2  — Бәрі бұрынғыдай, Құдай мені аман сақтап жүрген кездердегідей болса ғой, шіркін!
Job Kaz 29:3  Сол жылдары Оның «шам-шырағы» үстімде жарқырап, Оның түсірген нұрымен түнекте адаспай жүретінмін.
Job Kaz 29:4  Сол тұста мен өмірімнің өркен жайған шағында едім, әрі Құдай үйіме бас-көз болып ақыл-кеңес беретін.
Job Kaz 29:5  Құдіреті шексіз Тәңір маған сол кезде әлі де жар болып, балаларым қасымда жүретін.
Job Kaz 29:6  Үйімде ақ пен май ағыл-тегіл болып, жартастағы сыққыштан зәйтүн майы тасқындап ағып тұратын.
Job Kaz 29:7  Мен қала қақпасына барып, соның маңындағы алаңда өз орныма келіп жайғасқанда,
Job Kaz 29:8  жас жігіттер мені көргенде жол бере шегініп, ақсақалдар орындарынан тұратын.
Job Kaz 29:9  Басшылар сонда сөздерін тыйып, ауыздарын алақандарымен жабатын.
Job Kaz 29:10  Билеушілер дауыстарын шығармай, тілдері таңдайларына жабысып қалатын.
Job Kaz 29:11  Сол кезде өзім туралы естіген адамдар мені дәріптеп, көздерімен көргендер жер-көкке сыйғызбай мақтайтын.
Job Kaz 29:12  Өйткені мен қиналып, жалбарынған жарлыны да, арқа сүйер ешкімі жоқ жетімді де арашалайтынмын.
Job Kaz 29:13  Ажалдан аман алып қалған адамдарым маған алғыстарын жаудырып, жесір әйел менен көрген көмектен әндете бастайтын.
Job Kaz 29:14  Осылай бәрін де әділдікпен істедім, адалдық сәлдем мен шапаным сияқты маған жақын болды.
Job Kaz 29:15  Зағип пен ақсаққа медет беруші,
Job Kaz 29:16  жарлыға қамқоршы болдым. Өзім тіпті танымайтын адамның дау-жанжалын да әділдікпен шешіп беретінмін.
Job Kaz 29:17  Ал жауыз қанаушылардың жақтарын сындырып, ұстаған олжасын аранынан түсірткізіп тастайтынмын.
Job Kaz 29:18  Былай деп ойлайтынмын: «Мен көп жасап, отбасымның арасынан о дүниеге аттанатын шығармын.
Job Kaz 29:19  Себебі мен тереңде жатқан суға дейін тамыр жайып, бұтақтарында түні бойы шық болатын ағаш сияқты мықтымын.
Job Kaz 29:20  Әрқашан жұрттың мақтауына бөленемін, қолымдағы садағым әрдайым берік керіліп тұрады».
Job Kaz 29:21  Осылай адамдар маған құлақ асып, кеңесімді үнсіз тыңдайтын.
Job Kaz 29:22  Мен айтып болған соң олар соған еш нәрсе қоспайтын, себебі берген ақылым оларға ұнайтын.
Job Kaz 29:23  Олар мені жаңбырды күткендей тағатсыздана күтетін. Көктемгі жаңбырды тосқан шаруалар сияқты ауыздарын ашып сөздерімді сіміретін.
Job Kaz 29:24  Мен оларға жылы жүзбен қараған кезде, олар өз көздеріне өздері сенбейтін, менің жарқын жүзбен қарауым оларды жігерлендіретін.
Job Kaz 29:25  Оларға жүретін жолды таңдап, көсемдері сияқты болып отыратынмын. Өз жасақшыларының арасындағы патша сияқты өмір сүрдім, әрі қайғы-қасіретке батқандарды жұбататынмын.
Chapter 30
Job Kaz 30:1  Бірақ жастары өзімнен кіші мына жігіттер енді мені мазақ қылып жүр. Олардың әкелеріне мен малымды бағатын иттердің жұмысын да сеніп тапсырмас едім.
Job Kaz 30:2  Сол шалдардың қолдарының күшінен маған не пайда? Олар күш-қуаттарынан айырылғандар ғой.
Job Kaz 30:3  Жоқшылық пен аштықтан әлсіреген олар түнде құла түздегі шөп тамырларын кеміріп шарлайтын.
Job Kaz 30:4  Бұталардың түбінен көк шөп теріп, жыңғылдың тамырын да тамаққа пайдаланатын.
Job Kaz 30:5  Олар адамдардың арасынан қуылып, жұрт оларды ұрылардай көріп айқайлайтын.
Job Kaz 30:6  Содан олар жылғалардың арнасын, жердегі шұңқырларды, жартастағы үңгірлерді паналайтын.
Job Kaz 30:7  Қалың нудың арасындағы аңдардай ақырып, тікенді бұталар астында жиналып отыратын.
Job Kaz 30:8  Бұлар — тегі жоқ ақымақтар, жұрт оларды елден қамшылап айдап шыққан.
Job Kaz 30:9  Ал енді сондайлар мені келекелеп ән салып, мен олардың мазағына айналдым.
Job Kaz 30:10  Олар менен жиреніп, аулақ жүреді, ал бетіме түкіруден еш тартынбайды!
Job Kaz 30:11  Құдай мені күш-қуатымнан айырып, азапқа ұшыратқандықтан, олар жүгенсіздіктерін көз алдымда ашық жасайды.
Job Kaz 30:12  Сол сойқандар топтасып, маған бас салады, аяғымнан шалып құлатып, арам істерін маған қарсы бағыттайды.
Job Kaz 30:13  Олар жүретін жолымды талқандайды. «Оның қолдаушысы жоқ!» деп мені құртуға қатты тырмысады.
Job Kaz 30:14  Кең ойық арқылы басып кіргендей, олар қатты шулап маған ентелеп тап береді.
Job Kaz 30:15  Қорқыныш маған шүйіліп, абырой-дәрежем жел қуғандай жоғалып, бақ-дәулетім бұлттай сейіліп жоқ болып кетті.
Job Kaz 30:16  Ал енді өмірім өшейін деп жатыр, басыма қиын-қыстау күндер түсті.
Job Kaz 30:17  Түнде сүйектерім сырқырап, көріп жүрген азабым бір тыншымайды.
Job Kaz 30:18  Құдай зор құдіретімен киімімнен ұстап алып, шапанымның жағасын қылғындыра сығымдайды.
Job Kaz 30:19  Ол мені балшыққа лақтырып тастады. Шаң-тозаң сияқты пайдасыз болып қалдым.
Job Kaz 30:20  Уа, Құдай, Саған жалбарына сиынсам да, маған жауап бермейсің. Алдыңда тұрсам да, мән бермей, маған қарап отыра бересің.
Job Kaz 30:21  Маған тым қатал болып кеттің, мені құдіретті қолыңмен қудалап отырсың.
Job Kaz 30:22  Құйынның ішіне мені лақтырып, ұшырасың, осылайша найзағай мен дауылда қырып-жоясың.
Job Kaz 30:23  Сөйтіп Сенің жанымды алып, бар тіршілік иелерінің баратын жеріне мені де аттандыратыныңды білемін.
Job Kaz 30:24  Ал азап шегіп, жалбарынып жатқан бейшараға ешкім де қолын көтермейтін еді ғой!
Job Kaz 30:25  Бірақ мен қайғы-қасірет көріп жүргендерге жанашыр болған жоқпын ба?! Жарлыларды аяп қайғырған жоқ па едім?!
Job Kaz 30:26  Әйтсе де өзім жақсыдан үміттеніп отырғанда жамандыққа ұшырадым, жарықты күткенімде айналамды түнек басты!
Job Kaz 30:27  Жан дүнием азан-қазан болып, еш тыншымайды, басыма қиын-қыстау күндер туды.
Job Kaz 30:28  Жан дүнием күннің нұрын көрмей, қараңғыда жүр. Жамағаттың жиынында орнымнан тұрып, көмек сұрап қатты жалынамын.
Job Kaz 30:29  Бірақ олар мені шибөрі мен түйеқұстың серігі деп санайды.
Job Kaz 30:30  Терім қарайып, тілініп кетті. Бүкіл денем безгектен күйіп тұр.
Job Kaz 30:31  Жетігенім қайғылы әуенге, сыбызғым жоқтау күйіне ғана келтірілген.
Chapter 31
Job Kaz 31:1  Қыз-келіншектерге құмарта қарамауға көздеріммен келісім жасасып, оларды соған үйреттім.
Job Kaz 31:2  Өйткені заңғар биікте тұратын Құдай бізге қандай тағдырды белгілеген? Құдіреті шексіз Тәңір бізге қандай «мұра» бұйырған?
Job Kaz 31:3  Ол әділетсіздерге жазасын тартқызып, жамандық жасағандарды апатқа ұшыратпай ма?
Job Kaz 31:4  Бар іс-әрекетімді көріп, басқан қадамдарымның бәрін де Ол бағалайды емес пе?
Job Kaz 31:5  Әлде мен өтірікке сүйене өмір сүріп, адамдарды алдадым ба?
Job Kaz 31:6  Құдай істерімді дұрыс таразыға сала көрсін. Менің адалдығымды Оның Өзі біледі ғой.
Job Kaz 31:7  Егер мен не тура жолдан тайған, не көзбен көргеніме құмартқан, не басқа да күнә жасап арамданған болсам,
Job Kaz 31:8  онда еккен егінімнің өнімін басқалар жеп қойсын! Отырғызған көшеттерім түп-тамырымен жұлынып қалсын!
Job Kaz 31:9  Егер бір әйелдің еліктіруіне түсіп, не көршімнің есігінде оның әйелін аңдыған болсам,
Job Kaz 31:10  онда өз әйелім басқа бір еркектің қол диірменін тартып, тамағын дайындасын, әрі бөтен адамдар онымен жақындасатын болсын.
Job Kaz 31:11  Себебі осылай істесем, бұл нағыз зұлымдық әрі сотталып, жазалануға лайықты күнә болар еді.
Job Kaz 31:12  Сондай істерім өзімді өртеп, тозаққа түсіретін, бар игілігімді тұтас жалмап қоятын от сияқты болар еді.
Job Kaz 31:13  Немесе қызметшілерім шағымданып, мен олардың ақыларын жеп қойған болсам,
Job Kaz 31:14  онда Құдай сот жүргізу үшін орнынан тұрғанда, не істер едім? Ол мені тексеріп сынағанда, Оған қандай жауап берер едім?
Job Kaz 31:15  Мені анамның құрсағында жаратқан Құдайым қызметшілерімнің әрқайсысын да солай жаратқан жоқ па?!
Job Kaz 31:16  Мен бейшараларға қажетті көмекті бермеп пе едім, яки жесірлерді жылатып үмітсіз қалдырған ба едім?
Job Kaz 31:17  Әлде нанымды жалғыз өзім жеп, жетіммен бөлісуден бас тарттым ба?
Job Kaz 31:18  Жоқ, мен әкесіндей болып жас кезімнен-ақ жетімді асырадым. Өмір бойы жесірлерге де қамқорлық жасап келемін.
Job Kaz 31:19  Киімі жоқ үй-күйсізді әрі жамылғысы жоқ жарлы-жақыбайды көргенде,
Job Kaz 31:20  оларға өз қойымның жүнінен тоқылған киім кигізбедім бе? Сол үшін олар маған алғыс айтқан жоқ па еді?
Job Kaz 31:21  Егер соттың маған болысатынына сенімді болып, жетімге қарсы қолымды созып зорлық жасасам,
Job Kaz 31:22  онда иығым жауырынымнан ажырап, қолым да буынынан шығып кетсін!
Job Kaz 31:23  Өйткені мен Құдайдың жазасынан қорықтым. Осындай нәрсені істегеннен кейін Оның салтанатты ұлылығымен бетпе-бет келгенде соған төзе алмас едім.
Job Kaz 31:24  Я болмаса алтынға сенімімді артып, саф алтынды өзіме демеу еткен бе едім?
Job Kaz 31:25  Байлығымның молдығына әрі ағыл-тегіл дәулетке қол жеткізгеніме лепіре мақтандым ба?
Job Kaz 31:26  Мен жарқырап тұрған күнге не салтанатпен қимылдайтын айға қарағанда,
Job Kaz 31:27  жүрегім елігіп кетті ме? Қолымды өбіп, күнге не айға қарай созып табындым ба?
Job Kaz 31:28  Бұл да сотталып жазалануға тиіс күнә. Солай еткен болсам, мен көктегі Құдайға опасыздық жасаған болар едім.
Job Kaz 31:29  Яки өзімді жек көретін дұшпанымның басына түскен бақытсыздығына қуанып, оның ұшыраған апатына шаттандым ба?
Job Kaz 31:30  Жоқ, мен аузымның ондай адамды қарғап күнә жасауына жол берген емеспін.
Job Kaz 31:31  Үйімдегі қызметшілерім: «Әйүптің дастарқанынан тоя ет жемеген адам болған емес!» деп мені мақтайтын.
Job Kaz 31:32  Ешбір бөтен жолаушыны менің кесірімнен далада түнеуге мәжбүр етпей, бәріне де есігімді айқара ашып қоятынмын.
Job Kaz 31:33  Я болмаса, басқалардай күнәларымды жасырып, айыбымды жүрегімде тығып жүрдім бе?
Job Kaz 31:34  Осылайша үлкен жамағаттан әрі руластарымнан ұялып, сыртқа шықпай, жиналысқа қатыспаған кезім болды ма? (Жоқ, ешқашан да!)
Job Kaz 31:35  Мені тыңдайтын біреу болса ғой! (Өзімді ақтайтын құжатқа) қолымды қоюға дайынмын. Құдіреті шексіз Тәңір маған жауап қайыра көрсін! Мені айыптаушы маған қандай кінә тағатынын жазбаға тізіп жазып берсін!
Job Kaz 31:36  Соны ашықтан-ашық иығымда көтеріп жүріп, тіпті тәж іспетті басыма киіп те алар едім.
Job Kaz 31:37  Мен Құдайға әр басқан қадамым туралы есеп беріп, Оның алдына әмірші іспетті емін-еркін барар едім.
Job Kaz 31:38  Егер егістік жерім мені кінәлап, оның соқа айдаған іздері жылаған іспетті шағымданса,
Job Kaz 31:39  мен оның өнімін жұмысшыларға жалақыларын төлемей алған, не иелерінің көзін құртқан болсам,
Job Kaz 31:40  онда бидайдың орнына тікенек, арпаның орнына арам шөп өсіп шықсын!Әйүптің айтқан сөздері осымен аяқталды.
Chapter 32
Job Kaz 32:1  Әйүп өз ойынша әділ болып, сонысын айта берген соң, сол үш адам оған жауап берулерін тоқтатты.
Job Kaz 32:2  Рамның әулетінен шыққан буздық Барахил ұлы Еліху (де сол жерде болды. Ол солардың пікірталасын тыңдап отырған еді). Әйүптің Құдайдан гөрі өзін ақтап, әділмін дей бергені үшін Еліху оған қатты ашуланған болатын.
Job Kaz 32:3  Сондай-ақ, Әйүпті кінәлағанмен, оған қайтаратын бәтуалы жауап таппаған оның үш досына да Еліхудің қаһары лап етті.
Job Kaz 32:4  Бірақ сол адамдар өзінен біраз жас үлкен болғандықтан, Еліху Әйүпке тіл қатпай күтіп отырған еді.
Job Kaz 32:5  Ал енді осы үшеудің қайтаратын басқа жауаптары қалмағанын көргенде, Еліхудің ашу-ызасы тұтанды.
Job Kaz 32:6  Содан буздық Барахил ұлы Еліху сөзін бастап былай деді:— Сіздер көп жасаған адамдарсыздар, ал менің жасым әлі кіші. Сондықтан өз ой-пікірімді сіздерге ашық айтуға дәтім бармай, жасқанып отырған едім.
Job Kaz 32:7  Іштей: «Көп жасағандар сөйлесін, көп жылғы даналық тәлімдерін берсінші!» деп отырдым.
Job Kaz 32:8  Дегенмен, адамның бойында оның рухы бар, себебі құдіреті шексіз Тәңір оған өз тіршілік лебі мен рухын үрлеп берген болатын. Осы рух адамға саналы түсінік сыйлайды.
Job Kaz 32:9  Сондықтан көп жасағандар ғана дана емес екен. Қарттардың бәрі бірдей ақиқатты дұрыс түсіне бермейді екен.
Job Kaz 32:10  Сол себепті былай деймін: Маған құлақ салсаңыздар игі. Ендеше мен де сіздерге өз ойымды ашық білдірейін.
Job Kaz 32:11  Сіздер айтатын сөз іздеп жатқандарыңызда, мен ой-толғаныстарыңызға құлақ түріп, сөздеріңізді тыңдап күтіп отырдым.
Job Kaz 32:12  Мен өздеріңізге мұқият ден қойдым. Ал ешқайсыңыз не Әйүп ағаны әшкерелеген, не оның айтқандарына бәтуалы жауап қайтарған жоқсыздар.
Job Kaz 32:13  «Біз даналықты тауып, шындықты түсінеміз: осы кісіні адам емес, Құдайдың Өзі жеңіп шықпақ!» деп жүрмеңіздер.
Job Kaz 32:14  Егер Әйүп аға сөздерін маған қарсы бағыттаған болса, мен оған сіздердің жауаптарыңызды қайтармас едім.
Job Kaz 32:15  Бәріңіз шатасып, ауыздарыңызға сөз түспей отырсыздар.
Job Kaz 32:16  Бірақ қайтаратын жауаптарыңыз болмай, сөзден тосылып қалған кездеріңізде менің де күтіп, үндемей отыра беруім керек пе?
Job Kaz 32:17  Жоқ, мен де үлесімді қосып жауап беремін. Мен де өз пікірімді ашық айтамын.
Job Kaz 32:18  Себебі көкірегім сөзге толып, бойымдағы рух мені сөйлеуге мәжбүрлеп отыр.
Job Kaz 32:19  Мен ішіне жас шарап құйылып, керіліп, жарылып кетейін деп тұрған торсық сияқтымын.
Job Kaz 32:20  Сөйлесем, аузымды ашып жауап берсем ғана, жаным жай табады!
Job Kaz 32:21  Мен ешкімнің бет-жүзіне қарамаймын, ешкімге жағымпазданбаймын да!
Job Kaz 32:22  Өйткені жағымпаздануды білмеймін, әйтпесе Жаратушым мені бірден жазалар еді.
Chapter 33
Job Kaz 33:1  Ал енді, уа, Әйүп аға, менің айтарымды тыңдап, күллі сөздеріме құлақ салсаңыз екен!
Job Kaz 33:2  Міне, мен сөйлеуге аузымды аштым, сөздерім тілімнің ұшында тұр.
Job Kaz 33:3  Шын жүректен сөйлеп, білетін таза ақиқатты айтамын!
Job Kaz 33:4  Құдайдың Рухы мені жаратты, құдіреті шексіз Тәңірдің тіршілік лебі маған өмір берді.
Job Kaz 33:5  Қолыңыздан келсе, маған жауап берсеңіз екен! Менің қарсы алдымда тұрып, өз ісіңізді қорғаңызшы!
Job Kaz 33:6  Құдайдың алдында мен де сіз сияқтымын, өзіңіз іспетті мен де балшықтан қалыптастырылғанмын.
Job Kaz 33:7  Сондықтан менен еш қорықпасаңыз да болады, сізді қатты қыспақтамаймын.
Job Kaz 33:8  Ал мен өз құлағыммен сіздің мына сөздеріңізді естідім:
Job Kaz 33:9  «Мен пәк таза күнәсізбін, жасаған ешбір зұлымдығым жоқ. Кінәратсызбын!
Job Kaz 33:10  Бірақ Құдай маған қарсы сылтау тауып, мені Өзінің жауындай көреді.
Job Kaz 33:11  Ол аяғымды бұғаулап, бар жолдарымды жіті қадағалайды!»
Job Kaz 33:12  Бірақ, Әйүп аға, бұныңыз дұрыс емес. Құдай пендеден әлдеқайда ұлы ғой!
Job Kaz 33:13  «Адамның ешбір сөзіне жауап бермейді» деп неге Оған қарсы шағымданасыз?!
Job Kaz 33:14  Өйткені Құдай кейде бір түрде, кейде басқа түрде сөйлейді, ал адам соны жиі аңғармайды.
Job Kaz 33:15  Жұрт терең ұйқыға батып, төсектерінде жатқанда, Тәңір Ие олардың түстерінде, түнде көрген аяндарында
Job Kaz 33:16  құлақтарын ашып, Өзінің ескертулерін нығайтып бекітеді.
Job Kaz 33:17  Осылайша Ол адамды теріс істерінен кері бұрылдырып, өркөкірек паң болудан қорғайды.
Job Kaz 33:18  Сөйтіп оны семсерден мерт болудан, әрі жанын о дүниеде құрып кетуден сақтайды.
Job Kaz 33:19  Я болмаса, адам ауру-сырқау арқылы жақсылыққа қарай түзетілуге ескерту алады. Ол төсек тартып жатып қалады да, сүйектері тынымсыз сырқырай бастайды.
Job Kaz 33:20  Сонда оның нанға зауқы болмай, жақсы көретін тамағына да тәбеті шаппайды.
Job Kaz 33:21  Жүдеп, құр сүлдері ғана қалады. Бұрын көрінбеген сүйектері енді көзге ұрып тұрады.
Job Kaz 33:22  Осылайша ол көрге, жанын алып кететін хабаршыларға жақындай түседі.
Job Kaz 33:23  Ал егер мыңның ішінен адамға болысып, оған әділ жолды нұсқайтын бір хабаршы табылса,
Job Kaz 33:24  онда ол: «Оны көрге түсуден аман сақтап қала гөр! Оның жанының құнын өтейтін төлемді таптым!» деп мейірім көрсететін болады.
Job Kaz 33:25  Сонда адамның денесі жас кезіндегідей болып жасарып, жастық шағындағыдай қайта қалпына келеді.
Job Kaz 33:26  Пенде Құдайға сиынып, еткен дұғасы қабылданады. Осылай ол қуанышпен Құдайдың алдына барып, адалдығы қайтадан ақталады.
Job Kaz 33:27  Сонда адам жұртқа қарап былай деп мойындайды: «Мен күнә жасап, ақиқатты бұрмаладым. Әйтсе де мұнымның лайықты жазасын тартқан жоқпын.
Job Kaz 33:28  Құдай мені көрден аман алып қалып, мен жарық дүниені әлі де көре беретін боламын!»
Job Kaz 33:29  Шынында да Құдай осының бәрін адамға екі реттен, тіпті үш реттен жасайды.
Job Kaz 33:30  Осылайша оның жанын о дүниеге аттандырмай, оған әрі қарай өмірдің нұрын төге бермек.
Job Kaz 33:31  Ендеше, Әйүп аға, мені жақсылап тыңдаңызшы. Үндемей отыра тұрыңыз, мен сөйлейін.
Job Kaz 33:32  Егер қайтаратын жауабыңыз болса, онда үнсіз қалмай айта беріңіз. Мен сіздің ақталуыңызды аңсап тілеймін.
Job Kaz 33:33  Ал егер айтарыңыз болмаса, мені тыңдап, үндемей отыра тұрыңыз, онда парасатыммен бөлісейін.
Chapter 34
Job Kaz 34:1  Еліху сөзін әрі қарай сабақтап былай деді:
Job Kaz 34:2  — Уа, парасатты ағалар, сөздерімді тыңдаңыздар. Түсінігі терең сіздер, маған құлақ ассаңыздар екен.
Job Kaz 34:3  Өйткені тілдің тамақтың дәмін ажырататыны сияқты, адамның құлағы да сөздерді тексеріп ажыратады.
Job Kaz 34:4  Осылайша бір дұрыс шешімге келейік, ненің игі екенін арамызда анықтап алайық.
Job Kaz 34:5  Себебі Әйүп аға: «Мен жазықсызбын, ал Құдай мені өзіме тиісті құқығымнан айырды.
Job Kaz 34:6  Менікі дұрыс болса да, өтірікшідей болып көрініп отырмын. Еш жазығым болмаса да, Оның жебесі тиіп, жазылмайтын жара салуда!» деп шағымданып отыр.
Job Kaz 34:7  Алайда Әйүп аға сияқты келекелеуге әбден бейім тағы басқа адам бар ма екен, сірә?
Job Kaz 34:8  Ол қылмыс істеушілермен серіктес болып, зұлымдармен бірге жүретін.
Job Kaz 34:9  Өйткені ол: «Адамның Құдайды риза қылуынан ешқандай пайда жоқ!» деді ғой!
Job Kaz 34:10  Сондықтан тыңдаңыздаршы, уа, зор парасат иелері! Зұлымдық атаулы Құдайдан тым алшақ, әділетсіздік атаулы құдіреті шексіз Тәңірден әбден аулақ!
Job Kaz 34:11  Себебі Тәңір Ие пендеге істеген іс-әрекетіне сай қарымтасын қайтарады, әрі жүрген жолдарына сәйкес оған есесін қайырады.
Job Kaz 34:12  Иә, шынымен Құдай ешқандай зұлымдық істемейді, құдіреті шексіз Тәңір ақиқатты бұрмаламайды!
Job Kaz 34:13  Кім Оны барлық әлемнің үстінен тағайындаған? Бүкіл дүниенің үстінен билікті Оған кім берді? (Ешкім де!)
Job Kaz 34:14  Егер Ол өз рухын Өзіне қайтарып, тіршілік лебін қайтып алуды шешсе,
Job Kaz 34:15  онда бар адамзат бірден құрып, пенде атаулы топыраққа қайта айналар еді.
Job Kaz 34:16  Ақылыңыз болса, мынаны тыңдап, айтар сөздеріме құлақ түрсеңіз екен:
Job Kaz 34:17  Егер Құдай әділдікті жек көрсе, билік жүргізе алар ма еді?! Әділ де құдіретті Құдайды айыпты дей аласыз ба?!
Job Kaz 34:18  Керісінше, патшаларға: «Сен түкке тұрмайтын күнәкарсың!» әрі әміршілерге: «Сендер зұлымсыңдар!» деп үкім шығаратын Соның Өзі емес пе?!
Job Kaz 34:19  Ол билеушілердің бет-жүзіне қарамайды. Байды кедейден артық көрмейді, себебі екеуін де Өзі жаратқан.
Job Kaz 34:20  Олар аяқ астынан өліп, түн ортасында қайтыс болады. Адамдар шайқалып, құрып кетеді. Құдай мықтыларды да ешбір адамға қол жұмсатқызбастан-ақ ғайып қылады.
Job Kaz 34:21  Тәңір әрқашан да пенденің істеріне назар аударады. Оның басқан әрбір қадамын Ол көріп отырады.
Job Kaz 34:22  Зұлымдық істеушілер бас сауғалап құтыла алатындай қараңғылық та, қара түнек те болмайды.
Job Kaz 34:23  Өзінің Құдай алдына барып, сотталатын уақытын пенде белгілемейді.
Job Kaz 34:24  Қайта, Құдай мықты күнәкарларды ешкіммен ақылдаспай-ақ құртып, орындарына басқаларды қоя салады.
Job Kaz 34:25  Шынында Ол солардың істерін біледі. Оларды бір түнде-ақ астан-кестен қылып, талқандайды.
Job Kaz 34:26  Құдай сондайларды зұлымдықтары үшін бәрінің көзінше жазалайды.
Job Kaz 34:27  Өйткені олар Оның тура жолынан бұрылып кетіп, Оның еркіне мүлдем көңіл бөлмеді.
Job Kaz 34:28  Олардан қорлық көрген жарлылар жалбарына көмек сұрап, Құдай сол қаналғандардың айқайларына құлақ асты.
Job Kaz 34:29  Бірақ егер Құдай үнсіз қала беретін болса, Оны кім айыптай алады? Егер Ол өз жүзін жасырса, кім Оны көре алады? Ол жеке адам мен біртұтас ұлттың екеуінен де жоғары.
Job Kaz 34:30  Құдай арсыз адамның билік жүргізіп, бүкіл халықты бақытсыздыққа ұшыратуын тоқтатады.
Job Kaz 34:31  Адамның Құдайға: «Мен күнә жасап келемін. Бірақ бұдан былай олай етпеймін» деп мойындауы керек.
Job Kaz 34:32  Оның: «Өзімнің неліктен айыпты болғанымды білмей жатырмын, соны көрсете гөр! Егер де әділетсіздік істеген болсам, енді қайтып оны істемеймін!» дегені де игі.
Job Kaz 34:33  Уа, Әйүп аға, Құдай Өзінің талаптарын сіздің ойыңыз бойынша өзгертуге тиіс пе?! Шешімді мен емес, өзіңіз қабылдаңыз! Сондықтан нені білсеңіз, соны айта беріңіз.
Job Kaz 34:34  Парасатты адамдар және мені тыңдап отырған данышпандар маған:
Job Kaz 34:35  «Әйүп өзі білмейтін нәрсе жайлы айтып отыр, оның сөздерінің жаны жоқ!» дер еді.
Job Kaz 34:36  Зұлым адам сияқты сөйлегені үшін Әйүп толықтай тексеріліп сыналса ғой!
Job Kaz 34:37  Өйткені ол жасаған күнәсіне тағы бағынбаушылықты да қосты. Сондай-ақ, біздің арамызда өз-өзін мақтап қолын шапалақтап, Құдайға қарсы сөздерін көбейтіп отыр.
Chapter 35
Job Kaz 35:1  Еліху сөзін жалғастырып былай деді:
Job Kaz 35:2  — «Құдайдың алдында әділмін!» деп тұрғаныңызды дұрыс деп ойлайсыз ба?
Job Kaz 35:3  Алайда: «Маған келіп-кетер не бар? Күнә жасамасам, маған қандай пайда болмақ?» деп те сұрайсыз.
Job Kaz 35:4  Өзіңізге және достарыңызға мынадай жауап бергім келеді:
Job Kaz 35:5  Аспанға көз жүгіртіп, қараңызшы! Өзіңізден жоғары тұрған бұлттарға назар аударыңызшы!
Job Kaz 35:6  Күнә жасасаңыз, соныңызбен Құдайға не істейсіз? Күнәларыңыз тіпті көбейіп кетсе, Оған қандай әсер етесіз?
Job Kaz 35:7  Ал егер әділ болсаңыз, Оған бұныңыздан қандай пайда? Яки Оған беретін сыйлығыңыз қандай?
Job Kaz 35:8  Жоқ, зұлым болсаңыз, зиянын көретін өзіңіз сияқты бір пенде, ал әділ болсаңыз, пайдасын да бір адам баласы көреді.
Job Kaz 35:9  Адамдар езгінің астында көмек сұрап жалбарынады. Олар мықтының қолынан құтқарылуларын жалына өтінеді.
Job Kaz 35:10  Бірақ ешкім де былай деп сұрамайды: «Түнде мадақтау жырларын айтуға мұрша беретін Жаратушым Құдай қайда екен?»
Job Kaz 35:11  Ол бізге жердегі хайуандарға қарағанда көбірек нәрсені үйреткен, бізді әуедегі құстардан ақылдырақ етіп жаратқан.
Job Kaz 35:12  Сондықтан да Құдай адамдар жалбарынғанда жауап бермейді, өйткені олар сондай зұлым әрі өркөкірек.
Job Kaz 35:13  Ал «Құдай соған құлақ аспайды, құдіреті шексіз Тәңір еш көңіл бөлмейді» десек, бұл шындық емес.
Job Kaz 35:14  Тіпті сіз: «Оны көріп тұрған жоқпын» десеңіз де, бәрібір ісіңіз Құдайдың алдында жатыр. Енді Оны күте тұрыңыз!
Job Kaz 35:15  «Ол күнәкарға қаһарланып, тиісті жазасын тартқызған емес. Зұлымдыққа еш көңіл бөлмейді!» деп те айтасыз.
Job Kaz 35:16  Осылай Әйүп ағаның аузынан құр мәнсіз әңгіме шығады. Байыбына бармастан көп сөз айтады.
Chapter 36
Job Kaz 36:1  Еліху сөзін былай деп жалғастырды:
Job Kaz 36:2  — Мені тағы сәл тыңдай тұрыңыз. Құдайды қорғап тағы да біраз нәрсені айтуға болатынын көрсетемін.
Job Kaz 36:3  Мен білімімді алыстан іздеп таптым. Енді Жаратушымның істегенінің әділдігін дәлелдейін.
Job Kaz 36:4  Шүбә жоқ, айтар сөздерім жалған емес. Оларды білімі кемел адамның сөзі деп біліп қойыңыз.
Job Kaz 36:5  Құдай құдіретті болса да, адамға менсінбей қарамайды. Оның күш-қуаты да, даналығы да аса зор.
Job Kaz 36:6  Құдай зұлымдардың өмір сүре беруіне жол бермейді, қайта, Ол қаналған жарлылардың мүдделерін қорғайды.
Job Kaz 36:7  Құдай әділдерді назарында ұстайды, оларды патшалармен бірге таққа отырғызып, мәңгілікке жоғарылатады.
Job Kaz 36:8  Ал егер адамдар кісенделіп, ауыртпалықтың бұғауында отырса,
Job Kaz 36:9  онда Құдай олардың істеп келген заңсыз іс-әрекеттерін әшкерелейді. Өздерінің менменсіп, асқақтағандарын да оларға көрсетеді,
Job Kaz 36:10  сөйтіп тәлім қабылдасын деп құлақтарын ашады. Оларға зұлымдықтан бас тартуды бұйырады.
Job Kaz 36:11  Егер де Оған құлақ асып мойынсұнса, онда олар өмір бойы игілікке кенеліп, көңілдері рақатқа толатын болады.
Job Kaz 36:12  Бірақ тыңдамаса, ақымақ болғандықтарынан семсерден мерт болады.
Job Kaz 36:13  Арсыздар жүректерінде ашу-ыза сақтап жүре береді. Құдай сондайларды байлап-матап алса да, олар Оған сиынып көмек сұрамайды.
Job Kaz 36:14  Содан арсыздар жастай өледі. Азғындыққа салынғандықтан, өмірлері масқарамен аяқталады.
Job Kaz 36:15  Ал жарлыларды Құдай олардың көріп жүрген азаптары арқылы құтқармақ. Қиындық көрген кездерінде Ол солардың құлақтарын ашады.
Job Kaz 36:16  Қазір Ол сізді де қауіп-қатерден арашалап, қиыншылық жоқ кең орынға алып шығуға еліктірмек. Сізді ең дәмді тағамдар жайылған дастарқанға алып келмек.
Job Kaz 36:17  Бірақ сіз зұлымдарды айыптаудан басқаны ойламайсыз. Ал әділдік пен ақиқат өзіңізді ұстап алған.
Job Kaz 36:18  Ашу-ызаңыз сізді Құдайды қорлауға азғырып әкетпесін! Мол пара да сізді теріске бұрып адастырып кетпесін!
Job Kaz 36:19  Үлкен байлығыңызбен не зор күш жұмсап қиындықтардан құтыла аламын деп ойлайсыз ба?
Job Kaz 36:20  Түннің келуін де аңсаушы болмаңыз! Сол кезде көп адамдар өз орындарында жатып құрып кетеді ғой.
Job Kaz 36:21  Зұлымдыққа бет бұрудан сақ болыңыз! Азапқа батқанша күнәға батқан артық деп ойлайтын сияқтысыз.
Job Kaz 36:22  Біліп қойыңыз, Құдай зор құдіретімен ұлы істер істейді. Ол сияқты ұстаз болар ешкім жоқ!
Job Kaz 36:23  Құдайдың жүретін жолын белгілейтін де, «Мынауың дұрыс емес!» дей алатын да ешкім жоқ қой.
Job Kaz 36:24  Одан да адамдар ән шығарып мадақтаған Құдайдың ұлы істерін өзіңіз де мадақтауды ұмытпаңыз!
Job Kaz 36:25  Бүкіл адамзат соларды көріп келеді, адамдар оларға алыстан қарайды.
Job Kaz 36:26  Біліп алыңыз, Құдай сондай ұлы! Ал біз Оны толығымен ұға алмаймыз. Оның жылдарының санын адам зерттеп біле алмас.
Job Kaz 36:27  Жасаған Ие судың тамшыларын көтеріп алып, олар тұман болып тазаланып, жаңбыр жауғанда жерге қайтып түседі.
Job Kaz 36:28  Сонда бұлттар өз ылғалын жерге төгіп, ол адамзатқа мол нөсер болып құйылады.
Job Kaz 36:29  Құдайдың бұлттарды қалай жаятынын, аспаннан қалай күн күркірететінін түсінетін жан бар ма?
Job Kaz 36:30  Қараңыз, Құдай бәрінің үстінен жарықтың нұрын төгіп, теңіздің түбіне дейін жайып қояды.
Job Kaz 36:31  Ол халықтарға осылай билік жүргізіп, оларды тамақпен молынан қамтамасыз етеді.
Job Kaz 36:32  Тәңір Ие қолын найзағайларға толтырып, оларға нысанаға тиюге бұйырады.
Job Kaz 36:33  Күркіреу Құдайдың бар екенін жариялайды. Тіпті мал да ненің болып жатқанын сезеді.
Chapter 37
Job Kaz 37:1  Сол себепті жүрегім шошып, өз орнынан ыршып кетейін деп тұр.
Job Kaz 37:2  Тыңдаңыздаршы! Тәңірдің үнінің гүріліне, аузынан шығып жатқан күркіреуге құлақ түріңіздерші!
Job Kaz 37:3  Ол найзағайын аспанның бүкіл кеңістігіне жіберіп, оның жарқырауы жердің алыс түкпір-түкпірлеріне жетеді.
Job Kaz 37:4  Содан соң күркіреудің даусы шығады. Құдай керемет зор үнімен күркірейді. Онысы естілгенде Ол найзағайларына шек қоймайды.
Job Kaz 37:5  Осылай Құдай Өзінің ғажайып күркіреген даусын шығарады. Ол біз ұғына алмайтын керемет істерді істейді.
Job Kaz 37:6  Құдай қарға: «Жерге жау!», нөсер жаңбырға: «Қатты нөсер болып құйыл!» деп бұйырады.
Job Kaz 37:7  Сонда адамдардың бәрі істеп жатқан жұмыстарын тоқтатып, Оның керемет істеріне қарап тұрады.
Job Kaz 37:8  Аңдар апандарына барып жасырынады. Осы ауа райы өтіп кеткенше апандарын паналайды.
Job Kaz 37:9  Кейде құйын өз орнынан шығып, солтүстік дауыл аяз алып келеді.
Job Kaz 37:10  Құдайдың жіберген (аязды) желінен мұз пайда болып, кең жайылған су қатып қалады.
Job Kaz 37:11  Тәңір қою бұлттарды ылғалға кенелтеді, олар арқылы найзағайларын жарқыратады.
Job Kaz 37:12  Бұлттар Оның нұсқауымен бүкіл әлемнің бетімен жөңки көшіп, Оның айтқанының бәрін орындайды.
Job Kaz 37:13  Құдай бұлттарды не адамдарды жазалау үшін, не жерді суарып Өзінің берік мейірімін көрсету үшін келтіреді.
Job Kaz 37:14  Әйүп аға, мынаны тыңдаңызшы! Тоқтап, Құдайдың кереметтеріне назарыңызды аударыңызшы.
Job Kaz 37:15  Құдайдың дауылдарға қалай бағдар беретінін, найзағайын бұлттардан қалай жарқылдататынын білесіз бе?
Job Kaz 37:16  Білімі кемел Жасаған Иенің бұлттарды аспанда қалай қалықтайтын қылғанын ұғасыз ба?
Job Kaz 37:17  Оңтүстіктен соққан жел басылып, жер қурап жатқанда, киіммен пысынап ыстықтайсыз.
Job Kaz 37:18  Аспан кеңістігі шыңдалған қола айнаға ұқсас; оны Тәңір Иемен бірге жайып жібере аласыз ба?
Job Kaz 37:19  Құдайға не айтуымыз керек, соны бізге үйретіңізші. Қараңғылықта болғандықтан өз ісімізді қорғай алмаймыз.
Job Kaz 37:20  Менің бір нәрсе айтатыным туралы біреу Оған мәлімдей ме? Жоқ, әлде Оған сол туралы хабар жеткізу керек пе?
Job Kaz 37:21  Жел тұрып, аспанды шайдай ашып жібергенде, ешбір адам жарқыраған күнге тіке қарай алмайды.
Job Kaz 37:22  Сол сияқты, Құдай да Өзінің тауынан алтындай жарқыраған салтанатқа бөленіп, өз нұрлы да үрейлі салтанатын жамылып келеді.
Job Kaz 37:23  Құдіреті шексіз Тәңір біз жете алмайтындай бәрінен жоғары. Ол өте күшті де әділ, ешкімді езгіге салмайды.
Job Kaz 37:24  Пенделер сол үшін де Оны мейлінше қастерлейді. Ең даналар да Оны толығымен танып-біле алмайды.
Chapter 38
Job Kaz 38:1  Содан соң Жаратқан Ие Әйүпке құйынның ішінен жауап беріп былай деді:
Job Kaz 38:2  — Байыбына бармай сөйлеп, Менің данышпан шешімдеріме күмән келтіретін кім бұл өзі?!
Job Kaz 38:3  Беліңді нағыз ердей буып, дайын тұр! Мен саған сұрақтар қояйын, ал сен түсіндіріп берші!
Job Kaz 38:4  Жердің түп негізін орнатқанымда сен қайда жүрдің? Білгіш болсаң, түсіндірші!
Job Kaz 38:5  Үстінен жіп тартып, оның өлшемдерін орнатқан кім? Сен бұларды білесің ғой.
Job Kaz 38:6  Дүниенің негіздері ненің үстіне орнатылды, оның іргетасын қалаған кім болды?
Job Kaz 38:7  Сол кезде таңғы жұлдыздар бірге әндетіп, Құдайдың бүкіл нөкерлері қуана ән салып жатты.
Job Kaz 38:8  Теңіз пайда бола салысымен дүлейлене жөнелгенде оны қақпалармен қоршап, шектеп қойған кім еді?
Job Kaz 38:9  Сол кезде Мен теңізге бұлттарды киім, қара түнекті жөргек еттім,
Job Kaz 38:10  қақпалары мен ысырмаларын орнатқандай оның шекараларын белгілеп қойдым.
Job Kaz 38:11  Оған: «Мына шектен асуыңа болмайды, тәкаппар толқындарыңның тоқтайтын жері осы!» деп бұйырғанмын.
Job Kaz 38:12  Ал сен өзің таңның атуына бұйрық беріп, шұғылаға қай жерде болуы керектігін қашан болса да көрсетіп пе едің?
Job Kaz 38:13  Оған жердің түкпір-түкпірлеріне жетіп, қараңғыда істелінген зұлымдықтарды жер бетінен аластатып тастауға әмір еттің бе?
Job Kaz 38:14  Таң атқанда жердің қалпы сазға мөр басқандай айқындалып, салтанатты киімнің пішіміндей анықталады.
Job Kaz 38:15  Күннің нұры зұлымдардың әрекеттерін доғартып, күш көрсетіп көтерген қолдарын сындырады.
Job Kaz 38:16  Әйүп, сен теңіздегі су көздеріне түсіп, оның терең жерлерін зерттеп шығып па едің?
Job Kaz 38:17  «О дүниенің қақпалары» саған көрсетіліп пе еді? «Қара түнектің қақпаларын» көріп пе едің?
Job Kaz 38:18  Жердің ауқымын ұқтың ба? Осының бәрін білсең, түсіндірші!
Job Kaz 38:19  Нұрдың мекеніне апаратын жол қайда? Ал қара түнектің тұрағы қайда?
Job Kaz 38:20  Оларды өз қоныстарына апара алар ма едің? Соларға қалай жетуге болатынын білесің бе?
Job Kaz 38:21  Әрине, білесің! Сен сол кезден бұрын-ақ дүниеге келіпсің. Көптеген күндерді басыңнан өткізіпсің.
Job Kaz 38:22  Қар мен бұршақ сақталатын қоймаларға кіріп пе едің?
Job Kaz 38:23  Апат, соғыс және шайқас кездері үшін соларды сақтап келемін.
Job Kaz 38:24  Нұрдың шашырайтын жолы әрі шығыс желінің жер бетіне шашырай соғатын жолдары қайда?
Job Kaz 38:25  Топанға арна қазып, күн күркіреу мен найзағайға жол салған кім?
Job Kaz 38:26  Елсіз айдалаға, адам тұрмайтын құла түзге жаңбыр жаудыратын кім?
Job Kaz 38:27  Құлазыған қу жапанды суландырып, жерден шөп шығаратын кім?
Job Kaz 38:28  Жаңбырдың әкесі бар ма? Шықтың тамшыларын дүниеге келтірген кім?
Job Kaz 38:29  Мұз кімнің құрсағынан шығып, аспаннан түскен қырауды кім туғызды?
Job Kaz 38:30  Су мұздағанда тастай болады, тұңғиықтың беті қатып қалады.
Job Kaz 38:31  Үркер жұлдыздар шоғырын байлап, Көгалдай мергеннің белбеуін шешуге құдіретің бар ма?
Job Kaz 38:32  Шоқжұлдыздарды өз уақытында шығарып, Жетіқарақшыны кіші жұлдыздарымен бірге жетелей аласың ба?
Job Kaz 38:33  Аспан денелерін басқаратын заңдарды білесің бе? Жаратқанның билігін жерге орнату қолыңнан келе ме?
Job Kaz 38:34  Айқайыңды бұлттарға дейін жеткізіп, оларға нөсер құйдыра аласың ба?
Job Kaz 38:35  Найзағайларды жарқылдатып, өзіңе мойынсұндыру қолыңнан келе ме?
Job Kaz 38:36  Адамның жан дүниесіне ақыл-парасат дарытып, санасына түсінікті кім сыйлады?
Job Kaz 38:37  Бұлттарды өз ақылымен санап шығып, «аспанның ыдыстарын төңкеріп», жаңбыр жаудырта алатын кім?
Job Kaz 38:38  Шаң-тозаң сонда балшыққа айналып, топырақ кесектері бір-біріне жабысады.
Job Kaz 38:39  Ұрғашы арыстан үшін аң аулайтын, жас арыстандардың қарындарын тойындыратын сенсің бе?
Job Kaz 38:40  Олар апандарында бүгіліп не тасада торуыл құрып аңдып жатады.
Job Kaz 38:41  Қарғаның балапандары Құдайға жалынып қарқылдап, тамақ іздеп босып жүргенде, қарғаға азық дайындап қоятын кім?
Chapter 39
Job Kaz 39:1  Тау ешкілері қашан лақтайтынын білесің бе? Маралдың бұзаулағанына қарап тұратын ба едің?
Job Kaz 39:2  Оның қанша ай буаз болып, қашан туатынын білесің бе?
Job Kaz 39:3  Марал толғатып, төлін еңкейіп туады.
Job Kaz 39:4  Төлі күшейіп, ашық далада өсіп-жетіледі. Кейін енесінен ажырап, оған қайтып келмейді.
Job Kaz 39:5  Ал жабайы есекті еркіне қоя берген, құланды жүгенсіз бос жіберген кім?
Job Kaz 39:6  Соларға мекені болсын деп айдаланы, тұрағы болсын деп сортаңды бергенмін.
Job Kaz 39:7  Қаланың әбігерінен олар мүлдем аулақ, айдаушының айқайын да естімейді.
Job Kaz 39:8  Қайта, олар қыраттарды шарлап, өздеріне әр түрлі шөп іздейді.
Job Kaz 39:9  Керік саған қызмет етуге келісіп, мал қораңда түней ме?
Job Kaz 39:10  Оны жүгендеп, соқаға жеге аласың ба? Ол соңыңнан еріп егіндігіңді тырмалай ма?
Job Kaz 39:11  Керіктің зор күшіне сүйеніп, ауыр жұмысыңды оған істете аласың ба?
Job Kaz 39:12  Астығыңды жинап, оны бастыратын қырманыңа алып келуді соған сеніп тапсырасың ба?
Job Kaz 39:13  Түйеқұс қанаттарын құшырлана қақса да, ол ләйлектің қауырсыны мен мамығына жетпейді.
Job Kaz 39:14  Түйеқұс жұмыртқаларын жерге қалдырып кетеді, ал топырақтың жылуы оларды жылытады.
Job Kaz 39:15  Біреу соларды табандарымен таптап, бір жабайы аң аяқтарымен басып кетпей ме, сол туралы еш ойланбайды.
Job Kaz 39:16  Осылай түйеқұс балапандарына өзінікі еместей қатыгез болып, «бейнетім зая кетеді-ау» деп те уайымдамайды.
Job Kaz 39:17  Себебі Құдай оған сондай даналық дарытқан жоқ, ақыл-санадан үлес бөлген жоқ.
Job Kaz 39:18  Бірақ егер қанат қағып шабатын болса, тұлпар мен шабандозды басып озып, күлкі қылады.
Job Kaz 39:19  Тұлпарға оның қуатын сен беріп пе едің? Оның желкесіне жал бітірген сен бе едің?
Job Kaz 39:20  Тұлпарды шегірткедей алысқа секіретін қылған кім? Оның пысқыруының өзінен жұрт шошынады.
Job Kaz 39:21  Тұлпар өршелене тұяғымен жер тебініп, өз күшіне шаттанып, шайқасқа бас салады.
Job Kaz 39:22  Ол қорқынышқа күле қарап, ештеңеден қаймықпайды, семсерден де именбейді.
Job Kaz 39:23  Жауынгердің қорамсағы, жалтыраған найзасы мен алдаспаны атының бүйіріне соғылып сатырлайды.
Job Kaz 39:24  Керней тартылғанда, тұлпар өзін ұстай алмай, аласұрған шабытпен шайқасқа бас салады.
Job Kaz 39:25  Ол керней тартылған сайын кісінеп, алыстан шайқастың иісін сезеді, қолбасшылардың өктем дауыстары мен айқайларын естіп тұрады.
Job Kaz 39:26  Сұңқардың самғап ұшатыны, қанаттарын оңтүстік желге қарай жаятыны сенің даналығыңның арқасы ма?
Job Kaz 39:27  Күшіген заңғар биікке самғап, сол жерге ұясын сенің бұйрығыңмен сала ма?
Job Kaz 39:28  Ол жартаста өмір сүріп, сонда түнейді, жартастың ұшар басы — оның қорғаны.
Job Kaz 39:29  Сол жерден шығып, азық іздеп, олжасын алыстан-ақ көзі шалады.
Job Kaz 39:30  Балапандары да қан сорып тамақтанады. Жемтік қайда болса, күшігендер сонда жиылар. —
Job Kaz 39:31  Жаратқан Ие сөзін жалғастырып, Әйүпке былай деді:
Job Kaz 39:32  — Әлі де құдіреті шексіз Тәңірдің үстінен шағым айтып, дауласпақсың ба? Мейлі, Құдайды айыптап келген енді өзі жауап берсін!
Job Kaz 39:33  Сонда Әйүп Жаратқан Иеге жауап беріп былай деді:
Job Kaz 39:34  — Мен бұған лайықты емеспін, Саған қалай жауап бермекпін? Аузымды қолыммен жауып аламын.
Job Kaz 39:35  Бір-екі рет еркінсіп аузымды ашқанмын, енді қайтып тіс жармаймын.
Chapter 40
Job Kaz 40:1  Жаратқан Ие құйын ішінен Әйүпке тағы да тіл қатып былай деді:
Job Kaz 40:2  — Беліңді нағыз ердей буып, дайын тұр! Мен саған сұрақ қояйын, ал сен түсіндіріп берші!
Job Kaz 40:3  Менің әділдігіме күмән келтірмексің бе? Өзіңді ақтау үшін Мені қараламақсың ба?!
Job Kaz 40:4  Сенде Құдайдың құдіретіндей құдірет бар ма? Даусыңды Ол сияқты күркірете аласың ба?
Job Kaz 40:5  Ендеше ұлылық, даңқпен әшекейленіп, салтанат, абыройға бөленші!
Job Kaz 40:6  Қаһарыңды төгіп, тәкаппар атаулыға көз салып, оларды жуасытып көр.
Job Kaz 40:7  Барлық өркөкіректерге назарыңды бағыштап, оларды төмендетші, зұлымдарды тұрған жерлерінде табаныңмен тапташы.
Job Kaz 40:8  Олардың бәрін топыраққа көміп, кебінге орап, жүздерін жауып көр.
Job Kaz 40:9  Сонда сенің өз құдіретіңмен құтқарылғаныңды Мен де мойындайын.
Job Kaz 40:10  Мен өзіңді жаратқанымдай жаратқан сусиырға көз салшы. Ол өгіз сияқты шөп жейді.
Job Kaz 40:11  Оның белінің қуаты, құрсағындағы бұлшық еттерінің күші қандай!
Job Kaz 40:12  Сол хайуан самырсын секілді мықты құйрығын шайқалтады, жамбасындағы сіңірлері бір-бірімен берік матасқан.
Job Kaz 40:13  Аяқтары қола құбырдай, сүйектері темір бағанадай.
Job Kaz 40:14  Сусиыр Құдай жаратқан мақұлықтардың ішіндегі ғаламаты, ал оның Жаратушысы оған айбат көрсете алады.
Job Kaz 40:15  Қыраттар оған азық ұсынады, даланың аңдары да сол жерде ойнақтайды.
Job Kaz 40:16  Сусиыр лотос бұталарының астында, мибатпақтағы қамыстың арасында тасаланып жатады.
Job Kaz 40:17  Лотос жапырақтары оны көлеңкесімен жауып, өзен бойындағы талдар оны қоршап тұрады.
Job Kaz 40:18  Өзен астан-кестен болса да, сусиыр абыржымайды. Иорданның тасыған толқындары аузына соғылса да, ол тыныш болады.
Job Kaz 40:19  Оны байқатпай ұстап алып, танауын тесіп, оған мұрындық сала алатын біреу бар ма?
Job Kaz 40:20  Әлде қолтырауынды қармақпен ұстап, тілін жіппен байлап-матауды оңай деп ойлайсың ба?
Job Kaz 40:21  Сол зор аңның танауынан жіп өткізіп, жағына қармақ таға аласың ба?
Job Kaz 40:22  Ол сенен рақым етуіңді жалына өтініп, саған жылы сөйлейтін бола ма?
Job Kaz 40:23  Әлде саған жалдануға келісіп, сен оны өмірлік құлың ете аласың ба?
Job Kaz 40:24  Қолтырауынды кішкене құс іспетті үй жануарың етіп, қыздарыңның онымен ойнауы үшін жіппен байлай аласың ба?
Job Kaz 40:25  Сатып алушылар ол үшін саудаласа ма? Саудагерлер оны өзара бөлісіп ала ма?
Job Kaz 40:26  Оның терісіне қармақтар, басына найза шаншып қоя аласың ба?
Job Kaz 40:27  Қолыңды оған тигізіп көрші, кейін онымен күресу туралы ойдың өзінен қашатын боласың.
Chapter 41
Job Kaz 41:1  Сол алып аңды жеңемін деген үміттің өзі құр бекершілік. Оны көргеннен-ақ зәрең ұшып қалшылдарсың.
Job Kaz 41:2  Оның мазасын алуға ешкімнің дәті бармайды. Олай болса, Маған қарсы тұра алатын біреу бар ма?
Job Kaz 41:3  Құнын Менен қайтарып аламын деп кім бір нәрсесін Маған беріп қойған? Аспан астындағылардың барлығы да Менікі!
Job Kaz 41:4  Қолтырауынның аяқтары, оның зор қуаты мен керемет дене тұрқы туралы да айтып өтейін.
Job Kaz 41:5  Оның денесінің сыртқы қабатын кім шешіп тастай алады? Оның қос қабат сауытын кім тесіп зақымдай алады?
Job Kaz 41:6  Сондай қорқынышты тістермен көмкерілген оның арандай аузын кім аша алады?
Job Kaz 41:7  Арқасында қатар-қатар тізіліп, бір-бірімен тығыз бекітілген қалқан іспетті қабыршықтары бар.
Job Kaz 41:8  Біреуінің екіншісіне жақындығы сонша, арасынан тіпті ауа да өтпейді.
Job Kaz 41:9  Бірі екіншісіне бекітілген, олар бірін-бірі жауып, еш ажырамайды.
Job Kaz 41:10  Алып хайуан пысқырынғанда жалын шашып, көздері таң шапағындай жайнай бастайды.
Job Kaz 41:11  Аранынан жалын алаулап, от ұшқындайды.
Job Kaz 41:12  Оның танауынан шыққан түтін жанып жатқан қамысқа әрі қайнап тұрған қазаннан шыққан бу мен түтінге ұқсайды.
Job Kaz 41:13  Хайуанның демі көмірді тұтататындай ыстық, аузынан жалын шашады.
Job Kaz 41:14  Мойнында қуаты мол, өзіне тап болғандарға үрей туғызады.
Job Kaz 41:15  Құрсағындағы бұлшық еттерінің бүрмелері бір-бірімен тығыз, біте жабысқан, оларды шайқалтуға болмайды.
Job Kaz 41:16  Жүрегі тастай, диірменнің астыңғы тасындай қатты.
Job Kaz 41:17  Алып хайуан көтерілгенде тіпті мықтылар да қорқады, үрейлері ұшып шегінеді.
Job Kaz 41:18  Оған семсер тисе де, зиян келтіре алмайды. Найза, сүңгі, алдаспан да дарымайды.
Job Kaz 41:19  Ол темірді сабандай, қоланы шіріген ағаш іспетті көреді.
Job Kaz 41:20  Садақтың жебесі оны қашуға мәжбүрлей алмайды, сақпанмен атылған тастар ол үшін қабықпен бірдей.
Job Kaz 41:21  Сол хайуанды сойылмен соғу сабанмен ұрған іспетті, алдаспанның тарсылына ол тек күліп қана қояды.
Job Kaz 41:22  Бауырындағы қабыршақтары қыш құмыраның өткір сынықтарындай. Қозғалса, жер жыртылып, іздері қалады.
Job Kaz 41:23  Ол тұңғиыққа сүңгіген кезде теңіз беті қайнаған қазандай тасиды.
Job Kaz 41:24  Жүзгенде артынан ақ із қалдырып, көргендер теңіздің ақ шашы бар екен деп ойлайды.
Job Kaz 41:25  Жер бетінде қорқынышты білмейтін ол сияқты ешбір хайуан жоқ.
Job Kaz 41:26  Ол барлық тәкаппар аңдарға менсінбей қарап, жабайы аңдардың патшасы болып қала береді.
Chapter 42
Job Kaz 42:1  Сонда Әйүп Жаратқан Иеге былай деп жауап берді:
Job Kaz 42:2  — Сенің барлық нәрсені де істей алатыныңды енді білдім. Ешбір ниетіңді тоқтату мүмкін емес.
Job Kaz 42:3  «Байыбына бармай сөйлеп, Менің данышпан шешімдеріме күмән келтіретін кім бұл өзі?!» — деп едің. Шынында да өзім түсінбейтін, білуіме тым керемет нәрселерді сөз қылыппын.
Job Kaz 42:4  «Сен тыңда, Мен сөйлейін. Саған сұрақтар қояйын, ал сен түсіндіріп берші!» деген де едің.
Job Kaz 42:5  Сен туралы бұрын өзгелерден естігенмін, ал енді Сені өз көкірек көзіммен көріп тұрмын.
Job Kaz 42:6  Сондықтан бұрынғы айтқандарыма өкініп, қатты қайғырып күл-топырақта отырмын.
Job Kaz 42:7  Жаратқан Ие Әйүпке арнаған сөздерін айтып болған соң, темандық Елипазға тіл қатып былай деді: «Мен өзіңе және осы екі досыңа қаһарланып отырмын, себебі сендер Өзім туралы қызметшім Әйүп сияқты дұрыс сөйлеген жоқсыңдар!
Job Kaz 42:8  Сондықтан жеті жас бұқа мен жеті қошқарды қызметшім Әйүпке алып барып, оларды өздерің үшін түгелдей өртелетін құрбандыққа шалыңдар. Қызметшім Әйүп сендер үшін сиынады. Сонда Мен оның мінажатын қабылдаймын, әрі сендерге надан сөздеріңе бола тиісті жазаларыңды тартқызбаймын. Өйткені сендер Өзім туралы қызметшім Әйүп сияқты дұрыс сөйлеген жоқсыңдар».
Job Kaz 42:9  Сонда үшеуі — темандық Елипаз, шуахтық Билдад және нағамалық Сопар Жаратқан Иенің айтқанын орындады. Әйүптің олар үшін еткен мінажатын Жаратқан Ие қабылдады.
Job Kaz 42:10  Әйүп достары үшін сиынғаннан кейін, Жаратқан Ие оның хал-жағдайын қайтадан қалпына келтірді. Тіпті оған мал-мүлікті бұрынғысынан екі есе мол қылып берді.
Job Kaz 42:11  Әйүптің аға-інілері, апа-қарындастары және таныс-жақындарының бәрі үйіне келіп, дәм татып қонақ болды. Олардың барлығы Жаратқан Иенің Әйүптің басына салған азабы мен қиындығы үшін оған жұбаныш айтып, әрқайсысы бір-бір күміс теңге мен алтын жүзіктен сыйлады.
Job Kaz 42:12  Жаратқан Ие Әйүптің өмірінің соңғы кезеңін алдыңғысынан бетер молынан жарылқады. Оның енді он төрт мың қой-ешкісі, алты мың түйесі, бір мың жұп өгізі мен бір мың есегі болды.
Job Kaz 42:13  Әйүп тағы да жеті ұл мен үш қызға әке болды.
Job Kaz 42:14  Бірінші қызына Емима, екіншісіне Кесия, үшіншісіне Керен-Хапух деген ат қойды.
Job Kaz 42:15  Бүкіл елде Әйүптің қыздарындай сұлу әйел заты болмады. Әйүп оларға еншіні аға-інілерінікімен бірдей етіп бөліп берді.
Job Kaz 42:16  Бұдан кейін Әйүп тағы жүз қырық жыл өмір сүріп, шөбере-шөпшектерінің қызығын көрді.
Job Kaz 42:17  Осылай Әйүп мағыналы өмір сүріп, жасы ұлғайған шағында дүниеден өтті.